Қоғам
«Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы іске асырыла бастаған 12 ай ішінде «БЖЗҚ» АҚ жас отандастарымызға 6,30 млн АҚШ долларын аударды 13.02.2025
2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы іске қосылған 12 ай ішінде "БЖЗҚ" АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) шамамен 6,30 млн АҚШ долларына 62 697 өтініш орындады (өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға аударылды). Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 3,63 млн астам АҚШ долларына 36 119 өтініш, білім алу ақысын төлеу үшін шамамен 2,67 млн АҚШ долларына 26 578 өтініш орындалды. Естеріңізге сала кетейік, нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы, ақшаның пайдаланылмаған қалдығы нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қала береді.Тұрғын үй жағдайларын жақсарту аясында қазақстандықтар қаржыларын көбінесе мынадай мақсатта пайдаланды: одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (шамамен 3,53 млн АҚШ долларына 35 113 өтініш орындалды), тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу – шамамен 30,27 мың АҚШ долларына 304 өтініш, азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – шамамен 29,60 мың АҚШ долларына 295 өтініш. Білім алу ақысын төлеу бойынша ең танымал қосалқы мақсаттар: Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бір рет толық көлемде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (2,25 млн АҚШ долларына 22 435 өтініш орындалды), білім алу үшін жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім алу жинақтау салымын толықтыру (314,86 мыңға жуық АҚШ долларына 3 133 өтініш орындалды), шетелдік білім беру ұйымдарының оқыту қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (88,47 мың АҚШ долларына 880 өтініш орындалды). Естеріңізге сала кетейік, биыл еліміздің азаматы болып есептелетін барлық балаларға екінші рет Қазақстан Ұлттық қорынан қаражат есептелді."Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасына қатысушылардың жалпы саны (2024 жылғы 31 желтоқсанның соңындағы жағдай бойынша) - 6 921 035 бала. Оның ішінде 324 430 қатысушы 2025 жылы 18 жасқа толады. Есепті жылы барлық балаларға бірдей сома есептеліп, оның бір балаға шаққандағы мөлшері - 129 АҚШ доллары 38 цент.2024 жылы Ұлттық қордан алғашқы қаражат есептелген балаларға, 2006 жылы туған балаларды қоспағанда, ағымдағы жылы 3,04 АҚШ доллары мөлшерінде инвестициялық кіріс есептелді. Нәтижесінде бағдарламаға 2 жыл қатарынан қатысқан баланың нысаналы талаптары/нысаналы жинақтары 232 АҚШ доллары 94 центіне жетті.Нысаналы талаптарға қатысушылар мен нысаналы жинақтарды алушылардың саны, сондай-ақ, нысаналы жинақтарды тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алу ақысын төлеу мақсатында пайдалану бойынша уәкілетті операторлар мен өңірлер бөлінісіндегі статистикамен enpf.kz сайтында танысуға болады.kids.enpf.kz сайтында және БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube-арнасында Бағдарламаның шарттарымен, қажетті нұсқаулықтармен танысып, өзіңізді қызықтыратын сұрақтарыңызға жауап ала аласыз. Сондай-ақ, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асыру, бала кәмелетке толғанға дейін және одан кейінгі іс-қимыл алгоритмі туралы бейне нұсқаулықты БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube-арнасында https://www.youtube.com/watch?v=a9L8N4Q28OM сілтемесі бойынша көруге болады.БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында). Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/936087
Қазақстан мен Түркия консулдық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі 13.02.2025
Анкара, 2025 жылғы 12 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Азамат Аубеков пен Түркия Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің бас директоры Али Мұрат Башчеридің төрағалығымен консулдық мәселелер бойынша қазақ-түрік консультациялары өтті. Іс-шараға сондай-ақ екі елдің мүдделі құзыретті органдарының өкілдері де қатысты.Конструктивті атмосферада өткен консультациялар барысында дипломаттар өзара қызығушылық тудыратын бірқатар консулдық мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады. Атап айтқанда, Қазақстан мен Түркия азаматтарының құқықтарын қорғау, шарттық-құқықтық базаны кеңейту және тағы басқа өзекті мәселелер қарастырылды.Қатысушылар бауырлас елдер арасындағы қатынастарға қосымша серпін беретін және екі мемлекеттің консулдық қызметтері мен құзыретті органдары арасындағы байланыстарды айтарлықтай жандандыруға мүмкіндік беретін осындай кездесулерді өткізудің маңыздылығы мен тиімділігін атап өтті.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар консулдық қатынастардың барлық салалары бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және екіжақты консулдық консультацияларды тұрақты түрде жалғастыруға ниеттерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/936926
Қостанай облысы – жастар үшін мүмкіндік аймағы 12.02.2025
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Миннесота университетімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша оқып жатқан студенттерімен кездесті. Бұл – жастарды мемлекеттік қолдаудың бір көрінісі. Бағдарлама аясында студенттер шетелге шықпай-ақ, халықаралық деңгейдегі диплом алуға мүмкіндік алады.Мемлекет басшысы жастардың шетелге кетпей, сапалы білімді елімізде алуына жағдай жасауды тапсырды. Бұл, біріншіден, отбасыларға қаржылық ауыртпалықты азайтады, екіншіден, білікті мамандардың елден кетуіне жол бермейді. Қостанай облысы осы тапсырманы жүзеге асырып, әлемдік деңгейдегі жоғары білімді өз өңірінде алуға мүмкіндік жасап отыр.Кездесу барысында облыс әкімі өңірдің үш негізгі бағытта қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті:• Машина жасау – KIA автозаводының іске қосылуы, автокомпоненттер шығаратын локализациялық орталықтың құрылысы.• Қара металлургия – «Камлит» зауыты және Рудный қаласында ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыттың құрылысы.• Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу – бидайды терең өңдейтін зауыттың құрылысы, ол астыққа қосылған құн беріп, әлемдік нарықта сұранысқа ие өнім шығаруға мүмкіндік береді.Бұл өндірістердің барлығы жоғары технологиялық және бағдарламалық қамтамасыз ету, цифрландыру, автоматтандырылған жүйелер саласындағы білікті мамандарды қажет етеді. Сондықтан IT саласы бойынша қос дипломдық бағдарламада оқып жатқан студенттер аймақтағы жаңа кәсіпорындарда сұранысқа ие болып, жоғары жалақы алатын мамандар қатарына қосылады.Қостанай облысында жастардың сапалы білім алуынан бастап тұрақты жұмысқа орналасуына дейін қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі студенттер – өңір экономикасының болашағы, сондықтан біз олардың өз әлеуетін туған жерінде жүзеге асыруы үшін барынша қолдау көрсетеміз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/936864
Бюрократиядан қолайлылыққа: цифрландыру мемлекеттік қызметтерді қалай жақсартады 12.02.2025
«Government to citizens», яғни азаматтарға қызмет көрсету саласы да – маңызды басымдықтардың бірі. Цифрлық технологиялардың көмегімен біз азаматтардың күнделікті тіршілігін барынша жеңілдетуге және барлық адам үшін тең мүмкіндіктерге қол жеткізуді көздеп отырмыз», - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.2024 жылы Қазақстан Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Цифрлық трансформацияның нормативтік және әдіснамалық негіздері әзірленді, сараптамалық база қалыптастырылды және түрлі салаларда ауқымды реформалар іске қосылды.Цифрлық трансформацияның негізгі құралдарының бірі бизнес-процестерді қайта құру болды. 1200-ден астам мемлекеттік үдерістерді қайта қарау нәтижесінде 23 мемлекеттік органда 468 бизнес-үдеріс оңтайландырылды, бұл олардың орындалу мерзімін орта есеппен 45%-ке қысқартуға мүмкіндік берді.Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігінде 98 процестің реинжинирингі қызмет көрсету мерзімінің 55%-ке қысқаруына әкелді. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінде бұл көрсеткіш сәйкесінше 55% және 85%-ды құрады.Жылдың басты жетістігі мемлекеттік қызметтерді цифрландыру деңгейін арттыру болды. БҰҰ деректеріне сәйкес, Қазақстан онлайн-қызметтер индексі бойынша топ-10 елдің қатарына кіріп, цифрландыру деңгейі бойынша 193 мемлекеттің ішінде 24-ші орынды иеленді.Бүгінгі таңда халықтың 93%-тен астамы eGov порталы арқылы электрондық қызметтерге қол жеткізе алады. Мемлекеттік қызметтердің 90,8%-і смартфондар арқылы қолжетімді. Биометриялық сәйкестендіру мен QR-қолтаңбаларды енгізу электрондық қызметтерді алу процесін жеңілдетті — бір жыл ішінде қазақстандықтар QR-кодтар арқылы 23 миллионнан астам құжатқа қол қойды.Қазақстандағы цифрлық трансформация мемлекеттік қызметтерді неғұрлым қолайлы, қолжетімді және тиімді етуге бағытталған.Қазақстандықтар үшін нақты пайдасын көрсеткен бірнеше цифрлық шешімдерге тоқталғымыз келеді.Азаматтардың өмірін жақсартқан цифрлық шешімдердің мысалдары:• Сандық әскери билет қағаз құжаттарын толығымен ауыстырды.• Балабақшаларға онлайн тіркелу ваучерлік қаржыландыру жүйесінің арқасында процесті ашық етті.• "Еуропалық хаттаманы" енгізу сақтандыру төлемдерін алу мерзімін 40 күннен 5 күнге дейін қысқартып, полицияның қатысуынсыз ЖКА ресімдеуге мүмкіндік берді.• Атқарушылық іс жүргізуді автоматтандыру азаматтарға қаржылық жүктемені азайта отырып, жеке сот орындаушыларының қатысуын болдырмады.• Цифрландыру балабақшаларға, мектептерге, жоғары оқу орындары мен жатақханаларға түсуді жеңілдетті, сондай-ақ денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және тіркеу қызметтеріндегі процестерді оңтайландырды.2025 жылы 44 мемлекеттік қызметтің мерзімін қысқарту, 20 мемлекеттік қызметті проактивті форматқа ауыстыру, сондай-ақ 35 мемлекеттік қызметті трансформациялау жоспарланған.Цифрлық трансформацияның нәтижелері бүгінде миллиондаған қазақстандықтар үшін айқын. Әрбір жоба мемлекеттік қызметтердің ыңғайлылығын, ашықтығын және қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Цифрландыру деңгейін арттыру білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті жақсартады, оларды ыңғайлы және әділ етеді. Қазір көптеген мемлекеттік қызмет онлайн-форматта, кезексіз және қосымша бюрократиялық рәсімдерсіз қолжетімді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/934672
Қызылорда облысында "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында іс-шаралар жалғасуда 12.02.2025
Бүгін Шиелі ауданында жас ауыл тұрғындары арасында «Таза аудан өзіңнен басталады» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ержан Абдешовтың айтуынша, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына жергілікті жас жігіттер мен қыздар белсене қатысуда.- Семинарда жастар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға, экологияны сақтау мен табиғатты қорғауға ерекше назар аударылды, - деп атап өтті Е. Абдешов. – Себебі, белгілі бір сөз бар: «Тазалық – ластамайтын жерде болады». Әрбір адам осы жалпы іске өзінен бастап үлес қосуы керек.Мектеп оқушылары арасында үлкен тәрбие жұмыстары жүргізілуде. Осы күні барлық оқу орындарында «Таза Қазақстан – Таза Табиғат» тақырыбында сынып сағаттары мен көрмелер өткізілді. Оқушылар «Таза Қазақстан» бағдарламасы, қоқысты дұрыс сұрыптау, көшеттерді ұқыпты күту және қоршаған ортаны қорғау қажеттілігі туралы көп пайдалы ақпарат алды.Экологиялық тәрбиеге бағытталған ашық сабақтар мен сынып сағаттары балалармен жұмыс істеудегі маңызды бағыттардың бірі болып табылады.- Мұндай іс-шаралар балаларда табиғатқа деген қамқорлық, еңбекқорлық, қоршаған ортаға деген қамқорлық сияқты құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді, - дейді №244 мектеп директоры Жеңіскүл Рыспанбетова.Іс-шаралар бүгін Жанақорған ауданында да өтті. Мұнда жастарға арналған «Қоғамдағы экологиялық сауаттылық және экологиялық мәдениет» тақырыбында семинар, сондай-ақ «ЭкоЖастар: Болашақ біздің қолымызда» тақырыбында дебаттар ұйымдастырылды.- Жастар – еліміздің болашағы. Бүгін Жанақорғанның жас жігіттері мен қыздары – Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан экологиялық бағдарламаның негізгі қозғаушы күші. Ауданның елді мекендерінің тазалық және абаттандыру мәселелері біздің ерекше бақылауымызда, - деп атап өтті аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Наурызбай Орынбасаров.Айта кету керек, облыс бойынша "Таза Қазақстан" экологиялық іс-шарасы басталғаннан бері облыстың 730 000-ға жуық тұрғыны қатысты. 27 000 тоннадан астам қоқыс шығарылды, 505 сквер мен саябақ, 225 тарихи мәдениет ескерткішінің аумағы, 791 әлеуметтік нысан, 4596 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 322 су нысаны, 47 451 аула мен көше тазартылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/935544
Облыстық мәслихат депутаттары Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен барды 12.02.2025
Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов және облыстық мәслихат депутаттары Жанкелді Ысқақ, Ерлан Қалиев, Орынбасар Төлепов Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен барып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Елді мекендердегі өзекті мәселелер талқыланған кездесулер III Интернационал, Дүр Оңғар, Иіркөл ауылдары мен Жосалы кентінде өтті.Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов аймақ басшысының бастамасымен қолға алынған іргелі істер, алда жүзеге асырылатын жобалар туралы баяндады. Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың алдағы жоспарына, депутаттармен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Халықтың тұрмысын, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды атап өтті.Кездесуге келген тұрғындар газдандыру, балабақша ашу, кітапхана ахуалы, ауыл көшелерін асфальттау, шлюз салу, кәріз жүйесі, жайылымдық жер, азық-түлік бағасының қымбаттауы, туризмді дамыту және білім саласына қатысты, басқа да мәселелерді көтерді. Сонымен қатар, осындай ашық диалогтың маңызын атап өтіп, ризашылық білдірді.Айта кетейік, ауыл тұрғындарымен кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков және қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, ауыл әкімдері мен тиісті сала мамандары қатысты.Сапар барысында облыстық мәслихат төрағасы мен депутаттар III Интернационал ауылындағы «Достық» бөбекжай-бақшасының жұмысымен танысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/935550
Мәжіліс бітімгерлік қызмет мәселесі жөніндегі меморандумды ратификациялады 12.02.2025
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев депутаттарға Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы халықаралық шарттарды ратификациялаудың мақсаты мен маңызы туралы айтып берді. «2024 жылғы 14 ақпандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлуді бақылау жөніндегі күштеріне (UNDOF) ресурс ұсынатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға хаттар алмасу нысанындағы келісімге қол қою туралы» ҚР Заңының жобасы қазақстандық әскери қызметшілердің бітімгерлік миссиясына қатысуына байланысты әзірленді. Қорғаныс ведомствосының өкілі оны ратификациялау UNDOF миссиясында Қазақстан Республикасының бітімгерлік контингентін ашу жөніндегі қаржылық мәселелерді реттеуге мүмкіндік беретінін түсіндірді.– Ұлттық бітімгерлік контингенті 139 әскери қызметші мен 26 бірлік әскери техника 2024 жылғы наурыздан бастап миссия атқару үшін Голан жоталарына орналастырылды. Миссияның мақсаты – Израиль мен Сирия арасындағы бітімгерлікті қолдау, сондай-ақ Израиль мен Сирия әскерлерінің ажыраған аумағын қадағалау және бақылау, – деді генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев. Ол сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының бітімгерлік қызметі туралы» Заңның 23-бабының 2-тармағына сәйкес БҰҰ-ға мемлекеттің бітімгерлік операцияға жұмсаған шығындарын толық немесе ішінара өтеу тәртібімен бөлінетін қаражат республикалық бюджеттің кірісіне түсетінін еске салды.– Қазақстанның БҰҰ-ның аталған миссиясына қатысқаны үшін жылына шамамен 5 млн АҚШ доллары мөлшерінде төлейді, оның ішінде жеке құрамға шамамен 2,4 млн АҚШ доллары. Бұл ретте әрбір әскери қызметші-бітімгер үшін айына 1 448 АҚШ доллары мөлшерлемесі бекітілді, – деп түсіндірді министрдің орынбасары.Әскери қызметшілерді ынталандыру үшін БҰҰ төлемдері оларға тікелей төленеді. Сондықтан келісімде: Қорғаныс министрлігі – персоналға төлемдер үшін және Қаржы министрлігі – техниканы, қару-жарақ пен мүлікті жалға алғаны үшін екі банктік шот көзделеді. Генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев халықаралық шарттарды ратификациялау Қазақстан Республикасының мүдделеріне сай келетінін атап өтті. Оларды қабылдау мемлекетіміздің беделін арттыруға және ұлттық контингенттің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға тиімді қатысуын қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.Заң жобаларын талқылау қорытындысы бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттары оны ратификациялауды қолдады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/936601
Әскер спортшылары Азиаданың күмісі мен қола жүлделерін еншіледі 12.02.2025
Қазақстандық әйелдер мен ерлер арасындағы шаңғышылар командасы қытайдың Харбинінде өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілді.Қазақстандық Ксения Шалыгина, Камила Елғазинова, Ангелина Шурыга және Надежда Степашкина 4×5 шақырымға шаңғы эстафетасы жарысында 55:24.5 уақыт көрсеткішімен мәреге екінші болып келді. Үздік нәтиже – 53:59.3. көрсеткен қытайлықтарда. Үшінші болып 56:38.1 уақытында мәреге Жапония шаңғышылары жетті. Айта кету керек, Азиаданың осы түрдегі күміс жүлдегерлерінің қатарында Қарулы Күштердің қызметшілері Надежда Степашкина мен Ксения Шалыгина бар. Бұдан өзге континенттің 9 командасы арасында 4×7,5 шақырымдық шаңғы эстафетасында ел атынан шыққан ерлер құрамасы Константин Борцов, Наил Башмаков, Олжас Климин және Владислав Коволев қола жүлдеге ие болды. Алтын медаль – жарыс иелеріне, ал күміс жапондықтарға бұйырды.Армия орталық спорт клубының спортшысы Олжас Климиннің бұл Азиададағы екінші қола медалі. Біріншісін ол еркін стильде 10 шақырым қашықтыққа шаңғы жарысында алған болатын.Осылайша, Азия континентінің спортшылары арасындағы жарыста армия клубының қоржыны алтынмен (10 шақырым спринтте мерзімді қызмет сарбазы Владислав Киреев), күміспен және екі қоламен толықты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/936620
Моральдық-психологиялық тұрақтылық – әскерлердің жауынгерлік қабілетінің негізгі құрамдас бөлігі 12.02.2025
ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде соңғы жылдардағы қарулы қақтығыстар мысалында әскерлерді моральдық-психологиялық қамтамасыз етуді жетілдіру мәселелері жөнінде дөңгелек үстел өтті.Аталған салада заманауи әдістер мен тәсілдерді тәжірибеге енгізу жөніндегі іс-шара Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың басшылығымен өтті.Оған бейінді департамент өкілдері, Қарулы күштер түрлері бас қолбасшыларыныңтәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасарлары, ҰҚУ жан-жақты қамтамасыз ету факультеті әскери оқыту және тәрбие кафедрасының профессорлар-оқытушылар құрамы қатысты. Бейнеконференцбайланыс арқылы жеке құрамның моральдық-психологиялық тұрақтылығын нығайту мәселелерін талқылауға әскер тектерінің және өңірлік қолбасшылықтардың лауазымды адамдары да қосылды. – Жауынгерлік іс-қимыл барысында әскери қызметші орасан зор моральдық және психологиялық күйді бастан кешіреді. Сарбаздар мен офицерлердегі осы факторлардың тұрақтылығы әскерлердің жауынгерлік қабілетін анықтайтын негізгі критерийлердің бірі болып табылады, өйткені жауынгерлік тапсырманың сәтті орындалуы олардың қауіп-қатерлерге, шиеленістерге және ұрыс жағдайларына қалай ден қоюына байланысты. Мұндай жағдайда әскери қызметшілердің шайқаста қорқынышты жеңу және жеңіске деген ерік-жігерін сақтау қабілетін сақтау маңызды, – деп атап өтті генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев.Ол бұл тұрғыда моральдық-психологиялық тұрақтылық жеке құрамға шығындарға, жағдайлардың ауырлығына немесе ресурстардың жетіспеушілігіне қарамастан жауынгерлік рух пен күш-жігерді сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл әскери қызметшілердің бұйрықтарды тиімді орындау, үйлесімді әрекет ету және бастама көтеру қабілетіне әсер етіп, бөлімшенің жауынгерлік тиімділігін айтарлықтай арттырады.Талқыланған тақырып төңірегінде Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері бас қолбасшыларының орынбасарлары өз көзқарастарымен бөлісті. Өз сөздерінде олар моральдық-психологиялық әсер етуде психологиялық, ақпараттық-тәрбиелік және әскери-әлеуметтік жұмыс сынды компоненттерді қарастырды.Дөңгелек үстел жұмысына Қарулы күштер Тыл бастығы басқармасының және әскери бөлімдердің өкілдері де қатысты, олар әскерлерді моральдық-психологиялық қамтамасыз етуді нығайту жөніндегі ұсыныстарын айтты. Айтылған ұсыныстардың барлығы практикада іске асыру үшін мұқият талданып жинақталатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/936627
Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық диалог тереңдей түсуде 12.02.2025
Лондон, 2025 жылғы 11 ақпан – Қазақстан мен Ұлыбритания екіжақты стратегиялық диалог пен ынтымақтастықты дәйекті түрде кеңейтуді жалғастыруда. 19 қаңтарда дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толуын атап өткен тараптар 11 ақпанда Ұлыбритания астанасында Қазақстан-Ұлыбритания Стратегиялық диалогының 8-ші отырысын өткізді. Кездесуге Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік министрі Стивен Даути төрағалық етті.Диалог барысында делегациялар саясат, экономика, инвестициялар, энергетика, экология, мәдениет, білім және қауіпсіздік салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Сондай-ақ өткен жылдың сәуір айында қол қойылған Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау барысы қаралды. Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.Р.Василенко екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы жоғары деңгейдегі саяси диалог пен тиімді байланыстарды құптап, олардың көпжақты ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал ететінін атап өтті. Ол 2024 жылы өткізілген іс-шаралардың, соның ішінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлыбритания Премьер-министрі Кир Стармермен Бакуде өткен COP29 климаттық конференциясы аясындағы кездесуінің екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға және нығайтуға деген өзара ұмтылысты көрсететінін айтты. Осыған байланысты Стратегиялық диалог аясында сауда-инвестициялық серіктестікті кеңейту, іскерлік байланыстарды нығайту және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінді.Отырыс барысында Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлыбританияның GLAA агенттігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат Ұлыбританияда уақытша жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтарын қорғау, сондай-ақ ақпарат, тәжірибе және еңбек құқықтарын қорғау саласындағы озық тәжірибелермен алмасу мақсатында екі елдің тиісті ведомстволары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.Лондонға сапары аясында Р.Василенко Ұлыбритания Парламенті Қауымдар палатасы төрағасының бірінші орынбасары Нусрат Ганимен кездесіп, екі ел арасындағы парламентаралық диалогты дамыту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ ол Халықаралық стратегиялық зерттеулер институты сияқты британдық сараптамалық қауымдастық өкілдерімен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізді.Анықтама: Қазақстан-Ұлыбритания Стратегиялық диалогы – екіжақты ынтымақтастықтың институционалдық тетіктерінің бірі. 2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл кездесулер екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттарын қарастыру және өңірлік пен халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасу үшін тиімді алаң қызметін атқарады.Ұлыбритания – Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі, ел экономикасына салынған инвестиция көлемі 18 миллиард АҚШ долларынан асады. Қазақстанда британдық капиталдың қатысуымен 550-ге жуық компания жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/936221
Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды 12.02.2025
Ташкент, 2025 жылғы 10 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Өзбекстан Республикасының Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Кудратовпен кездесті.Келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, өнеркәсіптік кооперацияны, логистиканы кеңейту, сондай-ақ сауда рәсімдерін жеңілдету және екі елдің нарығына өнімді жеткізу көлемін ұлғайту үшін жағдай жасау мәселелері талқыланды. Инвестицияларды тарту тетіктеріне, оның ішінде инвестициялық ахуалды жақсарту және кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселелері бойынша пікір алмасуға ерекше назар аударылады.Тараптар Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің 2024 жылғы тамыздағы Астанаға мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысы туралы пікір алмасты. Осы тұрғыда өнеркәсіп және сауда саласындағы бірлескен жобаларды әзірлеу, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастық саласындағы өзара іс-қимылды күшейту шаралары талқыланды. 2025 жылға жоспарланған екіжақты және көпжақты жоғары деңгейдегі алдағы іс-шараларға ерекше назар аударылады.Қазақстандық делегация «Технопарк» ЖШҚ, «Ташкент Пласт Полимер» және «BMB Holding» өндірістік кәсіпорындарды аралады. Аталған кәсіпорындар ішкі және сыртқы нарыққа жеткізу үшін жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағытталған.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар белгіленген бағыттар бойынша ынтымақтастықты жалғастыру ниетін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/936252
Қазақстан СІМ басшысы Пәкістан Елшісін қабылдады 11.02.2025
Астана, 2025 жылғы 11 ақпан – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшісі Науман Башир Бхаттиді қабылдады.Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Пәкістан ынтымақтастығының ағымдағы жағдайы мен перспективаларын талқылап, өткен жылы жоғары деңгейдегі байланыстардың оң динамикасын қанағаттанушылықпен атап өтті.Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы сауда-экономикалық және транзит-көліктік салаларында екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға бағытталған бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың маңыздылығы туралы мәлімдеді.Ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және фармацевтика сияқты басым секторларға ерекше назар аударылды. Осыған байланысты елдер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға жәрдемдесетін Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның маңыздылығы аталып өтті.Тараптар сондай-ақ биік және жоғары деңгейдегі алдағы іс-шаралар кестесін қарады.Өз тарапынан пәкістандық дипломат екіжақты байланыстарды тереңдету мақсатында Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосымен тығыз ынтымақтастыққа дайындығын растады.Келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру және өзара іс-қимыл бағыттарын кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/935974
Қазақстан СІМ-де БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қорымен өзара ынтымақтастық талқыланды 11.02.2025
Астана, 2025 жылғы 10 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин 2025 жылдың қаңтарында тағайындалған БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) Қазақстандағы жаңа өкілі Чинве Огбоннамен кездесті.Кездесу барысында тараптар Қазақстандағы гендерлік теңдікті нығайту, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерді жақсарту мәселелеріне қатысты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады.А.Рахметуллин БҰҰ қорының өкілін қарсы ала отырып, ЮНФПА-ның белсенді күш-жігерінің көмегімен Қазақстан репродуктивті денсаулықты қорғау, перинаталдық күтім және отбасын жоспарлау, сондай-ақ ұзақ өмір сүру саласындағы үздік әлемдік тәжірибені енгізуде елеулі табыстарға қол жеткізгенін атап өтті.Өз кезегінде Ч.Огбонна Қазақстанға демография мен денсаулық сақтау салаларындағы ұлттық стратегиялар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда одан әрі қолдау мен көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар халықаралық және ұлттық күн тәртіптері аясында әріптестікті нығайтуға және басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуға келісті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/935992
«Gate City» қалашығында 900 орынға арналған мектептің ірге тасы қалануда 11.02.2025
Өткен жылдың қаңтар айында құрылған жаңа қалада құрылыс жұмыстары қарқынды. Іле ауданының құрамында болған , бүгінде асқаралы Алатаудың атын иемденген бұл шаһарда 50 мыңнан астам халық тұрады. 12 ықшам ауданы бар өңірдің инфрақұрылымын жүйелі түрде қалыптастыру мақсатында 13 «өсу нүктесі» анықталып, олардың егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары мен инженерлік-коммуникациялық желілердің техникалық құжаттамалары әзірленуде. Бұл туралы алатау қаласының әкімі Әркен Хамитұлы баспасөз мәслихатында айтты.«Халық қаласа, хан түйесін сояды» демекші, бұқараның жергілікті биліктен сұрағаны заманауи жабдықталған аурухана, яғни, сапалы медициналық қызметке қол жеткізу екен. Халық үніне құлақ асуды ұйғарған әкімдік бірнеше ықшам ауданда медициналық мекеменің құрылысын бастауға ниетті. Атап айтар болсақ, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында Еңбек және Жаңаарна ықшам аудандарында 2 фельдшерлік акушерлік пунктің құрылыс жұмыстары жүргізілуде және ағымдағы жылы қолданысқа беру көзделіп отыр.«Жетіген және Қоянқұс ықшам ауданында 250 орындық емхананың, сондай-ақ Жаңадәуір ауылында жаңа дәрігерлік амбулаторияның жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу бойынша кешенді жұмыстар атқарылуда. Жобалау жұмыстарының оң сараптамалық қорытындысы алынғаннан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары жоспарлы түрде, кезең-кезеңімен іске асырылатын болады», - деді Алатау қаласының әкімі Әркен Хамитұлы.Бұдан бөлек, шаһар аумағында «жайлы мектеп жобасы» жанданған. Қала басшысының сөзіне сенсек, 2024 жылы ұлттық жоба аясында Еңбек ықшам ауданында жобалық қуаттылығы 600 орынға арналған мектеп қолданысқа берілді. Сонымен қатар, осы жоба шеңберінде «Gate City» қалашығында 900 орынға арналған мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде және ағымдағы жылы қолданысқа беру жоспарлануда.Сондай-ақ, Жетіген ықшам ауданында 280 орындық мәдениет үйі мен 100 келушіге арналған спорт кешенінің құрылысын салу үшін 1 гектар жер телімі бөлініп, бүгінде жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр.Қала әкімі Әркен Хамитұлы былтыр 46 млрд.теңге инвестиция тартылғанын алға тартуда. Ал, биыл бұл көрсеткіш 100,7 млрд.теңгеге жетуі тиіс.«Қазіргі таңда, қалаға инвестиция тарту мақсатында «Алатау арнайы экономикалық аймағы» басқарушы компаниясымен және Алматы облысының Өңірлік даму орталығымен белсенді өзара іс-қимыл жүргізілуде.Ағымдағы жылы 10 ірі инвестициялық жобаның құроылысы басталад»,-деп қорытындылады қала әкімі Әркен Хамитұлы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/935571
Жауынгерлік оқу: «Дарбаза» полигонында сарбаздар диверсиялық топты "жойды" 11.02.2025
Түркістан облысында бөлімшелерді жауынгерлік үйлестіру бағдарламасы шеңберінде өткен жауынгерлік атысқа механикаландырылған бригаданың 150-ден аса мерзімді қызмет сарбазы қатысты.Мамандық бойынша даярлықтан өтіп, тактиканың теориялық негіздерін меңгерген бөлімшелер құрамындағы жауынгерлер штаттық қарудан жауынгерлік міндеттерді пысықтауға кірісті. Оқу-жаттығу орындарында әдістемелік нұсқау беру сабақтары барысында офицерлер мен сержанттар жауынгерлік атыстың барлық кезеңдерін өткізу жөнінде нақты тапсырмалар алды. – Сабақтың негізгі мақсаты – командирлер мен жеке құрамды атыс құралдарын қолдана отырып, тиімді ұрыс жүргізуге үйрету. Атысты сауатты басқару және жауынгерлік бұйрықтарды нақты беру қойылған міндеттерді ойдағыдай шешуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді бригада командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары майор Ержан Сабырбекұлы.Әскери қызметшілер бөлімшелердің жорығы, елді мекендердегі іс-қимылдар және қорғанысты ұйымдастыру сияқты негізгі тақырыптар бойынша дағдыларын жетілдірді.Мақсатқа сәйкес бөлімшелер құрамындағы жауынгерлер әуе шабуылына тойтарыс беру, диверсиялық топтарды анықтап, көзін құрту, зақымданған жерлерден өту, мина-жарылғыш тосқауылдарды пайдаланып қорғаныс іс-қимылдарын жүргізу және қорғаныстың алдыңғы шебінде жауды жою сценарийлерін пысықтады.Жауынгерлік жағдай қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесін ескеріп, жеке құраммен жұмыс істеудің тиімді формалары мен әдістерін қолдана отырып модельденді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/935549
Астана мен Джакарта өзара іс-қимылды күшейтуде 11.02.2025
Астана, 2025 жылғы 10 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Индонезия Республикасының Елшісі Мохамад Фаджрул Рахманмен кездесті.Сұхбат барысында тараптар өзара қызығушылық тудыратын барлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылады, сондай-ақ ағымдағы жылы биік және жоғары деңгейде жоспарланған іс-шаралар кестесін қарастырды.«Индонезия – Қазақстанның Оңтүстік Шығыс Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі. Астана Джакартамен саяси диалог пен сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі нығайтуға ұмтылады. Өткен жылы екіжақты тауар айналымының көлемі 5 пайызға артып, 300,5 млн АҚШ долларын құрады және екі тарап оны әртараптандыру арқылы өзара сауданы одан әрі кеңейту үшін бар әлеуетті бірлесіп пайдаланатынына нық сенеміз», – деді Ә.Бақаев.Өз тарапынан индонезиялық дипломат екіжақты және көпжақты бағытта әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуді жалғастырудың маңыздылығымен келісті.Сонымен қатар дипломаттар жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастықты талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/935556
Армия орталық спорт клубының сарбазы Азиада алтынын олжалады 11.02.2025
Харбинде IX қысқы Азия ойындарында ерлер арасында өткен екі атыс шепті 10 шақырымдық спринт жарысы аяқталды. Спринт жарысында армия биатлоншысы Владислав Киреев үздік нәтиже көрсетіп, жеңіске жетті. Дәл осы жарыста қазақстандық Вадим Куралес күміс еншіледі. Үшінші орын қытайлық Цан Гуге бұйырды.Бұл сайыста спортшының әріптестері Қарулы Күштердің қызметшілері Әсет Дүйсенов пен Александр Мухин де жақсы нәтижемен үздік ондыққа кірді. Олар рейтингтің алтыншы және жетінші сатысын иеленді. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін 10 шақырым қашықтықта еркін стильдегі жарыста армиялық шаңғышысы Олжас Климин қола жүлде алған болатын. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/935514
Астанада Қарулы Күштерді тылдық қамтамасыз етуді жетілдіру мәселелері талқыланды 11.02.2025
ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіровтың басшылығымен дөңгелек үстел отырысы өтті.Тылдық қамтамасыз ету мәселелері соңғы қарулы қақтығыстар аясында қарастырылды. Талқылауға Тыл бастығы басқармасының басшылығы мен бөлімшелердің бастықтары, Қарулы Күштер түрлері бас қолбасшыларының тыл жөніндегі орынбасарлары, Әскери-әуе күштері, Арнайы операциялар күштері қолбасшыларының орынбасарлары және ЖОО бейіндік кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы қатысты. – Біз әскерлерді жабдықтау процестерін басқару жүйесін жетілдірудің оңтайлы жолдарын анықтау үшін жиналдық. Ұрыста сәттілікке жету үшін әр жауынгер тоқ, киімі бүтін, қарулы және толық жабдықталған болуы керек. Осының бәрінің артында тыл әскерлерінің қажырлы және жауапты еңбегі тұр, – деп талқылау бағытын нақтылады генерал-лейтенант Қ. ӘбубәкіровКездесуге қатысушылар Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-теңіз күштерінің тылдық қамтамасыз етуді ұйымдастырудың ағымдағы жай-күйі мен жетілдіру перспективалары мәселелерін талқылады. Тыл бастығы басқармасы қызметінің тиімділігін арттырудың маңызды факторы материалдық-техникалық құралдарды есепке алуды цифрландыру болып табылады деп атап өтілді. Сондықтан, осы жылдың басынан бастап тыл қызметі толығымен электрондық құжат айналымына көшті. Кездесуде шетел армияларын мысалға ала отырып, жауынгерлік іс-қимылда бөлімшелерді жабдықтау логистикасын ұйымдастыру ерекшеліктері талданды. Отырыс қорытындысы бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Қарулы Күштерді тылдық қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін оңтайландыруға және арттыруға бағытталған тапсырмалар берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/934860
Қазақстанның триумфы: Глеб Ивченко мен ұлттық құрама Азиада ойындарында тарихи алтын медаль жеңіп алды 10.02.2025
2025 жылғы 9 ақпанда Қазақстанның шорт-трек құрамасы Азиада ойындарында алғашқы алтын медалін жеңіп алып, ел спорты тарихына өз есімін жазды. Харбинде өткен жарыстарда 5000 метрлік эстафетада ұлттық команда жоғары дайындық деңгейін, тактикалық шеберлікті және командалық рухты көрсетті.Қостанай облысының мақтанышыБұл тарихи жетістіктің маңызды қатысушыларының бірі – Глеб Ивченко, Қостанай облысының шорт-трек мектебінің түлегі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Рудный қаласының тумасы. Жас әрі дарынды спортшы ұлттық құрама сапында тамаша нәтиже көрсетіп, Қазақстанның Азиядағы ең мықты құрамалармен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатынын дәлелдеді.Глебтің жетістіктеріне оның жаттықтырушысы Николай Николаевич Федоренконың қосқан үлесі зор. Дәл осы бапкердің басшылығымен ол жоғары нәтижелерге жетіп, спорттық шеберлігін шыңдап келеді.Өңірде қысқы спортты дамытуҚостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өзінің Instagram парақшасында Глеб Ивченко мен Қазақстан құрамасын тарихи жеңісімен құттықтап, өңірде қысқы спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Қазіргі уақытта облыста 3 мұз сарайы, коньки тебу стадионы, 36 шаңғы базасы және 77 хоккей корты жұмыс істейді. Алдағы жылдары ауылдық жерлерде жабық хоккей корттарын салу және барлық аудан орталықтарын заманауи спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.Қазақстан жаңа белестерге ұмтылады2025 жылғы Азиада ойындарында Қостанай облысынан 10 спортшы ел намысын қорғап, жоғары дайындық деңгейін көрсетіп жатыр. Глеб Ивченконың жеңісі – бұл тек жеке жетістік емес, сонымен қатар бүкіл команда, жаттықтырушылар штабы мен еліміздегі спортшыларды даярлау жүйесінің жеңісі.Бұл триумф – Қазақстан спортының қарқынды дамып келе жатқанын тағы бір дәлелдейді. Біз спортшыларымызбен мақтанамыз және олардың алда жаңа жеңістерге жететініне сенімдіміз!Фото: Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/934446
Қостанайда қоғамдық көлікті жаңарту жалғасуда 10.02.2025
Қоғамдық көлік паркін жаңарту және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру – жайлы қалалық орта қалыптастырудағы маңызды міндеттердің бірі. Бүгін Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірге жеткізілген жаңа автобустарды қарап шықты.Бүгінгі таңда облыс орталығындағы 289 автобустың 85-і 7 жылдан астам уақыт пайдаланылуда. Автопаркті жаңарту мақсатында соңғы жылдары лизингке 113 жаңа автобус сатып алынды, ал өткен жылы қолма-қол төлем арқылы тағы 4 бірлік (2 Yutong автобусы және 2 екі қабатты автобус) алынды.Қоғамдық көлікті жаңарту жұмыстары жалғасуда. Биыл 28 жаңа автобусты сатып алу бойынша келісімшарттар жасалып, төлем жүргізілді. Оның 15-і бүгін жеткізіліп, таныстырылды. Тағы 10 автобус 14 ақпанда келеді, ал қалған 3-уі биылғы маусым айында пайдалануға беріледі.Сонымен қатар, биыл толық субсидиялау арқылы тағы 18 жаңа автобус сатып алу жоспарлануда. Әлеуметтік маңызы бар маршруттарды субсидиялау үшін бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінді.Айта кету керек, автопаркті жаңарту кезінде тұрғындардың ұсыныстары ескерілді – үлкен сыйымдылықтағы автобустар сатып алынды. Бұл қозғалыс аралығын қысқартып, жолаушылар үшін сапарларды ыңғайлы етеді.Осы шаралардың нәтижесінде пайдалануға берілгеніне 7 жылдан аспаған автобустардың үлесі 14%-ға өсіп, 71%-ды құрайды. Бұл Қостанай мен қала маңындағы жолаушылар тасымалының сапасын айтарлықтай жақсартады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/933032