Enbekshi QazaQ

Экономика

Алматы облысында 94 ветеринариялық пункт пен 52 мал қорымы салынады 15.07.2026
Алматы облысында Ветеринария қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтіп, сала мамандарының ерен еңбегі лайықты бағасын алды. Өз ісіне адалдығымен, кәсіби біліктілігімен ерекшеленген бірқатар сала қызметкері марапатталды. Атап айтқанда, үздік мамандарға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, Құрмет грамотасы, Алғыс хаты және облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің «Құрмет» грамотасы табысталды.Мерекелік басқосудың шымылдығын ашқан облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы ветеринария қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, өңірдегі мыңдаған маманның адал еңбегіне өз ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ветеринарияның агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті.«Ветеринар маманы болу терең білім мен жоғары біліктілікті талап етеді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін осы абыройлы кәсіпті адал атқарып, халыққа қауіпсіз өнімнің жетуіне қосып жүрген үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді облыс әкімінің орынбасары.Бақытнұр Бақытұлының айтуынша, бүгінде өңірдің ветеринария саласында 1386 маман еңбек етеді. Олар мал денсаулығын қорғаумен қатар, эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, халықтың азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға өлшеусіз үлес қосуда. Облыс әкімінің орынбасары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің II форумында ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту, материалдық-техникалық базаны нығайту және сала қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту жөнінде нақты міндеттер жүктегенін айтты.Президент тапсырмаларын орындау бағытында өңірімізде де ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, соңғы үш жылдың өзінде өңірде 21 ветеринариялық пункт пен 19 мал қорымы пайдалануға берілді. Ал 2026-2027 жылдары қосымша 94 ветеринариялық пункт және 52 мал қорымын салуға жергілікті бюджеттен 4,1 млрд теңге қарастырылды. Бұл қаржы ветеринариялық нысандарға деген қажеттілікті толық өтеуге мүмкіндік береді. Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында салаға 100 қызметтік автокөлік сатып алынды. Сондай-ақ аса қауіпті 12 жұқпалы ауруға қарсы эпизоотиялық іс-шараларды жүзеге асыру үшін 5 млрд теңге бөлінген. Бұдан бөлек, бюджет қаражаты есебінен 123 млн теңгеге 70 сібір жарасы көміндісі ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкестендірілді.Мерекелік жиында сала ардагері Самғат Сүндетбаев бүгінде мемлекет тарапынан ветеринарияға көрсетіліп отырған қолдаудың ауқымы кеңейіп келе жатқанын ерекше атап өтті.«Ветеринария – халқымыздың әл-ауқаты мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жауапкершілігі жоғары сала. Мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетіліп, мамандарға ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа ветеринариялық пункттер мен мал қорымдары салынып, қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңімен өсіп келеді. Мұның барлығы бұл сала мамандары ел дамуына тікелей қызмет ететінін көрсетеді», – деді ардагер.Осылайша, төрт түліктің саулығын сақтап қана қоймай, тұтас халықтың денсаулығы мен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қорғауда тынбай тер төккен жандар құрметке бөленді. Мерекелік жиын ветеринария қызметінің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте айқындай түсті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1256410?lang=ru
Kazakh Invest пен METLEN Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктерді талқылады 15.07.2026
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров METLEN грек өнеркәсіптік тобының басшылығымен кездесті.Тараптар Қазақстанның инвестициялық ахуалы жөнінде пікір алмасып, ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар металлургия және өнеркәсіп секторларындағы, оның ішінде аса маңызды шикізат, экономикалық цикл мәселелері және алюминийдің өндіру тізбегін дамыту бағытындағы инвестициялық мүмкіндіктер қарастырылды.Аталған сапар «Kazakh Invest» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылып, шетелдік инвесторларға «бір терезе» қағидаты аясында компанияның Қазақстандағы инвестициялық жобаларын одан әрі пысықтау жұмыстары таныстырылды.METLEN компаниясы энергетика және металлургия салаларында қызметін жүзеге асырады, әлемнің 40-тан астам елінде жұмыс істейді және Лондон қор биржасында листингтен өткен.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1256005?lang=ru
Алматы облысында су шаруашылығы қызметкерлері марапатталды 15.07.2026
Бүгін Алматы облысында Су шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ирригациялық жүйелердің үздіксіз жұмысын тәулік бойы қадағалайтын мамандарға құрмет көрсетілді. Іс-шараға сала ардагерлері, «Алматыоблсушар» мекемесінің, Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалының, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының қызметкерлері, сондай-ақ жобалау және құрылыс ұйымдарының өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Жиында облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы құттықтау сөз сөйледі.«Егістік алқаптарының өнімділігі, аграрлық саланың дамуы және халықтың азық-түлік қауіпсіздігі – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің жемісі. Өңірде су қоймалары мен каналдарды жаңғырту, ирригациялық инфрақұрылымды жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар экономиканың өркендеуіне зор үлес қосуда. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!» – деген Бақытнұр Бақытұлы бұл салада қажырлы еңбек етіп жүрген мамандарға мемлекеттік және ведомстволық наградаларды, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды табыстады.Марапатталғандардың бірі – Тасқұтан су көтергіш бөгетінде инженер-гидротехник болып еңбек ететін Абзал Рахымбаев. Ол «Су шаруашылығының үздігі» ведомстволық төсбелгісінің иесі атанды. Осы салада он жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді.«Бұл марапат – тек менің емес, бүкіл ұжымның еңбегінің нәтижесі. Тасқұтан бөгетінде біз суармалы аймақтарға судың уақытылы әрі тұрақты жеткізілуін бақылаймыз. Әрбір литр су диқандар үшін аса маңызды. Сондықтан біздің жұмысымыз үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе суару маусымында демалыс пен мереке деген ұғым болмайды. Бірақ еңбегіңнің арқасында елдің ырысы артып, мол өнім жиналғанын көргенде, мамандығыңның қаншалықты маңызды екенін сезінесің. Барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын», – деді Абзал Рахымбаев.Бүгінде мемлекеттік деңгейде кеңінен талқыланып жатқан су инфрақұрылымын дамыту мен су үнемдеу технологияларын енгізу ісі дәл осындай өз кәсібіне адал мамандардың еңбегі арқылы жүзеге асуда. Ардагерлердің мол тәжірибесі мен жас мамандардың жігері су ресурстарын сақтай отырып, болашаққа нық қадам басуға мүмкіндік беріп келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1255856?lang=ru
Арқалықтағы оң өзгерістер 15.07.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Арқалық қаласына барып, шаһардың 70 жылдығы қарсаңында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Қалада инфрақұрылым, спорт және көлік салаларын дамытуға бағытталған жұмыстар жоспар бойынша жүзеге асырылуда.3 жыл ішінде 138 тұрғын үйдің қасбеті жаңартылды, биыл тағы 50 үйдің сырт келбеті жөнделеді.Теміржол вокзалы жаңғыртылуда. Инженерлік желілер, күту залдары мен кассалық аймақтар, санитариялық жайлар жаңартылып, заманауи қауіпсіздік жүйелері енгізілетін болады.Биыл Арқалықта облыстық жазғы спартакиада өтеді. Жарыстар өтетін басты нысан — «Жігер» стадионы жөнделіп жатыр. Өткен жылы Арқалықта 3 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді.Жабық хоккей корты мен денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр.Арқалық әуежайының құрылысы аяқталуға жақын. Терминал бойынша негізгі құрылыс және инженерлік жұмыстар орындалды. Авариялық-құтқару станциясының, диспетчерлік мұнараның құрылыс жұмыстары жалғасуда. Ұшу-қону жолағында асфальт фрезерлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Автономды қазандық пен сорғы станциясы толығымен орнатылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1255870?lang=ru
Аида Балаева Джеки Чанды Қазақстандағы түсірілімнің басталуымен құттықтады 15.07.2026
Бүгін Алматы қаласында белгілі актер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін Armour of God: Ultimatum («Доспехи бога: Ультиматум») халықаралық көркем фильмінің өндірісін ресми түрде бастау рәсімі өтті.Салтанатты іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ қазақстандық және халықаралық киноиндустрия өкілдері қатысты.Үкімет басшысының орынбасары Джеки Чанның Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосып отырған үлесін жоғары бағалады.«Қазақстан мәдениетін әлемдік аренада танытуға және екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қосып отырған үлесіңіз үшін Сізге алғыс білдіремін. Алдағы түсірілім жұмыстарына сәттілік, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін», – деді Аида Балаева.Кездесу барысында Джеки Чан Алматының талантты жас суретшілерімен және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері – жас кинематографистермен әңгімелесті. Ол жастарға шығармашылық жолда табыс тілеп, үздіксіз ізденіс пен өз ісіне деген сүйіспеншіліктің маңызын атап өтті. Кездесу соңында балалар әйгілі актерге өздері салған портреттерді тарту етті.Іс-шара соңында қатысушылар дәстүрлі түсірілім тақтайшасымен естелік суретке түсті. Осылайша фильм өндірісінің ресми басталғаны айшықталды.Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Қытайдың мемлекеттік кинокомпаниясы China Film Group Corporation-ның қолдауымен жүзеге асырылуда. Фильм өндірісімен қазақстандық Sәlem Entertainment компаниясы және гонконгтық Billion Target компаниясы айналысады.Фильм түсірілімі 2026 жылғы шілде мен қазан айлары аралығында Қазақстан аумағында өтеді. Картинаның қоюшы режиссері – қазақстандық Роберт Кун. Туынды кең халықаралық прокатқа бағытталған. Негізгі түсірілім алаңдары Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында орналасады.Бұл жоба Қазақстан үшін стратегиялық әрі имидждік тұрғыдан маңызды. Оның жүзеге асырылуы еліміздің мәдени, туристік және инвестициялық әлеуетін ілгерілетуге, кинотуризмді дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанды әлемдік деңгейдегі ірі киножобаларды түсіруге қолайлы заманауи алаң ретінде кеңінен танытуға ықпал етеді.ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1255715?lang=ru
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарының Аризона штатындағы Қазақстанның Құрметті консулымен кездесуі туралы 14.07.2026
Астана, 2026 жылғы 8 шілде – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев ҚР-дың АҚШ-тағы Аризона штатындағы Құрметті консулы Хью Холлманмен кездесу өткізді.Кездесу барысында білім беру, экономика, инвестиция салаларындағы қазақ-америкалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ Қазақстанның серіктес Аризона штатымен кең ауқымды бағыттар бойынша дәйекті түрде дамып келе жатқан өңіраралық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.Екі ел арасындағы академиялық өзара іс-қимылдың жарқын үлгісіне айналған Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона Университеті арасындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Бірлескен білім беру бағдарламаларымен 1 200-ден астам студент қамтылғаны, сондай-ақ ү.ж. 11 шілдеде қос диплом бағдарламасының алғашқы түлектерін бітіру рәсімі өтетіні аталып өтті.Бұдан басқа, тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, жаңартылатын энергетика, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар салаларына инвестицияларды тарту, сондай-ақ Қазақстан мен Аризона штаты арасында өзара іскерлік миссиялар ұйымдастыру перспективаларын талқылады.Аризона штаты жоғары технологиялар, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және білім беру салалары қарқынды дамыған АҚШ-тың жетекші экономикалық әрі инновациялық орталықтарының бірі болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1254971?lang=ru
«OCEANMAN QAZAQSTAN – 2026»: Алматы облысында 20 елден келген 3000-нан астам спортшы бақ сынады 14.07.2026
Алматы облысының Қапшағай су қоймасында ашық суда жүзуден өткен «OCEANMAN QAZAQSTAN – 2026» халықаралық жарысы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Бұл – Орта Азиядағы ең ірі сайыстардың бірі. Биыл 20 елден келген 3000-нан астам спортшы өзара сынға түсті. Сонымен қатар 10 мыңнан астам жанкүйер қатысушыларға қолдау көрсетті, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Қазақстанда бұл жарыс бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар 500 метр мен 10 шақырым аралығындағы 5 санат бойынша бақ сынады. Олар – OCEANMAN (10 км), HALF OCEANMAN (5 км), SPRINT (2 км), OCEANKIDS (500 м) және INSPIRATION (балалар санаты). Ең бастысы, додаға кәсіби спортшылармен қатар әуесқой жүзушілер, балалар, ардагерлер және ерекше қажеттіліктері бар азаматтар да қатысты.Сайыстың салтанатты ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жобаның бұқаралық спортты дамытудағы және өңірдің туристік әлеуетін арттырудағы маңызын ерекше атап өтті.– «OCEANMAN QAZAQSTAN» байқауы – Алматы облысының ғана емес, еліміздің спорттық күнтізбесіндегі беделді мемлекетаралық жарыстардың бірі. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен келетін жүзушілердің басын қосатын үлкен дәстүрлі спорт мерекесіне айналған. Қатысушылар санының жыл сайын артуы жарыстың өзге де мемлекеттер арасында танымалдығы артып келе жатқанын және елімізде ашық суда жүзу спортына деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Жыл сайын Қапшағай су қоймасында ұйымдастырылатын бұл сайыс Алматы облысының спорттық және туристік әлеуетін арттыруға, өңірдің атын әлемге әйгілеп, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға зор үлес қосып келеді, – деді Марат Елеусізұлы.Екі күнге жалғасқан жарыстың алғашқы күні ерлер мен әйелдер арасындағы ең ұзақ қашықтық бойынша үздіктер анықталды. Оған 1300-ден астам спортшы қатысты. Ерлер арасында 10 шақырымды бірінші болып Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшыларының бірі Лев Черепанов бағындырды. Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері атанған ол қарсыластарының арасынан топ жарып, шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.«Ашық суда жүзуден өткен әрбір жарыстың өзіндік ерекшелігі бар. Ал бұл додада кіл мықтылар бас қосқан. Сондықтан осы жолғы жеңістің орны ерекше. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Барлық жанкүйерлерге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. «OCEANMAN QAZAQSTAN» фестивалінің жеңімпазы атанғаныма өте қуаныштымын», – деді Лев Черепанов.Әйелдер арасындағы OCEANMAN санатында қазақстандық Ирина Небесная абсолютті чемпион атанды. Ал HALF OCEANMAN қашықтығында мәреге бірінші болып қазақстандық Тимофей Лебедев пен Анна Резванцева жетті.Жарыстың екінші күні 16 жастан асқан 800-ден астам қатысушы SPRINT (2 шақырым) қашықтығы бойынша жарысты. Одан бөлек жүздеген жас спортшы үшін OCEANKIDS және INSPIRATION балалар жарысы ұйымдастырылды. Аталған санаттардың қорытындысы бойынша жүлделі орындар түгелдей қазақстандық спортшыларға бұйырды.Балалар бәсекесінде бақ сынағандардың бірі Астанадан келген – Фархад Жұманах.«Жарыс алдында қатты қобалжыдым. Бірақ ата-анам мен көрерменнің қолдауын естігенде өзімді әлдеқайда сенімді сезіндім. Осындай ауқымды шараға қатысқаным мен үшін үлкен жетістік. Болашақта жаттығуды күшейтіп, келесі жылы тағы да ерекше әсер мен жаңа жеңістерге қол жеткізгім келеді», – деді ол.Биылғы фестивальдің басты артықшылығы – екі бірдей ірі әлеуметтік жобаның жүзеге асырылуы. «Анашым, мен жүземін» бастамасының арқасында 130 ерекше бала халықаралық фестивальдің қатысушысы атанды. Олардың қауіпсіздігі арнайы жаттықтырушылар мен еріктілердің бақылауында болды. Ал екінші әлеуметтік бағдарлама ауылдық елді мекендерден және әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларға қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл жоба арқылы 90 бала алғаш рет халықаралық деңгейдегі жарысқа қатысу мүмкіндігіне ие болды.Фестивальдің ерекше атмосферасын ағылшын тіліндегі аты аңызға айналған жүргізуші Гордон Грэм толықтырды. Ол – әлемдегі Ironman сериясының ресми дауысы, халықаралық триатлон және ашық суда жүзу жарыстарының тұрақты жүргізушісі. Оның сайысты тізгіндеуі спортшыларға жігер мен сенім сыйлады.Жарыста үздік шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Oceanman Worldwide Championship» финалдық кезеңіне жолдама алды. Алдағы уақытта олардың кәсібилігі мен шыдамдылығын тағы бір мәрте сынға түсетін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1253748?lang=ru
Алматы облысында домбыраның қадір-қасиеті дәріптелді 14.07.2026
Алматы облысында қазақ халқының ұлттық мұрасы – домбыраның қадір-қасиеті, күй өнері мен халық музыкасы кеңінен дәріптелді. Қонаев қаласында Ұлттық домбыра күніне орай қазақ халқының мәдениетіне деген құрметті арттырып, рухани құндылықтарды кейінгі буынға насихаттауға бағытталған тағылымды шара өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Облыс орталығындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы саябақта ұйымдастырылған шараға аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев те қатысып, елдің еңсесін көтеріп, рухын оятатын мерекемен құттықтады. 2018 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен шілде айының бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні болып белгіленгенін айтып, содан бері жыл сайын аталып келе жатқан бұл мереке ұлт руханияты төрінен лайықты орын алғанын жеткізді.«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Домбыра күніне орай: «Бұл – еліміз үшін ерекше мейрам. Оны ел болып атап өту арқылы халқымыздың рухын көтеріп, танымын арттырамыз. Сондай-ақ ұлы дала дәстүрін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, төл өнеріміздің құдіретін танытамыз», – деген болатын.Домбыра – қазақтың жаны, тарихы мен бүкіл болмыс-бітімі. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Арқаның арасын ен жайлаған халқымыздың сан ғасырлық шежіресі, ішкі жандүниесі жатыр.Өздеріңізге белгілі 1 шілдеден бастап жаңа Конституциямыз өз күшіне енді. Жаңарған Конституцияда Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткіштеріне ұқыпты қарауға міндетті деп атап көрсетілген. Ата Заңның қорғауында болған ұлт құндылығының ғұмыры мәңгі болмақ», – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ өткен жылы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен даңқты жерлесіміз, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы да домбыраның мәртебесін асқақтата түскеніне тоқталды. Ұлы композитор салған осы сара жол бүгінде өңірімізде лайықты жалғасын тауып келеді.Облыс әкімінің айтуынша, өңірде күй өнерін дамыту мақсатында үйірмелер өз жұмысын жоспарлы түрде атқаруда. Биылдың өзінде өнерпаздарымыз Қытай, Марокко, Франция, Түркі елдерінде өткен шараларда ұлттық әуендерімізді домбыра аспабымен асқақтатып, көрерменді тамсандырып қайтты. Бұл халықаралық тәжірибе жас таланттардың шығармашылық өсуіне жол ашып, аймақтағы дәстүрлі өнер мектебінің іргетасын бекіте түсті.Мерекелік кеште көрерменнің құлақ құрышын қандырып, өнерсүйер қауымды сүйсінткен композитор, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбек Қонаев қаласын думанға бөлеген шара көңілінен шыққанын айтты. Айтулы мерекенің мән-мазмұны жайлы да сөз қозғады. «Домбыра күні арнайы мереке болып бекітілгеннен бері домбырашы жастардың көбейіп келе жатқанын көріп жүрміз. Бұған қарап біз де марқайып, шабыттанып қаламыз. «Кіндікте бұлақ бұлқынса, көгілдір көлің қатпайды» демекші, сол жас буынға қарап, ертеңгі күнге деген сенім ұялайды. Дегенмен домбыраның қасиеті туралы тек мерекеде ғана еске алуға болмайды. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, әр күні ұлттық аспапты қастерлеп, төрде ұстау керек. Сонда келер ұрпақ өзі-ақ домбыраның күмбіріне көңіл түріп, ұлықтап өтетін болады», – дейді әйгілі күйші.Кеште сондай-ақ Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина, «Алатау серілері» тобы, «Ақ жауын» камералық оркестрі және Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Олар ұлттық өнердің өн бойыңды шымырлататын шығармаларын орындап, тыңдарманның талғам-талабын тереңдете түсті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1253710?lang=ru
Марат Сұлтанғазиев сел жүрген аумақтарды аралады 14.07.2026
Алматы облысында бірнеше күн қатарынан жауған нөсер жауын салдарынан өңірдің бірқатар ауданында өзендер арнасынан асты. Табиғи апат салдарын жою үшін тіпті аудандық деңгейдегі төтенше жағдай жарияланған. Су деңгейі ең көп көтерілген өзендер қатарында Түрген, Ақсай, Ұзынқарғалы және Талғар өзендері бар. Осыған орай облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сел жүрген аумақтарды аралап, апат салдарын жою жұмыстарын тексерді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Аймақ басшысы алдымен Қарасай ауданындағы жағдаймен танысты. Мұнда Ақсай өзеніндегі су деңгейі күрт көтеріліп, «Toimart» сауда үйінің іргелес аумағы мен жертөлесін су басқан. Адам шығыны мен зардап шеккендер болған жоқ.Төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстарына барлығы 127 адам мен 7 арнайы техника тартылды. Оған Төтенше жағдайлар департаменті мен әскери бөлім қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдардың мамандары қатысты. Жедел жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде дүкеннің жертөлесіндегі су толық шығарылып, өзен арнасы лай мен қоқыстан тазартылды. Соның нәтижесінде су ағыны қалыпқа келтіріліп, кедергісіз ағуда.Бұдан бөлек Қарасай ауданының Жаңатұрмыс ауылындағы «Ақсай карьері» ЖШС аумағында өзен жағалауын су шайып, карьердің солтүстік-батыс бөлігіндегі топырақ сырғыды. Қазіргі таңда су тасқыны қаупін төмендету мақсатында ауқымды инженерлік жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, өзен арнасының 280 метрі 4 метрге тереңдетіліп, ал ені 5 метрге дейін кеңейтілген. Жалпы көлемі 5600 текше метр топырақ шығарылып, арнайы техниканың қауіпсіз жұмыс істеуі үшін ұзындығы 320 метр технологиялық жол салынған. Авариялық-құтқару және қалпына келтіру жұмыстарына 90 адам мен 29 арнайы техника жұмылдырылды.Өңірдегі Түрген өзенінің аумағында да дәл осындай жағдай тіркелген. Еңбекшіқазақ ауданындағы «Түрген – Асы» автомобиль жолының 24 және 26-шақырымдарында тас көшкіні жүріп, өзеннің арнасынан шығуына байланысты жол жабылды. Өзен бойында орналасқан, демалыс аймақтарына тиесілі 17 киіз үйді су басты. Сонымен қатар өзен үстінен салынған уақытша көпірлердің бір бөлігі зақымданды. Осыған байланысты 1 шілдеден бастап Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті, облыстық және аудандық әкімдіктер бірлесіп жедел штаб құрып, күшейтілген режимде жұмыс жүргізді. Күн сайын 20-дан астам арнайы техника мен 60-тан астам қызметкер жұмыс істеп, өзен суы қайта өз арнасына бағытталды. Төрт күн ішінде туристер мен Асы жайлауындағы малшыларды қоса алғанда 100-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Таулы аумақтарға адамдардың баруына уақытша шектеу қойылып, полиция бекеттері мен кезекшілік ұйымдастырылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде елді мекендерді су басуына жол берілген жоқ.Қазіргі уақытта «Түрген – Асы» автомобиль жолының бүлінген учаскелерінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жол ағаш, бұталардан және тастардан тазартылып, жол төсемін қалпына келтіруге дайындық жұмыстары атқарылуда.Облыс әкімі жауапты мекемелерге төтенше жағдай салдарын жою жұмыстарын сапалы әрі қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.«Су өткізу жүйелерін тұрақты бақылауда ұстап, өзен арналарының өткізу қабілетін арттыру жұмыстарын жалғастыру қажет. Қауіп толық сейілгенге дейін барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуі тиіс. Техникалық мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, су деңгейін төмендетудің барлық тиімді жолдарын қарастыру қажет. Ең бастысы – мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін алдын алу шараларын жүйелі түрде жүзеге асыру маңызды», – деді Марат Сұлтанғазиев.«Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, облыстың таулы аумақтарында жауын-шашынның жалғасуына байланысты қауіп толық сейілген жоқ. Осыған байланысты өңірдегі жағдай толық бақылауда болады. Төтенше жағдай салдарын жою, өзен арналарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Қауіп толығымен жойылғанша қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады.Аймақ басшысы сондай-ақ Талғар ауданы Белбұлақ ауылындағы өрт шыққан көппәтерлі тұрғын үйге барып, тұрғындарымен кездесті.Оқиға 27 маусым күні Жібек жолы көшесі 18-үй мекенжайында болған. Өрт 8 пәтерлі тұрғын үйдің шатырында тұтанған. Осыған орай үш жауынгерлік учаске құрылып, тілсіз жау ауыздықталды. Ол үшін Төтенше жағдайлар департаментінің 19 қызметкері мен 3 бірлік техникасы жұмылдырылды. Өрттің жалпы аумағы 500 шаршы метрді құрады. Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.Марат Елеусізұлы қазіргі басты міндет мәселені заң аясында әрі жедел шешу екенін айтты.«Нысанға мемлекеттік сараптама жүргізіліп жатыр. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы толық анықталғаннан кейін тиісті шешімдер қабылданады: пәтерлер қайтадан қалпына келтіріледі не тұрғындар басқа үйлерге көшіріледі», – деген Марат Елеусізұлы барлық жауапты мемлекеттік органдарға түйткілді тездетіп шешуді тапсырды.Қазіргі таңда тұрғындармен тұрақты байланыс орнатылып, қажетті материалдық көмек уақытылы көрсетілуде. Төтенше жағдайға байланысты барлық тиісті іс-шаралар ұйымдастырылып, оқиға салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1253659?lang=ru
Қазақстан СІМ-де Оңтүстік Африка Республикасының Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін табыстады 14.07.2026
Астана, 2026 жылғы 3 шілде – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстандағы жаңадан тағайындалған Елшісі Лунгисани Нтомбеламен кездесті.Кездесу аясында Л.Нтомбела сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті. Өз кезегінде Ә.Қуантыров Елшіні жаңа қызметімен құттықтап, оның дипломатиялық миссиясы Қазақстан мен Оңтүстік Африка Республикасы арасындағы дәстүрлі достық қатынастар мен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.Тараптар саяси диалогты одан әрі дамыту, сауда-экономикалық серіктестікті және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.Сұхбат аяғында тараптар екіжақты және көпжақты форматта белсенді өзара іс-қимылды қолдауға келісті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1253559?lang=ru
Тобыл қаласында жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды 14.07.2026
Бүгін Қостанай облысының әкімі Тобыл қаласында ашылған жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы мен 12 арнайы өрт сөндіру көліктерінің кілтін табыстау салтанатты рәсіміне қатысты. Бұл шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов арнайы келді.«Мемлекет басшысы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өртке қарсы қызметті жаңғыртуға және оны заманауи материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп келеді. Облысымызда осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылда аймақтағы төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. 20 өрт сөндіру автокөлігі, 1 командалық-штабтық автокөлік, жол талғамайтын 26 арнайы техника сатып алынды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ғимараты, қалалық және аудандық өрт сөндіру бөлімдері мен құтқару станциясына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл бұл салаға 1,4 млрд теңге қарастырылған, көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 4,2 есе жоғары», – деді облыс басшысы.Соңғы үш жылда орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 8 млрд теңге бағытталды. 51 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынды. 86 трактор, 36 шағын орман өртін сөндіру кешені және 78 патрульдік техника алынды. Екі апта бұрын ғана 25 көлік тапсырылған болатын.Бүгінде орман шаруашылығы мекемелерінің техникамен қамтамасыз етілу деңгейі 90%-ке жетті. Ал өрт сөндіру автокөліктерімен қамтамасыз етілу көрсеткіші 100%-ті құрайды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1253352?lang=ru
Қазақстан мен Норвегия сыртқы істер министрліктері саяси консультациялар өткізді 14.07.2026
Астана, 2026 жылғы 2 шілде – Қазақстан мен Норвегия арасында сімаралық саяси консультациялардың бесінші отырысы өтті.Қазақстан Республикасы Сырты істер министрінің орынбасары Арман Исетов Норвегия делегациясын қабылдап, саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-норвег ынтымақтастығын ілгерілетудің маңызын атап өтіп, Астана мен Осло арасындағы өзара тиімді диалогты нығайтуға бейілділігін растады.Консультациялар барысында тараптар екіжақты және көпжақты ықпалдастықты нығайтудың жолдарын саралап, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты.Сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру, парламентаралық диалогты нығайту және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-әрекетке ерекше назар аударылды.Норвегияның Сыртқы істер министрінің Мемлекеттік хатшысы Эйвинд Петерссон екіжақты байланыстардың даму қарқынын жоғары бағалап, Қазақстан Норвегияның Орталық Азиядағы маңызды әріптесі екеніне сендірді. Оның пікірінше, Норвегия және Қазақстан көпжақты ынтымақтастық күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер бойынша ұқсас көзқарасты ұстанады.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сыртқы саяси мекемелер арасындағы тығыз диалогты жалғастыруға келісті.2023 жылы екіжақты тауар айналымы 169,2 млн. АҚШ долларына жетті (экспорт – 7,8 млн., импорт – 161,4 млн.).2005 бастап Норвегиядан тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 1,6 млрд. долларын құрады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1252937?lang=ru
Инвестициялық жобалар Қостанай облысының өңдеу өнеркәсібінің дамуына серпін беруде 13.07.2026
Қостанай облысы агроөнеркәсіптік кешеннің өңделген өнімдерін экспорттау бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің бірі болып қала береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 8,5 млн тоннаны құрады. Оның ішінде Қостанай облысының үлесі – 2,7 млн тонна немесе республикалық көрсеткіштің 27,2%-ы.Өңдеу өнеркәсібін дамыту өңір экономикасының басым бағыттарының бірі саналады. Инвестициялық жобаларды іске асыру өндіріс көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді.Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Қостанай қаласында орналасқан KAIZEN жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметі. Кәсіпорын бұршақ тұқымдас ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуге маманданған және экспортқа бағдарланған өндіріс болып табылады. Зауыт 2023 жылы Түркияның халықаралық Arbel холдингінің инвестициясы есебінен пайдалануға берілді. Жобаға 4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 70 тұрақты жұмыс орны құрылды.Кәсіпорында бұршақ, ноқат, жасыл және қызыл жасымық өңделеді. Заманауи технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған өндіріс бүгінде еліміздің солтүстік өңіріндегі бұршақ тұқымдас дақылдарды өңдеу саласындағы ең озық кәсіпорындардың бірі саналады.Кәсіпорынның жоғары өнімді өндірістік базасы технологиялық үдерістерді автоматтандырудың жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, шығарылатын өнімнің тұрақты сапасы мен халықаралық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етеді. Өндіріс қосылған құны жоғары, бәсекеге қабілетті және экспорттық әлеуеті зор өнім шығаруға бағытталған.Осындай инвестициялық жобаларды жүзеге асыру Қостанай облысының өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамытуға, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнім үлесін ұлғайту жөніндегі стратегиялық міндеттерді іске асыруға ықпал етеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1252726?lang=ru
Заманауи қонақүй, тұрғын үй құрылысын ауқымды дамыту және экопарк құрылысының басталуы 13.07.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері және белсенді жастармен бірге аймақ орталығында салынып жатқан Marriott қонақүй кешенінің құрылысымен, «Астана» шағын ауданындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, экопарк құрылысының басталу рәсіміне қатысты.Мемлекет басшысы инвестиция тартуға қолайлы ахуал қалыптастырудың, шағын және орта бизнесті, заманауи туристік және сервистік инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығын атап өткен болатын.«Жаңа инвесторлардың келуі мен іскерлік белсенділіктің артуына байланысты заманауи қонақүй инфрақұрылымына деген сұраныс та өсіп келеді. Осы жайттар ескеріліп, Қостанайда әлемге танымал Marriott, Novotel және Holiday Inn қонақүй кешендері салынады», – деді аймақ басшысы.Marriott қонақүй кешенінің құрылысы толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылуда. Қонақүй нөмірлерінен бөлек, мейрамханалар, конференц-зал, келіссөздер бөлмелері, фитнес-зал, бассейн және басқа да қызмет көрсету нысандары кіреді. Жаңадан 140 жұмыс орны ашылады.Айта кетейік, Marriott Қазақстан бойынша Астана, Атыраудан кейін Қостанайда салынып жатқан қонақүй кешені.Ал «Астана» шағын ауданында 200 га аумақта 154 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Бүгінде 10 тұрғын үй пайдалануға берілді. 23 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 13 үйді биыл пайдалануға беру жоспарланған.Ел Президентінің ірі қалалар мен облыс орталықтары маңында экосаябақтар құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірде екі жаңа саябақ аймағы ашылады.Қостанай қаласы маңындағы орман қоры аумағында 43,8 га болатын экосаябақтың құрылысы басталды. Мұнда автотұрақтар, жүгіру және велосипед жолақтары, спорттық және балалар ойын алаңдары алаңдар, орындықтар, көлік тұрағы салынады. «Астана» шағын ауданына апаратын жерасты өткелі қарастырылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1252632?lang=ru
Құрылтай 13.07.2026
ҚҰРЫЛТАЙ Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1251984?lang=ru
Қазақстан мен Түрікменстан стратегиялық серіктестікті нығайтуды жалғастыруда 13.07.2026
Ашхабад, 2026 жылғы 1 шілде – Түрікменстанға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевты Президент Сердар Бердімұхамедов қабылдады.Кездесу барысында ҚР СІМ басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі мен ізгі тілектерін жеткізді.Е.Көшербаев Астанада тату көршілік, өзара құрмет және стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқан қазақ-түрікмен ынтымақтастығына ерекше мән берілетінін атап өтті.Өз кезегінде С.Бердімұхамедов екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың оң серпінмен дамып келе жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтіп, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетудің маңыздылығына тоқталды.Қазақстанның Сыртқы істер министрі биік және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы туралы ақпарат берді.Кездесу барысында тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін де талқылады. Көпжақты форматтар аясындағы екі елдің өзара іс-қимылының жоғары деңгейі аталып өтіп, сондай-ақ Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту мақсатындағы өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту маңызды екені айтылды.Кездесудің маңызды қорытындыларының бірі – XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылуы болды. Бұл тарихи қадам өңірлік ынтымақтастық пен орнықты дамудың жаңа кезеңіне жол ашты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1251864?lang=ru
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуімен құттықтауы 13.07.2026
Құрметті жерлестер! Бүгін еліміз үшін аса маңызды күн – Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енді. Тәуелсіз мемлекетіміз дамудың жаңа көкжиегіне қадам басты.Жаңа Ата Заң – халықтың еркімен қабылданған мемлекетіміздің басты төлқұжаты. Ел азаматтары бүкілхалықтық референдумда белсенділік танытып, тарихтың жаңа парағын ашу жолында дауыс берді. Осы арқылы қоғамда жасалып жатқан түбегейлі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші екенін көрсетті.Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға» деп атап өтті. Сол себепті, Конституциямызды халықтық деп атауға толық негіз бар.Бүгінде «Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Заң мен Тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қоғамда жаңа мәдени ұстаным қалыптастырды. Осы арқылы Әділетті Қазақстан идеясы орнығып, азаматтардың тең мүмкіндіктеріне бағытталған ауқымды мемлекеттік бағдар айқындалды.Жаңа Ата Заңымыз елімізді жарқын болашаққа бастайтын, өркениетті мемлекет құру жолында халықтың сенімді кепілі болатынына сенімдімін.Баршаңызды жаңа Конституциямыздың заңды күшіне енуімен шын жүректен құттықтаймын!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1251066?lang=ru
Қостанай облысында агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту қарқыны артып келеді 13.07.2026
Қостанай облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Өңірде өндірістік қуаттарды арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жобалар қолға алынған.Соңғы жылдары облыстың агросекторына инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жалпы құны 84 млрд теңгені құрайтын 144 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 980 жаңа жұмыс орны ашылды. 2025 жылдың өзінде 26,2 млрд теңге көлеміндегі 33 жоба пайдалануға берілді.Іске қосылған жобалардың негізгі бағыттары – өнеркәсіптік сүт-тауар фермаларын салу, суармалы егіншілікті дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу. Әрбір ірі жобаның құны 1 млрд теңгеден асады.Сүтті мал шаруашылығы саласында жалпы инвестиция көлемі 16,4 млрд теңгені құрайтын төрт жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 3,3 мың басқа арналған заманауи мал шаруашылығы кешендері іске қосылып, шамамен 140 жұмыс орны құрылды. Жаңа кәсіпорындардың жылдық өндірістік қуаты 27,2 мың тонна сүтті құрайды. Бұл өңірдегі сүт өңдеу кәсіпорындарын тұрақты шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Суармалы егіншілікті дамыту бағытында да бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Жалпы құны 2,4 млрд теңге болатын екі жоба аясында 1,5 мың гектар жер суармалы алқапқа айналды. Бұл су үнемдеу технологияларын енгізуге және ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға жол ашты.Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге бағытталған өндірістер дамуда. Инвестиция көлемі 1,1 млрд теңгені құрайтын ет-сүйек ұнын өндіру цехы іске қосылды. Бұл саладағы қосылған құны жоғары өнім өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.Сүт өндірісін дамытуға басымдық берілудеҚостанай облысында сүтті мал шаруашылығын дамыту негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында 49 млрд теңге қарастырылып, оның 37,8 млрд теңгесі жылына 80 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік беретін 13 сүт-тауар фермасын салуға бағытталды.Қазіргі уақытта жылдық қуаты 46 мың тонна сүт өндіруге жететін жеті ферма іске қосылды. Бұл кешендерде 5,7 мың бас ірі қара мал өсірілуде. Жобалар кезең-кезеңімен толық қуатына шығарылады.Бағдарлама аясында биыл тағы да бірқатар жобаларды қаржыландыру жоспарланған. Оның ішінде «Халық Агро KST» серіктестігінің 5,2 мың тоннаға арналған көкөніс сақтау қоймасын салу жобасы бар. Жобаның құны – 1,2 млрд теңге.Сондай-ақ «Қостанай Осетр» серіктестігі форель өсіру және өңдеу цехын салу жобасын жүзеге асыруда. Кәсіпорын жылына 50 тонна өнім өндіруге мүмкіндік алады.Жаңа өндірістер мен ірі жобалар жүзеге асырыладыАлдағы жылдарға арналған инвестициялық жобалардың жол картасына сәйкес, 2026–2028 жылдары облыста жалпы құны 553 млрд теңге болатын 42 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.2026 жылы құны 35 млрд теңге болатын алты жобаны іске қосу көзделген. Оның ішінде бес сүт-тауар фермасы пайдалануға беріліп, өңірдегі сүт өндірісінің көлемі артады. Сонымен қатар «Баян Сұлу» акционерлік қоғамының «Кондитерлік астана» жобасы жүзеге асырылмақ.Жоба аясында кәсіпорынның кондитерлік өнім шығару көлемі жылына қосымша 16 мың тоннаға ұлғайып, 260 жаңа жұмыс орны ашылады. Толық қуатына шыққаннан кейін өндіріс көлемі жылына 68 мың тоннаға жетеді.Келер жылы облыста жалпы құны 49,1 млрд теңге болатын екі ірі өңдеу жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Бейімбет Майлин ауданында астық пен майлы дақылдарды сақтау және өңдеу кешені, сондай-ақ көкөніс қоймасы бар көлік-логистикалық орталық салынады. Жобаның құны – 10 млрд теңге.Лисаков қаласында құны 39,1 млрд теңге болатын май экстракциялау зауыты бой көтереді. Кәсіпорын күнбағыс пен рапсты өңдеп, жылына 174 мың тонна дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді.Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу күшейедіӨңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған стратегиялық жобалар да жүзеге асырылуда.Бейімбет Майлин ауданында «Qostanai Grain Industry» серіктестігі астықты терең өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Жоба аясында 187 гектар жер бөлінген. Кәсіпорын іске қосылған кезде 700 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт жылына 415 мың тонна астық өңдеп, глютен, крахмал, аминқышқылдары, биоэтанол және басқа да өнімдер өндіреді.Сонымен қатар Рудный қаласында құны 100,5 млрд теңге болатын қант зауытын салу жоспарланған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 200 мың тонна қант өндіруге мүмкіндік береді.Федоров ауданында жылына 50 мың тонна құс етін өндіретін заманауи құс фабрикасын салу көзделген. Жобаның инвестициялық құны – 66,3 млрд теңге. Жаңа өндіріс ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.Осылайша Қостанай облысында агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуға бағытталған кешенді инвестициялық саясат жүзеге асырылуда. Жаңа өндірістердің іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, импортты алмастыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және өңір экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1251012?lang=ru
Қазақстан мен Әзербайжан Сыртқы істер министрлері стратегиялық серіктестікті тереңдету бағытын растады 13.07.2026
Астана, 2026 жылғы 30 маусым – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен телефон арқылы сөйлесті.Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қатынастардың қарқынды дамуын жоғары бағалап, стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге өзара бейілділігін растады.Тараптар екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі аспектілерді, оның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) аясындағы ынтымақтастықты және 2026 жылғы қазанда Баку қаласында өтетін АӨСШК Саммитіне дайындық барысын талқылады.Министрлер саяси диалогты кеңейтуге және сауда мен инвестициялар, өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, сондай-ақ басқа да басым бағыттар бойынша практикалық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға дайын екендіктерін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1250870?lang=ru
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына байқау жарияланды 13.07.2026
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы ғылым, шығармашылық және қоғамдық қызмет салаларында жемісті еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ спортта жоғары нәтижелер көрсеткен дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында тағайындалады.Байқау «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» атты 10 номинация бойынша өтеді.Мемлекеттік сыйлыққа халықаралық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары, спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ аталған салалар мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен Қазақстан Республикасының 35 жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады.«Дарын» жастар сыйлығын алуға кандидатураларды орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер және Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген басқа да заңды тұлғалар іріктейді. Үміткерлер мынадай құжаттарды қағаз және электронды түрде жіберуі қажет:1) кандидаттың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;2) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алуға арналған тіркеу өтінімі;3) өтінішхат пен сыйлық алуға ізденушінің жетістіктері туралы анықтама;4) марапаттау дипломдарының, грамоталардың, алғыс хаттардың көшірмелері (болған жағдайда);5) кандидаттың немесе кандидат туралы мақалалардың, жарияланымдардың көшірмелері (болған жағдайда);6) банктік шоттың болуы туралы анықтаманың көшірмесі;7) кандидаттың жетістіктерін растайтын материалдар (болған жағдайда).Жеңімпаздарға «Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі. Мемлекеттік сыйлық иегерлері дипломмен, төсбелгімен, сондай-ақ қаржылай сыйлықпен марапатталады.«Дарын» жастар сыйлығы 1992 жылы тағайындалған. Әр жылдары аталған сыйлықты түрлі саладағы 380-дан астам азамат иеленген болатын.Конкурсқа қатысуға құжат 2026 жылғы 17 маусымнан 17 қыркүйек аралығында (қоса алғанда) қабылданады. Құжаттың қағаз нұсқасын мына мекенжай бойынша тапсыру қажет: Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы 8, «Министрліктер үйі» ғимаратының 14-кіреберісі. Электронды нұсқа daryn2026kz@gmail.com поштасы арқылы қабылданады.Анықтама телефондары: 8 (7172) 74-05-25, 8 (7172) 74-18-43, (жұмыс күндері, сағ. 9:00-ден 18:30-ға дейін). «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының қағидасыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1250698?lang=ru