Қуқық
Мемлекет жер қойнауын пайдалану құқығына арналған аукциондардың ашықтығын қамтамасыз етеді 22.11.2024
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұған дейін 26 кен орны бойынша электронды аукцион өткізу туралы хабарландыру жариялаған. Кен орындары құрамында алтын, күміс, қорғасын, мырыш және т.б қатты пайдалы қазбалардың қоры бар.Аукционға қатысуға өтінімдер 2025 жылдың 15 қаңтарына дейін «minerals.e-qazyna.kz» Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы арқылы қабылданады.Электрондық аукцион 2025 жылдың 29 қаңтарында e-qazyna.kz мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында өтеді.Жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпараттың болуы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексінің 7-бабымен реттеледі, оған сәйкес мемлекет жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукциондар туралы ақпаратқа, аукцион шарттары мен нәтижелеріне ашық қолжетімділікті қамтамасыз етеді.Нәтижесінде, Министрліктің ресми интернет-ресурсында аукциондардан кейін әрбір сала бойынша аукцион нәтижелерінің хаттамалары тұрақты түрде жарияланады, онда жеңімпаз компаниялардың атаулары, сондай-ақ қол қою бонустарының түпкілікті сомалары көрсетіледі.Бұдан бөлек, егер сирек жер металдары бар кен орындары аукционға шығарылса, әлеуетті инвесторларға өз өндірісінде металлургия өнімдерін өңдеу және өндіру немесе Қазақстанда зауыт салу түріндегі қосымша міндеттемелер ұсынылады.Бұл қосымша міндеттемелер кенді өндіру және шетелге экспорттау ғана емес, елімізде сирек кездесетін металдарды өңдеудің кепілі болып табылады.Егер қол қою бонусының түпкілікті сомасы аукцион жеңімпазымен төленбесе, басымдық келесі қатысушыға берілетінін атап өткен жөн.Салық заңнамасына сәйкес қол қою бонусының түпкілікті сомасын төлемеу жеңімпазды төлем міндеттемелерінен босатпайды, сонымен қатар депозитке салынған кепілдік өз міндеттемелерін орындамаған жеңімпазға қайтарылмайды және бұл сомалар мемлекеттен өндіріп алынады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/888421
Қазақстанның Қорғаныс министрі ҰҚШҰ Бас хатшысымен келіссөздер жүргізді 22.11.2024
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы жарғылық органдарының отырысы аясында Қазақстан Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовпен жұмыс кездесуі өтті.Сұхбат барысы әскери ынтымақтастықтың өзекті мәселелері және Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық етуінің басым бағыттарын іске асыру төңірегінде болды.Тараптар ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына және Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің және Ұйымның қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысына дайындық мәселелерін де қозғады. Естеріңізге сала кетсек, бірлескен шаралар 28 қарашада Астанада өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/887233
CISM-нен Ереванда өткен әлем чемпионатында армия балуандары бір алтын, екі қола медаль жеңіп алды 22.11.2024
Армения астанасында халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) қамқорлығымен әскери қызметшілер арасында күрестен 37-ші әлем чемпионаты өтуде.Кілемдегі тартысты белдесулердің кейбір нәтижелері қазірдің өзінде белгілі болды. АОСК балуандары еркін күрестен алтын медаль, сондай-ақ грек-рим және әйелдер күресінен екі қола медаль ұтты.Ресей, Моңғолия және Иран балуандарымен жекпе-жекте өзінің артықшылығын көрсетіп, Үнді спортшысымен шешуші жекпе-жекте 6:2 есебімен жеңіске жеткен ефрейтор Мейіржан Әшіров 70 келі салмақ дәрежесінде еркін күрестен әлем чемпионы атанды.Грек-рим күресінен колумбиялық балуанды жеңген кіші сержант Айдос Сұлтанғали (60 келі) қола жүлдегер атанды.ҚР Қарулы күштерінің қызметкері Светлана Анкичева (50 келі) да қола жүлде алды алды. Швейцария мен Моңғолиядан келген спортшыларға есе жіберген ол қола жүлде үшін шешуші жекпе-жекте АҚШ өкілін 10-0 есебімен жеңді.Жарыс 24 қарашаға дейін жалғасады. Оған ҚР Қарулы күштерінің 19 балуаны қатысып жатыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/887569
Өзбекстанда қазақстандық әскери қызметшілердің қатысуымен "Қанжар-2024" бірлескен оқу-жаттығуы аяқталды 22.11.2024
Орталық әскери округтің "Фориш" таулы полигонында "Қанжар-2024" бірлескен тактикалық-арнайы оқу-жаттығулары өтті.Оған Өзбекстан мен Қазақстан Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің бөлімшелері қатысты.Екі елдің әскери қызметшілері он күн бойы әртүрлі атыс қаруларынан атыс жүргізіп, шартты аймақтарда ұрыс жүргізу тактикасын пысықтады.Оқу-жаттығулар шабуылдау операциясын әзірлеу мен жүргізуден басталды. Миномет есептоптары, мергендер, пулеметшілер және дрон операторлары шартты қарсыластың жасырынған ғимараттарға қуатты соққы берді.Сауытты машиналар мен арнайы дайындалған иттерді қолдана отырып, объектілерді тазартуды біріккен инженерлік-саперлік топ жүргізді.Жаттығудың соңғы кезеңін Өзбекстан Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Орталық әскери округ әскерлерінің қолбасшысы және Қазақстан Қарулы күштері Арнайы операциялар күштері қолбасшысының орынбасары полковник Саят Бурбасов бақылады.- Оқу-жаттығу кезінде екі елдің әскери қызметшілері оқу-жауынгерлік тапсырмаларды тығыз байланыста пысықтады. Мұндай іс-шаралар тәжірибе алмасуға, жауынгерлік дағдыларды игеруге және бекітуге, контингенттерді үйлестіруге, екі мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыруға ықпал етеді, - деді полковник С.Бурбасов.Іс-шараның жабылу салтанатында бауырлас екі ел арасындағы достық және серіктестік қатынастарды нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер Қазақстан мен Өзбекстан қорғаныс министрліктерінің арнайы төсбелгілерімен марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/887791
Астанада Қазақстан Қорғаныс министрінің жүлделері үшін қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогы финалының салтанатты ашылуы өтті 22.11.2024
Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін халықаралық жарысқа әлемнің 15 елінен 200-ден аса мықты спортшы жиналды. Жекпе-жекке ерлер де, әйелдер де қатысады.Турнирдің ашылу салтанатына Қорғаныс министрлігінің басшылығы, еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері мен спортшылары, Қарулы күштердің ардагерлері, Халық қаһармандары Тоқтар Әубәкіров пен Бақытжан Ертаев қатысты.– Бүгінгі жекпе-жектен әлем кубогы жай ғана жарыс емес. Бұл спорттың әртүрлі елдер мен мәдениеттерді қалай біріктіре алатынын көрсетудің бірегей мүмкіндігі. Мұндай деңгейдегі спорттық іс-шара елімізде алғаш рет өтуде. Біздің елордамыз, Астана қаласы бізге өзінің спорттық шеберлігін ғана емес, өзара құрметін көрсету үшін үздік жауынгерлер жиналатын орынға айналғанын мақтан тұтамыз, – деді турнирге қатысушылар мен қонақтарға арнаған сөзінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов.Рәсім соңында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен Халықаралық қоян-қолтық федерациясының президенті Сергей Астахов қоян-қолтық ұрыстың жетістіктері мен дамуына қосқан үлесі үшін іс-шараға қатысушылар Кристина Гордиенко, Артем Яков, Владимир Демьянова, Владимир Саакян, Мұхамед Делале және Омар Чебалиді сертификаттармен және белбеулермен марапаттады.Жарысты Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубы, Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, сондай-ақ Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс қауымдастығы ұйымдастырып отыр.Әлем чемпионы атағы мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жүлделеріне әлемнің 15 елінен 200-ден астам спортшы таласады.Қазақстандық команда құрамында қоян-қолтық жекпе-жектен, панкратионнан, ММА және жекпе-жектен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қоян-қолтық ұрыстан Азия және әлем чемпионаттарының қола және күміс жүлдегері, ХІХ Азия ойындарының қола жүлдегері Аян Тұрсын, қоян-қолтық ұрыстан ТМД чемпиондары лейтенанттар Арман Ерменбет пен Айдын Нұриддинов, сержант Санат Садықов, қоян қолтық ұрыстан халықаралық турнир чемпионы, панкратионнан әлем чемпионатының жүлдегері Абылай Шәкірбеков бар.Қыздар арасында рингке ҚР Қарулы күштерінің қызметшілері, ММА-дан Әлем және Азия чемпионы, қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы Талшын Жұматаева, панкратионнан Қазақстан чемпионы Зарина Есполова, сегізбұрыш кәсіби лигасының жауынгері, қоян-қолтық ұрыстан халықаралық ойындардың чемпионы Антонина Котляревская шығады.Чемпионат ерлер арасында он салмақ дәрежесінде, әйелдер арасында жеті салмақ дәрежесінде «жекпе-жек», «өзін-өзі қорғау» және «өзін-өзі қорғау 1+1» секілді үш пәнде өтеді.Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері жеке біріншілікте де, командалық есепте де анықталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/888141
ҚР АШМ, Kazakh Invest және UBM Group Қазақстанда құрама жем және премикс өндірісі жобаларын іске асыру туралы негіздемелік келісімге қол қойды 22.11.2024
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мажарстанға мемлекеттік сапары барысында қазақ-мажар инвестициялық дөңгелек үстелі өтті.Мемлекет басшысы, ең алдымен, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Будапештке алғашқы мемлекеттік сапары қазақ-мажар стратегиялық серіктестігінің жаңа кезеңіне жол ашатынын жеткізді.– Биыл Қазақстан мен Мажарстанның Стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойғанына 10 жыл толды. Осы уақыт аралығында біз өзара сенім мен ортақ мақсаттарға негізделген тығыз ынтымақтастықтың іргесін қаладық. Мажарстанның Қазақстанға құйған инвестициясы 370 миллион долларға жетті. Елімізде мажарлардың 70-тен астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында MOL Group және Gedeon Richter секілді компаниялар бар. Қазіргі таңда машина жасау, ауыл шаруашылығы және логистика салаларында жалпы инвестиция көлемі 540 миллион доллардан асатын бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі пысықталып жатыр, – деді Президент.Президент Мажарстан бизнесмендеріне энергетика, сирек кездесетін материалдарды өндіру, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, цифрландыру, қаржы нарығы секілді маңызды салаларда инвестициялық ынтымақтастықты нығайтудың келешегі зор екенін мәлімдеді.Жиын қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымын цифрландыру, білім салаларына және бірлескен инвестициялық жобаларды қолдауға қатысты 7 коммерциялық құжатқа қол қойылды.Қазақстан Президенті мен Мажарстан Премьер-министрі екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізуді ұсынды.Тараптар екіжақты ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылап, бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізді. Атап айтқанда, Қазақстан – Мажарстан инвестициялық қорын құруға келісті. Келіссөз барысында сауда-экономика, энергетика, мұнай-газ, көлік, білім салаларындағы байланыстардың негізгі бағыттары талқыланды.Өз кезегінде Виктор Орбан екіжақты қарым-қатынасты жандандырудың маңызды екенін атап өтіп, қол жеткізілген келісімдердің табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.– Екі елдің тарихы ортақ және ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік мол. Бүгінгі келіссөздер халықтарымыздың мүдделері үшін өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға негіз болады, – деді Мажарстан Премьер-министрі.Келіссөз қорытындысы бойынша екі елдің стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуды және ортақ бастамаларды жүзеге асыруды көздейтін Бірлескен мәлімдеме қабылданды.Қазақстан мен Мажарстанның ресми делегация мүшелері 6 құжатқа қол қойды, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Kazakh Invest» және «UBM Group» компаниялары арасындағы Қазақстанда құрама жем және премикс өндірісі жобасын іске асыру жөніндегі үшжақты негіздемелік келісімі. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/887363
Ауыл шаруашылығы министрлігі: «Шайн мускат» жүзімінде ағзаға зиянды зиянкес табылған жоқ 22.11.2024
Ауыл шаруашылығы министрінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК-тегі мемлекеттік инспекция комитетінің Республикалық өсімдіктер карантині орталығының қызметкерлері карантиндік фитосанитариялық бақылау кезінде жүзім үлгілеріне зертханалық сараптама жүргізді.Карантиндік фитосанитарлық қорытындыға сәйкес карантиндік зиянкестер табылған жоқ.Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» РМК-ның Абай ауданы бойынша филиалы (Қытай Халық Республикасымен шекарада) «Shine Muscat» нитратының құрамы бойынша зерттеу жүргізілді, оның қорытындысы бойынша өнімдегі нитрат мөлшері 13,7 мг/кг құрады, бұл осы өнім үшін рұқсат етілген көрсеткіш.Естеріңізге сала кетейік, өсімдіктер карантинінің негізгі мақсаттары:1) Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден немесе карантиндік объектілердің карантиндік аймағынан кіруден немесе дербес енуден қорғау;2) карантиндік объектілерді анықтау, оқшаулау және жою, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының басқа өңірлеріне енуіне жол бермеу;3) Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасының сақталуына мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/887424
Ұлытау облысында 172 000 гектардан астам жер қайтарылды 22.11.2024
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті 2024 жылы Ұлытау облысы бойынша жалпы ауданы 170 мың га ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтаруды жоспарланған болатын. Жерді қайтару жоспары орындалды: жалпы ауданы 172 мың 526 га учаскелер, оның ішінде егістік – 92 032 га, жайылым – 78 766 га, өзге жерлер -1 728 га.Бұдан басқа, ағымдағы жылы Ұлытау облысының Жер ресурстарын басқару департаментінің қызметкерлері облыс аумағында жер қатынастары саласында жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мақсатында жоспардан тыс тексерулер жүргізді.Олардың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 136, 338-баптарына сәйкес айыппұлдар салынып, мемлекет кірісіне 6,1 млн.теңге өндіріп алынды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/887677
Қазақстанда жерді адал пайдаланушыларды анықтау үшін құқықтық негіз құрылады 22.11.2024
Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Жер ресурстары мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында фермерлерден жер учаскелерін алуға байланысты бірқатар мәселелер қаралды.Негізгі мәселе — уәкілетті органдарға осы шешімдерді қабылдау кезінде құқықтық негізде әрекет етуге мүмкіндік беретін жерді адал және жосықсыз пайдаланушыларды айқындау үшін құқықтық база құру. Ол үшін облыс әкімдерінің орынбасарлары, Бас прокуратура, Сот әкімшілігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Ұлттық экономика министрлігі және «Атамекен» ҰКП өкілдері кіретін ауыл шаруашылығы вице-министрінің төрағалығымен жұмыс тобы өңірлерде арнайы комиссиялар құру жөнінде ұсыныстар әзірледі. Бұл комиссиялар бірқатар критерийлер негізінде жерді пайдалану құқығын жалғастыру мәселесін реттеумен айналысатын болады. Олардың қатарында жерді нысаналы мақсатына сәйкес пайдалану, салық төлеу, инвестициялар тарту, ауылдық аумақтарды дамыту және басқалары бар. Қазіргі уақытта барлық заңды рәсімдерді сақтау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің ережесіне мемлекеттік органға осы арнайы өңірлік комиссияның үлгілік ережесі мен іс-қимыл алгоритмін әзірлеу және бекіту бойынша құзырет беру бөлігінде өзгерістер енгізілуде. АШМ жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жер пайдалану құқығын жалғастыру мәселесін реттеу жөніндегі өңірлік комиссияның ережесі мен іс-қимыл алгоритмін әзірлейді.Сондай-ақ отырыста Қарағанды және Павлодар облыстарындағы шекаралардың белгіленуіне байланысты, иелігінде қайталануы туындаған ауыл шаруашылығы жерлері иелерінің мәселесі қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин даулы жерлердің шынайы шекараларын анықтау және туындаған мәселені шешу үшін барлық мұрағаттық құжаттар мен картографиялық деректерді мұқият зерделеуді тапсырды.2024 жылдың басынан бері 2 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті жер пайдаланушыларға қатысты 2,8 млн га жалпы алаңда 1748-ден астам жоспардан тыс тексерулер жүргізді, оның нәтижелері бойынша 2,2 млн га алаңда жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 1342 ұйғарым енгізілді.Бұрын берілген ұйғарымдар бойынша биыл 311,3 мың га алаңда ауыл шаруашылығы жерлерін игеру басталды. 200,4 мың га алаңда ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлеп алып қою бойынша сот талқылаулары жүргізілуде.Бұдан басқа, жерді пайдалану мен қорғауды, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының жер заңнамасы саласында жергілікті атқарушы органдар қабылдаған шешімдердің заңдылығын мемлекеттік бақылау шеңберінде 368,5 мың га алқапта ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру туралы әкімдіктердің 875 заңсыз шешімі анықталды, оның ішінде 84 шешімнің күші жойылды. Барлық тексерулер азаматтардың өтініштері мен прокуратура органдарының ұсыныстары негізінде жүргізілді. Бұзушылықтардың негізгі сипатына – жерді конкурстан тыс беру, ауыл шаруашылығы жерлерін беру бойынша конкурстарды өткізу тәртібін бұзу, ортақ пайдаланылатын жайылымдық жерлерді бөлек жер пайдалануға беру және басқалары жатады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/887816
Орталық Азия құрғақшылықпен күресу үшін күш біріктіреді: СОР29 шеңберіндегі панельдік сессия 22.11.2024
БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (СОР29) тараптарының 29-шы конференциясы аясында Бакуде Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) ҚР-дағы және ҚР АШМ-дегі байланыстар және әріптестік бюросы ұйымдастырған дөңгелек үстел өтті.Дөңгелек үстелдің тақырыбы «өңірде орнықты болашаққа қол жеткізуде ауыл шаруашылығының шешуші рөлін қамтамасыз ету үшін Орталық Азиядағы су тапшылығы бар құрғақшылыққа қарсы күрес» болды.Климаттың өзгеруі су тапшылығы мен құрғақшылықтың жоғарылауымен бетпе-бет келген Орталық Азияның ауылшаруашылық секторына кері әсерін күшейтеді. ФАО мәліметтері бойынша, құрғақшылық суармалы егіншілік, мал шаруашылығы және энергетика сияқты салаларға қауіп төндіретін ауыл шаруашылығындағы шығындардың негізгі себептерінің біріне айналды.Панельдік сессия құрғақшылыққа төзімділікті арттырудың бейімделу стратегияларын талқылауға арналды. Орталық Азия министрліктері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері Климаттық апаттармен байланысты тәуекелдерді төмендетуге ықпал ететін тұрақты Ауыл шаруашылығы тәжірибелерін пайдалану тәжірибесімен бөлісті. Талқыланатын тақырыптардың қатарына бейімделу мысалдары, фермерлерді қолдауға және тұрақты агроэкожүйелерді құруға бағытталған жергілікті білім мен ғылыми зерттеулерді қолдану жатады.«Климаттың өзгеруі Қазақстанның негізгі ауыл шаруашылығы секторларына, әсіресе 2050 жылдарға қарай өнімділігі 50%-ға дейін төмендеуі мүмкін бидай өсіруге қауіп төндіреді. Құрғақшылықтың елеулі әлеуметтік-экономикалық салдары бар, сондықтан бүгінгі талқылау осы проблемалардың тиімді шешімдерін табуға көмектеседі», - деп атап өтті ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.«Аймақтағы құрғақшылықтың жиілігі мен қарқындылығының артуы суды пайдалану тиімділігін, өсімдік өнімділігін және көміртекті сіңіру әлеуетін төмендетеді. ФАО Орталық Азиядағы құрғақшылыққа төзімділікті арттыру үшін зерттеулерді қолдауды және ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруда»,- деп атап өтті ФАО Табиғи ресурстар жөніндегі сарапшысы Джереми Шликенридер.Бұл панельдік сессия Орталық Азиядағы құрғақшылық мәселесін шешу үшін бірлескен іс-қимылдардың маңыздылығын атап көрсетеді. Тиімді стратегияларды әзірлеу және ең жақсы тәжірибелермен бөлісу аймаққа климаттық қиындықтарға бейімделуге және тұрақты даму үшін ауыл шаруашылығының негізгі рөлін сақтауға көмектеседі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/887835
«Ашық диалог» порталында сауалнама жүргізу туралы хабарлама 22.11.2024
2024 жылғы 20 қарашадан 20 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі «Фитосанитариялық сертификат алу тәсілдері» тақырыбында сауалнама жүргізудің басталғаны туралы хабарлайды.Сауалнама мына сілтеме бойынша қол жетімді: https://dialog.egov.kz/surveycontroller/index#/view?id=5890.Сізден қатысуыңызды сұраймыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/888014
Қуаттылығы 370 мың тонна майлы дақылдар шығаратын май экстракциялық зауыты жақын арада пайдалануға беріледі 22.11.2024
«Масло-Дел Петропавлоск» ЖШС жаңа май экстракциялық зауытының құрылысын аяқтады.Зауытта жылына 370 мың тонна майлы дақылдар өңделетін болады.Зауыт өнімдеріне күнбағыс және зығыр майы, сондай-ақ күнжара кіреді. Сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін өндіріс кезінде суық сығымдау технологиясы қолданылатын болады.Кәсіпорында Германия, Бельгия және Түркия өндіретін заманауи жабдықтар орнатылған.Қазіргі уақытта тұқымдарды алу, дайындау және қабылдау цехтарының, сондай-ақ сорғы мен қазандықтың құрылысы аяқталды.Жабдықтарды іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өндірісті іске қосу ағымдағы жылдың қараша айының соңында жоспарланып отыр.Жобаның құны-34 млрд теңге.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/888339
Интеграцияға жаңа қадам: банк кепілдіктерін өзара растау 22.11.2024
ҚР Парламент Мәжілісі «Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде банктік кепілдіктерді өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасын мақұлдады.Бұл келісім Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыру үшін әзірленді.Осы арқылы ұйымға мүше бір елдің мемлекеттік сатып алуларына қатысу үшін басқа мүше мемлекеттің резидент банктері берген банк кепілдіктері өзара расталатын болады.Сонымен қатар құжатта мемлекеттік сатып алуға тиісті кепілдіктерді беруге құқылы банктерге қойылатын талаптар, сондай-ақ мұндай қаржы институттарының тізімін қалыптастыру мен банк кепілдіктерінің тізілімін жүргізу тәсілдері белгіленген.Құжатты ратификациялау одақтағы бір елдің әлеуетті өнім берушілеріне басқа елде өткізілетін мемлекеттік сатыпалымына еркін қатысуды қамтамасыз етіп, сондай-ақ ұзақмерзімдік және тұрақты негізде мемлекеттік сатып алу саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/887124
Мәжіліс ЕҚДБ келісіміне түзетулерді мақұлдады (Сахара, Ирак) 22.11.2024
ҚР Парламент Мәжілісі «Еуропалық қайта құру және даму банкін құру туралы келісімнің 1-бабына Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдері мен Иракқа банктің операцияларын географиялық қамтуды шектеулі және біртіндеп кеңейтуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін түзетулерді ратификациялау туралы» Заң жобасын мақұлдады.Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ, Банк) – өтпелі экономикасы бар елдерді қолдау мен дамытуға бағытталған халықаралық қаржы ұйымы.Банк Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдері мен Ирак мемлекетіне операцияларды кеңейту бойынша ұсынысты жеткізді.ЕҚДБ қызметінің кеңеюі (жаңа елдерге) банктің қазіргі операцияларның қарқынын төмендетпейді, сондай-ақ оның міндеттемелері мен тұрақтылығына әсері жоқ.Африка мен Жерорта теңізі қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі, сол секілді ЕҚДБ-ның осы елдермен тығыз экономикалық байланыстары бар екенін ескерсек, банктің бұл бастамасы экономикалық тұрғыдан негізделген және оның стратегиялық мақсаттарына сәйкес келіп отыр.Аталған түзетулер Басқарушылар кеңесімен 2023 жылы мақұлданған болатын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/887713
Мәжіліс ЕҚДБ келісіміне түзетулерді (шектеулерді жою) мақұлдады 22.11.2024
ҚР Парламент Мәжілісі «Қарапайым операцияларға жарғылық капиталды шектеуді жою мақсатында Еуропалық қайта құру және даму банкін құру туралы келісімнің 12-бабының 1-тармағына түзетулерді ратификациялау туралы» Заң жобасын мақұлдады.Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ, Банк) – экономикасы өтпелі елдерге қолдау көрсету мен дамытуды көздейтін халықаралық қаржы ұйымы.ЕҚДБ жедел шешімдер қабылдау мен өзінің кредиттік қызметін жоспарлау үшін Басқарушылар кеңесінен Директорлар кеңесінің деңгейіне капиталдың жеткіліктігі жөніндегі нормативтердің тиісті деңгейін белгілеу бойынша өкілеттіктерді беруге бастама көтерді.Бұл өзгеріс банк капиталын пайдаланудың тиімділігі мен икемділігін арттырады.Аталған түзетулер 2023 жылы Басқарушылар кеңесімен мақұлданған болатын. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/887757
Сенат өңірлерді біркелкі дамыту үшін бюджет шығыстарын ұлғайтуды ұсынды 22.11.2024
ҚР Парламент Сенатында Қаржы министрі Мәди Такиев «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырды. Оны талқылау барысында өңірлердегі инфрақұрылымды дамытуға қатысты түзетулер енгізілді. Сенаторлар ұсынған түзетулерге байланысты аталған реформаны Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.Құжат еліміздің 2029 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленді. 2025 жылы түсімдер биылғы жоспармен салыстырғанда 1,2 трлн теңгеге ұлғайып, 21,7 трлн теңгеге артады. 2027 жылға қарай тапшылық ІЖ-ге шаққанда 1,9% дейін төмендейді.2025 жылға арналған түсімдер мен тапшылықты ескере отырып, бюджет шығыстары былтырғы кезеңмен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге ұлғайып, 25,8 трлн теңге көлемінде болады деп жоспарланып отыр.«Заң жобасын талқылау кезінде Парламент Сенатында бірқатар түзету енгізілді. Таза ауыз сумен қамтамасыз етуге, газбен жабдықтау, жылу мен электр энергетикасы, көлік инфрақұрылымы, ИКИ жүйесі мен өңірлерді дамытуға, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға қосымша шығыстар қарастырылған. Бюджет әлеуметтік бағдарланған күйінде қалып отыр. Әлеуметтік салаға 2025 жылы биылғы кезеңге қарағанда 871 млрд теңге өсіммен 9,8 трлн теңге бөлу жоспарланған. 2025 жылы шығыстардың жалпы көлеміндегі үлесі 38% мөлшерінде болады», деді Мәди Төкешұлы.Мәселен, әлеуметтік төлемдерді индекстеу мен төлем алушылар контингентін ұлғайтуды ескере отырып, азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыруға және әлеуметтік көмек көрсетуге 6 трлн теңге сомасында ақша бөлу көзделіп отыр.2025 жылы білім беру бағытына 1 трлн теңгеден аса сома жұмсалмақ.2025-2027 жылдары денсаулық сақтау саласына арналған шығындар 7,6 трлн теңгеге артып, оның ішінде 2025 жылы – 2,5 трлн теңге, 2024 жылғы өсімге қарағанда 188 млрд теңгеге ұлғаяды. Тұтастай алғанда, ТМККК шығыстарының көлемі 2025 жылы 1,6 трлн теңге сомасында жоспарлануда. МӘМС-ке 675 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде мемлекет жарналарын төлеуге 668 млрд теңге.2025 жылы туризм мен спортты дамытуға республикалық бюджеттен 141 млрд теңге, ал мәдениет пен ақпарат саласына 165 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылмақ.Келесі жылы өңірлерді қолдауға республикалық бюджет есебінен 7,5 трлн теңге бөлінеді.Сонымен қатар 2025 жылы көлік саласын дамытуға 568 млрд теңге аудару көзделіп отыр.Су ресурстарын тиімді басқару бойынша 2024 жылмен салыстырғанда 53 млрд теңгеге немесе 61% өсіммен 139 млрд теңге бөлінетін болады.2025 жылы күштік құрылымдардың шығыстары 2,7 трлн теңге болады. Осы арқылы еліміздің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқықтық тәртіпті қорғау және ішкі тұрақтылықты қолдау жөніндегі іс-шараларға толық көлемде қажетті сома қарастырылады.«Сенатта көптеген негізгі бағыт бойынша қосымша қаражатты бөлуді қарастыратын түзетулер кешені қабылданды. Ақшаның үлкен көлемі әлеуметтік салаға, өңірлерді біркелкі дамытуға және бизнесті ілгерілетуге арналған. Айталық, келесі жылы экономиканың нақты секторын қолдауға 2,1 трлн теңге бөлінеді. Оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға айрықша ден қойылып отыр. Бұл бағытқа 2025 жылы биылғы кезеңмен салыстырғанда 30% өсіммен 635 млрд теңге қарастырылған. Әлеуметтік салаға арналған ақша сомасы шығыстардың басым бөлігін құрайтынын атап өткім келеді. Денсаулық сақтау, білім беру ісі және азаматтарды қолдауға қосымша қаражат бөлінді», - деп түйіндеді М.Такиев. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/887948
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде Солтүстік Македонияның Елшісі жылы қошеметпен шығарып салынды 22.11.2024
Астана, 2024 жылғы 21 қараша – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Солтүстік Македонияның Елшісі Сали Лиманиді еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады.Қазақстандық дипломат С. Лиманиге ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің атынан алғыс грамотасын табыстап, Солтүстік Македония Елшісінің Қазақстандағы қызметі барысында екіжақты саяси және сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті. 88 жылдық тарихы бар «Alkaloid» танымал фармацевтикалық компанияның Қазақстан нарығына кіруі және Солтүстік Македония делегациясының Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуы ерекше аталып өтті.Сұхбаттастар екіжақты қарым-қатынастарға екі ел басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гордана Силяновска-Давкованың COP29 шеңберінде Бакуде өткен кездесуінің маңызды серпін бергенін, сондай-ақ келесі жылы Солтүстік Македония басшысына Қазақстанға сапармен келу шақыруын атап өтті. Биыл Солтүстік Македонияда ашылған ҚР Елшілігінің екіжақты ынтымақтастықтың әрі қарай тереңдеуіне ықпал ететініне сенім білдірілді.Кездесудің соңында Р. Василенко С. Лиманиге алдағы қызметіне сәттілік тіледі.Өз кезегінде Астанада төрт жыл тиімді еңбек еткен Солтүстік Македония Елшісі Қазақстан тарапына жылы қабылдау үшін алғыс білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жалғасуына үміт артты.Анықтама: 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек кезеңінде Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы сауда айналымы 5,7 млн АҚШ долларын (экспорт – 204 мың, импорт – 5,5 млн) құрады. Импорттың негізгі тауарлары – бөлшек саудаға арналған дәрілік заттар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/888092
Исламабадта Қазақстан-Пәкістан саяси консультациялары өтті 22.11.2024
Исламабад, 2024 жылғы 19-20 қараша – Исламабадқа сапары аясында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Пәкістан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ахмед Насим Варайчпен екіжақты саяси консультациялардың үшінші отырысын өткізді.Консультациялар барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымын талқылап, түрлі салаларда, әсіресе сауда-экономикалық және көлік-логистикалық бағыттар бойынша ынтымақтастықтың оң қарқынын атап өтті. Бұл ретте саяси диалогты одан әрі нығайту, парламентаралық байланыстарды дамыту және қауіпсіздік саласында өзара іс-қимылды жолға қоюдың маңыздылығы айтылды. Білім беру, мәдениет, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.Келіссөздер барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер және өңірдегі оқиғалар бойынша пікір алмасып, көпжақты ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту маңыздылығын атап өтті.Іс-сапар шеңберінде Ә. Бақаев Пәкістанның негізгі федералды ведомстволарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Өнеркәсіп және өндіріс, Ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі және зерттеулер федералды министрі Рана Танвир Хуссейнмен, Экономикалық істер министрінің бірінші орынбасары – Федералды хатшы Қазым Ниязбен және Сауда министрінің бірінші орынбасары – Федералды хатшы Джавад Паул Хаваджамен келіссөздер жүргізді.Кездесулер барысында тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты, екіжақты сауданы арттыру және 13-ші Қазақстан-Пәкістан үкіметаралық комиссиясының отырысын мазмұндық толықтыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ қазақстандық және пәкістандық кәсіпкерлер арасында өзара іс-қимыл үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында шарттық-құқықтық базаны нығайтудың маңыздылығын атап өтті.Сонымен қатар іс-сапар аясында «Пәкістанмен сауда-экономикалық ынтымақтастығының контекстінде Қазақстанның іскерлік және инвестициялық мүмкіндіктері» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған ірі бизнес өкілдері мен Пәкістанның жетекші қалаларының сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылары қатысты.Өзінің сөзінде Ә. Бақаев Қазақстанның инвестициялық климаты мен іскерлік мүмкіндіктері туралы баяндап, пәкістандық кәсіпкерлерді қазақстандық іскерлік топтарымен ынтымақтастықты белсенді түрде жолға қоюға және дамытуға шақырды.«Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарушы директоры Азамат Қожанов пәкістандық кәсіпкерлердің қызығушылығын тудыратын Қазақстан экономикасының нақты секторлары бойынша презентациялар жасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/888135
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Хорватияға алғашқы ресми сапармен келді 22.11.2024
Загреб, 2024 жылғы 21 қараша – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Хорватияның Сыртқы және еуропалық істер министрі Гордан Грлич-Радманның шақыруымен Хорватия Республикасына ресми сапармен келді.Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы басшысының Загребке сапары қазақ-хорват ынтымақтастығының дамуына жаңа сапалы серпін беретін екіжақты қатынастар тарихындағы алғашқы сапар.Тараптар саяси диалогты, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуды қоса алғанда, екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Хорватия энергетика, көлік, соның ішінде азаматтық авиация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және инновация, сондай-ақ білім беру және туризм сияқты салаларда өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету үшін айтарлықтай әлеуетке ие екендігі аталып өтті.ҚР СІМ басшысы Хорватия Қазақстанның Балқан мен Еуропалық Одақтағы бұрыннан келе жатқан және жақын серіктесі екенін мәлімдеді. «Біз достық пен өзара сенімге негізделген барлық деңгейдегі мағыналы саяси диалогымызды жоғары бағалаймыз. Экономикалық өзара іс-қимыл – қазақ-хорват қатынастарының негізгі бағыттарының бірі», – деді М.Нұртілеу.Хорватия Қазақстанның Оңтүстік Шығыс Еуропадағы сауда серіктестері арасында үшінші орынға ие. 2023 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 432 млн АҚШ долларын құрады.Осы тұрғыда екінші отырысы 2025 жылы Астанада өтуі жоспарланған Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.Өз кезегінде Хорватияның министрі Загреб Астанамен қарым-қатынасты одан әрі ілгерілетуге мүдделі екенін және өзара қызығушылық тудыратын барлық салаларда өзара тиімді әріптестікті ілгерілету үшін барлық күш-жігерді жұмсауға дайын екенін жеткізді.Халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері, сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл жөнінде пікір алмасылды. Орталық Азия мен Балқандағы әріптестік аспектілеріне, жаһандық және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен Хорватия Сыртқы және еуропалық істер министрлігі арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Дипломатия институты мен Хорватия дипломатиялық академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/888189
АҚШ нарығындағы қазақстандық стартап: Call2action.ai жобасына 40 транспорттық компания қызығушылық танытып жатыр 22.11.2024
Astana Hub халықаралық технопаркінің резиденті — қазақстандық Call2action.ai стартабы АҚШ нарығында қарқынды дамып жатыр. АҚШ-тың 40-тан астам транспорттық компаниясы инновациялық өнімге қызығушылық танытып, оның екеуі коммерциялық негіздегі клиентке айналса, үшеуі пилот аясында ынтымақтастық орнатты.Call2action.ai — генеративті жасанды интеллект (GenAI) негізіндегі тасымал мен логистика салаларында жұмысқа алу процесін автоматтандыру үшін әзірленген әлемдегі алғашқы шешім. Стартап пайдалануға дайын SaaS-шешім ұсынып, жұмысқа алу процесін ыңғайлы ғана емес, экономикалық тұрғыдан тиімді етеді.Жобаның бастапқы гипотезасы өз тиімділігін дәлелдеп, командаға қарқынды түрде алға жылжып, трекшнді арттыруға ықпал етті. Нәтижесінде, стартап инвестициялық кезеңді ашып, венчурлық қорлар және бизнес-періштелермен келіссөздер жүргізуде. Олардың кейбірі жергілікті эдвайзер рөлінде болысып, инвестор атануды жоспарлап отыр.«АҚШ нарығы Қазақстан нарығынан біршама ерекшеленеді, бірақ біз тасымал мен логистика саласындағы жұмысқа алу процесін трансформациялау үшін зор әлеует көрдік. Silicon Valley Residency Program бағдарламасына қатысуымыздың арқасында Astana Hub пен Цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Кремний алқабында акселерациядан өтіп, бірнеше ай ішінде айтулы нәтижелерге қол жеткіздік: 40-тан астам транспорттық компания қызығушылық танытты, олардың екеуімен келісімшарттар жасалды, үш компания пилоттық жобаларды іске қосты. Бізде pre-seed кезеңі үшін әлеуетті инвесторлар бар, сондай-ақ Persol Group пен Mitsui Group сияқты ірі жапондық корпорациялардың назарын аудардық. Мұндай сұранысты ескере отырып, өніміміз бірнеше жыл ішінде миллиард долларлық құнға жетеді деп үміттенеміз», — деді Ерсұлтан Джусакинов, Call2action.ai бас директоры және негізін тең қалаушы.Call2action.ai командасы АҚШ-тағы инновациялық орталықтармен ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруда, оның ішінде негізін Орталық Азиядан шыққандар қалаған Silkroad Innovation Hub бар. Стартап TechCrunch Disrupt пен CESV 2024 сияқты ең ірі халықаралық көрмелерде өз әлеуетін көрсетіп, жаһандық нарықта болашағы зор ойыншы ретінде танылды. Сондай-ақ Call2action.ai Mitsui Group-тің 2025 жылы басталатын акселерациялық бағдарламасына іріктелді.Еске салсақ, бұған дейін Орталық Азияның 22 перспективті стартабы, оның ішінде Call2action.ai де бар, AlchemistX & Silicon Valley Residency Program аясында Кремний алқабында акселерациялық бағдарламалардан өту мүмкіндігіне ие болды. Бұл бағдарламалар Astana Hub және Silkroad Innovation Hub-тың, ҚР Цифрлық даму министрлігінің, Дүниежүзілік банк пен FPIP жобасының қолдауымен жүзеге асырылды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/887430