Әлем
Сауда министрлігі базардағы баға ашықтығын мен тұрақтылығын қадағалауды күшейтеді 28.11.2025
27 қарашада Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев еліміздегі ірі базар иелерімен кездесу өткізді. Жиынға шамамен 100 базардың басшысы, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктерінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің және жергілікті атқарушы органдардың жауапты өкілдері қатысты. Министр базарларды жаңғырту жұмыстарының бизнес пен тұрғындар үшін маңызы зор екенін атап өтті. Инфрақұрылымды жаңарту санитариялық және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын жақсартып қана қоймай, сатушылар мен сатып алушыларға қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді. Базарларды жаңғырту шаралары орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асырылып жатыр. Сауда және интеграция министрлігі сауда саласын дамыту және базарлардың заманауи форматтарын енгізу мақсатында қосымша қолдау тетіктерін ұсынуда. Арман Шаққалиевтің айтуынша, азық-түлік бағасының тұрақтылығы министрлік қызметіндегі басым бағыттардың бірі. Министр базардағы баға аймақтардағы жалпы бағаның ахуалына тікелей әсер ететінін ерекше атап өтті. Сондықтан алыпсатарлыққа жол беруге болмайды. Тауардыңарзан бағада алып, негізсіз жоғары бағамен сату азаматтардың қалтасына салмақ түсіріп, әлеуметтік тұрақтылыққа кері әсер етеді. Министр алдағы мерекелерде базар басшыларын бағаны тұрақты деңгейде ұстап тұруға, жеңілдіктер мен акциялар ұйымдастыруға шақырды. Ол осыған дейін ұйымдастырылған «Береке Fest» акциясын мысалға келтіріп, оның барысында азық-түлік пен өзге де тауарлардың арзан бағамен сатылғанын еске салды. Жыл соңына жоспарланған акцияның жаңа кезеңіне базар әкімшілігінің белсенді қатысуы бағаның өсуіне жол бермей, халықтың шығындарын азайтуға ықпал ететіні айтылды. Сауда және интеграция министрлігі базар басшыларын әкімдіктермен өзара тығыз байланыста жұмыс істеуге, баға қалыптастыру процесінде ашықтықты қамтамасыз етуге және әлеуметтік жауапкершілік танытуға шақырды. Бұл шаралар азаматтардың әл-ауқатын сақтау мен нарықтағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1115181?lang=kk
Астана мен Сеул зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастықты нығайтады 28.11.2025
Сеул, 2025 жылғы 20 қараша – Сеул қаласында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің Төрайымы Шолпан Абдреева мен Корея Республикасының Зияткерлік меншік жөніндегі вице-министрі Мок Сонхоның екіжақты кездесуі өтті.Кездесуге қатысқан Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов Корея Республикасы 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі жағынан үш ірі инвестордың қатарына кіретінін атап өтті. Ол сондай-ақ зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жүйесін дамыту инвестициялық ахуалды жақсартудың маңызды бөлігі екенін ерекше атап өтті. Самсунг, KIA және басқа да корейлік инвесторлардың Қазақстандағы ірі жобалары айтылып, олардың барлығы үшін зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселесі шешуші мәнге ие екені баса көрсетілді.Өз кезегінде Шолпан Абдреева корей тарапын Кореяның Зияткерлік меншік жөніндегі әкімшілігінің Зияткерлік меншік министрлігі болып қайта құрылуымен құттықтап, бұл қадам Корея Республикасының заманауи және инновациялық зияткерлік меншік жүйесін қалыптастыру жөніндегі саясатының стратегиялық сипатын дәлелдейтінін атап өтті.Корея Республикасының Зияткерлік меншік жөніндегі вице-министрі патенттік өтінімдер саны бойынша Қазақстан өңірде жетекші орын алатынын, сондай-ақ Қазақстан мен Корея арасындағы сауда көлемінің өсу әлеуеті жоғары екенін айтты. Осыған байланысты ол зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастық екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар мен инвестициялық кооперацияны дамыту үшін маңызды алаңға айналып келе жатқанын атап өтті.Тараптар цифрлық ортада зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, сондай-ақ Қазақстанда жұмыс істейтін корей компанияларының зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жолдары бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар зияткерлік меншік саласындағы Қазақстан-корей ынтымақтастығын кеңейтуге, цифрлық ортадағы бірлескен жобаларды дамытуға, кадрларды даярлау және құқық иеленушілерді қолдау бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екендігін растады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1115039?lang=kk
Іскерлік миссиялар мен білім беру жобалары Каталониямен күн тәртіпте 28.11.2025
Барселона, 2025 жылғы 25-26 қараша – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаевтың Каталония автономдық қауымдастығына сапары орын алды.Сапар басында Каталония Үкіметінің (Женералитет) басшылық құрамымен кездесу өтті. Бас хатшы Х.Вильямайормен, Сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Ж.Дукпен және Жоғарғы оқу орын мен білім беру жөніндегі Бас хатшы О.Эскардибулмен өткен келіссөздер барысында өңірмен экономикалық және білім салаларындағы өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен болашағы талқыланды.Каталония кәсіпкерлер қауымдастығымен (FemCAT) өткен кездесуде аумақ компаниялардың Қазақстанға инвестиция мен технология тарту маңыздылығы атап өтілді. Тараптар білім беру және цифрландыру бағыттарындағы бірлескен жобалар мүмкіндігін жеке қарастырды.Келіссөздердің маңызды нәтижелерінің бірі – Барселонаның Туризм, қонақжайлық және гастрономия университетімен ынтымақтастық орнатуға қол жеткізілуі болды.Сапардың негізгі іс-шарасы «FOMENT» – Каталонияның жетекші іскерлік қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырылған бизнес-форум болды. Ашылу рәсімінде Елші еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктер, бизнес-климатты жақсарту жөніндегі жұмыстар туралы айтып, сондай-ақ Қазақстанның Еуропа мен Азияны байланыстыратын Транскаспий көлік дәлізі арқылы транзиттік тасымалдаудағы өсіп келе жатқан рөлін ерекше атап өтті.Сонымен қатар, «KAZAKH INVEST» ҰК АҚ шетелдегі өкілі А.Мұқанова Республикамыздың инвестициялық әлеуеті туралы презентация жасады, ал «Roca Group» Бас атқарушы директоры А.Магранс және «Glovo» халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоры К.Силван қазақстандық нарықтағы табысты жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.Кездесу ашық пікірталас форматында өтіп, каталондық бизнес өкілдерінің Қазақстанға деген жоғары қызығушылығын көрсетті. Іс-шара қорытындысы бойынша 2026 ж. өңір компанияларының Қазақстанға іскерлік миссиясын ұйымдастыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.Іс-шара қарсаңында Д.Мұсаев жергілікті «ETV» телеарнасына сұхбат берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-madrid/press/news/details/1115056?lang=kk
eGov Mobile қосымшасында үйде білім алатын мүгедектігі бар балалардың оқу шығындарын өтеу қызметі қолжетімді болды 28.11.2025
Қазақстандықтар «Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» қызметін eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы рәсімдей алады. Қызмет ата-аналарға баласын білім беру ұйымына бара алмайтын жағдайда үйде оқыту үшін қосымша әлеуметтік көмек алуға өтінішті қашықтан беру мүмкіндігін береді.Өтемақы жеке оқу жоспарына және баланың үйде оқытылатынын растайтын білім беру ұйымының анықтамасына негізделіп төленеді. Төлем оқу процесін қамтамасыз етуге байланысты шығындардың бір бөлігін өтеуге бағытталған.Өтемақы өтініш берген айдан бастап анықтамада көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін тағайындалады. Төлем мерзімнің аяқталуына немесе баланың білім беру түрінің өзгеруіне байланысты тоқтатылады.Үйде жеке оқу жоспары бойынша оқытылатын ерекше білім беруді қажет ететін балалардың оқу шығындарын өтеу мөлшері жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) шешімімен белгіленеді.Қызметті пайдалану үшін пайдаланушыға:eGov Mobile қосымшасына кіріп, «eGov мемлекеттік қызметтері» – «Жеңілдіктер, жәрдемақы және зейнетақы» бөлімін ашу;«Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» қызметін таңдап, қажетті деректерді толтыру;қызметті қолжетімді қол қою әдістерінің бірімен растау қажет;құжаттарды рәсімдеу мәртебесін «Қызметтер тарихы» бөлімінен тексеру қажет.Қызмет көрсету мерзімі – мемлекеттік орган толық құжаттар пакетін тіркеген күннен бастап 8 жұмыс күнін құрайды. Төлем білім беру ұйымы берген анықтамада көрсетілген кезеңге ғана тағайындалады, жаңа мерзімге автоматты түрде ұзартылмайды.Балаға белгіленген мүгедектік мерзімі аяқталған соң куәландыруды қайта өткізіп, өтінішті қайта рәсімдеу қажет.Қызметке онлайн өтінішті eGov.kz электрондық үкімет порталында да, сондай-ақ офлайн түрде халыққа қызмет көрсету орталығында да беруге болады.2025 жылдың басынан бері электрондық үкімет порталы арқылы бұл қызметті алуға 8 мыңнан астам өтініш қабылданды.Қызмет Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлесуімен жүзеге асырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-kurchatov/press/news/details/1118548?lang=kk
ҰЭМ, Ұлттық Банк және ҚНРДА 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын түсіндіру бойынша бірқатар кеңестерді бастады 28.11.2025
ҚР Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығын реттеу мен дамыту жөніндегі агенттіктің макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын түсіндіруге арналған өңірлік кеңестерін өткізуге кірісті.Ағымдағы жылғы 27 қарашада Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында алғашқы түсіндіру кеңесі өтті.Бейнеконференция форматында өткен кездесуге аталған облыстардың әкімдіктері, мәслихат депутаттары, жұртшылық, кәсіпорындар мен ШОБ өкілдері қатысты.Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин, ҚНРДА төрағасының орынбасары Дәурен Сәлімбаев, "Бәйтерек" АҚ Басқарушы директоры Әлия Мырзағалиева, ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев баяндама жасады.Өз сөзінде бірінші вице-министр Азамат Әмрин бағдарлама сапалы және орнықты экономикалық өсуді және инфляцияны дәйекті төмендету есебінен халық табысын арттыруға бағытталғанын атап өтті.Көзделген шараларды іске асыру халық табысының "инфляция + 2-3%" деңгейінен жоғары өсуін, экономиканың жыл сайынғы өсімін 5%–дан төмен емес, сондай-ақ инфляцияның төмендеуіне мүмкіндік береді: 2026 жылы 9-11% - ға дейін, 2027 жылы 5,5-7,5% - ға дейін, 2028 жылы 5-7% - ға дейін.Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин баға тұрақтылығына және қаржы секторын одан әрі дамытуға арналған монетарлық, макропруденциалдық және институционалдық шаралар пакетінің негізгі ережесін атап өтті. Өз кезегінде, ҚНРДА төрағасының орынбасары Дәурен Сәлімбаев бизнесті несиелендіруді арттыру, тұтынушылық сегменттегі тәуекелді азайту және кәсіпкерлікті қолдау үшін реттеуді жетілдіру жөніндегі қадамдарға егжей-тегжейлі тоқталды.Талқылау барысында өңірлік ЖАО ӘКК-ні қаржыландыру, "Өрлеу"бағдарламасын іске асыру шартымен қатар, ШОБ-ты қолдау бағдарламаларын жалғастыру мәселесін көтерді.Министрлік ағымдағы жылдан бастап, екінші деңгейдегі банктер мен "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры "АҚ тарапынан бірлесіп қаржыландыру тетігі бар "Өрлеу"жаңа бағдарламасы жұмыс істейтінін атап өтті. Бұл тәсіл жеке капиталды белсенді түрде тартуға және бюджет қаражатын пайдалануға мүмкіндік береді. Келесі жылы бағдарлама кеңейтіліп, екінші деңгейдегі банктерден қосымша қаражат тарта отырып, республикалық бюджеттен 200 млрд теңге бөлу жоспарлануда.Министрлік Ұлттық банкпен және ҚНРДА-мен бірлесіп, еліміздің басқа өңірлерінде бірқатар түсіндіру жұмысын жалғастырады. https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1114431?lang=kkАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-ekonomika-zhosparlau/press/news/details/1115069?lang=kk
Серік Жұманғарин Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесінің V отырысын ашты 28.11.2025
Бүгін Астанада вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесінің V отырысын ашты.Өз сөзінде ол Швейцария Қазақстан экономикасындағы жетекші инвестордың бірі болып қала беретінін атап өтті. Швейцариялық компаниялар энергетика, машина жасау, тамақ және фармацевтика өнеркәсібінде, бірқатар технологиялық салада жұмыс істейді.2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен $1,1 млрд-ты құрады. Қазақстан машина жасау, фармацевтика, медицина және биотехнология, цифрландыру, көлік-логистикалық инфрақұрылым мен жаңартылатын энергия көздері салаларында швейцариялық бизнестің қатысуын арттыруға ниетті. Вице-премьер Қазақстанның инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға дайын екенін атап өтті.Екі ел ынтымақтастығындағы маңызды жобаның бірі – Астанадағы «Штадлер Қазақстан» компаниясының базасында жолаушылар вагоны өндірісін локализациялау. Бүгінде 557 жоғары технологиялық вагон жеткізуге келісімшарт жасалды. Оның алғашқы тобы жыл соңына дейін жеткізіледі.Серік Жұманғарин Қазақстан Швейцарияның, соның ішінде Лугано қаласының, цифрлық валютаны дамытудағы және блокчейн технологиясын қолданудағы тәжірибесіне қызығушылық танытатынын бөлек атап өтті.«Қазақстан – бүгінде өнеркәсіптік кластер қалыптастыруға дайын алаң. Біз консорциумдар құруға, технологиялық кооперацияны дамытуға дайынбыз», — деді вице-премьер.Отырыс соңында қатысушылар ынтымақтастықты дамытуға және өзара іс-қимылдың әртүрлі саласында екіжақты сауда-экономикалық қатынасты нығайтуға бағытталған бірқатар құжат пен келісімге қол қойды.Анықтама:Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесі (ҚШІК) — екі елдің іскер топтары арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін 2012 жылы құрылған үйлестіру және консультациялық орган.ҚШІК-нің негізгі міндеттері:сауда-инвестициялық өзара іс-қимылды нығайту;Қазақстан мен Швейцария бизнесі арасындағы тікелей байланыс пен ақпарат алмасуды қолдау;сауда-экономикалық ынтымақтастықтағы кедергілерді жою;бизнес жүргізу жағдайын жақсарту бойынша ұсынымдар дайындау.Ынтымақтастықтағы басым бағыттар: энергетика, машина жасау, КТО және кадрлар даярлау, өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды басқару, фармацевтика, теміржол көлігі.https://primeminister.kz/news/serik-zumangarin-kazakstan-sveicariia-iskerlik-kenesinin-v-otyrysyn-asty-30772 Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1115073?lang=kk
Панфилов ауданына жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру бойынша Ашық есік күні өтті 28.11.2025
Панфилов ауданындағы Мемлекеттік кірістер басқармасында салық төлеушілерге арналған Ашық есік күні ұйымдастырылды. Оған басты мақсат – 2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің негізгі ережелері мен өзгерістерін егжей-тегжейлі түсіндіру болды.Іс-шараға жеке кәсіпкерлер, шаруашылық басшылары, бухгалтерлер және салық саласына тікелей қатысы бар басқа да мамандар қатысты. Қатысушыларға жаңа кодекстің бизнес жүргізу жағдайларына әсері, салық әкімшілігін жеңілдету шаралары және шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге арналған жаңалықтар туралы ақпарат берілді.Мамандар заңнаманың негізгі өзгерістеріне тоқталып, олардың кәсіпкерлік қызметтің дамуына тигізетін оң әсерін атап өтті. Атап айтқанда, есеп беруді жеңілдету тәртібі, электрондық қызметтердің қолжетімділігін кеңейту және салық жүктемесін оңтайландыруға арналған нормалар түсіндірілді.Қатысушылар сондай-ақ қызықтырған сұрақтарын қоюға және жаңа нормаларды қолдану бойынша кәсіби түсініктеме алуға мүмкіндік алды.Мұндай кездесулер салық төлеушілердің хабардарлығын арттыруға, заңнамадағы өзгерістерді алдын ала түсіндіруге және жаңа нормаларды дұрыс әрі тиімді қолдануға септігін тигізеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhetysu/press/news/details/1115098?lang=kk
Үлкен Нарын ауданы мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті 28.11.2025
2025 жылғы 28 қарашада Үлкен Нарын ауданы мәслихатының кезектен тыс он жетінші сессиясы өтті. Оған мәслихат депутаттарымен бірге аудан әкімі Елдос Байрахметов, аудан әкімінің орынбасарлары, Үлкен Нарын ауданының экономика және қаржы бөлімінің, Үлкен Нарын ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің, Үлкен Нарын ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшылары, Үлкен Нарын ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы, Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасының Үлкен Нарын ауданы филиалының директоры, Ново-Хайрузовка, Солоновка, Үлкен Нарын ауылдық округтерінің әкімдері, Нарын таңы газетінің тілшісі қатысты. Мәслихат сессиясының отырысы онлайн режимде интернет желісінде трансляцияланды. Сессияда Үлкен Нарын ауданы мәслихатының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы № 9/80–VIІI «2025-2027 жылдарға арналған Үлкен Нарын ауданының бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы, Үлкен Нарын ауданында оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету туралы, Үлкен Нарын ауданы мәслихатының кезектен тыс он жетінші сессиясының жұмысына үзіліс жариялау туралы мәселелер қаралды.Сессияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөйлеген Үлкен Нарын ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Э.Акимбетова Үлкен Нарын ауданының бюджетіне енгізілген өзгерістермен таныстырды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Елеусизов сөйледі. Ол Үлкен Нарын ауданында оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету туралы шешім жобасы Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 726-бабына сәйкес әзірленгенін айтып түсіндірді. Күн тәртібіндегі мәселелерді саралап қарап, талқылаудың нәтижесінде тиісті шешімдер қабылданды.Мәслихат аппаратыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-ulken-naryn/press/news/details/1115108?lang=kk
Қостанай облысында байланыс сапасын жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда 28.11.2025
Мекеме басшысы Азамат Қашиев облыстың қала және аудан әкімдіктерімен тұрақты түрде жұмыс кеңестерін өткізіп келеді. Кездесулер барысында өңір тұрғындары үшін телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға байланысты негізгі мәселелер талқыланады.Аталған кеңестер аясында мына бағыттар бойынша жұмыстар қаралады: елді мекендердегі мобильді байланыс пен мобильді интернеттің сапасы, антенно-мачталық құрылымдар салуға қатысты жобалық-сметалық құжаттаманың әзірлену барысы, сондай-ақ интернет желілерін одан әрі дамыту перспективалары мен қамту аясын кеңейту жоспарлары.Мұндай өзара іс-қимыл форматы проблемалық аймақтарды жедел анықтауға, жергілікті атқарушы органдармен шешімдерді келісуге және цифрлық инфрақұрылымды жақсартуда кешенді тәсіл қалыптастыруға мүмкіндік береді.Цифрландыру басқармасы осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1115114?lang=kk
01.01.2026 жылдан бастап жеке табыс салығы ставкаларының өзгеруі 28.11.2025
01.01.2026 жылдан бастап жеке табыс салығы ставкаларының өзгеруі 2026 жылдң 1 қаңтарынан жеке тұлғалардың ЖТС бойынша салық міндеттемелерін орындауын оңайлату мақсатында салық салудан босатылатын кірістерді дербес және төлем көзінен бөлу көзделген. Алынатын табыс түріне қарай ЖТС-ның сараланған мөлшерлемелері көзделген.Жеке практикамен айналысатын адамдардың кірістерін қоспағанда, барлық табыстарға ЖТС ставкаларының тиісті прогрессивті шкаласы бойынша салық салынады. Жеке практикамен айналысатын адамдардың табыстарына (жеке нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, кәсіби медиаторлар) 9% ставка бойынша ЖТС салынады. ЖК және ШҚ жалпы белгіленген тәртіппен барлық табыстарға (жеке практикамен айналысатын тұлғалардың табыстарын қоспағанда), сондай-ақ дивидендтерге ЖТС ставкаларының мынадай прогрессивті шкаласы бойынша салық салынады:күнтізбелік жылда 8 500 есеге дейін АЕК (35 млн. теңге) – 10 %;күнтізбелік жылда 8 500 еселенген АЕК – тен (35 млн.теңге) асқан кезде – табыстан 8 500 еселенген АЕК-ке дейін 10% (35 млн. теңге) + осындай сомадан асқан кезде 15%. 5% және 15% (230 000 еселенген АЕК-тен жоғары) дивидендтер үшін мөлшерлемелердің прогрессивті шкаласын белгілей отырып, дивидендтер бойынша жеңілдік (30 000 АЕК) алынып тасталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-abay/press/news/details/1115116?lang=kk
Астанада 2025 жылғы әскерге шақыру мәселелеріне арналған кеңес өтті 28.11.2025
Қорғаныс министрлігінде Қарулы күштерді жас сарбаздармен қамтамасыз ету қорытындылары және күзгі шақыру науқаны аясында азаматтарды Ұлттық ұланға шақыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті.Отырысқа Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов төрағалық етті.Кеңеске Қорғаныс, Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктерінің, Ұлттық ұланның, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің бастықтары қатысты.Бас штаб бастығы биылғы 30 қыркүйек пен 30 қараша аралығында әскерге 10 мыңнан астам адам шақырылғанын хабардар етті. Шақыру жоспарын уақтылы, әрі сапалы орындағаны үшін Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының әкімдіктеріне алғыс білдірді.– Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру үдерісі Үкіметтің тұрақты бақылауында. Биылғы шақыру науқанының қорытындылары бойынша Қорғаныс министрлігі жергілікті атқарушы органдардағы шақыру комиссияларының жұмысына объективті баға береді, – деп түйіндеді генерал-лейтенант С. Қамалетдинов.Өз кезегінде Бас штаб бастығының орынбасары – Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы генерал-майор Алмас Исабеков кейбір өңірлердегі, әсіресе Қызылорда облысындағы нәтижелердің қанағаттанарлықсыздығын атап өтті. Әскери командаларды жөнелтуді жүйелі түрде қайта бөлу және кейінге қалдыру жағдайлары орын алған. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің мәліметінше, кейбір жергілікті атқарушы органдар шақыру ресурстарын әдейі төмендеткен. Бұл жоспарлы көрсеткіштердің орындалуына кері әсерін тигізді.Шақыруға жататын азаматтардың жиын пункттеріне келмеуі мәселесіне тоқталған Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес әскерден жалтарушыларды жауапкершілікке тарту қажеттігін айтты.Әскери бөлімдерді қысқа мерзімде экстерриториялық принцип бойынша жасақтауды ескере отырып, Ұлттық ұланның шақыру, медициналық комиссиялары мен аумақтық ішкі істер органдарының жұмысын күшейту қажеттігі атап өтілді.Қолданыстағы кестеге сәйкес, ҚР Ұлттық ұланын жасақтау 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Жыл соңына дейін бұл әскерге 7 мыңнан астам адам шақырылады.Кеңес қорытындысы бойынша шақыру және медициналық комиссиялардың жұмыс сапасын арттыру, жиын пункттерінде тиісті жағдай жасау, сондай-ақ командаларды уақтылы, әрі ұйымдасқан түрде жасақтау қажеттігі атап көрсетілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1115122?lang=kk
Бизнес үшін жаңа стандарт: Алматыда БКМ деректерді берудің жаңа хаттамасы енгізілді 28.11.2025
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Мемлекеттік кірістер комитеті әзірлеген БКМ деректерін беру хаттамасының 2.0.3 нұсқасының іске қосылғанын хабарлайды.Жаңа хаттамада мынадай жаңалықтар көзделген:бақылау-кассалық машиналарының Ұлттық тауарлар каталогына автоматты түрде қосылуы;фискалдық деректер операторы арқылы БКМ геолокациясын нақты анықтау;интеграцияның жақсаруы және салықтық әкімшілендірудің ашықтығын арттыру.Жаңа хаттамаға көшу 2025 жылғы 15 қарашада аяқталды. Фискалдық деректер операторларының алдыңғы нұсқадан ажыратылуы 2025 жылғы 17 қарашада басталды.БКМ бағдарламалық жасақтамасы автоматты түрде жаңартылады. Қажет болған жағдайда жаңарту мен техникалық қызмет көрсетуді Техникалық қызмет көрсету орталықтары жүзеге асырады. Олардың тізімі Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің сайтында жарияланған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-almaty/press/news/details/1114987?lang=kk
Тұрақты болашақ үшін ЕО-Қазақстан ынтымақтастығын нығайту 28.11.2025
Қазақстан мен Еуропалық Одақ экономикалық өсімді қамтамасыз ететін және таза болашақ үшін қажетті технологияларды жеткізетін тұрақты, төзімді және болжамды жабдықтау тізбектеріне ұзақ мерзімді мүдделі, – деп жазады Сыртқы істер министрі Ермек Кошебейев Euronews үшін жазған пікір мақаласында.Осы желтоқсанда Қазақстан мен Еуропалық Одақ Жақсартылған серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге (EPCA) қол қойғанына 10 жыл толады, бұл біздің кең ауқымды және болашаққа бағытталған серіктестікке деген ортақ міндеттемемізді растайтын маңызды белес.Соңғы онжылдықта ынтымақтастық саяси диалог, қауіпсіздік, инвестициялар, білім беру және байланыстылық салаларында кеңейді. 2005 жылдан бері 200 миллиард еуродан астам инвестиция салынғандықтан, Еуропалық Одақ қазір Қазақстандағы ең ірі сауда және инвестициялық серіктес болып табылады.Бүгін де, бұрынғыдай, біздің қарым-қатынасымыз БҰҰ Жарғысы мен оның қағидаларына ортақ адалдықпен және көптеген жаһандық мәселелерді Еуропа мен оның тығыз әрі сенімді серіктестері арасындағы терең ынтымақтастық арқылы ғана шешуге болатыны жөніндегі ортақ түсінікпен қалыптасады.Осындай сын-қатерлердің бірі Еуропаның ұзақ мерзімді өсімінің негізін құрайды: жасыл және цифрлық трансформация үшін қажетті материалдар мен технологияларды қамтамасыз ету. Еуропаның стратегиялық шикізат көздеріне бірнеше ғана жеткізушіге тәуелділігі оның бәсекеге қабілеттілігі үшін шешуші мәселеге айналды.Осы ресурстарға тұрақты қол жеткізуді қамтамасыз ету енді тек өнеркәсіптік мәселе емес, ол стратегиялық мәселе. Осы контексте Қазақстан маңызды рөл атқара алады.Қазақстан – жауаптың бір бөлігіЕуропалық комиссия Еуропаның стратегиялық шикізат көздерін әртараптандыруы тиіс екенін ерекше атап өтті. Бүгінгі таңда еуропалық саясаткерлердің алдында тұрған мәселе – «Жасыл келісім» бастамасының қарқынын сақтай отырып, тәуекелдерді қалай азайту.Қазақстан – жауаптың бір бөлігі. 2024 жылы ЕО-мен екіжақты сауда 48,8 миллиард долларға жетті, ал Қазақстанның мұнай экспортының 80%-нан астамы еуропалық нарықтарға бағытталған.Алдағы уақытта біз Еуропа үшін маңызды минералдарды жеткізу тізбегін сенімдірек әрі әртараптандырылған етіп құруға мүмкіндік көріп отырмыз, бұл біздің ресурстарымыз бен тәжірибеміз тікелей сәйкес келетін сала.Өткен онжылдық бұл серіктестіктің неге қол жеткізе алатынын көрсетті. Алдағы онжылдық іске асырумен анықталуы тиіс: стратегиялық жобалар, мықты құн тізбектері, жаңартылған инфрақұрылым және тереңдетілген технологиялық ынтымақтастық.Еуропалық Одақтың «Маңызды шикізат материалдары туралы» заңы осы мәселенің ауқымын айқын көрсетеді. 2030 жылға қарай Еуропа өзінің қажеттіліктерінің әлдеқайда көп бөлігін өндіруге, өңдеуге және қайта өңдеуге, сондай-ақ кез келген бір сыртқы жеткізушіге тәуелділікті шектеуге ниетті.Соңғы кездері болған бұзылулар геосаяси шиеленістер мен логистикалық соққылардың жабдықтау тізбегін қаншалықты оңай кернеуге салатынын көрсетті. Мыс, графит, сирек кездесетін жер элементтері, марганец, титан және басқа да ауыспалы металдарға сұраныс жаһандық ұсыныстан әлдеқайда жылдамырақ өсіп келеді.Қазақстан – осы олқылықты толтыруға үлес қоса алатын санаулы елдердің бірі. Еуропалық Одақтың өз бағалауы бойынша, Қазақстан ЕО маңызды деп санайтын 34 шикізаттың 21-ін, соның ішінде стратегиялық деп жіктелген бірнешеуін жеткізе алады. Біздің Sarytogan графит жобамыз «Маңызды шикізаттар туралы» Заң аясындағы Еуропалық Одақтың Стратегиялық жобалар ресми тізіміне енгізілген.Бұл жұмыстың негізі мықты. Қазіргі таңда Қазақстанда 4 000-нан астам еуропалық компания жұмыс істейді. 2022 жылы Еуропалық Одақпен стратегиялық серіктестік туралы меморандум (MoU) негізгі шикізаттар, аккумуляторлар және жаңартылатын сутегі салаларында EPCA-ның экономикалық тірегін нығайтты. Бірлескен 2025–2026 жылдарға арналған Жол картасы геологиялық барлаудан бастап құн тізбегін дамыту мен жасыл сутегіге дейінгі нақты басымдықтарды айқындайды.Ендігі міндет – осы мықты негізді практикалық нәтижелерге айналдыру.Ортақ қиындықтарды бірге күшке айналдыруАлғашқы қадам – жоғары әсерлі бірнеше жобаға бірлесіп назар аудару. Мыс, марганец, титан, сирек кездесетін жер элементтері және басқа да маңызды минералдар сияқты негізгі салаларда ынтымақтастықты кеңейту Еуропа үшін әртараптандырылған жабдықтау базасын құруға және инвесторларға ұзақ мерзімді перспективада айқын көрініс беруге көмектеседі.Тұрақтылықты арттыру шикізатпен ғана шектелмейді. Еуропаның өңдеу және тазарту мақсаттары қуаттылығы мен географиялық қамтуы бар сенімді серіктестерді қажет етеді. Қазақстан бұл өзгерісті қолдауға қажетті ресурстарға ие, ал өңдеудің таңдаулы салаларында ынтымақтастықты кеңейту Еуропа үшін әртараптандырылған және болжамды жабдықтау базасын құруға көмектеседі.Көлік пен логистика да маңызды. Маңызды материалдарға тұрақты және қауіпсіз маршруттар қажет, ал «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық көліктік бағыты Орталық Азия мен Еуропа арасындағы маңызды байланыс жолына айналды.Еуропалық комиссия мен халықаралық қаржы институттарының 10 миллиард еуродан астам міндеттемелерінің арқасында бұл бағыт тиімділігін арттырып, транзит уақытын қысқартуда. Инфрақұрылымға, теміржол өткізу қабілетіне және цифрлық жүйелерге үздіксіз инвестициялар бұл дәлізді одан әрі нығайтып, Еуропаның таза энергия жеткізу тізбегіндегі тәуекелдерді азайтуға көмектеседі.Инновация мен дағдылар бірге дамуы тиіс. Қауіпсіз жабдықтау тізбектері тек шикізатқа ғана емес, технология мен сараптамаға да тәуелді. Қазақстан қазірдің өзінде Horizon Europe және Erasmus+ бағдарламаларына қатысады, ал жақын арада қазақстандықтарға визалық жеңілдіктер енгізілуі күтілуде. Геологиялық барлау, аккумуляторларды қайта өңдеу, экологиялық таза өндіру және жасыл сутегі салаларындағы терең ынтымақтастық Еуропаның климаттық мақсаттарын қолдай отырып, Қазақстандағы өнеркәсіптік жаңғыртуды жеделдетеді.Жетілдірілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толғанын атап өтерде бағыт айқын: Қазақстан мен ЕО экономикалық өсімді қамтамасыз ететін және таза болашақ үшін қажетті технологияларды жеткізетін тұрақты, берік және болжамды жабдықтау тізбектеріне ұзақ мерзімді мүдделі.Өткен онжылдық бұл серіктестіктің неге қауқарлы екенін көрсетті. Алдағы онжылдық іске асыруға негізделуі тиіс: стратегиялық жобалар, мықты құн тізбектері, жаңартылған инфрақұрылым және тереңдетілген технологиялық ынтымақтастық.Еуропаның трансформациясы ақыр соңында болашақ өнеркәсіптердің негізін құрайтын материалдарды қамтамасыз етуге тәуелді болады. Дұрыс таңдау жасалған жағдайда екі тарап та мықты әрі төзімді серіктестік құра алады. Қазақстан Еуропалық Одақпен бірлесіп ортақ қиындықтарды ортақ артықшылықтарға айналдыруға дайын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-geneva/press/news/details/1114997?lang=kk
ШОБ шығаратын өнім көлемі жарты жылда 25%-ға өсті 28.11.2025
Кәсіпкерлікті дамыту – сапалы жұмыс орындарын құрудың, жаңа нарық сегменттерін қалыптастырудың және бәсекелестікті дамытудың негізгі факторы. Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің (ШОБ) дамуының оң динамикасы байқалады. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ШОБ-тың ЖІӨ-дегі үлесі 39,8% болды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев мәлімдеді.Вице-министрдің айтуынша, ШОБ-тың өңірлік жалпы өнімге ең жоғары үлесі Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында байқалады. 2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша кәсіпкерлік секторында жұмыспен қамтылғандар саны 3,9%-ға өсіп, 4,4 млн адамға жетті.«2025 жылдың екінші тоқсанында тіркелген ШОБ субъектілерінің 91,2%-ы жұмыс істеп тұр, бұл сектордың тұрақтылығын көрсетеді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ШОБ субъектілері шығарған өнім көлемі 25%-ға өсіп, 42,7 трлн теңгені құрады», – деді Ерлан Сағынаев.Өнім шығарудың өсуін 5 негізгі сала көрсетті: сауда, өнеркәсіп (оның ішінде өңдеу өнеркәсібі), құрылыс, көлік және қоймалау, сондай-ақ ауыл, орман және балық шаруашылығы.Сондай-ақ Ерлан Сағынаевтың айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі биыл ЕҚДБ-мен бірлесіп «Орта кәсіпорындардың инвестициялық тартымдылығын арттыру» бағдарламасы аясында кәсіпорындардың өндірісін 2–3 есе арттыруға мүмкіндік беретін жоспар әзірлеуде. Бағдарлама шеңберінде кәсіпорындарға диагностика жүргізу және жеке даму жоспарларын дайындау түрінде қолдау көрсетіледі.«Бүгінде орта бизнес негізінен өңдеу өнеркәсібінде шоғырланған — бұл сала ШОБ жалпы өнімінің шамамен 12%-ын құрайды. Әлі де айтарлықтай өсу әлеуеті бар. Сонымен қатар аталған салаларда өндірістік қуаттарды, соның ішінде орта бизнес кәсіпорындарын толық пайдаланбау себебінен кеңеюге мүмкіндік мол», — деді вице-министр.Ол кәсіпкерлердің мәселелерін жедел шешу үшін мемлекеттік қолдау құралдарының тиімділігін талдайтын және туындайтын кедергілерді жоюға көмектесетін сарапшылық топ құрылғанын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1114963?lang=kk
Маңғыстау облысында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының 20 жылдығы аталып өтті 28.11.2025
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Маңғыстау облыстық филиалы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) құрылғанына 20 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырды. Мерейтойлық басқосу Достық үйінде өтіп, оған сала ардагерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.Шара барысында ХҚКО жүйесінің 20 жыл ішіндегі қалыптасу және даму жолы, азаматтарға қызмет көрсетудегі жаңа мүмкіндіктер, сондай-ақ цифрландыру бағытында жүзеге асқан жобалар кеңінен таныстырылды. Әсіресе, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға үлес қосқан орталық қызметкерлерінің еңбегіне ерекше назар аударылды.Қазақстанда алғашқы Халыққа қызмет көрсету орталықтары 2005 жылы Алматы және Астана қалаларында ашылған болатын. Маңғыстау облысында алғашқы ХҚКО 2007 жылдың наурызында Ақтау қаласында жұмысын бастады. Сол жылы Бейнеу, Мұнайлы, Жаңаөзен, Түпқараған, Қарақия және Маңғыстау аудандық бөлімдері де ашылды.Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Маңғыстау облыстық филиалында 500-ден астам кәсіби маман еңбек етеді. Филиалдың құрамында 9 бөлім және 4 сектор бар.Филиал директоры Айбек Музбаев: «Жиырма жыл бойы халыққа қызмет көрсету орталықтары миллиондаған азаматқа сапалы қызмет көрсетіп, қызмет көрсету стандарттарын жаңа деңгейге көтеріп келеді. Бұл – мыңдаған маманның күнделікті еңбегінің нәтижесі», – деп атап өтті.Іс-шара барысында қызметкерлерге арнайы мерейтойлық төсбелгілер мен алғыс хаттар табысталды. Барлығы жүзге жуық білікті маман кәсібилігі мен салаға сіңірген еңбегі үшін марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-beyneu/press/news/details/1115329?lang=kk
ЭСФ жазып беруді тоқтата тұру 28.11.2025
2025 жылғы 28 қарашада Шемонаиха ауданы бойынша МКД алаңында «ЭСФ жазып беруді тоқтата тұру» тақырыбында семинар өткізілді. Іс-шара барысында ЭСФ-ке қатысты барлық сұрақтарға түсініктемелер мен жауаптар берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1114960?lang=kk
ЮНИСЕФ: Балаларға инвестиция салу арқылы Қазақстан ЖІӨ-сін 14%-ға арттыра алады 28.11.2025
26 қарашада Алматыда таныстырылған ЮНИСЕФ-тің «2050 буын: Орталық Азия» атты жаңа өңірлік есебіне сәйкес, балалардың білім, денсаулық және әлеуметтік әл-ауқатына инвестицияны күшейту арқылы Қазақстан 2050 жылға қарай ЖІӨ-сін 14%-ға дейін арттыра алады.Талдау көрсеткендей, жұмыс істемейтін 100 ересек адамға 62 адамның келетін жүктеме коэффициенті бар Қазақстандағы қолайлы демографиялық құрылым ұзақ мерзімді экономикалық өсуді жеделдетуге бірегей мүмкіндік береді.UNICEF сарапшылары жастар санының көп болуы және оның өсуі елге келесі буын экономикасын жоғары бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік беретінін атап көрсетеді.Білім сапасы және даму мүмкіндіктеріЕсепке сәйкес, білім сапасын жақсарту адам капиталын арттырудың ең тиімді стратегияларының бірі болып табылады. Жоғары оқуға қабылдау көрсеткіштеріне қарамастан, PISA-2022 бағалауы бойынша 15 жастағы қазақстандықтардың тек 36%-ы оқудың негізгі деңгейіне жеткен.Есеп оқу нәтижелерін жақсартуға, ерте балалық шақ білім беруге қолжетімділікті кеңейтуге және мұғалімдердің кәсіби дамуына одан әрі инвестиция салуға басымдық беруді ұсынады. Сарапшылардың айтуынша, бұл шаралар болашақ ұрпақтың ұзақ мерзімді экономикалық үлесін айтарлықтай арттырады.Мықты еңбек нарығыҚазақстанның еңбек нарығының көрсеткіштері тұрақты болып отыр. Ресми жұмыссыздық деңгейі 3,8%-ды құрайды, бұл Орталық Азиядағы ең төмен көрсеткіштердің бірі, ал білім, жұмыспен қамту немесе даярлықтан тыс қалған жастардың үлесі 6,5%-ды құрайды.ЮНИСЕФ жастарды жұмыспен қамту бағдарламаларын кеңейту, кәсіпкерлік мүмкіндіктерін ұлғайту және инновацияға бағытталған дағдыларды дамыту Қазақстандағы демографиялық артықшылықтарды одан әрі тиімді пайдалануға мүмкіндік беретінін атап көрсетеді.Денсаулық сақтау жүйесі және жетілдіру бағыттарыҚазақстан ана мен бала өлімінің төмен деңгейін сақтап келеді, бұл елді өңірлік көшбасшылар қатарына қояды. Алайда ЮНИСЕФ алғашқы медициналық-санитариялық көмек сапасын, әсіресе балалардың тамақтану саласындағы қызметті нығайту қажеттігін ерекше атап көрсетеді.Бойының баяу өсуі (8 %) және арықтау (3,1 %) көрсеткіштері климат пен әлеуметтік мәселелердің өзгеруі жағдайында қосымша назар аударуды қажет етеді.Ұлттық өсім стратегиясыҚазақстандағы UNICEF өкілі Рашед Мустафа Сарвардың айтуынша, Қазақстанда адам капиталын нығайтуға зор мүмкіндіктер бар.«Осы жетістіктер берік негіз қалыптастырады, ал алдағы қадамдар елдің демографиялық әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді. Балаларға салынған стратегиялық инвестициялар тек әлеуметтік саясат қана емес, тұрақты экономикалық өсімнің қуатты қозғаушы күші», – деді ол.ЮНИСЕФ «Қазақстан балалары 2026–2030» ұлттық бағдарламасын іске асыруда және Орталық Азияда балалар мен жастарды дамытуға арналған инновациялық шешімдер бойынша өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуде Қазақстанда қолдау көрсетуге дайын екенін тағы да растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-geneva/press/news/details/1114932?lang=kk
Астанадағы кинофестиваль гендерлік негізделген зорлық-зомбылыққа қарсы күресте өнерді құрал ретінде насихаттайды 28.11.2025
«Зорлық-зомбылықсыз» кинофестивалі Қазақстандағы астанада «Bauyryna Salu» фильмін көрсетумен ашылды. Бұл 16 күндік «Гендерлік негізделген зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет» атты жаһандық науқанның басталуын білдіреді. Аталмыш науқан жыл сайын 25 қараша – Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күнінде басталады.Іс-шараны Қазақстандағы БҰҰ кеңсесі inDrive және Alternativa жобаларымен бірлесіп ұйымдастырды. Ұйымдастырушылар көрермендер тек ақпарат алып қана қоймай, сонымен бірге сезінуі үшін сөз сөйлеу мен ресми таныстырулар орнына киноны таңдады.Биыл фестиваль Астана мен Шымкентте өтеді, әр қалада көрсетілімдер төрт күн бойы жалғасады. Бағдарламаға гендерлік зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақыратын Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Непал фильмдері енгізілген.«Біз мықты қазақ фильмі – "Bauyryna Salu" [Асырап алу] – көрсетілімімен ашыламыз. Бір баланың көзімен үнсіздік тағдырды қалай қалыптастыратынын және мейірімділік оны қалай өзгерте алатынын көреміз. Фильм бізге зорлық-зомбылық тек физикалық зиян емес екенін еске салады. Бұл – эмоционалдық қашықтық, қысым, қорқыныш және таңдау мүмкіндігінің болмауы», – деді Қазақстандағы БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі Сараңгуо Раднаарагчаа.Асхат Кучиншекереков режиссерлік еткен фильм ежелгі көшпенді дәстүрге сәйкес тәрбиелеу үшін әжесіне сеніп тапсырылған Ерсұлтан есімді баланың оқиғасын баяндайды. Әжесінің өлімінен кейін ол ата-анасына оралғанда өкпе-реніш пен байланыссыздық сезімімен күреседі. Оқиға ата-әжелер немесе баласы жоқ туыстар жиі тұңғыш баланы тәрбиелейтін ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді көрсетеді – психологтардың айтуынша, бұл тәжірибе ұзақ уақыт бойы сақталатын эмоционалдық жара қалдыруы мүмкін.Цифрлық қауіпБҰҰ мәліметі бойынша, әлемде әрбір үшінші әйел өмірінде кем дегенде бір рет зорлық-зомбылыққа ұшырайды, ал әлемдегі әйелдер саны шамамен 1,3 миллиардты құрайды. Елдердің 40%-ынан азында ғана әйелдерді интернеттегі қорлаудан қорғайтын заңдар бар, бұл 1,8 миллиард әйел мен қызды заңдық кепілдіктерсіз қалдырады.Осы жылғы жаһандық тақырып әйелдер мен қыздарға қарсы цифрлық зорлық-зомбылықты тоқтатуға бағытталған. БҰҰ Әйелдер ұйымының Қазақстандағы бағдарлама менеджері Дина Амришева онлайн кеңістік баршаға қауіпсіз болуы тиіс екенін атап өтті.«Әлемдегі миллиондаған әйелдер мен қыздар үшін цифрлық кеңістік қорлау, әдепсіз мінез-құлық пен бақылау салдарынан қауіпті орынға айналды. Хабарламалар, пікірлер немесе жазбалар сияқты кішкентай сигналдардан басталған жағдай қорқыту мен нақты өмірдегі зорлық-зомбылыққа ұласуы мүмкін. Жеке фотосуреттер ұрланады, жалған ақпарат бірден таралады, орналасқан жері бақыланады және әйелдерді қорқыту мен үндемді етуге бағытталған жасанды интеллект негізіндегі дөпфикстер (deepfakes) жасалады. Әрбір статистиканың артында нақты бір әйел немесе қыз бар», – деді Амришева.Ол цифрлық құқықтарды қорғайтын заңнаманы күшейту қажеттігін ерекше атап өтіп, технологиялық компанияларды қауіпсіз онлайн-платформалар жасауға әйелдерді көбірек тартуға, зиянды контентті тез арада жоюға және зорлық-зомбылық туралы хабарламаларға жедел әрекет етуге шақырды.БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі Сараңгу Раднаарагчаа технология дамыған сайын онлайн-зорлық-зомбылық көлемі өсіп келе жатқанын айтты.«Біз көшелеріміз бен цифрлық кеңістікті бірге қауіпсіз етуіміз керек. БҰҰ агенттіктері мен азаматтық қоғамнан бастап шығармашылық сала, жастар желілері, еріктілер мен жекеменшік секторға дейінгі мықты серіктестікті көріп қуаныштымын», – деді Раднаарагчаа.«Статистика көрсете алмайтынын мәдениет пен киноның бірегей күші ашады. Өнер эмпатияға жол ашады, ал эмпатия өзгеріске жетелейді», – деді ол.Өзіндік автобиографиялық негізКөрсетілімнен кейінгі талқылау кезінде актер әрі HeForShe Орталық Азия өкілі Әзіз Беішеналиев фильмнің автобиографиялық негізін ашты.«Кучинчереков фильмді өз бала кезіне негіздеді. Мені де бір жарым жаста әжемнің қасына жіберген еді. Мен 13 жасқа дейін сонда болдым. Бұл тәжірибе ата-анама, әсіресе анама деген қарым-қатынасымды қалыптастырды», – деді Беішеналиев.«Балалар туылуын таңдамайды. Ересектер шешім қабылдайды және оның салдары үшін жауапты болуы керек. Бұл санасыз психологиялық жарақат біздің өңірде кеңінен таралған және әлеуметтік ой-санамызға әсер етеді», – деді ол.Беишеналиев киноның қоғамдық көзқарасты қалыптастыруда зор әлеуеті бар екенін және зорлық-зомбылық пен ата-ананың жауапкершілігі сияқты мәселелерді көтеруі тиіс екенін атап өтті. Ол мұндай фильмдер көрермендерге эмпатия көрсетуге және осы тақырыптардың маңыздылығын түсінуге көмектеседі деп үміттенеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-geneva/press/news/details/1114936?lang=kk
Бангкокта Қазақстан мен Таиланд арасындағы инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі талқыланды 28.11.2025
Бангкок, 2025 жылғы 27 қараша – Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшілігі «Kazakhstan–Thailand Investment and Trade Opportunities» атты іскерлік дөңгелек үстел өткізіп, екі елдің мемлекеттік органдары, іскер топтары және сараптамалық қауымдастық өкілдерін бір алаңда біріктірді.Іс-шараны ашқан Қазақстан Республикасының Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Таиландтың Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Қазақстанның басты серіктесі және АСЕАН аймағына маңызды қақпа екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстанның Таиланд үшін Орталық Азиямен байланыстыратын негізгі көпір ретіндегі рөлін және екіжақты саудадағы тұрақты оң серпінді ерекше атап көрсетті.Бағдарламаның маңызды бөлігі Таиланд Сауда министрлігінің Сауда келіссөздері департаментінің бас директоры Чотима Лемсавадикулдың сөз сөйлеуі болды. Ол Таиландтың Қазақстанмен практикалық экономикалық серіктестікті дамытуға бейілділігін және сауда, инвестиция және логистика салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін білдірді.Қатысушылар агроөнеркәсіптік ынтымақтастық әлеуетіне ерекше назар аударды. Қазақстан АӨК өнімдерін жеткізу бойынша зор мүмкіндіктерге ие, бұл Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыруға жағдай жасайды. Өз кезегінде, дамыған қайта өңдеу және логистикалық инфрақұрылымы бар Таиланд қазақстандық ауылшаруашылығы өнімдерін өңірге ілгерілету үшін перспективалы өңірлік хаб бола алады.Тараптар жер қойнауын пайдалану және стратегиялық минералдар саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын да талқылады. Қазақстанның әлемдік ресурс базасындағы маңызды орны екі ел өнеркәсібінде сұранысқа ие шикізатты жеткізу және қайта өңдеу бойынша өзара тиімді серіктестікке жаңа мүмкіндіктер ашады.Дөңгелек үстелде цифрлық экономика мәселелері де қаралды. Тараптар арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум цифрлық сауда, финтех, бұлтты технологиялар, киберқауіпсіздік және зияткерлік логистика салаларында әріптестікті дамыту үшін негіз қалайды.Елші М. Баймұхан көлік байланыстылығы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды алғышарты екенін атап өтті. Халықаралық құрылымдардың жуырдағы шешімдері ЭСКАТО желісінде қазақстандық логистикалық нысандардың рөлін арттырып, Еуразия маршруттарын Оңтүстік-Шығыс Азия инфрақұрылымдық жобаларымен түйістіруге жаңа мүмкіндіктер ашады.Дөңгелек үстелде «KazakhInvest» компаниясының Сингапурдағы өкілдігі, Қазақ-тай альянсы және «Rhenus» логистикалық компаниясының өкілдері баяндама жасады. Іс-шара B2B-B2G форматындағы мақсатты кездесулермен аяқталып, оның барысында қатысушылар практикалық ынтымақтастық жобаларын талқылады.Қазақстан Республикасының Елшілігі барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, Қазақстан мен Таиланд арасындағы сындарлы диалогты және белсенді экономикалық өзара іс-қимылды одан әрі қолдаудың маңыздылығын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-thailand/press/news/details/1114886?lang=kk
Сұйытылған мұнай газын тасымалдаудың кейбір мәселелері туралы 28.11.2025
11.11.2025 жылғы № 432 н/к санды бұйрығына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағынан сұйытылған мұнай газын (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 2711 12 970 0), пропанды (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 2711 12 940 0) және бутанды (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 2711 13 970 0) автомобиль және теміржол көлігімен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін, мыналарды қоспағанда:1) өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) не Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде өндіруді жүзеге асырған, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 722-бабының 1-тармағына сәйкес салық режимінің тұрақтылығына ие жер қойнауын пайдаланушылардың әкетуін;2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қарашығанақ кен орнында өндірілген қазақстандық шикізаттан жасалған (өңделген) тауарларды әкетуді;3) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде басталатын және аяқталатын өткізілетін транзиттік тасымалды;4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша гуманитарлық көмектің шеңберінде әкетілетінді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-kyzylorda/press/news/details/1114879?lang=kk