Технология
Қазақстанның ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 40,9%-ға дейін өсті 15.07.2026
Еліміздегі кәсіпкерлік қызметтің дамуы оң қарқынын сақтап, сыртқы және ішкі экономикалық өзгерістерге төзімділік көрсетеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады.Оның айтуынша, биылғы І жартыжылдық қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 2,9 млн-ды құрады, бұл – 2026 жылдың басымен салыстырғанда 499 мың субъектіге немесе 20,4%-ға артық көрсеткіш. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 688 597 субъектіні құрады, ал жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жиынтық саны 1,9 млн-нан 2,3 млн-ға дейін артты.«Шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2021 жылдан бері тұрақты өсіп 33,5%-дан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 40,9%-ға дейін ұлғайды. Жеке кәсіпкерлердің өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына ауысуына қарамастан, экономикадағы бір жұмысшыға шаққандағы жалпы қосылған құнның оң өсуі сақталуда. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде 2,9%-ға, құрылыс және ауыл шаруашылығында 2,5%-ға, ақпарат және байланыста 2,4%-ға, сондай-ақ келесі салалар бойынша орта заңды тұлғалар санының өсуі тіркелді: жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда 5,8%-ға, қаржы және сақтандыруда 3,2%-ға, өзге де қызметтер 3,1% және басқа да салалар. Тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 60%-дан астамы сауда, ауыл шаруашылығы және өзге де қызметтер көрсету салаларында шоғырланған», — деп атап өтті вице-премьер.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1257656?lang=ru
Елімізде халықтың нақты табысы мен жұмыспен қамтылуы өсті 15.07.2026
Халықтың нақты табысы 0,1%-ға өсті, ал экономикадағы жалпы жұмыспен қамту 9,4 млн адамға жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады.Оның айтуынша, бұған жылдық инфляцияның баяулауы ықпал етті, ол маусым айында 10,3%-ға дейін төмендеді. Мемлекет басшысының азаматтардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде жаңа өндіріс орындары мен жоғары өнімді жұмыс орындарын құруға бағытталған халықтың табысын арттырудың кешенді жоспары қабылданды.«Экономикада жұмыспен қамтылу өсуді жалғастырып, 9,4 млн адамды құрады. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша шағын және орта кәсіпкерлікте тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны – 4,5 млн адам. Жұмыспен қамтуға және жалпы экономикалық белсенділікке айтарлықтай теріс әсер байқалмайды», — деді Серік Жұманғарин.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1257657?lang=ru
Жаңа Салық кодексін енгізу жобалық кеңсесінің 21-ші отырысында құжат жобасына кезекті түзетулер топтамасы жасалды 15.07.2026
Жаңа топтама Жобалық кеңсе мен салалық жұмыс топтарының жұмысы барысында берілген ұсыныстарды, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларын, Үкімет қаулылары, Премьер-министрдің тапсырмалары және Жобалық кеңсенің шешімдерін орындау үшін әзірленген түзетулерді біріктірген. Бүгінгі таңда пакетке барлығы 45 өзгеріс енгізілді. Олардың негізгі ережелері 2 шілдеде Ұлттық экономика министрлігінің сайтында және «Ашық НҚА» порталында жарияланған реттеуші саясаттың консультативтік құжатына енгізілді.Премьер- министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген Жобалық кеңсенің 21-ші отырысында қатысушылар кезекті түзетулер тобын қарады. Атап айтқанда, цифрлық активтердің заңды айналымын ынталандыру үшін жеңілдетілген салықтық жағдай жасау ұсынылады. Ол үшін жеке тұлғаларды 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңдегі цифрлық активтер қызметі қазақстандық провайдерлері арқылы жасалған цифрлық актив операцияларынан түскен кіріс бойынша жеке табыс салығынан босату көзделген.Түзетулердің жекелеген блогі инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге және шетелдік инвесторлар үшін неғұрлым тартымды жағдай жасауға арналған. Атап айтқанда, инвестициялық басым келісімшарттар, сондай-ақ фискалдық преференциялар пакетінде көзделген барлық инвестиция туралы келісімдер жасау тетігін қалпына келтіру ұсынылады. Сонымен қатар инвесторларға қажетті инфрақұрылымды дербес жүргізуге мүмкіндік беру, кейіннен КТС бойынша шегерім тетігі арқылы келтірілген шығынды өтеу ұсынылады.Жаңа пакетке бұрын Жобалық кеңсе отырыстарында әзірленген шешімдер де енгізілген. Олардың қатарында тауарды таңбалау шығысына үстеме шегерім енгізу, мүгедектігі бар адамдар үшін ЖТС бойынша шегерімді кеңейту, әлеуметтік салықтан жекелеген кірістерді босатуды қалпына келтіру, ҚҚС-дан факторинг пен форфейтингіні босату, есепке жатқызылатын ауыл шаруашылығы өнімі бойынша ҚҚС-ны түзету, жеміс шарабына акциз және басқа да бастамалар бар. Пакетке Жобалық кеңсе жұмысы барысында қабылданған 20 шешім кірді.Сондай-ақ пакет салықтық әкімшілендіруді одан әрі цифрландыруға, салық рәсімдерін жетілдіруге және Салық кодексін қолдану барысында анықталған мәселелерді шешуге арналған түзетулермен толықтырылды. Олар салық төлеушілердің өтініштерін, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және Жоғары аудиторлық палатаның ұсыныстарын ескере отырып дайындалды.Бұл ретте бірқатар бастама заң жобасы Құрылтайдың қарауына енгізілгенге дейін бизнес-қоғамдастықпен пысықтауды да талап етеді. Оларды талқылау Жобалық кеңсе алаңында жалғасады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1257479?lang=ru
ВАК қорытындысы: бизнесті дамыту, әкімшілік кедергіні қысқарту, АӨК-те бақылауды күшейту 15.07.2026
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті 100-ші отырысы өткізілді.Қатысушылар шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2025 жылғы қорытындысын шығарып, бизнеске әкімшілік жүктемені одан әрі төмендету шараларын қарастырды. Сондай-ақ өсімдік карантині, астық нарығы мен электрондық лотереяларды реттеу саласындағы бақылауды күшейтуге арналған заңнамалық бастамаларға қолдау білдірді.2025 жылы шағын және орта кәсіпкерлік секторы ел экономикасындағы өз позициясын нығайтуды жалғастырды. Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаевтың айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 2,36 млн шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, бүгінде оның 2,18 млн-ы жұмыс істеп тұр. Соңғы бес жылда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың үлесі 84,3%-дан 92,2%-ға артып, 7,9 пайыздық тармаққа өсті. Кәсіпкерлік сектордың негізгі бөлігін шағын бизнес алады, 2 357 172 субъект. Шағын және орта бизнестің ел экономикасына қосқан үлесі де өсуде. Егер 2020 жылы оның ЖІӨ-дегі үлесі 32,9% болса, 2025 жылы 40,9%-ға жетті. Оның ішінде шағын бизнестің үлесі 33,7%, орта бизнестің үлесі 7,2%.Отырыста айтылғандай, мемлекет реттеуді цифрландыру мен әкімшілік рәсімді қысқарту жұмысы жалғасуда. 2025 жылы бизнесті тексеру 4,9%-ға төмендеді. Біліктілік талабына сәйкестікті тексеру 69,5%-ға, 1 173-тен 358-ге қысқарды.Жоспардан тыс тексеру 47 154-тен 46 884-ке дейін, басқа тексеру 4 993-тен 3 449-ға дейін азайды.Рұқсат беру жүйесін оңтайландыру жалғасуда. Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрліктері жеке рұқсат құжатын беру мерзімін қысқартып, бұл кәсіпкерлерге 6-дан 18 күнге дейін үнемдеуге мүмкіндік берді. Есептілікті қысқарту да жүргізілуде. Қолданыстағы 192 ақпараттық құралдың 15%-ын да азайту ұсынылды. Қазірдің өзінде 79 құрал немесе жалпы көлемнің 40,7%-ы автоматтандырылды.Атап айтқанда, «Е-Қаржымині» жүйесінде 10 есептілік нысаны электрондық форматқа көшірілді. Отырыстағы тағы бір мәселе – азаматтарды электрондық жедел және тираждық лотереяларға шамадан тыс тарту тәуекелін азайтуға бағытталған заңнамаға түзетулер.Өзгеріс енгізуге азаматтардың мемлекеттік органдарға келіп түскен өтініші себеп болды. Туризм және спорт министрлігінің ақпараты бойынша, халықтың электрондық лотереяларда ірі қаржылық шығынға ұшырауы жиілеп кеткен (мысалы, Ақтөбе облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары арасында айтарлықтай шығын фактісі тіркелді). Қазіргі уақытта елімізде осындай қызметті жүзеге асыратын 200-ден астам ұйым жұмыс істейді. Түзетулер арқылы «лофтпарктарда» электрондық тираждық лотерея ойыны арасындағы аралықты ұлғайту ұсынылды. Енді оны әр үш минут сайын емес, 30 минутта бір рет өткізу қажет.Сонымен қатар белгілі бір уақыт аралығында лотерея операторынан сатып алынатын электрондық жедел лотерея билетінің санына да шектеу енгізіледі. Отырыс барысында агроөнеркәсіптік кешендегі құқықтық реттеуге ерекше назар аударылды.Облысаралық өнімді тасымалдау кезінде міндетті карантиндік сертификаттың жойылуына байланысты 2025 жылы карантиндік объектілердің бақылаусыз таралу қаупі туындады. 2023 жылы 158,5 млн теңге айыппұл сомасына 1 986, 2024 жылы 208,1 млн теңге сомасына 2 093 құқық бұзушылық анықталды.Түзетулер арқылы карантин енгізілген өнімді облысаралық тасымалдау кезінде карантиндік сертификатты қайтадан міндетті ету, ол болмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік тағайындау ұсынылады. Айыппұл мөлшері жеке тұлғалар үшін 20 АЕК; лауазымды тұлға, шағын кәсіпкерлік субъектісі мен коммерциялық емес ұйымдарға 30 АЕК; орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40 АЕК; ірі кәсіпкерлік субъектісіне 100 АЕК.Тағы бір шешім, жаңа егін жиын-терімі алдында астық қабылдау кәсіпорындарын жыл сайынғы тексеруді қайтару. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы атап өткендей, елде астық қабылдау кәсіпорындарын (АҚК) жүйелі тексеру 2018 жылдан бері жүргізілмеген. Оның айтуынша, бұл заңнамадағы өзгерістер мен жалпы тексеру жүргізудің тәсіліне байланысты.Қолданыстағы тәсіл астықты қабылдаудан бастап оны сақтау, кейіннен жөнелтуге дейінгі барлық технологиялық циклдің үздіксіз, кешенді мониторингін қамтамасыз ете алмайды.Нәтижесінде, соңғы бес жылда тексеру іс-шарасы тек төрт облыстағы кәсіпорында жүргізілген. Бұл дәнді дақылды кептіру мен сақтау кезіндегі технологиялық талаптың бұзылу қаупін едәуір арттырған. 2024 жылы 37 рет астық туралы заңнама талабын бұзу фактісі анықталып, 31 бизнес субъектісі жауапкершілікке тартылған. 2025 жылы осындай 11 мысал тіркеліп, төрт кәсіпорын жауапқа тартылды. «Астық туралы» заңға, Кәсіпкерлік кодексіне және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулерде астық қабылдау кәсіпорындарын жыл сайын міндетті түрде тексеру, сондай-ақ белгіленген талапқа сәйкес келмегені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделген. Реформа «QOLDAU» платформасында «АgriВonds» астық қолхаты жүйесінде тіркелген 189 бизнес субъектісіне әсер етеді. Бұл шара жаңа астықты қауіпсіз сақтап, үздіксіз қабылдауға мүмкіндік береді.Комиссия ВАК отырысында қаралған мәселелерге реттеушілік әсерді талдау нәтижесін мақұлдады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1257444?lang=ru
Қазақстан экономикасы шикізаттық емес салалардың тұрақты дамуы есебінен 4,1%-ға өсті 15.07.2026
Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2026 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанда ЖІӨ нақты өсуі қаңтар-мамырмен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа жеделдеп, 4,1%-ға жетті.Өсудің негізгі драйвері мұнайға жатпайтын сектор болып қала береді. Ұлттық экономика министрлігінің бағалауы бойынша оның өсуі 5% - дан асады. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда мұнай өндіру көлемінің 8,4% - ға төмендеуіне қарамастан, экономиканың нақты секторы 5,1% - ға, қызмет көрсету саласы 3,5% - ға өсті.Экономика шикізатқа жатпайтын сала есебінен өсуді жалғастыруда. ЖІӨ өсімінің 80% - дан астамын дамудың ең жоғары қарқынын сақтайтын өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда және көлік қамтамасыз етті.Құрылыс өсу қарқыны бойынша көшбасшы болып қала береді. Бірінші жартыжылдықта орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 15,2% - ға ұлғайды. 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6,7% - ға артық.Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 9,8% - ға өсті. Алты айдың қорытындысы бойынша шығарылған өнім көлемі 16,2 трлн теңгеге жетті. Бұл тау-кен өндіру саласының көрсеткішінен жоғары. Шамамен 15,9 трлн теңге.Өңдеу өнеркәсібінің 40% - дан астамын құрайтын металлургиядағы өндірістің өсу қарқынының төмендеуіне қарамастан, өңдеу секторының өсуін басқа өндірістер қамтамасыз етті. Дайын металл бұйымдарын шығару 39,9% - ға, автомобильдер 31,6% - ға, фармацевтикалық өнімдер 43,6% - ға, химиялық өнімдер 20,7% - ға, резеңке және пластмасса бұйымдары 21,8% - ға, құрылыс материалдары 14,1% - ға, тамақ өнімдері 14,7% - ға ұлғайды.Экономиканың басқа салаларында да оң динамика сақталуда. Сауда көлемі 5,7%-ға, ауыл шаруашылығы 4,4% - ға, байланыс қызметі 4,3% - ға өсті.Көлік-логистика саласы 7,1% - ға өсті. Өсім қосалқы көлік қызметінің 14% - ға артуымен, темір жол жүк тасымалы көлемінің 4,9% - ға және автомобиль жүк тасымалы көлемінің 11,4% - ға ұлғаюымен қамтамасыз етілген.Жоғары инвестициялық белсенділік сақталуда. Негізгі капиталға салынған инвестиция 9,6% - ға өсті. Ең елеулі өсім ақпарат және байланыс саласында. Ол 2,3 есеге, электрмен жабдықтау 61,4%-ға, өңдеу өнеркәсібі 33,3%-ға, ауыл шаруашылығы 24,6%-ға және көлік 11,6%-ға байқалды.Осылайша, шикізатқа жатпайтын салалардың қарқынды дамуы мен жоғары инвестициялық белсенділік Қазақстанның экономикалық өсуінің тұрақты негізін қалыптастыруды жалғастыруда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1257331?lang=ru
Алматыдағы Республика алаңын көріктендіру жұмыстары аяқталды 15.07.2026
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Республика алаңында аяқталған көріктендіру жұмыстарының нәтижесімен танысты. Жұмыс сапары барысында оған қаланың басты қоғамдық кеңістіктерінің бірі – Республика алаңын қайта жаңғырту қорытындысы таныстырылып, сондай-ақ Сәтбаев көшесінің Байзақов көшесінен Луганский көшесіне дейінгі аралығын кешенді көркейту жобасының жүзеге асырылу барысы баяндалды.Жобаның тұжырымдамасын Ұлыбританияның Лондон қаласындағы LDA Design компаниясы әзірлеген. Бұл жұмысты Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты негізінде жүргізді.Жобаның басты мақсаты – жүргіншілерге басымдық берілетін, заманауи, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру. Республика алаңында көріктендірілген аумақтың жалпы көлемі 4,5 гектар.Алаңда қоғамдық кеңістіктің жабындары толық жаңартылып, инженерлік желілер, сыртқы жарықтандыру және автоматтандырылған суару жүйесі заман талабына сай жаңғыртылды. Құрылыс барысында пайдалану мерзімі 10 жылдан заманауи, төзімді материалдар қолданылды. Бұл алдағы уақытта аумақты күтіп-ұстау шығынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.Көгалдандыру жұмыстары ауқымды көлемде жүргізілді. Алаңға 233 ірі ағаш, 63 мыңнан астам бұта және 17,7 мың көпжылдық өсімдік егіліп, көгалдар мен беде жамылғысы төселді. Кешкі уақытта жасыл желек сәулеттік-көркем жарықпен әрленіп, қоғамдық кеңістіктің ажарын аша түседі. Сонымен бірге, аумаққа 129 заманауи жарық шамы орнатылып, алаң толық жарықтандырылды.Тұрғындардың жайлы демалысы үшін заманауи балалар ойын алаңдары, серуендеу жолдары, демалыс аймақтары және екі амфитеатр салынды. Сондай-ақ, алаңда велосипед жолақтары жасалып, олар болашақта Сәтбаев көшесі бойымен өтетін бірыңғай веложол желісінің құрамына енеді. Бұдан бөлек, орындықтар, қоқыс жәшіктері, велосипед тұрақтары, үстелдер, креслолар, ландшафтық жиһаздар, аркалар және басқа да шағын сәулет нысандарын қамтитын 500-ден астам көріктендіру элементі орнатылды.Жаңартылған алаңның басты ерекшеліктерінің бірі – қоғамдық кеңістіктің жаңа ландшафтық келбетін айшықтайтын сегіз сәндік су айдыны. Бұған қоса, бұрыннан бар субұрқақтар толық жөндеуден өткізіліп, заманауи жаңа субұрқақ кешендері салынды. Олар қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналмақ.Жоба аясында көлік және жаяу жүргінші инфрақұрылымын жетілдіруге де ерекше көңіл бөлінді. Сәтбаев көшесінде жаңа қоғамдық көлік аялдамасы пайдалануға беріліп, қаланың әкімшілік әрі іскерлік орталығына қатынау мүмкіндігі жақсарды. Сонымен қатар қосымша бағдаршамдар орнатылып, реттелетін жүргіншілер өткелдері жасалды және халықтың барлық санатына қолайлы кедергісіз орта қалыптастырылды.Жобаны іске асыру барысында ескі жабындар алынып, жаңа инженерлік коммуникациялар тартылды, автоматты суару жүйесі, павильондарға арналған негіздер және басқа да қажетті құрылыс жұмыстары орындалды.Жоба толық аяқталған соң Сәтбаев көшесі бойында біртұтас заманауи қоғамдық кеңістік қалыптасады. Ал жаңарған Республика алаңы Алматының ең көрікті әрі тартымды қоғамдық орындарының бірі ретінде тұрғындар мен қала қонақтарына серуендеуге, тынығуға, спортпен айналысуға, мәдени іс-шаралар мен мерекелік басқосулар өткізуге қолайлы мекен болмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1255740?lang=ru
Алматыда Корея Республикасының жетекші сарапшыларының қатысуымен ACT Creative Tech Week 2026 халықаралық форумы өтеді 14.07.2026
2026 жылы 23–26 шілде аралығында Алматыда білім беру, креативті индустрия, жасанды интеллект және цифрлық технология саласының Қазақстан мен Корея Республикасындағы өкілдерін біріктіретін ACT Creative Tech Week 2026 халықаралық форумы өтеді.Форумды өткізу Сеул қаласында «Диалог» аудармашылар одағы» қоғамдық бірлестігі, Academy of Creative Technologies (ACT) және YLAB Academy арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумды іске асырудың алғашқы практикалық қадамы болды.2026 жылы 4 шілдеде Сеул қаласында «Диалог» аудармашылар одағы» қоғамдық бірлестігі, Academy of Creative Technologies (ACT) және YLAB Academy өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.Құжат білім беру, креативті индустрия, жасанды интеллект және цифрлық технология салаларындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеп, халықаралық іс-шаралар өткізеді және кәсіби тәжірибе алмасады.ACT – ALT University базасында жұмыс істейтін, жасанды интеллект, ақпараттық технология және креативті технология салалары бойынша мамандар даярлайтын халықаралық білім беру платформасы. Ал YLAB Academy – вебтун индустриясы мен зияткерлік меншік (IP) әзірлеу бағытындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын YLAB компаниясының білім беру бөлімшесі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1255114?lang=ru
Үкімет, Ұлттық Банк және қаржы реттеушісі макроэкономикалық саясат пен несие нарығын дамытудағы басымдықты талқылады 14.07.2026
Экономиканың өсуі, кредиттік нарықтың дамуы, бизнесті қолдау және экономиканың нақты секторын ынталандыру Үкімет, Ұлттық Банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және сарапшылар қоғамдастығы өкілдерінің бірлескен талқылау тақырыбының негізіне айналды.Мемлекет басшысы алға қойған міндет – орнықты экономикалық өсуді және азаматтардың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету экономикалық блоктың жұмысы үшін негізгі бағдар болып қала береді. Осы мақсатқа сүйене отырып, кездесуге қатысушылар ағымдағы макроэкономикалық жағдайды, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы Қазақстанның экономикалық белсенділігінің алдын ала қорытындыларын қарастырып, макроэкономикалық саясаттың одан арғы басымдықтарын талқылады.Сараптамалық кездесу Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институтының алаңында өткізілді. Талқылауға Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Дәурен Сәлімбаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов, Экономикалық зерттеулер институты төрағасының орынбасары Дастан Әкебаев және институт сарапшылары қатысты.Экономикалық зерттеулер институтының ішкі сұраныс динамикасына, несиелендіруді дамытуға және салалық белсенділікке арналған талдамалық баяндамасы талқылауға негіз болды.Ұсынылған дерекке қарағанда, 2026 жылғы қаңтар–мамыр қорытындылары бойынша Қазақстандағы ЖІӨ нақты өсімі – 3,7%. Экономиканың мұнай емес секторы 5%-ға, құрылыс – 13,4%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 9%-ға өсті. Өңдеудің өсуіне негізінен машина жасау, химия өнеркәсібі, металл бұйымдарын өндіру, сондай-ақ азық-түлік өндірісі үлес қосты. 6 айдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 10,3%-ға баяулады. Сондай-ақ талдамалық баяндамада азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауардың бөлшек сауда динамикасы, іскерлік белсенділіктің түрлі индикаторы, тұтынушылық сұраныстың несиелік арнасы және проблемалық несиелер динамикасы туралы мәлімет ұсынылды.Талқылау барысында Серік Жұманғарин кредиттік нарықтың ағымдағы үрдістеріне егжей-тегжейлі тоқталды.«Бүгін біз экономиканың түрлі секторында көп бағытты процесті көріп отырмыз. Тұтынушылық несиелеу қарқыны 2024 жылы баяулай бастап, кепілсіз қарыздардың динамикасы да біртіндеп төмендеген. Нәтижесінде автомобиль нарығы, тұрмыстық техника, электроника, қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары қарқынды өсу кезеңінен кейін объективті тұрақтануға көшуде. Бұл үрдіс тек 2025 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан макропруденциалдық саясатқа ғана емес, сонымен қатар нарықтың табиғи қанықтылығына да байланысты екенін түсіну маңызды. Тұтынушылық несиелеу түбегейлі жаңа сұранысты тудырмайды, тек оның уақытын ғана өзгертеді. Сонымен қатар бүгінгі таңда сараланған тәсілді ұстану өте маңызды: қызып кеткен тұтынушылық сегменттерді шектеу, сонымен бірге ұзақ мерзімді экономикалық өсуді қалыптастыратын салалардың дамуына жағдай жасау. Тұрғын үй, сапалы ипотека және автомобиль өнеркәсібі іргелес өндірістер мен қызметтердің дамуын қамтамасыз ететін маңызды өсу нүктелері болып қала береді. Үкіметтің басты міндеті-еңбек өнімділігін арттыру және экономиканың негізгі секторларында азаматтардың нақты табысын арттыру», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық Банктің бағалауы бойынша ішкі сұраныстың ағымдағы серпіні экономиканың жүйелі салқындауын көрсетпейтінін атап өтіп, монетарлық реттеушінің ұстанымын ұсынды. Бөлшек сауда жыл басынан бері біршама жеделдесе, ал тұтынушылық несиелендірудің баяулауы халықтың кредиттелуін және инфляциялық қысымды төмендету бойынша қабылданған шаралардың нысаналы нәтижесі. Мұндай жағдайларда сұранысты қосымша ынталандыру талап етілмейді. Өйткені ұсыныстың ағымдағы шектеулерінде ол негізінен инфляциялық әсерге ие болуы мүмкін.«ҚНРДА-мен бірлесіп іске асырылған шаралар кешені инфляция драйверінің бірі болған кепілсіз несиелердің нормативтен тыс өсуін тоқтатуға мүмкіндік берді. Бұл ретте біз барынша салмақты әрекет етеміз. Қазіргі уақытта қабылданған шаралардың нәтижесін талдау негізінде біз БЖК және ҚТК бойынша талаптарды қатаңдатудан бас тарту, сондай-ақ ипотека бойынша СЭС төмендетпеу туралы бірлескен шешім қабылдадық. Бұдан басқа, экономикадағы жиынтық сұраныс қазір инвестициялардағы оң үрдіс есебінен қолдау табуда, онда инвестицияның 70%-дан астамы жеке секторға тиесілі», — деп атап өтті ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов.Кредиттік портфельдер мен қаржы жүйесін қорғау шараларының сапасын талдауды ҚНРДА төрағасының орынбасары Дәурен Сәлімбаев жалғастырды.«NPL 90+ қалдықтарының жалпы көлемінің өсуі өткен кезеңдердің жинақтаушы көрсеткіші және жаңадан берілетін қарыздардың сапасын көрсетпейді. Біз жеке тұлғалардың кепілсіз несиелері бойынша 1,5% бақыланатын деңгейде болатын дефолт-рейтингке назар аударамыз. Корпоративтік секторда және ШОБ-та портфельдердің жүйелі нашарлауы да тіркелмейді. Сонымен бірге Агенттік бизнесті макропруденциалды ынталандырудың белсенді саясатын жүргізуде: ШОБ кредиттері үшін тәуекел-салмақтау коэффициенті 50%-ға дейін (стандартты 100%-ға қарсы және тұтынушылық 350%-ға дейін) төмендетілді. Бұл нақты секторды қаржыландыру үшін банктердің капиталын босатады», — деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары.Кездесуге қатысушылар Қазақстанның жалпы макроэкономикалық бейнесі оң күйінде қалуда, ал тұтынуды тұрақты салқындату бірнеше жыл бойы кредиттеудің аса жоғары (30%+) қарқынынан кейін қалыпқа келтірудің заңды процесі деген пікірге келісті.Кездесуде сауданы трансформациялауға және e-commerce-ке сұраныс ағынына ерекше назар аударылды (ҚР-да электрондық бөлшек сауда көлемі 2025 жылға қарай 3,77 трлн теңгеге дейін ұлғайды). Ірі цифрлық платформалар мен маркетплейстер біртіндеп қаржылық экожүйеге айналып, банктердің белгілерін игеріп жатқан кезде, қатысушылар жедел әрекет ету қажеттілігін мәлімдеді.Ұлттық Банк пен ҚНРДА бірлесіп әзірлеген BNPL (бөліп төлеу) нарығын реттеу жөніндегі заңнамалық түзетулер тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатаң талаптарды енгізеді. Егер сатып алу процесіне үшінші қаржыландырушы тарап тартылса, ол банк болып табылмаса да, оған тиісті міндеттемелер жүктеледі.Қатысушылар атап өткендей, маркетплейстерді реттеу – бұл тұтынушылардың құқықтарын қорғау, жасырын комиссияларды монополиялық белгілеуге жол бермеу және тәуекелдерді бөлуді бақылау мәселесі. Ойынның бірыңғай ережелерін Сауда және интеграция министрлігі, ҚНРДА, БҚДА және «Атамекен» ҰКП әзірлейді.Экономикалық саясатты талқылау шеңберінде Тимур Сүлейменов шағын және орта бизнес елдегі жұмыспен қамтудың шамамен 40% қамтамасыз ететініне және нарықтағы кез келген ауытқулар азаматтардың осы санатының нақты табысына тікелей әсер ететініне назар аударды.Кеңеске қатысушылар банктердің қаржылық белсенділігін тұтыну секторынан нақты экономика мен ШОБ-ты кредиттеуге қайта бағдарлаудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты «Бәйтерек» холдингі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ желісі бойынша стратегиялық жобаларды қаржыландыру бағдарламаларын қоса алғанда, ШОБ іскерлік белсенділігін ынталандырудағы мемлекеттік даму институттарының рөлі атап өтілді. Қатысушылар бизнесті қолдау бағдарламалары ең алдымен экономиканың өндірістік әлеуетін кеңейтуге бағытталған, ашық, нүктелі болуы тиіс екенін атап өтті. Ұлттық Банк квази-фискалды қаржыландыру ұсыныстың, өнімділіктің және локализацияның өсуіне әкелген жағдайда ғана дезинфляциялық әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Әйтпесе, мұндай бағдарламалар жиынтық сұранысты күшейтеді және қосымша инфляциялық қысым жасайды.Банк қауымдастығымен бірлесіп жұмыс істеу қажеттілігі, тікелей бәсекелестікке/банктерді нарықтық саладан шығаруға жол бермеу де атап өтілді.Фискалдық саясат туралы айта отырып, тараптар мерзімсіз салықтық жеңілдіктер беру тәжірибесінен бас тарту керектігіне келісті. Мемлекеттік преференциялар инвесторларға қарсы міндеттемелердің орнына ғана бөлінуі керек: ашық есеп беру және өндірісті нақты оқшаулау. Тиімді нарықтық жобаларға қолдау көрсетілуі тиіс, ал тек тиімсіз мемлекеттік субсидиялар есебінен қолдан жасалған экономикалық модельдер жасауға жол берілмейді.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзекті деректерді мониторингілеу және талдау негізінде макроэкономикалық, пруденциалдық және квазифискалдық тетіктерді нүктелік баптауды жалғастыруға келісті. Бұл ретте қатысушылар экономикалық саясат шаралары сұранысты жасанды ынталандыруға емес, инфляцияны төмендетуге, өнімділікті арттыруға, ұсынысты кеңейтуге және экономикалық өсу сапасын арттыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар экономика салалары бөлінісінде жобаларды қаржыландырудың өзекті мәселелері бойынша «Бәйтерек» холдингімен және екінші деңгейдегі банктермен жеке кездесу өткізуге келісті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1255292?lang=ru
Салық кодексін енгізудің жобалық кеңсесі ЖТС бойынша базалық және әлеуметтік салық шегерімдерін қолдану мәселелерін қарады 14.07.2026
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен жаңа Салық Кодексін енгізу жобалық кеңсесінің 20-шы отырысы өткізілді. Отырыстың негізгі тақырыбы – жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша базалық және әлеуметтік салық шегерімдерін қолданудың практикалық мәселелері.Жаңа Салық кодексінің негізгі жаңалығының бірі – салық шегерімдері жүйесін жетілдіру және азаматтарға салық жүктемесін азайту. Атап айтқанда, ай сайын 30 АЕК мөлшерінде, бірақ күнтізбелік жылда 360 АЕК-тен аспайтын базалық салық шегерімі енгізілді. Ол жеке тұлғаның салық салынатын кірісін азайтады, демек, төлеуге жататын ЖТС сомасын азайтады. Бұдан басқа, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары бойынша шегерімдер сақталды.Отырыс барысында қызметкердің табыс мөлшері шегерім сомасынан төмен болған жағдайларда базалық салық шегерімін қолдану мәселесі қаралды. Бұрын қолданыста болған Салық кодексі күнтізбелік жыл шегінде салық шегерімдерінің асып кетуін келесі айларға ауыстыруды көздейтін. Кодекстің жаңа редакциясында мұндай норма жоқ.«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері базалық шегерімнің пайдаланылмаған бөлігін ауыстырудың бұрын қолданыста болған тетігін сақтауды ұсынды. Сонымен бірге, мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері жаңа норманың идеологиясы азаматтарды, ең алдымен табысы төмен қызметкерлерді ай сайынғы қолдау шарасы ретінде базалық салық шегерімін беру болып табылатынын түсіндірді. Сондықтан базалық салық шегерімі әрбір күнтізбелік ай үшін жеке қолданылады және пайдаланылмаған соманы кейінгі салық кезеңдеріне ауыстыруды көздемейді.Талқылау қорытындысы бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті келесі күнтізбелік кезеңдерге базалық салық шегерімінің асып кетуіне жол берілмейтінін растайтын ресми түсініктемелер дайындайды деп шешілді.Отырысқа қатысушылар ЖТС бойынша әлеуметтік салық шегерімін қолдану мәселелеріне ерекше назар аударды. Салық кодексінде I және II топтағы мүгедек адамдар үшін 5 000 АЕК, сондай-ақ III топтағы мүгедек адамдар, мүгедек балалардың ата-аналары, асырап алушылар, асырап алушылар мен қамқоршылар үшін 882 АЕК мөлшерінде әлеуметтік салық шегерімі көзделген.Отырысқа қатысушылар Салық кодексінің қолданыстағы редакциясы жұмыс берушінің ауысуы кезінде әлеуметтік салық шегерімінің пайдаланылмаған сомасын есепке алу мүмкіндігін көздейтінін атап өтті. Сонымен қатар Кодексте жеке тұлға бір мезгілде бірнеше жұмыс берушілерде жұмыс істейтін жағдайларда мұндай шегерімді қолдану тәртібін тікелей реттеу қамтылмаған.Талқылау барысында нақты ережелердің болмауы норманы екіұшты қолдану және оны жосықсыз пайдалану тәуекелдерін тудыруы мүмкін екендігі атап өтілді. Осыған байланысты Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетіне салықтық жеңілдіктің әлеуметтік бағытын сақтауды қамтамасыз ететін және оны қолдану кезінде теріс пайдалану мүмкіндігін болдырмайтын бірыңғай тәсілді әзірлеу тапсырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1255312?lang=ru
Қазақстан мен Ауғанстан өзара сауданы кеңейту үшін банктік ынтымақтастықты дамытуды талқылады 14.07.2026
Серік Жұманғарин Ghazanfar Bank төрағасы Мұхаммед Исмаил Газанфармен кездесті.Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы қаржылық-банктік ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылады.Серік Жұманғарин атап өткендей, Қазақстан Ауғанстанмен сауда-экономикалық байланысты нығайтуға зор мән береді. Өзара сауданың одан әрі өсуінің негізгі шартының бірі екі елдің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында есеп айырысудың үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз ететін сенімді және ашық банк инфрақұрылымын дамыту.Қазіргі уақытта 23 қазақстандық банктің екеуі ауған банктерімен корреспонденттік қатынастарды қолдайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы трансшекаралық төлемдер мен ақша қаражатын аудару көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 26%-ға ұлғайып, 140 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте көрсетілген кезеңде тауарлар мен қызметтер үшін төлемдер көлемі бес есеге өскен.Тараптар банктер арасындағы корреспонденттік қатынасты кеңейту, тікелей банк арналарын құру, трансшекаралық төлемдер тетігін жетілдіру және сыртқы сауда операцияларын қаржылық сүйемелдеу перспективаларын талқылады. Қазіргі уақытта тағы бір қазақстандық банк Ghazanfar Bank-пен корреспонденттік шоттар ашу рәсімінен өтіп жатқаны атап өтілді.Оң динамика өзара саудада да сақталады. 2026 жылғы қаңтар-сәуірдің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы $342,4 млн-ға жетті, бұл 2025 жылғы ұқсас кезеңнің көрсеткішінен 2,3 есе ($150,6 млн) артық. Негізгі салым экспортпен қамтамасыз етіліп, оның көлемі $338,5 млн-ға жетіп, 2,3 есеге ұлғайды. Жеткізілімдердің өсуі, ең алдымен, бидай және бидай-қара бидай ұны, күнбағыс майы және басқа да өнімдер экспортының ұлғаюына байланысты.Анықтама:Ghazanfar Bank – Ауғанстандағы ең көне коммерциялық банктің бірі және 2009 жылдан бастап елдің Орталық Банкінің лицензиясы бойынша жұмыс істейді. Банк корпоративті және бөлшек клиенттерге дәстүрлі және исламдық банктік қызметтердің толық спектрін ұсынады. Соңғы төрт жыл ішінде Ghazanfar Bank Ауғанстан реттеушісі тарапынан банктердің қаржылық тұрақтылығын, басқару сапасын, өтімділігі мен сенімділігін бағалаудың ең жоғары көрсеткішінің бірі – CAMEL 2 рейтингін алды.Банк Қазақстан, Түркия, БАӘ, Қытай, Үндістан, Өзбекстан, Бахрейн және тағы да басқа бірқатар елдегі қаржы институттарымен корреспонденттік қатынастарды қолдайды. Қазақстанда Ghazanfar Bank серіктесі Zaman bank болып табылады. 2025 жылы банк арқылы халықаралық төлемдер мен аударымдар, соның ішінде халықаралық ұйымдар мен бизнес үшін шамамен $1,3 млрд өтті.Ghazanfar Bank кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл саласындағы (AML/CFT) халықаралық стандарттардың сақталуына ерекше назар аударады, қаржылық мониторингтің заманауи жүйелерін пайдаланады және қаржылық операциялардың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1255323?lang=ru
Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы 14.07.2026
Тіршілік иесінің киелі мекені – Алакөл өңірі ежелден табиғатының сұлулығымен, көл суының емдік қасиетімен ерекшеленіп, талайлардың көз жауын алып келген. Қанатты жиһанкездердің көптеген түрлерінің мекендейтін нағыз жұмағы, ақын-жазушылар ән-жырына арқау еткен, ата-бабамыздан мұра болып қалған осы бір тамаша жерді келешек ұрпақтарға қаз-қалпында аманат ету - қазіргі біздің міндетіміз.Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы 1998 жылы Тентек өзенінің атырауының жануарларымен өсімдік әлемін және Алакөл көліндегі Аралтөбе аралдарындағы көне дәуір шағаласының ерекше популяциясын сақтау мақсатында құрылған.Қорық аумағы 65 672 гектар жерді құрайды, оның ішінде 17 877 гектар Жетісу облысының Алакөл ауданында және 47 795 гектар Абай облысының Үржар және Мақаншы аудандарында жатыр.Бұл өңір құстардың Орталық-Азия – Үнді миграциялық жолы болып табылғандықтан, Алакөл-Сасықкөл көлдер жүйесі 2009 жылы 25 қараша күні 1892 реттік санымен Рамсар конвенциясының тізіміне енгізілді, қазіргі таңда бұл жерлер әлемдік маңызы бар сулы-батпақты алқап болып табылады.2013 жылы 29 мамырда Алакөл қорығы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар желісіне қосылды.Алакөл қорығы Қазақстандағы сулы-батпақты құстардың негізгі ұя салатын, түлейтін және миграция кезінде тоқтайтын ең ірі орындарының бірі болып табылады. Мұндағы жануарлардың басым бөлігін құстар мен балықтар алып отыр.Алакөл қорығының құстар фаунасы 330 түрімен берілген, оның ішінде 133 түрі қорық аумағында тұрақты ұя салады. 16 түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген. Көне дәуір шағаласы – Алакөлдің символы мен мақтанышы болып табылады.Қорықта сүтқоректілердің 35 түрі мекендейді. Оның ішінде басым көпшілігі шөлді аймақтың кеміргіштері болып келген. Қорық аумағы үшін сүтқоректілерден маңыздысы ретінде қабан, түлкі, борсық, елік, қоян, ондатр және қасқыр жатады.Балықтардың 18 түрі суайдындарды мекен етеді, оның ішінде 9 түрі аборигенді болып есептеледі, сонымен қатар Балқаш-Алакөл ойпатының эндемиктері болып саналатын балқаш алабұғасы мен балқаш қарабалығы кездеседі.Алакөл ойпатында бауырымен жорғалаушылардың 24 түрі таралған, соның ішінде қорық аумағында 10 түрі кездеседі.Қосмекенділердің 2 түрі қорықта кездеседі, оның ішінде даната құрбақасы Қазақстан Республикасының Қызыл Кітабына енгізілген.Алакөл қорығы аумағындағы жәндіктердің 392 түрі белгілі.Қазіргі таңда өсімдік жамылғысының 290 түрі өседі, оның ішінде жоғарғы топтағы 288 түрі тіркелген, төменгі топтағы өсімдіктер 2 түрмен берілген.Табиғаттың бергені мен берері адамзат үшін теңдесі жоқ байлық. Сондықтан, барымызды бағалай білейік. Табиғатты қорғау парызымыз екенін ұмытпайық. Қайда жүрсек те, қандай іспен айналыссақ та туған жердің табиғатына жетер ештеңе жоқ. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1254494?lang=ru
Ерлан Сағынаев Алматыда: өндірістік алаңдардан әлеуметтік кәсіпкерлікке дейін- бизнесті бүгінгі таңда толғандыратын мәселелер 14.07.2026
Бүгінде 362 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейтін, миллионнан астам адам жұмыспен қамтылған Алматы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаевтың жұмыс сапары кестесіндегі кезекті өңірге айналды. Сапардың негізгі мақсаты – кәсіпкерлермен мемлекеттік саясат деңгейіндегі шешімді талап ететін мәселелерді талқылау, сондай-ақ бизнесті қолдаудың қолданыстағы шараларының тиімділігін бағалау.Алматы еліміздің ірі кәсіпкерлік орталығы. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығару көлемі 30,6 трлн теңгеге жеткен. Бұл Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің шамамен 12%-ы.Бизнес, мемлекеттік органдар, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы және салалық қауымдастықтардың өкілдерімен кездесу барысында кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Қатысушылар отандық өндірушілер мен әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімдерін жетілдіру, қаржыландыруға қол жеткізуді арттыру, стартаптарды қолдау, әкімшілік жүктемені азайту, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, сондай-ақ отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру тақырыбын көтерді.Ерлан Сағынаев қатысушыларды бизнесті мемлекеттік қолдаудың жүзеге асырылып жатқан шаралары туралы хабардар етті. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау тетіктерін, «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламалары шеңберінде жеңілдікпен қаржыландыруды, сондай-ақ «Даму» қорының кепілдік қолдауын пайдалана алады. 2026 жылы Алматыда осы шараларды жүзеге асыруға 35 млрд теңгеден көп қаражат қарастырылған.Жұмыс сапары дөңгелек үстел форматындағы мәселелерді талқылаумен шектелген жоқ. Вице-министр қаланың бірқатар өндірістік кәсіпорындарында болып, олардың қызметімен, өндірістік процестерімен және даму жоспарларымен танысты. Барған объектілердің қатарында қасбеттік термопанель шығаратын «TEPLOSTIL» ЖШС, жылу және сумен жабдықтау жүйелеріне арналған жабдық өндіруге маманданған «Энергетикалық компания» ЖШС, сондай-ақ кабель-өткізгіш өнімін шығаратын «HARMONY CABLE» ЖШС бар.Бағдарламаның тағы бір легі әлеуметтік кәсіпкерлікке арналды. Ерлан Сағынаев түрлі салада жұмыс істейтін бірнеше әлеуметтік кәсіпорынға барып, олардың басшыларымен қолданыстағы қолдау тетіктерін жетілдіру мәселесін талқылады. Аталған бастамалар ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанынан құрылған әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының қызметі шеңберінде қаралатын болады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1254235?lang=ru
Серік Жұманғарин Philip Morris International басшылығымен ЕАЭО-да құрамында никотин бар өнімдерді техникалық реттеу мәселесін талқылады 14.07.2026
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ТМД және Орталық Азия аймағы бойынша Philip Morris International президенті Марко Мариоттимен кездесті.Кездесуде Серік Жұманғарин көп жылғы ынтымақтастығы мен Қазақстан экономикасының дамуына қосқан үлесі үшін компанияға алғыс айтты.«Philip Morris Kazakhstan көп жылдан бері еліміздің ірі шетелдік инвесторының бірі. Біз компанияның жұмыс орындарын ашуға, өндірістік әлеуетті дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және Қазақстанның экспорттық мүмкіндігін нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз», — деп атап өтті вице-премьер.Кездесу барысында тараптар құрамында никотин бар және никотин жоқ өнімдерге арналған Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентінің жобасын әзірлеуді талқылады.Серік Жұманғарин Қазақстан ЕАЭО шеңберінде техникалық реттеудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруды қолдайтынын атап өтті. Сонымен бірге әзірленіп жатқан техникалық регламент Одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасы ерекшеліктерін ескеруге, халық денсаулығын қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге және құрамында никотин бар өнімдердің әртүрлі санатын реттеу кезінде құқықтық қайшылықтар туғызбауы тиіс.Қазақстан Республикасының халық денсаулығын қорғау саласындағы қолданыстағы заңнамасын, сондай-ақ елдің темекіні бақылау саласындағы халықаралық міндеттемелерін сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде шекпейтін темекі өнімдерін, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу белгіленгені атап өтілді.Марко Мариотти компанияның Қазақстанда ЕАЭО, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдерінің кәсіпорындарына қызмет көрсету үшін өнімдерді тестілеу және талдау бойынша заманауи зертхана құру жоспарлары туралы хабардар етті. Жобаны халықаралық стандарттарға сәйкес компанияның өз инвестициялары есебінен жүзеге асыру жоспарлануда.Кездесу қорытындысында тараптар Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде техникалық реттеу мәселесі бойынша сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға, қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз етуге және Қазақстан Республикасының халық денсаулығын қорғау саласындағы ұлттық заңнамасының талаптарын сақтауға мүдделілігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1253524?lang=ru
Дархан Сатыбалды ЕҚДБ президентімен Алматының инфрақұрылымын дамыту мен жаңа жобаларды талқылады 14.07.2026
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассомен кездесті. Тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру және қала инфрақұрылымы, көлік, энергетика, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.ЕҚДБ басшысының Қазақстанға сапары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысы аясында өтіп жатыр.Дархан Сатыбалды ЕҚДБ-ның Қазақстанмен ынтымақтастығы басталғалы бері елдің дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.«Алматы – еліміздің ең ірі экономикалық орталығы әрі Қазақстан дамуының негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Бүгінде қала республика экономикасының шамамен төрттен бір бөлігін қалыптастырып, жетекші іскерлік әрі инвестициялық орталық мәртебесін сақтап отыр. Біз үшін халықаралық серіктестермен қаржыландыру бағытында ғана емес, сонымен бірге олардың заманауи қалалық шешімдерді енгізудегі тәжірибесін пайдалану тұрғысынан да ынтымақтастықты дамыту маңызды», – деді Алматы әкімі.Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – ЕҚДБ, Қазақстанның даму банкі және Азия даму банкі қолдауымен жүзеге асырылып жатқан Алматыдағы 2-ЖЭО-ын жаңғырту жобасы болды.Сонымен қатар тараптар Алматы халықаралық әуежайын дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды, оның ішінде жаңа жолаушылар терминалын салу, сондай-ақ Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ) жобасын талқылады.Кездесуде тұрақты даму мәселесіне де ерекше мән берілді. Алматы ЕҚДБ-ның Green Cities бастамасына қосылған Орталық Азиядағы алғашқы шаһар. Тараптар қала инфрақұрылымын жаңғырту, рельсті көлік жүйесін дамыту және жаңа инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін «жасыл» қаржыландыру тетіктерін пайдалану бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру жайын қарастырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1253252?lang=ru
Астанада МЖӘ дамыту бойынша халықаралық инвестициялық диалог өткізілуде: инвесторларға жеті ірі инфрақұрылымдық жоба таныстырылды 14.07.2026
Астанада Азия даму банкінің қолдауымен ұйымдастырылған Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті (МЖӘ) дамыту бойынша халықаралық инвестициялық диалог өткізілуде. Іс-шараға мемлекеттік органдар, халықаралық қаржы институттары, инвесторлар, банктер мен жетекші халықаралық консультанттар қатысуда.Диалогтың негізгі мақсаты – инфрақұрылымдық жобаларға жеке капитал тарту перспективасын талқылау, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін жетілдіру және мемлекет, инвесторлар мен халықаралық қаржы институттары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.Бағдарламаның басты оқиғасы – халықаралық қаржы институттарының қатысуымен іске асырылатын ерекше маңызы бар МЖӘ жобаларының роудшоуы. Әлеуетті инвесторларға жеті ірі инфрақұрылымдық жоба ұсынылып отыр.Олардың қатарында Қарағанды, Семей, Ақтөбе мен Алматы қаласында университеттік аурухана салу, Алматыда Satbayev University жаңа студенттік жатақханаларын салу, «Алматы – Ыстықкөл» автомобиль жолының жобасын іске асыру, сондай-ақ Маңғыстау облысында теңіз суын тұщыландыру зауытын салу бар.Тақырыптық сессиялар шеңберінде қатысушыларға әлеуметтік инфрақұрылым жобалары, соның ішінде Семей мен Ақтөбеде салынатын ауруханалар мен Satbayev University студенттік жатақханаларының құрылысы егжей-тегжейлі айтылды.2026 жылғы 1 маусымдағы жағдайға қарағанда, Қазақстанда жалпы сомасы 3,65 трлн теңгеге 1 241 мемлекеттік-жекешелік әріптестік және концессия шарты жасалған. Тартылған инвестиция көлемі 1,42 трлн теңгеге немесе шамамен 2,9 млрд АҚШ долларына жетті.Таңертеңгілік сессия барысында халықаралық банкирлер мен мемлекеттік орган өкілдері инфрақұрылымды трансформациялау мәселесін талқыласа, түскі астан кейін қатысушылар практикалық бөлімге көшеді. Тәжірибелі спикерлер бизнес-идеяны әзірлеуден бастап оны нарыққа шығаруға дейінгі дайын кейстерді ұсынады. Ең бастысы, іс-шара шеңберінде market sounding (нарықтық консультациялар) сессиясы өткізілуде. Халықаралық инвестициялық диалог жүргізу Қазақстанның халықаралық капиталдың қатысуымен ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда сенімді алаң ретіндегі ұстанымын нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін дамытуға және ел экономикасына инвестиция тартуға қосымша серпін беруге арналған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1253235?lang=ru
Іле-Алатау ұлттық паркі: тау мен орман тоғысқан табиғи мұра 14.07.2026
Іле Алатауының айбынды шыңдарына көз салсаңыз, алдыңыздан қар басқан биік таулар, терең шатқалдар, мөлдір тау өзендері мен табиғат өзінің тұмса сұлулығын сақтап қалған ну ормандар әлемі ашылады.Дәл осы көркем мекенде, Солтүстік Тянь-Шаньның баурайында, Қазақстандағы ең ірі әрі табиғи құндылығы жоғары ерекше қорғалатын аумақтардың бірі — Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі орналасқан.Іле Алатауы ұлттық паркі 1996 жылғы 22 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен құрылды. Оның басты мақсаты — Іле Алатауының бірегей табиғи кешендерін, бай өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, тау ландшафттарын, орман алқаптарын және ғылыми, экологиялық әрі мәдени маңызы зор сирек кездесетін түрлерді сақтау.Бүгінде парктің жалпы аумағы 200 160 гектарды құрайды. Бұл аумаққа әсем тау шатқалдары, орманды алқаптар, альпілік шалғындар, мұздықтар мен биік тау шыңдары кіреді. Парк шекарасы бойында аумағы 542 400 гектар болатын Алматы мемлекеттік кешенді қаумалы орналасқан.Парк аумағы бірнеше функционалдық аймаққа бөлінген: қорықтық аймақ, экологиялық тұрақтандыру аймағы, туристік және рекреациялық аймақ, сондай-ақ шектеулі шаруашылық қызмет аймағы. Мұндай жүйелі аймақтарға бөлу табиғатты қорғау, ғылыми зерттеу, экологиялық ағарту және реттелген туризм бағыттарын үйлесімді дамытуға мүмкіндік береді.Іле Алатауы ұлттық паркінің басты табиғи байлығының бірі — оның ормандары. 73 мың гектардан астам аумақ орманмен көмкерілген. Парктің ормандылығы 36,5 пайызды құрайды. Бұл ормандар тау беткейлеріне ерекше көрік беріп қана қоймай, өңірдің су қорын, топырағын, климатын және биологиялық алуантүрлілігін сақтауда айрықша маңызға ие.Іле Алатауы ұлттық паркінің өсімдіктер әлемі ерекше бай әрі алуан түрлі. Мұнда жоғары сатыдағы түтікті өсімдіктердің 2000-нан астам түрі кездеседі, олардың 37 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Солардың қатарында Іле Алатауының тау экожүйелерінде сақталған Сиверс алмасы, кәдімгі өрік және басқа да сирек кездесетін өсімдік түрлері бар.Парктің жануарлар дүниесі де сан алуан. Мұнда омыртқалы жануарлардың шамамен 270 түрі мекендейді, оның ішінде сүтқоректілердің 48 түрі және құстардың 198 түрі бар. Олардың көпшілігі ерекше табиғат қорғау мәртебесіне ие. Тау ормандары мен шатқалдарында елік, қабан, түлкі, тиін, тас сусары кездессе, қолжетімділігі қиын биік таулы өңірлерде жабайы табиғаттың символына айналған сирек жыртқыштар мекендейді.Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі — жай ғана қорғалатын аумақ емес. Бұл — таулардың, ормандар мен өзендердің тірі мұрасы, жабайы жемісті өсімдіктердің бірегей генетикалық қоры сақталған табиғи зертхана. Мұнда өткен мен болашақ өзара тоғысады: ежелгі реликті түрлер тіршілігін жалғастырып, гүлдеп, жеміс беріп, адамзатқа табиғат алдындағы жауапкершілігін ұғындырады.Іле Алатауы ұлттық паркі — Іле Алатауының жүрегі, Қазақстан табиғаты байлығының айқын символы. Бұл — асқар таулардың айбыны мен орманның нәзік сұлулығы үйлесім тапқан қасиетті мекен. Оны сақтау — болашақ ұрпақ алдындағы ортақ парыз. Біз келер ұрпаққа мөлдір өзендерді, жасыл шатқалдарды, гүлдеген алма бақтарын және жабайы табиғаттың тірі үйлесімін аманат етуге тиіспіз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1252960?lang=ru
Серік Жұманғарин «01.AI» компаниясының негізін қалаушы Кай-Фу Лимен мемлекеттік басқаруға ЖИ енгізуді талқылады 13.07.2026
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «01.AI» компаниясының бас директоры Кай-Фу Лимен кездесті. Тараптар макроэкономикалық болжау және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру үшін ЖИ пайдалану перспективасын талқылады.Серік Жұманғарин дәстүрлі тәсілдерді қолдану кезінде сыртқы факторлардың тым құбылмалылығы есептеуді қиындататынын атап өтті. «Біз үшін болжамдаудың сапалы болуы және экономикалық жағдайдың өзгеруін ертерек анықтау өте маңызды. Стандартты болжамдар әрқашан нарыққа сәйкес келе бермейді. Егер бұрын талдама бір айға немесе бір жылға жасалса, бүгінде икемді бағалау күнделікті қажет. Бізге кешенді сценарийлік талдау үшін бірыңғай зияткерлік модель керек»,-деді вице-премьер.Кездесуде сөз сөйлеген «01.AI» компаниясының басшысы Кай-Фу Лидің айтуынша, жасанды интеллект бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. Жыл санап ол анағұрлым мықты әрі қолжетімді бола түсуде. Оның айтуынша, жасанды интеллект адамға көп уақытты қажет ететін тапсырмаларды бірнеше минут ішінде орындай алады.Ол мемлекеттік органдар үшін жасанды интеллектті күнделікті процестерді автоматтандыру үшін ғана емес, сонымен қатар стратегиялық шешімдерді қолдау құралы ретінде пайдалану маңызды екенін атап өтті. Кай-Фу Лидің пікірінше, ЖИ технологиялары экономикалық дамуды болжауға, әртүрлі сценарийлерді модельдеуге, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, тәуекелдерді азайтуға және шешім қабылдау процесін жақсартуға көмектеседі.Ол мемлекеттік органдардың басшылығы деңгейінде жасанды интеллектті енгізу қажеттілігіне ерекше назар аударды. Өйткені дәл осы тәсіл технологияның әлеуетін барынша ашуға мүмкіндік береді. Кай-Фу Ли сонымен қатар ЖИ-дің кең таралуы әлемдік экономикаға айтарлықтай әсер ететінін, экономикалық өсуді жеделдетіп, еңбек нарығын, білім беру жүйесін және мемлекеттік саясатты бейімдеуді талап ететінін атап өтті. Осыған байланысты ол Қазақстанның жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытуға көңіл бөлетінін жоғары бағаладыКездесу барысында Ұлттық экономика министрлігі үшін цифрлық шешімдер ұсынылды. Олардың ішінде 27 мемлекеттік органның деректері негізінде тәуекелдерді автоматты түрде бағалайтын және тексерулер тізімін қалыптастыратын бизнесті тексеруді автоматтандыру жүйесі, сондай-ақ нақты уақыт режимінде негізгі макроэкономикалық факторлардың экономикаға әсерін талдайтын экономикалық өсуді болжау платформасы бар.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның экономикалық саясатының болжамдылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект алгоритмдерін дамыту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1251910?lang=ru
Жаңа Конституция: жедел даму қалалары және Алатаудың бірегей экономикалық экожүйесін іске қосу 13.07.2026
Бүгін, 2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Онда өңірлерді жедел дамытудың заманауи тетігі белгіленген. «Жедел дамитын қала» мәртебесін де, арнайы құқықтық режимді енгізу де маңызды жаңалық болып отыр.Еліміздің экономикалық өсуінің алғашқы осындай бірегей алаңы мен жаңа орны Алатау қаласы болмақ. Мемлекет басшысы 8 мамырда қол қойған Конституциялық Заң ауқымды жобаның құқықтық негізін қалайды. Жаңа мәртебенің арқасында Алатау өзінің институционалдық құрылымы бар дербес экономикалық экожүйеге ие болады. Ол 12 ай ішінде кезең-кезеңмен енгізіледі. 1 шілдеден бастап Alatau City Authority толыққанды мемлекеттік органға айналады. Ал қаланың дамуын стратегиялық басқару Премьер-министрдің тікелей төрағалығымен Кеңеске өтеді.Алатауда халықаралық инвесторлар үшін түбегейлі жаңа орта құрылады. Қаланың арнайы режимі бойынша бизнесті жүргізуде орнықты жағдай, жеке лицензиялау тәртібі, «бір терезе» қағидатымен тәуелсіз реттеу және капиталды қорғаудың халықаралық тетігі қолданылады. Қала аумағында үздік әлемдік стандарттармен толықтырылған арнайы салық, кедендік және бюджеттік режим де жұмыс істей бастайды. Жетекші халықаралық консалтингтік компаниялардың қолдауымен жыл соңына дейін сәулет, құрылыс және қадағалау жөніндегі нормативтік база қалыптастырылады.Алатауды стратегиялық жоспарлау алдағы онжылдықтарға есептелген. Қазір 30 жылдық ұзақ мерзімді даму жоспары, бас жоспар және 2040 жылға дейінгі стратегия әзірленіп жатыр. Қаланың өзі ақылды және технологиялық тұрғыда болады: Корея Республикасымен бірлесіп 330 гектар аумақта K-Smart City цифрлық ауданы жобаланып жатыр. Оның құрылысын корейлік әзірлеушілер 2027 жылы бастайды. Процестерді басқаруда Alatau AI-Driven City тұжырымдамасы шеңберінде жасанды интеллектке толықтай сенім беріледі. Ол қаланың толыққанды цифрлық егізін құруға арналған.Мегаполистің экономикалық іргетасы үдемелі қарқынмен қалануда. Қолданыстағы жол картасында қазірдің өзінде 36 ауқымды инфрақұрылымдық жоба қамтылған. Сонымен қатар, жалпы көлемі 2 триллион теңгеге жуық 53 жобадан тұратын инвестициялық портфель қалыптастырылған. Бұл шамамен 51 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1251373?lang=ru
Қазақстан мен АҚШ іскерлік әріптестікті кеңейтуде: инвесторларға Алатау қаласы мен АХҚО мүмкіндіктері, «Бәйтерек» АҚ қолдау тетіктері ұсынылды 13.07.2026
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Қазақстан-Америка» іскерлік дөңгелек үстеліне қатысты. Іс-шара екі елдің бизнес-қауымдастығы арасындағы байланысты жандандыруға бағытталған. АҚШ-пен өзара іс-қимылды нығайту Қазақстан Үкіметінің негізгі сыртқы экономикалық басымдығының бірі болып қала береді.Ынтымақтастықтағы өзекті мәселелерді талқылауға ҚР Президентінің АҚШ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыхан, ҚР Президентінің кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев, АҚШ-тың ҚР-дағы дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Дебора Робинсон, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев және АҚШ Сауда Палатасының аға вице-президенті Куш Чокси және т. б. қатысты.Қатысушылар алдында сөз сөйлеген Серік Жұманғарин әріптестеріне осындай жоғары мәртебелі делегацияны қалыптастырғаны үшін алғысын білдіріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен еліміз ауқымды ұлттық жаңғырту бағдарламасын дәйекті түрде іске асырып жатқанын атап өтті.«Ұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеде күшіне енеді. Бұл реформалар орнықты экономикалық өсу мен азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру үшін берік негіз жасайды. Заң мен тәртіптің конституциялық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, біз елдегі іскерлік ахуалды одан әрі жақсартуға және инвесторлардың құқықтарын қорғауға ерекше мән береміз. 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясаттың жаңартылған тұжырымдамасы шеңберінде сапалы инвестиция тарту жөніндегі шаралар кешені іске асырылуда. Республиканың халықаралық қатысуы басым инвестициялық нарықтарда Kazakh Invest толыққанды кеңселерін құру есебінен күшейтілетін болады. Бас прокуратура жанынан бизнестің заңды мүдделерін қорғауды және тең жағдайларды қамтамасыз етуге арналған инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Сондай-ақ жаңа арнайы визалық режим – Altyn Visa енгізіледі. Оның иелері кірістер мен мүліктерді декларациялаудан, сондай-ақ салық төлеуден босатылады», — деп атап өтті Қазақстан вице-премьері. Серік Жұманғарин бірегей іскерлік ортаны құру аясында ағылшын жалпы құқық қағидатында жұмыс істейтін «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) мүмкіндіктерін атап өтіп, жаңа ауқымды жобаны таныстырды.«Қазақстанның инвестициялық күн тәртібінде Алатау қаласы ерекше орын алады. Ол болашақтың мегаполисі және жаңа бизнес, инновация және инвестиция орталығы ретінде ойластырылған. Оның дамуын қолдау үшін салықтық жеңілдіктерді, бизнесті жүргізудің оңайлатылған ережелерін және цифрлық активтерді бөлек реттеуді көздейтін арнайы құқықтық режим енгізілді. Бұл шаралар Қазақстанда инвестициялық белсенділікті ынталандыруға және жоғары технологиялық салалардың жаңа буынын жедел дамытуға бағытталған», — деді Серік Жұманғарин.Қазақстан вице-премьері ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың төрт перспективалық бағытын атап өтті. Бірінші вектор – мыс, алюминий, сирек жер металдары, мұнай-химия және бидай өңдеу секілді шикізатты терең өңдеу. Жобалардың әлеуетті портфелі $95 млрд көлемінде. Екінші бағыт импорт үлесі 50%-дан жоғары салаларда өндірістерді жергіліктендіруді көздейтін импортты алмастыру болмақ. Мұндағы коммерциялық перспективалы жобалар пулы қазірдің өзінде $20 млрд-тан асып отыр. Үшінші маңызды бағыт – $80 млрд көлеміндегі ұлттық инвестициялық жоспардың жобаларын және тағы $25 млрд көлеміндегі энергетикалық секторды жаңғырту бағдарламасын біріктіретін инфрақұрылым мен энергетика. Төртіншіден, Қазақстан жетекші халықаралық компаниялардың қатысуымен экспортқа бағдарланған өнеркәсіптік бастамаларды жан-жақты қолдауға бағытталған. Қаржыландыруға келсек, Қазақстанның даму институттары борыштық қаржыландырудың 80%-на дейін қамтамасыз ете алады. Бұл ретте «Бәйтерек» ҰИХ АҚ холдингі де жоба капиталында бірлескен инвестор бола алады. Бұл дегеніміз, стратегиялық инвесторлар икемді меншік құрылымын сақтай отырып, жоба құнының 10-20%-ын ғана инвестициялай алады.АҚШ-тың ҚР-дағы дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Дебора Робинсон өз тарапынан тауар айналымының өсуі аясында елдер технологиялық алмасуға баса назар аудара отырып, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастырып жатқанын айтты.«Осы залда отырғандардың ішінен таныс жүздерді көргенде сауда-экономикалық әріптестігіміздің қандай деңгейге жеткені туралы зор мақтанышты сезінбеу мүмкін емес. Біз бұрынғы бизнес миссиялар кезіндегі қол жеткен нәтижелердің күшті серпінін әлі де сақтаймыз әрі бұрынғы келісімдердің қол қойылған келісімдер мен жаңа іскерлік қатынастарға қалай айналғанын көру де аса қуаныш. Бұл әсер тек статистика емес. Олардың артында мыңдаған жұмыс орындары, маңызды технологиялар мен біздің мемлекеттер арасында қалыптасқан терең, ұзақ мерзімді сенім бар», — деп атап өтті Дебора Робинсон.Дебора Робинсон сондай-ақ Қазақстанның Pax Silica халықаралық бастамасына, яғни жасанды интеллектіні дамыту мен аса маңызды технологияларды жеткізудің сенімді тізбегін қалыптастыру үшін АҚШ құрған технологиялық альянсқа қосылған Орталық Азияның бірінші елі болғанын атап өтті.Қазақстан өзінің сенімді әріптес ретіндегі мәртебесін дәлелдеуде: еліміздегі ЖІӨ $300 млрд-тан асады. Ал өткен жылы экономикалық өсім жыл сайын 5-6% болжаммен 6,5% болды. 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялар ағыны $20,5 млрд-қа жетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1251007?lang=ru
Алматыда «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік байқауының жеңімпаздары анықталды 13.07.2026
Алматыдв 60-тан астам отандық өндірушінің басын қосқан «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік байқау-көрмесі өтті. Іс-шара қазақстандық кәсіпорындардың жетістіктерін таныстыруға, тәжірибе алмасуға және жергілікті өндірушілердің өнімдерін ілгерілетуге арналған маңызды алаңға айналды.Байқаудың ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов пен Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» директоры Шыңғысхан Маманов қатысты. Олар отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдаудың, өнім сапасын арттырудың және бәсекеге қабілетті бизнесті дамытудың маңыздылығын атап өтті.Күні бойы қатысушылар Алматыда өндірілген түрлі өнімдерді көпшілік назарына ұсынды. Байқау қорытындысы бойынша үш номинацияда жеңімпаздар анықталды.«Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында I орын – «Qulpynai Production» ЖШС, II орын – «Компания «Камертон» ЖШС, ал III орын – «ЛОТТЕ Рахат» АҚ алды.«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында I орын – «БСФ» ЖШС, II орын – «Концерн Bakarassov» ЖШС, ал III орын – «СК Рахат» ЖШС иеленді.«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында I орын – «Қазақстандық Құбыр Жүйелері» ЖШС, II орын – «Жигалма» ЖШС, ал III орын – «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС-не бұйырды.Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары енді Алматының атынан «Қазақстанның үздік тауары – 2026» республикалық байқауына қатысып, еліміздің үздік өндірушісі атағы үшін бақ сынайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1250923?lang=ru