Enbekshi QazaQ

Әлем

Зенченко и К 18.11.2024
Еліміздің агроөнеркәсіп кешеніндегі жемісті еңбегі, отандық ауыл шаруашылық инфрақұрылымның дамуына қосқан үлесі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен "Отан" ордені «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Геннадьевич Зенченкоға берілді. Жоғары атақты ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табыс етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/884652
Солтүстікқазақстандықтар Геннадий Зенченкоға құрмет көрсетті 18.11.2024
Ауыл шаруашылығы саласындағы ерекше жетістіктері үшін «Қазақстанның еңбек ері» атағы «Зенченко и К» КС бас директоры Геннадий Зенченкоға берілді. Жоғары атақты Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы еңбекерлерінің бірінші форумында табыс етті. Бүгін облыс жұртшылығы Геннадий Геннадьевичке құрмет көрсетіп, мемлекеттік награда алуымен құттықтады. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бұл атақ - солтүстікқазақстандық диқанның еңбегіне берілген жоғары баға деп атап өтті. "Геннадий Геннадьевич Зенченко – ауыл шаруашылығы саласында даңқты еңбек әулетін жалғастырып келе жатқан елімізге танымал тұлға. Оның агроөнеркәсіптік саладағы басшылығы, еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуға деген адалдығы мен елеулі үлесі зор алғысқа лайық. Құрметті атақ – Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі мен өркендеуіне үлес қосып жатқан еңбек адамына құрмет пен алғыстың көрінісі", - деп жазды өңір басшысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/884659
ТҮРКІСТАНДАҒЫ «БЕЛСЕНДІ ДЕМАЛЫС» ЖӘНЕ «ПАРАСАТ» САЯБАҚТАРЫН КӨГАЛДАНДЫРУ БАРЫСЫ ҚАДАҒАЛАНДЫ 18.11.2024
Түркістан облысында құрылыс, абаттандыру жұмыстары бір сәтке тоқтаған емес. Әсіресе, облыс орталығында белсенділік өте жоғары. Жексенбі күні Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласындағы бірнеше құрылыс алаңын аралап, жұмыс барысымен танысты. Алдымен ботаникалық бағы бар «Белсенді демалыс» және «Парасат» саябақтарын абаттандыру, көгалдандыру және құрылыс барысын қадағалады.– Әрбір отырғызылған көшет өсуі тиіс. Осы аймақтың ауа райы мен топырағына шыдамды ағаштарды ғана егіңіздер. Күйіп немесе қурап кеткен көшеттердің орнына қайтадан көшет отырғызу керек. Бұған жауапты мердігер жұмысын жүйелі атқарсын, – деген Дархан Сатыбалды қала әкімі мен мердігерге тиісті тапсырмалар берді.«Белсенді демалыс» саябағында тропикалық өсімдіктер өсетін ботаникалық бағы бар. Бүгінде үлкен жылыжай ішінде Түркістан өңіріне таңсық ағаштар мен өсімдіктер өсіріліп, балықтар мен құстың бір түрі әкелінген. Сахна, мінбер, 2 субұрқақ, ойын алаңы, скейтбординг және шатырлар салынған. Құрылыс жұмысы 95 пайызға аяқталған.Ал «Парасат» саябағының құрылыс және абаттандыру жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Саябақтың іші ретке келтіріліп, жаңа көшеттермен толықтырылған. Жұмыстар жалғасады.Қос саябақ та шаһардың туристік әлеуетін көтеріп, жасыл алқабының ұлғаюына үлес қосады деп күтіліп отыр.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/884677
ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ЖАҢА НЫСАНДАРМЕН ТОЛЫҒАДЫ 18.11.2024
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығында салынып жатқан нысандарды аралап, алда жүзеге асатын жобалармен танысты. Алдымен қалалық Мәдениет үйінің құрылысын көрді. Нысан 2025 жылы тапсырылады деп жоспарланған. Өңір басшысы мердігерге жұмысты сапалы атқару керектігін ескертті.– Анықталған кемшіліктер мен сын-ескертпелер бойынша жұмыс жүргізіңіздер. Тапсырыс алған соң оны сапалы атқару керек. Мәдениет үйінің іші мен қасбетіне дейін жоспардағыдай болуы қадағаланады. Жиһаздарын жергілікті өндірушілерден алып, отандық өндіріске қолдау көрсеткен жөн, – деген Дархан Сатыбалды бірқатар ескертпелері мен ұсыныстарын айтты. Тиісті тапсырмалар берді.Бүгінде Мәдениет үйінің құрылыс барысы 75 пайызға аяқталған. Түркістан қаласының құрылыс бөлімінің тапсырысымен салынып жатқан нысанда мәдениетті дамытуға жағдай жасалмақ. Ғимаратта 500 орындық көрермен залы, вестбюль-фойе, әртістер бөлмесі, қызметшілер бөлмесі, асхана, режиссер, суретші, киім өлшеу, мекеме әкімшілігінің бөлмелері қарастырылған. Өнерпаздардың дайындық залы да орналасқан.Одан кейін облыс әкіміне «Сельмаг» су жинау қоймасының құрылыс барысы таныстырылды. 2023 жылы басталған жұмыстар биыл аяқталады. Бұл стратегиялық нысан заманауи құрал-жабдықтармен, қондырғылармен қамтылған. Суды тазартып, тұрғындарға жолдайды. Апаттық жағдайлар кезінде қаланың ескі аумағына үздіксіз су береді және жаз айларында ауыз су қысымын қалыпты деңгейде ұстап тұрады. Жалпы 25 мыңнан астам тұрғынның ауыз су мәселесін шешеді.Дархан Сатыбалды Әлқожа ата көшесін аралап, осында салынатын әлеуметтік нысандардың жобасын көрді. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы осында атқарылатын жұмыстар мен жоспарларды баяндады. Мұнда тұрғын үй, кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандар салынады деп жоспарланған.Өңір басшысы бұл жобаларды мұқият зерделеп, халыққа қажетті әрі шаһардың сәулетіне сән қосатын нысандарды ғана салу керектігін айтты. Жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/884683
Ерекше балаларға арналған балабақша: Президенттің тапсырмасы бойынша қайтарылған активтерден тағы шамамен 8 млрд теңге әлеуметтік нысандарға бағытталды 18.11.2024
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде қайтарылған қаражат есебінен әлеуметтік нысандардың құрылысын қаржыландыру жалғасуда.Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлайды. Үкімет Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша салуға шамамен 7,8 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Балабақшаның ашылуы 300 ерекше баланы тәрбиемен және түзету көмегімен қамтамасыз етеді. Мекеме мектеп жасына дейінгі балаларға жайлы болу, дамыту және оқыту үшін барлық қажетті заттармен жабдықталады. Бүгінгі таңда облыста ерекше білім беруді қажет ететін 3 жастан 6 жасқа дейінгі 2523-тен астам бала бар, олардың 1320-ы мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Қазір облыс бойынша 4 арнайы түзету балабақшасы жұмыс істейді. Жобаны іске асыру қажетті инфрақұрылымды құруға және ерекше қажеттіліктері бар балаларды дамыту мен тәрбиелеуді қамтуды кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұған дейін Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін, Түркістан облысының Темірлан ауылында музыка мектебін, Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешенін, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығын, Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығын салу жөніндегі жобаларды қаржыландыру туралы шешім қабылданған болатын.Жұмыс жалғасуда.https://t.me/KZgovernment Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/884678
256 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тен төлем алды 18.11.2024
2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 256,6 мың адамды құрады. Бұл ретте биыл 212,9 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы 70,6 млрд теңге болды.Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:- eGov.kz порталында авторизациялану;- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (бұдан әрі – МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/884640
Қарағандыда Гүлзар Ғабдрахманмен бірге джаз және эстрада шығармашылық кеші өтеді 18.11.2024
Қарағанды циркінде 28 қарашада Қазақстандық эстрада-джаз әншісі Гүлзар Ғабдрахманның концерті өтеді. Осы кеште ол әлемдік және қазақстандық эстраданың үздік хиттерін ерекше джаз аранжировкаларында орындайды.Гүлзар Ғабдрахман Қарағандыда өнер жолын бастады. Мұнда ол Қасым Аманжолов атындағы музыкалық мектепті фортепиано сыныбы бойынша бітірген. Астанаға кетіп, Қазақ ұлттық өнер университетіне "эстрада вокалисті" мамандығына түсті. Бүгін ол Мәскеуде, Лондонда, Нью-Йоркте танымал халықаралық вокалдық байқаулардың жеңімпазы.Музыкалық шығармалар ҚР еңбек сіңірген қайраткері Игорь Андрейченконың жетекшілігімен Қарағанды Джаз оркестрінің сүйемелдеуімен орындалады.Басталуы 18: 30.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/884592
Әйтеке би ауданында халық ұзақ жыл күткен мектеп пайдалануға берілді 17.11.2024
2020 жылдан бері оқушылар түрлі ғимараттарда оқуға мәжбүр болған еді. Көпшілік көптен күткен білім ордасының есігі айқара ашылды.Мемлекет басшысының еліміздегі үшауысымды және апатты мектептер санын азайту туралы тапсырмасы Ақтөбе өңірінде сәтті жүзеге асуда. Әйтеке би ауданының орталығы Темірбек Жүргенов ауылындағы жаңа мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді.Білім ордасының ашылу салтанатына Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Сұлтан Жайық, аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев және ауыл тұрғындары қатысты.Шараның салтанатты рәсімінде Комсомол орта мектебінде 28 жыл директор болған В.Ф Галуцкий және мектептің ардагер ұстазы 92 жастағы Р.Маханов құттықтау сөз сөйледі. Мектеп ұжымына және оқушыларға ақ баталарын берді.Ескі, апатты деп танылған Комсомол жалпы орта мектебіндегі 420 бала енді жаңа оқу ордасында білім алуды жалғастырады.270 орындық Комсомол жалпы орта білім беретін мектебі екі ауысымда 540 оқушыға білім беруге қауқарлы. Мектепте 78 орындық асхана, ер балалар мен қыздарға арналған технология кабинеті, кең спорт және акт залдары, сыртқы спорт және ойын алаңдары бар.Айтып өтейік, былтыр қазан айында облыс әкімі Асхат Шахаров мектеп құрылысын сапалы әрі биылғы оқу жылында халық игілігіне тапсыруды Құрылыс басқармасына міндеттеген еді. Мектеп құрылысы өңір басшысының қадағалауында болды.Құрылыс жұмыстарын «GOLDEN CITY DS» ЖШС компаниясы 2022 жылдың 20 шілдесінде бастаған-ды.Салынған мектептің жалпы аумағы 5991,6 шаршы метрді, көлемі 4895 шаршы метрді құрайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/884566
Салалық министрлік басшылары ІХ республикалық WorldSkills Kazakhstan-2024 чемпионатының алаңында болды 17.11.2024
Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен Астана қаласында өтіп жатқан ІХ республикалық WorldSkills Kazakhstan-2024 чемпионатына келген еңбек және әлеуметтік қорғау, өнеркәсіп және құрылыс, энергетика, цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлері құзыреттілік алаңдарын аралады.Министрлер чемпионат қатысушылары - ел экономикасының сапалы кадрлық әлеуетін қалыптастыратын болашақ мамандармен кездесті. Бұл салалық ынтымақтастықты арттыру арқылы кәсіби білікті маман даярлауда кешенді тәсіл қалыптастырудың маңызды қадамы болып табылады.Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев WorldSkills стандарттарының отандық техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізілгенін атап өтіп, бұл бастаманың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда ерекше маңызға ие екенін айтты.«Мемлекет басшысы кәсіптік білімді реформалаудың экономиканы дамытудағы маңызды рөлін айқындап, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. WorldSkills қозғалысын дамыту арқылы біз халықаралық аренадағы позициямызды нығайттық. WorldSkills тек беделді байқау ғана емес, сонымен бірге жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға және кәсіби еңбектің маңыздылығын дәріптеуге бағытталған маңызды алаң. Бұл қозғалыс еліміздің тұрақты экономикалық өсуі мен технологиялық прогреске қол жеткізуі үшін қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыруда айрықша рөл атқарады. Салалық министрліктермен ынтымақтастық арқылы біз еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлап, оларды жұмыспен қамтуға жағдай жасаймыз», – деп атап өтті оқу-ағарту министрі.Естеріңізге сала кетейік, ұлттық чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 550-ден астам колледж студенті мен 558 сарапшы қатысуда. Чемпионат экономиканың негізгі салаларын қамтитын 30 құзыреттілік бойынша ұйымдастырылды. Олардың қатарында құрылыс және құрылыс технологиялары, шығармашылық және дизайн, ақпарат және коммуникация технологиялары, көлікке қызмет көрсету, әлеуметтік және тұрмыстық қызметтер, сондай-ақ өндірістік және инженерлік технологиялар бағыттары бар.Айта кетейік, чемпионатты басталған күнінен бері 12 мыңнан астам адам тамашалады. Іс-шара «EXPO» халықаралық көрме орталығында өтуде. Чемпионаттың салтанатты жабылу рәсімі мен жеңімпаздарды марапаттау 18 қарашаға жоспарланған.Республикалық кезеңнің жеңімпаздары келесі жылдың 9-13 қыркүйегі аралығында Данияда өтетін EuroSkills-2025 халықаралық чемпионатында еліміздің намысын қорғайды.Анықтама үшін: Жаһандық WorldSkills қозғалысының алаңы кәсіби құзыреттіліктер мен дағдыларды жетілдіру бойынша 89 елді біріктіреді. Қазақстан 2014 жылдан бастап WorldSkills International халықаралық қозғалысының толыққанды мүшесі болып табылады, ал 2016 жылдан бастап WorldSkills Europe ұйымының мүшесі.WorldSkills қозғалысының даму жолындағы 10 жылда Қазақстанда 30 құзырет бойынша 200-ге жуық өңірлік және 8 республикалық WorldSkills Kazakhstan чемпионаты өтті.Биылғы жылы ұлттық құрама WorldSkills Lyon әлем чемпионатында 6 үздік медальон және 69 елдің арасынан «Ұлт үздігі» номинациясын иеленді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/884567
Астанада өрттен зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетіледі 17.11.2024
Шатыры жартылай опырылып, өрт болған жекеменшік екі қабатты үйде екі отбасы тұрған. Астана әкімдігі оларға қажетті көмек көрсетеді.Құрбан болған зардап шеккен отбасыға психологиялық көмек беріледі. Оларға материалдық, тұрғын үй және басқа да қажетті көмек көрсетіледі. Туыстарына қайғыра көңіл айтамыз.Құрбан болмаған екінші отбасы уақытша баспанаға орналастырылды. Әкімдік қызметкерлері отбасыларымен тұрақты байланыста, барлық қажетті көмек көрсетіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/884565
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен құттықтауы 17.11.2024
Құрметті ауыл шаруашылығы қызметкерлері!Құрметті еңбек ардагерлері! Баршаңызды ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!Бұл егіс алқабында, фермада, жеке шаруашылықта еңбек ететін, өмірі ауыл тағдырымен тығыз байланысты әрбір адамның мерекесі. Ауыл еңбеккерлерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және республикамыздың экспорттық әлеуетін нығайтуға қосқан үлесін бағаламауға болмайды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ауыл шаруашылығы саласының алдына өнімділікті арттыру, жаңа технологияларды енгізу, өңдеуші саланы дамыту бойынша маңызды міндеттер қойып отыр. Өңірімізде бұл бағыттағы даму қарқынды жүріп жатыр: мал шаруашылығында оң тенденция байқалады, ауылдық жерлерді дамыту қолға алынып, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі көтерілуде, жоғары технологиялық жобалар жүзеге асырылуда, өнеркәсіп қарқынды дамып келеді.Мұның барлығы ауыл шаруашылығы саласының негізгі міндеттерін – азаматтарымызды сапалы өніммен қамтамасыз ету, еліміздің халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін шешуге көмектеседі.Әрине, биылғы ауыл шаруашылығы жылы диқандарымыз үшін өте ауыр болды. Дегенмен, олардың адал еңбектерінің, озық агротехнологияларды енгізудің және мемлекеттің қолдауының арқасында облысымыз орақ науқанын сәтті аяқтап қана қоймай, рекордтық өнім – 6,6 миллион тонна астық жинауға қол жеткізді.Егін орағы кезінде ұтымды, нақты және үздіксіз жұмысты қамтамасыз еткен, егін алқабы мен қырманда, зертхана мен комбайн штурвалында еңбек еткен барша ауыл еңбеккерлеріне шын жүректен алғыс білдіргім келеді. Қажырлы еңбектеріңіз үшін, өз істеріңізге жауапкершілік пен адалдық, туған жерге деген сүйіспеншіліктеріңіз үшін мың да бір рахмет!Жер-ана төскейіндегі, фермадағы, өндірістік цехтардағы қажырлы еңбектеріңіз барлық марапатқа, ерекше құрметке лайық. Өңірдегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының озық дәстүрлерін қалыптастырып, жастардың отансүйгіштікке, туған жер құшағында адал еңбек етуге деген құлшынысын оятып жүрген сала ардагерлеріне ерекше алғыс айтқым келеді.Құрметті жерлестер!Осы мереке күні баршаңызға шын жүректен зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй және отбасылық ынтымақ-береке тілеймін! Жыл сайын еселі еңбектеріңіздің есесі мол өніммен өтеліп, лайықты төленіп, қанағат сезіміне бөлейтін болсын. Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы гүлдене берсін!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/884564
Jibek Joly туристік пойызы Түркістанға келді 17.11.2024
Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары барысында Jibek Joly туристік пойызымен алғашқы сапарға шыққан саяхатшыларды қарсы алды. Туризмді дамыту мен мәдени алмасу мақсатында қолға алынған жаңа маршрут 115 саяхатшыны қабылдады.Алғашқы рейстің жолаушылары Түркістанда бір күн, Өзбекстан астанасы Ташкентте екі күн өткізеді. Туристерге ыңғайлы болу үшін кәсіби гидтермен экскурсия ұйымдастырылып, жайлы автобустар ұсынылды.Jibek Joly туристік пойызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, туризмді дамыту стратегиясы аясында іске асырылғанын атап өткен жөн. Жоба жаңа бағыттарды ашуға, екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға және азаматтар үшін саяхаттың қолжетімділігін арттыруға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/884557
18-24 қараша аралығындағы спорттық іс-шаралар кестесі 17.11.2024
🔹16-21 қараша – Жамбы атудан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатыЖарысқа еліміздің барлық облысынан, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 50 спортшы қатысады.📍Өтетін орны: Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Меркі ауылы.🔹12-20 қараша – Фристайл-могулдан халықаралық турнирЕл құрамасынан 5 спортшы сынға түседі.📍Өтетін орны: Идре қаласы, Швеция.🔹14-22 қараша – Боччадан халықаралық челленджер жарысыТурнирге Қазақстан құрамасы қатысады.📍Өтетін орны: Манама қаласы, Бахрейн.🔹11-19 қараша – Киберспорттан әлем чемпионаты110-нан астам елден 600 спортшы жарысқа қатысады. Қазақстан құрамасынан 15 спортшы бақ сынайды.📍Өтетін орны: Эр-Рияд қаласы, Сауд Арабиясы.🔹11-20 қараша – Шахматтан Қазақстан Республикасының кубогі (финал)Турнирге еліміздің 17 өңірінен 130 спортшы қатысады.📍Өтетін орны: Алматы қаласы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/884558
Құрметті әріптестер, ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібінің қызметкерлері! 17.11.2024
Биылғы жылы кәсіби мерекеміз ерекше құрметпен — Мемлекет басшысының қатысуымен атап өтілді. Бұл саланың ел үшін маңызы айрықша екенін айғақтайды. Салтанатты іс-шара жоғары дәрежеде өтті. Форумға мемлекеттегі жоғары лауазымды тұлғалармен қатар, агроөндірістегі көшбасшылар, еңбек майталмандары мен жас фермерлер қатысты.Бұл күні Мемлекет басшысының қолынан саланың үздік өкілдері мемлекеттік наградаларға ие болды.Мұндай қадам үздік фермерлерді танып-білу ғана емес, агроөнеркәсіптік кешенде жұмыс істейтіндердің барлығын шабыттандырды. Себебі, бұл біздің ортақ ісіміздің маңыздылығын көрсетеді. Іс-шара мінберінен Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы туралы ғана емес, ел өмірінің басқа да салаларынан бірқатар өзекті ойларын ортаға салды.Агроөнеркәсіптік кешеннің табысты дамуы экономика үшін басты қозғаушы күш. Ол химия өнеркәсібі, машина жасау, ирригация, логистика және қаржылық қызметтер секторы сияқты өзге салаларға деген сұранысты арттырады.Бірақ ең бастысы, агроөнеркәсіптік кешен – ол азық-түлік қауіпсіздігіне, ауылдардың дамуына және халқымыздың өмір сүру сапасының жақсаруына тікелей әсерін тигізеді.Құрметті әріптестер!Әрдайым шаруалардың еселі еңбегі назардан тыс қалмайды, әрбір қызметкердің үлесі мемлекет деңгейінде бағаланады.Біз елдің, болашақ ұрпақтың әл-ауқаты үшін тер төгіп келеміз және алға жылжуды жалғастырамыз!Кәсіби мереке құтты болсын! Қиын да жауапты еңбекте жоғары нәтижелер, мықты денсаулық пен амандық тілеймін.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/884545
Абай облысындағы көктемгі су тасқынына дайындық барысы тексерілді 17.11.2024
Абай облысына ҚР Үкіметі аппаратының Өңірлік даму және бақылау бөлімінің инспекторы Ұлықбек Серікұлы Тналиев іссапармен келді.Өңірдегі көктемгі су тасқынына дайындық деңгейін тексеру және қажетті шараларды бақылау мақсатында ұйымдастырылған іссапар барысында инспектор Шүлбі су электр стансасының жағдайымен танысып, су қорының жинақталуына назар аударды. Сондай-ақ мұнда көктемгі су тасқынына қарсы алдын алу шараларын реттеуді тапсырды.Бұл орайда облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков Семей қаласы мен барлық аудандарда су тасқыны қаупіне байланысты су арналарын тазалау, қорғаныс бөгеттерін нығайту және қажетті техникаларды әзірлеу секілді алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанын, сонымен қатар, бұл жұмыстардың барлығы аймақ басшысының тікелей бақылауында екенін жеткізді.ҚР Үкіметі аппаратының өңірлік даму және бақылау бөлімінің инспекторының іссапары барысында өңірде төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған өзге де шаралар жан-жақты талқыланды.Сала мамандарының айтуынша, атқарылған жұмыстар көктемгі кезеңде су тасқынының қаупін барынша төмендетуге бағытталған. Инспектор атқарылған шаралардың сапасын бағалап, жауапты мекемелерге су тасқынына қарсы іс-шараларды уақытылы аяқтап, толық дайындықпен кіруді міндеттеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/884551
Үшарал қаласы әуежайында жаңа терминал салынбақ 17.11.2024
Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаевтың Жетісу өңірі тұрғындарымен кездесуінде белгілі болды. Құрылыстың екі нұсқасы қарастырылуда: біріншісі - ғимараттарды келу және кету аймақтарына бөле отырып, қолданыстағы терминалдың жанынан шағын терминал салу; екіншісі – бірден үлкен терминал салу. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы орган жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін талдап, әзірлеуде.Сондай-ақ, бүгінгі таңда «Сарыөзек-Көктал» жолының 45-68-ші шақырымдары арасында күрделі жөндеу, ал 68-110 шақырымдары арасында орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Келесі жылы 0-ден 45-ші шақырымға дейін орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тиісінше, жол толығымен ретке келтіріледі.Жалпы ұзындығы 762 шақырымды құрайтын «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» жолын қайта жаңғырту жұмыстары да 2024 жылдың соңына дейін аяқталады.Өңір тұрғындарымен еркін форматта өткен кездесуде ведомство басшысы министрліктің құзыретіне кіретін және осы өңірге қатысты сұрақтарға барынша ашық жауап берді.Халықпен кездесуден кейін министрдің жеке қабылдауына 6 тұрғын жазылды.Қазақстандықтардың сұрақтары авиабилеттерді қайтару, халықаралық жүк тасымалдарының жүргізушілеріне виза беру және т.б. мәселелерге қатысты болды. Кездесу қорытындысы бойынша барлық өтініш білдірушілерге толық жауаптар мен түсініктемелер берілдіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/884544
Бір күнде Астанадан 2000-нан астам жүк көлігімен қар шығарылды 17.11.2024
Астанада қар тазалау жұмыстары ауысыммен тәулік бойы жалғасуда. Коммуналдық қызметтер қар тазалығымен күшейтілген режимде жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.16 қарашада кешкі ауысымда қаланы қардан тазартуға 900-ден астам арнайы техника, ал 250-ден астам жол жұмысшысы шықты.16 қараша күні түстен кейін полигондарға 25 мың текше метрден астам қарды 2009 ауыр жүк көлігі тасыды.Қыс мезгілінің басынан бері полигондарға 26 мыңнан астам рейс, 342 мың текше метрден астам қар жеткізілді.Ережеге сәйкес, ең алдымен, қалада кептеліс болмас үшін өте қарқынды қозғалыс учаскелері тазаланады. Сондай-ақ орташа қарқындылығы бар учаскелер-алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т. б. орындар қардан тазартылады.Орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау басымдыққа ие.Елордада бірнеше жабдықталған қар полигоны жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды.Төтенше жағдай туындаған кезде "112" телефонына хабарласыңыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/884538
Ербол Мырзабосынов дзюдодан ел чемпионатының ашылу салтанатына қатысты 17.11.2024
Дзюдодан ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының ашылу рәсіміне ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев қатысты.Министр Қазақстандағы дзюдо спортының дамуына, қазіргі аяқ алысына көңілі толатынын жеткізіп, жарысқа қатысушы палуандарға сәттілік тіледі.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортқа ерекше қолдау көрсетуде. Қазақстандағы дзюдоның қазіргі аяқ алысы жаман емес. Бұл сөзімізге Парижде өткен Олимпиада мен Паралимпиададағы дзюдошылардың жарқын жетістіктері дәлел. Елдос Сметовтың алтын жүлдесі мен Ғұсман Қырғызбаевтың қола медалі барша қазақстандықтарға үлкен қуаныш сыйлады. Оның үстіне Қазақстан 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу мүмкіндігін иеленді. Осының бәрі біздегі дзюдоның дұрыс жолда келе жатқанын көрсетеді. Жас дзюдошылар да жаһандық жарыстарда ерекше жетістіктерімен көзге түсіп, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Спортшылардың дүбірлі додаларда топ жаруы, жүлдегер атануы – біз үшін зор мақтаныш», – деді Ербол Мырзабосынов.Ел біріншілігінің ашылу салтанаты аясында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Әбиба Әбужақыноваға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері куәлігін, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовке есімі алтындатылған жапсырманы табыстады.Байрақты бәсекеге Астана, Алматы, Шымкент және еліміздің 17 облысынан барлығы 510 татами шебері қатысуда. Қазақстан чемпионаты 18 қарашаға дейін жалғасады. Чемпионат қорытындысы бойынша 2025-2026 жылғы спорт маусымына дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы жасақталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/884540
Республикалық әншілер байқауы: Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің студенті Бас жүлдені иеленді 17.11.2024
Алматы қаласында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ж.Елебеков атындағы дәстүрлі ән орындаушылардың ІІ республикалық байқауы өтті.Байқау колледж тарапынан әншінің 120 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.Бас жүлдені Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенті Асқат Ермұратұлы иеленді.Іс-шара барысында Ж.Елебековтың репертуарындағы барлық әндер шырқалды.Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 35 қатысушының 15-і екінші кезеңге өтті. Байқау нәтижесінде олар Дипломант атағын, Көрермендер көзайымы жүлдесін және І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарды иеленді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/884537
2025 жылғы қаңтардан бастап Қытай Халық Республикасымен шетелдік рұқсат бланкілерімен алмасу цифрлық форматта жүргізіледі 16.11.2024
Құжатқа екі елдің бейінді министрліктері қол қойды. Аталған жұмыстар бланкілердің жалпы санынан 60%-ын цифрлық форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Алматы қаласының тұрғындарымен кездесуде айтты. Жалпы, қазақстандық тасымалдаушылардың халықаралық автотасымалдарға қатысу көрсеткіші 31%-дан (2021) 52%-ға (2023) дейін өсті. Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда Қазақстан әлемнің 42 елімен шетелдік рұқсаттармен алмасуды жүзеге асыруда. Ағымдағы жылы рекордтық айырбас жасалды - 364 705 ШРБ, оның ішінде - 190 000 Қытай бланкілері. Алматы қаласының тұрғындарымен кездесуден кейін министр жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың сұрақтарына жауап берді. Еліміздің көлік саласын одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын тыңдадыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/884536