Ғылым
Қостанай облысында құрылыс қарқыны артып келеді 26.06.2025
2025 жылдың алғашқы бес айында Қостанай облысының құрылыс саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Облыс әкімі Кумар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында мәлім етілгендей, құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 70 пайызға артып, 75,5 млрд теңгені құрады.Аймақ үшін басым бағыттардың бірі – тұрғын үй құрылысы. Жыл басынан бері 179,5 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді, бұл – 1 810 пәтер. Қостанай қаласы, Рудный және Қостанай аудандарында орналасқан жаңа «Астана» және «Бәйтерек» шағын аудандары белсенді түрде дамып келеді. Жалпы алғанда, бұл аудандарда 150-ден астам тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымы бар нысандар салу жоспарланған.Отырыста облыс әкімі өмір сүру ортасының сапасына ерекше назар аударды:«Үй салған кезде аумақты абаттандыруға ерекше мән беру керек. Балалар және спорт алаңдары тек сапалы материалдардан жасалып, барлық құрылымдар берік орнатылуы тиіс. Мен құрылыс алаңдарын жеке өзім аралап жүрмін, аудан әкімдеріне бұл жұмысты қатаң бақылауға алуды тапсырдым. Қоғамдық бақылау – ең тиімді тәсіл», – деді Кумар Ақсақалов.Сондай-ақ өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жалғасуда. Қазірдің өзінде жаңа мектептер, емханалар, балабақшалар мен спорт нысандары іске қосылған. Жыл соңына дейін ауылдық жерлерде тағы 15 әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі.Инженерлік инфрақұрылымға 8,7 млрд теңге бөлініп, Құнай, Береке, Астана және Бәйтерек шағын аудандарында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар құрылыс материалдарын шығару ісі жанданып келеді: бес ай ішінде өндіріс көлемі 18,5 млрд теңгеге жеткен.Кеңесте ТОО «My Eco House» директоры Нұржан Батталов жеке бастама ретінде энергия үнемдейтін СИП-панельдерден үй салу жобасын таныстырды.«180 шаршы метрлік бір үйді небәрі 10 күнде құрастырып шығуға болады. Арнайы техника қолданбаймыз, іргетасы жеңіл, ал материалдар жылу сақтайды. Сарыкөл мен Әулиекөл аудандарында біз тек үйлерді салып қойған жоқпыз – жергілікті шаруашылықтардың қызметкерлері өздері біздің жинақтарымыздан үйлерін тұрғызды», – деді ол.Бұдан бөлек, облыста «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй алу үшін электронды кезек жүйесі енгізіліп жатыр. Мамыр айының соңындағы мәліметке сәйкес, бұл базаға ел бойынша 149 мыңнан астам өтінім тіркелген. Жүйе арқылы баспанаға мұқтаж жандарға жалдамалы тұрғын үйден бастап, жеңілдетілген ипотекаға дейін түрлі мемлекеттік қолдау ұсынылады.Кумар Ақсақаловтың айтуынша, өңірдегі барлық бастама мен жұмыс азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған: баспана – бұл жай ғана қабырға емес, адамның лайықты өмір сүруінің негізі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1024796?lang=kk
Агроөнеркәсіп және өнеркәсіп салаларында ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда 25.06.2025
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринның төрағалығымен кеңес өтті. Күн тәртібінде агроөнеркәсіптік кешен мен өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобалар талқыланды. Кеңеске облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.Биыл аймақтың ауыл шаруашылығы саласына 86 млрд. 400 млн. теңге инвестиция тарту межесі бекітілген. Қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін өндіруде негізгі капиталға салынған инвестиция 4 млрд. 731 млн. теңге болып, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 26 пайызға артты. Инвестиция тартуды тұрақты қамтамасыз ету үшін аймақтың агроөнеркәсіп кешенінде 2025-2027 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың жол картасы бекітілді. Жол картасында 30 инвестициялық жоба қамтылған. Бұл жобалар жүзеге асқанда 295 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Биыл 13 млрд. 400 млн. теңгенің 14 инвестициялық жобасы жоспарлануда. Өнеркәсіп саласында биылғы 5 айда 426 млрд. 950 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 0,4 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібінде 155 млрд. 300 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 18,2 пайызға артты. Экономиканы әртараптандыруда 2025-2028 жылдары қолға алынатын 89 инвестициялық жобаның 27-сі биыл іске асырылуда.Ірі жобалардың бірі – қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы. Өңірдің кірпіш өнімдеріне қажеттілігінің 90 пайызын қамтамасыз ететін, құны 5 млрд. теңге болатын заманауи кірпіш зауыты іске қосылды. Азық-түлік өнеркәсібінде нан-тоқаш, кондитерлік, макарон өнімдерін өндіру кешені, түйе сүтінен жылына 392 тонна құрғақ ұнтақ өндіру зауыты мен әрқайсысы 2 мың шаршы метр екі шағын өнеркәсіптік аймақ биыл жұмысын бастайды.Түйе сүтінен алынатын құрғақ ұнтақ өнімдер қытайлық компаниямен жасалған оффтейк келісімі аясында толығымен Қытайға экспортталатын болады.Биыл жалпы құны 24,2 млрд теңге, қуаттылығы 90 мегаватт үш күн-электр станциясы іске қосылады. Бұдан бөлек, жыл ішінде жалпы сомасы 553,6 млрд теңгеге бағаланған 14 ірі жобаның құрылысы басталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1024265?lang=kk
Қарағандылық балуандар Вьетнамдағы Азия чемпионатында екі қола жүлдеге ие болды 25.06.2025
Вьетнамда, Бариа-Вунгтау провинциясында жасы 17-ден 23-ке дейінгі спортшылар арасында күрестен Азия чемпионаты өтті. 24 елдің мыңнан астам жас балуаны сайысқа түсті. Қазақстан құрамасының құрамында Қарағанды облысынан екі спортшы қатысып, үйлеріне медальдармен оралды.- Вьетнам алғаш рет континенттік біріншілікті қабылдады. Турнир Азиядағы күрес қозғалысын дамыту үшін үлкен маңызға ие, сондай-ақ тәжірибе алмасуға, шеберлікті арттыруға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Азия күрес федерациясының президенті Мохамад Авамлех.23 жастан аспаған балуандар арасындағы жарыста қарағандылық Ангелина Первухина 55 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды. Ол Қарағанды облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттығады.Қола жүлдеге Ә.Молдағұлова атындағы облыстық олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушісі Асхаб Хаджиев ие болды. Ол 79 кг салмақ дәрежесінде еркін күресте үшінші орынды иеленді.Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің ақпараты бойыншаАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1023673?lang=kk
Қостанай облысында құрылыс саласы тұрақты өсім көрсетуде 25.06.2025
24 маусымда облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен құрылыс саласының дамуы бойынша кеңейтілген аппараттық жиын өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде тұрғын үй құрылысын арттыру, қала мен ауыл ортасын жақсарту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықты баспанамен қамтуды кеңейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.Құрылыс жұмыстарының көлемі екі жылда 70%-ға арттыЖиын барысында Қостанай облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дидар Тлеубаев баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы екі жылда құрылыс жұмыстарының көлемі 70%-ға ұлғайып, 2022 жылы 187 млрд теңге болса, 2024 жылы 315 млрд теңгеге жеткен. Республика бойынша Қостанай облысының үлесі 3,8%-дан 4,6%-ға дейін артты.2025 жылға арналған жоспар — 406,8 млрд теңге. Оның 75,5 млрд теңгесі ағымдағы жылдың 5 айында орындалды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 157,8%-ды құрайды.Алайда кейбір аудандарда көрсеткіштер төмен. Әсіресе, Әулиекөл ауданында нақты көлем индексі — 10,4%. Меңдіқара ауданында да өсім бәсең. Бұл бағыттағы жұмыстар әкімдердің жеке бақылауына алынды.Тұрғын үй құрылысы: оң қарқын сақталудаБасқарма басшысының айтуынша, 2025 жылы 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған. Бес айда 179,5 мың шаршы метр тапсырылып, 1 810 пәтер (оның ішінде 1 625 — коммерциялық, 185 — жеке тұрғын үй) иелеріне берілген.Ең көп құрылыс Қостанай, Рудный қалаларында және Қостанай ауданында жүргізілуде. Бұл аудандар жалпы көлемнің 92,4%-ын құрайды.— Жылдық жоспарды орындау үшін 47 көпқабатты тұрғын үй (376 мың ш.м.) және 124 жеке тұрғын үй салу қажет, — деді Дидар Тлеубаев.«Астана» және «Бәйтерек» ықшам аудандары: болашақ осында басталадыҚостанай агломерациясы қарқынды дамуда. Басқарма мәліметінше, «Астана» және «Бәйтерек» ықшам аудандарында 10 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталған, тағы 13 үйдің құрылысы жүргізілуде. Жалпы 150-ден астам көпқабатты үй салу көзделуде. Жанында мектептер, балабақшалар, аурухана, спорт кешені, саябақ пен дүкендер орналасатын болады.Облыс әкімі құрылыс сапасына баса мән беруді тапсырды:— Үй салумен қатар, аула мен алаңдарды абаттандыру сапасына ерекше көңіл бөлінуі керек. Балалар және спорт алаңдары тек сапалы материалдардан жасалып, берік орнатылуы тиіс. Мен өзім құрылыс нысандарын аралаған сайын осыған назар аударамын. Аудан әкімдері де мұны қатаң бақылауға алуы қажет. Қоғамдық бақылау — ең тиімді құрал, — деді Құмар Ақсақалов.Әлеуметтік нысандар: ауыл мен жастарға басымдықТұрғын үй — жай ғана баспана емес, өмір сүру сапасының негізі екенін атап өткен облыс әкімі:— Үй — адамның тірегі. Қалада да, ауылда да құрылыс жалғасуы тиіс. Мемлекет халықтың баспаналы болуы үшін барлық жағдайды жасайды. Бұл — біздің тікелей міндетіміз, — деді Құмар Ақсақалов.Оның айтуынша, биыл Қостанай қаласында 2 жайлы мектеп, Жангелдин ауданында бір мектеп, Қостанай ауданында емхана, Сарыкөл және Әулиекөл аудандарында сауықтыру кешендері, Мендықара және Қамысты аудандарында жабық хоккей корттары салынды.Қостанай мен Әулиекөл аудандарында балабақшалар, Тобыл қаласында балалар орталығы, облыс орталығында №1 спорт мектебі ашылды.Жыл соңына дейін ауылдық жерлерде тағы 15 әлеуметтік нысан іске қосылады. Сонымен қатар, Рудный қаласы мен Құсмұрын кентінде екі жаңа мектеп пайдалануға беріледі.Инженерлік желілер мен құрылыс материалдарыКунай, Береке, Астана және Бәйтерек ықшам аудандарына инженерлік желілер тарту үшін 8,7 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар, құрылыс материалдарын өндіру де маңызды мәселе.Облыста 72 құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын жұмыс істейді. Алайда, кейбір өнімдер әлі де өзге өңірлерден тасымалданады.— Биыл тағы 5 зауытты іске қосу жоспарланған. Оның ішінде темірбетон бұйымдары, газоблоктар, ерітінді түйіндері және ағаш өңдеу бар. Құрылыс материалдарының өндіріс көлемі 5 айда 18,5 млрд теңгені құрады. Бұл былтырғыдан 9,8%-ға жоғары, — деді Тлеубаев.Құрылыс қалдықтарын өңдеу: өзекті мәселеҚұмар Ақсақалов құрылыс қалдықтары мәселесіне тоқталды:— Құрылыс артқан сайын, қалдық та көбейеді. Бұл мәселе бақылауда болуы керек. Рудный қаласында бір мекеме жұмыс істеп тұр, бірақ өңірге жеткіліксіз. Аудан әкімдері осы бағыттағы бизнесті дамытуы қажет.Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды тіркеудің жаңа форматы«Отбасы банк» АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Әсел Аскарова банк қызметінің жаңарған форматы туралы баяндады. Енді банк — тұрғын үй саясатының ұлттық даму институты ретінде орталықтандырылған тіркеу жүргізеді.— Енді біз азаматтарды санаттарға бөлмейміз. Егер соңғы 5 жылда баспанасы болмаса немесе апатты үйде тұрса, кезекке тұра алады. 24 мамырдан бастап orken.otbasybank.kz порталы арқылы 149 000-нан астам өтінім қабылданды, — деді ол.Жүйе 18 мемлекеттік дерекқормен біріктірілген. Отбасының цифрлық портреті жасалып, табысына, мәртебесіне қарай қолдау шаралары ұсынылады: жалдау төлеміне субсидия, арендалық баспана немесе жеңілдетілген ипотека.Тиімді технологиялар: жеке кәсіпкерлік тәжірибесі«My Eco House» ЖШС директоры Нұржан Батталов СИП-панельдерден үй салу жобасымен таныстырды.— Үйдің қаңқасын 10 күнде құрастырамыз. Арнайы техника қажет емес. Құрылыс жеңіл, іргетасы таяз, ал қыста жылуды жақсы сақтайды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына үйлер салып бердік, кейін өздері біздің материалмен үй тұрғыза бастады, — деді Батталов.Қайта жаңғырту — тиімді шешімЖаңа құрылысқа қоса, өңірде ескі үйлерді жөндеу жұмыстары да жүргізілуде. Биыл 8 ауданда 12 үйге күрделі жөндеу жүргізілуде. Былтыр мұндай жұмыс 10 нысанда атқарылды.— Бұл тәжірибені жалғастыру керек. Егер ғимараттың техникалық жағдайы мүмкіндік берсе — жөндеп, сақтаған жөн. Бірақ сараптама әділ және сапалы жүргізілуі тиіс, — деп түйіндеді облыс әкімі.Аймақтағы құрылыс саласы жаңа серпін алды: баспана, инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар — бәрі халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1023453?lang=kk
Еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді 25.06.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім және ғылым саласының ардагері Серікбай Қошқаровты, денсаулық сақтау саласының ардагері Сағындық Шәмшиевті 80 жас мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті.Мерекелік жиынға жауапты сала басшылары, облыстың зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері қатысты.Аймақ басшысы мерейтой иелеріне ізгі тілегін жеткізіп, олардың еңбек жолындағы жетістіктеріне тоқталды.«Сыр өңірі – қаймағы бұзылмаған қазақтың киелі ордасы, құт-береке дарыған, бабалар дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, сабақтастығы үзілмеген қасиетті мекен. Елге сыйлы, өмір жолы жас ұрпаққа өнеге, абзал да адал жандарға, еңбек адамдарына кенде емес.Бүгінгі жиынымыз қажырлы еңбегімен халықтың ықыласына бөленген, өнегелі істердің ұйытқысы болған ардақты ағаларымыздың құрметіне арналады.Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Серікбай Иманбайұлы мен Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Шапағат» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері Сағындық Шәмшіұлы 80 жасқа толды. Қадірлі ағалар, мерейтойларыңыз құтты болсын!Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ғылым күніне» арналған салтанатты шарада еліміздің дамуына айрықша үлес қосқан ғалымдарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл – ғылым мен білімге көрсетілген жоғары құрметтің белгісі.Сол жиында Серікбай Иманбайұлы отандық білім және ғылым саласындағы жемісті еңбегі үшін «Парасат» орденін алды.Сағындық Шәмшіұлы ұзақ жылғы еңбек жолында бірінші санатты білікті дәрігер-хирург, мықты ұйымдастырушы ретінде тұрғындарға медициналық жедел жәрдемнің дер кезінде, сапалы қызмет көрсетілуін қамтамасыз етті. «Дәрігер жүрегі», «Жұлдыздар жанған жұмақ жер» атты кітаптары жарық көрді. Ағамыз зейнетке шыққаннан кейін де осы салада қызметін жалғастыруда», – деді Н.Нәлібаев.Салтанатты басқосуда мерейтой иелеріне облыстың ең жоғары наградасы – Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталып, дәстүрге сай шапан жабылды.Қоғам қайраткерлері, шараға қатысушы ардагерлер құттықтауларын жеткізді.Жиын соңында Серікбай Қошқаров пен Сағындық Шәмшиев көрсетілген құрметке алғыс білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1023254?lang=kk
Мемлекеттік қызметшілер марапат төрінен көрінді 25.06.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған сала басшылары мен мемлекеттік қызметшілер қатысты.Аймақ басшысы әріптестерін мерекемен құттықтап, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы еңбектеріне алғыс білдірді.“Баршаңызды Мемлекеттік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймын!Елге адал қызмет ету, Отанды шексіз сүю, туған елдің дамуына аянбай үлес қосу – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті.Егемен еліміздің алдындағы стратегиялық міндеттерді орындауда мемлекеттік басқару жүйесіндегі қызметкерлерге артылған жауапкершілік жоғары.Сіздер Қазақстанның жарқын болашағы жолында халық аманатын арқалап, уақытпен санаспай еңбек етіп, антқа адалдықтың, халыққа жанашырлықтың озық үлгісін көрсетіп келесіздер.Туған жеріміз – Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға қосқан зор үлестеріңіз үшін шынайы ризашылығымды, алғысымды білдіремін!Бүгінде жаңа трансформация кезеңінде кәсіби әрі тиімді мемлекеттік аппарат құру бағытында мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа қабылдау тетіктері жеңілдеді.Бюрократиядан арылу, артық кедергілер мен тосқауылдарды жою, кадрлық резервті қалыптастыру, меритократия қағидатын енгізу, қызметтерді сандық форматқа көшіру мемлекеттік қызмет моделін қолжетімді әрі сындарлы диалогқа негіздеді.Соның нәтижесінде өңірде мемлекеттік аппаратты оңтайландырып, әкімшілік шығындарды азайтып, басшылық құрам санын қысқарттық.Президентіміздің Әділетті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы бастамалары мен тапсырмаларын аймағымызда сәтті жүзеге асырып, халық сенімінің үдесінен шыға берулеріңізге тілектеспін!Баршаңыздың дендеріңіз сау, жақындарыңыз аман болып, отбасыларыңыздың бақ-берекесі арта берсін!”,-деді Н.Нәлібаев.Басқосуда мемлекеттік қызметшілер марапат төрінен көрінді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері Әбдіғаппар Әмірғалиұлы мен Қожахмет Ильясов Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері», облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов, Қызылорда қаласының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілерімен марапатталды. Бірқатар азаматтарға Қызылорда облысының Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.Сонымен қатар, жас мемлекеттік қызметшілерлердің Ант беру рәсімі өтті.Айта кетейік, бүгінде үш мыңнан астам мемлекет қызметші аймағымыздың қарышты дамуына елеулі үлес қосуда. Олардың45 пайызы (1 471) - нәзік жандылар. Мемлекеттік қызметтегі қыз-келіншектердің 294-і басшылық лауазымды абыроймен атқаруда.Кәсіби білігі жоғары, бәсекеге қабілетті, заманға сай жаңаша ойлайтын жастарға әрдайым орын бар. Өңірімізде 35 жасқа дейінгі 800-ге жуық жас мемлекеттік қызметші еңбек етуде.Соңғы жылдары аймағымыздағы мемлекеттік басқару корпусының әлеуеті артып, қызметкерлер кәсіби білімін жетілдіруге ерекше көңіл бөлуде.Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында 24 мемлекеттік қызметші білім алса,4 әріптесіміз «Болашақ» бағдарламасының түлегі атанды.Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Президенттік жастар кадрлық резерві бүгінде мемлекеттік басқару жүйесіне жоғары білімді, креативті мамандарды тартуға ерекше мүмкіндік беруде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1023270?lang=kk
Облыс әкімі ҚР ұлттық музейі басшысымен кездесті 25.06.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Ұлттық музейі басшысы Берік Әбдіғалиұлымен кездесті.Аймақ басшысы өңіріміздің руханият, мәдениет саласындағы ауқымды жобалар туралы айтты.«Биыл Қызылорда қаласының еліміздің астанасы болғанына 100 жыл толды.Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр еліне жұмыс сапары кезінде ардақты аналарымызға арналған «Анаға тағзым» орталығының жұмысымен танысып, жоғары бағасын берді. Былтыр «Руханият жылы» аясында 1000 орындық "Өнер орталығы" іске қосылды.Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдеріне арналған "Жыраулар үйі" ашылды. Қызылорда облысының барлық 7 аудан орталығында 11 млрд. 500 млн. теңгеге "Руханият орталықтары" салынып, пайдалануға берілді. Осыған дейін облыс музейлерінде арнайы қор сақтау бөлмелері болмаған. Қазір аудандық музейлердің қор бөлімдері талапқа сай жасақталып, 20 мыңға дейін экспонат сақтауға мүмкіндік алды. Бұрын аудандардағы архив мекемелерінің қор сақтау қоймасының сыйымдылығы 35 мың құжатқа арналған болатын. Архивтер "Руханият орталығына" көшірілген соң 200 мыңға дейін, яғни алдағы 40 жылға құжат сақтауға жол ашылды."Руханият орталығына" көшірілген аудандық кітапхана, музей, архив мекемелерінің соңғы 20 жылда жаңартылмаған материалдық-техникалық базасы заманауи үлгідегі жаңа жабдықтармен жарақтандырылды. Сол жағалаудан құны 2 млрд. 700 млн теңге болатын облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілді.Мәдени мұра – біздің құнды әрі рухани қазынамыз. Сыр өңірі – ежелгі қалалардың мекені. Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі Бәбіш мола, ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жалғасуда. 2023-2024 жылдарығылыми негіздемелерге сүйеніп, бюджет қаражаты есебінен алтын киімді «Шірік Рабат сақ жауынгері», алтын әшекейлі «Сығанақ ханшайымы», алтын қылышты «Түгіскен көсемі» және «Жетіасар ақсүйек әйелі» тарихи реконструкциялары жасалып, музей қоры құнды экспонаттармен толықты.Өткен жылы Сыр өңірі мәдениетін, құнды жәдігерлерін насихаттау мақсатында «Сыр өңірі –Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты жылжымалы көрмені Ұлттық музей төрінде өткізуге үлкен қолдау көрсеттіңіздер. Сол үшін өзіңізге зор алғыс білдіремін», - деді Н.Нәлібаев.Басқосуда Берік Әбдіғалиұлы өңірлер арасындағы мәдени-рухани байланысты арттыру, тәжірибе алмасу ұлт руханиятына зор үлес қосатынын жеткізіп, бірқатар ұсынысын ортаға салды.Сыр еліне жұмыс сапарында ҚР Ұлттық музейі басшысы аймақтағы тарихи-мәдени нысандармен танысады деп жоспарлануда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1023293?lang=kk
Терроризмге қарсы облыстық комиссия отырысы өтті 25.06.2025
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы облыстық комиссия отырысы өтіп, оған жауапты сала басшылары қатысты.Облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов террористік әрекеттерге қорғанысы осал объектілердің қауіпсіздігін жетілдіру туралы баяндап, жағдайды жақсартуға қатысты ұсыныстарын айтты.Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов қоғамдық - саяси ахуалға тоқталды.Облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Марат Құрманбаев «Экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимылдың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының» орындалуы туралы хабарлама жасады.Отырыс соңында облыс әкімі сала басшыларына талқыланған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1021957?lang=kk
Олжас Бектенов жоғары деңгейдегі келіссөздер қорытындысы бойынша қазақ-қытай келісімдерін жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді 25.06.2025
Премьер-министр Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастық мәселелері бойынша кеңес өткізді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің таяуда жасаған сапары барысындағы келіссөздері аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды ескере отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.Сыртқы істер министрлігі деректері бойынша, қазір Қазақстанда қытайлық инвесторлардың қатысуымен 50 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, жалпы құны $66,4 млрд болатын 224 индустриялық жоба жүзеге асырылуда. ҚХР Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді: 2005-2024 жылдар аралығында инвестиция көлемі $26,4 млрд-ты құрады.Премьер-министр ҚХР Төрағасының таяуда Қазақстанға жасаған сапары ынтымақтастыққа елеулі серпін бергенін атап өтті. Сондай-ақ Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» индустриялық және инвестициялық ынтымақтастық форумының маңыздылығы атап өтілді. Форум аясында Қазақстан мен Қытай арасында жалпы құны $24 млрд-ты құрайтын 58 коммерциялық келісімге қол қойылды.«Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін кемінде $150 млрд көлемінде шетелдік инвестиция тарту міндетін қойды. Осы тұрғыда жетекші экономикалық державалардың бірі және біздің негізгі инвестициялық серіктесіміз Қытай елімен толыққанды кооперацияны одан әрі тереңдету – Қазақстанның аса маңызды басымдығы. Сондықтан инвестициялар көлемін арттыру, жаңа бірлескен жобаларды іске қосу, әсіресе шикізаттық емес әрі экспортқа бағдарланған өнімдерді өндіру бойынша жүйелі шаралар қажет. Мемлекет басшысының шақыруы бойынша ҚХР Төрағасының Қазақстанға таяуда жасаған кезекті сапары екі ел арасындағы экономикалық әріптестіктің жоғары деңгейін дәлелдеп, одан әрі нығайта түсті. Әрбір жобаның жүзеге асырылуы менің тікелей бақылауымда болады, толық қолдау көрсетіледі», — деп тапсырды Олжас Бектенов.Премьер-министр жаңа жобалары жоқ өңірлерде, оның ішінде Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында жұмысты жандандыру қажеттігін баса айтты Олжас Бектенов аталған өңір басшылығына қысқа мерзімде серіктестермен өзара іс-қимыл орнатуды және нақты бастамалар ұсынуды тапсырды.Ұзақмерзімді серіктестік орнату және инвестиция тарту мақсатында аймақтық делегациялардың Қытай провинцияларына сапарларын жандандыру жөніндегі тапсырманы іске асыруға назар аударылды. Олжас Бектенов ҚХР Төрағасының сапары аясында келісімдерге қол қойып, алдын ала уағдаластықтарды қамтамасыз еткен Астана қаласындағы және Алматы, Қызылорда, Түркістан облыстары сияқты бірқатар өңірдегі оң динамиканы атап өтті. Қалған өңірлерге осы бағытта жұмыс істеу тапсырылды.Сондай-ақ кеңес барысында «Орталық Азия – Қытай» форумы аясында өңірлердің қытайлық серіктестермен жасасқан жаңа келісімдерін жүзеге асыру мәселелері қаралды. Мәселен, Алматы облысында «жасыл» энергетика, логистика, АӨК және өнеркәсіп саласындағы жобаларды қоса алғанда, $6 млрд-тан астам соманы құрайтын 7 құжатқа қол қойды. Астана қаласы, Қызылорда және Түркістан облыстары инфрақұрылым, агроөнеркәсіп және өнеркәсіп салаларында бастамалар ұсынды.Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға қол қойылған келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыруды, әрбір кезеңде барлық жобаны сүйемелдеуді, сондай-ақ бірыңғай мемлекеттік инвестициялық саясат шеңберінде іс-қимылдарды үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1021937?lang=kk
Балқашта шағын өнеркәсіптік аймақ құру мәселесі талқыланды 25.06.2025
Балқашта ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың тапсырмасымен өсімнің жаңа нүктелерін қалыптастыруға кірісті. Бірінші қадам аясында Қазақмыстың өнеркәсіптік нысандарының бос алаңдарында шағын өнеркәсіптік аймақ құру көзделген. Болашақта ол индустриялық аймаққа айналуы тиіс. Жоба моноқаланың экономикасын әртараптандыруға, шикізаттық емес секторды дамытуға, жаңа өндірістер ашу үшін инвесторлар тартуға және қосымша жұмыс орындарын қамтамасыз етуге бағытталған.Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Балқашқа жұмыс сапары барысында осы мәселе бойынша кеңес өткізді.Қала әкімі Сапар Сатаев қазір жұмыс Балқаштың бас өнеркәсіптік алыбы - «Қазақмыс» корпорациясымен бірлесіп жүргізіліп жатқанын баяндады.Талдау негізінде басым бағыттар белгіленді: металл өңдеу және техникалық сервис, құрылыс және қаптама материалдарын өндіру, логистика және қойма кешендері, инженерлік және энергетикалық қызметтер. Бұл салалар оқшаулау және кооперациялау үшін жоғары әлеуетке ие, деп атап өтті Сапар Сатаев.Ермағанбет Бөлекпаев жедел іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.- Өсімнің жаңа нүктелері - бұл Балқаштың орнықты дамуы үшін стратегиялық міндет. Қазірдің өзінде инженерлік коммуникациялар жүргізуге кірісуді және бизнеспен жұмысты қарқындатуды тапсырамын. Әлеуетті инвесторларды тартып, оларға нақты учаскелер мен шарттарды ұсыну қажет, - деді облыс әкімі.Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Балқаш әуежайының қайта жөнделу барысын да тексерді. Жұмыс қызу жүріп жатыр. Бірінші кезең аяқталды. Аэровокзалды күрделі жөндеу және арнайы көлік қызметіне арналған жаңа ғимараттың құрылысы жалғасуда. Аэровокзал кешені кеңейтіліп, ұшып келу және ұшу залдары кеңейтіледі. Бұл ретте ғимараттың тарихи келбеті толығымен сақталады.Барлық жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Басты мақсат - туризмді дамыту. Жаңғыртудан кейін әуежайдың өткізу қабілеті 30%-ға артады және ұшу географиясы кеңейеді.Ермағанбет Бөлекпаев әуе айлағының айналасын абаттандыруға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.Облыс әкімі сондай-ақ катодты мыс өндіретін «Сары Қазына» ЖШС зауытында болды. Компания қала мен «Қоңырат» шағын ауданындағы әлеуметтік жобаларды белсенді қолдайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1021876?lang=kk
Вегетациялық кезеңді өткізуге қатысты тапсырмалар берілді 25.06.2025
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен вегетациялық кезеңнің барысы туралы Үкімет отырысы өтіп, күн тәртібіндегі мәселеге қатысты бірқатар тапсырма берілді.Үкімет отырысына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режимде қатысып, аймақтағы жағдайды баяндады.«Биыл Қызылорда облысында 189 400 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Үкімет бекіткен Жол картасына сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда күріш алқаптары 4 700 гектарға қысқартылды. Оның орнына суды аз қажет ететін малазықтық және майлы дақылдардың егіс көлемі ұлғайтылды.Егісті сумен қамтамасыз етуге 3 млрд. 900 млн. текше метр су лимиті бекітілген. Облыста егін егу жұмыстары аяқталып, күріш 80 900 гектарға себіліп, суға толық бастырылды. Суармалы суды тиімді пайдалану мақсатында тиісті министрліктермен бірлесіп, бірқатар шара атқарылуда», – деді Н.Нәлібаев.Бүгінде лазерлік тегістелген күріш алқаптарының көлемі 60 мың гектарға, ал су үнемдеу технологияларын пайдалану екі есеге дейін артып, 8 100 гектарға жеткізілді.Барлық ауданда құрылған арнайы жұмыс топтары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, суды тиімді пайдалану қатаң бақылауға алынды. Магистральді және шаруашылықаралық каналдар арқылы суды кезектестіріп беру кестесі бекітілген, су осы кестеге сәйкес жіберілуде. Облыс бойынша 357 насос қондырғысы дайындалып, оның 180-і іске қосылған.Өткен жылы Үкіметтің қолдауының арқасында егіс алқаптарында су тапшылығы болған жоқ. Отырыста облыс әкімі «Шардара» су қоймасынан кемінде 1 млрд. 500 млн. текше метр су жіберуге ықпал жасауды сұрады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1021888?lang=kk
«Сыр медицинасының ғаламат ғасыры» атты салтанатты шара өтті 25.06.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Өнер орталығында» Медицина қызметкерлері күніне арналған «Сыр медицинасының ғаламат ғасыры» атты салтанатты шара өтті.Басқосуға жауапты сала басшылары, медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.Аймақ басшысы жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтап, Сыр медицинасының бүгінгі беталысы мен алдағы жоспарларға тоқталды.«Дәрігер – ең ізгі, ең қастерлі мамандық иесі. Сіздер халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, дені сау ұлт қалыптастыруға бағытталған жаңа реформалар мен бағдарламаларды сәтті жүзеге асыру жолында жауапты міндет атқарып келесіздер.Нағыз дәрігер үшін ең жоғары құндылық – халықтың ыстық ықыласы мен алғысына бөлену. Бүгінгі мерейлі мерекеде сіздердің өлшеусіз еңбектеріңізге барша Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан алғыс айтып,зор ризашылығымызды білдіремін.Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Ақордада өткен дәрігерлермен кездесуде «Денсаулық сақтау жүйесін дамыту, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Өйткені медицинаның деңгейі мен қолжетімділігі – еліміздегі өмір сапасының негізгі көрсеткіші», – деген болатын.Аймағымызда Мемлекет басшымыздың тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен халық денсаулығын нығайтуға, медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған кешенді шаралар нәтижелі жүзеге асырылуда. Соңғы үш жылда салаға 441 млрд. теңге қаржы бөлініп, халықтың сұранысына сәйкес түйткілді мәселелер шешімін тауып келеді.Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 28 медициналық нысан жаңадан салынып, іске қосылды. Төрт көпбейінді аудандық орталық аурухана жанынан қосымша құрылыстар, емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана бой көтеруде. Соңғы үш жылда 24 медициналық нысан күрделі жөндеуден өтті. Халық сұранысына сәйкес барлық елді мекендегі денсаулық сақтау мекемелері санитарлық автокөлікпен 100 пайыз қамтылып, мәселе түбегейлі шешімін тапты.Жақында Қызылордада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, кадрларды тұрақтандыру үшін өңіріміздің денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне арнап 100 пәтерлік тұрғын үй салу туралы шешім қабылдадық. Қазір құрылыс басталды, жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек.Өткен жылы 15 дәрігер Түркиядағы, биыл 41 маман Германия, Ресей, Литва, Беларусь елдеріндегі алдыңғы қатарлы клиникаларда біліктілік арттырды.Жауапкершілігі жоғары салада уақытпен санаспай,күні-түні жасаған қызметтеріңіз үшін тағы да алғысымызды білдіремін!Халыққа әрдайым адал қызмет етіп, абыройлы болыңыздар!» – деді Нұрлыбек Машбекұлы.Мерекелік басқосуда қажыры мен қайратын, білімі мен біліктілігін ұлт саулығына арнаған медицина қызметкерлері марапат төрінен көрінді. Қызылорда қалалық көпбейінді ауруханасының кеңесші хирург дәрігері Юрий Фотиади «Құрмет» орденімен, «Қазлепрозорий» мекемесі Тасбөгет бөлімшесінің меңгерушісі Анаркүл Нұрғалиева «Шапағат» медалімен марапатталып, сала ардагері Асылбек Тоғызбаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы табысталды.Мерекеде медицина қызметкерлері Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медаліне, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды.Кейінгі жылдары өңіріміздің медицина саласына бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыс орнатылған. Қор соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 4 млрд. теңгеден астам қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында, Жаңақорған ауданында «Қамқорлық» оңалту орталықтары ашылды. Жақын күндері Арал ауданында осындай орталық пайдалануға беріледі. Сирек кездесетін дертке шалдыққандарға қажетті дәрі-дәрмек сатып алынды. Қор облыстық онкология орталығына құны 1 млрд. 100 млн. теңге болатын, еліміздегі 3 облыста ғана бар скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешен табыстады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1020233?lang=kk
Тұрғындардың жеке мәселелері тыңдалды 25.06.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау кестесіне сәйкес кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды қабылдады. Тұрғындар емделу, тұрғын үй алу және жұмысқа орналасу мәселелерін қозғады.Қабылдауға келіп ұсыныс-пікірін, өтінішін жеткізушілердің сауалдары назардан тыс қалмайды. Әрқайсысы толық зерттеліп, заң аясында шешілу жолдары қарастырылады. Кейбір сұрақтар бойынша түсіндірмені мамандар сол жерде берді. Бірқатарының шешілу жолдары көрсетілді.Бүгінгі қабылдауда болған зейнеткер қамқорлығындағы баласын облыс әкімінің грантымен оқуға түсуіне көмек көрсетуді, қала тұрғыны облыс орталығынан жер беруді сұрады.Аймақ басшысы биылға грант бөлінген жағдайда арнайы комиссияға ҰБТ қортындысымен құжат тапсыруға болатынын айтты. Сондай-ақ тұрғын үй, жер учаскесі тек заң аясында, белгіленген кезекке сәйкес берілетіні түсіндірілді. Басқа да көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді. Жұмысқа орналасу мәселесі де заң аясында, конкурс арқылы шешіледі.Еске салайық, тұрғындар облыс әкімінің, орынбасарларының, жауапты сала басшыларының қабылдауына egov.порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1020426?lang=kk
Қазақстандық тұрмыстық техника өндірушісі Samsung өнімдерін шығаруды бастайды 25.06.2025
Отандық тұрмыстық техника өндірушісі «Silk Road Electronics» ЖШС Samsung компаниясымен келісімге қол қойды және биылғы тамыз айынан бастап белгілі әлемдік брендтің теледидарлары мен кір жуатын машиналарын шығаруды бастайды. Кәсіпорын екінші жыл жұмыс істеуде, қазіргі уақытта 270 мыңнан астам техника өндірілді: теледидарлар, шағын пештер, кір жуатын машиналар, шаңсорғыштар, ас үй сорғыштары және басқа да өнімдер қазақстандық нарықта және ТМД елдерінде жоғары сұранысқа ие.- Samsung компаниясымен ынтымақтастық – біз үшін дамудың үлкен кезеңі. Өткен жылы біз үлкен тораптан кіші торапқа көштік. Толық циклді өндірісіміз, локализацияның жоғары деңгейіне өту. 2026 жылы штамптау цехын іске қосамыз. Келесі жылдың ортасынан бастап барлық технология іске қосылады және локализация одан да жоғары болады. Бүгінгі таңда 300-ге жуық адам жұмысқа орналастырылды, 2028 жылға қарай қызметкерлер санын 1100-ге дейін арттыруды көздеп отырмыз. Шетелдік нарықтарға шығу және өнім желісін ұлғайту жоспарымызда бар, — деп атап өтті «Silk Road Electronics» ЖШС директоры Александр Критский.@KZgovernmentАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1020040?lang=kk
Қарағанды облысында жоғары кернеулі электр желілерінің тіректерін өндіретін жаңа металлургия кластері іске қосылады 25.06.2025
Қарағанды облысында «Қазақстанның ыстық мырыштау зауыты» ЖШС базасында өнімге коррозияға қарсы жабын жағып, оның беріктігі мен қызмет ету мерзімін 50 жылға дейін ұзартатын өндіріс кластерін іске қосу жоспарланып отыр. Соның аясында жоғары кернеулі электр желілерінің тіректерін шығаратын зауыт ашылады.Кәсіпорын басшылығы зауытты іске қосу бойынша техникалық кезең аяқталғанын хабарлады. Жоба кәсіпорынның жеке қаражаты және «Бәйтерек» қоры тарапынан берілген қаржыландыру арқылы жүзеге асырылып жатыр.– Жалпы аумағы 9 гектар, өндірістік бөлігі – 6,5 мың шаршы метр. Жоспар бойынша 115 адам жұмыспен қамтылады. Жылдық өндірістік қуаттылық – 50 мың тонна. Алдағы уақытта бұл көлемді 70 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Мұнда ыстық мырыштауға мұқтаж қосымша өндірістерді біріктіретін толыққанды кластер құрылады. Сондай-ақ жоғары кернеулі желі тіректерін толық циклмен шығаратын зауыт та осы аумақта ашылады, – деді кәсіпорынның бас директоры Александр Ларионов.@KZgovernmentАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1020049?lang=kk
Қостанай облысының медицина ұйымдары санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етілді 25.06.2025
Медицина қызметкерлері күніне орай Қостанай қаласында салтанатты іс-шара өтіп, оның аясында облыстағы медициналық ұйымдарға жаңа санитарлық автокөліктердің кілттері табысталды.Аймақтың денсаулық сақтау мекемелеріне жалпы 20 санитарлық автокөлік берілді. Көліктер Лисаков қалалық ауруханасын қоса алғанда, аудандық медициналық мекемелерге жіберілді.Автокөліктер жергілікті бюджет қаражаты есебінен, жалпы 318 миллион теңгеге сатып алынған. Жаңа техника – әсіресе шалғай және ауылдық елді мекендерде жедел әрі жоспарлы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге арналған. Бұл – тұрғындар үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам.Іс-шара барысында медицина қызметкерлеріне өз ісіне адалдығы, кәсіби біліктілігі мен жанқиярлық еңбегі үшін алғыс айтылды.Денсаулық сақтау жүйесін дамыту – өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қостанай облысында медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, саланы цифрландыру, мамандардың біліктілігін арттыру және материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1020111?lang=kk
Қарағанды облысында үш шағын өнеркәсіптік аймақ және моноқалаларға инвестицияларды ынталандыру үшін 22 жоба іске асырылуда 25.06.2025
Биыл Қарағанды облысында үш шағын өнеркәсіптік аймақтың құрылысын аяқтау жоспарланған. Олар аймақтың ірі кәсіпорындарының айналасында орналасады. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев моноқалаларды дамыту жөніндегі кеңесте бұл аймақтар шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыруға, сондай-ақ өңірге инвестициялар тартуға арналғанын хабарлады.Сонымен қатар инвесторларды тарту және моноқалаларды дамытуды қолдау үшін жалпы құны 218 млрд теңге болатын 22 жоба анықталды. Бұл жобаларды іске асыру жер учаскелерін беруді, инфрақұрылымды дамытуды және 1 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейді.«Теміртауда өнеркәсіп инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылады, онда "Қармет Сервис" базасында ауданы 20 мың м2 өнеркәсіптік аймақ құру жоспарлануда. Бұл бастама өндірістік қуатты кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған», — деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.@KZgovernmentАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1019799?lang=kk
Қарағанды облысы қалалар байланысы арқылы өсімге қол жеткізбек 25.06.2025
Биыл ақпан айында үкімет Қарағанды агломерациясын дамытудың кешенді жоспарын бекіткен болатын. Алдағы бес жылда өңірде өңдеу өнеркәсібінде кемінде 15 жаңа өндірісті іске қосу жоспарлануда. Бұл 17 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.Агломерациялық тәсілдің артықшылықтары туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев моноқалаларды дамыту бойынша республикалық семинарда айтып берді.- Біз не үшін Қарағанды агломерациясын құрдық? Мұнда ғылымды, біздің жетекші университеттерімізді қостық, олар бәрін негіздеді. Қазір барлық даму жоспарлары агломерацияны ескере отырып құрылған. Біріншісі - серіктес қалаларды Қарағандымен байланыстыратын қоғамдық көліктің бірыңғай жүйесі. Қазір оны моделдеп жатырмыз. Жолаушылар тасымалында бірыңғай тариф жұмыс істейді, күнделікті еңбек көші-қонын ескере отырып, электронды билет жүйесі енгізілді, - деп атап өтті өңір басшысы. - Бизнес үшін логистика ыңғайлы болуы үшін жұмыстар жасалуда. Сондай-ақ әлеуметтік мәселелер, тұрғын үй де назарда.Облыс әкімі металлургиялық кластерді дамыта бастаған Теміртауды мысал ретінде келтірді. Ол үшін жобалар пулы құрылды. Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау көзделген.Сондай-ақ зәкірлік жобаларға және шағын өнеркәсіптік аймақтар құруға баса назар аударылады.Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға көп көңіл бөлінбек: кәсіпорындарға білікті жұмыс күші қажет.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1018928?lang=kk
Шағын және орта бизнесті қолдау — стратегиялық басымдық 25.06.2025
Мемлекет басшысы тұрақты экономикалық дамудың мықты шағын және орта бизнессіз мүмкін еместігін атап өтеді. «Шағын және орта бизнестің үлесі неғұрлым жоғары болса, экономика соғұрлым дамыған», — деп атап көрсетті Президент. Осыған байланысты Қазақстанда кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр.Дамыған елдерде ШОБ-тың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40–60%-ға дейін жетеді.Біздің өңірде де оң динамика байқалады. Соңғы екі жылда жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер саны 7,8%-ға артып, 66 мыңға жетті. Облыс экономикасындағы ШОБ үлесі — 30%. Шағын және орта бизнес 163 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр — бұл облыстың экономикалық белсенді халқының 36%-ы.2024 жылы ШОБ субъектілері 2,4 трлн теңгенің өнімін өндірді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға артық. Өндіріс көлемінің артуына ең үлкен үлесті Қостанай, Бейімбет Майлин және Фёдоров аудандары қосты.Жаңа идеяларды жүзеге асыруға дайын кәсіпкерлерге ерекше назар аудару қажет. «Егер адам жоба іске асыруға ниетті болса, біздің міндетіміз — оны қолдап, аяққа тұрғанға дейін жан-жақты сүйемелдеу», — деді Құмар Ақсақалов. Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдауды алу, банктермен және мемлекеттік органдармен жұмыс істеу барысында тек кеңес беріп қана қоймай, нақты көмек көрсету маңызды.Өңірдің негізгі өсу нүктелері — автокомпоненттер өндірісі орталығы және бұрынғы фабрика базаларындағы шағын индустриялық аймақтар. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау құрылымы оң өзгерістерге ұшырады: 2021 жылы жобалардың 44%-ы сауда саласына тиесілі болса, бүгінде бұл көрсеткіш 11%-ды ғана құрайды. Енді негізгі басымдық өңдеу өнеркәсібіне, көлік қызметтеріне және өндірістік салаға беріліп отыр.2023 жылы енгізілген «Бизнес-Көмек» бағдарламасы жақсы нәтижелерін көрсетті. Мысалы, елдің оңтүстігінде мал басын 7700 басқа дейін арттыруға мүмкіндік берді.Кеңес қорытындысы бойынша, қалалар мен аудан әкімдіктеріне және тиісті басқармаларға бірқатар тапсырмалар жүктелді: талдамалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, әлеуметтік кәсіпкерлікті тарту, мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және олардың тиімділігін бақылау.«Кәсіпкерлік бастама Қазақстан экономикасының қозғаушы күшіне айналуда», — деп атап өтті Мемлекет басшысы. Сондықтан ШОБ тек қолдауға ие болатын сала ғана емес, өңірлік дамудың және әлеуметтік тұрақтылықтың өзегіне айналуы тиіс.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1019038?lang=kk
Тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болуы тиіс 25.06.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте өңірдің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасы талқыланды. Аймақ басшысы облыс, аудан орталықтары мен елді мекендердегі тазалық, көркейту шараларына күнделікті әрі жүйелі бақылау орнатуды тапсырды.«Жаз мезгілінде қала мен елді мекендердегі қоғамдық орындардың тазалығы, жайлылығы басты назарда болуы тиіс. Аптап ыстық басылған соң демалуға сыртқа шыққан халықтың, каникулдағы балалардың баратын орындарын күнделікті қадағалаңыздар. Саябақтар, демалыс аймақтары, жағажайлар мен балалар алаңдары таза әрі қауіпсіз болуы керек.Бұл іске тұрғындар да белсенді араласуы қажет. Тазалық сақтау тек коммуналдық қызметтердің ғана міндеті емес, баршаға ортақ жауапкершілік. Көше бойларының, аулалардың, қоғамдық орындардың тазалығы – мәдениеттің көрсеткіші. Үгіт-насихатпен қатар, тәртіп бұзушыларға қатысты нақты шаралар қолдану қажет», – деді Н.Нәлібаев.Бұдан бөлек, жиында құрылыс нысандарындағы жұмыс сапасы, күрделі жөндеу жұмыстарының барысы қаралды. Аймақ басшысы құрылыс алаңдарын күнделікті қадағалауды тапсырды. Қала әкімдігіне ғимараттар сапасы мен пайдалануға беру мерзіміне қатысты жауапкершілікті қатаң бақылау жүктелді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1018485?lang=kk