Қуқық
Сауда саласының 72 қызметкері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен наградталды 26.10.2025
ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев министрлік қызметкерлеріне Республика күніне орай мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыстады. Министрліктің 72 қызметкері түрлі марапатқа ие болды. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Аппарат басшысы Азамат Каримов пен Сауда комитеті төрағасының орынбасары Гүлмира Ахметтаева «Парасат» орденімен марапатталды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен Ахметова Сәуле Оспанқызы, Болғанисов Бауыржан Ертайұлы, Қабылбеков Қанат Абайұлы, Сағынбек Амира Нұрахметқалиқызы, Тоганасова Дина Нұрғазықызы, Махамбеталиев Жомарт Жандарбекұлы, Кулешова Елена Александровна марапатталды. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің «Қазақстан стандарттау және метрология институты» ШЖҚ РМК Қаржы департаментінің бас маманы Сәуле Битаханқызы Ақылбаева ведомстволық «Еңбек ардагері» медаліне ие болды. Құралбек Балтабекұлы Қызғарин мен Динара Талғатқызы Мұқашеваға «Құрметті метролог» төсбелгісі табысталды. Айтмұхан Айтқожаұлы Мусин мен Елтай Сүлейменұлы Естаев «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жүйесінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ министрліктің 10 қызметкері «Еңбек сіңірген сауда қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Өзге де қызметкерлер ҚР Премьер-Министрі мен ҚР Сауда және интеграция министрінің алғыс хаттарына ие болды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1093561?lang=kk
Қонаев аспанында Қазақстанның Әнұраны шырқалды 25.10.2025
Алматы облысында Республика күні ерекше форматта аталып өтті — дрон-шоу, 15 мың көрерменнің қатысуымен Әнұранның бірегей орындалуы және мерекелік концерт ұйымдастырылды.Қонаев қаласында Республика күніне орай алғаш рет ауқымды дрон-шоу өтті. Бұл — мерекелік іс-шаралардың шарықтау шегі болды. Орталық алаңға жиналған 15 мыңға жуық тұрғын мен қонақтар Қазақстан аспанын жарық пен әуенге толтырған ерекше көріністі тамашалады.Кешкі аспанға көтерілген 550 дрон ел тарихын, бірлігін және рухын айшықтаған әсерлі көрініс ұсынды. Шоудың ең шарықтау сәті — дрондар арқылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранының сөздері аспанда жарқырап жазылуы болды:«Менің елім, менің елім, гүлің болып егілемін.Жырың болып төгілемін, елім!Туған жерім менің – Қазақстаным!»Бұл сәтте бүкіл алаңдағы көрермен мен өнерпаздар Әнұранды бірге шырқады. Мыңдаған дауыс бірігіп, қуатты үнге айналды. Бұл әсерлі орындау мерекенің рухын сездіріп, елге деген мақтаныш пен сүйіспеншіліктің нышанына айналды.Дрон-шоу барысында аспанда еліміздің басты рәміздері мен бейнелері бірінен соң бірі пайда болды: Қазақстан картасы, мемлекеттік ту, домбыра мен нота, «Алтын адам», барыс, алма және «25 қазан – Республика күні» деген жазу. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп — Закон и порядок» деген композиция әділетті әрі мықты мемлекеттің идеясын айқындады.Шоудың соңында дрондар «жүрек пішінін жасаған қолдар» мен «Қонаев қаласы» деген жазуды бейнеледі. Бұл көрініс қала тұрғындарының сүйіспеншілігі мен бірлігін білдірді.Мерекелік кеш концертпен жалғасты. Сахнада Хансұлтан, Мөлдір Әуелбекова, Қуандық Рахым, Асылбек Енсепов, Esko, Ray, Нұрсұлтан Нұрбердиев, Il Canto квартеті және өңірдің басқа да танымал әртістері өнер көрсетті. Кештің жүргізушілері – Руслан Арманұлы мен Мұрат Мұтырғанов болды.Қонаев аспанын жарыққа бөлеген дрон-шоу мен әсерлі концерт Республика күні мерекесінің басты сәні мен рухани көрінісіне айналып, қала тұрғындары мен қонақтарының есінде ұзақ сақталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1093486?lang=kk
Алматы облысында Мемлекеттік наградалар табысталды 25.10.2025
Республика күні қарсаңында Алматы облысында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шарада облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жиналғандарды мерекемен құттықтап, ел дамуына сүбелі үлес қосқан өңір азаматтарына мемлекеттік және қоғамдық наградаларды табыс етті.Аким атап өткендей, бұл марапаттар – әр салада адал еңбек етіп, туған өлкенің өркендеуіне үлес қосқан жандардың еңбегіне берілген жоғары баға.«Еліміздің дамуы – сіздердің күнделікті еңбектеріңіздің нәтижесі. Республика күні қарсаңында табыс етілген бұл марапаттар – мемлекет тарапынан еңбектеріңізге білдірілген құрмет пен алғыс», – деді Марат Сұлтанғазиев.Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 21 қазандағы №1053 Жарлығына сәйкес бірқатар азаматтар мемлекеттік марапаттарға ие болды.ІІ дәрежелі «Барыс» ордені Кеген ауданындағы «Ақтоғай» ГЭС бас директоры Тоқтарбек Баймолдаевқа табыс етілді.«Құрмет» орденімен Қанымжан Сұлтанқұлова, Роза Абилова, Қуат Байғоджаев, Зинаш Күштекова, Бақыт Онланбекұлы, Қали Сатпаев, Динмухамед Кузиев марапатталды.III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені Кеген ауданындағы шаруа қожалығының төрағасы Болат Аумолдаевқа берілді.Сонымен қатар өңірдің түрлі салаларында еңбек етіп жүрген азаматтар «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен және «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Олардың қатарында дәрігерлер, ұстаздар, кәсіпкерлер, мәдениет пен әлеуметтік сала қызметкерлері бар.Қазақстан халқы Ассамблеясының наградалары да салтанатты түрде тапсырылды. Ел бірлігін нығайтуға қосқан үлесі үшін Гамзе Гейдаров пен Гулипа Гайипова «Бірлік» қоғамдық алтын медалімен, ал Нурмахамет Арипов, Мақсат Сейдалиев, Исмаил Байрамов Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттармен марапатталды.Бұдан бөлек, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан он екі азаматқа «Аймаққа еңбегі үшін» төсбелгісі табыс етілді.Іс-шара соңында облыс әкімі марапат иелеріне денсаулық, жаңа табыстар мен ел игілігі жолындағы қажырлы еңбектеріне сәттілік тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1093418?lang=kk
Қонаев аспанында желбіреген Ту, марапаттар, жастар және шабыт: Алматы облысында Республика күні қалай аталып өтті? 25.10.2025
Республика күні Алматы облысында биыл да кең ауқымда, ерекше салтанатпен аталып өтті. Өңірдің барлық аудан-қалаларында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімдері ұйымдастырылып, мыңдаған тұрғындар Қазақстанның тәуелсіздігі мен бірлігінің символы астында бірікті.Басты мерекелік жиын облыс орталығы – Қонаев қаласында өтті. Әскери оркестрдің әуенімен және Қазақстанның халық әртісі Талғат Күзембаев тебірене орындаған Мемлекеттік Гимн кезінде алаң үстінде Мемлекеттік штандарт көкке көтеріліп, мерекелік рух асқақтады.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жиналған жұртшылықты құттықтап, Республика күні – жай ғана күн емес, елдің егемендік тарихындағы ең маңызды белестердің бірі екенін айтты.«1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданды. Дәл осы күннен бастап Тәуелсіздікке бастар жол басталды. Бұл күн барша қазақстандықтарды біріктіріп, мемлекеттіліктің және егемендіктің символына айналды. Еліміз дами берсін, ал тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Соңғы үш жылда Алматы облысының жалпы өңірлік өнімі екі есеге жуық өсіп, 3,4 триллион теңгеден 6 триллион теңгеге жетті. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 10 пайыздан асты. Өңірге 9,6 триллион теңге инвестиция тартылып, 720 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда облыста 1700-ге жуық өнеркәсіп нысаны мен 156 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр. Соның нәтижесінде Алматы облысы республика бойынша 10-орыннан 5-орынға көтерілді. Бұл – өңір тұрғындарының бірлігі мен еңбегінің нақты жемісі», – деді аймақ басшысы.Биыл осы тарихи құжатқа 35 жыл толып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Республика күні қайтадан ұлттық мереке мәртебесін иеленді.Салтанатты жиында елдің дамуына үлес қосып жүрген белсенді азаматтар, қоғам қайраткерлері және этномәдени бірлестік өкілдері марапатталды. Оларға Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медальдары, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етілді. Бұл азаматтар – бейбітшілік пен келісім құндылықтарын дәріптеген тұлғалар, олардың еңбегі – өңірдің мақтанышы.Мереке күні жастарға да ерекше назар аударылды. Президент бастамасымен енгізілген «Тәуелсіздік ұрпақтары» аймақтық гранттары табысталып, бұл сәт мерекенің ең әсерлі кезеңдерінің біріне айналды.Ғылым, мәдениет, бизнес, IT және медиа салаларында өз жобаларын жүзеге асырып жүрген он талантты жас қазақстандық 1 миллион теңгеден грант иеленді. Олардың қатарында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту құрылғыларының авторлары, домбыраны цифрлық үйрету жүйесін әзірлеушілер, экологиялық стартаптар мен білім мен медицина саласына арналған жасанды интеллект жобалары бар. Бұл бастамалар – тәуелсіз Қазақстан жастарының креативтілігі мен жасампаз қуатының нақты көрінісі.«Бұл марапат – тек менің еңбегім емес, бүкіл ұжымның еңбегіне берілген баға. Тәуелсіз елдің дамуына үлес қосу – әр азаматтың борышы. Еліміздің өркендеуіне қызмет ету – үлкен абырой», – деді «Құрмет» орденінің иегері Дінмұхаммед Күзиев.Мерекенің ең жылы сәттерінің бірі – Қазақстанның халық әртісі, «Ақжауын» оркестрінің көркемдік жетекшісі Секен Тұрысбекке жаңа пәтер кілтін табыстау болды. Бұл сыйлық – оның ұлттық мәдениетті дамыту мен рухани дәстүрді сақтау жолындағы еңбегіне көрсетілген зор құрмет. Пәтер кілтін «Элитстрой» компаниясының вице-президенті Лаура Рисмұхамедова табыстады.«Бұл мен үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Өнер – ұлттың рухы. Мемлекет мәдениетке осылай құрмет көрсету арқылы руханияттың мәңгілік екенін дәлелдеп отыр», – деді Секен Тұрысбек.Салтанатты шара Мемлекеттік Гимнді бірлесе орындаумен және өңірдің үздік өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен аяқталды.Жарқыраған сахна, шаттыққа толы алаң мен елге деген ортақ мақтаныш – биылғы Республика күнінің басты лейтмотивіне айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1093407?lang=kk
Алматыда Қаурлы күштердің әскери қызметшілері соғыс ардагерін құттықтады 25.10.2025
25 қазан – Республика күні Ұлы Отан соғысының ардагері Қамбар Сәрсенов 101 жасқа толды.Қарияны қос мерекемен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы, Медеу аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері және «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин құттықтап барды.Қамбар Сәрсеновке Қорғаныс министрінің атынан Отан алдындағы еңбегі үшін алғыс білдірген құттықтау хаты табысталды.Ардагер келген қонақтарға ықылас танытып, барша қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады. Майдан даласында ауыр сынақтарды бастан өткерген қарт жауынгер елге амандық, отбасыларға бақ-береке, Қазақстанға гүлдену мен ашық аспан тіледі.Қамбар Сәрсенов 1924 жылғы 25 қазанда Қостанай облысында дүниеге келген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, оқу-жаттығудан кейін майданға аттанған. Ол Беларусь, Латвия және Литва жерлерінде шайқасып, Кенигсбергті алу операциясына қатысқан, үш рет жараланған.Қамбар Сәрсенов I, II дәрежелі Отан соғысы, II, III дәрежелі Даңқ және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, сондай-ақ көптеген медальдармен марапатталған. Ардагер Витебск Қызыл Ту орденді, Суворов орденді 51-атқыштар дивизиясының 30-жеке барлау ротасында қызмет етіп, «қарсыласты» ұстап алғаны үшін екі орденмен наградталған.Соғыстан кейін Қамбар Сәрсенов ішкі істер органдарында қызмет атқарып, кейін Алматының энергетика саласында ұзақ жыл еңбек еткен.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1093402?lang=kk
Алматы облысында Республика күніне орай үш жаңа нысан ашылды 25.10.2025
Ұлттық мереке қарсаңында Алматы облысында өткізілген үш маңызды нысанның ашылу рәсімі өткізілді. Олардың қатарында Жамбыл ауданындағы Мәтібұлақ ауылында бой көтерген Мәдениет үйі, Талғар қаласында ашылған жаңа музыкалық мектеп, және Іле ауданындағы жоғары беріктікке ие ультражұқа жабыны бар демонстрациялық жол учаскесі бар.Жамбыл ауданының Мәтібұлақ ауылында – жаңа Мәдениет үйі пайдалануға берілді.Ауыл өмірінің жүрегіне айналып үлгерген мәдени ошақта алғашқы концерттер мен кездесулер өткізіліп те үлгерді.Талғар қаласында – заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген жаңа музыкалық мектеп дарынды балаларымызға өз есігін айқара ашты.Іле ауданында – елімізде алғашқы болып ультражұқа жабыны бар демонстрациялық жол ашылды.«Алматы – Шелек – Хоргос» бағытындағы бұл заманауи жол халықаралық «Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің бөлігі.Жаңа PG100 технологиясының арқасында жол қабаты төселгеннен кейін небәрі 30 ішінде көлік қозғалысын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді.Аталған үш нысан облысымыздың дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жарқын көрінісі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1093403?lang=kk
РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА «ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҚТАРЫ» ГРАНТЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ 25.10.2025
Республика күні қарсаңында Алматы облысында жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздары белгілі болды. Бұл күн – елдің тәуелсіздігі мен жаңа бастамалардың символына айналған мереке ғана емес, өз арманы мен идеясын жүзеге асыруға ұмтылған жастар үшін де ерекше сәт болды.Жоба биыл да өңір жастарының арманын жүзеге асырып, жаңа идеялардың қанаттануына мүмкіндік беріп отыр. Грант иегерлері түрлі бағыттар бойынша іріктеліп, өздерінің әлеуметтік, мәдени, ғылыми және инновациялық бастамаларын қорғады. Қатысушылардың жобалары қоғамның өзекті мәселелерін шешуге, жастарды дамытуға және жаңа технологияларды енгізуге бағытталған.Жеңімпаздардың қатарында:– Талғатқызы Айзере – мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жеке оңалту жабдықтары мен ойын кешендерін шығару жобасы;– Зікір Пернегүл Кемелханқызы – «SabiSPA» гидромассаж және босансу орталығы;– Яньбаева Айнұр Әлімбайқызы – «Өнерім–мұрам» атты ұлттық нақыштағы сурет жобасы;– Жұмағали Аружан Әбілбекқызы – қазақ музыкасын цифрлау және балаларға домбыра үйрету;– Төленева Жанерке Қайратқызы – Narestem AI жүкті әйелдердің жағдайын бақылауға арналған жасанды интеллект;– Хабылбек Абуxали – RobotTime ауыл балаларына робототехника үйрету жобасы;– Исадуллаева Алянура Мұптулламқызы мен Айдархан Жансая Нурданғалықызы – биогумус өндіру кәсібі;- Нарузова Наргиза - экологиялық бағыттағы «Жасыл болашақ» жобасы;– Иманмәди Мөлдір – «Журналист – жау емес» медиа жобасы;– Өнербекқызы Нұргүл – «Медиа сауат» бастамасы бар.Биылғы гранттың ерекшелігі – тек дарынды ғана емес, өмірлік қиындықтарға қарамастан өз арманынан бас тартпаған жастардың жеңісінде.Жеңімпаздардың бірі, Қонаев қаласындағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі Наргиза Нарузова өз әсерімен бөлісті:«Бұл грант мен үшін үлкен мүмкіндік. Менің “Жасыл болашақ” жобамның мақсаты – экологиялық мәдениетті дамыту, балалар мен жастарға табиғатты қорғаудың маңызын түсіндіру. Тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде ел дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Ал дәл Республика күнімен тұспа-тұс келуі – мен үшін ерекше мәртебе», – дейді жас жобалаушы.Салтанатты жиында Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев жас жеңімпаздарды мерекемен құттықтап, оларға сәттілік тіледі:«Республика күні – елдің еркіндігі мен жаңару рухының символы. Ал бүгінгі грант иегерлері – осы тәуелсіз елдің болашағы. Сіздердің идеяларыңыз қоғамға серпін беріп, жаңа Қазақстанды қалыптастыруға үлес қосады деп сенемін», – деді өңір басшысы.«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты – жастардың жаңа бастамаларына серпін беріп, елдің ертеңіне үлес қосатын ұрпақ қалыптастыруды мақсат етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1093404?lang=kk
Республика күніне орай әскери бөлімдерде Мемлекеттік туды көтеру рәсімдері өтті 25.10.2025
Мемлекеттің егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына байланысты Қорғаныс министрлігінің барлық әскери бөлімдері мен мекемелерінде елдің тәуелсіздігі мен бірегейлігін айшықтайтын Мемлекеттік туды салтанатты түрде көтеру рәсімдері өтті.Мерекеге орай басшылық атынан қызметте ерекше көзге түскен әскери қызметшілер мен мерзімді қызмет сарбаздары алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды.Айтулы күні әскери бөлімдерде ашық есік күндері, Қарулы күштердің ардагерлерімен, жауынгерлік дайындықта үздік деп танылған әскери қызметшілермен, белгілі спортшылармен және мәдениет қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастырылды. Бұдан бөлек патриоттық акциялар, тақырыптық кештер, әңгімелер, шеберлік сағаттары және әскерге шақырылатын жастардың қатысуымен спорттық іс-шаралар өтті.Өңірлік қағида бойынша ұйымдастырылған «Туған жерім – айбыным» атты челленджі патриоттық әндерді орындаушыларға да, Telegram арнасындағы Қорғаныс министрлігінің парақшасынан бұл құттықтауды көргендерге де шабыт берді.Өзге ұлт өкілдері «Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты патриоттық челленджге қатысып, отандастарын мерекемен құттықтап, қазақ тілін жетік меңгергендерін көрсетті.Қарулы күштерде концерттер ұйымдастырылып, әскери өнерпаздар Қазақстан халқының бірлігі, ел қорғаушылардың ерлігі мен батырлығын айқын да әсерлі көрсете білді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1093394?lang=kk
Сахнада жасанды интеллект: Қорғаныс министрлігі Республика күніне арналған бірегей концерт өткізді 25.10.2025
Астанада Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның сахнасында Республика күніне орай «Жасанды интеллект және шығармашылық синергиясы» атты концерт өтті.Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ұйымдастырған бұл жобаның ерекшелігі – ұлттық өнер мен заманауи технологиялардың үйлесімінде болды. Концерт тарихында алғаш рет жүргізуші рөлін жасанды интеллект атқарды.Жобаның авторы Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсеновтің айтуынша, концерт қойылымында жасанды интеллектті қолдану технология мен өнерді біріктіретін жаңа рухани қабылдау форматын қалыптастыру жолындағы алғашқы қадам болып табылады.Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері және олардың отбасылары, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты.Ұлттық бірегейлікті нығайтуға және Отан қорғаушы бейнесін дәріптеуге бағытталған концерттік бағдарламаға Орталық әскери оркестр, Орталық ансамбль және «Жас сарбаз» балалар студиясы қатысты.Мерекелік кештің «Тарихпен үндес тағдыр» атты алғашқы бөлімі қазақ халқының тарихи жады мен рухани тамырына арналды. Көрермендер эстрадалық-симфониялық оркестр мен «Сағым» би ұжымының өнерін жылы қабылдады.Ал «Бірлік пен бейбітшілік» бөлімі достық пен ұлтаралық келісім тақырыбына арналды. Сахнада Орталық ансамбльдің фольклорлық-этнографиялық оркестрі, сондай-ақ Еркебек Қабдрахманов, Ағыбай Үдешов, Әлия Әукенова, Мәдина Қабдолла, Мәдина Сыбанқұлова және «Жас сарбаз» студиясының жас вокалистері өнер көрсетті.«Менің Қазақстаным – менің Республикам» атты бөлімде «Қарулы күштер», «Батыр жүрек сарбаздар», «Қазақ ұлдары», «Мен қазақ», «Үзілмес үміт» және «Халықтар достастығы» секілді Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті дәріптейтін әндер шырқалды.Концерттің финалдық бөлімі «Цифрлық болашақ» — Қазақстанның даму мен прогреске ұмтылысын бейнеледі. Әртістер «Қазақстан», «Қыран» және «Егемен Қазақстан» әндерін орындады.Көрермендер концерттің жаңашылдығын және технологиялық ерекшелігін жоғары бағалап, әр нөмірді ыстық ықыласпен қарсы алды. Бұл концерт өнер, патриотизм және инновацияның үйлескен жарқын үлгісіне айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1093365?lang=kk
Қымбатты отандастар! 25.10.2025
Сіздерді 25 қазан – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!Республика күні – халқымыздың бірлігін нығайтып, ынтымағын жарастырған, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап, еліміздің өркендеуін айқындайтын ұлттық мереке.Бұл мереке күні ел тарихындағы маңызды саяси құжат – Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Ол еліміздің тәуелсіздігіне жол ашты. Зайырлы мемлекет ретінде құқықтық өзгерістерге жаңа серпін берді. Республикамыздың қаржы-экономикалық, саяси-әлеуметтік дамуына оң әсер етті.Ұлттық мереке отандастарымыздың ауызбіршілігін нығайтуға, қоғамдық келісімді сақтауға негіз болып келеді.Осы орайда, Республика күнімен құттықтай отырып еліміздің әрбір азаматына бейбіт өмір, бақытты болашақ, береке-бірлік пен мол табыс тілеймін!Дәулетіміз тұрақты, халқымыз ынтымақты болсын!Егемен еліміз өркендей берсін!Құрметпен, ҚР Қаржы министрі Мәди ТАКИЕВАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1093347?lang=kk
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің құттықтауы 25.10.2025
Құрметті сарбаздар мен матростар, сержанттар мен старшиналар, офицерлер мен генералдар! Қымбатты отандастар!Сіздерді ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!25 қазан – еліміздің жаңа тарихындағы айрықша күн. Қазақстан мемлекеттік егемендігін жариялау арқылы тәуелсіз даму жолына түсіп, заманауи мемлекеттіліктің берік іргетасын қалады.Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси бағытына сәйкес, еліміз мемлекеттік институттарды нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, адам капиталы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты жаңғыру стратегиясын табандылықпен жүзеге асырып келеді.Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің – ең жоғары құндылық екенін және оны қорғау – бүкіл қоғам мен әрбір азаматтың ортақ борышы екенін атап өтті. Қазақстан салмақты сыртқы саясат жүргізіп, көршілес елдермен достық қатынасты нығайтып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту арқылы өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етіп отыр. Ұлтаралық және конфессияаралық келісім, әлеуметтік жауапкершілік пен реформаларға ашықтық – қазақстандық мемлекеттіліктің дамуының басты негізі.Егемендік пен аумақтық тұтастықты қамтамасыз етуде ел қауіпсіздігі мен мемлекеттік тұрақтылықтың кепілі ретінде Қарулы күштерге ерекше рөл жүктелген. Қорғаныс әлеуетін арттыру мақсатында жауынгерлік дайындық жүйесін жетілдіру, әскерлерді басқарудың тиімділігін көтеру, заманауи стандарттар мен технологияларды енгізу бойынша жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Қазақстан армиясының бөлімшелері халықаралық оқу-жаттығуларға, миссияларға және жарыстарға қатысу арқылы жеке құрамның жоғары жауынгерлік әзірлігі мен тәртібін, жауапкершілігін дәлелдеп келеді.Республика күні – бұл тек ұлттық мереке ғана емес, сонымен қатар тәуелсіздікті нығайту, тұрақтылықты сақтау және Президент айқындаған бағыт бойынша елімізді алға ілгерілету жолындағы ортақ парызымызды еске салатын күн.Осы маңызы зор күні барша әскери қызметшілерге, Қарулы күштердің ардагерлеріне және еліміздің барлық азаматтарына мықты денсаулық, қызмет пен еңбекте табыс, елімізге бейбіт өмір мен тұрақтылық тілеймін!Құрметпен,Қазақстан Республикасының Қорғаныс министріавиация генерал-лейтенанты Д. ҚосановАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1093299?lang=kk
Алматы облысы мен Оңтүстік Корея агросаладағы серіктестікті нығайтады 25.10.2025
Алматы облысының әкімдігінде Оңтүстік Кореяның Санджу қаласынан келген делегациямен кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, соның ішінде жылыжай шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттық құрамын жаңарту мәселелерін талқылады.Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев өз сөзінде өңірдің аграрлық әлеуеті зор екенін және ол бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, заманауи технологияларды енгізуге берік негіз бола алатынын атап өтті. Бүгінде облыста көпсалалы ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді: бидай, арпа, күріш, қарабидай және сұлы сияқты астық дақылдарының 10-нан астам түрі, сондай-ақ күнбағыс, соя және сафлор сияқты үш майлы дақыл өсіріледі. Бұдан бөлек, қант қызылшасы, картоп, көкөніс және жеміс-жидек өндірісіне де басымдық берілген. Биылғы жылы егістік алқабы 400 мың гектардан асты. Болжауға сәйкес, көкөніс пен жеміс-жидектің жалпы өнімі 35 мың тоннаға жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен 75 пайызға артық болады деп күтілуде.Өңірде жылыжай шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылуда. Қазіргі уақытта жалпы аумағы шамамен 80 гектарды құрайтын 50-ге жуық кешен жұмыс істейді. Олардың қатарында ірі өнеркәсіптік жылыжайлар да, шағын фермерлік парниктер де бар. Өткен жылы жылыжайлар шамамен 20 мың тонна өнім өндірсе, биыл бұл көрсеткішті 35 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Шаруашылықтар өз өнімдерін облыс пен Алматы қаласының нарықтарына шығарып, шетелдік серіктестердің заманауи технологияларын пайдалану арқылы халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік алуда.Мемлекеттік қолдау да аграрлық саланың дамуына маңызды үлес қосуда. Шаруалар мен ірі қожалықтар тыңайтқыштар құнының 60 пайызына дейін, тұқым шаруашылығында 70 пайызына дейін субсидия алады. Сондай-ақ жабық топырақтағы басым дақылдар — қызанақ пен қиярдың элиталық тұқымдары мен бірінші буынды будандарының құнының 20 пайызына дейін өтеледі. Ал жылыжай салу мен кеңейтуге кеткен шығындардың 25 пайызына дейін өтемақы қарастырылған. 2025 жылы осы мақсаттарға 2,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, жобаларды кеңейту мен жаңа технологияларды енгізуге қолайлы жағдай жасалып отыр.Кездесу барысында тараптар тәжірибе алмасу, заманауи технологияларды пайдалану және өнімділікті арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады. Корей тарапы күрделі климаттық жағдайларда тиімділігін дәлелдеген тәжірибелерімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.Кездесу қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев өңірдің аграрлық сектор мен жылыжай өндірісін одан әрі дамытуға барлық алғышарттар бар екенін атап өтіп, корейлік серіктестермен ынтымақтастық халықаралық нарыққа шығуға және экономикалық байланыстарды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1093238?lang=kk
Алматы облысы мен Оңтүстік Корея агросалада бірігеді! 24.10.2025
Бүгін облыс әкімдігінде өткен кездесуде Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев пен Кореяның Санджу қаласының әкімі Кан Ен Сок ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы серіктестікті талқылады.Алматы облысы – агроөнеркәсібі қарқынды дамып келе жатқан өңір. Мұнда 400 мың гектардан астам жерге түрлі дақыл егіледі, жылыжайлар көлемі 79 гектарға жеткенКорея делегациясы өз еліндегі «ақылды ферма» жобасын таныстырып, заманауи технологияларды біздің өңірде де енгізуге қызығушылық білдірдіКездесу нәтижесінде екі ел ауыл шаруашылығы саласында жаңа жобаларды бірге жүзеге асыруға келісті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1093233?lang=kk
Алматыда «Япурай» гала-хор спектаклінің премьерасы өтті 24.10.2025
Республика күні қарсаңында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында «Япурай» атты гала-хор спектаклінің тұсаукесері өтті.Кеш барысында «Япурай», «Маусымжан», «Самал тау», «Балапан қаз», «Ақ сиса», «Сәулем-ай», «Қарлығаш», «Аққу», «Ләйлім шырақ» сынды халық сүйіп тыңдайтын шығармалар хорға лайықталған заманауи өңдеумен орындалды. Музыкалық қойылым көркем сценографиямен және мультимедиалық проекциялармен үйлесім тапты. Спектакльде Абай, Шәкәрім, әл-Фараби мен Махмұд Қашғари секілді ойшылдардың нақыл сөздері оқылып, терең тақырыптар қозғалдыҚойылымға театр хоры, симфониялық оркестрі мен балет труппасы, сондай-ақ «Престиж» жекеменшік мектебінің «Қоңырау» балалар хоры және «Мұрагер» фольклорлық ансамблі қатысты.«Япурай» гала-спектаклі ұлттық музыкалық мұра мен заманауи сахналық шешімдерді үйлестіре отырып, халқымыздың бай мәдениетіне деген құрметтің жарқын үлгісін көрсетті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1093184?lang=kk
Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығына арналған іс-шара өтті 24.10.2025
Алматы, 2025 жылғы 24 қазан – «UN Plaza» ғимаратында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігі мен БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілдігі бірлесіп ұйымдастырған Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – Алматы қаласындағы ҚР СІМ Өкілдігінің басшысы Жәнібек Әбдрашов, Қазақстан Республикасының бұрынғы сыртқы істер министрі, Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұнғыш тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекова, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінің білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі БҰҰ Өңірлік кеңсесінің директоры (UNESCO) Амир Пирич, сонымен қатар дипломатиялық корпус, БҰҰ агенттіктері, академиялық орта және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.Талқылау барысында қатысушылар БҰҰ-ның мерейтойына арналған халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелерін қарастырды. Өз сөзінде Ж.Әбдрашов Қазақстанның көпжақты дипломатияны дамытуға қосқан үлесін және БҰҰ қағидаттары мен мақсаттарына бейілділігін атап өтті. Сондай-ақ ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының соңғы сессиясында айтылған халықаралық бейбітшілікті, қауіпсіздікті және орнықты дамуды нығайтуға бағытталған бастамаларын да атады.Ерекше назар Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығына аударылды.Сондай-ақ БҰҰ мерейтойын атап өту шеңберінде Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп «Көк-Төбе» телемұнарасына БҰҰ-ның тақырыптық графикасы орналастырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1093152?lang=kk
Алматы облысында алғаш рет ауқымды дрон-шоу өтеді 24.10.2025
25 қазан – Республика күні мерекесіне орай Қонаев қаласының Орталық алаңында үлкен мерекелік шара ұйымдастырылады. Кешкі бағдарлама сағат 17:00-де басталып, танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді. Мерекелік кештің хедлайнерлері – Esko, Ray және Нұрсұлтан Нұрбердиев.Кештің басты сәні – Алматы облысында алғаш рет өткізілетін дрон-шоу болмақ. Кешкі аспанда жүздеген дрон көтеріліп, жарық арқылы түрлі бейнелер мен композициялар жасайды.Облыс әкімдігінің мәліметінше, биыл еліміз Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуын атап өтуде. Бұл тарихи құжат – қазіргі Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жолының бастауы.«Республика күніне орай өңірде жүздеген мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Олардың қатарында бизнес қауымдастығының өкілдерімен кездесулер, жастарға арналған экскурсиялар, форумдар мен конференциялар бар. Ал 25 қазанда Қонаев қаласының Орталық алаңында күндізгі және кешкі концерттер өтіп, мерекенің шарықтау шегі ретінде ерекше дрон-шоу ұсынылады. Бұл іс-шара демеушілердің қолдауымен өткізіліп, тұрғындар мен қонақтарға тамаша сый болмақ», – делінген әкімдік хабарламасында.Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарын отбасымен бірге келіп, биылғы жылдың ең әсерлі сәттерінің біріне айналатын ерекше жарық шоуын тамашалауға шақырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1093155?lang=kk
24 қазанда Қазақстанда кітапханашы күні атап өтіледі 24.10.2025
Бүгін арнайы, оқу және көркем әдебиеттің үлкен қорында жол сілтеп, тақырыптық іс-шараларды өткізуге, курсанттар мен әскери қызметшілердің білім алуына және бос уақытын тиімді ұйымдастыруына көмектесетін кітапхана қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.Кітапханалар гарнизондардағы мәдени-демалыс орталықтарында, әскери бөлімдерде, әскери жоғары оқу орындары мен колледждерде жұмыс істейді. Әскери қызметтен кейін жоғары оқу орнына түсуге ниеттілер де назардан тыс қалмайды. Олар үшін srochnik.gov.kz сайтында Okulyk.kz электрондық ресурсына орналастырылған мектеп пәндері материалдарына қолжетімділік ұйымдастырылған.Әскери жоғары оқу орындары мен колледждерде мамандық бағытына сай арнайы оқу әдебиеттерінің қоры жинақталған. Жаңа үрдістерді ескере отырып, білім беру ұйымдарының кітапханалары оқу құралдарын есепке алу мен сақтауды автоматтандыру бағытында үлкен жұмыс атқарып келеді.Бұдан басқа Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында жұмыс істейтін Әскери-ғылыми кітапханада ерекше кітап қоры қалыптасқан. Онда ғылыми, әскери-тарихи, анықтамалық және көркем әдебиеттің жеті мыңнан астам данасы бар. Мұндай бай қорды жинақтауға Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларындағы бейінді мекемелер, Ұлттық академиялық кітапхана, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің кітапханасы және басқа да ұйымдар атсалысты. Аталған мекеме ғылыми-зерттеу, сақтау, көрме және ағартушылық қызмет атқара отырып, бай кітапхана қорына және ақпараттық ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Әскери-тарихи кітапхана өз жұмысында лицензияланған автоматтандырылған есеп жүйесін қолданады. Онда екі мыңнан астам басылым тіркелген.Бір қарағанда көзге еленбейтін кітапханашылар еңбегі армияның зияткерлік әлеуетін арттырып, жеке құрамның білім деңгейін көтеруге зор үлес қосып келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1093158?lang=kk
Семейде Абай музей-қорығының 85 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті 24.10.2025
Семейде «Заманауи музейтану: цифрландыру, қолжетімділік және тұрақты даму» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шара Абайдың «Жидебай–Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының 85 жылдық мерейтойына арналды.Осы орайда Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева музей ұжымына арнап құттықтау хат жолдады. Министр хатында музей-қорық – Абай Құнанбайұлының мәңгілік мұрасын зерделеп, ұлы ойшылдың даналық ілімін ұрпақ санасына сіңіруге өлшеусіз үлес қосып отырған іргелі мәдени орталықтардың бірі әрі бірегейі екенін атап өтті.Конференция жұмысына музей ісі мен мәдени мұра саласындағы жетекші мамандар, ғалымдар, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ шетелден әріптестер қатысты. Қатысушылар музей ісінің заманауи талаптары мен негізгі бағыттарын талқылап, цифрлық технологияларды енгізу, қорларды сақтау мен жүйелеу, экспозициялық қызмет, музейлік педагогика және музей негізіндегі креативті индустрияны дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлді.Пленарлық отырыста заманауи музейтанудың теориялық және практикалық қырларын қамтитын мазмұнды баяндамалар ұсынылды.Халықаралық конференция музейлер мен ғылыми және білім беру мекемелері арасындағы кәсіби әріптестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және мазмұнды пікір алмасуға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1093004?lang=kk
Қазақстан мен Өзбекстан арасында $70 млн болатын экспорттық келісім жасалды 24.10.2025
Ташкент қаласында Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі мен «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы ұйымдастырған сауда-экономикалық миссия өтті. Бүгінде Өзбекстан аумағында 876 қазақстандық кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл дегеніміз 270 түрлі тауар позициясы бойынша сауда айналымышамамен $500 млн-ға тең. Миссия барысында қазақстандық кәсіпорындар өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, құрылыс материалдары, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия және қайта өңдеу салаларындағы өзбек әріптестерімен тікелей келіссөз жүргізді. Алаңда B2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылып, экспорттаушылар Өзбекстанның ірі дистрибьюторларымен және сауда желілерімен байланыс орнатты. «Ташкенттегі миссия - қазақстандық компаниялар үшін өнімін таныстырып қана қоймай, көрші елдің нарығына нақты шығуға мүмкіндік берді. Біз қатысушыларға барлық кезеңде, яғни кездесулер ұйымдастырудан бастап, аударма мен логистикалық сүйемелдеуге дейін толық қолдау көрсетеміз»,- деді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков. «Бұл жай ғана делегация емес, нақты сатып алушылармен жасалған келіссөздер. Қазірдің өзінде 73,5 млн доллар көлемінде экспорттық келісімшарттарға қол қойылды. Өзбекстан нарығында қазақстанның күнбағыс майына, ет пен қантына тұрақты сұраныс бар»,- деп атап өтті QazTrade компаниясы өкілдері. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда көлемі тұрақты өсім көрсетіп келеді. Биылғы жылдың алғашқы жеті айында екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 30%-ға артып, $3 млрд-тан асты. Ал Қазақстан экспортының көлемі 26,7%-дан астам өсіп, $2,2 млрд-қа жуықтады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1092913?lang=kk
Қазақстан мен БҰҰ: бейбітшілік пен дамуға ортақ бейілділігі 24.10.2025
Астана, 2025 жылғы 24 қазан – Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығын атап өтіп, адам құқықтарын құрметтеуге және орнықты дамуды ілгерілетуге негізделген БҰҰ Жарғысының қағидаттарына бейілділігін қуаттайды.БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы 80 жылда Ұйымның адамзаттың жаһандық сын-қатерлеріне қарсы күресте шешуші рөл атқарғанын және халықаралық тәртіптің баламасыз әрі басты тірегі болып қала беретінін атап өтті.1992 жылы БҰҰ-ға мүше болғаннан бері Қазақстан ядролық қарусыздану, өңірлік серіктестік, өркениетаралық диалог және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу салаларындағы бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.Елімізде БҰҰ-ның 27 агенттіктері мен мекемелері жұмыс істейтінін атап өту қажет, ал Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығының құрылуы өңірдегі байланыстарды нығайтуға және өркендеуге ықпал етуге маңызды қадам болды.Осы тұрғыда Қазақстан Ұйымды жаңғыртуға және неғұрлым қауіпсіз, әділ және орнықты әлем құруға үлес қоса отырып, БҰҰ Жарғысының рухында инклюзивтілік идеяларын дәйекті түрде ілгерілетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1092863?lang=kk