Қуқық
Қазақстан СІМ басшысы ИЫҰ СІМК 51-ші сессиясына қатысты 25.06.2025
Ыстанбұл, 2025 жылғы 21 маусым – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 51-ші сессиясының жұмысына қатысты.Кездесу барысында делегация басшылары ИЫҰ кеңістігіндегі түрлі әскери-саяси және гуманитарлық дағдарыстарды реттеу жөніндегі шараларды талқылап, Иран-Израиль қарулы қақтығысты тез арада шешуге және Газа секторында атысты дереу тоқтатуға шақырды.«Өзгермелі әлемдегі ИЫҰ» ұранымен өткен форумның күн тәртібіне Ұйымды одан әрі реформалауға, мүше елдер арасындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға, әлемдегі мұсылман азшылықтарының жағдайына, қарусыздану мен исламофобияға байланысты мәселелер де кірді.Қазақстан Сыртқы істер министрі өз сөзінде Иранның айналасындағы жағдайды деэскалациялаудың маңыздылығына назар аударып, Газа секторына азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу үшін гуманитарлық дәліздерді ашуға шақырды.«Қазақстан өңірдегі жағдайды тұрақтандыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың күш-жігеріне өзінің берік қолдауын растайды және тағы да атысты дереу тоқтатуға және Газаға гуманитарлық көмекті кедергісіз жеткізуге шақырады», – деді М.Нұртілеу.Сонымен қатар ҚР СІМ басшысы ИЫҰ-ның халықаралық аренадағы рөлін нығайтуға бағытталған бірқатар ұсыныстарды айтып, Қазақстанның осы процеске өз үлесін қосуға дайын екенін білдірді.СІМК 51-ші сессиясы барысында әртүрлі бағыттар, оның ішінде саяси, экономикалық, құқықтық, гуманитарлық және әкімшілік-қаржылық мәселелер бойынша 100-ден астам қарар талқыланып, қабылдау жоспарлануда. Қазақстандық бастамалар СІМК-тің тиісті құжаттарына енгізілді.Сессия барысында М.Нұртілеу Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен, Әзербайжанның Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен, Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан Әл Саудпен, Пәкістанның Сыртқы істер министрі Мұхаммад Исхақ Дармен, Иранның Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Аракчимен және Сирияның Сыртқы істер министрі Асаад Хасан аш-Шибанимен, сондай-ақ БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықты дамыту жолдарын, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын басқа да мәселелерді талқылады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1021802?lang=kk
Ақтөбеде "Айбын" халықаралық жастар жиынына қатысушыларды салтанатты жағдайда қарсы алды 25.06.2025
Ақтөбе облысына жас патриоттардың жиынына қатысу үшін әуе және теміржол көлігімен 50-ден астам қазақстандық және шетелдік команда келді."Айбын" XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған. Жарысқа барлығы 14 пен 17 жас аралығындағы 700-ден астам ұл мен қыз қатысады. Олардың арасында Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан командалары бар. Қытай делегациясы байқаушы ретінде қатысады.Іс-шаралар Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының "Айбын" оқу орталығының базасында өтеді. Ақтөбе қаласының әуежайына алғашқылардың бірі болып Әзербайжан командасы келді. Джамшид Нахичеванский атындағы әскери лицейдің курсанты Эльмир Авазов өзінің көңіл-күйін жеткізді."Біз Қазақстанға "Айбын-2025" әскери-патриоттық жиынына қатысу үшін ғана емес, жеңіске деген үмітпен келдік. Біз өз елімізді лайықты түрде таныстыруымыз керек. Бұл оңай болмайтынын білемін, бізді қиын сынақтар мен күшті қарсыластар күтіп тұр, бірақ біз жеңіске бар күшімізді саламыз", – деді Эльмир. Барлық шетелдік командалар Қазақстанға азаматтық авиация ұшақтарымен, қазақстандық командалар темір жол, автомобиль көлігімен және әскери-көліктік авиациямен келді. Сондай-ақ, 2024 жылдың соңында әуе қорғанысы күштеріне қабылданған А-400М көпфункционалды көлік лайнері тартылды.Ұйымдастырушылар жиынға қатысушылардың жаңа жағдайларға тез бейімделуі үшін бәрін жасайды. Команда басшыларына жиын өткізу бағдарламасы, жарыстарға қатысу ережесі және шатырлы қалашықта болу тәртібі бойынша түсініктемелер беріледі.Командалар келген күні мандаттық комиссияның отырысы және кезек тәртібін айқындайтын жеребе өтті.Келесі күні жиынға қатысушылар жарысқа кіріседі. "Айбын дарыны" зияткерлік ойыны, пневматикалық мылтықтан ату, АК-74-ті жартылай бөлшектеу және құрастыру, Smart Sarbaz робототехника байқауы және басқа да көптеген іс-шаралар жоспарланған. Жасөспірімдер спорттық жарыстарда, таланттар байқауында жарысады және кешті үлкен алаудың жанында өткізеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1021809?lang=kk
Түркістан облысында майдангерді ғасырлық мерейтойымен құттықтады 25.06.2025
Ұлы Отан соғысының ардагері Петр Кузьмич Попковты Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен Жетісай және Мақтаарал аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөлімінің бастығы капитан Нұрдәулет Рысбек құттықтады. Ардагерге Қорғаныс министрі мен Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының атынан алғыс хат табыс етілді.Капитан Нұрдәулет Рысбек ғасыр жасаған ардагерді құттықтау үлкен мәртебе екенін атап өтті.- Мұндай кездесулер ұрпақтар байланысының терең символы. Біз, әскери қызметшілер үшін, бұл тарихи оқиға. Батырларды құрметтеу - біздің міндетіміз, - деді ол.Петр Кузьмич Попков 1925 жылы 20 маусымда Башқұрт АССР Максимовка ауылында дүниеге келген. 18 жасында майданға ерікті болып аттанған. Қысқа дайындық курстарынан кейін ол майдан шебіне жіберіледі. 3-ші Украина майданында Маршал Федор Толбухиннің басшылығымен 73-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 105-ші полкі құрамында кіші сержант атағымен соғысқан. Жеңісті старшина шенінде қарсы алды. Ол Польша, Чехословакия, Югославия, Молдова, Румыния, Венгрия және Болгарияны азат етуге қатысты.Ерлігі үшін Қызыл жұлдыз және басқа да орден-медальдармен марапатталған. Әскерден 1950 жылы босаған.Тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде жұбайы Галина Евсеевнамен бірге Қазақстанға келеді. 1963 жылдан бастап Ленин атындағы совхозда тұрып, механизатор, кейін жергілікті мақта тазалау зауытының Өрт сөндіру командасында жұмыс істеді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Жетісай қаласына көшіп келді.Бүгінде майдангер қызы Надежда Петровнамен бірге тұрады. Үлкен қызы Татьяна отбасымен Новосибирскіде, кіші қызы Наталья Өзбекстанда тұрып жатыр.Ардагерге мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлінген. Өткен жылы Петр Кузьмичке жаңа тұрғын үйдің кілті берілді. Ал Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу қарсаңында ол Қазақстан Президенті мен Түркістан облысының әкімінен мерекелік құттықтаулар алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1021810?lang=kk
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Таяу Шығыстағы ахуал бойынша мәлімдемесі 25.06.2025
АҚШ-тың Иранға қарсы соңғы әскери әрекеттерінің нәтижесінде әлемнің біздің бөлігінде орналасқан мемлекеттердің қауіпсіздігі үшін қатерлі салдары бар халықаралық жағдайдың күрт нашарлауы байқалуда.Қазақстан Каспий маңы елдерінің тобына кіреді және Иранмен түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамытуда. Мемлекетіміз барлық келіспеушіліктерді, оның ішінде ядролық мәселелерді БҰҰ Жарғысы негізінде келіссөздер жүргізу арқылы шешу қажет деп санайды.Барлық мүдделі елдерді ядролық қарудың таралуына жол бермеу және халықаралық бақылаумен таратпау режимін ұстанатын мемлекеттердің қауіпсіздігіне кепілдіктер беру мақсатында келісімді жақын арада әзірлеуге шақырамыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1021811?lang=kk
Қазақстан мен ЕҚДБ әріптестікті нығайтып келеді 25.06.2025
Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) – Қазақстан үшін маңызды серіктестердің бірі. Банктің қаржыландыруы мен сарапшыларының қолдауы арқылы елімізде жаңғырмалы энергия көздері, көлік логистикасы және цифрландыру салаларында жобалар жүзеге асырылып жатыр. ЕҚДБ-ның қаржылық қолдауымен қатар халықаралық озық тәжірибемен бөлісуі де ерекше маңызға ие. ЕҚДБ Директорлар кеңесінің делегациясымен болған кездесуде біз өзара әріптестікті арттыруға деген ортақ мүддені тағы бір мәрте екшеп алдық.Былтыр екіжақты ынтымақтастыққа байланысты рекордтық көрсеткіш тіркелді: ЕҚДБ Қазақстан экономикасының түрлі салаларына бағытталған жалпы сомасы 935 млн долларға жететін 25 жаңа жобаға қол қойды.Кездесудің нәтижесінде бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті екенімізді айқындап алдық. Қазақстан мен ЕҚДБ ұлттық экономиканың орнықты дамуына үлес қосатын жобаларды іске асыруды жалғастыра түседі.Осы кездесу халықаралық қаржы институттарымен тиімді ынтымақтастық ұлттық даму мақсаттарына қалай қол жеткізуге болатынын нақты байқатты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1021381?lang=kk
Қазақстан ШЫҰ аясында цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда 25.06.2025
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Досжан Мұсалиев 17 маусымда Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қарамай қаласында өткен, ШЫҰ мүше мемлекеттерінің ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласындағы министрлер мен ведомстволар басшыларының IV кеңесіне қатысты.Кеңеске Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан, Беларусь, Ресей, Пәкістан, сондай-ақ ШЫҰ бақылаушы елдері — Түркия мен Әзірбайжанның АКТ дамытуға жауапты министрлер мен ведомстволардың басшылары қатысты.Қатысушылар АКТ саласындағы озық тәжірибелерімен бөлісіп, ШЫҰ елдерінің экономикасын цифрландырудың табысты мысалдарына тоқталды. Сондай-ақ, жиын барысында цифрлық даму мәселелері мен перспективалары, жаңа технологияларды енгізу жоспарлары талқыланды.Одан бөлек, «цифрлық теңсіздік» мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл ретте мамандар цифрлық инклюзивтілік – ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыты екенін атап өтті.ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Досжан Мұсалиев Қазақстанның ШЫҰ аясында цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге басымдық беретінін жеткізді.«Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, «ақылды қала» технологияларын енгізу, өнеркәсіп пен шағын және орта бизнесті цифрландыру, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен цифрлық тәуелсіздікті қамтамасыз ету сияқты басым бағыттар бойынша конструктивті ынтымақтастыққа дайын», - деді вице-министр.Кеңес қорытындысы бойынша тараптар ШЫҰ мүше мемлекеттерінің цифрлық трансформация саласындағы іс-қимыл жоспарын қабылдады.Цифрландыру және АКТ дамуы аталған мемлекеттерге тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, экономикалық өсімді қамтамасыз ету және қауіпсіздікті арттыру сияқты маңызды міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыда ШЫҰ аясындағы ынтымақтастық бүкіл аймақтың үйлесімді дамуы мен мүше мемлекеттер арасындағы өзара сенімді нығайту үшін маңызды болып отыр.Айта кетерлігі, келесі кеңес Қырғыз Республикасының төрағалығымен 2026 жылдың маусым айында Бішкек қаласында өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/1021398?lang=kk
Сарбаз аналары комитетінің төрайымы Гвардейск гарнизонындағы сарбаздардың қызмет жағдайымен танысты 25.06.2025
«Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілдері Гвардейск гарнизонының әскери бөлімдерінде болып, әскери қызметшілердің қызмет ету жағдайын тексерді. «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің төрағайымы Лилия Хайруллина бастаған уәкілетті тұлғалар казармалар мен сарбаз асханаларына барып, медициналық пунктер мен тұрмыстық үй-жайларды аралап шықты.Лилия Хайруллина сарбаздармен сөйлесіп, олардың жағдайы, басшылықпен қарым-қатынасы және бөлімдердегі моральдық-психологиялық ахуал туралы сұрап білді. Сапар барысында гарнизондық госпитальға ерекше назар аударылды. Сарбаз аналары жауынгерлерді емдеу үшін медициналық мекемеде жасалған жағдайды, медициналық көмек деңгейін және жабдықтарды зерделеді. – Біз армияны қоғамға ашық етуге, ата-аналардың оған деген сенімін арттыруға және мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге қиын жағдайларды шешуге көмектесуге тырысамыз, - деп түсіндірді Лилия Хайруллина.«Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитеті осындай іс-шараларды тұрақты негізде өткізіп тұрады. Олар ашықтықты қамтамасыз етуге, әскери қызметшілердің құқықтарын сақтауға және қоғамның армияға деген сенімін нығайтуға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1021253?lang=kk
Бас штаб бастығы Алматы, Қонаев және Тараз гарнизондарына жұмыс сапарын жасады 25.06.2025
Өңірлерде Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов әскери нысандарға барып, әскери бөлімдердің жеке құрамымен кездесті. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының "Әли" оқу орталығында ол түлектердің қорытынды аттестаттау барысымен танысты. Оқытушылар құрамымен және курсанттармен әңгімелесу барысында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары заманауи технологияларды меңгерген жоғары білікті мамандарды даярлаудың маңыздылығын атап өтті.Институтта Бас штаб бастығы инженерлік әскерлер мен РХБҚ кафедрасының жағдайы мен жабдықталуын тексерді. Оқу жоспарлары және бағдарламаларымен танысып, қазіргі заманғы талаптар мен сын-тегеуріндерді ескере отырып, материалдарды жаңарту және оқыту әдістемелерін жетілдіру қажеттігін атап өтті.Гарнизондарда генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов әскери институттың пәтерлік-пайдалану қызметінің қоймасы және Қонаев гарнизонының "Жағалау" полигонындағы оқу орталығы секілді әскери объектілер құрылысының қарқыны мен сапасын бағалады. Жобалық-сметалық құжаттаманы зерделеп, салынып жатқан құрылыстарды қарап шыққаннан кейін генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов құрылыс процесін оңтайландыру және олардың уақтылы пайдалануға берілуін қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нұсқаулар берді.Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеумен және қалпына келтірумен айналысатын "Айнабұлақ" зауытында болды. Сол жерде ол өзінің базасында оқу орталығын орналастыру мүмкіндіктерін зерделеп, казармалық-тұрғын үй қорын дайындау мәселелерін шешу қажеттігін атап өтті.Тараз гарнизонында Бас штаб бастығы әскери нысандардағы қауіпсіздік ережелерінің сақталуына назар аударып, "Айша бибі" полигонындағы оқу орталығының оқу-әдістемелік базасын дамыту қажеттігін атап өтті.Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов материалдық-техникалық қамтамасыз етуді нығайту, мамандардың кәсіби даярлық деңгейін арттыру және әскери объектілердің құрылысын аяқтау мерзімдері бойынша бірқатар міндеттер қойды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1020990?lang=kk
Алматы облысында Дала күні өтті: көміртекті және органикалық егіншілікті дамыту мәселелері талқыланды 25.06.2025
Карасай ауданында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Дала күні ұйымдастырылды. Шара Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында өтті. Бұл – билік, ғылым, аграрлық сектор мен халықаралық ұйым өкілдері бас қосқан маңызды диалог алаңы болды.Бас тақырып ретінде органикалық және көміртекті егіншілікті дамыту мәселесі таңдалып, тұрақты ауыл шаруашылығын қалыптастыру және 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына қол жеткізу жолдары қаралды. Жиында деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру, экологиялық агротехнологияларды енгізу, ғылыми әдістер мен цифрлық шешімдер таныстырылды.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, ғалымдар және фермерлер инновациялық тәсілдермен танысып, агросаланы климаттық өзгерістерге бейімдеу және фермерлерді «жасыл» бастамаларға ынталандыру мәселелерін талқылады. Шарада БҰҰДБ, ФАО өкілдері және Канададағы Альберта университетінің профессоры онлайн қатысып, пікір білдірді.Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев былай деді: «Қазақстанда көміртекті секвестрациялаудың әлеуеті зор. Қазіргі таңда 90 млн гектар ауыл шаруашылығы жерінің түрлі дәрежеде тозғаны анықталып отыр, оның ішінде 29 млн гектары құнарлылығын жоғалтқан. Жердің 62–63%-ында қарашірік деңгейі өте төмен. Егер топырақты дұрыс басқарсақ, ол көміртекті жоғалтпай, керісінше, жинақтай алады. Осыған байланысты біз көміртек полигондарын құру, көміртек қорларының цифрлық кадастрын жүргізу, геоақпараттық жүйелер мен жасанды интеллектті пайдалану және көміртек бірліктерін верификациялау механизмдерін қамтитын ғылыми-техникалық бағдарламаны бастадық. Бұл – агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы үшін қажет жүйелі қадам».Өз сөзінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірде агросаясат ғылым мен технологияға негізделіп жатқанын атап өтті: «Ауыл шаруашылығы – облыс дамуының басты басымдықтарының бірі. 2024 жылы саланың жалпы өнім көлемі 679,2 млрд теңгеге жетті. Біз ет, өрік және құс шаруашылығы бойынша ел көлемінде көш бастап тұрмыз. АӨК экспорты 39%-ға артты. Сонымен қатар, сүт-тауарлы фермалар, өңдеу кәсіпорындары мен жылыжай кешендерін дамыту жобалары жүзеге асырылуда. Алғашқы кезеңде 2 400 км суару желілері қалпына келтіріледі. “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында 1 360-тан астам бастама қолдау тапты, ауыл тұрғындарының табысы 22,7%-ға өсті. Бірақ ең бастысы – жерге ұқыпты қарауға, ғылым мен цифрландыруға негізделген тұрақты шешімдерді енгізу».Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов та карбондық әдістердің тиімділігін атап өтті:«Жер тек өнім беріп қана қоймай, көміртек жобалары арқылы қосымша табыс көзіне айнала алады. Біздің міндетіміз – аграршыларды осындай тәжірибелерге көшуге ынталандыру және бұл үдерістерді барынша ашық әрі экономикалық жағынан тиімді ету».Пленарлық отырыста ауыл шаруашылығындағы көміртек ізін азайту, көміртек полигондарын құру, топырақтағы көміртек қорларын цифрлық тіркеу, фермерлерді экологиялық тәжірибеге ынталандыру және Қазақстанның жаһандық көміртек офсеттері нарығына қатысуы сияқты нақты іс-шаралар талқыланды.Кездесу қорытындысында ғылым, бизнес және мемлекеттік құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған тұрақты егіншілікті дамыту бойынша нақты ұсыныстарды қамтитын резолюция қабылданды.ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстан жыл сайын 535 млн тонна көмірқышқыл газын секвестрациялау әлеуетіне ие. Егер «жасыл» агропрактикалар тиімді енгізілсе, 2050 жылға қарай көміртек офсеттері саудасынан жылдық табыс 25 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1020830?lang=kk
Алматыда «БҰҰ Плаза»-да БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Жаһандық шартының көп елдік желісі іске қосылды 25.06.2025
Алматы, 2025 жылғы 18 маусым – «БҰҰ Плаза» ғимаратында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – Алматы қаласындағы ҚР СІМ Өкілдік басшысы Жәнібек Әбдрашов Орталық Азиядағы БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Жаһандық шартының көп елдік желісінің іске қосылуына арналған салтанатты шараға қатысып, сөз сөйледі.Іс-шараға БҰҰ Жаһандық шартының жаһандық операцияларының басшысы Оле Лунд Хансен, сондай-ақ Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісінің м.а. Стивен О'Малли қатысты.Өз сөзінде Ж. Әбдрашов Көп елдік желіні іске қосу үкіметтердің, бизнес құрылымдардың және азаматтық қоғамның адам құқықтарын қорғау, қоршаған ортаны сақтау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл сияқты негізгі бағыттардағы күш-жігерін біріктіретінін атап өтті.Сондай-ақ Алматы қаласында Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталық және БҰҰ Жаһандық шарты арасындағы ықтимал серіктестік мәселелеріне ерекше назар аударылды.Соңында Елші өңірдің орнықты болашағы үшін БҰҰ-ның Жаһандық шартының көп елдік желісінің қызметіне Қазақстан Үкіметінің жан-жақты қолдау көрсететініне сенім білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1020659?lang=kk
Қарағанды «Жас ұлан» мектебін аяқтаған 90-нан астам түлек әскери оқу орнын таңдады 25.06.2025
Биыл кеншілер қаласындағы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебін 136 тәрбиеленуші тәмамдады.Осы жолғы шараның тарихи маңызы бар. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап оқу орны өз жұмысын әскери колледж ретінде жалғасытрмақ. «Жас ұлан» мектебінің әскери колледж форматына көшуі – жастарды патриоттық тәрбиелеу және Отанға абыроймен қызмет етуге дайын мамандарды даярлау ісіндегі жаңа тараудың басы болмақ.Салтанатты шараға әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері, Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылар және түлектердің ата-аналары шақырылды.Аты аңызға айналған ұшқышқа құрмет ретінде Талғат Бигелдиновтың бюстіне гүл шоқтары қойылды.Оқушыларға орта білім туралы аттестаттар мен төсбелгілерді ардагерлер мен ауған жауынгерлері табыс етті.136 түлектің 90-нан астамы еліміздің жоғары әскери оқу орындарында оқуын жалғастыруды жоспарлап отыр.– «Жас ұланда» екі жыл ішінде мен сапалы білім алдым. Тәртіпке, жауапкершілікке, төзімділікке бейімделдім. Бұл қасиеттер мен мектеп қабырғасында алған білімім Құрлық әскерлерінің әскери институтына түсу кезінде және болашақ офицерлік қызметте көмектесетініне сенімдімін, - деді түлектердің бірі Айберген Тұрсынбек.Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің студенттері мен ұландар орындаған вальс іс-шараға ерекше салтанат сыйлады. Ал қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсеткеннен кейін мектеп оқушылары салтанатты саппен жүріп өтті.Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі өткен жылы 40 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы уақыт ішінде оны бес мыңнан астам түлек бітіріп шықты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1020382?lang=kk
Қазақстан мен Сингапур ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады 25.06.2025
Астана, 2025 жылғы 18 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Сингапур Республикасының Қазақстандағы резидент емес Елшісі Зулькифли Бахарудинмен кездесу өткізді.Тараптар 2024 жылғы мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапурға мемлекеттік сапарының қорытындыларын жоғары бағалады және сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруды жалғастыруға келісті.«Қазақстан мен Сингапурдың өзара құрмет, сенім пен ортақ мүдделерге негізделген берік және орнықты серіктестік құрды», – деп атап өтті А.Бақаев.Сұхбаттастар сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдету, инвестициялық және көліктік-логистикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.Сонымен қатар дипломаттар жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1020413?lang=kk
Ақтауда Қазақстан мен Әзербайжанның «Каспий самалы-2025» әскери-теңіз жаттығулары аяқталды 25.06.2025
Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері әскери-теңіз базасының пирстерінде «Каспий самалы-2025» бірлескен әскери-теңіз жаттығуларының жабылу салтанаты өтті.Оған Әскери-теңіз күштерінің қолбасшылығы мен екі елдің әскери қызметшілері қатысты.– Бүгін біз Қазақстан мен Әзербайжан Әскери-теңіз күштері өткізген «Каспий самалы» бірлескен әскери-теңіз оқу-жаттығуының сәтті аяқталғанын салтанатты түрде атап өтеміз. 2015 жылдан бастап біз тұрақты және нәтижелі ынтымақтастықты дамытып келеміз. Оқу-жаттығулар екі ел арасындағы жауынгерлік дайындық пен бауырластық байланыстардың тағы бір дәлелі болды. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық пен өзара іс-қимыл жыл сайын нығая берсін, – деді оқу-жаттығудың жетекшісі Қазақстан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары 1 дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков.Жаттығу қорытындысы бойынша екі елдің үздік әскери теңізшілеріге құрметті кубоктар табысталды. Бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастырудың жоғары деңгейі, оқу-жаттығуларды дайындауға және өткізуге қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар әскери қызметшілер Қазақстан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының атынан грамоталармен марапатталды.Каспий теңізінің қазақстандық секторында үш жүзге жуық әскери теңізшінің қатысуымен бірлескен оқу-жаттығулар өткенін еске саламыз. Қазақстан тарапынан маневрлерге «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемелері, жауынгерлік қайықтар, гидрографиялық кемелер және ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің авиациясы тартылды. Әзербайжан Әскери-теңіз күштерінен «G-122», «G-124» және «G-129» күзет кемелері қатысты.Оқу-жаттығу барысында әскери теңізшілер бірлескен маневр жасау элементтерін, іздестіру-құтқаруды қамтамасыз ету және қорғалмаған рейдте асимметриялық қатерлерді тойтару мәселелерін пысықтады. Диверсияға қарсы қамтамасыз ету мен әуе шабуылына қарсы қорғанысты ұйымдастыруға ерекше назар аударылды. Екі елдің кеме экипаждарының жеке құрамы теңіз, әуе нысандары бойынша атыс жүргізу және жүзбелі миналарды жоюды пысықтады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1020535?lang=kk
Қарулы күштерде әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің күні атап өтілуде 25.06.2025
1992 жылы 19 маусымда тұрғындарды және ел аумағындағы объектілерді әуе соққыларынан қорғау үшін жауынгерлік кезекшілікті жүзеге асыратын әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері құрылды. Әуе шабуылының жаңа түрлерінің пайда болуы, берілген бағдарлама бойынша ұшуды орындайтын, байқалмайтын, жоғары жылдамдықты ұшқышсыз аппараттарды қолдану әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері мен құралдарының құрамын қайта қарады.Зениттік зымыран кешендері күресе алмайтын шағын ұшқышсыз аппараттардың соққыларынан объектілерді қорғау міндеттерін шешетін бөлімшелер құрылды. Ескірген әуе қорғанысы құралдарын әуе мақсаттарының кең спектрімен күресуге қабілетті заманауи құралдармен ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте барлау және атыс жүйелерін жетілдіруге баса назар аударылады.Әуе шабуылдарынан қорғау міндеттерін Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері, Құрлық әскерлерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері және Әскери-әуе күштері орындайды. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің негізгі компоненті – зениттік зымыран және радиотехникалық әскерлер.Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің мамандары ынтымақтастық шеңберінде С-300 зениттік зымыран дивизиондары мен радиотехникалық әскерлердің есептоптарын тарта отырып, «Әуе кілттері», «Ашық аспан» халықаралық оқу-жаттығуларына, «Сарышаған» полигонында өткен «Жауынгерлік достастық» тактикалық оқу-жаттығуларға қатысты.Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қызметінде «Бук-М2Э», «Тор-М2К» заманауи зениттік зымыран кешендері, GM-403 «Нұр» және «Роса-РБ» радиолокациялық станциялары бар. Қолданыстағы қару-жарақты жөндеу және жаңғырту отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындарында орындалады.Әуе кеңістігін бақылау және әуе қауіптерінен тиімді қорғану үшін қазіргі заманғы қатерлерді ескере отырып, Қорғаныс министрлігі әскерлерді әуе нысандарын анықтау мен жоюдың заманауи құралдарымен, сондай-ақ тиімді басқару және байланыс жүйелерімен жабдықтау бойынша жұмыс жүргізуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1020220?lang=kk
«Сыр медицинасының ғаламат ғасыры» атты салтанатты шара өтті 25.06.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Өнер орталығында» Медицина қызметкерлері күніне арналған «Сыр медицинасының ғаламат ғасыры» атты салтанатты шара өтті.Басқосуға жауапты сала басшылары, медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.Аймақ басшысы жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтап, Сыр медицинасының бүгінгі беталысы мен алдағы жоспарларға тоқталды.«Дәрігер – ең ізгі, ең қастерлі мамандық иесі. Сіздер халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, дені сау ұлт қалыптастыруға бағытталған жаңа реформалар мен бағдарламаларды сәтті жүзеге асыру жолында жауапты міндет атқарып келесіздер.Нағыз дәрігер үшін ең жоғары құндылық – халықтың ыстық ықыласы мен алғысына бөлену. Бүгінгі мерейлі мерекеде сіздердің өлшеусіз еңбектеріңізге барша Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан алғыс айтып,зор ризашылығымызды білдіремін.Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Ақордада өткен дәрігерлермен кездесуде «Денсаулық сақтау жүйесін дамыту, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Өйткені медицинаның деңгейі мен қолжетімділігі – еліміздегі өмір сапасының негізгі көрсеткіші», – деген болатын.Аймағымызда Мемлекет басшымыздың тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен халық денсаулығын нығайтуға, медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған кешенді шаралар нәтижелі жүзеге асырылуда. Соңғы үш жылда салаға 441 млрд. теңге қаржы бөлініп, халықтың сұранысына сәйкес түйткілді мәселелер шешімін тауып келеді.Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 28 медициналық нысан жаңадан салынып, іске қосылды. Төрт көпбейінді аудандық орталық аурухана жанынан қосымша құрылыстар, емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана бой көтеруде. Соңғы үш жылда 24 медициналық нысан күрделі жөндеуден өтті. Халық сұранысына сәйкес барлық елді мекендегі денсаулық сақтау мекемелері санитарлық автокөлікпен 100 пайыз қамтылып, мәселе түбегейлі шешімін тапты.Жақында Қызылордада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, кадрларды тұрақтандыру үшін өңіріміздің денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне арнап 100 пәтерлік тұрғын үй салу туралы шешім қабылдадық. Қазір құрылыс басталды, жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек.Өткен жылы 15 дәрігер Түркиядағы, биыл 41 маман Германия, Ресей, Литва, Беларусь елдеріндегі алдыңғы қатарлы клиникаларда біліктілік арттырды.Жауапкершілігі жоғары салада уақытпен санаспай,күні-түні жасаған қызметтеріңіз үшін тағы да алғысымызды білдіремін!Халыққа әрдайым адал қызмет етіп, абыройлы болыңыздар!» – деді Нұрлыбек Машбекұлы.Мерекелік басқосуда қажыры мен қайратын, білімі мен біліктілігін ұлт саулығына арнаған медицина қызметкерлері марапат төрінен көрінді. Қызылорда қалалық көпбейінді ауруханасының кеңесші хирург дәрігері Юрий Фотиади «Құрмет» орденімен, «Қазлепрозорий» мекемесі Тасбөгет бөлімшесінің меңгерушісі Анаркүл Нұрғалиева «Шапағат» медалімен марапатталып, сала ардагері Асылбек Тоғызбаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы табысталды.Мерекеде медицина қызметкерлері Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медаліне, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды.Кейінгі жылдары өңіріміздің медицина саласына бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыс орнатылған. Қор соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 4 млрд. теңгеден астам қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында, Жаңақорған ауданында «Қамқорлық» оңалту орталықтары ашылды. Жақын күндері Арал ауданында осындай орталық пайдалануға беріледі. Сирек кездесетін дертке шалдыққандарға қажетті дәрі-дәрмек сатып алынды. Қор облыстық онкология орталығына құны 1 млрд. 100 млн. теңге болатын, еліміздегі 3 облыста ғана бар скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешен табыстады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1020233?lang=kk
Тұрғындардың жеке мәселелері тыңдалды 25.06.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау кестесіне сәйкес кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды қабылдады. Тұрғындар емделу, тұрғын үй алу және жұмысқа орналасу мәселелерін қозғады.Қабылдауға келіп ұсыныс-пікірін, өтінішін жеткізушілердің сауалдары назардан тыс қалмайды. Әрқайсысы толық зерттеліп, заң аясында шешілу жолдары қарастырылады. Кейбір сұрақтар бойынша түсіндірмені мамандар сол жерде берді. Бірқатарының шешілу жолдары көрсетілді.Бүгінгі қабылдауда болған зейнеткер қамқорлығындағы баласын облыс әкімінің грантымен оқуға түсуіне көмек көрсетуді, қала тұрғыны облыс орталығынан жер беруді сұрады.Аймақ басшысы биылға грант бөлінген жағдайда арнайы комиссияға ҰБТ қортындысымен құжат тапсыруға болатынын айтты. Сондай-ақ тұрғын үй, жер учаскесі тек заң аясында, белгіленген кезекке сәйкес берілетіні түсіндірілді. Басқа да көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді. Жұмысқа орналасу мәселесі де заң аясында, конкурс арқылы шешіледі.Еске салайық, тұрғындар облыс әкімінің, орынбасарларының, жауапты сала басшыларының қабылдауына egov.порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1020426?lang=kk
Қазақстандық тұрмыстық техника өндірушісі Samsung өнімдерін шығаруды бастайды 25.06.2025
Отандық тұрмыстық техника өндірушісі «Silk Road Electronics» ЖШС Samsung компаниясымен келісімге қол қойды және биылғы тамыз айынан бастап белгілі әлемдік брендтің теледидарлары мен кір жуатын машиналарын шығаруды бастайды. Кәсіпорын екінші жыл жұмыс істеуде, қазіргі уақытта 270 мыңнан астам техника өндірілді: теледидарлар, шағын пештер, кір жуатын машиналар, шаңсорғыштар, ас үй сорғыштары және басқа да өнімдер қазақстандық нарықта және ТМД елдерінде жоғары сұранысқа ие.- Samsung компаниясымен ынтымақтастық – біз үшін дамудың үлкен кезеңі. Өткен жылы біз үлкен тораптан кіші торапқа көштік. Толық циклді өндірісіміз, локализацияның жоғары деңгейіне өту. 2026 жылы штамптау цехын іске қосамыз. Келесі жылдың ортасынан бастап барлық технология іске қосылады және локализация одан да жоғары болады. Бүгінгі таңда 300-ге жуық адам жұмысқа орналастырылды, 2028 жылға қарай қызметкерлер санын 1100-ге дейін арттыруды көздеп отырмыз. Шетелдік нарықтарға шығу және өнім желісін ұлғайту жоспарымызда бар, — деп атап өтті «Silk Road Electronics» ЖШС директоры Александр Критский.@KZgovernmentАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1020040?lang=kk
Қарағанды облысында жоғары кернеулі электр желілерінің тіректерін өндіретін жаңа металлургия кластері іске қосылады 25.06.2025
Қарағанды облысында «Қазақстанның ыстық мырыштау зауыты» ЖШС базасында өнімге коррозияға қарсы жабын жағып, оның беріктігі мен қызмет ету мерзімін 50 жылға дейін ұзартатын өндіріс кластерін іске қосу жоспарланып отыр. Соның аясында жоғары кернеулі электр желілерінің тіректерін шығаратын зауыт ашылады.Кәсіпорын басшылығы зауытты іске қосу бойынша техникалық кезең аяқталғанын хабарлады. Жоба кәсіпорынның жеке қаражаты және «Бәйтерек» қоры тарапынан берілген қаржыландыру арқылы жүзеге асырылып жатыр.– Жалпы аумағы 9 гектар, өндірістік бөлігі – 6,5 мың шаршы метр. Жоспар бойынша 115 адам жұмыспен қамтылады. Жылдық өндірістік қуаттылық – 50 мың тонна. Алдағы уақытта бұл көлемді 70 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Мұнда ыстық мырыштауға мұқтаж қосымша өндірістерді біріктіретін толыққанды кластер құрылады. Сондай-ақ жоғары кернеулі желі тіректерін толық циклмен шығаратын зауыт та осы аумақта ашылады, – деді кәсіпорынның бас директоры Александр Ларионов.@KZgovernmentАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1020049?lang=kk
Қостанай облысының медицина ұйымдары санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етілді 25.06.2025
Медицина қызметкерлері күніне орай Қостанай қаласында салтанатты іс-шара өтіп, оның аясында облыстағы медициналық ұйымдарға жаңа санитарлық автокөліктердің кілттері табысталды.Аймақтың денсаулық сақтау мекемелеріне жалпы 20 санитарлық автокөлік берілді. Көліктер Лисаков қалалық ауруханасын қоса алғанда, аудандық медициналық мекемелерге жіберілді.Автокөліктер жергілікті бюджет қаражаты есебінен, жалпы 318 миллион теңгеге сатып алынған. Жаңа техника – әсіресе шалғай және ауылдық елді мекендерде жедел әрі жоспарлы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге арналған. Бұл – тұрғындар үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам.Іс-шара барысында медицина қызметкерлеріне өз ісіне адалдығы, кәсіби біліктілігі мен жанқиярлық еңбегі үшін алғыс айтылды.Денсаулық сақтау жүйесін дамыту – өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қостанай облысында медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, саланы цифрландыру, мамандардың біліктілігін арттыру және материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1020111?lang=kk
QS 2026 рейтингі: Қазақстанның үш университеті алғаш рет тізімге енді 25.06.2025
QS 2026 рейтингі: Қазақстанның үш университеті алғаш рет тізімге ендіQS World University Rankings 2026 нәтижелері жарияланды. Биылғы рейтингке Қазақстанның 20 жоғары оқу орны енді. Бұл – еліміздің жоғары білім беру сапасының артып келе жатқандығының айқын көрінісі. Рейтингке енген үш жаңа университет – Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті және Шәкәрім университеті. Бұл оқу орындары алғаш рет әлемдік рейтингке кіріп отыр.Сонымен қатар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алғаш рет жұмыс берушілер арасындағы бедел индикаторы бойынша әлемнің үздік 100 университетінің қатарына кірді. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және басқа да 5 университет оқытушылар мен студенттердің арақатынасы бойынша 100 үздік қатарынан орын алды. Бұл көрсеткіш оқу процесінің сапасы мен жеке қатынасқа негізделген білім берудің маңызын білдіреді.Жаңа рейтингте Abai University 628-орынды иеленіп, өткен жылмен салыстырғанда бірден 43 позицияға жоғары көтерілді (671–680 аралығы). Осылайша, университет әлемнің үздік 650 жоғары оқу орнының қатарына кіріп, Қазақстанның алдыңғы қатарлы үздік 5 университетінің бірі ретінде өз орнын нығайтты.Халықаралық сарапшылар QS атынан университеттердің ғылыми-зерттеу қызметіне қатысуы, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуі және түлектердің ұзақмерзімді перспективалары секілді басым бағыттарға назар аударады. QS аға вице-президенті Бен Саутердің айтуынша, Қазақстан университеттері бірнеше көрсеткіш бойынша оң динамика көрсетіп отыр және олар әлемдік деңгейге ұмтылу жолында жақсы қадамдар жасап келеді.QS аймақтық директоры Сергей Христолюбовтың пікірінше, соңғы жылдары рейтингке енген университеттер арасында айырмашылық байқалады. Бірқатар алдыңғы қатарлы университеттер жүйелі даму жолына түскен, ал кейбір оқу орындары жаһандық бәсекелестік жағдайында өз позицияларын сақтап қалуда қиындықтарға тап болды. Осы тұрғыда оқытушылар құрамының сапасы, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуы және халықаралық ынтымақтастық елеулі рөл атқарады.Айта кету керек, Азия елдерінің арасында Қазақстан QS рейтингіндегі университеттер саны бойынша 10-орынды иеленіп отыр. Бұл тізімде Қытай (72), Үндістан (54) және Жапония (47) көш бастап тұр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1020144?lang=kk