Қарағандыда өтетін инклюзивті спорт фестиваліне 180-нен астам бала қатысады
24.12.2024 21:54:58 1332
Қарағандыда алғаш рет балаларға арналған үлкен инклюзивті спорт фестивалі өтуде. Оған мүмкіндігі шектеулі 180-нен астам спортшы – жалпы білім беретін мектептердің инклюзивті сыныптарының оқушылары, интернат мекемелерінің тәрбиеленушілері қатысады.
"Жастар" спорт кешенінде екі күн ішінде олар таэквондо, бадминтон, бочча, армрестлинг, голбол, дартс, боулинг және асық ату сияқты сегіз спорт түрінен өнерлерін көрсете алады.
Жарыстардан басқа тәжірибелі жаттықтырушылар балаларға шеберлік сабақтарын өткізеді.
– Мұндай фестиваль бірінші рет өтуде. Балалар Қарағанды облысының түкпір-түкпірінен келді. Жарысты 32 адам бағалайды.
Барлық қатысушылар жаңа жылға арналған тәтті рюкзактармен, медальдармен және грамоталармен марапатталады. Кубоктармен үш жүлдегер-команда марапатталады, – деді Қарағанды облысының мүгедектер спорты бойынша облыстық мамандандырылған мектебі басшысының орынбасары Жанат Жұмабеков.
13 жасар қарағандылық Нұрай Қабылда сал ауруына шалдыққан. Диагнозына қарамастан, ол спортты жақсы көреді және мүмкіндігінше көп медаль алуға тырысады.
– Екінші жыл боччамен айналысамын. Маған бұл спорт ұнайды. Мен әртүрлі қалалар мен елдерге жарыстарға барамын. Көптеген медальдар мен кубоктарым бар. Спорттың арқасында арбадан тұра алдым, білектерім күштірек бола түсті, күн тәртібім жақсарды. Сондай-ақ, құрбы таптым, ол да боччамен айналысады. Мен балаларды бас еңселерін түсірмеуге, спортпен шұғылдануға ынталандырғым келеді, – дейді Нұрай.
Руслан Хайрутдинов фестивальге Теміртаудан келді. Ол № 16 мектептің оқушысы.
– Бүгін мен боулинг жарыстарына қатысамын. Мұнда ең бастысы – доптың ұшу траекториясын түсіну, жалпы алғанда, көзмөлшер жақсы болуы керек. Біз үшін шеьерлік сабақтар өткізіледі. Бүгін менің командам жақсы ойнайды және жеңеміз деп үміттенемін. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді 11 жастағы оқушы.
Фестивальді ұйымдастырушылар іс-шара жыл сайын өтеді деп үміттенеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/907532