Мемлекет басшысы Бразилия Сыртқы істер министрін қабылдады
12.05.2026 08:09:07 27711 мамыр, Астана - Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бразилия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрі МауроВиейраны қабылдады.
Мемлекет басшысы министрдің сапары Бразилияның Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастығын нығайтуға бейілділігін растайтынын атап өтті. Бразилия Қазақстанның Латын Америкасындағы негізгі серіктесі ретінде қарастырылады.
Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты дамытуға ерекше назар аударылды, оның ішінде өзара сауданы әртараптандыру және Бразилияның жетекші компанияларымен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды. Сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастықтың келешегі, оның ішінде технологиялар алмасу және мал шаруашылығы саласындағы бірлескен жобаларды дамыту мәселелері жеке талқыланды.
Әңгімелесушілер халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ мен БРИКС аясындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын және Тұрақты даму, кедейлікті азайту және климаттың өзгеруі мәселелері бойынша Ғаламдық Оңтүстік елдерінің күш-жігерін үйлестіру қажеттігін атап өтті.
Бразилияның Сыртқы істер министрі екіжақты қатынастарға қосымша серпін беруге және оларды сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін растады. Сонымен қатар, ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жоғары бағалады.
Кездесу барысында халықаралық және өңірлік күн тәртіптегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/1217351?lang=kk