Қуқық
Алматы облысы Гиннес рекордын жаңартпақ 05.09.2025
Қазақстан әлемдік рекорд орнатуға дайындалуда: Алматы облысының ауылында әлемдегі ең үлкен түйе керуені өтпек.Өңірде бүкіл әлем назарын аударатын ерекше шараға дайындық жүріп жатыр. Ұзындығы 9 шақырымға жететін керуен бір шақырымдық жолды жүріп өту арқылы Гиннестің рекордтар кітабына енуді көздейді.Бұл бастама Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып отыр.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еңбек адамы – мемлекеттің дамуының негізі. Сондықтан біз жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеріп, жастарды сұранысқа ие кәсіптерді игеруге ынталандыруымыз және олардың кәсіби дамуына барлық жағдайды жасауымыз қажет. Біз еңбек адамының мәртебесін нығайтып, ел экономикасын жаңа деңгейге көтеруге міндеттіміз», - деген болатын.Шараның басты мақсаты – еңбек адамының мәртебесін көтеріп, қоғамдағы рөлін айқындау. Сонымен қатар бұл мәдени әрі экономикалық тұрғыдан маңызды бастама агротуризмнің дамуына серпін бермек.Керуенге өңірдегі ірі қожалықтардың бірі – «Дәулет-Бекет» ЖШС-нің «Ойсылқара» түліктері қатысады. Әр түйеге бір адамнан бекітіліп, барлығы 1000 түйе мен 1000 ерікті белгіленген межеге жетпек. Қожалықта бүгінде 200-ден астам адам еңбек етеді, ал түйе саны 5 мыңға жуық. Мұнда шұбат пен құрғақ сүт өндіріліп, отандық өнімдер шетел нарығына да шығарылады.«Жаңа рекорд дәстүріміздің байлығын және еңбек адамының еңбегін әлемдік деңгейге шығаратынын көрсетеді. Бұл агротуризмнің мүмкіндіктерін кеңейтіп, өңір экономикасын жандандырады. Маңызды шараның өтуіне облыс әкімдігі қолдау білдіріп отыр. Бұл – менің ғана емес, тұтас елдің жеңісі», - деді Қожалық басшысы Сыдық Дәулетов.Гиннестің рекордтар кітабына ену оңай емес. Қатаң талаптар мен нақты ережелер сақталуы қажет. Эксперт Рамазан Көшербайдың айтуынша, дайындық алты ай бұрын басталған.«Әр түйенің арақашықтығы 4 метрден аспауы тиіс. Жасы жетіге толған түліктер ғана қатысады. Денсаулығы тексеріліп, арнайы құжаттары болуы шарт. Түйелерге ешқандай жабын жабылмайды», – деді ол.20 қыркүйек күні Іле ауданы, Ақши ауылында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады. Шараны 5 мыңнан астам көрермен тамашалайды деп күтілуде. Өнер жұлдыздары да сахнаға шығып, мерекелік көңіл-күй сыйлайды.«Ақшидегі түйе керуені – ұлттық бірліктің және мәдени мұрамыздың символы. Бұл мыңдаған туристі тартып, өңірдің мәдени брендіне айналуы мүмкін. Жұмысшы кәсіптер жылы аясында дәстүріміз қоғам бірлігін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға әрі Қазақстанды халықаралық аренада танытуға жол ашады», - деп Алматы облысы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев бастаманың халықаралық маңызын атап өтті.Шараның шарықтау сәті – әлемдегі ең үлкен түйе керуенінің ресми түрде Гиннестің рекордтар кітабына тіркелуі болмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1062647?lang=kk
Серік Жұманғарин АҚШ сауда палатасымен және ірі америкалық компаниялардың өкілдерімен кездесті 05.09.2025
Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин АҚШ сауда палатасының Таяу Шығыс, Түркия және Орталық Азия бойынша аға вице-президенті Хуш Чоксинмен, сондай-ақ Chevron, Meta, Apple, Coca Cola, Mastercard, Amway компанияларының өкілдерімен кездесті.Келіссөздер барысында вице-премьер Америка Құрама Штаттарының Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі екенін атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту елдің сыртқы экономикалық саясатының басым бағыты екенін жеткізді.«Өткен жылы екі ел арасындағы өзара сауда көлемі $4,2 млрдқа жетті. Біз алдағы уақытта тауар айналымын ұлғайту үшін айтарлықтай әлеует бар екенін көріп отырмыз», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.Қазіргі таңда америкалық бизнес Қазақстанда кеңінен жұмыс істеуде. Елде АҚШ капиталының қатысуымен 700-ден астам кәсіпорын қызмет атқарып жатыр, ал 2005 жылдан бері тікелей инвестициялар көлемі $51 млрдтан асты. Ірі инвесторлардың қатарында Chevron, ExxonMobil, Pfizer, General Electric, Wabtec және басқа да компаниялар бар. Олар мұнай-газ, фармацевтика, энергетика және машина жасау салаларының дамуына зор үлес қосуда. Бұл деректер америкалық әріптестердің Қазақстандағы инвестициялық саясатқа сенімін және стратегиялық әріптестіктің тұрақтылығын көрсетеді.Кездесу барысында ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері талқыланды. Америкалық тарап жаңа салық кодексінің нормалары, заңнаманы жетілдіру, туризмді дамыту, саудадағы кедергілерді азайту және өзге де тақырыптарды көтерді. Барлық сұрақтарға мазмұнды түсініктемелер берілді.Жиынды қорытындылай келе Серік Жұманғарин жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде инвесторлармен тікелей диалогтың ерекше маңызын атап өтті. Ол америкалық әріптестерді Қазақстанның мүмкіндіктерін бизнесті дамытуда кеңінен пайдалануға шақырып, серпінді бастамаларды бірлесіп іске асыруға дайын екенін білдірді.https://primeminister.kz/news/serik-zumangarin-aks-sauda-palatasymen-zane-iri-amerikalyk-kompaniialardyn-okilderimen-kezdesti-30481 Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1062653?lang=kk
Алматы облысында орман қорын ұлғайту жұмыстары қарқынды жүргізілуде 05.09.2025
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде 2 миллиард ағаш отырғызу бастамасы қолға алынды. Бұл – Қазақстанның ең ауқымды экологиялық жобаларының бірі. Алматы облысында осы тапсырма аясында жоспарлы жұмыстар жүйелі түрде жүріп жатыр.Өңірде 2021–2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітіліп, 23 800 гектар аумаққа 52,6 миллион ағаш отырғызу көзделген. 2021–2024 жылдар аралығында 552,2 гектар жерге 2 миллион 740 мың дана көшет отырғызылды.Сонымен қатар, 16 600 гектар аумаққа қара сексеуілдің тұқымы себіліп, шығымдылығы 34 миллион 500 мың данаға жетті. Осылайша, жоспарланған жұмыстар толық көлемде, яғни 100 пайызға орындалды.Биыл орман екпелерімен отырғызылатын және тұқым себілетін жер көлемі – 2 430 гектар. Оның ішінде көктемде 80 гектарға 564 700 дана көшет отырғызылды. Ал күзде 2 350 гектар аумаққа 11 750 килограмм қара сексеуіл тұқымын себу жоспарланған. Қазіргі уақытта соның 2 005 гектары дайындалды. Жылдық жоспар толық орындалғаннан кейін Алматы облысының ормандылығы 15 пайыздан 15,2 пайызға дейін артады.Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 5 пайыздан 5,2 пайызға дейін көтеріледі.Облыстың орман шаруашылығы мекемелері орманды молықтыруға қажетті стандартты отырғызу материалдарымен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта 129,9 гектар аумақта орналасқан 2 тұрақты және 10 уақытша тұқымбақ жұмыс істейді. Онда 4 миллион 696 мың дана қылқан жапырақты және жалпақ жапырақты көшет өсірілуде.Әрбір отырғызылған ағаш – табиғатқа тағзым, болашаққа қалдырылған аманат. Алматы облысының орманшылары үшін бұл – күнделікті еңбек қана емес, келешек ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1062604?lang=kk
Алматы облысында жол жөндеу маусымы аяқталуда: 2025 жылы 870 шақырымнан астам автожол жаңартылуда 05.09.2025
Алматы облысында көлік жүйесі мен логистикалық инфрақұрылымды дамыту маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді. Бұл жұмыс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында белгіленген міндеттер аясында жүргізілуде. Өңірде автомобиль жолдарын жөндеу мен жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы қарқынды іске асырылып жатыр.Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 5 714 шақырым, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1 808 шақырым, жергілікті маңызы бар жолдар – 3 906 шақырым. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 94%-ға жетті.2025 жылы жол жөндеу жұмыстары облыстың барлық аудандарын қамтиды. Жоспарда – 872,9 шақырым автожолды жаңарту, оның ішінде 53,2 шақырымына күрделі жөндеу, 135,5 шақырымына орташа жөндеу жүргізу қарастырылған. Ерекше назар елді мекен ішілік жолдарға аударылып отыр: 142 ауылда жалпы ұзындығы 684,2 шақырым болатын учаскелерде жөндеу жұмыстары атқарылуда.Жыл басынан бері 72 шақырым автожол жөнделіп, қалған учаскелер әртүрлі кезеңдерде іске асырылуда. Жұмыстар жоспарлы түрде жалғасып жатыр.«Біз жол жөндеу маусымының соңғы кезеңіне шықтық. Көптеген учаскелерде жұмыс белсенді түрде аяқталуда, кейбірі пайдалануға берілді. Біздің міндетіміз – тек жолға асфальт төсеу емес, ауылдар, аудандар мен қалалар арасындағы тұрақты көлік байланысын қамтамасыз ету», – деп атап өтті Алматы облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұхамбетов.Оның айтуынша, назар тек магистральдік трассаларға ғана емес, сондай-ақ ауылішілік және кіреберіс жолдарға да аударылуда. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер етеді.Жол-көлік желісін дамыту логистиканы жақсартуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ экономикалық белсенділік пен ішкі туризмнің дамуына мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1062465?lang=kk
Астанада күзде шақырылғандардың алғашқы легін Шекара қызметіне шығарып салды 05.09.2025
Елордада Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қатарына күзгі әскерге шақырылушылардың бірінші легін салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің жинау пунктінде өтті. Оған атқарушы биліктің, Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері, ардагерлер, "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, әскерге алынғандардың туыстары мен жақындары қатысты.Бұл күні Зайсан ауданы бойынша шекара басқармасына мерзімді әскери қызмет өткеруге елорданың 22 тұрғыны жіберілді.Азаматтар қызмет ететін әскери бөлімнің жүз жылдан астам тарихы бар және мемлекеттік шекараның негізгі тіректерінің бірі болып саналады. Бұл бөлімдегі қызмет – үлкен абырой және жауапкершілік.Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі запастағы полковник Ғани Артықов әскерге шақырылушыларға арнап сөз сөйледі.– 2025 жылғы күзгі әскерге шақыру науқаны шеңберінде Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарына 22 мыңнан астам қазақстандық, оның ішінде Астанадан 1 200-ден астам жас жіберіледі. Әскердегі қызмет – нағыз батылдық, патриотизм, тәртіп және командалық рух мектебі. Бұл шынығу ғана емес, рухты да қатайтатын, жас жігітте өз елінің игілігі үшін қызмет етуге жауапкершілік пен дайындықты қалыптастыратын жол, – деп атап өтті ол.Іс-шараның салтанатты атмосферасын Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы әртістерінің және ҰҚК Шекара қызметі әскери ансамблі солистерінің көрсеткен өнерлерімен толықты. Бұл күн болашақ Отан қорғаушылар өміріндегі жаңа әрі жауапты кезеңнің бастауы болмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1062342?lang=kk
ХИТУ: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашты 04.09.2025
ХИТУ: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашты4 қыркүйекте Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде Қазақстан мен Италияның жетекші ғалымдарын, академиялық қауымдастық өкілдері мен инженерлік мектептерін біріктірген «Академиялық және зерттеу ынтымақтастығын дамыту» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.Семинар жұмысына ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Бахытжан Жұмағұлов қатысты. Сондай-ақ семинарға Механизмдер мен машиналар теориясы жөніндегі Халықаралық федерацияның өкілдері – федерацияның Құрметті президенті, Римдегі «Тор Вергата» университетінің профессоры Марко Чеккарелли және Қазақстандағы IFToMM төрағасы, ҚР ҰИА вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі Амандық Төлешов қатысты. Олардың қатысуы іс-шараға ерекше мәртебе беріп, отандық инженерлік ғылымның халықаралық кәсіби қауымдастыққа интеграциялануының маңыздылығын айқындады.Кездесу ашық диалог аясында өтіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа буын инженерлік кадрларын даярлауға арналған тиімді алаңға айналды.Іс-шара барысында нақты келісімдерге қол жеткізілді: академиялық ұтқырлықты дамыту – студенттер мен профессор-оқытушылар құрамын алмасу; екі бірлескен қос дипломды бағдарлама ашу; инженерия, робототехника және қолданбалы зерттеулер саласында университеттер мен ғылыми институттар арасындағы өзара әрекеттестікті нығайту.ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі Бақытжан Жұмағұлов өз сөзінде:«Цифрландыру дәуірінде Мемлекет басшысы мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі инженерлік кадрларды даярлауға ерекше назар аударып отырған кезеңде еліміздегі санаулы инженерлік университеттердің бірі – ХИТУ қабырғасында осындай семинар өткізу айрықша маңызды. Бұл ғылыми ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, отандық инженерлік мектептің дамуына берік негіз қалайды», – атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1062205?lang=kk
Серік Жұманғарин VIII Astana Finance Days форумының ашылуына қатысты 04.09.2025
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет атынан Astana International Forum қолдауымен өтіп жатқан VIII Astana Finance Days форумының ашылуына қатысты.Өз сөзінде ол Astana Finance Days бүгінде 70-тен астам елдің инвесторларын, бизнес қауымдастығы мен мемлекеттік құрылымдарын тоғыстырған аймақтық деңгейдегі басты ынтымақтастық алаңына айналғанын және Қазақстанның ашықтығын айқындап, ынтымақтастық пен инновацияға деген берік ұстанымын дәлелдейтінін атап өтті.Форумның өзектілігін елдің экономикалық көрсеткіштері де айқын дәлелдейді. 2025 жылғы қаңтар-шілде аралығында ЖІӨ өсімі 6,3%-ды құрап, оның ішінде нақты сектор 8,3%-ға, қызмет көрсету саласы 5,2%-ға артты. 2025 жылдың I тоқсанында тікелей шетелдік инвестициялар көлемі $6,6 млрдқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6,2%-ға өсті. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялар 9,9 трлн теңгені құрап, 16,1%-ға ұлғайды. Бұл деректер халықаралық серіктестердің қолдауын көрсетіп, Қазақстанның сенімді инвестициялық алаң ретіндегі мәртебесін растайды.«Мемлекет басшысы алға қойған басты міндеттердің бірі – инвестиция тарту. Мақсат – 2029 жылға қарай экономиканың көлемін екі еселеу. Бұл үшін кемінде $150 млрд көлемінде тікелей инвестиция тартып, негізгі капиталға салынатын инвестициялардың ЖІӨ-дегі үлесін 23%-ға жеткізу қажет. Осы мақсатта қазірдің өзінде жаңа тетіктер енгізілді, соның ішінде инвестициялар туралы келісімдер мен басым жобаларға арналған "жасыл дәліз" механизмі бар», – деді Серік Жұманғарин. Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) бұл міндеттерді жүзеге асыруда ерекше орын алады. Құрылған күнінен бастап АХҚО ағылшын жалпы құқығының қағидаттарына, тәуелсіз реттеу мен халықаралық стандарттарға негізделген бірегей институционалдық орта ұсынып келеді. Бүгінде ортталық алаңында 85 елден 4 мыңнан астам компания тіркелген. Олар активтерді басқару мен финтехтен бастап, жасыл қаржы және исламдық банкингке дейінгі түрлі салаларды қамтиды. Осы компаниялардың Қазақстан экономикасына салған жалпы инвестиция көлемі $17 млрдтан асты. Сөз соңында Серік Жұманғарин серіктестерге бірлескен жобаларға белсенді қатысқаны үшін алғыс айтып, VIII Astana Finance Days форумының ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашып, ортақ игілікке қызмет ететін болашақты қалыптастыруда маңызды қадам боларына сенім білдірді.https://primeminister.kz/news/serik-zumangarin-viii-astana-finance-days-forumynyn-asyluyna-katysty-30477 Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1062087?lang=kk
Биыл Маңғыстауда 5 базар жаңғыртудан өтеді 04.09.2025
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Жол картасына сәйкес биыл Маңғыстауда 5 базар жаңғырту жұмысын аяқтайды. 2025 жылдың соңына дейін елде 100 базар модернизациядан өтеді. Бүгін ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев «Асем-Берекет», «Мағаш», «Сити-Центр», «РИД-СК», «РусКаз» базарларында жүріп жатқан құрылыс барысын арнайы аралады. 6 гектар аумақты алып жатқан «Асем-Берекет» базарында жаңғырту жұмысы белсенді жүріп жатыр. Жоспар бойынша жаңғырту жыл соңына дейін аяқталады. 300 бөлшек сауда орнынан тұратын базардағы контейнер қатарлар алынып, орнына заманауи ғимарат салынады. 23 шағын ауданда орналасқан «Мағаш» базары мен әмбебап «Сити-Центр» базарында модернизациялау 90 % аяқталған. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Заманауи базарлар қыркүйек айының соңына дейін қолданысқа берілмек.«РИД-СК» және «РусКаз» базарларының Жол картасында бекітілген мерзімнен кеш қалу қаупі бар. 28а шағын ауданындағы «РИД-СК» базары аумағындағы инженерлік желілерді ауыстыру үшін жергілікті әкімдікпен тиісті жұмыстар жүріп жатыр. «РусКаз» базарының жаңғырту жұмысы бойынша эскиздік жоба бекітіліп, сәулет-жобалау құжаты мен жобалық-сметалық құжаттама жергілікті атқарушы органмен келісу сатысында тұр. «Маңғыстаудағы базарларды жаңғырту жұмысының қарқынын көріп отырмын. Соңғы 2 базар жұмысты шұғыл жеделдетуі керек. Ол үшін жергілікті әкімдік қажетті құжаттарды ертерек келісуі қажет. Базарларды жаңғырту – ол бизнестің жауапкершілігі. 2026 жылдан бастап базарлар жабық ғимаратта, желдеткіш жүйесіне қосылған, өрт қауіпсіздігі және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай болуы керек. Көлеңкелі экономиканың үлесін азайту үшін әр сауда орны қолма-қол ақшасыз есеп айырысу құрылғыларымен қамтылуы қажет», - деді Ернұр Жәутікбаев. Ұлттық даму жоспарына сәйкес 2029 жылға қарай елдегі заманауи сауда форматының үлесін 70 пайызға жеткізу көзделген. Қазір бұл көрсеткіш 41 пайызды құрайды. Базарларды жаңғырту – елдегі заманауи сауда форматының үлесін арттыруға бағытталған негізгі қадам. Одан бөлек министрлік алдына сауда инфрақұрылым жақсарту, салаға инвестиция тарту міндеттері тұр. Былтырдан бері ҚР Сауда және интеграция министрлігі ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсетіп келеді. Биыл Маңғыстауда кәсіпкерлер сауда қызметін дамыту үшін 1 млрд теңгеден астам қаражат алған. Оның 98 млн теңгесі инвестициялық жобаға тартылған. Мемлекеттік қолдау аясында министрлік несиенің пайыздық үстемесінің 10,75 пайызын субсидиялайды. Қосымша ақпарат: Маңғыстау облысында 43 базар бар. Оның 24-і әмбебап, екеуі көтерме, қалған 19 мамандандырылған базар. 43 базарда 6 828 сауда орны бар. Өңірде жалпы 3 495 сауда нысаны, 1 752 үй жанындағы шағын дүкен, 9 ірі сауда желісі бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1062109?lang=kk
Алматы облысында тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы аяқталуда 04.09.2025
Алматы облысында 2025 жылы тұрғын үй құрылысы мен сатып алуға бағытталған ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда.Бюджет қаражаты есебінен жалпы аумағы 118,0 мың шаршы метрді құрайтын 1522 пәтерлік 28 үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Бірқатар үйлер қазірдің өзінде тапсырылды, ал проблемалық нысандар бойынша тиісті шаралар қабылдануда.Талғар мен Жамбыл ауданында кейбір пәтерлерге тұрғындар қоныстанып үлгерді, бірнеше нысан аяқталу сатысында. Облыс әкімдігінің мәліметінше, барлық мәселелер бақылауда, мерзімді бұзған мердігерлерге қатысты заң аясында жұмыс жүргізілуде.Сонымен қатар дайын тұрғын үйді сатып алу да қатар жүргізіліп жатыр. Биыл әлеуметтік осал топтар мен кезекте тұрғандар үшін 1700 пәтер сатып алуға 27,4 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 200-ден астам отбасы жаңа пәтердің кілтін алып үлгерді, қалғандары кезең-кезеңімен қамтамасыз етіледі.Алматы облысы әкімінің орынбасары Асет Масабаев аймақта азаматтар алдындағы міндеттемелерді толық орындау көзделгенін атап өтті: «Кезекте тұрған әрбір отбасы өз баспанасын уақытында алуы маңызды. Проблемалық нысандар бойынша бақылауды күшейттік, адал емес мердігерлерге шара қолданылып жатыр. Сонымен қатар дайын тұрғын үйді сатып алу жұмыстары жүргізілуде, халықты күтуге қалдырмау үшін», — деді ол.Жыл соңына дейін Қонаев, Талғар және Есік қалаларында ірі нысандардың құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Құрылыстың дайындық деңгейі 90%-дан асқан, үйлерді белгіленген мерзімде пайдалануға беру көзделіп отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1062055?lang=kk
Қорғаныс министрі Шымкент гарнизонында жауынгерлік дайындық пен қызмет жағдайларын тексерді 04.09.2025
Жұмыс сапары аясында Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Шымкенттегі бірқатар әскери бөлімдер мен мекемелерді аралап, олардың қызметімен, инфрақұрылымымен және әскери қызметшілерге жасалған жағдайлармен танысты.2 қыркүйекте елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны басталғаны белгілі. Осыған орай министр қалалық шақыру пунктіне барып, әскерге шақырылушыларға жасалған жағдайлар мен медициналық комиссиядан өту тәртібін зерделеді. Сондай-ақ, алғашқы шақырылушылармен және Қарулы күштердің ардагерлерімен сұхбаттасты. Қорғаныс ведомствосының басшысы Арнайы операциялар күштері бөлімшелерінің инфрақұрылымын және жауынгерлік дайындық деңгейін тексерді. Оқу-жаттығу кешенінде оған ғимаратты шабуылдау және қала жағдайында ұрыс қимылдарын жүргізу элементтері көрсетілді.Қалалық аумақтық қорғаныс бригадасында министр резервтегі әскери қызметшілерді қайта даярлау іс-шараларының орындалуы жөнінде баяндаманы тыңдап, практикалық сабақтар өткізуге арналған инфрақұрылыммен, оның ішінде арнайы шабуылдау жолағымен танысты. Ол мұндай жаттығулардың жеке құрамның кәсіби дайындығын арттырып, күрделі жағдайларда үйлесімді әрі тиімді әрекет етуіне ықпал ететінін атап өтті.«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің ең ірі құрамаларының бірі – механикаландырылған бригадада министр мерзімді әскери қызметшілерге жасалған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға ерекше назар аударды. Сарбаздар жеке гигиеналық құралдармен толық қамтамасыз етілген. Әр тумбочкада қажетті заттардың толық жиынтығы бар. Сонымен қатар, Дәурен Қосанов жеке құрамды медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастырудағы оң тәжірибені атап өтті.Бөлімде әр сарбазға арналған жеке медициналық карта жүргізіледі. Онда денсаулық жағдайы туралы барлық мәліметтер тіркеліп отырады. Бұл жүйе сарбаздардың қажеттіліктерін анықтап, оларды тиісті дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Министр төтенше жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларының маңыздылығын да атап өтті.Сапар қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі мерзімді әскери қызметке шақырылушыларды сапалы іріктеу, жеке құрамды оқыту және жауынгерлік дайындық әдістерін жетілдіру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1062046?lang=kk
Тяньцзиньде Қазақстан бизнесінің жаңа өкілдігі ашылды 04.09.2025
Тяньцзиньдегі Халықаралық сауда және кеме қатынасы сервис орталығында 100 шаршы метрлік Kazakhstan Hall кеңсесі ашылды. Мұнда азық-түлік өнімдері басты орынға шығарылып, кеңсе Қазақстан бизнесінің Қытайдағы ресми өкілдігіне айналмақ. Кеңсе 2025 жылғы маусымда Астанада QazExportPromotion қоры мен Қытайдың Silvery Dragon Group Technology and TradeCo., Ltd. компаниясы арасында қол қойылған меморандум нәтижесінде ашылды. Бүгінде Kazakhstan Hall әзірге пилоттық форматта жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта көрме залы жаңа тауарлармен толықтырылып, QazTrade өкілдігі мәртебесін алу үшін құжаттар рәсімделіп жатыр. Ресми ашылу салтанаты осы жылдың күзіне жоспарланған. QazTrade, сауда саясатын дамыту орталығының мәліметінше, Қазақстан мен Тяньцзинь арасындағы тауар айналымы тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2023 жылы ол $347,9 млн құраса, 2024 жылы $474 млн-ға дейін ұлғайды. Тяньцзинь – Шанхай ынтымақтастық ұйымының басты сауда хабы. Қала порт арқылы жүк тасымалдау мен логистикалық қызмет ұсынады. Қазақстан бұл жобаға қосылу арқылы ШЫҰ елдері үшін арнайы «жасыл дәлізді» пайдалану, Азия мен Еуропаны байланыстыратын мультимодальды бағыттарға шығу мүмкіндігіне ие болды. «Тяньцзиньдегі QazTrade кеңсесінің ашылуы – біз үшін үлкен жаңалық. Тяньцзинь порты арқылы әлемнің кез-келген еліне тауар жеткізу оңай, әрі жылдам болмақ. Сонымен қатар өкілдігіміз арқылы Қытай нарығында цифрлық сауданы дамытуға және инвестиция тартуды жоспарлар отырмыз», – деді QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1061934?lang=kk
Әскери қызметшілердің 300-ден астам баласы «Балдәурен» орталығының жазғы лагерлерінде демалды 04.09.2025
Жазғы демалыс – тек тынығу емес, тәрбиенің бастауы. Отан алдында абыроймен қызмет етіп жүрген әскери қызметшілердің балалары биылғы жазда ерекше қуанышқа кенелді.Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің қолдауымен және Қарулы күштер әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі бөлімнің ұйымдастыруымен 300-ден астам бала «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының лагерлерінде демалып қайтты.Өткен жазғы маусымда Конаев қаласындағы орталықта, сондай-ақ Түркістан, Щучинск және Балқаш қалаларындағы филиалдарда барлығы 317 бала тынығып, білім мен тәрбиеге толы қызықты күндерді өткерді.– Қорғаныс және Оқу-ағарту министрліктері арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум өз жемісін беруде. Мұнда балалар тек денсаулықтарын нығайтып қана қоймай, бойларына ұлттық құндылықтар мен патриоттық рухты сіңіреді. Жаңа достар тауып, таным көкжиегін кеңейтеді, өмірлік маңызды қарым-қатынас машықтарын меңгереді. Мұның бәрі олардың болашағына мол серпін беретін тәжірибе, – деп атап өтті Қарулы күштердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі бөлімінің жетекшісі Тәттігүл Смағұлова.Жаңа оқу жылында да «Балдәуреннің» есігі балаларға айқара ашық болмақ. Филиалдарға жаңа топтар келіп, олар үшін тек сауықтыру мен танымдық шаралар ғана емес, әскери-патриоттық бағыттағы тәрбие жұмыстары мен мектеп бағдарламасына сай оқу курстары да ұйымдастырылады. Бұл мақсатта орталықта барлық жағдай жасалған.Қорғаныс және Оқу-ағарту министрліктері арасындағы келісім аясында жыл сайын әскери қызметшілердің мыңнан астам баласы «Балдәурен» орталығы мен оның филиалдарында демалуға мүмкіндік алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1061715?lang=kk
Қазақстан Елшісі бельгиялықтар Королі Филиппке сенім грамоталарын тапсырды 04.09.2025
Брюссель, 2025 жылғы 3 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшісі Роман Василенко Бельгия Королі Филиппке сенім грамоталарын табыс етті.Лакен сарайында – Бельгия корольдік әулетінің ресми резиденциясында өткен аудиенция барысында Король Филипп Қазақстан халқы мен Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа амандық, береке-бірлік пен өркендеу тілектерін жеткізіп, 2021 жылғы оның Брюссельге сапарын және қазақстандық көшбасшымен өткен мазмұнды келіссөздерін жылы лебізбен еске алды. Монарх тақ мұрагері ретінде Қазақстанға жасаған үш сапарын атап өтіп, еліміздің бай мәдениеті мен тарихынан, даму әлеуетінен алған ең жарқын әсерлерімен бөлісті.Сұхбаттастар Қазақстан-Бельгия қарым-қатынастарының қазіргі жағдай мен перспективаларын талқылады. Бүгінде бұл қатынастар тұрақты даму серпінін көрсетіп отыр.Елші Бельгияның Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктесі екенін растап, ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде жасыл технологияларды, цифрландыруды, көлік логистикасын, ғылым мен білім салаларын атап өтті. Мәдени-гуманитарлық алмасу, оның ішінде спорт екіжақты күн тәртібінде ерекше орын алады. Осы тұрғыда Елші 7 қыркүйекте Брюссельде өтетін Қазақстан мен Бельгия құрамалары арасындағы футбол матчының екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға септігін тигізетін спорттық дипломатияның айқын көрінісі ретіндегі символдық мәнін атап өтті.Король Филипп Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларға жоғары баға беріп, орнықты даму, инновациялар және аэроғарыш саласындағы ынтымақтастық үшін зор әлеует бар екеніне аса мән берді.Тараптар, сондай-ақ қазіргі халықаралық күн тәртібін талқылап, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көпжақты өзара іс-қимылды ілгерілету және БҰҰ Жарғысына негізделген халықаралық қатынастар жүйесін нығайту жолындағы бірлескен күш-жігердің маңыздылығын жеткізді.Сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өзара құрмет пен ашықтық ахуалында өтіп, саяси диалогты тереңдету, экономикалық байланыстарды нығайту және халықаралық аренада ортақ құндылықтарды ілгерілетуге екі тараптың ұмтылысын айқындады.1) Король Филипп тақ мұрагері ретінде Қазақстанға 2002, 2009, 2010 жылдары барған; 2) 2025 жылғы қаңтар-шілде айларында Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 299,2 млн АҚШ долларын құрады. 2024 жылы тауар айналымы 456 млн АҚШ долларын (экспорт – 210 млн, импорт – 246 млн) құрады. 2024 жылы Бельгиядан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар жалпы ағыны 1,206 млрд АҚШ долларын құрады. 2005 жылдан 2024 жылға дейін инвестициялар көлемі 13,95 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстанда бельгиялық капиталдың қатысуымен 76 кәсіпорын жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1061691?lang=kk
Қазақстан мен Эстония ынтымақтастықты нығайту үстінде 03.09.2025
Астана, 2025 жылғы 3 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Эстонияның Қазақстандағы Елшісі Яап Орамен кездесу өткізді.Кездесу барысында тараптар қазақ-эстон қатынастарының өзекті мәселелерін талқылай отырып, жоспарланып отырған биік және жоғары деңгейдегі іс-шараларға дайындыққа, сондай-ақ сауда, цифрландыру, көлік және логистика салалардағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларына ерекше назар аударды.Дипломаттар екі мемлекет арасындағы дәстүрлі достық байланыстарды одан әрі дамыту, шарттық-құқықтық базаны кеңейту және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жандандыру жолдарын егжей-тегжейлі қарастырды.Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Осы тұрғыда қос тарап 2025 жылғы қаңтарда Таллинде өткен Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Эстония үкіметаралық комиссиясының 7-ші отырысының қорытындысы бойынша қабылданған уағдаластықтарды іске асыру сұрақтары бойынша пікір алмасты.Кездесу қорытындысы бойынша дипломаттар диалогты одан әрі жалғастыруға және Астана мен Таллин арасындағы жан-жақты өзара іс-қимылды тереңдетуге өз мүдделерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1061576?lang=kk
Сенім көпірі: «Батыс» өңірлік қолбасшылығында сарбаздардың аналарымен кездесуі өтті 03.09.2025
Ақтаудағы Достық үйінде «Біртұтас гарнизон – тұрақтылық пен тәртіп кепілі» атты форум аясында әскери бөлімдер басшылығы мен мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің отбасыларымен өзара қарым-қатынас мәселелері талқыланды.Іс-шараға «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, Шекара қызметі департаментінің, Ақтау гарнизонының, қалалық және облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің басшылығы, әскери бөлімдердің командирлері, әскери полицияның әскери қызметшілері, жергілікті басқару органдары мен ата-аналар қоғамының өкілдері қатысты. Отырыста мерзімді қызмет өткеру, әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жай-күйі, оларды әлеуметтік және құқықтық қорғау мәселелері талқыланды.– Армия – нағыз ер адамдарды шыңдайтын орта. Сонымен қатар, әрбір ата-ана ұлының қауіпсіз екеніне, оған әскери істі игеруге көмектесетініне және қажетті қолдау көрсететініне сенімді болуы керек. Сенім қоғамға қызмет етуге және пайдалы болуға деген ұмтылысқа ықпал ететін ашық диалог арқылы құрылады, – деді «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілі Гүлмира Жанысбаева.Қолбасшылық сарбаздардың тамақтануы, заттай, медициналық қамтамасыз етілуі және олардың қызмет ету кезеңінде жұмысшы мамандығын алу мүмкіндігі туралы толық ақпарат берді. «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Бауыржан Артықов өз сөзінде ата-аналарға сенім мен түсіністік танытқандары үшін алғысын білдірді.– Біз мемлекет алдындағы ғана емес, бүгінгі таңда баласы қызмет атқарып жүрген әрбір қазақстандық отбасы алдындағы жауапкершілікті терең түсінеміз. Ата-аналардың қолдауы біз үшін де, әскери қызметшілер үшін де мықты ынталандыру. Мұндай кездесулер армия мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізеріне сенімдімін, – деп атап өтті ол.Ресми бөлім аяқталғаннан кейін марапаттау рәсімі өтті. Ерекше көзге түскен мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге және олардың ата-аналарына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Ақтау гарнизоны әскери бөлімдерінің, Әскери-теңіз күштері әскери оркестрінің және Ұлттық ұлан ансамблінің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен мерекелік концерт те тамаша көңіл-күй сыйлады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1061500?lang=kk
Құрлық әскерлерінің әскери институты құрылғанына 55 жыл толуын атап өтті 03.09.2025
Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің басшылығы, ардагерлер, профессорлық-оқытушылар құрамы, курсанттар және әр жылдардағы түлектер қатысты. Мерейтой бағдарламасына сәйкес, институттың жеке құрамын құттықтап, ардагерлер мен үздік оқытушы офицерлерге құрмет көрсетілді. Сондай-ақ оқу мен қызметте жоғары нәтиже көрсеткен курсанттар марапатталды. Құттықтау сөз сөйлеген Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов институт 55 жыл ішінде 20 мыңнан астам офицер даярлағанын атап өтті.Олар бүгінде Отан игілігі үшін абыройлы қызмет етуде. Ол сондай-ақ, Құрлық әскерлерінің әскери институты батылдық пен патриотизм мектебі екенін, ал қазіргі курсанттар аға буынның жауынгерлік дәстүрлерін лайықты жалғастырып жатқанын тілге тиек етті.Іс-шара институттың қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Ұрпақтар сабақтастығы тақырыбына ерекше назар аударылды: ардагерлер оқу орнының дамуы туралы естеліктер айтса, курсанттар әскери дайындықтың, ұйымшылдық пен тәртіптің жоғары деңгейін көрсетті. Бағдарлама барысында қонақтарға қоян-қолтық ұрыс элементтері және ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқарудың практикалық көрсетілімдері ұсынылды.Оқу аудиторияларында заманауи білім беру технологияларының, оның ішінде ҰҰА басқару және геотактика бойынша мамандандырылған сыныптардың тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерінің көрмесі жұмыс істеді. Мерейтойлық іс-шараларды қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концерт аяқтады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1061477?lang=kk
«Семей орманы» тәжірибесі Алматы облысында кеңейтіледі 03.09.2025
Қазақстанда жасыл желекті арттыру және экологиялық қауіпсіздікті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда «Семей орманы» РММ-нің көшет өсірудегі табысты тәжірибесі Алматы облысында қолданысқа енгізіледі. Қонаев қаласында заманауи орман питомнигінің құрылысы басталмақ.Жоба аясында жабық түбірлік жүйе негізінде жылына 6 миллионға дейін көшет өсіретін питомник құрылатын болады. Мұндай әдіс өсімдіктердің жерсіну деңгейін едәуір арттырып, өңірдің орман қорын тиімді толықтыруға мүмкіндік береді. Құрылыстың жалпы құны 3,5 млрд теңге деп бағалануда. Жоба лизинг тетігі арқылы және жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бүгінде 9 гектар жер телімі бөлініп, құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.Алматы облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаевтың айтуынша, бұл бастама стратегиялық маңызға ие:«Қонаев қаласында орман питомнигін құру – өңірді сапалы көшет материалымен қамтамасыз етумен қатар, аймақаралық деңгейде жеткізілім жасауға жол ашады. Бұл – экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға қосылатын зор үлес», – деді ол.Жоба ормандарды қалпына келтіруден бөлек, жаңа жұмыс орындарын ашып, агробизнес үшін қосымша мүмкіндіктер туғызады. Сонымен бірге халықтың экологиялық мәдениетін арттыру және көгалдандыруға кеңінен тарту мақсатында ақпараттық-ағартушылық науқандар өткізу көзделуде.Орман питомнигінің құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басымдықтарға толық сәйкес келеді. Президент табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологияны қорғау және «жасыл экономиканы» орнықты дамудың негізгі тірегі ретінде дамытуға ерекше назар аударған болатын. Сарапшылардың пікірінше, Қонаевтағы питомниктің іске қосылуы өңірдің экологиялық инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып, еліміздің оңтүстігіндегі орманды қалпына келтіру шараларының әлеуетін арттырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1061380?lang=kk
Алматы облысы – еліміздің жетекші индустриялық өңірлерінің бірі 03.09.2025
Алматы облысы – Қазақстанның индустриялық орталықтарының көшбасшыларының қатарында — үш жарым жылда 6,7 трлн теңгенің өнімі өндірілдіАлматы облысы соңғы үш жарым жылда 6,7 трлн теңгенің өнімін шығарды. 2024 жылғы өндіріс көлемі 2021 жылмен салыстырғанда бір жарым есеге артқан. Бүгінде өңір өңдеу өнеркәсібі бойынша Қазақстан облыстары арасында 6-орынға көтеріліп, өз позициясын нығайтып келеді.Өңдеу саласының үлесі жалпы өнеркәсіп көлемінің 90 пайызын құрайды. Тек осы жылдың жеті айында өндіріс индексі 106,6 пайызды көрсетті.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тапсырмасына сәйкес, негізгі басымдық шикізаттық емес экономикаға беріліп отыр. Облыс әкімдігінде атап өткендей, дәл осы бағыт өңірге тұрақты индустриялық база қалыптастыруға мүмкіндік беруде. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1061310?lang=kk
Қорғаныс министрі Шымкентте әскери колледжді ашты 03.09.2025
Сабыр Рахымов атындағы әскери колледждің ашылу салтанатына Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.Дәстүр бойынша Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Сабыр Рахымовтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Оқу орнының жеке құрамы, әкімдік, қоғам өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері мен "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері аты аңызға айналған әскери қолбасшыны бір минут үнсіз тұрып еске алды.Әскери оркестрдің салтанатты сүйемелдеуімен Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков оқу корпусының басты кіреберісіндегі символдық лентаны қиды. Қорғаныс министрі салтанатты іс-шараға қатысушыларды айтулы оқиғамен құттықтады.– Жаңа колледж батылдықтың, әскери борышқа адалдықтың және Отанға деген сүйіспеншіліктің символы – даңқты командир, Кеңес Одағының тұңғыш қазақ генералы Сабыр Рахымовтың есімімен аталады. Сабыр Рахымов – абырой мен батылдықтың биік үлгісін көрсеткен қазақтардың бірі. Сендер оқитын орынға ерекше миссия жүктелген. Ол міндет – қиын жағдайларда шешім қабылдауға, кәсіби және жауапкершілікпен әрекет етуге қабілетті жоғары білікті сержанттарды даярлау, – деп атап өтті авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.Министр оқытушылар мен командирлерге тәрбиеленушілерге кәсіби дағдыларды ғана емес, рухани-адамгершілік құндылықтарды, ұлттық рух пен патриотизмді бойларына сіңіріңдер деді. Ал болашақ сержанттарға мықты денсаулық, оқуда жақсы нәтижелер, тәуелсіз мемлекеттің өркендеуі жолындағы толағай табыстар мен жетістіктер тіледі.Әскери колледж ұланы Сабыр Қошқарбай сөз сөйлеп, оқуға жасалған жағдайлар үшін алғысын білдіріп, әскери мамандықты игеруге бел буған курстастарының жақсы көзқарастарын білдірді.Ерекше көзге түскен әскери қызметшілерді марапаттау рәсімі колледж жеке құрамының салтанатты маршымен және әскери техниканың үлгілері қойылған алаңда қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетумен аяқталды.Ұландардың көрсетілімінен кейін қонақтар оқу корпусын, казарманы, кітапхананы, мұражайды, асхананы, спорт залы мен стадионды аралады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1061225?lang=kk
ПИК ай сайынғы тарифті көтеру туралы елордалықтарды қанша күн бұрын хабардар ету керек 03.09.2025
Қазақстанда 15 қыркүйектен бастап көппәтерлі тұрғын үйлердің басқарушы компаниялары мен пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына қатысты өзгерістер күшіне енеді. Енді басқару субъектілері кондоминиум объектілерін ескертусіз тастап кете алмайды және ай сайынғы тарифті біржақты тәртіппен көтеруге құқығы жоқ, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Заңда кондоминиум объектісін басқару қызметтерінің құнын өзгерту немесе өз қызметін мерзімінен бұрын тоқтату ниеті туралы пәтер, тұрғын емес үй-жайлар, автотұрақ орындары мен қойма иелерін болжамды өзгеріс немесе қызметті тоқтату күніне дейін кемінде үш ай бұрын хабардар ету міндеті болып енгізілді.Тарифті көтеру туралы хабарлау және бұл мәселені қарау фактісін растайтын құжат меншік иелерінің жиналысының хаттамасы болып саналады. Жиналыс хаттамасында меншік иелерінің тарифті көтеруге келісімі немесе бас тартуы, сондай-ақ басқару субъектісін ауыстыруға ниеті көрсетіледі.Өз кезегінде тұрғын үй инспекциялары келіп түскен барлық ақпаратты бірыңғай тізілімге енгізіп отыруы тиіс. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1061244?lang=kk