Enbekshi QazaQ

Қуқық

Астанада «Жас сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестивалінің жеңімпаздары анықталды 08.12.2025
Қазақстан Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық әндер мен шығармашылық фестивалінің қорытынды кезеңі өтіп, үздік жас өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар анықталды. Биыл 28-ші рет ұйымдастырылған ауқымды мәдени іс-шара Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналды.Байқауға еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам жас дарынды біріктірген 27 команда қатысып, өзара бақ сынады.Өнер байқауына «Жас сарбаз» республикалық қозғалысының тәрбиеленушілері, Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери-патриоттық клуб мүшелері, Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери колледждердің кадеттері, сондай-ақ «Арыстан» мамандандырылған лицейінің оқушылары қатысты.Фестиваль «Вокалдық орындаушылар», «Фольклорлық орындаушылар» және «Вокалды-аспаптық ансамбльдер» секілді үш негізгі номинация бойынша өтті. Қатысушылардың өнерін кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы бағалады. Құрамына Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің шығармашылық өкілдері кірген қазылар алқасына капитан Марс Жалғасбаев төрағалық етті.Салтанатты марапаттау рәсімінде «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов жас өнерпаздарды құттықтап, бұл фестивальдің жас буынның бойында отаншылдық рухты қалыптастыруға, достықты нығайтуға және дарынды балаларды қолдауға зор үлес қосатынын атап өтті.Бұл жолғы фестивальдің бас жүлдесін «Арыстан» мамандандырылған лицейінің «Вокалдық-аспаптық ансамблі» жеңіп алды. «Вокалдық орындаушылар» номинациясы бойынша 1-орын Түркістан қаласының Нәзір Төреқұлов атындағы № 8 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Елдос Бақдәулетке бұйырды.Бұл номинациядағы 2-орынды Шымкент қаласы Саттар Ерубаев атындағы № 24 IT мектеп-лицейінің оқушысы Батырхан Байданов иеленді. Ал «Арыстан» мамандандырылған лицейінің вокалдық тобы жүлделі 3-орын иегері атанды.«Фольклорлық орындаушылар» номинациясында Түркістан қаласы Әйтеке би атындағы № 26 жалпы орта білім беретін мектебінің фольклорлық ансамблі үздік атанды. Ал «Арыстан» мамандандырылған лицейінің домбырашылар тобы 2-орынды иеленді. 3-орынды Арнайы операциялар күштері «Жаубасар» әскери-патриоттық клубының мүшесі Мақсат Әбілдинов еншіледі.«Вокалды-аспаптық ансамбльдер» номинациясында Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық балалар музыка мектебінің өнерпаздары топ жарды.Жүлделі 2-орынды Түркістан қаласы № 28 мектеп лицейінің «Жігер» тобы иеленді. 3-орынға Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауылындағы Шоғы Мұнайлы атындағы № 5 жалпы білім беретін мектебінің  «Shogy этно-бэнд» тобы ие болды.Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Сарыөзек филилалы балалар студиясының хоры және армия генералы Сағадат  Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің «Қыран» тобы» «Көрермен көзайымы» сыйлығын иеленді.Талдықорған қаласындағы № 29 орта мектеп-лицейінің оқушысы Нұрсәт Қарақас «Патриотық әнді үздік орындағаны үшін» сыйлығымен марпатталды. Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 12740 әскери бөлімінің триосы «Үздік авторлық орындау» шеберлігімен ерекшеленді.Салтанатты жиын лауреаттардың қатысуымен өткен әсерлі гала-концертпен қорытындыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1120558?lang=kk
Астанада Әуе қорғанысы күштерінің ардагері Көпен Ахмадиевті мерейтойымен құттықтады 06.12.2025
Ұлттық әскери-патриоттық орталықта Әуе қорғанысы күштерінің тұңғыш бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Көпен Ахмадиевтің 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті.Мерейтой иесін құттықтауға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер, сондай-ақ туған-туыстары мен жақын достары келді.– Генерал Ахмадиев еліміздің Қарулы күштерін дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Оның кәсіби шеберлігі, қайсарлығы мен қызметке адалдығы жаңа буын әскери қызметшілер үшін әрдайым үлгі болып қала береді. Көпен Қабылқасымұлы сынды офицерлердің арқасында Қазақстанда заманауи әрі тиімді әуе қорғанысы жүйесі қалыптасты, – деді құттықтау сөзінде Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.Іс-шара барысында қатысушылар Көпен Ахмадиевтің қызмет жолын, жастық шағын, ұлттық Қарулы күштердің құрылу кезеңіне байланысты жарқын сәттерін еске алды. Әріптестері оның адамгершілігін, өзіне де, қарамағындағы қызметкерлерге де қатаң талап қоя білетінін, ұжымды біріктіріп, әрқашан алдыңғы шепте жүретін қайраткерлігін ерекше ықыласпен атап өтті.Өз тарапынан Көпен Қабылқасымұлы  жиналғандарға ризашылығын білдірді.– Бүгінгі қуанышты күні жанымнан осынша қымбат жандарды көру – мен үшін үлкен мәртебе. Құрмет пен қолдау, достық сипаттағы жылы сөздері – мен үшін ең үлкен сый. Сіздермен бірге қызмет етіп, армиямызды дамыту жолында үлес қосқаным үшін кеудемді мақтаныш кернейді, – деді ол.Көпен Ахмадиев – ұлттық әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің қалыптасуы мен дамуына тікелей үлес қосқан офицерлердің бірі. Ол Орджоникидзе қаласындағы Исса Плиев атындағы зенитті-зымыран училищесін және Маршал Г. К. Жуков атындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери командалық академиясын тәмамдаған. Кеңес әскері құрамында Қиыр Шығыста, Барнауыл мен Томскіде қызмет атқарған.1992 жылдың күзінде туған топырағына оралып, полк командирі, ӘШҚҚ әскерлерінің штаб бастығы, кейін Әуе қорғанысы күштері Бас штабының бастығы қызметтерін атқарды. 2001-2007 жылдар аралығында генерал-лейтенант Ахмадиев Әуе қорғанысы күштерін басқарды. Оның жетекшілігімен қару-жарақ пен әскери техниканы жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді, жауынгерлік және кәсіби дайындыққа қойылатын талаптар күшейді, халықаралық әскери ынтымақтастық жанданды. Дәл осы кезеңде Әуе қорғанысы күштері армияның ең даяр әрі технологиялық тұрғыдан жабдықталған құрылымдарының біріне айналды.Мемлекетке сіңірген еңбегі үшін Көпен Ахмадиев ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен және көптеген медальдармен марапатталған.Бүгінде отставкадағы генерал-лейтенант К. Ахмадиев әскери ғылым мен қорғаныс өнеркәсібін дамытуға белсенді атсалысып, мамандарға кеңес беріп, сарапшылық жұмыстарға қатысуды жалғастыруда. Жас офицерлерге бай тәжірибесін аямай бөлісіп, әскери ортада әрдайым сыйлы және беделді тұлға болып қала береді.Іс-шара мерекелік концертпен аяқталды. Жиналғандар Көпен Ахмадиевтің есімі еліміздің Қарулы күштері тарихында сөзі мен ісі үйлескен, өмірін Отанға қызмет етуге арнаған офицер ретінде құрметті орын алатынын тағы бір мәрте атап өттіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1120465?lang=kk
Астанада «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының үздік тәлімгерлері марапатталды 06.12.2025
Тәуелсіздік сарайында «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысының 2025 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге тапсырмалар қойылды.Іс-шараға Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева, Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев, қозғалыстың республикалық және өңірлік филиалдарының төрағалары, Қарулы күштер түрлерінің тәрбиеші офицерлері қатысты.Әділет полковнигі Т. Басқожаев жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге қосқан зор үлесі үшін филиал жетекшілеріне алғыс білдірді.– «Жас сарбаз» қозғалысы жастардың бойында тәртіптілік, жауапкершілік және мемлекетіміздің негізгі құндылықтарына құрмет сезімін қалыптастыратын маңызды алаңға айналды. Мұнда өскелең ұрпақ өздерін дамытуға, жинақы, батыл болуға, дұрыс шешім қабылдауға және қиындықтарды еңсеруге көмектесетін дағдыларды меңгереді. Бұл – білім беру ұйымдарының, әскери құрылымдардың және тәлімгерлердің жүйелі, әрі бірлескен жұмысының нәтижесі, – деді ол.Жылдық есеп барысында «Жас сарбаз» қозғалысының жас буынды тәрбиелеудегі маңызы артып келе жатқанын көрсететін деректер жарияланды. Бүгінде оның филиалдары 17 облыста және республикалық маңызы бар үш қалада жұмыс істейді. Ел бойынша 8 600-ден астам әскери-патриоттық ұйым қызмет атқарады. Ондағы клубтарда, «Жас сарбаз» сыныптары мен Smart sarbaz үйірмелерінде 286 мыңнан аса бала мен жасөспірім тәрбиеленуде.Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева биыл 16 шілдеде қабылданған «Әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қозғалыстың жұмысына жаңа серпін бергенін атап өтті.Әскери-патриоттық тәрбиені одан әрі жетілдіру мақсатында Қорғаныс министрінің төрағалығымен республикалық үйлестіру кеңесі құрылды. Оның құрамына орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары енген.Жыл қорытындысы бойынша қозғалыстың ең үздік өкілдері – Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Дәурен Шоматов, Түркістан облыстық филиалының төрайымы Аружан Шекербек және Smart sarbaz бағытының кураторы Олжас Самархан Қорғаныс министрінің атынан сағаттармен марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1120414?lang=kk
Қостанай облысында мал шаруашылығы саласының тұрақты дамуы байқалады. 06.12.2025
Бұл туралы брифингте Қостанай облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов мәлімдеді. Өсім шаруашылықтарды жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және мемлекеттік қолдаудың арқасында қамтамасыз етіліп отыр.2025 жылдың 1 қарашасындағы деректерге сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларының негізгі түрлерінің саны артқан.Он айдың қорытындысы бойынша облыста 53,4 мың тонна ет, 205,7 мың тонна сүт және 319 млн дана жұмыртқа өндірілді. Әсіресе сүт өндірісі 2024 жылмен салыстырғанда 9,4% өскені атап өтілді.Өңірде 17 ірі сүт-тауарлы ферма жұмыс істейді, сондай-ақ етті бағыттағы мал шаруашылығы, жылқы шаруашылығы, қой өсіру, шошқа және құс шаруашылығы дамуда. Жалпы қуаттылығы 38 мың басқа арналған бордақылау алаңдарының жұмысы жалғасуда. Сонымен қатар, ет экспорты артып, жыл басынан бері 2300 тоннадан астам өнім сыртқа жөнелтілген.Соңғы екі жылда салаға 20 млрд теңге инвестиция салынып, осы қаражат есебінен жылына 40 мың тоннаға жуық сүт өндіруге мүмкіндік беретін бес сүт-тауарлы ферма салынды және іске қосылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1120403?lang=kk
Астанада Мұхтар Алтынбаевтың 80 жылдығына арналған конференция өтті 06.12.2025
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде Халық қаһарманы армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың өмірі мен қызмет жолына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті.Оған әскери ғылым өкілдері, профессорлық-оқытушылар құрамы, университеттің докторанттары мен магистранттары, Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.Конференцияда алғаш сөз алған ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков Мұхтар Қапашұлының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан әскерінің қалыптасуындағы рөлін атап өтті.– Ел үшін ең қиын кезеңде ол үлкен жауапкершілікті өз мойнына алып, Қазақстан әскерінің негізін қалауға белсенді түрде атсалысқан тұлғалардың бірі болды. Оның әскери еңбегі мемлекет тарихымен тығыз байланысты, – деді генерал-майор А. Мұстабеков.Конференция барысында мерейтой иесінің жас кезіндегі шахтерлік жолы, оқу жылдары мен ұшқыштық мансабы туралы баяндамалар тыңдалды. Сондай-ақ, Мұхтар Алтынбаевтың елдің қорғаныс саясатын қалыптастыруға, әскери кадрларды даярлау жүйесін реформалауға, қауіпсіздік пен халықаралық әскери ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға қосқан үлесіне ерекше назар аударылды.Ұлттық қорғаныс университетінің жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс кафедрасының бастығы отставкадағы генерал-майор Мүсілім Дайыров өз сөзінде армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың әскери жолын терең зерттеу жас офицерлер үшін өзіндік тәлім мектебі бола алатынын атап өтті.Кездесу соңында генералдың мұрасын зерттеу жөніндегі ұсыныстар көтеріліп, олардың жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге және азаматтық құндылықтарды қалыптастыруға негіз болатыны айтылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1120402?lang=kk
Қазақстан авторлық құқық және ұжымдық басқаруды цифрландыру саласында халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп келеді 05.12.2025
Женева, 2025 жылғы 1–5 желтоқсан аралығында — Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Авторлық құқық және сабақтас құқықтар жөніндегі тұрақты комитетінің (АҚТК) 47-сессиясына қатысып, ашылу рәсімінде сөз сөйледі. Вице-министр ДЗМҰ басшылығына жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастырғандары және Қазақстанда зияткерлік меншік саласында жүзеге асырылып жатқан реформаларды қолдағандары үшін алғысын білдірді.Қазақстан делегациясы сессияға қатысушыларға елде жүргізіліп жатқан ұлттық реформалар жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда, құқықтарды ұжымдық басқару жүйесінің ашықтығын, есептілігін және тиімділігін арттыруға арналған Біртұтас цифрлық платформаны (БЦП) іске қосу барысы таныстырылды. Сонымен қатар бұл платформа ұжымдық басқару саласындағы заманауи цифрлық тетіктер мен ашықтықты арттыруға қызығушылық танытқан халықаралық кәсіби ұйымдарға да ұсынылды.ДЗМҰ алаңында Индонезия Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасарымен, сондай-ақ Бразилия мен Сауд Арабиясының өкілдерімен бірқатар кездесулер өтті. Тараптар авторлық құқық саласындағы цифрландырудың өзекті бағыттарын, ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін және цифрлық ортада сыйақыны әділ бөлуге қатысты халықаралық тетіктер әзірлеу жөніндегі Индонезия ұсынған бастаманы талқылады.ДЗМҰ басшылығымен келіссөздер  жүргізілді.ДЗМҰ Бас директорының орынбасары Сильви Форбенмен өткен кездесуде Қазақстанның құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдарын цифрландыру бағытындағы тәжірибесі ұсынылды. Форбен ханым елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың өзектілігін атап, жобаның әрі қарай жалғасуына қызығушылық білдірді. Ол бастаманың жаңашылдығын және оның халықаралық кәсіби орта үшін ерекше маңызды екенін баса айтты.Сонымен қатар өтпелі экономикасы бар елдер департаментінің директоры Хабип Асан, Application Incubator директоры Гленн Макстравик және авторлық құқық бойынша аға сарапшы Мишель Алиенмен бірқатар жұмыс кездесулері ұйымдастырылды. Кездесулер барысында ынтымақтастықтың өзекті бағыттары мен ДЗМҰ-ның технологиялық бастамалары, соның ішінде жасанды интеллектті пайдалану және тауар белгілерін сараптаудағы заманауи тәсілдер қарастырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/1120104?lang=kk
«Жас сарбаз» балалар студиясының тәрбиеленушісі «Голос. Дети» байқауында үшінші орын алды 05.12.2025
Алматылық 12 жастағы Жасмина Түзелова Мәскеуде өткен шоудың он екінші маусымында «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының атынан өнер көрсетті.Бір күнде өткен финал екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде Жасмина 1973 жылы түсірілген «Бегство мистера Мак-Кинли» фильміне жазылған Владимир Высоцкийдің «Прерванный полет» әнін тебіренте орындады. Жас әншіге мұндай терең әрі күрделі шығарманы сеніп тапсыруы – оның өнеріне деген зор сенімнің белгісі.Суперфиналға шыққан үш қатысушының қатарында Жасмина да болды. Ол «Приключения Электроника» фильміндегі «Крылатые качели» әнін шырқады.– Қызым үшін өте қуаныштымын. Еңбегіміздің жемісін көрдік. Қолдау білдірген баршаңызға алғыс айтамын, – деді әншінің анасы, кәсіби музыкант Гүлзия Өтеева.Анасының айтуынша, Жасминаның музыкалық қабілеті төрт жасында-ақ байқалған. Ол «Балапан» арнасындағы әндерді дәл нотаға түсіріп айтып, ерекше таза да кең даусымен көзге түскен.Биыл Жасмина Орталық әскери оркестр мен Орталық ансамбль құрамында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған XVII Халықаралық «Спасск мұнарасы» әскери-музыкалық фестиваліне қатысқанын айта кетейік. Мәскеудің Қызыл алаңында ол «Әлия» әнін айтып, көрерменді өнерімен тәнті еткен болатын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1119965?lang=kk
ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова Жетісу облысында жұмыс сапарымен болды 05.12.2025
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова жұмыс сапарымен Жетісу облысына барып, сапар барысында сауда инфрақұрылымы нысандарын аралап, бизнес өкілдері мен өңір тұрғындарымен кездесті.Сапар барысында Айжан Бижанова Талдықорған қаласындағы көкөніс сақтау қоймаларын аралады. Бүгінде өңірде 10 көкөніс қоймасы жұмыс істейді. Олардың бірі – 2024 жылы іске қосылған ірі қойма, оны вице-министр арнайы барып көрді. Қазіргі уақытта онда 1200 тонна жергілікті картоп сақталады, бұл өңірдің азық-түлік балансын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.Сонымен қатар, облыста әр сенбі сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі. Бұл тұрғындарға өнімдерді өндірушілерден тікелей қолжетімді бағамен сатып алуға жағдай жасайды.Нысандарды аралау барысында Бижанова әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сақтау және олардың қолжетімділігі, баға белгілеу, логистика және өңірлік азық-түлік балансын қамтамасыз ету мәселелерін талдады.Кәсіпкерлермен және қоғам өкілдерімен өткен кездесуде ішкі сауданы дамыту, бизнеске көрсетілетін қолдау шаралары, баға тұрақтандыру тетіктері, отандық тауарлар үшін сөре кеңістігін қамтамасыз ету, жалдау шарттары және өндірушілердің сауда желілерімен өзара іс-қимылы сияқты өзекті мәселелер қарастырылды.Бірінші вице-министр Қазақстан мен Жетісу облысындағы сауда саласының өзекті көрсеткіштерін таныстырып, өңірдің төмен тауар айналымына, сауданың заманауи форматтарын кеңейтуге, мемлекеттік қолдау құралдарын енгізуге, ішкі нарықты қорғау және өңделген тауарлар экспортын ілгерілету шараларына тоқталды.Айжан Бижанова министрлік отандық өндірушілерді қолдау, халық үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыру және ішкі нарықтағы барлық қатысушылар үшін тең жағдай жасау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыратынын атап өтті.Жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен кездесуде Айжан Бижанова өңірдегі өндірушілер туралы деректерді, өнім көлемін, инвесторларды тарту және экспорт мүмкіндіктерін көрсететін өңірлік кен орындары мен өндірістік кәсіпорындардың картасын әзірлеудің маңыздылығына ерекше назар аударды. Сондай-ақ логистикалық инфрақұрылымды дамыту, зертханалар ашу мүмкіндігі, Жетісу облысының тауар айналымын ұлғайту және «Қорғас» ШЫХО арқылы Қытаймен тығыз байланыс орнату қажеттігін атап өтті.Кездесу қорытындысы бойынша Бірінші вице-министр кәсіпкерлер мен тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, ашық диалогтың және өңірлік даму мәселелерін бірлесіп шешудің маңыздылығын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1119877?lang=kk
ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев адвокатура күніне орай адвокаттық қоғамдастық өкілдерін марапаттады 05.12.2025
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев 2023 жылдан бастап адвокатура күні ресми мәртебеге ие болғанын және содан бері адвокатура институтын нығайтуға және құқық үстемдігі қағидаттарын ілгерілетуге ықпал ететін маңызды оқиға болғанын атап өтті. Ол марапатталған адвокаттардың білікті заң көмегін көрсету жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлестерін және олардың кәсіби қызметінің маңыздылығын атап өтті.Шарада ҚР Президентінің 2025 жылғы 4 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес ерекше Кәсіби жетістіктері мен адвокаттық жүйені жетілдіруге қосқан үлесі үшін:«Құрмет» орденімен - Умарова Айсулу Каировна;«Ерен еңбегі үшін» медалімен - Махышев Сакен Турганович, Жанкобаев Русланбек Жексембаевич, Адильбекова Данипа Медетовна марапатталды.Сонымен қатар, бірқатар адвокатура өкілдеріне ведомстволық наградалар табысталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/1119667?lang=kk
Астанада Халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаевтың 80 жылдығына арналған әскери-патриоттық акция өтті 05.12.2025
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасы «ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері» РҚБ төрағасы Халық қаһарманы армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың мерейтойына арналған «Дала қыранының даңқты жолы» акциясын ұйымдастырды.Оған Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи, Қарулы күштердің ардагерлері, профессор-оқытушылар құрамы және ЖОО әскери кафедрасының студенттері қатысты.«Покоритель высот» деректі фильмінің кадрлары Қазақстан Қарулы күштерінің қалыптасуы мен дамуына баға жетпес үлес қосқан әскери қолбасшының өмір жолы мен кәсіби қызметі туралы баяндады.Іс-шараны ашқан запастағы подполковник Әбубәкір Смайылов Мұхтар Алтынбаевтың тұлғасы офицер абыройының, рухының және мемлекетке жанқиярлықпен берілгендігінің жарқын үлгісі екенін атап өтті.– Осындай шаралар жастардың бойында дұрыс бағдарларды қалыптастырады. Олар бейбітшілік пен тәуелсіздіктің бағасын түсінуге, ұрпақтар байланысын нығайтуға және Отан алдындағы борыштың қандай болатынын сезінуге ықпал етеді, – деп атап өтті депутат Е. Бапи.Мұхтар Қапашұлымен алғашқы кездесу және бірлескен қызмет туралы естеліктер туралы ЕҰУ әскери кафедрасының бастығы генерал-майор Еділ Оразов пен Астана қаласы «ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері» филиалының төрағасы авиация генерал-майоры Алсай Жұманов айтып берді.Мерейтой иесінің болашақ Отан қорғаушыларға арнаған сөзін арнайы даярлық циклінің бастығы полковник Тұрдалы Тұрғымбаев оқып берді. Онда аты аңызға айналған әскери қолбасшы Отанға қызмет ету мамандық таңдау ғана емес, халық пен мемлекет алдындағы жауапкершілікті табандылықпен, тәртіппен және терең санамен алып жүретін абыройлы іс екенін айтты.Оның арнауына ЕҰУ әскери кафедрасының студенті Дильназ Серікова жауап берді. Ол генерал Мұхтар Алтынбаевтың өмір жолы жастарға адамгершілік және кәсіби бағдар екенін атап өтті. Студент Асхат Айдар Мұхтар Алтынбаевқа арналған өлеңін оқыды.Салтанатты шараның соңында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Жүнісов «Егемен Қазақстан» әнін орындады.Өткізілген акция ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және жастарды Отан алдындағы жоғары жауапкершілік рухында тәрбиелеуге ықпал етері сөзсіз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1119635?lang=kk
Қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарында мыңнан астам қауіпті затты жойды 05.12.2025
БҰҰ миссиясы құрамында қызмет ететін бөлінуді бақылау жөніндегі Қазақстан контингентінің инженерлік-саперлік тобы аумақты қауіпті заттардан тазалау бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде. Осы жылдың сегіз айында бітімгерлер 32 жедел тапсырманы орындап, мыңнан астам қауіпті затты, оның ішінде 23 қолдан жасалған құрылғыны тауып, жойды. Бұл көрсеткіш алдыңғы ротация жұмысына қарағанда екі есе артық.Бұған дейін 14 жедел тапсырманы орындау барысында саперлер 500-ден астам қауіпті затты және 6 қолдан жасалған құрылғыны жойған болатын. Бұл қазақстандық бітімгерлер жұмысы тиімділігінің артқанын айқын көрсетеді.Инженерлік-саперлік топ командирі майор Ернар Амантайұлының айтуынша, жарылмаған оқ-дәрілердің көпшілігі елді мекендерге жақын жерде табылған және олар бейбіт тұрғындардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндірген.– Қауіпті заттардың орналасқан жері туралы ақпарат БҰҰ қызметкерлерінен, патруль құрамынан және кейде жергілікті тұрғындардан келіп түседі, – деді ол. – Хабар түскен соң оқиға орнына шығып, бақылау жасап, заттарды жою кезінде туындайтын ықтимал қауіптерді бағалаймыз. Барлық іс-қимыл инфрақұрылымға зиян келтірмеу мақсатында жүргізіледі.Саперлерге көбінесе артиллериялық және танк снарядтарымен, танкіге және жаяу әскерге қарсы миналармен, дрондардың оқтұмсықтарымен, сондай-ақ қолдан жасалған жарылғыш құрылғылармен жұмыс істеуге тура келеді. Бұл заттардың барлығы Сирия аумағындағы қарулы қақтығыстардың салдары, және миссияның жауапкершілік аймағында олардың саны әлі де жетіп артылады.Дегенмен, қазақстандық контингенттің кәсіби жұмысы бейбіт тұрғындарға төнетін қауіп деңгейін айтарлықтай төмендетіп, БҰҰ жауапкершілік аймағында қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етіп келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1119468?lang=kk
Әскер спортшысы Бейбарыс Қабылан таеквондодан әлем чемпионы атанды 04.12.2025
ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының қызметшісі Бейбарыс Қабылан Кенияның астанасы Найробиде өткен таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын олжалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскер спортшысын тарихи жеңісімен құттықтады. Ел Президенті Бейбарыс Қабылан жекпе-жектің осы түрінен әлем біріншілігінің алтынын жеңіп алған алғашқы қазақ екенін атап өтіп, спортшыға жаңа биіктерді бағындыруды тіледі.Жеңіс жолында 87 келіден астам салмақта Армия орталық спорт клубының спортшысы төрт мәрте жекпе-жек өткізді. Ол Үндістан мен түркиялық қарсыластарынан басым түсіп, жартылай финалда ирандық Амирмохаммад Ашрафиді 2-1 есебімен жеңді. Осылайша турнирдің шешуші кезеңіне шықты.Финалда қазақ жауынгері Оңтүстік Кореядан келген спортшы Ян Чжуненді жеңді. Жарыстың барлық кезеңінен мүдірмей өткен Бейбарыс Қабылан өзінің мықты екенін дәлелдеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1119402?lang=kk
Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Израиль Елшісін қабылдады 04.12.2025
Астана, 2025 жылғы 4 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Израиль Мемлекетінің Елшісі Йоав Быстрицкиді қабылдады.Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары мен алдағы биік және жоғары деңгейде жоспарланған іс-шаралар кестесі талқыланды.Сонымен қатар тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1119394?lang=kk
Астанада «Жас сарбаз» қозғалысының қызмет нәтижелері мен ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктері талқыланды 04.12.2025
Ұлттық әскери-патриоттық орталықта «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер қозғалысы филиалдарының қызмет нәтижелерін қорытындылап, жаңа кезеңге арналған міндеттерді айқындаған оқу-әдістемелік жиын өтті.Қорытынды іс-шараға Қорғаныс, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ қозғалыстың республикалық және өңірлік филиалдарының төрағалары қатысты.Жиында Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті бастығының орынбасары полковник Виталий Адамович, Әскери білім және ғылым департаментінің өкілі майор Людмила Перякина сөз сөйледі. Талқыланып отырған тақырып бойынша Оқу-ағарту министрлігінің тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті басқармасының басшысы Сауле Әпетова, Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің ведомствоаралық үйлестіру және өңірлік өзара іс-қимыл басқармасының басшысы Мәнсия Есекеева өз көзқарастарын білдірді.Тараптар орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің өңірлердегі қозғалыс филиалдарымен өзара іс-қимыл жасау қажеттігін атап өтті.Жылдың маңызды оқиғаларының бірі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның қабылдануы болды. Кездесу қатысушылары бұл нормативтік-құқықтық акт әскери-патриоттық бағдарламаларды іске асыруды жаңа деңгейге көтеретінін айтты.Есептік кездесуде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы бастығының атынан ведомство өкілдеріне алғыс хаттар табыс етті.Оқу-әдістемелік жиын аясында жастар арасында жоғары патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға және отансүйгіштік сезімін арттыруға бағытталған жаңа жұмыс түрлерін енгізу бойынша тренингтер мен сабақтар өткізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1119377?lang=kk
Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылуы талқыланды 04.12.2025
Қызылорда облысында Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы қаралды. Жиында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков жобаның негізгі бағыттары мен атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.Қызылорда облысында 447 мыңға жуық тұрғын (53%) ауылдық жерлерде тұрады. Жоба басталғалы бері ауылдарда 782 жоба жүзеге асырылып, 1,1 мың жұмыс орны ашылды. Биылға 5,5 млрд теңге бөлінді. Әсіресе өнімді өндіруден бастап өткізуге дейін толық циклмен жұмыс істейтін қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдауға басымдық беріліп отыр.2026–2028 жылдары ауылдарды дамыту жұмыстарын одан әрі күшейту үшін жалпы 450 млрд теңге бөлу жоспарланған. Оның 21,2 млрд теңгесі Қызылорда облысына тиесілі. Аталған қаражат есебінен 1 мыңнан аса жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл өңірдің ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті кеңейту мен кооперацияны дамытуға зор әлеуеті бар екенін көрсетеді.Жиында кооперативтерді басым бағыт ретінде қолдау мәселесі де жеке қаралды.«Мемлекет басшысы жақында өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында ауыл экономикасының тұрақты дамуы тікелей кооперативтердің тиімді жұмысына байланысты екенін атап өтті. Кооперативтерді құру процесі еліміз бойынша белсенді жүргізілуі тиіс, ал облыс әкімдіктерінің үйлестіру жұмысы қатаң бақылауда болуы қажет», — деді Қанат Бозымбаев.Вице-премьер Ауыл шаруашылығы министрлігіне Ұлттық экономика министрлігімен және облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, екі апталық мерзімде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды ынталандыруға бағытталған қажетті шараларды пысықтауды тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1119226?lang=kk
Қазақстан Қарулы күштерінде Sarbaz+ жобасы іске қосылды 04.12.2025
Алматы облысындағы Әуе қорғанысы күштерінің 78460 әскери бөліміне Sarbaz+ пилоттық жобасы шеңберінде мерзімді әскери қызмет өткеретін алғашқы әскерге шақырылғандар легі келді.Жоба жауынгерлік және арнайы даярлықтың жаңартылған тұжырымдамасын іске асыруды көздейді. Қорғаныс министрлігінің аталмыш бастамасы мерзімді қызмет кезінде IT, телекоммуникация және ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды басқару сияқты сұранысқа ие салаларда азаматтық мамандықтар алуға мүмкіндік береді.Бастама әскери қызметті кәсіптік оқытуды, цифрлық шешімдерді, медициналық мониторинг жүйесін және бос уақытты сапалы ұйымдастыруды біріктіруді көздейді. Бұл ерекшеліктер әлеуметтік қолдаудың маңызды элементіне айналып, әскер мектебінен өткен жас қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.Әуе қорғанысы күштерінің 78460 әскери бөлімінде заманауи тұрмыстық және оқу жүйесі енгізілді. Осындай жаңалықтардың бірі фитнес білезіктерін қолдану арқылы әскери қызметшілерді медициналық бақылау болды.– Бізде сарбаздарға заманауи оқу базасынан жақсартылған инфрақұрылымға дейінгі барлық қажетті жағдай жасалған, – деп түсіндірді 78460 бөлім командирінің орынбасары подполковник Бақытжан Сейтов. – Бұл біздің жастардың жеке және кәсіби әлеуетіне салынған инвестициялар.Әскерден кейін сарбаздар армиядан азаматтық өмірде пайдалы болатын білім мен дағды алып шығады. Бұл бағдарлама біліктілігін арттыратын мерзімді қызмет сарбаздарын, офицерлер мен сержанттар құрамын қамтиды.Биыл қазан айында Sarbaz+ пилоттық жобасы аясында әскери бөлімде жеке құраммен тәрбие жұмысына жауапты офицерлер мен сержанттар үшін қарқынды курстар өтті.Қорғаныс министрлігінің жобасы әскери қызметшілерді жан-жақты дамытуға және әлеуметтік бейімдеуге бағытталған инновациялық дайындық моделіне көшуді білдіреді. Егер ол сәтті іске асырылса, мерзімді қызметтің бұл моделі ел Қарулы күштерінің барлық бөлімшелерінде кезең-кезеңімен енгізілетін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1119583?lang=kk
Сауда министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесін кеңейту туралы бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды 04.12.2025
ҚР Сауда және интеграция министрлігі «Ашық НҚА» порталында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 11 мамырдағы №166-НҚ «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы» бұйрығына өзгеріс енгізу жөніндегі бұйрық жобасын жариялады.Бұйрық жобасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қазіргі тізбесін кеңейту көзделген. Бұған дейін тізбеде 19 атау болса, жаңа жобада олардың санын 33-ке дейін арттыру ұсынады.Бұйрық жобасына сәйкес жаңартылған тізбеге қызанақ, қияр, алма, сиыр еті сүйегімен, сүйексіз сиыр еті, тартылған ет, қой еті сүйегімен, жаңа немесе салқындатылған балық, мұздатылған балық, ультрапастерленген сүт, қаймақ, қатты ірімшік, қара шайды қосу көзделген. Әр позиция бизнес қауымдастықпен, кәсіпкерлер палатасымен және мемлекеттік органдармен қосымша талқылаудан өтеді.Тізбені уақытша кеңейтудің негізгі мақсаты – халықтың күнделікті тұтынатын басты азық-түлік өнімдеріне қолжетімділігін арттыру және олардың бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету.ӘМАТ тізбесін кеңейту – уақытша қолданылатын шара. Ол аталған тауарлардың бағасын қалыптастыру үдерісінің ашықтығын арттыруға және жоғары үстеме баға қоятын өнімсіз делдалдарды айналымнан шығаруға бағытталған. Бұл өзгерістер аталған тауарларды өндірушілер үшін өндіріс көлемін ұлғайту мен өндіріс қуатын кеңейтуге қосымша ынталандыру болады.Тауарлардың ӘМАТ тізбесіне енгізілуі өндірушілер мен импорттаушыларды сауда желілеріне сыйақы мен ретробонустар төлеу міндетінен босатады. Бұл өз кезегінде тауарлардың түпкілікті бағасын төмендетуге және бизнестің қаражаттын өз қызметін дамытуға бағыттауына мүмкіндік береді.Тізбеге енгізілген тауарларды өндірушілер мемлекеттік қолдаудың бірқатар шараларына, мәселен әлеуметтік маңызы бар тауарларды жеңілдетілген тарифпен тасымалдау, коммуналдық қызметтер бойынша бекітілген тарифтер, жеңілдетілген айналым қаражаты және өзге де қолдау құралдарына қол жеткізе алады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ұсынылып отырған тізбесі:1. Бірінші сұрыпты бидай ұны2. Бірінші сұрыпты бидай ұнынан жасалған бидай наны (пішінді)3. Рожки (өлшеніп салынатын)4. Қарақұмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын)5. Тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын )6. Картоп7. Ас сәбізі8. Пияз9. Ақ қауданды орамжапырақ10. Қызанақ11. Қияр12. Алма13. Қант – құмшекер14. Күнбағыс майы15. Сүйегі бар сиыр еті16. Сүйексіз сиыр еті17. Тартылған ет18. Сүйегі бар қой еті19. Сүйегі бар жылқы еті20. Жаңа ауланған немесе салқындатылған балық (таран, теңге балық, көксерке, шортан, сазан, ақсақа)21. Мұздатылған балық (көксерке, минтай, хек, камбала, скумбрия, сазан)22. Тауық еті (жамбасы, сирақ, тауық сан еті)23. Тауық24. 2,5% майлылықтағы жұмсақ қаптамадағы пастерленген сүт25. Ультрапастерленген, стерилденген сүт26. 2,5% майлылықтағы айран27. Қаймақ28. 5–9% майлылықтағы сүзбе29. Қатты ірімшік30. Сары май (тұзсыз, кемінде 72,5% майлылық, қоспасыз және өсімдік майларынсыз)31. Тауық жұмыртқасы (I санат)32. Қара шай33. Ас тұзы («Экстра» санатынан басқа)Сауда және интеграция министрлігі барлық мүдделі азаматтарды, бизнес өкілдерін және сарапшыларды «Ашық НҚА» порталындағы бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға белсенді қатысуға шақырады:https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15715467Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1118845?lang=kk
Алматы облысының делегациясы Ресейдегі 30-шы Халықаралық орман форумына қатысуда 04.12.2025
Алматы облысының делегациясы өңір әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлының жетекшілігімен Ресей Федерациясының Вологда облысына жұмыс сапарымен барып, «Ресей орманы» атты мамандандырылған көрмемен қатар өтіп жатқан 30-шы Халықаралық орман форумына қатысуда.Бұл форум – орман шаруашылығы саласындағы ең ірі халықаралық алаңдардың бірі. 2025 жылы шараға Ресейдің 22 өңірі, сондай-ақ Қытай, Беларусь және Қазақстан делегациялары қатысып отыр. Елдің ағаш дайындау мен терең өңдеу саласындағы жетекші өңірлерінің бірі саналатын Вологда облысы биыл да ауқымды салалық диалогтың ұйымдастырушысы болды.Сапар барысында қазақстандық делегация Вологда облысы Үкіметінің төрағасы Александр Мордвиновпен кездесу өткізді. Тараптар орман өнеркәсібі мен агропром кешеніндегі ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мәдениет, туризм және спорт салаларындағы өзара әрекеттестікті талқылады.Келіссөздердің негізгі нәтижесі – Вологда облысы Үкіметі мен Алматы облысы әкімдігі арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою болды. Құжат екі өңір арасындағы ұзақ мерзімді серіктестіктің негізін қалайды және бірлескен жол картасын әзірлеуге мүмкіндік береді.Бақытнұр Бақытұлы өз сөзінде форумның маңызын атап өтті:«Форум жылдар бойы саланың стратегиялық бағытын анықтайтын ең беделді халықаралық алаңдардың біріне айналды. Бұл жерде орман шаруашылығының дамуы, ормандарды қорғау, қалпына келтіру, жаңа технологияларды енгізу, саланы цифрландыру сияқты өзекті мәселелер талқылануда. Бұл тақырыптар Алматы облысы үшін де ерекше маңызды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 12 қарашада Мәскеуде сөйлеген сөзінде: «Ресей мен Қазақстан ынтымақтастығының ауқымы ерекше. Біз байланыспайтын бірде-бір сала жоқ», – деген болатын. Бұл сөздер біздің әріптестіктің рухы мен мазмұнын толық көрсетеді», – деді облыс әкімінің орынбасары.Алматы облысы да Вологда секілді орман қоры мол аймақ саналады және табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, экологиялық тұрақтылықты нығайтуға басымдық береді. Осы тұрғыда қол қойылған меморандум сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-мәдени байланыстарды дамытуға ерекше серпін бермек.Аймақтар арасындағы ынтымақтастық көрсеткіштері де оң динамиканы байқатады. 2025 жылдың 9 айында Алматы облысы мен Ресей Федерациясының тауар айналымы 745 млн АҚШ долларын құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,3%-ға артты (576 млн доллар). Облыста Қазақстан-Ресей капиталы бар 77 кәсіпорын және ресейлік капиталдың қатысуымен 216 кәсіпорын жұмыс істейді.Өңірдің орман және ағаш өңдеу салалары да өсім көрсетіп отыр. 10 ай қорытындысы бойынша қағаз және қағаз өнімдерін өндіру көлемі 46 млрд теңгеге жетіп, физикалық көлем индексі 125,9% болды. Бұл бағытта «ИНТЕЛЛСЕРВИС» және «KZ Recycling» компаниялары табысты еңбек етуде. Ал жиһаз өндірісі 22,3 млрд теңгені құрады (ИФО — 87,8%). Басты өндірушілер қатарында «КПК ZETA» және «Асар құрылыс» ЖШС-нің жиһаз цехы бар.Бақытнұр Бақытұлы форум ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп:«Халықаралық сарапшылар қауымдастығын дамытуға қосқан үлес үшін форумға қатысушыларға ризашылығымды білдіремін. Биылғы форум нәтижелері екі өңірдің орман шаруашылығы саласын дамытуға зор үлес қосады деп сенемін», – деп атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1118792?lang=kk
Серік Жұманғарин Азия даму банкінің Орталық және Батыс Азия бойынша бас директорымен кездесті 04.12.2025
Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Азия даму банкінің (АДБ) Орталық және Батыс Азия бойынша бас директоры Лея Гутьерреспен кездесті.Серік Жұманғарин Лея Гутьерресті жылы қарсы алып, осы жылғы шілдеде қызметке тағайындалуымен құттықтады. Ол 1994 жылдан бері жалғасып келе жатқан көпжылдық әріптестіктің маңызын атап өтті.«Азия даму банкі біз үшін стратегиялық әріптес. Ынтымақтастық кезеңінде Банк көлік, энергетика, ШОБ, цифрлық даму, әлеуметтік бірқатар маңызды жобаны қаржыландырды. Бүгінгі кездесу әріптестігімізді одан әрі нығайтуға, жаңа перспективалық бастамаларды жүзеге асыруға ықпал ететініне сенімдіміз. АДБ-ның Қазақстан бойынша 2023–2027 жылдарға арналған елдік стратегиясының негізгі басымдықтары біздің ұлттық басымдыққа толық сәйкес келетінін атап өткім келеді. Қазақстан бұдан әрі де осы стратегияны тиімді жүзеге асыруды қолдамақ», — деді ол.Ынтымақтастық орнаған сәттен бастап АДБ Қазақстанға техникалық көмек пен грант түрінде $7 млрд-тан аса қарыз берді.Өз тарапынан Лея Гутьеррес қазақстандық тарапқа сындарлы диалог үшін алғыс білдіріп, АДБ Жарғысына түзету бойынша дауыс беру кезінде Қазақстанды қолдаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Қажетті дауыс беру шегіне жетудің нәтижесінде түзету Банктің кредиттеудің жиынтық көлемін 50%-ға — $36 млрд-тан асыруға мүмкіндік береді. Оның айтуынша, бұл шешім АДБ-ның дамушы мүше елдердің дамудағы басым міндеттерін шешудегі күш-жігерін қолдауды едәуір кеңейтеді.«Біздің ынтымақтастығымыздың барысында 1994 жылдан бастап АДБ Қазақстанға $7 млрд-тан көп қаражат берді. Біз дәстүрлі бағытта да, жаңа секторда да әріптестікті одан әрі арттыруға сенеміз», — деп атап өтті ол.Ол сондай-ақ биыл АДБ стратегиялық материалдардың құн тізбегін қолдауға арналған аса маңызды минералдар саласындағы жаңа саясатты жүзеге асыруға кіріскенін хабарлады. Банк осы салада тұрақты әлеуеті бар Қазақстандағы жаңа жобаларды зерделеуге дайын.Вице-премьер сондай-ақ Қазақстан Үкіметі АДБ, ЕАДБ, ЕҚДБ және Дүниежүзілік банкті қосқанда, халықаралық қаржы ұйымдарының үздік әлемдік тәжірибесі мен ұсынымдарын ескере отырып, МЖӘ туралы заңнаманы жетілдіруде жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.Соңында тараптар көлік және өнеркәсіптік инфрақұрылымда, технологияда, энергетикада, сыни материалдар саласында, тұрғын үй құрылысында және басқа да сектордағы ынтымақтастықтың ағымдағы және перспективалық бағытын талқылады.Анықтама:Азия даму банкі (АДБ) – 69 мүше елден тұратын көпжақты даму қаржы институты. Оның 50-і Азия-Тынық мұхиты аймағында және 19-ы одан тыс жерде орналасқан. Қазақстан 1994 жылғы 19 қаңтарда АДБ мүшесі болды. АДБ-ның негізгі құралдары нақты жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру үшін мүше елдердің үкіметтері мен жеке секторына берілетін қарыздар, гранттар, техникалық көмек. 1994–2024 жылдар аралығындағы АДБ-ның Қазақстандағы инвестициялық жобалар мен техникалық көмекті қаржыландыру көлемі $7 млрд-тан асады.https://primeminister.kz/news/serik-zumangarin-ortalyk-zane-batys-aziia-boiynsa-aziia-damu-bankinin-bas-direktorymen-kezdesti-30810 Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1118779?lang=kk
Астанада мамандар әскери қызметшілердің психологиялық жай-күйі мәселелерін талқылады 04.12.2025
Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен дөңгелек үстел басында психологтар, дәрігерлер және Қорғаныс министрлігінің өкілдері – әскери қызметшілердің психологиялық күйі жайында айтты. Талқылауға Владимир Савкин бастаған әлеуметтік психотерапевтер қауымдастығының мамандары, «Авиценна» медициналық ақпараттық жүйесін әзірлеушілер, әскери психологтар және Қорғаныс министрлігінің бейінді департаменттерінің қызметкерлері қатысты.Қауымдастық президенті Владимир Савкин қазіргі уақытта олар бар проблемаларды анықтауда, әсіресе, әскер ортасының ерекшеліктерін және әскери ұжымдардағы қарым-қатынастарды зерделеп жатқанын мәлімдеді. Сарапшының айтуынша, қауымдастықтың негізгі міндеті – Қарулы күштердің психологиялық қызметтерінің мамандарын диагностиканың, суицидке дейінгі жағдайларды, ойынға тәуелділікті және басқа да зиянды тәуелділікті анықтау әдістеріне үйрететін алдын алу жұмыстарын жүргізу.– Бүгінгі таңда дағдарыстық жағдайларға әрекет етіп қана қоймай, оны алдын алу да маңызды. Сондықтан әскери психологтарды мазасыздықты, депрессияны және суицидке бейім мінез-құлық белгілерін ерте анықтау құралдарына үйретуге ерекше назар аударылады, – деп атап өтті ол.Тек 2025 жылғы күзгі шақыру кезінде психологтар жаңа PSY-РИСК әдісін қолдана отырып, әскери қызметке жіберілмеген және қосымша психиатриялық тексеруге жіберілген 700 әскерге шақырылушыны анықтады. Қызметтің алғашқы алты айы әскерге жаңадан келгендер үшін ең күрделі кезең. Әдеттегі ортаның күрт өзгеруі, қатаң режим, ерлер ұжымында өмір сүру – мұның бәрі бейімделуге уақытты қажет етеді. Кездесуге қатысушылардың айтуынша, отбасы қолдауының да атқаратын рөлі зор: командирлер ата-аналарымен байланыста болған кезде және қиындықтар туралы уақытында хабарланса, сарбаздар да әскери қызмет жағдайына оңай бейімделеді.Психиатриялық көмек көрсету тәртібі, бағыттау және психологтар, дәрігерлер мен командирлер арасындағы бірлескен іс-әрекет те отырыс барысында талқыланды. Барлық қатысушы қандай да бір мазасыздық неғұрлым тез байқалса, адамға бірден көмектесуге және ауыр зардаптардың алдын алуға болады десті.«Авиценна» компаниясы цифрлық шешім – жеке құрамның психологиялық мониторингі жүйесін ұсынды. Оны екі бөлікте сынап көру жоспарланып отыр. Жүйе әскери қызметшілердің жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға және уақытында қолайсыздық белгілері байқалғанда дабыл беруге мүмкіндік береді.Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар психологиялық даярлық бағдарламаларын кеңейтуге, көмекті қолжетімді етуге және әрбір әскери қызметшінің өз жағдайын бақылап отырғанын және көмектесуге дайын екенін сезінуі үшін жұмыс істеуге келісті. Жеке бағыттар бойынша жұмыс топтары құрылып, бұл жұмыс та тұрақты түрде іске асырылатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1118662?lang=kk