Enbekshi QazaQ

Экономика

Алматы облысында аптап ыстыққа байланысты жолдар мен қоғамдық орындарда аэрация жұмыстары күшейтілді. 17.07.2026
Бұл шаралар жол жабынының температурасын төмендетуге, ауадағы шаң-тозаңды азайтуға, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және жоғары температураның жол инфрақұрылымына кері әсерін азайтуға бағытталған.Аэрация жұмыстары күніне төрт рет – сағат 11:00, 13:00, 15:00 және 17:00-де жүргізіледі. Ол үшін суару-жуу құрылғыларымен жабдықталған, сыйымдылығы 8 текше метр болатын ондаған су таситын көлік жұмылдырылды.Ауаны ылғалдандыру шаралары Қонаев қаласында, Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарында жүргізіліп, 15 көше мен қоғамдық нысанды қамтыды. Атап айтқанда:• Қонаев қаласы – Қонаев көшесі → Алматинская көшесі → Абай көшесі; Жамбыл көшесі → Сейфуллин көшесі → Сырдария көшесі → Қойшыманов көшесі бағыттары, сондай-ақ №6 қалалық жағажай және Сейфуллин көшесі, 8А мекенжайындағы балалар ойын алаңы.• Қарасай ауданы (Қаскелең қаласы) – Абылай хан, Наурызбай батыр, Байғазиев және Омарәлиев көшелері.• Іле ауданы – Жансүгіров және Батталханов көшелері.• Еңбекшіқазақ ауданы (Есік қаласы) – Есік аллеясы және Абай көшесі.• Талғар ауданы (Талғар қаласы) – Қонаев көшесі → Ломоносов көшесі → Талғар қаласының қақпасынан әкімдік ғимаратына дейінгі бөлік → әкімдік маңынан ХҚКО-ға дейінгі аралық → Абай көшесі.Бұл жұмыстарды атқару үшін 11 мердігер ұйым тартылды. Олар арнайы техниканың уақытылы шығуын қадағалап, жұмысты бекітілген кестеге сәйкес іске асырады.Сонымен қатар тұрғындар көп жиналатын қоғамдық орындарға арнайы техника су бүркіп, аптап ыстықты жеңіл өткеруге көмектесуде. Бұл әсіресе балалар үшін жазғы демалысын қызық әрі қауіпсіз өткізуге мүмкіндік беруде. Аталған жұмыстар 20 шілдеге дейін жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1259692?lang=ru
Алматы облысында ірі логистикалық хаб ашылды 17.07.2026
Бүгін Алматы облысында «Mercury Logistics Solutions» компаниясының өндірістік және логистикалық-қоймалық кешені құрылысының алғашқы кезеңі аяқталып, салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ірі инвестициялық жобаның бірінші кезеңінде 44 мың шаршы метрді құрайтын инженерлік және логистикалық нысандар пайдалануға берілді. Нәтижесінде 135 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Кешен толық іске қосылғанда өңір азаматтары үшін 1200 жаңа жұмыс орны ашылады. Қарасай ауданы Көкөзек ауылында салынып жатқан бұл «А» класты логистикалық орталығында жүктерді қабылдау, сақтау, өңдеу, сұрыптау және тасымалдау қызметтері атқарылады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, тұрғындарды республикалық деңгейдегі маңызы зор кешеннің ашылуымен құттықтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, инвестиция тарту, өндіріс көлемін ұлғайту, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту және халықты тұрақты жұмыспен қамту міндеттерін Үкімет пен әкімдіктердің алдына нақты қойып отырғанын, осы бағытта Алматы облысында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.«Бүгін іске қосылған кешен – тұрғындарды жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнестің дамуына, салық базасының ұлғаюына және облыс экономикасының өсіміне оң әсерін тигізетін маңызды жоба. Өңірімізде мұндай логистикалық нысандардың ашылуы ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді. Себебі тауар тек тасымалданып қоймай, өңделіп, сұрыпталады. Соның нәтижесінде өңір экономикасына қосымша табыс түседі. Алдағы уақытта бұл кешен өнімді өңдеп, одан әрі өндіретін заманауи өндірістік орталыққа айналады.Бүгінде Қарасай ауданы Алматы агломерациясының экономикалық өсім нүктелерінің біріне айналып отыр. Ауданның тиімді географиялық орналасуы, көлік дәліздеріне жақындығы және инженерлік инфрақұрылымының дамуы инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруда», – деген Марат Елеусізұлы облыс әкімдігі алдағы уақытта да инвестициялық жобаларды қолдау, өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін айтты.Компанияның бас директоры Нұрмат Суеркулов жобаның алдағы жоспарлары туралы сөз қозғады.«Бүгін логистикалық экожүйеміздің бір бөлігін іске қостық. Қарапайым тілмен айтқанда, біз тауарды әлемнің кез келген нүктесінен әкеліп, тұтынушыларға тікелей жеткіземіз. Яғни мұнда халықаралық тасымалдау, құжаттарды рәсімдеу, тауарларды таңбалау, үлкен көлемдегі тауарларды тапсырысқа қарай бөлу, сондай-ақ өнімді маркетплейстерге, B2B клиенттеріне және басқа да тапсырыс берушілерге жеткізу қызметтері көрсетіледі. Осылайша, жеткізу тізбегінің барлық кезеңін өз мойнымызға аламыз.Қойма 4 блоктан тұрады. Оның 2-еуі – мультитемпературалық қоймалар. Олардың ауданы 6 000 шаршы метрден асады. Мұнда -18, -22 және +0,5 градус аралығындағы температурада түрлі өнімді сақтауға болады. Бір мезетте 45 мың паллет тауар сияды. Қойма толықтай автоматтандырылған WMS, BMS және TMS жүйелерімен жабдықталған», – деді Нұрмат Энверұлы.Шара барысында облыс әкімі Марат Елеусізұлы мен компанияның бас директоры Нұрмат Суеркулов кешеннің лентасын қиып, қонақтар нысанды аралап көрді.Жоба төрт кезең бойынша іске асырылады. Қазіргі таңда пайдалануға берілген кешен жанында екінші кезеңнің құрылысы жүріп жатыр. Болашақта Алматы, Астана және Шымкент қалаларында жаңа форматтағы заманауи логистикалық орталықтар салынады. Соңғы кезеңде кешенге теміржол тармағы қосылып, контейнерлік алаң іске қосылмақ. Осылайша, 50 гектар аумақта халықаралық талаптарға сәйкес келетін заманауи өндірістік және логистикалық хаб қалыптасады. Жобаның жалпы құны – 70 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 2030 жылы аяқталады деп жоспарланған.Айта кетейік, өңірдегі «А» санатты қоймалардың саны соңғы үш жылда 44 есе артқан. Жыл соңына дейін Іле және Қарасай аудандарында дәл осындай 3 жаңа кешен іске қосылмақ. Бұл өңірдің ғана емес еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын жақсартуға және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1259678?lang=ru
Федоров ауданының 2 ауылы көгілдір отынға қосылды 17.07.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Федоров ауданына жұмыс сапарымен барды.Бұған дейін аудандағы 44 елді мекеннің 5-еуі ғана табиғи газға қосылған еді. Енді Лесное және Березов ауылдарының тұрғындарына көгілдір отын берілді. Осылайша, ауданда газбен қамтылған ауылдар саны 7-ге жетіп, газдандыру деңгейі 36%-ті құрады.«Федоров ауданы әкімдігі мен «Капитал Партнерс Астана» ЖШС арасында жасалған меморандум аясында кәсіпорын қаражаты есебінен Пешков және Владыкин ауылдарына газ құбырларын тарту жоспарланған. Тағы 18 ауылда магистральдық және газ тарату желілерінің жобалау жұмыстары қолға алынды», – деді облыс басшысы.Бұдан бөлек, аудандағы барлық 44 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткішке 2025 жылы Лесное, Березов және Новошумное ауылдарында су құбырының салынуы нәтижесінде қол жеткізілді.«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кәсіпорындардың қолдауымен аудан бойынша 3 хоккей корты мен 4 балалар ойын алаңы орнатылды, сондай-ақ саябақтар мен скверлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.Лесное ауылындағы «Бек+» ЖШС әлеуметтік жауапкершілік аясында 4 тұрғын үй салып, 2 пәтерлі және 4 пәтерлі баспананы қалпына келтірді. Биыл кәсіпорын балалар ойын алаңын орнатуда. Инвестиция көлемі – 17,3 млн теңге.Биылғы жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша Федоров ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты оң өсімді көрсетіп келеді.Аймақ басшысы аудан халқымен кездесу өткізіп, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Тұрғындардың сауалына жауап берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1259586?lang=ru
Қазақстан Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуды қолдайтынын растады 17.07.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Саясат және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» жоғары деңгейдегі диалогының 13-отырысына қатысты.ЕО делегациясын Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Олоф Скуг басқарды.Кездесу барысында өңіраралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, оның ішінде Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы бағдарламалық қызметі жөнінде мазмұнды пікір алмасу өтті. Атап айтқанда, тараптар «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммитінің (Самарқанд қ., 2025 жылғы 3-4 сәуір) және «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» бірлескен Жол картасының (Люксембург қ., 2023 жылғы 23 қазан) қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аудара отырып, талқылады. Сондай-ақ, делегаттар 2026-2027 жылдарға арналған бірлескен халықаралық іс-шаралардың кестесін қарастырды.Қазақ дипломаты өңірдегі ахуал, ҚР ұлттық және өңірлік деңгейлерде тұрақтылық пен орнықты дамуды қолдау бағытында қабылдап жатқан шаралары туралы ақпарат беріп, саясат, экономика және қауіпсіздік салаларындағы өңіраралық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту жөнінде бірқатар сындарлы ұсыныстар енгізді.Қатысушылар шекараларды басқару, терроризм мен экстремизмге, есірткінің заңсыз айналымына байланысты өңірлік сын-қатерлер мен қауіптерге ден қою, сондай-ақ, құқық қорғау органдары арасындағы ведомствоаралық ынтымақтастықты кеңейту салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға ортақ мүдделіліктерін растады.Іс-шара аясында А. Исетов пен О. Скугтың екіжақты кездесуі өтті. Онда Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары талқыланды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 22-23 маусымда Брюссельге жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды практикалық тұрғыдан іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.Брюссельдегі кеңес қорытындысы бойынша тараптар сенім мен тең құқықты әріптестік қағидаттары негізінде Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ортақ бейілділіктерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1259350?lang=ru
Қазақстан СІМ мен ЕҚДБ климаттық және инвестициялық жобаларды іске асырудағы стратегиялық әріптестікті нығайтуда 16.07.2026
Қазақстан Республикасы (ҚР) Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Климаттық стратегия және іске асыру департаментінің директоры – Тұрақты инфрақұрылым бағытының жетекшісі Фелисити Спорс бастаған делегациямен кездесу өткізді.Кездесу барысында тараптар ҚР мен ЕҚДБ арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ тұрақты даму, «жасыл» қаржыландыру, энергетикалық көшу, көлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру және жеке секторды қолдау салаларындағы бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады.Кездесуде ҚР-дың әділетті энергетикалық көшу жөніндегі ұлттық инвестициялық платформасы – QaJET жобасына ерекше назар аударылды. Аталған бастаманы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында ұсынған болатын. ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен ЕҚДБ қолдауымен іске асырылып жатқан Платформаны одан әрі дамыту жөніндегі қадамдар, оның ішінде COP31 Конференциясы аясында ү.ж. қарашада Анталия қаласында ресми іске қосуға дайындықты, сондай-ақ халықаралық климаттық және инвестициялық қаржыландыруды тарту мәселелері қарастырылды.Е.Ашықбаев Қазақстанның ЕҚДБ-мен стратегиялық әріптестікке ерекше мән беретінін және Банктің ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан экономикалық реформаларды ілгерілетуге, сондай-ақ ұлттық климаттық күн тәртібін қолдауға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті.Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары ҚР Сыртқы істер министрлігінің QaJET платформасын халықаралық деңгейде ілгерілетуге, оның ішінде халықаралық қаржы институттарымен, серіктес мемлекеттермен, климаттық қорлармен және басқа да мүдделі тараптармен өзара іс-қимылды дамытуға жан-жақты дипломатиялық қолдау көрсетуге дайын екенін растады.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға және тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мен Қазақстанның климаттық мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға өзара мүдделілігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1259249?lang=ru
Berglandmilch пен Desserta Hellas Қазақстанда сүт өнімдерін өндіруді жергіліктендіру мүмкіндігін қарастыруда 16.07.2026
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Австрияның Berglandmilch сүт кооперативі мен Грекияның Desserta Hellas компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуге Қазақстанның Грекиядағы елшісі Тимур Сұлтанғожин де қатысты.Кездесу барысында тараптар Қазақстанда сүт өнімдерін өндіру жобасын іске асыру перспективаларын талқылады. Жоба Қазақстан мен Грекия арасындағы екіжақты инвестициялық ынтымақтастық аясында пысықталуда. Оны іске асырудың түрлі форматтары қарастырылуда: жеке өндіріс орнын ашудан бастап қазақстандық серіктестермен бірлескен кәсіпорын құруға дейін, сондай-ақ өнімді дистрибуциялаудан оны Қазақстанда кезең-кезеңімен жергілікті жерде өндіруге көшу мүмкіндігі зерделенуде.Тараптар сүтті қайта өңдеуді жергіліктендіру, ірімшік пен йогурт өндірісін дамыту, сүт жинау жүйесін және салқындату логистикасын жетілдіру, сондай-ақ озық технологияларды енгізу мен еуропалық сапа стандарттарын қолдану мәселелеріне ерекше назар аударды.«Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тамақ өңдеу өнеркәсібін жаңғыртуға басымдық береді. Berglandmilch пен Desserta Hellas секілді тәжірибелі еуропалық серіктестермен ынтымақтастықты дамыту үшін зор әлеует бар деп санаймыз. Қазақстан тек өткізу нарығы ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ және Қытай нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін өндірістік-экспорттық алаңға айнала алады», – деді Әлібек Қуантыров.Қазақстанның Грекиядағы Елшілігі мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырылған сапар аясында делегация ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровпен, «Бәйтерек» ҰБХ, «Атамекен», ҚР ҰҚП және QAZAQ SUT сүтті және аралас тұқымды ірі қара мал республикалық палатасының өкілдерімен кездесулер өткізді. Сондай-ақ делегация Ақмола облысындағы «Астана Өнім» АҚ-ның шаруашылығына барды.Инвесторларға мемлекеттік қолдау шараларын, өндірісті орналастыруға болатын ықтимал алаңдарды және жергілікті серіктестерді қамтитын жобаны «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу тетіктері таныстырылды. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ жобаны оны іске асырудың барлық кезеңінде жан-жақты сүйемелдеуге дайын.Berglandmilch – шамамен 11 мың фермерлік шаруашылықты біріктіретін Австриядағы ең ірі сүт кооперативі. Кооператив жыл сайын 1,3 млрд литрге жуық сүт өңдеп, өнімін әлемнің 50 еліне экспорттайды.Desserta Hellas – кооперативтің Грекиядағы, Кипрдегі және Балқан өңіріндегі эксклюзивті серіктесі. Компания 2024 жылдан бастап өз ірімшік өндірісін дамытуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1259247?lang=ru
Дәрігерлер мен синоптиктер Алматы облысының тұрғындарын аптап ыстықта сақ болуға шақырады 16.07.2026
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері Алматы облысында аптап ыстық сақталады. Өңірдің кейбір аудандарында ауа температурасы +43 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Осыған байланысты мамандар тұрғындарға сағат 11:00 мен 17:00 аралығында тікелей күн сәулесінің астында ұзақ уақыт болмауға, жеткілікті мөлшерде су ішуге, жеңіл әрі ашық түсті киім киіп, бас киімсіз жүрмеуге, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға, сондай-ақ ауа райы болжамдары мен ескертулерді тұрақты түрде бақылап отыруға кеңес береді.Дәрігерлер егде жастағы азаматтарға, балаларға, жүкті әйелдерге және жүрек-қан тамырлары мен созылмалы аурулары бар адамдарға ерекше сақ болуды сұрайды. Қатты әлсіздік, бас айналу, бас ауруы, тыныс алудың қиындауы немесе есінен тану белгілері байқалған жағдайда, дереу медициналық көмекке жүгіну немесе 103 нөмірі арқылы жедел жәрдем шақыру қажет екенін ескертеді.Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 13 маусымнан бері, яғни аптап ыстық басталғалы, өңірдегі медициналық ұйымдарға 1 488 адам жүгінген. Олардың 367-сі ауруханаға жатқызылса, 471 тұрғынға мобильді медициналық бригадалар үй жағдайында көмек көрсеткен. Тағы 650 адам емханаларда медициналық көмек алды. Медициналық көмекке жүгінудің негізгі себептері ретінде бас айналу, бас ауруы, артериялық қан қысымының жоғарылауы, ентігу, мұрыннан қан кету, жалпы әлсіздік пен жоғары ауа температурасының әсерінен денсаулық жағдайының нашарлауы тіркелген.Дәрігерлердің айтуынша, қарапайым сақтық шараларын ұстану аптап ыстықты жеңіл өткізіп, күн өтуінің алдын алуға көмектеседі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1259138?lang=ru
Алматы облысында жылына 10 мың тонна металл конструкциясы мен 300 мың текше метр бетон өндіретін ірі зауыт іске қосылды 16.07.2026
Алматы облысында металл конструкциялары мен тауарлық бетон өндіретін «Almaty W. S.» ірі зауыты ашылды. Кәсіпорында жылына 10 мың тонна металл конструкциясы, 300 мың текше метр тауарлық бетон, дәл осындай көлемде сэндвич-панель мен профнастил, 10 мың дана модульдік ғимарат мен контейнер, 40 миллион цемент блогы мен тротуар плиткасы, сондай-ақ терезелер мен есіктер өндіріледі. Жобаға 4,7 млрд теңге инвестиция салынды. Қазіргі таңда кәсіпорында 80-нен астам адам еңбек етеді. Оның 50-і жергілікті тұрғындар болса, ал 20-дан астамы – өндіріс технологиясын үйрететін жетекші мамандар, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Қарасай ауданы Әйтей ауылдық округінің аумағында бой көтерген кәсіпорын өнімдерінің 60 пайызы Алматы қаласы мен облысында сатылады. Қалған 40 пайызы Шымкент қаласына және еліміздің батыс өңірлеріне жөнелтіледі. Болашақта өнімдерді экспортқа шығару да жоспарланған. Қазірдің өзінде көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан тапсырыстар түсе бастаған. Бұл зауыт өнімдерінің қаншалықты сұранысқа ие екенін көрсетеді.Зауыттың жалпы аумағы – 3 гектар. Компания кез келген күрделіліктегі металл конструкцияларын жобалау, өндіру және монтаждаумен айналысады. Сонымен қатар мұнда жұмыстың толық өндірістік циклі жолға қойылған.Дәстүрлі монолитті құрылыс әдісімен салыстырғанда зауыттық модульдер мен металл қаңқаларды пайдалану өндіріс ғимаратын салу мерзімін айтарлықтай қысқартады. Бұған қоса, металл конструкцияларын болтты қосылыстар арқылы құрастыру оларды оңай бөлшектеп, қажет болған жағдайда басқа орынға тасымалдауға мүмкіндік береді.Жоба Қытай инвесторларының қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Өндіріс орнының салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған зауыттың негізін қалаушы Тивэй Жу Қазақстан экономикасының қарқынды дамуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған тиімді инвестициялық саясаттың зор ықпал етіп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл жоба да мемлекет қолдауының арқасында табысты жүзеге асқан. Ол жаңа кәсіпорынның іске қосылуы тың мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, компания ұжымы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстан экономикасының дамуына өз үлесін қосуға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Әдіс Сейдақматов та жиналған қауымды жаңа өндіріс орнының ашылуымен құттықтады. Ол аудан басшылығы инвесторларға маңызды жобаларды жүзеге асыру барысында әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.Дәстүр бойынша игі бастамаға Әйтей ауылдық округінің қадірлі ақсақалы ақ батасын берді. Одан кейін кәсіпорынның лентасы салтанатты түрде қиылды. Шараға келген қонақтар өндіріс цехтарын аралап, технологиялық үдерістің ерекшелігімен танысты.Аталған нысандағы құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурыз айында басталып, сол жылдың желтоқсанында аяқталды. Осы кезеңде өндіріс те іске қосылды. Содан бері кәсіпорында 200 мың текше метр бетон мен 6 мың тонна металл конструкциялары өндірілді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 10 мың тонна металл конструкциясы мен 300 мың текше метр бетон өндіруге мүмкіндік береді. Осы көрсеткіш негізінде кәсіпорын Алматы қаласы мен Алматы облысындағы ең ірі өндіріс орны саналады.Алдағы уақытта жаңа, сұранысқа ие өндіріс бағыттарын игеру жоспарланып отыр. Бұл қосымша жұмыс орындарының ашылуына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1258662?lang=ru
Қостанай ауданында жаңа өрт сөндіру бөлімі пайдалануға берілді 16.07.2026
Қостанай ауданында төтенше жағдайларға ден қою жүйесін күшейтуге бағытталған тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Тобыл қаласы маңындағы қарқынды дамып келе жатқан «Астана» және «Бәйтерек» шағын аудандарының аумағында жаңа №28 өрт сөндіру бөлімі салтанатты түрде ашылды.Заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа өрт сөндіру бөлімі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыруға және өңірдегі азаматтық қорғау жүйесінің әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Болашақта халық саны 60 мыңнан асатын жаңа тұрғын алаптарына қызмет көрсететін бөлім жақын маңдағы елді мекендер мен әлеуметтік және өндірістік нысандарды қамтиды.Облыстың өрт сөндіру бөлімдерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында жаңа арнайы техникалардың кілттері табысталды. Жалпы облыстың бірнеше өрт сөндіру бөліміне заманауи 12 арнайы автокөлік берілді. Оның ішінде жаңадан ашылған №28 өрт сөндіру бөлімі де жаңа техникамен қамтамасыз етілді.Өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтық қорғау қызметін дамыту бағытында соңғы жылдары ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соңғы үш жыл ішінде бұл салаға 3 миллиард теңге бөлініп, өрт сөндіру бөлімдері мен құтқару бекеттері жаңғыртылды, ондаған арнайы техника мен қызметтік автокөлік сатып алынды. Биылғы жылы аталған мақсаттарға 1,4 миллиард теңге бағытталды. Сонымен қатар мекемелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуын күшейтуге шамамен 8 миллиард теңге инвестиция тартылып, өңірдің орман және өрт қауіпсіздігі қызметтері жаңа техникамен толықтырылды.Жаңа өрт сөндіру бөлімінің іске қосылуы жақын маңдағы елді мекендерде, әлеуметтік нысандар мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жедел жою мүмкіндігін арттырады. Сондай-ақ өрттен келетін экологиялық және экономикалық шығындарды азайтуға, азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғау деңгейін көтеруге ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1258194?lang=ru
515 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӨНІМДЕРІ ӘЛЕМНІҢ 61 ЕЛІНЕ ЭКСПОРТТАЛАДЫ 16.07.2026
Алматы облысында өндірілген өнімдер әлемнің 61 еліне экспортталады. Өңірдегі 49 кәсіпорын шетел нарығына өнім шығарып, соңғы үш жылда экспорт көлемін 1,1 млрд АҚШ долларына (шамамен 515 млрд теңге) жеткізген.Экспорт географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Бүгінде облыс кәсіпорындары өнімдерін тек көрші елдерге емес, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Ирак, Пәкістан, Германия, Польша, Румыния және Болгарияға экспорттайды. Соңғы үш жылда шалғай мемлекеттерге экспорт көлемі 2,1 есе өсіп, 291,7 млн АҚШ долларын құрады.Алматы облысының негізгі сауда серіктестерінің бірі – Өзбекстан. Соңғы үш жылда бұл елге экспорт көлемі 110 млн АҚШ долларынан 203 млн АҚШ долларына дейін ұлғайған. Көрші мемлекетке негізінен ұн, сүт және фармацевтикалық өнімдер жеткізіледі.Өңір экспортының 60 пайыздан астамын ауыл шаруашылығы өнімдері мен оларды қайта өңдеу арқылы өндірілген тауарлар құрайды. Сонымен қатар құрылыс материалдары, химия өнеркәсібі, фармацевтика және темекі өнімдері де сыртқы нарыққа шығарылады.Ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішінде ет, құс еті, жеміс-жидек, көкөніс, сүт өнімдері мен сусындарға сұраныс жоғары. Ал көкөніс шырындарын экспорттау бойынша Алматы облысы республикада көш бастап тұр.Алматы облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбол Рақымбаевтың айтуынша, өндірісті жаңғырту, инвестиция тарту және бизнесті қолдау шаралары өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, жаңа нарықтарға шығуына жол ашып отыр.«Алматы облысы Қазақстанның ірі экспорттық және логистикалық орталықтарының біріне айналып келеді. Бұл нәтижеге азық-түлік өнеркәсібі, фармацевтика және агроөнімдерді қайта өңдеу салаларындағы кәсіпорындардың өндірістік қуатының артуы ықпал етті. Сонымен қатар өңірдің көлік-логистикалық әлеуеті де экспорттың дамуына оң серпін беріп отыр. Қытай – Еуропа халықаралық көлік дәлізі, Үлкен Алматы айналма автожолы, заманауи логистикалық хабтар мен қоймалар жергілікті кәсіпорындарға өнімдерін сыртқы нарықтарға жылдам жеткізуге мүмкіндік береді. Соның арқасында облыс кәсіпорындары жаңа нарықтарға шығып, экспорт көлемін ұлғайтып келеді», – деді Айбол Рақымбаев.Өңірдегі кәсіпорындардың жетістіктері экспорт көлемінің тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді. Мәселен, Shin-Line компаниясы өткен жылы Қытайға, Сауд Арабиясына және ТМД елдеріне рекордтық көлемде – 15 мың тонна балмұздақ экспорттады. Fruit Art пен LST AGRO кәсіпорындарында өндірілетін қызанақ пен сублимацияланған өнімдердің 90 пайызы Ресейдің ірі сауда желілеріне жөнелтіледі. Ал RG Brands Kazakhstan компаниясы шырын, сусын және шай өнімдерін экспорттау арқылы жыл сайын шамамен 60 млн АҚШ доллары көлемінде табыс табады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1258043?lang=ru
Облыста орман өртінің орташа ауданы 2,5 есеге қысқарған 16.07.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен орман алқаптарындағы өрт қаупі жағдайы жөнінде аймақ әкімдігінің отырысы өтті.Мемлекет басшысы орман алқаптарын кеңейтуді және оларды қорғауды жалпыұлттық басымдықтардың бірі ретінде айқындады.Облысымызда орман күзетінің кадрлық құрамы күшейтілді. Үш жыл бұрын орман шаруашылығы мекемелерінде 825 адам жұмыс істесе, бүгінде олардың саны 1 242 адамға жетті.«Соңғы үш жылда орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға шамамен 8 млрд теңге бағытталды. Осы қаражатқа 51 өрт сөндіру автокөлігі, 86 трактор, 36 орман өртін сөндіру кешені және 78 патрульдік техника сатып алынды. Нәтижесінде орман мекемелерінің техникамен қамтылу деңгейі 90%-ке жетті. Оның ішінде өрт сөндіру автокөліктерімен қамтылу көрсеткіші – 100%», – деді облыс әкімі.2025 жылы Әулиекөл ауданында соңғы 30 жылда алғаш рет биіктігі 35 метрлік өртті бақылау мұнарасы салынды. Алдағы үш жылда тағы 20 мұнара орнатылады. 2028 жылдың соңына дейін облыстың орман алқаптары 100% мұнарамен қамтылады.Бүгінде орман алқаптары 70%-ін қамтитын 40 бейнебақылау камерасы бар. 2022 жылы небәрі 8 камера ғана жұмыс істеді.Қабылданған шаралардың нәтижесінде бір орман өртінің орташа ауданы 2,5 есеге қысқарып, 11,4 гектардан 2025 жылы 4,6 гектарға дейін төмендеді. Ал биыл бұл көрсеткіш 1,5 гектарды құрап отыр.Орман өрттерінің орташа ауданының азаюының арқасында бір өрттен келетін орташа материалдық залал да едәуір төмендеді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 11 есеге қысқарып, 849,1 мың теңгеден 73,2 мың теңгеге дейін азайды.Облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес, өрт қаупінің 4-ші немесе 5-ші деңгейі жарияланған кезде азаматтардың орманға баруына шектеу қойылады, ауыл шаруашылығы және жүк көліктерінің орманға кіруіне, өрт шығу қаупін арттыратын жекелеген жұмыс түрлерін жүргізуге тыйым салынады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1257893?lang=ru
Шомылу маусымы қауіпсіз өтуі тиіс 16.07.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен жазғы маусымда судағы қауіпсіздік мәселесі жөнінде аймақ әкімдігінің отырысы өтті.Бүгінде өңір аумағында шомылуға арналған 23 ресми орын белгіленген. Судағы қайғылы оқиғалардың негізгі себептері – ата-аналардың балаларды тиісті деңгейде бақыламауы, алкогольдік масаң күйде суға түсу және өз мүмкіндігін асыра бағалау. Балалар міндетті түрде ата-анасының немесе ересектердің бақылауымен ғана шомылуы тиіс. Егер кәмелетке толмаған баланың ересектердің қарауынсыз су айдынының маңында жүргені анықталса, оның ата-анасы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.«Жаз – демалыс уақыты ғана емес, сонымен қатар ересектер үшін жауапкершілігі жоғары кезең. Балалардың өмірі мен денсаулығы ең алдымен ата-аналарға байланысты. Облыс аумағында тыйым салатын тағы 217 ескерту белгісін орнату қажет. Біздің міндетіміз – осы белгілерді орнату арқылы тұрғындарды қауіп туралы ескерту. Алайда әр азамат өз өмірі мен қауіпсіздігіне өзі жауапты», – деді аймақ басшысы.Қазіргі уақытта құтқару қызметіне қарасты 35 автокөлік, 21 жүзу құралы, 30 суасты сүңгуір жабдығы, 97 байланыс құралы, 30 бірлік құтқару жабдығы бар. Қостанай қаласы Тобыл өзенінің жағалауындағы су-құтқару станциясының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді.«Біздің ортақ негізгі мақсатымыз – табиғат аясындағы қауіпсіз демалыс мәдениетін қалыптастыру және су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың санын азайту», – деп атап өтті облыс әкімі.Аймақ басшысы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мүдделі органдарға қауіпсіздік талаптары жұмыстарын жүргізуді тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1257880?lang=ru
Қостанай облысында өңірлік форсайт орталығы ашылды 15.07.2026
Қостанай қаласында ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығын нығайтуға бағытталған маңызды жоба – өңірлік форсайт орталығының ресми ашылу рәсімі өтті. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымды өңірлік деңгейде дамыту және оны экономиканың нақты секторымен ықпалдастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Президент жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен жүзеге асырылды.Іс-шара А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Smart-орталығында ұйымдастырылып, оған Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдардың, ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының және бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.Өңірлік форсайт орталығы ғылым, бизнес және мемлекеттік сектор арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз ететін алаң ретінде құрылды. Оның негізгі мақсаты – өңір кәсіпорындарының технологиялық қажеттіліктерін айқындап, ғылыми әлеуетті нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағыттау, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің нәтижелерін экономиканың нақты секторына енгізу тетіктерін жетілдіру.Форсайт-сессия барысында елімізде ғылымды басқарудың жаңа тәсілдері таныстырылып, өңірлердің ерекшеліктеріне негізделген ғылыми-техникалық міндеттерді қалыптастыру тетіктері талқыланды. Сонымен қатар өңірлік деңгейде ғылыми жобаларды іріктеу мен қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етуге арналған әдістемелік құралдар ұсынылды.Жиын барысында Қостанай облысында ғылым мен инновацияларды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды. Бүгінде облыста ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңес жұмыс істейді. Ұлттық ғылым академиясының ұсыныстары негізінде ғылымды дамытудың бес басым бағыты айқындалған. Олар – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, минералдық шикізатты қайта өңдеу және қалдықтарды кәдеге жарату, машина жасаудағы зияткерлік жүйелерді дамыту, ақпараттық технологиялар мен өнеркәсіпті цифрландыру.Сонымен қатар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығыстардың нысаналы көрсеткіші Қостанай облысының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілген. Қазіргі таңда өңірдің жоғары оқу орындары өндіріс орындарымен бірлесіп жалпы құны 5,5 миллиард теңгеден асатын сегіз ғылыми жобаны жүзеге асырып келеді.Форсайт-сессия аясында өңірдің жетекші өнеркәсіп кәсіпорындары өздерінің өндірістік міндеттері мен технологиялық сұраныстарын таныстырды. Атап айтқанда, тау-кен өндірісіндегі инновациялық шешімдер, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру тетіктері, көміртекті егіншілікті дамыту, цифрлық агротехнологияларды енгізу, сондай-ақ өсімдік негізіндегі құрғақ сүт алмастырғышын өндіріске енгізу жобалары талқыланды.Іс-шараның екінші бөлігінде жергілікті атқарушы органдар мен бизнес өкілдеріне арналған оқыту семинары ұйымдастырылды. Семинар барысында жергілікті бюджет қаражаты есебінен ғылыми гранттарды бөлу тәртібі, конкурстық рәсімдерді өткізу ерекшеліктері және ғылымды қаржыландыруға қатысты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мәселелері қарастырылды.Өңірлік форсайт орталығының ашылуы Қостанай облысында ғылым мен инновациялық қызметті жаңа деңгейге көтеруге, ғылыми әзірлемелерді өндіріске тиімді енгізуге және өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1257687?lang=ru
Қазақстан мен Қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту бағытын жалғастыруда 15.07.2026
Бейжің, 2026 жылғы 13 шілде – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың Қытай Халық Республикасына сапары аясында Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван Имен келіссөздер өтті.Е. Көшербаев қытайлық тарапты Қытай Коммунистік партиясының 105 жылдығымен және Қытай Халық Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының Он бесінші бесжылдық жоспарын табысты іске асырудың басталуымен құттықтады. Сондай-ақ әріптесін Қазақстандағы институционалдық реформалардың жаңа кезеңі туралы хабардар етіп, ү.ж. 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияның күшіне енгенін атап өтті. Жүргізіліп жатқан реформалардың заң үстемдігін одан әрі нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасауға бағытталғаны ерекше назар аударылды.Тараптар мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйін және екі мемлекет басшыларының кездесулері қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын қанағаттанушылықпен атап өтті.«Соңғы кездесуімізден бері Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар жоғары серпінін сақтап, екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша тұрақты түрде дамып келеді», – деп айтып өтті Е. Көшербаев.Өз кезегінде, Ван И Қытай Қазақстанды өзінің негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде әрдайым қарастыратынын және екі ел көшбасшылары арасындағы сенімді диалог екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың берік негізі екенін баса айтты.ҚР СІМ басшысы Қазақстан мен Қытай мемлекет басшылары қойған өзара сауда көлемін екі есеге арттыру міндетін дәйекті түрде жүзеге асырып келе жатқанын айтты. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі екені және 2025 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы рекордтық деңгейге – 48,7 млрд АҚШ долларына жеткені атап өтілді.Технологиялық ынтымақтастық пен жасанды интеллект мәселелеріне ерекше назар аударылды. Шанхайда өтетін Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы қарсаңында Ермек Көшербаев қытайлық тараптың форумды ұйымдастырудағы күш-жігерін, сондай-ақ Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік ынтымақтастық ұйымының құру бастамасын жоғары бағалады.Министрлер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, «Орталық Азия-Қытай» форматы және басқа да халықаралық құрылымдар шеңберіндегі тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға бейілділіктерін растады.Тараптар жоғары деңгейде өтетін алдағы іс-шаралардың кестесін талқылап, стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстанның аталған ұйымға қосылуын көздейтін Медиация жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы конвенцияға қол қойды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1257443?lang=ru
ҚР СІМ-де дипломатиялық миссиясы аяқталатын Оман Елшісін қабылдады 15.07.2026
Астана, 2026 жылғы 13 шілде – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Қазақстандағы Оман Сұлтандығының Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхаммед Әл-Бахраниді дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай қабылдады.Сыртқы істер министрінің орынбасары Қазақстан мен Оман арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, өзара тиімді серіктестікті нығайтуға қосқан үлесі үшін М. Әл-Бахраниге ризашылығын білдірді.Өз кезегінде, Оман дипломаты Қазақстанда қызмет атқару барысында жинақтаған тәжірибесін ерекше атап өтіп, достық пен өзара түсіністікке негізделген екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.Кездесу соңында Оман Елшісіне Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың алғыс хаты табысталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1257425?lang=ru
Алматы облысында 65 мыңнан астам тұрғынға қызмет ететін жаңа өрт сөндіру депосы ашылды 15.07.2026
Алматы облысының Талғар қаласында №17 өрт сөндіру депосы ел игілігіне берілді. Заманауи нысан 65 мыңнан астам тұрғынды өрттен қорғауға мүмкіндік береді. Ғимарат халықаралық талаптарға толығымен сай келеді. Мұнда арнайы техникаларға арналған кең көлікжай, жөндеу шеберханалары, оқу сыныптары, спортпен шұғылдануға арналған бөлмелер, демалыс орындары және соңғы үлгідегі радиобайланыс пункті қарастырылған. Сонымен қатар қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөлініп, депо аумағында өрт сөндірушілерге арналған төрт қызметтік пәтер бой көтерген, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Салтанатты рәсімге ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Дәурен Оразбеков, ардагерлер мен аудан тұрғындары қатысты.Алғашқы құттықтау сөз Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновке берілді. Министр жаңа депоның өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызына тоқталды.«Бүгін біз жай ғана жаңа өрт сөндіру нысанын ашып отырған жоқпыз. Бұл – дер кезінде жүзеге асқан маңызды жоба. Бұрынғы ғимарат әбден тозып, қазіргі заман талабына сай келмейтін еді. Ал Талғар қаласы бүгінде қарқынды дамып, халық саны жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар елді мекендер арасындағы қашықтық пен жол ұзындығы өрт сөндіру қызметінің жедел әрекет етуіне қосымша қиындық туғызатын. Сондықтан бұл депоның пайдалануға берілуі өрт сөндіру жасақтарының оқиға орнына жету уақытын едәуір қысқартады. Ал төтенше жағдайда әрбір секундтың маңызы зор», – деді Шыңғыс Сайранұлы.Министрдің айтуынша, нысанның орналасқан орны мамандардың жан-жақты сараптамасы негізінде таңдалған. Жоба небәрі 100 күнде жүзеге асырылып, оның жалпы құны шамамен 350 миллион теңгені құрады. Құрылыс республикалық бюджет есебінен қаржыландырылды. Нысан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен және Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен салынды. Дәл осындай өрт сөндіру бекеті Кеген ауданында және Шыңгелді ауылында пайдалануға берілген. Алдағы уақытта мұндай нысан Шелек ауылында да салынады. Сонымен қатар Қарасай, Еңбекшіқазақ және Іле аудандарында да жаңа өрт сөндіру бөлімдерін кезең-кезеңімен ашу жоспарланып отыр.Салтанатты рәсім барысында Шыңғыс Әрінов жаңа депоның құрылысына үлес қосқан азаматтарға ведомстволық марапаттарды табыстады. Сондай-ақ «Toyota Hilux» және АЦ-5-40 КамАЗ арнайы техникаларының кілтін тарту етті. Бірқатар өрт сөндірушіге қызметтік пәтердің кілттері берілді. Ал жаңа өрт сөндіру депосының кілті аға лейтенант Ришат Рахимовқа табысталды.Шара барысында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев заманауи үлгіде бой көтерген бұл депо өрт сөндірушілердің еңбек жағдайын жақсартып, олардың кәсіби шеберлігін шыңдауға жол ашатынын айтты.«Төтенше жағдайлар қызметі – мемлекетіміздің берік қалқаны, ал құтқарушылар – еліміздің нағыз бейбіт күндегі батырлары. Өрт сөндіруші мамандығы тек кәсіби дағдыны ғана емес, ержүректілікті және Отанға деген шексіз адалдықты талап етеді. Сондықтан да Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен құтқарушыларымызға қолайлы жағдай жасау, оларды заманауи техникамен және сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар елімізде жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы орайда, материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстары тек бір ауданмен шектелмейтінін атап өткен жөн. Биылдың өзінде Нарынқол және Кеген ауылдарында, Талғар ауданының Жаңалық, Нұра ауылдарында заманауи модульдік өрт сөндіру депосының құрылысы сәтті аяқталып, ел игілігіне берілді. Мұның бәрі – халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан нақты қадамдар», – деді облыс әкімі. Сондай-ақ бірқатар қызметкерге Алғыс хат пен жаңа техникалардың кілтін табыс етті.Жалпы ауданы 1154 шаршы метр болатын жаңа депо модульдік технология бойынша салынған. Ғимарат кеңейтуге қолайлы әрі тез құрастырылатын конструкциялармен жабдықталған. Мұнда заманауи байланыс және диспетчерлік жүйелер орнатылған, демалыс, киім ауыстыру, оқу-жаттығу және жеке құрамның даярлығына арналған бөлмелер қарастырылған.Депода 18 қызметкер тәулік бойы кезекшілік атқарады. Олардың қарамағында төрт өрт сөндіру автокөлігі және жедел әрекет етуге арналған Toyota Hilux автокөлігі бар.Салтанатты шара барысында жаңа ғимараттың қызыл лентасы қиылып, ақсақал ақ батасын беріп, дәстүрлі түрде шашу шашылды. Одан кейін қонақтар өрт сөндіру депосын аралап, оның материалдық-техникалық базасымен танысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1256914?lang=ru
Халықтық Конституция: сенімді болашақтың бастауы 15.07.2026
Қостанайда «Халықтық Конституция: сенімді болашақтың бастауы» ғылыми конференциясы өтті. Жиынға облыс әкімі Құмар Ақсақалов, Конституциялық комиссияның мүшелері Үнзила Шапақ, Мәди Мырзағараев, Сайлаубек Ещанов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі VII - VIII шақырылымының депутаты Екатерина Смышляева, мемлекеттік органдардың, сараптамалық және ғылыми қауымдастықтың, азаматтық қоғам институттарының, этномәдени бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.Бүгінгі кездесу еліміз үшін қоғамдық-саяси жаңғырудың маңызды кезеңінде өтіп отыр. Өздеріңізге мәлім, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан өзінің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Жаңа Конституцияның қабылдануы - мемлекетіміздің тарихындағы шын мәнінде тарихи оқиға. Бұл жай ғана маңызды дата емес, бұл -  заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпке, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге, ұлттық құндылықтарды ардақтауға және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке негізделген мемлекетіміздің жаңа тарауының басталуы. Жаңа Конституцияны іске асыру аясында Қазақстан Республикасының Президенті бес дербес конституциялық заңға қол қойды 8 конституциялық заңға және 60-тан астам заңға түзетулер енгізілді, – деді аймақ басшысы.Мемлекет басшысы биылғы жылдың 23 тамызында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын өткізу туралы жариялады. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды саяси науқан. Осыған байланысты Қостанай облысында қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етуге бағытталған кешенді дайындық жұмыстары басталды.Қазақстан Республикасының Конституциясы – елдің негізгі заңы ғана емес, сонымен қатар қоғам өмірінің барлық салаларындағы нақты өзгерістердің берік негізі. Оның қағидаттарының тиімді жүзеге асырылуы әрбір өңірдің дамуына тікелей ықпал етеді. Өйткені экономикалық өсім, тұрақтылық және азаматтардың әл-ауқаты ең алдымен қуатты әрі дамыған өңірлер арқылы қамтамасыз етіледі.«Алдымызда ауқымды әрі маңызды өзгерістер күтіп тұр. Оларды табысты жүзеге асыру уақытты, жүйелі әрі үйлесімді жұмысты, сондай-ақ әрбір азаматтың жоғары жауапкершілігін талап етеді. Өйткені қуатты, әділетті және өркендеген мемлекетке бастар жол Конституцияны құрметтеуден, заңды бұлжытпай сақтаудан және әр азаматтың белсенді азаматтық ұстанымынан басталады», – деп атап өтті облыс әкімі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1256954?lang=ru
Алматы облысында өткен «Хантәңірі қазынасы» этнофестиваліне 25 мыңға жуық қонақ келді 15.07.2026
Шалкөде төрінде өткен Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған «Хантәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалі өз мәресіне жетті. Мерекеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелдерден келген 25 мыңға жуық қонақ қатысты. Шалкөде жайлауына жиналған қауым ауданның терең тарихымен, агроөнеркәсіптік, туристік әлеуетімен тереңірек танысып, тұмса табиғаттың тылсым сырына қанықты. Әсіресе «Жолан жүйрігі» республикалық ат бәйгесі халыққа ерекше әсер сыйлап, шара қорытындысында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар марапатталды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.«Жолан жүйрігінде» еліміздің әр өңірінен және шетелдерден келген таңдаулы шабандоздар бақ сынап, тартысты дода өткізді. Республикалық аламан бәйгеде Қордай ауданынан қатысқан «Ботагөз» тұлпары (иесі – Нұрберген Айсұлтан) мәреге бірінші болып жетті. Топ бәйгеде «Желсұлы» сәйгүлігі (иесі – Нұрсейіт Жылқышабай) топты жарып, нағыз жүйрік атанды. Құнан бәйгеде Қордай ауданынан келген «Қызғалдақ» тұлпары (иесі – Дүйсеғұл әулеті) жеңімпаз болды. Аталған үздіктер «CHANGAN» және «KIA» маркалы автокөліктері мен 2 миллион теңге қаржылай сыйлықты жеңіп алды.Жергілікті шабандоздарға арналған аудандық бәйгелер де көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Онда Райымбек пен Кеген аудандарының сәйгүліктері сынға түсіп, бұл бәйгенің де жеңімпаздары автокөлік иесі атанды. Өзге қатысушылар да сыйлықтан құр қалған жоқ.Додаға қатысқан шабандоздың бірі – Исламәлі Ертөс. «Бұл бәйгеге Ұзынағаш ауылынан арнайы келдім. Шалкөде жайлауын екінші мәрте көріп тұрмын. 4 жыл бұрын дәл осы жайлауда өткен «Жолан жүйрігіне» қатысқан болатынмын. Бәйгеде бәсекеге түсіп жүргеніме бес жылдай уақыт болды. Талай мәрте жеңімпаз да атандық. Дегенмен бүгінгі жеңістің орны тым бөлек. Осындай дүбірлі тойда жүлделі болғаныма қуаныштымын», – деді ол.Мерейтой аясында ұйымдастырылған іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне заманауи цифрлық технологиялар да сеп болды. Алматы облысының Цифрлық технологиялар басқармасы «Freedom Satellite» ЖШС-мен бірлесіп, Шалкөде жайлауында «Starlink спутник интернет жүйесін» іске қосты. Соның нәтижесінде фестиваль қонақтары мен қатысушылары таулы аймақта жоғары жылдамдықты интернетті еркін пайдаланды.Іс-шара аясында сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы ауқымды түрде ұйымдастырылды. Санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында іс-шара өтетін аумақта барлығы 105 биодәретхана және 75 қоқыс контейнері орналастырылды. Тазалық жұмыстарын жүргізуге 3 бірлік арнайы қоқыс тасымалдаушы техника жұмылдырылды. «Таза Қазақстан» акциясына 1000 қап, 1000 қолғап дайындалып, 110 волонтер тартылды, сондай-ақ ауыл тұрғындары, жастар, белсенді азаматтар қатысып, іс-шара өткен аумақтың санитарлық тазалығын қамтамасыз етті. Нәтижесінде 7 тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Іс-шара өткен 116 480 м² аумақта «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын насихаттау мақсатында 20 баннер орналастырылды. Тұзкөл ауылынан іс-шара өтетін орынға дейінгі 28 шақырым жол бойына әр 5 шақырым сайын 8 қоқыс контейнері қойылды. Іс-шара аяқталғаннан кейін барлық контейнерлер мен қалдықтарды уақытша жинау орындарынан барлық қоқыс жиналды. Жиналған қатты тұрмыстық қалдықтар арнайы қоқыс тасымалдаушы техникаларға тиеліп, белгіленген қоқыс полигонына шығарылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1256910?lang=ru
«Хантәңірі қазынасы»: Алматы облысында Райымбек ауданының 90 жылдығына арналған ұлан-асыр той өтіп жатыр 15.07.2026
Шалкөде жайлауында Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған «Хантәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалі басталды. Мерейтой аясында 150-ге жуық ақшаңқан киіз үй тігіліп, түрлі тақырыптар бойынша көрмелер ұйымдастырылды. Онда отандық және халықаралық қолөнершілер мен этнодизайнерлердің, қылқалам шеберлерінің үздік туындылары, ұлттық тағамдар мен ауыл шаруашылығы өнімдері халық назарына ұсынылды. Ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтіп, кіл мықтылар өзара сынға түсуде. Мәдени-көпшілік іс-шараға Қытай, Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь, Армения, Өзбекстан, Грузия елдерінен, Қазақстанның түкпін-түкпірінен қонақтар ағылып келіп, ұлан-асыр тойдың куәсі болуда, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Халықаралық фестивальде Райымбек ауданының тарихи даму жолы мен әлеуметтік-экономикалық жетістіктері таныстырылды. Аумалы-төкпелі заманда елдің қауіпсіздігін күзеткен Райымбек батырдың ерлік істері дәріптелді. Асқар шыңды Хантәңірі баурайынан түлеп ұшқан Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов, Сағат Әшімбаев, Алтынбек Сәрсенбаев және Оразалы Досбосынов сынды біртуар тұлғалардың өнегелі өмір жолы насихатталды. Дала мәдениетін айшықтайтын, қазақ халқының қасиетті «Қарқаралы» жайлау көші көрерменді тарихтың терең қойнауына сапар шектірді. Мәні мен сәні келіскен салтанатты көш көшпелі елдің салт-дәстүрі мен мәдениетінен сыр шертіп, береке мен бірліктің жаршысына айналды. Шетелден келген шеберлердің шеруі де халықтың ерекше назарына ілікті.Шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев та қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.«Райымбек – тарихы терең, ынтымағы жарасқан берекелі өңір. Осы өнегелі өлкеден көптеген тұғырлы тұлғалар шығып, ұлт мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етті. Қазір аудан халқы ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салаларда қажырлы еңбек етіп, туған жерін көркейтуге атсалысып келеді. Сондай-ақ олар ел тағдырына әсер ететін бастамаларды үнемі қолдап, ұйымшылдықтың озық үлгісін танытып жүр. Аудан тұрғындарының жалпыхалықтық референдумға белсене қатысып, Жаңа Конституцияны қолдауы – соның айқын дәлелі. Осы орайда, аймақты дамытуға зор үлес қосқан азаматтардың бәріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздер алдағы уақытта да ел игілігі үшін еңбек ете бересіздер деп сенемін», – делінген құттықтау хатта.Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде құт қонған, ырыс ұялаған Нарынқол өңірі халқымыздың рухани мұрасы мен тарихи жадының ажырамас бөлігі екенін айтты.«Бұл – елі үшін туған Райымбек батырдың, Ұзақ пен Жәмеңкенің ерлігі өрілген киелі мекен. Ұлттық рухтың бесігіне айналған осы топырақтан қазақ мәдениеті мен әдебиетінің талай бірегей тұлғалары түлеп ұшты. Балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуі – осы өңірден шыққан ұлы тұлғалардың мұрасы халықаралық деңгейде мойындалғанының айғағы. Қазақ поэзиясының Хантәңірі Мұқағали Мақатаевтың жырлары – ұлтымыздың сарқылмас асыл қазынасы. Сол ұлылықтың ізін ала, сөз өнерінің туын жықпай ілгері сүйреген сыншы Сағатхан Әшімбаев пен жазушы-драматург Баққожа Мұқай да осы топырақтың перзенттері. Ал айтыс өнерінің айтулы өкілдері Еркін Ібітанов пен Оразалы Досбосынов қазақтың сөз құдіретін асқақтатып, төл өнеріміздің мерейін үстем етті. Мұнымен қоса, бұл құтты мекен ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек еткен, ел басқарған саяси және қоғам қайраткерлерін де дүниеге әкелді. Осындай тау тұлғаларды қалыптастырған Райымбек ауданы – ел руханиятының алтын арқауы болып қала береді», – деді аймақ басшысы.Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық аймақтарды, стратегиялық маңызы жоғары шекаралық өңірлерді дамытуға, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға әрдайым ерекше басымдық беретінін айтып, осы бағытта Райымбек ауданында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Айтуынша, табиғи байлығы мен тарихи мұрасын сақтай отырып, аудан әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне нық қадам басып келеді. Өзінің аграрлық әлеуетімен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, облыс экономикасын өркендетуге зор үлес қосуда. Райымбектің брендіне айналған картоп шаруашылығы мен дәнді-дақылдар өндірісі, мал шаруашылығы – отандық өнімнің алтын стандартына айналып отыр.«Аумақтың туристік әлеуеті де өте жоғары. Хантәңірі шыңы, тұнық Тұзкөл мен Тастау көлдері, Шалкөде жайлауы бұл өлкені еліміздегі ең көркем өңірлердің біріне айналдырды. Осынау қайталанбас табиғат байлығы треккинг, альпинизм, этнотуризм және экологиялық туризмді дамытуға кең жол ашады. Нарынқол өңірінің осынау экологиялық таза туристік мүмкіндіктері алдағы уақытта халықтың әл-ауқатын көтеретін, аймақ экономикасын өрге сүйрейтін негізгі қозғаушы күшке айналуы тиіс», – деді облыс әкімі.Айта кетейік, Райымбек ауданының мерейтойына арналған шаралар легі үш күн бойы Тәңіртау төсін думанға бөлеуде. 90 жылдыққа орай Қарасаз ауылында «Құлмамбеттің құлынын құндақтаған өлке» атты айтыскер ақын Оразалы Досбосыновты еске алуға арналған II республикалық оқушылар айтысы ұйымдастырылды. Нарынқол ауылында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған ақын-жазушылардың қатысуымен ғылыми-танымдық конференция өткізілді. Сондай-ақ аудан орталығында облыс өнерпаздары мен еліміздің танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концерт тұрғындар мен қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Үш күндік думан бүгін Шалкөде жайлауында қорытындыланады. Мерейтой аясында сондай-ақ «Жолан жүйрігі» республикалық ат бәйгесі мен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Бәсекенің жүлдесі де қомақты. Шара қорытындысында табиғаттың тазалығын сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында сенбілік өткізілмек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1256813?lang=ru
Президент Райымбек ауданының тұрғындарын 90 жылдық мерейтойымен құттықтады 15.07.2026
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойына орай тұрғындарға құттықтау жолдады. Оны Шалкөде жайлауында өткен «Хантәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалінің салтанатты ашылуында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жеткізді.Президент құттықтауында осы қасиетті мекеннен ел мүддесіне адал қызмет еткен көптеген көрнекті тұлғалардың шыққанына тоқталып, бүгінде аудан халқы еліміздің ауыл шаруашылығы, туризм және өзге де салаларының дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өткен.«Райымбек – тарихы терең, ынтымағы жарасқан берекелі өңір. Осы өнегелі өлкеден көптеген тұғырлы тұлғалар шығып, ұлт мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етті. Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев және өзге де көрнекі қаламгерлер шоқтығы биік шығармалар жазып, өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық қасиеттерін сіңірді.Қазір аудан халқы ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салаларда қажырлы еңбек етіп, туған жерін көркейтуге атсалысып келеді. Сондай-ақ олар ел тағдырына әсер ететін бастамаларды үнемі қолдап, ұйымшылдықтың озық үлгісін танытып жүр. Аудан тұрғындарының жалпыхалықтық референдумға белсене қатысып, Жаңа Конституцияны қолдауы – соның айқын дәлелі», – делінген құттықтау хатта.Мемлекет басшысы сондай-ақ өңірдің дамуына үлес қосып жүрген барлық азаматқа ризашылығын білдіріп, аудан тұрғындарына бақ-береке, толағай табыс және ел игілігі жолындағы еңбектеріне табыс тілеген.Айта кетейік, Райымбек ауданының 90 жылдығына арналған шаралар легі үш күн бойы жалғасты. Мерейтой аясында ғылыми-танымдық конференциялар, республикалық айтыс пен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Ұлан-асыр той Шалкөде жайлауында «Хантәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалімен қорытындыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1256839?lang=ru