Саясат
Ұйғыр ауданында жалпы құны 87 млрд теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда 22.08.2026
Алматы облысының Ұйғыр ауданы – еліміздегі жүгері өндірісінің жетекші орталықтарының бірі. Құнарлы жер, қолайлы климат, шаруалардың мол тәжірибесі мен соңғы жылдары тартылған инвестициялар ауданның аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп келеді.Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының жетекші салаларының бірі. Биыл жалпы егістік алқабы 27,4 мың гектарға жетіп, бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,3 мың гектарға немесе 14,1 пайызға ұлғайды. Ал дәндік жүгері алқабы 9 080 гектарды құрап, Алматы облысындағы жүгері алқабының 16,3 пайызын иеленіп отыр.Жүгері өндірісін дамытуда ірі инвестициялық жобалардың маңызы ерекше. Солардың бірі – «Assem Kaljat» ЖШС-нің жүгері өсіру жобасы. Кәсіпорын 2 487 гектар жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізіп, заманауи суару жүйелерін іске қосты. Қазіргі таңда шамамен 2,5 мың гектарға тамшылатып суару технологиясы енгізіліп, 50 суару ұңғымасы бұрғыланып, 303 шақырым магистральдық су құбыры тартылды. Жобаға 1,3 млрд теңге инвестиция игерілді.Осы жоба аясында ауданның ірі және шағын шаруа қожалықтарының өкілдері бас қосып, жүгері өсірудің заманауи технологиялары бойынша тәжірибе алмасты. Шаруалар өндіріс барысын тікелей алқапта көріп, суару жүйелерінің тиімділігі, тұқым таңдау, агротехникалық жұмыстарды ұйымдастыру және өнімділікті арттыру тәсілдерімен танысты.Бұл – ірі шаруашылықтарда жинақталған тәжірибені шағын және орта шаруашылықтарға таратудың тиімді жолы. Өз кезегінде мұндай тәжірибе алмасу ауданның аграрлық секторындағы технологиялық жаңғыруды жеделдетуге мүмкіндік береді.Жүгері өндірісін одан әрі ұлғайту бағытындағы тағы бір маңызды жоба – «АА Агро Қонаев» ЖШС мен «QS Logistics Systems LTD» ЖШС бірлескен жобасы. Серіктестік 4 400 гектар жерді игеруді жоспарлап, заманауи суару технологияларын енгізуде. Алдағы кезеңде 18,2 млрд теңгелік жүгері мен соя өсіруге арналған агроөнеркәсіптік кластер құру көзделген.Ауданда су үнемдеу технологияларын енгізуге де басымдық берілуде. 2024 жылы бұл технологиялар 450 гектарға енгізілсе, 2028 жылға қарай 19 790 гектарға жеткізу жоспарланған. Ал 2026–2028 жылдары 17 187 гектар жайылымды суармалы егістікке айналдыру және суару желілерін жаңғырту арқылы тағы 6 396 гектарды ауыл шаруашылығы айналымына қосу көзделіп отыр.Жоспарланған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда ауданның егістік алқабы 45 196 гектарға дейін ұлғаяды.Агросекторға тартылатын инвестиция көлемі де жыл сайын артып келеді. 2025–2029 жылдары ауданда жалпы құны 87 млрд теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 1 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалардың қатарында жүгері өсіру, гибридті тұқым өндіру және өңдеу, астық сақтау, құс шаруашылығы және агроөнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту бағыттары бар.Сонымен қатар шаруаларды қаржылай қолдау тетіктері де кеңейіп келеді. 2026 жылы «Кең Дала» бағдарламасы аясында 10 шаруашылық 772,9 млн теңге несие алды. Бұл көрсеткіш бойынша аудан облыста Қонаев қаласы мен Балқаш ауданынан кейінгі үшінші орында тұр.Ұйғыр ауданындағы ауыл шаруашылығының бүгінгі жетістігі – жердің берекесі мен диқан еңбегінің, инвестиция мен инновацияның, тәжірибе мен заманауи технологияның тоғысуының нәтижесі.Жүгері өндірісінде республика көлемінде көш бастап тұрған Ұйғыр ауданы аграрлық әлеуетін одан әрі арттырып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі үлес қосып келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1278421?lang=ru
Алматы облысында былтырдан бері 2536 отбасы баспаналы болды 21.08.2026
Алматы облысында 2025 жылдан бері 3181 пәтер сатып алынып, осы уақытқа дейін оның 2536-сы әлеуметтік осал топ санатына жататын азаматтарға үлестірілді. Одан бөлек жыл соңына дейін тағы 645 пәтер кілті табысталады. Аталған баспаналардың барлығы көпбалалы аналарға, қамқоршысынан немесе ата-анасынан айырылған жандарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға беріледі, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Бүгін өңірде 54 отбасы баспана бақытына кенелді. Кілт табыстау рәсімінің бірі Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында өтті. Бұл шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы барып, тұрғындар қуанышына ортақтасты. Сондай-ақ 21 отбасыға сужаңа пәтер кілтін тарту етті.Өңір басшысы өз сөзінде азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Марат Елеусізұлының сөзінше, бүгінде өңірде пәтер кезегінде тұрған 74 839 азамат бар. Оның ішінде Талғар ауданы бойынша 10 мыңға жуық адам тіркелген. Соңғы екі жылда Талғар ауданында 459 пәтер сатып алынған. Оның 252-сі өз иелеріне берілді. Ал бүгін 21 отбасы баспаналы болды.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтарға жайлы өмір сүруге жағдай жасау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін үнемі айтып келеді. Оның ішінде баспана мәселесі де маңызды орын алады.Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесі әрдайым назарымызда. Алдағы кезеңде де бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, тұрғын үй қорын ұлғайтуға басымдық береміз. «Үйі бардың – күйі бар» дейді дана халқымыз. Әр отбасының өз шаңырағы, өз үйі болғаны – елдің әл-ауқатының жақсарғанының бір көрсеткіші екені анық», – деді аймақ басшысы.Баспаналы болған тұрғындардың бірі – 6 баланың анасы Гүлмира Құдайбергенова. «2012 жылдан бері үй кезегінде тұрып, бүгін үш бөлмелі пәтерге қол жеткіздім. Алты перзентім бар. Бір балам ерекше болып дүниеге келді. Жаңа пәтеріміз көңілімізден шықты. Іші кең, жарық әрі жайлы. Баспаналы болатынымды алғаш естігенде сенер-сенбесімді білмедім. Қатты толқыдым. Балаларымның да қуанышында шек жоқ. Осындай мүмкіндік сыйлаған жандарға алғыс айтамын», – деді тұрғын.Айта кетейік, бүгін облыстың өзге аудандарындағы тұрғындар да қоныс тойын тойлады. Мәселен, Қарасай ауданында 20, Іле ауданында 13 азамат пәтер иесі атанды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1278296?lang=ru
В Шымкенте проведена профилактическая акция по предупреждению падения детей из окон 21.08.2026
В Туранском районе Шымкента проведена разъяснительная работа, направленная на предупреждение случаев падения детей из окон.Сотрудники акимата Туранского района и районного управления по чрезвычайным ситуациям обошли около 100 квартир в многоэтажном жилом доме «БИІК», где рассказали родителям о важности не оставлять детей без присмотра и устанавливать на окна защитные устройства.В ходе акции двум семьям установили оконные блокираторы.По словам офицера районного управления по чрезвычайным ситуациям, старшего лейтенанта Диаса Макулбека, в этом году в Туранском районе зарегистрировано три несчастных случая, связанных с падением детей из окон. В связи с этим профилактические и разъяснительные мероприятия проводятся на постоянной основе.Специалисты напомнили, что безопасность детей в первую очередь зависит от ответственности родителей, и призвали не оставлять окна открытыми и соблюдать требования безопасности.Профилактическая работа в этом направлении будет продолжена.
Алматы облысында суицидтің алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде күшейтілуде 21.08.2026
Бүгін Қонаев қаласында Алматы облысы әкімдігі жанындағы суицидтің алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға Алматы облысы әкімінің орынбасары Қуаныш Бақытұлы, Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева, сондай-ақ Алматы облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Айгүл Есімбекова қатысты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Отырыс барысында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындылары шығарылып, өңірде суицидтің алдын алу жүйесін одан әрі жетілдірудің басым бағыттары айқындалды. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің психоэмоционалдық жай-күйін ерте кезеңде бағалау, дағдарыстық жағдайлардың алдын алу, қолжетімді психологиялық көмек көрсету тетіктерін кеңейту және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.Жиында суицидтік тәуекелдердің алдын алуда қауіп-қатер факторларын дер кезінде анықтау мен психологиялық қолдауды қажет ететін азаматтарды үздіксіз сүйемелдеудің маңыздылығы атап өтілді. Бұл бағытта Облыстық психикалық денсаулық орталығының мамандары аудан-қалаларда көшпелі консультациялық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп, дағдарыстық жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарға психологиялық қолдау көрсетуде. Сонымен қатар медициналық және білім беру ұйымдарының мамандарына әдістемелік көмек беріліп, олардың кәсіби құзыреттерін арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда.Күн тәртібінде халыққа психологиялық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру мәселелері де қаралды. Атап айтқанда, сенім телефондары мен цифрлық байланыс арналарының тиімділігін күшейту, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар талқыланды.Отырыста білім беру ұйымдарында жүргізілетін профилактикалық жұмыстарға ерекше басымдық берілді. Қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру, буллингтің алдын алу, педагогтердің, ата-аналардың және оқушылардың психологиялық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ балалардың эмоционалдық әл-ауқатындағы өзгерістерді дер кезінде анықтап, қажетті қолдау көрсету – профилактикалық жұмыстың негізгі бағыттарының бірі екені атап өтілді.Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар суицидтің алдын алу мәселесі барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен әрі үйлесімді іс-қимылын талап ететін маңызды бағыт екенін атап өтті. Медициналық ұйымдардың, білім беру мекемелерінің, психологтердің, әлеуметтік қызметтердің, құқық қорғау органдарының, ата-аналар мен жұртшылықтың өзара ықпалдастығы өңір тұрғындарының, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің өмірі мен психикалық саулығын сақтаудың басты кепілі болып қала береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1277812?lang=ru
ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҚТАРЫН ИПБ-ға БЕРУ БЖЗҚ ТУРАЛЫ ӨЗЕКТІ СҰРАҚТАР 20.08.2026
Міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарын 100% инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) беру мүмкіндігіне қатысты заңнамалық өзгерістерді кімдер пайдалана алады? Беру үрдісі қалай жүзеге асырылады?Қазіргі уақытта салымшылар міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарының 50%-на дейінгі бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ), сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарының 100%-на дейінгі бөлігін ИПБ-ға бере алады. 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап салымшылардың міндетті зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға беру мүмкіндігі 100%-ға дейін кеңейеді. Салымшыларға ИПБ-ны таңдау кезінде қолайлы болуы үшін зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі invest.enpf.kz интернет-платформасында ай сайын барлық қажетті ақпарат жарияланады. Атап айтқанда, онда қаржылық көрсеткіштер, зейнетақы активтерінің кірістілігі, сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтерінің көлемі, инвестициялық портфельдің құрылымы және оның динамикасы көрсетіледі.Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беру үшін салымшы зейнетақы активтерін басқаруға жіберілген ИПБ тізілімінен қажетті ИПБ-ны таңдауы қажет. Бұл туралы толық ақпарат БЖЗҚ сайтындағы «Қызметтер – Сенімгерлік басқаруға беру – Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінде орналастырылған. Одан кейін белгіленген нысан бойынша өтініш беру қажет. Мұны БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып немесе БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып жасауға болады.Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру туралы берілген өтініштің мәртебесін БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинеттен немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасындағы «Менің төлемдер/аударымдар/ЕЗЖ қайтаруға қатысты өтініштерім» бөлімінен бақылауға болады.ИПБ-ға беру туралы өтініштерді қабылдау, сондай-ақ оларды БЖЗҚ-да өңдеу үрдістері толық автоматтандырылған. БЖЗҚ зейнетақы активтерін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беруді нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген мерзім ішінде жүзеге асырады. ИПБ салымшыларға не ұсына алады?2023 жылғы 1 шілдеден бастап салымшылар міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарының 50%-на дейінгі бөлігін және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарының 100%-на дейінгі бөлігін ең төменгі жеткіліктілік шегін есепке алмай, ИПБ-ға аудару мүмкіндікке ие болды. Сонымен қатар, егер сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған болса, МЗЖ және/немесе МКЗЖ бойынша жинақтардың бүкіл сомасын аударуға болады.2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап салымшылардың міндетті зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға беру мүмкіндігі 100%-ға дейін кеңейеді.Зейнетақы жинақтарының 100%-на дейінгі бөлігін ИПБ басқаруына беру салымшыларға ИПБ-лардың көрсеткіштері мен инвестициялық стратегияларын зерделеу негізінде, өздерінің жеке қалауларын ескере отырып, капиталды ұзақ мерзімді перспективада көбейтуге мүмкіндік береді. Қандай компанияларға зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат берілуі мүмкін?Зейнетақы активтерін басқаруға, қолданылатын стратегиясына қарамастан, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің зейнетақы активтерін басқаруға жіберілген ИПБ тізіліміне енгізілген компанияларға ғана рұқсат беріледі.ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ИПБ-ларға арнайы талаптар әзірлеген. Атап айтқанда, олардың инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясы, нарықта және клиенттердің активтерін басқаруда табысты жұмыс тәжірибесі, соңғы бірнеше жылдағы қаржы-шаруашылық қызметінің оң нәтижелері, зейнетақы активтерін инвестициялауға байланысты шығындарды өтеуге жеткілікті меншікті капиталы және т.б. болуы тиіс.Сонымен қатар, ИПБ БЖЗҚ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасасуы, сондай-ақ БЖЗҚ және кастодиан-банкпен үшжақты кастодиандық шарт жасасуы қажет.Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқаруға алты компания жіберілген. Олар:«Alatau City Invest» АҚ;«BCC Invest» АҚ;«Halyk Global Markets» АҚ;«Halyk Finance» АҚ;«Сентрас Секьюритиз» АҚ;«Tansar Capital» АҚ.«Halyk Global Markets» АҚ 2025 жылғы 30 желтоқсанда БЖЗҚ-ға 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ИПБ бастамасымен шартты бұзу туралы хабарлады. Осыған байланысты БЖЗҚ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың зейнетақы активтерін оның басқаруына аудару туралы жаңа өтініштерін қабылдамайды. Компания тізілімнен шығарылған жағдайда, салымшылардың жинақтары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің басқаруына қайтарылады. Зейнетақы жинақтарын басқаруды қай компанияға сеніп тапсыру керектігін қалай таңдауға болады?Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдамас бұрын, нарықтағы ИПБ-лардың қолданыстағы тізімімен мұқият танысып, олардың БЖЗҚ сайтында орналастырылған инвестициялық декларацияларын зерделеуді ұсынамыз. Сондай-ақ ИПБ-лардың қаржылық көрсеткіштерін, сонымен бірге ИПБ-ға қатысты реттеуші орган — ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан қолданылған әкімшілік шаралар, санкциялар және ықпал ету шаралары туралы ақпаратты (егер олар болған жағдайда) талдау қажет.ИПБ-ны таңдау – салымшының дербес шешімі.БЖЗҚ-ның invest.enpf.kz порталында әртүрлі ИПБ қызметінің тиімділігін сипаттайтын маңызды көрсеткіштерді салыстыруға болады. Олардың қатарында: кірістілік, УЕ (зейнетақы активтерінің инвестициялау нәтижесінде өзгеруін сипаттау үшін пайдаланылатын зейнетақы активтері құнының үлестік шамасы, оның бағамы есептелген инвестициялық кіріске (залалға) байланысты болады), портфельдің құрылымы және ИПБ-ның қаржылық көрсеткіштері бар.Инвестициялық басқару жөніндегі бірыңғай ақпараттық интернет-платформа — салымшыларға зейнетақы инвестицияларын онлайн режимде талдауға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс.Жеке кабинетте салымшы, сондай-ақ:ИПБ-ға/ИПБ-дан/ҚР Ұлттық Банкіне беруге немесе қайтаруға қолжетімді соманы тексере алады;ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ИПБ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚР Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруына қайтару туралы өтініш беру ережелерімен және шарттарымен таныса алады;ИПБ-ны таңдау (өзгерту) немесе ҚР Ұлттық Банкіне қайтару туралы өтініш бере алады және оның мәртебесін бақылай алады;басқа да қолжетімді зейнетақы қызметтерін пайдалана алады.Осылайша, invest.enpf.kz бірыңғай интернет-платформасы зейнетақы жүйесіндегі цифрлық сервистерді дамытудың маңызды элементіне айналып, салымшылардың зейнетақы капиталын басқаруға неғұрлым саналы түрде қатысуына және өздерінің қаржылық болашағын қалыптастыруына ықпал етеді.Сондай-ақ таңдалған ИПБ инвестициялық портфелі бойынша өзекті ақпаратпен БЖЗҚ сайтындағы тиісті бөлімнен (Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға аудару) танысуға болады. БЖЗҚ-ның дерекқорлары зейнетақы жинақтарының ірі сомаларын аударуға және болашақта бірнеше портфельді жүргізуге/есепке алуға бейімделген бе? ИПБ жүйелерімен интеграция қалай жүзеге асырылады?БЖЗҚ-ның әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде өз ақпараттық жүйелерін интеграциялау бойынша мол тәжірибесі бар екенін атап өткен жөн. Осыған сәйкес, БЖЗҚ-ның ақпараттық жүйелері ИПБ-мен өзара іс-қимыл барысында барлық деректерді есепке алуға мүмкіндік береді.Бұл ретте БЖЗҚ барлық салымшылар үшін бірыңғай есептік және ақпараттық орталық, сондай-ақ активтерді кім басқаратынына қарамастан (салымшының таңдауы бойынша ҚР Ұлттық Банкі және/немесе ИПБ), олардың жеке зейнетақы шоттарының операторы болып қала береді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1277376?lang=ru
Алматы облысында 66 шақырым көшеге алғаш рет жол төселді 19.08.2026
Алматы облысында соңғы үш жылда 50-ге жуық ауылдың көшелеріне алғаш рет асфальт төселді. Жаңарған көшелердің жалпы ұзындығы 66,5 шақырымды құрайды. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 1,64 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Жаңа жолдар Еңбекшіқазақ ауданындағы Саймасай, Ақтоған, Амангелді, Алмалы, Қорам және Сатай ауылдарында, Ұйғыр ауданындағы Шонжы, Рахат, Ақтам ауылдарында, Талғар ауданындағы Береке, Тұздыбастау, Төңкеріс, Қызылту, Жаңалық және Түзусай ауылдарында, Жамбыл ауданындағы Қарғалы, Үлкен, Шиен, Беріктас, Шолаққарғалы, Үңгіртас және Ынтымақ ауылдарында, Іле ауданындағы Байкент, Жәпек батыр, Казцик, Ақсай, Әли ауылдарында, сондай-ақ Балқаш, Кеген, Райымбек және Қарасай аудандарындағы ауылдардың бірқатар көшесіне төселді. Бұл елді мекендердің кейбірінде тұрғындар асфальт жолды 30 жылдан астам уақыт күткен. Жолдың жаңаруы аталған елді мекендердегі 50 мыңнан астам тұрғынның күнделікті қатынасын жақсартты.«Биыл ауылымызға алғаш рет асфальт төселіп, көптен күткен мәселеміз шешілді. Жаңбыр жауса, жолдың жағдайы қиындап, көлікпен жүру де, жаяу жүріп-тұру да оңай болмайтын. Енді міне, көптен күткен жолымызға асфальт төселді. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Осы мәселені шешуге атсалысқан азаматтарға алғысымызды айтамыз», – деді Жамбыл ауданы Үңгіртас ауылының тұрғыны Бейбіт Есімбеков.Жол мәселесі әсіресе халқы көп елді мекендер үшін маңызды. Мәселен, Ұйғыр ауданындағы Шонжы ауылында 20 мыңнан астам тұрғын бар. Биыл мұнда бұрын асфальт болмаған тағы алты көшеге алғаш рет жол төселеді. Жалпы, облыстағы елді мекендердің басым бөлігінде көшелер асфальтталған. Дегенмен, кейбір ауылдарда қиыршық тас пен шағал төселген жолдар әлі де жеткілікті. Оларды да асфальттау жұмыстары жалғасады.«2026-2027 жылдары облыста тағы 100 шақырымнан астам көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Жоспарға Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Іле, Жамбыл, Қарасай, Кеген, Райымбек, Балқаш және басқа да аудандардағы елді мекендердің көшелері енгізілген. Яғни алдағы кезеңде де бұған дейін асфальт төселмеген көшелерге жол салу жалғасын табады. Бұл жұмыстарға қарастырылған қаржы көлемі 4,67 млрд теңгеге жуық», – деді Алматы облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұхамбетов.Жолдардың жаңаруы ауыл тұрғындарының күнделікті жүріп-тұруын жеңілдетті. Бұған дейін көлік жүруі қиындаған көшелерде қатынас жақсарып, мектептерге, медициналық мекемелерге және аудан орталықтарына жету уақыты орта есеппен 10 - 20 минутқа қысқарған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1276644?lang=ru
Биыл Алматы облысында білім беру саласына 458 млрд теңге қаржы бөлінді 18.08.2026
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы баяндады. Айтуынша, үш ауысымды оқытуды жою мақсатында соңғы төрт жылда 75 жаңа мектеп ашылып, 6 қосымша жапсаржай салынған. Соның ішінде мемлекет қолдауының нәтижесінде 24 900 орынды 26 «Келешек мектеп» есігін айқара ашты. Қазіргі таңда жоспарға сәйкес он мектептің күрделі жөндеуі аяқталды, тағы екі нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Жаңа оқу жылында 502 мектепте 385 мыңға жуық бала білім алады. Ал бірінші сыныпқа 32 мыңнан астам оқушы қабылданды. Олардың саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан жаңа мектеп салу – басты міндеттердің бірі. Осыған орай өңірде ЕРС+F тетігі арқылы 5 100 оқушыға арналған бес жалпы білім беретін мектептің тізімі бекітілді. Алматы агломерациясы ауылдарында Алматы қаласының бюджеті есебінен бес білім ошағын салу бойынша келіссөздер жүргізілді. Сондай-ақ биыл 200 орынды бір жатақхананың құрылысы тәмамдалса, жыл аяқталғанға дейін 500 орынға шақталған үш жатақхана ашылады.Марат Елеусізұлы өз сөзінде биыл білім беру саласына 458 млрд теңге қаржы бөлінгенін айтты. Әсіресе оқулық қорының жеткілікті болуына ерекше назар аударылған. Оған бөлінген қаражат – 3,3 млрд теңге. Жаңа оқу жылында жекелеген санаттағы 63 мың оқушыға мектеп формасы және оқу құралдары беріледі. «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер есебінен 18 мың балаға көмек көрсетіледі. Сондай-ақ 185 мың бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Шалғай елді мекендердегі оқушыларды тасымалдау үшін үш млрд теңге бөлінген. Мұның игілігін 29 мыңнан астам бала көрейін деп тұр.Бүгінде облыстағы барлық мектеп интернет желісіне қосылған. Олардың 87,9%-ында жаңа модификациялы оқу кабинеттері бар. Биыл 78 мектепте 203 заманауи кабинет ашылады. Сондай-ақ 2020 педагог біліктілігін арттыру курсынан өтеді.Оқушылардың қауіпсіздігі үшін білім беру ұйымдарында жедел басқару орталығына қосылған 27 мың бейнебақылау камерасы орнатылған. 213 мектепке арнайы күзет қызметі ұйымдастырылған.Сөз соңында облыс әкімі жаңа оқу жылына дайындық жұмысы жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын және тұрақты бақылауда екенін жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1276117?lang=ru
Көкке көз тіккен күн: Байсеркеде авиациялық мереке өтіп жатыр 16.08.2026
Алматы облысының Іле ауданына қарасты Байсерке ауылында «Байсерке аспаны – 2026» авиациялық мерекесі басталды. Ашық аспан астындағы шара авиация әуесқойларын, сала мамандарын, өңір тұрғындары мен қонақтарын бір алаңға жинады.Авиациялық мереке аясында өткен баспасөз мәжілісінде Қазақстандағы шағын авиацияны дамыту, жастарды техникалық мамандықтарға тарту, авиациялық мәдениетті қалыптастыру және Алматы облысының туристік әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.Жиынға «СП «Бәйтерек» АҚ басқарма төрағасы, Қазақстанның Халық қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетов, «Отан» аэроклубы қоғамдық бірлестігінің басшысы Юрий Ельцов, «Тянь-Шань» авиациялық ұшу орталығының бас директоры Владимир Анцупов және Қазақстандық шағын авиация қауымдастығының президенті Өмірбек Кеңесбаев қатысты.Баспасөз мәжілісінде мамандар авиацияны тек кәсіби саламен шектеп қарауға болмайтынын атап өтті. Олардың пікірінше, авиация – жастардың техника мен инженерияға қызығушылығын арттырып, болашақ мамандығын таңдауға ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі.Осы орайда көпшілікке арналған авиациялық шаралардың рөліне ерекше назар аударылды. Мұндай алаңдар тұрғындарға авиацияның мүмкіндіктерін жақыннан танып қана қоймай, осы салада еңбек ететін мамандармен тікелей жүздесуге мүмкіндік береді.Сала өкілдері әсіресе балалар мен жасөспірімдердің ұшқыш, инженер, техник секілді мамандықтарға қызығушылығын арттыру маңызды екенін айтты. Авиациялық техниканы өз көзімен көру, кәсіби мамандармен сөйлесу және әуе кемелерінің жұмысымен танысу жастардың болашақ кәсіби бағдарын айқындауына ықпал етуі мүмкін.Сонымен қатар, жиында шағын авиацияны дамыту мәселесі көтерілді. Мамандар бұл бағытты ілгерілету үшін инфрақұрылыммен қатар қоғамда авиациялық мәдениетті қалыптастыру, әуе кеңістігінің мүмкіндіктері туралы ақпаратты кеңінен тарату және бұқаралық іс-шараларды жүйелі өткізу маңызды екенін атап өтті.Баспасөз мәжілісінен кейін «Байсерке аспаны – 2026» мерекесінің негізгі бағдарламасы басталды. Байсерке аспанында әуе кемелері қалықтап, алаңда авиациялық техника көпшілік назарына ұсынылды. Түрлі көрсетілімдер мен танымдық бағдарламалар мерекенің негізгі бөлігіне айналды.Шараға келген қонақтар әуе техникасын жақыннан тамашалап, авиация саласының тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алды. Мамандар келушілерге әуе кемелерінің ерекшеліктері мен авиациялық мамандықтар туралы ақпарат берді.Мерекеге балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығы да жоғары болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның негізгі міндеттерінің бірі – жас буынның аспан әлеміне деген қызығушылығын нақты білім мен кәсіби бағдарға ұластыру.«Байсерке аспаны – 2026» авиацияны насихаттаумен қатар, Алматы облысының туристік мүмкіндіктерін таныстыруды да көздейді. Ұйымдастырушылар авиация мен туризмді байланыстыру арқылы өңірге деген қызығушылықты арттыруға болатынын атап өтті.Алматы облысының табиғи ерекшеліктері мен ашық кеңістігі авиациялық туризм бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, Байсеркедегі мереке әуе техникасының көрсетілімі ғана емес, өңірдің туристік тартымдылығын жаңа қырынан танытатын алаң ретінде де қарастырылып отыр.Шара барысында кәсіби мамандардың тәжірибесі, авиациялық техниканың көрсетілімі мен көпшілікке арналған бағдарламалар өзара үйлесім тапты. Келушілер үшін бұл авиация әлемін жақыннан танып, жаңа әсер алуға мүмкіндік берсе, жастар үшін болашақ мамандығы туралы ойлануға себеп болатын танымдық шараға айналды.«Байсерке аспаны – 2026» мерекесінің басты идеясы да осы – авиацияны көпшілікке жақындатып, оның мүмкіндіктерін көрсету. Өйткені бүгін аспандағы ұшаққа қызыға қараған баланың ертең ұшқыш, авиация инженері немесе техник болуы әбден мүмкін.Осылайша, Байсеркеде өтіп жатқан авиациялық мереке әуе кемелерінің әсерлі көрсетілімімен ғана шектелмей, шағын авиацияны дамыту, жастарды техникалық мамандықтарға бағыттау және Алматы облысының туристік әлеуетін танытуға арналған мазмұнды алаңға айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1274728?lang=ru
Алматы облысының өнімдері жаңа сауда орнында 20-30% төмен бағада сатылады 15.08.2026
Алматы қаласында Райымбек ауданының ауылшаруашылық өнімдерін сатуға арналған сауда орны ашылды. Мұнда тұтынушылар таза әрі табиғи өнімді ешқандай делдалсыз тиімді бағада сатып алады. Яғни аудан шаруалары мен қала тұрғындары арасындағы тікелей байланыс орнады. Бұл ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетуге оң ықпалын тигізбек. Сауда орны Рысқұлов пен Шемякин көшелерінің қиылысында орналасқан, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Кәсіпкерлер үшін өз еңбегінің нәтижесін тиімді бағада өткізу және оны тікелей тұтынушыға жеткізу мәселесі маңызды. Осыған байланысты облыс әкімдігінің қолдауымен және Райымбек ауданы мен Алматы қаласы әкімдігі арасында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде шаруалар мен малшылар осындай таптырмас мүмкіндікке қол жеткізіп отыр. Олар алғашқы күннің өзінде 3,5 тонна ет, 1 тоннадан астам сүт өнімін, одан бөлек табиғи бал, ысталған балық, жұмыртқа мен көкөністер және басқа да тауарларын таныстырып, халыққа ұсынды.Сауда орнының ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, жәрмеңкені аралап көрді.«Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, сақтау мен сату оңай жұмыс емес. Оған қажырлы еңбек пен төзімділік қажет. Көп жағдайда бұл саламен айналысатын азаматтардың базарға шығып, тауарын ұсынуға мүмкіндігі бола бермейді. Соның кесірінен кейде делдалдарға жем болып жатады. Бұл сауда орны оларға үлкен қолдау болғалы тұр. Ең бастысы өнім сапасына ерекше көңіл бөлу керек», – деді аймақ басшысы.Жәрмеңкеге қатысқан жандардың бірі Қақпақ ауылының тұрғыны – Ұлжан Ауғанбайқызы. Ол сүттен дайындаған 7 түрлі өнімін алып келіпті.«Бұған дейін өзіміз дайындаған құрт-май, айран-қымызымыз бен ірімшігімізді ауылға келген қонақтарға ғана сата алатынбыз. Енді өнімдеріміздің барлығын арнайы базарға әкеліп, өткізуге мүмкіндік туды. Бұл өте құптарлық іс әрі біздің жұмысымызды одан әрі дамытуға септігін тигізеді», – дейді ол.Қазіргі таңда шатырлардан құралған жәрмеңке жұмысы жанданып тұр. Алдағы уақытта жабық сауда павильонының құрылысы басталмақ. Яғни қыс мезгілінде де базардың қайнаған тіршілігі тоқтамайды. Сатылатын өнімдердің сапасы мен бағасын бақылайтын арнайы мамандар да бар. Мұндағы баға орташа көрсеткіштен 20-30 пайызға төмен.Бүгінде Райымбек ауданында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Аймақта 3400 кәсіпкер тіркелген. Оның 1200-і өсімдік шаруашылығымен, 1100-ге жуығы ет өндірумен айналысады, ал қалғаны ауыл шаруашылығының түрлі бағыты бойынша жұмыс істейді. Жылына 16 мың тонна ет, 18 мың тонна сүт, 500 мың данаға жуық жұмыртқа мен 55 мың тонна картоп өндіріледі. Жаңадан ашылған сауда орнының арқасында бұл көрсеткіштің бірнеше есе өсетіні сөзсіз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1274698?lang=ru
“Lotus Fest-2026”: 94 адам Run марафонына қатысты 15.08.2026
“Lotus Fest-2026” фестивалі аясында Run марафоны өтті. Жарысқа 94 адам қатысып, 3 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.Қатысушылар арасында ең үлкені - 82 жастағы қария. Жарысқа әр жастағы тұрғындардың қатысуы бұқаралық спортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті.Финалға бірінші боп жеткен қатысушы Диар Куспанов марафоннан алған әсерімен бөлісті.- Мен марафонды бірінші боп аяқтадым. Сәл қиын болды, бірақ әсері өте керемет. Марафонды жүгіріп өткен әрқайсысы ерекше әсер алды деп ойлаймын. Алғашқы Run марафоны құтты болсын,- деді ол.Қатысушылар үшін бұл тек спорттық сайыс емес, табиғат аясында уақыт өткізіп, жақсы көңіл-күй сыйлаған ерекше шара болды. Марафон соңында барлық қатысушы өз межесін бағындырып, фестивальдің мерекелік атмосферасын жалғастырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1274689?lang=ru
Атырауда Lotus Fest – 2026 фестивалі басталды 15.08.2026
Атырау облысының Құрманғазы ауданында табиғаттың ерекше көркі – лотос гүлінің гүлдеу кезеңіне арналған Lotus Fest – 2026 фестивалі өз жұмысын бастады.Екі күнге жоспарланған фестивальге аудан тұрғындарымен қатар, еліміздің әр өңірінен келген қонақтар мен шетелдік туристер қатысуда. Фестиваль алаңына алғашқы сағаттардың өзінде 2 мыңға жуық адам жиналды.Мерекелік шара аясында қонақтарға мәдени-көпшілік бағдарламалар, ұлттық спорт жарыстары, қолөнер жәрмеңкесі, ұлттық тағамдар, балаларға арналған ойын-сауықтар мен концерттік бағдарлама ұсынылады. Фестивальдің арнайы қонағы ретінде танымал қазақстандық әнші Қуандық Рахым өнер көрсететін болады.Фестивальдің басты ерекшелігі – қонақтардың Қиғаш өзені бойымен қайықпен серуендеп, табиғи жағдайда гүлдеген әсем лотос алқабын тамашалау мүмкіндігі.Lotus Fest – 2026 Атырау облысының туристік әлеуетін танытып, Құрманғазы ауданының бірегей табиғи мұрасын насихаттауға және экотуризмді дамытуға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1274687?lang=ru
Қиғаш өзенінің бойындағы «Lotus Fest» фестивалі басталды 15.08.2026
15–16 тамыз күндері Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Теңіз ауылдық округінде ерекше табиғат аясында өтетін «Lotus Fest» фестивалі өз жұмысые бастады.Фестиваль қонақтарын туристік сайыстар, «Lоtus Run» марафоны, балалар ойын алаңы, эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін концерттік бағдарлама,фотозоналар,сауда саттық павилиондары, қолөнер жәрмеңкесі, фуд корттар күтеді.Ең бастысы – Қиғаш өзенімен қайықпен серуендеп, табиғаттың сирек кездесетін ғажайыбы – әсем лотос гүлдерін тамашалау мүмкіндігіне ие болады. «Lotus Fest» – табиғат, мәдениет және ұмытылмас әсерлер тоғысқан ерекше фестиваль болады деп күтілуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1274679?lang=ru
658 млн теңге, 200 орын: Алматы облысында жаңа мәдениет үйі ашылды 15.08.2026
Алматы облысы Қарасай ауданының Жібек жолы ауылында 200 көрерменге арналған жаңа Мәдениет үйі ашылды. Заманауи нысан ауыл тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастырып, балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Мәдениет үйінде көрермендер залы, сахна және шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттер бар. Мұнда концерттер, театрландырылған қойылымдар, мерекелік және мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізіледі. Сонымен қатар домбыра, жыр-терме, ән, би, қолөнер үйірмелері, ақындар мен «Шежіре» тәлім орталығы, ата-әжелер ансамблі жұмысын бастайды.Бес гектар аумақта орналасқан нысанның құрылысына 658,7 млн теңге бөлінді. Ауыл тұрғындары жаңа Мәдениет үйінің ашылғанына ризашылықтарын білдірді. Айтуларынша, елді мекенде балалар мен жастардың шығармашылықпен айналысып, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін осындай орын көптен қажет болған. Жаңа нысанның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев ауылдағы мәдениет ошақтарының маңызына тоқталды.«Бұл – жай ғана жаңа ғимарат емес. Бұл – ауылдың мәдени өмірін жандандыратын, балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға жол ашатын орта. Мұнда ұлттық өнеріміз бен дәстүріміз дәріптеліп, түрлі буын өкілдері бас қосатын болады. Мемлекет басшысы мәдениет пен өнердің ел өміріндегі маңызын үнемі айтып келеді. Сондықтан облыста мәдени инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы төрт жылда бұл салаға 52,6 млрд теңге бағытталып, 10 жаңа мәдениет нысаны салынды, 19 мәдениет үйі жөндеуден өтті. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады», – деді Ғани Майлыбаев.Жібек жолы ауылындағы жаңа мәдениет үйі – соңғы жылдары облыста пайдалануға берілген мәдени нысандардың бірі. Былтыр Кеген ауданындағы Жалағаш және Жылысай, Іле ауданындағы Өтеген батыр, Жамбыл ауданындағы Мәтібұлақ ауылдарында жаңа мәдениет үйлері ашылды. Биыл Жамбыл ауданындағы Шиен ауылында Мәдениет үйінің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар демеушілердің қолдауымен Балқаш аудандық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.Қазір облыста Жамбыл ауданының Қарғалы және Іле ауданының Боралдай ауылдарында жаңа мәдени нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта да мәдениет үйлері мен басқа да мәдени нысандарды жаңғырту және салу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаспақ.Былтыр Кеген ауданындағы Жалағаш және Жылысай, Іле ауданындағы Өтеген батыр, Жамбыл ауданындағы Мәтібұлақ ауылдарында жаңа мәдениет үйлері ашылды. Биыл Жамбыл ауданындағы Шиен ауылында Мәдениет үйінің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар демеушілердің қолдауымен Балқаш аудандық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Қазір облыста Қарасай ауданының Әйтей, Жамбыл ауданының Қарғалы және Іле ауданының Боралдай ауылдарында жаңа мәдени нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта да мәдениет үйлері мен басқа да мәдени нысандарды жаңғырту және салу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаспақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1274665?lang=ru
Алматы облысында электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді 14.08.2026
Апаттық ажырату салдарынан электр энергиясы өшірілген облыстың барлық аудандары мен қалаларындағы тұтынушылар 19:30-дағы жағдай бойынша электрмен жабдықтау жүйесіне толық қосылып, электрмен жабдықтау толығымен қалпына келтірілді.Қонаев және Алатау қалаларында, сондай-ақ Балқаш, Іле, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Талғар, Қарасай, Ұйғыр, Райымбек және Кеген аудандарында электр энергиясын беру штаттық режимде жүргізілуде.Қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген уақыт ішінде барлық әлеуметтік маңызы бар нысандар, тіршілікті қамтамасыз ету объектілері және режимдік-стратегиялық нысандар резервтік электр қуаты көздерімен қамтамасыз етіліп, үздіксіз әрі штаттық режимде жұмыс істеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1274640?lang=ru
Тамыз кеңесі: Алматы облысындағы 5 мектеп еліміздің ең үздік 100 білім ошағының қатарына кірді 14.08.2026
Жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын тамыз конференциясы биыл Алматы облысында «Конституциялық құндылықтар: кәсібилік, сапа, нәтиже» тақырыбына арналды. Жиында білім беру саласында өткен оқу жылында атқарылған жұмыстар сараланып, жаңа оқу жылындағы басым бағыттар айқындалды. Конференцияға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Айқожа Әбсадықов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері, ардагер ұстаздар, білім беру ұйымдарының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, аудан-қала әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері және педагогтер қатысты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Конференция барысында білім сапасы мен педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, инфрақұрылымды дамыту, оқушы орындарының тапшылығын азайту, цифрландыру және тәрбие жұмысы сияқты маңызды мәселелер талқыланды.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірде білім беру саласын дамытудың үш негізгі бағыты бар екенін айтты. Біріншіден, жаңа конституциялық талаптарға сай үш ауысымды мектептерді жою, заманауи мектептер салу және цифрлық сауаттылықты дамыту. Екінші бағыт – өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын көтеріп, жауапты азаматтық ұстанымын қалыптастыру. Үшінші бағыт – еңбек нарығына қажетті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.Сондай-ақ Марат Елеусізұлы білім саласына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау жылдан-жылға артып келе жатқанын жеткізді. Мәселен, биыл облыста білім саласын қаржыландыру 458,2 млрд теңгеге жетті. Оқушылар санының жыл сайын 7-10 мыңға артуына байланысты педагогтерге де сұраныс өсіп отыр. Осыған байланысты жалақы қорына жыл сайын қосымша 7 млрд теңге бөлінуде.Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұмановтың айтуынша, мектепке дейінгі білім беру бағыты бойынша өткен жылғы маусымнан бастап Қонаев қаласында 24 мектепке дейінгі ұйымда 2 951 орынға ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы іске қосылды. Нәтижесінде балабақша кезегіндегі балалар саны 963-тен 470-ке дейін азайды. Сонымен қатар ата-аналарға қолдау көрсету үшін 365 кеңес беру орталығы жұмыс істеп, «Балақайлар мектебі» жобасы аясында 7 223 бала мектепке дейінгі даярлықтан өтті.Бүгінде өңірдегі 5 мектеп Қазақстанның ең үздік 100 мектебінің қатарына енген. Ал дарынды балалардың 3 жылдағы жүлделі орындарға ие болудағы сапа көрсеткіші 54 пайызға артты. 2025-2026 оқу жылында пәндік олимпиадаларға 541 оқушы қатысып, 303 жүлделі орын иеленді. Халықаралық байқауларда 29 оқушы жеңімпаз атанды. Екі жыл қатарынан облыс түлектері ҰБТ-дан ең жоғары 140 балл жинады. Ал өткен оқу жылының қорытындысы бойынша облыста білім сапасы 68,9 пайыздан 69,5 пайызға өсті.Өңірде 34767 педагог жұмыс істейді. Оның ішінде біліктілік санаты бар педагогтардың үлесі – 74,8%. Ал жаңа форматтағы біліктілік санатына ие мұғалімдер саны биыл 28,2%-ды құрап 7,1%-ға өскен.Білім ошақтарында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Биыл 350 мың оқушының қатысуымен «Болашақты бірге отырғызайық» акциясы, мектеп түлектері мен танымал тұлғалардың қатысуымен «Бүгінгі күн – ертеңгінің өркені» және «Жайна, туған өлкем!» челлендждері ұйымдастырылған.Биыл өңірде еңбек нарығына қажетті жаңа мамандықтарды ашуға 500 млн теңге бөлінді. Колледждердің материалдық-техникалық базасы да жаңартылуда. Студенттер түрлі сайыстарда топ жарып, үздік нәтиже көрсетуде. Мысалы, «WorldSkills Kazakhstan» республикалық чемпионатында облысымыздың 12 студенті жүлделі орындарға ие болған. Колледждердің Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия және басқа да мемлекеттердің білім беру ұйымдарымен халықаралық байланыс орнатуы студенттер мен педагогтердің тәжірибе алмасуына жаңа мүмкіндік беріп отыр.Облыста жастардың білімін жетілдіру – маңызды бағыттарының бірі. Соңғы төрт жылда жергілікті бюджет есебінен 239 грант бөлінді. Биыл тағы 35 грант қарастырылған. Сонымен қатар ҚХР ұсынған білім гранттары арқылы 2024 жылдан бері 65 түлек Қытайда оқып жатыр.Конференцияда баланың қауіпсіздігі мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Талғар ауданы прокуратурасының аға прокуроры Диас Сұлтанның мәлімдеуінше, Талғар ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Заң мен тәртіп» азаматтық тәлімгерлік пилоттық жобасы іске асырылған.«Жобаға 10 мектеп пен 3 колледж қатысып, прокуратура, полиция және адвокатура органдарының 13 ардагері тәлімгер ретінде тартылды. Олар 7-10 сынып оқушылары мен колледж студенттерімен құқықтық тақырыптарда пікірталас, тренинг және профилактикалық кездесулер өткізді. Нәтижесінде оқушылардың құқықтық білімді меңгеру деңгейі 90 пайыздан асты», – деді аға прокурор.Биыл бұл бастамаға тағы 35 ұйым қосылмақ. Жоба сондай-ақ буллинг пен кибербуллингтің, зорлық-зомбылықтың және басқа да келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Осыған байланысты Марат Елеусізұлы білім, полиция және денсаулық сақтау салалары бірігіп әрекет ету керегін айтып, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.Цифрландыру тақырыбы да күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Білім саласындағы қаржының ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында «Есеп» бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу көзделіп отыр.Жиын барысында Айқожа Әбсадықов еліміздегі білім саласында енгізілген өзгерістер жайлы баяндады. Айтуынша, балалардың жас ерекшеліктері ескеріліп, оқу бағдарламалары кешенді түрде қайта қаралған. Биылғы 1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ алынып тасталады. 5-9 сыныптарда іргелі ғылымдарды тереңдетіп оқытуға басымдық беріліп, 8-9 сыныптарға «Қазақстан географиясы» пәнін аптасына 2 сағат көлемінде енгізу қарастырылуда.Жиын соңында өткен оқу жылының қорытындылары мен жаңа оқу жылына арналған міндеттер сараланып, конференцияның қарары қабылданды. Сондай-ақ білім беру саласында еселі еңбек етіп, өз ісіне адалдығымен дараланған ұстаздар «Еңбек ардагері», «Ы.Алтынсарин», «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілерімен және Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1274578?lang=ru
Марат Сұлтанғазиев ауыл әкімдеріне маңызды міндеттер жүктеді 14.08.2026
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарының бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық барысы жөнінде жиын өткізді. Онда ауылдық округ әкімдері атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді. Аймақ басшысы бірқатар салалардағы кемшіліктерге ескерту жасап, нақты тапсырмалар берді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Жиында инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру, жерді тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру мәселелеріне басымдық берілді. Кейбір елдімекендерде шешімін таппаған мәселелер бар.Мәселен, Талғар ауданындағы Бесқайнар ауылдық округінің туристік әлеуеті жоғары болғанына қарамастан, инвестициялық жобалар саны аз. Мұндай жағдай Еңбекшіқазақ ауданында да байқалып отыр. Мәселен, Есік қаласында жыл басынан бері 4 млрд 355 млн теңге инвестиция тартылған, дегенмен іске асырылып жатқан жобалар саны көңілге қонымсыз.Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып отырған елдімекендер де бар. Мысалы, Тескенсу ауылдық округінің инвестиция көлемі 11,2 млрд теңгеге жетті. Олардың қатарында жеміс-жидек пен көкөніс өңдеу зауыты, балық өсіру және әмбебап базар құрылысы жобалары бар.Рахат ауылдық округінде 2 млрд теңгеге нан өнімдерін шығаратын зауыт салынып, 300-ге жуық жұмыс орны құрылды. Азат ауылында жалпы құны 1,7 млрд теңге болатын чипсы өндіретін цех іске қосылып, 150 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар мұнда көкөніс сақтайтын қойма, картоп өндіретін зауыт пен маринадталған қияр дайындайтын кәсіпорын салу көзделген.Бәйдібек би ауылдық округінде кірпіш өндіретін зауыт ашылған. Инвестиция көлемі – шамамен 300-350 млн теңге. Алдағы уақытта құны 147 млн теңге болатын балық шаруашылығын іске қосу жоспарлануда.Ауыл шаруашылығы саласында да оң көрсеткіштер бар. Мәселен, Бәйтерек ауылдық округінде былтырғы жылмен салыстырғанда ірі қара мал саны 160%-ға, ұсақ мал 196%-ға, ал жылқы саны 143%-ға артты.Бірқатар елдімекендерде су үнемдеу технологиясы орнатылып, ауыл шаруашылығын дамытуға оң ықпал етіп отыр. Мәселен, Қырбалтабай ауылдық округінде аталған технология 1200 гектар жерге енгізілген. Түрген елдімекендерінде 1210 гектар бақ пен жеміс-жидек алқабының 751 гектарында тамшылатып суару жүйесі қолданылады.Аталған шараларға қарамастан, су үнемдеу жүйелерін орнату бағытындағы көрсеткіштер төмен. Себебі кейбір ауылдарда бұл бағыттағы жұмыстар мүлде атқарылмаған немесе нәтижесі нашар. Олардың қатарында Сөгеті, Бәйдібек би, Рахат және өзге де ауылдық округтер бар. Аймақ басшысы мемлекеттен бөлінетін 80 пайыз субсидияны тиімді пайдаланып, түсіндіру жұмысын күшейтуді тапсырды.Пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша Сөгеті ауылдық округі көш бастап тұр. Мұнда 2700 гектарға жуық жер кері қайтарылған. Ал өзге елдімекендердің жұмысына қарқын қажет.Әлеуметтік инфрақұрылым бағытында да маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Тескенсу ауылында 125 орынды «Көркем – 2022» балабақшасының және 50 орынды дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталған. Одан бөлек мұнда 50 орынды спорт кешенінің құрылысы басталды.Ащысай және Сатай ауылдарында «Келешек мектептері» бағдарламасы аясындағы мектептердің құрылысы аяқталған.Бәйдібек би ауылдық округінде 50 шақырым су жүйесі жаңартылып, елдімекендер 100 пайыз ауызсумен қамтылды. Балтабайдағы Ақбастау ауылында электр желілері мен бағандар толық жаңартылған. Округтегі 55 көшенің 90 пайызына асфальт төселіп, қалған 10 пайызына тапсырыс берілген.Облыс әкімі «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстарға ерекше назар аударды.«Елді мекендерді таза ұстау тек сенбілік өткізумен шектелмейді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тұрғындар өз үйінің іргелес 5 метр аумағын күтіп ұстауға міндетті. Талаптарды бұзғандар тиісті жауапкершілікке тартылуы қажет. Жерді мемлекет меншігіне қайтару және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды прокуратурамен бірлесіп жүргізу керек», – деді Марат Елеусізұлы.Жиында Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық барысы кеңінен талқыланды. Қазіргі таңда ауылдық округтерде сайлау учаскелері заң талаптарына сәйкес дайындалып, ақпараттық-түсіндіру шаралары атқарылуда. Аймақ басшысы бұл жұмысты бәсеңдетпей, тұрғындардың сайлауға белсенді қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1274043?lang=ru
Алматы облысының әкімі жұмысшы жастармен жүздесті 12.08.2026
Халықаралық жастар күніне орай Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданындағы «SAN Tyres Kazakhstan» компаниясының логистикалық орталығына барып, ондағы мүмкіндіктермен танысты. Кәсіпорын еңбек жолын енді бастаған жастарға қолдау білдіріп, жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі таңда мұнда 170-ке жуық адам еңбек етеді. Оның жартысынан көбі – жастар. Сондай-ақ алдағы уақытта өңірдің NEET санатындағы 100 азаматын еңбекке тартуды жоспарлауда. Осыған орай бүгін Алматы облысының әкімдігі мен аталмыш компания арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Жүздесу барысында аймақ басшысы қатысушыларды 12 тамыз – Халықаралық жастар күнімен құттықтады. Бүгінде Алматы облысындағы жастардың саны 432 мыңнан асады. Бұл – өңір халқының 28%-ы. Марат Елеусізұлының айтуынша, соңғы жылдары жастар саясатын ілгерілетуге ерекше көңіл бөлінген. Оның ішінде шалғай ауылдардағы жас буын да назардан тыс қалмаған. Атап айтқанда, соңғы 3 жылда Кеген, Балқаш, Райымбек және Қарасай аудандарында жастар ресурстық орталығының жаңа ғимараттары пайдалануға берілді. Қонаев қаласында заманауи коворкинг-орталық ашылды. Іле, Ұйғыр және Талғар аудандарында жастарға арналған коворкинг кеңістіктер құрылды. Мемлекет басшысы белгілеген «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттары аясындағы жобаларға да ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда облыста 3 мыңнан астам белсенді ерікті бар. Олар қайырымдылық акцияларына, экологиялық жұмыстарға, қоғамдық бастамаларға тұрақты қатысып келеді.Марат Елеусізұлы өз сөзінде «SAN Tyres Kazakhstan» компаниясы жас мамандардың кәсіби дамуына жан-жақты жағдай жасап отырғанын ерекше атап өтіп, кәсіпорын ұжымына алғыс айтты. «Жастарға жағдай жасау – біздің басты бағыттарымыздың бірі. Ал кәсіпкерлердің жас мамандардың әлеуетін ашатын бастамаларға қолдау білдіруі – үлкен әлеуметтік жауапкершілік. Біз мұндай серіктестікті алдағы уақытта да нығайта түсуге мүдделіміз. Себебі жастарды жұмыспен қамту мәселесін тек мемлекеттік бағдарламалар арқылы шешу мүмкін емес. Өндіріс, бизнес, білім беру ұйымдары және мемлекеттік органдар бір бағытта жұмыс істегенде ғана нақты нәтиже болады», – деді аймақ басшысы.«SAN Tyres» компаниясы Қазақстан нарығында 20 жыл бойы табысты жұмыс істеп келеді. Жыл сайын мемлекет бюджетіне 10 млрд теңгеден астам салық төлейді. Талғар ауданында орналасқан «SAN Baiserke» логистикалық қоймасы – ТМД-дағы ең ірі кешен. Мұнда жылына 3,5 миллионға дейін шина қабылдап, сақтап және жөнелтуге болады. Яғни Алматы облысынан еліміздің түкпір-түкпіріне, Орта Азия елдері мен алыс-жақын шетелдерге көлік дөңгелегі үздіксіз жіберіледі.Логистикалық хабтың жалпы аумағы – 23 гектар. Мұнда заманауи қоймалармен қатар кеңселер, дөңгелек ауыстыру және сервис орталығы бар. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөлінген. Қойманың жанында 200 орынды жатақхана, асхана, демалыс бөлмелері, кітапхана мен спорт алаңы бар. Жұмысшылардың денсаулығы мен жайлы демалысы үшін 130 сотық жерге саябақ та қарастырылған. Болашақта қызметкерлер мен олардың отбасына арналған SAN Village тұрғын үй кешені салынып, балабақша ашу көзделіп отыр.«Алматы облысында бұған дейін де жұмыс істегенбіз. Дәл Талғар ауданында алғаш рет іске кірістік. «SAN Tyres»-те 300-ден астам адам еңбек етеді. 2028 жылға қарай олардың санын 1000-нан асырамыз деп жоспарлап отырмыз. Компаниямыз жастардан құралған. Еліміздің көркеюі мен дамуы жас ұрпақтың қолында. Сондықтан оларға арналған әлеуметтік қолдау шаралары көп. Соның бірі – «Менің арманым» жобасы. Бұл бастама бойынша жастар өз арманын жазып, бізге жолдайды. Қазірге дейін 150-ден астам жастың арманы орындалды», – дейді «SAN Tyres Kazakhstan» кәсіпорнының басшысы Сырымбек Тау.Шара барысында кәсіпорынның үздік қызметкерлері мен өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген жас мамандар марапатталды. Сондай-ақ олар облыс әкімімен және компания басшысымен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында кәсіпорын аумағындағы саябаққа ағаш көшеттерін отырғызды. Осылайша, айтулы күн қарсаңында жұмысшы жастардың еңбегі дәріптеліп, айтулы күннің мән-маңызы да айқындала түсті.Айта кетейік, Халықаралық жастар күні Алматы облысында кең ауқымда аталып өтуде. Өңірдің түкпір-түкпірінде жас буынның бастамалары мен жетістіктерін қолдап, зияткерлік әлеуеті мен экологиялық мәдениетін арттыруға арналған 30-дан астам шара өтуде. Оған 20 мыңға жуық жас қатысуда. Шаралар легі тамыз айының соңына дейін жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1273091?lang=ru
Биыл «LOTUSFEST-2026» фестиваліне 10 мыңға жуық қонақ келеді деп күтілуде 11.08.2026
15-16 тамыз күндері Құрманғазы ауданының Теңіз ауылында «LOTUSFEST-2026» фестивалі өтеді. Былтыр алғаш рет ұйымдастырылған фестивальге 5 мыңға жуық турист келген. Биыл олардың саны екі есеге артып, 10 мыңға жуық қонақтың қатысуы күтілуде, - - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.Екі күнге жоспарланған фестиваль аясында эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер ұйымдастырылып, спорттық жарыстар мен түрлі ойын-сауық бағдарламалары өтеді.Фестивальдің алғашқы күнінде облыстық туристік жарыс ұйымдастырылады. Қатысушылар фестиваль аумағында түнеп, келесі күнгі бағдарламаға қатысады.15 тамызда «LOTUS FLOTILLA» қайықтар шеруі өтіп, «LotusRUN» марафоны ұйымдастырылады. Марафоншылар Жамбыл ауылынан фестиваль өтетін аумаққа дейін жүгіреді. Одан кейін фестивальдің ресми ашылу салтанаты өтеді.Ашылу бағдарламасында театрландырылған композиция, этно-фольклорлық және хореографиялық ұжымдар мен қазақ эстрадасының әншісі Қуандық Рахым өнер көрсетеді.Ал кешкі гала-концертте «MELOMEN» тобы, BYTANAT, АЛХАМ, TURAR және Н. Жантөрин атындағы облыстық филармония өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт өтеді.* Фестивальдің екінші күнінде де мерекелік бағдарлама жалғасады. Онда Еркебұлан Құмар, Ғаділбек Жанай, НҰРЛАН мен МҰРАТ және «Заман» тобының өнерін тамашалауға болады, - деді Теңіз ауылының әкімі Мұрадым Мұзафар.Фестиваль аумағында фотозоналар, балаларға арналған ойын алаңы, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, сауда павильондары мен фуд-корт жұмыс істейді. Қонақтар қайықпен серуендеп, табиғат аясында демала алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1272205?lang=ru
Алматы облысында жоңышқа жинау науқыны қызу жүргізілуде 11.08.2026
Биыл Алматы облысында 206,6 мың гектар алқапқа мал азығы дақылы егілді. Оның ішінде 77 мың гектарға жуығы – көпжылдық жоңышқа. Алғашқы орымның өзінде 374 мың тонна жоңышқа жиналып, орташа өнімділік әр гектарына 48,6 центнерді құрады. Бүгінде екінші рет шабу жұмысы аяқталуға жақын. Ал жиналған өнім көлемі 658 мың тоннаға жетті, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданы Саймасай ауылдық округі аумағындағы «Жанашар» шаруақожалығы 200 гектарға жуық аумаққа дәнді және мал азығы дақылын сепкен. Оның 61 гектары – жоңышқа. Бұдан бөлек, жүгері, күздік бидай мен арпа және сұлы дақылдары бар. Сондай-ақ кәсіпорын аумағында мал шаруашылығы кешені жұмыс істейді. Егін алқабында дайындалған өнім фермаға әкелініп, малға құнарлы азық болады.«Қазіргі таңда 300 бас ірі қара ұстаймыз. Сонымен қатар аздаған жылқы мен қойымыз бар. Негізгі бағытымыз – сүт және ет өндіру. Қазір күн сайын ірі компанияларға шамамен 600 литр сүт өткіземіз. 100 литрін балалар лагері тұтынады, тағы 100 литрін бұзауларға қалдырамыз. Яғни тәулігіне 800 литрдей сүт әзірлейміз. Қазір алдымызға осы көлемді екі есеге арттыру міндетін қойып отырмыз. Осы мақсатта көршілес облыстардан жас мал сатып алдық. Өзіміздің де төлдеріміз бар. Жоспар бойынша, 2027 жылдың соңына қарай тәулігіне шамамен 1,5 тонна сүт өндіретін боламыз», – дейді шаруақожалық басшысы Александр Гардт.Мұндай шағын кәсіпорындар облыстағы ауыл шаруашылығының дамуына мол үлес қосып келеді. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, таза әрі сапалы өнімді халыққа ұсынып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1271923?lang=ru
Күш-жігер, мықты мінез және саналы таңдау: Алматы маңында өткен Race Nation жарысына 1800 адам қатысты 10.08.2026
Алматы облысында өткен Basqaru Race Nation Kazakhstan 2026 жарысына елімізден және басқа да мемлекеттерден келген шамамен 1800 адам қатысты. Олар арқанмен өрмелеп, биік қабырғалардан асып, лай мен суды еңсеріп, күш-жігерді талап ететін түрлі кедергілерден өтті. Сайыс биік өрлері бар таулы жерде ұйымдастырылды.Алматы облысының еріктілері мен белсенді жастары трассаның жекелеген учаскелерінде кезекшілік етіп, күрделі кедергілерден өткен спортшыларға көмектесті. Қажет болған жағдайда қатысушылардың жағдайы туралы ақпаратты медицина қызметкерлеріне хабарлап, оларды ауыз сумен қамтамасыз етті.Айта кетейік, ауыз су бөтелкелерінде 23 тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтетіні туралы ақпарат орналастырылған. Еріктілер жарысқа қатысушылар мен іс-шара қонақтардың сайлауға қатысты сұрақтарына да жауап берді. Осылайша, ауқымды спорттық шара тұрғындарды Құрылтай депутаттарының сайлауы туралы ақпараттандыруға арналған қосымша алаңға айналды.Жарыс барысында қатысушылар мен қонақтарға 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы туралы ақпарат басылған ауызсу таратылды. Осылайша бұқаралық спорттық іс-шара өңір тұрғындары мен қонақтарын дауыс беру күнінен хабардар етті.Жарыс 5 және 10 шақырымдық қашықтықтар бойынша ұйымдастырылды. Ең күрделі сынақтар 10 шақырымдық трассада жалғасты, мұнда спортшылар 50-ге жуық түрлі кедергіден өтуге тиіс болды.Балалар үшін де жеке кедергілер жолағы ұйымдастырылды. 7-10 жас аралығындағы қатысушылар 1 шақырым, ал 11-14 жастағылар күрделірек элементтері бар 2 шақырымдық қашықтықты еңсерді. 15 жастан асқан жасөспірімдер 3 шақырымдық ересектерге арналған дистанцияға шыға алды. Ұйымдастырушылар ата-алалардың келісімімен дайындығы жақсы бүлдіршіндердің де жарысқа қатысуына мүмкіндік берді. Осылайша, ең жас қатысушысы шамамен бес жаста болды.Бұл жарыс өңірдің туризм саласы үшін де маңызды оқиғаға айналды. Алматы облысының Туризм басқармасы мұндай ауқымды спорттық іс-шаралар өңірдегі спорттық және оқиғалық туризмнің дамуына серпін беретінін атап өтті. Өйткені жарысқа спортшылармен бірге олардың отбасы мүшелері мен жанкүйерлері де турист ретінде келеді.Жарыста 5 және 10 шақырымдық қашықтықтар бойынша жеңімпаздар анықталды. «Elite 10» санатында 18-39 жас аралығындағы ерлер арасында бірінші болып 1:16:39 уақытта Ресейден келген Дмитрий Горев мәреге жетті. Одан қазақстандық Алмас Рахымбаев небәрі 59 секундқа қалып, 1:17:38 нәтижесімен екінші орын алды. Үшінші орынға Әли Рахметов ие болды, ол 1:19:54 уақытта келді. Әйелдер арасында ең үздік нәтижені Анастасия Алексеева көрсетті, ол 2:10:25 уақытта жарыс мәресін сызды.«Elite 5» санатында ерлер арасында Қырғызстан өкілі Арсений Шашичев 59:55 нәтижесімен жеңіске жетті. Қазақстандық Дархан Сүйімбаев 1:00:53 нәтижесімен екінші орын алса, Әшім Жұмабеков 1:03:20 нәтижесімен үшінші орыннан көрінді. Әйелдер арасында қашықтықты ең жылдам бағындырған қазақстандық Олеся Грязнова болды, ол 2:17:25 уақытта келді.«Elite 10 (40+)» санатында ерлер арасында жеңісті Ильназ Басыров 1:25:31 нәтижесімен жеңіп алды. Әйелдер арасында Анастасия Цехотская 2:34:37 нәтижесімен үздік атанды. 5 шақырымдық командалық жарыста Sprint Club Almaty, ал 10 шақырымдық командалық сайыста Jaubasar Almaty жеңімпаз болды.Basqaru Race Nation Kazakhstan 2026 жарысының жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгені құрады. Іс-шараны «Экстремалды атлетика» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.Жалпы Race Nation жарысы Қазақстанда 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде кейбір қатысушылар балалар арасындағы жарыстардан бастап, толыққанды ересектер арасындағы бәсекелі қашықтықтарға дейінгі жолдан өтті.Еске салайық, 23 тамызда Қазақстанда еліміздің жаңа Парламенті — Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1271530?lang=ru