Мәдениет
Қазақстан мен Қытай «Ақылды кеден» қанатқақты жобасын қолға алды 23.07.2025
Қазақстан-Қытай экономикалық ынтымақтастығын нығайту шеңберінде «Бақты (ҚР) - Покиту» (ҚХР) шекаралық өткізу пункттерінде «ақылды кеден» қанатқақты жобасын іске асыру басталды. Аталған бастаманың маңызды элементтерінің бірі кедендік логистиканың тиімділігін арттырып, цифрландыруға бағытталған автономды (пилотсыз) жүк тасымалдарын жүзеге асыру саналады.Бұл жоба ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиевтің Тачэн қаласының (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы) партия комитетінің хатшысы Чжи Сяньвэймен болған кездесуде келісілген еді.Тараптар ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын. Соған сәйкес осы жобаны бірлесіп іске асыру, сондай-ақ кедендік және логистикалық процестерді цифрландыру саласындағы іс-қимылдарды үйлестіріп, тәжірибе алысу көзделген.«Ақылды кеден» – шекарадан жылдам әрі жайлы өтуге септесетін бірнеше заманауи шешімді қамтиды. Жүктер шекарадан жүргізушісіз автоматты түрде машиналармен тасымалданатын болады.Сонымен қоса екі елмен расталатын бірыңғай электронды декларация іске қосылғанын айта кетейік. Құжаттарды рәсімдеу мен жүктерді алып жүру толығымен цифрлы форматта болады. Осы жұмыс табысты іске асырылған соң жүктер тәулік бойы автоматты навигация мен бақылау жүйелері (көлік жүргізушілерісіз) арқылы жөнелтілетін болады.Болжанып отырған нәтиже:жүк көлемін жылына 10 млн тоннаға дейін ұлғайту;кедендік рәсімдеу уақытын едәуір азайту;көлік шығындарын төмендету;логистикалық операциялардың ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыру;автомобиль инфрақұрылымына түсетін жүктемені азайтып, логистикалық хабтарды дамыту;астық, майлы дақылдар, ет және өңделген тауарларды қоса алғанда, аграрлық өнімнің экспортын ынталандыру.«Ақылды кеден» шекарадағы инфрақұрылымды жаңартып, жұмыс орындарын ашу мен инвестиция тартуға оң әсер етеді. Сонымен қатар бұл ҚХР-мен арадағы сауданы ұлғайтуға және Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды транзитті орталық ретіндегі рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1038766?lang=kk
Қаржылық тұрақтылық және әлеуметтік басымдық: Қаржы министрі 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің қорытындылары туралы айтып берді 27.06.2025
ҚР Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев есепті кезеңдегі негізгі қаржы-экономикалық нәтижелер мен көрсеткіштерді тізбектеп, 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндаманы ұсынды.Ведомство басшысы айтқандай, 2024 жылы еліміздің ІЖӨ негізінен мұнайдан тыс сектор есебінен 4,8% өсіп, биылғы бес айдағы меже 6% артқан. Бұл ретте шоғырландырылған бюджет құрылымындағы мұнайдан тыс кірістердің үлесі 2,5 т.т. ұлғайып, инфляция 9,8% 8,6% дейін төмендеді. Ал бюджет тапшылығы ІЖӨ-ге шаққанда 2,7% деңгейінде байқалды. Ұлттық қордың активтері 16% артып, 66,2 млрд долларға жетті. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша екі жыл ішінде 7 млн-нан астам балаға (жан басына шаққанда) 233 доллар төленді.Республикалық бюджеттің кірістері бойынша жылдық жоспар 97,2% (19,6 трлн теңге) орындалды. Тапшылықтың негізгі себептері – импорттың төмендеуі, ірі жобалардың іске қосу мерзімінің ауысуы, ҚҚС қайтарудың үш есеге еселенуі. Соған қарамастан ҚҚС жалпы түсімдері 4,8% ұлғайды. Ал көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің нәтижесінде бюджетке қосымша 1,28 трлн теңге түсті (2023 жылмен салыстырғанда +37%).Бюджет шығыстары 97,8% орындалып, 23,6 трлн теңгеге жетті. Қаражаттың едәуір бөлігі әлеуметтік сала мен инфрақұрылымға бағытталды. Педагогтердің жалақысын көтеруге 93,8 млрд теңге бөлінді. 4 557 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 789 балабақша ашылып, осал санаттағы балалардың 100% тегін тамақпен қамтамасыз етілді. 19 млн текше метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 300 мыңнан астам адам газға қосылды. 3,5 мың шақырым сумен жабдықтау және 542 шақырым жылу желілері жаңғыртылды. Қуаты 700 МВт-тан астам жаңа генерация нысандары салынды.Ұлттық жобаларға байланысты 751 млрд теңге бөлінді. Бұл 105 мектеп (254 мың орынға шақталған) салуға, сондай-ақ апатты және үш ауысымды мектептерге қатысты проблеманы жоюға әрі 460 денсаулық сақтау нысанының құрылысын аяқтауға мүмкіндік берді. Биыл қосымша 195 медициналық нысанды іске қосу мен 32 көпсалалы аудандық аурухананы жаңғырту жоспарланған.Сонымен қатар 1,5 мың шақырым магистральды теміржол желісіне жөндеу жұмыстары аяқталды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойынша тасымалдау көлемі 2024 жылы 62%, яғни 4,5 млн тоннаға дейін өсті. Бұл ретте транзит 4 есеге, сол секілді Қытайдан келетін транзит 28 есеге ұлғайды. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында үш жаңа терминал пайдалануға берілді.Сондай-ақ министр бюджет қаражатын тиімді пайдалану туралы жеткізді: тиімсіз шығыстар сомасы 2024 жылы 24% азайып, 372 млрд теңге көлемінде байқалды. Былтыр Үкімет отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету мәселелеріне басымдық берген болатын. Реттелетін сатып алу шеңберінде отандық кәсіпорындармен 1 трлн теңгеден астам сомаға ұзақмерзімді және офтейк-келісімшарттар жасалды. Бұл көрсеткіш 2,5 есеге артты.«2024 жылы қабылданған негізгі шешімдер отандастарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған: тұрғын үймен қамтамасыз етуден бастап мектептер мен ауруханаларды жаңғыртуға дейін», деді Мәди Төкешұлы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1025631?lang=kk
Қаржы министрлігі отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуді күшейтуді қолға алды 27.06.2025
Қаржы министрлігі қазақстандық тауар өндірушілеріне көрсетілетін қолдауды күшейту үшін мемлекеттік сатып алу саласындағы құқықтық базаны жетілдіріп келеді. Мәселен, 2025 жылдың 24 маусымындағы №321 бұйрыққа сәйкес Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына түзетулер енгізілді. Негізгі өзгерістер Қазақстанның тауар өндірушілеріне:- келісімшарт бойынша тауарларды жеткізу мерзімдерін 15 күнтізбелік күннер 60 дейін ұлғайтуға мүмкіндік беріп, бұл тиісті міндеттемелерді орындау мерзімін сақтауға жол ашады;- тауарларды жеткізгені үшін төлем мерзімдерін 30 күнтізбелік күннен 10 жұмыс күніне дейін азайту қарастырылған. Аталған амал өндірушілердің қаржылық жүктемелерін азайтуға септеседі;- аванс төлем мөлшерін 30% 50% дейін ұлғайту көзделген.Тұтастай алғанда, осы өзгерістер жергілікті өндірістің өсімін ынталандыруға және отандық бизнесті дамытуға бағытталған.Бұйрық жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң ресми түрде қолданысқа енгізіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1025261?lang=kk
Агроөнеркәсіп және өнеркәсіп салаларында ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда 25.06.2025
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринның төрағалығымен кеңес өтті. Күн тәртібінде агроөнеркәсіптік кешен мен өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобалар талқыланды. Кеңеске облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.Биыл аймақтың ауыл шаруашылығы саласына 86 млрд. 400 млн. теңге инвестиция тарту межесі бекітілген. Қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін өндіруде негізгі капиталға салынған инвестиция 4 млрд. 731 млн. теңге болып, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 26 пайызға артты. Инвестиция тартуды тұрақты қамтамасыз ету үшін аймақтың агроөнеркәсіп кешенінде 2025-2027 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың жол картасы бекітілді. Жол картасында 30 инвестициялық жоба қамтылған. Бұл жобалар жүзеге асқанда 295 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Биыл 13 млрд. 400 млн. теңгенің 14 инвестициялық жобасы жоспарлануда. Өнеркәсіп саласында биылғы 5 айда 426 млрд. 950 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 0,4 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібінде 155 млрд. 300 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 18,2 пайызға артты. Экономиканы әртараптандыруда 2025-2028 жылдары қолға алынатын 89 инвестициялық жобаның 27-сі биыл іске асырылуда.Ірі жобалардың бірі – қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы. Өңірдің кірпіш өнімдеріне қажеттілігінің 90 пайызын қамтамасыз ететін, құны 5 млрд. теңге болатын заманауи кірпіш зауыты іске қосылды. Азық-түлік өнеркәсібінде нан-тоқаш, кондитерлік, макарон өнімдерін өндіру кешені, түйе сүтінен жылына 392 тонна құрғақ ұнтақ өндіру зауыты мен әрқайсысы 2 мың шаршы метр екі шағын өнеркәсіптік аймақ биыл жұмысын бастайды.Түйе сүтінен алынатын құрғақ ұнтақ өнімдер қытайлық компаниямен жасалған оффтейк келісімі аясында толығымен Қытайға экспортталатын болады.Биыл жалпы құны 24,2 млрд теңге, қуаттылығы 90 мегаватт үш күн-электр станциясы іске қосылады. Бұдан бөлек, жыл ішінде жалпы сомасы 553,6 млрд теңгеге бағаланған 14 ірі жобаның құрылысы басталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1024265?lang=kk
Еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді 25.06.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім және ғылым саласының ардагері Серікбай Қошқаровты, денсаулық сақтау саласының ардагері Сағындық Шәмшиевті 80 жас мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті.Мерекелік жиынға жауапты сала басшылары, облыстың зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері қатысты.Аймақ басшысы мерейтой иелеріне ізгі тілегін жеткізіп, олардың еңбек жолындағы жетістіктеріне тоқталды.«Сыр өңірі – қаймағы бұзылмаған қазақтың киелі ордасы, құт-береке дарыған, бабалар дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, сабақтастығы үзілмеген қасиетті мекен. Елге сыйлы, өмір жолы жас ұрпаққа өнеге, абзал да адал жандарға, еңбек адамдарына кенде емес.Бүгінгі жиынымыз қажырлы еңбегімен халықтың ықыласына бөленген, өнегелі істердің ұйытқысы болған ардақты ағаларымыздың құрметіне арналады.Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Серікбай Иманбайұлы мен Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Шапағат» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері Сағындық Шәмшіұлы 80 жасқа толды. Қадірлі ағалар, мерейтойларыңыз құтты болсын!Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ғылым күніне» арналған салтанатты шарада еліміздің дамуына айрықша үлес қосқан ғалымдарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл – ғылым мен білімге көрсетілген жоғары құрметтің белгісі.Сол жиында Серікбай Иманбайұлы отандық білім және ғылым саласындағы жемісті еңбегі үшін «Парасат» орденін алды.Сағындық Шәмшіұлы ұзақ жылғы еңбек жолында бірінші санатты білікті дәрігер-хирург, мықты ұйымдастырушы ретінде тұрғындарға медициналық жедел жәрдемнің дер кезінде, сапалы қызмет көрсетілуін қамтамасыз етті. «Дәрігер жүрегі», «Жұлдыздар жанған жұмақ жер» атты кітаптары жарық көрді. Ағамыз зейнетке шыққаннан кейін де осы салада қызметін жалғастыруда», – деді Н.Нәлібаев.Салтанатты басқосуда мерейтой иелеріне облыстың ең жоғары наградасы – Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталып, дәстүрге сай шапан жабылды.Қоғам қайраткерлері, шараға қатысушы ардагерлер құттықтауларын жеткізді.Жиын соңында Серікбай Қошқаров пен Сағындық Шәмшиев көрсетілген құрметке алғыс білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1023254?lang=kk
Мемлекеттік қызметшілер марапат төрінен көрінді 25.06.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған сала басшылары мен мемлекеттік қызметшілер қатысты.Аймақ басшысы әріптестерін мерекемен құттықтап, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы еңбектеріне алғыс білдірді.“Баршаңызды Мемлекеттік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймын!Елге адал қызмет ету, Отанды шексіз сүю, туған елдің дамуына аянбай үлес қосу – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті.Егемен еліміздің алдындағы стратегиялық міндеттерді орындауда мемлекеттік басқару жүйесіндегі қызметкерлерге артылған жауапкершілік жоғары.Сіздер Қазақстанның жарқын болашағы жолында халық аманатын арқалап, уақытпен санаспай еңбек етіп, антқа адалдықтың, халыққа жанашырлықтың озық үлгісін көрсетіп келесіздер.Туған жеріміз – Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға қосқан зор үлестеріңіз үшін шынайы ризашылығымды, алғысымды білдіремін!Бүгінде жаңа трансформация кезеңінде кәсіби әрі тиімді мемлекеттік аппарат құру бағытында мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа қабылдау тетіктері жеңілдеді.Бюрократиядан арылу, артық кедергілер мен тосқауылдарды жою, кадрлық резервті қалыптастыру, меритократия қағидатын енгізу, қызметтерді сандық форматқа көшіру мемлекеттік қызмет моделін қолжетімді әрі сындарлы диалогқа негіздеді.Соның нәтижесінде өңірде мемлекеттік аппаратты оңтайландырып, әкімшілік шығындарды азайтып, басшылық құрам санын қысқарттық.Президентіміздің Әділетті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы бастамалары мен тапсырмаларын аймағымызда сәтті жүзеге асырып, халық сенімінің үдесінен шыға берулеріңізге тілектеспін!Баршаңыздың дендеріңіз сау, жақындарыңыз аман болып, отбасыларыңыздың бақ-берекесі арта берсін!”,-деді Н.Нәлібаев.Басқосуда мемлекеттік қызметшілер марапат төрінен көрінді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері Әбдіғаппар Әмірғалиұлы мен Қожахмет Ильясов Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері», облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов, Қызылорда қаласының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілерімен марапатталды. Бірқатар азаматтарға Қызылорда облысының Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.Сонымен қатар, жас мемлекеттік қызметшілерлердің Ант беру рәсімі өтті.Айта кетейік, бүгінде үш мыңнан астам мемлекет қызметші аймағымыздың қарышты дамуына елеулі үлес қосуда. Олардың45 пайызы (1 471) - нәзік жандылар. Мемлекеттік қызметтегі қыз-келіншектердің 294-і басшылық лауазымды абыроймен атқаруда.Кәсіби білігі жоғары, бәсекеге қабілетті, заманға сай жаңаша ойлайтын жастарға әрдайым орын бар. Өңірімізде 35 жасқа дейінгі 800-ге жуық жас мемлекеттік қызметші еңбек етуде.Соңғы жылдары аймағымыздағы мемлекеттік басқару корпусының әлеуеті артып, қызметкерлер кәсіби білімін жетілдіруге ерекше көңіл бөлуде.Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында 24 мемлекеттік қызметші білім алса,4 әріптесіміз «Болашақ» бағдарламасының түлегі атанды.Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Президенттік жастар кадрлық резерві бүгінде мемлекеттік басқару жүйесіне жоғары білімді, креативті мамандарды тартуға ерекше мүмкіндік беруде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1023270?lang=kk
Облыс әкімі ҚР ұлттық музейі басшысымен кездесті 25.06.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Ұлттық музейі басшысы Берік Әбдіғалиұлымен кездесті.Аймақ басшысы өңіріміздің руханият, мәдениет саласындағы ауқымды жобалар туралы айтты.«Биыл Қызылорда қаласының еліміздің астанасы болғанына 100 жыл толды.Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр еліне жұмыс сапары кезінде ардақты аналарымызға арналған «Анаға тағзым» орталығының жұмысымен танысып, жоғары бағасын берді. Былтыр «Руханият жылы» аясында 1000 орындық "Өнер орталығы" іске қосылды.Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдеріне арналған "Жыраулар үйі" ашылды. Қызылорда облысының барлық 7 аудан орталығында 11 млрд. 500 млн. теңгеге "Руханият орталықтары" салынып, пайдалануға берілді. Осыған дейін облыс музейлерінде арнайы қор сақтау бөлмелері болмаған. Қазір аудандық музейлердің қор бөлімдері талапқа сай жасақталып, 20 мыңға дейін экспонат сақтауға мүмкіндік алды. Бұрын аудандардағы архив мекемелерінің қор сақтау қоймасының сыйымдылығы 35 мың құжатқа арналған болатын. Архивтер "Руханият орталығына" көшірілген соң 200 мыңға дейін, яғни алдағы 40 жылға құжат сақтауға жол ашылды."Руханият орталығына" көшірілген аудандық кітапхана, музей, архив мекемелерінің соңғы 20 жылда жаңартылмаған материалдық-техникалық базасы заманауи үлгідегі жаңа жабдықтармен жарақтандырылды. Сол жағалаудан құны 2 млрд. 700 млн теңге болатын облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілді.Мәдени мұра – біздің құнды әрі рухани қазынамыз. Сыр өңірі – ежелгі қалалардың мекені. Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі Бәбіш мола, ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жалғасуда. 2023-2024 жылдарығылыми негіздемелерге сүйеніп, бюджет қаражаты есебінен алтын киімді «Шірік Рабат сақ жауынгері», алтын әшекейлі «Сығанақ ханшайымы», алтын қылышты «Түгіскен көсемі» және «Жетіасар ақсүйек әйелі» тарихи реконструкциялары жасалып, музей қоры құнды экспонаттармен толықты.Өткен жылы Сыр өңірі мәдениетін, құнды жәдігерлерін насихаттау мақсатында «Сыр өңірі –Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты жылжымалы көрмені Ұлттық музей төрінде өткізуге үлкен қолдау көрсеттіңіздер. Сол үшін өзіңізге зор алғыс білдіремін», - деді Н.Нәлібаев.Басқосуда Берік Әбдіғалиұлы өңірлер арасындағы мәдени-рухани байланысты арттыру, тәжірибе алмасу ұлт руханиятына зор үлес қосатынын жеткізіп, бірқатар ұсынысын ортаға салды.Сыр еліне жұмыс сапарында ҚР Ұлттық музейі басшысы аймақтағы тарихи-мәдени нысандармен танысады деп жоспарлануда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1023293?lang=kk
Терроризмге қарсы облыстық комиссия отырысы өтті 25.06.2025
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы облыстық комиссия отырысы өтіп, оған жауапты сала басшылары қатысты.Облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов террористік әрекеттерге қорғанысы осал объектілердің қауіпсіздігін жетілдіру туралы баяндап, жағдайды жақсартуға қатысты ұсыныстарын айтты.Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов қоғамдық - саяси ахуалға тоқталды.Облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Марат Құрманбаев «Экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимылдың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының» орындалуы туралы хабарлама жасады.Отырыс соңында облыс әкімі сала басшыларына талқыланған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1021957?lang=kk
Олжас Бектенов жоғары деңгейдегі келіссөздер қорытындысы бойынша қазақ-қытай келісімдерін жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді 25.06.2025
Премьер-министр Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастық мәселелері бойынша кеңес өткізді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің таяуда жасаған сапары барысындағы келіссөздері аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды ескере отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.Сыртқы істер министрлігі деректері бойынша, қазір Қазақстанда қытайлық инвесторлардың қатысуымен 50 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, жалпы құны $66,4 млрд болатын 224 индустриялық жоба жүзеге асырылуда. ҚХР Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді: 2005-2024 жылдар аралығында инвестиция көлемі $26,4 млрд-ты құрады.Премьер-министр ҚХР Төрағасының таяуда Қазақстанға жасаған сапары ынтымақтастыққа елеулі серпін бергенін атап өтті. Сондай-ақ Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» индустриялық және инвестициялық ынтымақтастық форумының маңыздылығы атап өтілді. Форум аясында Қазақстан мен Қытай арасында жалпы құны $24 млрд-ты құрайтын 58 коммерциялық келісімге қол қойылды.«Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін кемінде $150 млрд көлемінде шетелдік инвестиция тарту міндетін қойды. Осы тұрғыда жетекші экономикалық державалардың бірі және біздің негізгі инвестициялық серіктесіміз Қытай елімен толыққанды кооперацияны одан әрі тереңдету – Қазақстанның аса маңызды басымдығы. Сондықтан инвестициялар көлемін арттыру, жаңа бірлескен жобаларды іске қосу, әсіресе шикізаттық емес әрі экспортқа бағдарланған өнімдерді өндіру бойынша жүйелі шаралар қажет. Мемлекет басшысының шақыруы бойынша ҚХР Төрағасының Қазақстанға таяуда жасаған кезекті сапары екі ел арасындағы экономикалық әріптестіктің жоғары деңгейін дәлелдеп, одан әрі нығайта түсті. Әрбір жобаның жүзеге асырылуы менің тікелей бақылауымда болады, толық қолдау көрсетіледі», — деп тапсырды Олжас Бектенов.Премьер-министр жаңа жобалары жоқ өңірлерде, оның ішінде Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында жұмысты жандандыру қажеттігін баса айтты Олжас Бектенов аталған өңір басшылығына қысқа мерзімде серіктестермен өзара іс-қимыл орнатуды және нақты бастамалар ұсынуды тапсырды.Ұзақмерзімді серіктестік орнату және инвестиция тарту мақсатында аймақтық делегациялардың Қытай провинцияларына сапарларын жандандыру жөніндегі тапсырманы іске асыруға назар аударылды. Олжас Бектенов ҚХР Төрағасының сапары аясында келісімдерге қол қойып, алдын ала уағдаластықтарды қамтамасыз еткен Астана қаласындағы және Алматы, Қызылорда, Түркістан облыстары сияқты бірқатар өңірдегі оң динамиканы атап өтті. Қалған өңірлерге осы бағытта жұмыс істеу тапсырылды.Сондай-ақ кеңес барысында «Орталық Азия – Қытай» форумы аясында өңірлердің қытайлық серіктестермен жасасқан жаңа келісімдерін жүзеге асыру мәселелері қаралды. Мәселен, Алматы облысында «жасыл» энергетика, логистика, АӨК және өнеркәсіп саласындағы жобаларды қоса алғанда, $6 млрд-тан астам соманы құрайтын 7 құжатқа қол қойды. Астана қаласы, Қызылорда және Түркістан облыстары инфрақұрылым, агроөнеркәсіп және өнеркәсіп салаларында бастамалар ұсынды.Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға қол қойылған келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыруды, әрбір кезеңде барлық жобаны сүйемелдеуді, сондай-ақ бірыңғай мемлекеттік инвестициялық саясат шеңберінде іс-қимылдарды үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1021937?lang=kk
Вегетациялық кезеңді өткізуге қатысты тапсырмалар берілді 25.06.2025
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен вегетациялық кезеңнің барысы туралы Үкімет отырысы өтіп, күн тәртібіндегі мәселеге қатысты бірқатар тапсырма берілді.Үкімет отырысына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режимде қатысып, аймақтағы жағдайды баяндады.«Биыл Қызылорда облысында 189 400 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Үкімет бекіткен Жол картасына сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда күріш алқаптары 4 700 гектарға қысқартылды. Оның орнына суды аз қажет ететін малазықтық және майлы дақылдардың егіс көлемі ұлғайтылды.Егісті сумен қамтамасыз етуге 3 млрд. 900 млн. текше метр су лимиті бекітілген. Облыста егін егу жұмыстары аяқталып, күріш 80 900 гектарға себіліп, суға толық бастырылды. Суармалы суды тиімді пайдалану мақсатында тиісті министрліктермен бірлесіп, бірқатар шара атқарылуда», – деді Н.Нәлібаев.Бүгінде лазерлік тегістелген күріш алқаптарының көлемі 60 мың гектарға, ал су үнемдеу технологияларын пайдалану екі есеге дейін артып, 8 100 гектарға жеткізілді.Барлық ауданда құрылған арнайы жұмыс топтары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, суды тиімді пайдалану қатаң бақылауға алынды. Магистральді және шаруашылықаралық каналдар арқылы суды кезектестіріп беру кестесі бекітілген, су осы кестеге сәйкес жіберілуде. Облыс бойынша 357 насос қондырғысы дайындалып, оның 180-і іске қосылған.Өткен жылы Үкіметтің қолдауының арқасында егіс алқаптарында су тапшылығы болған жоқ. Отырыста облыс әкімі «Шардара» су қоймасынан кемінде 1 млрд. 500 млн. текше метр су жіберуге ықпал жасауды сұрады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1021888?lang=kk
Қазақстан мен ЕҚДБ әріптестікті нығайтып келеді 25.06.2025
Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) – Қазақстан үшін маңызды серіктестердің бірі. Банктің қаржыландыруы мен сарапшыларының қолдауы арқылы елімізде жаңғырмалы энергия көздері, көлік логистикасы және цифрландыру салаларында жобалар жүзеге асырылып жатыр. ЕҚДБ-ның қаржылық қолдауымен қатар халықаралық озық тәжірибемен бөлісуі де ерекше маңызға ие. ЕҚДБ Директорлар кеңесінің делегациясымен болған кездесуде біз өзара әріптестікті арттыруға деген ортақ мүддені тағы бір мәрте екшеп алдық.Былтыр екіжақты ынтымақтастыққа байланысты рекордтық көрсеткіш тіркелді: ЕҚДБ Қазақстан экономикасының түрлі салаларына бағытталған жалпы сомасы 935 млн долларға жететін 25 жаңа жобаға қол қойды.Кездесудің нәтижесінде бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті екенімізді айқындап алдық. Қазақстан мен ЕҚДБ ұлттық экономиканың орнықты дамуына үлес қосатын жобаларды іске асыруды жалғастыра түседі.Осы кездесу халықаралық қаржы институттарымен тиімді ынтымақтастық ұлттық даму мақсаттарына қалай қол жеткізуге болатынын нақты байқатты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1021381?lang=kk
«Сыр медицинасының ғаламат ғасыры» атты салтанатты шара өтті 25.06.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Өнер орталығында» Медицина қызметкерлері күніне арналған «Сыр медицинасының ғаламат ғасыры» атты салтанатты шара өтті.Басқосуға жауапты сала басшылары, медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.Аймақ басшысы жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтап, Сыр медицинасының бүгінгі беталысы мен алдағы жоспарларға тоқталды.«Дәрігер – ең ізгі, ең қастерлі мамандық иесі. Сіздер халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, дені сау ұлт қалыптастыруға бағытталған жаңа реформалар мен бағдарламаларды сәтті жүзеге асыру жолында жауапты міндет атқарып келесіздер.Нағыз дәрігер үшін ең жоғары құндылық – халықтың ыстық ықыласы мен алғысына бөлену. Бүгінгі мерейлі мерекеде сіздердің өлшеусіз еңбектеріңізге барша Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан алғыс айтып,зор ризашылығымызды білдіремін.Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Ақордада өткен дәрігерлермен кездесуде «Денсаулық сақтау жүйесін дамыту, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Өйткені медицинаның деңгейі мен қолжетімділігі – еліміздегі өмір сапасының негізгі көрсеткіші», – деген болатын.Аймағымызда Мемлекет басшымыздың тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен халық денсаулығын нығайтуға, медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған кешенді шаралар нәтижелі жүзеге асырылуда. Соңғы үш жылда салаға 441 млрд. теңге қаржы бөлініп, халықтың сұранысына сәйкес түйткілді мәселелер шешімін тауып келеді.Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 28 медициналық нысан жаңадан салынып, іске қосылды. Төрт көпбейінді аудандық орталық аурухана жанынан қосымша құрылыстар, емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана бой көтеруде. Соңғы үш жылда 24 медициналық нысан күрделі жөндеуден өтті. Халық сұранысына сәйкес барлық елді мекендегі денсаулық сақтау мекемелері санитарлық автокөлікпен 100 пайыз қамтылып, мәселе түбегейлі шешімін тапты.Жақында Қызылордада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, кадрларды тұрақтандыру үшін өңіріміздің денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне арнап 100 пәтерлік тұрғын үй салу туралы шешім қабылдадық. Қазір құрылыс басталды, жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек.Өткен жылы 15 дәрігер Түркиядағы, биыл 41 маман Германия, Ресей, Литва, Беларусь елдеріндегі алдыңғы қатарлы клиникаларда біліктілік арттырды.Жауапкершілігі жоғары салада уақытпен санаспай,күні-түні жасаған қызметтеріңіз үшін тағы да алғысымызды білдіремін!Халыққа әрдайым адал қызмет етіп, абыройлы болыңыздар!» – деді Нұрлыбек Машбекұлы.Мерекелік басқосуда қажыры мен қайратын, білімі мен біліктілігін ұлт саулығына арнаған медицина қызметкерлері марапат төрінен көрінді. Қызылорда қалалық көпбейінді ауруханасының кеңесші хирург дәрігері Юрий Фотиади «Құрмет» орденімен, «Қазлепрозорий» мекемесі Тасбөгет бөлімшесінің меңгерушісі Анаркүл Нұрғалиева «Шапағат» медалімен марапатталып, сала ардагері Асылбек Тоғызбаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы табысталды.Мерекеде медицина қызметкерлері Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медаліне, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды.Кейінгі жылдары өңіріміздің медицина саласына бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыс орнатылған. Қор соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 4 млрд. теңгеден астам қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында, Жаңақорған ауданында «Қамқорлық» оңалту орталықтары ашылды. Жақын күндері Арал ауданында осындай орталық пайдалануға беріледі. Сирек кездесетін дертке шалдыққандарға қажетті дәрі-дәрмек сатып алынды. Қор облыстық онкология орталығына құны 1 млрд. 100 млн. теңге болатын, еліміздегі 3 облыста ғана бар скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешен табыстады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1020233?lang=kk
Тұрғындардың жеке мәселелері тыңдалды 25.06.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау кестесіне сәйкес кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды қабылдады. Тұрғындар емделу, тұрғын үй алу және жұмысқа орналасу мәселелерін қозғады.Қабылдауға келіп ұсыныс-пікірін, өтінішін жеткізушілердің сауалдары назардан тыс қалмайды. Әрқайсысы толық зерттеліп, заң аясында шешілу жолдары қарастырылады. Кейбір сұрақтар бойынша түсіндірмені мамандар сол жерде берді. Бірқатарының шешілу жолдары көрсетілді.Бүгінгі қабылдауда болған зейнеткер қамқорлығындағы баласын облыс әкімінің грантымен оқуға түсуіне көмек көрсетуді, қала тұрғыны облыс орталығынан жер беруді сұрады.Аймақ басшысы биылға грант бөлінген жағдайда арнайы комиссияға ҰБТ қортындысымен құжат тапсыруға болатынын айтты. Сондай-ақ тұрғын үй, жер учаскесі тек заң аясында, белгіленген кезекке сәйкес берілетіні түсіндірілді. Басқа да көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді. Жұмысқа орналасу мәселесі де заң аясында, конкурс арқылы шешіледі.Еске салайық, тұрғындар облыс әкімінің, орынбасарларының, жауапты сала басшыларының қабылдауына egov.порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1020426?lang=kk
Тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болуы тиіс 25.06.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте өңірдің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасы талқыланды. Аймақ басшысы облыс, аудан орталықтары мен елді мекендердегі тазалық, көркейту шараларына күнделікті әрі жүйелі бақылау орнатуды тапсырды.«Жаз мезгілінде қала мен елді мекендердегі қоғамдық орындардың тазалығы, жайлылығы басты назарда болуы тиіс. Аптап ыстық басылған соң демалуға сыртқа шыққан халықтың, каникулдағы балалардың баратын орындарын күнделікті қадағалаңыздар. Саябақтар, демалыс аймақтары, жағажайлар мен балалар алаңдары таза әрі қауіпсіз болуы керек.Бұл іске тұрғындар да белсенді араласуы қажет. Тазалық сақтау тек коммуналдық қызметтердің ғана міндеті емес, баршаға ортақ жауапкершілік. Көше бойларының, аулалардың, қоғамдық орындардың тазалығы – мәдениеттің көрсеткіші. Үгіт-насихатпен қатар, тәртіп бұзушыларға қатысты нақты шаралар қолдану қажет», – деді Н.Нәлібаев.Бұдан бөлек, жиында құрылыс нысандарындағы жұмыс сапасы, күрделі жөндеу жұмыстарының барысы қаралды. Аймақ басшысы құрылыс алаңдарын күнделікті қадағалауды тапсырды. Қала әкімдігіне ғимараттар сапасы мен пайдалануға беру мерзіміне қатысты жауапкершілікті қатаң бақылау жүктелді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1018485?lang=kk
«Заң және тәртіп» қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мен өзара іс-қимылдың басымдықтары» форумы өтті 25.06.2025
Бүгін «Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Заң және Тәртіп» қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мен өзара іс-қимылдың басымдықтары» тақырыбында форум өтті. Алқалы жиынға ҚР Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Абзал Құспан, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, құқық қорғау органдары мен жауапты сала басшылары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.Аймақ басшысы қоғамдық қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы бірлескен маңызды міндеттерді айқындады.«Биыл 1 сәуірде Үкімет қаулысымен «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдама» бекітіліп, нақты міндеттер белгіленді.Өңірімізде «Заң мен Тәртіп» қағидасын іске асыруда облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлымен бірлесіп кешенді шараларды қолға алып, жаңа бастамаларға үздіксіз қолдау көрсетіп келеміз. Құқық қорғау органдарымен бірлесе жүргізілген кешенді әрі үйлесімді шаралардың нәтижесінде өңірімізде ахуал тұрақты. Статистикалық ақпараттарды салыстырмалы түрде қарасақ, аймақта 2015 жылы 6 мыңға жуық қылмыс тіркелген болса, нақты жұмыс нәтижесінде бұл көрсеткіш 1158-ге дейін азайды. Соңғы үш жылда құқық бұзушылық көрсеткіші едәуір қысқарды. Бүгінде тіркелген қылмыстық құқық бұзушылық саны бойынша Қызылорда облысы республикадағы ең төменгі позицияда, яғни 20 өңірдің ішінде 19-шы орындамыз. Біздің міндет – тек көрсеткішті ғана емес, құқық бұзушылықты тұрақты түрде төмендету. Жол-көлік оқиғаларын азайтуда жол инфрақұрылымын дамытуға басымдық бердік. Түрлі гаджеттер мен смартфондағы бағдарламалар көмегімен жасалатын алаяқтық, кибершабуыл схемалары сәт сайын өзгеріп жаңаруда. Қаржы пирамидалары, лудомания, интернет буллинг азаматтарды қиын жағдайда қалдыруда. Мүдделі құқық қорғау органдары қолда бар ресурстармен шектелмей, қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қоятын жаңа тетіктерді дамытуы тиіс. Осы бағыттағы қылмыстарды анықтауда жасанды интеллектті пайдалану – орнықты шешімнің бірі. Бүгінгі форум – біздің алдағы жұмыстарымызды жаңа формацияда жүргізуге өз септігін тигізеді деп сенемін», – деді Н.Нәлібаев.Басқосуда облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев, Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов пен Абзал Құспан сөз сөйлеп, форум жұмысына сәттілік тіледі.Құқық бұзушылықтардың алдын алуда ерекше белсенділік танытып, киберкеңістіктегі заңсыз әрекеттердің жолын кесуге үлес қосқан мамандарға облыс әкімінің сыйлық сертификаттары мен облыс прокурорының Алғыс хаты табысталды.Соңғы үш жылда полиция органдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға облыстық бюджеттен 8 млрд.теңгеге жуық қаржы бөлінді. Биыл бұл мақсатқа 2 млрд. 800 млн. теңге қаралып, заманауи құрылғылармен, жабдықтармен қамтамасыз етілуде.Республикада алғашқы болып облыстың барлық ауданында полиция бөлімдерінің Жедел басқару орталықтары ашылды. Қауіпсіздікті күшейту, жедел әрекет ету мақсатында бейнебақылау камераларының желісі көбейтілді.Барлық ауданға құны 2 млрд. 200 млн. теңге болатын 539 бейнебақылау, 49 жылдамдық өлшейтін камера орнатылды. Соңғы жылдары полиция қызметкерлеріне замануи құрылғылармен жабдықталған 128 жаңа автокөлік табысталды. Биыл тағы 31 қызметтік автокөлік тапсырылып, арнайы құрал-жабдықтар көбеймек. Бұл мақсаттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Ашықтық қағидатына сәйкес қала, аудандарда құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге қоғамдық қабылдаулар тұрақты өткізіліп келеді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың мемлекеттік органдарға деген сенімділігін арттырып, әділетті қоғам құруға тың серпін бермек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1018507?lang=kk
Астанада «Күй» спектаклінің премьерасы өтті 21.06.2025
2025 жылдың 14 маусымында күндері Қалибек Қуанышбаев Қазақ ұлттық музыкалық драма театры Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Күй» повесі негізінде сахналанған драмалық қойылымның премьерасын ұсынды.Көрнекті қаламгердің терең философиялық туындысы театр сахнасында ерекше интерпретациямен көрерменге жол тартты.Қойылым театрдың халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен өтті.Туындыда басты кейіпкер Жөнейіт ыза-кекпен арпалысып, жан азабын тартады. Билік пен ар арасындағы тартыс та сахнада шебер суреттеледі.Қойылым көрерменге терең ой салып, ұлттық өнердің құдіретін сезіндіріп, ерекше әсер сыйлады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1017590?lang=kk
Қазақстанда Әкелер күні аталып өтіп жатыр 21.06.2025
2023 жылдан бастап маусым айының үшінші жексенбісінде Қазақстанда ресми түрде Әкелер күні атап өтіледі. Әкелер – күнделікті өмірдің шынайы қаһармандары. Олар – балалары мен отбасысы үшін күш-қуаттың, даналық пен жауапкершіліктің қайнар көзі. Әке – тек асыраушы ғана емес, сонымен қатар тәрбиеші, баланың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін рухани тірек.Қазақ халқы әкені әрдайым отбасының тірегі, кеңесшісі әрі қамқор тәрбиеші ретінде бағалаған. Бұл жөнінде Мұхтар Әуезов: «Әке – асқар тау» деп тамаша айтып кеткен. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин де бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін ерекше атап көрсеткен: «Балалардың тәрбиесіне бірінші кезекте олардың ата-аналары, әсіресе – әкелері жауапты».Әкелердің қолдауы мен қамқорлығы – әрбір баланың және тұтас қоғамның болашағы үшін берік негіз қалыптастырады.Айта кету керек, Қазақстанда заңнамалық тұрғыда әкелердің бала күтіміне байланысты демалыс алу құқығы бекітілген. Бұл – отбасындағы теңдік пен өзара қолдаудың айқын көрінісі.Елімізде әке институтын дамыту – отбасылық және гендерлік саясаттың маңызды бағыты. Бұл міндет 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында көрініс тапқан және осы бағытта нақты шаралар қабылдануда.Әке институтын қолдау мақсатында жыл сайын 7 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 600 мыңнан астам адамды қамтиды. Биыл да әкелер мен балалардың бірлескен демалысын ұйымдастыруға бағытталған ауқымды шаралар – спорттық турнирлер, тақырыптық концерттер, театр қойылымдары өтуде.2012 жылдан бері елімізде республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі табысты жұмыс істеп келеді. Бұл – еліміздің барлық өңірлерінен жиналған белсенді әкелерді біріктіретін алаң. Мектептер жанынан 500-ден астам әкелер кеңесі, балабақшаларда әкелер клубтары құрылып, олар отбасы мен бала тәрбиесіне белсенді қатысып келеді.«Әкелер одағы» бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруда, олардың қатарында: «Аламан» әкелер футбол лигасы, «Әкелер апталығы», «Саналы әке» тренингтері, зорлық-зомбылықпен күреске арналған Орталық Азия семинары, «Ерекше балалардың ерекше әкелері» бағдарламасы, жалғызбасты әкелерге қолдау көрсету, «Бала Толағай» атты әкелер мен балалар арасындағы спорттық жарыстар бар.«Әкелер одағының» бастамасымен және Ұлттық комиссияның қолдауымен Республикалық әкелер форумы өткізіледі – бұл отбасы құндылықтарын нығайту мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаң.Айта кетерлігі, VII Республикалық форум қатысушыларының бастамасымен бүгінгі мереке – Әкелер күні – елімізде ресми түрде бекітілді.Биыл 10-шы мерейтойлық Республикалық форум өтті. Бұл – елдің түкпір-түкпірінен белсенді азаматтар мен әкелерді біріктіретін жыл сайынғы маңызды шара. Форум аясында бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер, қазіргі заманғы отбасындағы әкенің рөлі, жауапты әке болудың үздік тәжірибелері талқыланды. Соңғы 10 жылда бұл форумға 3 мыңнан астам белсенді әке қатысты.Әке институтының дамуы өз жемісін беруде. Сауалнама нәтижесі бойынша, респонденттердің 75%-дан астамы бүгінгі таңда әке мен бала арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан әлдеқайда сенімді бола түскенін атап өтуде. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1017611?lang=kk
Атырауда жыл басынан бері тазалық рейді барысында 8340 құқықбұзушылық анықталды 08.06.2025
Қала көркі тазалықтан басталады. Осы орайда Атырау қаласында рейдтік шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл жұмыстарға Полиция департаментінің қызметкерлері мен әкімдік мамандары бірлесіп қатысуда, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.- Жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы (қоғамдық орындарды ластау), 505-бабы (қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу), 386-бабы (жасыл екпелерді жою және бүлдіру) бойынша 8340 әкімшілік құқықбұзушылық фактісі тіркеліп, 2795 ескерту, 3045 айыппұл түрінде хаттама толтырылған,- деді Атырау қаласы полиция басқармасының бөлім бастығы Қаршыға Дүйсенғалиев.Мақсат – қала аумағын таза ұстау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету.Рейд барысында тұрғындарға өз ауласынан тыс 5 метрлік аумақты таза ұстау қажеттігі ескертілуде. Рұқсатсыз қоқыс тастау жағдайлары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қажет болғанда әкімшілік шаралар қабылданады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1012991?lang=kk
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы тағайындалды 08.06.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кадрлық өзгерістерге қатысты мәжілісте Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Айтымбетова Ләззат Қанибайқызы таныстырылды. Осыған дейін аталған департамент басшысы болған Байменова Ғалия Абсадыққызы зейнет жасына жетіп, құрметті еңбек демалысына шықты.Облыс әкімі Ләззат Қанибайқызының жаңа қызметіне сәттілік тілеп, бірқатар міндет жүктеді.«Жаңа басшыға медициналық қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау функцияларын атқаруды, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналысын қатаң бақылауды тапсырамын», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.Айтымбетова Ләззат Қанибайқызы 1974 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген.Шымкент мемлекеттік фармацевтикалық институтында «Провизор», Орталық Азия университетінде «Қаржы және несие» мамандықтары бойынша білім алған. Еңбек жолын 1996 жылы Қызылорда қалалық перзентханасында дәріхана провизоры ретінде бастаған.Әр жылдары Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінде, облыстық денсаулық сақтау басқармасында, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жауапты қызметтер атқарған. 2024 жылдан осы күнге дейін Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінде басшылық лауазымдарда абыройлы еңбек етті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1012586?lang=kk
Атырау облысында битум зауытының құрылысы талқыланды 08.06.2025
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов инвесторлар өкілдері – Serbi Technologies компаниясының басшысы Йоссеф Бокрис және «Atyrau-Bitum» ЖШС бас директоры Қайырбек Олдағалиевпен кездесу өткізді.Кездесу барысында тараптар Serbi Technologies пен «Atyrau-Bitum» компаниялары арасында бірлескен кәсіпорын құру және өңір аумағында жаңа битум зауытын салу бағыттарын талқылады. Бастама жол құрылысы саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті битумға деген сұраныстың бір бөлігін өтеуге бағытталған. Өндірісті жолға қою логистикалық шығындарды азайтып, бағаны тұрақтандыруға және құрылысшыларды қажетті ресурстармен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Битум өндірісін қосымша өңдеуді қажет етпейтін табиғи битумды кир жыныстары негізінде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде өндіріс шығындарын азайтуға, экологиялық тұрақтылықты арттыруға және мұнай битумына тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді.Жобаның үшінші кезеңінде жол құрылысына арналған кироминералды қоспалар, жол битумы мен мастика, лак-бояу өнімдері, сондай-ақ рулонды гидрооқшаулағыш материалдар сияқты кең ауқымды өнім шығару көзделген.Кездесу барысында тараптар болашақ ынтымақтастық мәселелерін талқылап, жобаны іске асыру жөніндегі ортақ көзқарастарын ортаға сала отырып, бірлесіп белсенді жұмыс істеуге дайын екендерін білдірді. Бастама өңірдің құрылыс саласын дамытуға, өндірісті әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға қосымша серпін бермек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1012494?lang=kk