Enbekshi QazaQ

Қуқық

Транзиттік әлеует артады: Алматы облысы мен Қытай арасындағы маңызды меморандум 30.03.2026
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытай Халық Республикасына іссапары кезінде «Xinjiang Commercial Logistics (Group) Co., Ltd.» компаниясының басшысы Шэнь Цзиншэнмен кездесті. Аталған компания сауда және логистика саласында зор әлеуетке ие. «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жүзеге асыруға үлкен үлес қосып келеді.Кездесу барысында екі жақты сауда-экономикалық байланыс, транспорттық-логистикалық инфрақұрылым, халықаралық тасымалдау, логистиканы цифрландыру және агроөнеркәсіп өнімдерін экспорттау мәселелері талқыланды.Өз сөзінде Марат Елеусізұлы компанияның қарқынды дамуын жоғары бағалайтынын атап өтті. Алматы облысы Қытай мен Орта Азия арасындағы негізгі транспорт жолдарының қиылысында орналасқанын, Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы үшін стратегиялық маңызды серіктес екеніне тоқталды.«Достық қарым-қатынастың арқасында Алматы облысы мен Қытай елі арасындағы тауар айналымы жылдағы дәстүрге сай жоғары деңгейін сақтап келеді. Соңғы үш жыл ішінде тауар айналымы тұрақты түрде 1 млрд АҚШ долларынан асты. Бүгінгі таңда облыста Қытай капиталының қатысуымен 143 кәсіпорын жұмыс істейді. Біз сауда-экономикалық байланысты әрі қарай нығайтуға үлкен мән береміз», – деген аймақ басшысы екі жақты байланыстың маңызды бағыттарына тоқталды. Айтуынша, ең алдымен транспорттық-логистикалық инфрақұрылымды дамыту маңызды. Бұл бағытта Алматы облысында заманауи логистикалық орталықтар, қойма кешендері мен мультимодальды хабтар құру көзделіп отыр. Сонымен қатар халықаралық тасымалдау саласындағы байланысты арттыруға басымдық берілді. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағытындағы маршруттарды дамыту, құрғақ порттар мен шекарадағы өткізу пункттерінің мүмкіндігін тиімді пайдалану арқылы транзиттік әлеуетті арттыру жоспарланған. Одан бөлек, логистиканы цифрландыру, яғни заманауи технологиялар мен платформаларды енгізу арқылы жүк тасымалдауды басқару және электронды сауданы дамыту да негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастырылды.Аймақ басшысы Алматы облысы Қазақстандағы ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі екенін айтты. Экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай және халықаралық нарыққа шығару үшін компанияның логистикалық және сауда мүмкіндігін пайдалануға мүдделі екенін жеткізді.Іссапар барысында облыс делегациясы «XINJIANG COMMERCIAL LOGISTICS (GROUP) Co., Ltd.» компаниясының төрт еншілес кәсіпорнымен танысты. Оның құрамына жоғары технологиялық жабдықтармен айналысатын «Xinjiang Machinery Research Institute Co., Ltd.,» жеміс-жидек пен орман өнімдерін шығаратын «Xinjiang Fruit Industry Group», сапа стандарттары мен өнеркәсіптік сараптаманы жүргізетін «Xinjiang Standard Testing and Certification Company Limited», сондай-ақ халықаралық құрғақ порт логистикасы бағытында жұмыс істейтін Шыңжаң компаниясы кіреді.Жүздесу нәтижесінде халықаралық тасымалдау саласында Қазақстандағы ірі компаниялардың бірі «Atasu Group» пен Шыңжаң халықаралық құрғақ порт компаниясы құны 270 млн доллар тұратын меморандумға қол қойды. Бұл бірлескен жобаларды іске асыруға, ұзақ мерзімді серіктестікті нығайтуға жол ашады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1190114?lang=kk
Қонаевта М.Әуезов көшесінің күрделі жөндеуі басталды 30.03.2026
Қонаев қаласында Кешенді даму жоспары аясында М.Әуезов көшесін күрделі жөндеу жұмыстары басталды.Жобаға сәйкес, жол екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейтіледі. Көшенің жалпы ені 14 метрді, ұзындығы 1,2 шақырымды құрайды. Сонымен қатар, тротуарлар салынып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылады, көше жарығы жаңартылып, «Шошқалы сай» арнасы арқылы өтетін автомобиль көпірі тұрғызылады.«Құрылыс жұмыстарын 9 ай ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Бұл көше қаланың негізгі көлік артерияларының біріне айналады. Шомылу маусымында қалада көлік кептелісі жиі байқалады. Көшені кеңейту осы мәселені шешуге мүмкіндік береді», – деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиев.Оның айтуынша, Кешенді даму жоспары аясында Алматы және Абай көшелерін де күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Қазіргі таңда жобалық құжаттар дайын, жуырда мемлекеттік сараптамаға жолданады.Бұдан бөлек, қалада шұңқырларды жамау және ағымдағы жөндеу жүріп жатыр.Айта кетейік, өткен жылы Қарлығаш шағынауданында жолдарды жаңғырту жұмыстары басталған болатын. Жобаны биыл аяқтау жоспарланған._______В Конаеве началась реконструкция улицы М. АуэзоваВ городе Конаев в рамках Комплексного плана развития начаты работы по капитальному ремонту улицы М. Ауэзова.Согласно проекту, дорога будет расширена с двух до четырёх полос. Общая ширина составит 14 метров, протяжённость – 1,2 километра. Также предусмотрено обустройство тротуаров, установка скамеек и урн, модернизация уличного освещения, а также строительство автомобильного моста через канал «Шошқалы сай».«Завершение строительных работ планируется в течение 9 месяцев. Улица станет одной из ключевых транспортных артерий города. В купальный сезон в Конаеве часто возникают заторы, и расширение улицы позволит существенно снизить нагрузку на дорожную сеть», – отметил руководитель отдела пассажирского транспорта и автомобильных дорог Багдат Алиев.По его словам, в рамках Комплексного плана развития также предусмотрена реконструкция улиц Алматы и Абая. Проектная документация уже подготовлена и в ближайшее время будет направлена на государственную экспертизу.Кроме того, в городе ведутся работы по ямочному и текущему ремонту дорог.Напомним, в прошлом году началась модернизация дорожной инфраструктуры в микрорайоне Карлыгаш. Завершение работ запланировано на текущий год.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1190047?lang=kk
Қостанайдың автопаркі 81%-ке жаңарды 30.03.2026
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов  «Альтаир» ПК жаңа автобустарымен танысты. Бүгінгі күні облыс орталығында 38 маршруттан тұратын дамыған маршруттық желі жұмыс істейді. Күн сайын желіге 187 автобус шығады, олардың 73%-ы – пайдалану мерзімі 7 жылдан аспайтын көліктер.Соңғы 3 жылда лизинг арқылы 90 жаңа автобус сатып алынды, оның ішінде өткен жылы – 28 автобус.Ағымдағы жылы «Альтаир» ПК тасымалдаушысы Yutong маркалы 12 жаңа автобусты 5 жыл мерзімге 7% мөлшерлемемен Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы лизингке алды.«Қоғамдық көлікті жаңарту және жолаушыларды тасымалдау ыңғайлы әрі қолжетімді қалалық ортаны қалыптастыруда басым бағыт болып қала береді. Соңғы жылдары мемлекеттің қолдауымен жүйелі жаңғырту басталды: тасымалдаушылар лизинг тетігі арқылы жаңартылған, заманауи автобустар алуда. Автобус паркін жаңарту нәтижесінде пайдалану мерзімі 7 жылдан аспайтын қоғамдық көліктердің үлесі 8%-ға артып, 81%-ды құрады», – деді облыс әкімі.Аймақ басшысының сөзінше, мақсат – автобустар санын көбейту емес, бүкіл жүйені сапалы түрде өзгерту: қозғалыс тұрақтылығын қамтамасыз ету, жайлылық деңгейін арттыру, әлеуметтік маңызы бар нысандар мен жаңа шағын аудандарды көлікпен қамту.Сонымен қатар, тасымалдаушылар қозғалыс кестесін сақтау, тәртіпті қамтамасыз ету және қызмет көрсету мәдениетін арттыру бойынша міндеттерін толық орындауы тиіс.Айта кету керек, бүгінгі таңда тұрғындар заманауи цифрлық сервистерге қол жеткізуде – мобильді қосымша арқылы автобустардың қозғалысын нақты уақыт режимінде қадағалап, өз маршруттарын жоспарлап, уақыттарын үнемдей алады.Бұл тек қолайлы сервис емес, сонымен қатар тасымалдаушылар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1190084?lang=kk
Швед үстелі және ұлттық тағамдар: Қарулы күштерде тамақтану жүйесінің жаңа стандарттары енгізілуде 30.03.2026
Қазақстан Қарулы күштерінде әскери қызметшілерді азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесін кешенді түрде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізгі жаңалықтардың бірі әскери қызметшілерге бірнеше тағам арасынан өз таңдауын жасауға мүмкіндік беретін «швед үстелі» элементтерін енгізу болып отыр.Жаңа тамақтану моделі әскери қызметшілерге әр күн сайын бірнеше түрлі бірінші және екінші тағамнан өз таңдауын жасауға мүмкіндік береді, бірақ пайлардың бағасы өзгермейді. Мұны тағамды дайындау мен тарату процесін оңтайландыру арқылы іске асыру көзделген.Қазіргі таңда әскерлерді тамақтандыруды 40 мыңнан астам әскери қызметшіні қамтитын 23 қызмет көрсетуші қамтамасыз етеді. Оның ішінде мерзімді қызмет сарбаздары, курсанттар мен кадеттер бар. Конкурс нәтижесінде бәсекелестікті арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін 11 жаңа жеткізуші анықталды.Сонымен бірге, тамақтандыруды ұйымдастыру жүйесі ұзақ мерзімді негізге көшірілмек. Келісімшарттар үш жыл мерзімге жасалып, конкурс рәсімдері толықтай электрондық форматқа ауыстырылады. Бұл процессті ашық етеді, әрі сыбайлас жемқорлық қаупін жойып, жеткізушілердің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.Тамақ сапасын арттыру аясында бірқатар практикалық шаралар жүзеге асырылды. Шамамен 300-дей бақылау және көрсетілімдік тағам әзірлеу рәсімі ұйымдастырылып, аспаздарға арналған оқыту шаралары өткізілді.Бұл ретте әскери қызметшілердің пікірін есепке алуға ерекше назар аударылды. Әскери бөлімдерде анонимдік сауалнамалар жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша мәзірдің кейбір пункттері қолданыстағы азық-түлік пайларының нормаларын сақтай отырып түзетілді.Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-майор Алмаз Жұмакеев атап өткендей, жаңа тамақтану жүйесіне көшу – әскери қызметшілерді қамтамасыз етудің сапасын арттырудағы принциптік қадам болмақ.  – Біз тамақтануды ұйымдастырудың заманауи моделіне көшудеміз. Бұл жерде негізгі назар әскери қызметшінің нақты қажеттілігіне аударылады. «Швед үстелі» элементтерін енгізу сарбазға таңдау жасау мүмкіндігін беру, тағамның әр түрлілігін қамтамасыз ету және тамақ сапасын арттыру жолы болмақ. Бірақ мұның бәрі шығындарды көбейтпей жүзеге асырылады, – деді ол.Қорғаныс министрінің орынбасары сонымен бірге барлық процестердің ашықтығын қамтамасыз ету басты міндет болып қала беретінін атап өтті. Рәсімдердің бәрі мүмкіндігінше электрондық форматқа көшірілетінін және конкурс кезінде адам факторының әсері жойылатынын жеткізді. Бұл – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және жеткізушілер арасында әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыруға бағытталған жүйелік шара. Сол себепті қабылданған шаралар азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесінің сапалы жаңартылуына бағытталған. – Біздің міндетіміз – тамақтануды ұйымдастыруды жаңа деңгейге көтеру. Бұл бір реттік шара емес, аспаздардың біліктілігін арттырудан бастап, жаңа бақылау стандарттарын енгізу және қоғамдық институттармен өзара іс-қимылды ұйымдастыруға дейінгі барлық кезеңді қамтитын кешенді жұмыс, – деп атап өтті генерал-майор Алмаз Жұмакеев.Сонымен қатар, тамақ рационын ұлттық тағамдармен толықтыру және калория мөлшерін арттыру бойынша қосымша жұмыстар жүргізілуде. Бөлімшелерде ұлттық тағамдар күні өткізу тәжірибесі енгізіліп, оған мампар, қуырдақ, палау, ет және бауырсақ сияқты дәстүрлі тағамдар қосылған.Сонымен қатар, далалық жағдайда тамақ сапасын арттыруға және әскери аспаздар институтын дамытуға ерекше мән берілуде. Олар полигондарда азаматтық жеткізушілермен бірлесе отырып жұмыс істейтін болады.  Бүгінде «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитеті қоғамдық бақылаудың маңызды элементі болып табылады. Ұйым өкілдері тамақ сапасын бағалау және жеке құраммен өзара іс-қимыл жасау процестеріне қатыса алады. Қоғамдық ұйым жүйенің ашық жұмыс істеуін қамтамасыз ету мен объективті кері байланыс алудағы қосымша механизм болып саналады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1189555?lang=kk
ҰҰА операторлары, жауынгер жүзушілер және сүңгуір журналист: Әскери-теңіз күштеріндегі баспасөз турының екінші күні қалай өтті 30.03.2026
Баспасөз турының екінші күні есте қаларлықтай мазмұнды болды. Журналистер Әскери-теңіз күштеріндегі жауынгерлік дайындықтың заманауи бағыттарымен танысып, ұшқышсыз ұшу жүйелері операторларының жұмысына қанығып, тіпті сүңгуір жабдығын тәжірибе жүзінде сынап көруге мүмкіндік алды.Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінде БАҚ өкілдеріне ұшқышсыз авиацияның даму жағдайы және дрон операторларын дайындау туралы жан-жақты ақпарат берілді. Қазіргі уақытта Әскери-теңіз күштерінде мамандандырылған екі зертхана және бір оқу сыныбы жұмыс істейді. Онда бейінді мамандармен қатар өзге бөлімшелердің әскери қызметшілері де дайындықтан өтеді.Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы басқармасы бас штабының роботтандырылған жүйелерді қолдану жөніндегі аға офицері подполковник Григорий Селивановтың айтуынша, оқыту әскери қызметшілерге ұшқышсыз жүйелерді басқарудың бастапқы дағдыларын үйретіп, заманауи қару түрлері туралы жалпы түсінік беруге бағытталған.– Бұл бөлімшелердің дайындығын арттырып, жеке құрамның қазіргі заманғы ұрыс жағдайларына бейімделуін қамтамасыз етеді, – деп түсіндірді ол.Сонымен бірге журналистерге «бірінші жақтан көретін» FPV-дрондардың мүмкіндігі көрсетілді. Онда оператор дрон камерасынан түскен бейнені көзілдірік арқылы көріп, дронның ішінде отырғандай сезімде болады. Бұл ұшқышсыз аппаратты жоғары дәлдікпен басқаруға мүмкіндік береді.Одан кейін баспасөз туры оқу-сүңгуірлік орталығында жалғасты. Бөлімше бастығы капитан-лейтенант Руслан Қунақов орталық барлық мамандықтағы сүңгуірлерді, соның ішінде жауынгерлік жүзушілерді, техникалық бейіндегі мамандарды, сондай-ақ штаттағы және штаттан тыс кеме сүңгуірлерін дайындайтынын атап өтті. Журналистерге ашық және жабық циклді аппараттар, сондай-ақ шлангалы сүңгуір құралдары көрсетілді.Республикалық телеарналардың бірінің өкілі олардың функционалдық мүмкіндігін тәжірибе жүзінде тексеріп көрмек боп, арнайы нұсқаушымен бірге сүңгуір жабдығымен суға түсті.Түс ауа баспасөз туры Әскери-теңіз күштерінің теңіз жаяу әскерлерінде жалғасты. Мұнда десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді қызметін өтеген әскери қызметшілердің Жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға әскери-теңіз базасының қолбасшылығы, ардагер теңізшілер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және әскери қызметшілердің ата-аналары қатысты.Бөлім басшылығы матростарға әскери борышын адал атқарғаны үшін алғыс айтып, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі. Әрбір әскери қызметшіге алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.Баспасөз турының соңында БАҚ өкілдері әскери теңізшілердің тұрмыс жағдайларымен және күнделікті қызметімен танысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1189391?lang=kk
Ақтау гарнизонында әскери-тактикалық пейнтбол жауынгерлік дайындықтың жаңа әдісі ретінде енгізілді 30.03.2026
Әскерде кең таралып келе жатқан дайындықтың жаңа тәсілімен республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері Маңғыстау облысында өткен баспасөз туры барысында танысты.Сапар бағдарламасы Астанадан Ақтауға Әуе қорғанысы күштерінің С-295 ұшағымен ұшудан басталды.Журналистер алдымен теңіз жаяу әскерлері нысандарын аралап, пейнтбол қалашығындағы екі взводтың шартты қақтығысын тамашалады. Онда әскери қызметшілер тактикалық маневрлерді пысықтап, үйлесімді іс-қимылдарын көрсетті.25744 әскери бөлімінің командирі гвардия подполковнигі Азамат Сүлейменовтің айтуынша, пейнтбол ғимараттарға шабуылдау, аумақты тазарту, қорғаныс пен шабуыл кезіндегі іс-қимылдар сияқты нақты жауынгерлік жағдайларды модельдеуге мүмкіндік береді. Осындай дайындықтың арқасында теңіз жаяу әскерлері дұрыс қозғалып, тиімді позицияларды иеленуге және бөлімше құрамында өзара іс-қимылды үйлестіруге машықтанады.Оқу сыныбында қонақтар жас жауынгерлердің әскери техниканы жүргізу және заманауи қару түрлерін қолдану дағдыларын қалай меңгеріп жатқанын бақылап көрді. Одан соң «Оймаша» полигонында көрсетілімдік атыстар ұйымдастырылды. Әскери қызметшілер мерген мылтықтары мен түрлі гранатаатқыштардан жаттығулар орындап, ұрыс жағдайына барынша жақын ортада тактикалық әрекеттерді пысықтады.Сондай-ақ бригаданың сап алаңында төрт жасар блогер Бек Сәбитті теңіз жаяу әскерлерінің қатарына қабылдау рәсімі өтті. Әскери ант сөздерін салмақты кейіппен әрі мақтанышпен айтқан бүлдіршін жиналғандардың қошеметіне бөленді.Әскери-теңіз базасына жасалған сапар да есте қаларлықтай болды. Мұнда қонақтар бөлімнің инфрақұрылымымен, жауынгерлік кемелердің міндеттерімен және елдің теңіз шебін қорғаудағы Әскери-теңіз күштерінің рөлімен танысты. Әскери теңізшілер экипаж жұмысы, кемені шабуылдау тактикалық көрінісі, заманауи навигация және бақылау жүйелерін көрсетті.Ең әсерлі сәттердің бірі кемемен теңізге шығу болды. Журналистер теңіздің кермек суын ішіп, әскери теңізшілердің бауырластық рухын сезінуге мүмкіндік алды.Сонымен қатар, Әуе қорғанысы күштерінің нысандарын аралау да мазмұнды өтті. БАҚ өкілдері ұшу құрамын даярлау және авиациялық техникаға қызмет көрсету процесімен танысты. Әсіресе заманауи авиация мүмкіндіктерін айқын көрсеткен көрсетілім ерекше әсер қалдырды.Медиа өкілдері құрлықта, теңізде және әуеде қызмет етудің ерекшеліктерімен осылай танысты. Олар жеке құраммен тілдесіп, күнделікті тұрмыс жағдайларын, оның ішінде сарбаздардың тамақтануын да бағалай алды.Осының бәрі кәсібилік, қатаң тәртіп және заманауи технологиялар біртұтас, әрі тиімді қорғаныс жүйесін қалай қалыптастыратынын айқын көрсетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1189324?lang=kk
Қорғаныс министрінің орынбасары әскерге шақырылушыларға жасалған жағдай мен цифрлық іріктеуді тексерді 30.03.2026
Әскерге шақыру науқанының қызған шағында қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков Астанада шақырылушыларды іріктеу жұмысының қалай ұйымдастырылатынын және болашақ әскери қызметшілерге қандай жағдай жасалғанын тексерді.Астананың жинау пунктінде басты назар цифрлық шешімдерге аударылды. «Smart-военкомат» және «e-Медосмотр» жобалары рәсімдерді жылдамдатуға, адам факторын азайтуға және шақыру процесін барынша ашық етуге мүмкіндік береді.Қорғаныс істері жөніндегі департаменті, әкімдік және ардагерлік ұйымдардың өкілдерімен бірге әскерді жасақтау және барлық қатысушы құрылымдардың өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды. Мұндай жұмыс форматы әр шақырылушы үшін нақты ережелермен және ақаусыз жүйемен шақыруды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.Әскерге шақырылушыларға ерекше назар аударылды. Ашық әңгіме барысында генерал-майор Асқар Мұстабеков олардың көңіл-күйі, тұрғылықты жайы және қызметке дайындықтары туралы сұрады. Жастарға «Срочник 2.0» бағдарламасының артықшылықтары мен бұл бағдарлама қызметтен кейін елдің жетекші жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретіні айтылды.– Тоғызыншы сыныптан кейін әскери колледжге түскім келді, бірақ мүмкіндік болмады. Университетті бітірген соң әскерге баруға, міндетті қызметті өтеуге нақты шешім қабылдадым. Қазір медициналық тексеруден өтіп, МКҚ қатарына құжат жинап жүрмін, – деді әскерге шақырылушы Альтаир Сәкен.Қорғаныс министрінің орынбасары орналастыру жағдайына, тамақтандырудың ұйымдастырылуына және медициналық комиссия жұмысына баға берді. Тексерістердің сапасы мен кабинеттердің жабдықталуына жіті назар аударылды.– Астананың жинау пунктіндегі барлық процестер қажетті деңгейде ұйымдастырылған, мұнда ашықтық пен шақыру науқанының тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи цифрлық шешімдер қолданылады. Шақырылушылар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған, – деп қорытындылады ол.Мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерімен кездесуде генерал-майор Асқар Мұстабеков шақырылушыларға моральдық қолдау көрсетудің рөлін ерекше атап өтті. Ол ардагерлердің қатысуы мен күштік құрылымдармен өзара іс-әрекет жастарға қызметтің бастапқы кезеңінен сенімді өтуге және оның маңызын түсінуге көмектесетінін айтты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1189166?lang=kk
Қазақстанның күштік ведомстволары арасында қазақ күресінен өткен чемпионаттың жеңімпаздары анықталды 29.03.2026
Алматыда Қазақстанның күштік құрылымдары арасындағы қазақ күресінен өткен ашық чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Министрлік ұйымдастырған жарыс Армия орталық спорт клубында өткізілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Даурен Косанов, Парламент депутаттары, Әскери-қолданбалы спорт түрлері федерациясының президенті Болат Байжан және қазақ күресі федерациясының бірінші президенті Ерғали Мұхадинов қатысты. Турнирге Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Шекара қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ұлттық ұланнан барлығы 200 спортшы қатысты.Қазақ күресінен төменде аталған салмақ санаттары бойынша жеңімпаздар анықталды. Олар 60 келіге дейін – Бекжан Тепенов (АОСК), 66 келі – Ернұр Сүлеймен (АОСК), 74 келі – Жұмажан Қожамбеков (АОСК), 100 келі – Аян Байғазов (Десанттық-шабуылдау әскерлері). Екінші орын 55 келіге дейін – Мұхтар Әлиевке (АОСК), 66 келі – Диас Дәулетовке (Десанттық-шабуылдау әскерлері), 82 келі – Жұман Мұхамеджанға (АОСК), 100 келі – Ақылжан Тұрсынбекке (АОСК), 100 келіден жоғары – Әділ Оразбаевқа (АОСК) бұйырды. Үшінші орынды 55 келі салмақта – Арсен Асқарбек («Оңтүстік» ӨңҚ), 60 келі – Дәурен Сүйкенов (Десанттық-шабуылдау әскерлері), 66 келі – Кемелбек Молдаш (Әуе қорғаныс күштері) және Жандос Жанәділ («Шығыс»ӨңҚ), 74 келі – Ислам Тоқтасын (Десанттық-шабуылдау әскерлері), 82 келі – Нұрдәулет Бақтыбайұлы («Оңтүстік» ӨңҚ), 90 келі – Айдар Бескемпір (АОСК) және Айбек Балабек (Десанттық-шабуылдау әскерлері), 100 келі – Ертуған Теренов , («Оңтүстік» ӨңҚ), 100 келіден жоғары – Асылхан Қуанышбеков және Нұртөре Оралов (екеуі де 32039 әскери бөлімінен) олжалады.Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қатысушылар барынша шеберліктерін, жеңіске деген ерік-жігерін, спорттық қағидалар мен дәстүрлерге адалдығын көрсетті.Чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстанның күштік құрылымдарының құрамасы жасақталады. Алда олар әскери қызметшілер арасында өтетін әлем чемпионаттарында ел намысын қорғайтын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1189118?lang=kk
Жамбыл облысында инженерлік-саперлік полктің дайындығы тексерілді 29.03.2026
Гвардейск гарнизонында Қорғаныс министрлігінің Бас инспекциясы инженерлік-саперлік полкіне кешенді тексеріс жүргізді.Комиссия полк қызметінің ұйымдастырылуын, қару-жарақ пен инженерлік техниканың жайын, сонымен қоса жеке құрамның кәсіби даярлығын көрді.Инженерлік бөлімшелердің жауынгерлік мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Олардың инженерлік барлау жүргізуге, кедергілерді еңсеруге және инженерлік жарақтардан өткелдер жасауға дайындығы бақыланды.Комиссия бұдан басқа, әскери қызметшілердің тактикалық, атыс және дене шынықтыру даярлығының деңгейін, олардың радиациялық, химиялық және биологиялық қауіптілік жағдайында жасайтын іс-әрекетке дайындығын тексерді.Бөлімшелердің күнделікті қызметін ұйымдастыруға, әскери тәртіптің жай-күйіне және әскери ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалға да баға берілді.Инженерлік-саперлік полктің дайындық деңгейін және оның мақсатына сай міндеттерді орындауға қаншалықты дайындығын кешенді бағалау негізінде комиссия бөлімше қызметін одан әрі жетілдіруге қатысты ұсынымдар әзірледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1187078?lang=kk
ҚР Сыртқы істер министрі БАӘ Елшісін қабылдады 29.03.2026
Астана, 2026 жылғы 24 наурыз – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі Мұхаммед Әл-Арикиді қабылдады.Кездесу барысында тараптар Таяу Шығыстағы ахуалды талқылап, өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ сұхбаттасушылар екі ел арасындағы саяси диалогтың жоғары деңгейін, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың қарқынды дамуын атап өтті.Е.Көшербаев өңірдегі шиеленістің күшеюіне алаңдаушылық білдіріп, Қазақстанның барлық даулы мәселелерді халықаралық құқық қағидаттары негізінде тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеуді қолдайтынын атап өтті.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы іс-қимылдарды үйлестіруге бейілділігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1187102?lang=kk
Бас штаб бастығы Әскери-теңіз күштері кемелерінің жауынгерлік әзірлігін тексерді 29.03.2026
Ақтау гарнизонында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік, техникалық және жедел әзірлігін жан-жақты тексерді.Әсіресе кезекшілікті ұйымдастыруға, жауынгерлік дайындық пен бөлімшелердің тыныс-тіршілігіне баса назар аударылды. Министрдің бірінші орынбасары теңізшілердің қызметімен және тұрмыс жағдайымен танысып, олардың материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілу деңгейін зерделеді.Десанттық-шабуылдау әскерлеріне қарасты десанттық-шабуылдау бригадасына барған кезде генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров жеке құрамға үлгілі қызметі мен әскери борышқа адалдығы үшін алғыс білдірді.– Сендердей рухы мықты ұлдарды тәрбиелеген ата-аналарыңа шын жүректен алғыс айтамын. Қызмет барысында үлкен тәжірибе жинадыңдар. Алдағы уақытта да елдің сенімді тірегі, нағыз патриот болатындарыңа сенімдімін, – деді ол.«Орал» зымыран-артиллериялық кемесінде генерал-лейтенант Қ. Әбубәкіров қару-жарақ жүйелерінің, навигация және радиотехникалық жабдықтардың дайындығын тексерді. Оқу-жаттығу жиыны барысында экипаждың атыс тапсырмаларын орындау кезіндегі іс-қимылы пысықталып, жеке құрамның үйлесімділігіне баға берді.Сонымен қатар, Бас штаб бастығы «Қайсар» диверсияға қарсы катері мен арнайы бөлімшелердің Каспий теңізінің қазақстандық акваториясы мен порттық аймақтарын су асты және су үсті қатерлерінен қорғауға әзірлігін бақылады.Ол Қазақстанның Әскери-теңіз күштері өңірлік тұрақтылықты сақтауда шешуші рөл атқаратынын, сондықтан оларды жаңғырту қорғаныс ведомствосының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.Инспекция қорытындысы бойынша Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров жауынгерлік даярлықты жетілдіруге және бөлімшелердің үйлесімділігін нығайтуға бағытталған нақты тапсырмалар берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1187161?lang=kk
Әскери қызметшілердің балаларына Қазақ анимациясының алтын қоры көрсетілді 29.03.2026
Жалпыреспубликалық «Наурызнама» онкүндігіне орай елордадағы Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында мультфильмдер көрсетілімі өтті.Мультипликациялық фильмдер циклінің коммерциялық емес көрсетілімін Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жанындағы «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі ұйымдастырды. Бұл іс-шара Президенттің ұлттық анимацияны дамыту және аудиовизуалды өнім нарығын мемлекеттік тілдегі сапалы контентпен толтыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылуда.Отандық үздік анимациялық туындыларды тамашалауға әскери қызметшілердің, азаматтық персоналдың, Қарулы күштер ардагерлерінің балалары мен немерелері, сондай-ақ шығармашылық взводтың сарбаздары келді.Шараны Ұлттық әскери-патриоттық орталығы бастығының орынбасары подполковник Ерболат Жүсіпов ашып, аталған жобаның мәдени мұраны, рухани құндылықтарды сақтау мен мемлекеттік тілді дамытудағы айтарлықтай маңызына тоқталып өтті.«Қазақфильм» киностудиясы жанындағы «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің продюсері Айнұр Исаева атап өткендей, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың қолдауымен ұйымдастырылған мұндай көрсетілімдер енді Абай, Гвардейск, Сарыөзек және Алматы гарнизондарында да өтетін болады.– Көрермендер назарына түрлі аудиторияның талғамына сай жанрлар ұсынылады. Оның ішінде толық метражды анимациялық ертегілерден бастап қысқа метражды авторлық киноларға дейін бар. Бұдан басқа жас көрермендер 2025 жылдың эксклюзивті премьераларын және «Қазақфильм» мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының алтын қорынан алынған анимациялық ленталарды да тамашалай алады, – деді ол.Шара Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен өтіп жатқанын естеріңізге сала кетейік. Жобаның серіктестері – Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы, Астана қаласындағы «Арсенал» және Қарағандыдағы «Сарыжайлау» кинотеатрлары.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1187168?lang=kk
Қазақстан мен БАӘ сыртқы істер министрлері өңірдегі жағдайды талқылады 29.03.2026
Астана, 2026 жылғы 25 наурыз – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Біріккен Араб Әмірліктері Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Наһаянмен телефон арқылы сөйлесті.Сұхбат барысында тараптар Таяу Шығыстағы қазіргі ахуалды талқылап, өңірдегі шиеленіс төңірегінде  пікір алмасты.Е.Көшербаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын білдірген ұстанымды растады және өңірдегі эскалацияның жалғасуына, оның ішінде БАӘ аумағына жасалған соққыларға байланысты алаңдаушылық танытты. Қазақстан бейтарап мемлекеттерді әскери іс-қимылдарға тартуға қарсы екені, сондай-ақ өңір елдерінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға жол берілмейтіні жеткізілді.Ахуалды халықаралық құқық қағидаттары негізінде жедел түрде деэскалациялау және дағдарысты саяси-дипломатиялық жолмен реттеу қажеттігіне назар аударылды.Екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылау барысында Е.Көшербаев БАӘ-нің өңірдегі Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі екенін және елдерімізді дәстүрлі бауырластық қатынастары байланыстыратынын атап өтті.Қазақстан СІМ басшысы БАӘ аумағында болған ҚР азаматтарын эвакуациялауға көрсеткен жәрдемі үшін әріптесіне алғыс білдірді. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды отанына қайтару ел үшін басым міндет болғанын жеткізді.Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары халықаралық аренада екі мемлекеттің жоғары деңгейдегі саяси диалогы мен өзара қолдауына да назар аударды.Өз кезегінде шейх Абдалла бен Заид Әл Наһаян көрсетілген қолдау үшін қазақстандық тарапқа ризашылығын білдіріп, өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.Сұхбат қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында іс-қимылдарды үйлестіруді жалғастыруға дайын екендерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1187183?lang=kk
Қазақстан CІМ-де дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай Молдова Елшісін қабылдады 29.03.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Қазақстандағы Молдова Республикасының Елшісі Штефан Горданы дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады.Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың оң серпінмен дамып келе жатқанын атап өтіп, қазақ-молдова өзара байланыстарын одан әрі нығайтуға деген ұмтылыстарын растады.Министрдің орынбасары Елшіге сындарлы ынтымақтастығы және Қазақстан мен Молдова арасындағы достық қатынастарды нығайтуға қосқан жеке үлесі үшін алғыс білдіріп, алдағы кәсіби қызметіне табыс тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1187190?lang=kk
Қостанай облысында Наурыз мейрамын мерекелеу 29.03.2026
Қостанай облысында Наурыз мейрамы кең көлемде және жоғары деңгейде атап өтілді. Биыл өңір мерекені ұйымдастыруда заманауи әрі креативті тәсілді көрсетіп, бай мәдени мұраны озық цифрлық технологиялармен үйлестірді.Мерекенің басты ерекшелігі — геймификация элементтерін енгізу және заманауи IT-шешімдерді пайдалану болды. Жалпы облыс бойынша ұлттық дәстүрлерді интерактивті форматта насихаттауға бағытталған 50-ден астам цифрлық жоба жүзеге асырылды. Тұрғындар мен қонақтар мерекелік іс-шараларды тамашалап қана қоймай, цифрлық платформалар мен ойын элементтері арқылы белсенді қатысу мүмкіндігіне ие болды.Іс-шаралардың ауқымы кең болды: 150 мыңнан астам адам офлайн форматта қатысса, 600 мыңнан астам қолданушы онлайн кеңістікте мерекеге қосылды.Мерекелік атмосфераны облыстың барлық қала мен аудандарында тігілген 340 тақырыптық киіз үй айшықтай түсті. Сонымен қатар, 170 LED-экранда мерекелік бағдарламалар, мәдени жобалар және интерактивті контенттер көрсетілді.Кең ауқымды мәдени бағдарлама аясында 150 өнерпаз өнер көрсетті. Олардың қатарында «Қыран» тобы, Қайрат Түнтеков және «1465» этнотобы бар. Өнер иелерінің өнер көрсетуі ұлттық мәдениет пен заманауи форматтардың үйлесімді сабақтастығын айқын көрсетті.Қостанай облысында өткен Наурыз мейрамы ұлттық дәстүрлердің цифрлық кеңістікке сәтті бейімделе алатынын, өз болмысын сақтай отырып, жаңа форматта кең аудиторияға ұсынылуының жарқын үлгісіне айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1187222?lang=kk
Қорғаныс министрлігінде қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының басшыларымен кездесу өтті 29.03.2026
Ұлттық әскери-патриоттық орталықта отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының басшылығымен өткен жұмыс кездесуіне Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев төрағалық етті.Жиында отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен мемлекеттік қорғаныс тапсырысының қазіргі жағдайы талқыланып, оларды қолдау шаралары аясындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылдың басым бағыттары айқындалды.Кездесуде тақырыпқ қатысты бірқатар баяндамалар жасалды.Жиынды ашқан генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті.– Еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешені – мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және экономиканың түрлі салаларының дамуына серпін беретін стратегиялық маңызды сала. Оның құрамына қару-жарақ, әскери және арнайы техника өндіретін кәсіпорындар, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттары кіреді.Бүгінде заманауи бронетехника үлгілерін жасау, сервистік қызмет көрсету мен жөндеу базасын дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және цифрландыру бағытында ілгерілеу бар, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.Сонымен бірге Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық ынтымақтастық аясындағы алдын ала келісімдерге сүйене отырып, отандық кәсіпорындардың жүктемесін арттыру шараларын іске асырып жатыр. Оның ішінде әртүрлі типтегі ұшқышсыз ұшу аппараттарын, радиоэлектрондық күрес құралдарын локализациялау бойынша ұсыныстар енгізілуде.Кездесу қорытындысы бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары мемлекеттік қорғаныс тапсырысының шарттарын, оларды уақтылы әрі сапалы орындау жөніндегі кешенді шараларға ерекше назар аударды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1187225?lang=kk
Алтынсарин ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясындағы іс-шаралар басталды 29.03.2026
Қостанай облысының Алтынсарин ауданында ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бірқатар іс-шараларға бастау берілді.Аталған шаралардың бірі ретінде «Қар десанты» акциясы ұйымдастырылып, оның аясында жеке тұрғын үйлердің аулалары мен іргелес аумақтарын тазарту жұмыстары жүргізілуде. Акцияға ауданның барлық ауылдық округтерінің тұрғындары, жастар, қоғамдық ұйымдар мен еріктілер белсенді қатысуда.Іс-шара ауданның барлық елді мекендерінде бір мезгілде өткізілді, бұл тұрғындарды кеңінен қамтып, олардың белсенділігін арттыруға мүмкіндік берді.Өткізіліп жатқан шаралардың басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығына назар аударту, сондай-ақ әрбір азаматтың өз тұрғылықты жерінің тазалығы үшін жауапкершілігін қалыптастыру.Ұйымдастырушылардың айтуынша, қоғам болып жұмылғанда ғана тұрақты экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғи ресурстарды болашақ ұрпақ үшін сақтауға болады.«Таза Қазақстан» бастамасы тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үндеп, таза әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1187482?lang=kk
Сауда министрі Наурыз мерекесінде бүлдіршіннің тұсауын кесті 29.03.2026
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ведомствода тойланған Наурыз мерекесі қарсаңында бүлдіршіннің тұсауын кесті. Министр бүлдіршінге ақ жол тілеп, күрмеуін шешті. Ұлттық дәстүрді жаңғыртқан бұл шара жас ұрпаққа деген құрмет пен ақ тілектің белгісіне айналды. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шара өтті. Көктемгі жаңару мен береке мерекесі министрлік ұжымының басын қосып, ұлттық дәстүрлерді ұлықтауға мүмкіндік берді. Мерекелік шараға министрлік қызметкерлері қатысып, көктем мен жаңару мерекесін бірге қарсы алды. Іс-шара ясында киіз үй тігіліп, ұлттық тағамға толы дастархан жайылды. Наурыз құтты болсын!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1187616?lang=kk
Қазақстанның дәстүрлі тағамдары экспорттық сұранысқа ие 29.03.2026
Қазақ халқы үшін ұлттық тағамдар тек мерекелік дастарқанмен шектелмейді. Қазы, қымыз, құрт, бауырсақ сияқты дәстүрлі өнімдер күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігі. Бүгінде бұл гастрономиялық мәдениет біртіндеп ел шекарасынан асып, Қазақстанның экспорттық әлеуетінің маңызды бағыттарының біріне айналып келеді. QazTrade сарапшыларының бағалауынша, жүйелі қолдау көрсетілген жағдайда 2028 жылға қарай қазақстандық ұлттық тағамдардың экспорты 50–80 млн АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін. Негізгі нарықтар – Ресей мен Қытай Қазақстанның ұлттық өнімдері үшін негізгі сыртқы нарықтардың бірі – Ресей мен Қытай. Бұл елдерде 2 миллионнан астам қазақ диаспорасының өкілдері тұрады. Осы фактор дәстүрлі тағамдарға тұрақты сұраныс қалыптастырып отыр. Ресей нарығында әсіресе құрт пен қымыз кеңінен танымал. Ал Қытайда, әсіресе Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында, 10 миллионнан астам мұсылман тұрады. Бұл өңірде халал өнімдерге тұрақты сұраныс бар. Мұнда ет деликатестеріне деген қызығушылық та артып келеді. QazTrade дерегіне сәйкес, бүгінде әлемдік халал ет пен деликатестер нарығының көлемі шамамен 2,1 триллион долларды құрайды және жыл сайын шамамен 7 пайызға өсіп келеді. Дәстүрлі сүт өнімдерінің экспорты өсіп келеді Қазақстанның дәстүрлі сүт өнімдерінің экспорты соңғы жылдары тұрақты түрде артып отыр. Мәселен, қымыз, шұбат және айран кіретін өнімдердің экспорты 2024 жылы – 13,4 млн доллар, ал 2025 жылы – 17,3 млн доллар болды. Яғни өсім 29,4 пайызды құрады. Қымызды экспорттаудағы негізгі қиындық – оның сақтау мерзімінің қысқалығы. Табиғи салқындатылған қымыз небәрі 3–5 күн ғана сақталады, сондықтан оны алыс нарықтарға жеткізу оңай емес. Өнім басқа елге жеткенше өз қасиетін жоғалтып алуы мүмкін. Сондықтан қазіргі таңда өндірушілер мен технологтар бұл мәселенің түрлі шешімдерін іздестіріп жатыр. Соның бірі – 30 күнге дейін сақталатын пастерленген қымыз, сондай-ақ лиофилизацияланған қымыз ұнтағы, яғни құрғақ саумал. Мұндай өнімдер қазірдің өзінде Қытайға экспортталып жатыр, алайда көлемі әзірге көп емес. «Көшпелі гастрономия» – жаңа экспорттық бренд Соңғы уақытта «көшпелі гастрономия» деп аталатын бағыт жиі айтылып жүр. Бұл – табиғи ет және сүт өнімдеріне негізделген дала мәдениетінің асханасы. Осы бағыттың аясында Қазақстанның дәстүрлі тағамдары шетелдік нарықтарда біртіндеп өз орнын таба бастады. Қазақ халқы үшін күнделікті өмірдің бір бөлігі саналатын бұл тағамдар шетелдік тұтынушылар үшін жаңа гастрономиялық жаңалыққа айналуда. «Әлемде функционалды тағамдар мен суперфудтарға сұраныс артып келеді. Ал қазақтың дәстүрлі рационы бұл қажеттілікті толық қанағаттандыра алады. Мәселен, құрт – пайдалы микроэлементтердің көзі, ал тары мен талқан сауда миссиялары мен халықаралық көрмелер кезінде шетелдік тұтынушылар арасында барған сайын танылып келеді. Дәстүрлі дала тағамдары шетелдегі қазақ мейрамханалары мен кофеханалар желісі арқылы да жақсы сатылуда. Мысалы, тары қосылған капучино – бір жағынан «ұнтақталған дала кофесі» іспетті сусын – бүгінде АҚШ-та да пайда бола бастады. Бұл – қарапайым, қолжетімді әрі пайдалы өнім», – дейді QazTrade бас директоры Айтмұхамед Алдажаров.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1187654?lang=kk
Сауда және интеграция министрлігі «Sauda in Digital Nauryz» байқауының жеңімпаздарын жариялады 29.03.2026
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі сауда субъектілері арасында өткен «Sauda in Digital Nauryz» республикалық байқауының қорытындысын шығарды. 13-20 наурыз аралығында өткен бұл шара сауда саласындағы цифрландыру мен жасанды интеллектінің (ЖИ) әлеуетін паш етті. Қатысушылар бес негізгі критерий (ЖИ қолдану, креативтілік, ұлттық нақыш, аудитория белсенділігі және сапа) бойынша 100 ұпайлық жүйемен бағаланды. Байқау нәтижесі бойынша келесі сауда нысандары үздік деп танылды: «Үздік цифрлық құттықтау» – ЦУМ (Қарағанды қ.): Ең жоғары 92 ұпай. Видеоматериал Наурыз мейрамының құндылықтарын цифрлық арналар арқылы тиімді трансляциялап, аудиторияны эмоционалды тарта білгені үшін марапатталды. «Жасанды интеллектіні үздік қолдану» – «Умай» (Қарағанды қ.): 90 ұпай. Жобада ЖИ технологиялары визуалды және интерактивті контент жасау үшін қолданылып, заманауи цифрлық құралдардың жоғары әлеуетін көрсетті. «Ең креативті Digital-жоба» – «Small» желісі: 90 ұпай. Стандартты форматтан тыс, сторителлинг элементтері мен аудиторияны тартудың бірегей концепциясын ұсынғаны үшін үздік атанды. «Үздік цифрлық безендіру» – «Анвар»: 88 ұпай. Сауда кеңістігін экрандық шешімдер мен визуалды элементтер арқылы кешенді түрде безендіріп, келушілер үшін біртұтас мерекелік атмосфера қалыптастырды. Министрлік өкілдері атап өткендей, биылғы қатысушылар Instagram желісінде #saudadigitalnauryz хэштегімен белсенділік танытып, сауда саласының заман талабына сай өзгеріп жатқанын дәлелдеді. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 23 наурыз күні салтанатты түрде өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1187766?lang=kk