Спорт

Астана қаласында Инклюзивті спорт орталығының құрылысы басталды 15.04.2025
Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, спорт орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.Мәулен Әшімбаев елордада аталған спорт орталығын салу әділетті мемлекет құру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Мемлекет басшысы елімізде инклюзивті қоғам қалыптастыруға және мүгедектігі бар азаматтарға тең мүмкіндіктер беретін жағдай жасауға үлкен көңіл бөліп келеді.«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрбір азаматтың дамуына және өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасалған әділетті қоғам құрудың маңызды екенін үнемі айтып келеді. Жаңа Инклюзивті спорт орталығы мүгедектігі бар спортшылардың алаңсыз жаттығу жасауына, халықаралық жарыстарға дайындалуына және жаңа биіктерді бағындыруына жол ашатын орынға айналады деп сенеміз. Мұнда бочча, баскетбол, арбамен ойнайтын футбол, голбол, отырып ойнайтын волейбол және тағы басқа спорт түрлеріне арналған залдар болады. Бұл қадам спортшыларымызға халықаралық жарыстарға жоғары деңгейде дайындалуға мүмкіндік береді»,– деді Мәулен Әшімбаев.@senate_kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/966566?lang=kk

⚜️ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ораза айт мерекесімен құттықтауы 15.04.2025
Қадірлі отандастар!Ораза айт мейрамы құтты болсын!Татулық пен бауырмалдық, жақсылық пен игілік салтанат құратын осы қастерлі мерекенің барша мұсылман қауымы үшін мән-маңызы айрықша.Рамазан айында имандылыққа, рухани тазаруға ұмтылған жұртымыз Айт күні ақ дастархан жайып, қонақжайлық көрсетеді. Бір-біріне ізгі тілегін арнайды. Мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қамқорлық танытады. Сол арқылы адамгершілік құндылықтар қоғамымызда терең орныға түседі.Ораза айт мерекесінің тағылымы ата салтымызбен терең сабақтасып жатыр. Біздің дініміз де, дәстүріміз де азаматтарды бірлік пен ынтымаққа үндейді, өзара сыйлас болуға шақырады. Осы қасиеттеріміз барда халқымыздың Әділетті, Қауіпсіз, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құру туралы арман-мұраты орындалатынына кәміл сенімдімін.Баршаңызға бақ-береке тілеймін! Әр шаңыраққа құт-береке дарысын!Айт қабыл болсын, ағайын!t.me/aqorda_resmiАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/965883?lang=kk

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері «Медеу» спорт кешеніне барды 15.04.2025
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев «Медеу» мұз айдынын аралап көріп, тау шатқалында орналасқан бірегей нысанның тарихынан сыр шертетін фотокөрмемен танысты.Мұз айдынының әлемдік спорт тарихындағы орны ерекше. Президенттерге 1972-1991 жылдары мұнда әйелдер мен ерлер арасында өткен жарыстарда барлық қашықтық бойынша 247 рет рекорд орнатылғаны жөнінде айтылды. «Медеу» әлі күнге Қазақстанның ең танымал туристік нысандарының санатына кіреді. 2024-2025 жылғы маусымда мұз айдынына 460 мың адам келген.Мемлекеттер басшыларына «Медеуді» орнықты туризм моделі бар әлемдік деңгейдегі орталыққа айналдыруды көздейтін жаңа даму жобасы таныстырылды.Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев алматылық спортшы Евгений Кошкинмен әңгімелесті. Ол биыл Әлем кубогінің соңғы екі кезеңінде жеңімпаз атанып, Азия ойындарында жүлделі орыннан көрінген болатын. Жуырда өткен Қазақстан спартакиадасында спортшы айқын жеңіске жетіп, 100 метр қашықтықта бейресми әлем рекордын жаңартты (9,31 секунд).Бұдан кейін мемлекеттер басшылары мәнерлеп сырғанау шеберлерінің өнерін тамашалады.t.me/aqorda_resmi Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/965508?lang=kk

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Алматы тау шаңғысы кластерімен танысты 15.04.2025
Қала әкімі Ерболат Досаев президенттерге Іле Алатауының асқаралы шыңдарын көрсетіп, Кіші Алматы шатқалындағы «Медеу» селден қорғау бөгетін салу тарихы жөнінде айтты. Сонымен қатар шетелдік және жергілікті альпинистер мен туристер арасында танымал бағыттар таныстырылды.Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев қала әкімінің еліміздегі ең ірі «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты жөніндегі есебін тыңдады. Қазіргі кезде мұнда 5 аспалы жол жұмыс істеп тұр. Ал шаңғы тебуге арналған трассаның жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайды. Былтыр Шымбұлаққа 1,4 миллион адам келген.Мемлекеттер басшылары Алматының туристік әлеуетіне жоғары баға берді. Олардың пікірінше, әсем табиғат аясында орналасқан және дамыған инфрақұрылымы, сапалы жолы бар тау шаңғысы курорты – Орталық Азиядағы қысқы және жазғы демалысқа лайық ең тартымды орындардың бірі.Президенттерге Алматы тау кластерін одан әрі дамыту перспективасы туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, «Шымбұлақтың» қазіргі тау шаңғысы трассасын 56 шақырымға дейін ұзарту және жаңадан 65 шақырым инфрақұрылым салу жоспарланып отыр.t.me/aqorda_resmi Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/965505?lang=kk

«Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» жаңа директоры тағайындалды 15.04.2025
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қарасты «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» директоры лауазымына Пазылбек Қайрат тағайындалды. Бұған дейін ол қазақ күресі бойынша аға жаттықтырушы қызметін атқарған.Пазылбек Қайрат қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, ұлттық санаттағы төреші, қазақ күресінен төрешілер алқасының төрағасы, сондай-ақ «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің бас төрешісі болған.Сондай-ақ ол «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен (2023 ж.) және «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен (2024 ж.) марапатталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/965012?lang=kk

Қазақстан су спорты түрлері федерациясының президенті ауысты 15.04.2025
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың қатысуымен өткен Қазақстан су спорты түрлері федерациясы былтырғы маусымды қорытындылау және жаңа маусымға дайындық жиынында федерацияның жаңа президенті сайланды.Іс-шараға федерация басшылығы, облыстық федерация басшылары, спортшылар мен федерация өкілдері қатысты.Жиында федерацияның бас хатшысы Сергей Дроздов кейінгі бірнеше жылда атқарған жұмысы туралы баяндап, су спорты саласындағы маңызды жетістіктерді атап өтті. Кейінгі жылдары отандық спортшылар халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, елімізде су спорты түрлерін дамытуға бағытталған жаңа бастамалар айтылды.Жиында федерация президенті Андрей Крюков өз қызметін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеді. Оның орнына федерация президенттігіне «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың кандидатурасы ұсынылып, жиынға қатысушылар, оның ішінде облыстық федерация басшылары мен спорт қауымдастығы өкілдері бірауыздан қолдады.Министр Ербол Мырзабосынов 2019 жылдан бері федерацияны басқарған Андрей Крюковке атқарған жұмысы үшін алғыс білдіріп, Нұрлан Жақыповтың жаңа қызметіне сәттілік тіледі.«Туризм және спорт министрлігі атынан Андрей Крюковке елдегі су спорты түрлерінің дамуына қосқан үлесі үшін ризашылығымды білдіремін. Су спорты – Қазақстандағы ең танымал спорт түрлерінің бірі. Бүгінде 120 мыңнан астам адам осы спорт түрімен айналысады. Ұлттық құраманың халықаралық аренадағы жетістіктері осы спорттың ел ішінде кеңінен танымал болуына ықпал етті. Дмитрий Баландиннің 2016 жылғы Рио Олимпиадасындағы тарихи жеңісі және былтырғы әлем чемпионатында көркем жүзуден Эдуард Ким мен Наргиза Болатованың жеңісі – су спортының еліміздегі әлеуетінің жоғары екенін дәлелдеді. Федерацияның жаңа басшылығы бұл жетістіктерді одан әрі нығайтып, жаңа белестерге жетеді деп сенемін», – деді министр.Жиын соңында Ербол Мырзабосынов Нұрлан Жақыповқа еліміздегі су спорты түрлерінің халықаралық ынтымақтастығын арттыруға, спортшылардың дайындық деңгейін жақсартуға және спорттық резервті даярлауға ерекше көңіл бөлетініне сенім білдірді.Сондай-ақ федерация вице-президенті болып, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры Мират Маратұлы Өтепов сайланды.Айта кетейік, Қазақстан су спорты түрлері федерациясы 1998 жылы құрылған. Оның құрамына жүзу, су добы, көркем жүзу, суға секіру және ашық суда жүзу кіреді. Осы жылдар ішінде федерация көптеген талантты спортшыларды тәрбиелеп, халықаралық деңгейде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/964998?lang=kk

Ербол Мырзабосынов Халықаралық ауыр атлетика федерациясының басшысымен кездесті 15.04.2025
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) президенті Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари және Азия ауыр атлетика федерациясының техникалық комитеті төрайымы Ольга Соловьевамен кездесті.Кездесу барысында тараптар Қазақстанда және халықаралық деңгейде ауыр атлетиканы дамыту әлеуетін талқылады. Әсіресе, елімізде өтетін ірі турнирлерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, шілде айында ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтеді. Сондай-ақ 2028 жылы Лос-Анджелесте алауы тұтанатын Олимпия ойындарына рейтингтік ұпай беретін әлем чемпионаты да елімізде ұйымдастырылмақ.Министр Қазақстанда өтетін халықаралық жарыстардың отандық спорт үшін маңызды екенін атап өтті.«Ауыр атлетика – еліміздегі ең танымал әрі жанкүйері көп спорт түрінің бірі. Жанкүйерлердің қолдауы нәтижесінде біздің спортшыларымыз халықаралық ареналарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының басшылығына бізге сенім артып, елімізде беделді жарыстар өткізу мүмкіндігін бергені үшін алғыс білдіреміз. Өз тарапымыздан, аталған жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырып, қатысушылар мен қонақтар үшін барлық қажетті жағдайды жасаймыз», – деді Ербол Мырзабосынов.Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари Қазақстанмен ауыр атлетика спортын дамыту бағытында ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ ол Қазақстанның ауыр атлетиканы әлемдік деңгейде насихаттауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.Кездесуден кейін Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари мен Ольга Соловьева елордадағы спорттық нысандарды аралап, алдағы жарыстарға дайындық барысымен танысты. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты елдегі ең ірі спорт кешендерінің бірі – Qazaqstan жеңіл атлетика аренасында өтеді.Айта кетейік, бұл – IWF басшысының соңғы бірнеше айда Қазақстанға жасаған екінші сапары. 2025 жылдың қаңтарында Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари елімізге ресми сапармен келіп, Мемлекет басшысының қабылдауында болған еді. Сол кездесуде ауыр атлетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту және Қазақстанның осы спорт түріндегі халықаралық ықпалын арттыру мәселелері қарастырылған болатын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/964982?lang=kk

ҚР Үкіметінде білім беру мекемелерінде тамақтандыруды ұйымдастыру жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды 15.04.2025
Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен білім беру мекемелерінде балалардың сапалы және қауіпсіз тамақтануын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өтті.Кеңес барысында қаржыландыру, санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтау, тамақ өнімдерінің сапасын бақылау, сондай-ақ оны тасымалдау шарттары мәселелерімен қатар мектеп және мектепке дейінгі тамақтандыру жүйесінің жұмыс істеуінің негізгі аспектілері қаралды.Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептер мен балабақшалардағы тамақтандыру жүйесінің қазіргі жағдайы туралы ақпаратпен бөлісті. Ведомство басшысының сөзінше, бүгінде 1,8 миллион оқушы тегін тамақпен қамтылған. Ол үшін 2024 жылы республикалық бюджеттен 205 миллиард теңге бөлінді. 2025 жылдан бастап білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарттары мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) ұсыныстарын ескере отырып әзірленген типтік ас мәзірі енгізіледі.Мониторинг нәтижесінде 677 білім беру ұйымында санитарлық-гигиеналық талаптардың бұзылуы дерегі анықталды. Мұндай фактілер балалардың денсаулығына тікелей қауіп төндіретіні алаңдаушылық тудырады. Сондықтан жедел әрекет етуді қажет етеді.Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев мектеп оқушыларын сапалы және қауіпсіз тамақтандырумен қамтамасыз ету – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым міндеттерінің бірі екенін, сондай-ақ санитарлық нормаларды бұзуға жол берілмейтінін жеткізіп, өнімнің сапасын қатаң бақылап қана қоймай, оларды сақтау және дайындау шарттарына мұқият қарау қажеттігін де атап өтті.«Гигиеналық талаптарды сақтамаумен байланысты кез келген тәуекелдерді жою маңызды. Біз мониторингтің заманауи сандық технологияларын енгізуге, сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және сапасыз қызмет көрсеткен жеткізушілер үшін қарастырылған жауапкершілікті күшейтуге міндеттіміз», — деді Ермек Көшербаев.Мектеп және мектепке дейінгі тамақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында бейінді мемлекеттік органдарға мынадай тапсырмалар берілді:цифрлық шешімдер мен мониторинг жүйесін мемлекеттік деректер базасымен интеграциялауды енгізу механизмін әзірлеу;білім беру ұйымдарында азық-түлікті сақтау және тасымалдауды бақылауды күшейту;қосымша әкімшілік және ведомстволық шараларды әзірлеу, оның ішінде жоспардан тыс тексерулер жүргізу және жеткізушілердің шарттық және санитарлық міндеттемелерді бұзғаны үшін жауапкершілігін арттыру.Денсаулық сақтау министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері балалардың тамақтану саласын реттейтін нормативтік-құқықтық базаны жаңарту, сондай-ақ бұзушылықтарды бақылау мен алдын алудың жүйелі тетіктерін енгізу бойынша ұсыныстарын жеткізді.Кеңес нәтижесінде Премьер-министрдің орынбасары анықталған бұзушылықтарға дер кезінде ден қою үшін ведомствоаралық, оның ішінде құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды күшейту бойынша қосымша кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Тамақтандыру қызметтерін ұйымдастыруға тартылған персоналдың біліктілігін арттыру, барлық деңгейдегі үрдістерге тұрақты мониторинг жүргізу қажеттілігіне назар аударылады.Үкімет білім беру ұйымдарында заманауи сапа, қауіпсіздік және ашықтық стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, тамақтандыруды ұйымдастыру жүйесін жетілдіру бойынша жұмысты жалғастырады. Цифрлық шешімдерді енгізу, бақылауды арттыру және қоғамның белсенді қатысуы тәуекелдерді барынша азайтуға, өскелең ұрпақтың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғауға бағытталған жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне көмектеседі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/965566?lang=kk

Спорт саласын реформалау 15.04.2025
ҚР Туризм және спорт министрлігі «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға өзгерістер енгізді. Құжаттағы маңызды өзгерістің бірі ретінде вертикальді басқару жүйесінің енгізілуін атап өтуге болады. Енді өңірлік спорт басқармаларының басшылары Туризм және спорт министрлігінің жанынан құрылған арнайы комиссияның келісімімен бекітіледі. Бүгінгі таңда 11 облыстың спорт басқармасына жаңа басшы тағайындалды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/968334?lang=kk

ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев «Орталық коммуникациялар қызметінде» өткен «Спорт саласын реформалау» тақырыбындағы баспасөз конференциясына қатысты 15.04.2025
ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев «Орталық коммуникациялар қызметінде» өткен «Спорт саласын реформалау» тақырыбындағы баспасөз конференциясына қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/963420?lang=kk

Заңнаманы жетілдіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі – туризм және спорт вице-министрі 15.04.2025
Қазіргі уақытта салалық заңға өзгерістер мен толықтырулардың екінші пакеті әзірленіп жатыр. Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру ұғымдары мен өкілеттіктерін айқындау, уәкілетті органға әдістемені, жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидаларын, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің мемлекеттік тапсырысын орналастыру қағидаларын және балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін аккредиттеу қағидаларын бекіту бойынша құзыреттер беру қарастырылып жатыр.«Бұл бағыттағы тиісті жұмыс басталып кетті. Бұл мәселе Республикалық бюджеттік комиссияның отырысында қаралып, оң шешімін тапты. Оны 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу көзделген», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.Бұдан бөлек, жаңартылған бірыңғай спорттық стандарттар бойынша бағдарламаларды іске асырғаны үшін жаттықтырушылардың орташа еңбекақысын шамамен 30%-ға артады.@ortcom_kz #CCSАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/963419?lang=kk

Басқарудың вертикальді жүйесі шеңберінде 11 өңірде спорт басқармалары басшыларының кандидатуралары келісілді 15.04.2025
ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, спорт саласына вертикальды басқару жүйесін енгізу мәселесі қаралуда. Бүгінгі күні республикалық аккредиттелген спорт федерацияларының жұмыстары да тыңдалды. Нәтижесінде 8 федерацияға жаңа басшылар тағайындалды.«Министрлік жанынан өңірлік спорт басқармасы басшыларын келісу бойынша арнайы комиссия құрылды. Комиссия отырысымен 11 өңірдің басқарма басшыларының кандидатуралары тыңдалып, келісілді», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында. @ortcom_kz #CCSАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/963417?lang=kk

Туризм және спорт министрлігінің өкілі спорт саласын реформалау туралы айтты 15.04.2025
ҚР Туризм және спорт министрлігі әзірлеген «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заң жобасы 2025 жылғы 29 қаңтарда Мәжілістің екінші оқылымында мақұлданып, Сенаттың қарауына енгізілді. Заң жобасында спорт саласына бірқатар өзгерістер енгізу көзделген. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев хабарлады.«Атап айтқанда, кәсіби ойын спорты клубтарын ұстауға бөлінетін бюджет қаражатына лимит бекіту; ҚР азаматтығын алмаған спортшыларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салу; «спорттың басым түрлері» ұғымын анықтау, сондай-ақ олардың өңірлік тізбесін бекіту; аккредиттелген спорт федерациясына діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін шаралар қабылдауды міндеттеу; спорт федерацияларын аккредиттеу талаптарын белгілеу қарастырылған», - деді вице-министр ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.Сонымен қатар, Заң жобасында «мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымын енгізу, мемлекеттік дене шынықтыру және спорт ұйымдарының басшыларын ротациялау көзделген. Сондай-ақ, заңнама жобасына сәйкес 49 заңға тәуелді актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, 10-нан астам жаңа заңға тәуелді акті дайындалды.@ortcom_kz #CCS Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/963416?lang=kk

ШҚО студенттері отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы оқу сотын өткізді 15.04.2025
Қазақстан-Американдық Еркін Университетінің (ҚАЕУ) заң мамандығының студенттері "Заң және тәртіп" қағидаты аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбында сот процесінің үлгісін өткізіп, өз шешімдерін шығарды.Жыл басынан бері облыстық жастар ресурстық орталығы өңір жастарына есірткімен күрес, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық сынды әлеуметтік маңызды тақырыптар бойынша түрлі кездесулер, жиындар, тренингтер мен семинарлар ұйымдастырып келеді. Осындай ауқымды іс-шаралардың бірі – ҚАЕУ студенттерінің тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін заңнамалық тұрғыда талқылауы болды.– Бұл шара «Заң және тәртіп» тақырыбы аясында өткізіліп отыр. Оның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Ашық сот процесі арқылы студенттерге қоғамдағы өзекті мәселені түсінікті әрі тәжірибелік тұрғыда көрсетуге тырысамыз, – деді ШҚО Жастар ресурстық орталығының маманы Ермек Асқаров.Іс-шара барысында заң мамандығының студенттері теориялық білімдерін тәжірибеде қолдану үшін арнайы сот залында шынайы сот процесінің үлгісін қойды. Олар ҚР заңнамасы аясында құқықтарын қорғап, теориялық тұжырымдарын дәлелдеуге тырысты.– Біз оқу-сот процесін өткізу арқылы студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейміз. Сонымен қатар, елімізде зорлық-зомбылыққа қатысты қандай бағдарламалар қолданылып жатқанын зерттеп, түсіндіруге тырысамыз, – деді ҚАЕУ Құқық және халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі Қайрат Әлімбаев.Студенттер мұндай тәжірибелік сабақтардың пайдалы екенін атап өтті. Олар сот процесі барысында қорғаушы, прокурор, судья рөлдерін өзара бөлісіп, шынайы жағдайларды талдады.– Мұндай тәжірибелік сабақтар бізге көп нәрсе үйретеді. Өткен жолы мен судья рөлін атқарсам, бұл жолы жауапқа тартылушының орнында отырмын. Бүгінгі сот процесі барысында Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты істер қалай қаралатынын, қандай мәселелер көтерілетінін және неге баса назар аудару керектігін жан-жақты талқыладық, – деді 3-курс студенті Салауат Ешимгелдиев.Оқу-сот процесі студенттердің құқықтық білімдерін жетілдіруге және заң саласындағы кәсіби дағдыларын дамытуға ықпал етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/963181?lang=kk

🏆 Қой көтеру: Келінка, покорившая барана! 🇰🇿 15.04.2025
🏆Қой көтеру: қошқарды бағындырған келін!22 наурызда Республика алаңында Наурыз мерекесінің сәніне айналған қызықты ұлттық ойындар өтті! Соның ішінде кой көтеру, бұл жарыста қатысушылар өздерінің күштері пен төзімділіктерін көрсетіп, қошқарды мүмкіндігінше көп көтереді.🔥Жарыстың бас жүлдесін қарапайым қазақ келіні-Нұржанқызы Айым жеңіп алып, баршаны өзінің керемет төзімділігімен таң қалдырды! Ол қошқарды 100 рет көтеріп, осы керемет жарыстың абсолютті чемпионы болды.👏 Айымды керемет жеңісімен құттықтаймыз! Наурыз рухы әрқашан күш, сәттілік пен амандық әкелсін! Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/962374?lang=kk

ШҚО-ның инвестициялық әлеуеті күшейіп келеді 15.04.2025
Өңірде жаңа жобалар мен цифрлық шешімдер белсенді түрде енгізілуде.Шығыс Қазақстан облысы инвестициялар көлемін ұлғайтуды және бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасауды жалғастыруда: 2024 жылы өңір экономикасына 768,2 млрдтеңге инвестицияланды, өсу қарқыны 118,4%, сондай-ақ жеке инвестициялар айтарлықтай өсуді көрсетті–олардың көлемі 9,6%-ға ұлғайып, 545,9 млрд теңгені құрады.- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық деңгейдегі инвесторларды іздеуді, қолдауды және қорғауды күшейтетін тұтас экожүйе құрылуда. Бұл шетелдік және отандық инвесторларға қатысты. Біздің басқарма осы бағытта өңірлік деңгейде жұмыс жүргізуде,-деп атап өтті ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы.Өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту үшін цифрлық шешімдер белсенді түрде енгізілуде. Негізгі құралдардың бірі ҚР Сыртқы істер министрлігі 2024 жылы іске қосқан ұлттық цифрлық инвестициялық платформа (ҰҒТО) болды. Оның көмегімен инвесторға мемлекеттік органдар тарапынан ақпараттық, консультациялық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетіледі.- Қазір жүйеде Шығыс Қазақстаннан жалпы сомасы 859,1 млрд теңгеге 49 инвестициялық жоба тіркелген. Оның ішінде өткен жылы 45 млрд теңгеге 10 жоба сәтті іске асты, ал 2025 жылы жалпы инвестиция көлемі 42 млрдтеңгеге тағы 8 жобаны іске қосу жоспарланған, - деп хабарлады ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы.Мұнда ҰҒТО инвесторларға консультативтік қызметтерден бастап мемлекеттік органдар тарапынан сүйемелдеуге дейін "бір терезе" режимінде қажетті қолдау алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ бизнес үшін қолайлы жағдай жасау үшін өңірде мемлекеттік органдардың, прокуратураның және кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіретін инвестициялық штаб жұмыс істейді. Егер инвесторларда жобаларды іске асыруға байланысты қиындықтар туындаса, олар жедел тәртіппен қаралады.Сонымен қатар өңірде кәсіпкерлерге құқықтық қолдау көрсететін фронт-офис жұмыс істейді. Бизнесті қорғау тетіктерінің бірі 13,8 млрд теңге сомасына 42 жобаны қамтитын инвесторлардың өңірлік пулы болды. Бұл әкімшілік кедергілерді азайтуға және жаңа кәсіпорындардың іске қосылуын жеделдетуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс облыстық прокуратураның белсенді қолдауымен жүргізілуде.Айта кетейік, инвестиция тарту бойынша кешенді жұмыс қаржыландыруды ұлғайтуға ғана емес, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға да бағытталған. Ашық жағдайлар, цифрлық технологиялар және мемлекеттік қолдау Шығыс Қазақстанда жаңа өндірістер ашуға және орнықты экономикалық өсуге қолайлы жағдай жасайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/962261?lang=kk

Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы жарыс: Нариман Құрбанов Түркияда топ жарды 15.04.2025
Спорттық гимнастикадан Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан әлем кубогының үшінші кезеңінде қоржынымызға екі бірдей жүлде түсті.Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов өзінің бірінші ресми жарысында-ақ тұтқалы ат снаряды жаттығуында чемпион атанды.Тұтқалы ат снаряды. Ерлер🥇Нариман Құрбанов🥈Зейнолла Ыдырысов🥉Ахмад Әбу әл-Сауд (Иордания) - Әлем чемпионатының екі мәрте жүлдегеріЖарыс ертең мәресіне жетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/962239?lang=kk

⚜️Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады 15.04.2025
➤ Қасым-Жомарт Тоқаев «Expo» көрме орталығындағы этноауылда Наурыз мерекесін жұртшылықпен бірге қарсы алды.➤ Президент мерекелік іс-шараға жиналған көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.– Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Бұл – біздің ата дәстүріміз. Шуақты көктем мерекесінде бүкіл дүние қайта жаңғырады. Күн мен түн теңеледі. Қазақ елі әз-Наурызды көне заманнан бері тойлап келеді. Наурыз – ең алдымен, игілікті істердің мерекесі. Осы күндері әр үйде ақ дастархан жайылады. Ел-жұрт бір-бірімен қауышып, ақ тілегін айтады. Мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсетеді. Ұлыстың ұлы күні биыл да қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміз үшін мұның мән-маңызы зор. Себебі біздің дініміз бен дәстүріміз – егіз. Қос қазынамыз халқымыздың бірегей болмысын айшықтай түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.t.me/aqorda_resmiАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/962183?lang=kk

Анастасия Городко - Швейцариядағы әлем чемпионатының қола жүлдегері 15.04.2025
Фристайл-могулдан Ұлттық құрама спортшысы Анастасия Городко Санкт-Мориц қаласында (Швейцария) өтіп жатқан фристайлдан әлем чемпионатында үздік үштікті түйіндеді.Отандасымыз Анастасия (22.00 ұпай) параллель-могул сайысындағы кіші финалда АҚШ спортшысынан басым түсіп, қолаға қол жеткізді.Фото: www.olympic.kz Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/962171?lang=kk

Қазақстан мен Индонезия туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықтың даму болашағын талқылады 15.04.2025
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада Индонезия Республикасының Қазақстан Республикасындағы және Тәжікстан Республикасындағы Елшісі Мохамад Фаджрул Рахман мырзамен кездесті. Кездесу барысында тараптар туризм және спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.Министр екі ел арасындағы қазіргі әріптестік деңгейін жоғары бағалайтынын және оны одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Бірлескен жобалар мен іс-шаралар Қазақстан мен Индонезия арасындағы мәдени және экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ербол Мырзабосынов Индонезияның тәжірибесі мен біліміне ерекше назар аударып, оның спорт пен туризм саласындағы жетістіктері Қазақстан үшін үлгі болатынын айтты.«Былтыр индонезиялық спортшылар Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, қазақ күресі секілді қазақтың ұлттық спорт түрлерінде бақ сынады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның ұлттық спорт түрлерін халықаралық деңгейде насихаттау және танымал ету үшін жақсы мүмкіндік туғызды. Бадминтон спорты Қазақстанда жылдан жылға танымал болып келеді. Осы тұрғыда Индонезияның тәжірибесі біздің спортшыларға жоғары деңгейдегі нәтижелерге жетуге ықпал етері сөзсіз», – деді Ербол Мырзабосынов.Өз кезегінде Мохамад Фаджрул Рахман жыл сайын Индонезия азаматтары Умраға баратынын айтып, зияратшылар үшін Қазақстан, әсіресе Түркістан бағыты арқылы транзиттік рейстерді қарастыру мүмкіндігін ұсынды. Бұл бағыт тек ыңғайлы әуе байланысын қамтамасыз етіп қана қоймай, жыл сайын индонезиялық туристке Түркістанның тарихи және рухани орындарымен танысуға мүмкіндік береді.Кейінгі жылдары индонезиялық туристердің Қазақстанға деген қызығушылығы артып келеді. Екі ел арасында тікелей рейстердің ашылуы – туристік ағымның айтарлықтай өсуіне әсер ететіндігі сөзсіз.Кездесу соңында тараптар туристердің саяхатын жеңілдету және өзара туризмді дамыту мақсатында екі елдің авиациялық органдарымен әуе қатынасын талқылауға уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/961989?lang=kk