«Кітап – ұлттың рухани тірегі» атты салтанатты жабылу рәсімі өтті
08.05.2025 12:41:57 132
Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне арналған «Kitap Avenue» фестивалінің «Кітап – ұлттың рухани тірегі» атты салтанатты жабылу рәсімі өтті.
2025 жылы 23 сәуір күні Қазақстан Республикасында алғаш рет Ұлттық кітап күні аталып өтілуде. Бұл жаңа мереке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына сәйкес енгізілді. Президент өз сөзінде кітапқа деген сүйіспеншіліктің маңыздылығын атап өтіп: «Ең алдымен, жастарға оқуға деген махаббатты сіңіруіміз керек. Тек сонда ғана біз оқырман ұлтқа айналамыз» деген болатын.
Ұлттық кітап күні – барлық жастағы адамдарды оқуға ынталандыру, елдегі мәдениетті дамыту және сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында белгіленді. Сондай-ақ бұл мереке кітапханалар мен кітаптарға назар аудартуға, халықты оқуға көбірек уақыт бөлуге ынталандыруға бағытталған.
Осыған орай, 16 сәуірден бастап облыс кітапханаларында кітап оқу байқаулары, кітап керуендері, библиокафе, библиотүндер, библиофесттер, ашық есік күндері, әдеби кештер, ашық аспан астындағы әдеби алаңдар және басқа да көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды.
Облыстың ең ірі кітапханасы – Мағжан Жұмабаев Ақмола облыстық атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында 14 – 23 сәуір аралығында «Kitap Avenue» фестивалі аясында декада өтті. Фестиваль бағдарламасына патриоттық оқулар, әдеби кештер мен сұхбаттар, әдеби дефиле, ұлттық дәстүрлер туралы кітаптарды насихаттау және дизайнермен танысу, «Lingva Room» жобасы аясындағы әдеби пікірталас, BIBLIO performance, кітап сүйер қауыммен бейне сұхбаттар және оқырмандар конференциясы кірді.
Бүгін он күн бойы оқырмандарды қуантқан іс-шаралардың қорытындысы шығарылды. «Үздік оқырман-2025» және «Онкүндік іс-шараларының белсенді қатысушысы» номинациялары бойынша марапаттау рәсімі өтті.
Шара екі бөлімнен тұрды: салтанатты рәсім және мерекелік концерт.
Бірінші бөлімде «Үздік оқырман - 2025» және «Онкүндік іс-шараларының белсенді қатысушысы» номинациялары бойынша марапаттау рәсімі өтті. Мәдениет басқармасының басшысы Сабитова Айгүл Баубекқызының атынан алғыс хаттар табысталды және шараның демеушілері – Caseshop.kokshetau дүкені мен «Жалғас» ЖК атынан бағалы сыйлықтар тарту етілді. Одан кейін шара қонақтарына Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының ұйымдастыруымен концерт ұсынылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-madeniet/press/news/details/988857?lang=kk