Enbekshi QazaQ

Қуқық

Алматыда Қарулы күштердің әскери қызметшілері соғыс ардагерін туған күнімен құттықтады 28.04.2025
28 сәуірде Ұлы Отан соғысының ардагері отставкадағы полковник Николай Александрович Таратунин жүз екі жасқа келді.Алматы қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Түрксіб аудандық басқармасының, ҰҚК Шекара қызметі департаментінің өкілдері және әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері ғасырдан аса жасаған қарияны туған күнімен құттықтап барды. Қорғаныс министрінің атынан Николай Александровичке құттықтау хаты мен сыйлықтар табысталды.Николай Таратунин 1923 жылы Ярославль облысының Починки ауылында дүниеге келген. 1941 жылдың қарашасында екі үлкен ағасына ұқсап, ол да өз еркімен майданға аттанды. Шымырлығының арқасында барлау қызметіне қабылданды. Барлауда жүріп ол бірнеше рет жау тылында тапсырмаларды орындап, құнды мәліметтер жеткізді. Кейде офицерлерді де тұтқынға түсіріп жүрді. Осындай рейдтердің бірінде немістің азық-түлік тиелген жүк көлігін басып алады, жан-жақтан оқ жауып жатқанына қарамастан, батыл барлаушы көлікті айдап бөлімге кіргізді.Николай Александрович бірнеше рет жарақат алған. Ол 1943 жылы Донды күшейту кезінде ауыр жарақат алды. Жиырма жастағы ауыр жарақаты бар сарбазды бәрі қаза тапты деп ойлаған. Түнімен дымқыл жертөледе жатып, таңертең жерлейін деп жатқанда жауынгер көзін ашады. Мұны көрген дәрігер: «Ұзақ жасайды екенсің, балам! Мен сені емдеп, аяққа тұрғызамын» дейді.Соғыстан кейін Николай Таратунин Алматыдағы жаяу әскер училищесін бітіріп, шекара әскерлерінде қызметін жалғастырды. Түркия, Иран, Қытай және Жапониямен шекарада қызмет еткен.Иван Николаевич – І дәрежелі Отан соғысы, Қызыл жұлдыз және «Құрмет» орденінің иегері.  Бүгінде майдангер ұлымен бірге тұрады. Оның үш немересі мен шөбересі бар. Жыл сайын 9 мамырда бұл отбасы ардагерді жеңіс күнімен құттықтау үшін бас қосады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/985155?lang=kk
Қазақстан мен Моңғолия инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті 28.04.2025
Астана, 2025 жылғы 28 сәуір – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Моңғолия Премьер-министрі орынбасарының инвестициялар жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Сайран Қадырұлымен кездесу өткізді.Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.М.Нұртілеу Моңғолияның Азиядағы Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі екенін және екі ел арасындағы достық рухында дамып келе жатқан тығыз қатынастардың орнағанын атап өтті.Ауыл шаруашылығы, логистика, энергетика және білім беру сияқты салалардағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.Кездесу қорытындысы бойынша сұхбаттастар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша өзара күш-жігерді жалғастыруға дайындықтарын растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/985208?lang=kk
«Ұлы дала жорығы» марафонына дайындық 28.04.2025
Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Күренбековтың төрағалығымен «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесін ұйымдастыруға байланысты көшпелі жиын өтті. Жиынға аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары мен тиісті департамент өкілдері қатысты.Қатысушылар жарыстың жоспарланған маршрутымен жүріп өтіп, дайындық барысын пысықтады. Жиын қорытындысы бойынша жұмыс жоспарына сәйкес нақты тапсырмалар жүктелді.Айта кетейік, “Ұлы дала жорығы” жобасы 2022 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Алғашқы жорық сол жылы елордамыз Астанадан бастау алып, Түркістан қаласына 1200 шақырымды құрайтын маршрутпен жүріп өтті. Жобаның авторы - Бақытжан Тұрлыбеков. Алматы облысында “Ұлы дала жорығы” 2025 жылғы 9 - 14 мамыр күндері өтеді. Бұл марафон-бәйге халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, бірқатар елдің шабандоздарының басын біріктіреді. «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі 500 шақырым қашықтықта Алматы облысында өткізілуі жоспарланып отыр. Марафон-бәйгеге қатысуға 15-ке жуық мемлекет қатысады деп күтілуде, олар Ресей, Қырғызстан, Түркия, Иран, Мажарстан және т.б.Бұл шара ұлттық спортты дамытуға және халықаралық деңгейде танытуға бағытталған маңызды қадам болмақ. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/985238?lang=kk
Абай гарнизонында ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады 28.04.2025
Семей қаласында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында әскери қызметшілер майдангерлер Әбдіғали Қаймолдин мен Иван Шевцовты құттықтап барды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Жеңіс Маралов пен Абай облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Омаров ардагерлерге Жеңіске қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.Олардың қатарында жауынгер – артиллерист Халық қаһарманы Әбдіғали Қаймолдин, Польша мен Чехословакияны азат ету ұрыстарына қатысқан Иван Шевцов бар.Әбдіғали Қаймолдин 1921 жылы Семей облысының Абралы ауылында дүниеге келген. Жиырма жасында өз еркімен майданға аттанған. Ол Сталинград, 1-ші Украин, 1-ші Беларусь және 3-ші Балтық майдандарындағы шайқастарға қатысты. «Қызыл Жұлдыз», I дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалі марапатталды.Иван Шевцов 1926 жылы дүниеге келген. 18 жасында Қызыл Армия қатарына шақырылды. Еуропаның бірқатар елдерін азат етуге қатысты. Майдандағы ерлігі үшін ардагер II дәрежелі Отан соғысы және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталды. Соғыстан кейін Иван Романович «Қазэлектромонтаж» кәсіпорнында учаске бастығы болып жұмыс істеп, сол жерден зейнетке шықты.Әскери қызметшілер майдангерлермен әңгімелесіп, оларға алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етіп, амандық тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/984512?lang=kk
Қорғаныс министрлігі әскери институтының курсанттары қоян-қолтық ұрыстан өткен республикалық турнирдің чемпионы атанды 28.04.2025
Алматыдағы Балуан шолақ атындағы Спорт сарайында қоян-қолтық ұрыстан жыл сайынғы республикалық турнир өтті. Беделді жарыста курсант Мәди Жақанов пен Амантай Тілек жеке біріншілікте алтын медаль жеңіп алды.Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының құрама командасы жоғары дайындық деңгейі мен жеңіске деген ерік-жігерін көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткізді.Жеке есепте курсанттар Мәди Жақанов (62 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) және Амантай Тілек (97 келіден жоғары салмақ дәрежесі) алтын медаль жеңіп алды. Курсанттар Жасұлан Ерғалиев (88 келіге дейін), Жасұлан Оразбаев (57 келіге дейін) және Ерлан Андиров (97 келіге дейін) қола жүлдегер атанды.Жекпе-жектің қорытындысы бойынша Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының құрамасы командалық есепте үшінші орынға ие болды.- Курсанттарымды мақтан тұтамын. Олардың табандылығы мен жеңіске деген ұмтылысы өз нәтижесін берді. Әр медаль - қажырлы еңбек пен жоғары дайындық деңгейінің нәтижесі. Біз шеберлікті жетілдіру үшін жаттығуды жалғастыра береміз, - деп атап өтті дене шынықтыру даярлығы кафедрасының оқытушысы майор Данияр Буданов.Айта кетейік, мұндай жарыстарға қатысу курсанттардың күш-қуат тұрғысынан дамуына оң ықпал етіп қана қоймай, жауынгерлік рухты оятып, нағыз Отан қорғаушыларды қалыптастырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/984516?lang=kk
Әлемдік қант алыбы Қазақстанға келеді 28.04.2025
Алматы облысында әлемдік қант өнеркәсібінің көшбасшыларының бірі – Al Khaleej Sugar компаниясының зауыты салынуы мүмкін. Жобаны жүзеге асыру мәселелері облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен компанияның басқарушы директоры, шейх Джамаль Аль Гурайр арасындағы кездесуде талқыланды.“Алматы облысы аграрлық әлеуеті жоғары өңір. Дамуды жалғастыру үшін бізге заманауи технологиялар мен сенімді серіктестер қажет. Бүгінгі кездесу – өңір экономикасы үшін маңызды қадам”, – деді Марат Сұлтанғазиев.Кездесу барысында зауыттың орнын таңдау, қант қызылшасы үшін егістік алқаптарды ұйымдастыру және оларды сумен қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды. Қонаев қаласына жақын орналасқан аумақ логистикалық тұрғыдан тиімді деп танылды. Алайда су мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр – егістіктерді суару үшін баламалы су көздері іздестірілуде.“Біз үшін егістік алқаптарды сенімді әрі жеткілікті су көздерімен қамтамасыз ету өте маңызды. Жобаны тиімді жүзеге асыру үшін гидрология саласындағы үздік мамандарды тартамыз”, – деді шейх Джамаль Аль Гурайр.Инвесторлар зауытты толықтай автономды ету мақсатында жел электр станцияларын салу мүмкіндігін де қарастыруда.“Біздің мақсатымыз – толықтай дербес кәсіпорын құру. Қайта жаңартылатын энергия көздерін пайдалану қоршаған ортаға әсерді азайтып, зауыттың ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етеді”, – деп қосты шейх Аль Гурайр.Al Khaleej Sugar – әлемдегі ең ірі автономды және энергия үнемдейтін қант зауыты. Компания әлемдік тазартылған қант нарығының шамамен 3 пайызын қамтиды. Шейх Аль Гурайр қант өнеркәсібінен бөлек, фарфор, құрылыс материалдары, жылжымайтын мүлік және көлік салаларында да табысты жобаларды жүзеге асырып келеді.Кездесу қорытындысында тараптар өңірдің гидрологиялық ресурстарын жан-жақты зерттеу үшін кәсіби консультанттар мен мамандандырылған ұйымдарды тартуға уағдаласты. Бұл шешім суару мәселесін тиімді шешіп, инвестициялық жобаны сәтті іске асыруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/984528?lang=kk
Дзюдодан Тайландта өтіп жатқан Азия чемпионатында армия спортшылары екі қола медаль жеңіп алды 28.04.2025
Бангкоктағы Азия чемпионатының бірінші күні Қазақстан Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубы спортшыларының жетістігімен ерекшеленді. 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ғалия Тынбаева қоржынға алғашқы жүлде салды. Ол тобықтан жарақат алғанына қарамастан, жекпе-жектің басында айтарлықтай артықшылыққа ие болып, қытайлық Чен Хао Линді жеңіп, үшінші орын иеленді. Осылайша, қазақстандық дзюдошы екінші жыл қатарынан Азияның қола жүлдегері атанып отыр. Жартылай финалда ол жапондық Хикари Йошиокиге есе жіберді.Екінші қола медальға армия спортшысы Шерзод Давлатов ие болды. Ол 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өзбекстандық спортшы Бахром Ботуровпен болған жекпе-жекте айқын жеңіске жетті. Жартылай финалда Шерзод Давлатов Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері қытайлық дзюдошы Ян Юн Вэйден жеңіліп қалды.Айта кетейік, құрлықтық біріншілікке Армия орталық спорт клубының бес спортшы-нұсқаушысы қатысып жатыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/984434?lang=kk
ҚР Ұлттық қорғаныс университеті Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай жаппай жүгіру ұйымдастырды 28.04.2025
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің жеке құрамы, магистранттар мен докторанттар елордада өткен жарысқа қатысты. – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай біз бірқатар еске алу, ғылыми-зерттеу, ағарту іс-шараларын жоспарладық. Жуырда ғана Ұлы Отан соғысы батырларының ұлт тарихына қосқан үлесі туралы халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бүгінгі жарыс - майданда қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу, әрі бүгінгі күнге аман жеткен соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет, - деді Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар МұстабековАйта кетейік, шараға үш жүзден астам адам қатысты. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/984439?lang=kk
Бірліктің күші: қоғамның қолдауы арқасында Алматы облысында 110 мыңнан астам ағаш отырғызылады 28.04.2025
Алматы облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында көгалдандыру бойынша ауқымды жоспар жүзеге асырылуда.2025 жылға бекітілген өңірлік жоспарға сәйкес, облыс қалалары мен аудандарында 110 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Облыс әкімдігінің мәліметінше, көктемгі кезеңде ғана 65 мыңнан астам көшет отырғызылды.Ағаш отырғызу жұмыстары барлық аймақтарды қамтиды: ең көп ағаш Еңбекшіқазақ ауданында, Қонаев қаласында және Талғар ауданында отырғызылуда. Сонымен қатар, Балқаш, Жамбыл, Іле, Қарасай, Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандарында және Алатау қаласында да белсенді жұмыстар жүргізілуде.Айта кету керек, көшеттердің басым бөлігін әлеуметтік жауапкершілігі жоғары азаматтар, кәсіпкерлер, кәсіпорындар мен ұйымдар өз қаражаттары есебінен қамтамасыз етті. Бұл қоғамның экологиялық мәселелерді шешуге және туған жердің болашағына деген қамқорлығына нақты үлес қосып отырғанының жарқын көрінісі.«Жасыл аймақтар құру — тек қана абаттандыру емес, бұл — тұрғындардың денсаулығы мен жайлы өміріне салынған инвестиция. Мұндай бастамалар экологиялық мәдениетті қалыптастырып, тұрақты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді», — деп атап өтті облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және абаттандыру басқармасында.Күзгі отырғызу науқаны көктемде басталған жұмыстарды жалғастырады. Жыл соңына дейін отырғызылған ағаштар саны 110 670-ке жеткізіледі деп жоспарлануда. Акцияға мемлекеттік органдар, волонтерлер, оқушылар, кәсіпкерлік қауымдастығы, аудан мен қала тұрғындары, аға буын өкілдері, қоғамдық ұйымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен жастар белсене қатысуда.Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев экологиялық бастамалардың күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналуы қажет екенін бірнеше рет атап өткен болатын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/984451?lang=kk
Әр үйде – көгілдір отын: Алматы облысын газдандыру қарқын алуда 28.04.2025
Қазыбек бек ауылында газ құбырын іске қосу өңірді толық газдандыру жолындағы маңызды кезең болды.Алматы облысында газдандырудың ауқымды бағдарламасы жалғасып жатыр. Соңғы маңызды оқиғалардың бірі – Жамбыл ауданы Қазыбек бек ауылында газ тарату желілерінің іске қосылуы. Бұл жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес, бұл мыңдаған адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту.Құрылыстың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев келді. Оның айтуынша, тұрақты газбен жабдықтау - бұл тек жайлылық қана емес, ауыл экономикасының жарқын болашағы.- «Газдың пайда болуы шағын бизнесті дамытуға, өндіріс ашуға, инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады. Бұл тұрақты өсу мен жұмыспен қамтуға бағытталған қадам. Газ Қазыбек бек ауылынан бөлек, тағы да бес ауылды қамтиды», - деп атап өтті Масабаев.Газ құбырларын жүргізу жұмыстары 2023 жылдың желтоқсанында басталып, 2024 жылдың соңында аяқталды. Негізінен кесте бойынша құрылысқа 26 ай берілген болатын. Жұмыс жоспарланған уақыттан да ерте аяқталды. Жобаның жалпы құны – 4,2 млрд теңгені құрады.Жергілікті тұрғындар жобаның жүзеге асатынына ұзақ уақыт сенбегендерін жасырмады. Себебі, ауылда бұл құбырлар 2011 жылдан бері жатқан екен, ал оны іске қосу үнемі кейінге қалдырылып келіпті.— «Енді біздің үйіміз жылы әрі таза болады. Енді көмір жағып, отын жарып, пеш тазалап жүрмейміз. Бұрынғыдан қарағанда қолайлы жағдай жасалды», — деп қуанышымен бөлісті көпбалалы ана Алия Турсынова.Қазыбек бектің тарихы – өңірді газдандырудың ауқымды бағдарламасындағы бір ғана эпизод. Қазіргі уақытта, өңірлік сызба аясында 157 елді мекен көгілдір отынға қосылып, 1,2 млн адамды қамтыды. Бұл облыстың жалпы халқының 77%-ын құрайды.2024 жылы 17 ауыл газбен қамтылды. Ал 2025 жылдың соңына дейін газдандыру деңгейін 59,5%-ға (169 елді мекен) дейін жеткізу жоспарланып отыр. 2025 жылы жаңа жобаларды іске асыруға 6,7 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылды. Тағы 1,4 млрд теңгесі жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға бағытталды.Жұмыстар Қонаев, Балқаш, Жамбыл және Іле аудандарында жүргізіліп жатыр. Билік жобаның нақты қажеттіліктер мен тұрақты даму қағидаттарын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап айтты.Өңірді газдандыру 2030 жылға дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл тұрмыстық жағдайларды жақсартуға ғана емес, сонымен қатар экологияға жүктемені азайтуға, экономикалық өсуге және ауылдық жерлерге инвестициялар тартуға жағдай жасауға мүмкіндік береді.Қолжетімді көгілдір отын – болашаққа сенімді қадам.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/984349?lang=kk
Жеңістің 80 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция: көзқарастар мен зерттеу бағыттарын талдау 28.04.2025
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ұлы –Жеңіс: ерлікке тағзым – жастарға үлгі» республикалық іс-шаралар жоспары аясында «Екінші дүниежүзілік соғыс: тарихи сабақ және бүгінгі ұстаным» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Еуразия ұлттық университетінің басшылығы, танымал тарихшылар, ардагер журналистер, әскери ғалымдар, Қарулы күштердің ардагерлері және қоғам өкілдері қатысты.Баяндамашылар жаңа ұрпақ санасындағы Екінші дүниежүзілік соғыс туралы тарихи жадының эволюциясы мәселелерін қарастырып, аталған мәселелер бойынша жүргізген зерттеулерін ортаға салды.– Бүгінгі конференцияның негізгі мақсаты – Ұлы Жеңісті ғылыми тұрғыдан жан-жақты пайымдау, соғыс жайындағы тарихи білімді насихаттаудың жаңа жолдары мен тәсілдерін іздестіру, оларды өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде қолдану, – дейді отставкадағы генерал-майор Еділ Оразов.Қарулы күштердің ардагері, профессор, тарих ғылымдарының докторы отставкадағы генерал-лейтенант Абай Тасболатов Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы мен сипатына кеңірек талдау жасап, тағдыры беймәлім батырлар туралы тың деректерді мәлім етті.Ардагер журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанболат Аупбаевтың «Есімі елге белгісіз ерлер» тақырыбындағы баяндамасы болашақ журналистер мен тарихшыларға арналды. Елеусіз қалған есімдер мен тұтқындар тағдыры туралы тың толғамдары соғыс тақырыбын зерттеушілер үшін таптырмас тақырып болды.Әскери журналистика ардагері, «Ақпарат саласының үздігі», отставкадағы полковник Сапарғали Жағыпаров қазақстандықтардың нацизмді жеңуге қосқан үлесі өшпес ерлік пен даңқты тарихтың ажырамас бөлігі болғанын атап өтті.Ал Еуразия ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Задаш Дүкенбаева Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихнамасы мен деректеріне сүйеніп, ғылыми ізденістердің жаңа көзқарастары мен бағыттарына тоқталды.Елімізде Екінші дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлерді іздестіріп, жерленген жерлерін табуда «Atamnyn Аmanaty» қоғамдық бірлестігі тынымсыз еңбек етіп келеді.Бұл жөнінде қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы әскери кафедраның оқытушысы Әбубәкір Смайылов жан-жақты хабардар етті.Жиын соңында армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің ұланы Ерасыл Секен сөз алып, батырлардан қалған аманатқа адал болуға сендірді.Ғылыми-тәжірибелік конференция аясында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-тарихи мұражайы мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған көрмесі ұйымдастырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/984379?lang=kk
Астанада жастарға Ұлы Отан соғысы батырлары рухында патриоттық тәрбие мәселелері талқыланды 28.04.2025
ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде «Ұлы Отан соғысы қаһармандарының ұлт тарихына қосқан үлесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.Конференция жұмысына ҚР Парламентінің депутаттары, ғалымдар, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінің әскери тарих саласындағы сарапшылары мен мамандары, Қарулы күштердің ардагерлері, профессорлық-оқытушылар құрамы, Ұлттық қорғаныс университетінің магистранттары мен докторанттары, жоғары әскери және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен курсанттары қатысты.Конференцияға дайындық барысында әскери-тарихи материалдардың үлкен көлемі зерделеніп, жинақталды. Жиын форматы қатысушыларға сындарлы түрде пікір алмасуға, қазақ халқының қаһармандық тарихының өзекті мәселелерін талқылауға, аға буынның Жеңіске қосқан үлесін зерттеуге ғылыми тұрғыдан қарауға мүмкіндік берді. 2025 жыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы белгісімен өтуде. Бүгінде қазақстандықтар үшін аталарының ерлігі туралы естелік ұрпақтарды біріктіретін адамгершілік өзегіне айналды. – Отан тарихының осы даңқты беттерін есте сақтау, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлік образы арқылы келешек ұрпақты тәрбиелеу маңызды. Әскери тарих сабақтарын меңгеру әскери-патриоттық жұмысқа жаңа серпін беріп қана қоймай, әскери өнерді дамытудың перспективалық бағыттарын болжауға да көмектеседі, – деп атап өтті ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков.Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Қазақстан халқының бестен бір бөлігі соғысқа шақырылды. Әрбір екінші қазақстандық соғыстан оралмады. Республика аумағында құрылған құрамалар мен бөлімдер өздерін өшпес даңққа бөледі. Қазақстаннан шақырылған сарбаздар Ұлы Отан соғысының барлық майдандарындағы операциялар мен шайқастарда ерліктің ерен үлгісін көрсетті.Біздің сарбаздардың жауынгерлік жолы даңққа толы. Көптеген бөлімдер мен құрамалар құрметті атауларға ие болды. Қазақстан майдан үшін сенімді тыл, армия үшін нағыз арсеналға айналды. Еліміз эвакуацияланғандарды жылы қабылдады. Көшіп келген өнеркәсіптік кәсіпорындар қайта жанданып, қорғаныс-өнеркәсіптік әлеуетіміз артты. Стратегиялық ресурстарымыз ұлғайып, ауыл өндірісі дамыды.Рухани-адамгершілік пен патриоттық құндылықтар идеологиялық жұмыс саласындағы негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Қатысушылар конференция жұмысының нәтижелері тиімді болатынына сенім білдірді. Өйткені жаңа идеялар мен гипотезалар осы саладағы жаңа зерттеулерге түрткі болуы мүмкін.Халықаралық ғылыми-практикалық конференция майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі арқылы олардың ұлт тарихына қосқан жиынтық үлесін түсінуге, жастарды тәрбиелеуге және әскери қызметшілердің Отанды қорғауға дайындығын қалыптастыру үшін әскери-патриоттық жұмысқа қуатты серпін бермек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/984106?lang=kk
Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеилдің Халықаралық Валюта Қоры мен Дүниежүзілік банктің жыл сайынғы көктемгі кездесулеріне қатысуы бойынша қорытынды 28.04.2025
ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил биыл
 22-24 сәуір аралығында Вашингтонда (АҚШ) Халықаралық Валюта Қоры (ХВҚ) мен Дүниежүзілік банктің (ДБ) көктемгі кездесулеріне қатысты.Қазақстандық делегация құрамында болған Қаржы вице-министрі ХВҚ-да Қазақстаннан балама басшы ретінде ХВҚ Швейцарлық топтың жиналысына қатысып, сондай-ақ ХВҚ Басқарушы директорының орынбасары Бо Лимен кездесті. Күн тәртібінде экономика және даму, әлемдік экономиканың қазіргі өзекті мәселелерін шешуге байланысты халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды.Ресми іс-шаралардың барысында Дәурен Маратұлы негізгі халықаралық қаржы институттары мен ірі инвестициялық компаниялардың басшылығымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Онда Қазақстандағы экономикалық әріптестікті дамыту мен реформаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.ДБ-тың Еуропа мен Орталық Азия бойынша вице-президенті Антонелла Бассанимен әріптестіктің 2026-2030 жылдарға арналған жаңа еларалық стратегиясын дайындау шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің алдағы 5 жылға арналған басымдықтары, сонымен бірге бірлескен перспективалы жобаларды іске асыру жолдары пысықталды.Бұған қоса Д.Кеңбеил Көпжақты инвестициялық кепілдік агенттігінің операциялар жөніндегі вице-президенті Джунаид Камал Ахмадпен және Халықаралық қаржы корпорациясының аймақтық директоры Вебке Шломермен (ДБ тобына кіреді) келіссөздер жүргізді. Тараптар өзара тиімді қарым-қатынасты кеңейтуге әрі жобаларды белсенді іске асыруға мүдделі екендерін жеткізді. Ал ДБ Қазынашылықтың капитал нарықтары және инвестициялар жөніндегі директоры Джордж Ричардсонмен өткен кездесуде займ алу құнын төмендетудің, ДБ-тің қаржы құралдарын, оның ішінде ұлттық валютада қаржыландырудың өзекті мәселелері қаралды.Бұдан бөлек JP Morgan, Morgan Stanley, Fidelity Investment, Artisan Partners және Schofield Group өкілдерімен болған кездесулерде қаржы нарықтарының халықаралық ахуалы жайлы айтылды.S&P және Fitch жетекші халықаралық рейтингтік агенттіктерінің өкілдерімен келіссөздер шеңберінде тараптар макроэкономикалық ахуал мен Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар, халықаралық қаржы нарықтарында қалыптасқан жағдай бойынша пікір алысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/984130?lang=kk
Министрлікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты күшейту жолдары талқыланды 28.04.2025
ҚР Ұлттық экономика министрлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті. Іс-шараны Министрлік ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп ұйымдастырды.Кеңес мемлекеттік органдарда ашықтықты арттыру және ішкі бақылауды күшейту курсы шеңберінде өтті. Талқылауға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің өкілдері, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің қызметкерлері, сондай-ақ аумақтық бөлімшелердің мамандары қатысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Жетісу облысы бойынша өкілі қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың негізгі ұғымдарын, оның түрлері мен заңнамада көзделген жауапкершілікті еске салды. Ол сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тізімін кеңейту және оны жасағаны үшін санкцияларды қатаңдату туралы айтып, профилактиканың маңыздылығын атап өтті.Мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат міндеттерін және оны жергілікті жерде іске асыру тетіктерін түсіндіруге ерекше назар аударылды.ҚР ҰЭМ Аппаратының басшысы Олжас Сыздықов қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде барлық мемлекеттік қызметшілердің - басшылардың ғана емес, қатардағы құрам мамандарының да дербес жауапкершілігіне назар аударды. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес - бұл әрбір қызметкердің қатысуы маңызды жүйелі және күнделікті процесс екенін атап өтті.Кеңес соңында Олжас Сыздықов агенттік өкілдеріне мазмұнды диалог үшін алғысын білдіріп, ішкі бақылауды күшейтуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың қатаң сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Министрліктің ведомстволық бағынысты құрылымдарында алдын алу тетігін жетілдіруге бағытталған бірқатар тапсырмаларды жеткізді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/984200?lang=kk
Алматыда Қазақстан мен Қытай арасындағы Стратегиялық диалогтың екінші отырысы өтті 28.04.2025
Алматы, 2025 жылғы 25 сәуір – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван И Қазақстан мен Қытай арасындағы Стратегиялық диалогтың екінші отырысына қатысты. Қытай СІМ басшысы 26 сәуірде өтетін «Орталық Азия – Қытай» форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысу үшін Алматыға жұмыс сапарымен келді.Стратегиялық диалог отырысы барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Министрлер биік және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын қарастырды, сондай-ақ екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша қазақ-қытай қатынастары дамуының оң серпінін атап өтті.Сауда-экономикалық байланыстарды арттыру бойынша бірлескен күш-жігерге ерекше назар аударылды. Қазақстанның Қытайға шикізаттық емес экспортын ұлғайтуды қоса алғанда, индустриялық-инвестициялық, энергетикалық, транзит-көліктік және инновациялық ынтымақтастықты бірлесіп дамытуда жаңа тәсілдерді әзірлеу қажеттілігі баса айтылды.«Әрқашан дами беретін байланысымыз геосаяси сын-қатерлер мен конъюнктуралық үрдістерге ұшырамайды. Қытай біз үшін мейірімді көрші және сенімді дос қана емес, сонымен қатар жан-жақты байланысы бар жақын ел», – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.Былтыр екіжақты тауар айналымы рекордтық көрсеткіш – 43,8 млрд АҚШ долларын құрады. Екі мемлекет те жақын арада өзара сауда көлемін екі есеге арттыруға ұмтылуда. Қазақ-қытай инвестициялық пулы шамамен 66,4 млрд АҚШ доллары сомасына 224 жобаны қамтиды.«Біз Қазақстанды Қытайдың көршілес мемлекеттермен қарым-қатынасында басты серіктес ретінде қарастырамыз. Қытай Қазақстанның аумақтық тұтастығын, егемендігін және қауіпсіздігін қорғауда, сондай-ақ ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес елдің дамуына бағытталған күш-жігерін нық қолдайды», – деп мәлімдеді Ван И.Сыртқы саяси ведомстволарының басшылары биыл жоспарланған екіжақты сапарлар мен іс-шаралар кестесін талқылады, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарды теңестірді».Кездесу қорытындысы бойынша ҚР-ҚХР сыртқы істер министрліктері арасында 2026-2028 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды және Гуанчжоу қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығын құру туралы ноталармен алмасу рәсімі өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/984217?lang=kk
Өңірлерді дамытудың жаңа тәсілдері Абай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдерімен талқыланды 28.04.2025
Семей қаласында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Абай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша кеңес өткізді. Іс-шараға аталған өңірлердің әкімдері, бейінді министрліктер мен Amanat партиясының өкілдері қатысты.Талқылаудың негізгі тақырыбы өңірлік саясатты іске асыруда жаңа тәсілдерді енгізу. Вице-премьер өңірлер арасындағы алшақтықты қысқарту мемлекеттік қолдаудың басымдығы болуы тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты орталық қаржыландыру артта қалған облыстардың әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылымын дамытуға арналады.Жиында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков баяндама жасады. Ол 2028 жылға дейін жалпы сомасы 6,5 трлн теңге 102 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарын ұсынды. Бұл жобалар агроөнеркәсіптік кешен, тау-кен металлургия өнеркәсібі, қайта өңдеу, туризм сияқты негізгі салаларды қамтиды. Өңдеу өндірістерін, шағын және орта бизнес кластерлерін, сондай-ақ Катонқарағай, Баянауыл, Зайсан, Алакөл және Шүлбі су қоймасы сияқты туристік аймақтарды дамыту қажеттігі ерекше атап өтілді.Ауылдық аумақты кешенді дамытуға және ауыл тұрғындарының табыс деңгейін арттыруға бағытталған "Ауыл аманаты" жобасына ерекше назар аударылды. Жоба шеңберінде ауылдардың мамандануын анықтаған скрининг аяқталды.Вице-министрдің хабарлауынша, 2023-2024 жылдары "Ауыл аманаты" жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 104 млрд теңге бөлініп, 2,1 млрд Абай облысына, 2,5 млрд Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарына берілген. 2025 жылы 50 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінеді. Оның 1 млрд-ы Абай облысына, 3 млрд-ы ШҚО-ға, 2 млрд-ы Павлодар облысына берілмек.Қосымша, "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы шеңберінде 2022-2024 жылдары үш өңірге 600-ден астам инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 60 млрд теңге бөлінді. 2025 жылы 104 ауылда 137 жобаны іске асыруға тағы 24 млрд теңге қарастырылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/984269?lang=kk
Теміртауда әскери қызметшілер соғыс ардагері Николай Куриленконы құттықтады 28.04.2025
Қарулы күштердің 55524 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысына қатысқан Николай Семенович Куриленконы 98 жасқа толған туған күнімен құттықтап барды. 1944 жылы Николай Куриленко 17 жасқа толып, содан кейін ол Кеңес әскерінің қатарына шақырылды. Балтық жағалауындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің зениттік артиллериясында қызмет етті. Соғыс аяқталарға жақын олардың бөлімшесі Польшаға жіберілді. Онда олардың әскери бөлімі Висла өзеніндегі бомбалаудан кейін қалпына келтірілген теміржол көпірін қорғауда тұрды. Осы көпірде жеңісті қарсы алды. Соғыс аяқталғаннан кейін Николай Куриленко 1951 жылға дейін әскерде қызмет етті.– Николай Семенович – Брянск облысының тумасы. 1958 жылы әйелі Мария Федоровнамен бірге комсомолдық жолдамамен Қазақстанға Магнитканы салуға келді – сол жылдары біздің қаламыз Теміртау деп аталды, – деді 55524 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Жұлдыз Сағымбаев. – Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында біз ардагердің қал-жағдайын біліп, әңгімелесіп қайттық.Николай Семенович Куриленконың әскери еңбегі І дәрежелі Отан соғысы орденімен, Жуковтың «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және басқа да марапаттармен еленді.Николай Семенович қонақтарды қуана қарсы алды, арасында ақын Александр Твардовскийдің «Василий Теркин» поэмасынан үзінді оқыды.Бүгінгі таңда Николай Куриленко – Теміртау қаласындағы жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері. Бес бала тәрбиелеп өсіріп, олардан 10 немере, 13 шөбере және 3 шөпшек сүйіп отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/983722?lang=kk
Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы өтуде 28.04.2025
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясына Қостанай облысынан келген делегация қатысуда. Бұл сессия Ассамблеяның құрылғанына 30 жыл толуына арналған және Астана қаласында өтуде.Қостанай облысының делегациясын облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов бастап барды. Сессия жұмысына этномәдени бірлестіктердің төрағалары, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері мен жастар өкілдері қатысуда. Бұл – қоғамның барлық қабатын қамтитын, этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған ортақ ұмтылыстың айғағы.Қазақстан халқы Ассамблеясы үш онжылдық бойы еліміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Бұл сессия – тәжірибе алмасу, жаңа бастамаларды талқылау және болашаққа арналған стратегияларды қалыптастыру алаңы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/983765?lang=kk
Қазақстан СІМ-де адам саудасына қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды 28.04.2025
Астана, 2025 жылғы 25 сәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Орталық Азия елдері үшін үйлестіру функциялары бар Қазақстандағы Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым миссиясының қатысуымен ұйымдастырылған «Адам саудасына қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері» тақырыбында Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифинг өтті.Брифингке ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, сондай-ақ адам саудасына қарсы күрес саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.Шетелдік дипломаттар Қазақстанда адам саудасына қарсы күресті күшейту, оның ішінде қылмыстар үшін жазаны қатаңдату және алдын алу механизмдерін дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралармен таныстырылды. Сонымен қатар қатысушыларға «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының орындалуы туралы ақпарат берілді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/983770?lang=kk
ЖАЛҒАН АҚПАРАТ! 28.04.2025
Мессенджерлерде Қостанай облысының әкімі бейнеленген жалған видео таратылуда. Онда облыс әкіміне қауіп төніп тұрғаны жөнінде айтылған-мыс. Аталған видео жасанды интеллект көмегімен жасалған.Бұл жалған ақпаратты тарату фактісі бойынша Қостанай облысы әкімдігі құқық қорғау органдарына ресми түрде өтініш жолдады.Зиянкестер анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.Азаматтарды жалған ақпарат таратқаны үшін заң алдында жауап беретінін ескертеміз және ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеруге шақырамыз.Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/983939?lang=kk