Әлем
Курсанттардың қос жетістігі: әскери білім ордасы бағдарлама жасақтау олимпиадасында көш бастады 29.03.2026
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары республикалық бағдарлама жасақтау олимпиадасында бірінші және екінші орындарды еншілеп, барынша дайындалғандарын көрсетіп, елдің жетекші университеттерінің командаларынан сенімді түрде басып озды.Интеллектуалды жарыс Алматы қаласындағы Алматы технологиялық университетінің базасында өтті. Сайысқа 15 команда қатысты. Олардың құрамында азаматтық және күштік құрылымдардың оқу орындары да болды, соның ішінде Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің академиялары да бар.Олимпиада екі кезеңнен тұрды. Кезеңдер қатысушылардың теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын бағалауға бағытталды. Бірінші турда конкурсанттар тест тапсырмаларын орындап, логикалық есептерді жылдамдыққа шешті. Екінші кезеңде командалар бағдарлама жасақтау бойынша практикалық тапсырмаларды орындап, заманауи тілдер мен алгоритмдік ойлауды шектеулі уақытта көрсетті.Барлық сынақтар қорытындысы бойынша бірінші орынды подполковник Рахматулла Шәкіровтың жетекшілігімен курсант Мирас Әбсалықов пен кіші сержант Әмір Қарпықовтың командасы жеңіп алды. Екінші орын подполковник Асқар Аишевтің жетекшілігімен курсанттар Дінмұхамед Есіркепов пен Диас Ахмаджановтың командасына берілді.– Мұндай жарыстар тек білімді ғана емес, мінезді де шыңдайды. Әскери оқу орнындағы дайындық бізге жоғары жүктеме мен жауапкершілікте тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді, – деді екінші курс курсанты Мирас Әбсалықов.Мұндай жақсы нәтижелер курсанттардың дайындық деңгейін жоғары екенін және ақпараттық технологиялар мен цифрлық қауіпсіздік саласында мамандар даярлауға бағытталған әскери білім беру жүйесінің тиімділігін көрсетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1189041?lang=kk
Алматы облысы «Жер сағаты» акциясына қатысады 29.03.2026
Бүгін Қазақстанда «Жер сағаты» жаһандық экологиялық акциясы өтеді. Бұл бастамаға Алматы облысы да қатысады. Жергілікті уақыт бойынша сағат 20:30 бен 21:30 аралығында өңірдегі 55 ғимараттың жарығы өшіріледі. Олардың қатарында Алматы облысының, бірқатар аудан мен қала әкімдігінің ғимараты мен кәсіпорындар да бар, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Жыл сайын өткізілетін акция дүниежүзілік жабайы табиғат қорына қамқорлық көрсетуді көздейді. Ал биылғы тақырыбы елдегі экотуризмді дамытуға бағытталған. Игі шара табиғат әлеміне бей-жай қарамай, жарық пен тұрмыстық электр құралдарын бір сағатқа өшіруге шақырады.Айта кетейік, «Жер сағаты» акциясына бүкіл әлем бойынша 2 млрд-тан астам адам, 180 елден 7 000 қаланың тұрғындары қатысады. Биыл әлем бойынша 19-шы рет, ал Қазақстанда 17-ші рет өтеді. Акцияның мақсаты – планетаның табиғаты мен ресурстарына жауапкершілікпен қарау қажеттілігіне назар аудару.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1189057?lang=kk
Күштік құрылымдар біріншілігі: 200-ден аса балуан чемпиондық атаққа таласады 29.03.2026
Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Орталық спорт клубында Қазақстанның күштік құрылымдары арасында қазақ күресі мен самбодан чемпионат басталды. Сайыстың ашылуына қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов қатысты.Қорғаныс ведомствосының басшысы спортшыларды, жаттықтырушыларды, төрешілер мен көрермендерді құттықтап, мұндай жарыстардың әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын арттырудағы және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтудағы маңызын атап өтті.– Боз кілем үстіндегі тартыс нағыз үздіктерді анықтап қана қоймай, бөлімшелердің кәсібилігін арттыруға ықпал етеді. Іріктеу кезеңдеріне үш мыңнан астам балуан қатысты. Турнир ұлттық спорт түрлерін насихаттауда, жауынгерлік рухты көтеруде және күштік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуда маңызды рөл атқарады, – деді Дәурен Қосанов.Чемпионатқа Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Шекара қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ұлттық ұлан атынан 30 команда құрамында 200-дің үстінде спортшы қатысып отыр.Самбо сайысында 58, 64, 71, 79, 88, 98 және 98 келіден жоғары салмақта, ал қазақ күресі 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақ бойынша өтуде.Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы, полковник Арман Әбеуовтың айтуынша, татамидегі сайыстың қорытындысы бойынша Қазақстанның күштік құрылымдарының құрама командалары жасақталады. Олар Әскери спорттың халықаралық кеңесі (CISM) аясында өтетін самбо мен қазақ күресінен әлем чемпионаттарында, сондай-ақ Өзбекстанда өтетін кураш күресінен CISM-нің алғашқы әлемдік жарысында ел намысын қорғайды.Турнир әскери-қолданбалы спортты дамытуға, әскери қызметшілердің дене дайындығын нығайтуға және ұлттық күрес түрлерін халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1189059?lang=kk
Ұландық Руслан Құрбанов — әлем чемпионатының күміс жүлдегері 29.03.2026
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшісі ефрейтор Руслан Құрбанов Астанада өткен семсерлесуден Әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.Қазақстандық семсерші турнирлік қашықтықты сенімді түрде өтіп, шеберліктің жоғары деңгейі мен жеңіске деген ерік-жігерін көрсетті.Ефрейтор Руслан Құрбанов ширек финал кезеңінде екі дүркін Олимпиада чемпионы жапондық Кано Кокиді 9:8 есебімен жеңді.Жартылай финалда Қазақстан құрамасының өкілі венгриялық спортшы Дэвид Нагиді 15:13 есебімен жеңіп, ойдағыдай өнер көрсетті. Бұл оған турнирдің шешуші кезеңіне шығуға мүмкіндік берді.Соңғы жекпе-жекте ұландық спортшы Украина семсершісі Роман Свичкармен кездесті. Жекпе-жек қарқынды және тартысты өтті, бірақ қарсылас аз ғана (15:12) басымдықпен жеңіске жетті.Жарыс қорытындысы бойынша ефрейтор Руслан Құрбанов Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.Бұл жетістік отандық спортты дамытуға елеулі үлес болып табылады және ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілерін даярлаудың жоғары деңгейін көрсетеді. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1189081?lang=kk
Софияда Қазақстанның білім беру әлеуеті таныстырылды 29.03.2026
2026 жылғы 28 наурызда «Әулие Климент Охридски» София университетінде Ашық есік күндері өтті.Іс-шараға студенттер, оқытушылар және Әзербайжан, Мысыр Араб Республикасы, Қазақстан, ҚХР, Индонезия елдерінің шетелдік дипломатиялық корпусының өкілдері, БАҚ және т.б. қатысты.Қазақстандық дипломаттар София университеті студенттерінің қолдауымен Қазақстанның білім беру әлеуетін таныстырып, ұлттық киімдер көрмесін ұйымдастырды, сондай-ақ әдеби мұраны және өзге де жәдігерлерді ұсынды.Аталған шаралар болгар жастарының арасында, ең алдымен, Қазақстанның білім беру және туристік тартымдылығы тұрғысынан үлкен қызығушылық тудырды. Сонымен бірге мәдени-гуманитарлық саладағы қолданыстағы байланыстарды нығайтуға ықпал етті. Болгарияда 77 қазақстандық студент білім алуда. Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы ең беделді оқу орындарының бірі саналатын «Әулие Климент Охридски» София университетінде Әл-Фараби атындағы ғылыми-білім беру және мәдени орталығы мен Қазақ тілі, тарихы мен мәдениетін оқыту орталығы жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-sofia/press/news/details/1189086?lang=kk
ЖАҢА ПОШТА МАРКАСЫ – ӨҢІРЛІК ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА 35 ЖЫЛ 28.03.2026
Шымкентте өтіп жатқан Digital Qazaqstan 2026 халықаралық форумы аясында Байланыс саласындағы өңірлік достастықтың (БӨД) 35 жылдығына арналған жаңа пошта маркасының салтанатты таңба қою рәсімі өтті.Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, БӨД бас директоры Алексей Бородин, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Бекежан Жәкеев қатысты.Мерейтойға арналған марка Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін бейнелейді. Рәсімге қатысушылар маркаларды «Бірінші күн» арнайы штемпелімен таңбалап, естелік конверттерге қолтаңбаларын қалдырды. Сонымен қатар, халықаралық серіктестік белгісі ретінде олармен алмасты.Марка төрт түсті офсеттік тәсілмен дайындалып, 6 маркадан тұратын парақ форматында ұсынылған. Номиналы – 800 теңге, таралымы – 3 000 дана. Дизайнын Г. Ибатолла әзірлеген, басып шығару жұмыстары ҚР Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасында жүргізілді.Бұл марканың шығарылуы өңір елдерінің көпжылдық серіктестігінің маңыздылығын айқындайды және заманауи коммуникациялар мен цифрлық трансформация саласындағы жетістіктерді дәріптеуге бағытталған.
Құрметті қала тұрғындары! 26.03.2026
2026 жылғы 26–29 наурыз аралығында Шымкент қаласы, Абай ауданы аумағында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылады.🔹 «Қауіпсіз үй» – әр отбасының тыныштығы мен амандығына бағытталған маңызды бастама.🔹 Басты ұстанымымыз: қауіпсіз ұя – бақытты өмірдің кепілі.🔹 Зорлық-зомбылықсыз қоғам қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.🔹 Бір-бірімізге жанашыр болып, қорғап жүрейік!Іс-шараға құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы құрылымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, еріктілер мен қоғам белсенділері қатысады.🎯 Негізгі мақсаттары:• Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу• Қауіп тобына жататын отбасыларды анықтау және қолдау• Қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуБарша азаматтарды заң талаптарын құрметтеуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғам тыныштығын сақтауға шақырамыз!#заңментәртіп #шымкент #абайауданы #қауіпсізүй #зорлықзомбылыққажолжоқ
Измирде Наурыз мерекесі аталып өтті 24.03.2026
2026 жылғы 21 наурызда Культурпарк аумағында түркі халықтарының жаңа жылы – Наурыз мерекесіне арналған «Bahar» халықаралық көктем фестивалі өтті.Іс-шара Измир қаласының әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Бас консулдығының бірлескен ұйымдастыруымен өткізілді. Фестивальге Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген студенттер мен Измир қаласының тұрғындары қатысты.Қазақстандық павильон домбыраның әуенімен және «Izmir Qazaq Jastary» студенттік бірлестігінің белсенділері дайындаған дәстүрлі ұлттық тағамдарымен қонақтардың ерекше назарын аударды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-izmir/press/news/details/1186897?lang=kk
Швейцариядағы Наурыз мейрамы: мәдени байланыстарды нығайту және отандастар бірлігін арттыру 24.03.2026
Берн, 21 наурыз – Наурыз мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігі «Бірлік» Қазақстан-Швейцария қауымдастығымен бірлесіп, Швейцарияның түрлі кантондарында тұратын қазақ диаспорасы өкілдері мен отандастардың басын қосқан мерекелік іс-шара ұйымдастырды.Өзінің құттықтау сөзінде Елші Қайрат Саржанов Наурыздың жаңару, бірлік пен жасампаздықтың символы ретіндегі маңызын атап өтіп, оның қоғамдағы келісім, сабақтастық және тұрақты даму құндылықтарын бейнелейтінін жеткізді. Жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануына ерекше назар аударылып, бұл қадам мемлекеттің құқықтық жүйесін одан әрі нығайтуда, демократиялық институттарды дамытуда және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуде маңызды рөл атқарғаны айтылды.Елші шетелде мәдени бірегейлікті сақтау, ұлттық дәстүрлер мен ана тіліне құрмет отандастарды біріктіретін маңызды факторы ретінде атап өтті. Осы тұрғыда «Бірлік» қауымдастығының қазақ диаспорасы арасындағы байланыстарды нығайтудағы, ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді сақтаудағы маңызды рөліне ерекше назар аударылды.Іс-шара барысында Халықаралық түркітілдес мұғалімдер қауымдастығы шетелдегі отандастар арасында қазақ тілін насихаттау жөніндегі бастамаларын таныстырды. Атап айтқанда, «Тәтті ертегі» мәдени-білім беру жобасы аясында «Шахматшы қонжық» атты балалар кітабының тұсаукесері өтті.Мерекелік бағдарлама қазақ мәдениетінің байлығын көрсететін ұлттық музыка, әндер мен билерден тұратын концерттік қойылымдарды қамтыды. Қонақтар интерактивті ойындарға қатысып, ұлттық тағамдар ұсынылған дастархан басында қазақтың қонақжайлылық дәстүрімен танысты.Іс-шара мәдени байланыстар мен ұлтаралық диалогты нығайтудың маңызды алаңына айналып, қатысушылар тарапынан оң бағасын алды. Бұл өз кезегінде мәдени бірегейлік пен бірлікті сақтаудың маңыздылығын тағы да дәлелдеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bern/press/news/details/1186899?lang=kk
22 наурыз күні орталық алаңда «Наурыз – көктем, жыр-думан» атты кең ауқымды, әсерлі мерекелік шара өтті 🌷 24.03.2026
Аудан тұрғындары мен қонақтары халықтық дәстүрлерге толы, театрландырылған қойылым мен мазмұнды концерттік бағдарламаның атмосферасына бөленді.Аудан әкімі Қайсар Мұражақыпов жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, баршаға бейбітшілік, береке мен молшылық тіледі. Шара барысында ауданның бірқатар азаматтары марапатталып, бірнеше отбасыға жаңа баспананың кілттері табысталды. Бұл күн олар үшін ерекше қуанышқа толы болды.Мерекелік бағдарлама аластау рәсімімен басталған театрландырылған прологпен жалғасты. Көрермендер назарына қазақтың тарихы мен аңыз кейіпкерлерінен құралған көркем шеру ұсынылды: батырлар мен нөкерлер, аңшылар мен бүркітшілер, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Алдар көсе, Тазша бала, Қаңбақ шал, палуандар, билер, Асан қайғы, сал-серілер, сондай-ақ Қыдыр Ата, Айсұлу және Күнсұлу.Қонақтарға дәстүрлі наурыз көже мен шашу ұсынылып, күй мен халық әндері шырқалды. Мерекелік бағдарлама ауданның шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздарының қатысуымен өткен концертпен жалғасты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-bmalin-audany-akimat/press/news/details/1186908?lang=kk
Қостанай облысында соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштер тазартылды 24.03.2026
Науырзым ауданында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне тағзым ретінде тазарту жұмыстары жүргізілді.Аудан тұрғындары, жастар, еріктілер және түрлі мекеме қызметкерлері бірлесіп, соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштердің аумағын қардан тазартты. Нәтижесінде, ескерткіштердің айналасы ретке келтіріліп, келушілер үшін қолайлы жағдай жасалды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1186924?lang=kk
Қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарында Наурызды атап өтті 24.03.2026
Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері Голан жоталарында халықаралық миссияға қатысушылар үшін мәдени-ағартушылық іс-шара ұйымдастырды.139 адамнан тұратын қазақстандық бітімгерлер БҰҰ-ның миссиясы құрамында өз жауапкершілік аймағында тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін атқарып келеді.Наурыз мейрамын тойлау достық және өзара құрмет атмосферасында өтті. Қазақстандық бітімгерлер жаңару, игілік және жаңа өмірлік кезеңнің басталуын бейнелейтін ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды таныстырды. Салтанатты іс-шараға Непал, Үндістан, Уругвай елдерінің бітімгерлік контингенттері, БҰҰ-ның бөлінуді бақылау жөніндегі күштерінің (UNDOF) штаб офицерлері, БҰҰ Бақылау миссиясының (UNTSO) әскери бақылаушылары шақырылды. Қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, мерекелік бағдарламаға қатысты.Іс-шара халықаралық өзара іс-қимылды нығайтуға, мәдениетаралық диалогты дамытуға және әскери қызметшілер арасында бейресми қарым-қатынасты арттыруға мүмкіндік берді. Көпұлтты бітімгерлік миссия жағдайында Наурызды атап өту қазақстандық әскери қызметшілердің бейбітшілік, өзара түсіністік және мәдени әртүрлілікті құрметтеу қағидаттарына адалдығын көрсетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186958?lang=kk
Наурыз мерекесі Ханойда кең көлемде тойланды 24.03.2026
2026 жылғы 21 наурызда Ханой қаласында көктемгі жаңару мерекесі – Наурызға арналған мәдени фестиваль өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Елшілігімен, Әзербайжан Республикасының Елшілігімен және Ханой сауда және туризм колледжімен бірлесіп ұйымдастырылды.Наурыз – Қазақстандағы және Әзербайжандағы ең маңызды дәстүрлі мерекелердің бірі болып табылады. Ол жаңа жылдың басталуын, табиғаттың жаңаруын және адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті білдіреді. Бұл мереке адамдарды біріктіріп, достықты, өзара түсіністікті және мәдени дәстүрлерге деген құрметті нығайтады.Ханойдағы фестиваль Қазақстан мен Әзербайжанның бай мәдени мұрасын таныстыру алаңына айналды. Бағдарлама аясында ұлттық музыка мен би өнері көрсетіліп, дәстүрлі тағамдар ұсынылды, сондай-ақ ұлттық ойындар мен интерактивті мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды.Фестиваль қонақтарына бауырлас түркі халықтарының бірегей болмысын және ғасырлар бойғы дәстүрлерін бейнелейтін тұрмыс-тіршілік элементтері, қолөнер бұйымдары мен ұлттық киімдер таныстырылды. Сонымен қатар мәдени диалогты дамытуға және елдер арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.Қазақстан Елшісі Қанат Тумыш, өз сөзінде, «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес Наурыз мерекесін атап өтудің заманауи тәсілдері туралы тілге тиек етті. Бұл тұжырымдама дәстүрлерді жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге және қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған онкүндік іс-шараларды өткізуді көздейтінін хабардар етті.Наурыз мерекесінің негізінде жатқан жаңару идеясының қоғам дамуы, бірлік пен үйлесімді қоғам қалыптастырудағы маңызы ерекше атап өтілді.Іс-шараның қорытындысында қонақтарға дәстүрлі наурыз көже мен қазақ ұлттық тағамдары ұсынылды.Ханой сауда және туризм колледжінің ректоры Др. Чинь Тхи Тху Ха мұндай іс-шаралар Қазақстан, Әзербайжан және Вьетнам халықтары арасындағы мәдени алмасуды, өзара түсіністік пен достықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.Ханойдағы Наурыз фестивалі бірлік, көктемгі жаңару және халықаралық ынтымақтастықтың жарқын символына айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hanoi/press/news/details/1186970?lang=kk
Бұлақ көрсең, көзін аш: Алматы облысында 1500 адам «Мөлдір бұлақ» акциясына қатысты 24.03.2026
Алматы облысында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы кең көлемде ұйымдастырылып, өңірдің табиғи су көздерін сақтау мен жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізілді. Игі бастамаға 1500-ге жуық адам қатысып, 300-ден астам ағаш көшеті отырғызылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Акция барысында өңірдегі бірнеше маңызды бұлақ көзі ашылды. Атап айтқанда, Еңбекшіқазақ ауданы Еңбек ауылында орналасқан, жергілікті халық ауыз су ретінде пайдаланатын бұлақ тазартылып, аумағын абаттандыру, ағаш отырғызу және қоршау орнату жұмыстары қолға алынды. Малыбай ауылдық округіне қарасты таудың етегінде орналасқан Шилі бастау бұлағының бастауы мен арнасы тазартылып, негізінен мал суаруға пайдаланылатын су көзінің табиғи қалпы жақсартылды. Қаражота ауылдық округіндегі тарихи маңызы бар Диірмен базы бұлағында да тазалау жұмыстары жүргізіліп, бұлақтың бастауы мен су жүретін арнасы ретке келтірілді. Тауқаратұрық ауылына жақын орналасқан Құртты бұлағының көзі ашылып, санитарлық жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар Талғар ауданындағы киелі орындардың бірі саналатын Әлмерек баба бұлағы да назардан тыс қалған жоқ. Оның табиғи әрі рухани маңызына ерекше көңіл бөлінді.«Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркi Түрген шатқалындағы «Киелі» бұлағының ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, бұлақ көзін ашу, ағаш отырғызу жұмысына атсалысты.Марат Елеусізұлы бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы игі шара екенін атап өтті.«Біз бүгін ата-бабамыздан қалған «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген асыл аманатты жүзеге асыру мақсатында жиналып отырмыз. Су - тіршілік көзі. Жеріміздің берекесі мен ырысы. Әсіресе көптеген елді мекені тау етегінде орналасқан Алматы облысы үшін әрбір бастау мен қайнар - стратегиялық маңызға ие.Бүгінгі таңда тіршілік нәрін үнемдеу және оларды таза ұстау – мемлекеттік деңгейдегі өзекті мәселе. Осы шарада бізбен бірге иық тіресе еңбектенетін өңір тұрғындарының белсенділігі қуантады.Бұл жұмыстар тек бір күндік науқанмен шектелмейді. Біз әрбір бұлақтың басын қоршап, ағаш отырғызып, санитарлық жағдайын бақылауда ұстайтын боламыз, – деген облыс әкімі қатысушыларға алғысын білдіріп, сауапты істің Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келуін жақсы ырымға балады.«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Әнуар Үскенбаев дәстүрді түрде өткізілетін акция биыл кең ауқымда ұйымдастырылғанын айтып, суды үнемдеу, табиғатты қорғау ортақ жауапкершілік екенінен жеткізді. Шараға егде жастағы тұрғындардан бастап, жастарға дейін белсенді атсалысып, табиғатқа жанашырлықтың үлгісін көрсетті. Атқарылған жұмыстың арқасында бұлақ суы жергілікті халықтың игілігіне айналып, шаруашылығына септігін тигізетін болады.Экологиялық шара табиғатқа қамқорлық көрсету ғана емес, сондай-ақ адам жанының да тазаруы, жүрек көзінің ашылуы. Сондықтан мұндай шаралар Алматы облысында жоспарға сай жүйелі түрде жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1186988?lang=kk
Тазару күні әскерилер гарнизондарда экологиялық бастамалар өткізді 24.03.2026
Наурызнаманың соңғы күні – Тазару күні Қарулы күштердің әскери қызметшілері ағаш отырғызу, аумақты тазалау және абаттандыру акцияларын өткізді.Шымкент гарнизонындағы 10216 әскери бөлімінің жеке құрамы экологиялық акция өткізді. Әскери қызметшілер ағаш көшеттерін отырғызып, аумақты тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.– Тазару күні – Наурызнаманың соңғы кезеңі ғана емес, таза оймен және әлемді жақсартуға деген ниетпен жаңа жылды бастау болып табылады, – деді бөлім командирі подполковник Дәулетбек Қоғабаев.Сабыр Рахымов атындағы әскери колледжде әскери қызметшілердің, оқытушылар және тәрбиеленушілердің қатысуымен экологиялық акция өтті. Оқу орнының жеке құрамы аумақты ретке келтіріп, оқуға және демалуға ыңғайлы әрі қолайлы орта жасады.Бұл күні Бауыржан Момышұлы атындағы механикаландырылған бригада шабуылдау батальонының келісімшарт бойынша әскери қызметшілері мен сарбаздары, әскери бөлім аумағында ағаш көшеттерін отырғызып, игі іске атсалысты. Бұл шара әскери ұжымдағы бірлік рухын нығайтуға септігін тигізді.Экологиялық бастаманы Жетісу гарнизоны да белсенді қолдады. 18386 әскери бөлімі әскери қызметшілері ұлттық киімде көшет отырғызып, дәстүр мен табиғатты қорғау арасындағы үйлесімділікті көрсетті.Тазару күні өткен осындай игі істер қоршаған ортаны сақтаудың маңыздылығын білдіреді, патриоттық құндылықтарды нығайтады және туған жерге деген жауапкершілік сезімін арттыруға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186994?lang=kk
Сеулде Наурыз мерекесі атап өтілді 24.03.2026
Сеул, 2026 ж. 22 наурыз – Ханган өзені жағалауында International World in Korea (IWIK) ұйымы мен Орталық Азия елдерінің студенттер қауымдастығының ұйымдастыруымен Наурыз мейрамы аталып өтті.Іс-шараға Оңтүстік Кореядағы Қазақстан және Орталық Азия елдерінің азаматтары, қоғам белсенділері, отандастар және студенттер және Кореяның мәдени және қоғамдық орта өкілдері қатысты.Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Арыстанов өзінің құттықтау сөзінде Наурыздың жаңару, бірлік, қонақжайлық және табиғатпен үйлесім идеяларын білдіретінін атап өтті. Сонымен қатар, ол Наурыздың Қазақстанда мерекелену ерекшеліктеріне тоқтала отырып, мұндай іс-шаралардың екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастығын нығайтуға серпін беретінін айтты.IWIK Президенті Ким А-соль (Kim Ah-sol) қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, көктемді қарсы алу фестивалінде Орталық Азия елдері мен Корея арасындағы достықтың одан әрі нығайып отырғанын тілге тиек етті.Мереке аясында қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылып, Орталық Азия елдерінің мәдени мұрасын танытатын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Сонымен бірге, ұлттық ойындар ойнатылып, қатысушыларға Наурыздың мәні мен мазмұнын тереңірек сезінуге мүмкіндік беретін достық әрі мерекелік атмосфера қалыптасты.Наурыз мерекесін Сеулде атап өту Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің мәдениетін насихаттауға, отандастар арасындағы байланысты нығайтуға және Корея қоғамымен мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты тереңдетуге өз үлесін қосты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1187004?lang=kk
Қазақстан Лондонда Наурызды ерекше сән-салтанатпен атап өтті: төрт күнге созылған мәдени дипломатия 24.03.2026
– Лондон, 2026 жылғы 19-22 наурыз. Жаңару мен бірліктің, береке мен молшылықтың символы – Наурыз мейрамы 19 наурыз күні Лондонда Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) алаңында бастау алды. Қазақстан халықаралық іскер қауымдастық пен банк қызметкерлерінің зор қызығушылығын тудырған ауқымды мәдени-ақпараттық бағдарламасын ұсынды.Қазақстандық көрмеде ұлттық кәдесыйлар, Наурызнама туралы ақпаратты қамтитын басылымдар, сондай-ақ елдің бай мәдени мұрасын, туристік және инвестициялық әлеуетін танытатын материалдар көпшілік назарына ұсынылды. Дәстүрлі өнерді қамтыған мәдени бағдарлама шараның шырайын кіргізіп, ерекше әсер қалдырды.Қонақтарды ЕҚДБ Президенті Одиль Рено-Бассо құттықтап, Орталық Азия елдерінің инвестициялық мүмкіндіктеріне жоғары баға берді. Іс-шара барысында Қазақстан мен банк арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді: инвестициялар көлемі 1 млрд еуроға жуықтап, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда үш есеге артқан.Мерекелік шаралар 21 наурыз күні Кембридж университетінде өткен дөңгелек үстелмен жалғасты. Оған Орталық Азия мен Кавказ елдерінің Елшілері мен дипломаттары, сондай-ақ академиялық орта өкілдері қатысты. Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің Кеңесші-уәкілі Д. Құрмашева өз сөзінде қазақ-британ қатынастарының терең тарихи тамырына тоқталып, британ инвесторларының Қазақстандағы тау-кен өнеркәсібінің қалыптасуына, соның ішінде Spassky Copper Mine Limited секілді жобалар арқылы үлес қосқанын атап өтті.Бүгінде бұл серіктестік стратегиялық бағыттарда – маңызды минералдар, жасыл технологиялар, цифрландыру және басқа да салаларда табысты дамып келеді. Сондай-ақ елдің инвестициялық тартымдылығы мен жүргізіліп жатқан саяси реформаларға, оның ішінде референдум мен жаңа Конституцияға ерекше назар аударылды.«Наурыз бізге шынайы күшіміздің бірлікте екенін, ортақ мақсаттар мен бағыттағы біртұтас өңір ретінде бірлесе әрекет етудің маңызын еске салады», – деп ата өтті Кеңесші-уәкіл. Дөңгелек үстел мазмұнды сұрақ-жауап сессиясымен аяқталып, өзара пікір алмасуға ұласқан тағылымды диалогқа айналды.Кембридж университетінде өткен концерт мерекелік көңіл күйді одан әрі жандандыра түсті. Домбыра үні қонақтарды қазақ даласының кең тынысты әлеміне жетеледі. Қазақ диаспорасының өкілі орындаған «Айналайын» әні көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, қонақтар Орталық Азияның дәстүрлі тағамдарынан дәм татып, қазақстандық кәдесыйлар көрмесімен танысып, ел мәдениеті мен дамуына қызығушылық танытты.Наурыз мерекесінің тағы бір маңызды алаңы – University College London болды. Мұнда Орталық Азия елдерінің студенттері халықаралық студенттерге арналған ашық іс-шара ұйымдастырды. Ұлттық тағамдар, әуезді музыка, би және шынайы қонақжайлық атмосферасы кең аудиторияның назарын аударып, қазақ мәдениетін кеңінен насихаттауға ықпал етті.22 наурыз күні Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасының қатысуымен өткен ауқымды мерекелік жиынмен шаралар қорытындыланды. Қазақ мәдени орталығының қолдауымен ұйымдастырылған бұл басқосуға 200-ге жуық адам – диаспора өкілдері мен Елшілік қызметкерлері қатысты. Қатысушылар асық ату, арқан тарту секілді ұлттық ойындарға қатысып, наурыз көжеден дәм татып, ұлттық билерді тамашалап, бірнеше сағатқа туған мәдениеттің шуағына бөленді.Ұлыбританиядағы Наурыз мерекесі Қазақстанның мәдени дипломатиясының жарқын көрінісіне айналды. Бұл шаралар диаспора ішіндегі байланыстарды нығайтып қана қоймай, Лондонның саяси, іскерлік және академиялық ортасының қазіргі Қазақстанға – бай мұрасы мен қарқынды дамып келе жатқан болашағы бар елге деген қызығушылығын едәуір арттырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-london/press/news/details/1187014?lang=kk
Братиславада Қазақстанның жаңа Конституция бойынша референдумның қорытындылары талқыланды 24.03.2026
Братислава, 2026 жылғы 19 наурыз – Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Словак Республикасы Президентінің сыртқы саясат және халықаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі кеңесшісі Ян Кубишпен кездесті.Әңгіме барысында Елші 2026 жылғы 15 наурызда өткен референдумның қорытындыларымен таныстырды. Азаматтардың қатысу деңгейі 73%-дан асқаны, жаңа Конституция жобасын 7,9 миллион азамат немесе дауыс бергендердің 87%-ы қолдағаны атап өтілді.Елші Негізгі заңның қабылдануымен елдің ұзақ мерзімді, тұрақты дамуының бағыты айқындалатынын, сондай-ақ турбулентті кезеңнің сыртқы және ішкі сын-қатерлеріне жедел жауап бере алатын жаңа кезеңдегі Қазақстанның институционалдық архитектурасы қалыптасатынын атап өтті. Бір палаталы Парламентке (Құрылтайға) көшу, вице-президент институтын енгізу, Халық кеңесін қамтитын көпдеңгейлі қоғамдық диалог жүйесін құру, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нығайту конституциялық өзгерістердің ауқымдылығын көрсетеді.Дауыс беру үдерісіне халықаралық стандарттарға сәйкес өткеніне оң баға берген халықаралық байқаушылардың пікіріне де ерекше назар аударылды.Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты саяси және құқықтық кеңістікті, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды үдерістер басталатыны атап өтілді. Мемлекеттік және азаматтық институттарды, сондай-ақ жеке тұлғаның құқықтық кепілдіктерін күшейтетін жаңа конституциялық заңдар мен өзге де заңнамалық актілер қабылданатын болады. Сонымен қатар, жаз мезгілінде Қазақстанда Құрылтайға сайлау өтеді.Я. Кубиш жүргізіліп жатқан конституциялық реформаға жоғары баға берді. Оның пікірінше, референдум қорытындылары қазақстандықтардың Президент Қ.К.Тоқаев жүргізіп отырған ауқымды саяси жаңғырулар мен әлеуметтік-экономикалық реформалар бағытын кеңінен қолдайтынын айқын көрсетеді. Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға ықпал етіп отырған проактивті сыртқы саясаттың нәтижелілігі атап өтілді.Тараптар екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bratislava/press/news/details/1187035?lang=kk
Қорғаныс министрінің орынбасары 47007 әскери бөлімін және бірқатар үздік әскери қызметшілерді марапаттады 24.03.2026
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабековтің шешімен жоғары жауынгерлік дайындық көрсеткіштері және маңызды нысандарды күзетудегі сапалы қызметі үшін 47007 әскери бөлімі мен бірқатар әскери қызметшілер марапатталды.Осыған орай Абай облысы Жарма ауданының Жаңғызтөбе кентінде орналасқан әскери бөлімге теледидар сыйға тартылды. Сарбаздар бос уақытында ақпараттық-тәрбие жұмысы бөлмесінде танымдық бағдарламаларды тамашалап, жаңалықтар көруге пайдаланбақ.Жеке құрамға марапаттарды Шығыс өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы полковник Бауыржан Күреңкеев салтанатты жағдайда табыс етті.Қолбасшылықтың өкімімен қырағылығы, қарауыл қызметі Жарғысының талаптарын қатаң сақтағаны және қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін қатардағы жауынгер Ықылас Ділдәқанұлы қолсағатпен марапатталды.Сонымен қатар, бірқатар әскери қызметшілерге қызметтік міндеттерін адал орындағаны және жауынгерлік дайындықтағы жетістіктері үшін грамоталар мен алғыс хаттар табысталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1187052?lang=kk
ҚЫЗЫЛОРДАДА «МӨЛДІР БҰЛАҚ» АУҚЫМДЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ 23.03.2026
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттікмекемелер қызметкерлері және экобелсенділердің қатысуымен «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында«Мөлдір бұлақ» атты ауқымды экологиялық акция өтті. Бұлақтар мен жағалау аумақтарытазартылып, оған 16 000-нан астам адам қатысты, 425 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды. Сонымен қатар, 140-тан астам арнайы техника жұмылдырылып, жұмыстың сапалы әрі жедел орындалуына мүмкіндік жасалды.Өңірдің барлық ауданында Сырдария өзенініңжағалауы, Арал ауданындағы "Ақеспеде", Жаңақорғанауданындағы «Қайнарбұлақта» табиғи су көздері тазартылып, маңы абаттандырылды.Жалпы бұлақтар су ресурстары тапшы аймақтар үшін баламалы су көзі ретінде ерекше маңызға ие. Осындай игі бастамалар табиғатты қорғаудағы ортақ жауапкершілікті арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға сүбелі үлес қосады.Айта кету керек, аймақта «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында санитарлық тазалық, абаттандыру, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді жұмыс атқарылуда.Бюджет қаражатынан бөлек, кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен демалыс орындары, балалар ойын және спорт алаңдары, қоғамдық кеңістіктер кезең-кезеңімен қайта жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар заманауи талаптарға сай жөндеуден өткізілуде.Соңғы жылдары бюджет және демеушілік қаражаты есебінен Қызылорда қаласындағы орталық алаң, қалалық мәдени-демалыс паркі және Қорқыт ата сквері қайта жаңғыртылып, тұрғындар игілігіне берілді. Сонымен қатар, жуырда Президент саябағы қайта салынып ашылды.Ауылда қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және тұрғындарды тазалық мәдениетіне ынталандыру мақсатында жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы ұйымдастырылып келеді. Аталған жобаға соңғы үш жылда 2 млрд 64 млн теңге бөлініп, үздік деп танылған елді мекендерге 67 арнайы техника табысталды.Тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді басқару, сұрыптау, өңдеу және кәдеге жаратуда «Жасыл даму» АҚ қаржыландыруымен 9 жоба қолға алынған.Жаңақорған ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешені толық қаржыландырылып, қажетті құрал-жабдықтары жеткізілді. Қазір нысанды іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Қалған 8 жобаны «Өнеркәсіпті дамыту қоры» сараптамадан өткізіп, қаржыландыру үшін тиісті келісім-шарттар жасалуда.Бұдан бөлек, облыстық бюджет есебінен 475 млн теңгеге Сырдария ауданында сұрыптау кешені бар қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынып, іске қосылды.Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі