Enbekshi QazaQ

Қоғам

Саскачеванда экономиканың негізгі салалары бойынша Қазақстан мен Канада арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды 09.11.2025
Саскатун, 2025 жылғы 6-7 қараша – Қазақстан Республикасының Канададағы Елшісі Д.Құсайынов Саскачеван провинциясының Саскатун қаласына жұмыс сапарымен барды.Сапар барысында Елші BHP компаниясы мен Saskatchewan Industrial and Mining Suppliers Association (SIMSA) бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстелге қатысты. Кездесуде ол Қазақстанның тау-кен өнеркәсібін дамыту бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы егжей-тегжейлі айтып, Саскачеван іскер топтарын елдің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысу үшін Қазақстанға келуге шақырды.Cameco Corporation компаниясының Бас атқарушы директоры Т.Гитцельмен өткен кездесу барысында тараптар уран өндіру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту және канадалық компанияның Қазақстанның энергетика саласын дамытуға қатысу мүмкіндіктерін талқылады.Қазақстандық дипломат сондай-ақ Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық институтқа (Global Institute for Food Security) барып, ұйым басшылығымен екіжақты кездесу өткізді. Әңгіме барысында жаһандық және өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары қарастырылды.Сапар қорытындысы бойынша Қазақстан мен Саскачеван провинциясы арасында стратегиялық маңызды салаларда практикалық ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ottawa/press/news/details/1101508?lang=kk
Мемлекет басшысына қазақстандық ІТ стартаптар таныстырылды 09.11.2025
Вашингтон қ., 6 қараша 2025 ж. – Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға сапары аясында халықаралық нарыққа шыққан отандық ІТ стартаптардың негізін қалаушылармен кездесті.Президентке еліміздің алғашқы «сыңармүйіз» стартапы – Higgsfield AI жасанды интеллектіге негізделген кинематографиялық сапалы бейнені генерациялауға арналған платформасы, Deep Infra – машиналық оқыту модельдерін орналастыруға және іске қосуға арналған қызмет, Valinor – биотехнология саласындағы стартап, ARC Drones – автономды дрондарды әзірлеуші, сондай-ақ басқа да перспективті жобалар таныстырылды.Қасым-Жомарт Тоқаевқа Silkroad Innovations технология хабының қызметі туралы ақпарат берілді. Ол Кремний алқабында Орталық Азия елдерінің талантты жастары мен стартаптарына қолдау көрсетеді.Кездесуге жалпы құны 1,4 миллиард долларды құрайтын 20-дан аса стартап өкілі қатысты. Бұл ұлттық ІТ экожүйесінің инновациялық әлеуетін танытады.Мемлекет басшысы жоғары технология саласындағы отандық компаниялардың жетістіктерін жоғары бағалап, алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру жөніндегі стратегиялық міндеттің маңызын атап өтті.– Президент ретінде баршаңызды қолдаймын. Жұмыстарыңыз еліміздің болашағы үшін өте қажет. Цифрландыру мен HighTech мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі саналады. Мен бұл туралы Жолдауымда айттым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1101513?lang=kk
Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық конгрессмендерді қабылдады 09.11.2025
Вашингтон қ., 6 қараша 2025 ж. – Мемлекет басшысы АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының мүшелері Джимми Панеттамен, Кэрол Миллермен, Билл Хайзенгамен және Сидни Камлагер-Давпен кездесті.Президент АҚШ Конгресі Қазақстанмен достық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, парламент мүшелеріне екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті ілгерілетуге қосқан үлесі үшін алғыс айтты.Қасым-Жомарт Тоқаев Конгрестегі Джимми Панетта басқаратын «АҚШ-Қазақстан» достық тобы (кокус) қос халық арасындағы саяси диалогты тереңдетуге, экономикалық кооперация мен байланыстар аясын кеңейтуге ықпал етіп отырғанына назар аударды.АҚШ – Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктестерінің бірі. Құрама Штаттар еліміздің экономикасына 100 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Бұл – Орталық Азияға бағытталған жалпы инвестиция көлемінің 80 пайызы.Сонымен қатар Президент конгрессмендерге елімізде жүргізіліп жатқан жан-жақты саяси және экономикалық жаңғырулар жөнінде әңгімеледі.Конгресс мүшелері Қазақстанның әлеуетіне жоғары баға беріп, екі ел арасындағы сан қырлы байланыстардың дамуына қолдау көрсететіндерін жеткізді.Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдаланып, Америка парламентінің өкілдерін екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығын кеңейту мақсатында Қазақстанға сапарлап келуге шақырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1101514?lang=kk
Қазақстан Президенті Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уиртті қабылдады 09.11.2025
Вашингтон қ., 6 қараша 2025 ж. – Мемлекет басшысы Теңіз және Қарашығанақ кен орындарындағы мұнай мен газды игеру бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыруға Chevron корпорациясының қосқан үлесіне жоғары баға берді. Сондай-ақ Қазақстан тарапының шикізатты өндіру, өңдеу және тасымалдау салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1101515?lang=kk
Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық сенатор Стив Дэйнсті қабылдады 09.11.2025
Вашингтон қ., 6 қараша 2025 ж. – Республикалық партиядан сайланған сенатормен кездесуде қазақ-америка қатынастарын нығайтуға парламенттік дипломатияның қосқан үлесі талқыланды.Мемлекет басшысы АҚШ сенаторының Қазақстанға шынайы тілектес екенін атап өтіп, Республика күніне орай Конгрестің ресми мәлімдеме жасағаны үшін ризашылық білдірді. Бұл – елдеріміз арасындағы бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктестіктің дәлелі.Қасым-Жомарт Тоқаев пен Стив Дэйнс екіжақты күн тәртібінің басым бағыттары жөнінде пікір алмасып, қос халықтың игілігі үшін Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының стратегиялық серіктестігін нығайтуға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады.Кездесу соңында Президент Қазақстан мен АҚШ арасындағы  байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін сенатор Стив Дэйнсті  І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1101517?lang=kk
Қасым-Жомарт Тоқаев John Deere компаниясының ТМД және Орталық Азия елдері бойынша президенті Чабо Лейкомен кездесті 09.11.2025
Вашингтон қ., 6 қараша 2025 ж. – Қазақстан Президенті John Deere компаниясымен серіктестікті заманауи және тиімді ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға ортақ ұмтылысты көрсететін өндірістік кооперацияның табысты үлгісі деп атады.Мемлекет басшысы John Deere компаниясының Қазақстанның «Агромаш» зауытымен серіктестік орната отырып, агроөнеркәсіп кешеніне арналған техника өндірісінің локализациясы туралы қабылдаған шешімін қолдады. Бұл ынтымақтастық қазірдің өзінде оң нәтиже беріп отыр.Өндіріс іске қосылған биылғы мамыр айынан бері 290 бірліктен астам техника құрастырылған. Жыл соңына дейін тағы 100 техника шығарылады деп жоспарлануда.Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында жалпы құны 2,5 миллиард долларға бағаланған Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылғанын құптады.Құжат бойынша «АгромашХолдинг KZ» АҚ 5 жыл ішінде кем дегенде 3 мың John Deere ауыл шаруашылығы техникаларын өндіруді, кемінде 3 сервис орталығын ашуды, сондай-ақ мамандарды оқыту жүйесін дамытуды қарастырады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1101518?lang=kk
Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесті 09.11.2025
Вашингтон қ., 2025 ж. 7 қараша – Ақ үйдегі кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті.Қазақстан Республикасының Ибраһим келісімдеріне қосылуы әңгімелесудің арқауы болды.Мемлекет басшысы Президент Трамптың Таяу Шығыста бейбіт өмір орнатуға нақты алғышарттар жасап, көпшілік күмәнмен қараса да, елеулі нәтижелерге қол жеткізгеніне назар аударды.Ибраһим келісімдеріне қосылу арқылы Қазақстан қақтығысты еңсеруге, диалогты ілгерілетуге және БҰҰ Жарғысы негізіндегі халықаралық құқықты қолдауға үлес қосады.Қазақстанның бұл шешімі ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастардағы міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді. Бұл – бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуды көздеген көпжақты дипломатияның заңды жалғасы әрі нақты көрінісі.АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімін жоғары бағалап, бұл қадам өзге елдерді аталған бастаманы қолдауға үндейтінін атап өтті.– Бұл – бүкіл әлемде ынтымақтастық орнатуда айтарлықтай алға ілгерілеу. Бүгінде көптеген ел Ибраһим келісімдері арқылы бейбітшілік пен өркендеу жолын таңдап отыр, – деді Дональд Трамп.Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты         Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-newyork/press/news/details/1101516?lang=kk
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен келіссөз жүргізді 09.11.2025
Вашингтон қ., 6 қараша 2025 ж. – Ақ үйдегі кездесуде Мемлекет басшысы Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжай көңілі үшін АҚШ Президентіне ризашылық білдірді.Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың президенттік лауазымының тарихи сипатына тоқталып, оның басшылығымен АҚШ әлемнің жетекші экономикалық, саяси және технологиялық державасы ретіндегі позициясын күшейтіп келе жатқанын атап өтті.Қазақстан Президентінің айтуынша, Америка көшбасшысы жер жүзінің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.Мемлекет басшысы Қазақстан АҚШ Президентінің бітімгерлік бастамаларын толық қолдайтынын жеткізді. Соның ішінде келешекте Орта дәлізді одан әрі дамытуға ықпал ететін «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолына» (TRIPP) ерекше назар аударды.Дональд Трамп АҚШ-тың Қазақстанмен көпжоспарлы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті екенін растады.Сапар аясында Қазақстан мен Құрама Штаттары арасында жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды.Әңгімелесу барысында екіжақты ықпалдастықтың кең көлемдегі мәселелері жан-жақты талқыланды, өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективті бағыттары нақтыланды.Сонымен қатар президенттер халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-skopje/press/news/details/1101579?lang=kk
«Ауыл Әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» атты өңірлік ауыл әйелдерінің форумы 08.11.2025
8 қараша күні Алматы облысының тарихи және ірі аудандарының бірі – Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында «Ауыл Әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» атты өңірлік ауыл әйелдерінің форумы өтті. Форумға 340-қа жуық белсенді ауыл әйелі қатысты. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, «Ауыл» партиясының және Алматы облысы Әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.Форумның басты мақсаты – ауылдық жерлердегі әйелдердің көшбасшылық әлеуетін нығайту және олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдың тұрақты дамуына бағытталған саясатының аясында іске асырылды.Форумның ашылуында Алматы облысының Әкімі жанындағы Комиссия төрағасы – облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасұлы және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Айгерім Сарсенбаева, «Ауыл» партиясы Төраға орынбасары Ғалымжан Құсманғали сөз сөйледі.«Ауылдық жерлердегі әйелдердің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту: өңірлік даму саясатының негізі» тақырыбында өткен пленарлық отырыста ауылдық кәсіпкерліктің қаржылық және әлеуметтік-құқықтық мүмкіндіктері мен мәселелері жан-жақты талқыланды.Талқылаудың Негізгі Бағыттары Мемлекеттік Басқармалардың жұмысын айқындады:Алматы облысының Кәсіпкерлік басқармасы шағын және орта бизнесті дамытудағы мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген кредиттердің қолжетімділік шарттарымен таныстырды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы әйелдерге арналған әлеуметтік қолдау тетіктері мен қайтарымсыз жәрдемақы бағдарламаларының жүзеге асыру көрсеткіштерін жан-жақты баяндады. Ауылдық кәсіпкерлер экспортқа бағытталған бизнестерді дамытудағы тәжірибелерімен бөлісіп, ауыл шаруашылығындағы кооперацияның маңыздылығын атап өтті. Облыстық әйелдер кәсіпкерлігін дамыту кеңесінің өкілдері әйел кәсіпкерлігін экономикалық өсімнің негізгі факторы ретінде қарастыруға шақырды.Форум аясында ауыл әйелдерінің қолынан шыққан ауылшаруашылық өнімдері мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, олардың еңбек әлеуеті мен дәстүрді сақтауға қосқан үлесі көрсетілді.Қорытынды сөздерде, форумда айтылған барлық ұсыныстар мен өңірлік проблемалар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның сараптамалық-талдау жұмысының негізіне алынып, ауыл әйелдерінің мәселелерін заңнамалық және әкімшілік деңгейде шешу үшін Орталық мемлекеттік органдарға ұсынылатыны айтылды.Бұл форум – Қазақстанның әлеуметтік-саяси тұрақтылығы мен экономикалық дамуындағы ауылдық әйелдердің рөлін нығайтуға бағытталған Президент саясатының айқын көрінісі және оны аймақтарда жүзеге асырудың нақты тетігіне айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1101491?lang=kk
Бюджет бағдарламаларының әкімшісінің төлемдер бойынша қаржыландыру жоспары 08.11.2025
Бюджет бағдарламаларының әкімшісінің төлемдер бойынша қаржыландыру жоспары  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/beskaragay-roo/press/news/details/1101485?lang=kk
Алматы облысында сібір жарасы көмілімі табылған аумақта қауіп жоқ 08.11.2025
Алматы облысының Іле ауданына қарасты Байсерке ауылында орналасқан сібір жарасы көміліміне қатысты жағдайға облыс әкімдігі түсініктеме берді. Ресми ақпаратқа сәйкес, елді мекен тұрғындарына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.Көмілім Байсерке ауылдық округінің аумағында, «Транспетролеум» ЖШС-не тиесілі жер телімінде орналасқан. Архив деректеріне сай, мұнда 1958 жылы бір ірі қара, ал 1968 жылы екі жылқы көміліпті. Нысанның айналасында радиусы 1000 метр болатын санитарлық-қорғау аймағы белгіленген. Бұл аумақ Байсеркенің бір бөлігін және Талғар ауданына қарасты Кіші Байсерке ауылындағы кейбір жерлерді қамтиды.Әкімдік мәліметінше, тұрғын үйлерді көшіру немесе ғимараттарды бұзу мәселесі қарастырылмайды. Қазіргі уақытта жергілікті халық үшін эпидемиологиялық қауіп жоқ.Мәселені зерттеу және қауіпсіздік шараларын анықтау мақсатында Іле ауданы әкімінің 2025 жылғы 6 қазандағы өкімімен арнайы жұмыс тобы құрылған. Оған аудан әкімінің орынбасары жетекшілік етеді. Топ құрамында ветеринариялық қызмет, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, жер қатынастары және сәулет бөлімдерінің мамандары, сондай-ақ Қазақ ветеринариялық ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары бар.Қазір жұмыс тобы ғылыми мамандармен бірлесіп зерттеу жүргізіп жатыр. Екі рет отырыс өткізіліп, көмілімнің нақты орнын айқындау мен санитарлық-қорғау аймағын нақтылау жөнінде ұсыныстар әзірленген.Архивтік материалдар мен жиналған деректер талданып жатыр. Алдағы бір ай ішінде жұмыс тобы қорытынды шешім қабылдап, қажетті шараларды бекітеді. Сонымен бірге, Іле ауданы әкімінің 2016 жылғы сібір жарасы көмілімдері туралы шешіміне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1101490?lang=kk
Қостанайлық студенттер ERG Skills International-2025 халықаралық байқауында үздіктер қатарында 08.11.2025
ERG Skills International-2025 қорытындысы!2025 жылғы 3-7 қараша аралығында Павлодар облысында Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ERG Skills International-2025 халықаралық кәсіби шеберлік конкурсы өтті. Чемпионатқа Қазақстан мен Қытай елінен 13 құзыреттілік бойынша 92 адам қатысты. ERG колледждер Альянсының 8 студенті 8 құзыреттілік бойынша Қостанай облысының намысын қорғап шықты. Жеңімпаздарымызды шын жүректен құттықтаймыз!Жітіқара политехникалық колледжі:• Алтын — «Дәнекерлеу технологиялары» құзыреттілігі — Александр Владимирович Гадлевский. Сарапшы: Самат Төлегенұлы Исркепов• Алтын — «Слесарлық іс» құзыреттілігі — Байтуов Руслан Азаматович. Сарапшы: Булат Құрманғалиұлы Адамбаев• Күміс — «Электромонтаждау» құзыреттілігі — Данил Сергеевич Ярошевич. Сарапшы: Тимур Серікұлы Исмурзинов• Күміс — «Маркшейдерлік іс және геодезия» құзыреттілігі — Роман Александрович Демиденко. Сарапшы: Ельдос Сагидукасович ЯбыковРудный политехникалық колледжі:• Қола — «Еңбекті қорғау» құзыреттілігі — Андрей Владимирович Ивахно. Сарапшы: Мария Михайловна Бабенко.Қостанай облысы — жалпы командалық 3 орынға ие болды! Біз сіздерді мақтан етеміз! Әрқайсыңыз шеберліктің, табандылық пен жоғары кәсібиліктің үлгісі болдыңыздар!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1101475?lang=kk
Қазақстан, Clearbrook және AG-Tech энергия сақтау жүйелерін өндіретін зауыт салады 08.11.2025
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Clearbrook Energy Solutions (CES) компаниясы және қазақстандық AG-Tech Қазақстанда энергия сақтау жүйелерін (BESS) өндіретін зауыт салуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.Құжатқа қол қою рәсімі Вашингтон қаласында өткен C5+1 бизнес-конференциясының аясында өтті. Жоба Қазақстанның энергетикалық ауысу стратегиясындағы маңызды қадам болмақ. Ол елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, жаңартылатын энергия көздерін интеграциялауға мүмкіндік береді. Жалпы инвестиция көлемі 350 миллион АҚШ долларын құрайды. Clearbrook компаниясы виртуалды электр станциялары мен энергия сақтауға арналған технологияларды ұсынса, AG-Tech - елдің энергетикалық инфрақұрылымына цифрлық шешімдерді бейімдеу мен интеграциялауды қамтамасыз етеді.«Бұл жоба Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Ол цифрлық инфрақұрылым мен ұлттық технологиялық жобаларды жүзеге асыруда маңызды болып саналатын тұрақты әрі сенімді энергия жүйесін құруға мүмкіндік береді», - деді Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.«Қазақстан энергетикалық тәуелсіздігі мен цифрлық инфрақұрылымын нығайту бағытында батыл қадамдар жасап жатыр. Clearbrook Energy Solutions компаниясы Қазақстан Үкіметі және AG-Tech компаниясымен серіктестік орнатуға мүмкіндік туғанына қуанышты. Бұл серіктестік Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту мен таза энергияға көшуінің негізі болатын заманауи энергия сақтау технологияларын жергіліктендіруге бағытталған», – деді Clearbrook компаниясының Орталық Азиядағы төрайымы Марсия-Элизабета Кристиан Фавале.ҚР ЖИЦДМ баспасөз қызметі Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1101458?lang=kk
Қазақстан мен Hewlett Packard Enterprise жоғары өнімді есептеу және жасанды интеллект саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды 08.11.2025
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Hewlett Packard Enterprise (HPE, АҚШ) компаниясы жасанды интеллект (ЖИ), жоғары өнімді есептеу жүйелері (HPC) және жаңа буынның цифрлық инфрақұрылымын құру салаларындағы әріптестікті дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.Құжатқа қол қою - еліміздің тәуелсіз жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту, технологиялық егемендікті нығайту мен болашақтың кадрлық әлеуетін қалыптастыру бағытындағы басымдықтарын іске асыру жолындағы маңызды қадам болды.Hewlett Packard Enterprise компаниясымен ынтымақтастық аясында келесі бағыттар бойынша бірлескен жұмыстар жоспарлануда: ұлттық деректерді өңдеу орталықтарының қажеттіліктері үшін есептеу қуаттарын дамыту және HPE инфрақұрылымын енгізу; • отандық жасанды интеллект және ғылыми зерттеулерді қолдау мақсатында HPE шешімдері негізінде «бұлтты» деректер орталықтарын құру; • өнеркәсіп, энергетика, көлік және білім беру сияқты экономиканың негізгі салаларында пилоттық жобаларды іске асыру; • адам капиталын дамыту - HPC және ЖИ салаларында қазақстандық инженерлер, зерттеушілер мен стартаптарды оқыту, сертификаттау және тағылымдамадан өткізу; • жоғары өнімді есептеу жүйелері бойынша құзыреттер орталығын құру және Қазақстанда HPE инновациялық орталығын ашу мүмкіндігін қарастыру.«Біз технологиялар адам, ғылым және экономиканың дамуына қызмет ететін экожүйе қалыптастырып жатырмыз. Hewlett Packard Enterprise компаниясымен ынтымақтастық Қазақстанның инфрақұрылымдық базасын нығайтып, біздің инженерлер мен зерттеушілерге әлемдегі ең озық шешімдермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл - тұрақты, бәсекеге қабілетті және шын мәнінде интеллектуалды экономиканы қалыптастыру жолындағы маңызды қадам», - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.Меморандумға қол қою ҚР Президентінің АҚШ-қа ресми сапары және Орталық Азия елдері - АҚШ арасындағы технологиялық әріптестік пен цифрлық дамуға арналған C5+1 бизнес-конференциясының іскерлік бағдарламасы аясында өтті.Hewlett Packard Enterprise компаниясымен ынтымақтастық Қазақстанның жасанды интеллект пен инновация саласындағы өңірлік орталық ретіндегі позициясын нығайтып, технологияларды жергіліктендіру және әлемдік деңгейдегі мамандарды даярлауға жаңа мүмкіндік ашады. ҚР ЖИЦДМ баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1101454?lang=kk
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Cisco компаниясы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды 08.11.2025
ҚР ЖИЦДМ, желілік технологиялар мен киберқауіпсіздік саласындағы жаһандық көшбасшы Cisco компаниясы жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеулер, цифрлық трансформация салаларындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.Қол қою рәсімі C5+1 форматындағы бизнес-конференция барысында өтті. Оған ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Cisco компаниясының мемлекеттік органдармен стратегия жөніндегі аға вице-президенті Джефф Кэмпбелл қатысты.Меморандум алдағы бес жыл ішінде ЖИ инфрақұрылымын дамыту, құзыреттерді арттыру және Қазақстанның өңірлік технологиялық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруды көздейді.«Бүгін қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум Cisco-ның Қазақстанмен ынтымақтастығын тереңдетіп, ЖИ негізіндегі цифрлық трансформация стратегиясын жеделдетуге мүмкіндік береді. ЖИ экожүйесінің табысты дамуы Cisco технологияларының өзегі болып саналатын сенім мен қауіпсіздікке негізделеді. Біз Қазақстанның ЖИ және инновация саласындағы мақсатын қолдауға дайынбыз, бұл елдің ұзақ мерзімді экономикалық табысына ықпал етеді»,- деді Cisco компаниясының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл стратегиясы жөніндегі аға вице-президенті Джефф Кэмпбелл.Меморандумға қол қою екі тараптың ұзақ мерзімді серіктестікке және киберқауіпсіздік, цифрлық мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау және ұлттық ақпараттық платформаларды дамыту бағыттарында жаңа технологиялық мүмкіндіктерді бірлесе жүзеге асыруға деген ниетін растады.«Қазақстанның озық технологияларды дамыту және енгізуге деген ұмтылысын жоғары бағалаймыз және осы ынтымақтастық аясында ұлттық маңызы бар бастамаларды әрі қарай қолдауға дайынбыз»,- деді Cisco компаниясының Түркия, Румыния және ТМД бойынша басқарушы директоры Дидем Дуру.ҚР ЖИЦДМ баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1101449?lang=kk
Астанада мектептер пен колледждер оқушылары арасында «Жас сарбаз барысының» жеңімпазы анықталды 08.11.2025
Елорданың «Өндіріс» спорт кешенінде «Жас сарбаз барысы» қалалық турнирі өтті. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен оның бастамашысы болған – «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының қалалық филиалы.Турнирдің ашылу салтанатына Қорғаныс министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының басшысы Ғинаят Хамитұлы, «Жас сарбаз» республикалық және қалалық балалар-жасөспірімдер қозғалысының төрағалары майор Мейірбек Меңдіғалиев пен Айдархан Шыңғысханұлы, жаттықтырушылар мен жас спортшылар қатысты.– Қазақ күресі – жай спорт емес, бұл біздің ұлттық мұрамыз. Жастардың осындай турнирлерге қатысуы адамгершілік рухты, өз қабілеттеріне деген сенімділікті нығайтады, Отанға деген сүйіспеншілікті оятады, – деп атап өтті майор М. Меңдіғалиев. Боз кілемге 2008–2009 жылы туған он екі мықты спортшы шығып, тартысты сайыста жоғары дайындық деңгейін және жеңіске деген ұмтылысын көрсетті.Бас қаламыздағы № 85 мектеп-лицейінің оқушысы Әлижан Ерсаев қазақ күресінің чемпионы атанды. Екінші орын № 28 мектептің оқушысы Ерзат Төстікке, үшінші орын № 110 мектептен Әлихан Толысбайға бұйырды.Бірінші және екінші орын алған жас балуандар «Жас сарбаз барысы» жарысының республикалық кезеңінде елорданың намысын қорғайтын болады.Турнир жеңімпазы Әлижан Ерсаев бұл жетістік ол үшін маңызды қадам болғанын айтады. – Жеңіс оңай болған жоқ, өйткені қарсыластар соған лайықты болды. Алайда өзіме деген сенім мен жаттықтырушылардың қолдауы нәтижеге қол жеткізуге көмектесті. Ендігі мақсатым – республикалық турнирде лайықты өнер көрсету, – деді чемпион. «Жас сарбаз барысы» турнирі жас патриоттарды ата-бабаларымыздың бай мұрасы мен заманауи құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелейтін ұлттық дәстүрлермен ұштасқан жарқын спорттық шара болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1101442?lang=kk
Қазақстан мен Cointelegraph еліміздің Web3 экожүйесін дамыту үшін күш біріктіреді 08.11.2025
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Cointelegraph компаниясы өзара түсіністік туралы меморандумға (MoU) қол қойды. Құжаттың мақсаты - Қазақстанның аймақтық цифрлық инновациялар орталығы ретіндегі позициясын нығайтып, Web3 экожүйесін дамыту.Әріптестік Қазақстанның блокчейн, Fintech және жасанды интеллект салаларындағы жетістіктеріне халықаралық қызығушылықты арттырып, мемлекет, бизнес және Web3 қауымдастығы арасындағы ынтымақтастықты дамытуға жол ашады.Cointelegraph компаниясының жаһандық серіктестік жөніндегі жетекшісі Джеффри Миллиганның айтуынша, ынтымақтастық арқылы компания  дамушы елдердегі Web3 бағытының дамуын қолдауға дайын: «Қазақстан ашық әрі инновациялық цифрлық экономиканы қалыптастыруда айтарлықтай жетістікке жетті. Осы әріптестік арқылы Cointelegraph халықаралық тәжірибесімен бөлісіп, медиа ынтымақтастықты күшейтуге және жергілікті инноваторларды жаһандық Web3 экожүйесімен байланыстыру арқылы елдің әрі қарай дамуына үлес қосуды көздейді».Меморандум мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдеріне арналған оқыту бағдарламалары мен шеберлік сабақтарын әзірлеу, бірлескен зерттеулер жүргізу, Қазақстанда Web3 және Fintech іс-шараларын ұйымдастыру сияқты кең ауқымды бағыттарды қамтиды. Бұл ғана емес серіктестік Қазақстанның цифрлық трансформациясы туралы сөз қозғайтын бірегей медиа болып, аналитикалық контент жасауды және оны Cointelegraph-тың жаһандық платформасында жариялауды көздейді.Cointelegraph - блокчейн, криптовалюта және цифрлық технологиялар туралы мәлімет тарататын әлемдегі жетекші басылымдардың бірі. 2013 жылы құрылған бұл медиа Web3 әлеміндегі басты жаңалықтар мен үрдістерді, сондай-ақ инновация мен орталықтандырылмаған болашақты қалыптастырып жатқан тұлғалар жайлы материалдарды жариялайды. Бүгінде Cointelegraph компаниясының АҚШ, Еуропа және Азияда кеңселері бар, ал оның аудиториясы әлем бойынша миллиондаған оқырманды қамтиды.ҚР ЖИЦДМ баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1101446?lang=kk
Қорғаныс министрлігінің «Жұлдызды жігіттер» командасы «Қазақстан CUP» лигасында үздік үштіктен көрінді 08.11.2025
Астанада өткен «Жайдарман» ойындарында «Қазақстан CUP» лигасында өнер көрсететін астаналық айрықша мақсаттағы бригаданың «Жұлдызды жігіттер» командасы жүлделі үшінші орынды иеленді.«Жайдарман» ойындарының «Қазақстан CUP» лигасы биыл ерекше тартысты өткенін айта кету керек. «Жұлдызды жігіттер» жайдарман тобы жоғарыда айтылған лигада 80 команданың ішінен суырылып шығып, 1/2 ширек финал ойындарына жолдама алған болатын. Ширек финал кезеңінде төрт үздік команда бақ сынады.Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Ақтау ауылының мектеп оқушыларынан құралған «Жұдырық» командасы ауыл өмірін шынайы әрі қарапайым әзілмен жеткізсе, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Амазонка» қыздар командасы нәзік юмор арқылы залды күлкіге қарық қылды. С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Сейфуллин» командасы кәсіби дайындық пен тапқыр ойдың үлгісін көрсетті. Ал «Жұлдызды жігіттер» әскери тақырыпты сахнада шебер бейнелеп, көрерменге ерекше әсер қалдырды.Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды «Сейфуллин» командасы иеленді. Екінші орын қарағандылық «Амазонка» командасына бұйырды. Ал «Жұлдызды жігіттер» және «Жұдырық» командалары үшінші орынды еншіледі. – Бұл жетістік – біз үшін үлкен абырой. Себебі 80 команданың ішінен суырылып шығып, республикалық деңгейдегі үздіктер қатарына ендік. Қолдау көрсеткен әскери бөлім қолбасшылығы мен жанкүйерлерге алғысымыз шексіз, – дейді «Жұлдызды жігіттер» командасының капитаны капитан Бақберген БуратаевҰйымдастырушылар атап өткендей, «Жайдарман» ойыны тек әзіл емес, ол жастардың ойы мен өрісін кеңейтетін, бірлік пен достықты дәріптейтін мәдени алаң. «Жұлдызды жігіттер» осы рухты сахнада тамаша жеткізе білді. Әзіл арқылы патриотизм мен тәртіпті насихаттай білген команда көрерменнің де, қарсыластарының да құрметіне бөленді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1101440?lang=kk
Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түрікменстанның, Өзбекстан Республикасының және Америка Құрама Штаттарының үкіметтері арасындағы мәдени мұра саласындағы ниеттері туралы мәлімдеме 08.11.2025
С5+1 дипломатиялық платформасының құрылғанына он жыл толуына орай Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түрікменстанның, Өзбекстан Республикасының және Америка Құрама Штаттарының үкіметтері (жиынтығында «С5+1 елдері» деп аталады),C5+1 елдерінің әрқайсысының бірегей мәдени мұрасын және олардың адамзаттың дамуына қосқан ерекше үлесін мойындай отырып;С5+1 елдерінің бірегей мәдени мұраларын қорғау және сақтау саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын растай отырып; жәнеМәдени мұра, оның ішінде мәдени алмасу, мәдени мұраны сақтау саласындағы тәжірибе алмасу және Ұлттық мұражайлар кеңесі арқылы ынтымақтастық саласында С5+1 елдері арасындағы байланыстардың тереңдеуін атап отырып,келесі өзара түсіністікке қол жеткізді:C5+1 елдері С5+1 елдерінің мәдени мұрасын сақтау, мәдени құндылықтарының заңсыз сауда жолын болдырмау және С5+1 елдері арасындағы мәдени өзара іс-қимылды нығайту мақсатында келесі шаралар арқылы ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге ниетті:Мәдени мұраны сақтау және мәдени құндылықтарды қорғау мақсатында құқық қорғау, кеден және шекара қауіпсіздігі салаларында ақпарат алмасуды нығайту;Мәдени құндылықтардың заңсыз айналымының алдын алу және өнер нарығының біртұтастығын қамтамасыз ету үшін өзара толықтыратын өңірлік желілерді құру;Мәдени мұраны жалпы экономикалық мақсаттарға кіріктіру мүмкіндігін зерделеу, оның ішінде туризм секторы мен креативті индустрияға пайда әкелетін ағылшын тілінде білім беруді дамыту;Консервация, кураторлық қызмет, тіркеу, цифрландыру, шығу тегін зерттеу, көрмелерді ұйымдастыру, мәдени мұра нысандарын басқару, жойылып кету қаупі бар антиквариаттарды қорғау салаларында озық тәжірибе алмасу мақсатында институционалдық серіктестікті кеңейту және сарапшылар арасындағы алмасуларды жүзеге асыру, сондай-ақ этнология, археология, сәулет және реставрация сияқты өзара қызығушылық тудыратын басқа да салаларда ынтымақтастық орнату;Ұлттық мұражайлар кеңесінің қызметіне барлық алты елдің толыққанды қолдау көрсетіп, белсенді қатысуын қамтамасыз ету;Мұражай ісі саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету және алмасуды ұйымдастыру, оның ішінде С5+1 елдерінің жетекші мұражайлары мен мәдени мекемелерінде көрмелер мен экспозициялар өткізу үшін мәдени құндылықтарды ұсыну;C5+1 елдерінің мәдени мұрасын ілгерілету, қорғау және сақтау мәселелеріне қатысты халықаралық алаңдарда ұстанымдарды мәлімдеу;Ұлттық қолөнер дәстүрлері мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерін қолдауды, сондай-ақ дәстүрлі мәдениетті, музыка мен биді сақтауды қамтамасыз ету;Мәдени құндылықтарды қорғау және мәдени мұраны сақтау мақсатында білім беру, ғылым және инновациялар салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу, оның ішінде академиялық және зерттеу байланыстарын нығайту, сондай-ақ С5+1 елдерінің жоғарғы оқу орындары мен зерттеу орталықтары арасындағы бірлескен бастамаларды қолдау; жәнеӘр елдің бай мәдени мұрасын дәріптейтін фестивальдер мен мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бойынша ынтымақтастықты қолдау.   Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1101438?lang=kk
Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түрікменстанның, Өзбекстан Республикасының және Америка Құрама Штаттарының үкіметтері арасындағы экономикалық саладағы ынтымақтастық туралы ниеттері жөніндегі мәлімдеме 08.11.2025
Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түрікменстанның, Өзбекстан Республикасының және Америка Құрама Штаттарының үкіметтерімен бірлесіп (бұдан әрі - С5+1) С5+1 форматында дипломатиялық қатынастар орнатудың оныншы жылдығына орай,C5+1 дипломатиялық алаңы аясындағы экономикалық ынтымақтастықтың нығаюы соңғы жылдары ондаған миллиард доллар көлеміндегі сауда мен инвестицияны қамтамасыз еткенін мойындай отырып, жәнеелдеріміздің егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін тұрақты әрі қуатты экономикалардың маңыздылығын қайта растай отырып,C5+1 елдері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған өңірлік тәсілді көздейтін B5+1 форматтың C5+1 дипломатиялық платформасын толықтыратын маңызды іскерлік әріптестік тетігі екендігін ескере отырып,келесі өзара түсіністікке қол жеткізді:C5+1 елдері өркендеуді, бейбітшілікті пен ілгерлеушілікті қамтамасыз ету мақсатында экономикалық қызмет пен өзара іс-қимылды жандандыру арқылы келесі шараларды қабылдауға ниетті: Коммерциялық ортаРеттеу реформаларын іске асыру арқылы бизнес жүргізу шарттарын жеңілдету және сауда мен инвестицияларды ынталандыру;Шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсету;Экспорттық әлеуетті арттыру мен инновацияны ынталандыру мақсатында өзара тиімді бірлескен кәсіпорындардың құрылуын қолдау;Коммерциялық дауларды шешуде уақытылы әрі ашық рәсімдерді қамтамасыз ету, келісімшарттардың міндеттілігін құрметтеу қағидатын қолдау;Өнім сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стандарттарды жетілдіру бағытында C5+1 елдері мойындаған халықаралық нормаларға сәйкес ынтымақтастық орнату;IT-стартаптар мен инновациялық компаниялардың дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау, венчурлік капиталға, акселераторларға және халықаралық нарықтарға жеңілдетілген қолжетімділікті қамтамасыз ету;Коммерциялық қызметті дамытуға мүмкіндік беретін ашық, тұрақты және әділ нарықтық ортаны қолдау;Зияткерлік меншік және басқа да құқықтарды қорғау мен орындауды күшейту арқылы инвесторлардың сенімін арттыру;Орталық Азия мен Америка Құрама Штаттары арасындағы экономикалық ынтымақтастықты ілгерлететін 2026 жылғы 4-6 ақпан аралығында Бішкек қаласында (Қырғыз Республикасы) өтетін B5+1 Форумын қолдау, сондай-ақ 2024 жылғы наурызда Алматы қаласында (Қазақстан Республикасы) өткен алғашқы B5+1 Форумының табысты нәтижелерін мойындау; Сауда, инвестиция және маңызды минералдарҚауіпсіз, сенімді және әртараптандырылған энергетикалық жеткізілімдерді қамтамасыз ету, сондай-ақ энергетика және маңызды минералдар салаларындағы инвестициялар мен сауданы арттыруды көтермелеу;Бейбіт атом саласындағы ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде әлеуетті арттыру, тиісті кадрлардың кәсібилігін нығайту және АЭХА кеңестеріне негізделген заманауи азаматтық ядролық технологияларды енгізу;Орталық Азия мемлекеттерінің маңызды минералдарын жаһандық жеткізу тізбегіне интеграциялау мақсатында геологиялық зерттеулерге, өндіру мен өңдеуге инвестициялар салуға жәрдемдесу, сондай-ақ қайта өңдеу салаларын қоса алғанда, қосылған құны жоғары өндірісті дамытуды ынталандыру үшін маңызды минералдар бойынша C5+1 диалогына қатысуды жалғастыру;Гидроэнергетика, туризм, ақпараттық технологиялар, электрондық коммерция және ауыл шаруашылығы сияқты жоғары өсім әлеуеті бар секторларда сауда мен инвестицияны ілгерілету;Сенімді интернет және коммуникациялық технологиялар мен инфрақұрылымды, оның ішінде талшықты-оптикалық желілер, 5G, 6G, суасты кабельдері, деректерді өңдеу орталықтарының жабдықтары, спутниктік байланыс сияқты цифрлық инфрақұрылымды дамыту мен енгізуді ілгерілету, сондай-ақ трансшекаралық деректер ағындарының қорғалуын қамтамасыз ететін халықаралық стандарттар мен озық тәжірибелермен үйлестіру, оның ішінде трансшекаралық деректердің құпиялылық ережелері жөніндегі Ғаламдық форум сияқты бастамалармен үндестікті қамтамасыз ету;Жасанды интеллект технологияларын дамыту арқылы инновациялық өсу мен халықаралық әріптестікке негізделген тұрақты цифрлық экономиканы қалыптастыруды ілгерілету;Жасанды интеллект пен цифрлық инновацияларды C5+1 жұмыс топтарының қызметіне біріктіру, үздік тәжірибелермен алмасу және ұлттық жасанды интеллект жүйелерін енгізуді ілгерілету;Жасанды интеллект саласындағы зерттеулер мен білім беру бойынша ынтымақтастықты ілгерілету, оның ішінде академиялық алмасуларды, оқыту бағдарламаларын және машиналық оқыту, робототехника мен деректерді талдау салаларындағы бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын дамыту;Ақылды қалалар мен Орталық Азия елдерінің цифрлық трансформациясын дамытуға жәрдемдесу;Цифрлық трансформация бастамаларын қолдау, оның ішінде электрондық үкіметті, бизнес пен азаматтарға арналған цифрлық қызметтерді, жасанды интеллект орталықтарын дамыту және кибертұрақтылықты арттыру;Киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде маңызды инфрақұрылымды қорғау, киберқауіптер туралы ақпарат алмасу, мамандарды даярлау және ортақ стандарттар мен сенімді цифрлық платформаларды көп тарапты тәсілмен әзірлеуді қолдау; Транскаспий сауда маршруты және байланыстылықТранскаспий сауда жолының әлеуетін толық ашу және оны Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу үшін Трамп жолымен (TRIPP) интеграциялау арқылы, С5+1 елдерінің және әлемдік қоғамдастықтың мүдделері үшін жүктердің, ақпараттың және энергияның қауіпсіз әрі тиімді қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жеткізу тізбектерінің өзара байланыстылығын және тұрақтылығын нығайту;Үйлестірілген және ашық кедендік режимдерге ұмтылуды жалғастыру;C5+1 елдері арасындағы әуе қатынасын кеңейту арқылы сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайту;Іскерлік байланыстарды нығайту және жұмыс күшінің кәсіби әлеуетін арттыруды қолдау мақсатында технологиялық, кен өндіру және басқа да жоғары өсім қарқыны бар салаларда кадрлар даярлауға бағытталған білім беру алмасуларын дамыту.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1101437?lang=kk