Enbekshi QazaQ

Қоғам

Жаңа саяси кезең үлкен жауапкершілік жүктейді 13.07.2026
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жаңа Конституцияның күшіне енуі аясында Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Мәжілістен кейін осы және өзге де мәселелерге орай бағыт-бағдар белгіленіп, жауапты сала басшыларының баяндамалары тыңдалды.«Жаңа Конституцияда айқындалған қағидаттар мемлекеттік биліктің барлық тармағының қызметіне тың серпін береді. Мемлекеттік басқарудың басты өлшемі халыққа адал қызмет ету, заң талаптарын мүлтіксіз сақтау болуы тиіс.Жаңа саяси кезең бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Біздің міндетіміз – жаңа Конституцияның қағидаттарын халықтың күнделікті өмірінде нақты нәтиже беретін тиімді мемлекеттік саясатқа айналдыру. Сыр өңірінде де жаңа саяси реформалардың талаптарына сәйкес кешенді жұмыстар жүргізілуі қажет», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Күні кеше Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында саяси-экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің жаңа кезеңіне арналған тапсырмалар жүктегені белгілі. Мәжілісте барлық сала басшылары осы міндеттерді орындауда атқарылатын істердің басты бағдары туралы баяндады.Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев Мемлекет басшысының Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыру тапсырмасы өңірдің құрылыс саласының одан әрі өркендеуіне оң әсерін тигізетінін атап өтті. Бұл халыққа қажетті жаңа нысандардың бой көтеруіне, өндірістер мен кәсіпорындар санының көбеюіне, экономиканың дамуына ықпалын тигізетіні сөзсіз.Еске салсақ, 2022 жылы құрылыс саласына мемлекеттік бюджет есебінен 24,3 млрд. теңге, 2025 жылы 138,3 млрд. теңге бөлініп, қаржы көлемі 6 есе өскен. Жалпы осы жылдар аралығында 272 әлеуметтік нысан және 1016 тұрғын үй пайдалануға берілді.Биыл жыл соңына дейін табысталатын 3 685 пәтер 15 мыңға жуық тұрғынның баспана мәселесін шешеді.Облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов Мемлекет басшысы, Үкімет, облыс әкімдігі белгілеген бағыттарды іске асыруда мектепке дейінгі тәрбиеден бастап, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білімге дейінгі барлық деңгейде сапаны арттыруға басымдық берілетінін атап өтті.Негізгі міндет – оқу жетістіктерін халықаралық талаптарға сәйкестендіру, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту, пәндік біліммен қатар функционалдық сауаттылықты дамыту.Биылғы оқу жылында облыста 29 оқушы халықаралық олимпиаданың жүлдегері атанса, 143 шәкірт республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауында үздіктер қатарынан көрінді. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада қорытындысымен облыс командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясын иеленді. Ерекше атап өту қажет, Қызылорда облысы жыл сайын республикада алдыңғы үштіктен көрініп келеді.Басқарма басшысы цифрлық трансформацияны жеделдету, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығының сұранысына бейімдеу, тәрбие жұмысын жаңа мазмұнда күшейту үшін атқарылатын жұмыс бағытына да тоқталды.Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мөлдір Тәуіпбаева кейінгі төрт жылда өңір экономикасына 2,4 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылғанын атап өтті. Жүзеге асқан 72 индустриялық жобаның құны 400 млрд теңгеден асады. Бұл өнеркәсіп құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін 38%-ға жеткізіп, 2022 жылмен салыстырғанда аймақтың шикізатқа тәуелділігін 12,4%-ға төмендетті.Алдағы үш жылда 1,9 трлн. теңгеге 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылады. Бүгінде 14 ірі жоба, оның ішінде 4 жобаның құрылысы жүргізілуде және 2-еуінің капсуласы салынды. Жыл соңына дейін тағы 8 жобаның құрылысы басталады, 100 млрд. теңгенің 21 жобасы жоспарланған.Мәжілісте баяндама жасаған барлық басқарма басшылары өздері жетекшілік ететін салалардағы негізгі көрсеткіштерді, алдағы жоспарларды жан-жақты талдады.Осы жиында алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселесі қаралды. Облыс әкімі бұл жұмыстар Мемлекет басшысының, Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін атап өтіп, жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктеді.«Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясына электр желілерінің техникалық жай-күйін кешенді зерделеу, материалдық-техникалық дайындықты күшейту және төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын жетілдіру тапсырылды. Барлық жылу көзіндегі резервтік электр станцияларының тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету міндеті қойылды.Алдағы жылу беру маусымына қажетті көмір қорын алдын ала жасақтау керек. Осыған байланысты қала және аудан әкімдеріне операторлармен, «Қазақстан Темір Жолы» компаниясымен өзара үйлесімді жұмысты ұйымдастырып, тұрғындарды қатты отынмен қамтамасыз ету тапсырылды.Бұдан бөлек, қала және аудан әкімдері кейінгі жылдары пайдалануға берілген әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлердің, автомобиль жолдары мен жол белгілерінің жай-күйін, аудан орталықтарының санитарлық тазалығын тұрақты бақылауда ұстауы, жүйелі мониторинг жүргізуі тиіс.Алдағы жылу беру маусымына дайындыққа 5,5 млрд.теңге қаржы бөлу жоспарланған, оның 3,6 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, 1,5 млрд. теңгесі облыстық бюджеттен, 350 млн. теңгесі ҚЖЭО-ның өз қаржысы есебінен. Оған 8,7 шақырым жылу желісін жаңғырту жобасын аяқтау, №1 және 2 газтурбиналық қондырғыны күрделі жөндеу, 1,3 шақырым жылу желісін, 1 қазандықты, 1 турбина және 10 автономдық қазандықты, негізгі және қосалқы қондырғыларды жөндеу жоспарланған.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Акса Энерджи» түрік компаниясы жаңа жылу электр орталығын салды. Бүгінде орталық іске қосылып, жобада қаралған электр энергиясын өндіруде. Алдағы жылу беру маусымында толық іске қосылып, тұрғындарды үздіксіз, сапалы жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етеді.Облысқа жылу беру маусымында 80 мың тонна көмір керек. Оның 68,3 мың тоннасы тұрғындар, 11,7 мың тоннасы әлеуметтік нысандар қажеттілігі. Кестеге сәйкес қор жасақталуда.Өңірдегі электр желілері мен қондырғыларының тозу деңгейі 60,8%,биыл қайта жаңғыртуға 10,5 млрд.теңге қаржы жоспарланған.Бұл жұмыстардан кейін тозған желілер 59 пайызға азаяды. Жалпы алдағы жылу беру маусымына дайындық тұрақты бақылауда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/cifrovizaciya-kyzylorda/press/news/details/1252992?lang=ru
«Бабалар ізімен» облыстық лигасында Қаратөбе ауданы ІІ орын иеленді 13.07.2026
«Бабалар ізімен» облыстық лигасында Қаратөбе ауданы ІІ орын иелендіНаурызнама аясында Ұлттық спорт күніне орай ұйымдастырылған «Бабалар ізімен» ауқымды облыстық спорттық жобасында Қаратөбе ауданының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте облыс бойынша ІІ орынды иеленді.Бірнеше айға созылған лига ұлттық спорт түрлерін насихаттап, жас ұрпақты ата-баба мұрасын қастерлеуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Жарыс барысында Қаратөбе ауданының спортшылары ұлттық спорттың 12 түрі бойынша бақ сынап, бірқатар жүлделі орындарға қол жеткізді.Жекелеген спорт түрлері бойынша нәтижелер:Бес асық – І орын (25 ұпай);Қазақ күресі – І орын (25 ұпай);Құнан жарысы – ІІІ орын (17 ұпай);Жамбы ату – ІІІ орын (17 ұпай);Көкпар – ІІІ орын (17 ұпай).Барлық 12 спорт түрі бойынша жинақталған ұпайлардың қорытындысы негізінде Қаратөбе ауданы 187 ұпай жинап, облыс бойынша ІІ орынға тұрақтады. Бұл – аудан спортшыларының жүйелі дайындығының, жаттықтырушылардың қажырлы еңбегінің және ұлттық спортқа деген ерекше құрметінің нәтижесі.Марапаттау рәсімінде Орал қаласының әкімі Мұрат Бәйменов Қаратөбе ауданының спортшыларын жоғары жетістіктерімен құттықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.Айта кетейік, Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев «Бабалар ізімен» лигасының жарыстарын арнайы барып тамашалап, аудан намысын қорғаған спортшыларға қолдау көрсетті. Ол жерлестерінің әрбір жеңісіне ортақтасып, спортшыларға жігер беріп, олардың жеңіске деген сенімін нығайтты.«Бабалар ізімен» лигасы Қаратөбе ауданында ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықтың арта түскенін тағы бір мәрте көрсетті. Әсіресе қазақ күресі мен бес асықтан жеңіп алынған алтын жүлделер аудан мерейін үстем етсе, көкпар, жамбы ату және құнан жарысындағы жүлделі орындар ұлттық спорттың ауданымызда қарқынды дамып келе жатқанын айғақтайды.Қаратөбе ауданының спортшыларын, жаттықтырушыларын және ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтарды осы айтулы жетістікпен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда да аудан намысын абыроймен қорғап, толағай табыстарға жете берулеріне тілектеспіз!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-karatobe/press/news/details/1251405?lang=ru
Қазақстан Құрылтайына сайлау күні белгіленді 13.07.2026
Қазақстан Құрылтайы депутаттарының сайлауы 23 тамызға белгіленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.«Қазақстан Республикасы Конституциясының 46-бабының 3) тармақшасына және 95-бабының 1-тармағына сәйкес қаулы етемін:1. Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалсын.2. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын әзірлеуді және өткізуді ұйымдастырсын.3. Қазақстан Республикасының Үкіметі, астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды кідіріссіз қабылдасын», – делінген құжат мәтінінде.Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1251391?lang=ru
БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар» «Ең төменгі жеткіліктілік шектері (ТЖШ) – оларды есептеудің ашықтығы және оларды пайдалану мүмкіндігі сақтала ма?» 13.07.2026
. Жеткіліктілік шегінің мөлшеріне салымшының жасы әсер ете ме және қолданыстағы Әдістеме бойынша ТЖШ қалай есептеледі? Ең төменгі жеткіліктілік шегінің (ТЖШ) мөлшері салымшының жасына байланысты айқындалады. Салымшы неғұрлым егде тартып, зейнеткерлік жасқа жақындаған сайын, оның болашақ зейнетақы төлеміне қойылатын талаптар да арта түседі. Себебі, оның еңбек қызметі аяқталғаннан кейін алатын зейнетақы табысы халықаралық стандарттарға барынша жақын деңгейде қамтамасыз етілуі тиіс.  ТЖШ мөлшерін айқындау кезінде болашақтағы зейнетақы төлемдерінің келтірілген құнын есептеудің классикалық формуласы қолданылады. Басқаша айтқанда, жаңа формула арқылы салымшының жеке зейнетақы шотында (ЖЗШ) дәл қазіргі уақытта болуы тиіс зейнетақы жинағының ең төменгі мөлшері, яғни ТЖШ көлемі есептеледі. Бұл жинақ болашақтағы зейнетақы төлемдерін мақсатты деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Келтірілген құн формуласының қолданылуы өмір бойына төленетін зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті жинақ көлемін есептеудің халықаралық тәжірибесіне негізделген.  Ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесі қалай өзгерді? ТЖШ-ны есептеу әдістемесіне енгізілген өзгерістер болашақтағы жинақтаушы зейнетақының жеткілікті деңгейін қамтамасыз ету мақсатында ең төменгі зейнетақы жинақтарына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған. Бұл өзгерістер болашақтағы зейнетақы төлемдерінің неғұрлым жоғары деңгейін қалыптастыруды көздейді.Енді ТЖШ мөлшері әрбір салымшының жасына қарай келтірілген құнды есептеудің стандартты формуласы негізінде және болашақтағы зейнетақы төлемдерінің мақсатты көрсеткіштерін ескере отырып айқындалады. Нақтыласақ, жаңа әдістеме «Болашақта лайықты деңгейдегі зейнетақы табысын алу үшін бүгін жеке зейнетақы шотында қандай ең төменгі сома қалуы тиіс?» деген сұраққа жауап береді.Формула ұзақ мерзімді демографиялық (ұлттық демографиялық кестелер), қаржылық (табыстылық мөлшерлемелері мен зейнетақы төлемдерін индекстеу) факторларды, сондай-ақ республикалық бюджет туралы заңмен жыл сайын белгіленетін әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді – жасына байланысты ең төменгі зейнетақы мөлшерін және ең төменгі жалақыны ескереді. Бұл болашақтағы зейнетақы төлемдерінің тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Сонымен қатар, енді ТЖШ есептеу кезінде зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдаланған сәттен бастап зейнеткерлік жасқа дейін түсетін болашақ міндетті зейнетақы жарналары есепке алынбайды. Өйткені өмірлік жағдайларға байланысты жарналар толық көлемде аударылмауы немесе белгілі бір кезеңдерде мүлде түспеуі мүмкін. Мұндай тәсіл азаматтардың жинақтарының бір бөлігін пайдаланғаннан кейін болашақта төмен мөлшердегі жинақтаушы зейнетақы алу қаупін азайтуға бағытталған.  Ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесі неге өзгертілді? 2021 жылдан бастап БЖЗҚ салымшыларына тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу сияқты заңнамада көзделген балама мақсаттарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін зейнеткерлік жасқа дейін мерзімінен бұрын пайдалану құқығы берілді. Осыған байланысты мемлекеттік органдар Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесін[1] әзірлеп, оны Қазақстан Республикасы Үкіметі бекітті.Алайда кейінгі жылдары салымшылардың ТЖШ-дан асатын зейнетақы жинақтарын жеке зейнетақы шоттарынан жиі алуы олардың болашақта БЖЗҚ-дан алатын зейнетақы төлемдері мөлшерінің төмендеуіне себеп болу қаупі туындады. Осыған байланысты ең төменгі жеткіліктілік шектерінің мәндерін қайта қарау туралы шешім қабылданды.Бұл өзгерістер халықаралық ұйымдардың ұсынымдарына сәйкес болашақтағы зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігін кезең-кезеңімен қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты. Сондықтан болашақ жинақтаушы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының сомасына және зейнетақы жасындағы зейнетақы төлемдері есебінен салымшының еңбек табысын алмастыру коэффициентінің өсуіне қойылатын талаптар күшейтілді. Жаңа модельдің енгізілуі зейнетақы жүйесінің орнықтылығын нығайтуға және азаматтарды болашақта лайықты деңгейдегі зейнетақымен қамтамасыз етуге бағытталған.  Зейнетақы жинақтарын баламалы мақсаттарға пайдалану мүмкіндігі сақтала ма? Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін заңнамада көзделген баламалы мақсаттарға пайдалану мүмкіндігі ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын жинақтары бар салымшылар үшін сақталады.Сондай-ақ жоғалтқан еңбек табысының кемінде 40 пайызы мөлшерінде зейнетақы алатын зейнеткерлер, зейнетақы аннуитеті шартын жасаған азаматтар және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алушылар да бұрынғыдай өз жинақтарын пайдалана алады. Бұл – өзін зейнетақымен қамсыздандыруды белгілі бір деңгейде қамтамасыз еткен азаматтар санаты.Десек те, зейнетақы жинақтарын пайдалану тәсілдері азаматтарды болашақта жеткілікті әрі тұрақты зейнетақымен қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып одан әрі жетілдіріле береді.  Көптеген азаматтар зейнеткерлік жасқа жетпей өмірден өтетінін ескерсек, ТЖШ-ны болашақтағы зейнетақыға сүйене отырып есептеу қаншалықты әділ? 2025 жылы қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы шамамен 76 жасқа жетіп, тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткішке жетті. 1991 жылдан бүгінгі күнге дейінгі демографиялық деректер халықтың өмір сүру сапасы мен денсаулық деңгейінің едәуір жақсарғанын көрсетеді. Мәселен, 1991 жылы орташа өмір сүру ұзақтығы 67,6 жасты құраса, 2001 жылы – 65,6 жас, 2011 жылы – 68,98 жас, 2021 жылы – 70,23 жас болды.Осылайша, соңғы үш жарым онжылдықта Қазақстан азаматтарының орташа өмір сүру ұзақтығы 8 жылдан астам уақытқа ұзарды. Өмір сүру ұзақтығының артуы азаматтардың зейнеткерлік кезеңде бұрынғыдан да ұзақ уақыт өмір сүретінін білдіреді. Сондықтан еңбек қызметі аяқталғаннан кейін қалыптасқан өмір сүру деңгейін сақтау үшін жеткілікті зейнетақы жинақтарын қалыптастырудың маңызы арта түседі.Ең төменгі жеткіліктілік шектерінің ұлғайтылуы азаматтардың болашақта неғұрлым лайықты деңгейдегі зейнетақы алуына және зейнеткерлік кезеңде ұзақ уақыт бойы қаржылық тұрақтылығын сақтауға бағытталған. [1] "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, оларды бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайтару қағидаларын, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесін, алушының орташа айлық кірісін зейнетақы төлемдерімен алмастыру коэффициентін айқындау әдістемесін, зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткілікті шегін айқындау әдістемесін бекіту туралы" Үкімет қаулысы  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1251397?lang=ru
Жаңа Конституция: жедел даму қалалары және Алатаудың бірегей экономикалық экожүйесін іске қосу 13.07.2026
Бүгін, 2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Онда өңірлерді жедел дамытудың заманауи тетігі белгіленген. «Жедел дамитын қала» мәртебесін де, арнайы құқықтық режимді енгізу де маңызды жаңалық болып отыр.Еліміздің экономикалық өсуінің алғашқы осындай бірегей алаңы мен жаңа орны Алатау қаласы болмақ. Мемлекет басшысы 8 мамырда қол қойған Конституциялық Заң ауқымды жобаның құқықтық негізін қалайды. Жаңа мәртебенің арқасында Алатау өзінің институционалдық құрылымы бар дербес экономикалық экожүйеге ие болады. Ол 12 ай ішінде кезең-кезеңмен енгізіледі. 1 шілдеден бастап Alatau City Authority толыққанды мемлекеттік органға айналады. Ал қаланың дамуын стратегиялық басқару Премьер-министрдің тікелей төрағалығымен Кеңеске өтеді.Алатауда халықаралық инвесторлар үшін түбегейлі жаңа орта құрылады. Қаланың арнайы режимі бойынша бизнесті жүргізуде орнықты жағдай, жеке лицензиялау тәртібі, «бір терезе» қағидатымен тәуелсіз реттеу және капиталды қорғаудың халықаралық тетігі қолданылады. Қала аумағында үздік әлемдік стандарттармен толықтырылған арнайы салық, кедендік және бюджеттік режим де жұмыс істей бастайды. Жетекші халықаралық консалтингтік компаниялардың қолдауымен жыл соңына дейін сәулет, құрылыс және қадағалау жөніндегі нормативтік база қалыптастырылады.Алатауды стратегиялық жоспарлау алдағы онжылдықтарға есептелген. Қазір 30 жылдық ұзақ мерзімді даму жоспары, бас жоспар және 2040 жылға дейінгі стратегия әзірленіп жатыр. Қаланың өзі ақылды және технологиялық тұрғыда болады: Корея Республикасымен бірлесіп 330 гектар аумақта K-Smart City цифрлық ауданы жобаланып жатыр. Оның құрылысын корейлік әзірлеушілер 2027 жылы бастайды. Процестерді басқаруда Alatau AI-Driven City тұжырымдамасы шеңберінде жасанды интеллектке толықтай сенім беріледі. Ол қаланың толыққанды цифрлық егізін құруға арналған.Мегаполистің экономикалық іргетасы үдемелі қарқынмен қалануда. Қолданыстағы жол картасында қазірдің өзінде 36 ауқымды инфрақұрылымдық жоба қамтылған. Сонымен қатар, жалпы көлемі 2 триллион теңгеге жуық 53 жобадан тұратын инвестициялық портфель қалыптастырылған. Бұл шамамен 51 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1251373?lang=ru
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне орай құттықтауы 13.07.2026
Құрметті солтүстікқазақстандықтар!Бүгін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы – жалпыхалықтық референдумда азаматтардың еркімен қабылданған Халық Конституциясы заңды күшіне енеді. Бұл – еліміздің дамуындағы жаңа кезеңге жол ашатын, мемлекетіміздің тарихындағы айрықша маңызы бар оқиға.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, халық – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы. Ал жүзеге асырылып жатқан реформалар азаматтардың ерік-жігері мен Әділетті Қазақстан құруға деген ортақ ұмтылысын айқын көрсетеді.Жаңа Конституция – жаңартылған Ата Заң ғана емес. Бұл – мемлекеттілікті нығайтуға, Заң мен Тәртіп қағидатын орнықтыруға, мемлекеттік биліктің жауапкершілігін арттыруға, азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына және әрбір адамның өз әлеуетін жүзеге асыруына кең мүмкіндік беретін ауқымды жаңғырулардың берік негізі.Алдымызда мемлекет пен қоғамның бірлескен үлкен міндеттері тұр. Бірлік пен өзара сенімге, ортақ жауапкершілікке сүйене отырып қана біз қуатты, қауіпсіз әрі өркендеген Қазақстанды бірге қалыптастыра аламыз.Осы маңызды тарихи оқиғамен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!Халық Конституциясы ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің, мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен әрбір отбасының бақ-берекесінің берік кепілі болсын!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1251193?lang=ru
Қаратөбе ауданы Мұхит Мерәліұлының 185 жылдығын жоғары деңгейде атап өтті 13.07.2026
Қаратөбе ауданы Мұхит Мерәліұлының 185 жылдығын жоғары деңгейде атап өттіҚаратөбе ауданында халық композиторы, әнші-ақын, күйші домбырашы Мұхит Мерәліұлының 185 жылдық мерейтойына арналған Республикалық «Сал Мұхит – Дәуір үні» атты мәдени-тағылымдық шарасы өтті. Аталған шарамыз облыс орталығы Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында «Қазақ музыка мәдениетіндегі Мұхит феномені: тарих, тағылым, зерттеу» атты ғылыми конференциясы өтіп, Мұхит Мерәліұлы бабамыздың 185 жылдық мерейтойына арнап түсірілген «Сал Мұхит – дәуір үні» деректі фильмі көпшілікке таныстырылды. Сонымен қатар, мерейтойға орай жарық көрген «Дәуірдің дарабоз әншісі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Шара Қаратөбе ауданында жалғасып, алдымен құрметті қонақтар мен республика көлемінде сайысқа қатысушы конкурсанттар Мұхит Мерәліұлының кесенесіне барып бабамыздың рухына тағзым жасап, құран бағыштады. Мерейтойлық шарада көкпардан аудандық ашық турнир өтіп, жазушы Жаулыбай Қосыбаевтың «Әнші Мұхит» атты кітабының тұсаукесері өтті.Аудан орталығында «Сары дала сағынышы – Сал Мұхит» атауымен Республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өткізілді. Мерейтой аясында ұлттық салт-дәстүрлер насихатталып, құрметті қонақтарға киіз үйлерде қазақы дәстүрмен дастархан жайылды. Мерейтойға Ақтөбе облысының көршілес Ойыл, Қобда және Сырым ауданынан арнайы келген өкілдер облыс, аудан басшылығының құттықтау хаттарын табыс етті. Қазылар алқасының шешімімен үздік өнерпаздар анықталып, арнайы марапаттарға ие болды. Мерейтойға арналған Республикалық мәдени-танымдық шаралар гала-концертпен қорытындыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-karatobe/press/news/details/1251097?lang=ru
Әкімшілік рақымшылық туралы 13.07.2026
2026 жылғы 17 наурызда Мемлекет басшысы қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жүргізу туралы жариялады.Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты пленарлық отырыста «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне және «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңға өзгерістер енгізуді көздейтін ілеспе заң жобаларын мақұлдады.Заң жобасына сәйкес әкімшілік рақымшылық Қазақстан Республикасы азаматтарын, дара кәсіпкерлерді, жекеше нотариустарды, жеке сот орындаушыларын, адвокаттарды және заң консультанттарын айыппұл түріндегі әкімшілік жазадан босатуды көздейді.Бұл ретте рақымшылық заңды тұлғаларға, лауазымды адамдарға, қандастарға, шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.Сонымен қатар рақымшылық сот тағайындаған әкімшілік жазаларға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін әкімшілік құқық бұзушылықтарға қолданылмайды.Мемлекеттік кірістер органдары қарайтын істер бойынша рақымшылық Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің мынадай баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтарға қолданылмайды:ӘҚБтК-нің 275-бабы, салық салу объектiлерiн және салықтық есептілікте көрсетілуге жататын өзге де мүлікті жасыру;ӘҚБтК-нің 277-бабы, салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң есепке жазылған (есептелген) сомаларын төлеуден жалтару;ӘҚБтК-нің 278-бабы, салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң сомаларын төмендету.Аталған құқық бұзушылықтар құрамын рақымшылық жасаудан алып тастау олардың салық салу объектілерін жасырумен және салықтық міндеттемелерді орындаудан жалтарумен байланысты болуына, сондай-ақ мемлекеттің экономикасына елеулі залал келтіруіне негізделген.Қазақстан Республикасының Үкіметі микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін шартты түрде «таза парақ» тетігін іске асырғанын атап өту қажет.Бұл тетік 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша есепте тұрған салық берешегінің негізгі сомасы толық өтелген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаруды көздейді.Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2026 жылғы 13 ақпандағы бұйрығымен тиісті Қағидалар бекітілді.Осы тетікті іске асыру нәтижесінде ӘҚБтК-нің 278-бабының бірінші бөлігі және 275-бабының бесінші бөлігі бойынша микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне салынған айыппұлдар мен есептелген өсімпұлдар есептен шығарылды.2026 жылғы 9 сәуірдегі жағдай бойынша негізгі салық берешегін 13 млрд теңге сомасына өтеген 19 мың микро және шағын бизнес субъектісіне 4,4 млрд теңге мөлшеріндегі өсімпұлдар және 4,9 млрд теңге мөлшеріндегі айыппұлдар есептен шығарылды.Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің алдын ала есептеулеріне сәйкес, қаралып жатқан Заң жобасын ескере отырып, әкімшілік рақымшылық жалпы сомасы 298,4 млн теңгені құрайтын 2 370 адамға қатысты, оның ішінде жалпы сомасы 72,7 млн теңгені құрайтын 448 жеке тұлғаға және жалпы сомасы 225,6 млн теңгені құрайтын 1 930 жеке кәсіпкерге қатысты қолданылуы мүмкін.Түпкілікті көрсеткіштер Заң қабылданып, ресми түрде қолданысқа енгізілгеннен кейін айқындалатын болады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhetysu/press/news/details/1251091?lang=ru
Геннадий Головкин Ұлттық ұлан музейіне бокс қолғабын табыстады 13.07.2026
Ұлттық ұланның Орталық музейі ерекше құнды жәдігермен толықты. Аңызға айналған қазақстандық боксшы Геннадий Головкин музей қорына өз қолтаңбасы қойылған бокс қолғабын сыйға тартты.Бұл жаңалық Ұлттық ұланның елордалық 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Марлен Сұрамаев үшін айрықша мәнге ие. Ол бала кезінен Геннадий Головкиннің жекпе-жектерін жіті бақылап, оның сабырлылығы, еңбекқорлығы және чемпиондық мінезіне тәнті болып өсті.Алматы қаласынан мерзімді әскери қызметке шақырылған ұландықтың өзі де бокспен ұзақ жылдар айналысқан. Марлен - Республикалық спорт колледжінің түлегі, спорт шеберлігіне кандидат, Қазақстан чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері әрі Алматы қаласының чемпионы. Оның айтуынша, дәл Геннадий Головкиннің өмір жолы оған үлкен жеңістердің күнделікті еңбек пен темірдей тәртіптің арқасында келетінін ұғындырған.Жуырда Марлен Құрмет қарауылы ротасының құрамында Геннадий Головкиннің есімі Даңқ залына жазылуына арналған құттықтау бейнеролигінің түсіріліміне қатысқан болатын. Ал бүгін ол спорт саңлағының музейге қолғабын табыстағаны туралы жаңалықты ерекше әсермен қабылдады.Геннадий Головкиннің қолтаңбасы қойылған бокс қолғабы музей қорларына өте сирек табысталатын құнды жәдігерлердің бірі саналады. Енді бұл естелік құқықтық тәртіп әскерлерінің Орталық музейінде сақталып, ұрпақтар сабақтастығының белгісі ретінде жас әскери қызметшілерге жігер беретін тағылымды мұра болмақ. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1251074?lang=ru
Бүгін ауданымызда Мемлекеттік қызметшілер күні мен Полиция қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. 13.07.2026
Бүгін ауданымызда Мемлекеттік қызметшілер күні мен Полиция қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.Мерекелік жиынға қатысқан аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев, мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлерді және сала ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.Салтанатты шарада қызметтік міндеттерін адал, әрі үлгілі атқарып жүрген бірқатар қызметкерлерге мерекелік төсбелгілер мен алғыс хаттары табыс етілді.Іс-шара аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.района.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-karatobe/press/news/details/1251076?lang=ru
Қарулы күштер қатары Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледждің 100 түлегімен толықты 13.07.2026
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжінде оқуды аяқтауға арналған салтанатты рәсімі өтті. Биыл әскери оқу орнын 100 кадет тәмамдап, кәсіби сержанттар корпусының қатарына қосылды.Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер, түлектердің ата-аналары мен жақындары қатысты.Дәстүрге сай оқу бітірушілер Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлт мақтанышына тағзым етті.Іс-шара барысында Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков  жас түлектерді құттықтап, Отан алдындағы абыройлы қызметтеріне табыс тіледі.- Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы білім ордасы үшін - бүгін ерекше күн. Бұл жаңа буынның сапқа қосылу күні. Бүгін түлектеріміздің ішінен оқуда, әскери-тәртіпте және қоғамдық өмірде ерекше көзге түсіп , колледжді үздік дипломмен аяқтап отырған сегіз оқу озаты бар. Үздік дипломдар болашақ мінсіз офицерлік және сержанттық мансаптарыңыздың берік іргетасы. Енді осы биіктен түспеңіздер. Сіздерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Әскери серт бердіңіздер, енді Отанға деген адалдық өмірлік бағдарларыңыз болуы тиіс, - генерал-майор Асқар Мұстабеков.Салтанатты рәсім аясында жас сержанттар Қазақстан Республикасы Қарулы күштері сержантының ар-намыс кодексін қабылдап, сержанттар корпусына қабылдау рәсімінен өтті. Бұл – әскери қызметке адалдықты, жоғары жауапкершілік пен кәсіби міндетке беріктікті айқындайтын маңызды әскери дәстүр.- Осы айтулы күнде бізге сапалы білім, темірдей тәртіп және отанға деген шексіз махаббатты бойымызға сіңірген колледждің басшылығына, ұстаздарымызға, командирлерге барлық түлектер атынан алғысымды айтамын. Сіздер бізді заманауи әскери біліммен сусындатып қана қоймай, Бауыржан Момышұлының тактикалык көрегенділігі мен Сағадат Нұрмағамбетов атамыздың мемлекетшілдік ұлы қасиетін бойымызға сіңірдіңіздер. Біз Қарулы күштердің жаңа буынымыз, Отан алдында берген әскери антымызға өмір бойы адал болуға уәде береміз, - деді  оқу үздігі сержант Өміржан Тасболатов.Бұл күні жас сержанттардың ата-аналары да толқыныстарын жасыра алмай, перзенттерінің жетістігіне шын қуанды.- Бауыр еті балаларымыз бүгін сержант атанып жатыр. Үлкен жолға қадам басқан барлық түлектерге сәттілік серік болсын. Отан қорғау сәтінде абыройлары биік болсын, - деді ата-ана Нұрсұлу Өтеуліқызы.Саптық дефиле көрсету барысында әскери қызметшілер қимылдарының дәлдігімен және қаруды мінсіз меңгеруімен көрермендерді тәнті етті.Іс-шара әскери оркестрдің сүйемелдеуімен жоғары деңгейде өтті. Мерекенің шырайын дәстүрлі  мерекелік  вальс аша түсті. Жас сержанттар бал көйлектерін киген арулармен вальс билеп, гүл шоқтарын тарту етті.Іс-шара Қарулы Күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық ұжымының орындауындағы әсерлі әнмен және суретке түсу рәсімімен қорытындыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1251078?lang=ru
Бүгін ауданымызда Мұхит Мералыұлының 185 жылдық мерейтойына және 23 маусым – Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілері күніне орай аудандық, қалалық, облыстық әкімдіктер қызметкерлері арасында волейболдан облыстық деңгейде Қаратөбе ауданы әкімінің кубогі өтті. 13.07.2026
Бүгін ауданымызда Мұхит Мералыұлының 185 жылдық мерейтойына және 23 маусым – Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілері күніне орай аудандық, қалалық, облыстық әкімдіктер қызметкерлері арасында волейболдан облыстық деңгейде Қаратөбе ауданы әкімінің кубогі өтті.Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев пен облыс әкімінің орынбасары Т.Каюпов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Дәстүрлі додаға БҚО әкімдігі, Бәйтерек, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау, Бөкей Ордасы, Сырым және Қаратөбе ауданының командалары қатысты. Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің командасы жүлделі I орынды иеленсе, Шыңғырлау ауданы II орынды, ал Бөкей ордасы ауданының құрамасы III орынды еншіледі. Сонымен қатар, ерекше ойын өрнегін көрсеткен Тасқала ауданының командасы “Жеңіске деген жігері үшін” номинациясымен марапатталдыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-karatobe/press/news/details/1251065?lang=ru
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуімен құттықтауы 13.07.2026
Құрметті жерлестер! Бүгін еліміз үшін аса маңызды күн – Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енді. Тәуелсіз мемлекетіміз дамудың жаңа көкжиегіне қадам басты.Жаңа Ата Заң – халықтың еркімен қабылданған мемлекетіміздің басты төлқұжаты. Ел азаматтары бүкілхалықтық референдумда белсенділік танытып, тарихтың жаңа парағын ашу жолында дауыс берді. Осы арқылы қоғамда жасалып жатқан түбегейлі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші екенін көрсетті.Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға» деп атап өтті. Сол себепті, Конституциямызды халықтық деп атауға толық негіз бар.Бүгінде «Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Заң мен Тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қоғамда жаңа мәдени ұстаным қалыптастырды. Осы арқылы Әділетті Қазақстан идеясы орнығып, азаматтардың тең мүмкіндіктеріне бағытталған ауқымды мемлекеттік бағдар айқындалды.Жаңа Ата Заңымыз елімізді жарқын болашаққа бастайтын, өркениетті мемлекет құру жолында халықтың сенімді кепілі болатынына сенімдімін.Баршаңызды жаңа Конституциямыздың заңды күшіне енуімен шын жүректен құттықтаймын!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1251066?lang=ru
Бүгін Қаратөбе және Аққозы ауылдық округтерінде заман талабына сай салынған жаңа футбол алаңдары салтанатты түрде пайдалануға берілді. 13.07.2026
Бүгін Қаратөбе және Аққозы ауылдық округтерінде заман талабына сайсалынған жаңа футбол алаңдары салтанатты түрде пайдалануға берілді.Аталған шараға аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев қатысып, ауыл тұрғындарын жаңафутбол алаңдарының ашылуымен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысыбұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және ауылжастарының спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасау –мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.Жаңа футбол алаңдарының ашылу рәсімінен кейін мерекелік шара ауылкомандаларының қатысуымен өткен футбол жарысына ұласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-karatobe/press/news/details/1251052?lang=ru
Бүгін ауданымызда Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырылып, адам жанының арашасы болып жүрген ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетілді. 13.07.2026
Бүгін ауданымызда Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шараұйымдастырылып, адам жанының арашасы болып жүрген ақ халатты абзалжандарға құрмет көрсетілді.Мерекелік жиынға қатысқан аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев, денсаулық сақтаусаласының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелеріменқұттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы медицина мамандарының қоғамдағыорны ерекше екенін атап өтіп, тұрғындардың денсаулығын сақтау жолындағыадал еңбектері мен жауапкершіліктеріне ризашылығын білдірді.Шара барысында салада жемісті еңбек етіп келе жатқан бірқатар медицинақызметкерлері Алғыс хаттармен марапатталды.Мерекелік кеште аудан көркемөнерпаздарының әуезді әндері жиналғанқауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-karatobe/press/news/details/1251055?lang=ru
Қазақстанда «70/30» моделі бойынша энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жобасы іске асырылуда 13.07.2026
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, «70/30» моделі бойынша елдің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту мен кеңейтуге жеке инвестицияларды тарту тетігін іске асыруда.Бұл тетікті қолданысқа енгізудің құқықтық негізі телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері жөніндегі қабылданған Заңмен қалыптасты. Осы Заңға сәйкес деректерді өңдеу орталықтары стратегиялық объектілерге жатқызылды. Сондай-ақ деректерді өңдеу орталықтарының операторлары мен цифрлық майнерлерді электр энергиясының ұзақ мерзімді тұтынушылары ретінде тарта отырып, генерациялаушы қуаттарды жаңғырту мен кеңейтуге жеке инвестицияларды тарту үшін тиісті жағдайлар жасалды.Мемлекет басшысы жариялаған жасанды интеллект жылы жағдайында сапалы есептеуіш қуаттар мен тұрақты энергетикалық базаға деген қажеттілік басым міндетке айналып отыр. Ұсынылып отырған тәсіл мемлекеттік бюджетке қосымша жүктеме түсірмей және халыққа арналған тарифтерге инвестициялық шығындарды қоспай, жаңа генерациялаушы қуаттарды жедел іске қосуға бағытталған.Бұл тетік қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту, реконструкциялау немесе кеңейту кезінде қосымша құрылған электр қуатының 70%-ға дейінгі бөлігін ірі электр энергиясын тұтынушыларға, соның ішінде деректерді өңдеу орталықтары мен цифрлық майнерлерге тікелей сатуды көздейді. Ал жаңа қуаттың қалған 30%-ы елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту және электр энергиясына деген өсіп жатқан сұранысты өтеу үшін Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне бағытталады.Осы тәсілді іске асыру энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға жеке капиталды тартуға, қолданыстағы генерация нысандарын жаңғыртуды қамтамасыз етуге, энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға және экономиканың жоғары технологиялық салаларын дамыту үшін қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.«"70/30" моделі – бұл инвестициялық шешім және бұл біздің цифрлық экономикамыздың энергетикалық тәуелсіздігінің іргетасы. Жасанды интеллектіні толыққанды дамыту және бәсекеге қабілетті деректерді өңдеу орталықтарын салу үшін біз генерацияның озық қарқынмен дамуын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл тетік азаматтар үшін тарифтерге салмақ салмай, инфрақұрылымды жаңғыртуға жеке капиталды тартуға мүмкіндік береді және «Digital Qazaqstan» Стратегиясының мақсаттарына қол жеткізуге қуатты серпін береді», – деп атап өтті Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов.Бұл тетік халықаралық инвесторлар тарапынан қазірдің өзінде қызығушылық тудырды. Бүгінгі таңда Екібастұз қаласында «70/30» моделі шеңберінде жаңа электр станциясын салу жобасын жүзеге асыруды қарастырып жатқан ынталы инвестор бар.Жоба жаңа генерациялаушы қуаттарды кезең-кезеңімен іске қосуды, заманауи энергетикалық инфрақұрылым құруды және қаланы жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруды көздейді.Жүргізілген техникалық тексеру нәтижелері бойынша жобаны іске асыру мүмкіндігі расталды, сонымен бірге мүдделі тараптармен бірлесіп ұйымдастырушылық, техникалық және инвестициялық мәселелерді пысықтау жалғасуда.«70/30» моделін енгізу елдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болады, салаға қосымша инвестициялар тартуға, жаңа генерациялаушы қуаттар құруға және цифрлық экономиканың қажеттіліктері мен Қазақстан Республикасының энергетикалық жүйесі арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1251047?lang=ru
Домбыра – қазақ халқының мәңгілік рухани мұрасы 13.07.2026
Домбыра – қазақ халқының ұлттық болмысы мен мәдениетін айшықтайтын қасиетті музыкалық аспап. Сан ғасырлық тарихы бар бұл аспап ұлттың рухани қазынасын, тарихи жадын және дәстүрлі күй өнерін бүгінгі күнге дейін жеткізген баға жетпес мұра болып саналады.Ғылыми және археологиялық зерттеулерге сәйкес, домбыра тектес аспаптар Еуразия кеңістігінде бірнеше мың жыл бұрын пайда болған. Түркі халықтарының алтын бесігі саналатын Алтай өңірі домбыраның тарихи отаны ретінде қарастырылады. Белгілі ғалым Ахмет Жұбанов домбыраны қазақ даласының ең қастерлі музыкалық аспабы деп бағалап, оның үні халықтың жан дүниесі мен тарихын бейнелейтінін атап өткен.Домбыра екі ішекті, көп пернелі шертпелі аспап болып табылады. Оның негізгі бөліктеріне басы, құлағы, мойны, пернелері, шанағы, бетқақпағы және тиегі жатады. Қазақстанның әр өңірінде қалыптасқан домбыра үлгілері жергілікті дәстүрге, орындаушылық мектепке және шеберлердің қолтаңбасына қарай ерекшеленеді.Қазақтың дәстүрлі күй өнері домбырамен тығыз байланысты. XIX ғасырда төкпе және шертпе күй мектептері кеңінен дамып, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина Нұрпейісова, Сейтек, Сүгір және басқа да көрнекті күйшілер ұлттық музыка өнерінің алтын қорын қалыптастырды.Бүгінде домбыра – Қазақстанның мәдени брендіне айналған ұлттық құндылық. Оның үні кәсіби сахналарда, халықаралық фестивальдерде және әлемдік мәдени кеңістікте кеңінен насихатталып, қазақ халқының бай музыкалық мұрасын жаһан жұртшылығына танытып келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-delhi/press/news/details/1251034?lang=ru
Бүгін аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев «Жасыл желкен» жазғы сауықтыру лагерінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, лагерь демалушыларын жаңа маусымның басталуымен құттықтады. 13.07.2026
Бүгін аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев «Жасыл желкен» жазғы сауықтыру лагерінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, лагерь демалушыларын жаңа маусымның басталуымен құттықтады.Аудан басшысы балаларға көтеріңкі көңіл күй, жарқын әсер мен қызықты демалыс тілеп, жазғы демалыс уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беретін лагерь жұмысының маңыздылығына тоқталды.Салтанатты шара барысында балалар өнер көрсетіп, лагерьдің концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, аудан әкімі лагерь аумағын аралап, балалардың демалысына жасалған жағдайлармен танысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-karatobe/press/news/details/1251040?lang=ru
Қазақстан Қарулы күштерінің сержанттар корпусына – 30 жыл 13.07.2026
1 шілдеде Қазақстан Қарулы күштерінде барлық деңгейдегі командирлердің сенімді тірегі әрі әскери қызметшілерді даярлау, тәрбиелеу және әскери тәртіпті сақтаудағы маңызды буын саналатын сержанттар күні атап өтіледі.Бұл мерекенің тарихы 1996 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусының құрылуымен байланысты. Аталған шешім тәуелсіз Қазақстанның кәсіби сержанттар корпусын қалыптастырудың негізіне айналып, кіші командирлерді даярлаудың заманауи үлгісін қалады.2021 жылы 1 шілде ресми түрде Сержанттар күні болып бекітілді. Биыл Қарулы күштердің кәсіби сержанттар корпусының құрылғанына 30 жыл толып отыр.Осы жылдар ішінде Қазақстанда Қарулы күштердің даму талаптарына сай кәсіби сержанттарды даярлаудың заманауи жүйесі қалыптасты. Бүгінде сержанттар армияның ажырамас бөлігіне айналып, жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, бөлімшелердің күнделікті қызметін ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады.Қазақстан Қарулы күштерінің бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халықовтың айтуынша, сержанттар құрамының атқаратын міндеттері ауқымды әрі жауапты. Олар сарбаздардың тікелей командирлері ретінде әскери тәртіптің жоғары деңгейін сақтап, жеке құрамды оқытып-тәрбиелейді және офицерлерге жүктелген міндеттерді орындауда жан-жақты қолдау көрсетеді.– Сержанттардың кәсібилігі, беделі, білімі мен жеке үлгісі әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығының деңгейіне, моральдық-психологиялық ахуалына және бөлімшелердің жүктелген міндеттерді орындауға дайындығына тікелей әсер етеді, – деді шебер-сержант Темірбек Халықов.Қарулы күштерде сержанттар құрамын даярлау жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіби шеберлікті арттыру мақсатында жыл сайын «Үздік сержант» жалпыәскерлік байқауы өткізіледі. Байқауға қатысушылар өздерінің теориялық дайындығы мен қызметтік міндеттерін орындауға қажетті практикалық дағдыларын көрсетеді. Сонымен қатар жеңімпаздар Қазақстан Қарулы күштерінің атынан халықаралық жарыстарға қатысады.Сонымен бірге Қарулы күштердің оқу-әдістемелік базасы да жетілдірілуде. Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесі ескеріле отырып, әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығында қолданылатын нормативтер жинағы қайта әзірленді.Сержант кадрларын даярлау еліміздің бес әскери колледжінде он түрлі мамандық бойынша жүзеге асырылады. Олардың түлектері Қарулы күштердің әртүрлі түрлері мен әскер тектерінде қызмет атқарады.Сержанттар корпусы кәсіби Қазақстан армиясының берік негізі саналады. Кіші командирлердің кәсібилігі мен әскери борышқа адалдығы Қарулы күштердің жоғары жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етудің және елдің қорғаныс қабілетін нығайтудың маңызды факторларының бірі екені анық.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1251020?lang=ru
Шағын өнеркәсіпті дамыту – аймақ экономикасының маңызды бағыты 13.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев сол жағалаудағы шағын өнеркәсіп нысандарын аралап, олардың жұмысымен танысты.Алдымен өткен жылы ашылған «Тұмар» шағын өнеркәсіптік аймағына барды. Мұнда ет, сүт, кондитерлік өнімдер мен жартылай фабрикаттар өндіретін 7 өндірістік цех жұмыс істейді. Шығарылатын өнімдер жергілікті тұрғындардың сұранысына, азық-түлік қауіпсіздігі талаптарына сай.«Syr Darya» коммуналдық базары қаладағы сауда инфрақұрылымын дамыту мақсатында ашылған. Базарда сапалы азық-түлік өнімдерін сатуға, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне қолайлы жағдай жасалған. Аумағында азық-түлік, киім-кешек дүкендері мен тұрмыстық техника сататын сауда орындары бар. Қазіргі уақытта көтерме сауда орындарын орналастыру үшін ғимарат қайта жаңғыртылып бейімделуде.Келесі нысан – өткен жылы іске қосылған «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС-нің шағын өнеркәсіп аймағы. Мұнда тәулігіне 15 сантехникалық бұйым өндіретін, темір тор шығаратын өндірістік цехтар бар.Аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне шағын өнеркәсіпті, ондағы өндіріс ауқымын кеңейтуді тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1251023?lang=ru