Enbekshi QazaQ

Қуқық

Аймақтың көлік инфрақұрылымындағы маңызды нысан 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, ел ағалары Серік Дүйсенбаев, Өмірбек Шәменов, Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев Жалағаш ауданына жұмыс сапары кезінде жаңадан салынып жатқан теміржол вокзалындағы жұмыс барысымен танысты.Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі 124 вокзал жаңғыртылуда. Осы қатарға былтыр Нұрлыбек Машбекұлы аудан орталықтарындағы және Төретам, Сексеуіл станцияларындағы, яғни аймақтағы барлық вокзалдарды, Жаңақорған ауданындағы Талап бекетінің платформасын енгізген болатын.Құрылысы өткен жылы басталған Жалағаш вокзалына 755,7 млн теңге бөлінген. Жобаның бас мердігері «Р и А Сервис ЛТД» ЖШС құрылыс-монтаждау жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Атап айтқанда, жолаушылар алаңына төсеніш тас төсеу және ғимараттың шатырын жабу толық аяқталған. Қазір нысанның ішкі қабырғаларын әрлеу, сыртқы қасбетін қаптау және аумақты абаттандыру жұмыстары қолға алынған.Жаңа теміржол вокзалы аудан тұрғындары мен жолаушыларға сапалы қызмет көрсететін, аймақтың көлік инфрақұрылымын дамытуға оң ықпал ететін нысан болмақ. Сондай-ақ, заманауи талаптарға сай салынып жатқан вокзал Жалағаштың сәулеттік келбетін айшықтайтын көрікті ғимараттардың біріне айналмақ. Осы ретте аймақ басшысы жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс сапасына ерекше назар аударуды, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1235111?lang=ru
ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан - Қытай ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды 30.06.2026
Астана, 2026 жылғы 4 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің  орынбасары Әлібек Бақаев Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлиньмен кездесу өткізді.Келіссөздер барысында тараптар қазақ-қытай ынтымақтастығының түрлі салалардағы өзекті мәселелерін талқылап, оны одан әрі дамыту перспективалары туралы пікір алмасты.Қазақстанға мамырдың соңы – маусымның басында жүзеге асырылған ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Чжао Лэцзидің, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Саяси-құқықтық комиссиясының хатшысы Чэнь Вэньциннің, ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохунның, сондай-ақ ҚХР-дың Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Лидің сапарларының қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарға ерекше назар аударылды.Сонымен қатар, сұхбаттасушылар 2026 жылы жоспарланған алдағы биік және жоғары деңгейдегі іс-шаралардың кестесін жеке талқылады.Кездесудің соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша Қазақстан Сыртқы істер министрілігі мен Қытай Елшілігі арасында тұрақты байланыстарды жалғастыруға уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1235172?lang=ru
Шымкент базарында заңсыз әкелінген тауық жұмыртқасының ірі партиясы анықталып, жойылды 30.06.2026
Шымкент қаласында Ресейден заңсыз әкелінген тауық жұмыртқаларының ірі партиясын сату әрекетінің жолы кесілді. Заң бұзушылық Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, Шымкент қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті және Қазақстан құс өсірушілер одағының бірлескен жұмысы барысында анықталды.«Жібек жолы» базарында жүргізілген бақылау-қадағалау іс-шаралары кезінде мамандар міндетті таңбалауы жоқ және ветеринариялық ілеспе құжаттармен рәсімделмеген жұмыртқалардың сатылымға шығарылғанын анықтады. Тәркіленген өнімнің жалпы көлемі 11 850 дананы құрады.Зертханалық сараптама нәтижелері өнімнің қауіпсіздік талаптарына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келмейтінін көрсетті. Осыған байланысты жұмыртқалардың барлық партиясы арнайы құрылған комиссияның қатысуымен белгіленген тәртіпке сәйкес жойылды.Заң бұзушылыққа жол берген тұлғаларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, тексеру материалдары тиісті процессуалдық шешімдер қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды.Қазақстан құс өсірушілер одағы жұмыртқа өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау және оның жолын кесу бағытындағы жұмысты мемлекеттік органдармен бірлесіп жалғастыруда. Анықталған барлық құқық бұзушылық фактілері Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Сауда және интеграция министрлігіне, Мемлекеттік кірістер комитетіне және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жолданады.Қолданыстағы шектеу шараларына қарамастан, еліміздің бірқатар өңірлерінде Ресейден әкелінген таңбаланбаған жұмыртқаларды сату фактілері әлі де тіркелуде. Осыған байланысты мемлекеттік органдар тұтынушылардың құқықтарын қорғау және нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында республика аумағындағы базарлар мен сауда нысандарында жүйелі тексерулер жүргізуді жалғастырып келеді.Еске сала кетейік, 2026 жылғы 17 сәуірден бастап Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің №146 бұйрығы күшіне еніп, тағамдық тауық жұмыртқаларын Қазақстан аумағына әкелуге уақытша тыйым салынды. Бұл шара көлеңкелі импорттың жолын кесуге, демпингтік сауданың алдын алуға және маусымдық сұраныс артқан кезеңде ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға бағытталған.Жұмыртқа импортына уақытша шектеу енгізу тәжірибесі Қазақстанда бірнеше жылдан бері қолданылып келеді. Мұндай шаралар отандық құс фабрикалары ішкі нарық сұранысын толық қамтамасыз еткен кезеңдерде қабылданады. Бұл қазақстандық өндірушілерді демпингтік импорттан қорғауға, отандық өнім өндірушілер үшін әділ бәсекелестік орта қалыптастыруға және тұтынушылар үшін бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1235268?lang=ru
Май өңдеу саласы Қазақстан экономикасына шамамен 1 млрд АҚШ доллары көлемінде экспорттық табыс әкелді 30.06.2026
5 маусым күні Астанада Еуразия кеңістігіндегі май өңдеу өнеркәсібінің даму үрдістері мен болашағын талқылауға арналған «FOC 2026: Fats and Oils Conference» бесінші мерейтойлық халықаралық конференциясы өтті. Соңғы бес жылда бұл алаң саладағы ең беделді халықаралық іс-шаралардың біріне айналды. Биылғы форумға әлемнің 18 елінен 330-дан астам делегат қатысты. Олардың қатарында Қазақстандағы 50-ден астам май өңдеу кәсіпорнының басшылары, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, агроөнеркәсіптік холдингтердің, логистикалық компаниялардың өкілдері және әлемдік нарықтағы жетекші компаниялар бар.Конференцияны Қазақстанның Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығы ҚР Сауда және интеграция министрлігі, ҚР АШМ және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырды. Форум жұмысына International Trade Centre, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Еуропалық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ Wilmar, Bunge, Kourosh Food Industry, Huatai, Chinese Cereals and Oils Association, China Vegetable Oil Industry Association секілді халықаралық ұйымдар мен жетекші компаниялардың өкілдері қатысты.Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов май өңдеу саласының бүгінде жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызы артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық қатысушылар санының жыл сайын артуы осы саланың әлемдік экономикадағы рөлінің күшейгенін көрсетеді.Вице-министр аграрлық өңірлерге жасалған жұмыс сапарлары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесулер отандық агроөнеркәсіп кешенінде түбегейлі өзгерістер жүріп жатқанын дәлелдейтінін айтты. Қазақстан біртіндеп шикізат экспортынан жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге, терең өңдеуді дамытуға және жаңа экспорттық нарықтарды игеруге көшуде.Бұл өзгерістердің нақты нәтижелері халықаралық деңгейде де көрініс табуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарына қосылып, жаһандық экспорт көлемінің шамамен 3,6 пайызын қамтамасыз етті. Сондай-ақ еліміз Қытай нарығында күнбағыс майын экспорттаушы елдер арасында екінші орынға көтерілді. Бір жыл ішінде майлы дақылдар мен май өнімдерінің экспорты 70 пайызға өсіп, экономиканы әртараптандыру мен шикізаттық емес экспортты дамыту бағытындағы табысты саясаттың айқын нәтижесіне айналды.Бүгінде май өңдеу саласы өңдеуші өнеркәсіптің негізгі өсу нүктелерінің бірі саналады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша саладағы өндіріс көлемі алғаш рет 1,57 миллион тоннадан асып, экспорттық түсім рекордтық деңгейге – 963 миллион АҚШ долларына жетті. Салыстырмалы түрде алғанда, 2021 жылы бұл көрсеткіш небәрі 240 миллион АҚШ долларын құраған. Осылайша, төрт жыл ішінде экспорттық түсім көлемі төрт еседен астам өсті.Әсіресе күнбағыс майын өндіру қарқынды дамып келеді. Соңғы төрт жылда оның өндірісі 2,3 есеге артып, 752 мың тоннадан асты. Сонымен қатар Қазақстан ішкі нарықтағы импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетті. Егер 2015–2021 жылдары импорттық күнбағыс майының үлесі орта есеппен 39 пайызды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 18 пайыздан аспайды.Қазіргі таңда май өңдеу саласы еліміздің өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортынан түсетін валюталық кірістің төрттен бірінен астамын қамтамасыз етіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша оның үлесі 27 пайызға жетіп, саланы Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың біріне айналдырды.Өңдеу көлемінің артуы бүкіл агроөнеркәсіп кешенінің дамуына серпін беруде. Отандық кәсіпорындардың майлы дақылдарға деген сұранысының өсуі егіс алқаптарының кеңеюіне, ауыл шаруашылығына инвестиция тартудың артуына және өндірістік қуаттардың жаңғыртылуына ықпал етуде. Сонымен қатар терең өңделген өнім өндірісінің ұлғаюы мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, құрама жем өндіру және тамақ өнеркәсібі сияқты сабақтас салалардың дамуына оң әсерін тигізіп отыр.Конференция барысында азық-түлік қауіпсіздігі мен баға тұрақтылығы мәселелеріне ерекше назар аударылды. ФАО деректеріне сәйкес, 2023 жылдың мамыр айынан 2025 жылдың соңына дейін әлемдік өсімдік майлары бағасының индексі 39 пайызға өскен. Ал Еуропа биржаларында күнбағыс майының бағасы осы кезеңде 47 пайызға қымбаттаған. Соған қарамастан, Қазақстанда мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді әріптестіктің арқасында ішкі нарықтағы баға тұрақтылығы сақталды.Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығы, Ауыл шаруашылығы министрлігі және Сауда және интеграция министрлігі арасында жасалған меморандум аясында ішкі нарыққа арналған күнбағыс майының көтерме бағасы үш жылдан астам уақыт бойы литріне 730 теңгеден аспады. 2026 жылдың ақпан айында бұл тетік ағымдағы жылдың соңына дейін ұзартылды.Бүгінде қазақстандық май өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады. Негізгі нарықтар қатарында Қытай, Орталық Азия мемлекеттері және Еуропалық одақ елдері бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан күнбағыс майын экспорттау көлемі жөнінен әлемде алтыншы орынға көтерілсе, Қытай нарығында екінші орынды иеленді.Соңғы екі жыл ішінде Қазақстан Өзбекстан мен Тәжікстанға өсімдік майларын жеткізетін ең ірі экспорттаушы мемлекетке айналды. Қазіргі уақытта бұл елдердің импорттық қажеттілігінің 90 пайыздан астамы Қазақстан өнімдері есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар еліміз Орталық Азияның күнбағыс шроты бойынша сұранысын толық өтеп, Еуропалық одаққа аталған өнімді жеткізуші үш ірі елдің қатарына енді.Әсет Нүсіповтің айтуынша, мұндай жетістіктерге жүйелі мемлекеттік саясат пен бизнес қауымдастықпен орнатылған тиімді әріптестіктің арқасында қол жеткізілді. Өткен жылы салалық қауымдастықтармен, халықаралық серіктестермен және «QazTrade» АҚ-мен бірлесіп Май өңдеу өнімдері экспортының 2028 жылға дейінгі даму жөніндегі жол картасы әзірленді.Аталған құжатты іске асыру нәтижесінде алдағы екі жылда саланың экспорттық түсімі тағы 60 пайызға артып, 1,5 миллиард АҚШ долларынан асады деп күтілуде. Бұл Қазақстанға күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі төрт ірі елдің қатарына енуге және болашақта алғашқы үштікке қосылуға мүмкіндік береді.Стратегияның маңызды бағыттарының бірі көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту болып табылады. Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін кеңейтіп, теміржол инфрақұрылымын жетілдіру және порттық қуаттарды жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.2026 жылы Ақтау портында алғаш рет өсімдік майын тікелей теңіз кемесіне тиеу жүзеге асырылды. Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қолдауымен Достық – Алашанькоу шекаралық өткелі арқылы Қытайға түйіршіктелген күнбағыс шротын жеткізу бойынша пилоттық тасымалдар басталды.Тағы бір маңызды оқиға – Қазақстан тарихында алғаш рет күнбағыс майының флекситанк контейнерлері арқылы Шығыс Қазақстан облысынан Қытайдың Цзянсу провинциясына жөнелтілуі болды. Ұзындығы 4700 шақырымды құрайтын бағыт небәрі 12 күн ішінде еңсеріліп, заманауи логистикалық шешімдердің тиімділігін дәлелдеді.Сонымен қатар қазақстандық өндірушілер үшін сыртқы сауда мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан Вьетнаммен, Сербиямен және Иранмен еркін сауда туралы келісімдерді тиімді пайдаланып отыр. Өткен жылы Біріккен Араб Әмірліктерімен, Моңғолиямен және Индонезиямен жаңа келісімдерге қол қойылды. Бұдан бөлек, Үндістанмен еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөздер жалғасуда. Бұл қазақстандық экспорттаушылар үшін әлемдегі ең ірі тұтыну нарықтарының біріне жол ашады.Вице-министр майлы дақылдар экспортының жоғары көрсеткіштеріне де тоқталды. Ағымдағы маусымның қыркүйек–сәуір айлары аралығында зығыр экспорты шамамен 1 миллион тоннаны құрап, ел экономикасына 500 миллион АҚШ долларына жуық табыс әкелді. Негізгі сатып алушылар қатарында Қытай мен Еуропалық одақ елдері бар.Осы кезеңде рапс экспорты 200 мың тоннадан асып, негізгі жеткізу бағыттары ретінде Қытай, Польша, Латвия және басқа да Еуропа мемлекеттері қалыптасты.Сауда үдерістерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында Ұлттық тауарлар каталогы енгізілуде. Бұл цифрлық жүйе өнімдерді біріздендіріп, олардың атауы мен сыныпталуына қатысты айырмашылықтарды жоюға мүмкіндік береді. Күнбағыс майы мысалында бұл жүйе ішкі нарықта да, экспорттық операцияларда да өнімді бірыңғай қағидаттар бойынша сәйкестендіруге жағдай жасайды. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, алдағы жылдары өсімдік майларының әлемдік нарығы тұрақты өсімін сақтайды. Қазіргі уақытта әлемдік тұтыну көлемі жыл сайын 220 миллион тоннадан асып отыр және бұл көрсеткіштің одан әрі ұлғаюы күтіледі. Бұл Қазақстан үшін жаһандық азық-түлік нарығындағы өз позициясын нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады.Конференцияға қатысушылардың пікірінше, Қазақстанның май өңдеу саласы терең өңдеуді дамыту, заманауи технологияларды енгізу және жоғары қосылған құны бар өнім экспортын ұлғайту арқылы тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етудің жарқын үлгісіне айналды. Бұл бағыт елдің экспорттық әлеуетін арттыруға, жаңа нарықтарды игеруге және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1235282?lang=ru
Қарулы күштерде екі жылдық қызметке шақырылған запастағы офицерлерді оқыту курстары аяқталды 30.06.2026
Тылдық, техникалық және инженерлік қамтамасыз ету, автоматтандырылған басқару жүйелері, зымыран-артиллериялық қару-жарақ, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс, байланыс, медицина салаларының мамандары, сондай-ақ тәрбие жұмысы жөніндегі офицерлер өз білімдері мен практикалық дағдыларын пысықтады.Осындай курстардың бірі Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының базасында байланыс мамандарымен өткізілді. Оған запастан шақырылған 19 офицер қатысты.Оқу бағдарламасы аясында арнайы және тактикалық-арнайы дайындық бойынша теориялық және практикалық сабақтар өткізілді. Сабақтар барысында заманауи байланыс техникасы мен құралдарын пайдалану, байланыс бөлімшелерінің негізгі құжаттарын жүргізу тәртібі, жауынгерлік дайындық сабақтарын ұйымдастыру және өткізу әдістемесі бойынша тәжірибелік дағдылар жетілдірілді.Сонымен қатар офицерлер байланыс техникасын өрістету және байланыс арналарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі оқу-жаттығу тапсырмаларын орындады. Байланысты жоспарлау кезінде бөлімше командирінің жұмыс тәртібі мен басқару ерекшеліктері жан-жақты қарастырылды.– Бұл курстың басты ерекшелігі – запастан шақырылған офицерлердің теориялық білімін жаңартып қана қоймай, оларды қазіргі заманғы байланыс жүйелерімен жұмыс істеуге практикалық тұрғыдан даярлау. Сабақ барысында тыңдаушылардың кәсіби шеберлігі артып, қойылған міндеттерді сапалы орындауға қажетті дағдылары жетілдірілді, – деді 07029 әскери бөлімінің командирі Омар Сыздықов.Қонаев гарнизонында да Қазақстан Қарулы күштері Бас штабы Инженерлік әскерлер департаменті ұйымдастырған запастан шақырылған офицерлерге арналған мамандандыру курсы аяқталды.Екі апта бойы офицерлер арнайы дайындық бойынша қарқынды теориялық және практикалық сабақтардан өтіп, кәсіби дағдыларын жетілдірді. Курсқа қатысушылар шынайы жағдайға барынша жақындатылған ортада іс-қимылдарды пысықтап, жеке құрамды басқару, инженерлік техниканы пайдалану және инженерлік қамтамасыз ету міндеттерін орындау машықтарын дамытты.Іс-шара соңында тыңдаушыларға сертификаттар табысталды. Офицерлер іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың басшылығына және оқу курсын ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1235302?lang=ru
Қазақстанның қорғаныс жүйесіндегі цифрлық трансформация және жасанды интеллект 30.06.2026
Қазақстан Қарулы Күштерін цифрландыру кадрларды даярлау, инновацияларды енгізу және басқару тиімділігін арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда. Қорғаныс министрлігінің негізгі жобалары туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев мәлімдеді.Флагмандық жобалардың бірі – SARBAZ+. Бұл жоба заманауи әскери қызметшінің келбетін қалыптастыруға және қызмет барысында да, оны аяқтағаннан кейін де сұранысқа ие болатын практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған.Жоба аясында байланыс және телекоммуникация, ұшқышсыз авиациялық жүйелер, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бағыттары бойынша мамандандырылған сыныптар құрылуда. Әскери қызметшілер үшін техникалық зертханалар мен цифрлық сыныптарды қамтитын заманауи білім беру инфрақұрылымы дамытылуда.«Бүгінде цифрлық технологиялар тек автоматтандыру құралы ғана емес. Олар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, әскерлерді басқару тиімділігін арттырудың, кадрларды даярлау сапасын жақсартудың және мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтудың маңызды тетігіне айналды», – деп атап өтті Дархан Ахмедиев.Әскери қызметшілер TechOrda бағдарламасы аясында жасанды интеллект, деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік бағыттары бойынша оқытудан өтіп, кейін халықаралық сертификаттарға ие болады. Жоба отандық IT-компаниялармен және технологиялық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылуда.Қорғаныс министрлігі сондай-ақ мемлекеттік органдарды, IT-компанияларды, жоғары оқу орындарын, ғылыми қауымдастықты, стартаптарды және жас әзірлеушілерді біріктіретін Defence Tech бағытын дамытуда. Үздік жобалар пилоттық сынақтан өтіп, Қарулы Күштердің мүддесі үшін енгізілу мүмкіндігіне ие болады.«Перспективалы шешімдердің бірі – Sarbaz-AI жобасы. Бұл азаматтарды олардың дағдылары мен құзыреттеріне қарай Қарулы күштердің түрлері мен тектеріне зияткерлік негізде бөлуге арналған жүйе. AI Governance Cup ұлттық байқауының қорытындысы бойынша жоба орталық мемлекеттік органдар арасындағы үздік бес шешімнің қатарына енді», – деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары.Сондай-ақ мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтарға қосымша білім алу мүмкіндіктерін ұсынатын Sarbaz 2.0 жобасын іске асыру жалғасуда. Жоба жүзеге асырылған уақыттан бері іріктеуге 180 мыңнан астам азамат қатысып, 10 мыңнан астам адам білім гранттарына ие болды.Біртұтас цифрлық білім беру кеңістігінде әскери оқу орындарын біріктіретін Askeri Ziyat платформасында мыңнан астам әскери қызметші оқуды аяқтады. Бүгінде платформада 20-дан астам даярлау бағыты бойынша оқу үдерісі ұйымдастырылған.Әскери-медициналық саланы цифрландыру бағытында да елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Бүгінде 1,5 мыңнан астам медицина қызметкері цифрлық сервистерді пайдаланады, ал әскери қызметшілер мобильді қосымша арқылы дәрігердің қабылдауына жазыла алады. 2025 жылдан бері цифрлық форматта 15 мыңнан астам әскери қызметшіге қызмет көрсетілді.Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру жұмыстары да жалғасуда. «Smart военкомат» жобасының арқасында 2025 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы мамырға дейінгі кезеңде Қорғаныс министрлігінің электрондық сервистері арқылы 76 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді.Іске асырылып жатқан жобалар әскерлерді басқару тиімділігін арттыруға, отандық технологияларды дамытуға, инновацияларды қолдауға, сондай-ақ жас қазақстандықтардың білім алу және кәсіби тұрғыдан өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етуде. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1235339?lang=ru
«Qamqor sos»: Қазақстандағы алғашқы цифрлық жедел медициналық көмек пункті Алматы облысында іске қосылды 30.06.2026
Қазақстанда баламасы жоқ алғашқы «qamqor SOS» цифрлық модульдік жедел медициналық көмек пункті Қонаев қаласында іске қосылды. Нысан халық көп шоғырланатын Қапшағай жағажайы аумағында орналасқан және тұрғындар мен туристерге шұғыл жағдайда алғашқы медициналық көмекті жедел алуға мүмкіндік береді. Сырқаттанған немесе зардап шеккен азамат модульдік пунктке келіп, арнайы SOS батырмасы арқылы жедел медициналық жәрдем станциясының диспетчерімен бірден байланыса алады. Медицина қызметкері қашықтан модульді ашып, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін алғашқы көмек көрсету бойынша нұсқаулық береді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Көлемі 2×2,5 метр болатын модуль тәулік бойы жұмыс істейді және төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге арналған. Оның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті дәрі-дәрмектер мен заманауи жабдықтар орналастырылған. Атап айтқанда, дефибриллятор, жараларды алғашқы хирургиялық өңдеуге арналған стерильді бикс, жедел коронарлық синдром кезінде қолданылатын медициналық жинақ, брезент көрпе және тот баспайтын болаттан жасалған кушетка бар.Пункт үздіксіз интернетпен, 360 градус сыртқы бейнебақылау камерасымен, SOS дабыл жүйесімен, қашықтан басқарылатын телемедицина кешенімен, ақпараттық дисплеймен және ішкі бейнекамералармен жабдықталған. Диспетчер бейне және аудиобайланыс арқылы науқастың жағдайын бағалап, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін алғашқы көмек көрсету бойынша нұсқаулар береді. Сондай-ақ пункттегі медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді пайдалану тәртібін түсіндіреді.Модульдің сыртқы қаптамасы жоғары беріктігімен ерекшеленетін HPL-панельдер мен тот баспайтын болаттан жасалған. Бұл оның әртүрлі климаттық жағдайларға төзімділігін және ұзақ мерзім қызмет етуін қамтамасыз етеді. Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, жоба өңірдегі шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.«Бір модульдік пункт тәулігіне шамамен 50 адамға дейін алғашқы медициналық көмек пен кеңес беру қызметін көрсете алады. Қажет болған жағдайда бұл көрсеткіш жоғары болуы мүмкін. Біз тұрғындарға шұғыл медициналық көмекті қолжетімді етіп қана қоймай, цифрлық технологияларды енгізу арқылы қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеріп отырмыз. Айта кетерлігі – мұндай форматтағы модульдік жедел медициналық көмек пункттері Қазақстанда алғаш рет іске қосылып отыр», – деді Ержан Сүлейменов.Жоба аясында жыл соңына дейін Алматы облысының туристік және рекреациялық аймақтарында барлығы 11 цифрлық модульдік жедел медициналық көмек пунктін орнату жоспарланған. Олар Қонаев қаласы мен Қапшағай жағалауында, «Түрген» тау шаңғысы курортында, «Oi-Qaragai Lesnaya Skazka» Mountain Resort-та, «Ақбұлақ» халықаралық туристік орталығында, «Хан Тәңірі» халықаралық альпинистік лагерінде, «Арасан» шипажай-курорттық аймағында, сондай-ақ «Шарын», «Іле-Алатауы», «Көлсай көлдері» және «Алтын-Емел» ұлттық парктері мен «Таңбалы» мемлекеттік қорық-мұражайы аумағында орналастырылады. Әрбір пункт белгілі бір туристік нысанға бекітіліп, сол аумақтағы тұрғындар мен келушілерге тұрақты қызмет көрсетеді.«Туристік орындарда демалып жүрген азамат оқыстан ауыр жарақат алса, немесе қан қысымы көтерілу, күн өту, үсік шалу сияқты жағдайларға тап болса, осындай медициналық модульге кіріп, медициналық қызметкердің көмегіне онлайн жүгіне алады. Жоба төтенше жағдай туралы жедел хабар беруге, медицина мамандарымен дереу байланыс орнатуға және жедел жәрдем келгенге дейін қажетті көмекті ұйымдастыруға да мүмкіндік береді», – деді Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов.Жобаны Алматы облысының әкімдігі, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы және Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы бірлесіп жүзеге асыруда. Жоба халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, туристік аймақтардағы төтенше жағдайларда әрекет ету уақытын қысқартуға және өңірдің денсаулық сақтау саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1235369?lang=ru
Қазақстандық өнімді сатып алыңыз: Nudge теориясы тұтынушыларды отандық өнімдерді таңдауға қалай бағыттайды? 30.06.2026
2026 жылғы 1 маусымнан бастап Қазақстанда отандық ірімшікті насихаттауға арналған мінез-құлыққа негізделген құралдарды кең ауқымда енгізу жобасы іске қосылды. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдамалық орталық (ҰАО), «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өңірлік департаменттер бұл бастаманы еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырып жатыр.Жобаны кең ауқымды енгізу (масштабтау) пилоттық эксперименттің сәтті нәтижелеріне негізделеді. Бұл эксперимент ұлттық брендтерді тиімді қолдау үшін «таңдау архитектурасының» дұрыс құрылуы маңызды екенін дәлелдеді. Яғни, сауда ортасы қазақстандық өнімді таңдауды неғұрлым жеңіл, көзге көрінетін және ұтымды шешім ретінде ұсынуы қажет. Мінез-құлық құралдары өнімнің көзге түсуін мен танымалдылығын арттырып қана қоймай, тұтынушылардың отандық өнімдерге деген көзқарасын оң бағытта өзгертуге де ықпал етеді.Пилоттық жоба туралы2026 жылдың көктемінде Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдамалық орталық (ҰАО) мінез-құлыққа негізделген ғылым саласындағы жаһандық британдық зерттеу ұйымы - Behavioural Insights Team (BIT) және «Magnum Cash & Carry» сауда желісімен бірлесіп, Қазақстан жағдайында мінез-құлық құралдарын сынақтан өткізуге арналған пилоттық эксперимент жүргізді.Эксперимент Астана қаласындағы «Magnum Cash & Carry» желісінің 8 супермаркетінде 4 апта бойы шынайы сауда жағдайында өтті. Эксперимент сатып алушылардың назарын қазақстандық тауарларға аудару және мінез-құлық құралдары арқылы оларды отандық өнімді таңдауға «жұмсақ түрде ынталандыруға» негізделген еді.Эксперименттің негізінде Nudge тұжырымдамасы жатыр (ағылшын тілінен аударғанда – «жұмсақ итермелеу»). Ол адамдарға қоғам үшін неғұрлым ұтымды әрі тиімді шешімдер қабылдауға көмектеседі. Мінез-құлық тәсілдері АҚШ, Еуропа, Азия және Араб елдерінде экономикалық патриотизмді арттыруға және пайдалы тағам өнімдерін сатуды ынталандыруға кеңінен қолданылып келеді. Енді мінез-құлық ғылымының әлеуеті Қазақстанда да сынақтан өткізілді. Неліктен сатып алушылар қазақстандық өнімді байқамайды?Эксперимент үшін кейс ретінде «ірімшік» санатындағы сүт өнімі таңдалды. Неліктен ірімшік? Ірімшік - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімі, алайда Қазақстан нарығындағы ірімшіктің шамамен 47%-ы импорттық өнімдер.Ұлттық талдамалық орталықтың (ҰАО) елдің барлық өңірлерінде 1000 респондент арасында жүргізген сауалнамасы қызықты парадоксты анықтады. Респонденттердің 59%-ы отандық ірімшікке оң көзқарас білдіргеніне қарамастан, көпшілігі тұтынатын өнімдерінің шығу тегі туралы жеткілікті хабардар емес екен. Атап айтқанда, респонденттердің 71%-ы сатып алатын ірімшік брендін атай алмаған, ал 32%-ы тұтынатын өнімнің қай елде өндірілгенін білмейтін болып шықты.Сонымен қатар сауалнама нәтижелері импорттық ірімшіктің сапасы жоғары, ассортименті кең және дәмі жақсы деген кең таралған стереотиптердің бар екенін көрсетті. Алайда осы көзқарастың қалыптасуына тұтынушылардың қазақстандық және импорттық өнімдерді объективті салыстыруға мүмкіндік беретін ақпараттың жеткіліксіздігі әсер етуі мүмкін.Алынған нәтижелер тұтынушылар таңдауының көп жағдайда импорттық немесе отандық өнімді саналы түрде бағалауға емес, әдеттерге, стереотиптерге, визуалды бағдарларға және дүкен сөрелеріндегі өнімнің орналасуына орай қалыптасатынын көрсетеді.Көзге байқалмайтын, бірақ әсері айқын шешімдер: мінез-құлыққа негізделген “жұмсақ итермелеулер”Азық-түлік өнімдері туралы ақпараттың жеткіліксіздігі сатып алушыға тікелей дүкен ішінде шешім қабылдауға көмектесетін интуитивті түсінікті «таңдау архитектурасын» құрудың маңыздылығын көрсетеді. Эксперимент барысында қазақстандық ірімшіктің көзге түсуі мен танымалдылығын арттыруға және сатып алу шешімін тікелей сөре жанында жеңілдетуге бағытталған мінез-құлық құралдары қолданылды. Қазақстандық ірімшікке арналған сөрелер жеке аймақ ретінде бөлініп, «Қазақстанда жасалған» деген жазуы бар жарқын түсті дизайндағы сөре бөлгіштері, стикерлер және сөре ленталарымен белгіленді. Пилоттық дүкендердің кіреберісіне қазақстандық ірімшікті таңдаудың үш артықшылығын (тиімді баға, айрықша дәм және отандық өндірушілерді қолдау) атап көрсететін баннерлер орналастырылды. Сауда залдарында қазақ және орыс тілдерінде қазақстандық ірімшікті таңдауға шақырған, ұлы күйші Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен сүйемелденген аудиохабарламалар беріліп отырды. Эксперимент нәтижелеріБір қарағанда мұндай шағын өзгерістер елеусіз болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл жерде мінез-құлық құралдарының ерекшелігі байқалады: олар сатып алушының бұрын назардан тыс қалуы мүмкін болған баламаларға көңіл аударуына ықпал етеді. Көптеген тұтынушылар сатып алатын ірімшіктің бренді мен шыққан елін білмейтін жағдайда, таңдау сәтіндегі дер кезінде берілген нұсқау шешуші рөл атқара алады.Эксперимент нәтижелері: тек 4 апта ішінде пилоттық дүкендерде қазақстандық ірімшік сатылымы шамамен 20%-ға артты. Бұл көрсеткіш халықаралық тәжірибеде тіркелген мінез-құлықтық интервенциялардың орташа әсерінен (8%) айтарлықтай жоғары. Қазақстандық ірімшік бойынша орташа чек бір сатып алушыға шаққанда 670 теңгеге өсті. Бұл Қазақстанда ұлттық брендті насихаттау бағытында мінез-құлық құралдарының айтарлықтай әлеуеті бар екенін көрсетеді.Сатып алушылардың реакциясын зерттеу үшін пилоттық супермаркеттерде касса аймағынан шыққан тұтынушылар арасында сауалнама жүргізілді. Респонденттердің айтуынша, визуалды материалдар назар аудартып, сөрелердегі отандық ірімшікті тезірек байқауға көмектескен. Ең көзге түскен элементтер ретінде сатып алушылар стикерлер мен сөре бөлгіштерін атаған, ал баннерлер, сөре ленталары және аудиохабарламалар салыстырмалы түрде сирек аталды.Сауалнама сонымен қатар мінез-құлық құралдарының тек өнімді таңдауға ғана емес, тұтынушылардың отандық тауарларға деген көзқарасына да әсер еткенін көрсетті. Респонденттердің жартысынан астамы (56%) мінез-құлықтық материалдар қазақстандық ірімшікке қатысты неғұрлым оң көзқарастың қалыптасуына ықпал еткенін атап өтті, ал сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі оны болашақта сатып алуға дайын екендерін білдірді. Ең жиі аталған себептердің қатарында отандық өндірушілерді қолдауға деген ниет және ассортиментті тезірек бағдарлап, сөрелерден қазақстандық өнімді оңай табу мүмкіндігі болды.Келесі қадам: кең ауқымды енгізуПилоттық жоба нәтижелері тұтыну ортасындағы шағын өзгерістердің сатып алушылардың таңдауына әсер етіп, отандық өнімнің көріну деңгейін арттыра алатынын дәлелдеді. Осыған байланысты 2026 жылғы 1 маусымнан бастап қазақстандық ірімшіктің сатылымын көбейту мақсатында аталған мінез-құлық құралдарын елдің барлық өңірлерінде кең ауқымда енгізу басталды.Қазақстан Республикасының заңнамасында отандық тауарлар үшін бөлшек сауда желілерінде кемінде 30% ассортименттік үлес қарастырылған. Бұдан бөлек, «Даму» қорының қолдау бағдарламалары арқылы сөре кеңістігінің қосымша 20%-ына дейін бөлу мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі отандық тауарларды насихаттау ережелерін офлайн-бөлшек саудада да, электрондық коммерцияда да күшейтіп отыр. Маркетплейстер үшін қазақстандық өнімді іздеу нәтижелерінде басым көрсету тетіктерін енгізу және «Қазақстанда жасалған» атты жеке бөлімдер құру міндеттелуде.Халықаралық тәжірибе мен Қазақстандағы пилоттық эксперимент экономикалық патриотизмнің тиімді «таңдау архитектурасы» арқылы қалыптасатынын растайды. Мінез-құлыққа негізделген тәсілдер дәстүрлі мемлекеттік басқару әдістерін алмастырмайды. Керісінше, олар реттеуші шараларды, тікелей субсидияларды және отандық өндірушілерді қаржылық қолдауды тиімді толықтырып, жалпы экономикалық әсерді күшейтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1235420?lang=ru
Көлік министрі Қонаевтағы теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстарымен танысты 30.06.2026
Алматы облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен бірге Қонаев қаласындағы теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстарын көрді.Вокзал аумағындағы құрылыстың қарқынды жүріп, бүгінде аяқталуға таяған. Ғимараттың негізгі келбеті қалыптасып, ішкі әрлеу мен инженерлік жүйелерді іске қосу жұмыстары атқарылуда. Құрылыс алаңында мердігер ұйымдардың мамандары белгіленген мерзімге үлгеру үшін жұмысты жүйелі жалғастыруда.Нысан басында өткен көшпелі кеңесте облыс әкімдігі, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ және жауапты мекемелердің өкілдері жобаның орындалу барысы жөнінде есеп берді.Мамандардың айтуынша, бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарының 93 пайызы аяқталған. Қазіргі таңда сыртқы электр және газ желілерін қосу, сондай-ақ ғимаратты жиһазбен және заманауи кеңсе техникасымен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.Вокзал ғимаратының қабырғалары толық тұрғызылып, шатыр жабылған. Су құбыры, кәріз, жылыту және желдету жүйелері орнатылған. Жолаушылар платформасының құрылысы да толық аяқталған.Жалпы аумағы 503,8 шаршы метр болатын нысанды биылғы маусым айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.Жиын барысында облыстағы өзге де теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары сараланды. Қазыбек бек (Ұзынағаш) және Шамалған вокзалдарының дайындығы 99 пайызға, Жетісу вокзалындағы жұмыстардың орындалуы 92 пайызға жеткен.Көлік министрі құрылыс қарқынын оң бағалап, жауапты мекемелерге барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтап, нысандарды уақытылы пайдалануға беруді тапсырды. Оның айтуынша, жаңғыртылған вокзалдар жолаушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс.Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде 124 теміржол вокзалын жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама аясында вокзалдар заманауи инженерлік жүйелермен жабдықталып, күту залдары жаңартылып, сервистік қызмет көрсету сапасы жақсартылуда. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қатынауына қажетті жағдайлар қарастырылған.Мұндай жобалар еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.Қонаевтағы вокзалдың жаңаруы да – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1235437?lang=ru
5-6 маусым күндері аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Арал ауданының тұрғындарымен кездеседі 30.06.2026
5-6 маусым күндері аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Арал ауданының тұрғындарымен кездеседі.Сонымен қатар, аудандағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, ауылдық елді мекендерге барады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1235466?lang=ru
6 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Қазалы ауданының тұрғындарымен кездеседі 30.06.2026
6 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Қазалы ауданының тұрғындарымен кездеседі.Сонымен қатар, аудандағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, ауылдық елді мекендерге барады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1235471?lang=ru
Дәстүрлі өнердің тарихы мен тағылымы терең 30.06.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, белгілі жырау, фольклортанушы ғалым Алмасбек Алматовпен кездесті.Кездесуде Сыр өңірінде атадан балаға мұра болып қалған жыраулық, жыршылық өнердің дамуы, жастарды ұлттық өнерге баулу жайы әңгіме өзегіне айналды.Аймақ басшысы қазақтың дәстүрлі өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткердің ұлттық мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерттеп, кәсіби білім беру жүйесіне енгізіп, шәкірт тәрбиелеген еңбегін ерекше атап өтті.Тәуелсіздік жылдарында жыраулық өнер академиялық білім беру жүйесіне енгізіліп, «Дәстүрлі өнер – жыр» мамандығы ашылды. Алмасбек Алматов тәрбиелеген шәкірттер Сыр өңіріндегі мақам-саз ерекшеліктеріне негізделген мектептерді бүкіл елімізге танытты.Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында: «Жалпы, «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі» деп атап өткені белгілі.Ғалым ұстаз қазақтың дәстүрлі өнерін әлем жұртшылығына насихаттауда да жемісті еңбек етті. АҚШ, Франция, Италия, Швейцария, Ұлыбритания, Египет, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде өнер көрсетіп, ұлттық мәдениетіміздің халықаралық деңгейде танылуына үлес қосты.Бүгінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, Қазақ ұлттық өнер университетінде және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде кәсіби жыршы-жыраулар даярланып келеді. Олар халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанған.Айта кетейік, өткен жылы «Өнер орталығында» Алмасбек Алматовтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Жыр керуен» шығармашылық кеші өтті. Кеште Нұрлыбек Машбекұлы жырауға Сыр жұртшылығы атынан құрмет көрсетіп, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы мен автокөлік кілтін табыстады.Анкара музыка және көркем өнер университеті «Дәстүрлі өнер» мамандығының докторанты Малика Алдамжароваға, К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті «Дәстүрлі музыкалық өнер: Дәстүрлі жыр» білім беру бағдарламасының докторанттары Күнсұлу Түрікпен мен Ақерке Дабыловаға айына 300 мың теңге стипендия тағайындады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1235479?lang=ru
Әскери-техникалық мектептердің төртінші легінде 700-ден астам азамат даярлықтан өтеді 30.06.2026
Осы жылдың маусым–шілде айларында Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектептерінде әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша курсанттардың төртінші легін оқыту ұйымдастырылып отыр.Азаматтарды әскери-техникалық мектептерге жіберу жөніндегі іс-шараларды Бас штабтың Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті генерал-майор Алмас Исабековтің басшылығымен үйлестірді. Жаңа курсанттар легін қабылдауға мекемелердің дайындығын Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебінің бас директоры отставкадағы генерал-майор Әділбек Алдабергенов тексерді.– Оқытуға 24 пен 27 жас аралығындағы азаматтар қатысады. Оқу курсы 42 күнге созылады. Осы уақыт ішінде олар әскери істің негіздерін, атыс қаруымен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын, төтенше жағдайлардағы әрекеттерді меңгеріп, тактикалық дайындықтан өтеді, – деп нақтылады ол.Азаматтарды даярлау Әскери-техникалық мектептің 13 филиалында: Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қызылорда, Павлодар, Семей, Талдықорған, Тараз, Орал, Өскемен және Шымкент қалаларында жүргізіледі.Бұл орталықтарда атқыштар, пулеметшілер, гранатометшілер, мергендер, барлаушылар, саперлер және басқа да мамандар дайындалады. Қарулы күштердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін логистикалық орталық мамандары, автокөлік және бронетехниканы жөндеу мамандары, автоэлектриктер, аккумуляторшылар, газ және электр дәнекерлеушілер, аспаздар мен наубайшылар да даярланады. Сонымен қатар пилоттық жоба аясында ұшқышсыз авиациялық жүйелер операторларын дайындау бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.Оқу аяқталғаннан кейін курсанттар емтихан тапсырып, әскери-техникалық мамандық бойынша сертификат иесі атанады. Салтанатты түрде әскери ант қабылдап, әскери билет алып, резервке тіркеледі.Қазақстан заңнамасына сәйкес, бұл бағдарлама азаматтарды әскери қызметке дайындауға және Қарулы күштердің әскери оқытылған резервін қалыптастыруға бағытталған. Оқу кезеңінде жұмыс берушілер қызметкерлерге жұмыс орнын сақтай отырып, оқу демалысын береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1235560?lang=ru
Қазақстанда санитарлық-техникалық жабдықтар шығаратын зауыт салынуда 30.06.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов Roca Group компаниясының өкілдерімен кездесті.Компаниялар тобы санитарлық-техникалық өнімдерді өндірумен айналысады. Компания ванна, санитарлық керамика, душ науалары, крандар, аксессуарлар және жиһазды қоса алғанда, жуынатын бөлме өнімдерінің толық спектрін шығарады.Жоба сантехникалық бұйымдар мен жуынатын бөлме аксессуарларын шығаратын және құрастыратын елдегі алғашқы зауыт болмақ.Қызылорда қаласындағы зауыттың іргетасы жақында қаланды. Жоспарланған инвестиция көлемі 44,1 млрд теңгені құрайды, өндірістік қуаты 500 000 бірлікке жетеді. Шамамен 300 тұрақты жұмыс орны құрылады.Кездесу барысында тараптар жобаның ағымдағы жағдайы мен одан әрі жүзеге асыру жоспарларын талқылады.Ғабидулла Оспанқұлов салық жеңілдіктерін қоса алғанда, мемлекеттік қолдау шаралары және Қазақстанның инвестициялық ахуалының артықшылықтары туралы айтты.Келіссөздерден кейін қатысушылар диалогты жалғастыруға және ынтымақтастықты дамытуға деген міндеттемелерін растады.Бұған дейін Қазақстан Республикасы Үкіметі, Roca Group және Қызылорда облысының әкімдігі Қазақстанда жобаны жүзеге асыру үшін инвестициялық келісімге қол қойылған болатын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1235535?lang=ru
Қазақстандағы май өндіру саласы төрт жыл ішінде экспорттық кірісті төрт есе – $963 млн-ға ұлғайтты 30.06.2026
Қазақстандық май саласының экспорттық кірісі төрт жылда төрт есеге өсіп, 963 млн АҚШ долларына жетті. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астанада өткен FОС 2026: Fats and Oils Conference V Халықаралық май конференциясының ашылуы кезінде хабарлады.Конференция жұмысына 18 мемлекеттің, халықаралық ұйымдардың, жетекші әлемдік компаниялардың, қаржы институттарының, салалық қауымдастықтар мен сараптамалық қоғамдастықтардың өкілдері қатысты.Конференцияны ашқан ҚР Премьер-министрінің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин соңғы жылдары май өндіру саласы агроөнеркәсіптік кешен сегментінің бірінен ұлттық экономиканың стратегиялық маңызды бағытына, экономиканы әртараптандырудың, қайта өңдеуді дамыту мен қосылған құны жоғары өнім жасаудың табысты үлгісіне айналғанын атап өтті.«Небәрі төрт жылдың ішінде қазақстандық май өнімі экспортының валюталық түсімі төрт есеге, 240 млн-нан 963 млн АҚШ долларына дейін өсті. Өндіріс рекордтық 1,6 млн тоннаға, қайта өңделген ауылшаруашылығы өнімі экспортындағы саланың үлесі 27%-ға жетті. Бұл отандық өндірушілерді қолдау, қайта өңдеуді дамыту мен инвестиция тартудағы дәйекті мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Қайта өңдеумен бірге ауыл шаруашылығы да дамып, майлы дақыл алқабы кеңеюде. Фермерлік шаруашылықтың табыстылығы артты. Жаңа жұмыс орындары ашылып, көлік және экспорттық инфрақұрылым дамуда», — деп атап өтті вице-премьер.Бүгінгі таңда Қазақстан күнбағыс майын экспорттау жөнінен әлемде алтыншы орында. Ол өнімді Қытай нарығына екінші ірі жеткізуші. Сондай-ақ, республика Еуропалық Одаққа күнбағыс ұнын басты жеткізушілер қатарына кіріп, Орталық Азия мемлекеттерінің қажеттілігін толықтай өтей алады.Серік Жұманғариннің айтуынша, саланың алдағы міндеті – ірі экспорттаушы мәртебесінен әлемдік көшбасшының біріне өту. Ол үшін 2026-2028 жылдарға арналған май өнімі экспортын дамыту жөніндегі жол картасы жүзеге асырылуда.«Біздің мақсатымыз – саланың валюталық түсімін жылына $1,5 млрд-тан аса ұлғайту. Қазақстанның күнбағыс майының ірі әлемдік экспорттаушылары арасындағы позициясын нығайтып, саланың әлемдік көшбасшыларының үштігіне кіру үшін негіз құру қажет», — деп атап өтті ол.Осы мақсатқа қол жеткізу үшін жоғары рентабельді майлы дақылдың егіс алқабын кеңейту, заманауи агротехнология есебінен өнімділікті арттыру, терең өңдеуге инвестиция тарту, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымды және халықаралық сауда бағыттарын дамыту жұмысы жалғасады.Қазақстан ұлттық қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Ядикар Ибрагимов сала экспорттық географияны белсенді түрде кеңейтіп, логистикалық шешімді жетілдіруде екенін жеткізді.Мәселен, 2026 жылы Ақтау портында алғаш рет теңіз кемесіне өсімдік майын ауыстырып тиеу жүзеге асырылды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ қолдауымен Қытай бағытында Достық – Алашанькоу шекаралық өткелі арқылы астық таситын көлікпен түйіршіктелген күнбағыс ұнын тәжірибелік жеткізу басталды.Сонымен қатар 2025 жылғы күзде Қазақстан тарихында алғаш рет Шығыс Қазақстан облысынан Қытайдың Цзянсу провинциясына флекситанктер арқылы күнбағыс майы 40 футтық контейнермен жөнелтілді. Жүк 12 күнде 4 700 шақырымды жүріп өтіп, контейнермен тасымалдаудың тиімділігі мен жоғары жылдамдығын көрсетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1235697?lang=ru
Эколог сағаты: тәжірибе мен игі бастамалар алаңы 30.06.2026
Бүгін Атырау облысы бойынша Экология департаментінде 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні және Экологтар күніне орай «Эколог сағаты» атты танымдық-тәжірибелік шара өтті.Іс-шараға өңірдің экобелсенділері, тәуелсіз экологтары, жас мамандар мен студенттер қатысып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешудің тиімді жолдарын талқылады.Жиын барысында өңірге белгілі экологиялық жоба авторлары мен тәуелсіз экологтар Күләш Амандықова, Сұлтан Ахмет, Дмитрий Ургачев және Жансая Нәкімжанова сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті.Баяндамашылар қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау мәдениетін қалыптастыру, еріктілер қозғалысын дамыту, экологиялық жобаларды әзірлеу мен жүзеге асыру, табиғатқа жанашырлық таныту, сондай-ақ күнделікті өмірдегі қарапайым экологиялық әдеттердің маңызы туралы мазмұнды баяндамалар жасады.Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау бағытындағы табысты жобалармен танысып, экологиялық бастамаларды жүзеге асырудағы тәжірибелер мен тың идеялар жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар, табиғатты сақтау әрбір азаматтың жауапкершілігі екені және үлкен өзгерістердің шағын қадамдардан басталатыны ерекше атап өтілді.Экология сағатының басты мақсаты – жас сала мамандары мен студенттерге экобелсенділер мен тәуелсіз экологтардың тәжірибесін насихаттау, олардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы бастамаларға қызығушылығын ояту және табиғатқа деген жауапкершілік көзқарасын қалыптастыру.«Эколог сағаты» қатысушылар үшін пайдалы ақпарат пен жаңа идеялар алаңына айналып, қоршаған ортаны қорғау ісіндегі өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.#ӨзіңненБаста #ТазаҚазақстан #Экологкүні #ДеньэкологаАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1235720?lang=ru
Еуразиялық жоғары білім көшбасшылары форумы жұмысы бес жылдан кейін қайта жанданды 30.06.2026
Еуразиялық жоғары білім көшбасшылары форумы жұмысы бес жылдан кейін қайта жандандыЕуразиялық жоғары білім көшбасшылары форумы (Eurasian Higher Education Leaders’ Forum, EHELF) Nazarbayev University-де өтіп, оқу орындары, халықаралық ұйымдар, мемлекеттік құрылымдар, бизнес және сарапшылар қауымдастығының өкілдерін қайтадан бір алаңға жинады.2011–2019 жылдар аралығында тұрақты түрде ұйымдастырылып келген форум осы кезеңде жоғары білімді дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылайтын беделді халықаралық алаң ретінде танылып үлгерді. Бес жылдық үзілістен кейін EHELF Астанаға қайта оралып, кәсіби пікір алмасу, тәжірибе бөлісу және Еуразия мен әлемнің өзге өңірлеріндегі білім беру жүйелеріне қатысты ортақ шешімдер іздеу дәстүрін жалғастырып отыр.Форумда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек EHELF-тің жұмысын қайта бастауы Қазақстанның академиялық диалогтың өңірлік орталығы ретіндегі өсіп келе жатқан рөлін айқын көрсететінін атап өтті.«Қазақстан өзінің жоғары білім жүйесін жаһандық академиялық кеңістікке жүйелі түрде интеграциялап келеді. EHELF сияқты форумдар бізге әлемнің жетекші университеттерімен бағыт-бағдарымызды салыстыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті министр.Биылғы форумның тақырыбы – «Біз қалыптастыратын болашақ» (The Future We Shape). Бұл атау университеттердің орнықты, әділетті әрі болашақ сын-қатерлеріне төтеп бере алатын қоғам құрудағы белсенді рөлін айқындайды. Қатысушылар технологиялық өзгерістер, экономикалық тұрақсыздық, климаттық сын-қатерлер және өзгермелі геосаяси жағдай мәселелеріне ерекше назар аударды.«Осындай жағдайда университеттер өзгерістерге бейімделіп қана қоймай, болашақты қалыптастыруға да үлес қосуы тиіс. Орталық Азияда жоғары оқу орындары қоғам мен экономиканың дамуына жауапты. Құрылған күннен бастап Nazarbayev University зерттеу, инновация және серіктестікке негізделген жаһандық академиялық экожүйені қалыптастырып келеді. Сондай-ақ университет Қазақстан мен өңірдегі жоғары білімді дамытуға деген ұстанымынан айнымай келеді», – деді NU президенті профессор Вакар Ахмад.Жұмыс сессиялары барысында қатысушылар тұрақтылық, тең мүмкіндіктер және қоғамдық игілік қағидаттарын университеттердің даму стратегияларына, басқару жүйелеріне және білім беру бағдарламаларына енгізу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ цифрлық трансформацияның мүмкіндіктері мен тәуекелдері, жасанды интеллектіні білім беру мен ғылыми зерттеулерге енгізу, тұрақсыздық пен дағдарыс жағдайындағы тиімді көшбасшылық мәселелері кеңінен қарастырылды.Биылғы форумда жоғары білім, экономика, технология және мемлекеттік саясат салаларындағы беделді сарапшылар баяндама жасады. Олардың қатарында жаһандық экономикалық стратегия, геоэкономика және геосаясат мәселелерін зерттеуші Норберт Чизмадиа, белгілі малайзиялық ғалым, эконометрист әрі деректерді талдау маманы Махендхиран Санггаран Наир, жасанды интеллект саласының халықаралық сарапшысы, University College London Білім беру институтының Жасанды интеллект және білім беруді сыни зерттеу кафедрасының профессоры Уэйн Холмс, сондай-ақ әртүрлі салалар мен университеттер өкілдері болды.«Еуразияның болашағын айқындайтын жаңа академиялық әрі өркениетті диалог қалыптасып жатқан Қазақстанда «көгілдір ақық аймақтардың» келешегі туралы ой бөлісу мен үшін үлкен мәртебе. Бүгінде әлем бетпе-бет келіп отырған көптеген сын-қатер Орталық Азияда да байқалады. Алайда бұл өзгерістер жаңа мүмкіндіктер мен инновациялық дамуға жол ашып отыр», – деді Норберт Чизмадиа.Nazarbayev University жаһандану мен технологиялық прогресс жағдайында табысты еңбек етіп, жаңа шешімдер ұсына алатын мамандарды даярлауға басымдық береді. Times Higher Education World University Rankings 2026 рейтингіне сәйкес, NU әлемдегі үздік университеттердің үздік 23%-ның қатарына кіреді. Университет Кавказ бен Орталық Азия өңірінде 1-орында және THE Asia University Rankings 2025 рейтингінде 150-орында тұр. Ал жас университеттер арасында әлемнің үздік 106 жоғары оқу орнының қатарына кіреді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1235753?lang=ru
Норвегиялық Хельсинки комитеті Қазақстанның жаңа Конституциясын оң бағалады 30.06.2026
2026 жылғы 4 маусым, Астана – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надиркулова Норвегиялық Хельсинки комитетінің Бас хатшысы Берит Нисинг Линдеманмен кездесу өткізді.Келіссөз барысында А. Надиркулова адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған конституциялық реформалардың іске асырылу барысы туралы ақпарат берді. Конституцияда еңбек ету мен бейбіт жиналыстар өткізу құқықтарына қатысты тұжырымдардың нақтыланғаны, сот арқылы қорғалу және тұрғын үйге қолсұғылмау кепілдіктері күшейтілгені, сондай-ақ алғаш рет дербес деректерді қорғау нормалары бекітілгені атап өтілді.Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесін реформалау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта Қазақстан 2026–2030 жылдарға арналған Қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасы әзірлеуде екені туралы хабардар етті.Өз кезегінде Норвегиялық Хельсинки комитетінің Бас хатшысы Б.Линдеман комитеттің Алматыдағы Өңірлік өкілдігінің қызметіне көрсетіліп отырған қолдау үшін алғыс білдіріп, Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесін реформалау, азаптаулардың алдын алу, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдердің құқықтарын қорғау салаларындағы елеулі жетістіктерін жоғары бағалады. Сондай-ақ, ол Қазақстандағы азаматтық қоғамның белсенді рөлін ерекше атап өтті.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар құқық үстемдігін нығайту, адам құқықтарын қорғау және Қазақстандағы реформаларды қолдау мәселелері бойынша ынтымақтастық пен сындарлы диалогты одан әрі дамытуға мүдделілік танытты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1235861?lang=ru
Шекарасыз ғылыми серіктестік: Астанадағы атом дипломатиясының күндері 30.06.2026
Қазақстан Республикасы Ядролық физика институтының Астана филиалының 20 жылдығына және Біріккен ядролық зерттеулер институтының (БЯЗИ) 70 жылдығына орайластырылған БЯЗИ Күндері аясында Астанада бірқатар халықаралық іс-шаралар мен екіжақты кездесулер өтті.Осы күндері Қазақстанға келген БЯЗИ делегациясын ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қабылдады, сондай-ақ ҚР Атом энергиясы агенттігі мен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінде кездесулер өттіАталған Күндердің басты іс-шарасы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларына арналған пленарлық отырыс болды. Іс-шарада сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев елімізді жаңғыртудың негізгі драйвері ретінде отандық ғылымды дамыту ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке назарында екенін атап өтті. Е.Ашықбаев әлем бойынша бейбіт ядролық энергетикаға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және өзара сенім, бақылау тетіктері мен халықаралық ынтымақтастық жаһандық тұрақтылықтың негізіне айналатынын атап өтті.Пленарлық отырыста БЯЗИ, Қазақстанның Ядролық физика институты, Беларусь Ұлттық ғылым академиясы және Беларусь мемлекеттік институтының өкілдері іргелі ғылымды дамыту перспективалары бойынша баяндамалар жасады.Отырыс аясында Е.Ашықбаев БЯЗИ-дің Бас директоры Григорий Трубников бастаған делегациямен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен стратегиялық перспективаларын талқылап, бірлескен жобаларды іске асыруға және ядролық зерттеулер саласындағы кадрлық әлеуетті нығайтуға деген өзара қызығушылықты растады.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1235905?lang=ru
Махамбет аудандық ауруханасы жаңа жабдықтармен толықты 30.06.2026
Атырау облысында медициналық мекемелерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыт әлеуметтік жауапкершілік аясындағы жобаларда да басымдыққа ие.Осы бағдарлама аясында Махамбет аудандық ауруханасына Теңізшевройл компаниясы жалпы құны 660 миллион теңге тұратын заманауи медициналық жабдықтар алып берді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.Қайырымдылық көмектің нәтижесінде ауданда алғаш рет компьютерлік томография жүйесі іске қосылған.-Құрылғы 24 сәуірден бастап пайдалануға берілді. Содан бері 160 науқас тексеруден өтіп, олардың арасынан бір онкологиялық ауру дерегі анықталды. КТ аппаратының орнатылуы тұрғындар үшін үлкен қуаныш болды. Әсіресе науқастардың диагнозын уақытылы әрі ерте анықтауға мүмкіндік беріп отыр, – деді аурухана дәрігері Айжан Романова.Бұдан бөлек, мекемеге науқас жағдайын бақылау аппараты, тіс емдеуге арналған рентген құрылғысы, операциялық шамдар, стоматологиялық қондырғы, ультрадыбыстық тексеру аппараты, көзді тексеру аппараты және өзге де медициналық техникалар берілген.Жаңа медициналық құрылғылар салтанатты түрде табысталды. Іс-шара барысында аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев демеуші компанияға алғыс айтып, бұл бастама тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қолдау екенін атап өтті.Айта кетейік, соңғы алты айда Теңізшевройл компаниясы Атырау облысындағы 14 медициналық ұйымға жалпы құны 4 миллиард теңгені құрайтын медициналық құрал-жабдық тарту еткен.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1235926?lang=ru