Enbekshi QazaQ

Экономика

Ташкентте Қазақстанның шетелдік серіктестермен инвестициялық ынтымақтастығын дамыту перспективалары қаралды 06.07.2026
Өзбекстан Республикасына бесінші Ташкент халықаралық инвестициялық форумына қатысу аясындағы сапар барысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров шет мемлекеттердің өкілдерімен және іскер топтармен бірқатар кездесулер өткізді.Ұлыбритания Лордтар палатасының мүшесі, Ұлыбританияның Бизнес және сауда министрлігі мен Қазынашылықтың инвестициялар жөніндегі министрінің орынбасары Лорд Джейсон Стоквудпен өткен кездесуде тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.Ағымдағы жылдың маусым айында ратификациялау рәсімі аяқталған Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар энергетика, аса маңызды минералдар, көлік және логистика, қаржы, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективалары қарастырылды.Ә.Қуантыров Ұлыбританияның Қазақстанның негізгі инвестициялық серіктестерінің бірі әрі ел экономикасына ірі шетелдік инвесторлардың қатарында екенін атап өтті. Осыған байланысты, Қазақстан экономикасының басым секторларына британдық инвестициялар мен технологияларды тартуға қызығушылық білдірілді.Сапар аясында сондай-ақ өзбекстандық «BMB Holding» холдингі Құрылтайшылар кеңесінің төрағасы Бекзод Маматқұловпен кездесу өтті.Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен, туризм, тамақ өнеркәсібі, логистика және өзара сауда салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.Кездесуге қатысушылар стратегиялық әріптестік пен одақтастыққа негізделген қазақ-өзбек қатынастарының жоғары деңгейін атап өтіп, екі елдің іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың және жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асырудың маңыздылығын жеткізді.Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ орнықты дамуға және өңірлік экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін бірлескен жобаларды ілгерілетуге өзара мүдделілігін растады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1244443?lang=ru
Алматы облысында жеміс-жидек пен көкөністі өңдейтін зауыт ашылды 06.07.2026
Алматы облысында жеміс-жидек пен көкөністі қайта өңдейтін «Qazaq Global Food JV» зауыты іске қосылды. Мұндай кәсіпорынның елімізде өзге баламасы жоқ. Еңбекшіқазақ ауданының Тескенсу ауылында салынған жобаға 9,5 млрд теңге инвестиция салынды. Агроөнеркәсіп кешенінде жылына 70 мың тонна өнім өңделеді. Бүгін өндірістің бірінші зауыты пайдалануға беріліп, екіншісінің іргетасы қаланды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Жобаны «Alpecon Group» ЖШС іске асыруда. Алғашқы кезеңінде өңделген 70 мың тонна өнімнен 13 мың тонна жеміс-жидек пен көкөніс шырынының концентраты, пюре мен паста әзірленеді. Мұның бәрі толығымен Түркия еліне экспортқа шығарылады. Ал екінші кезеңде алма қалдығынан пектин дайындалмақ. Бұл көрші елдерде әлі қолға алынбаған. Тек Германия, Қытай, АҚШ сияқты мемлекеттерде жақсы дамыған. Жоспар бойынша 1000 тонна пектин және 3000 тонна алма талшығы дайындалып, Корея мен Жапония елдеріне жіберіледі. Жобаның басты серіктесі Түркияның бұл саладағы жетекші компаниясы – «Göknur Gıda». Ал «Байтерек» ҰИХ еншілес ұйымдары, Қазақстанның Даму Банкі мен «Даму» қоры қаржылық қолдау көрсетті.Ауқымды жобаның салтанатты ашылуына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, жаңа зауыттың іске қосылуымен құттықтады.«Өңіріміз әлемдегі алма ағаштарының түпкі отаны екені баршаға белгілі. Ғасырлар бойы бұл аймақ жеміс-жидек өсірудің басты орталығы болып келді. Бүгін осы үрдіс жаңа сатыға көтеріліп, өндірістік экожүйе тағы бір игі жобамен толығып отыр. Кәсіпорынның іске қосылуы жергілікті шаруалар үшін тұрақты нарық алаңын қалыптастырып, шетелдік тұтынушыларға дайын өнім жеткізетін экспорт тізбегін құруға мүмкіндік береді. Бұл – елімізді шикізатқа тәуелділіктен арылтып, дайын өнім шығаруға бағытталған индустриялық саясаттың нақты жемісі. 30 гектар аумақты алып жатқан өндіріс кешенінің техникалық мүмкіндіктері өте жоғары. Маңыздысы сол, бұл жобаның халыққа әкелетін әлеуметтік пайдасы орасан зор. Жаңа зауыттың іске қосылуы арқылы өңірде 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Болашақта олардың саны бірнеше есе артады», – деген аймақ басшысы осынау игі іске үлес қосқан барша маманға, инженерлер мен құрылысшыларға, инвесторларға және серіктестерге алғыс айтты.«Alpecon Group» ЖШС-ның бас директоры Самат Балабеков кәсіпорынның ашылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканың шикізаттық емес секторын дамыту, экспорт әлеуетін арттыру бойынша берген стратегиялық тапсырмасына сәйкес келетінін атап өтті.«Басты мақсатымыз – 2028 жылға қарай шикізат өндірісін, цифрлық технологияларды, маман даярлауды, ғылыми зерттеулер мен экспортты біріктіретін алғашқы толық циклді агроөнеркәсіп кластерін қалыптастыру.Бүкіл экожүйені құрған кезде Жетісу өңірінен Түркістан облысына дейін қабылдау пункттері болады. Оған 10 000-ға дейін фермер мен 500 мыңға жуық ауыл шаруашылығы саласының қызметкері тартылады. Бірлескен жұмыстың арқасында еліміздің экономикалық дамуына елеулі үлес қосатынымызға сенімдімін», – деді Самат Жұмабайұлы.Шара барысында жаңа нысанның лентасы қиылып, тұрғындар мен қонақтар зауыттың өндіріс цехтарын аралап көріп, технологиялық қуатымен танысты.Аймақ басшысы Марат Елеусізұлы компания басшылығымен және жоба серіктестерімен бірге екінші зауыттың іргетасына уақыт капсуласын салды. Болашақта жеміс сақтау қоймаларынан бастап, цифрлық басқару платформасы мен маман даярлау академиясы бар толық циклді агроөнеркәсіп кластері бой көтереді.Бұл жоба тек Алматы облысының ғана емес, еліміздің өңдеу өнеркәсібін ілгерілетуге, экспорт әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік береді. Ең бастысы, халықтың әл-ауқатының жақсаруына ықпал етіп, ел игілігіне қызмет етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1244415?lang=ru
Тұрғын үй құрылысы және әлеуметтік даму: «Астана» шағын ауданы қарқынды дамуда 05.07.2026
Қостанай облысында тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Соның ішінде Тобыл қаласындағы «Астана» шағын ауданы ерекше маңызға ие.Жоба аясында жалпы 23 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл 1000-нан астам отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Бүгінгі таңда тұрғын үйлердің бір бөлігі пайдалануға берілген, қалған нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Жалпы құрылыс аумағы 10 мың шаршы метрден асады, ал тұрғын үйлер заманауи инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуда.Шағын ауданда жол, жарықтандыру, инженерлік желілер және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары қатар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қалалық ортаның тартымдылығын күшейтуге ықпал етеді.Жоба өңірдегі тұрғын үй саясатының тиімді жүзеге асырылып жатқанын көрсетіп, әлеуметтік тұрақтылық пен урбанистикалық дамуға серпін беруде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1243693?lang=ru
Адам өмірінің арашасы: Қостанай облысында медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді 05.07.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.Мемлекет Басшысы: «Денсаулық сақтау саласы – еліміздің жаңару сатысындағы негізгі бастамаларының бірі», – деп атап өтті.Биыл облыстың денсаулық сақтау саласына 133,2 млрд теңге қаржы бөлінді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге жоғары.Қазіргі таңда облыста 438 медициналық ұйым жұмыс істейді. Оларда 13 мыңнан астам маман, соның ішінде 1,8 мыңға жуық дәрігер еңбек етуде. Соңғы 3 жылда 34 медициналық нысан бой көтерді: 2 емхана, 5 дәрігерлік амбулатория, 23 ФАП (фельдшерлік-акушерлік пункт) және 4 медпункт. Олар бұрын ауыл деңгейінде болмаған УДЗ (УЗИ) аппараттарымен, зертханалармен, оңалту жабдықтарымен және физиоаппараттармен жабдықталған.«Жеке инвестициялар есебінен «LifeClinic» медициналық орталығы, Қостанай қаласының «Юбилейный» шағын ауданында және Қостанай ауданының Тобыл қаласында емханалар ашылды. Жақын арада Қостанай ауданының Заречный кентінде аудандық емхана өз есігін ашады. Жітіқара ауданындағы емхананы қайта құру жұмыстары аяқталды. Арқалық пен Жітіқарадағы аудандық ауруханалар қайта құрудан өткеннен кейін, ағымдағы жылы Арқалық медициналық колледжін қайта құру жұмыстары мен Амангелді және Жангелді аудандарында ФАП-тардың құрылысы басталады», – деді аймақ басшысы.Облыста 2 балалар орталығы ашылды. Оның бірі – республикадағы аутизммен ауыратын балаларға арналған ең ірі орталық, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы.Денсаулық сақтаудың 34 нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстың медициналық мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 13,4 млрд теңге қарастырылған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4 есе көп.Онкологиялық ауруханаға алғаш рет сызықтық үдеткіш орнатылды. Жедел жәрдем қызметінің автопаркі 50 жаңа реанимобильмен толықты. Медициналық техникамен жабдықталу деңгейі 90%-ды құрады.Тек 2025 жылдың өзінде облысқа 300-ден астам дәрігер келді. Облыстың медициналық колледж түлектерінің саны 376-дан 620 адамға дейін өсті. Соңғы 3 жылда дәрігер кадрлардың тапшылығын 67%-ға – 312-ден 101 маманға дейін қысқартуға қол жеткізілді.Ақ халаттылардың еңбегінің арқасында соңғы 3 жылда өлім-жітім көрсеткіштері азайды. Халықтың өмір сүру ұзақтығы 72,67-ден 74,94 жасқа дейін артты.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1243588?lang=ru
70 жедел жәрдем көлігі табысталды 05.07.2026
Алматы облысында медицина қызметкерлері күні мерекеленді. Іле ауданында өткен салтанатты іс-шарада облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аймақтағы медициналық мекемелерге 70 санитарлық жедел жәрдем көлігін табыстап, өңірдің денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан мамандарды марапаттады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Алматы облысында денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өткен жылы жалпы құны 8,3 млрд теңгені құрайтын 38 медициналық нысан пайдалануға берілген. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункт және 11 медициналық пункт бар. Сонымен қоса медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 347 бірлік заманауи медициналық техника сатып алынған. Соның нәтижесінде өңірдегі медициналық ұйымдардың жабдықталуы 93 пайызға жеткен.«Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесінде өңірдің денсаулық сақтау саласы нақты нәтижелерге қол жеткізді. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 2022 жылғы 73 жастан 75 жасқа дейін ұлғайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша нәресте шетінеуі 25,5%-ке төмендеді. Бұл көрсеткіштердің барлығы өздеріңіздің кәсіби шеберліктеріңіз бен адал еңбектеріңіздің нәтижесі. Сіздерге халық денсаулығын сақтау жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.Атаулы күн аясында денсаулық сақтау саласының үздік мамандарына құрмет көрсетілді. Айталық, Балқаш аудандық орталық ауруханасының неонатолог дәрігері Қарылғаш Тәжібаева мен Ұйғыр аудандық орталық ауруханасының педиатр дәрігері Зорям Юсуповаға «Құрмет» ордені табысталды. Сонымен қоса, елеулі еңбек еткен емдеу қызметкерлері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілеріне, ҚР Денсаулық сақтау министрі мен облыс әкімінің Құрмет грамоталарына ие болды. Жиын барысында «Үздік стационар дәрігері», «Үздік ауыл дәрігері», «Үздік денсаулық сақтау менеджері», «Үздік жедел медициналық көмек дәрігері» сынды 12 номинация бойынша осы жылдың ең үздік медицина қызметкерлері марапатталды. Осылайша, «Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» деп бағаланды. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.Жедел-жәрдем стансасына берілген сі жаңа көліктер лизинг шартымен сатып алынған. Оның отызы “С” санатындағы реанимобиль, ал қырық көлік “В”санатына жатады. Барлығы заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және шұғыл көмек көрсетуге бейімделген. Осылайша, биыл Алматы облысының жедел медициналық жәрдем қызметі үшін сатып алынған 90 санитариялық автокөліктің барлығы пайдалануға берілді. Оның 20-сы жыл басында медициналық ұйымдарға тапсырылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1243559?lang=ru
Қостанай облысының әкімдігі бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдарды қайта әлеуметтендіру және қайталама қылмыстың алдын алуды күшейту жөніндегі шаралар, сондай-ақ мал ұрлығына байланысты мәселелерді талқылады 05.07.2026
Облыс әкімінің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі алдын алу жұмыстарын үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюктің, мемлекеттік органдар басшыларының, қалалар мен аудандар әкімдерінің қатысуымен Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.Отырыста екі мәселе, қайталанған қылмыстың алдын алу және бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдарды қайта әлеуметтендіру, сондай-ақ мал ұрлығына қарсы іс-қимыл және ауыл шаруашылығы жануарларын бақылаусыз жаюдың алдын алу мәселелері қаралды.Бірінші мәселе бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға азаматтардың осы санатын атаулы сүйемелдеуді қамтамасыз ету, олардың жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейту және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту тапсырылды.Екінші мәселе бойынша жергілікті жерлерде профилактикалық жұмысты күшейту, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру және жол жүрісі қауіпсіздігіне, ауыл шаруашылығы алқаптарының сақталуына және қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін малдың бақылаусыз жайылуына жол бермеу жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажеттігі көрсетілген.Отырыс қорытындысы бойынша одан әрі ведомствоаралық жұмыстың басым бағыттары айқындалды, құқық бұзушылықтар профилактикасының тиімділігін арттыруға және мүдделі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді күшейтуге бағытталған қосымша шаралар әзірленді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1243489?lang=ru
Алматы облысында өрік фестивалі өтті 05.07.2026
Алматы облысының Ұйғыр ауданында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын өрік фестивалі өтті. Шараға бағбандар, омарташылар, ғалымдар мен өңдеу өнеркәсібінің өкілдері, аудан тұрғындары қатысты. Фестивальде өріктің түрлі сорты мен одан жасалған өнімдер халыққа ұсынылды. Омарта шаруашылығы өнімдері, қолөнершілер бұйымдары мен тарихи жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Фестиваль аясында «Өрік бақтары – өңір байлығы, халық берекесі» тақырыбындағы ғылыми конференция өткізіліп, ғалымдар бақ шаруашылығын дамыту, сапасын арттыру және саланың болашағы жөнінде пікір алмасты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Шонжы ауылдық округіндегі орталық стадионда өткен шара өңірдің аграрлық әлеуетін насихаттауға, өрік шаруашылығын дамытуға және ауданның туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Фестивальге Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы қатысып, аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің құттықтау хатын оқып берді.«Алматы облысында ауыл шаруашылығына қолайлы аймақтардың бірі Ұйғыр ауданы екені баршамызға мәлім. Дәнді-дақылдарды өндіруде үнемі алдыңғы қатардан көрінеді. Осы шара арқылы еларалық экономикалық қарым-қатынас артып, өңіріміздегі табиғи өнімдер кеңінен насихатталып, туризм саласы да дамып келеді. Бүгінгі күннің өзінде бірнеше өндіріс орындары өрікті шет мемлекеттерге экспорттауда. Болашақта сауда нарығы одан әрі дамитынына сенім мол. Өрік сапасын арттыру жолында ғылыми конференцияның ұйымдастырылуы – болашақ үшін маңызы зор қадам», – делінген хатта.Қазіргі таңда өңір еліміздегі өрік өндірісі бойынша көш бастап тұр. Республика көлемінде жиналған 39 мың тонна өнімнің 70%-ға жуығы, яғни 27 мың тоннасы облыс шаруашылықтарына тиесілі. Өңірдегі жеміс бақтарының көлемі 10 мың гектарға жуық, оның 46%-ы – өрік алқаптары. Ал Ұйғыр ауданында 3200 гектарға жуық жерде өрік ағашы өсіріледі. Бақ баптаумен 542 шаруақожалық айналысады. Бүгінде 1098 гектар аумақтан 10431 тонна өнім жиналған. Орташа өнімділігі – 95 ц/га. Оның 7800-ден астам тоннасы ішкі нарыққа бағытталса, 2600 тоннасы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанға экспортталды. Ауданда «Никитинский», «Краснощекий», «Королевский», «Уйгурский» және «Шалах» сорттары басымдыққа ие. Алдағы уақытта таулы аймақтағы кештеу пісетін өрік түрлерін жинау басталады.Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізованың айтуынша, өрік бүгінде ауданның бренді ретінде тіркелген. Фестиваль арқылы бақ шаруашылығымен айналысатын азаматтарға өнімді өткізуге, өңдеуге жол ашылады. Өрік өсіруді қолға алған бағбанның бірі, «Илтыз» шаруақожалығының басшысы – Армидин Таиров. «Біз ауданда түрлі дақылдарды егіп көрдік. Бірақ ең қолайлысы өрік болып шықты. 1998 жылы бағбандар қауымдастығын құрып, осы іске кірісіп кеттік. Кейін тәлімбақ ашып, көшетті өзіміз өсіруге кірістік. Қазіргі таңда бұл көшеттерді облыстың өзге де аудандарына жібереміз. Қарадалада өсірілген ағаштар 10 жылда 9 рет өнім береді. Бұл өзге аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда көп», – дейді ол.Шарада өз өнімін ұсынған Үлкен Ақсу ауылдық округінің тұрғыны Хасият Гожалимова фестивальге екінші рет қатысып тұрғанын айтып, игі бастама ауданның гүлденіп, көркеюіне зор ықпал ететінін әрі өнімдерін насихаттауға септігін тигізетінін жеткізді.Өріктің жақсы өнім беруі бал арасына тікелей байланысты екені белгілі. Омарта шаруашылығын кәсіп еткен Ұйғыр ауданының тұрғыны Таңатар Әбдікерім фестивальде өз өнімін халыққа таныстырды. «Бұл іспен айналысып келе жатқаныма 10 жылдай уақыт болды. Қазіргі таңда шаруашылығымызда 40 омарта ұясы бар. Одан жылына 4 тоннадан астам бал алынады. Ең бастысы, біз экобағытты ұстанамыз. Яғни араларды химиялық заттармен дәрілемейміз және химиялық материалдарды, бояуларды қолданбаймыз. Біз үшін сапа басты назарда. Ара болған жерде өрік ағашы да жақсы тозаңданады. Бір күнде бір ара 5 мыңнан 10 мыңға дейін өрікке қонады. Сондықтан бағбандар мен омарташылар бірігіп жұмыс істеуі керек. Ал мұндай фестивальдер мен ғылыми конференциялар арқылы тың бастамаларды қолға алуға мүмкіндік туады», – деді омарташы.Фестиваль аясында өткізілген конференцияда ғалымдар өнімнің көлемі мен сапасын арттыруға бағытталған өз зерттеулерімен бөлісті. Ал бағбандар толғандырған сауалдарын қойып, оларға тұщымды жауап алды. Алдағы уақытта бақ шаруашылығын зерттеумен айналысатын институттармен меморандумға отыру көзделуде. Бұл ғылым мен тәжірибені ұштастыруға зор мүмкіндік береді. Конференцияда сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, кәсіпкерлік пен бау-бақша шаруашылығын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.Фестиваль эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен қорытындаланды.Өрік фестивалі мен ғылыми конференция жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын табады. Алдағы уақытта ауданда жеміс-жидекті сақтайтын заманауи қоймалар мен өңдеу кәсіпорындарының инфрақұрылымын жетілдіру жоспарлануда. Сондай-ақ биылдан бастап халықаралық стандарттарға сай, Түркия елінен әкелінген өнімділігі жоғары сорттарды жерсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1243029?lang=ru
Ташкентте «Орталық Азия – Корея Республикасы» ынтымақтастық форумының алғашқы саммитіне дайындық мәселелері талқыланды 04.07.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» ынтымақтастық форумы жоғары лауазымды тұлғаларының екінші отырысына қатысты.Отырыс барысында қатысушылар алдағы Саммитке дайындық барысын талқылап, өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.Ә.Бақаев Саммитке дайындық жөніндегі бірлескен жұмыстың ерекше маңыздылығын атап өтіп, аталған іс-шара өңірдегі орнықты даму, тұрақтылық пен өркендеуді қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды ілгерілетудің тиімді алаңына айналуға тиіс екенін айтты.Сонымен Корея Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Чонг Ый Хиемен жеке келіссөздер өткілді.Тараптар екіжақты қатынастардың оң серпінмен дамып келе жатқанын атап өтіп, қазақ-корей әріптестігін одан әрі кеңейтуге мүдделі екендерін білдірді.Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық серіктестікті нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өзара дайын екендерін мәлімдеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1242758?lang=ru
Қазақстан СІМ-де дипломатиялық миссиясы аяқталатын Мажарстан Елшісін қабылдады 04.07.2026
Астана, 2026 жылғы 17 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай Мажарстанның Қазақстандағы Елшісі Отто Иван Ронаны қабылдады.Қазақ дипломаты мажар әріптесіне екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған белсенді әрі нәтижелі қызметі үшін алғыс білдірді. Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін атап өткен А.Исетов Будапештпен орнықты әрі өзара тиімді байланыстарды сақтаудың маңыздылығына назар аударды.«Сіздің дипломатиялық қызметіңіз кезеңінде елдеріміз стратегиялық серіктестіктің орнатылғанына он жыл толуын атап өтті. Ашық диалог қағидаттарына сүйене отырып, мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды ілгерілете дамыту үшін алдағы уақытта да бар күш-жігерімізді жұмылдыруымыз қажет деп санаймын», – деді Министрдің орынбасары.Елші О.Рона миссиясы барысында көрсетілген жан-жақты қолдау үшін қазақ тарапына алғысын білдірді. Мажар дипломаты өз елінің Қазақстанмен сындарлы диалогты одан әрі дамытуға және ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.Кездесу соңында А.Исетов мажар дипломатына сәттілік және алдағы барлық жоспарларының жүзеге асуын тіледі.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1242761?lang=ru
Қостанай облысы – Қазақстанның индустриялық дамуының негізгі драйверлерінің бірі 04.07.2026
Қостанай облысы бүгінде еліміздің жетекші индустриялық өңірлерінің бірі ретінде өз позициясын нығайтып келеді. Өңір экономикасының негізін өңдеу өнеркәсібі құрайды. Оның үлесіне жалпы өнеркәсіп өндірісінің 70 пайыздан астамы тиесілі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қостанай облысы өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндіру көлемі бойынша республикада төртінші орынға ие болды.Өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштері – машина жасау және металлургия салалары. Бүгінде машина жасау өндірісі облыстың өңдеу өнеркәсібінің жартысына жуығын құрайды. Қостанай облысы еліміздің автомобиль жасау орталығына айналып келеді. Қазақстанда шығарылатын барлық автокөліктің 55 пайыздан астамы дәл осы өңірде өндіріледі. Өткен жылы облыс кәсіпорындары 95 мыңға жуық автокөлік шығарса, биыл бұл көрсеткішті 116 мыңнан астам бірлікке жеткізу жоспарланып отыр.Автомобиль жасау саласының көшбасшылары қатарында «СарыарқаАвтоПром» және «KIA Qazaqstan» зауыттары бар. Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы машина жасау саласы да қарқынды дамуда. Өңірде әлемге танымал LOVOL, Deutz-Fahr, AMAZONE брендтерінің техникалары, сондай-ақ «Кировец» және «Белорус» тракторлары құрастырылуда. Маңызды жобалардың бірі – Қостанайдағы локализациялық орталық базасында John Deere техникасын өнеркәсіптік құрастыру жөніндегі келісімнің жасалуы.Өңір экономикасына металлургия саласы да қомақты үлес қосуда. Қостанай облысында болат прокаты мен «Доре» қорытпасын өндіретін кәсіпорындар жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша металлургиялық өндіріс көлемі 416 млрд теңгеден асты.Өнеркәсіптің тұрақты дамуы өндіріс көлемінің артуына, экспорттық әлеуеттің кеңеюіне және жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашуда. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының тұрақтылығын арттырып, оның бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.Соңғы жылдардағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі – Мемлекет басшысының қатысуымен іске қосылған Қостанайдағы KIA Qazaqstan автозауыты. Жобаның жалпы құны 131,5 млрд теңгені құрады, оның 90 пайызы – тікелей шетелдік инвестициялар. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 70 мың автокөлік шығаруға мүмкіндік береді. Жоба аясында 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады.Бүгінде зауыт төңірегінде автокомпоненттер өндірісінің тұтас кластері қалыптасуда. Соның бірі – құны 17,8 млрд теңгені құрайтын TEHNOPARK KZ жобасы. Жоба аясында 800 жаңа жұмыс орны құрылып, KIA автокөліктеріне арналған бамперлер, салон элементтері, орындықтар, электр сымдары және басқа да бөлшектер өндіріледі. Сонымен қатар технологиялық жабдықтарды дамытуға қосымша 49,4 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған.Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруда KamLit KZ компаниясының жобалары да ерекше орын алады. Өткен жылы жалпы құны 160,5 млрд теңгені құрайтын екі жаңа кәсіпорын іске қосылды. Нәтижесінде 650 жұмыс орны ашылды. Кәсіпорындар жетекші көпірлердің басты берілістерін өндіруге және жетекші көпір арқалықтарын локализациялауға маманданған.Жалпы алғанда, 2025 жылы Қостанай облысында құны 322 млрд теңгені құрайтын жеті ірі индустриялық жоба іске асырылып, 3,3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Ал 2026 жылы жалпы құны шамамен 100 млрд теңгені құрайтын тағы 13 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.Өңірде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Қостанай ауданында форель өсіретін және балық өңдейтін кешен салу жоспарланған. Бұл жоба облыс тұрғындарының балық өнімдеріне деген сұранысының шамамен 30 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар сыйымдылығы 5,2 мың тонналық заманауи көкөніс қоймасы салынбақ.Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Рудный қаласында жылына 200 мың тонна өнім өндіретін қант зауытының, Лисаков қаласында қуаттылығы 174 мың тонна болатын май экстракциялау зауытының және дәнді және майлы дақылдарды өңдеу кешенінің құрылысы бар.Өңірдің логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуде Қостанай қаласында жүзеге асырылатын «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің маңызы зор. Жобаның инвестициялық көлемі 63,8 млрд теңгені құрайды. Кешен іске қосылғаннан кейін 500 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 400 мың контейнерге дейін өңдеу мүмкіндігіне ие болады.Индустриялық, аграрлық және инфрақұрылымдық жобаларды жүйелі түрде іске асыру Қостанай облысының еліміздің экономикалық өсімінің негізгі тіректерінің бірі ретіндегі рөлін күшейтіп келеді. Жаңа өндірістердің ашылуы, инвестициялардың тартылуы және мыңдаған жұмыс орындарының құрылуы өңірдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға берік негіз қалыптастыруда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1242285?lang=ru
Қазақстан мен Түркия халықаралық құқық мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайтуға өзара мүдделілігін растады 04.07.2026
Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы Сыртқы істер министрліктері арасындағы халықаралық-құқықтық мәселелер бойынша консультациялардың кезекті раунды өтті.Қазақстан тарапынан ҚР СІМ Халықаралық құқық департаментінің директоры Дастан Сүлейменов, түрік тарапынан Түркия Республикасы СІМ Халықаралық құқық және шарттар департаментінің бас директоры Фират Сүнел қатысты.Екіжақты қатынастардың шарттық-құқықтық базасының қазіргі жай-күйі және оны одан әрі жетілдіру перспективалары талқыланды.Сонымен қатар тараптар халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықтың құқықтық аспектілерін талқылап, халықаралық құқықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.Консультациялар конструктивті ахуалда өтіп, екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының құқықтық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға өзара мүдделілікті растады.Тараптардың келісімі бойынша консультациялардың келесі раунды Қазақстан Республикасында өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1242264?lang=ru
Алғашқы Қазақстан-Испания форумы серіктестікті дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашты 04.07.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов және Испания Корольдігі Сыртқы істер, Еуропалық одақ және ынтымақтастық министрлігінің Сыртқы және жаһандық мәселелер жөніндегі мемлекеттік хатшысы Диего Мартинес Астана қаласында өткен Қазақстан-Испания форумына қатысты.Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары екі ел арасындағы белсенді экономикалық ынтымақтастықты атап өтті. Airbus, Maxam, Talgo, Técnicas Reunidas, Glovo, Roca және Inditex сияқты көптеген жетекші испан компаниялары  ел нарығында қызмет етуде.А.Исетов көлік пен логистикадан бастап жаңартылатын энергия көздеріне, цифрлық технологияларға, су ресурстарын басқаруға, озық өндіріске және агробизнеске дейінгі ынтымақтастықтың перспективалы салаларын атап өтті. «Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық көпір, ал Испания инфрақұрылым, инновация, тұрақты даму, туризм және өнеркәсіпті жаңғырту салаларында халықаралық деңгейде танылған тәжірибеге ие», – деді министрдің орынбасары.Іс-шараға «Еуропалық Одақтың Орталық Азияға арналған стратегиясы: Қазақстан мен Испанияның рөлі», «Қазақстан мен Испания арасындағы тұрақты қалалық инфрақұрылым, логистика және іскерлік ынтымақтастық» және «Туризм және спорт: Қазақстан мен Испаниядағы озық тәжірибелер мен қазіргі қиындықтар» тақырыптарында үш панельдік сессия өтті.Форум туризм, спорт және білім беру саласындағы ынтымақтастықтың болашағына бағытталды. Іс-шара қорытындысы бойынша екіжақты серіктестікті дамыту үшін белсенді диалогты жалғастыру туралы келісімдерге қол жеткізілді.Өткен жылы Қазақстан мен Испания арасындағы сауда айналымы 1,93 миллиард АҚШ долларын құрағанын атап өткен жөн. 2005 жылдан 2025 жылға дейін Қазақстан Испаниядан шамамен 345 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартты. Қазақстанда 35 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1242259?lang=ru
Қазақстан мен Швеция экономикалық ынтымақтастықты жаңа практикалық деңгейге көтеруде 03.07.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров «Astana Mining & Metallurgy» 16-шы Халықаралық тау-кен металлургия конгресіне қатысу үшін Астанаға келген Швеция Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы Диана Янсемен кездесті.Тараптар Қазақстан-Швеция ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен одан әрі даму перспективаларын талқылады. Олар екіжақты қарым-қатынастағы ілгерілеушілік серпінді, саяси диалогтың, парламентаралық байланыстардың күшеюімен және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кеңеюімен қатар жүретінін атап өтті.Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, тараптар «Väderstad» пен «AgromashHolding KZ» АҚ арасындағы Қазақстанда жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді жергіліктендіру бойынша ынтымақтастық перспективаларын, «Astana Motors» АҚ-мен бірлесіп жүк көліктерін жинау жобасы бойынша «Volvo Trucks» компаниясымен ынтымақтастықты және SKF-пен серіктестікті одан әрі дамытуды талқылады.Қазақстан нарығында табысты жұмыс істеп келе жатқан швед компанияларының, соның ішінде «Ericsson», «Epiroc», «Sandvik», «Scania» және «AstraZeneca» компанияларының үлесі ерекше атап өтілді.Тараптар бірлескен бастамаларды ілгерілету, инвестициялық жобаларды қолдау және іскерлік байланыстарды кеңейту үшін тұрақты платформа ретінде қызмет ететін сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Швеция екіжақты комиссиясын құрудың маңыздылығын атап өтті.Одан әрі ынтымақтастықтың перспективалы салаларына жаңартылатын энергия көздері, таза технологиялар, сумен жабдықтау шешімдері, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, цифрлық мемлекеттік басқару және жасанды интеллект жатады. Кездесуден кейін көп қырлы серіктестікті одан әрі нығайтуға және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өзара қызығушылық расталды.2005 жылдан 2025 жылға дейін Швециядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 705,6 млн АҚШ долларын құрады. Республикада денсаулық сақтау, технология, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, көлік, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және білім беру салаларында жұмыс істейтін шамамен 60 швед капиталы бар компания жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1241168?lang=ru
Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды 03.07.2026
Алматыда Ауғанстан мәселелері бойынша Еуропалық Одағы мен Орталық Азия мемлекеттерінің Арнайы өкілдері мен уәкілдерінің 8-інші кездесуі өтті.Кездесу барысында қатысушылар Ауғанстандағы ахуалдың қазіргі жай-күйіне, оның өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылыққа әсеріне, сондай-ақ Ауғанстанның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатындағы халықаралық ынтымақтастықтың келешегіне қатысты жан-жақты пікір алмасты.     Тараптар өңірлік өзара байланыстарды нығайту мәселелерін, оның ішінде Ауғанстан аумағы арқылы өтетін көлік-логистикалық және транзиттік дәліздерді дамыту перспективаларын талқылады. Мұндай бастамалар Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік-коммуникациялық, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ Еуропалық кеңістігіндегі байланыстарды нығайтуға ықпал ететініне назар аударылды. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының өңірлік сын-қатерлерді шешуде саяси-дипломатиялық тетіктерді нығайтуға, тату көршілік, сенім және ынтымақтастық қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған дәйекті ұстанымы ерекше аталып өтті.Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған сыртқы саяси бағдарға сәйкес, еліміз Орталық Азиядағы өңірлік кооперацияны дамытуға, тепе-теңдік қағидаттарын ілгерілету және халықаралық қатынастардағы Біріккен Ұлттар Ұйымының үйлестіруші рөлін күшейтуге айрықша мән береді.   Қатысушылар Қазақстанның Ауғанстан мәселесі бойынша өзара халықаралық диалогты дамытудағы, ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетудегі, білім беру бағдарламаларын жүзеге асырудағы және өңірлік экономикалық ықпалдастықты ілгерілетудегі үлесін жоғары бағалады.  БҰҰ-ның Ауғанстанды қолдауға бағытталған халықаралық күш-жігерді үйлестірудегі маңызды рөліне ерекше назар аударылды. Алматы қаласында орналасқан Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығының қызметі жоғары бағаланып, оның құрылуы Қазақстан Президентінің БҰҰ алаңдарында көтерген халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және өңірдің орнықты дамуына бағытталған бастамаларының нақты нәтижесі екендігі аталып өтті.        Пікірталас барысында Алматы қаласының көпжақты дипломатияның, өңіраралық өзара іс-қимылдың және қауіпсіздік, орнықты даму мен гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері бойынша келісілген ұстанымдарды қалыптастырудың маңызды халықаралық орталығы ретіндегі рөлінің артып келе жатқаны айтылды.Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Орталық Азия мемлекеттері, Еуропалық Одақ және Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, орнықты дамуды қолдауға, сондай-ақ бүкіл өңірдің қауіпсіздігі мен өркендеуіне жәрдемдесуге бейілділігін растады.       Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен халықаралық өзара іс-қимыл тетіктерін нығайтуға, өңірлік ынтымақтастықты дамытуға және сындарлы дипломатияны ілгерілетуге бағытталған күш-жігерін алдағы уақытта да жалғастыра береді. Бұл қызмет бейбітшілік, өзара құрмет және ортақ жауапкершілік қағидаттарына негізделеді.   Іс-шараға Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасының Еуропалық Одақтың және Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1240612?lang=ru
Атырау облысында Инвестициялық штабтың отырысы өтті 02.07.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Аймақтық инвестициялық штабтың отырысына қатысты.Отырыс барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды бірнеше инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысты мәселелер талқыланды. Қаржыландыруды тартуға, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге, инфрақұрылымды дамытуға және инвесторларды мемлекеттік қолдауға ерекше назар аударылды.Министрдің орынбасары  Атырау облысы елдің негізгі экономикалық орталықтарының бірі болып табылатынын, Қазақстандағы мұнай өндірісінің 60%-дан астамын және газ өндірісінің шамамен 80%-ын құрайтынын айтты. Ол аймақ экономикасын одан әрі әртараптандырудың, мұнай-химия кешенін, энергетиканы, логистиканы және жоғары қосылған құн өндірісін дамытудың маңыздылығын атап өтті.Сондай-ақ, Үкіметтің 2029 жылға қарай Қазақстан экономикасын 450 млрд долларға дейін жеткізу және кем дегенде 150 млрд доллар тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мақсатын қойғанын атап өтті. Осыған байланысты аймақтық инвестициялық штабтардың тиімді жұмыс істеуі және жоғары сапалы аймақтық инвестициялық портфельдерді әзірлеу ерекше маңызға ие екендігіне назар аударылды.Отырыс шеңберінде «Силлено», «KMG PetroChem», «Атырау вагон зауыты», «Фибратекс» және «Бутадиен» компанияларының стратегиялық жобаларын іске асыру мәселелері, сондай-ақ Атырау облысында мердігерлер мен қосалқы мердігерлерді тіркеу арқылы аймақтың салық базасын кеңейту бастамалары қарастырылды.Атырау арнайы экономикалық аймағын дамытуға, соның ішінде коммуналдық инфрақұрылым құрылысына және АЭА ішкі ережелерін жеделдетіп бекітуге арналған бөлек талқылау болды.Жұмыс сапары аясында Әлібек Қуантыров аймақтағы бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорындарға да барды. «Талшықтекс» ЖШС-не бару барысында тоқыма өндірісін дамыту және шикізатты терең өңдеу жобаларын жүзеге асыру мәселелері қарастырылды. «Фибратекс» ЖШС-ның өндірістік қуатын кеңейту перспективалары және инвестициялық бастамаларды мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды.Қазіргі уақытта облыста жалпы сомасы 7 трлн теңгеден асатын және 6000-нан астам тұрақты жұмыс орнын құратын 60 инвестициялық жоба пулы құрылды. Бұл жобаларды іске асыру аймақ экономикасын одан әрі әртараптандыруға, оның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға және инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1240358?lang=ru
Қазақстан СІМ басшысы Таиланд Елшісін қабылдады 02.07.2026
Астана, 2026 ж. 12 маусым – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстан Республикасындағы Таиланд Корольдігінің Елшісі Пияпин Нийомрерксті қабылдады. Кездесу барысында тараптар қазақ-тай ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады, сондай-ақ сауда, инвестиция, тасымалдау және логистика, цифрландыру, маңызды минералдар мен энергетика, электроника және озық өндіріс, сондай-ақ туризм салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты.Алдағы екіжақты іс-шаралардың кестесіне, оның ішінде Таиланд Корольдігі Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі С.Пуангкеткеоның ү.ж. 24-26 маусымда Қазақстан Республикасына ресми сапарына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1240289?lang=ru
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Франция Елшісін қабылдады 02.07.2026
Астана, 2026 жылғы 12 маусым – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Франция Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Сильван Гиогені қабылдады.Кездесу барысында тараптар қазақ-француз стратегиялық әріптестігінің өзекті бағыттарын талқылады. Саяси диалогты одан әрі ілгерілету, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, мәдени-гуманитарлық және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ көпжақты алаңдар аясындағы өзара іс-қимылдың перспективалары қарастырылды.Екіжақты сауда көлемін ұлғайтуға және іскерлік байланыстарды нығайтуға ықпал ететін бірлескен инвестициялық және экономикалық жобаларды жүзеге асыру мәселелері кездесу күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың бірі болды.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Астана мен Париж арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге өзара бейілділігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1240263?lang=ru
Қостанайда еліміздегі ең үлкен жабық аквапарк салынып жатыр 02.07.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов «Осьминог» аквапаркінің құрылыс жұмысымен танысуға барды. Аймақ басшысымен бірге өңіріміздің белсенді жастары да бой көтеріп жатқан еліміздегі ең үлкен жабық аквапаркте болды.«Облыс экономикасы барлық бағыттар бойынша дамып келеді. Бұл – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, шағын және орта бизнес. Өңдеу өнеркәсібі бойынша кәсіпорындар, фабрикалар, зауыттар салынуда. Биыл өңірімізде жеңіл автокөліктерге арналған автокомпоненттер шығаратын зауыт іске қосылады. 800 жаңа жұмыс орны құрылады. Дәл осындай жеңіл автокөліктерге арналған автокомпоненттер шығаратын тағы бір зауыт салу туралы шешім қабылданды, онда да 800 жаңа жұмыс орны ашылады», – деді аймақ басшысы.Алдағы уақытта сондай-ақ, «Кондитерлік астана» фабрикасы іске қосылады, онда да 260 жаңа жұмыс орны құрылады. Қостанай қаласында «Кайзен» зауытының базасында қуаттылығы 40 мың тонна ірі макарон фабрикасы салынады. Лисаков қаласында май экстракциялау зауыты салынып жатыр.Ауыл шаруашылығында тауарлы-сүт фермалар, бордақылау алаңдары, қайта өңдеу цехтары бар. Құрылыс өз қарқынымен жүріп жатыр. Биыл 520 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда.Үш жыл ішінде Қостанай қаласы халқының саны 13,2 мың адамға көбейді. Мұның бәрі экономиканың даму нәтижесі. Қалада жаңа қоғамдық орындар, жаңа демалыс аймақтары пайда болуда. Marriott, Novotel және Holiday Inn қонақ үйлері салынады. Жақын күндері әуежай-отель ашылады.«Экономиканың дамуымен және фабрикалар мен зауыттардың ашылуымен қатар, тұрғындар отбасыларымен бірге демалатын орындар да қатар ашылуы тиіс. Қонақтар үшін Қостанай облысының өзіндік ерекшеліктері болуы керек. Сондай ерекшеліктердің бірі – еліміздегі ең үлкен «Осьминог» жабық аквапаркі болмақ», – деді Құмар Ақсақалов.Мемлекет Басшысының бұқаралық спортты дамыту және ұлт денсаулығын нығайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аймағымызда спорт инфрақұрылымының саны артып келеді.Соңғы үш жылда өңірде 30-дан астам спорт нысаны пайдалануға берілді. 18 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 8 спорт залы, 4 жабық хоккей корты, 2 стадион, ат манежі және бассейн ашылды. Былтыр «Трудовые резервы» спорт кешені жаңғыртылды.Қазіргі уақытта «Осьминог» аквапаркін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Нысанның қасбетін әрлеу, инженерлік желілер тарту, еден төсеу және бассейндерді безендіру жұмыстары жүргізілуде.Құрылыс жұмысы аяқталғаннан кейін аквапарктің жалпы аумағы екі есеге кеңейіп, 9 мың шаршы метрден асады. Су айдынының көлемі үш есе өсіп, 1 мың шаршы метрден астам ұлғаяды. Демалыс нысаны 500 келушіні қабылдайды.Бірінші қабатта толқынды бассейн, ересектерге арналған джакузи бассейні, сырғанақтары бар бассейн және балалар бассейні бар аквааймақ, 100 адамға арналған фуд-корт орналасады.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1240251?lang=ru
Корея Республикасының Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды 02.07.2026
Астана, 2026 жылғы 12 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев жаңадан тағайындалған Корея Республикасының Елшісі Чжон Кихоннан сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен оны одан әрі нығайту перспективаларын талқылап, биылға жоспарланған биік және жоғары деңгейдегі өзара сапарлар мен іс-шаралардың кестесіне ерекше назар аударды.Екіжақты сауда айналымының және Кореяның Қазақстанға тікелей инвестицияларының елеулі көлемін ескере отырып, тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету қажеттілігіне ерекше мән берді.Сонымен қатар дипломаттар көпжақты форматтардағы, ең алдымен БҰҰ және басқа да халықаралық алаңдар шеңберіндегі тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.Кездесу соңында Корея Республикасының Елшісі жылы қабылдау үшін алғысын білдіріп, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мақсатында бар күш-жігерін салуға дайын екенін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1239961?lang=ru
Қазақстан мен Еуропалық Одақ визалық мәселелер мен реадмиссия бойынша келіссөздердің жаңа кезеңіне өтті 02.07.2026
Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ делегациялары Визалық талаптарды жеңілдету және реадмиссия туралы келісім жобалары бойынша келіссөздердің кезекті кезеңін табысты өткізді.Келіссөздер барысында тараптар болашақ келісімдердің негізгі ережелері бойынша ұстанымдарды одан әрі жақындату мәселелерін мазмұнды түрде талқылауды жалғастырды.Қазақстан Республикасы азаматтары үшін визалық рәсімдерді жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өтініштерді қарау мерзімдері, көп мәртелік визаларды беру тәртібі, растайтын құжаттар тізбесін оңтайландыру және адамдар арасындағы байланыстарды дамытуға бағытталған өзге де практикалық аспектілер қарастырылды.Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екі келісімнің де көптеген ережелері бойынша елеулі ілгерілеуге қол жеткізілгенін атап өтіп, жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.Қол жеткізілген нәтижелер өзара түсіністіктің жоғары деңгейін көрсетеді және азаматтардың ұтқырлығын одан әрі дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы іскерлік, білім беру, ғылыми және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге берік негіз қалайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1239841?lang=ru