Enbekshi QazaQ

Қуқық

«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры болып Айтмұхамед Алдажаров тағайындалды 07.01.2025
Айтмухамед Алдажаров 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры болып тағайындалды.Айтмұхамед Алдажаров 1972 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын және Халықаралық бизнес академиясын бітірген.Қаржылық және квазимемлекеттік сектордағы түрлі компанияларда жетекші лауазымдар атқарған, соның ішінде «QazTrade» директорлар кеңесінің мүшесі болған. Тағайындалғанға дейін «QazExportPromotion» корпоративтік қорын басқарған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/913968
2024 жылы аукциондарға жазылу бонусы шамамен 5,3 млрд теңгені құрады 07.01.2025
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ағымдағы жылдың 11 айындағы жер қойнауын пайдалану саласындағы негізгі көрсеткіштер туралы хабарлайды.Биылғы жылы аукцион арқылы 19 кен орны жүзеге асырылды. Аукциондарға жазылу бонусы шамамен 5,3 млрд теңгені құрады.2024 жылдың қараша айында 25 кен орны бойынша аукцион жариялағанын еске саламыз. Сауда-саттық 2025 жылғы 29 қаңтарда e-qazyna.kz Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында өтеді.2024 жылдың қаңтарынан бастап қатты пайдалы қазбалар бойынша KAZRC стандарттарына толық көшу жүзеге асырылды. Қатты пайдалы қазбалардың ресурстары мен қорлары бойынша халықаралық есеп беру стандарттарына (CRIRSCO) көшу Қазақстанның инвестициялық әлеуетін арттырады.Одан бөлек, жер қойнауын пайдалану және геология салаларын автоматтандыру мақсатында minerals.e-qazyna.kz жер қойнауын пайдаланудың Бірыңғай платформасы құрылды. Бірыңғай платформа инвестордың өтініш беруінен лицензия алуға дейінгі цифрландырылған процесін жүзеге асырады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/912801
Қазақстандағы энергия тиімділігі: 2024 жылға арналған қорытындылар 07.01.2025
2024 жылы Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бағынысты ұйымы "Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты" АҚ ел экономикасының энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды іске асыруда елеулі прогреске қол жеткізді. Энергия тиімділігі картасы аясында бір жылда 31 жоба енгізілді. Инвестициялардың жалпы көлемі 20,6 млрд теңгені, ал күтілетін үнемдеу жылына 0,62 млрд теңгені құрады.Экономикалық тиімділік салымдардың жоғары рентабельділігімен расталады: 1 теңгеге бюджет қаражатына 54 теңге инвестиция тартылды. Карта шеңберінде жалпы құны 138,23 млрд теңгені құрайтын 275 жоба іске асырылуда, жыл сайынғы үнемдеу 9,7 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 116 жоба энергосервистік келісімшарттар (ЭСКО) және мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетіктері арқылы жүзеге асырылады. Бұл жобалар бойынша күтілетін үнемдеу-жылына 5,09 млрд теңге.Энергосервистік компанияларды, жеткізушілерді және дистрибьюторларды қамтитын шағын және орта бизнестің жаңа кластерін дамытуға ерекше назар аударылады, бұл энергосервистік нарықты қалыптастыруға ықпал етеді. Осы жобаларды іске асырудың арқасында бюджетке салық түсімдері ҚҚС есебінен 2,5 млрд теңгеге дейін құрады.Жұмыстың маңызды бағыты отандық өндірушілердің (ОӨ) және энергия үнемдейтін материалдар мен технологияларды жеткізушілердің тізілімін қалыптастыру болып қала береді. 2024 жылы тізілімге жаңа компаниялар кіріп, қатысушылардың жалпы санын 84 өндірушіге дейін арттырды. Бұл ұлттық өнеркәсіптік әлеуетті дамытуды ынталандыра отырып, отандық технологиялар мен материалдарды жобаларға біріктіруге ықпал етеді.Осылайша, институт қызметі Қазақстан экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ете отырып, энергия тиімділігін арттыруға жүйелі көзқарасты көрсетеді. Жоспарлардың сәтті орындалуы, жеке инвестицияларды тарту және нарықтық кластерлерді дамыту осы саладағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін растайды. Болашақта ЭСКО және МЖӘ арқылы іске асырылатын жобалар санын ұлғайтуға, отандық өндірушілердің тізілімін кеңейтуге және энергия үнемдеуге қосымша инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасауға ерекше назар аударылатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/912812
2025 жылғы инвест жобалар: Қазақстан экономикасының дамуы 07.01.2025
Қазақстанның 2025 жылға жоспарланған инвестициялық жобалары еліміздің экономикалық өсімінің жаңа кезеңіне негіз қалауда. Бұл жобалар тек қазіргі экономикалық жағдайды жақсартуға ғана емес, сонымен қатар елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 190 жобаның іске асырылуы арқасында 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, Қазақстан экономикасының әртараптануы мен экспорттық әлеуеті артады.Қазақстанның экономикалық дамуының басты бағыты — өңдеуші өнеркәсіпке инвестиция тарту болып табылады. Бұл еліміздің шикізатқа тәуелділігін төмендетуге, технологиялық жаңғыртуға және ішкі өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда жүзеге асырылатын жобалардың үлкен үлесі Қазақстанның өңдеуші өнеркәсіп секторының дамуына бағытталған. Сондай-ақ, инвестициялық бастамалар аймақтардағы экономикалық дамуды күшейтіп, жұмыс орындарын көбейтуге ықпал етеді.Инвестициялық жобалардың негізгі бағыттары мен маңызды жобалар2025 жылы Қазақстанда жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар көп саланы қамтиды. Бірақ ең маңызды жобалар көлік құралдарын шығару, тұрмыстық техника өндірісі және металлургия салаларында жоспарланып отыр. Бұл жобалар тек ішкі нарықтағы қажеттіліктерді қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға да әсер етеді.Автокөлік өндірісі – 2025 жылы Алматы қаласында «Астана-Моторс» моторлы компаниясының жеңіл автокөліктер өндірісі үшін көпбрендтік зауыт салу жобасы іске қосылады. Бұл зауыттың өндірістік қуаты жылына 90 000 автокөлік болады деп жоспарлануда, ал 2 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Жеңіл автокөліктердің бірнеше бренді бойынша өндіріс жүргізілуі экспорттық мүмкіндіктерді арттыруға, сондай-ақ Қазақстанның автокөлік өнеркәсібін дамытуға үлкен серпін береді.Қостанай облысында «KIA Qazaqstan» зауытының ашылуы да маңызды оқиға болмақ. Бұл зауыт жылына 70 000 KIA автокөлігін шығаратын болады және 1 500 жаңа жұмыс орнын ашады. Бұл жоба машина жасау саласының дамуына және Қазақстанның автоөнеркәсіп нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.Қазақстанның тұрмыстық техника өндіру саласындағы жаңа жобалардың бірі – «ALMATY TURMYSTYQ TEHNIKA ZAVODY». Алматы облысында тұрмыстық техника өндіретін зауыт салынады, оның жылдық өндіріс көлемі 750 000 бірлік болады деп жоспарлануда. Бұл жоба да 1 200 жаңа жұмыс орнын ашып, Қазақстанда тұрмыстық техника өндірісінің үлесін арттырады. Өндірістік қуаттың артуы елдің ішкі нарығын қамтамасыз етуге және экспортқа шығару мүмкіндіктерін көбейтуге мүмкіндік береді.Шымкент қаласында «QazAlPack» жобасы аясында алюминий пакеттерін өндіру зауытының өндіріс қуатын жаңғырту жоспарлануда. Бұл жоба 112 жұмыс орнын ашып, жаңа технологиялар мен өнімдерді енгізу арқылы Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға көмектеседі.Ал Атырау облысында «ТексолТранс» жобасы бойынша жүк вагондарын шығаратын зауыт салынады. Жоба жүзеге асқан жағдайда 180 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, «Казполиграф» жобасы Абай облысында сұйық өнімдерге арналған картон қаптамаларын шығару үшін іске қосылады. Бұл жоба тек ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, картон қаптамаларына деген сұраныстың өсуіне ықпал етеді.Аймақтық даму және инвестицияларҚазақстанның әр аймағында жүзеге асырылатын жобалардың ауқымы айтарлықтай өзгеше. Инвестициялық жобалардың ең көп бөлігі Түркістан облысы мен Алматы қаласында жүзеге асырылуда. Түркістан облысында 15 жоба, ал Алматы қаласында 14 жоба іске қосылады. Бұл аймақтардың экономикалық дамуына үлкен ықпал етеді және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.Сонымен қатар, Қостанай мен Қарағанды облыстары инвестициялар көлемі бойынша көшбасшы болып отыр. Бұл облыстар өңдеуші өнеркәсіп пен машина жасау салаларындағы маңызды жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Осы аймақтарда жүзеге асатын жобалар өнеркәсіптік өндіріс пен өндірістік қуаттарды арттыруды мақсат етеді, бұл өз кезегінде Қазақстанның ұлттық экономикасын нығайтуға ықпал етеді.Осылайша 2025 жылы жоспарланған инвестициялардың ең үлкен бөлігі өңдеуші өнеркәсіпке бағытталады. 1 200,7 миллиард теңге көлеміндегі инвестициялар өңдеуші өнеркәсіп саласына бағытталып, 19 640 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл өндіріс саласының дамуы мен жұмыс орындарының көбеюіне септігін тигізеді.Қазақстанның машина жасау саласы да ерекше назарда. Бұл салада 7 823 жұмыс орны құрылатын болады. Машина жасау — Қазақстан экономикасының маңызды секторларының бірі. Осы саладағы инвестициялар отандық өндіріс қуаттарын арттыруға, жаңа технологиялар енгізуге және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі.Қара металлургия саласы да елеулі орын алады. Бұл салаға 256 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынып, өндірістік қуаттардың артуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және металлургия өнімдерінің ішкі нарықта үлесінің өсуіне ықпал етеді. Бұл сектордың дамуында Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуеті де арта түседі.Жобалардың толық қуатына шығуы нәтижесінде жалпы өндіріс көлемі 2,2 триллион теңгені құрайтын болады. Оның ішінде 0,8 триллион теңге экспортқа бағытталады. Бұл Қазақстанның халықаралық нарықтағы ықпалын арттырып, сыртқы саудада бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.Сонымен қатар, жоспарланған жобалар арқылы импортты алмастыру көлемі 1,4 триллион теңге болады, деп күтілуде. Бұл қадам елдің ішкі өндірісін күшейтіп, импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Импортты алмастыру Қазақстанның өнеркәсіп салаларының өнімділігін арттырып, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.2025 жылы Қазақстанда жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар ел экономикасының әртараптандыруына, экспорттық әлеуетін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған маңызды бастамалар болып табылады. Бұл жобалардың нәтижесінде Қазақстан әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті ел ретінде көрініс табады. Экономикадағы жаңа технологиялар, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының ашылуы Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуы үшін үлкен мүмкіндіктер жасайды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/913308
2024 жылы кәсіпорындардың 1,2 миллиард теңгеге еңбек өнімділігін арттыруға жұмсалған шығындары өтелді 07.01.2025
2024 жылдың қорытындысы бойынша «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы отандық кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындарын өтеу бойынша 1,2 миллиард теңгеге өтінімдерді мақұлдады. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясы хабарлады.«Кәсіпорындардың 1,2 миллиард теңгеге еңбек өнімділігін арттыруға жұмсалған шығындары өтеліп отыр. Бұл шығындар технологиялық процестерді жетілдіру, өндіріс тиімділігін арттыру, цифрлық технологияларды енгізу, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, сондай-ақ жаңа технологиялық жабдықтар сатып алу сияқты шараларды қамтиды», – делінген хабарламада.Бұл бағыт бойынша өтінімдер көбінесе Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Алматы облысының кәсіпорындарынан, ал салалық бөліністе-машина жасау, АӨК, жеңіл және металлургия өнеркәсіп кәсіпорындарынан келіп түскен.Сондай-ақ, өнімдер мен қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілету (тауарлардың сәйкестігін растау, өнімдерді бағалау, инспекциялық аудит және бақылау жүргізу, сертификаттарды тіркеу және тағы басқа) бағыты бойынша 20,6 миллион теңге сомасында өтінімдер мақұлданды.Өткен жылдың қорытындысы бойынша QazIndustry, байланыс телефондары арқылы кеңес берумен қатар, 70-ке жуық ашық есік күндері мен түрлі деңгейдегі ақпараттық кездесулер өткізді. Сонымен қатар, мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіру мақсатында аймақтарда ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде орталық қызметкерлері 112 кәсіпорынға барды.Еске сала кетейік, QazIndustry кәсіпорындардың технологиялық процестерді жетілдіру, өндірістерді жаңғырту және өнімдерді ілгерілетуге бағытталған шығындардың 50%-на дейін өтейді.Шығындарды өтеу шарттары бойынша қосымша ақпаратты QazIndustry сайтындағы «Бизнесті ынталандыру» бөлімінен немесе Астана қаласындағы кеңседе өтетін Ашық есік күндерінде алуға болады. Мекенжай: Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогы. Байланыс телефоны: +7 (7172) 79 33 99 (ішкі 444). Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/913432
Президент электровоз құрастыру зауытының жұмысымен танысты 07.01.2025
Мемлекет басшысы Астана қаласының №1 индустриялық паркіндегі электровоз құрастыру зауытын аралап көрді. Кәсіпорынды Индустрияландыру картасы аясында Францияның Alstom компаниясы іске қосқан.Қасым-Жомарт Тоқаевқа кәсіпорынның жұмысы туралы жан-жақты мәлімет берілді. Зауытта «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысымен 380 жүк және 70 жолаушылар электровозы шығарылған. Сондай-ақ олардың қосалқы бөлшектері өндіріледі. Бұдан бөлек, жүк электровоздарының 80 секциясы Әзербайжанға экспортталған. Қазір кәсіпорын нарыққа локомотив корпустары, трансформаторлар, төмен және жоғары вольтты шкафтар және басқа да өнім түрлерін ұсынады.Президентке зауытта жаңа буын локомотивін құрастыру жобасы қолға алынғаны туралы баяндалды. Оның өзіндік құны бұрынғы нұсқасымен салыстырғанда 40 пайызға төмен, ал тиімділігі 20 пайызға жоғары. Жаңа жүк электровоздарының өндірісі 2028 жылдан бастап іске қосылады.Қазір Alstom компаниясы Астана, Алматы, Шу және Арыс қалаларында сервистік орталықтар ашуға инвестиция құйып жатыр. Бұл 700 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы теміржолға қажетті құрал-жабдықтар шығаратын отандық кәсіпорындардың өнімдері көрмесін аралады. Қазір елімізде 600-ден астам компания теміржол саласына арналған бөлшектерді өндірумен айналысады. Олардың өнімдері мен қызметі 25 елге экспортталған.Электровоз құрастыру зауытында еңбек ететін жас мамандармен жүздесуде Президент 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғанын еске салып, мемлекет өндіріс саласында жұмыс істейтін жастарға қолдау көрсете беретінін айтты. Ақпарат akorda.kz сайтынан алынғанАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/913799
Президент құрылыс индустриясы нысандарымен танысты 07.01.2025
Asyl Qala, бұл – 100-ден астам адам еңбек ететін арнаулы кәсіпорын. Жобаға құйылған инвестиция көлемі 8 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорынның қуаты тәулігіне 4500 шаршы метр тротуар жабындысын өндіруге жетеді. Құрылыстың екінші кезеңі аяқталған соң бұл көрсеткіш 9000 шаршы метрге дейін ұлғаяды.Бүгінде аталған кәсіпорында шығарылған өнімдер Астана және еліміздің басқа да қалаларында пайдаланылады.Бұдан кейін Мемлекет басшысы автоклавты газ блоктарын шығаратын Uniton зауытымен танысты. Sensata Group құрылыс компаниясына қарасты кәсіпорын жылына 150 мың шаршы метр газ блоктарын өндіре алады. Жоба «Даму» қоры және Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржыландырылған. 110 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс индустриясы экономиканың маңызды бағыты екенін атап өтіп, жергілікті өнім көлемін арттыру қажеттігін айтты. Ақпарат akorda.kz сайтынан алынғанАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/913805
Облыс әкімі полиция департаментіне жаңа қызметтік көліктер табыстады 07.01.2025
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев полиция департаментіне 77 автокөліктің кілтін табыстады.Ербол Қарашөкеев ел аумағының тұтастығы мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде полицейлерге жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр екенін атап өтті.- Кәсіби қызметтеріңіз кез келген қауіп-қатерге қарсы тұруымен ерекшеленеді. Бұл міндетті абыроймен атқарып, Тәуелсіздік тұғырын биіктетуге үлес қосудасыздар, – деді ол.Биыл полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 4,2 млрд. теңге бөлінді. Оның 1,1 млрд. теңгесі 81 қызметтік автокөлікті сатып алуға жұмсалды.Қызметтік автокөліктің арасында қоршаған ортаға залалсыз, отандық өндірісте құрастырылған 14 электромобиль бар.Жалпы 2020-2023 жылдары аралығында 307 автокөлік пайдалануға берілді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/912104
Меркі ауданына жаңа әкім тағайындалды 07.01.2025
Президент Әкімшілігінің және Меркі аудандық мәслихатының келісімі, Жамбыл облысы әкімінің өкімі бойынша Ербол Жұмабекұлы Жиенқұлов Меркі ауданының әкімі болып тағайындалды.Ербол Қарашөкеев аудан активіне жаңа әкімді таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.Облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмаларын нәтижелі орындау, ауданның әлеуетін және мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін ұтымды пайдалана отырып, халықтың әл-ауқатын арттыру басты міндет екенін баса айтты.Сонымен қатар инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты жұмыстар жүргізу керектігін атап өтті.Өз кезегінде Ербол Жиенқұлов артылған сенімді ақтауға, барлық міндеттерді жемісті жүзеге асыруға күш салатынына сендірді.Ербол Жұмабекұлы 1986 жылы Жамбыл облысы Талас ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. Қазақ Ұлттық аграрлық университетін «ветеринарлық санитария», Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.Еңбек жолын 2008 жылы Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық эпизоотияға қарсы күрес отряды» РМҚК Жамбыл және Алматы бойынша өңірлік филиалының аға маманы болып бастаған.2010-2020 жылдары Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық эпизоотияға қарсы күрес отряды» РМҚК Жамбыл облысы бойынша филиалының жетекші маманы, бас маманы, басшысы, 2020-2021 жылдары Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы, 2021-2022 жылдары Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.2022 жылдың 1 желтоқсанынан бастап бүгінге дейін Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары болып еңбек етіп келді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/911582
Сарысу ауданында 120 отбасы қоныс тойын тойлады 07.01.2025
Сарысу ауданы Жаңатас қаласында 80 және 40 пәтерлі екі тұрғын үй қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді.Жаңа жыл қарсаңында аудан әкімі Сәкен Мамытов тұрғындарға пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстады.- Біз тұрғындардың қуанышына әрдайым ортақпыз! Бүгінгі жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ дарысын! - деді аудан әкімі.Айта кетейік, баспанаға әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар ие болды.- Жаңа жылды 3 бөлмелі пәтерде қарсы алу бақыт бұйырды. Арманымызды ақиқатқа айналдырған Мемлекет және облыс басшылығына алғыс білдіреміз! - дейді 5 баланың анасы Әсем Айдарбекова.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/912563
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» 07.01.2025
Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбаты– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, былтыр «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатыңызда жылды қорытындылап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстың басым бағыттарын белгілеп бердіңіз. Осындай сұхбаттар жақсы дәстүрге айналып келеді. Бұл елімізді дамытуға қатысты шаралардың мәнмаңызын азаматтарымыздың терең түсінуіне мүмкіндік береді. Бүгін де мазмұнды әрі ашық әңгіме өрбітеміз деп ойлаймын. Алғашқы сұрақ: Қазақстан үшін өткен жыл несімен ерекше болды?– Былтыр көптеген маңызды оқиға болды, қыруар жұмыс атқарылды. ­Мысалы, әбден тозығы жеткен инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары барлық аймақта жүргізілді. 18 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 7 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделді. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа жолаушылар терминалы іске қосылды. Тау-кен, мұнай-химия және металлургия салаларында ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Қайта өңдеу секторы қарқынды дами бастады. Оның өнеркәсіптегі үлесі өндіру саласының деңгейіне жуықтады. 27 миллион тоннаға жуық астық жинап, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізген диқандарымыздың жетістігін айрықша атап өткен жөн.Мен былтырғы сұхбатымда 2024 жыл Қазақстан үшін айрықша маңызды жыл болатынын айтқан едім. Шын мәнінде солай болып шықты.Біз еліміз үшін күрделі болса да, жүйелі экономикалық реформаларды қолға алып, алдағы бес жылдық дамуымыздың берік негізін қаладық. Сол үшін көптеген маңызды жобалар мен бастамалар жүзеге асырылды. Келешекте бұдан да ауқымды жұмыс жасалмақ.Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында төлем беріле бастады. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынды. Шетелдің оннан астам беделді жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылды. Ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті, мәдениет саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп жатыр. Бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілді. Мұның бәрін азаматтардың жасампаздық әлеуетін арттыру үшін пайдалы инвестиция деуге болады.Қазір әлемде бұрын-соңды болмаған аса күрделі геосаяси ахуал қалыптасып отыр. Соған қарамастан, Қазақстан бейбітшілік үшін диалог орнату жолында тиімді рөл атқаратын мемлекет ретінде халықаралық аренадағы позициясын күшейтті. Бұл жағдай еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикамызды орнықты дамытуға септігін тигізеді.Жалпы, өткен жыл оңай болған жоқ, тіпті күрделі жыл болды деуге келеді. Қазақстанға сыртқы факторлардың салқыны тиді, табиғат апаты да жоспарларымызға әсер етті. Алайда біз ахуалды бақылауда ұстап қана қоймай, жан-жақты реформаларымызды жалғастыра алдық. Осылайша, жасампаздық стратегиясы одан әрі жүзеге асырылып жатыр.– Сіз былтырғы табиғат апатын еске алдыңыз, яғни өңірлердің тең жартысын басып қалған алапат су тасқынын тілге тиек еттіңіз. Сол кезде уәкілетті органдарға апаттың салдарын жою туралы нақты тапсырма бердіңіз. Содан бері жұрт ауқымды жұмыс атқарылғанына куә болды. Бірақ қарғын су кезінде қордаланған көптеген мәселенің беті ашылды. Мемлекет осы табиғат апатынан қандай сабақ алды?– Былтырғы тасқын еліміз үшін зор сынақ болды. Мұндай алапат тас­қын Қазақстанда бұрын болмаған. Мемлекет орасан зор қауіптің бетін қайтару үшін шұғыл шаралар қабылдады. Адамдар дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді, олардың уақытша паналайтын орындары әзірленді, материалдық резервті пайдалануға рұқсат берілді. Апаттан құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің ғана емес, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық ұланның және басқа да құрылымдардың қызметкерлері, жалпы саны 63 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Соның арқасында көптеген азаматты құтқарып, аман сақтап қалдық. Ең бастысы – осы.Бір ел, бір халық болып, жұдырықтай жұмыла білсек қана мұндай апаттарды еңсере алатынымызға бәріміз көз жеткіздік. Су тасқыны кезінде волонтерлер қозғалысының әлеуеті зор екенін көрдік. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген еріктілер құтқарушыларға жәрдемдесті, гуманитарлық көмек ұйымдастырып, зардап шеккендерге қолдау көрсетті.Қарғын судың қарқыны шынымен де қатты болды: үйлер, жолдар, көпірлер, әлеуметтік және коммерциялық нысандар бүлінді, біраз мал қырылды. Бөгеттер мен гидротехникалық қондырғылар салуға ондаған жыл бойы жете көңіл бөлінгенде, апаттың салдары соншалықты ауыр болмас еді. Мұны мойындау керек. Қазір қателікті түзеп, олқылықтың орнын толтыруға кірістік. Парламентте жаңа Су кодексінің жобасы қаралып жатыр. Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы және оның кешенді жоспары бекітілді. Онда 2030 жылға дейін 40-тан астам су қоймасын салу және 37 су қоймасын жөндеу қарастырылған. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын ирригация каналдарын жаңғырту көзделген.Төтенше жағдайларды болжау және оның алдын алу жүйесін жаңғыртуға қатысты ауқымды жұмыстар басталды. Су мамандарының тапшылығы мәселесін шешу және зерттеу жұмыс­тарын жандандыру үшін Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды.Былтыр желтоқсан айының басында Сауд Арабиясында One Water Summit атты басқосу өтті. Қазақстан мен Франция төрағалық еткен осы алқалы жиынға қатысып, сөз сөйледім. Онда суға байланысты апаттарға төтеп беру мүмкіндігін арттыру қажеттігіне арнайы тоқталдым. Шын мәнінде, халықаралық қауымдастық су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін бірлесе әрекет етуі керек. Қазақстан осы мәселеге басымдық береді.Күрделі сәттерде қоғамдағы қордаланған келеңсіздіктердің беті ашылатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бірақ әр қиындықтың қайыры бар. Сондықтан дағдарыс кезінде байбалам салмай, байыпты болған жөн. Біз өзекті мәселелерге қатысты дұрыс шешім қабылдап, істің көзін таба білуіміз қажет.Әдетте мемлекеттік қызметшілерді орынсыз сынап-мінейтін әңгімелер жиі айтылады. Алайда бәрі де салыстырғанда көрінеді. Әсіресе басқа елдермен салыстыру арқылы сараланады. Біз коронавирус індетінен бастап қазірге дейін дағдарысты жағдайлардың бәрінен ойдағыдай өтіп келеміз.Көктемгі су тасқынының салдарын жою үшін қабылданған шаралар мемлекеттің тиімді жұмыс істей алатынын көрсетті. Зардап шеккен бір де бір отбасы көмек-қолдаусыз қалған жоқ. Үй салынды, пәтер берілді, инфрақұрылым нысандары қалпына келтірілді, қарғын судан зардап шеккен барша тұрғындар мен кәсіпкерлердің шығыны өтелді. Мұның бәрі өте қысқа мерзім ішінде жасалды. Су тасқынының салдарын жоюға ірі бизнес өкілдері де елеулі үлес қосты.Бүгінгі дүрбелеңге толы дүниеде техногендік сипаттағы апаттар мен табиғат апаттары көбейіп тұр. Оның бәрін еңсеруге көптеген ел, соның ішінде дамыған мемлекеттердің өзі дайын болмай жатады. Біз бұған 2024 жылы да анық көз жеткіздік. Әрине, әлі көп жұмыс істеу қажет екені сөзсіз. Дегенмен төтенше жағдайға төтеп беру тұрғысынан, Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда лайықты орында тұр.Желтоқсанның соңғы күндері Ақтау қаласында Әзербайжан әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. 38 адам қаза болды, оның ішінде еліміздің 6 азаматы бар. Ауыр жарақат алғандар да көп. Мұндай сәтте әрбір секунд қымбат. Құтқарушылар, дәрігерлер мен тәртіп сақшылары шұғыл әрі үйлесімді әрекет етті, кәсіби деңгейі мен азаматтық жауапкершілігі жоғары екенін көрсетті. Жақын жердегі Маңғыстау өңірлік электр торабы компаниясының жұмысшылары бірден көмекке келді. Төңіректегі тұрғындар да зардап шеккендерді құтқаруға атсалысты. Азаматтарымыздың жанқиярлығы арқасында барынша көбірек адамның өмірін сақтап қалдық. Мен құтқару жұмыстарына қатысқан әрбір адамға шын көңілден ризашылығымды білдіремін. Қазақ халқының апаттан зардап шеккендерге жанашырлығы мен тілеулестігі азаматтарымыздың жаппай қан тапсыруға асыққанынан да айқын байқалды. Ұшақ апатының себебін анықтау үшін Үкімет комиссиясы құрылғанын атап өткім келеді. Сонымен бірге 17 халықаралық сарапшы шақырылды. Оның ішінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымының және Мемлекетаралық авиация комитетінің мамандары бар. Үкімет комиссиясы мәліметтің бәрі жазылған арнайы құрылғыны сол ұшақты жасаған Бразилия еліне жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам тергеу жұмыстарының объективті әрі бейтарап жүргізілуіне қажетті бірден-бір дұрыс шешім екеніне сенімдімін.– Сіз Сауд Арабиясындағы халықаралық форумға қатысқаныңызды атап өттіңіз. Жалпы, былтыр әлемдік деңгейдегі осындай көптеген іс-шараға қатыстыңыз. Бұл сіздің сыртқы саясатқа баса мән беретініңізді меңзеп, «Президент – кәсіби дипломат, сондықтан халықаралық мәселелерге көбірек назар аударады» деген әңгіменің шығуына түрткі болды. Шынымен де солай ма?– Қазақстан орналасқан жері, экономикалық әлеуеті және қазіргі геосаясат ахуалы тұрғысынан алғанда, әлемнің көптеген мемлекеті үшін стратегиялық маңызы бар ел саналады. Бізбен байырғы серіктестеріміз ғана емес, сонау Африка құрлығындағы мемлекеттер де достық қатынас құруға мүдделі. Батыста, жалпы жер жүзінде Қазақстанды орта держава деп атайды. Әрине, бұл мәртебенің салмағы да ауыр. Біз, ең алдымен, халықаралық аренадағы іс-әрекеттерімізге жауапкершілікпен қарап, қазіргі заманның аса күрделі мәселелеріне келгенде, сындарлы ұстанымда болуымыз керек. Сондықтан Қазақстан «барша адамзаттың ортақ үйі», еш баламасы жоқ әрі әмбебап құрылым саналатын Біріккен Ұлттар Ұйымын қашанда жақтайды.Сонымен бірге Мемлекет басшысы ретінде ішкі саясат мәселелерімен күнделікті айналысамын. Бұл – өте маңызды жұмыс. Сондықтан менің қызметімде сыртқы саясатқа басымдық беріліп кетті деген пікір дұрыс емес.Менің басты мақсатым – мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу. Мемлекет басшысы болған сәттен бастап қазірге дейін қабылдаған шешімдерім мен оның түрлі салдары үшін бар жауапкершілікті өз мойныма аламын. Мен басқаша жұмыс істей алмаймын, істегім де келмейді.– Ақыры, Біріккен Ұлттар Ұйымы туралы айтылған соң, бір тосын сұрақ қоюға рұқсат етіңіз. Әлеуметтік желіде Сіз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйы­мын басқаруыңыз мүмкін, соған байланысты елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген қауесет тарап жатыр. Осы қауесеттің негізі бар ма?– Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары және Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы ретінде осы ұйымның Женевадағы кеңсесін үш жылға жуық басқардым. Халықаралық үдерістердің қыр-сырына бойлап, мол тәжірибе жинадым. Осының өзі артығымен жетеді деп ойлаймын. Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін.– Былтыр «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Игі бастама барлық өңірді қамтыды. Сіз «Таза Қазақстан» дегеніміз көше тазалаудан әлдеқайда ауқымды ұғым екенін атап өттіңіз. Осы бағыттағы жұмыс қалай жалғасады?– «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алады. Халықтың бұл бастамаға барынша қолдау білдіргеніне тәнтімін. Әсіресе, жастарға ризашылығымды білдіргім келеді. Қазақстан азаматтары мұның кезекті бір науқан емес, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа екенін түсінді.Біз, түптің түбінде, табиғаттың байлығына және күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге немқұрайлы қарайтын жағымсыз әдеттен біржола арылуымыз қажет. Тазалықты сақтау және табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Өркениетті елдердің бәрі осыны ұстанады.Бұл акцияға 3,8 миллионға жуық адам қатысты. 1,5 миллион тоннадан астам қоқыс жиналып, 3,2 миллионнан астам көшет егілді. Осының өзі азаматтарымыздың сана-сезімі жоғары, олардың Қазақстанды өзгертуге нақты іспен үлес қосуға дайын екенін көрсетпей ме?«Таза Қазақстан» жобасының жүзеге асуына, ең алдымен, әкімдер жауапты. Елді мекендердің тазалығы – тұрмыс сапасының жоғары екенін білдіреді. Мен аймақтарға барғанда қалалардың қалай абаттандырылғанына үнемі назар аударамын. Осы ретте «Таза Қазақстан» идеясы ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналуға тиіс екенін тағы да қайталап айтамын.– Қоғамда бірыңғай уақыт белдеуі туралы түрлі пікір бар. Парламент пен Үкіметтің арасында осыған қатысты пікірталас жүріп жатқанын да білеміз. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?– Әрине, мен жағдайды көріп-біліп отырмын. Үкімет өз шешімінің орынды екеніне сенімді және Қазақстан бір уақыт белдеуінде болуы қажет деп санайды. Уақытты дұрыс пайдалану туралы Барселона декларациясында әртүрлі уақыт белдеуін енгізуге, оны қысқы және жазғы уақытқа ауыстыруға әуес болмау қажеттігі айтылған. Дегенмен азаматтарымыз өтініш білдіріп жатыр. Үкіметтің шешіміне қатысты ашық талқылаулар жандана түсті. Меніңше, қоғамда көзқарас қайшылығын тудыратын мұндай мәселелерді мұқият талқылау қажет. Сондықтан Парламентте ғалымдардың, сарапшылардың және аймақ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті. Тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге уағдаласты. Содан кейін нақты ұсыныстар әзірленеді. Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін.– Сіз былтырғы сұхбатыңызда «Дербестікке және қосымша өкілеттікке ие болуға ұмтылған Үкімет қалағанын алды. Бірақ «алмақтың да салмағы бар», олар өздеріне қойылатын талап та күшейетінін түсінуге тиіс» деген едіңіз. Үкіметтің жаңа құрамы жасақталғанына, міне, 11 ай өтті. Меніңше, бұл – белгілі бір пайым жасауға жеткілікті мер­зім. Министрлер кабинетінің жұмысына көңіліңіз тола ма?– Үкіметтің міндеті – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Жалпы алғанда, Министрлер кабинеті бұл міндетін орындап отыр. Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту сияқты бағыттар бойынша былтыр атқарылған жұмыстың нәтижелері жаман емес. Алайда бәрі мінсіз деуге келмейді, проблемалар да бар.Мен министрлерден неғұрлым тиімді жұмыс істеуді және шешім қабылдағанда батыл болуды үнемі талап етемін. Қоғам да Үкіметтің жұмысына жоғары талап қояды. Бұл – өте орынды әрі қалыпты жағдай. Сондықтан Үкіметтің жұмысы нақты нәтижеге орай, әділ бағаланады. Басты көрсеткіш – азаматтардың тұрмыс сапасы. Экономикадағы жетістіктер адамдардың күнделікті өміріне оң әсерін тигізбесе, оны әншейін сөз жүзіндегі жетістік деуге болады.Жуық арада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Сол кезде жылды қорытындылап, қазіргі мәселелерді талқылап, жаңа жоспарлар жасаймыз. Қазақстанға экономиканың 4 пайыздық өсімі аздық ететіні анық. Бұл туралы шетел өкілдеріне де айтып жүрмін. Үкімет экономиканы барынша дамыту үшін тың тәсілдер табуға тиіс. – 2024 жылдың қараша айында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 500-ден асып кетті. Оны белгілі бір психологиялық меже деуге болады. Ұлттық валюта бағамының тұрақсыздығына нарықтағы түрлі фактор әсер ететіні түсінікті. Дегенмен мұндай қаржы-валюта саясаты қаншалықты орынды? Бұл жағдай экономикалық реформаларды жүзеге асыруға бөгет болмай ма?– Қазақстан әлем экономикасының ажырамас бөлігі болғандықтан, теңгеге сыртқы факторлар әсерін тигізбей қоймайды. Доллардың нығаюынан дамушы елдердің валютасы қысым көреді. Зер салып қарасақ, көптеген мемлекеттің валютасы қараша айынан әлдеқайда бұрын әлсірей бастады. Ал теңгенің бағамы ұзақ уақыт тұрақтылығын сақтап тұрды.Біздің валюта бағамын қолдан ұстап тұру тәжірибесінен бас тартқанымызға біраз уақыт болды. Нарық факторларына байланысты еркін бағам қалыптастыру жолын таңдадық. Мен теңгені күшейту үшін еліміздің алтын-валюта қорын босқа ысырап ету орынсыз деп санаймын. Нарыққа қатысы бар кейбір құрылымдар теңге бағамын басқаруға қолайлы ету туралы ұсыныстар айтып жүр. Ұлттық банк пен Үкімет оның бәрін мұқият қарастырып жатыр. Мәселені зерделеген соң бұл бағыттағы ұстанымымызды өзгерту қажет пе деген сауалдың жауабы белгілі болады. Басты мақсат – экономиканың тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, нақты секторды қарқынды дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашу.Ашығын айтсам, экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалаймын. Олар халықаралық қаржы институттарының тілімен әдемі сөйлейді, алайда нақты нәтижесі бар шаруа шамалы болып тұр. Қазір өңірлердегі ахуалды және экономиканың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жақсы білетін, яғни жергілікті жерде еңбек етіп, ысылған мамандар қажет. Былтыр 17 желтоқсанда Премьер-Министр Олжас Бектеновпен кез­дескенде осы мәселені талқыладық.– Биыл Қаңтар оқиғасына 3 жыл толды. Содан бері көп нәрсе айтылды. Өзіңіз де бұл мәселеге егжей-тегжейлі тоқталдыңыз. Оны былтырғы сұхбатта да тілге тиек еттіңіз. Осыған қатысты өткір сауалдарға қайта-қайта жауап беру оңай емес. Дегенмен бұл тақырыпты айналып өте алмаймыз. Ел ішінде «Қаңтар оқиғасының құпиясы толық ашылған жоқ» деген пікір бар. Бұған не айтар едіңіз? Ондай қасірет қайталанбауы үшін не істеу қажет?– Қаңтар оқиғасынан үш жыл өткенде азаматтарымыздың көпшілігі елімізде бұрын-соңды болмаған осы дүрбелең көпе-көрінеу әлеуметтік әділетсіздіктің, саяси тоқыраудың, сондай-ақ қаскөйлердің шектен тыс менмендігінің және олардың халық пен мемлекет тағдырына немқұрайлы қарауының кесірінен орын алғанына әбден көз жеткізді. Өкінішке қарай, бұл – әлем тарихы үшін қалыпты жағдай. Мұндай жайттар Қазақстандағы оқиғаға дейін де болған, кейін де бола береді деп ойлаймын.Қаңтар туралы түрлі долбарға толы алып қашпа әңгімелер толастамай тұр. Оның үстіне, белгілі бір саяси есебі бар, сыңаржақ ұстанымдағы кейбір адамдар деректерді бұрмалап, азаматтардың көңіл күйін өз пайдасына бейімдеуге тырысады. Тәртіп орнатуға және ахуалды тұрақтандыруға қатысты батыл шаралар қабылдаған соң, мен құзырлы органдарға Қаңтар оқиғасының мән-жайын толық әрі шынайы тергеп-тексеру туралы тапсырма бердім. Тергеу ашық жүргізілді. Қылмыскерлер жазасын алды. Парламентте біздің арғы-бергі тарихымызда бұрын-соңды болмаған арнайы тыңдау ұйымдастырылды.Алғашқы парламенттік тыңдау Қаңтар оқиғасынан кейін үш айдан соң, ал екіншісі бір жылдан кейін өтті. Тыңдау барысында мемлекеттік органдардың өкілдері ғана емес, құқық қорғаушылар да сөз сөйледі. Түрлі ой-пікір ашық айтылды, жайсыз сұрақтар қойылды. Мұның бәрі тікелей эфирде көрсетілді, бұл процесс туралы еліміздің және шет мемлекеттердің бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Билік халықтың көкейінде ешқандай күмән қалмауына мүдделі болғандықтан, мұндай қадамға саналы түрде барды.Қаңтар оқиғасы туралы сөз бол­ғанда, әр адам сол күндері көліктердің қирағанын, дүкендердің тоналғанын, қаскөйлердің мемлекеттік ғимараттарды басып алғанын, сарбаздардың соққыға жығылғанын, қару-жарақтың ұрланғанын және әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырағанын еске алуы керек. Жауапкершіліктен жұрдай саясаткерсымақтардың шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратып, мемлекеттігімізге шынымен де қатер төнген сәтті жұрттың жадынан өшіру үшін әрекет жасауына жол бермеу керек. Абырой болғанда, азаматтардың көбі күріштен күрмекті айыра алады. Мемлекетіміздің тірегі – осындай көзі ашық, көкірегі ояу адамдар.Бір нәрсе анық, сол кезде тәртіпсіздікті бастаған және төңкерісті ұйымдастырған адамдардың қимылына дереу тосқауыл қойып, батыл әрекет жасамағанда, қазір Қазақстан дербестігі мен егемендігі әлдеқайда шектеулі, мүлде басқа мемлекетке айналар еді.Біз халықтың берекелі бірлігінің арқасында осы ауыр сынақтан сүрінбей өттік. Қаңтардағы оқиғадан бәріміздің зор сабақ алғанымыз сөзсіз. Біріншіден, елдегі билік жұдырықтай жұмыла білуге тиіс, қосарланған билікке ешқашан жол берілмеуі қажет. Екіншіден, Президент – «Құдайдың жердегі көлеңкесі» емес, мемлекетті басқару үшін белгілі бір мерзімге сайланған менеджер ғана. Үшіншіден, жоғары мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді, соның ішінде күштік құрылым басшыларын мұқият іріктеу керек. Олар Отанымызға, яғни Қазақстан Республикасына адал болуға тиіс. Ең бастысы, «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алып, ел бірлігін көздің қарашығындай сақтап, әділдік қағидатын барынша орнықтыру қажет. Бұл қағидатқа қарсы шығатындар «демократиялық құндылықтар» деген желеумен қоғамға іріткі салып, түбінде қазақ мемлекеттігін жоюды көздейтіні айдан анық. Бұған еш көнуге болмайды. Заң үстемдігі – демократияның ең биік шыңы. Бұл мақсатқа жету оңай емес.– Сіз Әділетті Қазақстанды құрып жатқаныңызды айттыңыз. Жалпы, әділдік дегенді қалай түсінесіз? Реформалардың түпкі мән-мағынасы неде деп ойлайсыз? Әділетті Қазақстан дегеніміз бәрін әлеуметтік тұрғыдан теңестіру ме, әлде әділ бәсекеге жол ашу ма?– Ең алдымен, әділдік барлық елде және барлық заманда халықтың қалауы болғанын айта кеткен жөн. Мұның Қазақстанға да қатысы бар. Жоғарыда айтқанымдай, қасіретті оқиғаға дейін бізде әділдік деңгейі өте төмен болғаны рас.Әділдік – бәрін теңестіру деген сөз емес. Менің ел байлығын әділ бөлу туралы ұстанымым меншік иелерін мүлкінен түгел айырып, активтерді қайта бөлу дегенді білдірмейді. Біз іштен іруге және жүгенсіздіктің белең алуына әкеп соқтыратын мұндай жолмен жүрмейміз. Сондықтан кезінде баз біреулерге орынсыз берілген артықшылықтар мен жеңілдіктерді алып тастау, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару – популистік қадам емес, керісінше, әділдік қағидасы негізінде Қазақстанды жаңғырту стратегиясы.Әділетті мемлекет дегеніміз – құқықтық мемлекет. Онда азаматтардың бәрі заң алдында тең болады, заңдарды, ережелерді және нормаларды қатаң сақтай отырып, жалпыға бірдей мүмкіндіктерді толық пайдалана алады. Айтпақшы, заңсыз алынған қаржы және басқа да активтерді қайтаруға қатысты жұмыс­тың нәтижесінде 2022 жылдан бері мемлекет қазынасына 2 триллион теңгеден астам (4,1 миллиард доллар) қаражат түсті. Бұл қаржы мектептер мен маңызды инфрақұрылым нысандарын салуға және өзге де әлеуметтік міндеттерді орындауға жұмсалып жатыр. Әділдік дегеніміз осы емес пе?– Сіз тұңғыш президенттің қызметін, оның елге сіңірген тарихи еңбегін әділ бағалау қажеттігін бірнеше рет айттыңыз. Көпшілік мұндай ұстанымның орынды екенін біртіндеп түсіне бастады. Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлымен жиі хабарласып тұрасыз ба?– Кез келген дәуірдің жақсы жағы да, көлеңкелі тұстары да бар. Біздің жаңа тарихымызда жарқын сәттер әлдеқайда көп болды. Бұл – ақиқат. Салыстырмалы түрде алғанда, қысқа мерзім ішінде мемлекеттігіміздің берік тұғыры қалыптасты, билік институттары құрылды, жаңа астанамыз бой көтерді, шекарамыз шегенделіп, заң жүзінде бекітілді. Көптеген елмен тиімді қарым-қатынас орнатылды, экономикаға шетелден инвестиция тартылды. Осы жетістіктің бәрін жоққа шығару дұрыс болмас еді. Біз әділетті мемлекет құрамыз десек, тарихқа да, оны жасауға атсалысқан азаматтарға да әділ қарауымыз керек. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ұлттың болашағы үшін қажет. Өткенді ой елегінен өткізіп, оны әділ әрі шынайы бағалай алмасақ, алға сеніммен қадам баса алмаймыз. Саяси ахуалдың ықпалымен өз тарихыңды көпе-көрінеу бұрмалай беруге болмайды. Ел шежіресін басынан бастап қайта жазу тіпті қауіпті.Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жыл бойы ел тізгінін ұстаған уақытта кемшіліктер болды. Бірақ ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. Ашығын айту керек, ол отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтін. Мұны да айта кеткен жөн. Үнемі Премьер-Министрді, Ұлттық банктің төрағасын, министрлерді, әкімдерді шақырып алып, жиналыс өткізетін. Бұған өз азаматтарымызды былай қойғанда, шетел басшылары мен дипломаттары да таңдана қарайтын. «Назарбаев қызметінен кеткен соң тіпті жоғарылады, енді Президент те оған бағынады» деген әзіл әңгіме де пайда болды. Ал, шын мәнінде, бұл әзілдейтін жағдай емес еді.Бұл жағдай қосарланған билік туралы алып қашпа әңгіменің өршуіне әкеп соқты. Шенеуніктер де кабинеттен кабинетке жүгіріп, кімнің тапсырмасын орындайтынын білмей дал болатын. Ол аз десеңіз, кейбір шенеуніктер «Елбасы институты Президент билігінен жоғары тұруға тиіс» деп, ақылға сыймайтын жағдайды заң жүзінде негіздемек болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, өзінің Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуін және бұрынғы президенттің сол жылы желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД елдерінің саммитіне қатысуын нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалар деуге болады. Соның алдында ғана жергілікті бір саясаттанушы оған «Елбасының алтын дәуірін» қалпына келтіру үшін батыл шаралар қабылдау қажеттігін айтып, арандатушылық мазмұндағы хат жолдаған еді.Алайда қазір парасаттылық танытып, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға сіңірген тарихи еңбегін лайықты бағалау керек. Мен Президент ретінде мемлекет мүддесін басшылыққа алуға, ел бірлігін бәрінен биік қоюға міндеттімін.Сіздің сұрағыңызға келсек, қазір біз шамамен айына бір рет телефон арқылы сөйлесіп тұрамыз.– Жақында тұңғыш президенттің Мәскеуге барып, Владимир Путинмен кездесуін жұртшылық сан-саққа жүгіртті. Биліктен кеткеннен кейін бес жылдан соң бұлай жүздесудің ақылға сыймайтыны айтылды. Қазақстанда алдағы уақытта Президент сайлауы өтеді-міс деген болжамдар да пайда болды. Мұндай кездесу кімге және не үшін қажет, бұған кім бастамашы болды? Сіздің пікіріңізді білсек.– Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің желтоқсандағы кездесуі өткен жылдағы екінші жүздесуі ғой деймін. Күз басындағы бірінші кездесу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған жоқ. Олар байырғы достар әрі әріптестер ретінде жүздесетін болса керек, ортақ әңгімелері де бар шығар. Мұндай кездесулер әдетте Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен өтеді. Ол үшін мұның маңызы зор. Бұрынғы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, партия басшысы және егемен Қазақстанның президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының Кремльмен тығыз моральдық және саяси байланысы барын естен шығармаған жөн. Оның талай уақыты Мәскеуде өтті, сан мәрте іссапарға барды, съезд және пленум отырыстарына қатысты, жұмыс бабымен және ресми сапарлармен де болды.– Сіз «Заң мен тәртіп» қағидасы туралы жиі айтасыз. Кейбіреулер мұны қоғамға «қылбұрау салу» деп қабылдап жатыр. Бұған не айтар едіңіз?– «Заң мен тәртіп» қағидасы құқық қорғау саласына ғана арналған деп тұжырымдаған дұрыс болмайды. Мен бұл қағиданы тереңірек түсінемін. «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырған жоқпыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі. «Заң мен тәртіпке» бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз.Сондықтан біздің міндетіміз – бұл қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру. «Заң мен тәртіпті» берік орнықтыру үшін көп уақыт пен күш-жігер қажет екенін түсінемін. Себебі бәрі бірдей бұл қағидатты қатаң ұстануға, оны өмір салтына айналдыруға әлі дайын емес. Бірақ талаптанған адам қалайда мұратына жетеді.– Талғардағы қылмыстық оқиға ел ішінде үлкен дүрбелең тудырды. Жұртшылық Сіздің осы жағдайға қатысты пікіріңізді білгісі келеді.– Қайталап айтамын, елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты мызғымастай орнығуға тиіс. Мен Талғар оқиғасына дейін жариялаған Жолдауымда құқық қорғау органдарынан қылмыс пен қарақшылықтың тамырына балта шабуды талап еттім.Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздікті қылмыстық топтар жасағанын естен шығармаған жөн. Мемлекет ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күрес жүргізуге шамасы жететінін соңғы екі жылда анық көрсетті. Аса қауіпті қылмыстық топтар әшкереленіп, құрықталып жатыр. Олардың сыбайластары мен қаржы көздері де анықталып отыр. Былтыр 246 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың 30 басшысы бар. Бұл жұмысты мен ерекше бақылауда ұстап ­отырмын.Талғардағы оқиғадан кейін құқық қорғау органдары қажетті шаралардың бәрін қабылдады. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеп-тексеру жұмыстары аяқталуға жақын. Көп ұзамай осы іске қатысты сот болады. Бұл оқиғаға орай құзырлы органдар қабылдаған барлық шара заң талаптарына толық сай келеді. Ал басқаның бәрі – құр дақпырт пен теріс пиғылды кейбір топтардың осы жағдайға саяси сипат беруге деген ұмтылысы ғана. Бұған жол беруге болмайды.Осы оқиғаға қатысы бар азаматтар бойынша мына мәселені еске салғым келеді. Қазақ халқы шетелден келген отандастарын «қандасым» деп, құшақ жая қарсы алды. Тарихи Отанына оралғандар Қазақстанның заңдарына қатаң бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы керек. Олар бұрын өздері тұрған елде биліктің талабын сақтап, ондай әрекет жасаған жоқ қой?!– Былтыр көптеген заңнамалық жаңалық болды. Қабылданған заңдардың ішінен қайсысы ма­ңыз­дырақ деп ойлайсыз?– Маңызсыз заң деген болмайды, заңның бәрі маңызды. Сауалыңызға жауап ретінде мен өзімнің Жолдауларымда және Ұлттық құрылтайдың отырыстарында бастамашылық етіп, қабылдануына түрткі болған бірқатар заңды атап өтейін. Ол заңдар қоғам өкілдерінің, сарапшылардың белсене қатысуымен әзірленді және сонысымен маңызды. Осының өзі мемлекет пен азаматтық қоғамның заңнамаларды жетілдіру жолында тиімді серіктестік орната алатынын көрсетеді. Мысалы, әйелдердің құқығын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған заң қабылданды. Бұл құжатта тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты, турасын айтқанда, масқара әрекеттердің тамырына балта шабу көзделген. Әйелдер мен балаларға қатысты қандай да бір зорлық-зомбылық жасағандарға жаза күшейтілді. Оған қоса, жас балаларды өлтірген немесе зорлаған адам өмір бойы бас бостандығынан айырылатын болды. Кәмелетке толмағандарды басынып, мазақ қылғандар енді әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл талап алғаш рет заң жүзінде бекітілді.«Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйенің заңнамалық негізін қалыптастыру үшін көп жұмыс атқарылды. Онда жинақталған қаржыны Қазақстанның және шетелдің колледждері мен жоғары оқу орындарында білім алу, сондай-ақ тұрғын үй алу үшін жұмсауға болады.Азаматтардың үсті-үстіне несие алып, қарызға батуына жол бермеуді көздейтін заң қабылданды. Соған сәйкес несиесін 90 күннен артық уақыт төлей алмай жүрген адамдарға кәсіпкерлікке қатысы жоқ несие беруге тыйым салынды. Сондай-ақ адамдар несие алуға өзіне өзі тыйым сала алатын болды. Медицина қызметкерлерін құқықтық жағынан қорғау шаралары күшейтілді, оларға берілетін әлеуметтік кепілдіктер жақсарды. Балалар мен жастардың арасында жаппай тарап, нағыз індетке айнала бастаған вейптерді сатуға және таратуға тыйым салынды.Есірткі өндіргені үшін берілетін жаза қатайды. Ондай қылмыс жасағандар 15–20 жылдан бастап өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін жазаланады. Есірткіні белгілі бір жерге тығып кететін курьерлер мұндай қылмысты алғаш рет жасаса және әрекетінің салдары ауыр болмаса, 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.Лудоманиямен күреске қатысты заң күшіне енді. Құжатта букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына едәуір шектеу қойылды, кәмелетке толмағандарды құмар ойынға тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді, аты-жөні борышкерлердің бірыңғай тізіміне енгізілген адамдардың құмар ойын ойнауына тыйым салынды. Бұл шаралар талай шаңырақты шайқалтқан, адамдарды қылмыс жасауға, өзіне қол жұмсауға итермелеген ойынқұмарлықтың таралуымен күресуге арналған.Тағы бір маңызды заңнамалық жаңалық – бұзақылық және вандализм жасаған, біреудің мүлкін қасақана бүлдірген адамдарға берілетін жаза қатайды. Мұның бәрі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және заң талаптарына бағынатын азаматтардың құқығын қорғау тұрғысынан маңызды. Сонымен бірге заңнамалық толықтырулардың нәтижесінде 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істер бойынша үш дербес кассациялық сот жұмыс істей бастайды. Осылайша, азаматтар мемлекеттік органдар тарапынан бұзылған өз құқықтарын қорғай алады.Былтыр көптеген маңызды заңнамалық бастамалар жүзеге асырылды. Алайда заңның қабылдануы істің басы ғана, сол заңдардың іс жүзінде жұмыс істеуі одан әлдеқайда маңызды екенін түсіну керек. Бұл ретте, заң талаптары қоғамның сұранысына сай болса ғана сақталады. Сондықтан біз биыл да халықтың үміті мен мүддесін және елімізді дамыту жолындағы басымдықтарды негізге ала отырып, құқық қорғау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастырамыз.– Сіз реформалардың үздіксіз жалғасатынын бірнеше рет айттыңыз. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің алғашқы форумында елімізді одан әрі жаңғырту үшін тың бастамалар көтеріліп, шешімдер қабылданатынын аңғарттыңыз. Бұл қандай бастамалар? Саяси реформалар жалғаса ма?– Соңғы бес жыл бойы жүргізілген реформалар –азаматтарымыздың негізгі сұранысы мен мемлекеттің ұзақ мерзімге арналған мүддесіне негізделе отырып мұқият ойластырылған стратегия. Оның саяси астары жоқ.Негізгі саяси реформалар жасалып бітті. Оның бәрі қоғамда жан-жақты талқыланып, ақырында көпшіліктің қолдауына ие болды. Соның арқасында негізгі саяси институттардың бәрі ашық әрі тиімді бола түсті, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік және тежемелік жүйе күшейді, ең бастысы, азаматтардың саяси өмірге белсенді араласу мүмкіндігі едәуір артты.2022 жылғы маусым айында өткен референдумның нәтижесінде Конституция баптарының үштен бірі жаңарғанын қаперге сала кетейін. Мұның өзі реформаның қаншалықты ауқымды екенін көрсетеді. Қазіргі таңда көптеген реформа іс жүзінде жүзеге асырылып жатыр. Біздің бағытымыз айқын, мақсатымыз белгілі. Соған сәйкес, алғашқы нәтижелер де бар. Бірақ реформа – ұдайы жүретін үдеріс. Қоғамда нақты сұраныс болса, жаңа реформалар әзірленеді. Реформалар елді өркендету ісінің ажырамас бөлігі болған, бола да береді.Мен халыққа Жолдауымды жариялағанда мемлекетімізді одан әрі дамытуға қатысты тың бастамалар ұсынамын. Ұлттық құрылтайдың отырыстарында азаматтардың көкейіндегі өзекті мәселелерге баса назар аударып жүрмін. Биыл да солай болады.– Қазақстанды парламенттік басқару жүйесіне көшіру үшін іргелі реформа дайындалып жатыр деген ақпарат тарады. Шынымен солай ма?– Әрине, парламенттік басқару жүйесі де жұмыс жүргізуге қақылы. Бұл жүйе Еуропадағы, тіпті Азиядағы бірқатар елде әбден орнығып, тамырын тереңге жайған. Бірақ биліктің әмбебап формуласы жоқ. Әр мемлекет саяси жүйесін таңдаған кезде төл тарихына, ұлттық болмысына, саяси тәжірибесіне сүйенеді. Менің аппаратым әлемдік тәжірибені мұқият зерделеп жатыр. Посткеңестік елдерде парламенттік басқару жүйесі жақсы қырынан көріне алған жоқ деген пікірге келісесіз деп ойлаймын. Грузиядағы соңғы оқиғалар осы пайымға нақты дәлел бола алады.Мемлекеттік биліктің саяси жүйесін таңдау – айрықша жауапты шешім. Мұндай шешімдер үркердей топтың оңаша басқосуында емес, тек қана жалпыхалықтық референдумда қабылдануы керек. Менің «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» атты тұжырымдамам Қазақстанның саяси жүйесіне ең қолайлы тұжырымдама екеніне сенімдімін. Бірақ оны толығымен жүзеге асыру үшін біз әлі талай жұмыс істеуіміз керек. Президенттік басқару тәсілі Қазақстан үшін қазір де, таяу кезеңде де ең ұтымды тәсіл деп сенемін.Мемлекетіміздің тұрақты әрі орнықты дамуына зияны тиетін шешім қабылдауға менің де, сіз бен біздің де еш қақымыз жоқ. Мұндай мәселеге байланысты қателікке жол беруге болмайды. Түптеп келгенде, Конс­титуцияға енгізілген өзгерістің бәрі – Парламенттің реформалануы, ауыл, аудан және қала әкімдерінің сайлануы, Ұлттық құрылтайдың құрылуы және, ең бастысы, заң үстемдігінің басымдыққа айналуы – осының барлығы саяси тоқырауға ұшырамауға сенімді кепілдік береді.– Елімізде мерзімінен бұрын парламент сайлауы бола ма? Бұл туралы қазір жиі айтыла бастады.– Мұндай болжамдар бар екенін білемін. Бұл ақпарат әдейі таратылып жатыр деп ойлаймын. Біздің елде жаңа Үкімет жұмысына кіріскен бетте оның отставкаға кететіні туралы әңгіме тарайды. Парламент туралы да дәл солай деуге болады. Мен Парламент депутаттары азаматтық және саяси жауапкершілік танытып, жақсы жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Ал Үкімет – ауыс-түйіске бейім құрылым. Оның құрамында түрлі жағдайға, оның ішінде «Amanat» партиясының және Парламенттегі басқа да партиялардың ұстанымына байланысты өзгерістер болуы мүмкін.Меніңше, Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге әзірге еш негіз жоқ. Сайлау заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес өтеді. Парламент өзіне тиесілі мерзім аясында қызметін атқаруға құлықты. Ал Үкімет бекітілген бағдарламалар мен жоспарларға сәйкес әрекет етіп, оң нәтижеге жету үшін жұмыс істеп жатыр. Стратегиялық міндет – тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, еліміздің өңірдегі көшбасшы мәртебесін нығайту.– Әркім өзінің жеке басының жағдайына қатысты мәселелерге көбірек мән береді. Таяу арада азаматтардың талап-тілегіне, қалауына сай келетін қандай жобалар қолға алынбақ?– Біздің реформаларымыздың, экономиканы дамыту үшін қабылдап жатқан шараларымыздың бәрі азаматтардың әл-ауқатын жақсартуды, тұрмыс сапасын арттыруды көздейді. Басқа мақсат жоқ, бұл – Үкіметтің ең басты міндеті.Былтыр жазда 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары қабылданғанын қаперіңізге сала кетейін. Онда жалпы инвестиция көлемі 40 триллион теңгеден асатын 200-ден астам жобаны жүзеге асыру қарастырылған.Биыл ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі салынып бітеді. Бұл жоба еліміздің көлік-транзит инфрақұрылымын түбегейлі өзгертеді. Осы бағыттағы темір жолдың жүк тасымалдау мүмкіндігі 5 есе артады, контейнер пойыздары жүкті бұрынғыдан едәуір жылдам жеткізетін болады. Бір айта кетерлігі, мұндай ауқымды жоба алғаш рет өз жобалаушыларымыздың, инженерлеріміз бен құрылысшыларымыздың күшімен жүзеге асырылды. Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін темір жолдың құрылысы аяқталады. Бұл жоба Алматы темір жол торабына түсетін салмақты едәуір азайтып, жүк жеткізу мерзімін қысқартады. Жолаушылар тасымалының сапасын арттыру үшін вагондар жаңартыла береді. Биыл энергетика саласында жалпы қуаты 600 мегаваттан асатын ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. «Жасыл энергетика» саласы да зор серпінге ие болады. Шетел инвесторларымен жел, күн және су электр стансаларын салу туралы келісімдеріміз бар.Теңіз кенішін келешекте кеңейту жобасының құрылысы аяқталады. Мұнай өңдеу, мұнайгаз-химия саласын дамыту ісіне баса назар аударылады. Атап айтқанда, Ақтау битум зауытының өндірістік қуаты арта түседі. «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры, «Жаңаөзен – Ақтау» газ құбырының төртінші желісі, сондай-ақ Атырау облысындағы автоматтандырылған газ тарату стансасы пайдалануға беріледі.Машина жасау саласын дамыту жұмыстары да жалғасады. Әлемге әйгілі брендтерге тиесілі автокөліктер құрастыратын жаңа өндіріс орындары іске қосылады. Қостанайда іштен жану қозғалтқышына қажетті шойын құймалар және жетекші белдемнің бөлшектері шығарыла бастайды.Экономиканың дамуына зор серпін беретін ірі инфрақұрылым нысандарын салуға Ұлттық қордың қаражатын жұмсауға болады, дұрысы, жұмсау қажет деп санаймын. Бұл қор ақшаны шетелдің қаржы институттарында қаттап-шоттап сақтау үшін емес, осындай мақсаттарға жұмсау үшін құрылған жоқ па?!Мемлекет тұрғын үй құрылысы саласын одан әрі дамыту, баспаналарды қолжетімді ете түсу үшін шаралар қабылдайды. Кезекте тұрған азаматтарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыс жалғасады. 2029 жылға дейін жыл сайын 10 мың адам осындай баспанаға ие болады деп жоспарланған. Мен жақында тұрғын-үй саясатына қатысты түзетулер енгізілген заңға қол қойдым. «Отбасы банкі» баспанаға мұқтаж адамдарды «бір терезе» қағидаты бойынша тізімге алумен және оларға баспана бөлумен айналысатын толыққанды даму институтына айналады.Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де баса назар аударылады. Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға арналған ұлттық жобаның аясында ауылдық жерлерде медицина нысандарын салу жұмыстары жалғасады. Елімізде 460 мың оқушыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланған. Оның 105-інің құрылысы аяқталды. Мақсатымыз – апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесін, сондай-ақ мектептегі орын тапшылығына қатысты түйткілдерді толығымен шешу.Бір ай бұрын 2025–2027 жылдарға арналған Республикалық бюджет қабылданды. Құжатта әлеуметтік бағыт басты басымдық ретінде сақталды. Онда денсаулық сақтау, білім беру саласына және әлеуметтік қажеттіліктерге өте қомақты қаржы қарастырылған.– Цифрландыру ісін қолға алып, жасанды интеллектіні енгізбесек, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мүмкін емес екені қазірдің өзінде түсінікті. Еліміз болашақта осы салада не істей алады?– Азаматтарымыз мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерді цифрландыру ісінің артықшылықтарын жақсы біледі. Электронды үкімет сайтындағы қолжетімді қызметтердің тізімі үнемі толықтырылып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингісінде Қазақстан Е-government-ті дамыту көрсеткіші бойынша әлемде 24-ші орын иеленді. Бұл – тәуір нәтиже, бірақ оған тоқмейілсіп, арқаны кеңге салуға болмайды. Көрсеткіштерді барынша жақсарту керек. Мен мұны Үкіметке жиі айтып отырамын. Бұдан бөлек, еліміздегі банктер де адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін едәуір жеңілдете түсу үшін өздерінің цифрлық экожүйесін қалыптастырып жатыр.Қазақстаннан экспортталатын ІТ-қызметтер саны артып келе жатқаны көңіл қуантады. Astana Hub табыс­ты жұмыс істеп тұр. Бұл технопарк бір жарым мыңнан астам компанияның басын біріктіреді. Оның үштен біріне жуығы – шетелдік компания. Осылайша, еліміз жаһандық цифрлы көшпенділер үшін қолайлы мемлекетке айналып келеді.Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлы хабтың бірі бола алады. Оған мүмкіндігіміз толық жетеді. Ол үшін жасанды интеллект технология­ларын дамыту керек. Болашағы зор жобалар қазірдің өзінде бар. Мысалы қазақ тілінің KazLLM атты цифрлы тіл моделінің алғашқы нұсқасы жасалды. Бұл – қазақ тілінде ойлап, сараптама жасап, қазақша сөйлесе алатын жасанды интеллект. Осы бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.Жыл соңына дейін жасанды интеллектінің Alem.AІ атты халықаралық орталығы ашылады. Бұл орталық инвестиция тартатын, әлемдік тәжірибені және инновацияларды енгізетін орынға айналуы керек.Таяу жылдарда жасанды интеллект өте қарқынды дамып, жұрттың өмір туралы ұғымын, тіпті тұрмыс-тіршілігін де түбегейлі өзгертетінін ескерген жөн. Милы машиналар, яғни интеллектісі жағынан адамды он орайтын роботтар пайда болатын күн алыс емес. Оның үстіне бұл роботтар эмпатияға, яғни сезіну және эмоция білдіру сияқты адамға тән қасиеттерге ие болады.Жастарға мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жасанды интеллект технологияларын қолдана білуді үйрету маңызды. Былтыр еліміздің 15 университетінде Google компаниясының жасанды интеллект жөніндегі курстары енгізілді. Осы саланың мамандарын даярлау үшін арнайы бағдарлама әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр (AI-Sana).Нейрожүйелердің пайдасы ұшан-теңіз болғанымен, одан туындайтын қатерлер де бар. Мысалы, алаяқтар фото-бейнежазбалар жасап, адамның дауысын келтіру үшін де соны пайдаланады. Сондықтан көптеген мемлекет жасанды интеллект технологияларының қолданылу аясын заңмен реттеуге кірісті.Біздің депутаттарымыз да жасанды интеллект туралы заң әзірлеу керек деп бастама көтерді. Осы маңызды жұмыспен тиянақты түрде, мұқият айналысу қажет. Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану қағидаларын жасап, оның этикалық мәселелерін жан-жақты ойластыру керек. Бірақ осы саланы реттегенде жасанды интеллектіні шектеуге емес, керісінше, оны дамыту жағына мән берілуге тиіс. Бұл технологияларды кеңінен қолданысқа енгізу орасан зор мүмкіндіктерге жол ашады. Оны қалт жібермей, игілікке жарату қажет.– Сіз бизнесті қолдау мәселесіне ерекше мән бересіз. Инвесторлармен, кәсіпкерлермен кездесесіз. Еліміздегі кәсіпкерліктің даму үрдісіне көңіліңіз тола ма?– Мен инвестиция және бизнес саласындағы ахуалды жақсартуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға айрықша назар аударамын. Күздегі Жолдауымда Үкіметке осыған қатыс­ты нақты тапсырмалар бердім. Былтыр сәуірде кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін бизнесті жүргізу мәселесіне қатысты заң қабылдадық. Қазір мемлекеттік бақылау жүйесін ретке келтіріп жатырмыз. Бұрынғыдай заңсыздықтарды тексеруге емес, оның алдын алуға көбірек басымдық беріліп отыр. «Басынан бастап реттеу» тәсілі енгізіліп жатыр. Кейбір экономикалық қылмыстар қылмыс санатынан шығарылды, экономикалық құқық бұзушылықтың 29 түрі бойынша қамауға алу жазасын қолдануға тыйым салынды. Мұның бәрі кәсіпкерлердің мүддесі үшін жасалды.Мемлекет субсидия, жеңілдетілген несие және кепілдендірілген қарыз беру арқылы шағын және орта бизнес­ке қолдау көрсетіп отыр. Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі үздіксіз артып келеді. Бүгінде осы бизнестің өкілдері 4,3 миллион адамға, яғни еңбек етіп жүрген азаматтардың тең жартысына жуығына жұмыс тауып беріп отыр. Сондықтан кәсіпкерлік бастамалар ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді деп сеніммен айтуға болады.Мемлекет ірі бизнесті де дамытуға мүдделі. Осындай кәсіпкерлердің әлеу­меттік жауапкершілігі де, жергілікті қауымдастықтармен ұзақ мерзімге арналған серіктестік қатынас орнатуға деген құлшынысы да зор. Бұл – қуанарлық жағдай. Мемлекет пен бизнестің ықпалдастығы арқылы көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тауып жатыр.Қазақстанда өз жұмысына жаңа технологияларды енгізіп жүрген озық ойлы кәсіпкерлердің жаңа буыны пайда болды. Мұндай кәсіпкерлер әлемдік бәсекеге түсуге де қабілетті. Қазір шетелдік бизнестің Қазақстанда өз өкілдігін ашып жатқаны да көңіл қуантады. Бұл жағдай отандық нарыққа халықаралық сипат беруге, әділ бәсекені күшейтуге және экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді. Осы орайда, Үкімет жанынан құрылған Инвестициялық штаб «бір терезе» қағидатына сай әрекет етіп, шешімдер қабылдап, өзіне жүктелген міндетті толық атқарып жатқанын атап өткен жөн.Мемлекеттің инвестициялық ахуалды жақсарту жолындағы жұмысы жемісін беріп жатыр. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхит елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы инвестиция жөніндегі баяндамасын жариялады. Онда Қазақстанның 2024 жылы жаңа жобаларға 15,7 миллиард доллар көлемінде тікелей шетел инвес­тициясын тартқаны көрсетілген. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 88 пайызға артық. Біз Солтүстік және Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Аймақтағы шетел инвестицияларының үштен екісіне жуығы, яғни 63 пайызы Қазақстанның еншісінде.Мен бизнес өкілдерімен, инвесторлармен алдағы уақытта да кездесетін боламын. Олардың жасампаз бастамаларын қолдаймын. Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардан да осыны, яғни бизнеске құлақ асып, онымен үйлесімді жұмыс жүргізуді, болашағы зор жобаларға қаржы салатын кәсіпкерлер мен инвесторларға қолдау көрсетуді талап етемін. Бизнеске мүлде қысым көрсетілмеуі керек. Шенеуніктер мен күштік құрылымдардың қыз­меткерлерін мұндай әрекеттері үшін жазалап жатырмыз, алдағы уақытта да жауапкершілікке тартатын боламыз. Ал кәсіпкерлер алаяқтық жасамай, заң аясында жұмыс істеуге тиіс.– Қоғамда сыбайлас жемқорлық туралы жиі айтылады. Оған қарсы белсенді күрес жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Жалпы, шенеуніктердің ұсталғаны туралы түрлі ақпараттар елімізде жемқорлық өршіп тұрғандай әсер қалдырады. Шынымен де солай ма?– Сыбайлас жемқорлықпен жүйелі түрде күресу – аса қажетті жұмыс. Бұған еш күмән жоқ. Мемлекет жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық фактілерін анықтау ғана емес, жемқорлықтың алдын алу үшін жұмыс жүргізіп жатыр.Қазақстан жемқорлыққа қарсы күрес жолында ең озық халықаралық стандарттарды, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы енгізіп жатқан талаптарды басшылыққа алады. Бұл – өте жоғары талап, біз соған сай болуымыз керек. Бұған қоса, мен сыбайлас жемқорлықпен күресуге жауапты мекеменің басшыларына науқаншылдыққа салынбай, байыпты шешімдер қабылдау қажеттігін үнемі айтып отырамын. Өйткені әрбір шешімнің артында адам тағдыры тұр.Ал шенеуніктердің ұсталғаны туралы ақпараттың жиі шығуы биліктің абыройына белгілі бір деңгейде нұқсан келтіргенімен, мемлекеттің ашық жұмыс істейтінін көрсетеді. Бірақ мұндай қадамсыз «Заң мен тәртіп» қағидаттарына негізделген әділетті мемлекет құру мүмкін емес.– Қазақстан мен Ресейдің арасында ежелден тығыз экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынас орныққан. Былтыр қараша айында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Бұл сапар біздің елде де, шетелде де жұрттың жіті назарында болды. Сондағы келіссөздердің нәтижесін қалай бағалайсыз?– Ресей Президентімен өткізген келіссөздер аса мазмұнды болды. Біз сауда-экономика, көлік-логистика, энергетика, мәдениет, білім беру және басқа да салалардағы ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты талқыладық. Астанаға Ресей Үкіметі мүшелерінің жартысына жуығының келуі Ресей үшін Қазақстанның стратегиялық маңызы жоғары екенін көрсетеді.Келіссөздердің нәтижесі туралы көп жазылды, көп айтылды. Әрине, біраз дүние ақпарат құралдарына шыққан жоқ. Владимир Путинмен бейресми жағдайда төрт сағат әңгімелестік. Бұл кездесуде екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ әңгіме барысында халықаралық проблемалар бойынша өзара түсіністігіміз бекемделе түсті. Мен Қазақстанның көп жақты саясатының мәнін ашық айтып, Ресеймен стратегиялық серіктестігімізді және одақтастық қарым-қатынасты дамыту туралы ұстанымға берік екенімізді жеткіздім.Президент Путин – тәжірибелі мемлекет қайраткері. Ол Қазақстанның ерекшелігін және Орталық Азия аймағындағы ең ірі экономикасы бар маңызды ел екенін жақсы түсінеді. Сондықтан Ресей біздің елмен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарын нығайту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Басқаша болуы да мүмкін емес. Себебі екі ел арасын құрлықтағы ең ұзын үздіксіз шекара қосып жатыр.Владимир Путиннің шетелге сапарының ең көбі біздің елге жасалғаны, яғни оның Қазақстанға 33 рет келгені де көп жайттан хабар береді. Бұдан бөлек, біз телефон арқылы сөйлесеміз, халықаралық форумдар аясында кездесеміз. Бір сөзбен айтқанда, үнемі хабарласып отырамыз.Мұның бәрі Қазақстанға да, Ресейге де қажет. Өйткені бұл екі ел басты рөл атқаратын Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін керек.– Сіз Атом энергетикасына қатысты референдум кезінде ақпарат құралдарының алдында сөз сөйлеп, атом электр стансасын салуға озық технологиясы бар шетел компаниялары тартылады дедіңіз. Халықаралық консорциум құрылатын болды. Үкімет қай компанияларға басымдық беретінін айқындады ма?– Владимир Путиннің Астанаға сапары кезінде бұл мәселе де талқыланды. Жобаға тапсырыс беруші ретінде Қазақстан жағы Консорциумда бас оператор болады деп уағдаластық. Атом стансаларын салуға байланысты шетелдерде тәжірибесі мол, білігі жоғары «Росатом» компаниясының жобаға қатысуы мүмкін екені айтылды. Сондай-ақ Қытайдың азаматтық мақсатта қолданылатын ядролық нысандар салу ісіндегі зор жетістіктері ескеріле отырып, осы елдің компаниясымен де келіссөз жүргізіліп жатыр. Жобаға басқа да мемлекеттердің, оның ішінде Батыс елдерінің корпорациялары қызығушылық танытып отыр.Биыл конкурстық рәсімдер өткізіледі. Содан кейін Үкімет түпкілікті шешім қабылдайды. Қазақстанға қуатты атом стансасы қажет екені анық, мен бұған сенімдімін. Оған қоса, таяу арада екінші, тіпті үшінші атом электр стансасын салуымыз мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Ядролық өнеркәсіп саласы қазірдің өзінде энергетика тапшылығына тап болып отырған экономикамызды өркендетуге зор серпін береді. Қазақстан ядролық энергетикасы дамыған елге айналуы қажет деп санаймын. Оның болашағы зор.– Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге жасаған мемлекеттік сапары өткен жылдың тағы бір маңызды оқиғасы болды. Сондағы келіссөздердің басты нәтижесі қандай? Ақпарат құралдарында Төраға Си екеуіңіздің ел үкіметтеріне өзара сауда айналымын екі есе арттыру жөнінде міндет жүктегендеріңіз айтылды. Бұл қол жеткізуге болатын меже ме?– Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің біздің елді жақсы білетінін, қазақ халқына ілтипатпен қарайтынын атап өткен жөн. Біз екі жақты қарым-қатынасқа, өңірлік және халықаралық ахуалға қатысты барлық мәселені емен-жарқын талқыладық. Ешқандай көзқарас қайшылығы жоқ. Қытай үшін Қазақстан – аса маңызды стратегиялық серіктес. Қарқынды әрі жан-жақты дамып келе жатқан қазақ-қытай ынтымақтастығы, шын мәнінде, мәңгі стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Мұның Қазақстан мүддесіне сай келетіні сөзсіз.Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде Төраға Си Цзиньпин Қытайдың елімізге ешқашан зиянын тигізбейтінін, біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді барынша қолдайтынын атап өтті. Бұл – өте маңызды мәлімдеме.2023 жылы Қазақстан мен Қытай арасында өзара визасыз режим орнатылды. Жаңа бастама алыс-берісті дамытуға және екі халықтың достығын нығайтуға оң әсерін тигізіп жатыр. Қазақстан азаматтары Қытайды жаңа қырынан танып, оның технологиялық тұрғыдан алып мемлекетке айналғанына көз жеткізе бастады. Қытай жұрты да біздің отандастарымызға достық пейіл танытып отыр.Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту қазақ дипломатиясындағы маңызды міндеттің бірі болып қала береді. Бұл мемлекет – Қазақстанның негізгі сауда серіктесі, сондай-ақ экономикамыздағы ең ірі инвестордың бірі. Өзара сауда айналымын екі есе арттыруға барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы, екі ел басшыларының саяси ерік-жігері жеткілікті. Сондықтан аталған мақсатқа жетуге әбден болады.Жоғары деңгейдегі диалог 2025 жылы да жалғасады. Төраға Си Цзиньпин «Орталық Азия – ҚХР» саммитіне қатысады деп жоспарланып отыр. Оның Қазақстанға алдағы сапары, сондай-ақ биыл күзде Қытайда өтетін келіссөздер екі елдің сан салалы ықпалдастығын одан әрі нығайтуға септігін тигізеді деп сенемін.– Сіз желтоқсанның басында Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлестіңіз. Соңғы айларда сарапшылар оның Ақ үйге екінші рет келуі Американың сая­сатына және әлемдегі ахуалға қалай әсер ететініне қатысты түрлі пікір айтып жүр. Осы орайда қазақ-америка қатынасы таяу жылдарда қалай өрбиді деп ойлайсыз? Оған АҚШ-тың Қытаймен және Ресеймен күрделі қарым-қатынасы әсер етпей ме?– Иә, Президент Дональд Трамппен мазмұнды әрі ашық әңгіме болды. Ол Қазақстанға АҚШ-тың маңызды стратегиялық серіктесі ретінде жақсы қарайтынын сеніммен айта аламын. Біз жоғары деңгейде жұмыс бабындағы байланыста боламыз деп уағдаластық. Трамп және оның командасы халықаралық саясатқа жаңа көзқарастар орнықтырып, тың тәсілдер енгізумен айналысады. Мұның бәрі әлемдегі ахуалға ықпал етері анық.Мен қазақ-америка қарым-қатынасын нығайтуға өткен ғасырдағы 90-шы жылдардың ортасынан бері атсалысып келемін. Өзара ықпалдастықты нығайту жолындағы отыз жылдан астам уақытта басымдықтарға, яғни сауда-экономика, инвестиция саласындағы ынтымақтастыққа, ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздікті сақтау мәселелеріне қатысты ортақ ұстаным қалыптасты. Ақ үйдің жаңа басшылығымен бірлесе атқарылатын жұмысқа да осы мәселелер арқау болады.Телефонмен сөйлескенде Дональд Трамп Украинадағы әскери іс-қимылды тоқтатуға қатысты біздің пікірімізді сұрады. Бұл – мен үшін тың тақырып емес. Өйткені 2024 жылы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың көптеген басшысы менен осы жөнінде сұраған болатын. Ерекше жағдай қалыптасып отыр: Ресей әскери тұрғыдан жеңілмейді, ал Украина Батыстағы одақтастарының көмегімен соғыста беріспей, тым болмағанда жеңіліп қалмаудан үміттеніп отыр. Сондықтан бұл мәселенің айрықша күрделі екенін, оның шешімі қақтығысып жатқан екі ел басшыларының ерік-жігеріне және әлемдік держава көшбасшысы ретінде Трамптың өзіне де байланысты екенін айттым. Қазақстан Украинада әскери іс-қимыл басталған сәттен-ақ бейбітшілік орнату үшін келіссөздер жүргізу қажеттігін айтып келе жатқанын атап өттім.Біз еш жерде ара ағайын атануға өзіміз сұранып, ұмтылмайтынымызды қадап айтуға тиіспін. Халықаралық аренада Қазақстанның әлеуеті мен мүмкіндіктеріне қарай әрекет жасаймыз. Бірақ халықаралық мәселелердің шешілуіне жәрдемдесуге әрдайым дайынбыз. Әрине, халықаралық аренадағы күрделі ахуал біздің белгілі бір елдермен сауда және саяси қарым-қатынасымызға салқынын тигізеді. Сондықтан біз сыртқы үрдістердің жағымсыз ықпалын азайтуға тырысамыз. Қазақстан мүдделі мемлекеттердің бәрімен өзара тиімді прагматикалық байланыс орнатуды көздейді.– Түркі елдері ынтымақтас­тығының аясы үздіксіз кеңейіп келеді. Былтыр Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының төрағасы ретінде бауырлас елдердің байланысын бекемдеуге едәуір үлес қосты. Түркі әлемінің алдағы ықпалдастығы жолында Қазақстан қандай рөл атқарады деп ойлайсыз?– Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының бастауында болды. Осы ұйым­ға мүше елдер – біздің көршілеріміз әрі маңызды геосаяси серіктестеріміз.Біз төрағалық еткен кезде саяси және сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге баса мән бердік. Бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асырдық, 80-нен астам іс-шара ұйымдастырып, нақты нәтижеге қол жеткіздік. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Оқу орындары мен академиялық құрылымдардың, шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің арасында тығыз байланыс орнады. 2021 жылы түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланған көне Түркістан қаласы халықтарымыздың достығын нығайту ісінде айрықша рөл атқарады.Соңғы 10 жылда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің арасындағы алыс-беріс айтарлықтай артты. 2024 жылы өзара сауда-саттық көлемі 45 миллиард доллардан асты. Елдеріміз Транскаспий халықаралық көлік дәлізінде маңызды рөл атқарады. Біз энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты күшейтуді көздеп отырмыз.Қазақстан осы ұйымның төрағасы ретінде «TURKTIME!» ұранын ұсынды. Бұл аббревиатура өзара қарым-қатынастың дәстүр (Traditions), унификация (Unification), реформалар (Reforms), білім (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) сияқты сегіз басымдығын білдіреді. Осы басымдықтарды Түркі мемлекеттері ұйымы ғана емес, бүкіл түркі әлемі қызығушылықпен қабыл алды. Қазақстан түркі дүниесін біріктіруді көздейтін барлық жасампаз бастаманы қолдайды, Ресейдің «Алтай – түркілердің алтын бесігі» атты тұжырымдамасына да жақсы қарайды. Еліміз түркі халықтары арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ ортақ тарихи-мәдени бай мұрамызды насихаттау ісіне алдағы уақытта да атсалыса береді.– Сіз бұған дейін шетелдік сарапшылар мен дипломаттар Қазақстанды орта держава деп атай бастағанын айттыңыз. Орта державалар қандай рөл атқарады және осы мәртебеге ие болған Қазақстан не істей алады?– Мен бұған қатысты пікірімді ел ішінде де, шетелдерде де айттым. Қазір халықаралық қатынастар жүйесі кері кетіп барады, тіпті құлдырай түсті деуге болады. Тұрақсыздық күшейіп, ірі державалардың бірін-бірі айыптауы белең алды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі қауқарсыз болып қалды. Осындай қиын халықаралық ахуалға көптеген мемлекет, соның ішінде Қазақстан да алаңдап отыр. Бұл – орынды алаңдаушылық. Себебі қалыптасқан жағдай ол елдердің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына мүмкіндік бермейді.Бүгінде барынша әділ әлем қалыптастыруға деген сұраныс өте жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, орта державалар халықаралық сенім дағдарысын және жауапкершілігі жоғары жаһандық көшбасшыларға деген тапшылықты еңсеру жолында маңызды рөл атқара алады деп ойлаймын.Орта державалар күш-жігерін жұмылдырып, жанжалдасып жатқан геосаяси орталықтардың арасында жаңа әрі мықты дәнекер бола алады. Сол арқылы халықаралық текетірестің қызуын бәсеңдетеді. Мен орта державалар үшін дәл осындай шақ туғанына сенімдімін.– Биыл Ұлы Жеңістің мерейлі белесін атап өтеміз. Басқа да көптеген мемлекет сияқты, Қазақстан үшін де бұл датаның символдық мәні зор. Осыған орай қандай іс-шаралар жоспарланып отыр?– Биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алады. Қазақстандықтар нацизмді талқандауға елеулі үлес қосты. Біздің аталарымыз бен әкелеріміз барлық майданда жанқияр­лықпен соғысты. Оның үстіне, Қазақстан әскерді қару-жарақпен, өнеркәсіп өнімдерімен және азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарған сенімді тыл болды.Мен Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында Жеңістің мерейлі белесін атап өтуге дайындалу қажеттігін айттым. Сол кезде жариялаған бастамаларым қазірдің өзінде жүзеге асты. Мысалы, «Айбын» орденінің үш дәрежесі әйгілі батырларымыз Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен аталатын болды. Қазақстанның әуе қорғанысы күштерінің 604-ші әуе базасына әйгілі ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Сергей Луганскийдің есімі берілді. Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың өшпес ерлігін міндетті түрде жадымызда жаңғыртамыз.Жеңісті мерекелеуге арналған жоспарда көптеген іс-шара қамтылған. Оның ең бастысы – Астанада өтетін әскери шеру. Соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіледі, ешкім де елеусіз қалмайды. Концерттер мен көрмелер өтеді, деректі фильмдер мен бағдарламалар түсіріледі, тарихи кітаптар мен фотоальбомдар шығарылады. Жауынгерлеріміздің есімін ел жадында сақтау үшін зерттеу жұмыс­тары жалғаса береді. Б.Момышұлының – 115, М.Ғабдуллиннің – 110, Ә.Молдағұлованың 100 жылдығы салтанатты іс-шаралар тізіміне кіреді.Жеңістің биылғы мерекесі Қазақстанның бірде-бір азаматын бей-жай қалдырмайтынына сенімдімін. Өйткені біздің елде сұрапыл соғыстың зардабын тартпаған отбасы жоқ деуге болады. Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз.– Тағы бір өзекті мәселе бар. Соңғы кезде қазақ тілінің қолданылу аясы едәуір кеңейді. Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін азаматтардың саны көбейді. Бұл қазақ тіліне деген сұраныстың арта түскенін білдіреді. Бұдан бөлек, шетелдіктердің де тілімізді үйренуге деген қызығушылығы күшейді. Қоғамда қазақ тілінің рөлі одан әрі арта түсуі үшін не істеу керек деп ойлайсыз?– Иә, дұрыс айтасыз. Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады. Еліміздің бизнес өкілдері маркетинг саласындағы науқандарын қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың сұранысына қарай өткізетін болды. Мұның бәрі мемлекеттің өте абай болуды қажет ететін әрі саяси тұрғыдан маңызды саналатын осы саладағы саясаты тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді.Сөз арасында айта кетейін, дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақ тілі бұл топқа кірмейді. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-шы орынға тұрақтады. Осы ретте күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы кеңес заманында ана тілімізді әлемдік лингвистика картасынан жойылып кетуден сақтап қалған зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың, журналистер мен ғалымдардың, мұғалімдер мен мәдениет қайраткерлерінің, ауыл еңбеккерлерінің, яғни барша отаншыл азаматтардың еңбегін бағалауымыз керек.Бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ғылым-білім саласындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, мектептер мен басқа да оқу орындарында қазақ тілін үйрету жүйесін жетілдіруге қоса оқытушылардың мәртебесін арттыру мәселесін де шешу қажет. 2023 жылы «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен құрылған арнаулы қорға қолдау көрсету керек. Цифрлық технологияларды қолдануға баса мән берген жөн. Өйткені қазақ тілінің алдағы тағдыры, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеті көбіне осыған байланысты болады.Шығармашыл жастар және креативті индустрия мемлекеттік тілді дамыту ісіне пайдасын тигізе алады. Мемлекет экономикадағы болашағы зор осы саланың өркендеуіне барынша қолдау көрсетеді. Отандық және әлемдік нарықта қаржылық жағынан тиімді әрі сұранысқа ие болатын түрлі контентті қазақ тілінде жасау қажет. Бұл жерде әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындары туралы айтып отырмын.Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара береді. Бірақ тіліміздің тұғырын нығайтамыз деп, оны басқа тілдерге, соның ішінде орыс тіліне қарсы қоймау керек.– Сіз өз сөздеріңізде жастарға айрықша назар аударасыз. Қазақстан жастарының өзін-өзі дамытуына мол мүмкіндігі бар. Оларға барлық жол ашық деуге болады. Кейбір жастардың құмар ойынға, есірткіге тәуелді болғанын немесе күні бойы еш мақсатсыз әлеуметтік желіде отырып, алтын уақытын босқа өткізіп жатқанын көргенде қынжыласың. Жас ұрпақты саяси жауапкершілігі жоғары әрі жан-жақты дамыған азамат етіп тәрбиелеу үшін не істеу керек?– Мен түрлі жиындарда жастарымыз туралы жиі айтамын. Өйткені олардың болашағын ойлап, шын жүректен тілеулестік білдіремін. Еліміздің тағдыры – жастардың қолында. Біз отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатырмыз. Бұл – әншейін әдемі сөз емес, мемлекет стратегиясының түпкі мәні.Бүгінгі жастар біздің жас кезімізге қарағанда әлдеқайда көп біледі. Қазіргі технология дәуірінде бұл – қалыпты нәрсе. Қазақстанда дарынды, білімді әрі мақсатына ұмтыла білетін қыз-жігіттер көп. Дәл сол себепті мен жастарға сенемін деп жалықпай айта беремін.Бір ғана тілегім, ақыл-кеңесім бар: жас азаматтарымыз дүниетанымы тұрғысынан жасампаз, ойлау қабілеті жағынан сындарлы болуға тиіс, олар жақсы мен жаманның аражігін ажырата білуі керек. Жастарымыз халқымыздың болмысына жат идеялардың жетегінде кетпесе, күйзеліске түспесе, нигилизмге бой алдырмаса екен деп тілеймін. Олардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанынқалаймын.Тәуелсіздік ұрпақтары қазірдің өзінде ғылым, спорт, бизнес, креативті индустрия және мемлекеттік қызмет саласында зор жетістікке жетіп жүр. Көбі өндірісте және ауыл шаруашылығында табысты еңбек етеді. Бұл ретте мен осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияладым. Біз еңбек адамының абырой-беделін көтеріп, еңбекқорлық, кәсібилік сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін әлі талай шаруа атқаруымыз керек.Экономиканың көптеген саласында жұмыс қолы жетіспейді. Жұмысшы мамандықтар мол әрі тез табыс табу тұрғысынан қызықтыра қоймауы мүмкін. Бірақ бұл мамандықтардың еңбек нарығында сұранысқа ие болатынына да, қоғамдағы мәртебесі жоғары болатынына да кепілдік бар. Мен кәсіпорындарды аралаған кезде жастарды жиі жолықтырамын. Олардың арасында жұмысшы әулеттерінің өкілдері көп екені көңіл қуантады. Мемлекеттің міндеті – жас мамандарға материалдық және моральдық жағынан көмектесу. Мен бұл шаруамен үнемі айналысамын.– Жастарымыздың білім қуып немесе жұмыс іздеп шетелге шығуына қалай қарайсыз?– Рас, бүгінде жастардың көбі білім алу немесе қызметте өсу үшін шетелге шыққысы келеді. Бұл – жаһандану үдерісінің бір ерекшелігі. Оған түсіністікпен қараған жөн.Біздің жастарымыз әлемдегі беделді университеттерде жақсы білім алып, тәжірибе жинап, дүниетаным көкжиегін кеңейте алады. Сондықтан мемлекет, әрине, шетелде оқуға кедергі жасамайды, керісінше, ондай бастамаларға қолдау көрсетеді. Халықаралық «Болашақ» стипендиясы баршаға белгілі. Жас ғалымдардың шетелдегі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалған. Бірқатар елмен студент алмасып тұрамыз.Жастардың кәсіби біліктілігін көтеру немесе көбірек табыс табу үшін шетелге шығуы қалыпты нәрсе деп ойлаймын. Олар үйреншікті мекенін тастап, өмірін күрт өзгертуден қорықпауы керек. Тіршілікке бейім, ширақ болуға тиіс. Өмір бойы бір ауылда немесе бір қалада тұрып, жарты ай жұмыста болғаны үшін биліктен жоғары жалақы талап ететін заман әлдеқашан келмеске кетті. Қазіргі жастар ондай болмауға тиіс. Қарым-қабілетің қай жерде қажетке жараса, сонда баруға тырысу керек. Баратын жерің ірі шаһар немесе басқа өңір, тіпті басқа ел болуы да мүмкін. Қазақта «Жүргенге жөргем ілінеді, жатқанға жан жуымайды» деген сөз бар.Азаматтарымыз шетелде жүрсе де, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеп, еліміздің абырой-беделін арттыруға атсалысып, Отанына пайдасын тигізе алады. Қазақстан деген брендті әлемге таныту да маңызды миссияның бірі. Дегенмен шетелге шығу «Барсакелмеске» кету деген сөз емес. Ұл-қыздарымыздың жаңа технологияларды меңгеріп, тәжірибе жинақтап, Қазақстанға оралғаны жөн. Елімізде білікті мамандардың аяғын жерге тигізбей, қағып әкететін салалар көп. Үкіметтің міндеті – олардың өз Отанында табысты еңбек етуіне жағдай жасау.– Сұхбат бергеніңіз үшін ризашылық білдіремін. Бірақ айналып өте алмайтын тағы бір сұрағым бар. Сіз неге сұхбатты басқа ақпарат құралдарына емес, баспасөзге бергенді жөн көресіз?– Газет-журнал оқу – жас кезімнен қалыптасқан дағды. «Аna tili» газетін де тұрақты оқып тұрамын. Мен мәліметті телевидение, интернет, әлеуметтік желі сияқты сан алуан ақпарат көздерінен аламын. Бұдан бөлек, күн сайын түрлі мекемеден материалдар келіп түседі. Мен ақпарат кеңістігіндегі үрдістерді жіті қадағалап отырамын. Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді.Менің болмыс-бітімім талдау жасауға бейім. Сөйлейтін сөздерімнің, мәлімдемелерімнің, тіпті жолдайтын хаттарым мен жеделхаттарымның мәтінін де өзім мұқият қараймын. Мен редакциялағаннан кейін мәтіндер мүлде басқаша болып шығатынына аппарат қызметкерлері әбден үйренген.Әрине, журналистермен әңгімелесуге өздері бастамашы болып, телеарна тілшілеріне құлшына сұхбат беретін және өздерін жаңалықтардан көргеніне мәз болып отыратын басшылар да бар. Әркімдікі өзіне жөн шығар.Осы сұхбатты сіздердің басылымдарыңызға беру арқылы еліміздегі журналистиканың тірегі саналатын қазақ тіліндегі медиаға қолдау көрсеткім келді. Биылғы 22 наурызда «Аna tili» газетінің жарыққа шыққанына 35 жыл толады. Алда келе жатқан мерейлі белестеріңіз құтты болсын! Осы уақытта газет жемісті жолдан өтті, өз ерекшелігі, тұрақты оқырманы бар белді әрі беделді басылымға айналды.Бүгін біз ең өзекті деген бірталай мәселені ашық талқыладық деп ойлаймын. Жақсы сұхбат болды. Әдетте осындай ауқымды сұхбатта мемлекеттің қызметіне қатысты мұқият ойластырылған әрі маңызды мәселелер айтылады. Өткен жылға қорытынды жасалып, осы жылдың бағыт-бағдары айқындалады.Шын мәнінде, бұл сұхбатты елге терең ой салу және биылғы жұмысымызға тың серпін беру үшін отандастарыма жолдаған арнайы үндеуім деуге болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/912759
Ербол Қарашөкеев еңбек адамдарына құрмет көрсетті 07.01.2025
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Байзақ және Меркі ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар қарапайым жұмысшы мамандық иелерінің отбасыларын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.Байзақ ауданының тұрғындары, ерлі-зайыпты Әкімжан Байгобеков пен Шолпан Саматқызы «Байзақ Су» КМК-де оператор болып жемісті қызмет атқаруда. 5 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген қарапайым отбасы адал еңбектің берекесіне бөленуде.Меркі ауданы Сарымолдаев ауылының тұрғыны Құсанбек Сақбаев бүгінде бейнеттің зейнетін көрер жаста. Ол әр жылдары жүргізуші, шопан, бақташы болып еңбек етті. Кезінде қой қырқудан ел чемпионы атанған қария жас ұрпақ үшін нағыз еңбек адамының үлгісіндей десек қателеспейміз.Бұдан бөлек, облыс әкімі Тараз қаласының тұрғындары «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің жұмысшысы Ерболат Ошақбай мен «Жамбыл Су» МКК-де электромонтер болып еңбек ететін Руслан Есеевті де мерекемен құттықтады. Еңбек өтілдері 20 жылдан асатын олар облыс орталығының коммуналдық қызметіне барынша атсалысып, тұрғындар игілігі үшін аянбай еңбек етуде.– Жалпы, талмай жұмыс істеп, көпке үлгі болып, өз ісінің маманы атанған еңбек адамдары қандай құрметке де лайық!Президентіміз атап өткендей, жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Арамызда еңбектің ерен үлгісін көрсетіп, ұл-қыздарына жақсы тәрбие беріп жүрген жандарды біз жас ұрпаққа өнеге етіп, бағалауға тиіспіз! — деді облыс әкімі.Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/912796
Облыс әкімі Тараз қаласындағы жаңғыртудан өткен көпқабатты үйлерді аралады 07.01.2025
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.Аймақ басшысы Қарасу алқабындағы №4, 5, 10, 11, «Аса» (11) шағынауданындағы №11, 12, 19, 21, 23, 32 үйлерді аралап шықты. Көпқабатты үйлердің жертөлесіне түсіп, шатырына шығып, атқарылған жұмыстың сапасын тексерді.Ербол Қарашөкеев басты талап – сапа мен мерзім кестесін сақталуын қатаң бақылау ұстау керектігін міндеттеп , тұрғын үйлерді қайта жаңғырту жұмыстарын межелі уақытта аяқтауды, тұрғындардың пікірін ескеруді талап етті.Айта кетейік, 2024 жылы Тараз қаласындағы 53 тұрғын үйді күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінде 40 көппәтерлі үйде құрылыс жұмыстары аяқталып, қалған он үшінде жалғасуда. Сондай-ақ қайтарым қаражат есебінен Төле би даңғылы №11, «Қаратау» шағын ауданында №37а, 39 үйлер және «Салтанат» шағын ауданында №29а, 29б үйлер күрделі жөндеуден өтті. Коммуналдық меншікте тұрған «Бәйтерек» шағын ауданындағы үш үйдің қасбеттері боялды.Нәтижесінде, күрделі жөндеуді қажет ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің үлесі 43%-дан 39%-ға төмендеді.Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасымен қаланың орталық көшелеріндегі 28 көпқабатты тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін жаңарту жобасы қарастырылды. Өткен жылы Төле би даңғылының бойындағы 11 үйдің сырт келбеті мен шатыры жөнделді. Сондай-ақ Желтоқсан көшесіндегі №71 үй жөнделуде. Ал, биыл қалған 16 үйдің сәулеттік келбеті жаңартылып, қала көркін аша түседі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/912834
БҚО ӘКІМІ ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ ЕЛДОС СМЕТОВТЫ ЖӘНЕ АНТРАКТИДАНЫ ЖҮЗІП ӨТКЕН АНЕЛЬ СЫТДЫКОВА ҚАБЫЛДАДЫ 07.01.2025
Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Олимпиада чемпионы Елдос Сметовпен кездесу өткізді. Кездесу барысында Олимпиада чемпионы өңірдегі спорт саласындағы жетістіктермен таныс болды. Облыс әкімі өз кезегінде Елдос Сметовке сәттілік тіледі.«Олимпиада ойындарында өзіңе барша қазақ елі жанкүйер болды. Әсіресе, жастарамыздың үлгі тұтар спортшысына айналдың. Әрдайым сәттілік серік болсын!»- деп атап өтті Нариман Төреғалиев.Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жүзу спортынан әлемге танылған жерлесіміз Анель Сытдыкованы қабылдады.Ол ТМД елдері арасында Антарктиданы алғаш жүзіп өткен қазақ қызы. Анель 750 метр қашықтықты 18 минутта бағындырған.Облыс әкімі жерлесіміз Анель Сытдыковаға спорттық мансабында әлі де биік белестерді бағындыруды тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko/press/news/details/911354
Президенттің тапсырмасы орындалды: Орал қаласында заманауи спорт кешені ашылды 07.01.2025
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде Орал қаласында заманауи көпфункционалды спорт кешенін салуды тапсырған болатын. Нәтижесінде тиісті жұмыстар жүргізіліп, спорт нысаны салынып бітті.Спорт кешенінің ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «BI Group» холдингінің бас директоры Асхат Омаров, спорт ардагерлері мен спортшылар және қала тұрғындары қатысты. Батыс Қазақстан облысыының әкімі Нариман Төреғалиев аталған спорт кешені Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға септігін тигізетінін атап өтті.«Президентіміз Ұлт денсаулығын нығайту жолында бұқаралық спортты дамытуды және тұрғындарымыздың спортпен еркін шұғылдануына барынша жағдай жасау қажеттігін атап өткен болатын. Осы ретте, ашылып отырған заманауи спорт кешені - алдағы уақытта өңір тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен шұғылдануына таптырмас орын болады» — деді облыс әкімі.«Оралдағы жаңа спорттық-сауықтыру кешені болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін орталық ғана емес, сондай-ақ тұрғындар спортпен шұғылдана алатын орынға айналмақ. ҚазМұнайГаз әлеуметтік жауапты компания ретінде өз қызметін жүргізетін өңірлерінде әлеуметтік жобалар, соның ішінде мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер мен спорттық-мәдени нысандар салу бойынша жұмысты белсенді жүзеге асырып келеді. Бұл бағыттағы жұмыс азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жалғасын табады», - деді ҚМГ басшысы Асхат Хасенов.Жаңа спорт ғимаратында волейбол, баскетбол, футзал қол добы, бокс, грек-рим және еркін күрес, дзюдо, садақ ату, үстел теннисі, жүзу, шыңға өрмелеу сынды спорт түрлерімен шұғылдану үшін барлық жағдай жасалған.«Біз өте қуаныштымыз. Осындай заманауи спорт кешені ашылды. Енді жаттығуларымызды тек осында өткіземіз. Кең әрі ыңғайлы ғимарат. Жастарға қолдау білдіріп отырған Президентімізге шынайы алғысымызды білдіреміз» — деді жас спортшы Абзал Маратов.Жобаны «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ қаржыландырды, құрылыс жұмыстарын «BI Group» компаниясы жүргізді.Бұл жоба — Батыс Қазақстан облысының спорттық әлеуетін нығайтуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға жасалған тағы бір маңызды қадам.Айта кетерлігі, Батыс Қазақстан облысында екі жылдың ішінде8 спорт нысаны қолданысқа берілген. Сондай-ақ, 2025 жылы тағы10 нысан салу жоспарда бар. БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko/press/news/details/911402
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің облыс тұрғындарын жаңа жылмен құттықтауы 07.01.2025
Құрметті жерлестер!Сіздерді келіп жеткен жаңа 2025 жылмен шын жүректен құттықтаймын!Өткен жыл облысымыз үшін оңай болған жоқ. Көктемгі су тасқыны тұрғындарды әбігерге салғаны белігілі. Мемлекет басшысының қолдауымен халқымыздың бірлігінің, отандастарымыздың көмегінің арқасында су тасқынының зардаптарын еңсердік. 2 мыңнан астам жерлесіміз жаңа баспанаға ие болды. Қалай десек те, өткен жылға еш өкпеміз жоқ. Қаншама қиындық болса да, ауызбіршілігіміздің арқасында кез келген қиындықты ел болып еңсере алатынымызды, ауыртпалықты жеңе білетінімізді көрсеттік!Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңірімізде бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Өңіріміз әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысында оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Жаңа мектептер, медицина, мәдениет пен спорттық нысандар бой көтерді. Оңтүстік аудандарға апаратын жолдардың құрылысы ақталып, халық игілігіне берілді. Құрылыс қарқыны артып, Орал қаласында да және ауылдық жерлерде тұрғын үй кезегінде тұрған мыңдаған жерлестеріміз баспаналы болды.Сондай-ақ, біраз жылдан бері құрылыс жұмыстары тоқтап қалған нысандар халық игілігіне пайдалануға берілді.Өңірге тартылған инвестиция көлемі де артты.Жоғарыда аталған жұмыстардың бәрі жерлестеріміздің ерен еңбегінің арқасында жүзеге асты.Алдағы жылы да келелі істерді өздеріңізбен бірлесе еңсереміз!Жаңа жыл Батыс Қазақстан өңірінің әр тұрғыны үшін құтты жыл боларына сенімдімін.Жаңа жылда жерлестеріме зор денсаулық, бақ-береке, істеріне табыс тілеймін!Жаңа жыл баршаңызға құтты болсын! Құрметпен, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko/press/news/details/912701
Қарағандыда жергілікті фермерлік өнімдер сатылатын павильондар салынады 07.01.2025
Қарағандыда 2025 жылы жергілікті фермерлік өнімдер сатылатын павильондар желісі пайда болады. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов "Әкімдік қайда қарап отыр" Youtubе-арнасында айтты.Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Қарағандыда жаңа павильондар желісін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге кіріскен.– Биыл бірнеше павильондар құрылысын бастаймыз. Шет елдерде осындай ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын павильондар инфрақұрылымын салу тәжірибесі бар. Әр ауданға біз өз павильонымызды бекітеміз, сонда фермерлер жыл бойы келіп, өз өнімдерін тікелей сата алады, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов.Бауыржан Асановтың пікірінше, мұндай шешім сатушыларға да, сатып алушыларға да тиімді болады: біріншісі өз өнімдерін тез және делдалсыз сатады, ал екіншісі жаңа фермерлік өнімдерді өз бағасына алады.Мұндай алғашқы павильон Оңтүстік-Шығыста, Сатыбалдин көшесінде пайда болуы тиіс.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/913045
Қарағандылықтарды жаңа жылдық концерттерге шақырады 07.01.2025
Қаңтар айында қарағандылық музыка жанкүйерлеріне үш жаңа жылдық концерт ұсынылады.11 қаңтарда "Шалқыма" концерт залында "Жаңа жылдық әуеннің сиқыры" бағдарламасымен Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптарының академиялық оркестрі өнер көрсетеді. Сахнадағы музыканттармен бірге "Кең дала" хоры өнер көрсетеді.Басталуы 16:00.12 қаңтарда пианистер Елена мен Данил Дякиндердің қатысуымен "Рождестволық қиялдар" концерті өтеді. Бағдарламада Франц Шуберт, Фридерик Шопен, Александр Скрябин және Сергей Рахманиновтың шығармалары орындалады."Шалқыма" концерт залы, Басталуы 16:00.18 қаңтарда Қарағанды Джаз оркестрі музыкалық кешке шақырады. Ән композицияларын солистер Айдана Тұңғышбаев, Кристина Ракша және Ксения Николаева орындайды. Оркестрмен бір сахнада скрипкашы Людмила Пропищан мен домбырашы Дамир Темірғали өнер көрсетеді.Қарағанды циркі, басталуы 17:00. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/913078
Балқаш көшелеріне жайлы, халыққа үйреншікті қызғылт сары автобустар қайта оралды 07.01.2025
Балқаш тұрғындары үшін Жаңа жыл жағымды өзгеріспен басталды. Қала көшелеріне қызғылт сары автобустар қайта шықты.Қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің хабарлауынша, байқау қорытындысы бойынша қалалық маршруттардың тасымалдаушысы "Орталық Транс Сервис" ЖШС болды. Қаңтардың алғашқы күндерінен бастап компания автобустардың санын көбейтуі тиіс. Жол ақысы ONAY көлік картасы арқылы төленеді. Қазір қолма-қол ақшасыз төлем жүйесі орнатылуда.Қызғылт сары автобустар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктеріне бейімделген, кондиционерлер де бар. Сондай-ақ, көлік электронды табломен, өртке қарсы жүйемен, бейнебақылау камераларымен жабдықталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/913095
Қарағанды облысында жұмысшы мамандықтар жылы қалай өтеді 07.01.2025
Қарағанды облысында жұмысшы мамандықтар жылы аясында 100-ден астам іс-шара жоспарланған. Олар жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға, оларды жастар арасында танымал етуге, кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға бағытталған. Колледждерде өзгерістер болады. Көрмелер, конкурстар, форумдар және тағы басқа да шаралар жоспарлануда.Бұл туралы аппараттық кеңесте толығырақ айтылды.– Мемлекет басшысы 2025 жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Міндет – еңбек беделін арттыру және еңбек – қоғамда лайықты жалақы мен құрметке ие екенін әрбір адам білуі қажет. Біздің облыста тиісті жоспар әзірленді, оған жұмыс берушілер, білім беру мекемелері мен жастар арасындағы белсенді өзара іс-қимылға ықпал ететін 100-ден астам іс-шаралар кірді, – деді өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.Облыста 52 колледж 126 мамандық бойынша жұмысшы кадрларды даярлайды. Онда 33 мыңнан астам студент оқиды. Мемлекеттік тапсырыс үнемі өсіп келеді. Дуальды оқыту дамуда. Колледждерді сегіз басым бағыт бойынша кластерлеу жүргізілуде: білім беру, құрылыс, көлік, энергетика, IT және байланыс, тау-кен өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы. Әр сала бойынша тірек колледжі анықталды.Білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова биыл кәсіпорындардың көмегімен колледждерде екі заманауи құзыреттілік орталығы мен озық жабдықтармен жабдықталған 10 шеберхана құрылатынын айтты. Балқашта өңірлік сұранысқа сәйкес су шаруашылығы, туризм бойынша шеберханалар мен зертханалар ашу жоспарлануда.Халықаралық әріптестік дамитын болады. Қарағанды мен Теміртауда екі жоғары политехникалық колледж халықаралық аккредиттеуден өтуі тиіс.Колледждерде еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтардың ашылуы жалғасады. Сондай-ақ, жастардың кәсіпкерлік бастамаларын дамытуға бағытталған жобалар қарастырылған.Кәсіптік бағдар беру жұмыстары да басты назарда. Бүгінде облыс мектептерінде медицина, агро, ІТ, сервис және т. б. бағыттар бойынша бейіндік сыныптар жұмыс істейді.Биыл облыста жұмысшы кәсіптерінің жетістіктері көрмесі, жас қызметкерлер мен жұмыс берушілердің форумдары жоспарланған.Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова электрондық еңбек биржасында жаңа мүмкіндіктер туралы айтып берді. Ол барлық мемлекеттік қызметтер бір платформада шоғырланған "цифрлық супермаркетті" жоьасын ұсынды. Сондай-ақ, жұмысқа орналасуға көмектесу үшін "Мансап компастары" жаңа платформасы іске қосылды.Басқарма басшысының ақпараты бойынша, Қарағанды облысында биыл қысқа мерзімді курстарда 3395 адамды жаңа мамандықтарға оқыту жоспарлануда. Оның ішінде жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша жұмыс орнында да оқыту жүргізіледі.Халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмысқа орналастыруға көмектесу үшін Jumys Tap жобасы жалғасады. Биыл зейнеткерлерді жұмысқа орналастыруды қолдауға бағытталған "Алтын жас" бағдарламасы да басталады.Ермағанбет Бөлекпаев жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жөнінде тапсырма берді. Алдағы уақытта облыстық жоспарды өзектендіру және кеңейту қажет, деп атап өтті ол. Кадрларды даярлауды жетілдіруге, жұмыс берушілердің осы бағытқа қатысуына баса назар аудару қажет.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/913621