Қуқық
Ұлттық қорғаныс университетінде шетелдік тыңдаушыларға тілдік курсты аяқтағаны туралы сертификаттар табысталды 03.06.2025
Орыс тілін даярлау курсының тыңдаушыларын шығару рәсіміне Қазақстандағы Түркия, Франция елшіліктерінің жанындағы әскери атташелер подполковник Шенер Кименче мен полковник Роберт Аземанн қатысты. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабековтың тілдік даярлық курсынан өту туралы бұйрығы жария етілгеннен кейін тыңдаушыларға сертификаттар табыс етілді. – Біздің оқу орнымыздың қабырғасында достастық армияларының офицерлерін оқыту елдер арасындағы байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруға ықпал етеді, – деп атап өтті генерал-майор Асқар Мұстабеков.Түлектердің атынан түрік майор Өзтүрік Ресул мен француз офицері майор Валет Реви ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушылар құрамына тілдік дағдыларды дамытуға қосқан үлесі және оқу барысында жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1010876?lang=kk
Астанада Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Бақыт Құрманбаевқа ескерткіш ашылды 03.06.2025
Ескерткіш 2020 жылы мезгілсіз дүниеден өткен генерал-майор Бақыт Құрманбаевтың жерленген жеріне орнатылды.Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері, әріптестері, Қарулы күштердің ардагерлері, туыстары мен жақындары қатысты.Ескерткіштің салтанатты ашылуы Қорғаныс министрлігінің құрмет қарауыл ротасы әскери қызметшілерінің сүйемелдеуімен өтті. Митингке қатысушылар генерал туралы естеліктерімен бөлісті.ҚР Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Асан Жүсіпов Бақыт Құрманбаевтың Отанға және әскери борышына адалдығын, жұмысқа айрықша қабілеттілігі мен әдептілігін атап өтті.Әскерде ол взвод командирінен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасарына дейінгі жолдан өтті.Б. Құрманбаевтың соңғы қызмет жылы COVID-19-бен күрес кезеңімен тұспа-тұс келді. Сол кезде ол эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқан бөлімшелердің әрекеттерін үйлестірді. Ол жеке құрамның, әскери дәрігерлердің жағдайын біліп, әскери қызметшілердің ауру жұқтыру қаупін азайтуға тырысты. Алайда өзі індеттен қорғана алмады.Митингте жұбайы Роза Құрманбаева мен қызы Диана қатысушыларға еске алу шарасын өткізгені үшін алғыс айтты.Жиналғандар II дәрежелі «Даңқ» және «Айбын» ордендерінің иегері генерал-майор Бақыт Құрманбаевты бір минут үнсіздікпен еске алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1010832?lang=kk
Қауіпсіз жаз: Қостанай облысында өрт қауіпті маусым мен шомылу кезеңіне дайындық мәселелері талқыланды 03.06.2025
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік отырысында өңірдің өрт қаупі жоғары кезеңге және шомылу маусымына дайындығы қаралды. Басты назарда – азаматтардың, әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау және табиғи ресурстарды сақтау мәселелері болды. Өрт қауіпті кезең: алаңдатарлық деректер мен нақты шаралар Жаздың аптап ыстығымен өңірде өрт оқиғалары күрт көбейді. Жыл басынан бері 222 өрт оқиғасы тіркеліп, олардың қатарында Жітіқара, Сарыкөл және Әулиекөл аудандарындағы 3 орман өрті, сондай-ақ Б.Майлин ауданындағы 1 дала өрті бар. «Өрт өздігінен шықпайды – 90% жағдайда бұл адам немқұрайлылығының салдары. Әр адам өз әрекетінің салдарын түсінуі керек. Бір тасталған темекі тұқылы табиғат пен адамдар үшін апатқа айналуы мүмкін», – деді Құмар Ақсақалов. Жыл басынан бері 132 әкімшілік хаттама толтырылып, оның 16-сы – өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу бойынша. Салынған айыппұлдардың 95%-ы өндірілді, ал келтірілген шығын бойынша талап-арыздардың 35%-ы өтелді. Кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту жұмысы жалғасады. Материалдық-техникалық базаны нығайту Соңғы екі жылда орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай күшейтілді. Биыл техника сатып алуға 3,5 млрд теңге бөлінді. 26 өрт сөндіру көлігі, 28 трактор және 36 шағын орман-өрт сөндіру кешені сатып алынбақ. Бұл техникамен жабдықтау деңгейін 76%-дан 90%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Автожолдардың бойындағы қорғаныш орман алқаптарына да ерекше көңіл бөлінуде. Облыста олардың ұзындығы 1000 км-ден асады. Оларды ұстау мен өрт қауіпсіздігі шараларын жол иелері қамтамасыз етуі тиіс. Сабан мен сабақты өртеудің қаупі Облыс әкімі егіс алқаптарында сабан мен сабақты өртеу әлі де жалғасып жатқанына алаңдаушылық білдірді: «Бұл тек өрт қаупі емес, бұл – топыраққа қарсы жасалған қылмыс. Гумус жанады, құнарлы жоғарғы қабат жойылады. Мұндай палдарды заңмен тыйым салу мәселесін қарау керек», – деді Құмар Ақсақалов. Шомылу маусымы: судағы қауіпсіздік Облыс аумағында шомылуға 26 ресми орын белгіленген (оның ішінде 8 коммуналдық және 18 жеке жағажай). Алайда шомылушылар 230-дан астам бейберекет жерде шомылады. Бұл судағы оқыс оқиғалардың негізгі себебі. «Қайғылы оқиғалардың 95%-ы жабдықталмаған жағажайларда орын алады. Биылдың өзінде алғашқы оқыс жағдайлар тіркелді. Ата-аналар балаларды бақылаусыз қалдырмауы керек», – деді облыс әкімі. Су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін шомылу маусымы басталғалы бері 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал былтыр маусым қорытындысымен 45 адамға жалпы сомасы 646 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Құтқару қызметтеріне қолдау Төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында былтыр 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, құтқарушылардың материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Батпақта жүретін көліктер, квадроциклдер, құтқару қайықтары сатып алынды. Сонымен қатар Қостанай қаласындағы Тобыл өзені жағалауындағы құтқару станциясы күрделі жөндеуден өтті. 2024 жылы ТЖД бөлімшелері 1500-ден астам адамды құтқарды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 46%-ға көп. Нақты тапсырмалар Облыс әкімі келесі міндеттерді жүктеді:•Қала және аудан әкімдіктеріне – өртке қарсы іс-шараларды бақылауды күшейту;•Қорғаныш жыртуларды (опашка) ұйымдастыруды жеке бақылауға алу;•Қосымша қауіпсіз шомылу орындарын қамтамасыз ету;•Су айдындары маңында рейдтер мен патрульдер санын арттыру;•Құтқарушыларды оқытып, жағажай түбін тексеру;•Халықпен түсіндіру жұмыстарын күшейту. «Өрт – бұл жай ғана от емес. Бұл адамдарға, табиғатқа және экономикаға келген зиян. Біз барлық қауіп-қатерді азайтуға міндеттіміз. Бұл судағы демалысқа да қатысты. Қауіпсіз жаз – бәріміздің ортақ міндетіміз», – деп қорытындылады Құмар Ақсақалов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1010636?lang=kk
Алматыда әскери оқу орнының курсанттары қорытынды аттестаттауға кірісті 03.06.2025
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында мемлекеттік емтихандар басталды. Түлектердің білімі мен дағдыларын объективті, жан-жақты бағалау, олардың қызмет атқаруға дайындығын тексеру үшін институтқа ҚР Қорғаныс министрлігінен комиссия келді.Емтихан сессиясы «Әли» оқу орталығындағы саптық байқаудан басталды. Сымдай тізілген курсанттар алдағы күрделі сынақтарға дайын екендіктерін көрсетті.– Еліміздің қорғаныс қабілеті жас офицерлерді оқыту сапасына байланысты. Олар – армиямыздың болашағы. Түлектер мұқият дайындықтан өтті. Енді өз білімдерін растайтынына және қойылған міндеттерді лайықты орындайтынына сенімдімін, – деді институт бастығы генерал-майор Бауыржан Ибатулин.Сынақ барысында теориялық білім, практикалық дағдылар, тактикалық ойлау деңгейі және түлектердің ұрысқа барынша жақын жағдайларда салмақты шешім қабылдау қабілеті бағаланады.Аттестаттау аяқталғаннан кейін дипломды мамандар «лейтенант» алғашқы офицерлік атағын алып, Қарулы күштер қатарында қызметін жалғастырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1010586?lang=kk
Қарулы күштерде жауынгерлік дайындық апталығы басталды 03.06.2025
Қарулы күштердің дайындық жоспары бойынша әскерлерде оқудың жазғы кезеңі кешенді тактикалық-саптық сабақтардан басталды.Құрамалар, әскери бөлімдер мен мекемелер жауынгерлік әзірлікті жоғары дәрежеге келтіру кезінде жеке құрам мен бөлімшелердің іс-қимылдарын пысықтайды. Ескерту жүйесінің тиімділігі, дабыл беру кезінде штабтардың жұмысының үйлесімділігі тексеріледі.Іс-шараларды өткізу үшін оқу сыныптары, далалық жағдайда жеке құрам мен техниканы қабылдау пунктері жабдықталып, стационарлық және далалық оқу-материалдық база дайындалған.Бөлімшелер шоғырланған аудандарға шығарылды. Техника мен қару-жарақ жауынгерлік қолдануға дайын жағдайға келтірілді. Радиотехникалық бөлімшелер мен зениттік зымыран кешендерінің есептоптары күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды. Авиация бөлігін жедел әуеайлақтарға көшіру жүзеге асырылады. Жауынгерлік кеме экипаждары мен жағалау бөлімшелері порттар мен кеме тұрақтарының диверсияға қарсы қауіпсіздігін ұйымдастырады.Іс-шаралар әскерлердің барлық санаттағы әскери қызметшілерді тағайындау, одан әрі кәсіби өсіру жөніндегі міндеттерді орындауға дайындығын арттыруға бағытталған.Жазғы оқыту кезеңінде оқу-жаттығулар, бөлімшелердің далалық шығулары, практикалық атыстар, оқу-жаттығу ұшулары, кемелердің теңізге шығуы, жауынгерлік машиналарды жүргізу, парашютпен секіру орындалады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1010499?lang=kk
Назарбаев университетінде ISEMD 2025 – IV Халықаралық жаңа материалдар мен құрылғылар симпозиумы өтті 02.06.2025
Назарбаев университетінде ISEMD 2025 – IV Халықаралық жаңа материалдар мен құрылғылар симпозиумы өтті28-30 мамыр аралығында Nazarbayev University-де (NU) IV Халықаралық жаңа материалдар мен құрылғылар симпозиумы (ISEMD 2025) өтті. Симпозиум барлығы Испания, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Түркия, Финляндия, Эквадор, Өзбекстан, Ресей және Қазақстаннан 180-ден астам зерттеушінің басын қосты. Қазақстандық қатысушылар арасында ҚазҰУ, Satbayev University, Abai University, Astana IT University және басқа да жоғары оқу орындары бар. Қатысушылар биомассадан жасалған препараттар, электроникаға арналған «ақылды» полимерлер, болашақтың отыны сынды ғылыми мәселелерді талқылады.«Климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаның нашарлап тозуы аясында тұрақты энергетикалық шешімдер өте маңызды», - деп атап өтті NU президенті доктор Вакар Ахмад құттықтау сөзінде. «Жаңартылатын энергетика саласындағы зерттеулер мен білім – біздің миссиямыздың негізгі бөлігі. Біз күн, жел және таза энергияның басқа да түрлері саласында инновациялық технологияларды әзірлеуге және енгізуге қабілетті болашақ көшбасшыларды дайындап жатырмыз», – деді ол.Ғылыми бағдарлама аясында күн батареялары, биомасса, сутекті өндіру және сақтау, кванттық қосымшаларға арналған топологиялық материалдарды қамтыған 40-тан астам баяндамалар қорғалды. Көпшілікті қазақстандық әзірлемелер қызықтырып, талқыға салынды. NU жанындағы Жаңартылатын энергия зертханасының командасы икемді электроника мен биосенсорларға арналған кеуекті полимерді ұсынды. Ол деформацияға төзімді әрі киілетін құрылғылардың тиімділігін арттырады. Ал биомасса бойынша жұмыс істейтін топ аға ғылыми қызметкер Минавар Шаймарданның жетекшілігімен Қазақстан үшін бірегей зерттеуді, атап айтқанда, фурфурал (жүгері собықтарынан алынған органикалық қосынды) негізіндегі гипертонияға қарсы дәріні ұсынды. Фурфурал – АҚШ Энергетика министрлігінің айтуы бойынша перспективалық биозаттардың бірі.«Біздің басты міндетіміз – Қазақстанда әлемнің түкпір-түкпірінен мықты ғалымдарды жинау. Мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға, бірлескен зерттеулерді дамытуға және Қазақстанның жетістіктерін ілгерілетуге көмектеседі», – деп атап өтті NU жанындағы National Laboratory Astana Жаңартылатын энергия көздері зертханасының басшысы профессор Нұршат Нұражы. «Қазақстандағы ғылымның белсенді дамуы мен университет жүйесіндегі орасан зор жетістіктер мені шын жүректен таңғалдырады. Сіздердің талантты студенттеріңіз біздің Шотландия және Оксфордтағы зертханамда тағылымдамадан өтіп, керемет нәтижелер көрсетті», – деді Батыс Шотландия университетінің профессоры Моджтаба Мирзаэян.Симпозиум Қазақстанды ірі академиялық орталыққа айналдыру жолындағы министрліктің рөлін тағы бір мәрте айқындап берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1010088?lang=kk
Көлік және логистика — Қостанай облысының экономикалық дамуының қозғалтқышы 02.06.2025
«Авиация және көлік логистикасын дамыту — елдің аумақтық байланыстылығын қамтамасыз ету мен тең мүмкіндіктерге қол жеткізудің негізі», — деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдағы сөзінде.Бүгін Қостанайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды талқылау аясында транзиттік-логистикалық сала мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Басқару, бизнес және қоғам өкілдері өңірдің көлік инфрақұрылымының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын жан-жақты талқылады.Облыс автомобиль жолдарының ұзындығы бойынша елде бірінші орын алады. 2025 жылы автожол желісін дамытуға 104,7 млрд теңге бөлініп, бұл өткен жылға қарағанда 42%-ға көп. Жоспарға 1 200 км жол және 103 елді мекендегі 382 көшені жөндеу кіреді. Арнайы назар ауылдық елді мекендерге апаратын жолдарға аударылып отыр: үш жыл бұрын 20 учаске жөнделсе, биыл — 80.«Екінші жыл қатарынан Қостанай облысына облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге еліміздің барлық өңірлері арасында ең көп қаржы бөлініп отыр», — деді жолаушылар тасымалы мен автомобиль жолдары басқармасының басшысы Алмас Есенжолов.Республикалық маңызы бар жолдардың — Сарыкөл – Солтүстік Қазақстан облысының шекарасы, Ұзынкөл – Троебратное, Бестөбе – Ақтөбе облысының шекарасы, Арқалық – Ұлытау облысының шекарасы сынды учаскелердің жөнделуі белсенді жүргізілуде. Соңғы учаскенің жөнделуін аяқтағаннан кейін күнделікті көлік ағыны 150-ден 2 500 машинаға дейін артады деп күтілуде.Астанадан Арқалық, Торғай, Ырғыз арқылы Транскаспий бағытындағы жаңа тасжол жобасының маңызы зор. Бұл жол елдің орталық және батыс өңірлері арасындағы қашықтықты 560 км қысқартып, Қазақстанның халықаралық логистикадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.Осы жобалардың әсері айқын. Біріншіден — жүктер мен жолаушылардың жылдам әрі ыңғайлы тасымалдануына қолайлы жағдай жасау. Бұл өз кезегінде жол бойындағы барлық өңірлерде экономикалық белсенділікті арттырып, бизнестің дамуына, сауда мен қызмет көрсету саласының өсуіне септігін тигізеді.Сонымен қатар, магистралдың Транскаспий халықаралық тасымалдау бағытына шығуы Қазақстанның халықаралық логистикалық тізбектердегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл жаһандық экономикалық ахуалдың өзгеруі жағдайында сауда қатынастары мен бағыттарға тез бейімделу үшін өте маңызды.Бизнес өкілдері жол бойындағы сервис пен мультимодальды логистиканың дамуын ерекше атап өтті.«Облысымыз жалпы транзиттік ағынның орталығына айналады. Географиялық орналасуы Қостанайды Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы негізгі транзиттік түйіндердің біріне айналдырады. Осы жобалар костанайлық өндірушілердің өнімдерінің, әсіресе агроөнеркәсіп, машина жасау және қайта өңдеу саласындағы өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етіп отыр», — деді кәсіпкер Валерий Сусаренко.Кәсіпкерлер халықаралық тасымалдау саласындағы оң өзгерістерді де атап өтті. Рұқсатнамалар алу процедурасын жеңілдету рәсімдерді аптамен емес, бір күнде аяқтауға мүмкіндік беріп, бұл әсіресе АӨК пен машина жасау кәсіпорындарының сыртқы нарықтарға шығуын айтарлықтай жеңілдетті. Тасымалдау құнының 30%-ға төмендеуі костанайлық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттырды.Логистикалық процестерді цифрландыру жалғасуда — Рұқсаттар ақпараттық базасы (РАБ) аясында интеграциялық шешімдер енгізіліп, транзитті жеделдетіп, операциялардың ашықтығын арттырады деп күтілуде.Дөңгелек үстел қатысушылары транспорт саласын тұрақты дамытудың негізгі факторы — мемлекет пен бизнестің ынтымақтастығы екеніне бірдей келісті.«Мемлекет басшысының Астана, Арқалық, Торғай, Ырғызды жалғайтын жаңа автомобиль магистралын салу туралы тапсырмасы — еліміздің логистикасын дамытуда маңызды қадам болады. Машина жасау, қара металлургия және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салалары қатарында бұл сала Қостанай өңірінің экономикасын дамытуда төртінші — стратегиялық маңызы бар бағытқа айналады», — дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1009878?lang=kk
Әскер спортшысы Ангелина Лукас Даниэла Асэньхоға қарсы реваншта жеңіске жетті 02.06.2025
Таразда қазақстандық Ангелина Лукас пен чилилік боксшы Даниэла Асэньхоның жекпе-жегі айқын жеңіспен аяқталды. Қарқынды жекпе-жекте Қазақстан Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының атынан қатысқан Ангелина Лукас чилилік спортшы Даниэла Асэньходан сенімді реванш алды. Кездесудің алтыншы раундынан кейін Асэньхоның өзі жеңілгенін мойындағанда аяқталды. Бұл жеңіс Ангелина үшін ерекше маңызды болды. Екі жыл бұрын ол Даниэлаға есе жіберген болатын. Бұл жеңіліс Ангелинаның спорттық мансабында жалғыз жеңілісі еді, содан бері ол реваншқа дайындалып, осы уақытқа дейін алдында мақсат қойып жүрді.– Осы уақыт ішінде мен тек реванш алуды ойладым, – деді Лукас жекпе-жектен кейін, – міне, кездесу өтті, бұл жекпе-жектің туып-өскен және жаттығып жүрген қалам Таразда өткеніне қуаныштымын. Жерлестер мен әсіресе, әскери қызметшілердің қолдауы маған қосымша күш берді.Ангелина Лукас Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовқа және Қазақстан армиясының барлық әскери қызметшілеріне ерекше алғысын білдірді. Тараз гарнизоны бөлімшелерінің әскери қызметшілері, оған қоса «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі салмақ өлшеу рәсімінде де, жекпе-жек алдында өткен дәстүрлі face-to-face кездесуінде де спортшыны қолдап, оған жауынгерлік рух беріп, жеңіс тіледі. Ангелинаны қолдауға «Тараз-Арена» спорт кешеніне ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубы басшылығының өкілдері, әскери бөлімдер мен Тараз гарнизонының әскери қызметшілері, сондай-ақ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Ержан Ыбыраев келді. – Ангелинаның жеңісі – өзі үшін ғана емес, Қазақстан Қарулы күштерінің спорты үшін де, бүкіл ел үшін де үлкен жетістік, – деп атап өтті генерал-майор Е. Ыбыраев Ангелинаны құттықтап. Спортшыны достары, жанкүйерлері мен әріптестері жылы лебізімен құттықтап, оны бірауыздан мықты деп атады. Енді оның мансабында жаңа көкжиектер ашылады, ал бұл жеңіс барлық қазақстандық спортшыны рухтандырудың жарқын үлгісі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1009739?lang=kk
Қазақстанның мемлекеттік басқару мәселелерін AIF алаңында ЭЫДҰ-мен талқылау 02.06.2025
Астана халықаралық форумы (AIF) шеңберінде ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаевтың ЭЫДҰ Мемлекеттік басқару директоратының басшысы Эльза Пиличовскимен жұмыс кездесуі өтті.Экономикалық тұрақтылықты арттыру жөніндегі панельдік сессиясының мәселелері мен ЭЫДҰ дайындаған Қазақстанның мемлекеттік басқаруына Қысқаша шолуы талқыланды. Вице-министр инклюзивтікті және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын арттыруға бағытталған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын іске асыру бойынша іс-шаралар туралы айтты.«Адамға бағдарланған» моделін құруға бағытталған Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы басты назарда болды. Негізгі бағыттары –басқару деңгейлері арасындағы ресурстарды және өкілеттіктерді теңгерімдеу үшін орталықсыздандыру, сондай-ақ бизнесті жүргізу жағдайларын жеңілдету үшін бюрократиядан арылту.Тараптар халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанның мемлекеттік басқаруын жақсарту бойынша ұсыныстарды қарастырды. Кездесу қорытындысы бойынша ынтымақтастықты жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1009714?lang=kk
2000-нан астам сарбаз Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқуға мемлекеттік грант алды 02.06.2025
Қорғаныс министрлігінде алғаш рет әскери қызметтің белгіленген мерзімінде қызмет еткен сарбаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында оқуға мемлекеттік гранттар табысталды. Сертификаттарды тапсыру салтанатты жағдайда өтті. Қорғаныс министрінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев жауынгерлік оқу үздіктерін құттықтады. Қорғаныс ведомствосы басшысы орынбасарының қолынан 2024 жылдың көктемінде шақырылып, мерзімді әскери қызметтен өткен 22 сарбаз оқу сертификаттарын алды. ҰБТ тапсырмай, жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі – мерзімді әскери қызметтің беделін арттыруға, жас мамандарды қолдауға және олардың кәсіби өсуін ынталандыруға бағытталған мемлекеттік бастама.– Конкурстық іріктеуге Қарулы күштердің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі мен Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде белгіленген мерзімде қызмет еткен 17500-ден астам сарбаз қатысты. Араларыңызда әскери оқу орындарына түсіп, офицер болуға шешім қабылдағандардың барына қуаныштымын. Бұл армиядағы қызмет жауапкершілік, тәртіп және патриотизм сияқты қасиеттерді қалыптастырғанын білдіреді. Оқуда да, қызмет ету кезеңінде де жоғары нәтиже көрсететіндігіңізге күмәнім жоқ, – деп атап өтті генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев.Министрдің орынбасары Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтар үшін түрлі жеңілдіктерді арттыру жөнінде шаралар қабылдауды жалғастыра беретінін жеткізді. Әділ және ашық іріктеу жүргізу үшін «Sarbaz 2.0» ақпараттық жүйесі құрылды. Онда барлық әскери бөлімдер тіркелген және бүкіл қызмет кезеңінде сарбаздардың үлгерімі мен тәртібі бойынша нәтижелер көрсетілген.Енді кешегі сарбаздар ҰБТ тапсырмай, мемлекет есебінен оқудан бөлек, шәкіртақы алуға, тегін жатақханада тұруға және әскери кафедраға конкурссыз қабылдануға құқылы.Ғылым және жоғары білім министрлігінен азаматтық жоғары оқу орындарына 2010 грант, Қорғаныс министрлігінің әскери институттарына 253 орын, Ұлттық ұлан академиясына 36 орын, ҰҚК Шекара қызметі академиясына 12 орын және Төтенше жағдайлар министрлігінің оқу орнына 3 орын бөлінді.ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің 44813 әскери бөлімінде мерзімді қызмет өткерген Владислав Внуковский мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің атынан алғыс сөз сөйледі.– Қазақстан Республикасы Қарулы күштері қатарында қызмет ету мен үшін тек батылдық, тәртіп пен төзімділік мектебі ғана емес, сонымен қатар командада жұмыс істеуді үйренуге баға жетпес уақыт болды. Мен еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын қорғауға қабілетті, қуатты және кәсіби армияның бір бөлігі болғанымды мақтан тұтамын.Бүгін қолыма сертификат алып, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына түсіп, әкемнің жолын қуып, офицер болу туралы шешім қабылдадым, – деді Владислав Внуковский.Іс-шараға әскердегі қызметі арқасында жетекші университеттерге түскен елордалық жоғары оқу орындарының студенттері мен сарбаздардың ата-аналары қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1009626?lang=kk
Қазақстан Сыртқы істер министрі «Azizi Group» басшылығымен кездесу өткізді 02.06.2025
Астана, 2025 жылғы 2 маусым – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу әмірлік «Azizi Group» компаниясының төрағасы Мирваис Азизимен кездесу өткізді.Тараптар Қазақстандағы бірлескен инвестициялық жобаларды, әсіресе құрылыс және жылжымайтын мүлік саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру перспективаларын талқылады.Сұхбат барысында министр шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау және туризмді дамыту бойынша Қазақстанда қабылданып жатқан шаралар туралы айтып, елдің түрлі өңірлерінде қонақ үйлер мен туристік нысандар салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.Бұдан бөлек Ауғанстандағы ынтымақтастықтың перспективалары, оның ішінде сауда мен логистиканы кеңейту мақсатында «Azizi Group» компаниясының банктерін («AZIZI Bank» және «Islamic Bank of Afghanistan») пайдалану мүмкіндігін талқылады.«Azizi Group» – жылжымайтын мүлік, өнеркәсіп, қонақ үй бизнесі, инвестиция, капиталды басқару, қайырымдылық және қаржы (Ауғанстанда) салаларында жұмыс істейтін Дубайдағы жетекші девелоперлік компаниялардың бірі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1009566?lang=kk
Астанада журналистерге қарулы қақтығыстар аймағындағы жұмыс туралы айтылды 02.06.2025
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен Қорғаныс министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылған әскери журналистика және дағдарыстық коммуникациялар бойынша семинар өтті. Оған күштік құрылымдардың, мемлекеттік органдардың, БАҚ және онлайн-қоғамдастық өкілдері қатысты.Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Әлішер Мұқажан және Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті БАҚ-пен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы подполковник Эрик Мусин құттықтау сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды рөлін атап өтті. Журналистер «Төтенше жағдайлар кезіндегі ТЖМ мен БАҚ өкілдерінің іс-қимылдарын үйлестіру және ақпараттық өзара іс-қимылы», «Төтенше жағдайларға ден қоюда ақпараттық жүйелерді қолданудың өзекті тәсілдері», «Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарда күрес жүргізудің гибридті әдістері», «Медиагигиена мемлекеттік міндет ретінде: жеке дағдыдан тұрақтылық инфрақұрылымына дейін» дәрістерін тыңдады.Семинарда табиғи төтенше жағдайлар кезіндегі БАҚ-тың рөлі атап өтілді. Жаппай су тасқыны мен жойқын жер сілкінісі халыққа үлкен қауіп төндіреді және қоғамның барлық институттарының үйлестірілген әрекетін талап етеді. Мұндай жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары халықты сенімді ақпаратпен қамтамасыз ететін өмірлік маңызды буын болып табылады. Уақтылы берілген жаңалықтар дүрбелеңнің алдын алуға көмектеседі, дәлелденген мәліметтер мен жалған ақпаратқа қарсы тұру халық пен мемлекеттік қызметтер арасындағы байланысты сақтауға мүмкіндік береді.Семинарға қатысушылар үшін қарулы қақтығыс аймақтарындағы журналистер жұмысының ерекшеліктері туралы баяндама да пайдалы болды. Халықаралық гуманитарлық заңға сәйкес, қарулы қақтығыс аймағында БАҚ өкілі оны шабуылдан және зорлық-зомбылықтан қорғайтын азаматтық мәртебеге ие. Алайда, егер журналист қарулы құрамаға кіріп, қолына қару алса немесе кез келген әскери нысандардың жанында болса, оны жоғалтады.Дәрістен кейін сұрақ-жауап сессиясы өтті. Іс-шара соңында семинарға қатысушылар сертификаттар алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1008957?lang=kk
Әскери жоғары оқу орындарында балаларды бақытты балалық шақ мерекесімен құттықтады 02.06.2025
Қорғаныс министрлігінің оқу орындарында халықаралық балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар ұйымдастырылды.Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында жүзден астам бала ойын-сауық бағдарламасына қатысты.Алғашқы минуттардан бастап балалар көңілді және сиқырлы атмосфераға еніп кетті. Ертегі кейіпкерлері өмірге келіп, курсанттар аниматорлардың бейнелерінде ойындар, конкурстар мен интерактивті тапсырмалар ұйымдастырды. Курсанттар әр баланың назарын аударып, мерекенің және жылуын сезінуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысты.– Егемен еліміздің жарқын болашағы - балалар. Балалық шақтарың қуаныш пен махаббатқа толы болсын. Сендердің тыныштықтарың үшін ата-аналарың күн-түні қызмет етеді. Армандарың орындалсын! – деп балаларды әскери жоғары оқу орнының бастығы генерал-майор Нұртас Қабақов құттықтады.Кездесудің ең ұмытылмас сәттерінің біріне айналған курсанттардың жарқын дефилесі балалардың ерекше таңданысын тудырды.Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының аумағында 400-ден астам әскери қызметшінің балаларына арналған ауқымды іс-шара өтті. Олар үшін спорттық жарыстар, концерттік бағдарлама, ашық аспан астындағы қару-жарақ пен әскери техника көрмесі ұйымдастырылды.Спорттық байқаулардың жеңімпаздары естелік сыйлықтар алды. Балалар техниканың үлгілерін қуана қарап, әскери қызметшілермен суретке түсті. Балаларға балмұздақ пен тәттілер таратылды.Іс-шаралар жылы, көңілді атмосферада өтті. Әр бала мерекеден сыйлықпен ғана емес, естен кетпес естелікпен қайтты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1008877?lang=kk
Қоғамдық келісім мен бірлікке – 30 жыл Алматы облысы ҚХА мерейтойын ауқымды жобалармен атап өтуде 02.06.2025
Алматы облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай қоғамдық келісімді нығайтуға, этносаралық диалогты дамытуға және бірлік құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған ауқымды іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда.Мерейтойлық жылдың басты оқиғасы – 2025 жылғы 30 мамырда Қонаев қаласында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық ХХХ сессиясы болды.Жыл басынан бері өңірде 16 мыңнан астам адамды қамтыған 100-ден аса тақырыптық іс-шара өткізілді. Оларға 34 этномәдени бірлестіктің (оның ішінде 18-і – облыстық деңгейде), Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, «Ассамблея жастары» жастар қанаты, медиаторлар және азаматтық қоғам белсенділері қатысты.Мерейтойлық жылы этносаралық келісім инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қонаев қаласында аумағы 1 200 шаршы метр болатын Достық үйі мен жалпы аумағы 30 040 шаршы метрлік көпфункционалды Конгресс-холл салынады. Құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы жылдың қазан айында басталады. Ұйғыр ауданында 50 сотық жер телімі бөлініп, 35 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге өтінім берілді.Ел Президенті Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында берген тапсырмаларына сәйкес, өңірде этностар тығыз қоныстанған Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында ҚХА бөлімшелерін құру жұмысы басталды.Қоғамдық диалогты нығайтуда Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесінің рөлі ерекше. Облыста 146 Аналар кеңесі және 141 Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Олар бес айда 20 мыңға жуық адамды қамтыған 190-нан астам іс-шара өткізді. Медиация кеңесі 4 мыңнан астам адам қатысқан 36 кездесу ұйымдастырды. ҚХА жастар қанаты 6 мыңнан астам жасты қамтыған 49 бастаманы жүзеге асырды.Жыл соңына дейін өңірде ұлтаралық келісім, толеранттылық пен диалог идеяларын насихаттауға бағытталған тағы 8 ірі этномәдени жоба өткізу жоспарланған.«Біздің өңірде келісім, толеранттылық және ашық диалог – өмір салтына айналған. Бұл – бізді біріктіретін, қуатты ететін құндылықтар. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігіміздің және көптүрлілікке деген құрметтің символы. Мерейтойлық жылы біз тек мәдени бастамаларға ғана емес, инфрақұрылымды дамытуға да баса назар аударып отырмыз. Қонаев қаласындағы Достық үйі мен Конгресс-холл – бұл әр дауыстың ескеріліп, әр этностың мәдениеті мен дәстүрі қолдау табатын ортақ болашағымызға жасалған инвестиция», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1008732?lang=kk
Әскери қызметшілердің балалары Каспий теңізіне әскери кемелермен жорыққа шықты 02.06.2025
Әскери-теңіз күштерінің әртекті кемелер дивизионының базасында 200-ден астам балаға арналған ашық есік күні ұйымдастырылды.Алдымен жас қонақтар әскери теңізшілердің шығармашылық ұжымы дайындаған концерттік бағдарламаға қатысты. Бағдарламада сүйікті кейіпкерлер бейнесіндегі көңілді аниматорлар балалармен ойын ойнап, би билеп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Балалардың күлкісі мен шаттығы алаңды думанға бөледі.Қызықты шоу бағдарламаны теңіз жаяу әскерлері десанттық-шабуылдаушы батальонының сарбаздары жалғастырды. Олар қоян-қолтық ұрыстан көріністер көрсетіп, қарумен шебер жұмыс істеу дағдыларын паш етті. Одан кейін алаңға шыққан коменданттық ротасының матростары қарумен керемет дефиле жасады. Қозғалыстың үйлесімділігі мен жауынгерлік сап түзеулері балалардың таңдайын қақтырды.Мерекелік күннің ерекше сәттерінің бірі – «Менің әкем – қаһарман» атты республикалық балалар сурет байқауының жеңімпаздарын марапаттау болды. Әр сурет Отан қорғаушы әкелеріне деген сүйіспеншілік пен мақтаныштың көрінісі болды. Әскери бөлім қолбасшылығы жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыстады.Ең әсерлі сәт балалардың теңізге әскери кемелермен саяхатқа шығуы болды. «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» атты зымыран-артиллериялық кемелер мен «Алатау» миналық-тралдық кемесі Каспий теңізіне шықты. Балалар теңіз жағасынан қаланың таңғажайып көрінісін тамашалады.— Мұндай үлкен кемеде алғаш рет теңізге шығып тұрмын. Сонымен қатар әскери теңізшілермен бірге. Бұл мерекені ұйымдастырған барлық әскери қызметшілер мен ата-аналарымызға алғыс айтамын. Бұл күн менің есімде мәңгі қалады, – деді офицердің қызы Жұлдыз Қайрат.Бірақ мереке мұнымен аяқталған жоқ. Әскери пирске қайтып келген соң, балаларды тәтті сыйлықтар мен әскери кемелер фонында естелік фотосессия күтті. Бұл іс-шара әскери қызметшілер отбасына деген құрметтің белгісі болып, өскелең ұрпақ үшін әскери форма киген батырлардың қызметімен жақынырақ танысуға тамаша мүмкіндік болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1008756?lang=kk
Астана халықаралық форумы аясында Қазақстан мен Нигерия арасындағы дөңгелек үстел өтті 02.06.2025
Астана, 2025 жылғы 30 мамыр – Астана халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Нигерияның йоруба халқының басшысы – Ифе Королі Адейейе Энитан Огунвуси, сондай-ақ Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары Самат Нұртаза мен Максим Рожиннің қатысуымен Қазақстан-Нигерия дөңгелек үстелі ұйымдастырылды.Іс-шараға қазақстандық агроөнеркәсіптік кешен мен IT-компаниялардың өкілдері, сондай-ақ Нигерияның қаржы және технология салаларындағы бизнес-қауымдастықтары қатысты.Дөңгелек үстел барысында тараптар Қазақстан мен Нигерия арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Ерекше назар қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде ет пен ет өнімдерін жеткізу мәселелеріне, сондай-ақ цифрландыру және ақылды қалалар саласындағы ынтымақтастыққа аударылды. Қазақ тарапы органикалық және халал өнім өндіру әлеуетін, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен африкалық нарықтарға экспорттау мүмкіндіктерімен таныстырды. Сонымен қатар бірлескен инвестициялар, логистика және Нигерия инфрақұрылымын жаңғырту аясында қазақстандық цифрлық шешімдерді қолдану тақырыптары көтерілді.Нигерия тарапын ерекше қызықтырған жоба – «Сергек» ақылды жүйесі болды. Бұл жүйе қауіпсіздік, жол қозғалысын бақылау және қалалық ортаға талдау жүргізу үшін пайдаланылады. Нигерия тарапы компанияны нақты пилоттық жобаларды пысықтау үшін елге шақырып, қалалардың жылдам өсуі мен заманауи басқару технологияларына деген сұраныс аясында бұл шешімнің жоғары әлеуетін атап өтті.«Біз Нигериямен ынтымақтастықты Африкадағы ең келешегі зор бағыттардың бірі ретінде қарастырамыз. Екі елдің де жеке секторы қарқынды дамып келеді, әрі экономикаларымыз бірін-бірі толықтырады. Қазақстан агроөнеркәсіп, экспорттық логистика, цифрландыру және урбанистика салаларында нақты шешімдерді ұсына алады. Бүгінгі талқылаулар нақты жобалар мен ұзақ мерзімді серіктестікке негіз болады деп сенеміз», – деп кездесуді қорытындылады Ә.Қуантыров.Кездесу форум аясындағы Қазақстан мен Африка арасында нығайып келе жатқан диалогтың жалғасы болды. Бұл диалог технологиялық серіктестік пен орнықты дамуға негізделген нақты ынтымақтастыққа екі тараптың да мүдделі екенін дәлелдеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1008768?lang=kk
Қазақстан цифрлық трансформация және ЖИ саласындағы жаһандық рөлді күшейтуде 02.06.2025
Астана, 2025 жылғы 30 мамыр – Астана халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Бас хатшысының цифрлық және перспективалық технологиялар жөніндегі арнайы өкілі Амандип Сингх Гиллмен кездесті.Тараптар жасанды интеллектті енгізу, суперкомпьютерді құру, цифрлық инфрақұрылымның дамуын, электрондық үкімет (eGov) саласындағы табыстарды, сондай-ақ «Astana Hub» халықаралық технопаркін ашу мәселелерін және Алматыда Орнықты даму үшін цифрлық шешімдер орталығын құру бастамасын қоса алғанда, Қазақстанның технологиялық жетістіктерін талқылады.А.Рахметуллин Қазақстанның БҰҰ-ның цифрлық күн тәртібін, соның ішінде Жаһандық цифрлық шартты және жасанды интеллектті қауіпсіз және әдепті пайдалану жөніндегі бастамаларды қолдайтынын растады.Өз кезегінде А.Гилл инклюзивті, жауапты және орнықты цифрлық трансформацияны ілгерілету мақсатында ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1008770?lang=kk
Қазақстан мен БҰҰ превентивті дипломатия саласындағы ынтымақтастықты күшейтуде 02.06.2025
Астана, 2025 жылғы 30 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Астана халықаралық форумының жұмысына қатысу үшін келген Орталық Азия үшін БҰҰ-ның Превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының (ОАПДӨО) басшысы Каха Имнадземен кездесу өткізді.Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен ОАПДӨО арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын, өңірлік қауіпсіздік, орнықты даму мәселелерін, сондай-ақ бірлескен іс-шараларға дайындықты талқылады.Қазақстанда ағымдағы жылдың күзіне жоспарланған Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері орынбасарларының алдағы кездесуіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өңірлік қауіпсіздік, тұрақты даму, су ресурстары және климаттың өзгеруі мәселелерін қамтитын күн тәртібін қалыптастыру талқыланды.А.Рахметуллин Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін алдағы іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, өңірдегі превентивті дипломатияны ілгерілету мен күш-жігерді үйлестірудегі белсенді рөлі үшін Өңірлік орталыққа алғысын білдірді.Тараптар аталған кездесуге дайындық шеңберінде тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты, сондай-ақ Қазақстан мен ОАПДӨО арасындағы одан әрі ынтымақтастықтың дамуына үлкен мән берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1008773?lang=kk
Әр үйге — таза су: Қостанай облысында Мемлекет басшысының тапсырмасы қалай орындалып жатыр 02.06.2025
Қостанай облысында жыл соңына дейін халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін толық шешу жоспарланып отыр. Қазақстан Президентінің тапсырмаларын орындау аясында ауылдық және қалалық елді мекендерді сумен жабдықтау жүйелеріне қосу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.Бүгінгі таңда сумен қамтылғандар:Қалалық халықтың — 99%-ы,Ауылдық халықтың — 91,3%-ы.2025 жылдың соңына дейін қалған 33 ауыл мен 2 қала — Арқалық пен Тобыл — сумен қамтылады. Нәтижесінде өңірде 100 пайыздық қамту қамтамасыз етіледі.📍 Жоспарланған шаралар:20 ауылда (13 мың адам) орталықтандырылған сумен жабдықтау (ОСЖ) енгізіледі,13 ауылда (3 мың адам) су тарату пункттері (СТП) орнатылады,7 елді мекенде су тасымалдау ұйымдастырылады.«Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету — бұл тек инфрақұрылым мәселесі емес, өмір сапасының негізгі көрсеткіші. Мемлекет басшысы тапсырғандай, қалған ауылдар мен қалаларда жұмыс толық аяқталады», — деп атап өтті облыстық энергетика және ТКШ басқармасында.🚧 Биыл облыста 66 жоба жүзеге асырылуда:45 — ауылдық елді мекендерде,21 — қалаларда.Жобаларды іске асыруға 22 млрд теңге бөлінді, оның ішінде:6,9 млрд — Ұлттық қордан,5,3 млрд — тұрақтандыру қорынан,7,6 млрд — жергілікті бюджеттен,2,1 млрд — республикалық бюджеттен.Маусым айында қосымша 9 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаражат 14 жобаға бағытталады (оның ішінде 13-і ауылдық, 1-і — Тобыл қаласында). Тиісті өтінімдер ҚР Индустрия және құрылыс министрлігіне жолданды.🟢 Күтілетін нәтиже:Георгиевка, Михайловка, Восток, Константиновка, Лесное, Свердловка, Первомайское және басқа ауылдарда ауызсу пайда болады.10 ауылда ескірген сумен жабдықтау жүйелері жаңартылады.Алыс елді мекендерде тасымал суды пайдалану мәселесі шешіледі.Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. 2025 жылдың соңына дейін Қостанай облысының халқы толық көлемде сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1008780?lang=kk
Еуропалық дипломаттарға Қарағанды облысының инвестициялық әлеуетін таныстырды 02.06.2025
Қарағанды облысында Еуроодақтың бірқатар елшіліктерінің өкілдері болып қайтты.Дипломаттар аймақ жұртшылығымен бірге Спасск мемориалындағы ескерткіш белгілерге гүл шоқтарын қойып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды. Одан кейін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесуде экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері талқыланды.Кездесу Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде өтті. Оның базасында «Картех» өңірлік инновациялық-индустриялық хабы қалыптастырылуда, онда заманауи технологияларды енгізу және қолданбалы ғылымды дамыту бойынша күш-жігер шоғырландырылады деп жоспарланған.– Өңірде еуропалық компаниялардың қатысуымен жобалар табысты іске асырылуда – бұл «Бёмер» арматура өндірісі, «Изоплюс Орталық Азия» алдын ала оқшауланған құбырлар, «Линде Газ Қазақстан» техникалық газдары және «Соларнет» күн электр станциясы. Бұл мысалдар өзара мүдделердің бар екенін және мұндай ынтымақтастықтың тәжірибесі кеңейтілуі мүмкін екенін көрсетеді. Біз жаңа инвестициялардың тартылуына, технологиялық серіктестіктер және қолданбалы зерттеу жобаларының дамуына мүдделіміз, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.Өңірдің инвестициялық әлеуетін облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов таныстырды. Ол облыстың артықшылықтары, қолайлы инвестициялық ахуал, көлік және логистикалық әлеует, адам ресурстары туралы айтып берді.Қарағанды облысы – өзара тиімді іскерлік әріптестік үшін ашық үлкен мүмкіндіктер өңірі, деп атап өтті спикер. Қазіргі уақытта облыс өңдеу өнеркәсібі өнімдерін әлемнің 70 еліне экспорттайды. «Сарыарқа» АЭА-да Германия, Австрия, Қытай, Катар және Канададан 25 компания табысты жұмыс істейді. Дамудың жаңа ірі нүктесі – Саран индустриялық аймағы.Қонақтар өз сөзінде табысты серіктестікке мысал келтіріп, ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашуға мүдделілік танытты. Мысалы, Scania швед бренді Қарағанды облысында көлік техникасы өндірісін іске қосты. Францияның жетекші компанияларының бірі суды тиімді пайдаланудың озық технологияларымен бөлісуге дайын және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Хорватия туризм саласындағы іскерлік байланыстарды дамытуға болады деп есептейді.– Біз жалпы Қазақстанмен, атап айтқанда өңірмен ынтымақтастықтың зор әлеуетін көріп отырмыз. Бұл көлік және логистика, климаттың өзгеруімен күрес, жасыл энергетика сияқты салалар. Бұдан басқа, бұл адами ресурстар, цифрландыру, білім беру, – деп атап өтті Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич. – Осындай кездесулер барысында біз бизнес өкілдеріне жол ашамыз, мүмкін болатын әлеуеттер туралы айтамыз. Содан кейін компаниялардың өздері В2В форматында серіктестік қарым-қатынас үлгісін жасайды. Ал бизнес тарапынан үлкен қызығушылық бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1008789?lang=kk