Enbekshi QazaQ

Әлем

Заңсыз темекі жеткізудің трансұлттық схемасы әшкереленді: сот 8 жылға бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу үкімін шығарды 12.05.2025
Семей қаласында заңсыз темекілерді ірі көлемде заңсыз айналымға түсірген трансұлттық топтың 3 мүшесіне қатысты айыптау үкімі шығарылды.Тергеу барысында 8 адам, оның ішінде 3 шетел азаматын қамтыған қылмыстық топтың Қырғызстаннан жалған құжаттар арқылы 9,3 млн қорап контрафактілік темекіні заңсыз кіргізгені анықталды.Темекі өнімдері Алматы, Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарының аумағында сатылған. Сонымен қатар, қылмыскерлер контрафактілік тауардың бір бөлігін Ресейге шығармақ болған.Барлық заңсыз өнім айналымнан алынып, төленбеген акциз сомасы 2,6 млрд теңгені құрады.Мүлікті тәркілеу мақсатында 9 автокөлік пен жеке тұрғын үйге тыйым салынды.Сонымен қатар, тергеу барысында сот қылмыстық жолмен алынған мүлікті алдын ала тәркілеу туралы өтініштерді қанағаттандырды: 157 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша және құны 840 мың теңге тұратын «777» VIP автонөмір тәркіленді.Сот үкімімен Д.Бекешев, Д.Сатыбалдиев, Д.Султанов ҚР ҚК 264-бабының 2-бөлігі (трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысу), 214-бабының 2-бөлігі 1) және 3) тармақтары (заңсыз кәсіпкерлік) бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді және 166 млн теңге тұратын барлық тәркіленген мүлікті мемлекет меншігіне алынды.Қалған 5 қатысушыға халықаралық іздеу жарияланған. Олардың бірі Ресей Федерациясы аумағында ұсталып, оны экстрадициялау туралы өтініш тиісті органдарға жолданды.Егер Сізге экономикалық құқық бұзушылық жасау фактілері белгілі болса, бұл туралы "АФМ Insider" телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз. Анонимділікке кепілдік беріледі. ҚР ҚМА Баспасөз қызметі Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/afm/press/news/details/993008?lang=kk
2025 жылғы қаңтар-сәуірдегі әлеуметтік–экономикалық даму мәселелері 12.05.2025
Ұлттық статистика бюросының болжамды деректеріне сәйкес, еліміздің 2025 жылғы қаңтар-сәуірдегі әлеуметтік–экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары.Биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 6%-ды құрады. Экономиканың негізгі салаларында: көлікте (22,4%), саудада (7%) даму қарқынының артқаны байқалады. Өсім ауыл шаруашылығы (3,9%) және байланыс (2,6%) салаларында да тіркелді.Көлік саласындағы өсім саланың жалпы көлеміндегі үлестері тиісінше 20,5% және 19,6%-ды құрайтын темір жол және құбыр көлігімен жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметтер көлемінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Жоғары динамика Түркістан (21,8%), Жамбыл (11,2%) және Абай (14,9%) облыстарында тіркелді.Құрылыс саласында нақты жұмыс көлемінің индексі 16,2%-ды құрады. Сонымен қатар құрылыс кезеңін ескере отырып, жұмыстарды орындау қарқынын арттыру және жобалар құнының өсуіне жол бермеу үшін жергілікті жерлерде қажетті үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды.Сауда саласы бірінші тоқсандағы 6,3%-ға қарағанда 7% тұрақты өсуді көрсетті. Көтерме сауда көрсеткіші 7,4%-ға, бөлшек сауда көрсеткіші 6,1%-ға дейін өсті. Бірқатар өңірлер: Түркістан облысы – жемістерді, көкөністерді, фармацевтикалық тауарларды сататын кәсіпорындар есебінен 60,4%; Ақмола облысы – астықты, тұқымдарды және мал азығын сататын кәсіпорындардың арқасында 44%; Шымкент – дизель отынын, фармацевтикалық тауарларды, қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарды сататын кәсіпорындар есебінен 19,8%-ға жоғары өсімді көрсетті.Өнеркәсіпте өндіріс индексі 6,4% жетті. Өсім тау-кен секторында – 7,1%, атап айтқанда көмір өндіруді ұлғайту есебінен (11,2%) байқалып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде көрсеткіш 7,2% құрайды, оның ішінде тамақ өнімдерін өңдеу (12%), темекі өнімдерін (26,3%), химиялық өнімдерді өндіру (11,2%) және машина жасау (11,2%).Ауыл шаруашылығы оң динамиканы көрсетуде. Жалпы өнім индексі қаңтар-сәуір айларында 3,9%-ды құрады.Үкімет Президенттің еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының сапалы іске асырылуын бақылауда ұстайды.https://t.me/presseconomyАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-shalkar-bozoy/press/news/details/993129?lang=kk
Әскери оқу орындарының бұрынғы курсанттары қалпына келу үшін eGov.kz порталы арқылы онлайн өтінім бере алады 12.05.2025
Әскери оқу орындарының бұрынғы курсанттары оқу орнына қайта түсу үшін үйден шықпай-ақ өтініш бере алады. Ол үшін eGov.kz порталы арқылы өтінім беру жеткілікті. Қызмет тегін көрсетіліп, кемінде бір семестр оқуды аяқтағандарға қолжетімді болады.Бұрын қалпына келтіру процедурасы күрделі болып, жеке қатысуды талап ететін. Үміткерлер оқу орнына өтініш беріп, жеке куәлік, транскрипт, қызмет орны сипаттамасы, фотосурет, әскери куәлік көшірмесі және басқа да құжаттарды қамтитын кең пакетті жинауы керек еді.Енді процесс жеңілдетілді: онлайн түрде өтініш беріп, қажетті құжаттардың көпшілігі мемлекеттік деректер базасынан автоматты түрде жүктеледі. Оқу орнынан шығарылғаннан кейін бір жыл ішінде ғана өтініш беруге болатынын айта кету керек. Егер бұл мерзім аяқталса, оқу орнында қалпына келтіру мүмкін болмайды.Көрсетілетін қызметті алу үшін:eGov.kz порталында тіркеліп, «Азаматтарға» - «Әскери есепке алу және қауіпсіздік» - «Әскери қызмет» бөліміне өту керек;«Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қалпына келтіру» көрсетілетін қызметін таңдап, «Қызметке онлайн тапсырыс беру» түймесін басуы тиіс;оқу орнын таңдап, оқудан шығарылғаннан бері қанша уақыт өткенін көрсетіп, жеке деректерін пайдалануға келісім беруі тиіс;тұратын мекенжайын көрсетіп, құжаттарды қосуы тиіс;қолжетімді қол қою әдістерінің бірімен өтінішке қол қоюға тиіс;қызметтің нәтижесі пайдаланушының жеке кабинетінде «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде қолжетімді болады.Өтінімді қарау мерзімі 20 жұмыс күнді құрайды. Егер оң шешім қабылданса, нәтиже пайдаланушының жеке кабинетіне электрондық форматта жіберіледі. Егер қалпына келтіру мүмкін болмаса, студент те дәлелді бас тарту хатын алады.Жаңа көрсетілетін қызмет ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің, Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ және ҚР Қорғаныс министрлігінің ынтымақтастығымен іске қосылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/993484?lang=kk
eLicense.kz порталында рұқсат беру құжаттарын автоматты түрде қайта рәсімдеу функциясы қолжетімді болды 12.05.2025
Қызметті алу үшін тек SMS-хабарламаны күтіп, оны растау қажет. Одан кейін барлық қажетті рәсімдерді жүйе автоматты түрде жүзеге асырады. Қосымша ақпарат қажет болған жағдайда пайдаланушылар порталдың қолдау қызметіне жүгіне алады.Автоматты түрде қайта рәсімдеу мына қызметтерге қолжетімді:Пестицидтерді мемлекеттік тіркеу;Тұқым (түпнұсқалық, элиталық, бірінші, екінші және үшінші репродукциялар) өндірушілер мен өткізушілерді аттестаттау.Жаңартылған құжат қайта рәсімдеу процесі аяқталғаннан кейін бірден eLicense.kz порталындағы жеке кабинетте қолжетімді болады. Бұл жаңашылдық өтініш берушілерге уақыт үнемдеуге және құжаттарды қайта жинап, тапсыру қажеттілігін болдырмауға мүмкіндік береді.Жаңа функционал ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде іске қосылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-kurchatov/press/news/details/995061?lang=kk
9 мамыр – Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіштің ашылу салтанаты. 12.05.2025
Бастаушы ауылында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған “Жеңіс шежресі - Мәңгілік даңқ” атты мерекелік іс-шара өтті. Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов құттықтау сөз сөйлеп, тұрғындарға ізгі ниетін білдірді. Концерт барысында тыл ардагерлер мен Таулы Карабах соғысының ардагерлері құрметке ие болып, арнайы марапатталды. Сондай-ақ тыл ардагерлері Қартай Құдайбергенов пен аудан прокуроры Айдос Болатұлы жиналғандарды Жеңіс күнімен құттықтады. Іс-шарада аудандық мәслихат төрағасы Гүлнар Шаймарданова болды. ҰОС ардагерлерінің құрметіне орнатылған ескерткіштің салтанатты түрде ашылды. Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылып, соғыста қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Мерекелік концерт Бастаушы ауылының өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдарының ән-биімен жалғасты. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-samar-bastaushy/press/news/details/992952?lang=kk
Ұландық дзюдошы Астанада өткен Grand Slam чемпионатында қола жүлде иеленді 12.05.2025
Астанада өткен беделді халықаралық Grand Slam дзюдо турнирінде қазақстандық спортшылар Мағжан Шамшадин мен Аман Бақытжан қола жүлдегер атанды. Екі балуан да 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, жоғары техникалық шеберлік, жеңіске деген жігер мен қайсар рух танытты.Әсіресе Ұлттық ұланның спорттық командасын даярлау орталығының аға маманы (дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы), ефрейтор Мағжан Шамшадиннің жеңісі ерекше қуаныш сыйлады.Шамшадин шиеленісті белдесуде Франция өкілі Энцо Джинаны жеңіп, татамидегі мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.Аман Бақытжанның өнері де көрермендерді тәнті етті — ол әлем чемпионатының жүлдегері, Оңтүстік Кореялық Харим Лиді сенімді түрде ұтып, қола жүлдеге қол жеткізіп қана қоймай, жанкүйерлердің зор құрметіне ие болды.Grand Slam турнирі — әлемнің ең үздік дзюдошыларын жинайтын айтулы дода.Қазақстандық балуандардың қола жүлделері ұлттық құраманың қоржынына қосылған маңызды жетістік болды және еліміздің спортшыларының халықаралық аренада жоғары деңгейде дайындығын, бәсекеге қабілеттілігін көрсетті.Мағжан Шамшадин мен Аман Бақытжанды лайықты жеңістерімен құттықтаймыз! Жаңа белестер мен жарқын жетістіктер тілейміз! ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/992904?lang=kk
Канадада Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшісі UFC 315 жекпе-жегінде жеңіске жетті 12.05.2025
Канаданың Монреаль қаласында өткен UFC 315 турнирінде Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшісі аға лейтенант Бекзат Алмахан сәтті өнер көрсетті.Канадалық спортшымен болған жекпе-жекте Бекзат Алмахан 33 жастағы Брэд Катонды техникалық нокаутпен жеңді. Үш раундқа жоспарланған жеңіл салмақтағы кездесу небәрі 64 секундта Алмаханның пайдасына  шешілді.Бекзат Алмахан өзіне сеніп артып, қолдау білдірген барша жанкүйерлерге алғысын жеткізді. Спорт және туризм академиясының түлегі, 27 жастағы Бекзат Алмахан — ұлттық жекпе-жек түрлерінен Азия және әлем чемпионы. Қазір оның есебінде 12 жеңіс пен 2 жеңіліс бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/992910?lang=kk
Ақтауда жас теңізшілер Отанға адал болуға ант берді 12.05.2025
       Теңізшілердің қаласында Әскери ант беру рәсімі өтті.       Әскери-теңіз күштерінің 169 жас матросы үшін бұл рәсім – өмірлеріндегі маңызды оқиғаға айналып, олардың Отанға қызмет етуге және оның теңіз шекараларын қорғауға дайындығын білдіретін нышан болды.       Салтанатты шара Мәңгілік алау ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Рәсімге қатысушылар ерлікпен қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, оларға құрмет көрсетті.Іс-шараға ҚР Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы вице-адмирал Серік Борамбаев, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, ардагерлер, қоғамдық ұйым өкілдері, «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің Ақтау және Маңғыстау облысы бойынша төрайымы Гүлмира Жанысбаева, сондай-ақ ата-аналар қатысты.       – Әскери ант – бұл жай ғана сөз емес, бұл – жауапкершілік пен жауынгерлік ерліктің жолы. Сіздерге ел шекарасын қорғауда батылдық пен табандылық тілеймін. Халық сенімін абыроймен ақтайтындарыңызға сенемін, – деді ҚР Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы вице-адмирал Серік Борамбаев.       Шараға әскери-теңіз күштері оркестрі орындаған патриоттық шығармалар мен матростар дайындаған концерттік бағдарлама мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қонақтарға ерекше әсер қалдырған – қарумен саптық жүріс және жауынгерлік өнер элементтері көрсетілген көрнекі өнер көрсетулер болды.       – Сіздердің жетістіктеріңіз – ата-аналар үшін үлкен қуаныш. Отан қорғау жолыңыз жарқын болсын, қызметтеріңіз абыройлы болсын, – деп Атырау қаласынан келген матростың анасы Армангүл Қыдырбаева ұлын мақтан тұтатындығын айтты.Бұл салтанатты рәсім жас матростардың әскери қызметтегі алғашқы маңызды қадамы болып, олардың патриоттық рухын күшейтіп, сенім сыйлады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/992916?lang=kk
Көңіл толқытар қуаныш пен жүрек жылуы: Ақтауда Аналар күніне арналған концерттік бағдарлама өтті 12.05.2025
    Аналар күні қарсаңында Ақтау қаласындағы Мұрат Өскенбаев атындағы облыстық филармонияда «Ана жүрегі – сарбаз рухы» атты мазмұнды мерекелік шара өтті.        Іс-шараны ұйымдастырушы – «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитеті, ал қатысушылар – Ақтау гарнизонының түрлі бөлімшелерінен келген әскери қызметшілер болды.       Мереке Әскери-теңіз күштері мен Шекара қызметінің матростарын, теңіз жаяу әскерінің мерзімді қызметтегі сарбаздарын, авиациялық база мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының, материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасының және Ұлттық ұланның сарбаздарын біріктірді. Залда жүздеген ана мен сарбаздың жақындары жиналды. Көпшілігі үшін бұл – ұлдарымен қауышқан көптен күткен кездесу болды. Қуаныш жасы, құшақтасу мен жүректен шыққан жылы лебіздер ерекше мейірім мен ризашылыққа толы атмосфераны қалыптастырды.       Жиналғандарды Ақтау гарнизонының бастығы, әскери прокурор, қорғаныс істері және әскери полиция департаменттерінің басшылары, әскери бөлім командирлері мен «Аналар жүрегі» комитетінің төрайымы Гүлмира Жанысбаева құттықтады.       «Ана жүрегі – мейірім мен махаббаттың нышаны, ал сарбаз рухы – Отанға деген адалдықтың белгісі. Бұл күн қос ұлы құндылықты біріктірді», – деді ол өз сөзінде.       Мерекелік көңіл-күйді әскери қызметшілердің өздері дайындаған концерттік бағдарлама одан әрі жандандыра түсті. Сарбаздар орындаған патриоттық өлеңдер, музыкалық нөмірлер мен театрландырылған қойылымдар көрермендердің ыстық ықыласына ие болды.       Аналарға ерекше құрмет көрсетілді. Әскери бөлім командирлері ұлдарын лайықты тәрбиелегендері үшін ата-аналарға алғыс хаттар табыс етті. Бұл – барша көрерменнің көңілін толқытқан, жүректі тебіренткен сәт болды.«Ана жүрегі – сарбаз рухы» іс-шарасы ананың күш-жігері, төзімі мен махаббатына деген зор құрметтің жарқын үлгісі болып, отбасы мен әскери қызметтің, бейбітшілік пен парыздың ажырамас байланысын айқын көрсетті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/992918?lang=kk
Армия спортшысы Үндістандағы армрестлингтен Азия чемпионатында жеңіске жетті 12.05.2025
Үндістан астанасы - Делиде өткен армрестлингтен Азия чемпионатында Қазақстан Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшісі құрлық біріншілігінің «алтын» жүлдесін жеңіп алды.55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Сандуғаш Сейдіш қырғызстандық спортшы Молмол Акимқожоқызын жеңді.Чемпион өз жеңісінде шешуші рөлді қарқынды жаттығулар және жағымды көңіл-күй ойнағанын атап өтті. Ол Арнайы операциялар күштері қолбасшылығына баға жетпес қолдау мен көмегі үшін алғысын білдірді.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/992921?lang=kk
Ұйғыр ауданында “Таза Қазақстан” тұжырымдамасы аясында 1,2 тонна ағаш тұқымы егілді 12.05.2025
Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданында республикалық “Таза Қазақстан” экологиялық бастамасы қарқынды жүзеге асырылып келеді. Қоршаған ортаны қорғау, көгалдандыру және экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған бұл науқан өңір халқының белсенді қолдауымен жүзеге асып жатыр.Аудан аумағында “Қарадала Орман шаруашылығы” КММ мен Ұйғыр ауданы әкімдігінің бірлескен бастамасымен 10 шақырымға созылған алқапқа 1,2 тонна қараағаш тұқымы егілді. Бұл көлем 150 қапқа шақ келеді. Мамандардың айтуынша, бір тонна тұқымнан мыңдаған жас көшет өсіп шығып, болашақта толыққанды орман алқабына айналады.Аталған жұмыс аясында экологиялық мәдениетті насихаттау мақсатында “Таза Қазақстан” логотипі бейнеленіп, егілген аумақ болашақта демалыс саябағына айналмақ. Қазіргі таңда бұл жоба өңір экологиясын жақсартуға бағытталған ұзақмерзімді шешімдердің бірі ретінде қарастырылып отыр.Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусизованың айтуынша, бұл тек ағаш егу шарасы ғана емес, болашақ ұрпаққа үлгі боларлық экологиялық құндылық.“Экологияны сақтау – әрқайсымыздың борышымыз. Біз бүгін табиғатқа салған әр дән арқылы ертеңімізге инвестиция құйып отырмыз. Ұйғыр ауданы үшін бұл – жасыл кеңістікті ұлғайтып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам”, – деді аудан басшысы.Айта кетейік, “Таза Қазақстан” тұжырымдамасы аясында аудан көлемінде ағаш отырғызумен қатар, су көздерін тазарту, қоқыс полигондарын жою, экотуризмді дамыту бағытында да бірқатар жұмыстар қолға алынған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-zkh/press/news/details/992887?lang=kk
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Мехико қаласындағы «Бүркіттер ескерткішіне» гүл шоқтарын қою рәсімі өтті 12.05.2025
Мехико, 2025 жылғы 9 мамыр – Қазақстан Республикасының Мексика Құрама Штаттарындағы Елшілігі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан мексикалық ұшқыштардың 201-ші жауынгерлік эскадрильясына арналған монумент аясында гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.Іс-шара көптеген халықтардың тарихының ажырамас бөлігіне айналған Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге арналды.Салтанатты рәсімге Мексика Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық Қорғаныс министрлігі мен Мехико қаласы мэриясының өкілдері, елде аккредиттелген дипломатиялық миссиялар, сондай-ақ Мексика мен Қазақстан азаматтары қатысты.Естелік іс-шара барысында Жеңістің адамзаттың ортақ мұрасы ретіндегі тарихи маңыздылығы ерекше атап өтілді. Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы халықтары үшін, оның ішінде Қазақстан үшін де ауыр сынақ болды. 1,2 миллионнан астам қазақстандықтар майданға аттанды, олардың жартысынан астамы құрбан болды.Мексиканың Жеңіске қосқан үлесіне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар Тынық мұхиты майданында соғысқан Мексика әуе күштерінің 201-ші жауынгерлік эскадрильясының батырларын еске алды. Бұл жасақ фашизмге қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың символына айналды.Қазақстан Республикасының Елшілігі тарихи ақиқатты сақтаудың маңыздылығын және өткен қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін әлемдік қоғамдастықтың бірлескен күш-жігерінің қажеттілігін атап өтті. Қазақстан қазіргі және болашақ ұрпақ үшін тұрақты әрі қауіпсіз келешек үшін халықаралық диалогты, ынтымақтастықты және бейбітшілікті нығайтуды үнемі қолдайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-mexico/press/news/details/992889?lang=kk
Десанттық-шабуылдау әскерінің 1600-ден астам жауынгері Отанға адал болуға ант берді 12.05.2025
Жас сарбаз курсынан өтіп, Алматы, Жетісу және Қонаев гарнизондарындағы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қатарын толықтырған жас сарбаздар әскери ант берді.Бұл салтанатты сәтке жас жауынгерлермен бірге Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы, атқарушы билік өкілдері, Қарулы күштер мен Ауған соғысының ардагерлері, сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты.Ант бергенге дейін жас сарбаздар әскери бөлімнің тарихымен және дәстүрлерімен танысып, қару-жарақ пен әскери техниканың тактикалық-техникалық сипаттамаларын, мемлекеттік-құқықтық, саптық және атыс дайындығының негіздерін меңгерді.Биыл көктемде еліміздің әр өңірінен келген жас десантшылар Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілік мүдделерін қорғауға ант берді.– Әскери ант – Отан қорғаушысы үшін бұзылмас заң. Ант берген сәттен бастап сіздер әскери істі адал меңгеріп, жауынгерлік қызметтің қиындығына төтеп беруге міндеттісіздер. Біздің бригада – Қазақстанның Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бесігі. Бұл әскерлер – асқан ерліктің, батырлықтың және әрқашан дайын болудың үлгісі. Қызмет барысында алған білімдеріңіз бен дағдыларыңыз сіздерге пайдасын тигізіп, мінездеріңізді шыңдап, денелеріңізді нығайтады деп сенемін. Осы маңызды жолда табандылық пен сәттілік тілеймін, – деді 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының командирі гвардия полковнигі Бейбіт Аманқалиев.Қонақтар үшін әскери бөлімде қарумен және қарусыз жауынгерлік әдістер көрсетілген арнайы көрсетілімдер ұйымдастырылды.– Отан алдындағы борышты өтеу – әр ер адамның қасиетті парызы. Армиядағы қызмет менің болашағымды айқындауға және тұлғалық қалыптасуыма негіз болады деп ойлаймын, – деді Алматыдан шақырылған қатардағы жауынгер Мирас Ескендір.Ант қабылданған соң әскери бөлімдерде экскурсиялар өтті. Қонақтарға казармалар, оқу сыныптары, асханалар мен спорт залдары көрсетілді. Әскери бөлім командирлері ата-аналар қойған күн тәртібі, оқыту, тамақтану, медициналық қызмет көрсету және өзге де мәселелерге жауап берді. Сол күні сарбаздар алғашқы сейілге шықты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/992875?lang=kk
«Алтын микрофон»: жұлдыздарға жол Костанайдан басталады 12.05.2025
2025 жылғы 15–16 тамыз күндері Қостанайда тағы да жас дауыс иелерінің әндері шырқалмақ: мұнда Қазақстандағы ең беделді мәдени алаңдардың біріне айналған «Алтын микрофон» халықаралық вокалдық байқауы өтеді. Байқаудың құрылтайшысы – Қостанай облысы әкімдігі. Байқау облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен өткізіледі. Ұйымдастырушысы – Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасына қарасты «Облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы» КМҚК, байқау барлық кезеңдерде – өңірлік деңгейден бастап халықаралық деңгейге дейін – жоғары деңгейде ұйымдастырылып, кәсіби қауымдастықтың сенімі мен байқаудың беделін жыл сайын дәлелдеп келеді.«Алтын микрофон» байқауының тарихы 2002 жылдан басталады. Ол кезде бұл байқаудың кішкентай ғана қалалық вокалшылар сайысы екені және оның кейін ірі халықаралық жобаға айналары ешкімнің ойына кірмеген еді. Байқаудың негізін қалаушылардың бірі – белгілі қостанайлық конферансье, эстрада әртісі Вячеслав Авдеев болды. Оның бастамасы мен энтузиазмы үлкен жолдың алғашқы қадамына айналды. Байқаудың қалыптасуына елеулі үлес қосқан саяси және қоғам қайраткері Валерий Вишниченко да ерекше атап өтілуі тиіс. Содан бері «Алтын микрофон» байқауы өзінің ауқымын кеңейтіп, қатысушылар географиясы мен кәсіби стандарттарын тұрақты түрде дамытып келеді. 2023 жылы Армения, Беларусь, Болгария, Қырғызстан және Украина елдерінен 77 орындаушы қатысты.Әр маусым – бұл шын мәнінде ауқымды мәдени процесс. 2025 жылғы байқау 14–21 сәуір аралығында Қостанай облысының төрт өңірінде өткен өңірлік кезеңнен басталды. Онда 171 вокалшы бақ сынап, олардың 68-і облыстық кезеңге өтті. Олардың өнерін өңіріміздің мәдениет майталмандары: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлбану Абдулина, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, композитор Азамат Мұқатов, халықаралық байқаулардың лауреаты, Рудный музыкалық колледжінің оқытушысы Алуа Мұсапирова, сондай-ақ «Алтын микрофон» байқауының Гран-при иегері, «X-Factor» жобасының жеңімпазы Бекболат Жазыкпаев бағалады.Байқаудың облыстық кезеңі қазылар алқасын көп жылдан бері басқарып келе жатқан Гүлбану Абдулина «Алтын микрофонға» деген қызығушылықтың тек елімізде ғана емес, шетелдерде де жоғары екенін атап өтеді:«Өтініштер тек Қазақстаннан емес, алыс-жақын шет елдерден де түседі. Байқау жылдар бойы адал, ашық және шығармашылыққа толы жоба ретінде өзін көрсете білді. Оның лауреаттары шетелдік сахналарда жарқырап, халықаралық жобаларға қатысуда. Бұл – сахна мәдениетін, әртістік шеберлік пен жауапкершілікті қалыптастыратын байқау. Сондықтан да ол ұстаздар мен әртістер үшін өте құнды», – дейді Гүлбану Абдулина.Халықаралық финалдық кезең екі турдан тұрады және жарқын гала-концертпен аяқталады. Биыл байқауға 7–23 жас аралығындағы вокалшылар қатыса алады. Олар төрт жас санаты бойынша бөлінеді. Әр қатысушы екі шығарма орындайды, олардың біреуі қазақ тілінде болуы – Қазақстан Республикасының азаматтары үшін өзгермейтін шарт. Байқаудың тағы бір маңызды талабы – фонограмма мен автотюнға толық тыйым салынуы. Тек «минус» фонограмма немесе тірі музыкалық сүйемелдеу ғана рұқсат етіледі. Бұл – байқауды ұйымдастырушылардың басты ұстанымы. Ол жоғары көркемдік деңгейді сақтап қана қоймай, қатысушыларды кәсіби сахна мәдениетіне жақындатады.Қатысушылардың өнері бірнеше маңызды критерий бойынша бағаланады: интонациялық тазалық, ырғақтың дәлдігі, орындаушылық шеберлік деңгейі, таңдаған репертуардың күрделілігі. Сонымен қатар, әртістік қабілет, сахналық мәдениет пен әсерлілік – дикция мен микрофонмен жұмыс та назардан тыс қалмайды. Осы барлық элементтер жас орындаушының кәсіби сахнаға дайындығын әділ бағалауға мүмкіндік береді.Қазылар алқасының кәсібилігі – байқаудың сапасына кепіл. Биыл қатысушылардың өнерін Қазақстан, Беларусь, Болгария, Армения, Қырғызстан және Украинадан келген мамандар бағалайды. Бұл елдерден байқауға жас таланттар да қатысады. Осылайша «Алтын микрофон» шын мәнінде халықаралық алаңға айналуда. Қазылар алқасының төрағасы – композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің директоры Жеңіс Сейдоллаұлы. 2020 жылға дейін бұл құрметті міндетті аңызға айналған композитор Кеңес Дүйсекеев атқарған еді.«Алтын микрофон» байқауы 20 жылдан астам уақыт бойы жас вокалшыларды тәрбиелеп, кәсіби өнер әлеміне жол ашып келеді. Осы уақыт ішінде Қазақстанның түрлі өңірлерінен, сондай-ақ алыс-жақын шет елдерден 1025 қатысушы өнер көрсетті. Гран-при – 20, бірінші орын – 63, екінші орын – 63, үшінші орын – 114, арнайы жүлделер – 20. Жалпы жүлде саны – 280. Осы жылдар ішінде байқау музыкалық әлемге көптеген жаңа есімдерді сыйлады. «Алтын микрофон» жеңімпаздары кейін беделді халықаралық байқаулардың жүлдегерлері мен лауреаттарына айналды. Олардың қатарында – «X-фактор 2024» финалисі Мейрімхан Назарханов, Ninety One тобының солисі Батырхан Маликов, Әміре атымен танымал Ернар Садирбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солисі Балуан Беркенов, «Қазақстан дауысы» жобасының қатысушысы Анна Уварова, «X-Factor» жобасынан Айдар мен Бекболат Жазыкпаевтар, Ясмин Ибраева, Ерназ Қабдыхамитов және Ясмин Аюпова.«Алтын микрофон» – жай ғана байқау емес. Бұл – жаңа буын әртістерін тәрбиелейтін, жас таланттарға үлкен сахнаға жол ашатын және Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтатын ауқымды мәдени жоба. Осы жерде, Қостанайда, үлкен сахна жолының алғашқы ноталары естіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-madeniet/press/news/details/992854?lang=kk
Ауыл тұрмысы – инфрақұрылым дамуына байланысты 12.05.2025
Инфрақұрылым – ауыл халқының әл-ауқатын арттырудың басты тетігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында ауылдық елді мекендердің дамуына ерекше мән беріп келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдарды таза ауыз сумен, сапалы жолмен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып отыр.2025 жылдың 1 мамырына дейінгі мәлімет бойынша, ауданға қарасты 44 ауылда тұратын 24 380 адамның ішінде 36 ауылдың (22 074 адам) тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтылған. Бұл – жалпы көрсеткіштің 90,5%-ы. Олардың ішінде 17 ауылда (18 039 адам) орталықтандырылған су жүйесі іске қосылса, 16 ауыл (3 170 адам) әкелінетін су арқылы жұмыс істейтін тарату пункттерімен жабдықталған. Тағы 3 ауылдың (3,5%) тарату пунктер жұмыс істеп тұрған құбырлардан сумен қамтамасыз етілуде.Қазіргі таңда Новошумное мен Лесное ауылдарында құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда.Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту да Мемлекет басшысының тапсырмаларына сай жүзеге асырылып келеді. 2024 жылы аудандық маңыздағы 12 жол учаскесінде (жалпы ұзындығы 44,15 км) орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, су өткізу құбырлары ауыстырылды. Ал 2025 жылы 115,9 шақырым аудандық жолды жөндеу жоспарланып отыр.Көше-жол желісі бойынша да жұмыс қарқынды. Өткен жылы 13 елді мекендегі 22 көше (20,2 км) жөндеуден өтті. Биыл тағы 6 ауылда жалпы ұзындығы 19,7 км болатын 11 көшеге ағымдағы жөндеу жүргізіледі.Бұл жұмыстар – Президент тапсырмаларына сәйкес, ауылдағы өмір сапасын арттыру бағытындағы нақты қадамдар. Олар ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay-fedorov/press/news/details/992830?lang=kk
Әскери парадқа қатысқан жауынгерлер Мәскеуден оралды 12.05.2025
Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Иван Панфилов атындағы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 37-ші бригадасының 80 әскери қызметшісі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштеріне тиесілі ұшағымен Талдықорған қаласына оралды.Тоғызыншы мамыр күні қазақстандық десантшылар Қызыл алаңмен салтанатты шерумен өтіп, бүкіл адамзаттың бейбітшілігі мен азаттығы жолында күресіп, қаза тапқан жауынгерлер мен көзі тірі ардагерлерге тағзым етті.Жеңіс парадына қатысқан аға лейтенант Ерзат Қосын өз әсерімен бөлісті:– Мәскеудегі салтанатты шеруге қатысу – мен үшін зор мәртебе. Бұрынғы жылдары Қызыл алаңнан сарбаздар майданға аттанған. Ең ауыр соғыста олар рухының күші мен отансүйгіштігінің арқасында жеңіске жетті. Жеңіс үшін өмірін қиған жандардың рухына тағзым ету мүмкіндігі бұйырғанына мақтанамын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/992845?lang=kk
Өмірін сақтады: ұландықтар ұстамасы бар қызды құтқарып қалды 12.05.2025
Астанада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері кезекті рет кәсібиліктері мен кез келген сәтте көмекке келуге дайын екендіктерін дәлелдеді. Оқиға Салтанат сарайы маңында орын алды. Автобус аялдамасынан келе жатқан жас қыз кенеттен өзін жайсыз сезінген.Қыз жол бойына жақын маңда тұрған әскери қызметшілерден көмек сұрады. Жағдай шұғыл әрекетті талап етті. Ұландықтар бірден іске кірісті.Аға лейтенант Бағлан Тәтей, лейтенант Әділет Мұратов және қатардағы жауынгер Даниял Сәрсенғалиев зардап шеккен қызды қауіпсіз жерге шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетті.— Біз келген кезде қыздың жағдайы өте ауыр екені бірден байқалды. Ол теңселіп, әрең жүріп келе жатты. Біз оны жол жиегінен алып кетіп, жарақат алу қаупін болдырмауға тырыстық. Эпилепсия ұстамасына ұқсас жағдай болды: қолдары қалтырап, көзі бұлдырап тұрды. Біз оны бір қырынан жатқызып, басын ұстадық, есінен танып қалмауы үшін үнемі сөйлесіп отырдық. Ең бастысы – оның құлап, өзіне зақым келтіріп алуына жол бермеу еді, – дейді аға лейтенант Бағлан Тәтей.Куәгерлердің айтуынша, қызда эпилепсия ұстамасының белгілері байқалған. Әскери қызметшілер жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер қызды қалалық ауруханаға жеткізді.Бұл оқиға Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің тек қоғамдық тәртіпті сақтап қана қоймай, төтенше жағдайларда азаматтардың сенімді қорғаны екенін тағы бір мәрте көрсетті.Ұландықтар – қауіпсіздіктің кепілі. Олар күн сайынғы қызметімен ерлікке дайын екендерін дәлелдеп келеді. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/992808?lang=kk
Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары Минскідегі әскери парадқа қатысты 12.05.2025
Беларусь еліне Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың басшылығымен барған қазақстандық делегация Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысты.  Маңызды оқиға – "Минск – батыр қала" ескерткіш бағанасының маңында өткен әскери шеру болды.Сапар аясында генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев Беларусь Республикасының Әскери академиясында, Беларусь мемлекеттік авиация академиясында оқитын қазақстандық курсанттармен және әскери шеруге қатысатын ҚР Қарулы күштерінің ту ұстаушыларымен кездесті.Бұдан өзге, қазақстандық әскери қызметшілер "Дукорский Маентак", "Дудудки" этноауылдарына, Беларусь Қарулы күштері Офицерлерінің орталық үйіне, Ұлы Отан соғысы тарихы мұражайына және "Хатынь" мемориалдық кешеніне барды.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/992795?lang=kk
Әскери парадқа қатысушылар тұрақты қызмет орнына оралып жатыр 12.05.2025
Жеңіс парадына қатысушыларды Ақтау қаласында салтанатты жағдайда қарсы алды.Маңғыстау теміржол вокзалында Астанада өткен әскери парадқа Ақтау гарнизонының атынан қатысқан әскери қызметшілерді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.Таңның ертесіне қарамастан, бұл кездесу мерекелік көңіл-күйде өтті. Жүздеген әскери қызметші, олардың отбасы мүшелері мен әскери оркестр музыканттары парадқа қатысушыларды қарсы алуға жиналды.Теңіз жаяу әскерлері бригадасының, Әскери-теңіз күштерінің, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері бригадасының, материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасының және әскери полицияның жеке құрамы өз әріптестерін құрметпен қарсы алды.Каспий жағалауынан келген  500-ге жуық әскери қызметші бір айдан астам уақыт бойы Астанада саптық машықтарын жетілдіріп, парадта Маңғыстау облысының намысын лайықты қорғады.Платформада әскери оркестрдің көңілді марштары ойналып, ауада күлкі мен шаттық лебі есті.Жиналғандарды Ақтау гарнизонының бастығы подполковник Азамат Сүлейменов құттықтады:– Сіздермен қайта қауышқанымызға қуаныштымыз, – деді ол. – Сіздер тарихқа ендіңіздер. Екі айдан астам уақыт бойы сарбаздар үлкен дайындықтан өтіп, маңызды іс-шарада өзін лайықты көрсете білді. Біз сіздермен мақтанамыз. Әрқайсыңызға үлкен алғысымды білдіремін. Сіздерге мықты денсаулық, отбасылық бақыт пен ашық аспан тілеймін!Кейін салтанатты іс-шаралар әскери бөлімдерде жалғасты. Теңіз жаяу әскерлері бригадасының саптық алаңында келгендерді ұрандармен, әскери тәртіппен қарсы алды.Мерзімді қызметтегі теңіз жаяу әскері жауынгері қатардағы Алмас Дәулетбек парадқа қатысқанын мақтаныш етеді. Барлық әскери қызметші саптық дайындықтарын жоғары деңгейде көрсетіп, жақсы баға алды. Ол министр атынан он күндік демалысқа жіберілді.Алда сарбаздарды жауынгерлік атыстар, полигондағы оқу-жаттығулар және басқа да әскери міндеттер күтіп тұр. Дегенмен бұл – жылдың басты саптық шеруіне қатысу олардың жадында мәңгі сақталмақ.Айта кетейік, Ақтау гарнизоны атынан әскери парадқа екі саптық есептоп – теңіз жаяу әскерлері бригадасы мен Әскери-теңіз күштері қатысып, өңірді абыроймен танытып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/992806?lang=kk
Хорватияда кеңес жауынгерлері мен фашизм құрбандары еске алынды 12.05.2025
Батина, Загреб, 2025 жылғы 9 мамыр – Қазақстан Республикасының Хорватиядағы Елшілігінің қызметкерлері гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, Батина шайқасында қаза тапқан кеңес жауынгерлеріне және Загреб қалалық зиратындағы халық қаһармандары мен партизандар мемориалында фашизм құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.Батина ауылындағы мемориалдық кешен Югославия аумағындағы Екінші дүниежүзілік соғыстың ең ірі шайқастарының бірінде қаза тапқан екі мыңнан астам кеңес жауынгерлері мен офицерлері жерленген бауырластар зиратының орнында салынған. Бұл шайқастарға қатысқан отыздан астам жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Олардың қатарында Батина шайқасы кезінде 315-атқыштар дивизиясының 22-атқыштар ротасын басқарған Қарағанды облысының тумасы Хамит Сәдуов бар. 1944 жылғы 19 қарашада оның рота фашистердің шабуылдарын қиян-кескі ұрыста ерлікпен тойтарыс беріп, 230 жау солдаты мен офицерін жойды. Ерлігі мен батылдығы үшін қазақстандық жауынгерге қайтыс болғаннан кейін Совет Одағының Батыры атағы берілді.Қазақстанның Хорватиядағы Елшісі Д.Батрашев Хорватия антифашистер одағының мүшелеріне және «Еске алу» қауымдастығының басшылығына фашизмге қарсы күресте жанын қиғандарға құрмет көрсету және олардың ерлігін мәңгі есте сақтауға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-zagreb/press/news/details/992770?lang=kk