Enbekshi QazaQ

Әлем

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында Үйлестіру кеңестің отырысы өтті 20.04.2026
17 сәуір күні Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңестің отырысы өтті. Онда киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мәселелері қаралды.Отырысқа Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, бейінді министрліктердің, сондай-ақ қаржы ұйымдарының, байланыс операторларының және онлайн-платформалардың өкілдері қатысты.Отырыс барысында соңғы үш айда киберқылмыстар санының азайғаны атап өтілді.Ағымдағы жылы мұндай құқық бұзушылықтар саны 15,1%-ға (6 216-дан 5 275-ке дейін) қысқарды.Оң динамика мемлекеттік органдардың үйлестірілген жұмысының және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қылмыстық қауіп-қатерлерге реактивті әрекет етуден проактивті әрекет етуге көшу жөніндегі тапсырмаларын іске асырудың нәтижесі болды.Атап айтқанда, кредит беру саласындағы қауіпсіздік күшейтілді: «салқындау кезеңі» енгізілді, алғашқы қарызды ресімдеу кезінде міндетті жеке қатысу талабы белгіленді және өзге де қорғаныс тетіктері іске асырылды.Байланыс саласында да елеулі өзгерістер енгізілді: SIM-бокстарға тыйым салынды, абоненттерді биометриялық тіркеу енгізілді, операторларға антифрод-жүйелерді қолдану және алаяқтық қоңырауларды бұғаттау міндеттелді.Сонымен қатар, дропперлік үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді.Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы (банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру) күшіне енген сәттен бастап 446 іс тіркелді.Ұлттық банк жанындағы Антифрод-орталық арқылы алаяқтық операциялармен байланысты 2,8 млрд теңге бұғатталды.Сондай-ақ цифрлық активтер саласындағы қылмыстарға қарсы күреске, оның ішінде криптовалюталарды ұрлау схемаларын әшкерелеуге, сондай-ақ виртуалды байланыс арналары арқылы жүзеге асырылатын жаппай алаяқтық қоңырауларға қарсы іс-қимылға ерекше назар аударылды.Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің құрылымында қылмыстық қауіптер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы құрылды.2026 жылғы 18 сәуірден бастап Комитетке заңнамалық тұрғыда жаңа функция – мемлекеттік органдар үшін ұсынымдар әзірлеуді қоса алғанда, болжамдық-талдамалық қызмет жүктеледі.Орталықтың талдауы көрсеткендей, алаяқтық қоңыраулардың едәуір бөлігі мессенджерлер (ең алдымен WhatsApp) арқылы жүзеге асырылады, бұл қылмыскерлер белсенділігінің дәстүрлі телекоммуникациялық инфрақұрылымнан тысқары ауысқанын білдіреді. Орталық 18 жаңа киберқауіпті анықтады, олардың ішінде шетелде орналасқан қылмыскерлердің SMS-бластерлерді (байланыс операторларын айналып өтіп жаппай хабарлама жіберуге арналған құрылғылар) пайдалануы; фишингтік таралымдар мен дипфейк технологиялары; нөмірлерді алмастыру және тіркелмеген SIM-карталарды қолдану схемалары бар.2026 жылғы 4 сәуірде елде алғаш рет SMS-бластерді пайдалану фактісі әшкереленді, бұл құқық қорғау органдарының киберқылмыстың жаңа түрлерін жедел анықтап, жолын кесуге қабілетті екенін көрсетеді.Отырысқа қатысушылар ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің киберқауіпсіздік саласындағы біліктілігін арттыру бойынша жүйелі жұмысты атап өтті.Отырыс соңында Берік Асылов халық арасында киберқылмыскерлердің жаңа тәсілдері мен айлалары туралы түсіндіру жұмыстарын кеңейту, сондай-ақ қаржы ұйымдарының, байланыс операторларының және онлайн-платформалардың өздеріне заңмен жүктелген міндеттер шеңберінде клиенттері мен пайдаланушыларының құқықтарымен заңды мүдделеріне киберқатерлердің алдын алу үшін тиісті цифрлық және ұйымдастырушылық шараларды қабылдамауы немесе уақтылы қабылдамауы үшін жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап өтті.Сондай-ақ, Үйлестіру кеңесі мүшелерінің, киберполиция бөлімшелерінің және Қаржылық мониторинг агенттігінің интернет-алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимылға қосқан үлесі ерекше атап өтілді.«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және киберқауіптерге қарсы тұру дағдыларын қалыптастыруға бағытталған ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілгені атап өтілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kalasy-akimat/press/news/details/1203892?lang=kk
CЫР ӨҢІРІНДЕ «ТАҒЗЫМ ОРНЫ ТАЗА БОЛСЫН, РУХ ПЕН ТАЗАЛЫҚ – ЕГІЗ ҰҒЫМ» АТТЫ ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ 19.04.2026
CЫР ӨҢІРІНДЕ «ТАҒЗЫМ ОРНЫ ТАЗА БОЛСЫН,РУХ ПЕН ТАЗАЛЫҚ – ЕГІЗ ҰҒЫМ» АТТЫЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІБүгін Қызылорда облысында Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – бір ұғым» атты жалпыхалықтық акциясы өтті.Өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштер, киелі орындар мен көпшілік зират ететін барлық аумақтарға көркейту-көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ағаш отырғызу, қоршауларды ретке келтіру, жолдарды тазалау және жөндеу секілді жұмыстар да жүргізілді.Сауабы мол игі шараға барша облыс тұрғындарымен қатар мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, ассамблея, қоғамдық ұйымдардың мүшелері және жастар белсене қатысты.Президентіміз «Таза Қазақстан дегеніміз – қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес. Әрине, ол да маңызды. Сонымен бірге, бұл – ой-сана тазалығы деген сөз. Жан-дүниесі таза адам қайырымды, мейірімді болады», – деп, жалпыұлттық бағдарлама айналған бастаманың мәнін ашып берді.Киелі орындарды зират етудің бұрыннан қалыптасқан ережелері бар. Оның ең негізгісі тазалықпен байланысты. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген даналық өткенге құрмет көрсетудің маңызын ұғындырады.Халқымыздың дүниетанымында қорымдар тек жерлеу орны ғана емес, дүниеден өткендерге құрмет көрсететін, ата-баба рухына тағзым ететін қасиетті жер. Сондықтан кесенелердің, қорымдардың тазалығына, қараусыз қалмауына ерекше мән беріледі.Осындай тағылымды бастамалар арқылы қоғамда тазалыққа деген жауапкершілік артып, ұлттық құндылықтарымызға құрмет нығая түседі.Айта кету керек, облыста 72 нысан киелі орындар тізбесіне енгізілген. Қасиетті кесенелерге жергілікті бюджеттен және демеушілердің қолдауымен реставрациялық, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, келушілерге ыңғайлы әрі қолжетімді ету мақсатында инфрақұрылымдары жақсартылды.Акция аясында аймақтағы 200-ге жуық қасиетті орындар мен зираттардың аумағын тазалау жұмыстарына 20 мыңнан аса тұрғындар белсенді қатысты.Бұл бағыттағы игі істер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
«Өзбекстан–Қазақстан қатынастарының жаңа серпіні. Бұхара саммитінен кейінгі қадамдар?» тақырыбында дөңгелек үстел 19.04.2026
2026 жылғы 18 сәуірде Орталық Азия халықаралық институтында Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінің қолдауымен «Өзбекстан–Қазақстан қатынастарының жаңа серпіні. Бұхара саммитінен кейінгі қадамдар?» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара мемлекеттер басшыларының Бұхарадағы бейресми кездесуінің қорытындылары аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру тұрғысынан Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылауға арналды.Пікірталасқа Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының өкілдері, талдау орталықтарының сарапшылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.Қазақстан Республикасынан іс-шараға Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов, сондай-ақ ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының аға сарапшысы Валерий Ситенко қатысты.Спикерлер саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды қамтитын көпжақты ынтымақтастықтың тұрақты оң серпінін қанағаттанушылықпен атап өтті.Талқылау барысында бұрын қол жеткізілген келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыруға, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге, сондай-ақ көлік байланысын нығайтуға және өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылды.Елші Б. Атамқұлов өз сөзінде екіжақты өзара іс-қимылды дамытудың дәйекті әрі тұрақты бағытын сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, оның бүкіл Орталық Азия өңірі үшін мәнін ерекше атап өтті.Сарапшылар, өз кезегінде, Бұхарадағы келіссөздердің қорытындыларына назар аударып, олардың Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдетуге қосымша серпін бергенін атап өтті. Сондай-ақ заманауи сын-қатерлерге уақтылы жауап беру және өңірлік ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін тиімді пайдалану үшін тұрақты сарапшылық диалогты жалғастырудың маңыздылығы айтылды.Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қатынастардың одан әрі дәйекті дамуына сенім білдіріп, барлық негізгі бағыттар бойынша өзара іс-қимылды тереңдетуге дайын екендігін растады.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tashkent/press/news/details/1203834?lang=kk
Қазақстан СІМ басшысы Анталия дипломатиялық форумы аясында ТМҰ СІМ кеңесінің отырысына қатысты 19.04.2026
Анталия, 2026 жылғы 18 сәуір – 5-ші Анталия дипломатиялық форумы аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Түркі мемлекеттері ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ТМҰ СІМК) бейресми отырысына қатысты.Отырыс барысында тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде Таяу Шығыстағы ахуалды ушықтырмау жөніндегі күш-жігерді талқылады. Министрлер өңірдегі жағдайдың одан әрі дамуы және оны тұрақтандырудың ықтимал жолдары жөнінде пікір алмасты.Өз сөзінде Е. Көшербаев Қазақстан Республикасының бейбіт бастамаларды ілгерілетуге бейілділігін атап өтіп, Қазақстан қақтығыстарды тек саяси-дипломатиялық жолмен шешуге табанды түрде шақыратынын мәлімдеді. Осы тұрғыда Қазақстан келіссөздер өткізу үшін алаң ұсынуға дайын екенін тағы да растады.Сонымен қатар министр ағымдағы жылдың мамыр айында Түркістан қаласында өтетін ТМҰ-ның бейресми саммиті ұйымның рөлін одан әрі нығайтуға жаңа серпін беріп, ынтымақтастықты тереңдетуге және қатысушы мемлекеттердің күш-жігерін шоғырландыруға ықпал ететінін атап өтті.Осы тұрғыда сұхбаттасушылар ТМҰ-ның институционалдық дамуының келешек мәселелерін де талқылады.Форум аясында ҚР Сыртқы істер министрі Люксембург Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер және сыртқы сауда, сондай-ақ даму мақсатындағы ынтымақтастық және гуманитарлық істер министрі Ксавье Беттельмен, Боливия СІМ басшысы Ф. Арамайо Карраскомен, Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Кястутис Будриспен, Гвинея-Бисау СІМ басшысы Жоау Бернарду Виейрамен және ЕО-ның Адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Кайса Оллонгренмен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулер барысында екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1203826?lang=kk
Шымкент қаласы полиция департаментінде «Сергек» жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды 18.04.2026
Шымкент қаласы полиция департаментінде «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында департамент бастығының орынбасары Даулеткелді Абдрамановтың төрағалығымен жұмыс кеңесі өтті. Жиын барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын «Сергек» қорғау және тор жүйесінің жұмыс нәтижелері мен оны одан әрі жетілдіру бағыттары қаралды.«Сергек» жүйесі - қала аумағында орнатылған интеллектуалды бейнебақылау кешені. Ол көшелерде, жол қиылыстарында, тұрғын үйлер маңында және қоғамдық орындарда орналасқан «ақылды» камералар арқылы тәулік бойы бақылау жүргізеді. Жүйе жасанды интеллект технологияларының көмегімен жиналған деректерді өңдеп, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.Кеңесте аталған жүйенің негізгі міндеттері ретінде қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін күшейту мәселелері атап өтілді.Сонымен қатар, «Сергек» жүйесінің маңызды мүмкіндіктерінің бірі - автокөліктерді анықтау және іздестіру екені айтылды. Камералар көліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін автоматты түрде оқып, дерекқорлармен салыстырады. Іздестірудегі көлік анықталған жағдайда, тиісті қызметтерге жедел хабарлама жолданады. Бұл ұрланған немесе құқық бұзушылыққа қатысы бар көліктерді қысқа мерзімде табуға мүмкіндік береді.Жиын барысында жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін автоматты тіркеу, апаттардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы жүйенің рөлі ерекше атап өтілді.Қазіргі таңда бұл жүйе қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қылмыспен күресте тиімді құралдардың бірі ретінде өз нәтижесін көрсетіп отыр.
Ашық есік күні: 15 мыңнан астам қазақстандық әскери бөлімдерде саяхатта болды 18.04.2026
Қарулы күштерде бірыңғай Ашық есік күні өтті. Оның аясында еліміздің әр өңіріндегі 50-ден астам әскери бөлім келушілерге есігін ашты. Іс-шараға 15 мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, сондай-ақ мерзімді әскери қызметшілердің ата-аналары мен жақындары бар.  Акция Қарулы күштердің барлық түрлері мен әскер тектерін қамтыды: Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштері, Десанттық-шабуылдау әскерлері және Арнайы операциялар күштері. Қонақтар армия тыныс-тіршілігін ішінен көріп, әскери қызмет туралы жан-жақты түсінік алды.  Іс-шара аясында келушілер казармаларды, асханаларды және тұрмыстық нысандарды аралады. Олар әскери қызметшілердің тұрмыс жағдайымен және күнделікті қызметтің ұйымдастырылуымен танысты.  – Біз әскери қызметтің өту барысын барынша ашық көрсетеміз. Бұл жастар үшін де, ата-аналар үшін де маңызды. Армия – мінез, тәртіп пен жауапкершілік қалыптасатын өмір мектебі, – деді Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев.  Бағдарламаның практикалық бөлігі ерекше қызығушылық тудырды. Мектеп оқушылары мен студенттер әскери қызметшілердің жаттығуларын тамашалап, әскери техникамен және түрлі бөлімшелердің жұмысымен танысты. Сонымен қатар олар өздерін болашақ Отан қорғаушысы ретінде сынап көрді.  Елордадағы №13 мектептің 9-сынып оқушысы Даяна Гуляева алған әсерімен бөлісті:  – Бұған дейін мұндай техниканы тек фильмдер мен жаңалықтардан көретінбіз. Бүгін оны өз көзімізбен көріп, тіпті қолмен ұстауға мүмкіндік алдық. Әсіресе заманауи дрондар мен бронды техника ерекше әсер қалдырды. Бұл – армиямызға деген мақтаныш сезімін оятатын маңызды сәт.  Бағдарлама саптық алаңдағы көрнекі қойылымдармен аяқталды. Әскери қызметшілер саптық дайындық элементтерін, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін және тактикалық іс-қимыл эпизодтарын көрсетті.  Іс-шара соңында қонақтарға сарбаз ботқасы ұсынылды.  Ашық есік күнін тұрақты түрде өткізу қоғамның армияға деген сенімін нығайтып, жастардың әскери қызметке қызығушылығын арттыруға және оның беделін көтеруге ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1203814?lang=kk
ҚР Елшісі Е. Қыстафиннің Лахор қ. жұмыс сапары туралы 18.04.2026
Лахор қ., 2026 жылғы 16-17 сәуірдегі – Қазақстан Елшісі Е.Қыстафин Пәкістанның мәдени астанасы-Лахор қ. екі күндік жұмыс сапарымен барып, Пенджаб провинциясының іскерлік және мәдени орталарымен кездесулер өткізді.Қазақстандық дипломатиялық миссия басшысы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың ү.ж. 3-4 ақпандағы Исламабадқа мемлекеттік сапарының қорытындылары, қол жеткізілген уағдаластықтар мен жоспарлар туралы айтып берді. Қазақстан мен Пәкістан көшбасшыларының сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыстарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылғаны ерекше атап өтілді.Сапар аясында Елші 1865 ж. құрылған және Оңтүстік Азиядағы ең ірі мұражайлардың бірі болып табылатын Лахор мұражайына барды. Пәкістанның, қазақстандық делегацияның тарихи мұрасымен танысу барысында өңірдің ежелгі тарихынан негізгі қорлар, экспозициялар мен сирек кездесетін экспонаттар, оның ішінде дәуірімізге дейінгі 1200 ж. дейінгі кейбір артефактілер көрсетілді.Мұражай директоры Тасир Ахмад мырзамен келіссөздер барысында көрмелерді ұйымдастыру, бірлескен ғылыми зерттеулер, ақпарат алмасу және т.б. мақсатында қазақстандық тараппен ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланды.Әрі қарай Лахор қ. Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығымен және мүшелерімен кездесу өтті. Е.Қыстафин Қазақстан мен Пәкістанның іскер топтарының қатысуымен өткен және жоспарланған іс-шаралар туралы айтып, көліктік-логистикалық дәліздерді дамыту және Қазақстанда бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайларды қалыптастыру бөлігінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.Елші Лахор қ. СӨП-ін Қазақстанға келуге және екіжақты сауда және инвестициялық әріптестікті одан әрі арттыру және әртараптандыру мақсатында алдағы іскерлік форумдар мен тауар өндірушілердің көрмелеріне белсенді қатысуға шақырды.Сонымен қатар, делегация Лахор қ. орналасқан бірқатар ірі кәсіпорындарға барып, өндіріс процесімен және өндірілетін өнімнің ассортиментімен танысты. Бизнесмендер Пәкістан тауарларын қазақстандық нарыққа экспорттауға, сондай-ақ бірлескен кәсіпорындар ашу және Еуразиялық нарықта қатысуды кеңейту мүмкіндіктерін зерделеуге қызығушылық танытты.Сапар аясында Елші «Discover Pakistan» жетекші телеарналарының біріне эксклюзивті сұхбат берді, онда Қазақстан-Пәкістан қатынастарының ағымдағы жай-күйін, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Пәкістанға мемлекеттік сапарының қорытындыларын, сондай-ақ екіжақты күн тәртібін одан әрі тереңдету және кеңейту жөніндегі орта мерзімді жоспарларды атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1203787?lang=kk
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА «ТАЗА АУЛА» АКЦИЯСЫ: 55 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНА ҚАТЫСТЫ 18.04.2026
2026 жылғы 18 сәуірде Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең ауқымды жалпықалалық тазалық күні өтті. «Таза аула» атауымен ұйымдастырылған акция мегаполистің барлық бес ауданын қамтып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға және тұрғындардың туған жерге деген жауапкершілігін арттыруға бағытталды.Ауқымды экологиялық шараға қала тұрғындары, еріктілер, жастар, еңбек ардагерлері, сондай-ақ түрлі мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері және коммуналдық қызмет мамандары белсенді қатысты. Ортақ күш-жігердің нәтижесінде аулалар, көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып, шөптер шабылып, ағаштар бұталып, әктеу жұмыстары жүргізілді.Жалпы акцияға 55 мыңға жуық адам қатысып, 352 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 461 тоннадан астам тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды.Тазалық акциясында қала жастары ерекше белсенділік танытты. 500-ге жуық жас пен ерікті аудан аумақтарында тазалық жұмыстарын ұйымдастыруға атсалысты. Сонымен қатар, іс-шара барысында Шымкент қаласының экологиялық мәдениетін насихаттауға бағытталған қаланың басты экокейіпкерлері Эконай мен Экобек тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға және тазалықты сақтауға шақырды.Аудандық деңгейдегі жұмыстар да жоғары ұйымдасқан түрде өтті. Абай ауданында тазалық жұмыстары Тұран шағын ауданындағы Шмидт көшесінде орналасқан №6 көпқабатты тұрғын үйдің ауласынан басталып, өзге аумақтарда жалғасын тапты. Іс-шараға 22 мыңнан астам адам мен 50 арнайы техника жұмылдырылып, 118 тоннадан астам қалдық шығарылды.Әл-Фараби ауданында №15 шағын аудандағы бірнеше тұрғын үйдің аулалары тазартылып, аумақтар ретке келтірілді. Бұл жұмыстарға тұрғындармен қатар білім беру саласының қызметкерлері, коммуналдық мекемелер мен жастар белсенді қатысты. Жалпы 5 мыңға жуық адам қатысып, 39 арнайы техника тартылды. Нәтижесінде 90 тоннадан астам қоқыс шығарылды.Еңбекші ауданында сенбілік Е. Спатаев көшесінен Айдын көшесіне дейінгі аумақта және Алдияров көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында өтті. Аулалардағы қоқыстар шығарылып, жасыл желекке күтім жасалды. Іс-шараға 13 мыңнан астам адам қатысып, 86 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 65 тонна қалдық шығарылды.Қаратау ауданында «Астана» және өзге де шағын аудандардағы аулалар тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жалпы 6 мыңнан астам адам мен 60 техника жұмылдырылып, 54 тонна қоқыс шығарылды.Тұран ауданында тазалық жұмыстары бірнеше аумақта ұйымдастырылып, Республика даңғылы мен оған іргелес көшелердегі аулалар ретке келтірілді. Негізгі жұмыстар мал базары маңында жүргізілді. Ауданда 9 мыңға жуық адам мен 117 бірлік арнайы техника тартылып, 133 тоннадан астам қалдық шығарылды.Қатысушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы – бір реттік науқан емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді әрі жүйелі жұмыс. Қала тазалығы әрбір тұрғынның күнделікті дағдысына айналған жағдайда ғана мұндай бастамалардың тиімділігі арта түседі.Шымкент тұрғындары бұл жолы да бірлік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Таза орта – сапалы өмірдің кепілі, ал оны сақтау – баршаға ортақ міндет.
Қазақстан мен Хорватия ынтымақтастықты нығайтуға ниетті 18.04.2026
Астана, 2026 жылғы  17 cәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Хорватия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Рефик Шабановичті қабылдады.Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Хорватия арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын жан-жақты талқылап, екіжақты ынтымақтастықтың оң серпінін атап өтті.Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестиция тарту, сондай-ақ білім, ғылым және туризм салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне назар аударылды. Екі елдің іскер топтары арасындағы байланыстарды жандандыру және өзара мүдделі бірлескен жобаларды іске асырудың маңыздылығы атап өтілді.Тараптар сындарлы диалогты одан әрі дамытуға және екіжақты әрі көпжақты форматтардағы, оның ішінде халықаралық ұйымдар аясында тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға дайындығын  білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1203775?lang=kk
Қазақстан Индонезиядағы өңірлік конференцияда жаһандық ядролық қарусыздануға шақырды 18.04.2026
Джакарта, 2026 жылғы 17 сәуір – Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов Индонезия және Аустрия үкіметтері, Халықаралық Қызыл Крест Комитеті мен «Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқан» (ICAN) ұйымы ұйымдастырған Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт (ЯҚТШ) бойынша Азия-Тынық мұхиты өңірлік конференцияға қатысты.Елші өз сөздерінде жаһандық ядролық қарусыздану мен таратпау Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін мәлімдеді. Еліміздің қағидатты ұстанымының негізінде бұрыңғы Семей полигонында жасалған және 1,5 миллионнан астам азаматтың зардап шегуіне әкеп соққан 450-ден астам ядролық сынақтың қайғылы мұрасы жатқаны атап өтілді. Осыған орай дипломат ЯҚТШ-ның ядролық қауіп-қатерлерді толық жоюға жол ашатын негізгі халықаралық құралдардың бірі ретіндегі маңыздылығын атап өтті.Шарт ережелерін іс жүзінде жүзеге асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Елші конференцияға қатысушыларды аталған құжатты әлемнің барлық елдерінің тезірек ратификациялауына ықпал етуге, сондай-ақ Қазақстан мен Кирибатидің ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсету және ластанған аумақтарды оңалтуға арналған Халықаралық траст қорын құру жөніндегі бастамасын қолдауға шақырды.Ядролық қаруға тыйым салу және жаппай қырып-жою қаруынан азат әлемге қол жеткізу жолындағы жаһандық диалогта Қазақстанның «көпір» рөлін атқаруға дайындығы тағы да расталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-jakarta/press/news/details/1203767?lang=kk
«Таза Қазақстан» акциясы Алматы облысында тұрғындарды біріктіруде 18.04.2026
Алматы облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Бұл бастама елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға, жасыл желектерді көбейтуге және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Өңірдің барлық аудандарында тұрғындар сенбіліктерге, ағаш отырғызуға және қоғамдық аумақтарды абаттандыруға белсене қатысуда.Оның айқын мысалдарының бірі – Еңбекшіқазақ ауданы. Мұнда акция әртүрлі буын өкілдерін біріктірді. Алмалы ауылындағы И. Шорманов атындағы орта мектепте «Жасыл мекен – жасыл болашақ» атты экологиялық іс-шара өтіп, педагогтар, оқушылар және жергілікті тұрғындар бірлесе көшеттер отырғызып, аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізді.Мектеп директоры Айжан Талқамбаева атап өткендей, туған жердің тазалығы мен көркеюі әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Оның айтуынша, мұндай бастамалар оқушылардың табиғатқа деген жанашырлық көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.Оқушылар да экологиялық акцияға жоғары жауапкершілікпен қатысып, өз үйлері мен көшелерін көгалдандыруға үлес қосуға ниетті екенін жеткізді. Олардың пікірінше, қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың күнделікті дағдысына айналуы тиіс.Игі бастама Іле ауданында да жалғасын тапты. Мұнда елді мекендерді абаттандыру мақсатында кезекті ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Оған ауыл тұрғындары, мекеме қызметкерлері мен белсенді азаматтар қатысты.Сенбілік барысында Өтеген батыр ауылындағы орталық стадион аумағы, Ажимуратов және Титов көшелері, сондай-ақ №13 орта мектеп маңы тазартылды. Қатысушылар қоқыстарды жинап, стадиондағы орындықтарды сырлап, көгалдарды ретке келтірді.Іле ауданы әкімінің орынбасары Аскар Садыковтың айтуынша, стадионды абаттандыру жұмыстары демеушілердің қолдауымен жүргізілуде және жалғасын табады. Сонымен қатар, Байсерке ауылындағы «Даму» логистикалық орталығында да 500-ге жуық адам қатысқан ірі сенбілік өтті. Мұнда ағаш отырғызу, аумақты тазалау және әктеу жұмыстары жүргізілді.Қарасай ауданында да «Таза Қазақстан» акциясына діни қызметкерлер белсене атсалысуда. «Түркістан» мешіті аумағында көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылып, жиырмадан астам ағаш отырғызылды. Іс-шараға ауданның бас имамы мен теолог мамандар қатысты.Бас имамның айтуынша, әр азамат өз үйі мен айналасын таза ұстауға жауапты, ал мұндай шаралар жас ұрпаққа үлгі болуға тиіс. Сонымен қатар, ол аудан тұрғындарын тазалық пен тәртіпті сақтауға шақырды.Облыс орталығы Қонаев қаласында да ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Биылғы маусымда қала аумағында шамамен бес мыңға жуық ағаш отырғызылды. Жаңа көшеттер көшелер бойына, тұрғын үй аулаларына және бос жатқан аумақтарға егілді.Мамандардың айтуынша, сенбіліктерге тұрғындардың белсенді қатысуы қаланың келбетін жақсартып қана қоймай, экологиялық мәдениетті де қалыптастырады. Қала тұрғындары қоршаған ортаның тазалығы өз еңбегінің нәтижесі екенін түсіне бастаған.Осылайша, «Таза Қазақстан» акциясы қоғамды ортақ мақсат – жайлы, таза және экологиялық қолайлы ортаны қалыптастыру төңірегіне біріктіретін тиімді тетікке айналды. Аталған бағыттағы жұмыстар Алматы облысының барлық аудандарында кеңінен жүргізіліп, ұқсас іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1203768?lang=kk
Кеген ауданындағы Саты ауылында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда 18.04.2026
Кеген ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Аудан тұрғындары үшін бұл бастама тек сенбіліктер өткізумен шектелмей, елді мекендерді, қоғамдық орындарды және туристік бағыттарды абаттандыруға бағытталған ауқымды жұмыстарға ұласты.Экологиялық науқан аясында ауыл тұрғындары, әкімдік қызметкерлері, ұйымдар мен кәсіпорын өкілдері, сондай-ақ қоғамдық ұйым мүшелері көшелерді, аулаларды және әкімшілік ғимараттарға іргелес аумақтарды санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізуде. «Киелі мекен» апталығы барысында тарихи-мәдени ескерткіштердің аумақтарын абаттандыру шаралары ұйымдастырылды.Сонымен қатар, «Жасыл аймақ» бағдарламасы аясында биылғы 15 сәуірде 40 түп шырша көшеті отырғызылды. Бұған дейін 150 жас терек, 40 алма ағашы, 20 алмұрт және 150 қайың егілген болатын.Саты ауылы әкімінің орынбасары Олжас Қырғызжанұлының айтуынша, 4 мамырға дейін «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында ардагерлердің аулаларын абаттандыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Ал «Мөлдір бұлақ» акциясы шеңберінде су айдындары мен жағалауларды қоқыстан тазарту көзделген. Соңғы апталарда ауыл маңынан бірнеше тонна қоқыс шығарылды.Акция аясында көгалдандыру жұмыстарына ерекше мән берілуде. Биыл Саты ауылында және оған іргелес аумақтарда жүздеген көшет отырғызылды. Ағаш егу әр буын өкілдерін біріктіретін игі дәстүрге айналып, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етуде. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1203765?lang=kk
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбілік 18.04.2026
  Көкшетау қаласында Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер  департаментінің қызметкерлері санитарлық тазалау және көркейтілу жалпы қалалық шараларға белсенді қатысуда.Олардың негізгі мақсаты – қоғам назарын қала көшелерінде тазалық сақтауға аудару, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, өскелең ұрпаққа тәрбие беру. Шараларға қаламыздың көшелері мен аулаларын абаттандыруға ниет білдірген қала тұрғындары мен ұйымдарынын өкілдері қатыса алады.Сүйікті қаламызды таза ұстайық! Таза қала - әрқашан әдемі және жас!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-akmola/press/news/details/1203751?lang=kk
Көшпенділер қалашығында ауқымды сенбілік өтіп, 500 түп ағаш егілді 18.04.2026
 «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясында Қонаев қаласындағы «Көшпенділер» қалашығы аумағында жалпы облыстық сенбілік өтті. Аталған шара аясында мәні зор мәдени нысанның маңы қоқыстан тазартылып, айналасына ағаштар егілді.Аталған тазалық жұмыстары мен тал егуге мемлекеттік мекемелер, жеке ұйымдар мен діни бірлестіктердің мүшелері, жастар, волонтерлік және үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ эко белсенділер қатысты. Аталған ауқымды сенбілікте облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев тазалық акциясының тағылымды шара екенін еске салды. «Табиғаты таңғажайып Іле өзенінің жағасындағы «Көшпенділер» қалашығы алда көрнекті туристік нысанға айналмақ. Сондықтан бұла аумақта келушілерге жайлы орта жарату үшін мұнда экопарк салынбақ.Бұл қадам өңіріміздің туристік әлеуетіне тың серпін береді деп ойлаймын. Бүгін сол игі бастамаға үн қосу үшін жиналдық» – деді Ғани Айдарұлы. 300-ге жуық адам қатысқан шарада «Көшпенділер » қалашығы маңына 500 түп ағаш егіліп, Іле өзенінің бойы тазаланды. Экологиялық акцияға қатысушылар табиғатты аялап, қоршаған ортаны таза ұстау – адам баласына жүктелген міндет екенін айтысты. «Жер бетіндегі тау, тастар, теңіздер, яғни, барша табиғат атаулы мен барлық нәрселер – Ұлы Алланың жаратқандары.Әсіресе, осы Табиғат ананы қорғап қалу мәселесінде ағаштарға көңіл бөлудің, тал, шыбық отырғызудың мәні өте зор. Себебі, тал егудің адамзат баласына тигізер пайдасы, жалпы қоршаған ортаға жақсы әсері бар екені баршаға белгілі» – дейді Қонаев қаласындағы Абай мешітінің наиб имамы Хожанепес Сейітұлы.Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенер болсақ, аймақ аумағындағы сенбілікке 32000-ға жуық адам қатысып, 225 техника жұмылдырылды. Сенбілік қорытындысы бойынша 264 тонна қоқыс шығарылып, 17800 түп ағаш отырғызылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аймағымызда қарқынды түрде жалғасуда. alatau_araiy_gazetiАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1203758?lang=kk
Армия спортшысы «Әскер барысы – 2026» турнирінің жеңімпазы атанды 18.04.2026
Алматыда әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен «Әскер барысы – 2026» атағына іріктеу турнирі аяқталды.Еліміз күштік құрылымдарының ең мықты балуандарын біріктірген жарысты, әдеттегідей, Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубы ұйымдастырып отыр.Жарысқа Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі және Шекара қызметінің намысын қорғайтын он команда қатысты. Бұл жолы боз кілемге шыққан 18 әскери спортшының бәрі де жоғары дайындық деңгейі мен жеңіске деген жігерін көрсете білді.Турнир әскери қызметшілер арасында қазақ күресін насихаттауға және олардың дене дайындығы деңгейін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, ол жауынгерлік рухты нығайтып, әскери-қолданбалы спорт түрлерін дамытуға ықпал етеді.Байрақты бәсекенің қорытындысы бойынша бірінші орынды Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубының өкілі ефрейтор Айдар Бескемпір иеленді. Екінші орынға тағы бір армия спортшысы сержант Әділ Оразбаев тұрақтады. Ал үшінші орын Ішкі істер министрлігінің спортшысы майор Жәнібек Дүйсембаевқа бұйырды.Жарыста 1, 2-ші орын алған спортшылар республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде Қорғаныс министрлігінің намысын қорғайтын болады.Армия орталық спорт клубының өкілдері ұдайы жоғары нәтиже көрсетіп жүргенін айта кету керек. Капитан Марат Байқамұров 2025 жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы атанса, лейтенант Ерасыл Қажыбаев – 2024 жылғы турнирдің жеңімпазы және осы беделді республикалық жарыстың үш дүркін күміс жүлдегері.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1203732?lang=kk
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумына қатысты 18.04.2026
2026 ж. 17 сәуірде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия қаласында өткен Анталия дипломатиялық форумының ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шараға сондай-ақ бірқатар мемлекеттердің көшбасшылары мен делегация басшылары қатысты. Аталған форум дәстүрлі түрде саяси диалог, екіжақты және көпжақты байланыстар, сондай-ақ бейресми дипломатия үшін жоғары деңгейдегі халықаралық алаң болып табылады.Форум аясында Мемлекет басшысы «Mapping Tomorrow, Managing Uncertainties» атты панельдік сессияда сөз сөйлеп, халықаралық негізгі сын-қатерлерге қатысты өз көзқарасын білдірді. Қазақстан Президенті стратегиялық ұстамдылықтың маңызын, БҰҰ-ны, ең алдымен Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттігін атап өтті, сондай-ақ жаһандық мәселелерді шешудегі орта державалардың рөлінің артып келе жатқанын айтты. Сонымен қатар, ол Таяу Шығыстағы жағдайға ерекше назар аударып, келіссөздерге және ядролық технологиялардың таратылмауы мәселелеріне басымдық беруге шақырды.Толығырақ: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-antaliya-diplomatiyalyk-forumynyn-paneldik-sessiyasyna-katysty-173471Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1203707?lang=kk
Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ миссиясына толық дайын 18.04.2026
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков Алматы гарнизонына жұмыс сапары барысында үшінші ұлттық бітімгерлік контингенттің БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясын орындауға дайындық барысын бағалады.ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының «Бітімгер» оқу-жаттығу орталығында министрдің орынбасарына әскери қызметшілерді даярлаудың толық циклі көрсетілді. Бағдарлама тактикалық, арнайы, медициналық және тілдік дайындықты, одан өзге халықаралық стандарттарға сәйкес көпұлтты ортадағы іс-әрекеттерді оқытуды қамтиды.Оқыту кезінде барынша жауапкершілікпен жұмыс істеуге және шетелдік контингенттермен өзара іс-әрекетке жіті назар аударылады.Сапар барысында генерал-майор Асқар Мұстабеков орталықтың оқу-материалдық базасымен танысып, қызмет көрсету шарттары мен оқу процесін қалай ұйымдастырылатынын тексерді. Бұдан басқа оған бітімгерлердің заманауи жабдықтары мен БҰҰ миссиясына жіберілетін жеке құрамды қамтамасыз етудің қолданыстағы нормалары көрсетілді.Сапар қорытындысы бойынша ол әскери қызметшілерді даярлау және сабақтарды өткізу сапасының деңгейі жоғары деп атап өтті.Сапар соңы үшінші бітімгерлік контингенттің жеке құрамын салтанатты сапқа тұрғызумен аяқталды. Министрдің орынбасары әскери қызметшілерге қызметі және халықаралық міндеттерді орындауға дайындығы үшін алғыс айтып, Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті қолдауға қосқан үлесінің маңыздылығын атап өтті. Қорғаныс ведомствосының атынан жеке құрамға бағалы сыйлық табыс етілді.БҰҰ-ның Голан жоталарындағы бөлінген аймақты бақылау миссиясы 1974 жылдан бері іске асырылуда. Қазақстан оған 2024 жылдан бастап дербес ұлттық контингент ретінде қатысып келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1203701?lang=kk
Қазақстан БҰҰ-да Таяу Шығыстағы жағдайды деэскалациялау және дипломатиялық жолмен шешуді қолдады 18.04.2026
Нью-Йорк, 2026 жылғы 16 сәуір – Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ штаб-пәтерінде Таяу Шығыстағы жағдай мен Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігіне арналған БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысы өтті. Пікірталастар барысында Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров қазіргі жағдайға қатысты еліміздің ұстанымын жеткізді.Қазақстан өңірдегі шиеленістің артуына алаңдаушылық білдіріп, теңгерімді және өзара қолайлы шешім табудың маңыздылығын атап өтті. Барлық даулар тек диалог пен дипломатия арқылы, сондай-ақ БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына толық сәйкес шешілуі тиіс екені баса айтылды. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатия мен сындарлы диалог ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылыққа жетудің жалғыз сенімді жолы екендігі туралы ұстанымы атап өтілді.Қазақстан қол жеткізілген атысты тоқтату туралы келісімді құптап, оның сақталуына және одан әрі нығаюына үміт білдірді. Сондай-ақ диалогты ілгерілетуге бағытталған қазіргі делдалдық күш-жігердің, оның ішінде бірқатар мемлекеттердің бастамаларының маңыздылығы атап өтілді.Бейбітшілік пен ынтымақтастық қағидаттарына бейілділігін растай отырып, Қазақстан тарапы қажет болған жағдайда келіссөздер өткізу үшін алаң ұсынуды қоса алғанда, дипломатиялық үдерісті қолдауға дайын екенін мәлімдеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/1203688?lang=kk
Шымкентте «Халықаралық волонтерлер жылы – 2026» аясында жастар кездесуі өтті 17.04.2026
Шымкент қаласында еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған маңызды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараны Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ өткізді. Кездесу «Халықаралық волонтерлер жылы – 2026» аясында өтті.Шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы волонтерлік қызметтің маңызын арттыру, жастарды қайырымдылық пен әлеуметтік белсенділікке тарту, сондай-ақ еріктілер арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.Кездесу барысында қатысушыларға волонтерлік қызметтің негізгі бағыттары, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар таныстырылды. Сонымен қатар, жастарға арналған мүмкіндіктер мен жаңа бастамалар кеңінен талқыланды.Іс-шараға Шымкент қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы Азамат Бұхарбайұлы Парманов, «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қорының атқарушы директоры Қайрат Бақытұлы, «ASAA» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Данара Юрьевна Саранова, Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Асқар Рысбекұлы Шәріп, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттік ректоры, «Қазмед жастары» ұйымының жетекшісі Мерей Еламанқызы Асқар қатысып, жастарды еріктілік қызметке белсенді қатысуға шақырды.Кездесуге 600-ге жуық жас пен еріктілер қатысып, өзара пікір алмасты және волонтерлік қозғалысты дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, қоғам игілігі жолында белсенділік танытқан азаматтар алғыс хаттармен марапатталды.Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-сессиясында 2026 жыл Тұрақты даму мақсаттары аясындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жарияланған болатын. Осыған орай, Астана қаласында Волонтерлік жылдың ресми ашылуына арналған республикалық форум өтіп, оған Шымкент қаласынан 20 белсенді жас қатысып, тәжірибе алмасты.Бүгінде Шымкент қаласында 7 мыңға жуық ерікті тіркелген. «Birgemiz» жобасының 8 бағыты бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы волонтерлердің қатысуымен 197 іс-шара ұйымдастырылып, 14 мыңға жуық жас қамтылды. Сонымен қатар, «Жас волонтер» жобасы аясында 5 үздік жоба авторына 1 миллион теңгеден қайтарымсыз гранттар берілді.Экологиялық бағытта «Таза Қазақстан» және «Таза Шым» акциялары аясында ЭКОБЕК және ЭКОНАЙ жобалары жүзеге асырылып, 48 іс-шара барысында 7 мыңға жуық жас қамтылды. Әлеуметтік бағытта 33 іс-шара ұйымдастырылып, 100-ден астам мұқтаж отбасыға көмек көрсетілді. Ал білім беру және қауіпсіздік бағыттарында 10 мыңға жуық тұрғын қамтылды.2026 жылдың алғашқы тоқсанында 40 іс-шара өткізіліп, 4 мыңнан астам жас қамтылды. Биыл волонтерлік қозғалысты дамыту мақсатында екі ірі жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, ерікті көшбасшыларға арналған жазғы лагерь ұйымдастырылып, онда оқыту бағдарламалары, семинар-тренингтер мен командалық ойындар өтеді. Сонымен қатар, «Жас еріктілер корпусын құру» жобасы аясында 6 бағыт бойынша әрқайсысы 1 миллион теңге көлемінде гранттар қарастырылған.
Қазақстан мен KU Leuven маңызды шикізат және тұрақты металлургия саласындағы ынтымақтастықты дамытуды талқылады 17.04.2026
Лёвен, 2026 жылғы 17 сәуір – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Лёвен Католиктік Университетінің Тұрақты металдар мен минералдар институтына (KU Leuven SIM²) барып, институт директоры профессор Питер Том Джонспен кездесу өткізді, сондай-ақ SOLVOMET ғылыми-зерттеу орталығының қызметімен танысты.Кездесу барысында тараптар маңызды шикізат, тұрақты металлургия, айналмалы экономика және ресурстарды өңдеу салаларындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы тұрақты шикізат, аккумуляторлар және жаңартылатын сутегі саласындағы стратегиялық әріптестік жөніндегі 2022 жылғы Меморандумды іске асыруға, сондай-ақ 2025-2026 жылдарға арналған тиісті Жол картасына ерекше назар аударылды.Елші Қазақстанның жаһандық ресурстық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. Елде Еуропалық одақ айқындаған 34 материалдың 21-і өндіріледі. Сонымен қатар, елімізде 103 түрлі пайдалы қазбаның 9 мыңнан астам кен орны бар екені және мыс, хром, титан, фосфор, бериллий, тантал және марганецтің Еуропа нарығына жеткізіліп отырғаны атап өтілді.Осыған байланысты Еуропалық комиссияның қолдауымен іске асырылып жатқан маңызды шикізат бойынша қосылған құн тізбектерін дамыту жөніндегі ЕО механизміне (CRM Facility) ерекше назар аударылды. Қазақстанның осы бастамаға қатысуы инвестиция тартуға, терең өңдеу технологияларын енгізуге және еуропалық өнеркәсіппен ынтымақтастықты қоса алғанда, жаһандық жеткізу тізбектеріне интеграциялануға қосымша мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.Р. Василенко шикізатты өңдеудің заманауи технологияларын енгізудің маңыздылығын атап өтті, оның ішінде сирек элементтерді өндіру, сондай-ақ тау-кен және металлургия қалдықтарын қайта өңдеу мәселелері. Қазақстан тарапы сондай-ақ KU Leuven және SOLVOMET орталығы әзірлемелерін қоса алғанда, озық еуропалық технологиялар мен сараптаманы тартуға қызығушылық білдірді.Сапар барысында Елші SIM² және SOLVOMET орталықтарының ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен, оның ішінде гидрометаллургия зертханалары, еріткіштер арқылы экстракциялау қондырғылары және пилоттық металл өңдеу қондырғыларымен танысты. Орталық қызметі жабық өндірістік циклдерді дамытуға және өнеркәсіптің көміртек ізін төмендетуге бағытталғаны атап өтілді. Тараптар сондай-ақ қазақстандық және еуропалық ғылыми ұйымдардың ЕО бағдарламаларына, оның ішінде Horizon Europe бағдарламасына бірлесіп қатысу мәселелерін талқылады.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен ғылыми зерттеулерді іске асыру, технологиялар трансфері және кадрлар даярлау арқылы ғылыми-техникалық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты тереңдетуге өзара мүдделілігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1203655?lang=kk