Әлем
ҚЫЗЫЛОРДАДА «БЕРЕКЕ БАСТАУЫ – ӘЗ НАУРЫЗ» АТТЫ МӘДЕНИ-КӨПШІЛІК ШАРА ӨТТІ 21.03.2026
Бүгін сол жағалаудағы «Қайсар-арена» стадионы аумағында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен «Береке бастауы – әз Наурыз» атты мәдени-көпшілік шара өтті.Көктің тынысын тыңдаған, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін Табиғат-анамен тығыз байланыстырған ата-бабаларымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы деп есептеген. Уақытпен бірге жаңарған Қызылорда қаласының сән-салтанаты Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бұрынғыдан да арта түскендей. Қала көшелері Наурыз мерекесінің айшықты көріністерімен, ұлттық нақыштармен безендірілген.Кейінгі күндері ызғардың да беті қайтып, күн шуағын молынан төкті. Көктемнің жаңаруымен үндескен қала келбеті ерекше құлпырып, мерекелік көңіл-күйді сезіндірді. Жаңа стадион алаңына 60-қа жуық киіз үй тігіліп, береке мен бірліктің нышанындай ақ дастархан жайылды.Аймақ басшысы жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, Сыр өңірінің даму жолындағы жаңашылдықтар мен алдағы жоспарларға тоқталды.«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр бойында өткен Ұлттық құрылтайда: «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр» деп, аймағымыздың барлық саладағы қарқынын ерекше атап өтті, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.Тарихи миссиясы маңызды жиында Мемлекет басшымыз Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталғанын, 400, 500 орындық емханалар, 200 орындық перзентхана мен жаңа драма театр, заманауи Президенттік кітапхана құрылысы басталатынын жариялады. Республикалық, халықарлық маңызы бар жаңа автомобиль жолдарының құрылысы туралы айтты.Жақында ғана «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытын төрт жолақты етіп кеңейту жобасының бірінші кезеңін бастадық. «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысы да биыл қолға алынады.Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған Наурыз мейрамы тәуелсіз елімізге, туған жерімізге толайым табыстармен, жаңалықтармен келсін!Жеріміздің тынысы кең, еліміздің мерейі үстем, халқымыздың болашағы баянды болсын! Егініміз бітік шығып, қамбамыз астыққа толсын! Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, құт дарысын», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.Наурыз мерекесіне орай тігілген киіз үйлер алдында көрмелер мен салт-дәстүр қойылымдары қойылды. Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай 35 баланың тұсауын, айдарын кесу рәсімдері өткізіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов құттықтау сөз сөйлеп, көпшілікке ізгі тілегін жеткізді.Мереке отандық эстрада жұлдыздарының және жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Наурыз-2026: Шымкент ұлттық дәстүр мен технологияны үйлестірді 21.03.2026
Шымкентте Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтілуде. Қаланың орталық алаңы саналатын «Астана» алаңында ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.Биыл Наурыз мерекесі жаңартылған форматта ұйымдастырылды. Қаладағы барлық іс-шаралар арнайы Digital-Наурыз платформасына енгізіліп, көпшілікке қолжетімді болды. Дәстүрлі онкүндік «Наурызнама» форматы сақталғанымен, мереке мазмұны жаңа технологиялық элементтермен толықтырылды. Мерекелік бағдарламаларда ІТ технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен қолданылып, ұлттық құндылықтар мен заманауи үрдістер үйлесім тапты.Астана алаңында өткен негізгі бағдарлама аясында жергілікті өнер шеберлері мен танымал орындаушылардың қатысуымен концерттік бағдарлама және театрландырылған қойылымдар ұсынылды. Олардың қатарында Жұбаныш Жексенұлы, Айдана Меденова, TURAR, Азия және Шаба Әденқұлова бар.Сонымен қатар, алаңда дәстүрлі мәдениет пен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған шаралар ұйымдастырылды. Мерекеде ұлттық спорт ойындары — асық ату, гір көтеру, қошқар көтеру сияқты ойындар көрсетіліп, қатысушылар мен көрермендер үшін қызықты әрі тартымды көрініс жасалды. Жабдықталған аула мен алаңдарда ұлттық салт-дәстүр, дәстүрлі тағамдар және қолөнер бұйымдары таныстырылды.Технологиялық жетістіктер көрмесі де назардан тыс қалмады. Келушілер робототехника саласындағы жобалармен танысып, ұлттық киім киген роботтарды, қазақ халқының көшпелі өркениетін танытатын интерактивті жобаларды, VR ойын алаңдарын және цифрлық киіз үйді тамашалады. Бұл дәстүрлі мәдениетті заманауи форматта дәріптеудің тиімді үлгісі ретінде ұсынылды.Жалпы, Шымкенттегі Наурыз мерекесі ұлттық дәстүрлер, спорт ойындары мен заманауи технологиялардың үйлесімді сабақтастығын көрсетті. Қалада ұйымдастырылған іс-шаралар қоғамдық бірлікті нығайтуға, мәдени мұраны дәріптеуге және тұрғындар мен қонақтарға мазмұнды, қызықты демалыс ұсынуға бағытталған.
Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады 21.03.2026
«Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!Әз-Наурыз – тазару, жаңару уақыты. Тазалық – мән-мағынасы кең ұғым. Бұл – ең алдымен, ой тазалығы, сана мен ниет тазалығы деген сөз.Осыдан екі жыл бұрын елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы бастау алды. Ауқымды жоба халықтың, әсіресе, жастардың жаппай қолдауына ие болды. Азаматтарымыз тазалықты құр сөзбен емес, нақты ісімен көрсетуде. Ұқыптылық, жинақылық, тиянақтылық қасиеттері ұлтымыздың жаңа сапасына айнала бастады.Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасы – жай ғана кезекті саяси науқан немесе үгіт-насихат емес, бұл – мемлекетіміздің мызғымас идеологиясы. Сондықтан осы игі іспен біз жыл бойы айналысуымыз керек, бұл ұлт болмысының ажырамас бөлігі болуға тиіс. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні тазалық философиясын кеңінен дәріптеу маңызды.Ұлыстың ұлы күні Жер Ана да, еліміз де жаңарып жатқан осы тарихи сәтте айтылған тілектің мән-мағынасы айрықша деп ойлаймын.Сондықтан ең бастысы елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеймін.Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын!Ата заңымыз өз тұғырынан түспесін!Туымыз биікте желбіресін!Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!Еліміздің төрт құбыласы түгел болсын!»
ЖЕР-ДҮНИЕ ЖАҢАРҒАН КҮН 21.03.2026
Құрметті Алматы облысының тұрғындары!Ардақты ағайын!Баршаңызды Әз-Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Наурыз мейрамы – қазақ халқына және көптеген елге ортақ, сан ғасырлық тарихы бар қастерлі қазына әрі ұлттық құндылығымыздың бір көрінісі. Күн мен түн теңеліп, Жер-дүние қайта түлейтін шақ. Табиғаттың қайта жаңару кезеңі. Бабаларымыз Ұлыстың ұлы күнін әрдайым ізгілік пен берекенің бастауы деп ұлықтаған.Мейірімділік, жанашырлық пен жасампаздық – ұлтымыздың асыл мұрасы. Осы бір ізгі қасиеттер туған өңіріміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдырып, ел бірлігін бекемдеп отыр. Тұрақтылық пен өзара түсіністік – біздің ең басты байлығымыз.Қадірлі жерлестер!Көреген халқымыз Наурызды әрдайым жақсылықтың жаршысына балаған. Биылғы мейрам ерекше мәнге ие. Цифрландыру және жасанды интеллект жылында тарихы мыңжылдықтарға ұласқан ұлы мейрамымыз да жаңаша сипатта тойланып отыр.Баршаңызға мәлім, жуырда ғана референдум өтіп, көпшіліктің қолдауымен жаңа Ата Заң қабылданды. Мемлекет басшысы қол қойған Жаңа Конституция – еліміздің жаңғыру жолындағы басты құқықтық негізі. Түбегейлі өзгерістер мемлекетіміздің дамуына, өлкеміздің өркендеуіне тың серпін берері сөзсіз.Ынтымағы жарасқан жұртымыздың ырысы артып, игі бастамаларымыз оңынан болсын!Әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке әкелсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1186613?lang=kk
Дәстүр мен инновация үйлесімі: Алматы облысында Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланды 21.03.2026
Алматы облысында Ұлыстың ұлы күні «Digital Nauryz» бағдарламасы аясында жаңа форматта аталып өтті. Негізгі шара Қонаев қаласында ұйымдастырылды. Жасанды интеллект пен цифрлық мүмкіндіктер кеңінен қолданылып, мейрам мазмұны жаңа деңгейге көтерілді.Орталық алаңдағы роботтар көрмесі халық қызығушылығын тудырды. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, тұсаукесер, қыз айттыру, сүйінші сұрау, бастаңғы, беташар, төс қағыстыру, сүйек жаңғырту және басқа да қазақтың салт-дәстүрлерінен көрініс қойылды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те ұлттық мәдениеттің жаршысы болған мерекеге қатысып, тұрғындарды құттықтады. Ал, Сенатор Жанболат Жөргенбаев енді ғана тәй-тәй басқан балақайдың тұсауын кесіп, бата берді.Мерекелік шараға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімі айтулы күннің маңызы жайлы сөз қозғады. «Наурыз мерекесі – халқымыздың бай мәдениеті мен ізгі дәстүрінің терең мәні мен ұлылығын айшықтайды. Табиғат түлеп, тіршілік жаңаратын осы кезеңде адамзат та рухани серпіліп, жан дүниесі жаңарып, үміт пен ізгілікке толы ерекше күйге бөленеді. Осы тұрғыдан алғанда, Наурыз – тек мереке ғана емес, жаңғыру мен жаңарудың символы. Игі дәстүрді жаңа мазмұнмен байыту мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мерекесі жаңаша сипатқа ие болды. Мейрамды бір күнмен шектемей, мазмұнын кеңейтіп, «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында 10 күндік мерекеге айналдыру – ұлттық құндылықты дәріптеудің жарқын көрінісі. Бүгін біз осы Наурызнама аясындағы маңызды күндердің бірі – «Ынтымақ күнін» атап өтудеміз.Айтулы күнге орай еліміздің барлық өңірінде этноауылдар бой көтеріп, жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Мәдени және спорттық іс-шаралар кеңінен өткізілуде. Наурыз – тек рухани жаңғыру ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын кезең», – деген Марат Елеусізұлы жыл басы алға қойылған мақсаттарды айқындап, тың бастамаларға серпін беретінін айтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы айтулы нәтижелерге тоқталды. Айтуынша, үш жылда өңірдің өнім көлемі 3,4 трлн. теңгеден 6,0 трлн. теңгеге дейін өсіп, республика бойынша 10-орыннан 5-орынға көтерілген. Өткен жылы негізгі капиталға 29,4% өсіммен 1 трлн. 355 млрд. теңге инвестиция тартылған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10,1% өсіммен 2 трлн. 598 млрд. теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 798,4 млрд. теңге болып, нақты көлем индексі 102,0%-ды құраған. Оның ішінде мал шаруашылығының өнімі 3,6%-ға өскен. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 18,4%-ға көбейген. 1 млн. 69 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Облыс әкімі мұның барлығы өңірімізде жүргізіліп жатқан жүйелі саясат пен нақты жоспардың нәтижесінде қол жеткізілген маңызды жетістіктер екенін айтты. Сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.Шара барысында сахнада театрландырылған қойылым көрсетіліп, Роза Рымбаева, Нұрболат Абдуллин, Өмірқұл Айниязов, Тамара Асар сынды эстрада жұлдыздары, «Қоңыр» тобы, «Құлансаз» ансамблі және басқа да өнерпаздар халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Саябақ аумағында қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық ойындар және тақырыптық аймақтар жұмыс істеді. «Жеті қазына» интерактивті кітабы арқылы ұлттық мұра жаңа сипатта дәріптелді. «Face of Nauryz» алаңында келушілердің бейнесі жасанды интеллект көмегімен өңделіп, заманауи стильде ұсынылды. Сондай-ақ роботтардың қатысуымен қызықты бағдарлама ұйымдастырылды. Тіпті құлтемірлер бауырсақ пісіріп, тұрғындарға ұсынды. Жалпыхалықтық мерекеге айналған Ұлыстың ұлы күні осылайшы Алматы облысында кең көлемде тойланды. Қонаев қаласындағы орталық алаңға бес мыңнан астам халық жиналып, мерекелік шара «Digital Nauryz» тұжырымдамасына сай тікелей эфирде көрсетілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1186589?lang=kk
Әскери музей кадеттерді ежелгі қару-жарақ жәдігерлерімен таныстырды 21.03.2026
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи музейінің көшпелі көрмесі өтті.Әскери оқу орнының тәрбиеленушілеріне арнап белгілі тарихшылар, эксперименттік археологтар, қару-жарақ зерттеушілері және блогерлер – Нұрқожа Бауыржанұлы мен Дастан Сәбитұлы сөз сөйледі.Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған шара XV–XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы кезеңіндегі жауынгерлердің қару-жарағы жайында танымдық дәріс форматында өтті. Дәріс қазақ батырларының қару-жарағы мен әскери киім үлгілерін көрсету арқылы жалғасты.Іс-шараға қатысушылар көшпелі жауынгерлердің дәстүрлі «Бес қару» жарағымен, сол секілді алғашқы атыс қаруларының тарихы, түрлері және оларды қолдану мақсаттарымен танысты.– Әскери тарих – ұлттық жадымыздың маңызды бөлігі. Осындай кездесулердің арқасында жастар қару-жарақты өз көздерімен көріп, қазақ батырларының ұрыс жүргізу өнерін бағалай алады, – деді Нұрқожа Бауыржанұлы.Өз кезегінде Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери-тарихи құндылықтар бөлімінің бастығы майор Дәулет Қадыров та мұндай іс-шаралар елдің әскери тарихын насихаттауға және жастардың ата-баба мұрасына деген құрметін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.Шара соңы Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамбль әншілері мен шығармашылық взвод сарбаздарының концертімен аяқталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186576?lang=kk
Наурызнама: ҚР ІІМ Ұлттық ұланында 10 тоннаға жуық наурызкөже дайындалды 21.03.2026
Наурыз мерекесіне орай Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде сарбаздарға арнап 10 тоннаға жуық наурызкөже әзірленді. Ұлттық тағам мерекелік іс-шаралар аясында ұсынылып, жеке құрамның жауынгерлік рухын көтеруге ықпал етті.Наурызкөже әскери ас мәзіріндегі құнарлы тағамдардың бірі саналады. Оның құрамындағы ет ақуызға, жарма көмірсуға, ал сүт өнімдері дәрумендер мен кальцийге бай. Сондықтан ол сарбаздардың күш-қуатын толықтырып, ағзаға жеңіл сіңеді.Астана қаласындағы 5573 әскери бөлімінің Азық-түлік қызметінің бастығы Дархан Жүнісов көктем мезгілінде ұсынылатын дәстүрлі тағамның ағзаға пайдасы мол екенін атап өтті.Береке мен бірліктің символы саналатын наурызкөже дәстүр бойынша жеті түрлі дәмнен дайындалады. Сондықтан бұл сарбаздар үшін мерекелік ас қана емес, ұлттық дәстүрдің айқын көрінісіне айналды.6636 әскери бөлімінің сарбазы Тимур Фатихов биылғы алғашқы наурызкөженің ерекше әсер қалдырғанын айтып, дәмді тағам мен мерекелік көңіл күй үшін басшылыққа алғыс білдірді.Ұлттық ұланда сарбаздарға мереке күндері ғана емес, әр аптаның жұма күндері де ет, сірне, нарын, кеспе секілді дәстүрлі тағамдар ұсынылады.Айта кетейік, бүгінде 7 мыңнан астам ұландық еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті күзетеді. Сондай-ақ сарбаздар мемлекеттік маңызы бар нысандар мен ҚАЖ мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүр. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1186565?lang=kk
Қорғаныс министрінің орынбасары Жетісу облысына жұмыс сапарымен барды 21.03.2026
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков өңірдегі әскери бөлімдердің жеке құрамымен, жас сарбаздармен, әскерге дейінгі жастармен және қоғам өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетовтің, әскерге дейінгі жастар мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы тәрбиеленушілерінің қатысуымен іс-шара өтті. Генерал-майор Асқар Мұстабеков өз сөзінде Отан қорғаушы миссиясының жауапкершілігін атап өтіп, өскелең ұрпақ арасында патриоттық сезімді қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.Іс-шара барысында жас робототехниктер әскери инженерия саласындағы жобаларын ұсынып, бағдарламалау, мобильді қосымшалар жасау және жасанды интеллектіні қолдану бағытындағы тәжірибелерін көрсетті. Қорғаныс министрінің орынбасары жастардың шығармашылығын жоғары бағалап, заманауи технологияларды меңгеруде табыс тіледі.Жетісу гарнизонының әскери бөлімдерінде генерал-майор Мұстабеков әскери қызметшілердің күнделікті өмірімен танысып, казармалардың жағдайын, әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды және асханалардағы тамақтануды ұйымдастыруды тексерді. Жеке құраммен жұмысқа ерекше көңіл бөлінді. Сарбаздармен әңгімелесіп, олардың денсаулығын, көңіл-күйін сұрап, қызмет жағдайларын жақсарту жөніндегі өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.Жауынгерлік дайындықтағы үздік көрсеткіштері үшін 18404 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Тұрлан Оразбаев 10 күндік демалыспен марапатталды. Енді сарбаз туған қаласы Оралға барып, отбасын қуантпақ.Әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс жөніндегі қызмет өкілдерімен кездесуде генерал-майор А. Мұстабеков олардың жеке құрамның моральдық рухын көтерудегі және әскери қызметтің тиімділігін арттырудағы маңызын атап өтті.Министрдңң орынбасары облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің қызметімен танысып, шақыру пунктіне барды. Онда «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілі Татьяна Тропинамен кездесті. Тараптар әскерге шақыру және мерзімді әскери қызметті өткеру мәселелерін талқылады. Шақыру пунктінде генерал-майор А. Мұстабеков жұмыстың ұйымдастырылуын, шақыру комиссиясының қызметін, медициналық тексерудің сапасын және шақырылушылардың жағдайын тексерді.Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша генерал-майор Асқар Мұстабеков жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуде оң динамика бар екенін атап өтіп, жеке құрамның моральдық рухын нығайтуға бағытталған іс-шараларды жалғастыру қажеттігін қадап айтты. Көктемгі шақыру науқаны аясында ол заңнаманың қатаң сақталуына және шақырылушылар мен олардың ата-аналары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге ерекше назар аударды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186566?lang=kk
Сан-Франциско қаласында Наурыз мерекесі аталып өтті 21.03.2026
Сан-Франциско, 2026 жылғы 20 наурыз – Биыл алғаш рет Сан-Франциско қалалық әкімдігінде (City Hall) қазақ қауымдастығының қатысуымен Наурыз мерекесі атап өтілді. Қазақстанның Сан-Франциско қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен және Кремний алқабындағы Қазақ-Америкалық қауымдастығының ұйымдастыруымен бұл мереке иран, әзірбайжан, түрік және өзбек қауымдастықтарының өкілдерін біріктіріп, кең көлемде тойланды.Іс-шара барысында Сан-Франциско қаласының мэрі Дэниел Люри құттықтау сөз сөйлеп, Наурыздың көктемгі жаңару мерекесі ретінде, бейбітшілік пен келісімнің, өзара түсіністіктің символы ретіндегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар, осындай мәдени көпірлерді қалыптастырып отырған қауымдастықтарға алғысын білдірді. Атап айтқанда, Кремний алқабындағы Қазақ-Америкалық қауымдастығының президенті Жұлдыз Тримоваға іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға қосқан зор үлесі үшін құрмет грамотасын табыстады.Қазақстанның Сан-Франциско қаласындағы Бас консулы Назира Нұрбаева өз сөзінде Наурыздың халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы және ұлттың рухани дәстүрлерін сақтаудағы ерекше маңызын атап өтті. Сонымен қатар, жергілікті қазақ қауымдастығының дамуына және көркеюіне елеулі үлес қосып жүрген бірқатар тұлғаларды құрмет грамоталарымен марапаттады.Сан-Франциско қалалық әкімдігінің тарихында алғаш рет оның қабырғалары ішіне қазақ халқының көшпелі өркениетінің нышаны — дәстүрлі киіз үй орнатылды. Киіз үй жергілікті тұрғындар мен америкалық қауымдастықтың қызығушылығын тудырды. Мерекелік бағдарлама аясында қатысушы елдердің ұлттық музыкасы мен би өнері, сондай-ақ ұлттық тағамдар ұсынылды. Қазақстан атынан Анель Мурзагулова қазақ биін, Жәнібек Рысбек «Көроғлы» және «Сарыарқа» күйлерін, ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі Азамат Жылтыркөзов әсерлі вокалдық өнерін паш етті.Іс-шараға американдық ресми, іскерлік және қоғамдық топтардың, шетелдік дипломатиялық корпустың, түркі тілдес диаспоралардың 500-ге жуық өкілі қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-san-francisko/press/news/details/1186558?lang=kk
Наурыз – ынтымақтастық пен әріптестіктің символы: Елші референдумнан кейінгі Қазақстан дамуының жаңа кезеңін таныстырды 21.03.2026
Брдо-при-Краню, 2026 жылғы 20 наурыз - Еуразия халықтарының жаңару, үйлесім және бірлік идеясын бейнелейтін ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамы қарсаңында Қазақстанның Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаев Словения мен Хорватияның 74 Құрметті консулы және Балқан өңірінің іскер топтары өкілдерінің арнайы басқосуында құрметті арнайы қонақ ретінде сөз сөйледі. Іс-шара Словенияның мемлекеттік резиденциясы – Брдо Конгресс орталығында өтті.Қазақстан дипломаты республикалық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституцияның мазмұнына егжей-тегжей тоқталып, еліміздің заманауи келбетін – қарқынды дамып келе жатқан мемлекетіміз бен Еуразия көлік-логистикасының маңыздылығына назар аударды. Ол Азия мен Еуропаны жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) стратегиялық маңызын атап өтті. Сондай-ақ экономиканы әртараптандыруға, өнеркәсіпті, цифрлық технологияларды дамытуға және қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға бағытталған реформалар туралы айтты.Елші өз сөзінде Құрметті консулдардың заманауи дипломатияны дамытудағы, халықаралық байланыстарды нығайтудағы, сауда-экономикалық ынтымақтастық пен туризмді кеңейтудегі маңызды миссиясын ерекше атап өтті. Консулдар өз кезегінде 2028 жылдың екінші жартысында Алматыда өтетін Консулдардың дүниежүзілік федерациясының (FICAC) кезекті отырысына белсенді қатысу ниетін растады.Іс-шара барысында 2024 жылы Люблянада Қазақстан Елшілігінің ашылуынан кейін айтарлықтай жандана түскен қазақстан‑словен ынтымақтастығын нығайту мәселелері де талқыланды. Елші 2025 жылы Словения Президенті Наташа Пирц Мусардың Қазақстанға жасаған ресми сапарының екіжақты қатынастар үшін ерекше маңызын атап өтті. Қатысушылар 2026 жылды Президент жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында жаңа мүмкіндіктер ашатын «AI & Digital Bridge» бизнес-форумына шақырылды.Кездесу қатысушылары Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға шынайы қызығушылық білдіріп, мұндай іс-шаралардың елдің экономикалық және инвестициялық әлеуетін ілгерілету үшін маңызды екенін атап өтті. 2027 жылы Қазақстан мен Словения дипломатиялық қатынастардың 35 жылдығын атап өтеді, бұл серіктестікті тереңдетуге қосымша серпін бермек. Кездесудің сәнін келтірген қазақстандық виолончельшілердің өнер көрсетуі ерекше көңіл-күй қалыптастырып, Қазақстанның бай мәдени алуан түрлілігін айшықтады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ljubljana/press/news/details/1186534?lang=kk
Парламент Алатау қаласына арнайы мәртебе беру туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарады 21.03.2026
2026 жылы 20 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.Құжат Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауында берілген тапсырмаларына сәйкес әзірленіп, Алатауды заманауи, экологиялық таза әрі технологиялық тұрғыда дамыған қала ретінде қалыптастыруға бағытталған. Заң жобасы қаланы өзіндік қаржы моделі, арнайы салық режимі және жаңартылған басқару жүйесі бар дербес экожүйе ретінде дамытуды көздейді.Жаңа басқару моделінің негізгі тетігі – қаланың даму бағыттарын айқындайтын және мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіретін арнайы қала кеңесі болмақ. Оның құрамы Мемлекет басшысы тарапынан бекітіліп, төрағасы ретінде Премьер-Министр белгіленген.Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, бұл құжат Алатау қаласының жедел әрі тұрақты дамуына жағдай жасау мақсатында әзірленген.Заң жобасын әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе, соның ішінде Сингапур мен Дубайдың озық үлгілері ескерілген. Бұл қалаға басқару, салық және инвестиция тарту мәселелерін өз бетінше шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықаралық стандарттар мен техникалық регламенттерді енгізуге жол ашады.Заң жобасы келесі бағыттарды қамтиды:* жергілікті мемлекеттік басқару органдарының құрылымы мен өкілеттігін жетілдіру;* цифрлық активтердің айналымын реттеу;* төмен биіктіктегі әуе кеңістігін пайдалану және ұшу аппараттарын дамыту;* инвестициялардың қорғалуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету;* арнайы салық режимін және ерекше бюджет қатынастарын қолдану.Қазіргі таңда жалпы құны 1,8 трлн теңге болатын 44 инвестициялық жоба бар. Оларды іске асыру шамамен 30 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімді перспективада, 2050 жылға дейін, қала инфрақұрылымын дамытуға шамамен 10 трлн теңге қажет болады. Сонымен қатар 50 млрд АҚШ долларына дейін шетелдік инвестиция тарту жоспарланып отыр.Инновациялық көліктерді енгізуге ерекше көңіл бөлінген. Олардың қатарында аэротакси мен жүк дрондарын іске қосу, Алатауды Алматы, Қонаев қалаларымен және туристік аймақтармен байланыстыратын вертопорттар салу, сондай-ақ әуе көлігін пайдалану арқылы туристік бағыттарды дамыту бар. Болашақта туристер Алматы халықаралық әуежайы арқылы «Медеу» спорт кешеніне жедел жету мүмкіндігіне ие болады.Заң жобасының екінші оқылымы 2026 жылдың 27 наурызында өтеді. Ай соңына дейін құжатты Мемлекет басшысының қарауына беру жоспарланған.Бұл бастама Алатауды инвестициялар мен инновациялар тартатын жаңа орталыққа айналдырып, оны тұрақты даму мен тиімді мемлекеттік басқарудың заманауи талаптарына сай қала ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1186504?lang=kk
Марокколық сарапшылар Қазақстандағы конституциялық референдумді тарихи оқиға деп бағалады 21.03.2026
Наурызнама онкүндігі аясында Рабат қаласында «Nauryz Talks» атты пікір алмасу іс-шарасы ұйымдастырылды. Іс-шара Наурыз мейрамына, Қазақстандағы маңызды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға, оның ішінде жақында өткен конституциялық референдум қорытындыларына арналды.Басқосуға Марокко Парламенті Кеңесшілер палатасының мүшесі Фатима Зугах, жетекші марокколық медиа басшылары – Maghribona24 бас редакторы Юнес Әл Хаж, MoroccoWorldNews бас редакторы Аднан Беннис, Journal de l'Afrique Atlantique бас редакторы Насралла Бельхаят, сондай-ақ 2025 жылы мотоциклмен Қазақстанға дейін сапар шеккен танымал марокколық саяхатшы Абделғани Абуфираз қатысты.Қазақстанның Мароккодағы Елшісі Сәулекүл Сайлауқызы Қазақстан мен шет елдерде Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – «Наурызнама» онкүндігінің аталып өткенін және әр күніне тән мәнге тоқтала отырып, биылғы мерекенің ерекше символдық сипат алғанын айтты.Елші Қазақстан халқының реформаларды қолдауы елдің әділдік пен инклюзивті қоғам құру жолындағы адалдығын нақты дәлелдейтінін жеткізді.Марокколық қатысушылар бұл оқиғаны Қазақстандағы саяси үдерістің қазақ халқының прогресс, ашықтық және жаңару жолын саналы таңдағанын айғақтайтынын ерекше атап өтті.Марокко сарапшыларының пікірінше, референдум – бұл тек заңнамалық акт емес, халықтың болашағын өз қолымен жасау ерік-жігерінің көрінісі. Олар Қазақстанның демократиялық институттарды нығайту бағытындағы қадамдарын заманауи әрі уақтылы әрекет ретінде жоғары бағалап, елдің реформалар жолындағы табандылығы мен ашықтығы бүкіл өңір үшін үлгі бола алатынын мәлімдеді.Сонымен қатар, пікір алмасу барысында Елші С.Сайлауқызы Қазақстанның халықаралық күн тәртібіндегі басым бағыттарымен бөлісті. Атап айтқанда, 2026 жылғы 22-24 сәуірде Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммиті туралы хабарлап, БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамамен таныстырды. Сондай-ақ, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бүкілхалықтық экологиялық науқаны, «Орта дәліз» халықаралық көлік бағыты, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VIII Съезінің қорытындылары, сондай-ақ жақында Астанада өтетін «Алтын Орда» халықаралық симпозиумының тарихи маңыздылығы туралы ақпаратпен бөлісті.Іс-шараның маңызды бөлігі марокколық қонақтарды қазақтың мәдени кодымен таныстыруға арналды. Қатысушыларға ұлттық тағамдар дастарханы жайылып, қазақтың дәстүрлі киімдері мен бұйымдары таныстырылды.Қонақтар Қазақстанның Мароккодағы Елшілігі бастамасымен құрылған «Nauryz Talks» форматына жоғары баға беріп, оның екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға жаңа серпін беретін диалог алаңына айналғанын атап өтіп, осы ашық пікірталас іс-шараны жыл сайын Наурыз мейрамы қарсаңында өткізіп отыруды ұсынды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-rabat/press/news/details/1186519?lang=kk
Хельсинкиде Қазақстанның жаңа Конституциясына қатысты референдумның қорытындылары талқыланды 20.03.2026
Хельсинки, 2026 жылғы 20 наурыз – Хельсинкидегі Қазақстан Елшілігінде Финляндия журналистер қауымдастығының өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен брифинг өтті. Іс-шара Қазақстандағы маңызды оқиғалар туралы өзекті ақпарат алмасуға және медиа саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ екіжақты қатынастарды нығайтуға арналған алаң болды.Брифинг барысында Қазақстанның Елшісі Азамат Әбдіраимов қатысушыларды жаңа Қазақстан Конституциясын қабылдау жөніндегі Референдумның қорытындыларымен таныстырып, Орталық сайлау комиссиясы жариялаған мәліметтерді ұсынды. Ресми деректерге сәйкес, жаңа Конституцияны қабылдауды 87,15% сайлаушы қолдаса, қатысу көрсеткіші 73,12% болған. Бұл соңғы жылдардағы ұлттық дауыс берулер ішіндегі ең жоғары қатысу деңгейінің бірі.Қазақстандық дипломат аталған нәтижелер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына берілген жоғары бағаны және оның саяси бағытына деген сенімнің айқын көрінісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануы – ел үшін аса маңызды әрі тарихи оқиға, ол мемлекеттік институттарды дамытуға және қоғамның құқықтық негізін күшейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады.Сонымен қатар, Қазақстан мен Финляндия арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша 2025 жылғы атқарылған жұмыстардың нәтижелері талқыланды. Тараптар саяси, экономикалық және мәдени салалардағы жетістіктерге тоқталып, екіжақты қарым-қатынастардың оң қарқынын атап өтті. Қатысушылар өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін талқылап, қазақстандықтарды референдумның сәтті өтуімен құттықтады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-helsinki/press/news/details/1186499?lang=kk
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі «Экспорттаушылар витринасы» халықаралық цифрлық платформасын іске қосты 20.03.2026
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ («Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ еншілес ұйымы) «Экспорттаушылар витринасы» (https://export.bgov.kz ) платформасын іске қосты.Жаңа ресурс отандық өнімдер мен қызметтерді жаһандық нарыққа жаппай шығару мақсатында әзірленіп, шетелдік сатып алушылар назарын аудару үшін әзірленді. Платформа «Made in Kazakhstan» өнімдерінің кеңейтілген каталогын ұсынады. Мұнда негізгі назар нақты тауарларға, олардың сипаттамалары мен тұтынушылық қасиеттеріне аударылған.Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі өкілдерінің айтуынша, Экспорттаушылар витринасының басты ерекшелігі — оның айқын экспорттық бағыттылығы. Платформадағы тауарлар бес негізгі сала бойынша жіктелген: жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік және химия өнеркәсібі, АӨК өнімдері, металлургия, машина жасау және құрылыс саласы.Іздеу жүйесі әлеуетті сатып алушыларға қажетті өнімдерді кілт сөздер арқылы оңай табуға мүмкіндік береді. Мәселен, белгілі бір сұраныс енгізілген жағдайда жүйе осы санат бойынша қазақстандық өндірушілер ұсынатын барлық қолжетімді ұсыныстарды көрсетеді. Әрбір тауар карточкасында өнімнің толық сипаттамасы мен негізгі техникалық параметрлері берілген. Сонымен қатар пайдаланушы нақты өнім бетінен сол өнімді өндіруші компанияның профиліне бірден өту мүмкіндігіне ие.«Аталған платформада тек агенттік тарапынан тексеруден өткен, верификацияланған өндірушілер ғана ұсынылған. «ЭКА тексерген» мәртебесі сенімділіктің кепілі ретінде қызмет атқарып, тәуекелдерді азайтады және қазақстандық экспорттаушылар мен шетелдік сатып алушылар арасындағы өзара іс-қимыл барысында сенімді нығайтады», – деп атап өтті Мадина Ержанова, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Басқарма төрағасының орынбасары.«Экспорттаушылар витринасы» жобасы қазақстандық бизнес пен халықаралық нарықтар арасындағы цифрлық көпірге айналуды көздейді. Платформа жеткізушілерді іздеу үдерісін жеңілдетіп, отандық брендтердің шетелдегі танымалдығын арттыруға ықпал етеді. Бастама «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі жүзеге асырып отырған шикізаттық емес экспортты қолдау және сыртқы экономикалық қызметті цифрландыру стратегиясы аясында іске асырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-muscat/press/news/details/1208522?lang=kk
Армениядағы Қазақстан Елшілігінде Наурыз мерекесі атап өтілді 20.03.2026
«Наурызнама» онкүндігі аясында Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы Елшілігінде Наурыз мерекесіне арналған мәдени іс-шара өтті. Оған Ереван мемлекеттік университетінің студенттері - Абай атындағы қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығының тыңдаушылары, профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.Армениялық қонақтарға көктем мерекесі - Наурызға тән қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары таныстырылып, мерекенің мәдени және тарихи маңызы туралы бейнематериалдар көрсетілді. Қатысушылар Елшілік қызметкерлері дайындаған ұлттық тағамдардан дәм татты, оның ішінде Наурыз көже, бешбармақ, бауырсақ және шелпек болды. Балалардың орындауында «Көзімнің қарасы» әні, сондай-ақ «Көңіл толқыны», «Ерке сылқым» және «Алаш ұраны» күйлері шырқалды. Ерекше қызығушылық «Тұсау кесер» және «Шапан сыйлау» дәстүрлеріне ауды, олар адамның өмір жолын және құрмет пен сыйластықты білдіреді.Ереван мемлекеттік университетінің түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Александр Сафарян Наурыздың Қазақстанның рухани мұрасы мен ұлттық болмысының маңызды бөлігі екенін атап өтіп, армян және қазақ халықтарының тарихи-мәдени байланыстары екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың негізі екенін айтты. Қонақтар арасында ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан материалдық емес мәдени мұраның маңызды элементі болып табылатын «Асық ату» ұлттық ойыны ерекше қызығушылық тудырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-erevan/press/news/details/1186489?lang=kk
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі «Экспорттаушылар витринасы» халықаралық цифрлық платформасын іске қосты 20.03.2026
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ («Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ еншілес ұйымы) «Экспорттаушылар витринасы» (https://export.bgov.kz ) платформасын іске қосты.Жаңа ресурс отандық өнімдер мен қызметтерді жаһандық нарыққа жаппай шығару мақсатында әзірленіп, шетелдік сатып алушылар назарын аудару үшін әзірленді. Платформа «Made in Kazakhstan» өнімдерінің кеңейтілген каталогын ұсынады. Мұнда негізгі назар нақты тауарларға, олардың сипаттамалары мен тұтынушылық қасиеттеріне аударылған.Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі өкілдерінің айтуынша, Экспорттаушылар витринасының басты ерекшелігі — оның айқын экспорттық бағыттылығы. Платформадағы тауарлар бес негізгі сала бойынша жіктелген: жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік және химия өнеркәсібі, АӨК өнімдері, металлургия, машина жасау және құрылыс саласы.Іздеу жүйесі әлеуетті сатып алушыларға қажетті өнімдерді кілт сөздер арқылы оңай табуға мүмкіндік береді. Мәселен, белгілі бір сұраныс енгізілген жағдайда жүйе осы санат бойынша қазақстандық өндірушілер ұсынатын барлық қолжетімді ұсыныстарды көрсетеді. Әрбір тауар карточкасында өнімнің толық сипаттамасы мен негізгі техникалық параметрлері берілген. Сонымен қатар пайдаланушы нақты өнім бетінен сол өнімді өндіруші компанияның профиліне бірден өту мүмкіндігіне ие.«Аталған платформада тек агенттік тарапынан тексеруден өткен, верификацияланған өндірушілер ғана ұсынылған. «ЭКА тексерген» мәртебесі сенімділіктің кепілі ретінде қызмет атқарып, тәуекелдерді азайтады және қазақстандық экспорттаушылар мен шетелдік сатып алушылар арасындағы өзара іс-қимыл барысында сенімді нығайтады», – деп атап өтті Мадина Ержанова, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Басқарма төрағасының орынбасары.«Экспорттаушылар витринасы» жобасы қазақстандық бизнес пен халықаралық нарықтар арасындағы цифрлық көпірге айналуды көздейді. Платформа жеткізушілерді іздеу үдерісін жеңілдетіп, отандық брендтердің шетелдегі танымалдығын арттыруға ықпал етеді. Бастама «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі жүзеге асырып отырған шикізаттық емес экспортты қолдау және сыртқы экономикалық қызметті цифрландыру стратегиясы аясында іске асырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ljubljana/press/news/details/1218972?lang=kk
Наурыз Ұлттық экономика министрлігінде: дәстүрлер, құрметтеу және жаңа міндеттер 20.03.2026
Бүгін ҚР Ұлттық экономика министрлігінде орталық аппарат, комитеттер және ведомстволық бағынысты ұйымдар қызметкерлерінің қатысуымен салтанатты жиын өткізілді. Бірлікке ұйыстырып, жаңа бастамаларға үндейтін жаңару мерекесі ведомство ұжымын одан әрі біріктіре түсті.ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жиналғандарға арнап, құттықтау сөз сөйледі. Ұжымға арнаған жылы лебізді сөзінде ол наурыздың жаңа кезеңнің бастауы ретінде халқымыздың салт-санасындағы маңыздылығын айрықша атап көрсетті."Жаңа жыл қашанда жаңа міндеттер мен жаңа мүмкіндіктердің кезеңі. Біздің алдымызда тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша ауқымды мақсаттар тұр. Мемлекеттік қызметшілер осы міндеттерді іске асыруда шешуші рөл атқарып, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосады. Сіздердің кәсіби, жауапкершілік пен адал ниеттеріңіз барлық бастамаларды сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін",-деп атап өтті вице-премьер.Салтанатты жиын аясында марапаттау рәсімі өткізілді. "Экономика саласына қосқан үлесі үшін" медалімен Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің бас сарапшысы Ләззат Керейтбаева, Салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы Бақыткүл Сәдуақас, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің бас сарапшысы Алма Жүсіпова, "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ Ғылым жөніндегі кеңесшісі Азамат Нұрсейітов, "Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы" АҚ департаментінің директоры Айгүл Садықова, "Микрография ғылыми-зерттеу институты" РММ экономисі Ақжарқын Қойшегулова, "Заң саласының үздігі" төсбелгісімен Заң департаментінің бас сарапшысы Мұрат Рахметолдин марапатталды.Министрлікте "Наурызнама"онкүндігі аясында бірқатар шаралар өткізілді. Мәдени-танымдық және спорттық жарыстарға 12 құрылымдық бөлімше мен комитеттер қатысты.Кабинеттерді ұлттық нақышта безендіру бойынша "Наурыз шуағы – кабинетімізде" байқауы жарқын оқиғаға айналды. Министрліктің барлық қызметкерлері ұлттық дәстүр мен мәдени құндылықты құрметтеуді паш етіп, белсенділік танытты.Салтанатты жиында байқау нәтижесі атап айтылды: бірінші орынды Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаменті, екінші орынды Стратегиялық талдау және даму департаменті, үшінші орынды Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаменті иеленді. Сондай-ақ арнайы номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1186478?lang=kk
Наурыз Варшавада Қазақстан мен Польшаның достығының символына айналды 20.03.2026
Варшава, 2026 жылдың 17 наурызы - Қазақстан Республикасының Варшавадағы Елшілігінің қолдауымен Польша-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасымен Наурыз мерекесі ұйымдастырылды.Іс-шараға Елшілік өкілдері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, екі елдің іскер топтарының өкілдері, сондай-ақ Польшада білім алып жатқан қазақстандық студенттер қатысты.Өз сөздерінде іс-шара қонақтары мұндай бастамалардың Қазақстан мен Польша арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтудағы маңызын атап өтіп, Наурыздың бірлік, жаңару және тату мерекесі ретіндегі мәнін ерекше атап өтті.Поляк көрермендеріне қазақ мәдениетінің бай дәстүрлерін бейнелейтін музыкалық нөмірлер ұсынылды. Сонымен қатар, қонақтар ұлттық тағамдардың элементтерімен танысуға мүмкіндік алды.Мереке екі ел халықтары арасындағы екіжақты ынтымақтастық пен өзара түсіністікті одан әрі дамытуға ықпал ете отырып, жылы және достық атмосферада өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-warsaw/press/news/details/1186401?lang=kk
«Балдәурен» сапары 20.03.2026
Көктемгі каникул кезеңінде шығармашылық өмірде белсенділік танытып, өз талантымен ерекшеленген 16 жас музыкант оқушы республикалық «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығына жолданды.Аталған оқушылардың барлығы аудандық және облыстық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері болып табылады, жоғары нәтижелер көрсетіп, музыкалық өнерге деген тұрақты қызығушылықтарын дәлелдеп келеді. Олардың лагерьге жолдама алуы — жетістіктері, еңбексүйгіштігі және белсенді өмірлік ұстанымы үшін берілген лайықты марапат.«Балдаурен» орталығында болу балаларға тек демалып қана қоймай, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, еліміздің әр өңірінен келген құрдастарымен тәжірибе алмасуға, жаңа білім мен жарқын әсерлер алуға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu-osakarovka/press/news/details/1186406?lang=kk
Шымкент қаласында Наурыз мейрамына орай кең ауқымды мәдени-көпшілік іс-шаралар өтеді 20.03.2026
2026 жылғы 21 наурыз күні Шымкент қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай кең ауқымды мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарлама қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық дәстүр мен заманауи мәдениетті ұштастырған мазмұнды әрі әсерлі жобаларды ұсынады.Негізгі мерекелік іс-шаралар қаладағы бірқатар ірі қоғамдық кеңістіктерде өтеді. Атап айтқанда, «Астана» алаңы, Әл-Фараби алаңы, Наурыз алаңы, Металлургтер саябағы, Наурыз саябағы, Алатау саябағы және Арбат демалыс аймағында бір мезетте халықтық серуендер ұйымдастырылады.Мерекелік бағдарлама 21 наурыз күні сағат 11:00-де басталады. Келушілер назарына театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар, робототехника көрмесі мен заманауи VR алаңшалары ұсынылады. Күндізгі концерттік бағдарламада жергілікті өнерпаздармен қатар, елімізге танымал эстрада жұлдыздары – «Азия» тобы, Жұбаныш Жексенұлы, Шаба Әденқұлова, Айдана Меденова өнер көрсетеді.Кешкі сағат 19:00-де «Астана» алаңында гала-концерт өтеді. Сахнада жергілікті өнер жұлдыздары және арнайы шақырылған хедлайнерлер – TURAR мен Kalifarniya өнер көрсетеді. Мерекелік кеш эксклюзивті отшашумен қорытындыланады.Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар ұлттық мәдениетті дәріптеумен қатар, қала тұрғындарының бірлігін нығайтуға және көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға бағытталған.Қосымша ақпаратты ресми сайттан алуға болады: https://nauryzshymkent.onrender.com/Қосымша ақпарат үшін: 8 778 332 96 24, Жәудір Нартайқызы