Кунсентмиклошта қыпшақша қуырдақтың иісі бұрқырады

Кунсентмиклошта қыпшақша қуырдақтың иісі бұрқырады

16.09.2025 08:00:36 163

2025 жылғы 13 қыркүйекте Мажарстанның Кишкуншаг өңірінің жүрегі - Кунсентмиклош қаласы қалың халыққа ерекше мереке сыйлады. Мұнда жыл сайын өтетін дәстүрлі қой етінен қуырдақ жасау фестивалі биыл өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті.

Фестивальдің басты ерекшелігі - қыпшақша қуырдақ. Оның дәмі мен әзірлеу тәсілі қазақтың ұлттық ас мәзіріне өте жақын. Әсіресе қой басын тағамға қолдану дәстүрі – Еуропада тек мажар халқында ғана сақталған таңғажайып құбылыс. Бұл екі халықтың ортақ тарихи тамырын еске салып тұрғандай әсер қалдырады.

Биылғы байқауға алғаш рет Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігі қатысып, жүлделі орынға ие болды. Елшілік ұсынған ұлттық тағамдар мен қонақжайлылық фестиваль қонақтарының ыстық ықыласына бөленді.

Мерекелік шараға 100-ден астам қатысушы және 15 мыңға жуық тұрғын жиналып, қала бір күнге үлкен дастархан басындағы ағайын-туыс секілді әсер қалдырды. Жеңімпаздарды марапаттау кезінде қала мэрі Арпад Леши Қазақстан Елшілігінің қатысуы фестивальдің мәртебесін көтеріп, оған халықаралық сипат бергенін ерекше атап өтті. Ол Кунсентмиклош тұрғындарының көбі қыпшақтардың ұрпағы екенін, Қазақстанға әрқашан айрықша құрметпен қарайтынын айтты.

Фестиваль аясында Қазақстанның жаңа туристік мүмкіндіктері де таныстырылды. Елшілік BornBold бренді аясында және Scat әуе компаниясының жаңадан ашылған Шымкент–Будапешт тікелей рейсін насихаттады. Қатысушыларға Шымкент қаласының туристерге арналған қызметтері туралы кітапшалар ұсынылып, мажар достарына Қазақстанның жаңа қырлары таныстырылды.

Осылайша, Кунсентмиклоштағы мерейтойлық фестиваль дәм мен дәстүрді тоғыстырып қана қоймай, қазақ-мажар достығының тағы бір жарқын көрінісіне айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1068319?lang=kk