Саясат
Астанада қысқы триатлон жарысының жеңімпаздары анықталды 21.02.2025
Елордадағы Триатлон саябағында қысқы триатлоннан жеке және эстафеталық жарыстар өтті. Қатысушылар жүгіру, велоспорт және шаңғы тебу түрлерінен түрлі қашықтықты бағындырды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.Қысқы триатлон қашықтығы үш кезеңнен тұрды: 2,5 км жүгіру, 3 км веложарыс және 2,5 км шаңғы жарысы. Оған 100-ге жуық адам қатысты – кәсіпқой спортшылар да, 18 және одан жоғары жастағы әуесқойлар да.Жалпы алғанда, спортшыларға барлық үш кезеңді өтуге бір сағаттай уақыт кетті.«Қиындыққа қарамастан байқауға кәсіпқойлар ғана емес, әуесқойлар да қатысты. Барлығы үшін бұл жаңа эмоцияларды сезіну және тәжірибе алу мүмкіндігі. Жақсы жүгіретін адам шаңғымен жүре алмай жатады. Ал велоспорт кезеңінде басымдыққа ие болуы мүмкін», - деп атап өтті Астана триатлон федерациясының бас хатшысы Жанат Қожахметов.Шараның басты мақсаты – әуесқойлар арасында триатлон, велоспорт, жеңіл атлетика және шаңғы спортын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, халықтың басым бөлігін спортқа тарту.Ерлер арасында 18-29 жас аралығындағы жекелей сында Владислав Малыков бірінші болып, мәреге жетті, әйелдер арасында – Виктория Ширяева. Әйелдер арасында Лилия Бадртдинова өз санатында (30-39 жас) үздік болса, ерлер арасында – Дмитрий Адамович.Қысқы триатлонда 40-49 жас санатында ерлер арасында шаңғышы Ерлан Тайлеуов, әйелдер арасында Анна Лебедева жеңімпаз атанды. 50-59 жас санатында ерлер арасында Қайыргелді Мүрсәлімов, әйелдер арасында Татьяна Прилукова бірінші келді. 60+ санатында ерлер арасында Бақыт Мырзагелді, әйелдер арасында Валентина Титовская мәреге жетті.Сондай-ақ эстафетада бірінші орынды М.Тоханова, Р.Жердентапқанов, М.Бекмағамбетов иеленді.Әр қатысушы мәре сызығында естелік медальмен марапатталды.Шара елорда әкімдігінің, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының және Астана триатлон федерациясының қолдауымен өтті.Айта кету керек, бұл жарыс жыл сайынғы рейтингке енетін 2025 жылдың алғашқы старты болды. Елордалық триатлон федерациясы жарысты 2018 жылдан бері өткізіп келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/940345
«Менің аулам!»: елордада өнер ұжымдары арасында экологиялық челлендж жалғасып жатыр 21.02.2025
Елордада өнер ұжымдары арасында бастау алған «Менің аулам!» отбасылық экологиялық челленджі жалғасып жатыр, деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.Іс-шараның мақсаты – өз кезегінде ұжым ауланы таза ұстауға, отбасы мүшелерін ортақ бір іске жұмылдыруға, балалардың бойында қамқорлық пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталды. Бастама балаларды еңбексүйгіштікке, туған жерін құрметтеуге баулуды, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруды және бірлікті нығайтуды мақсат етеді.Челленджге Астана қаласының Мәдениет басқармасына қарасты мекемелердің мәдениет қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері қатысады. Челлендж барысында қызметкерлер отбасы мүшелерімен бірге үйінің ауласын қардан, қоқыстан тазалап, әлеуметтік желілерде эстафетаны басқа да әріптестеріне жолдайды.Алғаш болып челленджді Әзірбайжан Мәмбетов атындағы драма және комедия театрының қызметкерлері бастады. Одан соң бастамаға басқа да мәдениет ұжымдары қолдау көрсетті.«Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның ұжымы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді түрде қатысып, «Менің аулам» челледжін қолдаған болатын. Іс-шара барысында қызметкерлер өз аймақтарын тазалап, балаларды еңбекке баулып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосты. Балаларды жігерлендіру мақсатында оларға тәттілер ұсынылды. Филармония ұжымы бұл челленджді қолдайды және Қазақстанның көркеюіне әлі де атсалысатын болады», - деді Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның баспасөз хатшысы Аружан Самарқанова. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/940355
Астанада 1 300-ден астам арнайы техника қар тазалауға шығарылды 21.02.2025
Астананың коммуналдық қызметтері қысқы кезеңнің басынан бастап тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп жүр. Күн сайын қар тазалау жұмыстарына мыңдаған техника мен жол жұмысшылары жұмылдырылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.18 ақпандағы күндізгі ауысымда қар тазалау жұмысына 2500-ден астам жол жұмысшы мен 1300-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.18 ақпанға қараған түні қар полигондарына 1 733 рейспен қаладан 22 мың текше метрден астам қар шығарылды.Қыс мезгілінің басынан бастап 482 930 ауыр жүк рейсімен елордадан 5,96 млн текше метрден астам қар шығарылды.Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/940427
Азиаданың тарихи алтыны: елордалық шорт-трекшілер елге оралды 21.02.2025
Астана әуежайында қысқы Азия ойындарында ел мерейін үстем еткен шорт-трекшілерімізді жанкүйерлер салтанатты түрде қарсы алды. Харбинде өткен IX қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алып, тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Спортшыларды туған-туыстары мен жанкүйерлерімен қатар, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит зор қошеметпен күтіп алды.2025 жылдың басты спорттық додасы – 7-14 ақпан күндері өткен Харбиндегі қысқы Азия ойындары қазақ шорт-трекшілері үшін алтын әріппен жазылар сәт болды. 30 жылға жуық уақытта бұйырмаған Азиаданың алтыны ерлер құрамасының еншісіне тиді. 5000 метрлік эстафетада Қазақстан құрамасы Олимпиада чемпиондары мен әлемдік алпауыттар саналатын Қытай және Оңтүстік Корея командаларын басып озып, тарихи жеңіске жетті. Бұл жеңіске Астана қаласының спортшылары – Әділ Ғалияхметов, Айбек Нәсен және Абзал Әжғалиев өз үлестерін қосты.Алтын медаль иегері Әділ Ғалияхметов бұл жеңіс ұзақ жылғы еңбектің жемісі екенін атап өтті:«2025 жылғы басты мақсатымыз – қысқы Азия ойындары мен әлем чемпионаты болды. Дайындығымызды мамыр айынан бастадық. Чемпиондық жолда қолданған әдісіміз – бірнеше ай бойы әзірлеген тактикалық жоспардың нәтижесі. Қытай мен Оңтүстік Корея спортшылары құламаса да, бәрібір оза алатынымызға сенімді болдық. Тактикамыз айлар бойы пысықталды», – деді Әділ Ғалияхметов.Ерлер құрамасынан бөлек, әйелдер командасы да Азиадада ел мерейін үстем етті. 3000 метрлік эстафетада Қазақстан құрамасы күміс жүлде иеленді. Құрамында Астана қаласының спортшылары Малика Ермек пен Мадина Жанбосынова өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.Сонымен қатар, Астана спортшылары 2000 метрге аралас командалық эстафетада да күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл сайыста ел намысын Әділ Ғалияхметов, Абзал Әжғалиев пен Малика Ермек қорғады.Қазақстандық шорт-трекшілердің жеңісті жолы тек Азия ойындарымен шектелген жоқ. Астана қаласының спортшысы Әділ Ғалияхметов Италияның Милан қаласында күні кеше өткен Әлемдік тур кезеңінде командалық эстафетада қола жүлдеге қол жеткізген болатын.Бұл жеңістер – Қазақстан шорт-трекінің жаңа белеске көтерілгенінің дәлелі. 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында Абзал Әжіғалиевтің 4-орын алуы, 2024 жылы Денис Никишаның 500 метрде тарихи күміс медаль иеленуі, ал биылғы Азия ойындарында ерлер мен әйелдер құрамасының үздік нәтиже көрсетуі – елімізде шорт-тректің дамып, әр спортшыдан жоғары нәтиже күтуге болатынын көрсетіп отыр. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/940468
«Елорда Жастары»: қатысушылар төлем қабілеттілігін қалай растай алады 21.02.2025
Астанада «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске асырылып жатыр, оған «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша келісімшарты 2025 жылдың басында аяқталатын жастар қатыса алады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.17 ақпаннан бастап «Отбасы банкінде» «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы аясында осы азаматтарды одан әрі кредиттеуге төлем қабілеттілігін растау рәсімі басталды.Төлем қабілеттілігін тексеруге жолдамаларды тұрғын үй орталығы электрондық және қағаз форматта ұсынады. Электрондық нұсқалар қатысушыларға WhatsApp арқылы көрсетілген телефон нөмірлеріне жіберіледі.Біліктілік алу үшін қажетті құжат берілген сәттен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде жарамды болады.Жолдамасы бар жастарға квалификация алу үшін мына мекенжайлар бойынша банк филиалдарына жүгіну қажет:* Р.Қошқарбаев даңғылы, 26;* Қажымұқан көшесі, 12а;* Мәңгілік Ел даңғылы, 27;* Бейбітшілік көшесі, 25.Естеріңізге сала кетейік, «Елорда жастары» бағдарламасы жастарға жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген тұрғын үй несиесін ұсынады.Қарыздың ең жоғары сомасы 18 миллион теңгені құрайды, бұл ретте жинақтау мерзіміне қарамастан, тұрғын үйдің нарықтық құнының 10 пайыз мөлшерінде бастапқы жарна қажет.Несиелеу мерзімі 19 жылға дейін жетуі мүмкін. Бағдарламаға қатысушылардың бастапқы және қайталама нарықта өз тұрғын үйлерін сатып алу мүмкіндігі бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/940603
Елордада энергетиктер әулеті саланы дамыту жолында ондаған жылдар бойы еңбек етіп келеді 21.02.2025
Қазақстан Президенті 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Дәл осы мамандардың алдында тұтас қалалардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету бойынша жауапты міндеті тұр. Бұл кәсіптің үлгілі өкілдері – энергетика жолын таңдаған елордалық Мұсайыловтар отбасы, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.Мұсайыловтар әулеті – елорданың энергетика саласының дамуына үлес қосып жүрген үлгі тұтар еңбек әулеті. Отбасы мүшелері өздерінің білімі мен тәжірибесін қала тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жұмсап жүр. Олар өз жұмысында сапа мен сенімділіктің жоғары деңгейін сақтай отырып, қоғам игілігі үшін жұмыс істеуді жалғастыруда.Отағасы Қайрат Мұсайылов 35 жылдан бері энергетика саласында еңбек етіп келеді. Ол жедел-көшпелі қызметтің электромонтері, қызметі үшін «ҚЭА құрметті энергетик» атағымен және «ГОЭЛРО-ға 100 жыл» медалімен марапатталған. Оның табандылығы мен кәсібилігі өзгелерге қашанда үлгі болды.Қайраттың жары Аягөз Слямова 24 жылын энергетика саласына арнады. Қазір ол диспетчерлік оператор болып жұмыс істейді. Оның еңбекқорлығы мен қамқорлығы эстафетаны ары қарай қызының жалғауына себеп болған.23 жастағы Адия Мұсайылова жақында «Электротехникалық инженерия» мамандығы бойынша жоғары білім алды және бір жылдан бері «Астана-АЭК» АҚ-да электр желілеріне қол жеткізу қызметінің екінші санатты технигі лауазымында жұмыс істейді. Бойжеткен өз кәсібімен дөңгелетіп қана қоймай, отбасының еңбек жолын жалғастырып жүргенін мақтан тұтады.Оның екі ағасы Нұржан мен Нұрлан Мұсайыловтар да энергетика саласында қызмет етеді.Нұржан Мұсайылов 26 жылын энергетика саласына арнап, кабельдік желілерді жөндеу және монтаждау жөніндегі электромонтер мамандығы бойынша жоғары 6-разрядқа қол жеткізді.Нұрлан Мұсайылов та 22 жылдан бері кабель желілерін жөндеп, монтаждаушы электрик болып жұмыс істейді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/940612
Үздік идея үшін 700 мың теңге: елордада талантты жастар ұсынған стартаптар іріктелді 21.02.2025
Астанада «Үздік әлеуметтік бизнес жобасы» байқауының қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Байқауды «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының қолдауымен «Әділет» жекеменшік мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығы ұйымдастырды.Шараға «Әділет» қауымдастығының мүшелері, жас кәсіпкер және G-Empire қонақүйінің иесі Тимур Ғизатуллин, сондай-ақ «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты.Елордалық Есіл ауданының әкімі Дәрменияр Қыдырбекұлының айтуынша, байқау жастардың бастамалары мен таланттарын танытатын маңызды алаңға айналды.«Бүгінгі байқау – жай ғана байқау емес, жастардың өз қабілетін көрсетуге, тәлімгерлерді табуға және идеяларын жүзеге асыру үшін қолдау алуға мүмкіндік береді. Қатысушылар өз әлеуетін ашып, еліміздің дамуына үлес қосатынына сенімдіміз», - деді ол.Сондай-ақ, аудан әкімі Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағанына, бүгінде жастардың кәсіби өсуіне қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталып өтті.Бірінші орын мен 700 мың теңге ақшалай сыйлықтың жеңімпазы Astana IT-университетінің 2-курс студенті Диана Жұлмұхамбетова болды.«Менің жобам Kaz nomad camp деп аталады. Менің спорттық туризмде алты жылдық тәжірибем бар және Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына волонтер ретінде қатысқанымда осы идея маған ерекше шабыт берді. Этникалық стильде ойын-сауық бағдарламасын жүзеге асыруды ұсындым. Онда түрлі шеберлік сабақтары, мысалы, бауырсақ, бешбармақ әзірлеу, сондай-ақ ұлттық ойындарды өткізу бойынша бағдарламам бар. Сонымен қатар, бағдарламада киіз үй тігу және дәстүрлі қолөнер бойынша шеберлік сабақтары қарастырылған. Бұл қазақ мәдениетін жастар арасында кеңінен насихаттауға үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Жыл сайын қалаға қыдырып келетін талапкерлердің қатары аз емес, олардың әрқайсысы қайда серуендейміз деп ойлаймын. Мен олардың кафе, мейрамхана, кинотеатр секілді орындарға барып қана қоймай, ұлттық мәдениетті танып-білу арқылы рухани байығанын қалаймын», - деді студент өз жобасы туралы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/940696
Астана тұрғынынан бір миллион теңгені қолды еткен дроповод ұсталды 21.02.2025
Anti-fraud жедел-алдын алу іс-шарасы аясында елордалық полицейлер өзінің шоттары арқылы алаяқтар Астана тұрғынының ақшасын иемденген дроповодты ұстады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Астана тұрғынына банк қызметкері атымен хабарласқан. Олар оның шотына кибершабуыл жасалды деп қорқытқан. Ал ақшасын сақтап қалу үшін оны «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндірді. Ол айтқанын орындап, миллион теңге жіберген. Осыдан кейін қоңырау шалған адам байланысқа шықпай қойған.Астана полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұрланған миллион теңге аударылған шот иесінің жеке басын және орналасқан жерін анықтады. Ол 20 жастағы жігіт болып шықты. Күдікті жеке деректерге қол жеткізу арқылы карта деректемелерін алаяқтарға берген. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.Полиция қылмыстық іс қозғады, ұсталған адамның осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.Құқық қорғау органдары қала тұрғындарына алаяқтардың құрбаны болмау үшін ережелерді сақтау қажеттілігін еске салды.«Егер сіздің ұялы телефоныңызға қоңырау шалып, өзін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырса, әңгімені жалғастырмаңыз. Тұтқаны қойып, жеке деректеріңізді бермеңіз. Ақпаратты растау үшін банкке немесе полицияға тікелей хабарласыңыз, жақын маңдағы полиция бөліміне хабарласыңыз немесе 102 арнаға қоңырау шалыңыз», – деп кеңес берді Астана қаласының полиция департаменті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/940853
Жаңа хоккей корты мен спорт алаңдары Сандықтау ауданында салынады 21.02.2025
Сандықтау ауданында спорт саласы қарқынды дамуда. Оқу орындарында спорттық құрал-жабдықтарды жаңарту жұмыстары жалғасуда, сондай-ақ жаңа спорт нысандарының құрылысы жүргізілуде.Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, аудан халқының жартысына жуығы жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен айналысады. Тек өткен жылдың өзінде ауданнан спорт шебері, 15 спорт шеберіне үміткер, бірінші разрядты 5 спортшы және 95 бұқаралық разрядты спортшылар шықты.«Облыстық бюджеттен Балкашинодағы шаңғы-роллер трассасының күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінді. Сондай-ақ көпфункционалды спорт алаңдарын орнату және жабық хоккей кортының құрылысына бюджеттік өтінімдер берілді», – деп мәлімдеді Сандықтау ауданы әкімінің орынбасары Сауле Жайылғанова.
Алматы әкімдігі асфальтбетон зауытының жұмысын мерзімінен бұрын бастауға бастамашы болды 21.02.2025
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Алматыда белгіленген мерзімнен бұрын қаланың жол инфрақұрылымын ретке келтіру жұмыстары басталды. Қалалық мобилділік басқармасы магистральдық көшелерде жолдарда апатты жағдайлардың алдын алу мақсатында қыста пайда болған шұңқырлардың жойылатынын хабарлады.«Асфальтбетон зауыты мерзімінен бұрын іске қосылды, ол пилоттық режимде ауа температурасы минус -5 градусқа дейін төмендеген кезде асфальтбетон қоспасын тығыздауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін энергия үнемдейтін қоспалары бар «жылы асфальт» беретін болады. Бұған дейін ҚР Көлік министрлігі хабарлағандай, бұл технологияны Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институты (ҚазжолҒЗИ) әзірлеп, Республикалық маңызы бар автожолда сынап көрді», - деп атап өтті басқарма.Қалалық мобилділік басқармасы жұмыс кезеңінде қозғалысқа ешқандай шектеулер болжанбайтынын атап өтті. Сонымен қатар, көше-жол желісін ағымдағы жөндеу бойынша негізгі жұмыстарды аудан әкімдіктері мен ҚМБ көктемгі-жазғы кезеңде жүргізетін болады.Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы қалалық мобилділік басқармасы желісі бойынша 300 шақырым жолды орташа жөндеу, 35 шақырым жаңа жол салу, Сейфуллин–Жансүгіров жолайрығын, Рысқұловтан Мөңке биге дейінгі Сайын көшесі мен Абай даңғылының қала шекарасына дейінгі аралықтарын іске қосу жоспарланған. Бұл жұмыстар сапалы жолдардың үлесін 2024 жылғы 92% - дан 2025 жылы 95% - ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/940440
Алматы мен Бейжің сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы серіктестікті күшейтеді 21.02.2025
Алматы әкімі Ерболат Досаев Қытайға ресми сапары барысында ҚХР Жер сілкіністері агенттігінің президенті Ван Кунь мырзамен кездесті.Айта кетейік, Қытайдың Жер сілкіністері агенттігі (China Earthquake Administration, CEA) – елдегі сейсмикалық белсенділікті бақылау, болжау, сейсмикалық қауіп-қатерді бағалау және оған әрекет етуге жауапты мемлекеттік орган.Ерболат Досаев агенттіктің табиғи апаттар қаупін азайту бағытындағы жұмысы туралы танысып, Алматыда сейсмикалық қауіп-қатерді төмендету бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы баяндады.«Қазақстан аумағының 40%-дан астамы жер сілкінісі қаупі бар аймақта орналасқан. Біз Еуразиядағы сейсмикалық белдеулер жүйесіне кіреміз. Ал Алматының өзі сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан. Сондықтан «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары» бағдарламасында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету негізгі басымдықтың бірі», – деді Ерболат Досаев.Оның айтуынша, Алматыда күшті жер сілкіністерін болжау және ерте хабарлау үшін 28 станция жұмыс істейді, қосымша 70 станция орнату жоспарланған. Биылдың өзінде 30 станция орнатылса, 2026 жылдың соңына дейін тағы 40 станция іске қосылады.Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанның сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы мен Қытайдың Жер сілкіністері агенттігінің Геофизика институты арасында сейсмикалық мониторинг және ерте хабарлау жүйелерін біріктіру бойынша бірлескен жұмыс туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжат екі ел мамандарына сейсмикалық ақпаратпен нақты уақыт режимінде алмасуға мүмкіндік береді.«Халықты табиғи апаттар туралы алдын ала хабардар ету және олардың жер сілкінісіне дайындығын қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі. Осыған байланысты CEA және Қытайдың Геофизика институтымен ынтымақтастық біз үшін өте маңызды», – деп атап өтті Ерболат Досаев.Өз кезегінде ҚХР Жер сілкіністері агенттігінің президенті Ван Кунь мырза қол қойылған келісім Қазақстан мен Қытай арасындағы сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға маңызды қадам болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, ол Алматының табиғи апаттарды мониторингтеу және оған әрекет ету бойынша үлкен әлеуетке ие екенін атап өтіп, CEA тарапынан сейсмикалық мониторинг пен ерте әрекет ету бойынша тәжірибе алмасу барысында жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/940441
Алматы әкімі Ерболат Досаев China Exim Bank президенті Ван Чуньинмен инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мәселелері бойынша кездесті 21.02.2025
ҚХР-ға ресми сапар аясында Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Қытай Экспорттық-Импорттық банкінің (China Exim Bank) президенті Ван Чуньинмен кездесуі өтті.Келіссөздердің басты тақырыбы негізгі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру шарттарын талқылау, атап айтқанда, Алматы метрополитенінің желісін кеңейту болды.«Біз белсенді және жемісті ынтымақтастықтың негізі болып табылатын елдеріміздің көшбасшылары арасындағы тығыз саяси диалогты жоғары бағалаймыз. Алматыда метро желілерін салу жөніндегі жобалар Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілдігімен сыртқы қарыз алуды тарта отырып, ЕРС+F-келісімшарт қағидаты бойынша іске асырылатын болады. Біз осы жобаны қаржыландыру шарттары бойынша China Exim Bank ұсыныстарын егжей - тегжейлі талқылауға дайынбыз, сондай-ақ басқа да инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысуға шақырамыз», - деп атап өтті Алматы әкімі Ерболат Досаев.Өз кезегінде, Ван Чуньин ханым Exim Bank Қазақстанда 16 жыл бойы түрлі жобаларды қаржыландырумен айналысып келе жатқанын және жол инфрақұрылымын, энергетиканы, өнеркәсіпті және жылжымайтын мүлікті салу объектілерін инвестициялауда мол тәжірибесі бар екенін хабарлады.«Біздің Қазақстанмен өзара іс-қимылымыздың маңызды саласы көлік, инфрақұрылымдық құрылыс салу болып табылады. 5 ірі жол жобасы бойынша бізде 2,4 млрд. АҚШ доллары көлемінде келісім шарт жасалған. Қазір біз Алматы әкімдігімен ынтымақтастық үшін барлық күш - жігерімізді жұмсауға дайынбыз», - деді Ван Чуньин.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмысты жалғастыруға және серіктестік қатынастарды нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.Анықтама:China Exim Bank (Қытай Эксим банкі) 1994 жылы құрылған. Банктің Қытайда, Парижде 32 филиалы, сондай-ақ Гонконгта, Африканың бірқатар елдерінде, Ресейде, Польшада, Чилиде және Өзбекстанда өкілдіктері бар. Банк Қытайдың сыртқы саудасын, инвестицияларын және халықаралық экономикалық ынтымақтастығын қолдаумен айналысады, тұрақты дамуды қолдау үшін «жасыл» несиелеуді белсенді түрде ілгерілетуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/940691
Бейжің тәжірибесі Алматыда: қала әкімі Ерболат Досаев пен Tus-Holdings Co. басшылығы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін талқылады 21.02.2025
ҚХР-ға жұмыс сапары аясында Алматы әкімі Ерболат Досаев Tus-Holdings Co. директорлар кеңесінің төрағасы Ван Цзюмен кездесті. Тараптар инновация, технологиялық даму және инвестициялық жобалар бойынша ынтымақтастықтың келешегін талқылады.Tus-Holdings Co. – Цинхуа университеті негізінде құрылған ғылыми-технологиялық инвестициялық мемлекеттік-жекеменшік холдингтік топ. Оның нарықтық капитализациясы 28 млрд АҚШ доллар. Компанияның әлемнің 80-ден астам қаласында инновациялық техноорталықтары, 200-ден астам технологиялық инкубаторлары және 400 технопаркі бар. Сондай-ақ, Tus-Holdings Co. Бейжіңде «TusPark» жобасын жүзеге асыруда. Бұл әлемдегі ең ірі университет жанындағы ғылыми-технологиялық парк.Кездесу барысында Қазақстанда бизнес-инкубатор, білім беру кластері және ғылыми парк құру сияқты жобаларды іске асыру мүмкіндігі қарастырылды.Ерболат Досаевтың айтуынша, Алматыда экономиканы әртараптандыру аясында жоғары технологиялық өндірістер, креативті индустрия, IT-сектор және туризм қарқынды дамып келеді. Қаладағы Индустриалды аймақ пен «ИТП» АЭА бүгінде автомобиль жасау, медициналық бұйымдар өндірісі, ғылыми-білім беру және АКТ (ақпараттық-коммуникациялық технологиялар) салаларында кластерлер қалыптастыратын негізгі алаңдарға айналған.«Өткен жылдың желтоқсан айында халықаралық рейтинг агенттігі Fitch Алматы қаласының тәуелсіз несиелік рейтингін «BBB+» деңгейінде растады. Бұл Қазақстан Республикасының «BBB» деңгейіндегі егемендік рейтингінен жоғары. Алматының жоғары несиелік рейтингі қарқынды экономикалық дамуымен, жергілікті бюджеттің кірістерінің айтарлықтай өсуімен және төмен қарыз жүктемесімен байланысты. Қазақстанның ең ірі экономикалық орталығы ретінде қаламыз Қытай инвестициялары үшін негізгі хаб болуға дайын», – деді Ерболат Досаев.Өз кезегінде, Tus-Holdings Co. директорлар кеңесінің төрағасы Ван Цзю «Алматы – Қазақстандағы ең инвестициялық тартымды өңірлердің бірі» екенін атады. Ол компанияның «ИТП» АЭА-пен серіктестікке қызығушылық білдіретінін және Қазақстанды ғылыми және технологиялық бастамаларды жүзеге асыру үшін болашағы зор нарық ретінде қарастыратынын айтты.Tus-Holdings Co. өкілдері биыл наурыз айында Қазақстанға келіп, жергілікті нарықты зерттеу мақсатында кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Алматыда 50/50 үлесімен бірлескен технопарк ашу мәселесі қарастырылады.Келіссөздердің қорытындысында Ерболат Досаев Tus-Holdings Co. өкілдеріне кездесуге уақыт бөлгені үшін алғыс білдіріп, технологиялық кәсіпкерлік экожүйесін дамыту аясында өзара тиімді серіктестікке сенім артатынын айтты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/940697
Катонқарағай ауылында алғашқы "Жас сақшы" кадет сыныбы ашылды 21.02.2025
Кадет сыныбы С.Ластаев атындағы орта мектепте салтанатты түрде ашылып, 7-сыныптың 20 оқушысы қабылданды. Сыныпқа осы ауданның тумасы, Катонқарағай аудандық ішкі істер бөлімінің милиция жүргізушісі аға сержант Бағыбек Тікебаевтың есімі берілді. Ол 1994 жылы 3 қыркүйекте тергеу-қамауға алынған қылмыскерлерді айдауылдау барысында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан.Кадет сыныбының ашылуы өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беруге, құқық қорғау органдарында қызмет етуге қызығушылықты арттыруға және оқушылардың кәсіби бағдарын айқындауға бағытталған.Оқушылар үшін полиция қызметкерлерінің киім үлгісіне сай форма дайындалды. Сынып қажеті құралдармен жабдықталды.ШҚО Білім басқармасының келісімімен кадеттердің оқу бағдарламасына құқық қорғау қызметінің негіздері, алғашқы әскери дайындық, алғашқы медициналық көмек көрсету сынды қосымша пәндер енгізілді. Оған полиция қызметкерлері мен тиісті сала мамандары тартылатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/940597
ШҚО-да дуалды оқыту жүйесі аясында 44 мамандық бойынша 5000-нан астам студент білім алады 21.02.2025
Жұмысшы мамандықтар жылында жоғары білікті кадрларды даярлауға баса назар аударып, практикаға бағдарланған білім беруді дамыту қажет.Осы мақсатта Алматы, Маңғыстау, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарындағы оқу орындары, әлеуметтік серіктес саналатын кәсіпорындар, «Атамекен» өңірлік ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері дуальды оқытудың маңызын талқылады.- Дуальды оқыту – елдің тұрақты дамуының маңызды бөлігі. 2024 жылы 4936 студент оқу бітіріп, оның 4275-і жұмысқа орналасты. Дуальды оқыту жүйесі бойынша кадрлар даярлау түлектердің жұмысқа орналасу деңгейін арттыруға әсер етеді, - деді ШҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары Әлима Ақылбек.ШҚО Білім басқармасының мәліметінше, дуальды оқыту 44 мамандық бойынша 27 колледжде жүзеге асырылады. Яғни, 5000-нан астам студент білім алады. Дуальды оқытуға шамамен 448 кәсіпорын мен әлеуметтік серіктес компаниялар қатысады.- Дуальды оқыту жүйесін дамытуда тәлімгерлік маңызды рөл атқарады деп санаймыз. Білім алушылар уақытының 60%-ын тәжірибе алаңында өткізеді, - дейді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Әсет Әділхан.Семинарға қатысушылар дуальды оқытуды жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісіп, осы бағыттағы өзекті мәселелерді шешу әдістерін талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/940637
ШҚО-да есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында Қазақстан чемпионаты басталды 21.02.2025
Өскемен қаласында есту қабілеті бұзылған жеңіл атлеттер арасында Қазақстан чемпионатының ашылу рәсімі өтті. Жарысты ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – спортшылардың шеберлігін арттырып, біліктілігін көтеру.– Чемпионатқа еліміздің 13 өңірінен 150-ден астам спортшы қатысуда. Жарыс барысында бірнеше медаль жиынтығы сарапқа салынады, сондай-ақ қараша айында Токиода өтетін Сурдлимпиада ойындарына алдын ала іріктеу жүргізіледі, – деп атап өтті Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Богдан Весельский.Жарыс бағдарламасына бірнеше жеңіл атлетика түрлері енген:Спринтерлік жүгіруОрта және ұзақ қашықтыққа жүгіруҰзындыққа және биіктікке секіруНайзаны сермеп секіруЭстафеталық жарыстар және басқа да дисциплиналар– Чемпионатқа Петропавл қаласынан 11 спортшыны алып келдік: 10 ересек спортшы мен бір қыз бала. Бұл жарыстан жоғары нәтижелер күтеміз. Себебі, чемпионат – 2025 жылдың қарашасында өтетін Сурдлимпиада ойындарына іріктеудің маңызды кезеңдерінің бірі, –деді "UNIT" спорт клубының жаттықтырушысы Рустам Шаке.Чемпионатқа Алматы, Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды, Жамбыл, Ақмола, Қостанай, Шымкент, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарынан және басқа да аймақтардан спортшылар қатысып жатыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/940836
ҮЕҰ-ға арналған гранттар беру байқауы басталды 21.02.2025
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Бірыңғай грант операторы 2025 жылға арналған үкіметтік емес ұйымдарға грант беру байқауын жариялады.Байқаудың мақсаты – азаматтық бастамаларды қолдау және азаматтық қоғам институттарын әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді шешуге тарту.Байқау аясында ҮЕҰ бірнеше басым бағыттар бойынша жобаларды ұсына алады:- Инклюзивті қоғамды дамыту;- Ауылдағы азаматтық бастамаларды дамыту;- Азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру жөніндегі шаралар мен іс-шараларды ұйымдастыру;- Төтенше жағдайлардағы және ТЖ салдарын жоюдағы волонтерлікті дамыту;- «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық волонтерлікті дамыту;- Медицина саласындағы волонтерлікті дамыту;- Тарих және мәдениет саласындағы волонтерлікті дамыту;- Әлеуметтік волонтерлікті дамыту;- Зооволонтерлікті дамыту.Толық ақпарат пен құжаттаманы cisc.kz сайтынан қарауға болады.ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіҮЕҰ-ға арналған гранттар беру байқауы басталдыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/940375
Жетісу облысында үшінші қант зауытын салу жоспарда бар 21.02.2025
Жетісу облысында үшінші қант зауытының құрылысын жүргізу туралы инвесторлармен келісімдер жасалуда. Соның нәтижесінде 1 млн. тоннаға дейін қант қызылшасын өңдеуге мүмкіндік туады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев «Jetisy» телеарнасы студиясында облыстық БАҚ өкілдеріне берген кеңейтілген сұхбаты барысында айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.- Биыл Көксу қант зауытына 60 млн евроға модернизациялық жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Сол арқылы зауыттың жылдық қуаттылығы 500 мың тоннаға жетеді. Ал Ақсу қант зауытының қуаттылығы - 350-400 мың тонна. Сонда қазірдің өзінде 800-900 мың тонна қызылша өңдеуге қабілетіміз бар. Жетісу жерінің құнары жеткілікті. Оған қоса суару жүйелерін жаңғыртып, суармалы жерлердің көлемін арттырамыз. Сол кезде қант қызылшасының көлемін 1 000 000 тоннаға жеткізуге мүмкіндігіміз бар. Мұндай мол өнімді үшінші қант зауытын іске қоссақ, өзімізде толықтай өңдей аламыз, - деді Б.Исабаев.Еске салсақ, былтыр Жетісу облысында 13 мың гектар жерден 630 мың тонна қант қызылшасы жиналды. Бұл - тәуелсіздік алған жылдардан бергі алғашқы мол өнім. Орташа көрсеткіш гектарына 450-500 центнерден айналды. Облыс әкімінің айтуынша, мұндай үлкен көрсеткіштің артында өте ауқымды жұмыс жатқанын анық. Ал өткізудегі уақытша қиындық Жамбыл облысындағы диқандардың жағдайына байланысты туындаған. Жамбыл облысынан 100 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, Ақсу қант зауытына өңдеуге алынған.Биылғы жылдың жоспарларына тоқталған өңір басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге көп көңіл бөлінетінін атап өтті. Осы мақсатта облыста құс фабрикасын және жүгері өңдейтін зауыт салу туралы инвесторлармен жұмыс жүргізіліп жатыр.Жалпы өңірде өндірілетін қант қызылшасы, жүгері, бидай, ет, сүт сияқты ауыл шаруашылығы тауарларының 65%-ы өзімізде өңделеді. Өткен жылы ауыл шаруашылығындағы өсім 3% болды.Фотограф: Жеңіс Ысқабай, сол сияқты фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/940667
«Таза Қазақстан» акциясы жалғасуда 21.02.2025
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Ақсуат ауданында жүріп жатыр. Тазалық шаралары тек қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға да ықпал етуде. Мәселен, 2024 жылы аудан бойынша жиі ұйымдастырылған «Таза бейсенбі» және «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары аясындағы қайырымдылық акциялары биылда жалғасын таппақ. Атап айтқанда, жыл басынан бері ерікті жастар әр ауылдағы жалғыз тұратын қарияларға көмек көрсетіп, үйлерінің айналасын қардан тазартуда. «Үлкендерге қамқор болу – біздің парызымыз. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу – біздің қалауымыз», – дейді акцияға қатысушы белсенді жастар. Тазалыққа бей-жай қарамайтын аудан тұрғындары «Таза Қазақстан» акцияға белсенді қатысып, қыс басталғалы жолдардың шеттері мен көрікті орындары қардан тазалауға атсалысуда. Ауданда желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында эко-акция аясында 4250 текше метр қар шығарылды. Бұл жұмыстарға 2 жүк көлігі, 2 автогрейдер, 1 зил, 1 экскаватор тиегіш, 2 маз, 1 Shacman техникалары жұмылдырылған. Сонымен қатар, «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында аудандық «Аманат» партиясы филиалының ұйытқы болуымен Ақсуат ауылында көше бойындағы, саябақ ішіндегі тротуарлар қардан тазартылды. Оған аудан орталығындағы мекеме бөлім қызметкерлері, партия мүшелері қатысты. Акцияға 50 адам қамтылып, 452 шаршы метр жер қардан тазартылды. Қосымша коммуналдық кәсіпорын тарапынан 2 техника тартылды. Сондай-ақ, қыстың күні қырауда тазалық жұмыстарын жүргізіп жүрген адамдарға мекеме-бөлім қызметкерлері ыстық шай мен ыстық бәліш таратып үнемі қолдау білдіруде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/940366
Су тасқынына қарсы шаралар қолға алынуда 21.02.2025
Үржар ауданы бойынша көктемгі су тасқынына қарсы шаралар қолға алынды. Күні бүгінге дейін елді-мекендерден 5424 мың текше метр қар шығарылды. Жұмыс әлі де жалғасуда. Су соруға арналған жиыны 20 дана мотопомпа дайын.Бензин қоры 5,6 тонна, дизельдік отын қоры 3,6 тонна. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарына байланысты қосымша 14 тонна дизельдік отын сатып алу жұмыстары жүргізілуде.«Ауданда төтенше жағдай орын алған жағдайда 205 адам, әртүрлі 80 техника жұмылдырылады. Мекемелер, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарымен азық-түлік, тамақтандыру, жатын орындар, көлікпен тасымалдау қызметі және жанар-жағар маймен қамтамасыз етуге қатысты 23 келісім-ниет шарт және 43 меморандум жасалған. Ауылдық округтерге су тасқыны қаупі төнген жағдайда уақытша бөгеттер жасау мақсатында қаптар таратылып берілді. Сондай-ақ, 270 тонна инерттік материал алуға аудан әкімі аппаратымен «КазспецМонолитСтрой» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық келісім меморандумы жасалды», -дейді аудан әкімінің орынбасары Серік Тілемісов.Егінсу су қоймасына 2016 жылы күрделі жұмыстар жасалып, пайдалануға берілген. Су қоймасының қазіргі жағдайы қанағаттанарлық. Қарақол су қоймасында су транзиттік режимде ағады. Судың көлемін үнемі бақылау үшін қоймаларда кезекшілік қойылды.Аудан бойынша 15 көпір, 159 су өткізгіш құбырлар бар. Күз айларында олар қоқыс пен шөптерден 100 пайыз тазартылды. 2025 жылғы көктемгі тасқын суды қалыпты жағдайда өткізу мақсатында былтыр 5 ауылда су тасқына қарсы іс-шаралар жүргізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/940448