Enbekshi QazaQ

Қуқық

Еңбекмині МӘС рәсімін жетілдіру бойынша пилоттық жобаны іске қосады 04.03.2025
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен және ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп мүгедектікті белгілеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсетудің ерекше тетігін енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру туралы бұйрық әзірледі. Бұл бірнеше нозология бойынша осы процедураны жеңілдетеді.Сырттай проактивті форматта медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің ерекше тетігі медициналық құжаттарды аумақтан тыс бір ғана сарапшыға жіберу арқылы мүгедектікті белгілеу рәсімін оңайлатуды көздейді. Бұған дейін бұл рәсім үш сарапшының қатысуымен өткізілген еді.Сондай-ақ сырттай проактивті куәландыру кезінде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері үш жұмыс күннен бір жұмыс күніне дейін қысқартылады.Бұл механизм пилоттық жобада ауруларға, жарақаттар мен ақауларға байланысты дене функцияларының қалпына келмейтін өзгерістері мен бұзылулары кезінде үш нозологиялық нысан бойынша қолданылады:– аяқтың ампутациясы және (немесе) болмауы;– Даун ауруы (синдром);– балалардағы мукополисахаридоз.Құжатпен «Ашық НҚА» порталында танысуға болады: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15472789Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/949894
Түркістан облысының егіс алқаптарының тұзын шаю үшін 330 млн текше метр су берілді 04.03.2025
Түркістан облысының «Қазсушар» филиалы биыл сор шаю жұмыстарына 330 млн текше метр су жіберді. Бұл топырақтың құнарлығын арттырып, жақсы өнім алу үшін жасалады. Бүгінгі таңда Мақтарал және Жетісай аудандары бойынша қысқы сор шаю жоспары 80%-ға жуық орындалды. Мақтарал ауданында жоспарланған 43 600 гектар жердің 34 456 гектары тұздан тазартылды. Жетісай ауданында 53 мың гектар жердің 42 мың гектарының соры шайылды.«Топырақ тұзынан құтылудың бірден-бір жолы – сор шаю. Осы ретте жердің тұздану дәрежесіне және топырақтың механикалық құрамына байланысты сор шаю уақыты мен мөлшерін дұрыс анықтау өте маңызды. Филиал сор шаю жұмыстарын наурыз айының алғашқы онкүндігінде аяқтауды жоспарлап отыр»,- деді Түркістан облысының «Қазсушар» филиалының директоры Қазыбек Бедебаев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/949369
Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында электр жабдықтары мен көтергіш механизмдерді тексеріп, әрлеу жұмысын жүргізді 04.03.2025
Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында электр жабдықтары мен көтергіш механизмдерді тексеріп, әрлеу жұмысын жүргізді. Филиалға қарасты су қоймаларында күнделікті мониторинг және тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда Теріс-Ащыбұлақ, Бүркітті, Жартас, Ынталы және Қақпатас қоймалары су жинау режимінде жұмыс істеп жатыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/949758
Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды 04.03.2025
Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген.Құжатта:тарихи-мәдени мұраны сақтау – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау;археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу;тарихи-мәдени мұраны қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дәріптеу;қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау;археологиялық ескерткіштердің резерватын құру;мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру арқылы қалада жайлы орта қалыптастыру;қаланың бірыңғай келбетін – сәулет ерекшелігін сақтау үшін дизайн код енгізу;тиімді басқару мен бақылау үшін әкімдік пен мәслихат өкілеттігін кеңейту;мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдау мен көлік транзитін реттеу;туризмді дамыту және тұрмыс сапасын арттырумен қатар қаланың тарихи ерекшелігін сақтау қарастырылған.https://akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kazakstan-respublikasynyn-keybir-zannamalyk-aktilerine-turkistan-kalasynyn-erekshe-martebesi-zanyna-kol-koydy-325353 Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/949210
Қазақстан мен Хорватия экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда 04.03.2025
Өткен аптада Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов Хорватия Парламентінің депутаты Звонимир Троскот бастаған Хорватия Республикасының делегациясымен кездесу өткізді. Екіжақты келіссөзге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Вера Ким, Хорватия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Рефик Шабанович, сондай-ақ Хорватия Парламентінің депутаттары қатысты.Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Хорватия қатынастарының ағымдағы деңгейіне қанағаттанушылықтарын білдіріп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін атап өтті. Екіжақты сауда көлемін ұлғайту және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Вице-министр Бауыржан Құдайбергенов алдағы бес жылда Қазақстан мен Хорватия арасындағы тауар айналымының бірнеше есе өсуі үшін елеулі әлеуетті атап өтті. Ол Қазақстан Үкіметінің экономиканы әртараптандыру жөніндегі басымдықтары туралы егжей-тегжейлі айтып, Инвестициялық саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасының өзектілігін атап өтті. Бұл тұжырымдама аясында жаңа тәсіл нақты салалардың қажеттіліктерін ескере отырып, инвестиция тартуға бағытталған.Хорватия делегациясының басшысы Звонимир Троскот өз елінің Қазақстанмен мұнай-газ саласы, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік сынды стратегиялық маңызды салаларда ынтымақтастықты кеңейтуге, сонымен қатар сауда және инвестициялық байланыстарды тереңдетуге мүдделі екенін растады. Тараптар екіжақты серіктестікті нығайту және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту мақсатында тұрақты байланыстарды қолдауға уағдаласты. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Хорватия үкіметаралық комиссиясының қазақстандық бөлігінің жұмыс органы ретінде қызмет атқарады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/949460
Торонтода PDAC 2025 көрмесі ашылды 04.03.2025
Торонто қаласында Канаданың кеншілер мен барлаушылар қауымдастығының ең ірі халықаралық көрмесі – PDAC 2025 басталды.Іс-шара аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан, АХҚО басқарушысы  Рүстем Бектұров, Қазақстанның Канададағы Елшісі Дәулетбек Құсайынов, Қазақстан Республикасы Парламенті Палатасының Ұлттық Банкінің вице-президенті Қазақстанның геологиялық әлеуетін көрсететін ұлттық павильонның ашылу рәсімін өткізді.Бірінші күннің маңызды шарасының бірі «Meet Kazakhstan: The Power of Geology in the Ninth Largest Nation» халықаралық форумы болды. Вице-министр 1-сессияда сөз сөйледі.«Қазақстанның тарихи мұрасы мен геологиялық барлау мен өндірудің дәстүрлері, бай табиғи ресурстары, оның ішінде литий, ниобий және тантал сияқты сирек металдардың әлеуетті кен орындары бар. Біз жергілікті және халықаралық серіктестермен инвестиция және ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар жасауға ұмтыламыз. Осы саланы дамыту аясында біз барлау мен өндірудің жаңа технологияларын белсенді түрде тартудамыз және геологиялық барлау, пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу аясындағы қоршаған ортаны қорғау мәселелері де біздің басымдылығымыз екенін атап өткім келеді», – атап өтті Иран Шархан.Спикерлер құрамына Канаданың Жер және минералдық ресурстар министрінің орынбасары Риналдо Гианти, «Cove Capital» компаниясының негізін қалаушы-серіктесі Пини Альтхаус, «Neo Performance Materials» корпоративтік даму жөніндегі вице-президенті Василейос Цианос, «HATCH» минерадар жөніндегі директоры Конрад Блейк, Еуропалық комиссиядағы делегация басшысының орынбасары Мадалина Иваника сияқты тау-кен металлургия саласындағы жетекші халықаралық сарапшылар спикерлер тобының құрамында бар.PDAC 2025 көрмесі 5 наурызға дейін жалғасады, ал қазақстандық делегация серіктестерімен және жетекші тау-кен өндіруші компаниялардың өкілдерімен белсенді кездесулерді жалғастырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/949614
Қорғаныс министрінің төсбелгілермен наградтау жөніндегі бұйрығына өзгерістер енгізіледі 04.03.2025
Қорғаныс министрлігі «Дербестендірілген белгілердің, омырауға тағатын белгілердің және өзге де әскери-геральдикалық белгілердің, әскери оқу орындарын бітіргені туралы, сыныпты мамандарға арналған белгілердің, әскери-қолданбалы, қызметтік-қолданбалы, техникалық және басқа да спорттық іс-шаралардың жүлдегерлеріне арналған наградалық медальдардың (белгілердің) сипаттамасын, сондай-ақ оларды беру және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің тағып жүру тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы № 461 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» қорғаныс ведомствосы басшысы бұйрығының жобасын әзірледі.Құжат жобасындағы 9-тармақтың төртінші бөлігінде «Халық қаһарманы армия генералы Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлы» кубогының сипаттамасы өзгертілді. 25-тармақта Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрінің «Халық қаһарманы армия генералы Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлы» төсбелгісімен наградтау үшін негіздер және әскери қызметшілерді іріктеу тәртібі баяндалады. Қорғаныс министрі бұйрығы жобасының толық мәтінімен «электрондық үкімет» порталында биыл 18 наурызға дейін «Ашық НҚА» бөлімінде мына https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15470474 сілтеме арқылы танысуға болады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/949622
Қазақстан СІМ жанындағы диалог алаңында азаптаудың алдын алу мәселелері талқыланды 04.03.2025
Астана, 2025 жылғы 27 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надирқұлованың төрағалығымен «Адами өлшем бойынша диалогтық алаң» консультативтік-кеңесші органының кіші тобының отырысы өтті.Күн тәртібінде азаптау мен қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынастан қорғаудағы алдын алу шараларын жетілдіру бойынша негізгі мәселелер қаралды.Отырыс Бас прокуратураның Сотқа дейінгі тергеу қызметі бастығының орынбасары Владимир Малаховтың баяндамасымен ашылды. Өз сөзінде ол қылмыстық заңнаманы Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келтіру мақсатында қылмыстық сот ісін жүргізу саласында елімізде жүргізіліп жатқан маңызды реформалар туралы хабардар етті. Толық оңалту және азаптау құрбандарына өтемақы төлеу қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда зиянды өтеу мөлшерін ұлғайту және оның механизмін жетілдіру бөлігінде түзетулер енгізу мәселесі қарастырылуда.Отырыстың екінші мәселесі бойынша Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың бөлім меңгерушісі Жанар Бигалиева азаптаудың алдын алудағы Ұлттық алдын алу тетігінің (бұдан әрі – ҰААТ) рөлі туралы баяндама ұсынды. Бүгінгі күні кеңсенің жұмысы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ақпараттық жүйесінің функционалын жетілдіруге және оны сотталғандардың шағым беру терминалдарымен интеграциялауды аяқтауға, ҰААТ қатысушыларының есептер жасау жөніндегі жұмысының цифрлық форматына көшуді аяқтауға, сондай-ақ ҰААТ қаржыландыруды ұлғайтуға шоғырланған.Үшінші мәселені қарау барысында Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнара Сәрсенбаева қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады. Ол ағымдағы жылы нормативтік актілерге тәулік бойы төсек-орындарды енгізу, медициналық тексеру кезінде зерттеулер тізбесін өзгерту, жарақтандыруды, штаттық нормативтерді және скрининг тексерулер тізбесін қайта қарау, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік қызметтер мен цифрландыруды енгізу бойынша өзгерістер енгізу жөніндегі жоспарларымен бөлісті.Күн тәртібінің төртінші мәселесін талқылау шеңберінде Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Сәдібеков азаптауды болдырмау мақсатында барлық мекемелерде 39000-нан астам камера жұмыс істейтін, оларға прокуратура органдары үшін онлайн қолжетімділігі бар үздіксіз бейнебақылау енгізілгенін атап өтті. Сонымен қатар ол Әлеуметтік кодексті қабылдай отырып, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде ұсталатын бірінші топтағы мүгедектігі бар сотталғандарға күтім бойынша жәрдемақы түріндегі әлеуметтік төлемдерді тағайындай отырып, сол мекемелердегі сотталғандар қатарынан адамдар күтім жасай алатынына назар аударды.Отырыстың бесінші мәселесі бойынша Білім министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтардың орта білім алуға құқығы бар екенін және оларға жұмысшы мамандығын тегін алуға ұсынылатынын атап өтті. Бүгінгі таңда Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жанындағы колледждерде 2522 студент оқиды.Жалпы, күн тәртібіндегі мәселелер сындарлы және ашық форматта талқыланды. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері тікелей пікір алмасу және әзірленген ұсынымдармен бөлісу үшін мүмкіндік алды.«Адами өлшем бойынша диалогтық алаң» консультативтік-кеңесші органы 2013 жылы ҚР СІМ бастамасымен құрылды. Алаң Үкімет пен азаматтық сектор арасындағы диалогты ілгерілетудің тиімді құралы ретінде қызмет атқаруда. Алаңда халықаралық ұйымдардың (БҰҰ Даму бағдарламасы, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы, ЕҚЫҰ және т.б.) байқаушылар ретінде қатысуымен адам құқықтарын қорғаудың әртүрлі өзекті мәселелері талқыланады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/949526
Глобалдық big tech компания Қазақстанда: Цифрлық даму министрлігі мен Tencent ынтымақтастық мәселелерін талқылады 04.03.2025
Цифрлық даму министрлігінде Tencent компаниясының делегациясымен кездесу өтті. Тараптар негізгі көрсеткіштер, екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен бірлескен жобаларды талқылады.Tencent – жаһандық инновацияларда маңызды технологиялық ойыншы, ал Цифрлық даму министрлігі осы ұйыммен ынтымақтастық мүмкіндігін қарастыруды және оның Қазақстан нарығына толықтай енуін жоспарлауда. Бұл елге жаңа технологияларды тартуға, инновациялық жүйенің технологиялық әлеуетін арттыруға және отандық инноваторларға жаһандық инновациялық экожүйеге қосымша қол жеткізу мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, Үкіметтің басты міндеттерінің бірі – елге озық инновациялық компанияларды тарту, олар отандық экономиканың инновациялылығын қалыптастыруға үлес қосуы мүмкін.Бүгінгі таңда ЦДИАӨМ өзінің қызметі шеңберінде жасанды интеллектіні дамыту бойынша жұмысын айтарлықтай күшейтті. Осы орайда басты жобалардың бірі –Халықаралық AI орталығы – alem.AI құрылуы. Бұл орталық жасанды интеллектінің инновацияларын тарту орталығы әрі негізгі AI технологияларының генераторы болмақ. Әлемнің түкпір-түкпірінен Bigtech компанияларын осы орталыққа тәжірибе алмасу, оқыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін тарту жоспарлануда. Кездесуде тараптар компанияның alem.AI орталығында кеңсесін орналастыру және Tencent AI lab бөлімшесін құру мәселелерін талқылады, ол жасанды интеллект бойынша зерттеулер мен әзірлемелермен айналысатын болады.Тараптар сондай-ақ Қазақстандағы деректер орталықтарын құру және кеңейту, Tencent-тің инфрақұрылымдық жобаларға қатысуы, мемлекеттік және жеке секторлар үшін локальды бұлтты платформаны дамыту мәселелерін талқылады. Tencent компаниясы үлкен біліктілігі, технологиялары мен ресурстарымен деректер өңдеу орталықтары мен есептеу қуаттарын қалыптастыру процесін айтарлықтай жеңілдетіп, жеделдетуге қабілетті.Министрліктің маңызды және негізгі бағыттарының бірі – киберқауіпсіздік және жеке деректерді қорғау. Осы орайда DDoS-шабуылдарынан, алаяқтықтан, зиянды контенттен қорғау, тәжірибе мен технологиялармен алмасу, Security Cloud және AI модельдері мәселелері қарастырылды.Кездесуде министр Жаслан Мәдиев еліміздегі цифрлық экономика мен IT экожүйесін дамыту, оның ішінде жасанды интеллектіні дамыту, акселераторларға қатысу, білім беру жобаларын іске асыру, бірлескен зертханаларды ашу, eCommerce, финтех сияқты бастамаларды қолдау мәселелерін де қозғады.Ақпарат үшін:Tencent Holding Limited – 1998 жылы құрылған қытайлық жеке инвестициялық холдингтік компания, штаб-пәтері Шэньчжэнде орналасқан. Ол Қытай мен бүкіл әлемдегі ең ірі инвестициялық және венчурлік компаниялардың бірі болып табылады. Tencent компаниясының еншілес ұйымдары Қытайда және басқа елдерде жоғары технологиялық бизнестің әр түрлі салаларына, соның ішінде интернет-қызметтер, жасанды интеллект және электрондық ойын-сауық салаларында жұмыс істейді. 2020 жылдың шілде айында компанияның капитализациясы шамамен 500 млрд. АҚШ долларын құрады.МЦРИАП РК баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/949686
Жыл басынан бері Отбасының цифрлық картасы арқылы 49 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді 04.03.2025
Отбасының цифрлық картасын (бұдан әрі – ОЦК) енгізудің нәтижесінде 2025 жылдың басынан бері әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін 95,6 мың адамға SMS-хабарлама жолданды. Бұл ретте өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 49 мыңнан астам адам пайдаланды.Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады. Бүгінде онда Қазақстанның 20 млн азаматы немесе 6,2 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.ОЦК енгізудің басты мақсаты – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Осыған байланысты ҚР Әлеуметтік кодексінде Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленген. Сондай-ақ, ОЦК азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқылы екендігі туралы күнделікті «электрондық хабарлама» болып табылады.Қазіргі уақытта ОЦК мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Олар еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем; жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем немесе жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлем.Сондай-ақ, ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі, «қандас» мәртебесі берілгенде немесе ұзартылғанда мәртебенің аяқталу мерзімі және жұмыссыз адамдар үшін жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар іске асырылды.Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.Алаяқтық тәуекелін болдырмау мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажеттігін атап өтеміз.Барлық сұрақтар бойынша 1414 нөмірі бойынша Call-орталыққа хабарласыңыз. Қоңырау шалу тегін.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/949692
СҚО әкімінің Алғыс айту күнімен құттықтауы 04.03.2025
Құрметті жерлестер! Бүгін елімізде Алғыс айту күні аталып өтуде. Бұл мереке – тарихи жадымызды жаңғыртып, ұрпақтар сабақтастығы мен ел бірлігін нығайтатын ерекше күн. Сондай-ақ, тағдыр тоғыстырған түрлі халықтарға қиын-қыстау кезеңде мейірімін төккен қазақ жұртына деген құрмет пен ризашылықтың белгісі. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, бейбітшілік пен келісімнің сақталуына сүбелі үлес қосып жүрген барша солтүстікқазақстандықтарға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздерге молшылық, береке және отбасыларыңызға амандық тілеймін! Алғыс айту күні құтты болсын!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/949310
СҚО-да Алғыс айту күні мен Ассамблеяның 30 жылдығына арналған форум өтті 04.03.2025
Бүгін өңірде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың қатысуымен «Туған жерім – Қазақстаным» форумы өтті, ол Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналды. Бұл маңызды іс-шара әртүрлі этностардың, қоғамдық ұйымдардың және өңіріміздің этносаралық келісімді нығайтуға және дамуға белсене үлес қосып жүрген адамдарын жинады. Форумда өңір басшысы Мемлекет басшысының Ассамблеяның 30 жылдығына байланысты құттықтауын оқыды, онда Ассамблеяның Қазақстан халқының бірлігі мен қоғамдық келісім моделін қалыптастырудағы маңыздылығы атап өтілді. Ассамблея 30 жыл бойы көпэтникалық қоғамымыздың тыныштығы, тұрақтылығы мен дамуына үлкен рөл атқарды.  Форум барысында облыста Қазақстан халқы Ассамблеясының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар Алғыс хаттармен марапатталды. Бұл марапаттар — өңіріміздегі халықтар арасындағы достықты, ынтымақтастықты және өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған барлық күш-жігердің мойындалуы. "Бұл күн бізге еліміздің дамуы мен өркендеуі жолындағы бірлігіміз бен өзара көмегіміздің маңыздылығын тағы да еске салады. Алғыс айту күні құтты болсын!", - деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/949354
СҚО 103 жасқа толған ардагерді туған күнімен құттықтады 04.03.2025
Бүгін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов соғыс ардагері Валентина Архиповна Волкодавты туған күнімен құттықтады. Қариямыз 103 жасқа толды, ол – нағыз ғасыр адамы. Валентина Архиповна 19 жасында майданға аттанып, Белоруссия мен Украина майдандарында көпірлер салу және өткелдер жасау үшін көпір салу отрядында болды. Ол Волга өзенінен Берлинге дейінгі жолды жүріп өтті, II дәрежелі ҰОС ордені және медалдармен марапатталған. Соғыстан кейін Валентина Архиповна еліміздің дамуына қызмет етті. Целиноградтағы керамикалық зауытта бухгалтер болып жұмыс істеді, ал соңғы 30 жылдан астам уақытта Петропавлда тұрып келеді. "Ардагерімізге денсаулық, ұзақ өмір және отбасылы бақыт тілеп, балалар мен немерелердің қызығын көре беруге тілектестік білдірдім", - деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/949362
Атырауда ғылымды дамытуға бағытталған көшпелі отырыс өтіп жатыр 04.03.2025
Бүгін ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Президиумының «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» атты кезекті көшпелі отырысы өтті. Оған облыс әкімі Серік Шәпкенов, академияның басқарма президенті Ақылбек Күрішбаев, академиктер және мұнай-химия саласының өкілдері қатысты. Жиында Атырау облысында ғылымды дамытудың жаңа бағыттары талқыланды,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.Жиында Серік Шәпкенов университеттерден, зерттеу ұйымдарынан, индустриядан және аймақтық даму институттарынан ғалымдарды тарту арқылы ғылыми ұсыныстар әзірлейтін, басталған жобаларға сараптама жүргізетін, қаржыландыру бойынша ұсыныстар әзірлейтін ғылыми-техникалық кеңестің маңызына тоқталды.- Кеңес Ұлттық ғылым академиясымен тікелей байланыста белсенді және жүйелі түрде жұмыс жасайтын болады.Біз үшін ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы қолданбалы шешімдер, экологиялық зерттеулер мен жүйелі экологиялық мониторинг, соның ішінде жасанды интеллектті қолдана отырып, суды тиімді пайдалану және өндірістік су қалдықтарын терең тазарту мен регенерациялау, өндірістік полимерлер негізінде жаңа материалдар мен композиттер, пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу мен регенерациялау әдістері, мұнаймен ластанған топырақтарды жол құрылысына және құрылыс материалдарына пайдалану сияқты зерттеулердің маңызы өте зор. Бұлар академия әзірлейтін негізгі мемлекеттік ғылыми бағыттарда көтеріліп, қолдау табуы тиіс,-деді С.Шәпкенов.Бұл ретте аймақ басшысы өңірлік ғылыми қорды нәтижелі пайдаланып, өндіріске қажетті, сұранысқа ие мамандарды дайындап, олардың жобасына жан-жақты қолдау көрсетуге басымдық беруді атап өтті.ҚР Ұлттық ғылым академиясының басқарма президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, Атырау облысының экономикасы ғылыми зерттеулердің түрлі бағыттары бойынша қолайлы.- Жергілікті бюджеттерде өңірлік ғылымды қаржыландырудың бюджеттік бағдарламалары жоқ. Жалпы, жергілікті бюджеттен ғылымға бөлінетін қаражат көлемі, мемлекет бойынша оның дамуына жұмсалатын жалпы шығыстардың 1% - нан да аспайды. Атырау облысы — еліміздің табиғи ресурстары және экономикалық әлеуеті ең маңызды өңірлерінің бірі. Осы тұрғыда Атырау облысы басқа өңірлерге үлгі бола алады. Бұл ретте Ұлттық ғылым академиясы қажетті көмек көрсетуге дайын. Ең алдымен, Өңірлік кеңес Ұлттық академиямен тығыз байланыс орнатуы қажет және бұл сіздерге кеңес қызметінің барлық мәселесі бойынша Академиядан толыққанды әдістемелік және практикалық көмек алуға мүмкіндік береді. Ұлттық ғылым академиясы әзірлеген ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындаудың жаңа жүйесіне сәйкес агроөнеркәсіптік кешен, мұнай және тау-кен металлургия өнеркәсібі, тұщы суға қол жеткізуді қамтамасыз ету, өмір сүру сапасын арттыру және адами капиталды дамыту салаларындағы зерттеулер стратегиялық басымдықтарға жатқызылғанын және олар бірінші кезекте қаржыландырылатынын айту керек,-деді А.Күрішбаев.Қатысушылар өңірлік ғылымның дамуының өзекті мәселелері, оның өңір мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы сөз етті. Көшпелі отырыс аясында ғылыми-инновациялық көрме ұйымдастырылды.Академия Президиуымының көшпелі отырыс жұмысы нәтижесінде республикада алғаш рет Атырау облысы әкімдігі жанынан ғылымды қолдау Қорын құру туралы шешім қабылданды.Шара өңірлік ғылымның басым міндеттерін айқындауға арналған форсайт-сессиямен жалғасады. «Ғылым-бизнес» питч-сессиясы форматында коммерцияландыруға дайын перспективалы ғылыми жобалар ұсынылады. Қатысушылар ғылыми қауымдастық пен бизнес арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/949546
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесті 04.03.2025
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы қаласындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесті. Қалада білім алып жүрген тәрбиеленушілер өздеріне үйреншікті ортада оқуын жалғастырады, ал жаңадан қабылданатын балалар Қонаев қаласына орналастырылады. Жағдайды жан-жақты зерттеу мақсатында облыс әкімі балалар үйінің өкілдерімен, оның ішінде директор Роза Бекішева, педагогтар және тәрбиеленушілермен кездесу өткізді. Талқылауға Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, Қонаев қаласының әкімі және тиісті ведомство өкілдері қатысты. Бұған дейін білім басқармасының басшысы Салтанат Дауысбекқызы мекемеге барып, ондағы жағдаймен танысып, қызметкерлердің көшу және жұмыс орындарын сақтау мәселелері бойынша пікірлерін тыңдаған болатын. «Балалар Алматыда қалғысы келетіндерін айтты, өйткені жаңа ортаға бейімделу және әлеуметтік ортадан ажырау олардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Бұл фактор шешім қабылдауда басты назарға алынды», — деп атап өтті өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев. Сонымен қатар, облыста жаңа балалар үйінің құрылысы жалғасуда. Жалпы ауданы 4000 шаршы метрді құрайтын заманауи ғимарат 240 орынға есептелген. Онда жайлы тұрғын бөлмелер, оқу сыныптары және демалыс аймақтары қарастырылған. Жақын маңда 900 орындық мектеп орналасқан, ал балаларды тасымалдау үшін арнайы автобус бөлінеді. Кешеннің ашылуы жаз айларына жоспарланған. Бұдан бөлек, жаңа ғимараттың бір бөлігі инфрақұрылымдық мәселелерге тап болған Нүсіпбаев атындағы интернатқа беріледі. Сондай-ақ, ғимараттың бір корпусы Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының (КТБО) қажеттіліктеріне жұмсалады, бұл облыстың әртүрлі аймақтарынан келген балаларды басқа қалаларға ауыстырмай, бір жерде орналастыруға мүмкіндік береді. Билік өкілдері жетім балаларға қатысты барлық шешімдер олардың мүддесін, өмір сүру жағдайының жайлылығын және сапалы білім алуын басты орынға қоя отырып қабылданатынын ерекше атап өтті. «Біздің мақсатымыз – балалар өзін қауіпсіз сезініп, жан-жақты дамуы үшін қолайлы орта қалыптастыру. №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыда қалады, ал жаңадан келетін балалар Қонаев қаласындағы заманауи кешенге орналастырылады», — деп түйіндеді Марат Сұлтанғазиев. Кездесу аясында балалар үйінің тәрбиеленушілері білім беру орталығына және туристік-спорттық кешенге барды. Бұл бағдарлама олардың болашақ мүмкіндіктерімен және даму перспективаларымен таныстырды. «Құрылыс нысанын аралап, болашақ балалар үйінің паспортын таныстырғаннан кейін, біз үшін өте жақсы жағдай жасалып жатқанын және маңында ешқандай түрме жоқ екенін көрдік», — деп бөлісті балалар үйінің тәрбиеленушісі Кирилл Капранов.   Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/949537
Мұғалжар ауданының бір ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды 04.03.2025
 Алғыс айту күні мерекесіне орай, Мұғалжар ауданының Құмжарған ауылдық округіне қарасты Бірлік ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді.Медициналық мекеменің құрылысын «Техно-С» ЖШС 2024 жылдың шілде айында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бастады.Медициналық пункт 20 келушіге арналған. Заман талабына сай құрал-жабдықтармен жабдықталған.Жаңа пункттің ашылуы — тек медициналық қызмет көрсету ғана емес, сонымен қатар ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсер ететін ерекше оқиға болды.Ғимараттың ашылу салтанатына Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұратжан Кажгалиев қатысып, ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.Айтып өтейік, Бірлік ауылы - былтырғы су тасқынында зардап шеккен елді мекендердің бірі. Бүгінде мұнда 168 тұрғын үйде 853 адам тұрады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/949164
Биыл Ақтөбе облысында ауыл тұрғындарының 98,8%-ін мобильді интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда 04.03.2025
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында облыс тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев қала мен ауылдық жерлерде, сондай-ақ республикалық жолдарда байланыс пен мобильді интернет сапасын жақсартуға бағытталған негізгі жұмыстар туралы баяндады.Оның айтуынша, 2024 жылы облыс аумағында базалық станциялар жаңғыртылып, мобильді желінің қамту аймағы айтарлықтай кеңейтілді. Биыл 4G стандартымен 96 базалық станция орнатылып, жаңартылмақ, ал 5G желісінің қамту аймағы 82 базалық станцияға дейін кеңейтіледі. Бұл қала тұрғындары үшін интернет байланысының сапасы мен тұрақтылығын одан әрі арттырады.Ауылдық жерлерге келер болсақ, мобильді интернет облыстың 311 ауылдық елді мекенінің 261-ін қамтиды. Биыл жоспарланған 25 ауылдың төртеуіне, атап айтқанда, Талдысай (Алға ауданы), Байтақ (Қобда ауданы), Дүкен және Мамыр (Ырғыз ауданы) ауылдарына интернет желісі қосылды. Қалған ауылдарда жұмыстар жалғасып жатыр.Халқы 100 адамнан аз 29 ауылда кең жолақты интернет қызметін қамтамасыз ету үшін спутниктік технологиялар қолданылады. Қазіргі уақытта 7 ауылға спутниктік арналар арқылы Wi-Fi қосылған. Осылайша, жыл соңына дейін ауыл тұрғындарын мобильді интернетпен қамту деңгейі 98,8%-ке жетеді.Республикалық маңызы бар жолдарда мобильді байланысты қамтамасыз ету жұмыстары да қарқынды. Осы бағыттардағы 17 нүктеде базалық станция салу үшін жобалық құжаттар әзірленіп жатыр. Бүгінде 10 нүктенің құжаттары сараптамадан өтіп, оң қорытынды алған. Қалған 7 жоба – мемлекеттік сараптамада. Наурыз айында 5 нүкте бойынша, сәуір айында Ырғыздағы 2 нүктенің қорытындысы дайын болады деп күтілуде. Бұл жобаларды жүзеге асыруға республикалық бюджеттен қаржы сәуір айында бөлінеді.Облыс әкімі өңірдегі барлық тұрғынның интернет пен мобильді байланысқа қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Осыған байланысты ол цифрлық технологиялар басқармасына аудан әкімдерімен бірлесіп, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жоспарланған барлық жобаларды толық жүзеге асыруды тапсырды.«Басты мақсат – қала да, ауыл да, сонымен қатар елді мекендерді байланыстыратын тасжолдар бойында байланыс сапасын жақсарту. «Қолжетімді интернет» жобасы тек байланыс сапасын арттырып қана қоймай, сонымен қатар экономика, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салалардың дамуына жаңа мүмкіндіктер береді. Бұл өз кезегінде облыс тұрғындарының өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді», – деді облыс әкімі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/949479
Қасым Қайсенов кентінде жаңа емхана бой көтеруде 04.03.2025
Шығыс Қазақстан облысына қарасты Қасым Қайсенов кентінде жаңа үш қабатты заманауи емхананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 70%-ы аяқталған.Облыстық құрылыс басқармасының мәліметіне сүйенсек, нысанды пайдалануға беру 2025 жылдың қараша айына жоспарланған. Жаңа медициналық мекеме күніне 150 адамды қабылдауға қауқарлы болады. Мұнда кеңес беру-диагностикалық және алдын алу бөлімшелері, сондай-ақ күндізгі стационар палаталары қарастырылған.Жаңа емхана Ұлан ауданының тұрғындарына қызмет көрсететін болады. Қазіргі таңда емханаға тіркелген халық саны 29 498 адамды құрайды.— Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Біз бұл әлеуметтік маңызы зор жобаның сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қамтамасыз етуге жауаптымыз. Бүгінде ғимаратқа жылу жүйесі мен сумен жабдықтау жүйесі тартылды, терезелер мен есіктерді орнату жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ қабырғалар мен едендерді қаптау бойынша әрлеу жүріп жатыр. Көктемде медициналық мекеме айналасын абаттандыру басталады, — деп мәлімдеді мердігер ұйым өкілдері.Жаңа емхананың мүмкіндіктері кең болмақ. Мұнда флюорография, рентген, маммография, эндоскопия кабинеттері, сондай-ақ медицинадағы әр сала мамандарының кабинеттері (оториноларинголог, офтальмолог, дерматолог, невропатолог, кардиолог, онколог, акушер-гинеколог, хирург, травматолог, фтизиатр, жалпы тәжірибелік дәрігерлер) жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, зертханалық диагностика бөлімі де ашылып, онда микробиологиялық, серологиялық және жалпы клиникалық зерттеулер жүргізіледі.Жаңа емхана Ұлан ауданы тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырып, сапалы әрі заманауи медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/949139
Қазақстандағы туризм саласы: динамика, инвестиция және Neo Nomad Visa 04.03.2025
«Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуға тиіс. Еліміздің әр өңірінде көрікті жерлер бар. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет».Қасым-Жомарт ТоқаевҚазақстан Республикасының ПрезидентіЕлдегі туризм саласында іске асырылып жатқан жүйелі іс-шаралардың нәтижесінде Қазақстанға келетін туристер саны да, әлемдік рейтингтегі орнымыз да айтарлықтай жақсарып келеді. Мәселен, Дүниежүзілік экономикалық форумның (World Economic Forum) Саяхат пен туризмді дамыту индексіне сәйкес Қазақстан туристік бағыттар тізімінде 119 ел ішінде 52-орынды иеленді. Бұған дейінгі индексте Қазақстан 66-орынға орналасқан еді.Ал былтыр Қазақстанға жұмыс бабымен немесе тұрақты тұруға келгендерді есептемегенде, туристік мақсатпен 15,3 млн шетелдік қонақ келген. Оның ішінде 10,4 млн адам елде бір күннен көп уақытқа қалып, шетелдік туристер санатына енді. Ресми статистикаға сәйкес, шетелдік меймандардың елімізде орташа болу мерзімі – 4 күн. Ұлттық банк мәліметінше, алыс шетелден келген туристер Қазақстанға сапары кезінде орта есеппен 1500 АҚШ долларын жұмсайды. 2024 жылы шетелдік туристер еліміздің аумағында 1,2 трлн теңгеден астам қаражат жұмсады. Туризм саласында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі тұрақты түрде өсіп келе жатқанын байқауға болады. 2019-2024 жылдар аралығында салаға салынған инвестиция көлемі төмендегідей:2019 ж. – 502 млрд тг2020 ж. – 629 млрд тг2021 ж. – 593 млрд тг2022 ж. – 513 млрд тг2023 ж. – 787 млрд тг2024 ж. – 947,5 млрд тг2019-2024 жылдар аралығында туризм саласында жалпы сомасы 550 млрд теңгеге 605-тен астам инвестициялық жоба іске асырылды, оның ішінде 2024 жылы 87 инвестициялық жоба сәтті аяқталды.Ірі инвестициялық жобалар ішінен Шымкент қаласындағы «Махамбет» қонақ үйін (жоба құны – 4,9 млрд теңге), Атырау облысындағы «Keremet Park»отбасылық паркін (3 млрд теңге), сондай-ақ Алматы облысындағы «Ақ-Жайық» демалыс аймағын (1,8 млрд теңге) атап өтуге болады.Сонымен қатар былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Neo Nomad деп аталатын жаңа виза түрі енгізілді. Бұл виза заманауи көшпенділерге – саяхаттап, қашықтан жұмыс істейтін шетелдік туристерге арналған. Жаңа визалық режимді енгізер кезде пандемиядан кейін осындай бағдарламаларды сәтті қолданған 50-ден астам елдің халықаралық тәжірибесі назарға алынған.Neo Nomad визасын алған шетелдік туристердің Қазақстанда бір жылға дейін тұруға мүмкіндігі бар. Осы уақыт ішінде олар шетелдік компанияларда жұмыс істей алады. Бұл туристерге еліміздің мәдениеті мен тұрмысын жақынырақ тануға мүмкіндік беріп қана қоймай, ел экономикасына пайда әкеледі деп күтілуде. Виза енгізілген жағдайда жылына 500 адам оны алса, экономикалық әсер шамамен 3,6 млрд теңге болмақ. Визаны пайдаланатын шетелдік азаматтар Қазақстанда тұрып, қаражатын осында жұмсайды. Бірақ отандық еңбек нарығына әсер етпейді. Бұл – бағдарламаның маңызды бөлігі.Жалпы Қазақстанның туристік әлеуеті халықаралық аренада табысты насихатталып келеді. The New York Times нұсқасы бойынша Алматы қаласы үздік 52 туристік бағыттың қатарына енсе, Lonely Planet журналының нұсқасы бойынша Қазақстан 2025 жылы саяхаттауға тиіс үздік елдердің тізіміне кірді. Бұдан бөлек, Conde Nast Traveller Italia басылымы «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортын таңдаулы ТОП-5 дестинация тізіміне қосты.Сонымен қатар CNN Travel 2025 жылы саяхаттауға тұрарлық 25 бағыттың тізімін жариялап, Қазақстанды ерекше мәртебеге лайық деп таныды. Атап айтқанда, Алматы қаласы саяхаттауға тиіс ең үздік бағыттардың қатарына енді. Қала кең табиғи ландшафттар мен дамып келе жатқан урбанистік мәдениетті біріктіретін ерекше атмосферасының нәтижесінде Орталық Азияның «жаңа стиль астанасы» деп аталды.Алдағы жылдары Қазақстан туризм саласын дамытуды қарқынды түрде жалғастырып, ауқымды жобалар мен бастамаларды жүзеге асырады.Басым бағыт ретінде үш ірі туристік аймақ белгіленді, олар: Щучье-Бурабай курорттық өңірі, Маңғыстау курорттық өңірі және Алматы тау кластері.2027 жылға дейін жалпы құны 1,1 трлн теңгеден асатын 181 инвестициялық жоба іске асырылады. Туризм саласында жұмыспен қамтылғандар санын 800 мың адамға дейін арттырып, агротуризмді дамыту есебінен ауылдық жерлерде 10 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.Ішкі туристер санын 11 миллион адамға жеткізіп, елдегі орналастыру орындарының төсек-орын қорын 280 мыңға дейін ұлғайту, сондай-ақ барлық қонақ үйді eQonaq ақпараттық жүйесіне енгізу көзделген.Сонымен қатар Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту жаһандық индексінде әлемнің үздік 50 елі қатарына кіруді мақсат етіп отыр.Бұл бастамалар елдің халықаралық туристік аренадағы орнын нығайтып, саяхатшылар, бизнес және жергілікті қауымдастықтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/949124
Өскеменде Рыпакова атындағы Х халықаралық турнир жалауын желбіретті 04.03.2025
Өскеменде Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жүлдесі үшін Х Халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Оған 21 елдің спортшылары келіп, өзара бақ сынасуда.Дүбірлі жарыстың ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған спортшыларға сәттілік тіледі.– Құрметті спортсүйер қауым, қадірменді спортшылар! Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған X халықаралық турнирдің ашылуымен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың салауатты өмір салтын ұстануы - дені сау ұлтты қалыптастырудың негізгі шарты екенін атап айтқан болатын. Шығыс Қазақстан облысындағы 1687 спорттық нысанда облыс халқының 43 пайыздан астамы жаттығады. Бүгінгі айтулы жарыс – Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Осы орайда, біздің мақтанышымыз – Ольга Рыпаковаға еліміздің Туын биіктетіп жүрген ерен еңбегі үшін алғыс айтамын, – деді Нұрымбет Сақтағанов.Бұл жылы еліміздің саңлақтарымен бірге Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Әзірбайжан, Сингапур, және Сауд Арабия құрамаларының мықтылары сынға түспек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/949345