Қазақстан мен Болгария: музыка, дипломатия және тәуелсіздік рухы
16.10.2025 18:53:19 112София, 2025 жылғы 15 қазан – Қазақстанның Болгариядағы Елшілігінің бастамасымен Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына орай және Республика күні қарсаңында София қаласында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «TURAN» этно-фольклорлық ансамблінің салтанатты концерті өтті.
Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Декларацияның ел тәуелсіздігінің құқықтық және институционалдық негіздерін қалаудағы ерекше маңыздылығын атап өтті. Ол бұл тарихи құжаттың Қазақстанның қазіргі заманғы тарихында жаңа кезеңнің басталуын ғана білдіріп қоймай, сонымен қатар қазақ халқының саяси кемелдігі мен бейбіт даму жолына ұмтылысының символына айналғанын атап өтті.
«TURAN» ансамблінің музыканттары түркі және қазақ музыка мәдениетінің бай мұрасын бейнелейтін туындылардан құралған жарқын бағдарламаны ұсынды. Олардың өнер көрсетуі жоғары кәсібилігімен, эмоциялық тереңдігімен және көне дәстүрлер мен заманауи үннің ерекше үйлесімімен ерекшеленді.
Көрермендер қатарында Болгария Президенті Әкімшілігінің басшылығы, мемлекеттік органдар мен мекемелердің өкілдері, Халық жиналысының (парламенттің) депутаттары, шетелдік дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, шығармашылық зиялы қауым мен БАҚ өкілдері болды. Олар қазақстандық әртістердің өнерін жылы ықыласпен қарсы алды.
Бұл кеш елдер арасындағы мәдени диалог пен достықты нығайтудың жарқын үлгісіне айналды, сондай-ақ болгар қоғамының Қазақстанның тарихына, мәдениетіне және заманауи жетістіктеріне деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетті.
«TURAN» этно-фольклорлық ансамблі өз қызметі барысында әлемнің 70-тен астам елінде 600-ден аса концерт беріп, өнерін танытты. Ұжым Нью-Йорктегі Carnegie Hall, Вашингтондағы Kennedy Center, Лос-Анджелестегі Zellerbach Hall, Берлиндегі Konzerthaus, Канндағы Palais des Festivals et des Congrès, Париждегі Salle Cortot, Мәскеу консерваториясының Үлкен залы, Мариин театрының концерт залы сияқты беделді сахналарда өнер көрсеткен.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-sofia/press/news/details/1088007?lang=kk