Қуқық
ҚАЗАҚСТАН ҚОРЖЫНЫНА АЛҒАШҚЫ АЛТЫН МЕДАЛЬ ТҮСТІ! 15.01.2025
Бүгін Турин қаласында өтіп жатқан ХХХІІ Дүниежүзілік қысқы универсиадада Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті. Фристайл-могулдан жарысқа қатысқан отандасымыз, Қазақ спорт және туризм академиясының 3 курс студенті Анастасия Городко 79,79 ұпаймен жеңімпаз атанып, Қазақстанға алғашқы алтын медальді әкелді. Екінші орынды жапониялық Харуко Накао (76,29 ұпай) алса, үздік үштікті германиялық Ханна Уисе 75,04 ұпаймен қорытындылады. Финалда өнер көрсеткен тағы бір отандасымыз, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1 курс докторанты Аяулым Әмренова 5-орынға тұрақтады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/917799
Қанат Шарлапаев Сауд Арабиясына министрлер деңгейіндегі дөңгелек үстелге қатысу үшін келді 15.01.2025
Бүгін а.ж. 14 қаңтарында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласына Future Minerals форумына қатысу үшін келді.Future Minerals Forum (FMF) пайдалы қазбалар өнеркәсібінің болашағын талқылауға арналған жетекші алаңдардың бірі. Платформа үкіметтерді, халықаралық ұйымдарды және мүдделі тараптарды біріктіретін жаһандық салалық байланыстарға арналған платформа ретінде қызмет етеді.Министр жыл сайынғы министрлердің дөңгелек үстелінде сөз сөйледі. Кездесуге сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мадияр Меңілбеков қатысты.Өз сөзінде Қанат Шарлапаев еліміздің маңызды пайдалы қазбаларды жеткізудің жаһандық тізбегінің тұрақтылығына елеулі үлес қосуға ұмтылатынын атап өтті.«Біздің әртараптандырылған минералды-шикізаттық базамыз, сенімді материалды инфрақұрылымымыз, білікті жұмыс күші және дамып келе жатқан орта нарықтық бизнеспен еліміз жаһандық жеткізу тізбегінде маңызды рөл атқаруға жақсы жағдайға ие», – деді ол.Қазақстан АҚШ тізіміндегі ең маңызды 17 пайдалы қазбаны және Еуропалық Одақ тізіміндегі 19 түрін өндіреді. Сондай-ақ бериллий, титан, тантал, ниобий, рений, сурьма, висмут, селен, теллур бастапқы металл және компоненттер түрінде де бар.Министр литий-ионды аккумуляторлық катодтардың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын жоғары таза марганец сульфаты моногидратының өндірісін бастау туралы айтты.«2026 жылға қарай біз литий-ионды аккумуляторлар үшін маңызды құрамдас болып табылатын сферондалған графитке өңделетін графит кенін өндіруді жоспарлап отырмыз», – қосып айтты Қанат Шарлапаев.Шетелдік инвестицияларды тарту және саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқан кезде Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіндегі инвестициялық ахуал айтарлықтай өзгерістерге ұшырағанын атап өткен жөн.Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшілігінің қолдауымен Министрдің «Ivanhoe Electric», «BHP», «Acwa Power», «Brownstein» және «CityBank» сияқты бірқатар компаниялардың басшыларымен кездесулері ұйымдастырылды. Бұл кездесулер екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және әртүрлі салалардағы перспективалы жобаларды талқылауға ықпал етті.Қанат Шарлапаев «Ivanhoe Electric» компаниясының бас директоры Тейлор Мелвинмен кездесті. «Ivanhoe Electric» – пайдалы қазбаларды барлаудың озық технологияларын металдарды электрлік барлау жобаларымен біріктіретін американдық компания. Электрметаллдарды барлау жобаларының портфолиосын дамыту арқылы экономиканы электрлендіру үшін қажетті маңызды металдарды табу және жеткізу арқылы Америка Құрама Штаттарының жеткізу тізбегінің тәуелсіздігін қолдайды.Министр «Acwa Power» төрағасының орынбасары Раад Аль-Саадимен кездесу өткізді. Компания Таяу Шығыстағы, Африкадағы, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы 13 елде электр станциялары мен тұзсыздандырылған су өндіру зауыттарын дамытады және инвестиция салады.Қанат Шарлапаев «BHP» коммерциялық директоры Рагнар Уддпен және компанияның корпоративтік мәселелер жөніндегі жаһандық вице-президенті Ник Паркпен кездесу өткізді. BHP – әлемдегі ең ірі тау-кен компаниясы. Негізгі салалардың қатарында мыс, темір рудасын және көмір өндіруді атап өтуге болады. Негізгі тау-кен активтері Австралия мен Чилиде орналасқан.Келесі кезекте Министр «Citibank» басқарушы директоры, металдар және тау-кен ісі жөніндегі жаһандық басшысы Уильям Хасбендпен кездесу өткізді. Бұл ең ірі халықаралық банктердің бірі. Ол «Citigroup» қаржылық қызметтер корпорациясының бөлігі болып табылады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/917825
2025 жылы елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған 15.01.2025
«Қолжетімді баспана – арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз», – Қасым-Жомарт Тоқаев.Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда 18,96 млн. шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тұрғын үй құрылысындағы рекордтық көрсеткіш.2024 жылдың қорытындысы бойынша 172 089 баспана пайдалануға берілді. Оның 39 064 жеке үй. Өңірлер арасында Шымкент қаласы, Павлодар, Түркістан және Қызылорда облыстары құрылыс қарқыны бойынша көш бастап тұр.2024 жыл Қазақстанның тұрғын үй саясаты үшін бетбұрыс кезеңі болды. Қараша айында Президент «Тұрғын үй заңнамасын реформалау туралы» Заңға қол қойды. Ол азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіреді. «Отбасы банкі» «Бір терезе» қағидаты бойынша мұқтаж азаматтар арасында тұрғын үйді тіркеу және бөлумен айналысатын толыққанды даму институтына айналады. Реформа тұрғын үй алу кезегіндегі азаматтарға баспана беру процесінің ашықтығын арттыру мақсатында жүргізілді.Сондай-ақ осы заң аясында жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үйлерде тұратын 71 мыңға жуық азаматқа пәтерлерін жекешелендіруге мүмкіндік берілді. Жалдамалы тұрғын үй иелерінің көпшілігі халықтың әлеуметтік осал топтары, ҰОС ардагерлері, мүгедектігі бар азаматтар, көп балалы отбасылар, жетім балалар және т.б.Әлеуметтік осал топтары санатындағы мұқтаж азаматтар үшін әкімдіктер 20 мыңнан астам пәтер сатып алынды. Оның 13 мыңға жуық отбасы алғаш рет жеке баспананың иесі атанды.Одан бөлек, 2300 азаматқа ипотека бойынша бастапқы жарнаны жабу үшін тұрғын үй сертификаттары түрінде 2,6 млрд теңге бөлініп, 10,4 мың азаматқа тұрғын үйді жалға алғаны үшін жалдау ақысының бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй төлемдері субсидияланды.«Наурыз» және «Отау» мемлекеттік бағдарламалары аясында 2024 жылы 10 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. 64 мыңға жуық отбасын қолдауға мемлекет 1 трлн. теңге бөлген. Мемлекет жалдау ақысын субсидиялау және жеңілдетілген ипотекалық несиелер беру бойынша қолдау көрсетуді жалғастырады.2025 жылы елімізде 19 млн. шаршы метр немесе 175 мың тұрғын үй, 2029 жылға қарай 111 млн. шаршы метр салу жоспарлануда.Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Президенттің әрбір қазақстандықтың қолайлы жағдайда өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмаларын белсенді түрде жүзеге асыруда. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/917831
«Ашық НҚА» порталында НҚА жобасын орналастыру туралы хабарлау 15.01.2025
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы басшысының (ректор) үлгілік біліктілік сипаттамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 27 маусымдағы № 274-НҚ бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрық жобасын қоғамдық талқылауды бастау туралы хабарлайды.Аталған бұйрық жобасы https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15399297 сілтемесі бойынша қол жетімді.Сізден жобаны талқылауға қатысуыңызды сұраймыз. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/917637
Айбек Сыдықов ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі болып тағайындалды 15.01.2025
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Айбек Жексенәліұлы Сыдықов мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметіне тағайындалды.Еңбек жолын 2006 жылы «Алматы қаласы тарихы музейі» КМҚК-да экскурсия жүргізушісі болып бастаған.2007–2015 жылдары — «Алматы қаласы тарихы музейі» КМҚК ғылыми қызметкері, директордың орынбасары, директоры.2015–2016 жылдары — «Алматы қаласы музейлерінің бірлестігі» КМҚК директоры.2016–2022 жылдары — «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы мемлекеттік музейі» РМҚК мұражай бөлімінің басшысы, директордың орынбасары.2022–2025 жылдары — ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» РМҚК директорының орынбасары.2025 жылдың қаңтарынан бастап ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/917760
Қызмет бабында қаза тапқан полицей III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды 15.01.2025
Қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан Алматы облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының инспекторы Шалхар Байжомартов «Айбын» ІІІ дәрежелі орденімен марапатталды. Мемлекеттік награданы марқұмның әкесіне ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков Алматы облысы полиция департаментіне жұмыс сапары барысында табыстады. Ол отбасына көңіл айтып, аға лейтенант Байжомартовтың ерлігі мен қызметіне адалдығын атап өтті. – Ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмысқа қарсы күресте және тәртіпті қамтамасыз етуде әрдайым алдыңғы қатарда. Шалхар Байжомартов өз өмірін құрбан ете отырып, Отанына адал қызмет еткенін дәлелдеді, – деді Айдар Сайтбеков. Қайғылы оқиға өткен жылдың 20 желтоқсанында болды. Жол-көлік оқиғасын тіркеу кезінде көліктердің бірі тізгінге ие бола алмай, полицейді қызметтік көлікке қысып, оның өліміне себеп болды. – Полиция аға лейтенанты Шалхар Байжомартов мәңгілікке өз қызметіне адал, ерлікке толы офицер ретінде есте қалады. Оның ерлігі – азаматтардың қауіпсіздігі үшін күнделікті тәуекелге бел буатын полиция қызметкерлерінің еңбегінің маңыздылығын еске салатын үлгі, – деп түйіндеді А. Сайтбеков.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/917687
ҚР ІІМ Ұлттық ұланында Әскери кеңес отырысы өтті 15.01.2025
Астанада Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың төрағалығымен ІІМ Ұлттық ұланының Әскери кеңесінің отырысы өтті. Жиынға өзара іс-қимыл жасайтын органдардың басшылары мен әскери бөлімдердің командалық құрамы қатысты.Отырыс барысында өткен жылғы қызметтік және жауынгерлік жұмыс нәтижесі қаралды. Министр Ұлттық ұланның ведомство жүйесіндегі маңызды рөлін атап өтіп, елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде жауапты міндет атқаратынын тілге тиек етті.– Ұлттық ұлан жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындады. Оның ішінде су тасқынының салдарын жоюда да үлкен жұмыс атқарды. Былтыр Мемлекет басшысы ведомстволық авиациялық базаны ашты. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету де жоспарлы түрде жақсарып келеді, – деді полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденов.Баяндамамен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бірінші орынбасары, Бас штаб бастығы генерал-майор Қайрат Ақтанов сөз сөйледі. Ол әскери қызметшілердің бірлескен жаттығулар мен басқа да оқу-жаттығуларға қатысуы, маңызды қоғамдық-саяси іс-шаралар кезінде құқық тәртібін қамтамасыз етуі, патрульдік-бекеттік қызметті орындауы, құқық бұзушылықтардың алдын алуы, арнайы мақсаттағы бөліністердің жауынгерлік әлеуетін арттыру мәселесі жөніндегі атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.Сонымен қатар өңірлік қолбасшылықтардың командирлерінің есептері тыңдалды.Әскери кеңес отырысының қорытындысын шығара отырып, министр әскери бөлімдердің жауынгерлік даярлығы мен кәсіби біліктілігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды.Өз кезегінде Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Ансаған Балтабеков барлық тапсырмалар толық көлемде орындалатынына сенім білдірді.Іс-шара соңында полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденов ардагерлер мен жеке құрамды Ұлттық ұлан күнімен құттықтап, қызметтік және жауынгерлік міндеттерді орындауда табыс тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/917176
2024 жылы ІІМ криминалистері 50 мыңнан астам тексеру жүргізді 15.01.2025
Өткен жылы Ішкі істер министрлігінің жедел-криминалистік бөліністері оқиға орындарында 50 мыңға жуық тексеру жүргізді. Бұл тергеу үшін «құнды» дәлелдемелер жинауға мүмкіндік берді.41,4 мың тексеруден іздер мен басқа да заттай айғақтар алынды. Сонымен қатар 43 мыңнан астам сараптама жүргізіліп, олар қылмыстарды ашуда маңызды рөл атқарды.Криминалистикалық тіркеу нәтижесінде 10,5 мың оң нәтиже анықталып, бұл тергеудің жеделдетілуіне және қылмыскерлердің әшкереленуіне септігін тигізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/917200
Ішкі істер министрінің орынбасары Сыр өңіріне жұмыс сапарымен барды 15.01.2025
Ішкі істер министрінің орынбасары Сыр өңіріне жұмыс сапарымен барды.Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды. Сапар барысында ол облыс активі мен полиция департаментінің жеке құрамына өңірдің жаңа полиция бастығын таныстырды.Сәкен Сәрсенов жаңа басшыны таныстырды.– Серік Ергешов ішкі істер органдарында 2000 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Әр жылдары жауапты басшылық қызметтерді абыроймен атқарды. Бұған дейін ол Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары қызметінде болған, – деп атап өтті.Облыс активінің жиналысы барысында СәкентСәрсенов өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаевқа ҚР Ішкі істер министрінің «Алғыс хатын» табыстады.Сонымен қатар жұмыс сапары аясында министрдің орынбасары облыстық полиция департаменті басшылығы мен жеке құрамның қатысуымен жедел кеңес өткізді. Кеңесте Ішкі істер министрі жариялаған 2025 жыл – «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп белгіленгенін айтып, осы бағыттағы негізгі міндеттерді түсіндірді. Заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық шараларды күшейту және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру қажеттігі айтылды. Жеке құрамға қойылған талаптар мен нақты тапсырмалар жеткізіліп, жұмыс тиімділігін арттыру жолдары талқыланды.Министрдің орынбасары кеңестен кейін қылмыстың алдын алу мен оларды ашуда заманауи технологияларды қолдану мәселесіне назар аударды. Ол облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығының жұмысымен танысып, орталықтың озық техникалармен жабдықталғанын және қызметкерлердің нәтижелі еңбегін жоғары бағалады.Айта кетейік, Қызылорда облысы республикада алғаш болып барлық аудандық полиция бөлімдерінде жедел басқару орталықтарын іске қосты. Бұл жоба Ішкі істер министрінің бастамасымен және облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында 7 ауданға жалпы саны 588 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның ішінде әр ауданда 77 камера және 7 жылдамдық өлшегіш құрал жұмыс істеп тұр.Өткен жылы бейнебақылау жүйесінің көмегімен 138 қылмыс ашылып, 50 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.Жұмыс сапары барысында Сәкен Сәрсенов Шиелі ауданы мен Байқоңыр қаласында да болып, жергілікті полиция бөлімдерінің қызметімен, материалдық-техникалық жағдайымен танысты. Жеке құраммен кездесіп, Мемлекет басшысының ішкі істер органдарына қойған міндеттері мен талаптарына тоқталды. Ол қоғамдық тәртіпті жоғары деңгейде қамтамасыз ету, халықтың полицияға деген сенімін арттыру және қызметкерлердің заңдылық пен тәртіпті қатаң сақтауы қажеттігін ерекше атап өтті.Бұл сапар құқық қорғау органдары қызметінің сапасын арттыруға және заманауи технологияларды тиімді пайдалануға серпін беретін маңызды шаралардың бірі болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/917214
ІІМ-де Интерпол Штаб-пәтерінің өкілдерімен кездесу өтті 15.01.2025
Астана қаласында ІІМ қызметтері басшыларының Интерпол Бас хатшылығының өкілдерімен кездесуі өтті.Кездесудің мақсаты – Қазақстан ІІМ мен Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы – Интерпол арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамыта түсу, сондай-ақ жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы күрес бойынша өзара белсенді іс-әрекеттерді нығайту.Шетелдік әріптестермен кездесу барысында ұйыммен екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі мәселелері, халықаралық іздестіру, трансұлттық қылмысқа, терроризмге, заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылды одан әрі нығайту перспективалары, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерін оқыту мен біліктіліктігін арттыру және басқа да бірқатар мәселелер талқыланды.Қазақстандық Интерпол ҰОБ-ның бастығы Мерей Мақұлжан Ұйымның халықаралық дерекқорларын ІІМ ақпараттық дерекқорларымен интеграциялау және оларды Қазақстан полициясы қызметкерлерінің күнделікті қызметте қолдануы тәжірибесіне назар аударды.Шетелдік әріптестер Қазақстан Интерполы ҰОБ-ның Бас Хатшылықпен және жоғары деңгейдегі қылмыстық полиция ұйымына қатысушы барлық елдермен өзара белсенді іс-қимылдарына арнайы тоқталды.Кездесу соңында Интерпол штабының өкілдері қазақстандық әріптестеріне тиімді ынтымақтастыққа бағытталған бастамаларын белсенді қолдағаны үшін алғыстарын білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/917585
ТӨЛЕБИЛІК ПОЛИЦЕЙЛЕР ЖАСӨСПІРІМ ҚЫЗДЫ ҚҰТҚАРЫП ҚАЛДЫ 15.01.2025
Төлеби ауданы мен Шымкент қаласының шекарасында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезекшілігінде жүрген қызметкерлер жергілікті азаматтан көше бойында кәмелет жасқа толмаған қыздың есінен танып қалғанын байқап, алғашқы медициналық көмек көрсету үшін дереу қалалық ауруханаға жеткізіп беруін сұранған.Хабарламаны қабылдаған полиция қызметкерлері, полиция аға лейтенанты Асылбек Мырзахметов, полиция капитандары Абзал Рахматуллаев және Мадияр Сенгирбаев жасөспірім қызды шұғыл түрде ауруханаға жеткізу жұмыстарын атқарды. Полиция қызметкерлері оқиға орнынан жасөспірімді жедел ауруханаға жеткізу мақсатында жол қозғалысын реттеп, арнайы көліктің кедергісіз жылжуын қамтамасыз етсе, Мырзахметов басқарған көліктің ішінде Рахматуллаев ауруханаға дейін алғашқы медициналық көмек көрсетіп отырды. Қысқа уақытта жасөспірім қыз ауруханаға жеткізіліп, қажетті емдік шараларын қабылдадыӘкесі қызына көмек көрсетуге септігін тигізген Төлеби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерінің кәсіби әрекеттеріне алғысын білдірді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/917679
ТҮРКІСТАНДЫҚ ТҮЛЕКТЕР ӘЛЕМНІҢ ҮЗДІК УНИВЕРСИТЕТТЕРІНЕ ШАҚЫРТУ АЛДЫ 15.01.2025
Түркістан қаласында орналасқан химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бітіруші түлектері үлкен жетістіктерге жетуде. Нақтырақ айтқанда, 12 «К» сыныбының оқушылары – Гайдаенко Алихан мен Каримжанова Дильнура әлемдік университеттердің QS рейтингісінде топ 50-ге кіретін беделді жоғары оқу орындарынан шақырту алды.Гайдаенко Алихан Канаданың Ванкувер қаласында орналасқан Британдық Колумбия университетіне (UBC) қабылданды. Бұл білім ордасы – Канададағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі, білім беру мен зерттеулер саласындағы көшбасшы. UBC ғылым мен технология саласында білікті мамандар дайындайды.Ал, Каримжанова Дильнура Азияның үздік университеттерінің бірі – Гонконг политехникалық университетінен (PolyU) шақырту алды. PolyU – әлемге танымал инновация және технология орталығы. Бұл оқу орны болашақ мамандарды заманауи ғылым мен өнеркәсіптің ең озық талаптарына сай дайындайды.Айта кетейік, биыл Түркістан NIS-те алғашқы бітірушілер мектептен түлеп ұшпақ. Қазіргі таңда оқушылар сыртқы жиынтық бағалау емтихандары мен жоғары оқу орындарына түсу рәсімдеріне қызу дайындық үстінде.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/917681
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ ЖҰМЫСЫН ЖАНДАНДЫРУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ 15.01.2025
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар қауымдастық нысанындағы бірлестіктің президенті Инара Намазбаевамен кездесті.Кездесуде үкіметтік емес ұйымның өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстары талқыланып, алдағы жоспарлары мен маңызды жобалары сараланды. Сонымен қоса, Конститутция күніне орай XII Азаматтық форумын ұйымдастыру және алдағы уақытта жұмыс қарқынын күшейту мәселелері көтерілді.Облыс әкімінің орынбасары іс-шараларды креативті өткізуді қолға алып, жоғары деңгейде және тұрақты ұйымдастыру қажеттігін айтып, бұл саланы дамыту басты назарда екенін атап өтті. Іс-шараларды есеп үшін емес, қоғамға пайдалы етіп, жастар үлгі алып, ой түйетіндей деңгейде өткізу маңызды екеніне тоқталды. Сонымен қатар осы салада креативті ұсыныстарға ашық екендігін жеткізді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/917683
ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТАҒЫ ТУРИСТІК НЫСАННЫҢ ҒИМАРАТЫ КЕҢЕЙТІЛІП, ӘЛЕУЕТІ АРТТЫ 15.01.2025
Түлкібас ауданын дамытудың негізгі бағдарламасының бөлігі болып табылатын "Түлкібас саясат" шипажайының екінші ғимаратында құрылыс толығымен аяқталды. Аудан әкімі Асқар Естібаев нысанға жауапты мамандармен барып, оның қазіргі жағдайымен танысты. Бастапқыда 86 орынмен қамтамасыз етілген 2021 жылы ашылған сауықтыру кешені қазір сыйымдылығын 180 орынға дейін арттырды.Жоба екі кезеңде іске асырылды және оның жалпы құны 420 млн теңгені құрады. Осы сомадан 170 млн теңге мемлекеттік қолдау арқылы жеңілдетілген несие түрінде алынды, ал қалған бөлігі өз қаражаты есебінен қаржыландырылды. Бүгінгі таңда мұнда 50 қызметкер жұмыс істейді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/917779
Харбиндегі IX қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының ту ұстаушыларының есімдері белгілі болды 15.01.2025
Қазақстан құрамасы Қытайдағы IX қысқы Азия ойындарының 10 жарыс тәртібі бойынша барлық алты спорт түріне қатысады. Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов алдағы бәсекеге команданың дайындығы туралы айтып берді.Оның айтуынша, команданың құрамы бекітілді. Азия ойындарына 138 спортшы аттанады. Олар 51 медаль жиынтығы үшін күресуі керек. Биатлоншыларға, шаңғышыларға, конькимен жүгірушілерге, сондай-ақ қазіргі Азия чемпиондары болып саналатын хоккейшілерге үлкен үміт артылады.IX қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатында хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-тректің өкілі Ольга Тихонова ту ұстайды.@KZgovernmentАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/917540
Олжас Бектенов: спорт нысандары қарапайым халыққа қолжетімді болуы керек 15.01.2025
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қысқы IX Азия ойындарына дайындық барысы қаралды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов баяндама жасады.Премьер-министр ірі спорттық іс-шаралар өткізу халықтың қысқы спорт түрлерімен айналысуға деген қызығушылығын арттыра түсетінін, сондай-ақ туризмге тың серпін беретінін атап өтті. Бұл ретте қазақстандықтар үшін спорт инфрақұрылымы қолжетімділігінің маңыздылығы атап өтілді.«Барлық спорт объектілері қалың көпшілікке қолжетімді болып қалуға тиіс. Бұл спортпен шұғылданушылар санын арттырып, осы нысандар айналасында бизнестің дамуына жол ашады. Әкімдіктер мен кәсіпкерлер аталған бағытта белсенді жұмыс істеуі керек», — деді Олжас Бектенов.Сонымен қатар Премьер-министр Туризм және спорт министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп инвесторлар тартып, спорт инфрақұрылымын салу үшін қолайлы жағдай жасау, оның ішінде Алматымен қатар Алматы облысында, Шығыс Қазақстанда және басқа аймақтарда жаңадан тау шаңғысы трассаларын жасау жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Бүгінде ең танымал қысқы демалыс орындарының бірі – Шымбұлақтың тәуліктің жүктемесі жобалық қуатынан асып түсті. 2024 жылы келушілер саны 1,5 млн-нан асты. @KZgovernmentАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/917548
Үкіметте қысқы IX Азия ойындарына дайындық шаралары қаралды. Премьер-министр: Бәріміз қазақ спортының бәсекеге қабілеттіболуы үшін күш-жігерімізді жұмылдыруға тиіспіз 15.01.2025
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында олимпиадалық стандарттарға бағдарланған тиімді дайындық бағдарламаларын құру бойынша қарқынды жұмыс қажет екенін атап өтті.«Мемлекет басшысы жоғары жетістіктер спортына қатысты нақты міндеттер қойды. Бұл ретте спорт түрлерін таңдау ғылыми тұрғыда негізделіп, елімізге тән ерекшеліктерге сүйене отырып жасалуы керек. Аталған мәселенің шешімі спорт федерацияларының қызметін, олардың халықаралық, республикалық және жергілікті деңгейлердегі жұмысын да реттеуге тиіс. Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, спорт мектептері мен секцияларын құру және қолдау жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Спорттық медицинаны дамыту жұмысын жандандыру керек. Бәріміз қазақ спортының бәсекеге қабілетті болуы үшін күш-жігерімізді жұмылдыруға тиіспіз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.Жалпы еліміз бойынша Мемлекет басшысы тапсырмасымен салауатты өмір салтын дамытып, халықты дене шынықтырумен айналысуға тарту үшін кешенді шаралар қабылдануда. Республика бойынша 5 жыл ішінде 215 дене шынықтыру кешені, 17 жүзу бассейні, 57 спорт манежі және 1,5 мыңнан астам спорт алаңы салынды. Жеке инвесторлар есебінен 92 жоба іске асырылды.@KZgovernmentАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/917553
Премьер-министр қысқы IX Азия ойындарына дайындық бойынша бірқатар тапсырма берді 15.01.2025
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар тапсырма берді.Туризм және спорт министрлігіне әкімдіктер, барлық мүдделі ұйым мен компанияларға – Қазақстан құрамасының Қытайда сәтті нәтиже көрсету үшін спортшыларымызға барлық жағдай жасау тапсырылды. Сыртқы істер министрлігіне ұлттық құрамаға дипломатиялық желі бойынша тиісті қолдау көрсету міндеті қойылды. Мәдениет және ақпарат министрлігіне қазақстандық спортшылар қатысатын Азия ойындарының үздіксіз әрі сапалы көрсетілімін қамтамасыз ету тапсырылды.Туризм және спорт министрлігі әкімдіктермен, Ұлттық Олимпиада комитеттерімен, федерациялармен бірлесіп, 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына сапалы дайындық жұмыстарын барынша күшейтуі қажет. @KZgovernmentАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/917555
Олжас Бектенов Қазақстан ұлттық құрамасы спортшыларына Харбинде өтетін қысқы IX Азия ойындарында жоғары нәтиже көрсетулеріне тілектестік білдірді 15.01.2025
Үкімет отырысында Премьер-министр көрнекті олимпиада спортшыларының сіңірген еңбегі мен жетістіктерін атап өтіп, ұлттық құрама мүшелеріне Харбинде өтетін қысқы IX Азия ойындарында табысты өнер көрсетулеріне тілектестік білдірді.«Біздің ұлттық құрама алдағы Азия ойындарында жақсы нәтиже көрсетіп, қазақстандықтарға нағыз спорт мерекесін сыйлайды деген үміттеміз.Әйгілі спортшылар – олимпиада жеңімпаздары Владимир Смирновтың, Людмила Прокашеваның, Елена Хрусталеваның, Денис Теннің, Юлия Галышеваның аттары қазақ спортының тарихында алтын әріптермен жазылған.Спортшыларымыздың осы даңқты жолды Харбинде өтетін алдағы ойындарда жалғастырып, жоғары нәтиже көрсетулеріне тілектеспін», — деді Олжас Бектенов.@KZgovernmentАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/917564
Әділет министрлігі алаңында заң консультанттарының қызметін реттеу жөніндегі жұмыс тобының отырысын өткізді 15.01.2025
2025 жылғы 10 қаңтарда Әділет министрлігі алаңында заң консультанттарының қызметін реттеу жөніндегі жұмыс тобының отырысын өткізді, оның шеңберінде заң консультанттары институтын жетілдіру жөніндегі мәселелер талқыланып, реттеушілік әсерге талдау материалдарымен танысу ұйымдастырылды.Реттеушілік әсерге талдау жүргізу жөніндегі жұмыс тобына заң консультанттар палаталарының төрағалары, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы және заң консультанттары кірді.Реттеушілік әсерге талдау жүргізудің тиімділігі мақсатында Министрлік қажетті статистикалық деректерді жинауды жүзеге асырып, заң консультанттарының практикалық қызметіне талдау жүргізді.Талқылау барысында жұмыс тобының қатысушылары заң консультанттары институын дамытудың ұсынылған баламалары бойынша ұсыныстарын берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/917505