Саясат
Алматы облысында биыл 100 мың тонна алма жиналады 10.08.2026
Биыл Алматы облысындағы бағбандар 100 мың тоннаға жуық алма жинауды жоспарлап отыр. Оның 80 пайызы ішкі нарыққа жөнелтілсе, қалған 20 пайызы экспортқа шығарылады. Алматы өңірінің алмасы негізінен Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей және Беларусь елдеріне экспортталады. Сонымен қатар жиналған өнімнің 10 пайызы шырын, пюре, тосап және өзге де қайта өңделген өнімдер шығаруға пайдаланылады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Бүгінде облыстағы алма бақтарының жалпы аумағы 9,9 мың гектарды құрайды. Оның 2,2 мың гектары – интенсивті бақтар. Алма өсіру көлемі бойынша облыстың Еңбекшіқазақ ауданы көш бастап тұр. Мұнда жыл сайын 34,1 мың тонна өнім жиналады. Одан кейінгі орында Ұйғыр, Талғар, Қарасай және Жамбыл аудандары тұр.Өңірде алма ағашының 21 сорты өсіріледі. Мысалы, Алматы апорты, фуджи, гала, голден делишес, синап, кандиль, айдаред және басқа да кең таралған сорттар бар. Соның ішінде гала сұрыпына халықаралық нарықта сұраныс жоғары.Алматы облысында соңғы үш жарым жылда 282 мың тоннадан астам алма жиналып, соның 1,5 мың тоннасы шетел нарығына экспортталды. Экспорт түсімі шамамен 1 млн 549 мың АҚШ долларын құрады. Қазір Еуропа елдері, Қытай, Орталық Азия және Таяу Шығыс нарықтарымен экспортты ұлғайту бағытындағы жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар, тек жаңа піскен алманы ғана емес, шырын, кептірілген алма, пастила сияқты қайта өңделген өнімдерді де сыртқы нарыққа шығару көзделіп отыр. Өнімділікті арттыру мақсатында өнімді көшеттер отырғызылып, тамшылатып суару жүйесі енгізілуде, цифрлық технологиялар қолданылып, интенсивті бақтардың көлемі ұлғайтылып жатыр.Өңірде Алматы апортын халықаралық деңгейдегі бренд ретінде дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Апорт алмасын қалпына келтіру жобасы аясында сапалы көшеттер көбейтіліп, жаңа бақтар отырғызылуда. Бүгінде облыстағы апорт бағының жалпы аумағы шамамен 2,3 мың гектарды құрайды. Бұл бақтардан жылына 6,6 мың тонна апорт алмасы жиналады, орташа өнімділігі гектарына 88,5 центнерді құрайды. Сонымен қатар жеміс-жидекті сақтау және қайта өңдеу бағытында жаңа жобалар іске асырылуда. Соның бірі – жылына 80 мың тонна жеміс-көкөніс өңдеуге қауқарлы «QAZAQ Global Food JV» зауытының құрылысы. Жоба іске қосылғаннан кейін өңдеу көлемі ұлғайып, алманы ұзақ сақтауға мүмкіндік туады. Бұл маусымнан тыс уақытта да өнімді нарыққа шығарып, экспорт көлемін арттыруға ықпал етеді.Сондай-ақ өңірде алма өсірумен айналысатын шағын шаруақожалықтар да бар. Солардың бірі – Еңбекшіқазақ ауданы Әймен ауылында орналасқан «Хишманов» бағы. Жалпы аумағы – 14 гектар. Оның 4 гектарында көшет өсіріледі. Қалған жерге бақ отырғызылып, түрлі тәжірибелер жасалады. Сонымен қатар шаруақожалық Әймен ауылы мен оған жақын елдімекендердің тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Мұнда тұрақты түрде 15 адам еңбек етеді. Ал өнім жинау және көшет отырғызу кезінде олардың саны 30-45 адамға дейін жетеді. Былтыр 12 тонна өнім алынған. Ал биыл оның көлемін 24-28 тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар алма жинау кезінде ешқандай қалдық қалмайды. Оның бәрі арнайы сұрыпталып, кәдеге жаратылады. Өнімнің барлығы дерлік Қазақстан аумағында сатылады.«Біз қазақстандық селекцияға жататын, жоғалып кетуге сәл қалған Анель, Айнұр, Дамира, Восход, Раши сияқты сорттарды көбейтуге жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені бұл сұрыптар жақсы өнім береді, дәмі де тіл үйіреді. Шағын тәлімбағымыз бар. Онда негізінен өзіміздің баққа қажет көшеттерді өсіреміз. Қайсысы біздің аймаққа қолайлы екенін зерттеп, содан кейін ғана бақта өсіруге кірісеміз», – дейді шаруақожалық басшысы Руслан Хишманов.Қазіргі таңда алма бағының бабын тапқан бағбандар алғашқы жиын-терінге кірісіп кетті. Облыста алманың өнімділігін арттыруға және отандық сорттарды сақтап, көбейтуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жаңа бақтардың көлемі ұлғайып, заманауи суару жүйелері және цифрлық технологиялар енгізілуде. Сонымен қатар өнімді сақтау мен қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту арқылы жергілікті алманың экспорт әлеуетін күшейтуге басымдық беріліп отыр. Алдағы уақытта бұл жұмыстар облыстың алма өндірісін жаңа деңгейге көтеріп, сапалы отандық өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1271177?lang=ru
Марат Сұлтанғазиев ауылдық округ әкімдерінің есебін тыңдады 08.08.2026
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Іле және Қарасай аудандарындағы ауылдық округ әкімдерімен жиын өткізді. Онда биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық барысы талқыланды. Сондай-ақ инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, жер және су ресурстарын тиімді пайдаланып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері қаралды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Шара барысында ауылдық округ әкімдері атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндама жасады. Қазіргі таңда өңірдегі елдімекендерде инвестиция көлемін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мәселен, Елтай ауылдық округінде жартыжылдық қорытындысы бойынша 51,7 млрд теңге инвестиция тартылып, 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде оның үшеуі іске қосылған. Нәтижесінде 2,3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Негізгі жобалардың қатарында ірі өндірістік кешендер мен логистикалық орталықтар бар.Ащыбұлақ ауылдық округінде инвестиция көлемі 22,8 млрд теңгеге жетті. Онда өнеркәсіп, сауда және қызмет көрсету салаларында бірқатар өндірістік және коммерциялық жоба іске қосылды.Аграрлық сала мен мал шаруашылығын дамыту және су ресурстарын ұтымды пайдалану бағытына да ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы, биыл Қараой ауылдық округінде 222,7 гектар жерге тамшылап суғару технологиясы енгізілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 86%-ға жоғары. Ал Райымбек ауылдық округінде су үнемдеу технологиялары қойылған жер көлемі 200 гектарға дейін ұлғайды. Шамалған округінде көрсеткіш 180 гектарға жеткен. Сондай-ақ бұл елдімекенде 1 542,9 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, ауыл шаруашылығы айналымына енгізілуде.Мал саны да жылдан-жылға көбейіп келеді. Мәселен, Жамбыл ауылдық округінде ірі қара саны 3 196 басқа, ұсақ мал 2 188 басқа, жылқы саны 913-ке дейін артты.Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша Жібек жолы ауылдық округінде қарқынды жұмыс жүргізілуде. Мұнда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында тоғыз кәсіпкерге жалпы құны 78,8 млн теңге жеңілдетілген несие берілген.Жиында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Биыл Қараой ауылдық округінде «Келешек мектептері» жобасы аясында 900 орынды мектептің құрылысы аяқталды. Бұл елді мекендегі үш ауысымды оқыту мәселесін толық шешуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар 300 орынды жекеменшік зияткерлік мектеп ашылды.Бүгінде Қаскелең қаласында аудандық көпбейінді орталық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізілуде. Жоба құны – 4,2 млрд теңге. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал Әйтей ауылында 200 орынды мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде.Жамбыл ауылдық округіне қарасты Ұлан ауылында күніне 50 емделушіні қабылдайтын дәрігерлік амбулатория құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.Аймақ басшысы округтерде бірқатар бағыттар бойынша оң нәтижелер бар екенін, дегенмен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстардың қарқынын бәсеңдетпей, нақты нәтижеге жұмыс істеу қажеттігін айтты. Сонымен қатар инвестиция көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығы саласын ілгерілету, су ресурстарын тиімді пайдалану, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын жүйелі іске асыру барысын күшейтуді тапсырды.Кеңес барысында Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық мәселесі кеңінен талқыланды.«Сайлауды жоғары деңгейде өткізу әрбір ауылдық округ әкімінің үйлесімді әрі жауапты жұмысына тікелей байланысты. Әсіресе сайлаушылар тізімінің нақтылығына, сайлаудың заңнамалық талаптарға сай ұйымдастырылуына, тұрғындардың белсенді қатысуын қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет», – деді Марат Елеусізұлы.Жиын қорытындысында облыс әкімі сайлауға дайындық барысын жіті қадағалап, ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейтуді тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1271034?lang=ru
Алматы облысында биыл жалпы құны 123 млрд теңге болатын 106 нысанның құрылысы жоспарлануда 07.08.2026
Алматы облысында биыл жүзден астам нысанның құрылысы басталуы мүмкін. Бұл туралы Құрылысшылар күніне арналған салтанатты шарада облыс әкімі Марат Елеусізұлы айтты. Сондай-ақ сала мамандарының кәсіби еңбегі ескеріліп, құрылыс саласының дамуына үлес қосқан үздіктер марапатталды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Салтанатты шарада Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс саласы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының тірегі екенін атап өтті.«Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесінде жаңа тұрғын үйлер, заманауи мектептер мен ауруханалар, сәулетті мәдениет және спорт ошақтары, дамыған инфрақұрылым нысандары бой көтеріп, халқымыздың тұрмыс сапасы артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылысшы мамандығын экономиканың негізгі іргетасы және жасампаздық жолы ретінде айрықша бағалап, еліміздің инфрақұрылымын дамытуға қосып жатқан үлесін әрдайым ерекше атап өтеді. Сіздер – ел ертеңінің берік негізін қалап жатқан нағыз майталман мамансыздар», – деген аймақ басшысы Алматы облысында бұл сала жыл өткен сайын қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, өңір жетістіктері мен алдағы айтулы жобаларға тоқталды.Атап айтқанда, биыл жалпы құны 122,9 млрд теңге болатын 106 нысанның құрылысы жоспарлануда. Жыл басынан бері тұрғын үй көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 221 мың шаршы метрге артып, 843 мың шаршы метрді құрады. Бұл – халықты жайлы баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.Қонаев қаласында жаңа әкімшілік орталық қалыптастыру жұмысы жалғасуда. Биыл Ұлттық қауіпсіздік комитеті, экономикалық тергеп-тексеру, облыстық сот, Департаменттер үйі, Полиция департаменті және облыс әкімі аппаратына қарасты ұйымдардың жаңа ғимараттарының құрылысы басталды. Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен Достық үйі мен дене шынықтыру-сауықтыру кешені сияқты маңызды әлеуметтік нысандар бой көтеруде.Білім беру саласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 26 жаңа мектеп ашылды. «ЕРС+F» тетігі арқылы тағы 5 мектептің құрылысы жоспарланған.Көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Қапшағай – Күрті» және «Алматы – Бішкек» автожолдарын қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ «Алматы – Бішкек» автожолының 19-27 шақырымын 8 жолаққа дейін кеңейту жобасы басталды.Денсаулық сақтау саласында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 37 медициналық нысан пайдалануға берілді. Ал энергетика және инженерлік инфрақұрылым бағытында Қонаев қаласында тәулігіне 30 мың текше метр суды сүзгіден өткізетін кәріз кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.«Мұның барлығы – сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен адал еңбектеріңіздің жемісі. Сіздер тұрғызған әрбір тұрғын үй, мектеп, аурухана, әкімшілік ғимарат, жол мен инженерлік нысан Алматы облысының өркендеуіне және тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына қызмет етіп келеді», – деді Марат Елеусізұлы.Сонымен қатар құрылыс саласында сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп жатқанын жеткізді. Айтуынша, биыл біліктілік талаптарына сәйкес келмеген 149 құрылыс компаниясының лицензиялары тоқтатылған. Сондай-ақ заңнама талаптарын бұзған 15 сарапшының аттестатының қолданысы уақытша тоқтатылып, техникалық қадағалау саласындағы 2 сарапшының аттестаты кері қайтарылды. Бұл шаралар саладағы жауапкершілікті күшейтуге және салынып жатқан нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.Марат Сұлтанғазиев шара барысында құрылыс саласына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматты «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.Жиында сала ардагері Анатолий Рябинин құттықтау сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.«Бүгінде ауыз толтыра айтатын жетістіктеріміз де, ойланатын мәселелеріміз де бар. Мемлекет басшысы өңірдің дамуына, болашақ қалаларды қалыптастыруға қатысты ауқымды міндеттер қойды. Әрине, бұл – өте үлкен жауапкершілік. Сондықтан алдымызда күш-жігер мен мықты денсаулықты қажет ететін ауқымды жұмыс күтіп тұр.Құрылыс саласы ардагерлерінің абыройлы еңбегін ерекше атап өткім келеді. Бар білімі мен тәжірибесін өңірдің өркендеуіне арнаған олардың өмір жолы қашанда құрметке лайық. Ең бастысы, баршамызға тыныш ғұмыр тілеймін. Бірлік пен бейбітшілік – біздің жетістігіміздің басты кепілі», – деді ардагер.«Мойнақ» ГЭС-інің салынуына ұйытқы болған инженер-энергетик, I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Стахан Белғожаев та жылы лебізін арнап, құрылыс саласының қоғамдағы рөлі жайлы сөз қозғады.Осылайша, сәулеті келіскен қалалар мен зәулім ғимараттарды тұрғызып, халықтың жайлы өмірі үшін тер төккен құрылысшылардың мерейі тасыды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1270544?lang=ru
2026 жылғы қаңтар-маусымдағы демографиялық ахуалы туралы 06.08.2026
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Абай облысының халық саны 592,9 мың адамды құрады, оның ішінде қалалық халық – 374,3 мың адам (63,1%), ауылдық халық – 218,6 мың адам (36,9%). 2026 жылдың басымен салыстырғанда халық саны 2,8 мың адамға немесе 0,5%-ға азайды.Халықтың табиғи қозғалысыЖалпы Абай облысы бойынша 2026 жылғы қаңтар-маусым айларында халықтың табиғи өсімі 1079 адамды құрады. Бұл 2025 жылғы қаңтар-маусым кезеңімен салыстырғанда (1286 адам) 16,1%-ға төмендеді. Халықтың 1000 адамға шаққандағы табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 3,67 адамды құрады.АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілеріндегі мәліметтерге сәйкес, 2026 жылғы қаңтар-маусымда туғандар саны 3683 адам болды, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (3956 адам) 6,9%-ға аз. Туу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 12,53 туған баланы құрады.Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 2604 адамды құрады, бұл 2025 жылғы қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда (2670 адам) 2,5%-ға аз. Жалпы өлім-жітім коэффициенті 1000 адамға шаққанда 8,86 адам болды.2026 жылғы қаңтар-маусым айларында облыста 1 жасқа дейінгі нәрестелердің өлімінің 23 жағдайы тіркелді және бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (28 нәресте) 17,9%-ға азайды. Нәресте өлімінің коэффициенті 1000 тірі туғандарға шаққанда 6,24 жағдайды құрады.Халықтың көші-қоныКөші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2026 жылғы қаңтар-маусым айларында облысқа келгендер саны 15891 адамды, облыстан кеткендер саны 19795 адамды құрады. Сыртқы және ішкі көші-қон нәтижесінде халық санының көші-қондық азаюы 3904 адам болды.Негізгі сыртқы көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүзеге асады. ТМД елдерінен келгендер саны 55 адамды немесе 64,7%-ды, кеткендер саны 49 адамды немесе мигранттардың жалпы санының 92,45%-ын құрады. Облысқа келгендер мен кеткендердің негізгі бөлігі Ресей Федерациясына тиесілі.Алыс шетел елдерімен оң көші-қон сальдосы қалыптасты: облысқа 30 адам келіп, 4 адам кетті. Келгендердің негізгі бөлігі Қытайдан, кеткендердің негізгі бөлігі Германияға тиесілі.Өңіраралық көші-қон бойынша келгендер саны 3936 адамды, кеткендер саны 7275 адамды құрады, теріс сальдо – 11211 адам.________________________________________________________________________________________________________Әдіснамалық түсіндірмелерХалықтың табиғи өсімі - белгілі бір кезеңде тірі туылғандар мен өлгендер санының арасындағы айырмашылығына тең. Халықтың табиғи қозғалысы жөніндегі деректер АХАТ органдарында тіркелген азаматтық хал актілерінің жазулары негізінде жиналады және өңделеді. Туылғандар санына тек тірі туылғандар енгізілген.Туудың жалпы коэффициенті - бала туылу қарқындылығының барлық халыққа қатынасы бойынша анықталатын көрсеткіш. Кезең бойына тірі туылғандардың жалпы санының халықтың кезеңдік орташа санына қатынасын көрсетеді. Әдетте, 1000 халыққа шаққанда есептеледі.Өлімнің жалпы коэффициенті - халықтың өлімінің қарқындылығын анықтайтын көрсеткіш. Кезең бойына өлгендердің жалпы санының халықтың кезеңдік орташа санына қатынасын көрсетеді. Әдетте 1000 халыққа шаққанда есептеледі.Нәресте өлімінің коэффициенті - 1 жасқа дейінгі балалар өлімінің деңгейін анықтайтын көрсеткіш. 1 жасқа дейінгі өлгендер саны тірі туылғандар санына қатынасымен есептеледі. Нәрестелер өлімі коэффициенті 1000 тірі туғандарға есептелінеді.Халықтың көші-қоны - тұрған жерін ауыстыруға байланысты қандайда болса өңірдің шекарасы арқылы адамдардың (көшіп-қонушылардың) орын ауыстыруы.Көшіп-қонушы - тұрақты тұратын жерін ауыстырумен көші-қон жасайтын адам.Келгендер саны - есепті кезеңде сырттан осы өңірге көшіп келген адамдар саны.Кеткендер саны – есепті кезеңде сыртқа осы өңірден көшіп кеткен адамдар саны.www.stat.gov.kz / Официальная статистика / По отраслям / Демографическая статистика Әлеуметтік және демографиялық статистика бөлімінің басшысы: С.А. КондратьеваТел. +7 7222 36-25-49 Адрес:071400, Cемей қаласыМәңгілік ел көшесі, 25 © Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1269702?lang=ru
«Формула-1 H2O»: Алматы облысында спорт катерін шығаратын зауыт пен пилоттарды дайындайтын академия ашылады 05.08.2026
Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасында алдағы 5 жыл бойы халықаралық «Формула-1 H2O» жарысы өткізіледі. Бұл жоба судағы сайысты ұйымдастырумен ғана шектелмейді. Алдағы уақытта өңірде катерлер шығаратын зауыт салынады деп жоспарлануда. Сондай-ақ су көліктерін басқаратын пилоттарды оқытатын академия ашылмақ. Тіпті су үстіндегі Формула-1 жарысында ел намысын қорғайтын ұлттық команда жасақталады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев «F1H2O» жарысын ұйымдастырушылармен тағы бір мәрте кездесіп, халықаралық шараны жоғары деңгейде өткізу мәселесін талқылады.– «Формула-1 H2O» секілді халықаралық жарыстарды өткізу еліміздің әлемдік деңгейдегі беделін одан әрі арттыра түседі. Облыс әкімдігі тарапынан бұл бастамаға толық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ ҚР Спорт және туризм министрлігімен бірлесіп, сайысты еліміз үшін маңызды ұлттық жоба ретінде іске асыруға күш саламыз, – деді аймақ басшысы.Ал, H2O Racing компаниясының өкілі Раймондо ди Сан Джермано Қазақстан бұл сайысты өткізуге ең қолайлы ел екенін атап өтті.– Халықаралық доданың Орталық Азияда кеңінен дамығанын қалаймыз. Әлем бойынша су үстіндегі ең ауқымды жарысты Қонаевта ұйымдастыруды ұйғардық. Себебі бұл шаһар су туризмімен кең танымал. Ыстықкөлде өткен жарыста 2027 жылғы әлем чемпионатының Қазақстанда өтетінін ресми түрде жарияладық. Алдағы уақытта біз пилоттарды даярлайтын академия ашып, су көліктерін басқаратын мамандарды оқытамыз. Сондай-ақ Қазақстанда және жалпы Орталық Азияда осы спорт түрінің федерациясын дамыту бағытында жұмыс істейміз. Бұл жобалардың барлығы Қонаев қаласында жүзеге асады. Бұдан бөлек, Қазақстанда спорт катерлерін шығаратын зауыт ашуды да жоспарлап отырмыз. Ыстықкөлде болғанымызда Қырғызстанның өз командасы жоқ екенін көрдік. Алдағы 12 ай ішінде Қазақстанның толыққанды ұлттық құрамасын жасақтауға мүмкіндік бар, – деді Раймондо ди Сан Джермано.Айта кетейік, «Formula-1 H2O» биыл Қырғызстандағы Ыстықкөл жағалауында өтті. Желмен жарысқан жүйріктердің өнерән тамашалауға 6 елдің президенті арнайы барып қатысты. Ал, келер жылы Қапшағай көлінде болатын жарысты әлем бойынша бір миллиардқа жуық адам тікелей трансляция арқылы тамашалайды деп күтілуде. Бұл еліміздің туристік әлеуетін арттырып, шетелдіктердің қызығушылығын арттыратыны сөзсіз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1268799?lang=ru
2026 жылғы 3 тамызда Қазақстан Республикасының Әділет министрі Сәрсембаев Ерлан Жақсылықұлы Марокко Корольдігінің Әділет министрі Абделаттиф Уахби бастаған ресми делегациямен кездесу өткізді 04.08.2026
Кездесу барысында Ерлан Сарсембаев өзара құрметке, сенімге және халықаралық құқықтық ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылысқа негізделген қазақстан-марокко ынтымақтастығының жүйелі дамуын атап өтті.Министр делегацияны Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі новеллаларымен таныстырды, Әділет министрлігінің қызметінің негізгі бағыттарымен, елде жүзеге асырылып жатқан құқықтық реформалармен, әділет жүйесін дамытудың заманауи тәсілдерімен, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы жетістіктермен таныстырды.Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Әділет министрі Ерлан Сарсембаев пен Марокко Корольдігінің Әділет министрі Абделаттиф Уахби Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және құқықтық қатынастар туралы Келісімге, сондай-ақ екі елдің министрліктері арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/1268234?lang=ru
Халықаралық «Формула-1 H2O» жарысын Қонаев қаласында өткізу жоспарлануда 30.07.2026
Әлемге әйгілі судағы «F1H2O» сайысы алдағы 5 жыл бойы Қапшағай су қоймасында өтуі мүмкін. Бүгін халықаралық сайыстың ұйымдастырушылары арнайы Алматы облысына келіп, өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевпен кездесті. Жиында әлемдік F1H2O ұйымы, iHolding компаниясы және Сауд Арабиясынан келген ресми делегация өкілдері мен Алматы облысының әкімі 2027 жылғы әлем чемпионатын Қонаев қаласында өткізу туралы келісімге қол қойды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Қазақстан – бұл әлем чемпионатын қабылдайтын алтыншы мемлекет. Жарысқа шетелден кемінде 5 мың қонақ келеді деп күтілуде. Жергілікті тұрғындар мен туристерді қосқанда олардың саны тіптен артады. Сондай-ақ су бетіндегі шеберлік пен жылдамдықты жақсы көретін 1 миллиардқа жуық көрермен жарысты тікелей эфирден тамашалайды деп күтілуде.«Сауд Арабиясы спорт саласында әлемдегі ең үздік жобаларды іске асырып келеді. Бұл белсенді демалысты дамытып, салауатты өмір салтын сақтауға септігін тигізеді. Жыл сайын Қапшағай су қоймасында «Tengri ultra» марафоны мен «Oceanman» ашық суда жүзу жарысы өткізіледі. Одан бөлек республикалық деңгейдегі түрлі сайыстар ұйымдастырылады. Мұндай халықаралық шаралар туризмді дамытып, өңірдің өркендеуіне жол ашады. Сондықтан біз бұл жобаны бірлесіп іске асыруға дайынбыз», – деді Марат Елеусізұлы.KSA ProMediaPortal және F1H2O ұйымдарының өкілі әрі басқарма төрағасы Яссер Әли Әл-Ями қазіргі таңда чемпионатқа 11 мемлекет қатысатынын айтты. Бұл талабы жоғары күрделі жарыс болғандықтан, мұнда арнайы дайындықтан өткен командалар ғана бақ сынай алады. Чемпионат барысында көрерменнің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіледі. VIP-аймақтар, жарысты басқару орталығы, командалардың дайындығына арналған аумақ және медиа орталық қарастырылады. Сондай-ақ отбасылық демалысқа арналған орындар да құрылады. Онда еліміздің мәдениеті таныстырылып, ұлттық тағамдар мен кәдесыйлар ұсынылады. Спорт сайысынан бөлек түрлі мерекелік іс-шаралар жанкүйерлер көңілін көтереді. Жарыстың жабылу салтанатында ауқымды гала-концерт өткізіліп, онда әлемге танымал жұлдыздар өнер көрсетеді.«Бүгінде Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасында берік ынтымақтастық орнаған. Біз Алматы облысының даму көрсеткіштерін зерттеп, оның болашағы зор екенін көрдік. Алдағы уақытта бұл аймақ халықаралық бизнес орталығына айналады деп сенеміз», – деді басқарма төрағасы Яссер Әли Әл-Ями.Демек, алдағы 5 жылда Алматы облысына әлемнің түкпір-түкпірінен спортсүйер жанкүйер ағылып, Қонаев туристер толассыз келетін орталыққа айналады. Чемпионат елімізді дүниежүзіне танытып, оның көркем табиғаты мен мүмкіндіктерін әлемге әйгілейді. Өңірге инвестиция тартуға, инфрақұрылымын жақсартуға және экономиканы ілгерілетуге де зор ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1265681?lang=ru
Алматы облысында жарты жылда ойын бизнесінен бюджетке 25 млрд теңге салық түсті 29.07.2026
Алматы облысындағы заңды ойын бизнесі субъектілерінен алты ай ішінде мемлекеттік бюджетке 25 млрд теңге салық түсті. Оның 10,6 млрд теңгесі өңірлік бюджетке аударылды. Ал, соңғы екі жарым жылда саладан мемлекеттік бюджетке жалпы 184,7 млрд теңге салық түскен. Оның 53,8 млрд теңгесі өңірлік бюджет кірісіне бағытталған, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Жалпы Қонаев қаласында ойын бизнесі саласында 21 нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 5 казино, 13 букмекерлік кеңсе және 3 ойын автоматтары залы бар. Салада шамамен 2,5 мың адам еңбек етеді.Ойын бизнесі аймақтың туризміне де оң әсер етіп отыр. Алматы облысы Туризм басқармасының мәліметінше, өңірдегі казиноларға келушілердің шамамен 20 пайызы – шетел азаматтары. «Қонаев қаласына келген әрбір турист қонақүйлерде орналасып, қоғамдық тамақтану орындарына барады, көлік, сауда және басқа да қызмет түрлерін пайдаланады. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті экономиканың жандануына да ықпал етеді. Сондықтан туристік ағынның артуы өңірдің қызмет көрсету саласының дамуына оң әсер етуде», – деді Алматы облысы Туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.Айта кетейік, қолданыстағы «Ойын бизнесі туралы» заң аясында Талғар ауданында тек шетел азаматтарына арналған жаңа ойын аймағын құру жоспарланып отыр. Бұл бастама қоғамдық кеңесте қаралып, оң қорытынды алған.Жобаны Талғар ауданында орналастыру ұсынысы өңірдің туристік әлеуетімен байланысты. Аудан Алматы қаласы мен халықаралық әуежайға жақын орналасқан. Сонымен қатар мұнда тау туризмі, сауықтыру және демалыс бағытындағы ірі нысандар шоғырланған.«Талғар ауданы туристік инфрақұрылымы қалыптасқан аймақтардың бірі. Мұнда «Ақбұлақ» спорттық-сауықтыру кешені, «Oi-Qaragai» тау-шаңғы курорты, Aquaasia Resort және Tal Resort демалыс кешені сияқты танымал туристік нысандар бар. Сондықтан жаңа аймақты өңірдің туристік экожүйесінің бір бөлігі ретінде дамыту көзделіп отыр. Бұл туристерге ұсынылатын қызмет түрлерін әртараптандырып, сервистік инфрақұрылымның дамуына қосымша мүмкіндік береді», – деді Алматы облысы Туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.Жобаны іске асыру нәтижесінде қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, көлік, сауда және басқа да қызмет көрсету салаларының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және бюджет кірісін ұлғайтуға мүмкіндік туады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1265038?lang=ru
Алматы облысында жол апатынан қаза тапқандар саны 32%-ға төмендеді 27.07.2026
Алматы облысында жол апатынан көз жұмғандар саны азайды. Алғашқы жарты жылдың қорытындысы бойынша тас жолда қаза тапқандар саны былтырғы жылмен салыстырғанда 32%-ға төмендеді. Бұған қауіпті жолдарда орнатылған камералар оң ықпал еткен. Бейнебақылаудың көмегімен 6 айдың ішінде жол ережесін бұзған азаматтарға 10,1 млрд теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Оның 8,16 млрд теңгесі өндірілді. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының жиынында мәлім болды.Биылғы қаңтар-маусым айларында облыстық Цифрлық технологиялар басқармасы белгіленген жоспарды 100,7%-ға орындаған. Әсіресе туристік нысандардағы интернет мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, биылғы шілде айының басында «Көшпенділер қаласында» сапалы интернет желісі орнатылды. Ал ASP арена кешеніне тамыз айында қосымша мобильді байланыс қосылады. Сондай-ақ Қазақ-қырғыз шекарасындағы Қарқарадағы өткізу пункті мен Қара шатқал аймағына базалық станция орнату мәселесі пысықталуда. Алатау қаласындағы байланыс мәселесі де басты назарда. Қазіргі таңда «Алматы – Қонаев» автожолының бойындағы Жетіген бұрылысында жеке инвестор антенна-діңгек құрылысын аяқтап, базалық станция орнату жұмысын жүргізуде. Сонымен қатар Жаңаарна және Құйған шағын аудандарында талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы басталды. Бір ай ішінде тұрғындар жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді. Одан бөлек жақын арада өңірдегі елді мекендерде 16 базалық станция іске қосылады (Қонаев қаласында – 2, Жамбыл ауданында – 7, Қарасай ауданында – 4, Іле, Ұйғыр, Райымбек аудандарында – 1).Камералардың тиімділігін арттыру бойынша да жүйелі жұмыс атқарылуда. Олардың адам көп шоғырланған және көлік жиі жүретін аумаққа қойылуына ерекше мән берілген. Осыған байланысты 325 аппараттық-бағдарламалық кешеннің 33-інің орны ауыстырылды.Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде бейнебақылау камераларының үздіксіз жұмыс істеуін бақылауда ұстауды тапсырды.«Камераларды тек орнатып қою жеткіліксіз. Әрқайсының тұрақты жұмыс істеп тұрғанын қадағалау керек. Сонымен қатар полиция департаментімен бірлесіп, қоғамдық орындарды ластау, шылым шегу сияқты әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген азаматтарды осы камералар арқылы анықтап, заң аясында жауапкершілікке тарту қажет. Жаңа өзгеріске сәйкес енді тұрғындар өз үйінің айналасындағы 5 метр радиустағы аумақтың тазалығына жауапты. Сондықтан бұл талаптың орындалуына да ерекше мән берілуі тиіс. Осылайша цифрлық технологиялар қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіптің сақталуына нақты қызмет етеді», – деді аймақ басшысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1264235?lang=ru
Алматы облысындағы Кемертоған ауылының 18 мыңнан астам тұрғыны таза тіршілік нәріне қол жеткізеді 24.07.2026
Қарасай ауданының Кемертоған ауылында су құбыры жүйесі жаңартылып, жаңғыртудан өтуде. Жоспар бойынша әрқайсының сыйымдылығы 1 400 текше метр болатын екі резервуар, екі су ұңғымасы салынып, ұзындығы 184 шақырымнан асатын магистральдық және абоненттік су желісі тартылады. Нәтижесінде 18 мың тұрғын таза ауызсумен қамтылады. Жобаның жалпы құны – 4,7 млрд теңге. Құрылыс жұмысы келесі жылдың аяғына дейін толық аяқталады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Бүгінде Кемертоған ауылында 40 мыңнан астам халық бар. Тұрғындар саны күн санап артып келеді. Сол себепті су жетіспеушілігі мәселесі туындап отыр. Көбі ауласындағы құдық суын пайдаланады. Бірақ оның сапасы өте нашар. Сондықтан қолға алынған жобаны жедел іске асыру өте маңызды.Осыған орай облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен танысты. Аймақ басшысы су желісінің сапасына ерекше мән беру керегін баса айтып, халық игілігі жолындағы жобаны мерзімінде аяқтауды тапсырды.Қазіргі таңда қажетті құрал-жабдықтар мен матариалдар әкелініп, 10 шақырым манистральды желі салынды. Биылға қажет 2,4 млрд теңге қаражат толығымен бөлінген.Марат Елеусізұлы сондай-ақ Іле ауданы Қараой ауылдық округіндегі «Чала», «Құралас» және «Қосөзен» магистральдық каналдарын қайта жаңғырту жобасы іске асырылып жатқан алаңда болды. Жобаның жалпы құны 4 млрд теңгеден асады. Қазіргі таңда аталған каналдар арқылы 2 090 гектар ауыл шаруашылығы жері суғарылып жатыр. Жоба толық аяқталған жағдайда бұл көрсеткіш 2 815 гектарға жетіп, қосымша 725 гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізіледі.Аймақ басшысы Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылындағы «Smart Adam Agro» ЖШС-ның жұмысымен де танысты. Компания құны 1,2 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Кәсіпорын 900 гектар суармалы алқапта автоматтандырылған суару жүйесін енгізуде. Биыл 200 гектар жерге күздік дақыл егілген. Оның 190 гектарына қыша, 10 гектарына зығыр себілді. Көктемде жоңышқа алқабын 400 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Шаруашылықта жоңышқа мен қызанақ та өсірілуде.«Заманауи агротехнологияларды енгізу, суармалы жерлерді тиімді пайдалану және қайта өңдеу өндірісін дамыту – азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын құрудың негізі. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті шешімдерді қабылдап, қолдау көрсетуді жалғастырамыз», – деді Марат Сұлтанғазиев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1263205?lang=ru
Еңбек адамына көрсетілген құрмет: Алматы облысының әкімі коммуналдық қызметкерлермен бірге тазалыққа шығып, таңғы ас ішті 24.07.2026
Алматы облысында әр апта сайын өтетін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ерекше кездесу ұйымдастырылды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев коммуналдық қызметкерлермен бірге жағажайды қоқыстан тазартып, кейін қарапайым жұмысшылармен таңғы ас үстінде әңгімелесті.Қонаев қаласының тазалығына жауапты жұмысшылар үшін бұл күтпеген кездесу болды. Таңмен таласа тұрып, көше сыпыруға шығатын коммуналдық қызмет мамандары өңір басшысымен бірге тазалық жұмыстарын жүргізді. Тіпті көкейдегі сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты.Әкім еңбек адамдарының күнделікті тіршілігіне, жұмыс жағдайына, мамандықтың қиындығына және тұрғындардың тазалық мәдениетіне қатысты ойын тыңдады. Ресми жиындардағыдай емес, ашық форматтағы әңгімеде жұмысшылар өз ұсыныстары мен мәселелерін бүкпесіз жеткізді.Тазалық жұмыстары аяқталған соң кездесу ақ дастархан басында жалғасты. Таңғы ас үстінде әңгіме тек коммуналдық сала төңірегінде өрбіген жоқ. Қатысушылар өңірдің дамуы, көшелердің тазалығы, отбасы, бала тәрбиесі, күнделікті өмір мен еңбек адамдарының қоғамдағы орны туралы да ой алмасты.Коммуналдық қызметкерлер мұндай кездесуден ерекше әсер алғанын жасырмады. Олар, қарапайым жұмысшыларға көңіл бөліп, уақыт тапқан облыс басшысына ризашылықтарын білдірді.Кездесу соңында коммуналдық қызметкерлерге естелік сыйлықтар табысталып, көше тазалығына жауапты жұмысшыларға әкім алғыс айтты.«Өңірдің таза әрі жайлы болуы – сіздердің күн сайын атқарып жүрген жауапты қызметтеріңіздің нәтижесі. “Таза Қазақстан” тұжырымдамасы еліміздің Конституциясында белгіленген негізгі қағидаттардың бірі. Қоршаған ортаны, туған жерімізді таза ұстау баршамыздың міндетіміз. Осы мақсатта атқарып жүрген еңбектеріңіз үшін Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін», – деді облыс әкімі.Айта кетейік, Алматы облысында әр апта сайын “Таза бейсенбі” шарасы тұрақты түрде ұйымдастырылады. Оған тұрғындар, бизнес өкілдері, жастар, қоғам белсенділері мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысуда. Ал, еңбек адамдарының қоғамдағы мәртебесін арттыру, экологиялық мәдениетті нығайту және жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы ашық диалогты дамытуға бағытталған бүгінгідей кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Бұл-коммуналдық сала қызметкерлерінің ұсыныстары мен мәселелерін тікелей тыңдап, олардың еңбегіне құрмет көрсетуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1263158?lang=ru
Түрген көпірі үш ай ішінде қайта салынады 22.07.2026
Бірнеше апта бұрын толассыз жауған нөсір салдарынан Түрген суы арнасынан тасып, өзен арқылы өтетін көпір шайылып кетті. Бұл нысан 2024 жылы апатты деп танылған. Қазіргі таңда жауапты мердігер анықталып, көпір қайта қалпына келтірілуде. Құрылыс үш ай ішінде аяқталады деп жоспарланған. Бүгін Марат Сұлтанғазиев нысанға арнайы барып, құрылыс барысын тексерді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Қазіргі таңда мұнда 4 техника жұмыс істеп тұр. 10-нан астам қызметкер еңбек етуде. Көпір құрылысы бір апта бұрын басталған. Демонтаждау жұмысы толық аяқталып, бұрғылау шарасына дайындық жүргізілуде. Мердігердің айтуынша, қараша айында жұмыс толығымен аяқталады.«Бұл көпір – тұрғындар мен туристер үшін маңызды нысан. Сондықтан жұмыс сапасы мен мерзімінде аяқталуына ерекше мән берілуі керек. Құрылыс барысында барлық техникалық талап қатаң сақталуы тиіс», – деді аймақ басшысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1262177?lang=ru
Марат Сұлтанғазиев: Экологиялық қауіпсіздікке салғырт қарауға болмайды 22.07.2026
Талғар ауданы Ақтас ауылы маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында 18 шілде күні өрт шығып, жалын 500 шаршы метр аумақты шарпыды. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде тілсіз жау ауыздықталды. Ол үшін 45 қызметкер мен 30-ға жуық техника жұмылдырылды. Аталған полигонға бүгін аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев барып, аудан әкімдігі мен төтенше жағдай қызметіне нақты міндеттер жүктеді, – деп хабарлайдыМамандардың айтуынша, өрттің таралуына жол бермеу мақсатында жалын жайлаған жерге инертті материалдар төгіліп, Үлкен Алматы каналынан үздіксіз су жеткізілген.Аталған полигонның жарты бөлігі жекеменшік иесіне тиесілі. Өрт дәл осы аумақта тұтанған. Бірақ меншік иесі әлі табылған жоқ. Ал қалған аумаққа 10 жылдан бері «ECO SERVICE GROUP» ЖШС жауапты. Олар қоқысты қабылдап, сұрыптаумен айналысады. Бірақ компания осы жұмысты дұрыс атқара алмай отыр.Марат Елеусізұлы мұндай жауапсыздық экологияға қауіп төндіріп, халық денсаулығына кері әсерін тигізетінін айтты. Сондай-ақ меншік иесін тауып, жауапқа тартуды тапсырды.«Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында мұндай жағдай қайталанбауы тиіс. Себебі бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоршаған ортаның жай-күйіне тікелей әсер ететін мәселе. Полигондағы барлық талаптың сақталуын бақылауда ұстау керек. Меншік иесін шұғыл анықтап, заң аясында тиісті жауапкершілікке тарту қажет. Экологиялық қауіпсіздікке салғырт қарауға болмайды», – деді Марат Сұлтанғазиев.Аудан әкімдігінің мәлімдеуінше, жағдай толық бақылауға алынып, жалынның одан әрі таралуына жол берілген жоқ. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қызметкерлер штаттық режимде жұмысын жалғастыруда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1262170?lang=ru
Алматы облысындағы Бесағаш ауылына жаңа су желісі салынды 22.07.2026
Алматы облысындағы Бесағаш ауылының оңтүстік бөлігінде ауыз су мәселесін шешу мақсатында жалпы ұзындығы 32 шақырымнан асатын су құбыры тартылды. Нәтижесінде 800-ден астам абонент орталықтандырылған таза ауыз суға қосылды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа желі тартылған аумаққа барып, жобамен танысты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Қолданыстағы су желісі 1975 жылы салынған. Бүгінде құбырдың 95 пайызы тозған. Осыған байланысты «Бесағаш ауылын (оңтүстік бөлігі) сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы» жобасы іске асырылды. Қазір су құбыры әрбір тұрғын үйдің ауласына дейін жеткізілген. Ал әрі қарайғы жұмысты тұрғындар өз қаражаты есебінен жүргізеді.Қазіргі таңда Бесағаш ауылының оңтүстік бөлігінде 3800-ден астам халық тұрады. Жаңа су желісі 800-ден астам абонентті таза тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді. Қалған 3000 үйді сумен қамтып отырған инженерлік желілерді коммуналдық мекеменің теңгеріміне беру шарасы жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе бір ай ішінде толық шешімін таппақ.Облыс әкімі тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, ауызсу желісі талапқа сай болу керегін айтты.«Халыққа жобаның талаптарын жан-жақты түсіндіру қажет. Сонымен қатар ауыз су барлық абонентке бірдей жетуі тиіс. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі», – деді Марат Сұлтанғазиев.Аймақ басшысы сондай-ақ Тұздыбастау ауылындағы сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және жаңадан салу жобасымен танысты. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттаманың 95 пайызы дайын. Оны толық аяқтау үшін қосымша 70 млн теңге қаражат қажет.Тұздыбастау ауылындағы су құбыры желісінің жалпы ұзындығы 127 шақырымды құрайды. Тұрғындардың шамамен 50 пайызы жергілікті ұңғымалар арқылы ауыз сумен қамтылған. Қалған тұрғын ауыз суды «Алматы су» мекемесінен сатып алып, пайдалануда. Сондықтан әзірленіп жатқан жобаның халыққа тигізер пайдасы мол. Облыс әкіміне Тұздыбастау халқын жарықпен қамту жайы да баяндалды. Қазіргі таңда мұнда 23 мыңнан астам тұрғын бар. Елді мекендегі электр желісінің жалпы ұзындығы – 175,5 шақырым. Бүгінде трансформаторлардың қуаты жеткіліксіз болып, жарық жиі сөнетін болған. Сондықтан қосымша екі трансформатор салу жоспарланған. Жоба іске асқаннан кейін қолданыстағы қосалқы станцияның жүктемесі айтарлықтай төмендейді.Марат Елеусізұлы жобалық-сметалық құжаттаманы тез арада аяқтап, тапсыруды міндеттеді. Сонда бюджеттік өтінім беруге мүмкіндік туады. Сондай-ақ аймақ басшысы халықты сумен және жарықпен қамтамасыз ету үшін барлық жауапты мамандар өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен кірісу керегін айтты. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1262163?lang=ru
Қайыңды көліне апаратын автожол құрылысы тамыз айында аяқталады 21.07.2026
Алматы облысындағы Қайыңды көліне апаратын аудандық маңызы бар автомобиль жолы тамыз айында ел игілігіне беріледі. Қазіргі таңда өрге қарай бағытталған ойлы-қырлы жол тегістеліп, негізгі жұмыстар тәмамдалды. Енді асфальт төсеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінге дейін жол бойындағы 42 (100%) су өткізгіш құбыр толық орнатылып, 2,5 шақырым жол асфальтталды.Жолдың жалпы ұзындығы – 10 шақырым. Жоба өткен жылдың қазан айында басталған. Жалпы құны – 2,43 млрд теңге. Биыл жол құрылысына жергілікті бюджеттен 1374,9 млн теңге қаржы бөлінген.Жоба өңірдегі көлік инфрақұрылымының талапқа сай болуына, жол сапасының жақсаруына септігін тигізеді. Жаңа жол пайдалануға берілгеннен кейін Қайыңды көліне қатынау едәуір жеңілдейді. Бұл өңірге келетін туристер санының артуына оң ықпал етеді. Осылайша, көрікті мекеннің сұлулығын тамашалауға асыққан қонақтар межелі жерге жылдам әрі қауіпсіз жете алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1261071?lang=ru
Алматы облысында инвестиция көлемі 18,5%-ға артты 20.07.2026
Биылғы жартыжылдық қорытындысы бойынша Алматы облысында экономика өсімі 114,8%-ға жетіп, республика бойынша алғашқы үштіктің қатарына енді. Бұл көрсеткіштің негізгі қозғаушы күші – өнеркәсіп саласы. Өңірде әсіресе өңдеу өнеркәсібінде айтарлықтай өсім байқалады. Жаңа өндіріс орындарының саны артып, қолданыстағы кәсіпорындардың қуаты ұлғайып келеді. Жыл соңына дейін өндіріс көлемін 2,7 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ облыс экономикасына 532,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 18,5%-ды құрады. Бұл туралы 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында атқарылған жұмыс қорытындысына арналған әкімдік отырысында айтылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Марат Сұлтанғазиев төрағалық еткен жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйым өкілдері және өзге де жауапты мамандар қатысты. Жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, бюджеттің атқарылуы қаралып, алдағы міндеттер айқындалды. Кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту барысы кеңінен талқыланды. Сонымен қатар құрылыс қарқынын арттыру, жылыту маусымына дайындық, елдімекендерді селден қорғау және ауыл шаруашылығы саласын ілгерілету күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болды. Өңір экономикасының жетекші бағыттарының бірі – агроөнеркәсіп саласы. Бүгінде бұл бағытта жалпы құны 594,7 млрд теңге болатын 43 инвестициялық жоба іске асырылуда. Биыл 106,3 млрд теңге көлеміндегі 9 жобаны пайдалануға беру жоспарланған. Аймақ басшысының айтуынша, жобаларды іске қосып қана қоймай, толық қуатында жұмыс істеуін, нақты нәтиже көрсетуін назарда ұстау қажет. Сондай-ақ пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмысын күшейту, субсидиялардың тиімді пайдаланылуына бақылау жүргізу маңызды міндеттердің бірі екенін жеткізді.Әкімдік отырысында шағын және орта бизнесті қолдау барысы да кеңінен талқыланды.«Әрбір қолдау шарасы жаңа өндіріс орындарын ашуға, жұмыс орындарын құруға және бюджет кірісін арттыруға бағытталуы тиіс. Инфляция деңгейі мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өзгеруі – тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер ететін мәселе. Бұл жұмыс тек бағаны бақылаумен шектелмеуі тиіс. Өсім себептерін анықтау, алдын алу шараларын қабылдау, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету, тауар қорын қалыптастыру және баға тұрақтылығын сақтау бойынша нақты шаралар қабылдануы қажет», – деді облыс әкімі.Өңірде құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, соңғы 6 айда 172 млрд теңгеден астам қаржыға құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 843,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Әкімдік отырысында осы қарқынды төмендетпей, жоспарланған нысандардың уақытылы аяқталуына және құрылыс сапасының талапқа сай болуына баса назар аударылды.Жиында жетістіктермен қатар, кейбір салалар бойынша кемшіліктердің бар екені сөз болып, оның себептері мен шешу жолдары қаралды. Мысалы, ауыл шаруашылығы, халықты жұмыспен қамту, денсаулық сақтау салаларында бірқатар жетіспеушіліктер бар. Облыс әкімі жауапты мамандарға жедел түрде шешім қабылдап, олқылықтың орнын толтыруды міндеттеді.«Қол жеткізілген нәтижелерге босаңсуға болмайды. Бірқатар бағыттарда әлі де өзекті мәселелер бар. Алдымызда ауқымды міндет тұр. Биыл жалпы өңірлік өнім көлемін 7,4 трлн теңгеге жеткізуіміз қажет. Бұл экономикаға қосымша 730 млрд теңге көлемінде өнім қосуды талап етеді. Мұндай нәтижеге экономиканың барлық саласында тұрақты өсімді қамтамасыз етпей қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан бекітілген жоспардың орындалуы тұрақты бақылауда болуы тиіс. Бұл – барлық деңгейдегі басшылардың жеке жауапкершілігі», – деді Марат Елеусізұлы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1260271?lang=ru
Алматы облысында аптап ыстыққа байланысты жолдар мен қоғамдық орындарда аэрация жұмыстары күшейтілді. 17.07.2026
Бұл шаралар жол жабынының температурасын төмендетуге, ауадағы шаң-тозаңды азайтуға, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және жоғары температураның жол инфрақұрылымына кері әсерін азайтуға бағытталған.Аэрация жұмыстары күніне төрт рет – сағат 11:00, 13:00, 15:00 және 17:00-де жүргізіледі. Ол үшін суару-жуу құрылғыларымен жабдықталған, сыйымдылығы 8 текше метр болатын ондаған су таситын көлік жұмылдырылды.Ауаны ылғалдандыру шаралары Қонаев қаласында, Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарында жүргізіліп, 15 көше мен қоғамдық нысанды қамтыды. Атап айтқанда:• Қонаев қаласы – Қонаев көшесі → Алматинская көшесі → Абай көшесі; Жамбыл көшесі → Сейфуллин көшесі → Сырдария көшесі → Қойшыманов көшесі бағыттары, сондай-ақ №6 қалалық жағажай және Сейфуллин көшесі, 8А мекенжайындағы балалар ойын алаңы.• Қарасай ауданы (Қаскелең қаласы) – Абылай хан, Наурызбай батыр, Байғазиев және Омарәлиев көшелері.• Іле ауданы – Жансүгіров және Батталханов көшелері.• Еңбекшіқазақ ауданы (Есік қаласы) – Есік аллеясы және Абай көшесі.• Талғар ауданы (Талғар қаласы) – Қонаев көшесі → Ломоносов көшесі → Талғар қаласының қақпасынан әкімдік ғимаратына дейінгі бөлік → әкімдік маңынан ХҚКО-ға дейінгі аралық → Абай көшесі.Бұл жұмыстарды атқару үшін 11 мердігер ұйым тартылды. Олар арнайы техниканың уақытылы шығуын қадағалап, жұмысты бекітілген кестеге сәйкес іске асырады.Сонымен қатар тұрғындар көп жиналатын қоғамдық орындарға арнайы техника су бүркіп, аптап ыстықты жеңіл өткеруге көмектесуде. Бұл әсіресе балалар үшін жазғы демалысын қызық әрі қауіпсіз өткізуге мүмкіндік беруде. Аталған жұмыстар 20 шілдеге дейін жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1259692?lang=ru
Алматы облысында ірі логистикалық хаб ашылды 17.07.2026
Бүгін Алматы облысында «Mercury Logistics Solutions» компаниясының өндірістік және логистикалық-қоймалық кешені құрылысының алғашқы кезеңі аяқталып, салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ірі инвестициялық жобаның бірінші кезеңінде 44 мың шаршы метрді құрайтын инженерлік және логистикалық нысандар пайдалануға берілді. Нәтижесінде 135 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Кешен толық іске қосылғанда өңір азаматтары үшін 1200 жаңа жұмыс орны ашылады. Қарасай ауданы Көкөзек ауылында салынып жатқан бұл «А» класты логистикалық орталығында жүктерді қабылдау, сақтау, өңдеу, сұрыптау және тасымалдау қызметтері атқарылады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, тұрғындарды республикалық деңгейдегі маңызы зор кешеннің ашылуымен құттықтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, инвестиция тарту, өндіріс көлемін ұлғайту, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту және халықты тұрақты жұмыспен қамту міндеттерін Үкімет пен әкімдіктердің алдына нақты қойып отырғанын, осы бағытта Алматы облысында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.«Бүгін іске қосылған кешен – тұрғындарды жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнестің дамуына, салық базасының ұлғаюына және облыс экономикасының өсіміне оң әсерін тигізетін маңызды жоба. Өңірімізде мұндай логистикалық нысандардың ашылуы ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді. Себебі тауар тек тасымалданып қоймай, өңделіп, сұрыпталады. Соның нәтижесінде өңір экономикасына қосымша табыс түседі. Алдағы уақытта бұл кешен өнімді өңдеп, одан әрі өндіретін заманауи өндірістік орталыққа айналады.Бүгінде Қарасай ауданы Алматы агломерациясының экономикалық өсім нүктелерінің біріне айналып отыр. Ауданның тиімді географиялық орналасуы, көлік дәліздеріне жақындығы және инженерлік инфрақұрылымының дамуы инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруда», – деген Марат Елеусізұлы облыс әкімдігі алдағы уақытта да инвестициялық жобаларды қолдау, өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін айтты.Компанияның бас директоры Нұрмат Суеркулов жобаның алдағы жоспарлары туралы сөз қозғады.«Бүгін логистикалық экожүйеміздің бір бөлігін іске қостық. Қарапайым тілмен айтқанда, біз тауарды әлемнің кез келген нүктесінен әкеліп, тұтынушыларға тікелей жеткіземіз. Яғни мұнда халықаралық тасымалдау, құжаттарды рәсімдеу, тауарларды таңбалау, үлкен көлемдегі тауарларды тапсырысқа қарай бөлу, сондай-ақ өнімді маркетплейстерге, B2B клиенттеріне және басқа да тапсырыс берушілерге жеткізу қызметтері көрсетіледі. Осылайша, жеткізу тізбегінің барлық кезеңін өз мойнымызға аламыз.Қойма 4 блоктан тұрады. Оның 2-еуі – мультитемпературалық қоймалар. Олардың ауданы 6 000 шаршы метрден асады. Мұнда -18, -22 және +0,5 градус аралығындағы температурада түрлі өнімді сақтауға болады. Бір мезетте 45 мың паллет тауар сияды. Қойма толықтай автоматтандырылған WMS, BMS және TMS жүйелерімен жабдықталған», – деді Нұрмат Энверұлы.Шара барысында облыс әкімі Марат Елеусізұлы мен компанияның бас директоры Нұрмат Суеркулов кешеннің лентасын қиып, қонақтар нысанды аралап көрді.Жоба төрт кезең бойынша іске асырылады. Қазіргі таңда пайдалануға берілген кешен жанында екінші кезеңнің құрылысы жүріп жатыр. Болашақта Алматы, Астана және Шымкент қалаларында жаңа форматтағы заманауи логистикалық орталықтар салынады. Соңғы кезеңде кешенге теміржол тармағы қосылып, контейнерлік алаң іске қосылмақ. Осылайша, 50 гектар аумақта халықаралық талаптарға сәйкес келетін заманауи өндірістік және логистикалық хаб қалыптасады. Жобаның жалпы құны – 70 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 2030 жылы аяқталады деп жоспарланған.Айта кетейік, өңірдегі «А» санатты қоймалардың саны соңғы үш жылда 44 есе артқан. Жыл соңына дейін Іле және Қарасай аудандарында дәл осындай 3 жаңа кешен іске қосылмақ. Бұл өңірдің ғана емес еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын жақсартуға және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1259678?lang=ru
Дәрігерлер мен синоптиктер Алматы облысының тұрғындарын аптап ыстықта сақ болуға шақырады 16.07.2026
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері Алматы облысында аптап ыстық сақталады. Өңірдің кейбір аудандарында ауа температурасы +43 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Осыған байланысты мамандар тұрғындарға сағат 11:00 мен 17:00 аралығында тікелей күн сәулесінің астында ұзақ уақыт болмауға, жеткілікті мөлшерде су ішуге, жеңіл әрі ашық түсті киім киіп, бас киімсіз жүрмеуге, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға, сондай-ақ ауа райы болжамдары мен ескертулерді тұрақты түрде бақылап отыруға кеңес береді.Дәрігерлер егде жастағы азаматтарға, балаларға, жүкті әйелдерге және жүрек-қан тамырлары мен созылмалы аурулары бар адамдарға ерекше сақ болуды сұрайды. Қатты әлсіздік, бас айналу, бас ауруы, тыныс алудың қиындауы немесе есінен тану белгілері байқалған жағдайда, дереу медициналық көмекке жүгіну немесе 103 нөмірі арқылы жедел жәрдем шақыру қажет екенін ескертеді.Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 13 маусымнан бері, яғни аптап ыстық басталғалы, өңірдегі медициналық ұйымдарға 1 488 адам жүгінген. Олардың 367-сі ауруханаға жатқызылса, 471 тұрғынға мобильді медициналық бригадалар үй жағдайында көмек көрсеткен. Тағы 650 адам емханаларда медициналық көмек алды. Медициналық көмекке жүгінудің негізгі себептері ретінде бас айналу, бас ауруы, артериялық қан қысымының жоғарылауы, ентігу, мұрыннан қан кету, жалпы әлсіздік пен жоғары ауа температурасының әсерінен денсаулық жағдайының нашарлауы тіркелген.Дәрігерлердің айтуынша, қарапайым сақтық шараларын ұстану аптап ыстықты жеңіл өткізіп, күн өтуінің алдын алуға көмектеседі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1259138?lang=ru
Алматы облысында жылына 10 мың тонна металл конструкциясы мен 300 мың текше метр бетон өндіретін ірі зауыт іске қосылды 16.07.2026
Алматы облысында металл конструкциялары мен тауарлық бетон өндіретін «Almaty W. S.» ірі зауыты ашылды. Кәсіпорында жылына 10 мың тонна металл конструкциясы, 300 мың текше метр тауарлық бетон, дәл осындай көлемде сэндвич-панель мен профнастил, 10 мың дана модульдік ғимарат мен контейнер, 40 миллион цемент блогы мен тротуар плиткасы, сондай-ақ терезелер мен есіктер өндіріледі. Жобаға 4,7 млрд теңге инвестиция салынды. Қазіргі таңда кәсіпорында 80-нен астам адам еңбек етеді. Оның 50-і жергілікті тұрғындар болса, ал 20-дан астамы – өндіріс технологиясын үйрететін жетекші мамандар, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Қарасай ауданы Әйтей ауылдық округінің аумағында бой көтерген кәсіпорын өнімдерінің 60 пайызы Алматы қаласы мен облысында сатылады. Қалған 40 пайызы Шымкент қаласына және еліміздің батыс өңірлеріне жөнелтіледі. Болашақта өнімдерді экспортқа шығару да жоспарланған. Қазірдің өзінде көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан тапсырыстар түсе бастаған. Бұл зауыт өнімдерінің қаншалықты сұранысқа ие екенін көрсетеді.Зауыттың жалпы аумағы – 3 гектар. Компания кез келген күрделіліктегі металл конструкцияларын жобалау, өндіру және монтаждаумен айналысады. Сонымен қатар мұнда жұмыстың толық өндірістік циклі жолға қойылған.Дәстүрлі монолитті құрылыс әдісімен салыстырғанда зауыттық модульдер мен металл қаңқаларды пайдалану өндіріс ғимаратын салу мерзімін айтарлықтай қысқартады. Бұған қоса, металл конструкцияларын болтты қосылыстар арқылы құрастыру оларды оңай бөлшектеп, қажет болған жағдайда басқа орынға тасымалдауға мүмкіндік береді.Жоба Қытай инвесторларының қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Өндіріс орнының салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған зауыттың негізін қалаушы Тивэй Жу Қазақстан экономикасының қарқынды дамуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған тиімді инвестициялық саясаттың зор ықпал етіп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл жоба да мемлекет қолдауының арқасында табысты жүзеге асқан. Ол жаңа кәсіпорынның іске қосылуы тың мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, компания ұжымы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстан экономикасының дамуына өз үлесін қосуға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Әдіс Сейдақматов та жиналған қауымды жаңа өндіріс орнының ашылуымен құттықтады. Ол аудан басшылығы инвесторларға маңызды жобаларды жүзеге асыру барысында әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.Дәстүр бойынша игі бастамаға Әйтей ауылдық округінің қадірлі ақсақалы ақ батасын берді. Одан кейін кәсіпорынның лентасы салтанатты түрде қиылды. Шараға келген қонақтар өндіріс цехтарын аралап, технологиялық үдерістің ерекшелігімен танысты.Аталған нысандағы құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурыз айында басталып, сол жылдың желтоқсанында аяқталды. Осы кезеңде өндіріс те іске қосылды. Содан бері кәсіпорында 200 мың текше метр бетон мен 6 мың тонна металл конструкциялары өндірілді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 10 мың тонна металл конструкциясы мен 300 мың текше метр бетон өндіруге мүмкіндік береді. Осы көрсеткіш негізінде кәсіпорын Алматы қаласы мен Алматы облысындағы ең ірі өндіріс орны саналады.Алдағы уақытта жаңа, сұранысқа ие өндіріс бағыттарын игеру жоспарланып отыр. Бұл қосымша жұмыс орындарының ашылуына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1258662?lang=ru