Қуқық
Алматыда коммуналдық жәрмеңкелер құру мәселесі қарастырылуда 10.12.2025
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қалада коммуналдық жәрмеңкелер құру жобасын қарастырған кеңес өткізді.Қазіргі уақытта бірнеше сәулеттік және функционалдық шешім пысықталып жатыр. Әр ауданда жаңа жәрмеңкелерді орналастыруға арналған алдын ала орындар белгіленді. Сонымен қатар «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолданыстағы павильондары заманауи талаптарға сәйкес жаңғырту жоспары қатар қарастырылуда.Бастаманың мақсаты – делдалдардан бас тартып, фермерлер үшін қолайлы жағдай жасау.Жоба сарапшылармен және тиісті қызметтермен бірлесіп пысықталатын болады. Талдау нәтижелері бойынша жәрмеңкелердің оңтайлы форматы, оның ішінде инфрақұрылымы, орналастыру тәртібі және баға белгілеу тетіктері ұсынылады.Әкімнің айтуынша, қаланың міндеті – ашық сауда жүйесін қалыптастыру, жергілікті өндірушілерді қолдау және сатып алушылар үшін қолайлы жағдай жасау.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1122472?lang=kk
Қостанайда I Республикалық Студенттік Ассамблеялар форумы өтті 09.12.2025
Ағымдағы жылдың 8-9 желтоқсан күндері Қостанайда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған I Республикалық Студенттік Ассамблеялар форумының пленарлық отырысы өткізілді.Оған Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Білім және ғылым министрлігі, Білім министрлігінің өкілдері, «Ассамблея жастары» ұйымының жетекшілері, елдегі жоғары оқу орындары мен колледждердегі студенттік ассамблеялардың басшылары қатысты.Форум студенттік қауымдастық үшін тәжірибе алмасу, жаңа мүмкіндіктерді дамыту және студенттік ортадағы бірлік пен келісімді нығайту алаңы болды.Қазіргі таңда Қазақстанда университеттер мен колледждерде 100-ден астам студенттік ассамблея құрылып, олар «Ассамблея жастары» ұйымының белсенді мүшелері ретінде жастардың болашақ көшбасшыларын қалыптастыруға үлес қосуда.Қостанай облысында жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде: олардың дамуы үшін нақты жағдайлар жасалуда.Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында соңғы үш жылда өңірде 27 білім нысаны, 35 спорт нысаны, 37 денсаулық сақтау объектісі, 6 мәдениет нысаны салынды, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 15 мың пәтер пайдалануға берілді.Жастарды қолдау мақсатында жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары іске асырылуда. 2022 жылдан бері «Қостанай жастары» бағдарламасы жүзеге асырылып, оған шамамен 6 млрд теңге бөлінді — нәтижесінде 344 жас отбасына баспана берілді. Биыл Отбасы банк 1 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несиелерді беруді жалғастырады.Жастарға қосымша білім беру машина жасау, металлургия және тау-кен ісі, экономика және құрылыс, энергетика және ақпараттық жүйелер бойынша ашық жоғары мектептер арқылы жүзеге асырылуда. Қазір жаңа өндірістерде 55–70%-ы 35 жасқа дейінгі жастар, ал бұл көрсеткіш алдағы уақытта арта береді.«Қазақстанның болашағы — талантты әрі патриотты жастардың қолында. Біз олардың энергиясы, шығармашылығы мен дамуға ұмтылысы қоғамға пайда әкеліп, іс жүзінде жүзеге асуы үшін барлық жағдай жасауымыз керек» - деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов.Қостанайдағы I Республикалық Студенттік Ассамблеялар форумы қатысушыларға құнды тәжірибе, жаңа білім және студенттік қауымдастықта алдағы жұмыстарға мотивация берді, сондай-ақ бүкіл ел бойынша студенттік өзін-өзі басқаруды нығайтуға серпін берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1122341?lang=kk
Қазақстан Елшісі Черногория Президентіне сенім грамоталарын табыстады 09.12.2025
Подгорица, 2025 жылғы 8 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Елшісі Дәулет Батырашев Черногория Президенті Яков Милатовичке сенім грамоталарын тапсырды. Сенім грамоталарын қабылдай отырып, Черногория басшысы Қазақстанды Орталық Азия аймағындағы елдің маңызды серіктесі деп атап өтті.Рәсімнен кейін өткен сұхбат барысында тараптар екі ел арасында қалыптасқан қарым-қатынастың достық сипатын және тараптардың өзара іс-қимылдың барлық спектрінде жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ұмтылысын ерекше айтты.Саяси ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылау аясында Я.Милатович келесі жылы Астанаға ресми сапармен баруға ниетін білдірді.Черногория Президенті 2023 және 2025 жылдары БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиялары барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесулері туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, Қазақстан халқына және Мемлекет басшысына ізгі тілектерін жеткізді.Қазақ дипломаты сұхбаттасына Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының басымдықтары, соның ішінде Президент Қ.Тоқаев бастамашылық еткен ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың іске асырылуы жөнінде ақпарат берді. Сонымен қатар, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1122355?lang=kk
Қарағандының Қытайда экспорт бойынша «жеке кабинеті» ашылды 09.12.2025
Қарағанды облысы Қытайда өзінің «жеке кабинетін» ашты. Үрімші қаласындағы QazTrade кеңсесі мен шоурумында өңірдің ресми өкілдігі іске қосылды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың Қытайға сапары кезінде әкімдік, «Сарыарқа» ӘКК және QazTrade арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров бұл қадамның маңызын былай түсіндіреді:«Өңірлік кәсіпорындарды біріктіру, олардың тауарларын Қытай нарығына жүйелі түрде шығаруға ең қажетті құрал - ӘКК. Енді «Сарыарқа» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы біз арқылы Қытайдың сатып алу орталықтарына тікелей шығып, жергілікті нарықта тұрақталады».2025 жылғы қаңтар–қазан айларында Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда көлемі 39,8 млрд долларға жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 8,8% өсті. Экспорт 18%-ға, импорт 3,6%-ға артты.Соған қарамастан, елімізде өңірлік экспорт көп жыл бойы жүйесіз дамыды. Компаниялардың көбі Қытайға тек бір реттік партиялармен шығып, тұрақтылықтың болмауы салдарынан Қытай нарығының ең тиімді бөліктерін басқа елдің ірі компаниялар иеленіп келді.Үрімшіде Қарағанды өкілдігінің ашылуы өңірлер арасындағы жағдайды да айтарлықтай өзгертеді деп күтілуде. Қытай нарығындағы бос орындарға алғашқылардың бірі болып кірген өңір басымдыққа ие болатыны белгілі. Инвесторлар да Қатайда нақты локациясы бар облыстарды таңдайды. Нәтижесінде әр өңір өздерінің жеке экспорттық бағытын қалыптастыру мүмкіндігіне ие болады.QazTrade-тің Қытайдағы өкілі Ерхан Еркін басқа өңірлерді де өз өкілдігін ашуға шақырып, бұл жұмысқа қажетті негізгі қадамдарды атап өтті: QazTrade инфрақұрылымын тиімді пайдалану, экспортқа шығатын негізгі 20 тауарды нақтылау, сапалы инвестициялық ұсыныстар дайындау және формалды делегациядан нақты нәтижеге бағытталған B2B-кездесулерге көшу.Бұл модель алдағы уақытта басқа өңірлерге де таратылады. «Сарыарқа» ӘКК-сының өкілдігі – Қытаймен өңірлік деңгейде нақты және ұзақ мерзімді жұмыс бастаудың жаңа форматын ашып отыр.Қытай қазір сатып алу жүйесін орталықтан аймақтарға бөліп, әр провинция өз жоспарын өзі жасап жатыр. Сондықтан өңірлер Қытайда өз өкілдігін ашып, жергілікті серіктестермен жылдам байланысып, сатып алу орталықтарына тікелей шығуы қажет.Қарағанды облысы осы жаңа бағытқа алғашқылардың бірі болып бет бұрды. Келесі болып қай өңір қадам жасайды?Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1122126?lang=kk
Сауда департаменті тұтынушыларға Акмальдың өтпеген концерт билетінің құнын қайтару жұмысын жүргізіп жатыр 09.12.2025
2025 жылдың 18 қарашасынан бастап Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне 25 қазанда Қостанай қаласында өтуі тиіс болған әнші Акмальдың концертінің өтпей қалуына байланысты азаматтардан 100-ден астам өтініш түсті.Тұтынушылар билеттерді eventticket.kz электрондық сервисі арқылы сатып алған, бұл электронды түрде ақылы қызмет көрсету шартының жасалғанын растайды. Алайда концерт белгіленген күні өткізілмей, ұйымдастырушы тұтынушыларға билет қаражатын қайтармаған.Өтініштерді қарау қорытындысы бойынша Департамент тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады. Осыған байланысты ұйымдастырушы – жеке кәсіпкерге барлық зардап шеккен тұтынушыларға билет құнын толық көлемде қайтару туралы ресми хабарлама жолданды. Ұйымдастырушы тұтынушыларға 6 миллион теңгеден астам қаражат қайтаруы тиіс.«Егер қаражатты қайтару туралы талап орындалмаған жағдайда, Департамент Қазақстан Республикасының "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңының 5-бабы 8-тармағына сәйкес, сатып алынған билеттердің ақшасын қайтару мәселесі бойынша сотқа жүгінеді», - деді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлы.Департамент жағдайды бақылауда ұстайды және тұтынушыларды өз құқықтары бұзылған жағдайда жедел түрде хабарласуға шақырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1122107?lang=kk
Алматы облысы Alatau Investment Forum–да 300-ден астам инвесторды қабылдап, 776 млрд теңгеден аса инвестиция тартты 09.12.2025
Алматы облысында халықаралық Alatau Investment Forum 2025 өтті. Форумға көрші мемлекеттерден 300-ден астам инвестор мен бизнес өкілі қатысып, нәтижесінде жалпы құны 776 млрд теңгеден асатын 16 меморандумға қол қойылды. Бұл өңірдің Қазақстандағы жетекші инвестициялық орталықтардың бірі екенін тағы дәлелдеді.Жиында облыстың бос өндірістік аймақтары, индустриалды зоналары, логистикалық хабтары және ірі жобаларды қабылдауға дайын инфрақұрылымдық мүмкіндіктері таныстырылды. Қатысушыларға өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу және туризм бағыттары бойынша ұсыныстар жасалды.Форумды ашқан Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірде инвесторларға қолайлы жаңа экономикалық кезең басталғанын атап өтті. Оның айтуынша, облыстың ашықтығы мен инвестиция тартуға дайын болуы — нақты қолдаумен бекітілген стратегиялық бағыт. Әкім өңірдің қарқынды дамып жатқанын, заманауи инфрақұрылым, 7 жұмыс істеп тұрған және 9 құрылу кезеңіндегі индустриалды аймақ, логистикалық парктер, ГЧП тетіктері және «Бір терезе» форматындағы цифрлық сервистер іске қосылғанын айтты.«Бүгінде инвесторлардың сенімі нақты сандармен көрініс табуда. Біз жалпы құны 6,2 трлн теңгені құрайтын 216 жобаны бақылауда ұстап отырмыз. Олардың жүзеге асуы 80 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 72 жоба шетелдік капиталдың қатысуымен іске асуда, құны — 3,9 трлн теңге. Бұл — халықаралық компаниялардың облысты ұзақ мерзімді даму алаңы ретінде таңдауының айқын дәлелі», — деді Марат Сұлтанғазиев.Форум қорытындысында жалпы құны 776 млрд теңгеден асатын 16 меморандумға қол қойылды. Құжаттар өнеркәсіп, агросектор, логистика, энергетика және туризм бағыттарын қамтиды. Келісімдер аясында халықаралық құрылыс компаниясының жобасы, LED-экрандар өндірісі, трактор шығаратын зауыт, ірі индустриалды-логистикалық кешен және заманауи көтерме-тарату орталығы іске асырылмақ.Бұл келісімдер өңір экономикасын жаңғыртатын нақты инвестициялық шешімдер болып саналады. Жаңа өндірістер ашылып, қайта өңдеу саласы күшейеді, ауыл шаруашылығы жаңарып, туризм инфрақұрылымы дамиды, энергетикалық жобаларға серпін беріледі.Форумға Қытай Халық Республикасының Циндао қаласы әкімінің орынбасары Гао Цзянь, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық корпорациялар мен ірі инвесторлар қатысты. Гао Цзянь Алматы облысымен әріптестікті кеңейтуге үлкен мүмкіндік барын айтып, Циндаоның Қытайдағы ірі порттық, өндірістік және логистикалық орталықтардың бірі екенін еске салды. Оның айтуынша, екі өңірдің артықшылықтары бірін-бірі толықтырып, автомобиль жасау, жоғары технологиялық жабдық, жасыл энергетика, биомедицина, сауда және логистика салаларында бірлескен жобаларға жол ашады.«Алматы облысымен ынтымақтастық бірнеше перспективалы бағытты қамтиды. Біз бірге жаңа өндірістер ашып, заманауи технологиялар енгізіп, көлік дәліздерінің тиімділігін арттыра аламыз», — деді ол.Соңғы жылдары Алматы облысы инвестициялық өсімді тұрақты көрсетіп келеді: 2022 жылы — 614 млрд теңге, 2024 жылы — 1 трлн теңгеден жоғары, ал 2025 жылдың 10 айында 834 млрд теңге игеріліп, физикалық көлем индексі 116% болды. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 1,3 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.Өңірде соңғы жылдары бірнеше ірі нысан іске қосылды: «Focus Logistics» логистикалық паркі, «Алтын Таға» бетон зауыты, «LC Waikiki» көтерме орталығы, «КегенМясПром» ет комбинаты, «Шин-Лайн» балмұздақ фабрикасы және кеңейтілген «Қапшағай Бидай Өнімдері» агрокомплексі. Жыл соңына дейін «MP Solution», «Kusto Logistics», «Еуразиялық логистикалық парк», «Imagine Apple Logistics» сияқты А класындағы жаңа логистикалық кешендер пайдалануға беріледі. Соның арқасында өңірдің заманауи логистикалық қуаты 16 есеге өсіп, 7 мыңнан 111 мың шаршы метрге дейін ұлғайды.Тамақ өнеркәсібінде экспортқа бағытталған өндірістер де күшеюде: «Galanz Bottlers», «QAZAQ GLOBAL FOOD» және «Прима Құс» соның дәлелі. Барлық іске асып жатқан жобалар мен форум аясында жасалған келісімдер Алматы облысының инвестициялық картасын жаңа деңгейге шығарып, өңірді ел экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналдырып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1121865?lang=kk
Ақмола облысында сапасыз өнім саудалаған кәсіпкерлер айыппұл арқалады 09.12.2025
Ақмола облысында азық-түлік нарығын тұрақты тексеру барысында әлеуметтік маңызы бар өнімдерге рұқсат етілген сауда үстемесін асыру фактілері анықталды. Мемлекеттік бақылауды Ақмола облысы бойынша ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті жүргізеді.Мысалы, жеке кәсіпкер Юлдашев сәбізді 33,3% сауда үстемесімен сатқан, бұл заңда белгіленген рұқсат етілген деңгейден айтарлықтай жоғары. Сол сияқты, ИП «Гуляева Т.М.» «Хуторок» дүкенінде қарақұмық жармасын 27% үстемемен, ИП «Жаналинова» «Продукты» дүкенінде қырыққабатты 72,7% үстемемен, ал ИП «Мирмахмуд» пиязды 60% үстемемен сатқан.Әр жағдай бойынша кәсіпкерлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Бұл шаралар әділетсіз тәжірибелердің алдын алуға, саудадағы ашықтықты қамтамасыз етуге және азаматтардың мүдделерін қорғауға бағытталған.Сонымен қатар, Шортанды ауданындағы дүкенде шұжық бағасы шетел валютасы рубльмен белгіленген. Заң бойынша сауда сөресіндегі баға тек қана теңгеде көрсетілуі шарт. Бұл құқық бұзушылық үшін кәсіпкер айыппұлға тартылды.2025 жылы Ақмола облысында әкімшілік жауапкершілікке 216 кәсіпкер тартылды, олардың 99-ы ескерту алды, ал 117-сі жалпы сомасы 2,2 миллион теңгеден астам айыппұл төледі. Анықталған құқық бұзушылықтар қатарында әлеуметтік маңызы бар өнімдерге сауда үстемесінің асып кетуі, шетел валютасында тауарларды сату, тұтынушы бұрыштарының жоқтығы және тұтынушылардың шағымдарына заңда белгіленген мерзімде жауап бермеу бар.«Сонымен қатар, біз күмәнді 21 өнімді сатып алып, тексеріс жүргіздік. 17 жағдайда таңбалау талаптарының бұзылғаны анықталды. Кәсіпкерлерге 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Жұмысты әлі де жалғастырамыз. Облыс бойынша сауда нүктелерін бақылап, заңсыздықтың алдын алып жатырмыз», - деді Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Ерлан Әубәкіров.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1121790?lang=kk
Сауда департаменті ақмолалық зейнеткерге Wildberries-тен алған жарамсыз телефонның ақшасын қайтарды 09.12.2025
Ақмола облысында тұтынушылардың құқығын қорғау бағытындағы жұмыс қарқынды жүргізіліп келеді. 2025 жылдың басынан бері Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті 983 азаматтық өтінішті қарады. Оның 80 пайыздан астамы тұтынушылардың пайдасына шешіліп, тұрғындарға жалпы сомасы 82 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылды. Бұл - Департаменттің жүйелі жұмысының айқын нәтижесі.Департамент мамандары дауларды сотқа дейінгі тәртіпте шешуге ерекше назар аударады. Мұндай тәсіл азаматтарға құқықтарын жылдам қалпына келтіруге және қаржылық шығындарын дер кезінде өтетуге мүмкіндік береді. Мәселен, облыс тұрғынына құны 8,1 миллион теңге болатын қолданылған автокөлікке қатысты шағымды дұрыс рәсімдеу арқылы ақшасын толық қайтаруға қолдау көрсетілді. Тағы бір тұрғын жаңа автокөліктен ақаулар анықталған соң сатып алудан бас тартып, 28,3 миллион теңгені толық көлемде қайтарып алды.Департаменттің араласуы тұрмыстық тауарлар мен электроника саласында да шешуші рөл атқарды. Құны 1 000 200 теңге болатын жиһаздың кешіктірілуі мен сапасыз жеткізілуінен зардап шеккен облыс тұрғынына мамандар толық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде кәсіпкер кемшіліктерді толығымен жойды.Ең назар аударарлық жағдайлардың бірі – 70 жастағы облыс тұрғынының Wildberries платформасынан сатып алған телефонына қатысты мәселе. Зейнеткер қызына сыйламақ болып, сипаттамада Redmi 14 моделі деп көрсетілген телефонға тапсырыс берген. Бірақ келген тауар мүлдем басқа болып шықты. Сонымен қатар телефон IMEI-растаудан өтпей, Қазақстан аумағында қолдануға жарамсыз екені белгілі болды. Сатушыдан ақшаны тікелей қайтару мүмкін болмағандықтан, азамат Департаментке жүгінген. Нәтижесінде 34 840 теңге тұтынушыға толық қайтарылды.Сонымен бірге, демалыс базасына алдын ала төлем жасағаннан кейін қаражатты қайтарудан бас тартылған жағдайда да Департамент көмегі маңызды болды. Тараптардың арасында бітімгершілікке қол жеткізіліп, тұтынушыға ақшасы толық қайтарылды, сондай-ақ оған қосымша бір күндік демалыс жеңілдікпен ұсынылды. Көкшетау тұрғынына кепілдік мерзімі ішінде анықталған ақаудан кейін сапасыз телефон жөндеуі үшін төленген 22 500 теңге де қайтарылды.Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы тиімділік сот тәжірибесінде де көрініс табуда. 2025 жылдың 11 айында Департамент үшінші тұлға ретінде 15 сот ісіне қатысып, нәтижесінде азаматтар пайдасына 9,9 миллион теңгеден астам қаражат өндіріліп берілді. Бұл – өңірде тұтынушы құқықтарының жүйелі әрі нәтижелі қорғалып жатқанын дәлелдейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1121799?lang=kk
Тауарлардың жекелеген түрлерін әкетуге рұқсат беру тәртібін енгізу туралы 09.12.2025
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 17 қарашадағы № 325-НҚ, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 20 қарашадағы № 494, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2025 жылғы 20 қарашадағы № 586/НҚ, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің м.а. 2025 жылғы 20 қарашадағы № 717 және Қазақстан Республикасы Көлік министрінің 2025 жылғы 20 қарашадағы № 391 «Тауарлардың жекелеген түрлерін әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы» пилоттық жобаны іске асыру туралы» бірлескен бұйрығының қабылданғанын хабарлайды. Осы бұйрық 2025 жылғы 5 желтоқсанда күшіне енеді.Аталған бірлескен бұйрықпен тауарлардың жекелеген түрлерін әкетуге рұқсат беру тәртібі енгізіледі, және ол тек ТМД - ға қатысушы мемлекеттерге әкетілетін тауарларға ғана қолданылады. Рұқсат беру тәртібі өнеркәсіптік тауарлардың жекелеген түрлеріне, телекоммуникациялық, компьютерлік жабдықтың, оның бөлшектері мен материалдарының жекелеген түрлеріне, сондай-ақ авиациялық өнеркәсіп тауарларының жекелеген түрлеріне ғана қатысты қолданылады.Рұқсат беру тәртібі қолданылатын тауарлардың тізбелері бірлескен бұйрықтың 1, 2 және 3-қосымшаларында бекітілген. Рұқсат беру қағидалары және қажетті құжаттар тізбесі бірлескен бұйрықтың 4-қосымшасында бекітілген.Кеңес алу үшін байланыс деректері1. Телекоммуникациялық, компьютерлік жабдықтың, оның бөлшектері мен материалдарын әкету мәселелері бойынша:Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі:Тел.: 64-95-13, 64-95-19.2. Авиациялық өнеркәсіп тауарларын әкету мәселелері бойынша:Қазақстан Республикасының Көлік министрлігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаментіТел.: 98-33-34;Қазақстан Республикасының Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетіТел.: 57-23-06.3. Өнеркәсіптік тауарларды әкету мәселелері бойынша:Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитетіТел.: 57-23-53.4. Кедендік операцияларды жүзеге асыруға қатысты мәселелер бойынша:Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіТел.: 71-84-16, 71-79-51.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1121750?lang=kk
Алматы облысында ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды 09.12.2025
Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев ауыл шаруашылығы саласында белсенділік танытып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды салтанатты түрде марапаттады. Іс-шара барысында түрлі санат бойынша 40-қа жуық маман мемлекеттік наградалар мен облыс әкімінің арнайы марапаттарына ие болды.Марапатталғандардың қатарында III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен екі азамат наградталды. Олар – «Айқын» шаруа қожалығының зоотехнигі Даулетбек Жанботаев және «Green Eco» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Роман Шнайдерман.Ал «Ерен еңбегі үшін» медалі төрт азаматқа табысталды. Атап айтқанда, «Мырзағали» шаруа қожалығының бақташысы Нұрбол Жұмабек, «Alma Prodex» ЖШС директоры Қалиахат Үскімбаев, «Алатау Құс» ЖШС бас директоры Жанна Құрмашева және Кеген орман шаруашылығының директоры Айболат Солтанғазиев жоғары марапатқа ие болды.Сондай-ақ, ҚР Премьер-министрінің Алғыс хатымен бес маман марапатталды. Олар – «Алтынбаева» шаруа қожалығының зоотехнигі Еркінбек Бейсенбаев, «TUR-FERMA» шаруа қожалығының зоотехнигі Нұрбол Түрбеков, «Алматы» асыл тұқымды орталығының ұрықтандырушы технигі Дияр Жазықбаев, «Өркен Дала» ЖШС агрономы Дархан Сонабаев және «Агроном» шаруа қожалығының зоотехнигі Алия Сулейменова.Алматы облысы әкімінің «Құрмет грамотасына» екі азамат ие болды. Олар – Балқаш ауданындағы «Бақанас Мұғалжар» шаруа қожалығының басшысы Қонақбай Жұмабеков және Ұлттық статистика бюросының Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Назира Қашкинбаева.ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен салаға ұзақ жылдар адал еңбек еткен төрт азамат марапатталды. Олар – Алматы облысы бойынша Ауыл партиясының төрағасы Қанат Бекиев, «Иссыкский плодоконсервный завод» ЖШС директоры Бақыт Болысбаев, «Аяжан» шаруа қожалығының басшысы Төлғожа Мұханов және мал шаруашылығы саласының ардагер зоотехнигі Бақыт Сыдықов.Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен 12 маман марапатталды. Олардың қатарында «Eurasian Green Product» ЖШС директоры Марат Қартабаев, «Қарғалы Крахмал» ЖШС механизаторы Сағынбай Сейтмұратов, облыстық аумақтық инспекция басшысы Дархан Әбілғазиев, инспекция маманы Айдар Ержигитов, «Наурызбай» шаруа қожалығының басшысы Бағдат Әжінұров, «Tengri Milk» ЖШС директоры Жазира Шаяхмет, «Ерік» шаруа қожалығының зоотехнигі Мұрат Малдыбаев, «Агро Балтабай» ЖШС агрономы Ислам Хуршудов, Алматы асыл тұқымды ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы Рүстем Ахметжанов, «Нажимидинов» шаруа қожалығының басшысы Жүнісәлі Нажимидинов, Балқаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Әліпбек Бөпешбаев және басқарма басшысының орынбасары міндетін атқарушы Димаш Сыдықов бар.Сонымен қатар, тағы 9 азамат «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері» номинациясы бойынша, ал ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастырудағы белсенділігі үшін 10 маман арнайы марапаттарға ие болды.Салтанатты жиында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сиражиддинұлы Сұлтанов ауыл еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, сала жетістіктеріне ерекше тоқталды.“Құрметті Алматы облысының ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – агрономдар мен механизаторларға, сауыншы мен шопандарға және өзге де ауыл шаруашылығы саласының мамандарына құрмет көрсетілетін күн. Биылғы жыл агроөнеркәсіптік жетістіктерге толы болды. Бұрын-соңды болмаған мемлекеттік қолдаудың және еңбек адамдарының маңдай терінің арқасында соңғы екі жылда айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік. Осы жоғары көрсеткіштерге қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін”, – деді вице-министр.Ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі мен тұрақты ізденісі – өңір дамуының негізгі тірегі. Бүгінгі марапаттау рәсімі Алматы облысының агросаласы алдағы кезеңде де сенімді өсім мен жаңа жетістіктерге қол жеткізетінін айқын көрсетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1121697?lang=kk
Өнімділік пен инновация: Алматы облысы ауыл шаруашылығындағы жылдық жетістіктерін көрсетті 09.12.2025
Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиевтің қатысуымен Қонаев қаласында Ауыл шаруашылығы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл мереке өңірдің аграрлық саласындағы жетістіктерді атап өтіп, үздік мамандар мен шаруашылық өкілдерін марапаттау мақсатында ұйымдастырылды.Шара «Мәдениет үйі» аумағындағы ауыл шаруашылығы көрмесін аралаудан басталды. Көрмеде өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі озық технологиялар, жаңа өнімдер және шаруашылықтар жұмысының нәтижелері таныстырылды.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жиналғандарды Ауыл шаруашылығы күнімен құттықтап, аграрлық сала өңір экономикасының маңызды бөлігі екенін атап өтті.Әкім ауыл еңбеккерлерінің табанды еңбегі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсімін қамтамасыз етудегі рөлін жоғары бағалады.«Бүгінгі климаттық өзгеріс жағдайында судың маңызы артып келеді. Сол себепті біз суармалы жерлерді жаңғыртуға, цифрландыру мен үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше мән беріп отырмыз. Жаңа технологияларды енгізу тек табиғи ресурстарды қорғап қана қоймай, фермердің табысын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – өнімділікті арттыру, шаруаның шығынын азайту және нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті күшейту. Біз облыс деңгейінде осы бағыттағы жобаларды қолдап, фермерлерге нақты практикалық шешімдер ұсынамыз», – деді Марат Сұлтанғазиев.Алматы облысы еліміздегі әлеуеті артып, ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көрсеткіші өсіп, бұрынғы оныншы орыннан бесінші орынға көтерілді. Бұл – стратегиялық жоспарлау мен ауыл еңбеккерлерінің маңдай терінің нәтижесі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1121656?lang=kk
Алматы облысында өңірдің ауыл шаруашылығындағы үздік көрсеткіштері көрсетілді 09.12.2025
Қонаев қаласында өткен ауыл шаруашылығы күні аясында Алматы облысының агроөнеркәсіптік кешеніндегі негізгі жетістіктері көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шарада өңірдің мал және өсімдік шаруашылығындағы жоғары көрсеткіштері, өндіріс көлемі мен инвестициялық жобалар таныстырылды.Мал шаруашылығы саласында облыс бірқатар рекордтық нәтижеге қол жеткізді. Ет өндірісінен республика бойынша бірінші орынға шықты. Құс етін өндіруден екінші, ал жұмыртқа мен сүт өндірісі бойынша төртінші орында тұр. 2025 жылдың он айының қорытындысы бойынша саладағы тұрақты өсім жалғасып келеді.Өсімдік шаруашылығында да оң динамика байқалады. Биыл облыс бойынша 412 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары себіліп, 2,6 миллион тонна өнім жиналды. Жүгері мен өрік өндіруден өңір республикада бірінші орынға ие болса, алма, алмұрт, соя, жүзім және күріштен – екінші, көкөніс өндірісінен үшінші орында тұр.Егістік алқаптарының тиімділігін арттыру үшін заманауи технологиялар кеңінен енгізілуде. Су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі бір жылда 1,7 есеге артып, 64,9 мың гектарға жеткен. «Assem Kaljat» серіктестігі тамшылатып суару технологиясына 19 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйып, жылына 100 мың тонна жүгері өңдейтін зауыт салуды жоспарлап отыр.Өңдеу өнеркәсібінде де ірі жобалар іске асырылуда. Қуаттылығы жылына 1 миллион тоннадан асатын дайын өнім шығаратын «Қапшағай Бидай Өнімдері» кәсіпорны жұмысын бастады. Сонымен қатар «PepsiCo Central Asia» компаниясы 20 мың тонна тұзды жеңіл тағамдар өндіретін зауыттың құрылысын жүргізіп жатыр. «QAZAQ GLOBAL FOOD JV» серіктестігі жылына 80 мың тонна жеміс-көкөніс өңдейтін кәсіпорын салуда. Бұдан бөлек, жылдық қуаттылығы 900 мың тонна болатын жаңа қант зауытының жобасы пысықталуда.Инвестиция көлемі де айтарлықтай артты. 2025 жылдың он айында агроөнеркәсіптік кешенге 111 миллиард теңгеден астам қаржы тартылса, жыл соңына дейін қосымша 23,7 миллиард теңге инвестиция күтілуде. Жалпы құны 33,5 миллиард теңгеге тең 17 инвестициялық жоба жоспарланған, оның сегізі іске асырылған. Ал жалпы құны 1,1 триллион теңгеден асатын 38 ірі жоба өңірлік пулға енгізіліп, нәтижесінде 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.2025–2026 жылдарға арналған мал азығын дайындау жоспары артығымен орындалды. Жоспарланған 2 941 мың тоннаның орнына 3 101,6 мың тонна азық дайындалып, көрсеткіш 105,5 пайызды құрады. Сонымен қатар, 7,9 миллиард теңгеге 448 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған.Биылғы басты жетістіктердің бірі – Алматы облысының әлемдік деңгейде танылуы. «Даулет-Бекет» ЖШС бастамасымен 1 мың түйеден құралған керуен өтіп, “Әлемдегі ең үлкен түйе керуені” ретінде Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде енді.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірдің ауыл шаруашылығындағы бүгінгі жетістіктері – жүйелі мемлекеттік қолдау мен еңбек адамдарының тынымсыз жұмысының нәтижесі. «Біздің басты мақсатымыз – агроөнеркәсіп кешенін толықтай қайта өңдеуге бағыттау, экспорттық әлеуетті арттыру және ауыл тұрғындарының табысын көбейту. Алдағы жылдары су үнемдеу технологиялары кеңейіп, жаңа өңдеу кәсіпорындары іске қосылады. Бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді», – деді өңір басшысы.Қорытындылай келе, Алматы облысы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда тұрақты өсім мен жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр. Өндіріс көлемінің артуы, ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асуы және халықаралық деңгейде мойындалған жетістіктер өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетінің жылдан жылға күшейіп келе жатқанын айқын көрсетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1121668?lang=kk
«Samga»: ерекше жастарды қанаттандырған жоба 09.12.2025
Қоғамда әрбір жастың әлеуетін ашып, олардың шығармашылығын шыңдау мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі. Осы орайда, Алматы облысы Жастар ресурстық орталығының бастамасымен ерекше қажеттілігі бар жастарға арналған «Samga» облыстық өнер байқауы ұйымдастырылды.Аталған жоба шығармашылыққа құштар, мүмкіндігі шектеулі болса да арманы шексіз жастардың басын қосып, олардың өнерін көпшілікке танытуға мүмкіндік берген бірегей алаң болды. Байқаудың басты мақсаты ерекше жастардың шығармашылық әлеуетін ашу, жаңа мүмкіндіктер беру және белсенді болуға деген ұмтылысын қолдау.Алғаш рет өткізілген байқау екі кезең бойынша өтті: қолөнер және сахналық өнер. Облыстың әр ауданынан жиналған 12 команда өз өнерлерін ортаға салып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қатысушылар қолдан жасаған бұйымдар, ұлттық нақыштағы кәдесыйлар, ән, би және театрланған көріністер арқылы өздерінің шексіз таланты мен табандылығын дәлелдеді.Шара соңында қатысушылар мен көрермендердің көңілі толқып, көздерінде қуаныш пен алғыс ұшқыны байқалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп, қамтылатын жастар ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар мен естелік марапаттар, ал барлық қатысушыларға ынталандыру сертификаттары табысталды.Байқау қорытындысы бойынша командалық есепте I орынды – Жамбыл ауданының «Rakhym» тобы иеленді, II орын – Алатау қаласының «Алатау гүлдері» тобына бұйырды, III орынды – Қонаев қаласының «Қамқор жүрек» тобы еншіледі.«Samga» - тек өнер сайысы емес, бұл өмірге деген құлшынысты, арманға деген сенімді ұлықтаған жоба. Ерекше жастарға сенім сыйлап, қоғаммен біте қайнасып өмір сүруіне жағдай жасау баршамыздың ортақ міндетіміз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1121606?lang=kk
Өңір экономикасын нығайтып, ауқымды жобаны жүзеге асыруда — халықаралық көлік-логистикалық кешеннің құрылысы жүріп жатыр 09.12.2025
Соңғы жылдары облыс негізгі даму бағыттары бойынша тұрақты әрі оң динамика көрсетіп келеді. Жалпы өңірлік өнім үш жыл ішінде 18,8%-ке өсіп, 2022 жылғы 4,2 трлн теңгеден 2024 жылы 5 трлн теңгеге жетті. Бұл – өңір экономикасының кеңейіп, өндірістік әлеуетінің артып келе жатқанын айқын дәлелдейді.Өңдеу өнеркәсібі де жоғары өсім қарқынын сақтап отыр. Саладағы өндіріс көлемі 2022 жылы 1,6 трлн теңгеден 2024 жылы 2,1 трлн теңгеге дейін көбейіп, 28%-тік өсімге қол жеткізді. Бұл өңірде индустриялық жаңғырту жұмыстарының тиімді жүріп, экспорттық мүмкіндіктердің күшейіп келе жатқанын көрсетеді.Инвестициялық ахуал да жақсарып келеді. Өңірге жалпы сомасы 1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 397,8 млн долларды, 2024 жылы 402,2 млн долларды құраса, 2025 жылы 667,5 млн доллар тарту жоспарланып отыр. Шетелдік инвесторлардың қызығушылығы облыстың инвестициялық тартымдылығының артқанын айғақтайды.Еңбек өнімділігі де өсу үстінде. 2022 жылы бір жұмысшыға шаққанда 8 млн теңге болған көрсеткіш 2024 жылы 10,2 млн теңгеге дейін өсіп, 28%-тік артуды қамтамасыз етті.Өңір бюджеті де айтарлықтай ұлғайды: 2022 жылғы 441,8 млрд теңгеден 2025 жылы 686,6 млрд теңгеге дейін өсіп, шамамен 1,6 есеге артты. Бұл әлеуметтік саланы, инфрақұрылымды және маңызды инвестициялық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін кеңейтеді.Көлік-логистикалық кешен: өңірдің жаңа өсім нүктесіӨңірдің алдағы дамуына серпін беретін негізгі бастамалардың бірі — құны 63,8 млрд теңге болатын заманауи халықаралық көлік-логистикалық кешеннің құрылысы. Бүгінде нысанда қарқынды құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, жетекші мердігер ұйымдар жаңа технологиялар мен тиімді логистикалық шешімдерді енгізуде.Кешен жылына 400 мың контейнерге дейін немесе 11 млн тоннадан астам жүкті өңдеуге мүмкіндік береді. Нысан іске қосылғаннан кейін өңірдегі жүк айналымы 20%-ке артады деп күтілуде. Бұл облыстың халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін күшейтіп, оның Еуразия кеңістігіндегі транзиттік маңызын арттыра түседі.Жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, инвесторлар үшін өңірдің тартымдылығын күшейтеді әрі өнеркәсіп, сауда және қызмет көрсету салаларының дамуына қосымша серпін береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1121576?lang=kk
Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери ЖОО-ның оқытушысы Қазақстанның үздік инженері атанды 09.12.2025
Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы өткізген X мерейтойлық республикалық конкурстың қорытындысы бойынша Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының әскери радиотехника және электроника негіздері кафедрасы бастығының орынбасары подполковник Нұржан Зікірияев «Қазақстанның үздік инженері — 2025» атағына ие болды.PhD докторы подполковник Нұржан Зікірияев радиотехника және электроника саласындағы жетекші инженер-конструктор болып табылады. Қарулы Күштер қатарында 23 жылдық қызметінде ол қазақстандық армия қарулануына қабылданған үш бірегей қорғаныс жүйесінің авторы атанды. Оның әзірлемелері қазіргі заманғы әскери техника бағыттарының негізгі спектрін қамтиды — оптикалық-электрондық кешендерден бастап радиоэлектрондық күрес пен ұшқышсыз авиацияға дейін.Ең маңызды жетістіктерінің бірі — әскери техника үшін көрінуді арттыруға арналған оптикалық-электрондық модульді әзірлеу және енгізу. Ол түнгі уақытта бақылауды және қозғалыс қауіпсіздігін айтарлықтай жақсартады, бұл сынақ нәтижелерімен дәлелденген.Оның жұмысында бағдарламалық түрде анықталатын радио (SDR) технологияларын дамыту маңызды орын алады. Подполковник Зікірияев арнайы SDR кешенін жасап, сондай-ақ әртүрлі мамандықтардың курсанттарына арналған «SDR негіздері» оқу құралын және оқу курсын дайындады.Оның басшылығымен Wing Loong-1 ұшқышсыз ұшу аппараттарының аспа тораптарын жаңғырту жүзеге асырылып, жаңа қару-жарақ түрлерін интеграциялауға және кешеннің жауынгерлік мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік берді.— Республикалық деңгейдегі бұл марапат — әрі қарай жұмысты жалғастыруға үлкен серпін. Барлық жобалар әскердің жауынгерлік мүмкіндіктерін арттыруға және практикалық қолдануға бағытталды. Басты міндет — жинақталған тәжірибені курсанттарға жеткізу және жаңа буын әскери инженерлерін даярлау, — деді подполковник Зікірияев.Оның жүзеге асырған әзірлемелері Қарулы Күштердің архитектурасын едәуір оңтайландыруға мүмкіндік береді: ондаған бытыраңқы құрылғылар әмбебап модульдермен алмастырылып, сенімділік, үнемділік және орналастыру жылдамдығы артады.Айта кетейік, оның әрбір әзірлемесі — армияны цифрлық трансформациялау бағытындағы стратегиялық қадам. Подполковник Зікірияевтің жұмысы отандық инженерлік мектептің әлеуетін және елдің қорғаныс қабілетін бүгінгі күні-ақ күшейтетін технологиялар жасауға қабілетті екенін айқын көрсетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1121533?lang=kk
ҰЭМ, Ұлттық банк және ҚНРДА 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын түсіндіретін бірқатар кеңестерін аяқтады 09.12.2025
Ұлттық экономика министрлігі, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын түсіндірудің қорытынды онлайн-кеңесін өткізді. Талқылауға "Атамекен" ҰКП, "Бәйтерек "ҰБХ" АҚ барлық облыстық филиалы, бизнес, әкімдік өкілдері қатысты. Ағымдағы жылғы 27 қараша мен 5 желтоқсан аралығында барлық өңірде кездесу өткізілді. Оларға 500-ден астам адам қатысты.19 қарашада Үкімет отырысында ұсынылған бағдарлама макроэкономикалық тұрақтылықты нығайтуға, инфляцияны төмендетуге, ішкі өндірісті молайтып, азаматтардың әл-ауқатының тұрақты өсуіне арналған. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин ұсынылған шаралар ортамерзімдік перспективада тұрақты экономикалық дамудың берік іргетасын қалайтынын атап өтті.Бағдарламаны іске асырудың негізгі операторы ретінде "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі белгіленген. Ол кәсіпкерлікті, экспорттық жобаларды, АӨК және қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларын және т.б. қолдайды. Холдинг екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп, ірі инвестициялық жобалар үшін де, экономикалық өсудің жаңа нүктелері үшін де нақты секторға ұзақмерзімдік кредит берудің негізге көзіне айналмақ. 2026 жылғв холдинг жобаларының портфелі мыналар: 42% - химия және мұнай - газ химия өнеркәсібі, 19,6% - көлік және логистика, 12,1% - энергетика, 7,1% - ТМК, 6,4% - АӨК және тамақ өнеркәсібі.Қаржыландырға қол жеткізу үшін Үкімет 2026 жылы холдингке капиталдандыру үшін 1 трлн теңгеге дейін қаржы бөлуді жалғастырады. 2027-2028 жылдары қосымша қолдау мәселесі ағымдағы экономикалық жағдай мен нақты сектордың қажеттілігіне сүйене отырып, қаралмақ."Инвестицияға тапсырыс" бағдарламасы шеңберінде холдинг өңірдегі жобаларды талдау үшін әкімдіктермен жұмыс кездесуін өткізеді. Орталық мемлекеттік органдар да өз ұсынысын құрмақ. Барлық бастама жүйелі сүйемелдеу үшін ұлттық цифрлық платформаға енгізіледі.Экспортқа бағдарланған жобаларға ШОБ-тың көп қызығушылық білдіруде. Мұндай бастамаларды қаржыландыру тетігі бойынша 20% меншікті қаражат және 80% "Бәйтерек" холдингі арқылы қарыздық қаржы берілуі мүмкін.Сонымен қатар, холдинг өңірлердің артықшылықтарына - табиғи ресурстарға, көлікке қол жеткізуге, туристік әлеуетке және инфрақұрылымға негізделген жаңа өндіріс құруды белсенді түрде ұсынады.Кеңес барысында қатысушылардың барлық мәселесі тыңдалды. Олардың көпшілігі ШОБ-ты дамыту, пайыздық мөлшерлеме, шағын өнеркәсіп аймағын құру, МЖӘ тетіктері мен өнімді сатуға қатысты. Әр сұраққа егжей-тегжейлі түсінік берілді. Жобаның бүкіл мерзіміне пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға кепілдік беру — негізгі мәселе.Бұған жауап ретінде "Бәйтерек" холдингінің өкілдері "Даму" қорының бағдарламаларын трансформациялау шеңберінде тікелей субсидиялау айтарлықтай қысқартылғанын және ЭҚЖЖ тізбесі бойынша тек жобаларға ғана 200 млн теңгеге дейін сақталатынын түсіндірді. Қолдаудың негізгі құралы екінші деңгейдегі банктерді жеңілдікті мөлшерлемемен қорландыру. Бұл бизнеске жобаның бүкіл мерзіміне жылдық 12,6% қаржы алуға мүмкіндік береді.Бұл шарттарға кепілдік берілмек. Өйткені қорландыру қаражаты "Бәйтерек" арқылы бөлініп, "Даму"қорына берілді. Жоба болашақ бюджеттік шешімдерге тәуелді емес. Қаржыландыруға кредит берудің барлық кезеңінде қол жеткізіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1121475?lang=kk
Қазақстан-Бразилия: Астанадағы саяси консультациялардың аясындағы жаңа мүмкіндіктер 09.12.2025
Астана, 2025 жылғы 8 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Бразилия арасындағы саяси консультациялардың жетінші раунды өтті. Оған ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев пен Бразилия Сыртқы істер министрінің орынбасары Сюзан Клибанк төрағалық етті.Кездесу тараптардың ҚР мен БФР арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты барлық бағыттар бойынша динамикалық дамытуға дайын екенін растады.Е.Ашықбаев екіжақты саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары қарқынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Бразилия агроөнеркәсіптік кешен, өнімді қайта өңдеу, транспорт-логистикалық инфрақұрылым, энергетика, ауыл шаруашылығы, азаматтық авиация және цифрландыру салаларын бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін перспективалық бағыттар ретінде қарастырады. Ерекше қызығушылық өндірісті локализациялау мен жоғары технологиялық салаларға инвестиция тарту тудырады, бұл өз кезегінде екіжақты серіктестікті нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады.С.Клибанк Қазақстан тарапына БРИКС және COP-30 саммиттеріне жоғары деңгейде қатысқаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Қазақстан Орталық Азиядан Бразилияда елшілігі бар жалғыз мемлекет екенін атап өтті, бұл, олардың пікірінше, Қазақстанның ұзақ мерзімді серіктестікке деген үлкен қызығушылығын көрсетеді. Сонымен қатар Астанадағы Бразилия елшілігі – бүкіл Орталық Азия өңіріндегі елдің жалғыз дипломатиялық өкілдігі, бұл Бразилияның Қазақстанға ерекше назар аударып, оны өңірдегі негізгі серіктес және тірек ретінде қарастыратынын айқындауда.Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары білім саласы әлі толық ашылмаған бағыт екенін айтып, академиялық алмасулар мен португал тілін үйрету мүмкіндіктеріне назар аударды.Сонымен қатар өңірдегі негізгі тенденциялар – өзара байланыстылықты нығайту, транспорт-логистикалық маршруттарды дамыту және тұрақты дамуға басымдық беру керектігін жеткізді.Бразилия тарапы Қазақстанның көпжақты бастамаларын жоғары бағалап, соның ішінде жаһандық энергетикалық және ядролық қауіпсіздікті нығайтуға, «жасыл» экономиканы дамытуға, су-климаттық күн тәртібін алға жылжытуға және БҰҰ мен басқа халықаралық ұйымдар мен интеграциялық бірлестіктер аясындағы Қазақстанның белсенді рөліне ұмтылысын атап өтті. Бразилия мен Қазақстан көпжақтылыққа, дипломатияға және халықаралық ынтымақтастықтың тең құқылы принципіне ортақ ұстанымға ие екені аталып өтті.Тараптар гуманитарлық және білім саласындағы байланыстарды кеңейту перспективаларын, соның ішінде университеттер арасындағы ынтымақтастық пен бірлескен зерттеу жобаларын қарастырды. Сондай-ақ туристік алмасуды арттыру мәселесі талқыланды.Консультацияларды қорытындылай келе, тараптар келіссөздердің нәтижелеріне қанағаттанушылық білдіріп, әртүрлі деңгейлерде тұрақты байланыстарды жалғастыруға дайын екенін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1121451?lang=kk
Астана базарларындағы тексеріс: Сауда комитеті төрағасының назарын аударған жағдай 08.12.2025
Өткен сенбіде Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев Астанадағы сауда базарларын аралады. Комитет төрағасы мереке қарсаңында базардағы бағаларға мониторинг жасап, сауда үстемесін арттыру фактілерін анықтады. Мәселен, елорда базарында орналасқан азық-түлік дүкенінде қарақұмық бағасы 500 теңге деп көрсетілген. Баға комитет төрағасының бірден назарын аударды. Өйткені Ернұр Жәутікбаевтың айтуынша, қарақұмықтың бағасы қалай алғанда да 500 теңгеге жетпейді. Дүкен қарақұмықты 275 теңгеден сатып алған, артынша 82 пайыз сауда үстемесін қосып, 500 теңгеден саудалаған. Әлеуметтік маңызы бар тауар түрлеріне максимал сауда үстемесі 15 пайызбен есептегенде, осы дүкендегі қарақұмық бағасы көп дегенде 316 теңгеден сатылуы керек болған. Сауда комитетінің төрағасы Астана қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне факт бойынша тексеріс жүргізуді тапсырды. Ернұр Жәутікбаев Астанадағы «Сауран», «Шанхай-Көк базар», «Шарын», «Сарыарқа», «Асем», «Астаналық», «Ұлжан» және «Соғым фест» ет жәрмеңкесі өтіп жатқан «Керуен Жолы» базарларын аралады. Базар иелері және елордаға көкөніс пен жеміс-жидек жеткізетін импорттаушылармен кездескен комитет төрағасы мереке қарсаңында бағаны негізсіз көтермеуді, ет өнімдерін делдалсыз тікелей шаруалардан жеткізуді ұйымдастыруды тапсырды. «Сауда министрлігі мереке қарсаңында нарықтағы бағаны тұрақты ұстау үшін кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Тек қана сауда желілерімен емес, сауда базарлары да қатаң бақылауда болады. Ірі импорттаушылармен жеке жұмыс жүргізіп жатырмыз. Соның негізінде қараша айында әлеуметтік азық-түлік бағасы тұрақты болды. Мереке қарсаңында тек әлеуметтік азық-түлік қана емес, халық жиі тұтынатын тауар бағаларын тұрақтандыру шараларын қабылдаймыз», - деді Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1121191?lang=kk
Доха форумы: Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға өз үлесін қосуда 08.12.2025
Доха, 2025 жылғы 6-7 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Қатар астанасында өткен Доха форумының жұмысына қатысты.Халықаралық беделді алаң саналатын форумға 162 елден 5000-нан астам қатысушы, соның ішінде мемлекет және үкімет басшылары, министрлер, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, академиялық топтар, бизнес қауымдастық өкілдері және үкіметтік емес ұйымдар қатысты.Биылғы форум «Іс-әрекеттегі әділеттілік: уәдеден прогреске» тақырыбында өтіп, әділеттіліктің дипломатия, орнықты даму және инклюзивті басқару арқылы жаһандық деңгейде ілгерілеу мәселелерін талқылауға арналды. Қатысушылар халықаралық жүйенің трансформациясы, жаңа дағдарыстар дәуіріндегі көпжақты ынтымақтастықтың рөлі және мемлекеттердің жауапкершілігін күшейту тетіктерін қарастырды.Форум аясында Астана халықаралық форумы (AIF) ұйымдастырған «Көпір салушы орта державалар: жаһандық ынтымақтастықты қайта құру» атты арнайы сессиясы өтті. Іс-шара орта державалардың жаһандық дипломатиядағы рөлін күшейту, халықаралық шиеленістерді еңсеру үшін көпір салушы мемлекеттердің бірлескен әрекеттерін үйлестіру сияқты мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.Форум шеңберінде Ә.Бақаев Қатар Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Ахмед Әл Хамадимен екіжақты келіссөздер өткізіп, Қазақстан мен Қатар арасындағы саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. Тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынастардың барлық деңгейде серпінді дамып келе жатқанын атап өтіп, бұл прогресс Қазақстан мен Қатар басшылары арасындағы стратегиялық диалог пен саяси ерік-жігердің нәтижесі екенін жеткізді. Мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асырудың маңызы аталып өтіп, стратегиялық серіктестікті жаңа сапалы деңгейге көтеру жолында бірлескен жұмысты жалғастыруға дайындық қуатталды.Ә.Бақаев сонымен бірге Испанияның Сыртқы істер жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Диего Мартинеспен кездесті. Келіссөздер барысында саяси ынтымақтастық, экономика, мәдени-гуманитарлық байланыстар сияқты бағыттар бойынша Астана мен Мадридтің күн тәртібіндегі басты мәселелер қаралды. Сұхбаттасушы алдағы уақытта Қазақстанға сапар жасайтынын растап, екіжақты қарым-қатынастарды жан-жақты дамытуға ниетті екенін білдірді.Сонымен қатар форум алаңында Министрдің орынбасары бірқатар халықаралық ұйымдардың және форумға қатысушы мемлекеттердің өкілдерімен бейресми пікір алмасып, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты, өңірлік қауіпсіздік, жаһандық сын-қатерлерге ортақ жауап қалыптастыру мәселелері бойынша ой бөлісті. Бұл байланыстар Қазақстанның халықаралық диалогқа белсенді қатысуы мен жаһандық бастамаларға қосқан үлесін көрсетеді.Доха форумының жұмысына қатысу Қазақстанның халықаралық аренадағы ашықтығы мен белсенді позициясын, сондай-ақ жаһандық тұрақтылық пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ұстанымын тағы бір мәрте айқындады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1120951?lang=kk
Қостанайлық тұрғынға лицензиясы жоқ салонның қызметінен кейін 1,2 млн теңгесі қайтарылды 08.12.2025
2025 жылдың жазында Қостанай қаласының тұрғыны консультативтік-диагностикалық және дерматокосметологиялық қызмет үшін салонға 1 200 000 теңге төлеген. Алайда уәде етілген нәтижені көрмегендіктен келісімді бұзу және ақшаны толық қайтару туралы салон әкімшілігіне талап қойған. Салон бұл талап арызға жауап бермеген, сондықтан тұтынушы Тұтынушылар құқығын қорғау және сауда департаментіне жүгінді.Департаменттің тексерісі салонның талап арызға жауап бермегенін анықтап, оны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар келісімшартқа тұтынушылардың құқықтарын шектейтін шарттарды, оның ішінде ақшаны қайтармау туралы ережені алып тастау жөнінде нұсқама берілді. Тұтынушыға сотқа жүгіну ұсынылды.Сот барысында салонның дерматокосметологиялық процедураларды лицензиясыз өткізгені анықталды, себебі бұл қызметтер медициналық қызметтер қатарына жатады. Сот салонды тұтынушыға барлық төленген соманы қайтаруға міндеттеді.«Бұл жағдай кәсіпкердің заң талаптарын орындауы міндетті екенін, ал тұтынушы сапалы әрі қауіпсіз қызмет алу құқығына ие екенін тағы бір рет көрсетеді. Департамент өңір тұрғындарының құқықтарын тұрақты қорғайды және бақылауды күшейтеді», - деді Костанай облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысынің міндетін атқарушы К. Акижанов.Биылғы жылдың басынан бастап департаментке 1452 өтініш түсті. Оның 717-сі жазбаша, 106-сы Telegram-бот арқылы, 269-ы «жылдам желіге» телефон арқылы, ал 360 азамат жеке қабылдауда мамандардан кеңес алды. Тұтынушыларға 62,7 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.Мемлекеттік бақылау аясында 73 тексеру жүргізілді. Жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде 16 кәсіпкерге ескерту беріліп, 44 кәсіпкерге жалпы сомасы 1 397 000 теңге айыппұл салынды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1120871?lang=kk