Қазақстан Республикасы Президентінің Конституцияны іске асыру туралы Жарлығы

Қазақстан Республикасы Президентінің Конституцияны іске асыру туралы Жарлығы

18.03.2026 19:55:23 233

Астана қ, 2026 жылғы 17 наурыз – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды.

Аталған құжат республикалық референдумның қорытындыларын іске асыру мақсатында қабылданды. Референдум барысында азаматтар еліміздің Негізгі заңының жаңа редакциясын қолдап, Қазақстанның саяси жаңғыруының жаңа кезеңіне жол ашты.

2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумның қорытындысына сәйкес, дауыс беруге сайлаушылардың 75,3 пайызы қатысты. Олардың 86,7 пайызы Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа редакциясын қолдады. Жаңартылған Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа Конституция – қоғамның бірлігі мен ынтымағын, жаңару мен дамуға деген ұмтылысын айқындайтын шынайы халықтық әрі тарихи құжат. Оның негізгі ережелері «Әділетті Қазақстанды» қалыптастыруға, елдің тәуелсіздігі мен егемендігін нығайтуға, әділеттілік, заң үстемдігі және азаматтық жауапкершілік қағидаттарын орнықтыруға бағытталған. Жаңартылған Негізгі заң ұлттық дамудың сапасын арттырудың берік негізіне айналуға тиіс.

Жарлықта Конституцияның жаңартылған нормаларын практикалық тұрғыда іске асыруға бағытталған кешенді шаралар көзделген. Аталған шаралар мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге, азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейтуге, сондай-ақ елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-geneva/press/news/details/1184619?lang=kk