Қоғам
Құрметті табиғат пайдаланушылар! 14.02.2025
Қоғамдық тыңдаулар деректерінің «Ecoportal» ақпараттық жүйесінен «Қоршаған орта және табиғи ресурстардың жай – күйі ұлттық деректер банкі» ақпараттық платформасына көшуі аяқталғанын хабарлаймыз. Осыған байланысты, 2025 жылғы 26 наурыздан бастап «Қоршаған орта және табиғи ресурстар жай-күйінің Ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесінде «Қоғамдық тыңдаулар» компоненті қолжетімді.Осыған байланысты, техникалық мәселелер (Қоғамдық тыңдаулар компонентіне қатысты техникалық мәселелер) туындаған кезде келесі нөмірге хабарласуыңызды сұраймыз:8 (7172) 70-16-65 (іш.6052, 6000);Сонымен қатар, sd_ndbecology@nitec.kz электрондық пошта арқылы техникалық проблема туралы өтінім қабылданады: (скриншотты және мәселенің толық сипаттамасын жіберу қажет). Өтінімдер кезек тәртібімен өңделеді.Сонымен қатар, платформада «Қоғамдық тыңдаулар» компоненті бойынша өтінім беру бойынша сұрақтарға кеңес беру үшін 8(7172) 24-94-11 нөмірі бойынша хабарласуыңызды сұраймыз. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/963904?lang=kk
БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты Өкілдігі 2026 жылы Өңірлік климаттық саммит өткізуге қолдау көрсетеді 14.02.2025
2025 жылғы 5 ақпанда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Қазақстандағы БҰҰ және БҰҰДБ өкілдерімен кездесу өткізді.БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты Өкілдігі 2026 жылы Өңірлік климаттық саммитті ұйымдастыру жөніндегі бастаманы қолдайтынын растады.Естеріңізге сала кетейік, бұл бастаманы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясы аясында жариялаған болатын.БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісінің м.а. О'Малли Штефен ұсынылған бастамаға қолдау білдіріп, БҰҰ-ның 2026 жылы Өңірлік климаттық саммитті ұйымдастыруға жәрдемдесуге дайындығын растады. Ол аталған іс-шараны өткізу өңірлік ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болатынын және Орталық Азияның Климаттық күн тәртібін іске асыру үшін халықаралық ресурстар мен сарапшылар қауымдастығын тартуға көмектесетінін атап өтті.Қазақстан Тұрақты даму мақсаттарына және Париж келісімі шеңберінде өз міндеттемелерін орындауға үнемі ұмтылады. 2026 жылғы Өңірлік климаттық саммит өзекті сын-қатерлерді талқылауға, озық тәжірибелермен алмасуға және Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруіне қарсы күрес үшін стратегиялық шешімдерді қалыптастыруға арналған платформаны қамтамасыз ете отырып, осы жолдағы маңызды кезең болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/932111
БҰҰДБ Өкілдігі Қазақстанның жаңа NDC әзірлеуге қолдауды жұмылдырды 14.02.2025
2025 жылғы 5 ақпанда Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Қазақстандағы БҰҰ және БҰҰДБ өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында жаңа NDC (ҰДАҮ 3.0) әзірлеуде БҰҰДБ қолдауының негізгі қадамдары талқыланды.Министрлік жаңа ҰДАҮ дайындау басым міндет болып табылатынын және әртүрлі халықаралық ұйымдардың күш-жігерін шоғырландыруды талап ететінін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан ФАО-дан ауыл шаруашылығы бағытында қолдау күтеді, ал гендерлік теңдік мәселелері бойынша — ЮНИСЕФ тарапынан көмек күтеді.БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина ВаверниА БҰҰДБ-ның техникалық және сараптамалық қолдауды қамтамасыз ете отырып, жаңа құжатты әзірлеуге белсенді қатысуға дайын екендігін растады.Жаңа ҰДАҮ қабылдау парниктік газдар шығарындыларын азайтуға және климаттың өзгеруіне бейімделуге өршіл тәсілдерді қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның халықаралық климаттық міндеттемелерін орындау жолындағы маңызды қадам болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/932125
Алтын-Емел ұлттық паркінде жабайы аң санағы өтті 14.02.2025
Жыл сайынғы қысқы санаққа Жетісу облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, «Охотзоопром» РМҚК, Зоология институты, Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы ұйымының өкілдері қатысты. Аталмыш жұмыстар ашық, желсіз күні жиырма есепшіден тұратын жеті топпен жүргізілді.Екі күндік жұмыстың нәтижесінде ұлттық парк аумағында 5,5 мыңға жуық қарақұйрық және 190-ға жуық арқар мекен ететіні анықталды. Ал, Алтын-Емелдегі құландар саны 3,6 басты құрады. Айта кету керек, бұл Қазақстандағы ең көп құлан популяциясы. Тұяқтылар санының тұрақты өсуі жануарларды басқа тарихи мекендеу орындарына қайта жіберуге мүмкіндік береді.Мәселен, былтыр 87 бас жануар "Алтын дала", "Іле-Балқаш" резерваттарына және "Созақ" орманшылығына аттандырылды.Естеріңізге сала кетейік, іс - шараның негізгі мақсаты-еліміздің Қызыл кітабына енгізілген арқар, құлан және қарақұйрық популяциясын түгендеу.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/933953
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша есептелген қаражатты eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасынан тексеруге болады 14.02.2025
Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары мен заңды өкілдері eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты тексере алады.
Ата-аналар мен заңды өкілдер есептелген қаражатты бірнеше тәсілмен тексере алады: eGov.kz электрондық үкімет порталының Жеке кабинетінде орналасқан «Цифрлық құжаттар» бөлімінде, eGov Mobile мобильді қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» сервисі және kids.enpf.kz сайты арқылы.
Егер қосымшада немесе порталда бала туралы деректер жоқ болса немесе қате көрсетілсе, алаңдаудың қажеті жоқ – бұл БЖЗҚ-да нысаналы талаптардың есептелуіне әсер етпейді. Пайдаланушы eGov Mobile қосымшасындағы «Балалар туралы мәліметтерді өзектендіру» сервисі арқылы бөлімді жаңартып, қажетті деректерді енгізе алады. Өзгерістерді енгізу 2–5 жұмыс күнін алады.
Жиі қойылатын сұрақтар
Балалар туралы деректердегі қателерді қалай түзетуге болады?
Егер бала туралы мәліметтер қате көрсетілсе, тиісті цифрлық құжатты ашып, жоғарғы оң жақтағы үш нүктені басу керек. «Қате туралы хабарлау» батырмасын таңдап, «Балалар туралы мәліметтерді өзектендіру» сервисіндегі форманы толтыру қажет. Сондай-ақ, туу туралы куәлікті тіркеп, өтінім жіберу керек. Сұрау 2–5 жұмыс күні ішінде қаралады.
Ұлттық қордан есептелген қаражат туралы ақпаратты алу үшін бала туралы деректерді қалай қосуға болады?
Егер қосымшада бала туралы ақпарат жоқ болса, бұл нысаналы талаптардың есептелуіне әсер етпейді. Деректерді қосу үшін «Цифрлық құжаттар» бөліміне өтіп, «Отбасы» бөлімін таңдау қажет. «Баланы қосу» батырмасын басып, форманы толтырып, туу туралы куәлікті тіркеу керек. Өтінім 2–5 жұмыс күні ішінде қаралады.
eGov.kz порталындағы жеке кабинеттен балалар туралы мәліметтер жоғалып кетсе, не істеу керек?
Актуалды мәліметтерді алу үшін eGov Mobile мобильді қосымшасын пайдалану ұсынылады. Қосымшада өзекті ақпарат көрсетіледі.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/929772
Барлық сұрақтарға нақты жауап берді: Қорғаныс министрі сарбазға демалыс беріп ынталандырды 14.02.2025
Қатардағы жауынгер Шахман Мұратов министрмен сөйлескенде тосылған жоқ. Ол қорғаныс ведомствосының басшысына өз міндеттерін баяндап, қойылған барлық сұрақтарға жауап берді.Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов оны қатарластарына үлгі етіп, бөлім командиріне сарбазды 10 күндік демалысқа жіберуді тапсырды. Сапар барысында қорғаныс ведомствосының басшысы мекемелер мен әскери бөлімдердің инфрақұрылымының жай-күйін зерделеді. Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров атындағы авиабазада ол өткен жылы қабылданған жойғыш ұшақтары ұшқыштарын даярлауға арналған жаңғыртылған тренажер кешенімен танысты.– Қорғаныс ведомствосы ұшу құрамын сапалы оқытуға мүдделі. Пайдалануға берілген жоғары технологиялық тренажер кешені әскери ұшқыштарды даярлау процесін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді, – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.31775 әскери бөліміндегі сапар Даңқ аллеясына гүл шоқтарын қоюдан басталды. Ұлы Отан соғысының ұрыс даласында ерлікпен қаза тапқан қарағандылықтарды еске алып, Қорғаныс министрі Жеңістің 80 жылдық мерейтойын атап өту 2025 жылы мемлекеттің күн тәртібіндегі маңызды іс-шаралардың бірі екенін еске салды. Модульдік казармаларды аралап жүріп генерал-полковник Руслан Жақсылықов мерзімді қызметтің сарбаздарымен әңгімелесті. Қатардағы жауынгер Шахман Мұратов қойылған барлық сұрақтарға нақты және дұрыс жауап бере отырып, жалпыәскери жарғылар туралы мінсіз білімін көрсетті. Міндеттерін адал әрі мінсіз атқарғаны үшін Қорғаныс министрі бөлім командиріне Шахман Мұратовқа үйіне барып келуге 10 күндік демалыс беруді тапсырды. – Бұлай болады деп ойлаған жоқпын. Анам қуанатын болды. Менің үйге баруым ерекше тосын сый болады, – деп сарбаз қуанышын жасырмады.Мерзімді әскери қызмет өткеру үшін Шахман Мұратов университеттен академиялық демалыс алып, өткен жылдың қараша айында әскери комиссариатқа келген болатын. 31775 әскери бөлімінде ол жаяу әскер жауынгерлік машинасының жүргізуші-механигі қызметін атқарады. Демалысын үйінде ата-анасымен, әжесімен, 4 әпкесі және 2 ағасымен бірге өткіземін деп отыр.Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Қарағандыдағы республикалық «Жас ұлан» мектебінің оқытушылар құрамымен кездесуде министр тәрбие және идеологиялық жұмыстың маңызды аспектілеріне назар аударып, тәрбиеленушілердің бойындағы патриотизмді бала кезден қалыптастыру қажет екенін атап өтті. Қорғаныс ведомствосының басшысы байланыс батальоны мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасына да барды. Осы бөлімшелердің жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығын бағалағаннан кейін ол техникалық жабдықталуын жақсарту және жеке құрамды даярлау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/938296
Мемлекет басшысының запасқа шығару және мерзімді әскери қызметке шақыру туралы Жарлығы шықты 14.02.2025
Қазақстан Президенті «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2025 жылғы наурыз – маусым және қыркүйек – желтоқсанда кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы» Жарлыққа қол қойды.Жарлық «Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға құқығы жоқ он сегіз бен жиырма жеті жас аралығындағы ер азаматтарды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Ішкі істер министрлігіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақыруға» қаулы етеді.2025 жылы әскерге шақыру жасындағы 42000-нан астам азамат шақырылуға жатады.Әскерге шақырылушыларды хабардар ету шақыру қағаздары мен SMS-хабарламалар арқылы жүзеге асырылатын болады. Хабарламаны алған кезде әскерге шақырылушылар медициналық комиссиядан өту үшін тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарына баруға міндетті. Ол әскерге шақырылушының мерзімді қызметке жарамдылық деңгейін анықтайды.Әскери қызмет өткерудің барлық кезеңінде сарбаздар тамақпен, заттай мүлікпен, жеке гигиена құралдарымен және ай сайынғы ақшалай үлеспен қамтамасыз етілетінін хабарлаймыз. Оларға медициналық қызметтер көрсетіледі және пошта жөнелтілімдері үшін өтемақы төленеді.Мерзімді қызметтің әскери қызметшілері үшін мынадай жеңілдіктер заң жүзінде бекітілді:– мерзімді қызмет өткерудің барлық уақытына және запасқа шығарылғаннан кейін 60 күнге несиелік демалыс,– Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырусыз еліміздің жоғары оқу орындарында тегін немесе ақылы білім алу мүмкіндігі– экономиканың нақты секторында сұранысқа ие жұмысшы мамандығы бойынша мемлекеттік үлгідегі куәлік алу.– запасқа шығарылғаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі.Естеріңізге сала кетсек, мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін қолданыстағы заңнамада әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/937935
ҚР Ұлттық қорғаныс университеті және Satbayev University меморандумға қол қойды 14.02.2025
Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті мен Satbayev University арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.Әскери жоғары оқу орнының атынан құжатқа оның бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков, азаматтық білім ордасынан ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректор Ержан Күлдеев қол қойды.Меморандум ғылым, технология және білім беру саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін қалайды. Өзара іс-әрекет бірлескен зерттеу жобаларын іске асыруға, инновациялық шешімдерді әзірлеуге және енгізуге бағытталған.Генерал-майор Асқар Мұстабеков атап өткендей, азаматтық және әскери ғылым арасындағы байланыстарды нығайту озық технологияларды қорғаныс пен қауіпсіздік жүйесіне тиімді интеграциялауға ықпал ететін болады.Елдің әскери қауіпсіздігінің мүддесі үшін ақпараттық технологияларды, жасанды интеллекті, киберқауіпсіздікті дамытуға және озық цифрлық құралдарды жасауға ерекше назар аударылатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/937980
Қазақстан Елшісі Палестина Президентіне сенім грамоталарын тапсырды 14.02.2025
Амман, 2025 жылғы 13 ақпан – Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбайдың еліміздің Палестинадағы Елшісі қызметін қоса атқарушы ретінде Палестина Мемлекетінің Президенті Махмуд Аббасқа сенім грамоталарын тапсыру салтанатты рәсімі өтті.Амман қаласында өткен салтанатты рәсімнен кейін Палестина Президентінің ресми қабылдауы болды. Оның барысында Қазақстан-Палестина қатынастарын нығайтудың негізгі мәселелері талқыланды. Кездесуде Палестинаның Премьер-министрі – Сыртқы істер және экспатрианттар істері жөніндегі министрі Мұхаммед Мұстафа және Палестина Президентінің дипломатиялық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Магди Әл-Халиди қатысты.Елші Президент М.Аббасқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізді. Сонымен қатар Елші ретінде Қазақстан мен Палестина арасындағы достық қарым-қатынастарды екіжақты негізде және халықаралық ұйымдар шеңберінде әрі қарай дамыту үшін бар күш-жігерін жұмсайтындығына сендірді.Өз кезегінде Палестина Президенті 2022 жылғы қазан айындағы Астанаға сапарын жылы лебізбен атап өтіп, Қазақстан Президентіне ізгі тілектерін жолдады.М.Аббас екіжақты ынтымақтастықтың игілігі жолындағы ҚР Елшісінің қызметіне жемісті жұмыс тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/938137
Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысының су тасқыны кезеңіне дайындығын тексерді 14.02.2025
📌 Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Сергеев су торабына барды, сондай-ақ Петропавл қаласында 1-ші көтергіш сорғы стансасы мен бөгеттің бекінісін реконструкциялау барысын тексерді. Бұл нысандар елді мекендерді су тасқынынан қорғауда және жергілікті тұрғындарды сумен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Жұмыс сапарының мақсаты – Мемлекет басшысының су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық жұмыстарын үйлестіру бойынша берген тапсырмаларының орындалуын бақылау. Гидротехникалық нысандардың жай-күйіне және заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге назар аударылады. 🔷 Сергеевка қаласында негізгі ведомстволар мен қызметтердің өкілдері су торабын жөндеу бойынша ағымдағы қызмет туралы баяндады. Сергеев су торабы Есіл өзені ағынының негізгі реттеушісі болып саналады. Ол Солтүстік Қазақстан, ішінара Қостанай және Ақмола облыстарын сумен жабдықтауды, сондай-ақ Ресей Федерациясының Тюмень облысына кепілдендірілген өткізуді қамтамасыз ететін бірыңғай су шаруашылығы кешенін құра отырып, Петропавл су торабымен каскадты жүктеме жұмысын жалғастыруда. Өткен жылғы су тасқыны кезінде Сергеев су торабының төменгі саласында мол көлемдегі су мен мұздың түсуі нәтижесінде сол жағалаудағы топырақ шайылып кетті. Петропавл су торабында бүліну болған жоқ. ✔️ 2024 жылы Үкімет республикалық бюджеттен гидротехникалық құрылыстарды ағымдағы жөндеуге және Сергеев пен Петропавл су тораптарында су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге 278,5 млн теңге бөлді. Жағалау беткейлерін бекіту үшін бұл нысандарға 1,4 мың м3-тен астам ірі кесек тастар әкелінді, Сергеев су құрылысы бөгетіне жақын төменгі саласына түбін тереңдету жұмысы жүргізілді, 940 м3 топырақ қоспасы қазып алынды. 🔘 «Қазсушар» РМК Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Шұғайып Ибатуллин қазіргі уақытта екі су торабы да қанағаттанарлық жағдайда және штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатқанын баяндады. Биыл қосымша 14 іс-шара өткізу жоспарланып отыр. 🔘 Өз кезегінде «Қазгидромет» филиалының басшысы Қымбат Мерғалимова жауын-шашын мөлшері әсіресе, оңтүстік және шығыс аудандарда нормадан көп болатынын айтты. Қатты жауын-шашын ақпан айының ортасы мен аяғында, айдың бірінші және екінші онкүндігінде температураның төмендеуімен болжануда. Сергеев су қоймасынан төмен орналасқан аудандар үшін су тасқыны қаупі жоғары болып қала береді.«Сергеев су торабы – су тасқыны қаупі бар аймақтағы стратегиялық нысан, тұрғындарды сумен қамтамасыз етуге де жауапты. Егер судың толу деңгейі 2 метрден асатын болса, орталыққа және жеке маған шұғыл хабарлауды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов. Өңірдегі су шаруашылығы объектілерін нығайтуды жалғастыру, сондай-ақ цифрлық шешімдерді белсенді енгізу, батиметриялық түсірілім жүргізу тапсырылды. ➡️ Премьер-министрге жасанды құрылыстар, оның ішінде Сергеев және Петропавл су тораптары бойынша ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауды күшейту туралы баяндалды. Мәселен, ауыр жүктерге арналған салмақ шектеулері белгіленді, көлік инспекциясының жылжымалы бекеттері жұмыс істейді. 📱 @KZgovernment 📌 Петропавл қаласында Премьер-министр реконструкциялау барысын тексеріп, былтырғы су тасқыны кезінде апатты түрде сөніп қалған 1-ші көтергіш сорғы стансасының жаңа технологиялық жабдықтарымен танысты. 70-ші жылдары салынған сорғы стансасы 50 жыл бойы жөнделмеген. ✔️ Аяқталған реконструкцияның нәтижесінде құрғақ жерде және су астында жұмыс істей алатын 2 сорғы орнатылды. Сондай-ақ сыртқы әсерлерден және механикалық зақымданудан қорғау үшін электр кабельдері жер астымен жүргізілді. Бұл шаралар су басқан жағдайда да электр энергиясының тұрақты берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 🔘 Жұмыс сапары аясында Премьер-министр су тасқынына қарсы іс-шараларға дайындықпен, ықтимал тасқын сулардан қорғауға арналған техника мен материалдардың дайындығымен танысты. ✔️ Петропавл қаласын айналып өтуді Есіл өзені арқылы жол көрсеткіш құрылысымен реконструкциялау бойынша қазіргі уақытта жобаның ТЭН әзірленді. Бұл жол Щучинск, Көкшетау және Петропавлды Ресей Федерациясының шекарасымен, оның ішінде облыс орталығындағы Есіл өзені арқылы өтетін екі көпірдің бірімен байланыстыратын Орталық-Солтүстік көлік дәлізінің бөлігі саналады. Су тасқыны кезеңінде ол қорғаныс бөгеті қызметін атқарады, бірақ 2024 жылы су деңгейінің көтерілуіне байланысты толып кетіп, Подгора ауданын су басқан болатын. ✔️ Мұндай келеңсіз оқиғалардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Есіл өзенінен өтетін көпір салу арқылы қаланы айналып өтетін жолды реконструкциялау жоспарланған. Құны 71 млрд теңге болатын жоба бірінші кезеңде республикалық бюджеттен қаржыландырылып, 18 млрд теңге бөлінді. ➡️ Сонымен қатар Премьер-министрге ЖИ элементтері бар технологиялық мүмкіндіктер таныстырылды. Атап айтқанда, «Дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы» жобасы. Бүгінде бұл жүйе Алматыда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін белсенді қолданылады. Биылдан бастап оны СҚО-дағы су тасқыны жағдайын бақылау үшін, одан әрі өзге де су тасқыны қаупі бар өңірлерге кеңейту үшін іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ ақпаратты жедел беру үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылатын болады, олар ақпаратты сол орыннан жедел алуға мүмкіндік береді. Бұл жағдайды дұрыс бағалауға және қызметтердің әрекеттерін үйлестіруге жағдай жасайды. 📱 @KZgovernmentАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/938000
Қазақстан СІМ басшысы Иран Елшісін қабылдады 14.02.2025
Астана, 2025 жылғы 13 ақпан – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Иран Ислам Республикасының Елшісі Али Акбар Джоукарды қабылдады.Сұхбат барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға бағытталған алдағы іс-шараларды талқылады.Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Иранның сенімді серіктес ретіндегі маңыздылығын атап өтіп, сауда-экономикалық өзара іс-қимылды тереңдету үшін нақты қадамдар жасау қажеттігін айтты. Бұл тұрғыда кезекті отырысы Қазақстанда 2025 жылдың бірінші жартысында жоспарланған Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Иран үкіметаралық комиссиясы ерекше рөл атқарады.Көлік және логистикалық кооперацияны дамыту, оның ішінде транзиттік маршруттарды кеңейту мәселелеріне бөлек назар аударылды.Сонымен қатар дипломаттар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты және көпжақты ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/937830
Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты дамыту жоспарлары Еуропалық одақтың негізгі құрылымдарында талқыланды 14.02.2025
Брюссель, 2025 жылғы 13 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету перспективаларын, сондай-ақ Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылау мақсатында Еуропалық одақтың негізгі құрылымдарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.Өзара басым іс-қимыл бағыттары, оның ішінде көлік және инфрақұрылымдық жобалар, тұрақты даму, энергетикалық әріптестік және тұрақты жеткізу тізбектерін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.Еуропалық сыртқы әрекет қызметі (ЕСӘҚ) басқарушы директорының орынбасары Люк Девин және ЕО-ның Сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі Жоғарғы өкілі кабинетінің басшысы Вивиан Лоонеламен өткен келіссөздер екіжақты күн тәртібіне арналды. Талқылаулар саяси диалог пен экономикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ алдағы бірлескен іс-шараларға дайындық мәселелерін қамтыды.Атап айтқанда, бірінші жартыжылдықта Ашхабадта өтетін «Орталық Азия – ЕО» сыртқы істер министрлерінің кеңесіне, Самарқандта өтетін алғашқы «Орталық Азия – ЕО» саммитіне, сондай-ақ Астана халықаралық форумына дайындық мәселелері талқыланды.Тараптар сирек кездесетін жер металдары, жасыл энергетика және Транскаспий халықаралық көлік дәлізін қоса алғанда, көлік дәліздерін дамыту сияқты стратегиялық маңызды және перспективалы салаларда өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге ортақ қызығушылық білдірді.«Брюссельде өткізілген кездесулердің уақытылы өтуі біздің өзара іс-қимылымыздың кең ауқымдылығымен, ЕО-мен қарым-қатынастарымыздың жоғары динамикасымен, сондай-ақ жаңа Еурокомиссияның сыртқы саяси басымдықтарын қалыптастырумен және геосаяси жағдайдың тез өзгеруімен байланысты, – деп атап өтті Р.Василенко. – Келіссөздердің мазмұндылығы мен оңды көзқарасы біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыздың ұзақ мерзімді кезеңде жан-жақты дамуына сенім ұялатуда».Өңірлік даму мәселелері мен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелері Еурокомиссияның халықаралық әріптестіктер жөніндегі директоры Петерис Устубс пен Еурокомиссардың халықаралық ынтымақтастық және әріптестік мәселелері жөніндегі кабинетінің басшысы Люси Шестаковамен одан әрі талқыланды. Сұхбаттастар бірлескен жобаларды іске асырудың перспективаларын, оның ішінде көлік маршруттарын дамыту, логистиканы жаңғырту және энергетика мен цифрландыру саласындағы тұрақты шешімдерді алға жылжыту мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырды.Энергетикалық ынтымақтастық және тұрақты жеткізу тізбектері мәселелері де талқылаулардың маңызды бөлігіне айналды. Тараптар жасыл энергетиканы дамыту бағытында келесі қадамдар туралы пікір алмасты, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану аясын кеңейту және төмен көміртекті технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары қарастырылды.Еуроодақтың адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Олоф Скугпен (1 наурыздан бастап Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің бас хатшысының орынбасары қызметіне кірісетін) кездесуде Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ құқық үстемдігі мен гуманитарлық бастамалар саласындағы конструктивті ынтымақтастық талқыланды. Қазақстан тарапында осы салалардағы көпжақты ынтымақтастықтың маңыздылығы аталып өтіп, ЕО-мен үйлестіруді әрі қарай нығайтуға дайын екендігі білдірілді.Еуропарламенттің Орталық Азиямен байланыстар жөніндегі делегациясының төрағасы Джузи Принчимен кездесуде Қазақстан мен ЕО арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жоспарлары белгіленді. Сұхбаттас Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформаларды оң бағалап, олардың елдің демократиялық дамуындағы және мемлекеттік басқаруды жақсартудағы маңыздылығын атап өтті. Парламенттер арасындағы диалогты кеңейту, тәжірибе алмасу және екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша белсенді байланыстарды сақтап қалуға ерекше көңіл бөлінді. Осы орайда бірлескен бастамаларды ілгерілету және заңнамалық тәсілдерді жақындастыру мақсатында тұрақты кездесулер өткізу мен парламенттік дипломатия механизмдерін нығайтудың маңыздылығы айтылды.Кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар диалогты одан әрі нығайтуға және әртүрлі салалардағы практикалық ынтымақтастықты дамытуға деген ұмтылысын растады. Қазақстан мен ЕО бірлескен бастамалар бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдіріп, тұрақты және ұзақ мерзімді серіктестіктің негізін қалау үшін бірлескен күш-жігерін жұмылдыруға әзір екенін атап өтті.Анықтама: Еуропалық одақ – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. ЕО Қазақстанның сыртқы саудасының шамамен үштен бірін және жинақталған шетелдік инвестициялардың үлкен бөлігін құрайды. 2024 жылғы тауар айналымы 48,7 млрд долларды құрады, оның ішінде экспорт – 38,1 млрд доллар, импорт – 10,6 млрд доллар (+36,7%). 2024 жылдың 1, 2 және 3 тоқсандарында ЕО елдерінен тартылған тікелей инвестициялар 6,4 млрд АҚШ долларын құрады.Қазақстан – Орталық Азиядағы Еуропалық одақпен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім жасасқан алғашқы ел (ол 29 саладағы өзара іс-қимылды қамтиды, оның ішінде халықаралық және өңірлік қауіпсіздік, сауда, инвестициялар, инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ инновациялар, мәдениет, спорт және туризм мәселелері бар).Қазақстанда еуропалық капиталдың қатысуымен үш мыңнан астам компания жұмыс істейді, олардың арасында Shell, Schneider, Eni, Total, Air Liquide, Alstom, Siemens және басқа да трансұлттық корпорациялар бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/937860
Қостанайда қызметкерлердің құқықтарын қорғау және кәсіподақтарды дамыту мәселелері талқыланды 14.02.2025
Облыс орталығында әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин, мемлекеттік органдардың басшылары, жұмыс берушілер мен Қостанай облысының кәсіподақ өкілдері қатысты.Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер:•Президент Жарлығы аясында Жұмысшы мамандықтар жылын жүзеге асыру;•Өндірістік жарақаттанудың алдын алу;•Жалақы бойынша берешек және оны өтеу шаралары.Жұмысшы мамандықтарын дамыту – мемлекеттік саясаттың басымдығыОтырыста қаралған негізгі мәселелердің бірі – Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы. Кәсіби-техникалық білім беру жүйесін дамыту, мамандарды даярлаудың заманауи жағдайларын жасау – елдің кадрлық әлеуетін нығайту үшін маңызды қадам. Мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер және кәсіподақтар бұл міндеттерді жүзеге асыруда тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуі қажет.Қауіпсіз еңбек жағдайлары және уақытылы жалақы төлеу – тұрақтылық кепіліОтырыста қаралған маңызды мәселелердің бірі – өндірістегі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және еңбек жарақаттануын азайту. Мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілдері өңірдегі жағдай бойынша статистикалық мәліметтерді ұсынып, оны жақсарту үшін қабылданып жатқан шараларды баяндады.Жалақы бойынша берешек мәселесіне ерекше назар аударылды. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов бұл мәселені үнемі бақылауда ұстайтынын атап өтті. Жұмыс берушілер қызметкерлердің жалақысын уақытылы төлеуге жауапты, ал мемлекеттік органдар берешекті азайту бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырады.Кәсіподақтардың қызметкерлердің құқықтарын қорғаудағы рөліОблыс әкімі барлық еңбек ұжымдарында кәсіподақтар жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті. Олар қызметкерлердің құқықтарын қорғаудың сенімді құралы болып табылады.«Кәсіподақтар – тек еңбек құқықтарын қорғау ғана емес, сонымен қатар жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы диалог тетігі. Барлық ұйымдар мен кәсіпорындарда кәсіподақтардың жұмыс істеуі маңызды, өйткені олар әлеуметтік әділеттіліктің кепілі болып табылады», – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.Комиссия отырысының қорытындысы бойынша еңбек құқықтарын қорғауды күшейту, кәсіподақ қозғалысын дамыту және жалақы бойынша берешекті азайту жөнінде тапсырмалар берілді. Қызметкерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау өңірлік билік органдарының басты міндеттерінің бірі болып қала береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/937921
Жыл басынан бері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері парашютпен 3000-нан аса секіруді орындады 13.02.2025
Парашютпен секіру – десантшылардың жауынгерлік дайындығының маңызды элементі. Соңғы екі айдың өзінде әскери-көліктік авиацияның С-295 ұшақтарымен және армиялық авиацияның Ми-17 тікұшақтарымен қазақстандық десантшылар 800 метр биіктіктен 3000-нан аса мәрте секіруді орындады. Оның ішінде 1500-ден астам әскери қызметші алғаш рет секірді. Алғашқылардың қатарында Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Иван Панфилов атындағы 37-ші десанттық-шабуылдау бригадасының 8 ару жауынгері бар. Бригада командирі полковник Алмас Төлегенов оларды алғашқы секіру жаттығуын орындауымен құттықтады. – Әуеде алғашқы қадамдарын жасап, бойдағы қорқынышты жеңіп, нағыз десантшымын дей аласыңдар. Мен батылдықпен және құштарлықпен секіру үшін дайындықтан өтіп, нормативтерді тапсырған қыздарымызды мақтан тұтамын, – деп атап полковник Алмас Төлегенов.Секіруге дайындық екі аптаға созылды. Парашютшілерге үйрететін бірінші нәрсе 4 сериялы Д-6 парашют жүйесінің тактикалық және техникалық сипаттамаларын және құрамдас бөліктерін білу, секіру үшін парашютті өз бетінше орау және аспанда орын алуы ықтимал штаттан тыс жағдайларда дұрыс әрекет ету. Бұның бәрі бригадалардың әуе-десанттық кешендерінің тренажерларында пысықталады. – Бригадада қызмет етіп жүргеніме бір жылдан асты. Парашютпен секіруге ұзақ уақыт дайындалдым. Әрине, басында қорқыныш болды, дегенмен талай мәрте секіріп жүрген тәжірибелі әріптестерім бізді бортта жігерлендіріп, кеңестерін айтты. Ал борт есігін ашқан нұсқаушы «десант түсуге дайындалыңдар» пәрменін бергенде, барлық эмоциялар жоғалып, секіруге деген құштарлық пайда болды, – деді алған әсерін бөлісе аға маман кіші сержант Гүльзаряма Абдришитова. Дәл сол күні – аса күрделі әрі жауапты кезеңде әуеде 1500-ден 2000 метрге дейінгі биіктіктен 15-20 секунд кідіріспен 47 офицер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшісі бар Десанттық-шабуылдау әскерлерінің спорттық-парашюттік командасы парашютпен секіру жаттығуларын орындады. Секіру тапсырмаларын сәтті орындау тек батылдық пен ерік-жігерді ғана емес, сондай-ақ барлық ережелерді, жинақылықты, асқан шеберлікті нақты орындауды талап ететінін айта кеткен жөн.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/937263
Зерттеудің, консалтингтік көрсетілетін қызметтің және мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидалары бекітілмекc 13.02.2025
Қорғаныс министрлігі «Зерттеудің, консалтингтік көрсетілетін қызметтің және мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау жөніндегі қағидаларды бекіту туралы» қорғаныс ведомствосы басшысы бұйрығының жобасын дайындады.Нормативтік құқықтық акт ҚР Бюджет кодексінің 14 және 16-баптарына сәйкес әзірленді. Құжатта құнды қалыптастыру тәртібі айқындалып, зерттеуді, консалтингтік көрсетілетін қызметті және мемлекеттік тапсырманы орындау кезінде әлеуетті орындаушылардың шығындарының баптары нақтыланады.Бұйрықтың қабылдануы дәйекті және ашық түрде бағаны белгілеу процесін қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Қорғаныс министрі бұйрығы жобасының толық мәтінімен «Электрондық үкімет» порталында осы жылдың 27 ақпанына дейін «Ашық НҚА» бөлімінде мына https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15440196 сілтеме бойынша танысуға болады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/937440
Қостанайлықтар – 2025 жылғы Азия ойындарының жүлдегерлері! 13.02.2025
2025 жылғы Азия ойындарында Қазақстанның ерлер шаңғы құрамасы 4×7,5 км эстафетасында қола медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама сапында Қостанай облысының екі өкілі – Наиль Башмаков пен Владислав Ковалев өнер көрсетті.Қазақстандық шаңғышылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, Қытай мен Жапонияның мықты қарсыластарына ғана жол берді. Бұл – отандық қысқы спорт мектебінің қарқынды дамуының және спортшыларымыздың халықаралық ареналарда жоғары нәтижелер көрсете алатынының кезекті дәлелі.Қостанай облысының әкімі жерлестерін лайықты марапаттарымен құттықтады:«Сіздер тамаша техника, шыдамдылық және командалық рух көрсеттіңіздер. Сіздердің медальдарыңыз – тек өңір үшін ғана емес, бүкіл ел үшін мақтаныш. Жаңа жеңістер мен үлкен жетістіктер тілеймін!»Қостанай облысы өз шаңғышыларымен заңды түрде мақтана алады, олар көп жылдар бойы елдегі ең мықтылардың қатарында. Өңір спорттық инфрақұрылымды дамытуды жалғастырып, дарынды спортшыларды қолдап, жаңа чемпиондарды даярлау үшін жағдай жасауда.Шаңғышыларымызды қола жүлдемен құттықтаймыз және алдағы жеңістерін тілейміз!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/937273
Қостанай облыстық ауруханасында қашықтықтан медициналық кеңес алу мүмкіндігі енгізілді 13.02.2025
Қостанай облыстық ауруханасында жаңа қызмет – қашықтықтан медициналық кеңес беру жүйесі іске қосылды. Бұл жаңашылдық шалғай ауыл тұрғындарына облыс орталығына бармай-ақ білікті медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.Қызмет 2024 жылдың соңында іске қосылып, 2025 жылдың қаңтарында дәрігерлер 13 онлайн-кеңес өткізді. Науқастар көбінесе уролог пен невропатологқа жүгінді, бірақ облыстық аурухананың барлық терапевтік және хирургиялық бейіндегі мамандары қолжетімді. Айта кетерлігі, биыл емханаға жетіспейтін мамандар – гематолог пен аллерголог келді.Онлайн-кеңес қалай жүргізіледі?Қашықтықтан кеңес тек алғашқы қабылдаудан өткен пациенттерге ғана қолжетімді. Алдымен дәрігер науқасты жеке қабылдап, қажетті тексерулерді тағайындайды. Пациент бұл тексерулерден аудандық емханасында өтеді, ал алынған нәтижелер – талдаулар, суреттер – электронды форматта жіберіледі. Дәрігер оларды қарап шығып, онлайн-режимде, көбінесе WhatsApp мессенджері арқылы кеңес береді.– Бұл, әсіресе, егде жастағы адамдар мен облыс орталығына жиі келе алмайтын науқастар үшін өте ыңғайлы, – дейді консультативтік емхананың меңгерушісі Сауле Мендыкулова.Уақыт пен қаржыны үнемдеуАуыл тұрғындары жаңа қызметтің артықшылықтарын бағалап үлгерді. Мысалы, Федоров ауданының тұрғыны Светлана Клейн қашықтықтан кеңес алу медициналық көмекті айтарлықтай жеңілдететінін атап өтті:– Қостанайға әр сапар – қосымша шығындар мен физикалық ауыртпалық, әсіресе қарт адамдар үшін. Енді тексеру нәтижелерін жіберіп, дәрігерден онлайн түрде кеңес алуға болады, – дейді Светлана.Қосымша медициналық қызметтерОблыстық ауруханада қолжетімді медициналық зерттеулер ауқымы кеңеюде. Қазіргі уақытта пациенттерге кардиология, неврология, эндокринология және урология бойынша Check-up кешенді диагностикалық бағдарламалары ұсынылады. Барлық тексерулер бір күн ішінде жүргізіліп, нәтижелері мен дәрігердің ұсыныстары бірден беріледі.Сонымен қатар, жақын арада кіші хирургия қызметі іске қосылмақ. Бұл стационарда ұзақ уақыт жатуды қажет етпейтін бірқатар медициналық мәселелерді амбулаториялық деңгейде шешуге мүмкіндік береді.Қашықтықтан кеңес беру, диагностика және қабылдауға жазылу туралы толық ақпаратты Қостанай облыстық ауруханасының тіркеу бөлімінен немесе пациенттерді қолдау бірыңғай қызметінен алуға болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/937668
Алматы облысы спортшысы қысқы Азия ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізді 13.02.2025
Қытайда өтіп жатқан ІХ қысқы Азия ойындарында Қазақстанның ерлер биатлон құрамасы эстафеталық жарыста күміс медаль жеңіп алды. Бұл жеңіс – отандық спортшылардың қажырлы еңбегі мен жоғары шеберлігінің жемісі. Құрама сапында өнер көрсеткен Әсет Дүйсенов, Владислав Киреев, Вадим Куралес және Александр Мухин мәре сызығын екінші болып кесіп, Қазақстан қоржынына кезекті медальді салды. Әсіресе, Алматы облысының спортшысы Әсет Дүйсенов ерекше көзге түсіп, тарихи жетістікке өз үлесін қосты.Ол өзінің шеберлігі мен ерік-жігерінің арқасында керемет нәтиже көрсетіп, ел абыройын асқақтатты. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев спортшыларды құттықтап, бұл жеңістің маңыздылығын атап өтті: “Қысқы Азия ойындарында биатлоншыларымыздың табысқа жетуі – еліміздегі қысқы спорттың қарқынды дамуының дәлелі. Әсіресе, жерлесіміз Әсет Дүйсеновтың жетістігі біз үшін үлкен мақтаныш.Оның ерік-жігері мен қажырлы еңбегі өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Спортшыларымызға алдағы жарыстарда да сәттілік тілейміз!” Азия ойындарындағы бұл жетістік – қазақстандық спорттың әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, жанкүйерлерге қуаныш сыйлады.Спортшыларымызды шын жүректен құттықтаймыз!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/937418
Түркістан ерекше мәртебеге ие болады: сенаторлар тиісті заңды мақұлдады 13.02.2025
Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Түркістан қаласының ерекше мәртебесіне қатысты заңдарды қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.Отырыс барысында Сенат депутаттары «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласының ерекше мәртебесі және шет елдегі мәдениет орталықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Аталған заңдардың нормалары Түркістанды Қазақстанның рухани-мәдени, тарихи және туристік орталығы ретінде дамыту үшін құқықтық жағдайлар жасауға, сондай-ақ, тарихи-мәдени мұраны қорғап, рухани нысандардың бірегейлігін сақтауға бағытталған.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев түркі әлемінің алтын бесігі – Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы мәселені облыс жұртшылығымен кездесуінде көтерген болатын. Президентіміздің тапсырмасын орындау үшін арнайы заң әзірленіп, мақұлданды. Жаңа нормалар аясында Түркістан шаһарын еліміздің сәулет, рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы ретінде дамыту үшін кешенді шаралар көзделген. Осыған байланысты орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілеттіктері қайта қаралды. Сонымен қатар инженерлік, көліктік, әлеуметтік және туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелері жан-жақты реттеліп отыр. Мақұлданған заңдар Түркістанның жан-жақты дамуына сомды үлесін қосады деп сенеміз»,– деді Мәулен Әшімбаев.Сондай-ақ заң арқылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау үшін кесененің қорғау аймағының шекарасынан бір жүз метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын және ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерімен үйлеспейтін объектілер салуға жол берілмейтін болды.Заңдарда мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге және инклюзивті туризмді дамытуға арналған түзетулер де қарастырылған. Бұл ретте инфрақұрылымның кедергісіз қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделіп отыр.Сонымен қатар әкімдіктер мен мәслихаттардың құзыреттері қайта қаралды. Енді қала аумағында тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаланың ұлттық қолөнер саласындағы шеберлердің шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын әзірлеу әкімдіктің құзыретінде болады. Бұл Түркістан қаласының аумағы арқылы транзиттік автомобиль көлігі қозғалысының схемалары мен тәртібін келісу рәсіміне де қатысты екенін атап өткен жөн.Осылайша, аталған заңнамалық нормалар қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен объектілерін, оның ішінде дүниежүзілік мұра – Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қорғау аймағында орналасқан нысандарды басқару мен сақтаудың тиімді жүйесін қалыптастыруға арналып отыр.Отырыс барысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.Андрей Лукин отандық кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу нәтижелерінің негізсіз жойылуынан көп зардап шегетінін айтты. Осыған байланысты ол жүйелі бұзушылықтар, оның ішінде тәртіптік жазалар үшін аудиторлардың дербес жауапкершілік тетіктерін әзірлеумен бірге мәселені кешенді шешуге арналған шаралар топтамасын ұсынды.Бибігүл Жексенбай инклюзивті білім беру саласындағы проблемаларға тоқталды. Депутаттың айтуынша, олардың негізгілері – мамандардың жетіспеушілігі және ескірген нормалар. Мәселені шешу үшін сенатор мүгедектігі бар адамдар бойынша деректерді есепке алуды автоматтандыруды, ерте диагностиканы енгізуді, мамандарды даярлауды арттыруды және отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын әзірлеуді ұсынды.Айнұр Арғынбекова елімізде диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін енгізу барысындағы бюрократиялық үдерістерге назар аударды. Бұл пациенттерді инновациялық әдістермен уақтылы емдеуге кедергі келтіреді. Сондықтан депутат денсаулық сақтау технологияларын бағалау кезеңдерін реттеу мерзімдерін оңтайландыру, әртүрлі мемлекеттік органдардың жаңа технологиялардың қайталама сараптамаларын болдырмай, рұқсат беру рәсімдерін оңайлату қажет екенін атап өтті.Сәкен Арубаев мақта өсірушілерді толғандырған проблемаларды көтерді. Сенатор саланы жаңғырту үшін субсидиялау бағдарламасын қайта қарауды, сондай-ақ, мақта кластерін құруды және дамытуды ұсынды.Марат Қожаев айыппұлдар жол қозғалысы ережелерін бұзудың көбеюімен күресуге көмектеспейді деп санайды. Сондықтан депутат автоматты режимде анықталған жүйелі бұзушылықтар үшін жүргізушілерді емтиханды қайта тапсыруға жіберу және оларды жүргізуші куәлігінен уақытша айыру жөнінде бастама көтерді.Алишер Сатвалдиев Түркістан облысында оқу орындарының жетіспеушілігіне, мектептердің апатты жағдайына және оқушылар саны шектен асып кеткен сыныптардың көптігіне алаңдаушылық білдірді. Оқушылардың санына байланысты қажеттілікті ескере отырып, сенатор Үкіметті қосымша 12 мектеп салу үшін қаржы бөлуге шақырды.Жанна Асанова мектеп бағдарламасына үй шаруашылығы, жөндеу, алғашқы көмек көрсету, қаржылық және құқықтық сауаттылық сияқты өмірлік дағдылар бойынша курстарды енгізу қажет екенін атап өтті. Мұндай бастама балалар мен жастарды тәуелсіз өмірге дайындауға, отбасы институтын нығайтуға және тұрмыстық дәрменсіздік деңгейін төмендетуге бағытталған. Бұл қадам ажырасу санын азайтуға да ықпал етпек.Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыз су мәселесіне назар аударып, республикалық бюджеттен топтық су құбырларын қайта жаңартуға және ауылдарды топтық су құбырларына қосуға қаражат бөлуді ұсынды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/937506
Қазақстан үшінші Ерікті ұлттық шолуды талқылауға кірісті 13.02.2025
2025 жылғы 12 ақпанда ҚР Ұлттық экономика министрлігі «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ және БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп 2025 жылғы Ерікті ұлттық шолу жобасын талқылау бойынша семинар өткізді.Іс-шараның негізгі мақсаты - шолу жобасын кеңінен талқылауға бастама жасау және процестің негізгі қатысушыларымен, соның ішінде мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың, үкіметтік емес ұйымдардың, халықаралық серіктестермен және тәуелсіз сарапшылардың өкілдерімен пікір алмасу.ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина өзінің алғы сөзінде қатысушыларды орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізудегі Парламенттің рөлі туралы хабардар етіп, олардың іске асырылуын мониторингтеу мен бақылаудың, сондай-ақ ОДМ интеграциясын заңнамалық қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ Парламенттік комиссияның тиімді шешімдерді әзірлеу және қол жеткізілген прогресті бағалау үшін мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғаммен әрі халықаралық сарапшылармен белсенді өзара іс-қимылын атап өтті.ҚР ҰЭМ Әлеуметтік саланы, құқық қорғау және арнайы органдарды дамыту департаментінің директоры Нұргүл Жанназарова өз сөзінде, үкіметтік емес және азаматтық сектор өкілдеріне, халықаралық серіктестерге ынтымақтастық үшін алғысын білдірді. Ол Қазақстан экономикалық өсу, әлеуметтік әл-ауқат және экологиялық жауапкершілік мәселелерін үйлестіре отырып, орнықты даму жолымен сенімді түрде жүріп, қазіргі және болашақ ұрпақ үшін лайықты болашақ құратынын атап өтті.«Өткен жылы негізгі құжат - Мемлекеттік жоспарлау жүйесі - Республиканың 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары қабылданды, ол орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін өтпелі процестерді жеделдетуге бағытталған», – деп атап өтті Нұргүл Жанназарова.Бұған қоса, 2024 жылдың қазан айында орнықты даму мақсаттарының ұлттық индикаторларының тізбесі өзектендірілді. Жаңартылған тізімге 200 индикатор кіреді, оның 69-ы өзекті болып анықталды. Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі шеңберінде ОДМ индикаторларын стратегиялық құжаттарға, оның ішінде оларды өңірлік жоспарларға оқшаулау арқылы ыдырату жүргізіледі.Нұргүл Жанназарова сондай-ақ Қазақстан Ерікті ұлттық шолуды екі рет сәтті ұсынғанын және ағымдағы жылдың шілде айында Нью-Йорктегі жоғары деңгейдегі Саяси форумда ел өзінің үшінші шолуын ұсынатынын атап өтті. Басым мақсаттар мемлекеттік органдарды, азаматтық қоғам, бизнес және халықаралық ұйымдар өкілдерін қоса алғанда, халықтың әртүрлі санаттарының пікірлерін ескере отырып айқындалатын болады.БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісінің міндетін атқарушы Стивен О'Малли Қазақстан Үкіметіне тұрақты ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, ОДМ іске асырылуын бақылау жөніндегі институционалдық құрылымды құрудағы елдің жетістіктерін атап өтті. Ол Қазақстанның Ерікті ұлттық шолуды мерзімді түрде ұсынуы елдегі орнықты дамудың Жаһандық күн тәртібін іске асыруға баса назар аударылатынын атап өтті.Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу ортақ міндет болып табылады және Ерікті ұлттық шолуды дайындау Қазақстанның осы шолуды 39 ел қатысатын жоғары деңгейдегі Саяси форумда табысты ұсынуын қамтамасыз ету үшін жан-жақты әрі сапалы тәсілді талап етеді.Анықтама: Ерікті ұлттық шолу БҰҰ Орнықты даму саласындағы күн тәртібін қабылдаған сәттен бастап 2030 жылға дейінгі кезеңге қол жеткізілген нәтижелердің қимасын білдіреді (Күн тәртібі-2030). Шолудың мақсаты-2030 күн тәртібін іске асыруды жеделдету мақсатында жетістіктер, проблемалар мен сабақтарды қоса алғанда, тәжірибе алмасуға жәрдемдесу. Шолу сонымен қатар саясат пен үкіметтік институттарды нығайтуға, сондай-ақ орнықты даму мақсаттарына жету үшін әртүрлі мүдделі тараптар мен серіктестіктерді қолдауды жұмылдыруға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/936985