Әлем
Ауданның негізгі міндеттері мен межелі көрсеткіштері бақылауда 20.11.2025
Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен өткен мәжілісте «2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі» және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен әлеуметтік жылу беру мәселелері қаралды.Жиында 2025 жылдың 10 айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланып, негізгі салалар бойынша оң динамика байқалып отыр. Атап айтқанда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция және тұрғын үй беру көлемдері өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жоғары өсім көрсетті.Сонымен қатар жыл соңына дейін барлық жоспарланған көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз ету міндеті қойылды. Бұл ретте салалық бөлім мамандары макроэкономикалық көрсеткіштерді арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.Жиында аудан бюджетінің атқарылу мәселесі де талқыланып, бюджеттің кірістері мен шығыстарын жыл қорытындысымен толық орындау тапсырылды. Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар Абайқызы бұл бағыттарда жасалған жұмыс жөнінде мәлімет берді.Жиын қорытындысында аудан әкімі барлық жауапты басшыларға нақты тапсырмалар беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бақылауда ұстауға және жылу беру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1108629?lang=kk
Алматы облысында әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы жалғасуда 20.11.2025
Алматы облысында әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен тұрғын үй кезегінде тұрған жандарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Биыл өңірде шамамен 1700 тұрғын үй бірлігін сатып алу жоспарланған. Оның ішінде 200-і – несиелік, ал 1500-і – әлеуметтік осал топтарға арналған жалдамалы тұрғын үйлер.Республикалық бюджет есебінен 369 үй сатып алу көзделген. Қазіргі уақытта оның 200-і сатып алынып, 187-сіне төлемдер жүргізілді. Әлі сатып алынбаған 169 үй Балқаш, Іле, Қарасай, Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандарында, сондай-ақ Алатау және Қонаев қалаларында орналасқан.Мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен қосымша 1331 үй алу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 444 үй сатып алынып, олардың 366-сына төлем жасалды. Әлі сатып алынбаған 887 үйдің басым бөлігі Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Талғар аудандарында және Қонаев қаласында шоғырланған. Жыл басынан бері облыста 644 үй сатып алынды. Соның ішінде:175-і – Еңбекшіқазақ ауданында,132-сі – Іле ауданында,92-сі – Жамбыл ауданында,75-і – Қарасай ауданында.Қараша айының соңына дейін қосымша 618 үй сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта 345 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Желтоқсан айында тағы 438 үйдің сатып алынуы күтілуде.Бұған қоса, Қонаев қаласында 195 үйдің құрылысы толық аяқталып, инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары атқарылып жатыр.Өңір әкімдігінің мәліметінше, жылдық жоспардың толық орындалуы жүздеген отбасының баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1108614?lang=kk
Маңғыстау облысында 700-ден астам жас сарбаз әскери ант берді 20.11.2025
«Батыс» өңірлік қолбасшылығыныңАқтау гарнизонындағы теңіз жаяу әскерлері бригадасы мен Бейнеудегі барлау полкінің жас жауынгерлері Отанға адал қызмет етуге ант берді.Салтанатты іс-шараға әскери бөлімдердің командирлері, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты.Ақтау гарнизонында әскер қатарына жаңадан қосылған жауынгерлерді құттықтаған «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Бауыржан Артықов жастарға жүрекжарды тілегін жеткізді.– Бүгін – тек сіздер үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін айрықша күн. Әскери ант – әр азаматтың ар-намысы мен өмірлік ұстанымы. Сіздердің әскердегі қызметтеріңіз мінез қалыптастырып, болашақ жетістіктеріңізге берік негіз қалайды деп сенемін, – деді ол.Ант қабылдау рәсімінен соң жас сарбаздар саптық даярлық, қарумен әрекет ету, қала жағдайындағы іс-қимылдар және шартты әуе қарсыласының шабуылын тойтару сияқты көрсетілімдер жасады.– Қызметтің алғашқы күндерінен бастап командирлердің қамқорлығын, әскери ұжымның қолдауын сезіндік. Ант беру мен үшін ерекше мақтаныш сәті болды. Елім үшін адал әрі жауапкершілікпен қызмет етуге дайынмын, – деді Батыс Қазақстан облысынан теңіз жаяу әскерлері бригадасына шақырылған қатардағы жауынгер Әділ Алхамов.Ақтау, Бейнеу гарнизондарындағы рәсім аяқталған соң қонақтар үшін арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Ата-аналар казармалар мен асханаларды, оқу сыныптарын аралап, жаттығу кешендері мен алдағы уақытта сарбаздар пайдаланатын қару-жарақ пен техниканы көрді. Дәстүр бойынша салтанатты іс-шарадан кейін жауынгерлер алғаш рет туыстарымен бірге қалаға шығуға мүмкіндік алды.Алдағы айларда сарбаздар жас мамандар бағдарламасы бойынша оқытылып, артиллерист, танкист, байланысшы, атқыш, барлаушы және басқа да әскери-есептік мамандықтарды меңгеретін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1108603?lang=kk
Түрген ауылында томат соустарын өндіру қарқын алуда 20.11.2025
Еңбекшіқазақ ауданы, Түрген ауылында бірнеше жыл бойы италиялық үлгіде дайындалған сапалы томат соустарын өндіру табысты дамып келеді. Бұл өнімдерді шығаратын Del Pomo компаниясы еуропалық сұрыптағы сүйкімді дәмі мен хош иісі бар қызанақтарды пайдаланады.Соус дайындаудың ерекше рецепті кәсіпорынның негізін қалаушы Андрей Неумывакин тарапынан әзірленген. Заилийский Алатауының баурайында Pelati, San Marzano және Appachi секілді италиялық қызанақ сорттары жерсініп, Del Pomo өнімдерінің негізгі шикізатына айналды. Компания жергілікті шаруа қожалықтарымен және фермерлермен тығыз ынтымақтастық орнатып, қызанақ жеткізуді жолға қойған.Del Pomo компаниясының құрылу тарихы да назар аударарлық. Шеф-повар, кулинария саласындағы халықаралық конкурстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Андрей Неумывакин Қазақстан, Өзбекстан және Еуроодақтың үш бірдей шеф-поварлар қауымдастығының мүшесі саналады. Ол қоғамдық тамақтандыру саласына жаңа технологиялар мен санитарлық талаптарды енгізуге атсалысып келеді. Сонымен қатар ол Алматыдағы технологиялық, қаржылық және инновациялық колледждерде болашақ мамандарды оқытады.Өндіріс ашу идеясы бірнеше жыл бұрын пайда болды. Астанадағы мейрамхана кешенінде жұмыс істеп жүрген кезінде Андрей Александрович жаз айында екі тонна қызанақ сатып алып, авторлық рецепті бойынша соус дайындаған. Сол кезде ол жеке өндіріс ашу қажет екенін түсінеді. Осылайша, 2022 жылы Del Pomo атты томат соустарын шығаратын кәсіпорын өз жұмысын бастады. Бүгінде компания жылына 100 тоннадан астам өнім өндіріп, оны Алматы қаласы мен Алматы облысына жеткізеді. Негізгі тұтынушылар – мейрамханалар, кафе, қонақ үйлер, пиццериялар, көтерме ұйымдар, базарлар мен мектептер.Компанияның өнімдері табиғилығымен және жоғары сапасымен ерекшеленеді. Мысалы, Passata di pomodoro Arrabbiata соусы ащы дәмді ұнататындарға арналған: құрамында жіңішке ащылық беретін чили және паприка бар. Ал Passata di pomodoro per Pizza соусы піскен қызанақ, пияз, сарымсақ, жаңа піскен райхан, тимьян және розмарин қосындысынан дайындалып, қанық түсі мен хош иісімен ерекшеленеді. Барлық өнімдер химиялық қоспаларсыз, бояғыштарсыз, глютенсіз және дәм күшейткіштерсіз дайындалады.Жақында Del Pomo соустары Есік қаласы мен Түрген ауылындағы дүкендерге қойылып, жергілікті тұтынушылар арасында танымал бола бастады.Алдағы жылы кәсіпкер томат өнімдерін өндіретін жаңа желіні іске қосып, өндіріс көлемін бес есеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Италиядан коммерциялық ұсыныс түсіп, кәсіпорын мемлекеттік қолдауға үміт артып отыр.Өңірдегі ауыл кәсіпкерлері жаңа тәсілдер мен заманауи технологияларды енгізу арқылы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Бұл ретте өңдеу кәсіпорындарының рөлі ерекше, өйткені олардың жұмысы өңір экономикасының дамуына тікелей ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1108606?lang=kk
Колледж студенттеріне арналған киберқылмыс және құқықтық сауаттылық тақырыбында дәріс 20.11.2025
2025 жылдың 19 қарашасында «Заң мен Тәртіп» идеологемасын іске асыру аясында Қызмет көрсету саласы колледжінің студенттері үшін Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Динара Хусаинова және ҚР Қостанай облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының уәкілі Тамерлан Ерденов құқықтық дәріс өткізді. Дәріс барысында киберқылмыс пен дроперлік деген не, қылмыстық схемаларға қатысудың салдары, құқықтық сауаттылық негіздері, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары талқыланды. Ең бастысы — өз құқықтарың мен міндеттеріңді білу және түсіну, заңсыз әрекеттерге «ЖОҚ» деп айта білу, заң мен қоғам алдындағы жауапкершілігіңді сезіну. Заң — абстракция емес, ол біздің күнделікті өміріміздің бір бөлігі. Заңды білу — өз еркіндігің мен қауіпсіздігіңді қорғау деген сөз! Қостанай облысыӘділет департаментініңБаспасөз қызметі Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet-kst/press/news/details/1108599?lang=kk
Қарасай ауданында білім беру инфрақұрылымы қарқынды дамуда 20.11.2025
Қарасай ауданында қазіргі таңда 80 мектеп жұмыс істейді. Оның 63-і – мемлекеттік, соның ішінде Әл-Фараби атындағы облыстық лицей бар. Қалған 17-сі – жеке меншік білім беру ұйымдары.2024 жылы «Келешек мектептер» ұлттық жобасы аясында Қаскелең қаласында, Қошмамбет, Елтай, Долан, Көкөзек және Кемертоған ауылдарында тұрғындар үшін жалпы 8100 орынға арналған жаңа форматтағы 6 мектеп пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен «Өмірұзақ» тұрғын үй кешенінде 900 орындық мектептің құрылысы аяқталып, оқу процесі басталды.2025 жылы Алмалыбақ ауылында 1500 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысы аяқталып, Білім күніне орай қолданысқа тапсырылды. Сонымен қатар «Асыл Арман» тұрғын үй кешені жанынан 2000 орындық Nomad International School ашылып, ұзақ жылдарға созылған үш ауысым мәселесін шешуге елеулі үлес қосты.Соңғы үш жылда ауданда барлығы 12 жаңа мектеп салынды. Соның нәтижесінде үш ауысымда білім беретін мектептер саны 12-ден 1-ге дейін қысқарды. Қазіргі таңда үш ауысымды оқу тек Бұлақты ауылындағы мектепте сақталған. Жыл соңына дейін бұл елді мекенде 900 орындық «Келешек мектеп» құрылысын аяқтау жоспарланған, осылайша ауданда үш ауысымды оқыту толық жойылады.Білім нысандарын күрделі жөндеу бағытында да жұмыстар атқарылуда. Абай ауылындағы М.Ғабдуллин орта мектебінің күрделі жөндеуі аяқталды. Шамалған ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектепте жөндеу жұмыстары қыркүйек айында басталды. Ал Қаскелең қаласындағы А.Пушкин атындағы мектептің жөндеу жұмыстарына қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Алмалыбақ ауылында орналасқан жаңа мектеп тек қазақ тілінде білім береді. 1500 орынға есептелген ғимаратта алғашқы жылы шамамен 1800 оқушы оқиды. 96 педагог еңбек ететін нысан заманауи жабдықтармен және отандық жиһаздармен толық қамтылған.Мектеп 10 блоктан тұрады. Үлкен және кіші сыныптарға арналған төрт спортзал, жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген асханалар, кең акт залы, заманауи пән кабинеттері, химия және физика зертханалары, STEM кабинеті, VR көзілдірігі мен робототехникаға арналған құралдармен жабдықталған. Ғимаратқа Face ID жүйесі орнатылып, оқушылардың келіп-кетуі қауіпсіз бақылауға алынған.Жеке инвестиция есебінен салынғанымен, Nomad International School-да 2000-ға жуық бала мемлекеттік жан басына қаржыландыру аясында тегін оқиды. Барлығы 2500 бала қабылданған, оның ішінде 400-ге жуық оқушы ақылы түрде білім алады. Оқу ақысы – 50 мың теңге.Мектептің басты ерекшеліктері:– білім беру төрт тілде жүргізіледі (қазақ, орыс, ағылшын, қытай);– математика, физика, химия, биология пәндері тереңдетіліп оқытылады;– спорт инфрақұрылымы күшейтілген;– тәжірибелі жоғары оқу орындары оқытушыларының қатысуымен кәсіби дайындық ұйымдастырылады.Жаңадан пайдалануға берілген білім нысандары Қарасай ауданындағы демографиялық өсім мен мектеп жүктемесін айтарлықтай жеңілдетті. Мәселен, Алмалыбақ ауылында бұған дейін тек Әл-Фараби атындағы лицей мен мектеп-гимназия жұмыс істеген болса, бүгінде оқушылардың басым бөлігі жаңа орта мектепке бөлінді. Дәл осындай оң өзгерістер Кемертоған ауылында да байқалады, онда Л.Толстой атындағы мектептің жүктемесі Nomad International School есебінен төмендеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1108601?lang=kk
«Терроризм және оның салдары» тақырыбында семинар өткізілді 20.11.2025
2025 жылдың 19 қарашасында «Заң мен Тәртіп идеологемасын іске асыру аясында Қостанай облысының Полиция департаментінің қызметкері А.К. Бапинов Әділет департаментінің қызметкерлеріне «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін құқықтық жауапкершілік, террористік сипаттағы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл алгоритмі» тақырыбында семинар өткізді.Іс-шараның мақсаты – құқықтық мәдениетті қалыптастыру, терроризм көріністеріне төзбеушілікті дамыту, сондай-ақ терроризм қаупі төнген немесе жасалған кезде іс-қимыл тәртібін түсіндіру.Кездесу барысында терроризм көріністерінің түрлері, сондай-ақ мемлекет пен қоғам үшін оның жағымсыз салдары қарастырылды. Жауапкершілік, заңдылықты нығайту, сондай-ақ терроризм актілерінің алдын алуда әрбір азаматтың рөліне ерекше назар аударылды.Семинар соңында қатысушыларға террористік сипаттағы қатерлердің алдын алу бойынша практикалық кеңестер ұсынылды.Қостанай облысыӘділет департаментініңБаспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet-kst/press/news/details/1108597?lang=kk
Қазақстан Елшісінің Израильдің Энергетика және инфрақұрылым министрімен жұмыс кездесуі 20.11.2025
Қазақстан Елшісінің Израильдің Энергетика және инфрақұрылым министрімен жұмыс кездесуі 2025 жылғы 17 қарашада Иерусалим қаласында Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Даулет Ембердиевтің Израильдің Энергетика және инфрақұрылым министрі Эли Коэнмен жұмыс кездесуі өтті.Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Негізгі талқыланған тақырыптар Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамыту және су ресурстарын басқару салаларындағы жобаларға израильдік серіктестердің қатысу перспективалары, Қазақстанның энергетикалық және су инфрақұрылымына инвестиция салу мүмкіндіктері, сондай-ақ аталған салалар бойынша технологиялар мен тәжірибе алмасу болды.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша жұмысты жалғастыруға және жаңа бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tel-aviv/press/news/details/1108578?lang=kk
Денизли провинциясының Сауда-өнеркәсіп палатасы алаңында Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне арналған дөңгелек үстел өтті 20.11.2025
Іс-шараға өңірдің түрлі экономикалық салаларында Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытқан бизнес өкілдері қатысты.Қазақстанның Измир қаласындағы Бас консулы Бауыржан Ақатаев және Түркиядағы «KazakhInvest» өкілі Ерсултан Жанабаев қатысушыларға Қазақстандағы негізгі инвестициялық мүмкіндіктер мен өзекті бағыттар бойынша жан-жақты ақпарат ұсынды.Кездесу тоқыма өндірісі, машина жасау және жүзім шаруашылығы салаларының өкілдері қатысқан мазмұнды пікірталаспен қорытындыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-izmir/press/news/details/1108582?lang=kk
Қазақстанның Измирдегі Бас консулы Б.Ақатаев Денизли провинциясына жұмыс сапары өткізіді 20.11.2025
18 қарашада Қазақстанның Измир қаласындағы Бас консулы Бауыржан Ақатаев Денизли провинциясына жұмыс сапарын жасап, аймақ пен қала басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді.Сапар барысында Денизли губернаторы Өмер Фарук Чошкунмен, мэрі Бюлент Нури Чавушоғлымен, провинцияның полиция бастығы Явуз Сағдичпен, сондай-ақ Әділет комиссиясының төрағасы Бахаттин Арыкан және Бас прокурор Ахмет Атаманмен келіссөздер өтті. Тараптар қазақстандық азаматтардың құқықтарын қорғау, жергілікті органдармен өзара іс-қимыл, қауіпсіздік, әлеуметтік байланыс және қалалық басқару салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.Бағдарламаның маңызды бөлігі Памуккале университетіне сапар болды. Ректор профессор Махмұт Гүңгөрмен кездесу және жұмыс түсті асынан кейін Бас консул университетте білім алып жүрген ҚР студенттерімен жеке жүздесті. Сұхбат барысында оқу процесі, тұрмыс жағдайы, қауіпсіздік және консулдықтың қолдауы жөнінде ашық пікір алмасты.Жұмыс сапары Денизли өңірінің құрылымдарымен ынтымақтастықты нығайтуға, жергілікті қазақ диаспорасының өзекті мәселелерін талқылауға және бірлескен жобаларға жаңа мүмкіндік ашуға ықпал етті.Денизли провинциясы Қазақстан Республикасының Измир қаласындағы Бас консулдығының консулдық округіне кіреді. Өңірде Қазақстанның Құрметті консулы Окан Оғуз басшылық ететін Құрметті консулдық жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-izmir/press/news/details/1108583?lang=kk
Қазақстан мен Бельгия арасындағы парламентаралық ынтымақтастық жаңа серпін алуда 20.11.2025
Брюссель, 2025 жылғы 19 қараша – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан бастаған қазақстандық делегация Бельгия Өкілдер палатасының төрағасы Петер Де Ровермен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын және оны кеңейтудің перспективаларын, сондай-ақ екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын талқылады.А. Құспан Қазақстан үшін саяси диалогты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, еуропалық бағыттың еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды орын алатынын жеткізді. Ол Бельгия тарапын Президент Қ. Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар туралы, соның ішінде бір палаталы парламентке көшу жөніндегі ұсыныс, сайлау жүйесін реформалау және заң үстемдігін күшейту шаралары туралы хабардар етті. Әңгімелесушілер Бельгияда да парламенттің бір палаталы құрылымына көшу процесі жүріп жатқанын ескере отырып, екі елдің ұстанымдарының ортақтығын атап өтті.П. Де Ровер Қазақстанда іске асырылып жатқан саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалап, көлік және логистика, стратегиялық маңызы бар шикізат материалдары, және жаңартылатын энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қолдау білдірді. Ол сондай-ақ көпжақты дипломатияның, мультилатерализмнің маңызын атап өтіп, «тұрақты мемлекеттер – тұрақты өңірлер» қағидатын ерекше атап өтті.Кездесуде бельгиялық компаниялардың Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктерге, оның ішінде стратегиялық маңызды материалдар, шикізатты қайта өңдеу және жасыл сутегі өндіру салаларына өсіп келе жатқан қызығушылығы атап өтілді. Қазақстан тарапы Бельгия мен ЕО-ның озық технологияларына және Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім аясындағы бірлескен жобаларды ілгерілетуге қызығушылық танытты.Сондай-ақ, тараптар Парламенттік одақ (IPU) шеңберіндегі өзара іс-қимылды дамытуды талқылады. Қазақстан парламенттік дипломатияны тереңдетуге, тәжірибе алмасуларды кеңейтуге және бірлескен іс-шаралар мен консультациялар ұйымдастыруға дайын екенін білдірді.Кездесу барысында А. Құспан П. Де Роверге Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың Қазақстанға ресми сапармен келу туралы шақыруын тапсырды. Бельгия тарапы мұндай сапардың саяси диалогты күшейту үшін маңызды екенін атап, оны ыңғайлы мерзімде қарастыруға дайын екенін айтты.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы парламенттік байланыстарды әрі қарай дамытуға және стратегиялық әріптестікті нығайтуға өзара мүдделілігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1108593?lang=kk
Еуропалық Парламентте «Орта дәліздің» артып келе жатқан рөлі талқыланды 20.11.2025
Брюссель, 2025 жылғы 19 қараша – Еуропалық Парламентте «Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара байланыстылықты нығайту: Орта дәліздің перспективалары мен стратегиялық әлеуеті» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Талқылауға Қазақстан Мәжілісінің және Еуропалық Парламенттің депутаттары, сондай-ақ Қазақстан мен ЕО мемлекеттік құрылымдарының өкілдері мен сарапшылары қатысты.Іс-шара Еуропа мен Орталық Азия арасындағы көлік байланыстарын стратегиялық дамытуға, сондай-ақ жаһандық логистикадағы Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ, кеңінен «Орта дәліз» деп те белгілі) өсіп келе жатқан маңызына арналды.Кіріспе сөзді Еуропалық Парламент депутаты, Құқықтық мәселелер комитетінің төрағасы Ильхан Кючук сөйледі. Ол Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуда байқалып отырған ілгерілеудің негізінде «Орта дәліздің» белсенді дамуы жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, «бұл – Еуропа мен Азияны байланыстыратын қарапайым көлік жолы ғана емес. Бұл – мүмкіндіктер дәлізі, тұрақтылық көпірі және ең бастысы – стратегиялық автономия мен ортақ өркендеудің символы».Сонымен бірге Еуропарламент депутаты, ЕО-ның «EuroNest» Парламенттік Ассамблеясындағы делегациясының басшысы Сергей Лагодинский геосаяси күйзелістер аясында «Қазақстан мен «Орта дәліз» жай ғана қызығушылық тудырып отырған жоқ – олар Еуропаның стратегиялық саясатының сақтандыру полисінің бір бөлігіне айналып келеді» деп атап өтті. Оның айтуынша, «Қазақстан теңізге тікелей шыға алмайтын елдің де әлемнің әр бөлігін шынайы байланыстыратын маңызды буынға айналып, географияны кемшілік емес, артықшылыққа айналдыра алатынын дәлелдеп отыр».Іс-шараның негізгі спикері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан болды. Ол көлік өзара байланыстылығын дамыту Қазақстан мен Еуропалық Одақ ынтымақтастығының басым бағыттарының бірі екенін, ал «Орта дәліздің» Еуразияның стратегиялық көпіріне айналып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімінің он жылдық мерейтойы өзара іс-қимылдың тұрақтылығы мен тереңдігін көрсетеді.Мәжіліс депутатының айтуынша, Қазақстан ежелден Ұлы жібек жолының бойында орналасқан ел ретінде бүгінде оның заманауи жоғары технологиялық нұсқасын қалыптастыруда. «Ел Еуропа мен Азия арасындағы негізгі транзиттік торапқа айналды: оның аумағы арқылы Шығыс – Батыс бағыты бойынша құрлықтағы жүктің 85%-дан астамы өтеді. Қазақстан соңғы он жылда көлік инфрақұрылымына 35 млрд. доллар инвестиция салды және 2030 жылға дейін тағы 15 млрд. доллар инвестиция құюды жоспарлап отыр», – деп түсіндірді ол.А. Құспан Оңтүстік Кавказдағы өңірлік ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашып отырған оң өзгерістерге де назар аударды. Ол Әзербайжанның транзиттік шектеулерді алып тастау туралы шешімі Қазақстанның алғашқы астық жөнелтілімдерін Арменияға жеткізуге мүмкіндік бергенін атап өтіп, мұны «көлік логистикасының сенімді, тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайта алатынының көрнекі үлгісі» деп атады.Қазақстандық депутат «Орта дәліздің» дамуы ең алдымен саяси емес, жаһандық экономикалық ағымдармен айқындалатынын баса айтты. Оның стратегиялық маңызы – әлемдік нарықтарға болжамды қолжетімділікті қамтамасыз ету, тәуекелдерді азайту және экономикалық өзара тәуелділікті күшейту.Ол Еуроодақтың Орталық Азия мен ЕО арасындағы көлік өзара байланыстылығын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Атап айтқанда, 2024 жылы өткен «Орталық Азия – ЕО» алғашқы Инвестициялық форумында жарияланған 10 млрд. еуро көлеміндегі міндеттемелерді және биыл сәуірде Самарқандта өткен «ОА – ЕО» Саммитінде жарияланған 12 млрд. еуроны атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастамалар ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа берік негіз қалайды.Қазақстанның Еуропалық Одақ жанындағы Тұрақты өкілі Роман Василенко Астана мен Брюссель арасындағы өзара іс-қимыл Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл өткен соң бұрынғыдан да нығайғанын атап өтті.Ол Еуропаның сенімді және әртараптандырылған сауда бағыттарын дамытуға деген қызығушылығы Қазақстанның континенттерді байланыстыратын негізгі хаб ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған ұзақ мерзімді стратегиясына толық сәйкес келетінін айтты. Дипломат Қазақстанның Еуропалық Одақпен және өңірлік серіктестермен жаңа еуразиялық дәліздерді ынтымақтастық, болжамдылық және өзара тиімділік кеңістігіне айналдыру үшін одан әрі конструктивті жұмыс істеуге дайын екенін растады.Сондай-ақ Еуропалық комиссияның Орталық Азия бойынша халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Бас директоратындағы бөлім басшысының орынбасары Фабиен ван ден Эеде және «European Neighbourhood Council» талдау орталығының басқарушы директоры Самуэль Вестерби өз пікірлерімен бөлісті. Олар «Орта дәліздің» дамуындағы тұрақты прогресті, көлік инфрақұрылымына әрі қарай инвестиция салудың және осы бағытты саяси тұрғыдан үйлестіріп қолдаудың қажеттілігін атап өтті.Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар «Орта дәліздің» болашақ еуразиялық өзара байланыстылық моделінің негізгі элементтерінің бірі екендігі туралы ортақ пікірді растады. Қазақстанның белсенді ұстанымы мен халықаралық ынтымақтастықтың кеңеюі бұл бағыттың жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін және экономикалық өсімге жаңа мүмкіндіктер ашатын стратегиялық көлік артериясы ретіндегі рөлін күшейте түсуде. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1108594?lang=kk
Қазақстан БҰҰ-ның гуманитарлық бастамаларын қолдауға арналған жыл сайынғы қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты 20.11.2025
Нью-Йорк, 2025 жылғы 19 қараша – Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі Ислам мәдени қоғамы мен БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің бірқатар Тұрақты өкілдіктері ұйымдастырған жыл сайынғы қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты. Аталған іс-шара дәстүрлі түрде дипломатиялық қауымдастықты біріктіретін, гуманитарлық бастамаларды ілгерілетуге және өзара қолдауды нығайтуға бағытталған маңызды алаң болып табылады.2025 жылы жиналған қаражат БҰҰ-ның Палестиналық босқындарға көмек көрсету және олар бойынша жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі Таяу Шығыс агенттігіне (UNRWA) – Газа секторындағы азаматтық халықты қолдауға бағытталған бағдарламалар үшін, сондай-ақ «Шекарасыз дәрігерлер» халықаралық ұйымына – Судандағы гуманитарлық операцияларды жүзеге асыруға жолданады.Қазақстан делегациясы арнайы ұлттық стенд әзірлеп, Тұрақты өкілдік ұжымы дайындаған дәстүрлі тағамдарын ұсынды. Ұлттық стенд қатысушылар мен қонақтардың жоғары қызығушылығын тудырып, жәрмеңкенің мәдени алуан түрлілігі мен қайырымдылық миссиясына мәнді үлес қосты.Қазақстанның аталған іс-шараға қатысуы еліміздің халықаралық гуманитарлық күн тәртібіне, өзара түсіністікті ілгерілетуге және қақтығыстардан зардап шеккен азаматтарды қолдауға деген берік ұстанымын тағы бір мәрте растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/1108595?lang=kk
Ауыл әкімдері округтерді дамытуға арналған жаңа бастамаларын ұсынды 20.11.2025
Облыс басшылығы мен ауылдық округ әкімдері арасындағы диалог мазмұнды әрі нақты сипатқа ие болуда. Бүгінде ауыл әкімдері мәселелерді ғана емес, оларды шешудің тиянақты ұсыныстарын, есептері мен нақты тетіктерін ұсынады.Осы бағыттағы жүйелі жұмысқа Қонаев қаласында жүзеге асқан «Әкімдер мектебі» жобасы елеулі үлес қосты. Жоба ауыл әкімдеріне заманауи басқару құралдарын меңгеруге мүмкіндік беріп, пікір алмасудың және тиімді шешімдер іздеудің алаңына айналды. Соның нәтижесінде мұндай кездесулердің сапасы едәуір артты.Облыстық әкімдікте өңірдің тоғыз ауданының ауылдық округ әкімдері бас қосты. Олар – округтердің дамуына жауапты, тікелей дауыс беру арқылы сайланған басшылар.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев атап өтті:«Ауыл – өңір экономикасының негізі. Мәселені облысқа жеткізбей, жергілікті жерде шешу маңызды. Егер ұсыныс ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға бағытталған болса, біз оны қолдауға дайынбыз».Кездесуде жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерін күшейту қажеттілігі айтылды. Оның ішінде әкімдердің сайлауалды бағдарламаларын орындау бойынша халық алдында тұрақты есеп беру практикасын заңмен бекіту ұсынылды.Бюджет мәселелері де кеңінен талқыланды. Ауыл әкімдеріне көлік иелері туралы ақпаратқа қол жеткізу, жылжымайтын мүлікті нарықтық құн бойынша бағалау және жеке табыс салығын жұмыс орны бойынша төлеу қағидатын енгізу жөнінде ұсыныстар жасалды. Бұл ауыл бюджеттерінің кіріс бөлігін нығайтуға мүмкіндік береді.Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу инфрақұрылымының дамуы — бизнес өсімінің маңызды шарты. Әкімдер шағын цехтар, сою пункттері мен қоймаларды өңірлік стандарттардың міндетті элементі ретінде енгізуді ұсынды.«Ауыл аманаты» жобасын іске асыру кезінде кепіл мәселесінің өзекті болып отырғаны айтылды. Қатысушылар «Даму» қоры арқылы кепілдік беру және тауарлық несие жүйесін енгізу бастамаларын қолдады. Сондай-ақ ауылдар мен кооперативтердің мамандануын нақты есепке алу қажеттілігі көтерілді.Әкімдік аппараттары қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру және жаңа KPI әзірлеу мәселелері талқыланды. Бәсекеге қабілетті жалақы мен нақты көрсеткіштердің болмауы кадрларды тартуды қиындататыны атап өтілді. Осыған байланысты округтердің жеке даму бағдарламаларын жасап, әкімдіктердің нақты мүмкіндіктеріне сай KPI белгілеу ұсынылды.Пікірталас барысында жайылым тапшылығы, жер учаскелеріне қатысты ақпараттың қолжетімсіздігі, ауылдық аппараттарда мамандардың жетіспеушілігі сияқты мәселелер көтерілді. Жер және ветеринария мамандарының штаттық бірліктерін енгізу, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына арналған үлгілік жобаларды әзірлеу ұсынылды.Цифрландыру саласындағы кедергілер де айтылды. Мемлекеттік деректер базаларына қол жеткізудің шектеулілігі әлеуметтік-экономикалық мониторинг жүргізуді қиындатады және шалғай ауылдарда жедел жәрдем шақыруы мен кезбелік жануарларды ұстау жұмыстарының үйлесімділігіне әсер етеді.Барлық ұсыныстар жүйеленіп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады. Алдағы уақытта ауыл әкімдері Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін республикалық диалог алаңында өз бастамаларын таныстырады.Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Қазыбек Дауталиев атап өтті: «Бүгінде ауыл басшылары кездесулерге шағыммен емес, идеямен келеді. Бұл – олардың кәсіби өсуінің және нәтижеге бағытталған жұмыстың көрсеткіші. Біздің міндет – осы қарқынға қолдау көрсетіп, тиімді жұмыс істеуге қажетті құралдармен қамтамасыз ету».Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1108596?lang=kk
Қазақстан Елшісі «Abdul Mohsen Al Hokair Holding Group» компаниясымен кездесті 19.11.2025
Рияд, 2025 жылғы 18 қараша – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков «Abdul Mohsen Al Hokair Holding Group» компаниясының Бас атқарушы директоры Маджид Әл-Хокейрмен келіссөздер өткізді.Сұхбат барысында туризм және қонақ үй бизнесі саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне басты назар аударылды.Қазақстан Елшісі ҚР-дың инвестициялық мүмкіндіктері, сондай-ақ ел экономикасына шетелдік капиталды ынталандыру және тарту бойынша қабылданып жатқан үкіметтік шаралар туралы ақпарат берді.Сауд тарапы Қазақстан нарығының өсіп келе жатқан әлеуетін жоғары бағалап, өзара тиімді әріптестікті дамытуға қызығушылық білдірді.1975 жылы құрылған «Abdul Mohsen Al Hokair Holding Group» қонақжайлық және ойын-сауық салаларында жұмыс істейді. Қазіргі таңда компания Сауд Арабиясы мен Шығанақ елдерінде 35 қонақ үй мен 90-нан астам тақырыптық парк пен ойын-сауық орталығын басқарады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-riyadh/press/news/details/1108575?lang=kk
Абу Дабиде Қазақстан мен БАӘ халықаралық-құқықтық қызметтерінің алғашқы консультациялары өтті 19.11.2025
Абу Даби, 2025 жылғы 17-18 қараша – Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің сыртқы істер министрліктерінің халықаралық құқық департаменттері арасында алғашқы консультациялар өтті.Іс-шараға қазақ тарапынан ҚР СІМ Халықаралық құқық департаментінің директоры Дастан Сүлейменов, ал әмірлік тарапынан БАӘ СІМ Халықаралық-құқықтық департаментінің директоры Абдулла Хамдан Әлнакби қатысты.Кездесу барысында тараптар екі мемлекет арасындағы шарттық-құқықтық базаның түгендеуін жүргізіп, оны одан әрі дамыту жөніндегі жоспарларды талқылады. Сонымен қатар құқықтық қызметтер өзекті халықаралық-құқықтық мәселелер жөнінде пікір алмасып, халықаралық шарттарды жасасу мәселелері бойынша тәжірибемен бөлісті.Дипломаттар шарттық-құқықтық базаны дамыту жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті және келесі кездесуді Астанада өткізуге уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-abudhabi/press/news/details/1108757?lang=kk
Қазақстанның «Jordan Phosphate Mines Company» компаниясымен ынтымақтастығын дамыту жолдары талқыланды 19.11.2025
Амман, 2025 жылғы 19 қараша – Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай Иорданияның «Jordan Phosphate Mines Company» (JPMC) Директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммад Аз-Зунейбатпен кездесті.Сұхбат барысында тараптар JPMC мен қазақстандық кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық перспективаларын, оның ішінде технологиялармен алмасу, фосфат шикізатын қайта өңдеу, сондай-ақ қазақ тарапының Иордания аумағындағы JPMC өндірістік жобаларына қатысу мүмкіндіктерін талқылады.Екі елдің салалық мемлекеттік құрылымдары мен бизнес-ұйымдары, атап айтқанда «Қазфосфат» ЖШС мен JPMC арасында тікелей байланыс орнатудың маңыздылығына назар аударылды.Елші Т.Шалданбай Қазақстанның JPMC-пен өзара тиімді әріптестікті дамытуға мүдделі екендігін атап өтіп, нақты келіссөздер жүргізу үшін Қазақстан делегациясының Иорданияға сапарын және оның барысында JPMC-тің өндірістік нысандарына баруын ұйымдастыруға атсалысуға дайындығын жеткізді.Тараптар болашақ ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындау мақсатында салалық ведомстволар мен компаниялар желісі бойынша байланыстарды жалғастыруға уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-amman/press/news/details/1108570?lang=kk
Қазақстан мен Грекия жоғары деңгейдегі келісімдерді іске асыру мәселелері бойынша өзара үйлестіру жүргізді 19.11.2025
Афина, 2025 жылғы 19 қараша – Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Грекияның Сыртқы істер министрінің орынбасары Александра Пападопулумен кездесу өткізді. Оның барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасты.Тараптар Қазақстан мен Грекия арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара бейілділігін растап, 2024 жылғы қарашада Бакуда өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы СОР-29 шеңберінде Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Грекия Премьер-министрі Кириакос Мицотакис арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру контексіндегі өзара іс-қимылдың жай-күйі мен перспективаларына ерекше назар аударды. Әңгімелесушілер жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда жүйелі түрде орындаудың маңыздылығын атап өтті.Кездесу барысында екіжақты шарттық-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру және үкіметаралық және ведмоствоаралық тетіктердің жұмысын жандандыру мәселелері қаралды. Сонымен бірге биік және жоғары деңгейдегі алдағы өзара сапарларға қатысты жоспарлар талқыланды. Бұл сапарлар Қазақстан мен Грекия арасындағы саяси диалог пен практикалық ынтымақтастыққа қосымша серпін беруге бағытталған.Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері жөнінде пікір алмасу өтті, оның ішінде екі елдің іскер топтарының тікелей байланыстарын дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды алға жылжыту мүмкіндіктері қарастырылды. Бұдан бөлек мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету, білім және туризм салаларындағы алмасуларды кеңейту перспективалары талқыланды. Бұл шаралар Қазақстан мен Грекия халықтары арасындағы өзара түсіністікті және достықты нығайтуға жәрдемдеседі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-athens/press/news/details/1108571?lang=kk
Қазақстан Сыртқы істер министрі Армения Елшісін қабылдады 19.11.2025
Астана, 2025 жылғы 19 қараша – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Армения Республикасының Қазақстандағы Елшісі Армен Гевондянды қабылдады.Тараптар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-армян ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен оны дамыту келешегін талқылады.Кездесу барысында Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның Астанаға жасайтын алдағы алғашқы ресми сапарына дайындық мәселелеріне айрықша назар аударылды. Армения Үкіметінің басшысын экономика, білім мен мәдениет салаларының мемлекеттік органдары өкілдерінен құралған делегациясы Ереванның Астанамен жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа серпін беруге ниетті екенін айғақтайды.Министр Армения Үкімет басшысының алғашқы ресми сапары екіжақты қатынастардағы маңызды меже болып, көлік-логистика, цифрландыру мен жасанды интеллект, білім мен денсаулық сақтау салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.Сұхбаттастар Қазақстан мен Армения арасындағы достық қарым-қатынастардың жоғары деңгейін және түрлі бағыттардағы диалогты ілгерілетуге өзара қызығушылықты атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң динамикасын қамтамасыз етуге бейілділігін растады.Кездесу соңында тараптар алдағы өзара сапарлар мен бірлескен іс-шаралар шеңберінде сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыру жөнінде уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1108573?lang=kk
Қазақстан ГРЕКО-мен өзара іс-қимылды күшейтуде 19.11.2025
Страсбург, 2025 жылғы 18 қараша – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының (ГРЕКО) 101-ші пленарлық сессияна қатысты. Делегацияны Агенттік Төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов басқарды.Пленарлық отырыста сөз сөйлеген қазақстандық делегация басшысы реорганизация қорытындысы бойынша ГРЕКО-мен үйлестіру және өзара іс-қимыл жасау функциялары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілгенін атап өтті. Ол аталған шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың превентивтік тетіктерін күшейтуге және ұлттық антикоррупциялық саясат аясында ГРЕКО ұсынымдарын тиімді іске асыруға бағытталғанын атап өтті.Агенттік Төрағасының орынбасары Қазақстанның ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйені нығайту жөніндегі кешенді шараларды жалғастырып жатқанын мәлімдеп, ГРЕКО ұсынымдарын әділдік институттарын одан әрі жетілдіруге және қоғамдық сенім деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды бағдар ретінде қарастыратынын атап өтті.Сапар аясында қазақстандық делегация Еуропа Кеңесінің Экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл және ынтымақтастық басқармасының сарапшыларымен кездесті. Тараптар ГРЕКО ұсынымдарына сәйкес Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын, антикоррупциялық саясатты, нормативтік-құқықтық және институционалдық базаны жетілдіру мәселелерін талқылады.Еуропа Кеңесінің өкілдері Қазақстанмен өзара іс-қимылдың оң динамикасын атап өтіп, екіжақты форматтағы жаңа жобалар бойынша жұмысты кеңейтуге әзір екенін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-strasbourg/press/news/details/1108552?lang=kk