Женевада қазақстандық отандастармен өзара байланысты нығайту мәселелері талқыланды

Женевада қазақстандық отандастармен өзара байланысты нығайту мәселелері талқыланды

11.09.2026 23:17:38 132

2026 жылғы 10 қыркүйек, Женева – Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан БҰҰ құрылымдарында және халықаралық ұйымдарда кәсіби қызмет атқарып жүрген, сондай-ақ Женевада білім алып жатқан қазақстандық отандастармен кездесу өткізді.

Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесуде қатысушылар Қазақстанның ішкі және сыртқы саяси дамуының өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, жүргізіліп жатқан саяси және конституциялық өзгерістер, сыртқы саясаттың басымдықтары, сондай-ақ еліміздің көпжақты үдерістерге қатысуы жөнінде пікір алмасты.

Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси жаңғыру мен конституциялық реформаларға ерекше назар аударылды. Аталған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, заң үстемдігін нығайтуға, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға және қоғамдық диалогты дамытуға бағытталғаны атап өтілді.

Сыртқы саясат мәселелерін талқылау барысында Қазақстанның көпвекторлы саясат қағидаттарына, сындарлы диалогқа, дауларды бейбіт жолмен шешуге, халықаралық құқық нормалары мен БҰҰ Жарғысының қағидаттарын сақтауға бейілділігі атап өтілді.

Женева қаласының көпжақты дипломатияның маңызды орталықтарының бірі ретіндегі рөліне де ерекше назар аударылды. Швейцарияда қызмет атқарып, білім алып жүрген қазақстандықтардың кәсіби тәжірибесі мен білімі халықаралық байланыстарды нығайту және Қазақстанның бастамаларын ілгерілету үшін маңызды әлеует ретінде бағаланды.

Жас мамандар мен студенттермен халықаралық қатынастар, дипломатия және халықаралық ұйымдар қызметі салаларындағы кәсіби даму мүмкіндіктері талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасының БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі мен қазақстандық кәсіби және студенттік қоғамдастық арасындағы жүйелі өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделілік білдірді. Атап айтқанда, тәжірибе алмасу, сарапшылық байланыстарды жолға қою және бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-geneva/press/news/details/1290589?lang=ru