Экономика
Арқалық қаласының 70 жылдығы: жаңа даму кезеңіне бастайтын ауқымды жобалар жүзеге асырылуда 02.07.2026
Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында өңірде әлеуметтік, инфрақұрылымдық, мәдени және экономикалық бағыттар бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапары барысында бірқатар маңызды нысандарды аралап, қолға алынған жобалардың орындалу барысымен танысты.Мерейтойды жоғары деңгейде ұйымдастыру мен өткізу – қаланың қалыптасуы мен даму жолындағы маңызды белес. Бұл мерейтой тек мерекелік дата ғана емес, өткенімізді саралап, атқарылған жұмыстарды қорытындылап, болашақ даму бағыттарын айқындайтын маңызды кезең.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Торғай өңірінің дамуы Үкіметтің айрықша назарында болуы қажеттігін атап өткен болатын. Бүгінде осы тапсырманы орындау аясында Арқалық қаласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.«Соңғы жылдары қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетуде. Егер 2022 жылы Арқалық қаласының бюджеті 20,1 млрд теңгені құраса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 36,6 млрд теңгеге жетіп, 1,8 есеге артты. Қаржы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік инфрақұрылым, жол құрылысы және абаттандыру салаларына бағытталып жатыр», – деді аймақ басшысы.Денсаулық сақтау саласында маңызды жобалар жүзеге асырылды. 2024 жылы Восточный және Фурманов ауылдарында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер пайдалануға берілді. Арқалық өңірлік ауруханасы көпбейінді өңіраралық аурухана ретінде қайта жаңғыртылып, қазіргі таңда перзентхана ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.Білім беру саласында да оң өзгерістер бар. 2024 жылы облыстағы алғашқы «Келешек мектебі» Арқалық қаласында ашылды. Ал 2025 жылы Арқалық педагогикалық институты университет мәртебесіне ие болып, оның материалдық-техникалық базасын кеңейту мақсатында бұрынғы ауыл шаруашылығы басқармасының ғимараты оқу корпусына қайта бейімделді.«Соңғы үш жыл ішінде қалада 30-дан астам әлеуметтік нысан жөндеуден өтті. Тұрғын үй құрылысы да қарқын алды. Осы кезеңде 20,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде өткен жылы 9,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,3 есе жоғары көрсеткіш», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.Спорт саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы күрес залы, дарынды балаларға арналған мектеп-интернат және «Қазақстан» спорт кешені пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта «Жігер» стадионында жөндеу жұмыстары жүргізілуде, жабық хоккей кортының құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қорының қаржыландыруымен дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр.Халықтың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау мақсатында аулаларда 43 спорт алаңы салынды.Мәдениет саласында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ашутасты ауылындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.Жол инфрақұрылымын дамыту бағытында соңғы жылдары жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын жолдар жөнделді. Нәтижесінде 40 көше жаңартылып, 29 жаңа автобус аялдамасы орнатылды.Қаланың экономикалық әлеуетін арттыруда көлік инфрақұрылымының маңызы зор. Осыған байланысты Арқалықтан Ұлытау облысына дейінгі жол учаскесі жөнделді. Сонымен қатар Арқалық – Торғай – Ырғыз бағыты бойынша жаңа автожол құрылысы жүргізілуде.Өңірдің көлік қолжетімділігін жақсарту мақсатында Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен бірге теміржол вокзалын қайта жаңғырту жобасы аяқталуға жақын.Қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін индустриялық аймақ құру туралы шешім қабылданды. Бұл жаңа өндірістерді орналастыруға, инвестициялар тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Арқалық қаласы мен Северный кентінде су желілері жаңартылып, Молодежный және Үштөбе ауылдарында жаңа су жүйелері салынды. 2025 жылы 1,6 шақырым жылу желісі қалпына келтірілді. Алдағы уақытта 39 шақырым кәріз желісін жөндеу жоспарланған.Қаланы абаттандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында бірнеше көше жарықтандырылып, 100 жарық шамы орнатылған тіректер қойылды. Соңғы үш жыл ішінде 65 тұрғын үйдің сыртқы келбеті жақсартылды. Биыл тағы 25 көпқабатты үйдің қасбеті жаңартылады. Егер 2022 жылы 10 тұрғын үй жөнделсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 67 үйге жетті.Цифрлық инфрақұрылымды дамыту аясында Жаңақала, Екідің, Молодежный, Аңғар, Ашутасты, Жалғызтал, Родина және Целинный ауылдарында жаңа базалық станциялар іске қосылып, тұрғындардың сапалы интернетке қолжетімділігі қамтамасыз етілді.Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында мемлекет тарапынан өңірді дамытуға барлық жағдай жасалып отыр. Сонымен қатар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де ерекше маңызға ие. Осыған байланысты кәсіпкерлер мен меценаттарды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға белсенді қатысуға шақыру маңызды.Бұл қоғамдық орындарды абаттандыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу және жаңарту, білім беру, мәдениет және спорт ұйымдарын қолдау, көгалдандыру, балалар және спорт алаңдарын салу секілді халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды қамтиды.«Арқалықтың 70 жылдығы аясында өткізілетін іс-шаралар тұрғындар мен қала қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қаланың жетістіктері мен әлеуетін кеңінен насихаттауға, оның инвестициялық және туристік мүмкіндіктерін танытуға бағытталуы тиіс. Таза көшелер, көрікті аулалар, жаңартылған ғимараттар мен жайлы қоғамдық кеңістіктер Арқалықтың жаңа келбетін қалыптастырып, оның жарқын болашағына негіз болады», – деп атап өтті облыс басшысы.Өңір жетекшісі мерейтойды ұйымдастыруға жауапты барлық мекемелер мен ұйымдар өздеріне жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындап, қала қонақтарын жоғары деңгейде қарсы алуға толық дайын болуы тиіс екендігін тапсырды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1239820?lang=ru
Таиландтан келетін туристер саны артты 02.07.2026
Алматы облысы мен Таиланд Корольдігі арасындағы ынтымақтастық нығаяды. Бүгін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Таиланд Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Пияпин Нийомреркспен кездесу өткізді. Жиын барысында туризм, өңдеу өнеркәсібі, тамақ өндірісі, цифрлық технологиялар және құрылыс саласындағы байланысты арттыру барысы талқыланды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. Биыл Қазақстан мен Таиланд арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 34 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде екіжақты байланыс барлық негізгі бағыттар бойынша тұрақты дамып, нығая түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Таиланд Королі Маха Вачиралонгкорнды Ұлттық мерекесімен құттықтаса, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Таиландқа ресми сапармен барды. Бұл әріптестікті одан әрі дамытуға қос тараптың да қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Ал өткен жылдың қаңтар айында Пхукет қаласында Қазақстан Республикасы Консулдығы ашылды. Алматы облысы да Таиланд Корольдігімен іскерлік байланысты ілгерілетіп келеді. Мәселен, биыл мамыр айында өңір делегациясы Таиланд Корольдігіне барып, THAIFEX – Anuga Asia 2026 халықаралық көрмесіне қатысты. Сапар нәтижесінде Алматы облыстық Туризм басқармасы Таиландтың бірқатар туристік қауымдастығымен меморандумдарға қол қойды. Туризмнен бөлек, сауда және инвестиция салаларында да ынтымақтастықты кеңейтуге зор мүмкіндік бар. Себебі 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы мен Таиланд арасындағы тауар айналымы 15 млн АҚШ долларын құраған. Марат Елеусізұлы өз сөзінде Алматы облысы Таиланд инвестицияларын агроөнеркәсіптік кешенге, тамақ өнеркәсібіне, логистикаға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, қонақ үй бизнесіне және қызмет көрсету саласына тартуға мүдделі екенін айтты. «Алматы облысы – Қазақстандағы ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Облыс экономикасы тұрақты оң өсім көрсетіп отыр. 2023 жылдың қорытындысына сәйкес, өңірлік өнім көлемі бойынша елімізде 10-нан 5-орынға көтерілді. Туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бірегей табиғи ландшафттар, ұлттық саябақтар мен бай тарихи-мәдени мұраның арқасында Алматы облысы Орта Азиядағы ең тартымды туристік бағыттардың біріне айналды. Былтыр облысымызға 147 мыңнан астам шетелдік турист келді. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткішінен 13 пайызға жоғары. Шетелдік қонақтар саны бойынша Алматы облысы елдің барлық аймақтары арасында үшінші орынды иеленеді.Өңірімізге Таиланд азаматтарының қызығушылығының артып келе жатқаны қуантады. Егер 2025 жылы Алматы облысына Таиланд Корольдігінен 45 турист келген болса, 2026 жылдың алғашқы бес айының өзінде олардың саны 414 адамға жетті. Бұл үдерісте көлік қатынасының дамуы мен визасыз режимнің енгізілуі маңызды рөл атқарады. Бүгінде Қазақстан мен Таиланд арасында аптасына 23 тұрақты әуе рейсі ұшады», – деді аймақ басшысы. Кездесу барысында Пияпин Нийомреркс өңірдің экономикалық, өндірістік және туристік әлеуетін жоғары бағалап, алдағы уақытта Таиланд Премьер-министрінің орынбасары әрі Сыртқы істер министрінің Қазақстанға келетіні туралы хабарлады. Айтуынша, бұл сапар Қазақстан Сыртқы істер министрінің шақыруымен Алматы қаласында болады.«Алматы облысының көрікті келбеті ерекше әсер қалдырды. Осында атқарылып жатқан ауқымды істерді өз көзіммен көру мен үшін үлкен мәртебе. Әсіресе Қонаев және Алатау қалаларының даму жоспары қайран қалдырады. Болашақта екі тараптың арасында тығыз әріптестік қатынас орнайды деп сенемін. Жақын күндері Алматыда «Қазақстан – Таиланд» бизнес форумы өтеді. Оған Таиландтың жетекші 12 компаниясының 30-дан астам өкілі қатысады. Сондай-ақ форумда B2B кездесулері өткізіліп, екі тарап нақты міндеттері мен болашақта бірлесіп атқаратын жобаларын талқылайды. Бұл шаралар екі ел арасындағы серіктестікті одан әрі дамытуға жол ашатыны сөзсіз», – деді Пияпин Нийомреркс.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1239448?lang=ru
Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Канада Елшісін қабылдады 02.07.2026
Астана, 2026 жылғы 11 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кристофер Дагганды қабылдады.Тараптар Қазақстан мен Канада арасындағы саяси, сауда-экономикалық және шарт-құқықтық салаларындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.Жоғары денгейдегі байланыстарға және көпжақты форматтағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара әрекеттестікті кеңейту бойынша күш-жігерді жалғастыруға келісті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1239453?lang=ru
Арқалықта жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді 01.07.2026
Арқалық қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа шағын футбол алаңы ел игілігіне берілді. Нысан 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Әуелбеков көшесінде ашылды.Спорт алаңы жергілікті әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнес өкілдерінің қолдауымен салынды. Жобаны жүзеге асыруға «Арқалық құс» ЖШС демеушілік көрсетіп, өз қаражаты есебінен 8 миллион теңге бөлді.Ашылу салтанатына қала әкімдігі өкілдері, компания басшылығы және жергілікті тұрғындар қатысты. Жаңа спорт нысаны көпқабатты тұрғын үйлер ауласында орналасқан және бірнеше үйдің балаларына қызмет көрсетеді.Алаңның салынуы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, балалар мен жасөспірімдердің бұқаралық спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді. Мұндай бастамалар салауатты өмір салтын насихаттауға және қаладағы спорт инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.Жергілікті билік өкілдері демеушілік көрсеткен компанияға алғыс білдіріп, әлеуметтік жобаларды қолдаудың маңызын атап өтті.Арқалық қаласында бұқаралық спортты дамыту және балаларға қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1238672?lang=ru
Алматы облысы мен Қытайдың Цзянсу провинциясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды 01.07.2026
Алматы облысына алғаш рет Қытайдың Цзянсу провинциясы партия комитетінің хатшысы Синь Чансин бастаған делегация келді. Цзянсу – көрші елдегі экономикасы қарқынды дамыған, құрылыс, білім беру, туризм салалары бойынша ірі жобаларды жүзеге асырып, озық технологияларды енгізу бойынша алдыңғы орынға ие провинция. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытай делегациясымен кездесу өткізіп, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады. Жүздесу барысында тараптар өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды құжатқа қол қойды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Марат Елеусізұлы өз сөзінде Қазақстан мен Қытай арасындағы 34 жылдық дипломатиялық қатынас өзара сенімге, тату көршілік және стратегиялық әріптестікке негізделгенін атап өтті. «Екі ел арасында сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени және гуманитарлық салаларда ауқымды бірлескен бастамалар іске асырылуда. Ал елдің шығысында орналасқан Алматы облысы Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстың маңызды көпірі саналады. Өңір мен ҚХР арасындағы тауар айналымы соңғы жылдары 1 млрд АҚШ долларынан асып, тұрақты өсім көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта Алматы облысы аумағында Қытай және бірлескен капиталдың қатысуымен 287 кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы 4 жыл ішінде менің тікелей басшылығыммен Қытай Халық Республикасының 16 өңірінде 7 жұмыс сапары ұйымдастырылып, оған өңірдегі 75-тен астам бизнес өкілі қатысты.Алматы облысы мен Цзянсу провинциясы арасындағы ынтымақтастық жүйелі түрде дамып, мазмұны да тереңдеп келеді. Цзянсу – Қытайдың экономика және инновация саласындағы жетекші өңірлерінің бірі. Сондықтан біз өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, логистика, инвестиция, жоғары технология салалары мен «жасыл» экономика бағытында ұзақмерзімді, тиімділігі жоғары жобаларды дамытуға ниеттіміз», – деген аймақ басшысы түрлі бағыттардағы бірлескен жұмыстарға тоқталды.Айтуынша, қазіргі таңда өңірде жалпы қаражаты 6,2 трлн теңге болатын, 216 инвестициялық жоба мониторингте тұр. Ал Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 3,1 трлн теңгені құрайтын 45 инвестициялық жоба бар. Бұл бастамалардың нәтижесінде 16 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Жыл басынан бері Қытайдан келген инвесторлармен 90 кездесу өткізілген. Бұл жалпы инвестициялық кездесулердің – 46,9%-ы.Бүгінде Қытай тарапы облыс жастары үшін гранттар ұсынып отыр. Қытайдың провинцияларында өңірден шыққан 56 талапкер тегін оқып жатыр. Олар бакалавриат, магистратура және орта кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша білім алуда.Екі ел азаматтары үшін енгізілген визасыз режим туризм саласының белсенді дамуына ықпал етті. 2025 жылы Алматы облысына 147 000-нан астам шетелдік турист келді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 13,19%-ға артық. Оның ең үлкен бөлігін Қытай азаматтары құрайды. Биыл Шанхай қаласында облыс әкімдігінің Сервис орталығы ашылды. Бұл – өңірдің туристік әлеуетін ілгерілетуге бағытталған ресми өкілдік. Алматы облысы халықаралық туристік алаңдарда, оның ішінде ITB China және ITB Asia көрмелеріне қатысып, сондай-ақ қытайлық туроператорлармен, әуе компанияларымен, медиа өкілдерімен белсенді жұмыс істеуде.Жиын барысында Синь Чансин провинцияның өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру, технология және табиғи энергия көзін игеру бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстарын таныстырды.«Цзянсу провинциясында 83 миллионнан астам халық тұрады. Экономикалық көрсеткіші бойынша Қытайда 2-орында. Нақтырақ айтсақ, өңірлік өнім көлемі 2 трлн АҚШ долларынан асады. Қазақстан Қытайдың Орталық Азиядағы ең ірі серіктестерінің бірі әрі логистикалық әлеуеті халықаралық жүк тасымалында маңызды рөл атқарады. Біздің мақсатымыз – өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, өзара тиімді байланыс орнату. Қол қойылған меморандум екі тарап арасындағы қарым-қатынасты тереңдетуге негіз болады деп сенемін», – деді мәртебелі мейман.Осылайша, Алматы облысы мен Цзянсу провинциясы арасындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге қадам басты. Сапар барысында қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін мазмұнды көрме ұйымдастырылды. Қонақтар назарына облыс аумағынан табылған Алтын адам мен өзге де құнды археологиялық жәдігерлер ұсынылып, олардың тарихи құндылығы мен ғылыми маңызы жан-жақты баяндалды. Өңірдің алдағы уақытта жүзеге асырылатын ірі жобалары таныстырылып, бірлескен бастамаларды дамыту мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1238642?lang=ru
Қазақстанның Сыртқы істер министрі ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты 01.07.2026
Қазан, 2026 жылғы 10 маусым – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты.Кездесу барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік ахуал, сондай-ақ оның Ұйымға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне әсері жөнінде пікір алмасты.Қазақстан Сыртқы істер министрі өз сөзінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылықты және орнықты дамуды қамтамасыз етудің маңызды тетігі екенін атап өтті. Ұйымға мүше мемлекеттер бірлескен күш-жігердің арқасында заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге тиімді қарсы тұрып, қорғаныс саласындағы іс-қимылдарын үйлестіріп, дағдарыстық жағдайларға жедел ден қоюда.Сондай-ақ министр ҰҚШҰ форматындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымы мен тәсілдері туралы хабардар етіп, Ұйымды одан әрі жан-жақты дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.Ақпараттық және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда қатысушыларды Қазақстандағы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласының дамуымен таныстырды. Атап айтқанда, Цифрлық кодекстің қабылдануы, «Alem AI» жасанды интеллект орталығының және суперкомпьютерлік кластердің іске қосылуы, сондай-ақ «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру және «Astana Smart City» жобасын жүзеге асыру жөнінде ақпарат берді.Сондай-ақ Алматы қаласында Тұрақты даму мақсаттары бойынша цифрлық шешімдердің Азия-Тынық мұхиты өңірлік орталығын құру бастамасын қолдағаны үшін ҰҚШҰ-дағы серіктестерге алғысын білдірді.Отырыс қорытындысы бойынша министрлер ҰҚШҰ-ның 2030 жылға дейінгі Терроризмге қарсы стратегиясының жобасын мақұлдады.Сыртқы істер министрлері кеңесі ғарыш кеңістігінде қарулану жарысының алдын алу, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды диверсиялық және террористік мақсаттарда пайдалану қатерлеріне қарсы іс-қимыл жасау қажеттілігі, халықаралық құқықтың рөлін нығайту және БҰҰ Жарғысының қағидаттарына бейілділік, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының басталғанына 85 жыл толуына байланысты саяси мәлімдемелер қабылдады.Жалпы алғанда, тараптар ҰҚШҰ аясындағы өзара іс-қимылды дамытуға және Ұйымды одан әрі нығайтуға бейілді екендіктерін растады.Ресей Федерациясының төрағалығын ескере отырып, Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысы 2026 жылғы қарашада Мәскеу қаласында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы қарсаңында өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1238550?lang=ru
Минскіде ТМД кеңістігіндегі консулдық өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелері талқыланды 30.06.2026
Минск, 2026 жылғы 9 маусым – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрліктерінің консулдық қызметтері басшыларының консультативтік кеңесінің XXXIII отырысы өтті.Отырыс жұмысына Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, және ТМД Атқарушы комитетінің, сондай-ақ Армения мен Тәжікстан өкілдері бейнеконференция форматында қатысты. Кеңес отырысына бақылаушы ретінде Әзербайжан мен Түрікменстан өкілдері қатысты. Қазақстан делегациясын ҚР СІМ Консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары Болат Каткенов басқарды.Іс-шараға қатысушылар 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының нормаларын орындаудың жекелеген мәселелерін талқылады, 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияны, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттер жасасқан басқа да конвенцияларды, оның ішінде екіжақты консулдық конвенцияларды іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасты.Тараптар конвенциялардың тиісті ережелері шеңберінде өздері берген құжаттарды өзара тану мәселелері бойынша уәкілетті органдары арасында тиісті ақпарат алмасу қажеттілігін мойындады. Қазіргі заманғы байланыс арналарын пайдалана отырып, соның ішінде ТМД мемлекеттерінің ішкі істер органдары арасындағы тікелей ынтымақтастық пен ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді ұсынды.Азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, оның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында уақытша болатындарға, білім алушыларға және еңбек қызметін жүзеге асыратындарға қолдау көрсету және көмек көрсету мәселелеріне бөлек назар аударылды.Отырыстың қорытындысы бойынша делегация басшылары Хаттамаға қол қойып, келіссөздердің сындарлы әрі мазмұнды өткенін атап өтті. Сонымен қатар консулдық қатынастардың барлық бағыты бойынша ақпаратты тұрақты түрде алмасуды жалғастыруға уағдаласты. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1237789?lang=ru
Марат Сұлтанғазиев Қонаевтағы құрылыс алаңдарын аралады 30.06.2026
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында алты бірдей стратегиялық маңызы бар әкімшілік ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандар қаланы заманауи әкімшілік орталық ретінде танытып, шаһардың жаңа келбетін қалыптастыруға серпін бермек. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс қайнап жатқан алаңдарға арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Аймақ басшысы ең алдымен сапаға ерекше назар аударып, нысандарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Үкімет қаулысына сәйкес қазір Қонаев қаласында Облыстық сот, Полиция департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ведомстволық органдарға арналған әкімшілік ғимараттар мен Департаменттер үйі салынып жатыр. Барлығы дерлік «Алматы – Өскемен» тасжолының бойында орналасқан. Сондай-ақ облыстық мұрағат пен Алматы облысы әкімі аппаратының автокөлік кешені және қалалық №6, № 7 жағажайларда курорттық-ойын-сауық нысандары бой көтеруде.Мердігерлермен жүздескен Марат Елеусізұлы жұмысшылар мен техника санын көбейтіп, сапалы әрі өнімді жұмыс істеу керегін айтты. Келісім бойынша мердігерлер құрылысты өз қаражаты есебінен бастайды, соған сәйкес кейін аванстық төлемдер жасалады. Бүгінде аталған нысандарда жер асты жұмыстары жүргізіліп, іргетасы қалануда. Мәселен, Полиция департаменті салынатын алаңда ескі ғимараттар бұзылып, құрылыс қалдықтары шығарылып жатыр. Ғимараттың ауданы 22 мың шаршы метрден асады. Нысан үш-алты қабатқа дейінгі әртүрлі биіктіктегі сегіз блоктан тұрады. Онда инженерлік-техникалық қызметкерлер еңбек етіп, гидробалғамен жабдықталған және тиеу жұмыстарына арналған экскаватор мен самосвалдар жұмыс істеп тұр.Арнайы мемлекеттік органдарға арналған әкімшілік ғимараттың жалпы ауданы 12 168 шаршы метрді құрайды. Ғимарат 5 қабаттан және жертөледен тұрады. Құрылыс алаңында 25 жұмысшы мен алты техника жұмылдырылған.Ведомстволық бағынысты ұйымдарға арналған әкімшілік ғимарат 4 және 6 қабатты екі блоктан тұрады. Қазіргі таңда қазаншұңқыр қазу жұмыстарына 10-нан астам адам мен 7 бірлік техника тартылған.Департаменттер үйі күрделі көпункционалды 4 блокқа бөлінген. Жоба бойынша ғимаратта қызметтік бөлмелер, мәжіліс залдары, асхана, медпункт, архив және техникалық үй-жайлар орналасады. Нысанда 6 инженерлік-техникалық қызметкер мен 13 монолитші жұмыс істеуде. Қазіргі таңда іргетасын қалау үшін дайындық қызу жүріп жатыр.Ал облыстық Мұрағат ғимаратында гидрооқшаулау, іргетасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ғимараттың ауданы – 8,4 мың м². Болашақта мұнда 300-ден астам маман жұмыс істейді. 2 000 000-нан астам құнды құжаттарды сақтауға болады. Соған сәйкес ғимаратта өртке төзімді материалдар қолданылуда.Марат Елеусізұлы сондай-ақ Алматы облысы әкімі аппаратының автокөлік кешені мен Қапшағай су қоймасы жағасындағы халықаралық деңгейдегі курорттық-ойын-сауық нысандарының жай-күйімен де танысты. Автотұраққа 100-ге жуық көлік сияды. Аумағы шамамен үш гектар болатын бұл нысанда мемлекеттік мекемелердің көліктеріне қызмет көрсететін әкімшілік және техникалық бөлмелер болады. Ал аталған жағалауларда қонақүй, аттракциондар саябағы, аквапарк, ойын алаңы, SPA салынады. Ол үшін 24 млрд теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде 350 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.Облыс әкімі бұл ғимараттар тарихи маңызы зор әрі қаланың көркін кіргізетін маңызды жобалар екенін ерекше атап өтті. «Жаңа облыс орталығында заман талабына сай, сапалы әрі көздің жауын алатын әдемі ғимараттар бой көтеруі тиіс. Үкімет қаулысымен бекітілген кешенді даму жоспарына сәйкес, сенімді мердігер ретінде сіздерді таңдадық. Егер жұмыс баяулайтын болса не талаптарға сай келмесе, мердігерді ауыстыруға тура келеді. Сондықтан жұмысқа үлкен жауапкершілікпен кірісу керек», – деді облыс әкімі. Жоспар бойынша аталған нысандардың құрылысы келесі жылы аяқталып, пайдалануға беріледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1229558?lang=ru
Алматы облысының жағажайлары шомылу маусымына дайын 30.06.2026
1 маусым күні Алматы облысында шомылу маусымы ашылады. Жауапты органдар рұқсат етілген арнайы орындарды бекітті. Онда қажетті қауіпсіздік шаралары толығымен қамтамасыз етілген. Яғни су түбі зерттеліп, тазартылған, қоршаулар мен ескерту белгілері орнатылған, құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылған. Қауіпсіздік және санитарлық талаптар сақталған осындай жағажайларда ғана шомылуға рұқсат етіледі, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Әсіресе Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайларды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, №5 жағажай өткен жылы толық абаттандырылып, пайдалануға берілді. Аумағында футбол, волейбол және балалар ойын алаңдары, воркаут-аймақтар, фудкорттар, пирс, душ кабиналары, киім ауыстыратын орындар мен автотұрақ қарастырылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құтқару бекеттері, медициналық пункт, SOS батырмаларымен жабдықталған бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Ал №6 және №7 коммуналдық жағажайларда абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр.Капшағай су қоймасы жағалауында орналасқан жекеменшік демалыс аймақтары мен ойын-сауық кешендері де тұрғындар мен туристерге қызмет етеді. Олардың қатарында «Delmare», «На море», «Home Club», «Comfort» және өзге де демалыс орындары бар.Сонымен қатар Іле ауданында орналасқан «Первомайские пруды», Талғар ауданындағы «Park Resort Восемь озер» кешендерінде де қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасалған.Айта кетейік, рұқсат етілмеген жерлерде, ағысы қатты аймақтарда, сондай-ақ шағын кемелерге жақын маңда шомылуға қатаң тыйым салынады. Себебі бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар департаменті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шомылу маусымына дайындық бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Прокуратура, полиция және көлік инспекциясының қатысуымен, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, жүйелі түрде рейдтер өткізілуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1230289?lang=ru
Қазақстан Жаһандық басқару мәселелері жөніндегі достар тобының отырысына қатысты 30.06.2026
Нью-Йорк, 2026 жылғы 28 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев БҰҰ штаб-пәтерінде Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван Идің төрағалығымен өткен «Жаһандық басқаруды реформалау және жетілдіру; жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп ден қою» тақырыбындағы Жаһандық басқару мәселелері жөніндегі достар тобының отырысына қатысты.Өз сөзінде Е.Ашықбаев Қазақстанның көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға, БҰҰ-ның орталық рөлін қолдауға және неғұрлым әділетті, инклюзивті әрі теңгерімді жаһандық басқару жүйесін ілгерілетуге бейілділігін растады. Цифрлық алшақтықты қысқарту, жаңа технологияларға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.Осы тұрғыда қазақстандық дипломат Алматы қаласында құрылып жатқан БҰҰ АзТМЭӘК қамқорлығындағы Орнықты даму мүддесіндегі Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын және Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның ОДМ жөніндегі Өңірлік орталығын таныстырды.Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Су мәселелері жөніндегі халықаралық ұйым құру бастамасының өзектілігі атап өтілді.Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар көпжақтылықты, халықаралық құқықты және жаһандық басқару жүйесіндегі БҰҰ-ның орталық рөлін нығайтуға бейілділікті растайтын бірлескен коммюнике қабылдады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1230295?lang=ru
«Өрт – 2026» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары 30.06.2026
Өңірімізде «Өрт – 2026» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Ауқымды шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.Ірі орман өрті оқиғаларының алдын алу және болдырмау мақсатында облыс аумағында материалдық-техникалық базаны нығайту және жаңарту жұмыстары жүргізілуде. 51 өрт сөндіру автокөлігі, 86 трактор, 36 орман өртін сөндіру кешені, 26 патрульдік автокөлік, 16 тіркемелі жабдық және 2 тіркемелі өртке қарсы жабдық сатып алынды. Біз орман мекемелерін заманауи арнайы техникамен және байланыс құралдарымен жабдықтау жұмыстарын жалғастыра береміз.«Биыл «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында облыста 18 жаңа өрт сөндіру бекетін ашу және 12 бекетке жаңғырту жүргізу жоспарланып отыр. Аймақтың 34 мыңнан астам тұрғыны бар 75 елді мекенінің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі», – деді аймақ басшысы.Оқу-жаттығулар ерте анықтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, ғарыштық мониторинг пен орманды-дала аймақтарын патрульдеуді күшейтуге, сондай-ақ өрт ошақтарын алғашқы сағаттарда жою мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1230544?lang=ru
Қазақстан мен Ресей биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ведомствоаралық консультациялар өткізді 30.06.2026
Мәскеу, 2026 жылғы 29 мамыр - Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кезекті ведомствоаралық екіжақты консультациялар өтті.Консультациялар барысында тараптар биологиялық қауіпсіздік саласындағы өңірлік және жаһандық деңгейдегі ағымдағы жағдай туралы өзекті ақпаратпен алмасты, сондай-ақ екіжақты, өңірлік және көпжақты форматтарда ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру бастамасын ілгерілету контекстінде өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.Тараптар ғылыми алмасу, бейінді мамандарды даярлау, сондай-ақ шекаралас аумақтардағы эпидемиологиялық жағдайды мониторингтеу бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілік танытты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1230995?lang=ru
Қазақстан мен Еуропалық Одақ әріптестікті тереңдетудің жаңа стратегиялық мақсаттарын айқындады 30.06.2026
Астана, 2026 жылғы 29 мамыр – Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер Министрінің орынбасары Арман Исетовтің және еуропалық тараптан Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия жөніндегі басқарушы директорының орынбасары Одроне Перкаускененің төрағалығымен Ынтымақтастық комитетінің саяси конфигурациядағы 23-ші отырысы өтті.Тараптар Қазақстандағы саяси реформалардың серпінін, сондай-ақ тиімді мемлекеттік басқару, сот реформасы және заң үстемдігі салаларындағы диалогты егжей-тегжейлі талқылады.Сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мәселелеріне, оның ішінде Global Gateway бастамасын іске асыруға ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Еуропалық Одақ көлік-логистикалық өзара байланыстылықты күшейту, жасыл энергетика, қоршаған ортаны қорғау, маңызды шикізат материалдарын жеткізу және Қазақстан Республикасының экспорттық әлеуетін кеңейту сияқты салалардағы әріптестікті одан әрі нығайтудың стратегиялық бағдарларын айқындады.Сондай-ақ академиялық ұтқырлықты арттырудың, Erasmus+ және Horizon Europe бағдарламалары аясындағы ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.«Еуропалық Одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық әріптесі болып қала береді. Өткен жылы өзара сауда көлемі 45 млрд АҚШ долларына жетті. 2005-2025 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына тартылған еуропалық капиталдың көлемі 200 млрд АҚШ долларынан асты. Қазіргі уақытта елімізде 4 мыңнан астам еуропалық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Біз еуропалық бизнестің Қазақстанға және тұтастай өңірімізге Еуропа мен Азияны байланыстыратын стратегиялық транзиттік хаб ретінде артып отырған қызығушылығын жоғары бағалаймыз», - деп атап өтті А. Исетов.Өз кезегінде О. Перкаускене Қазақстанмен стратегиялық әріптестіктің қазіргі серпінін жоғары бағалап, Еуропалық Одақтың барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және ортақ халықаралық сын-қатерлерді еңсеру үшін күш-жігерді біріктіруге мүдделі екенін атап өтті.Күн тәртібінің жеке тармағы ретінде Қазақстан Республикасы азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету перспективалары талқыланды. Тараптар консулдық-визалық саладағы диалогты жандандырудың және өзара іс-қимылды одан әрі ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.Отырыс қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы екіжақты өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша әріптестікті одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады.Аталған диалог алаңы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың өзекті күн тәртібін талқылау және салалық мемлекеттік органдардың кең ауқымды мәселелері бойынша ұстанымдарды өзара үйлестірудің белсенді тетігі болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1231015?lang=ru
Алматы облысында «Достық үйінің» іргетасы қаланды 30.06.2026
Бүгін Қонаев қаласында Алматы облыстық «Достық үйі» ғимаратының құрылысы басталды. Өңірдегі қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған маңызды жобаны жергілікті ірі кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен жүзеге асыруда. Шара барысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен бірге ғимараттың іргетасына уақыт капсуласын салды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Салтанатты рәсімге облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері мен кәсіпкерлер, этномәдени бірлестіктердің, ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері, Қоғамдық келісім және даму орталығының қызметкерлері қатысты. Қазіргі таңда өңірде 105 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Облыста тіркелген 34 этномәдени бірлестік пен қоғамдық ұйым түрлі әлеуметтік жобаны қолға алып, өзара татулық пен сенімді арттыруға қызмет етуде. Сондықтан бұл «Достық үйі» аталған құрылымдардың басын біріктіретін қара шаңыраққа айналмақ. Мұнда олардың нәтижелі жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалып, жастар бастамаларын қолдауға, пікір алмасуға, мәдени және қоғамдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін заманауи орта қалыптасады.Аймақ басшысы өз сөзінде «Достық үйі» құрылысының басталуы облыс үшін тарихи маңызы зор, айтулы оқиға екенін атап өтті.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылы өткен ХХХІV сессиясында көпэтносты Алматы облысында «Достық үйін» салу қажеттігі жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бүгін сол маңызды тапсырманың жүзеге асуына куә болып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, мемлекет тарапынан облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына әрдайым айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Соның нәтижесінде өңірімізде кәсіпкерлік пен өндірістің өркендеуіне мол мүмкіндіктер ашылды. Атап айтқанда, 2022–2025 жылдар аралығында Алматы облысына 3,7 трлн теңге инвестиция тартылды. Жалпы құны 930,3 млрд теңге болатын 120 жоба пайдалануға беріліп, оның аясында 14 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өңір экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосқан кәсіпкерлеріміз бүгін «Достық үйін» өз қаражаттары есебінен салуға қолдау білдіру арқылы ел алдындағы азаматтық жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетіп отыр. Бұл шаңырақ ел бірлігі мен татулықтың ордасына айналады деп сенемін», – деді Марат Елеусізұлы.«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы бойынша төрағасы Вера Плетнева жаңа ғимарат жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді. «Бүгін бәріміз тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Қазіргі таңда Қазақстан 100-ден астам этнос өкілін бір шаңырақ астына біріктіріп, шынайы достықтың жаршысы болып отыр. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтылмаған. Біздің басты мақсатымыз – татулықты ту етіп, еліміздің дамуына үлес қосу. Ал Алматы облысында «Достық үйінің» бой көтеруі біздің жұмысымызға серпін беріп, жаңа белестерді бағындыруға септігін тигізеді. Әсіресе Ассамблея жастарына үлкен үміт пен жігер сыйлайды», – деген ол облыс әкімдігі мен жобаға ұйытқы болған кәсіпкерлерге алғыс айтты.Нысан 2 қабатты, 1 блоктан тұрады. Жоба бойынша этно-мәдени орталықтар мен бірлестіктер кабинеттері, 56 орынды конференц-зал, 300 орынды мәжіліс залы салынады. Сондай-ақ ғимарат алдына биіктігі 92 метр болатын Ту тұғыр орнатылады. Нысан құрылысы үш ай бойы жүргізіліп, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1231057?lang=ru
Алматы облысының жедел жәрдем автопаркі 90 жаңа көлікпен толықты 30.06.2026
Алматы облысында жедел медициналық жәрдем қызметінің автопаркі ауқымды жаңартудан өтуде. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында өңірдің жедел медициналық жәрдем станциясына 70 жаңа санитариялық автокөліктің кілті табысталады. Қазіргі уақытта автокөліктердің құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.Жаңа техникалар 2025 жылы лизинг шарты негізінде сатып алынған. Оның ішінде 30-ы «С» класындағы реанимобиль, ал 40-ы «В» класындағы санитариялық автокөлік. Барлығы заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және шұғыл көмек көрсетуге бейімделген.Осылайша, биыл Алматы облысының жедел медициналық жәрдем қызметі үшін сатып алынған 90 санитариялық автокөліктің барлығы пайдалануға беріледі. Оның 20-сы жыл басында медициналық ұйымдарға тапсырылса, қалған 70 көлік жақын күндері қызметке кіріседі.Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, автопаркті жаңарту тұрғындарға көрсетілетін жедел медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.«Жедел медициналық жәрдем қызметінің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Жаңа санитариялық автокөліктер шалғай елді мекендерге дер кезінде жетуге, шақыртуларға жедел әрекет етуге және медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл — тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан маңызды жұмыс», — деді Ержан Сүлейменов.Жедел жәрдем қызметінің автопаркін жаңартуға бизнес өкілдері де қолдау көрсетіп келеді. Өткен жылы әлеуметтік жауапкершілік аясында «Mareven Food» ЖШС жедел медициналық жәрдем қызметіне гуманитарлық көмек ретінде «В» класындағы 10 Foton маркалы санитариялық автокөлікті табыстаған болатын.Қазіргі таңда Алматы облысында жедел медициналық көмекті 1 станция, 12 қосалқы станция, ауылдық елді мекендердегі 66 дислокациялық пункт және 1 санитариялық авиация бөлімшесі көрсетеді. Өңірде 147 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Оның ішінде 20 дәрігерлік және 127 фельдшерлік бригада бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1231456?lang=ru
Қазақстан мен Польша әуе қатынасын кеңейтуде: Варшавада Алматыға жаңа тікелей рейстің тұсаукесері өтті 30.06.2026
Фредерик Шопен атындағы халықаралық әуежайда Польшаның LOT Polish Airlines әуекомпаниясы жүзеге асыратын Варшава - Алматы - Варшава бағыты бойынша жаңа тікелей әуе рейсінің ресми тұсаукесері өтті.Іс-шараға Қазақстан Республикасының Варшавадағы Елшілігі, мемлекеттік органдар, іскер топтардың және туристік саланың өкілдері, сондай-ақ LOT әуекомпаниясының басшылығы қатысты.Тұсаукесер барысында сөз сөйлеген Қазақстанның Польшадағы Елшілігінің өкілі жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Польша арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолындағы маңызды қадам болатынын атап өтті. Тікелей әуе қатынасының іске қосылуы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және туристік байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ екі ел азаматтары арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосымша мүмкіндік береді.LOT әуекомпаниясының 2017 жылдан бері Астана мен Варшава арасында тікелей рейстерді табысты орындап келе жатқаны және Қазақстан мен Польша арасындағы тұрақты әуе қатынасын қамтамасыз етіп отырғаны атап өтілді. Қазақстанның ең ірі қаржы, мәдени және туристік орталығы болып саналатын Алматы қаласына жаңа рейстің ашылуы Орталық Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарын дамытудағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Сонымен қатар, жаңа бағыттың іске қосылуы Қазақстанның халықаралық көлік байланыстарын дамытуға және еліміздің Еуразия кеңістігіндегі жетекші авиациялық әрі транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайту жөніндегі стратегиялық бағытына да толық сәйкес келеді.Іс-шараға қатысушылар жаңа бағыт жолаушылар ағынының артуына, іскерлік және туристік алмасулардың жандануына, сондай-ақ Қазақстан мен Польша арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.Варшава - Алматы бағыты бойынша рейстер Boeing 737 MAX 8 әуе кемелерімен аптасына төрт рет орындалатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1231542?lang=ru
Алматы облысында құны 22 млрд теңгеден асатын жаңа экопарктер салынады 30.06.2026
Алматы облысында экологиялық туризмді дамыту және жасыл аймақтардың көлемін ұлғайту бағытында бірнеше ірі экопарк жобасы жүзеге асырылуда. Жаңа нысандарға тартылатын инвестиция көлемі 22 млрд теңгеден асады.Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы көлемі 69 мың гектардан асатын 20-дан астам экопарк жұмыс істейді. Алдағы жылдары олардың қатары жаңа демалыс және рекреациялық аймақтармен толықпақ.Ірі жобалардың бірі – аумағы 10 гектар болатын «Барыс» экопаркі. Жобаның құны шамамен 1,5 млрд теңгені құрайды. Болашақта парк аумағында 7 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған.Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен тағы екі ірі жоба іске асырылуда. Аумағы 5,5 гектар болатын «Tal Resort» экопаркінің құны шамамен 5 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары екі кезеңмен жүргізіледі. Жобаның бірінші кезеңін 2026 жылдың соңында аяқтау, ал нысанды толық пайдалануға беруді 2027 жылға жоспарланған.Сондай-ақ құны 5 млрд теңге болатын «Aykan Resort» экопаркінің құрылысы да жүргізілуде. Жобаның жалпы аумағы 8,5 гектарды құрайды. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру көзделген.Бұдан бөлек, 2027–2028 жылдары облыста тағы екі жоба жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «Көшпенділер» экопаркіне шамамен 700 млн теңге, ал «Орталық саябақ» жобасына шамамен 10 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.Алматы облысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының мәліметінше, аталған жобалар өңірдің туристік әлеуетін арттырып, жасыл аймақтарды кеңейтуге және халық үшін қолайлы демалыс инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1231982?lang=ru
Қостанай облысында байланыс станциялары іске қосылды 30.06.2026
Қостанай облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарды сапалы байланыс қызметімен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Жыл басында облыс әкімдігі мен Tele2/Altel байланыс операторы – «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС арасында өңірдегі интернет сапасын жақсарту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.Құжат аясында компания жыл соңына дейін облыс аумағында 60-тан астам жаңа базалық станция орнатуды жоспарлап отыр. Жоба аудан орталықтары, моноқалалар мен шалғай елді мекендерде мобильді байланыс пен интернет сапасын арттыруға бағытталған.Меморандум шеңберіндегі алғашқы нысандар Лисаков және Рудный қалаларында іске қосылды. Жаңа базалық станциялар тұрғындарды тұрақты байланыспен қамтамасыз етіп, мобильді интернеттің жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.Лисаков қаласында қазіргі қолданыстағы желіні күшейту мақсатында қосымша алты базалық станция орнату көзделген. Жобаның алғашқы кезеңінде екі станция пайдалануға берілді. Жаңа нысандар қала аумағындағы, оның ішінде саяжай массивтеріндегі байланыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.Сонымен қатар қалада талшықты-оптикалық байланыс желілерін дамыту, бейнебақылау жүйелерін кеңейту және цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.Рудный қаласында да телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту жалғасып жатыр. Қалада жұмыс істеп тұрған 37 базалық станцияға қосымша тағы 14 нысан салу жоспарланған. Оның алғашқысы пайдалануға берілді. Бұл жаңа тұрғын аудандарды, өндірістік аймақтарды және байланыс сапасы төмен учаскелерді сапалы мобильді интернетпен қамтуға мүмкіндік береді.Жоба аясында өңірде 4G және 5G технологияларын кезең-кезеңімен енгізу көзделген. Сондай-ақ базалық станциялар орнату барысында инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, көшелерді жарықтандыру мен бейнебақылау жүйелерін орналастыруға қосымша мүмкіндік жасалады.Байланыс операторының мәліметінше, жаңа нысандарды іске қосу өңір тұрғындарының интернетке қолжетімділігін арттырып, желіге түсетін жүктемені азайтуға және мобильді байланыстың тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.Осылайша Қостанай облысында цифрландыруды дамыту, телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1232248?lang=ru
Мемлекет басшысы Алатау қаласының даму барысымен танысты 30.06.2026
Алматы облысы, Қонаев қаласыПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары Алатау қаласын дамыту жоспарымен танысудан басталды.Қазір аумағы 88 мың гектарды құрайтын қала 4 арнаулы бөлікке бөлінген. Шаһар 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дами береді. Сонымен қатар қаланы өркендетуде басымдыққа ие аумақтар мен табыс көздері айқындалып жатыр. Магистральды инфрақұрылымды жандандырудың жол картасы жүзеге асырылуда. Басқарудың жаңа моделін қалыптастыратын Конституциялық заң қабылданды.Бүгінде Gate City тұрғын ауданында қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұнда бір «Жайлы мектеп» бой көтерді. Қалада «Маревен Фуд», «КНАУФ», Fruit Art, Dolce Pharm және Алматы желдеткіш зауыты секілді үлкен кәсіпорындар жұмыс істейді.Бұдан бөлек, жалпы сомасы 2 триллион теңгеден асатын 53 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды. Атап айтқанда, PepsiCo компаниясы Орталық Азиядағы картоп өңдейтін ең ірі зауыт салынып жатыр. Mars Petcare компаниясы үй жануарларына арналған азық өндіретін заманауи әрі бірегей жобаны қолға алды. KHAN TENGRI BIOPHARMA компаниясы дәрі-дәрмек мен медициналық қондырғылар шығарумен айналысады. «Исткомтранс» және G-Trans компаниялары логистикалық кластер құруда.Мемлекет басшысына Iconic Complex жобасы таныстырылды. Бұл – Алатаудағы көпфункциональды озық кешендердің бірі. Қаладағы негізгі нысандар Gate District ауданында бой көтермек. www.akorda.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1232514?lang=ru
Мемлекет басшысы GREEN ЕСО жылыжай кешенімен танысты 30.06.2026
Алматы облысы, Талғар ауданыПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев таза әрі пайдалы жапырақты көкөніс түрлерін өсіретін GREEN ЕСО заманауи жылыжай кешенінің қызметімен, сондай-ақ Қазақстан нарығындағы өндіріске қолданылатын технологиялармен танысты. Шаруашылықтағы барлық үдеріс химиялық өңдеусіз, тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолданбай іске асырылады. Бүгінде 160 адам еңбек ететін кәсіпорынның өнімдері Қазақстанның 10 қаласына жеткізіледі.Президент «Лукоморье» тұқымбағы – бақ орталығын аралап көрді. Бұл – автоматтандырылған жұмыс арқылы жылына 1,5 миллион түпке дейін ағаш, сәндік бұталар мен гүлдер өсіруге қауқарлы еліміздегі ірі орталық. Оның өнімдері қалаларымыздың барлығында сұранысқа ие, сонымен қатар Өзбекстан мен Қырғызстанға экспортталады.Мемлекет басшысына Turanga сәндік өсімдіктер тұқымбағын ұйымдастыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды. Онда 130 мыңға жуық ағаш және 3,5 миллион түп бұта өсіру жоспарланып отыр. www.akorda.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1233029?lang=ru