Экономика
Қостанай ауданында 50-ден аса отбасы баспаналы болды 31.03.2026
Қостанай ауданында 50-ден аса отбасы жаңа баспанаға ие болды. Пәтер кілттері жаңадан бой көтеріп жатқан «Астана» шағын ауданындағы тұрғын үйлерден табысталды.Аталған шағын аудан бүгінде қарқынды дамып келе жатқан тұрғын үй кешендерінің бірі саналады. Соңғы жылдары мұнда бірнеше көпқабатты тұрғын үйлер салынып, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым жүйелі түрде дамуда. Табысталған пәтерлер толық әрленген күйде пайдалануға берілді.Жалпы, биыл облыс орталығы мен аудандарда жүздеген мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. «Астана» шағын ауданы – осы бағыттағы нақты жұмыстардың айқын көрінісі. Мұндағы үйлер заманауи талаптарға сай салынған және тұрғындарға жайлы жағдай жасауға бағытталған.Пәтерлер аудандағы №2, №6, №8 және №10 тұрғын үйлерден берілді. Жаңа баспана көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға және тұрғын үй жағдайын жақсартуды қажет ететін өзге де санаттағы азаматтарға үлестірілді.Сонымен қатар, шағын ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Атап айтқанда, жаңа өрт сөндіру бөлімінің құрылысы басталып, қазіргі уақытта іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде. Нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек, кәріз сорғы станциясының құрылысы да қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1190189?lang=kk
Транзиттік әлеует артады: Алматы облысы мен Қытай арасындағы маңызды меморандум 30.03.2026
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытай Халық Республикасына іссапары кезінде «Xinjiang Commercial Logistics (Group) Co., Ltd.» компаниясының басшысы Шэнь Цзиншэнмен кездесті. Аталған компания сауда және логистика саласында зор әлеуетке ие. «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жүзеге асыруға үлкен үлес қосып келеді.Кездесу барысында екі жақты сауда-экономикалық байланыс, транспорттық-логистикалық инфрақұрылым, халықаралық тасымалдау, логистиканы цифрландыру және агроөнеркәсіп өнімдерін экспорттау мәселелері талқыланды.Өз сөзінде Марат Елеусізұлы компанияның қарқынды дамуын жоғары бағалайтынын атап өтті. Алматы облысы Қытай мен Орта Азия арасындағы негізгі транспорт жолдарының қиылысында орналасқанын, Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы үшін стратегиялық маңызды серіктес екеніне тоқталды.«Достық қарым-қатынастың арқасында Алматы облысы мен Қытай елі арасындағы тауар айналымы жылдағы дәстүрге сай жоғары деңгейін сақтап келеді. Соңғы үш жыл ішінде тауар айналымы тұрақты түрде 1 млрд АҚШ долларынан асты. Бүгінгі таңда облыста Қытай капиталының қатысуымен 143 кәсіпорын жұмыс істейді. Біз сауда-экономикалық байланысты әрі қарай нығайтуға үлкен мән береміз», – деген аймақ басшысы екі жақты байланыстың маңызды бағыттарына тоқталды. Айтуынша, ең алдымен транспорттық-логистикалық инфрақұрылымды дамыту маңызды. Бұл бағытта Алматы облысында заманауи логистикалық орталықтар, қойма кешендері мен мультимодальды хабтар құру көзделіп отыр. Сонымен қатар халықаралық тасымалдау саласындағы байланысты арттыруға басымдық берілді. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағытындағы маршруттарды дамыту, құрғақ порттар мен шекарадағы өткізу пункттерінің мүмкіндігін тиімді пайдалану арқылы транзиттік әлеуетті арттыру жоспарланған. Одан бөлек, логистиканы цифрландыру, яғни заманауи технологиялар мен платформаларды енгізу арқылы жүк тасымалдауды басқару және электронды сауданы дамыту да негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастырылды.Аймақ басшысы Алматы облысы Қазақстандағы ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі екенін айтты. Экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай және халықаралық нарыққа шығару үшін компанияның логистикалық және сауда мүмкіндігін пайдалануға мүдделі екенін жеткізді.Іссапар барысында облыс делегациясы «XINJIANG COMMERCIAL LOGISTICS (GROUP) Co., Ltd.» компаниясының төрт еншілес кәсіпорнымен танысты. Оның құрамына жоғары технологиялық жабдықтармен айналысатын «Xinjiang Machinery Research Institute Co., Ltd.,» жеміс-жидек пен орман өнімдерін шығаратын «Xinjiang Fruit Industry Group», сапа стандарттары мен өнеркәсіптік сараптаманы жүргізетін «Xinjiang Standard Testing and Certification Company Limited», сондай-ақ халықаралық құрғақ порт логистикасы бағытында жұмыс істейтін Шыңжаң компаниясы кіреді.Жүздесу нәтижесінде халықаралық тасымалдау саласында Қазақстандағы ірі компаниялардың бірі «Atasu Group» пен Шыңжаң халықаралық құрғақ порт компаниясы құны 270 млн доллар тұратын меморандумға қол қойды. Бұл бірлескен жобаларды іске асыруға, ұзақ мерзімді серіктестікті нығайтуға жол ашады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1190114?lang=kk
Қонаевта М.Әуезов көшесінің күрделі жөндеуі басталды 30.03.2026
Қонаев қаласында Кешенді даму жоспары аясында М.Әуезов көшесін күрделі жөндеу жұмыстары басталды.Жобаға сәйкес, жол екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейтіледі. Көшенің жалпы ені 14 метрді, ұзындығы 1,2 шақырымды құрайды. Сонымен қатар, тротуарлар салынып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылады, көше жарығы жаңартылып, «Шошқалы сай» арнасы арқылы өтетін автомобиль көпірі тұрғызылады.«Құрылыс жұмыстарын 9 ай ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Бұл көше қаланың негізгі көлік артерияларының біріне айналады. Шомылу маусымында қалада көлік кептелісі жиі байқалады. Көшені кеңейту осы мәселені шешуге мүмкіндік береді», – деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиев.Оның айтуынша, Кешенді даму жоспары аясында Алматы және Абай көшелерін де күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Қазіргі таңда жобалық құжаттар дайын, жуырда мемлекеттік сараптамаға жолданады.Бұдан бөлек, қалада шұңқырларды жамау және ағымдағы жөндеу жүріп жатыр.Айта кетейік, өткен жылы Қарлығаш шағынауданында жолдарды жаңғырту жұмыстары басталған болатын. Жобаны биыл аяқтау жоспарланған._______В Конаеве началась реконструкция улицы М. АуэзоваВ городе Конаев в рамках Комплексного плана развития начаты работы по капитальному ремонту улицы М. Ауэзова.Согласно проекту, дорога будет расширена с двух до четырёх полос. Общая ширина составит 14 метров, протяжённость – 1,2 километра. Также предусмотрено обустройство тротуаров, установка скамеек и урн, модернизация уличного освещения, а также строительство автомобильного моста через канал «Шошқалы сай».«Завершение строительных работ планируется в течение 9 месяцев. Улица станет одной из ключевых транспортных артерий города. В купальный сезон в Конаеве часто возникают заторы, и расширение улицы позволит существенно снизить нагрузку на дорожную сеть», – отметил руководитель отдела пассажирского транспорта и автомобильных дорог Багдат Алиев.По его словам, в рамках Комплексного плана развития также предусмотрена реконструкция улиц Алматы и Абая. Проектная документация уже подготовлена и в ближайшее время будет направлена на государственную экспертизу.Кроме того, в городе ведутся работы по ямочному и текущему ремонту дорог.Напомним, в прошлом году началась модернизация дорожной инфраструктуры в микрорайоне Карлыгаш. Завершение работ запланировано на текущий год.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1190047?lang=kk
Қостанайдың автопаркі 81%-ке жаңарды 30.03.2026
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов «Альтаир» ПК жаңа автобустарымен танысты. Бүгінгі күні облыс орталығында 38 маршруттан тұратын дамыған маршруттық желі жұмыс істейді. Күн сайын желіге 187 автобус шығады, олардың 73%-ы – пайдалану мерзімі 7 жылдан аспайтын көліктер.Соңғы 3 жылда лизинг арқылы 90 жаңа автобус сатып алынды, оның ішінде өткен жылы – 28 автобус.Ағымдағы жылы «Альтаир» ПК тасымалдаушысы Yutong маркалы 12 жаңа автобусты 5 жыл мерзімге 7% мөлшерлемемен Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы лизингке алды.«Қоғамдық көлікті жаңарту және жолаушыларды тасымалдау ыңғайлы әрі қолжетімді қалалық ортаны қалыптастыруда басым бағыт болып қала береді. Соңғы жылдары мемлекеттің қолдауымен жүйелі жаңғырту басталды: тасымалдаушылар лизинг тетігі арқылы жаңартылған, заманауи автобустар алуда. Автобус паркін жаңарту нәтижесінде пайдалану мерзімі 7 жылдан аспайтын қоғамдық көліктердің үлесі 8%-ға артып, 81%-ды құрады», – деді облыс әкімі.Аймақ басшысының сөзінше, мақсат – автобустар санын көбейту емес, бүкіл жүйені сапалы түрде өзгерту: қозғалыс тұрақтылығын қамтамасыз ету, жайлылық деңгейін арттыру, әлеуметтік маңызы бар нысандар мен жаңа шағын аудандарды көлікпен қамту.Сонымен қатар, тасымалдаушылар қозғалыс кестесін сақтау, тәртіпті қамтамасыз ету және қызмет көрсету мәдениетін арттыру бойынша міндеттерін толық орындауы тиіс.Айта кету керек, бүгінгі таңда тұрғындар заманауи цифрлық сервистерге қол жеткізуде – мобильді қосымша арқылы автобустардың қозғалысын нақты уақыт режимінде қадағалап, өз маршруттарын жоспарлап, уақыттарын үнемдей алады.Бұл тек қолайлы сервис емес, сонымен қатар тасымалдаушылар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1190084?lang=kk
ҚР Сыртқы істер министрі БАӘ Елшісін қабылдады 29.03.2026
Астана, 2026 жылғы 24 наурыз – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі Мұхаммед Әл-Арикиді қабылдады.Кездесу барысында тараптар Таяу Шығыстағы ахуалды талқылап, өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ сұхбаттасушылар екі ел арасындағы саяси диалогтың жоғары деңгейін, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың қарқынды дамуын атап өтті.Е.Көшербаев өңірдегі шиеленістің күшеюіне алаңдаушылық білдіріп, Қазақстанның барлық даулы мәселелерді халықаралық құқық қағидаттары негізінде тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеуді қолдайтынын атап өтті.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы іс-қимылдарды үйлестіруге бейілділігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1187102?lang=kk
Қазақстан мен БАӘ сыртқы істер министрлері өңірдегі жағдайды талқылады 29.03.2026
Астана, 2026 жылғы 25 наурыз – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Біріккен Араб Әмірліктері Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Наһаянмен телефон арқылы сөйлесті.Сұхбат барысында тараптар Таяу Шығыстағы қазіргі ахуалды талқылап, өңірдегі шиеленіс төңірегінде пікір алмасты.Е.Көшербаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын білдірген ұстанымды растады және өңірдегі эскалацияның жалғасуына, оның ішінде БАӘ аумағына жасалған соққыларға байланысты алаңдаушылық танытты. Қазақстан бейтарап мемлекеттерді әскери іс-қимылдарға тартуға қарсы екені, сондай-ақ өңір елдерінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға жол берілмейтіні жеткізілді.Ахуалды халықаралық құқық қағидаттары негізінде жедел түрде деэскалациялау және дағдарысты саяси-дипломатиялық жолмен реттеу қажеттігіне назар аударылды.Екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылау барысында Е.Көшербаев БАӘ-нің өңірдегі Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі екенін және елдерімізді дәстүрлі бауырластық қатынастары байланыстыратынын атап өтті.Қазақстан СІМ басшысы БАӘ аумағында болған ҚР азаматтарын эвакуациялауға көрсеткен жәрдемі үшін әріптесіне алғыс білдірді. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды отанына қайтару ел үшін басым міндет болғанын жеткізді.Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары халықаралық аренада екі мемлекеттің жоғары деңгейдегі саяси диалогы мен өзара қолдауына да назар аударды.Өз кезегінде шейх Абдалла бен Заид Әл Наһаян көрсетілген қолдау үшін қазақстандық тарапқа ризашылығын білдіріп, өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.Сұхбат қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында іс-қимылдарды үйлестіруді жалғастыруға дайын екендерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1187183?lang=kk
Қазақстан CІМ-де дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай Молдова Елшісін қабылдады 29.03.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Қазақстандағы Молдова Республикасының Елшісі Штефан Горданы дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады.Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың оң серпінмен дамып келе жатқанын атап өтіп, қазақ-молдова өзара байланыстарын одан әрі нығайтуға деген ұмтылыстарын растады.Министрдің орынбасары Елшіге сындарлы ынтымақтастығы және Қазақстан мен Молдова арасындағы достық қатынастарды нығайтуға қосқан жеке үлесі үшін алғыс білдіріп, алдағы кәсіби қызметіне табыс тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1187190?lang=kk
Қостанай облысында Наурыз мейрамын мерекелеу 29.03.2026
Қостанай облысында Наурыз мейрамы кең көлемде және жоғары деңгейде атап өтілді. Биыл өңір мерекені ұйымдастыруда заманауи әрі креативті тәсілді көрсетіп, бай мәдени мұраны озық цифрлық технологиялармен үйлестірді.Мерекенің басты ерекшелігі — геймификация элементтерін енгізу және заманауи IT-шешімдерді пайдалану болды. Жалпы облыс бойынша ұлттық дәстүрлерді интерактивті форматта насихаттауға бағытталған 50-ден астам цифрлық жоба жүзеге асырылды. Тұрғындар мен қонақтар мерекелік іс-шараларды тамашалап қана қоймай, цифрлық платформалар мен ойын элементтері арқылы белсенді қатысу мүмкіндігіне ие болды.Іс-шаралардың ауқымы кең болды: 150 мыңнан астам адам офлайн форматта қатысса, 600 мыңнан астам қолданушы онлайн кеңістікте мерекеге қосылды.Мерекелік атмосфераны облыстың барлық қала мен аудандарында тігілген 340 тақырыптық киіз үй айшықтай түсті. Сонымен қатар, 170 LED-экранда мерекелік бағдарламалар, мәдени жобалар және интерактивті контенттер көрсетілді.Кең ауқымды мәдени бағдарлама аясында 150 өнерпаз өнер көрсетті. Олардың қатарында «Қыран» тобы, Қайрат Түнтеков және «1465» этнотобы бар. Өнер иелерінің өнер көрсетуі ұлттық мәдениет пен заманауи форматтардың үйлесімді сабақтастығын айқын көрсетті.Қостанай облысында өткен Наурыз мейрамы ұлттық дәстүрлердің цифрлық кеңістікке сәтті бейімделе алатынын, өз болмысын сақтай отырып, жаңа форматта кең аудиторияға ұсынылуының жарқын үлгісіне айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1187222?lang=kk
Алтынсарин ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясындағы іс-шаралар басталды 29.03.2026
Қостанай облысының Алтынсарин ауданында ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бірқатар іс-шараларға бастау берілді.Аталған шаралардың бірі ретінде «Қар десанты» акциясы ұйымдастырылып, оның аясында жеке тұрғын үйлердің аулалары мен іргелес аумақтарын тазарту жұмыстары жүргізілуде. Акцияға ауданның барлық ауылдық округтерінің тұрғындары, жастар, қоғамдық ұйымдар мен еріктілер белсенді қатысуда.Іс-шара ауданның барлық елді мекендерінде бір мезгілде өткізілді, бұл тұрғындарды кеңінен қамтып, олардың белсенділігін арттыруға мүмкіндік берді.Өткізіліп жатқан шаралардың басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығына назар аударту, сондай-ақ әрбір азаматтың өз тұрғылықты жерінің тазалығы үшін жауапкершілігін қалыптастыру.Ұйымдастырушылардың айтуынша, қоғам болып жұмылғанда ғана тұрақты экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғи ресурстарды болашақ ұрпақ үшін сақтауға болады.«Таза Қазақстан» бастамасы тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үндеп, таза әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1187482?lang=kk
Қарабалық кентінде «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жастарға арналған «Экологиялық квиз» өтті 29.03.2026
Қостанай облысының Қарабалық кентінде Жастар ресурстық орталығында «Экологиялық квиз» атты интеллектуалды-ойындық іс-шара ұйымдастырылды. Бұл шара жастар арасында экологиялық сауаттылықты арттыруға және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасын қолдауға бағытталған.Іс-шараның мақсаты — қоршаған ортаға жауапты қатынасты қалыптастыру және жастардың экологиялық мәселелер жөніндегі білімін кеңейту, соның ішінде қоршаған ортаның ластануы, климаттың өзгеруі және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану сияқты өзекті тақырыптар бойынша ақпарат беру.«Экологиялық квиз» қатысушылардың білімін тексеру, логикалық ойлау қабілетін дамыту және командалық жұмысқа үйрету мүмкіндігін біріктіреді. Ойын барысында жастар өз білімдерін тексеріп қана қоймай, табиғатты қорғау жолдары мен қоршаған ортаны сақтау тәсілдері туралы жаңа мәліметтер алды.Ұйымдастырушылардың айтуынша, экологиялық квиз — жай ойын емес, ол жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырудың тиімді әдісі болып табылады, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға қызығушылықты арттырып, болашаққа саналы қатынас қалыптастыруға ықпал етеді.Бұл іс-шара өңірде экологиялық сауатты, табиғатты қорғауға жауапты жастарды тәрбиелеу бағытындағы маңызды қадамға айналды және «Таза Қазақстан» бастамасының жүзеге асырылуына үлес қосты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1188025?lang=kk
Қазақстан мен Иран СІМ басшыларының телефон арқылы сөйлесуі өтті 29.03.2026
Астана, 2026 ж. 26 наурыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен телефон арқылы сөйлесті.Тараптар Таяу Шығыстағы қазіргі жағдайды талқылап, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.Сұхбат барысында Е.Көшербаев ирандық әріптесіне Иран төңірегіндегі жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіріп, осыдан бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдегендей Қазақстан тарапы Түркістан қаласын бейбіт келіссөздер өткізуге алаң ретінде ұсынуға дайын екендігін растады.Сонымен қатар, тараптар екіжақты қатынастардың өзекті мәселелері бойынша диалогты жалғастыруға келісті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1188047?lang=kk
Қазақстан Римде су қауіпсіздігі мен аграрлық ынтымақтастық бойынша жаһандық бастамаларды ілгерілетуде 29.03.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев бастаған Қазақстан делегациясы Римдегі Халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қорының (IFAD) бас кеңсесінде өткен «БҰҰ-су ресурстары» тетігінің 43-ші кездесуіне қатысты. Іс-шара барысында қазақстандық делегация Астанада өтетін Аймақтық экологиялық саммиттің және Мемлекет басшысының БҰҰ құрамында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын іске асыру бойынша жоспарланған халықаралық консультациялардың таныстырылымын өткізді.Римге жұмыс сапары кезінде Қазақстан сыртқы саяси ведомствосы басшысының бірінші орынбасары Е.Ашықбаев сондай-ақ Италия Республикасының Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігінің, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) және Халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қорының (IFAD) басшылығымен бірқатар кездесу өткізді.Атап айтқанда, Италияның Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Эдмондо Чириеллимен өткен кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері және Қазақстан мен Италия арасындағы қатынастарды одан әрі дамыту перспективалары, соның ішінде C5 + 1 платформасы, сондай-ақ Өнеркәсіптік және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан–Италия үкіметаралық жұмыс тобы (ҮЖТ) аясындағы мәселелер талқыланды.Кездесу барысында қазақ дипломаты Италия СІМ басшысының орынбасарын Мемлекет басшысының реформалар бағдарламасы аясында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар, Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасы жөніндегі референдумның нәтижелері, сондай-ақ елдің саяси жүйесін одан әрі трансформациялау жөнінде хабардар етті.Қазақстан Сыртқы саяси ведомствосы басшысының бірінші орынбасары өзінің итальяндық әріптесін еліміздің бірқатар өзекті халықаралық мәселелер жөніндегі ұстанымымен таныстырды.Өз кезегінде Э.Чириелли екіжақты қатынастардың дамуындағы жоғары серпінді атап өтіп, Қазақстанның ішкі реформаларды жүзеге асыру және сыртқы саясат саласындағы бастамаларын оң бағалады.БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) Бас директорының бірінші орынбасары Годфри Магвензимен кездесуде Қазақстанның ФАО-мен ынтымақтастығына қатысты мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, тараптар ауыл шаруашылығын жаңғырту, азық-түлік қауіпсіздігі және су ресурстарын рационалды пайдалану сияқты салалардағы бірлескен іс-қимылды бағалады.Е.Ашықбаев Қазақстанның Орталық Азияның астық қоры ретінде өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын және бидай мен майлы дақылдар өндіру мен экспорттау бойынша жетекші орынға ие екенін атап өтті. Осы саланы дамытуға бағытталған күш-жігер өз нәтижесін беруде: өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 13,6%-ға өсті.Қазақстан сыртқы саяси ведомствосы басшысы бірінші орынбасарының айтуынша, алдағы жылдары Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын айтарлықтай нығайтып, жоғары қосылған құны бар өнімдердің үлесін 70%-ға дейін арттыруды көздейді. Осы мақсатқа жету үшін ел жаңа өңдеу зауыттарын салуды және қолда бар өндіріс орындарын жаңғыртуды жоспарлауда.Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Е.Ашықбаев Қазақстанның ФАО-мен серіктестік қатынастарды нығайтуға, соның ішінде агроөнеркәсіп саласында 700-ден астам инвестициялық жобаны іске қосуға бағытталған үш жылдық жоспарды жүзеге асыруға дайын екендігін атап өтті.IFAD президенті және UN-Water төрағасы Альваро Лариомен өткен кездесуде тараптар су қауіпсіздігі саласындағы өңірлік және халықаралық бастамаларды ілгерілетуге бағытталған бірлескен күш-жігерді талқылады. Е.Ашықбаевтың айтуынша, «KazAID» агенттігі арқылы еліміз серіктес мемлекеттерге гуманитарлық көмек көрсетіп, дағдарыс, табиғи апаттар және басқа да төтенше жағдайлардан зардап шеккен аймақтардың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына үлес қосуда.Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары сондай-ақ қазіргі әлемде маңызы барған сайын артып келе жатқан су ресурстары мәселелеріне назар аударды. Осы тұрғыда ол Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы құрамында Халықаралық су ұйымын құру бастамасының маңыздылығына назар аударып, Қазақстанның халықаралық ынтымақтастық пен тұрақты даму қағидаттарына бейілділігін атап өтті.Өткізілген кездесулер барысында Е.Ашықбаев Қазақстанда ФАО-ның Орталық Азияға арналған субаймақтық кеңсесін ашуға деген қызығушылықты атап өтті. Бұл Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары аймақтық орталығын нығайтып, өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігі күн тәртібіне оң әсер етер еді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1188052?lang=kk
Қазақстан мен Қасиетті Тақ дінаралық диалог пен ынтымақтастықты тереңдету бағытын растады 29.03.2026
2026 жылғы 26 наурызда Ватиканда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының префектісі кардинал Джордж Кувакадпен кездесті.Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы достық әрі сенімді қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өтіп, олардың дәйекті дамып келе жатқанын және ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара қызығушылық бар екенін жеткізді.Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі аясындағы өзара іс-қимылға айрықша назар аударылды. Ватикан тарапы 2026 жылғы қазанда Астана қаласында өтетін Съез Хатшылығының кезекті отырысына өз делегациясының қатысатынын растады.Сондай-ақ тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, дінаралық және мәдениетаралық диалогты ілгерілету, бейбітшілікті нығайту және тұрақты дамуға жәрдемдесу мәселелерін талқылады.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1188051?lang=kk
Алатау қаласы ерекше мәртебеге ие болады 29.03.2026
Парламент «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады. Енді Алатау дербес басқарушылық, қаржылық және институционалдық ерекше режимі бар қалаға айналмақ. Басқару моделі қазіргі әкімшілік басқару мен стратегиялық дамуды бөлуге негізделген. Бұл үдерісте негізгі рөлді Alatau City Authority атқарады. Ол Үкімет құрамына кірмейтін, бірақ Премьер-Министр төрағалық ететін Кеңеске есеп беретін мемлекеттік қор нысанындағы орталық мемлекеттік орган. Сонымен қатар мәслихат пен әкімдік қаланың күнделікті тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі өз функцияларын сақтайды.Заң «Digital by default» («Автоматты цифрлық») қағидатын енгізуді және Алатауды жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолданатын толыққанды Smart City ретінде дамытуға мүмкіндік береді.Бір блок толығымен қаланың дербес қаржылық-салықтық моделін қалыптастыруға бағытталған. Қала аумағында арнайы салық нормалары қолданылады, сондай-ақ 2050 жылға дейін немесе қаржылық өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне жеткенге дейін оның бюджетінен республикалық және өзге де бюджеттерге қаражат алуға тыйым салынады.Инвестициялық саясатты іске асырудың негізгі құралы Алатаудың жер қоры болады. Жер учаскелері резиденттерге нақты инвестициялық жобаларға байланысты лицензиялар немесе шарттар негізінде беріледі.Қаланы дамыту ұзақ мерзімді жоспар бойынша жүргізіледі. Ол жоспарға стратегия, 30 жылдық тұжырымдамалық жоспар және 15 жылдық қала құрылысы жоспары кіреді. 15 жылдық жоспар белгілі бір уақыт өткеннен кейін қайта қаралады, яғни оны жаңартып, қажет болса түзетеді. Заң инвестицияларды қорғайды және оларға әділ әрі тең жағдай жасауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар олар қандай сот жүйесін қолданатынын өзі таңдай алады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1188492?lang=kk
Мысыр Араб Республикасы баруға ұсынылмайтын елдер тізімінен шығарылды 29.03.2026
Астана, 2026 жылғы 27 наурыз – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Мысыр Араб Республикасының баруға ұсынылмайтын мемлекеттер тізімінен шығарылғанын хабарлайды. Бұл шешім аталған елдегі қазіргі жағдайды, сондай-ақ азаматтық инфрақұрылымның, оның ішінде халықаралық әуежайлар мен туристік аймақтардың жұмыс істеу жағдайларын ескере отырып қабылданды.Сонымен қатар, Таяу Шығыстағы ахуалдың әлі де шиеленісті болып қалуына, сондай-ақ өңірдің бірқатар мемлекеттерінде әуе кеңістігінің мезгіл-мезгіл жабылуына байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі келесі елдерге жағдайдың толық тұрақтануына дейін сапарлардан бас тарту жөніндегі ұсынымдарын сақтайды: Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Израиль, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Қатар, Сауд Арабиясы Корольдігі, Кувейт, Ливан, Оман және Сирия.Өңірде жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке қауіпсіздік шараларын күшейту, ықтимал қауіпті аймақтарға барудан бас тарту, жергілікті билік органдарының нұсқауларын қатаң сақтау, соның ішінде зымырандық қауіп туындаған жағдайда дереу баспаналарға (қорғаныс орындарына) бару, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерімен, туроператорлармен және әуе тасымалдаушыларымен тұрақты байланыста болу қажеттігі тағы да еске салынады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1188910?lang=kk
Алтынсарин ауданында «Қарлы десант» акциясы өтті 29.03.2026
Қостанай облысының Алтынсарин ауданында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және аумақтарды абаттандыруға бағытталған «Қарлы десант» акциясы ұйымдастырылды.Іс-шара аясында аулалар мен жеке тұрғын үйлерге іргелес аумақтарды қардан тазарту жұмыстары жүргізілді. Акцияға ауданның барлық ауылдық округтерінің тұрғындары, жастар, қоғамдық ұйымдар мен еріктілер қозғалысының өкілдері қатысты.Акция ауданның барлық елді мекендерінде бір мезгілде өтіп, жергілікті қауымдастықтың кең ауқымды қамтылуы мен белсенді қатысуын қамтамасыз етті.Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың тазалық пен тәртіпті сақтауға деген жауапкершілігін қалыптастыру, сондай-ақ аумақтарды абаттандыру мәселелеріне назар аудару.«Қарлы десант» акциясын өткізу аудан тұрғындары үшін қолайлы әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1188991?lang=kk
Алматы облысы «Жер сағаты» акциясына қатысады 29.03.2026
Бүгін Қазақстанда «Жер сағаты» жаһандық экологиялық акциясы өтеді. Бұл бастамаға Алматы облысы да қатысады. Жергілікті уақыт бойынша сағат 20:30 бен 21:30 аралығында өңірдегі 55 ғимараттың жарығы өшіріледі. Олардың қатарында Алматы облысының, бірқатар аудан мен қала әкімдігінің ғимараты мен кәсіпорындар да бар, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Жыл сайын өткізілетін акция дүниежүзілік жабайы табиғат қорына қамқорлық көрсетуді көздейді. Ал биылғы тақырыбы елдегі экотуризмді дамытуға бағытталған. Игі шара табиғат әлеміне бей-жай қарамай, жарық пен тұрмыстық электр құралдарын бір сағатқа өшіруге шақырады.Айта кетейік, «Жер сағаты» акциясына бүкіл әлем бойынша 2 млрд-тан астам адам, 180 елден 7 000 қаланың тұрғындары қатысады. Биыл әлем бойынша 19-шы рет, ал Қазақстанда 17-ші рет өтеді. Акцияның мақсаты – планетаның табиғаты мен ресурстарына жауапкершілікпен қарау қажеттілігіне назар аудару.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1189057?lang=kk
Қостанай облысында соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштер тазартылды 24.03.2026
Науырзым ауданында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне тағзым ретінде тазарту жұмыстары жүргізілді.Аудан тұрғындары, жастар, еріктілер және түрлі мекеме қызметкерлері бірлесіп, соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштердің аумағын қардан тазартты. Нәтижесінде, ескерткіштердің айналасы ретке келтіріліп, келушілер үшін қолайлы жағдай жасалды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1186924?lang=kk
Бұлақ көрсең, көзін аш: Алматы облысында 1500 адам «Мөлдір бұлақ» акциясына қатысты 24.03.2026
Алматы облысында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы кең көлемде ұйымдастырылып, өңірдің табиғи су көздерін сақтау мен жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізілді. Игі бастамаға 1500-ге жуық адам қатысып, 300-ден астам ағаш көшеті отырғызылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Акция барысында өңірдегі бірнеше маңызды бұлақ көзі ашылды. Атап айтқанда, Еңбекшіқазақ ауданы Еңбек ауылында орналасқан, жергілікті халық ауыз су ретінде пайдаланатын бұлақ тазартылып, аумағын абаттандыру, ағаш отырғызу және қоршау орнату жұмыстары қолға алынды. Малыбай ауылдық округіне қарасты таудың етегінде орналасқан Шилі бастау бұлағының бастауы мен арнасы тазартылып, негізінен мал суаруға пайдаланылатын су көзінің табиғи қалпы жақсартылды. Қаражота ауылдық округіндегі тарихи маңызы бар Диірмен базы бұлағында да тазалау жұмыстары жүргізіліп, бұлақтың бастауы мен су жүретін арнасы ретке келтірілді. Тауқаратұрық ауылына жақын орналасқан Құртты бұлағының көзі ашылып, санитарлық жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар Талғар ауданындағы киелі орындардың бірі саналатын Әлмерек баба бұлағы да назардан тыс қалған жоқ. Оның табиғи әрі рухани маңызына ерекше көңіл бөлінді.«Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркi Түрген шатқалындағы «Киелі» бұлағының ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, бұлақ көзін ашу, ағаш отырғызу жұмысына атсалысты.Марат Елеусізұлы бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы игі шара екенін атап өтті.«Біз бүгін ата-бабамыздан қалған «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген асыл аманатты жүзеге асыру мақсатында жиналып отырмыз. Су - тіршілік көзі. Жеріміздің берекесі мен ырысы. Әсіресе көптеген елді мекені тау етегінде орналасқан Алматы облысы үшін әрбір бастау мен қайнар - стратегиялық маңызға ие.Бүгінгі таңда тіршілік нәрін үнемдеу және оларды таза ұстау – мемлекеттік деңгейдегі өзекті мәселе. Осы шарада бізбен бірге иық тіресе еңбектенетін өңір тұрғындарының белсенділігі қуантады.Бұл жұмыстар тек бір күндік науқанмен шектелмейді. Біз әрбір бұлақтың басын қоршап, ағаш отырғызып, санитарлық жағдайын бақылауда ұстайтын боламыз, – деген облыс әкімі қатысушыларға алғысын білдіріп, сауапты істің Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келуін жақсы ырымға балады.«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Әнуар Үскенбаев дәстүрді түрде өткізілетін акция биыл кең ауқымда ұйымдастырылғанын айтып, суды үнемдеу, табиғатты қорғау ортақ жауапкершілік екенінен жеткізді. Шараға егде жастағы тұрғындардан бастап, жастарға дейін белсенді атсалысып, табиғатқа жанашырлықтың үлгісін көрсетті. Атқарылған жұмыстың арқасында бұлақ суы жергілікті халықтың игілігіне айналып, шаруашылығына септігін тигізетін болады.Экологиялық шара табиғатқа қамқорлық көрсету ғана емес, сондай-ақ адам жанының да тазаруы, жүрек көзінің ашылуы. Сондықтан мұндай шаралар Алматы облысында жоспарға сай жүйелі түрде жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1186988?lang=kk
Қостанай облысында жабық хоккей корты пайдалануға берілді 22.03.2026
Қостанай облысының Жангелдин ауданында көпфункционалды жабық хоккей корты ашылып, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді.Жаңа спорт нысаны Торғай ауылында орналасқан және облыстық бюджет қаражаты есебінен салынған. Бұл бастама ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамытуға және қысқы спорт түрлерімен айналысуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.Жабық хоккей корты тұрғындарға, әсіресе жастарға, жыл бойы спортпен айналысуға мүмкіндік береді. Мұнда хоккей, мәнерлеп сырғанау және жаппай сырғанау сияқты қысқы спорт түрлерін дамытуға барлық жағдай жасалған. Нысан салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтар үшін тартымды орынға айналады деп күтілуде.Жаңа нысанның пайдалануға берілуі өңірде дене шынықтыру мен спортты дамытуға серпін беріп, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және түрлі спорттық іс-шараларды өткізуге жаңа мүмкіндік ашады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1186802?lang=kk