Саясат
Астанада 69 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді 04.03.2025
Астанада 2022-2024 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша 69 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Сонымен қатар, осы кезеңде 55 ғимараттың лифтілері жөнделді немесе ауыстырылды.«Ортақ мүлікті күрделі жөндеу жұмыстары екі түрге бөлінеді – минималды және максималды жұмыс түрлері. Жұмыстың минималды түрі жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйесін және үйдегі жылу энергиясын жалпы есептегіштерді орнату арқылы тұрғын үйдің шатырын, кіреберісін және жертөлесін жөндеуді, сондай-ақ ғимараттың техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, қозғалысы шектеулі жандар үшін қолжетімді ортаны құруды қамтиды.Жұмыстың максималды түрі шатырды, кіреберісті, жертөлені, қасбетті жөндеу, жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйесін және жалпы үйдегі жылу есептегіш құралдарын міндетті түрде орнату арқылы лифт жабдығын жөндеу (ауыстыру), тұрғын үйлердің жалпы инженерлік желілерін және өрт қауіпсіздігі жүйелерін орнату/қайта жабдықтау, сондай-ақ ғимараттың техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, қолжетімді ортаны құру болып саналады», - деді «Өркен қала» ЖШС директорының орынбасары Гульвира Абетова.Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге, лифтілерді мемлекеттік бюджеттік кредит есебінен жөндеуге (ауыстыруға) қатысу туралы шешімді көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жалпы жиналыста қабылдауға тиіс.Онда бағдарламаға қатысу фактісі ғана емес, сонымен қатар әр пәтерге, тұрғын емес үй-жайға жүктелген шығындар сомасы бекітілуі керек. Ол барлық тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың алаңдарының мөлшеріне байланысты айқындалады.Сонымен қатар, жалпы жиналыста пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелері бюджет қаражатын қайтару мерзімін анықтауы тиіс. Ережеге сәйкес, ол 7 жылдан 15 жылға дейін болуы мүмкін. Сондай-ақ, жасырын жұмыс түрлерін қоса алғанда, жұмыстарды қабылдау кезінде шығындардың, қызмет көрсетушілер мен жауапты тұлғалардың сметасы да бар.«Астанада күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Тұрғындар аталмыш бағдарламаның операторы болып саналатын «Өркен қала» ЖШС-ге хабарласып, өтінім бере алады», - деп атап өтті Абетова.Айта кетейік, Астанада 2011 жылдан бері жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұрғын үйлерді күрделі жөндеу бойынша мемлекеттік бағдарлама жұмыс істейді. Жөндеуді қажет ететін кез келген көпқабатты үй осы мақсатта бюджеттік несие алуға өтініш бере алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/944696
«Ата жолы» картасы: дүние жүзіндегі этникалық қазақтар тарихи Отанына оралып, елге қызмет ету мүмкіндігін пайдаланады 04.03.2025
Этникалық қазақтарға – басқа елдердің азаматтарына Қазақстанда 10 жыл өмір сүруге және жұмыс істеуге құқық беретін 65 «Ата жолы» картасы берілді. Елімізде өз ісін дамытуға дайын бизнес-иммигранттар 27 карта алды, ал сұранысқа ие мамандар осындай 38 картаның иегері атанды.«Қазақтар қай жерде өмір сүрсе де, олардың жалғыз Отаны – Қазақстан. Сондықтан біз үшін шетелде тұратын отандастарымызды қолдау әрқашан маңызды», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.«Ата жолы» картасын алушылар ішінде инженер-физик, инженер-математик, химиялық технологтар, жақ-бет хирургиясының дәрігерлері, педиатрлар және т.б. мамандар бар, олар Ресей, Германия, Моңғолия, Қытай, Ұлыбритания, АҚШ, Израиль, Франция, Нидерланды, Финляндия, Қырғызстан және Өзбекстан секілді шет елдерден келді.«Ата жолы» картасын енгізудің мақсаты тарихи отанымен байланысты нығайту, ұлттық дәстүрлерді сақтау, Қазақстанда олардың әлеуетін іске асыру үшін елге кәсіпқойлар мен табысты бизнесмендерді тарту болып табылады. Бұл Карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға өз шығу елдерінің азаматтығын сақтай отырып беріледі.«Ата жолы» картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады және еңбек қызметін жүзеге асыру немесе бизнес жүргізу үшін қоныстану өңірін дербес таңдайды.«Ата жолы» картасы бар этникалық қазақ басқа елдің азаматы бола отырып, Қазақстан азаматтарымен және қандастармен тең құқықтарға ие.«Ата жолы» картасының иегерлері (және олардың отбасы мүшелері) мынадай құқықтарға ие:- медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық мекемелерде қызмет және әлеуметтік төлемдер алу;- ҚР Еңбек кодексіне және «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңына сәйкес Қазақстан аумағында жұмысқа орналасу;- ҚР Кәсіпкерлік кодексіне және өзге де құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру;- «Білім туралы» ҚР заңына сәйкес мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарында тегiн орта бiлiм алу, мемлекеттiк орта арнаулы және/немесе жоғары оқу орындарында конкурстық негiзде тегiн орта арнаулы және/немесе жоғары бiлiм алу, жеке оқу орындарында ақылы білім алу;- «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР заңына сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу;- азаматтық саласындағы халықаралық шарттарға және ҚР заңнамалық құқықтық актілеріне сәйкес жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу.«Ата жолы» картасы бар адамдардың ҚР Парламенті мен мәслихаттарына сайлануға, сондай-ақ сайлауда дауыс беруге, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ әрі мемлекеттік қызметке қабылданбайды.Егер «Ата жолы» картасының иесі Қазақстан азаматтығын алатын болса, онда Карта жарамсыз деп танылады.Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдың шілдесінен бастап шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін елге жеңіл кіру/шығу мәселесі пысықталған «Ата жолы» картасы енгізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/944395
Облыс әкімі су тасқынына дайындықты күшейтуді тапсырды 04.03.2025
Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық жиналыс өтті. Қала және аудан әкімдері бейне режимде қатысқан отырыста су тасқынына дайындық барысы, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару, бюджет қаражатын тиімді игеру мәселелері қаралды.Жиында облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен өңірдегі тасқын қаупі бар 9 аудандағы ахуалды бақылап қайтқан облыс әкімінің кеңесшісі, басқарма басшысы және «АMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының атқарушы хатшысы аймақ басшысына есеп берді.Жарма, Ақсуат, Көкпекті аудандарындағы қазіргі ахуал туралы баяндаған облыс әкімінің кеңесшісі тасқынның алғашқы легі өткенше Жарма ауданындағы Шар су қоймасына суды жинамау, Шар қаласының сыртындағы бөгетті ұзарту жөнінде ұсыныс айтты. Көкпекті ауданының Тассай ауылы және өзге де елді мекендердің тұрғындары су тасқыны жағдайында үздіксіз қатынауы үшін Қарағандыкөл айналма жолын кеңейту, Көкжайық ауылындағы су бөгетін ұзарту қажеттігін жеткізді.Бородулиха, Бесқарағай, Абай, Жарма, Ақсуат, Көкпекті, Үржар, Мақаншы, Аягөз аудандарындағы тасқынға дайындық барысымен танысқан аймақ басшысы ескертулерді назарға алып, жұмысты күшейтуді тапсырды.«Көп жылдар әкім болған, өңірдің жағдайын жетік білетін, тәжірибелі басшыларды тасқын қаупі бар, былтыр су басқан аудандарға арнайы жібердім. Ескертулері орынды. Аудан әкімдері тасқынның алдын алу, су арналары мен құбырларды қардан тазарту жұмысын қатаң бақылауға алып, тез арада аяқтаңыздар. Еріген қар суы мен даладан келетін су да назардан тыс қалмасын. Семей, Курчатов қалалары мен Абай, Аягөз аудандарының тыныс-тіршілігімен танысып, су тасқынына дайындық барысын қадағаладым. Алдағы уақытта басқа аудандарға баруды жоспарлап отырмын» деді облыс әкімі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/949757
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Татарстан Республикасының Раисымен кездесті 04.03.2025
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Қазан қаласында Татарстан Республикасының Раисы Рустам Миннихановпен кездесті. Атырау облысынан барған делегацияның жұмыс сапары аясындағы жүздесу аймақаралық әріптестікті нығайту, Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуды көздейді, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.Кездесуде сөз алған Серік Шәпкенов жылы қабылдауға ризашылығын білдіріп, мұнай-химия саласындағы ықпалдастықтың маңызына баса назар аударды:“Атырау — Қазақстанның мұнайлы астанасы, ал Татарстанның бұл салада тәжірибесі мол. Сіздерде жолға қойылған технологиялар мен тәжірибелерді жоғары бағалаймыз. Бізге мұнай-химия кешенін дамытуды жеделдету қажет, бұл процесте тиімділігі дәлелденген сәтті әдіс-тәсілдерді негізге алу маңызды стратегиялық қадам болмақ. Біз озат тәжірибелерді зерделеп, оны өз өңірімізде енгізуге мүдделіміз”,- деді облыс әкімі.Тараптар экономикалық және өнеркәсіптік серіктестіктің перспективалары жайында әңгімелесіп, заманауи технологияларды енгізудегі тәжірибемен алмасты, сондай-ақ энергетика, мұнай-химия, машина жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, IT, басқа да стратегиялық бағыттар бойынша әріпстестіктің мүмкіндіктері жайында да сөйлесті.Татарстан Раисы Рустам Минниханов біріге жұмыс жасаудың әлеуеті жоғары екенін атап өтті:“Мемлекет басшылары Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық деңгейдегі серіктестікті белсенді қолдап келеді. Біз арадағы туыстық қарым-қатынасты бағалаймыз. Қазақстан — Татарстанның шетелдік жетекші серіктестерінің бірі”.Кездесуде индустриялық аймақты дамыту, инвестициялық тартымдылық, сондай-ақ қалалар мен ауылдарда жайлы орта құруға қатысты сұрақтарға да баса мән берілді.Атырау облысының делегациясы Татарстан Раисының бастамасымен жасалған екі күндік сапарда бірқатар өнеркәсіптік нысанда болып, мұнай-химия, IT-индустрия және білім беру мекемелерінің тынысымен танысты.Келіссөздер нәтижесінде Атырау облысының экономикалық дамуына бағытталған біріккен жобаларды іске асыру көзделген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/945559
2025 жылғы наурыз айына арналған Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры қойылымдарының репертуары 03.03.2025
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/949295
Ақтөбе өңірінде спортпен шұғылданатын адамдар санын арттыру үшін бұқаралық спортты дамыту орталығын ашу ұсынылды 03.03.2025
Облыстағы бұқаралық спортты дамыту мәселелері талқыланған аппарат мәжілісінде Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов өңірдің әр ауданында «Бұқаралық спортты дамыту орталығын» ашуды ұсынды.Ұсыныс тұрғындардың спорттық іс-шаралар мен нысандардың қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ адамдарды, әсіресе жастарды көбірек тұрақты дене шынықтыру сабақтарына тартуға бағытталған.«Орталықтың жұмысы спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға, спорттық жобаларды ілгерілетуге, салалық спартакиадаларды жаңғыртуға, мектеп және студенттер лигаларын өткізуге, сондай-ақ спорттық урбанистиканы дамытуға бағытталады. Әр ауданда осындай орталықтар құру спорт инфрақұрылымын жақсартып, спортпен шұғылданатындардың санын көбейтуге және мүмкіндігі шектеулі жандарды қоса алғанда, сапалы спорттық қызметтерге қол жеткізуге көмектеседі. Зейнеткерлік жастағы жандарға бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөлінбек, бұл дене саулығын сақтап қана қоймай, аға буынның өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Мейрамбек Махамбетов.Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде өңір халқының 43%-ін құрайтын 407 мың адам жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Былтыр 2 971 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 394 мыңнан астам адам қатысқан.2025 жылы Ақтөбеде кем дегенде 22 спорт түрін дамытатын мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт кешенін ашу жоспарлануда, бұл халықтың осы санаты үшін спорттық іс-шаралардың қолжетімділігін едәуір арттырады.Айта кетейік, биыл облыста 20 наурызға жоспарланған ұлттық спорт күніне орай қазақ күресі, садақ ату, арқан тарту, асық ату және ләңгі тебуден жарыстар өтеді. Сондай-ақ, 1 маусымда «Жүгіру марафонын» және еркін күресті насихаттау бойынша «Wrestling Stars» жобасын өткізу жоспарланған. 16 тамызда Спорт күні – «Қажымұқан жолы» жобасы ұйымдастырылмақ. Қыркүйек айында Мөңке бидің 350 жылдығына орай аударыспақтан халықаралық турнир өтеді.Облыс әкімі «Бұқаралық спортты дамыту орталықтарын» ашу идеясын пысықтауды тапсырды. Ол спорт жөніндегі кеңестің жұмысын күшейту және балалардан бастап дене шынықтырумен тұрақты айналысуға көбірек жастарды тарту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, әкім паралимпиадалық спортты дамытудың және мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасаудың, соның ішінде олар үшін спорт кешенін ашудың маңызын сөз етті.«Бұқаралық спортты дамыту – бұл спорт нысандарын құру ғана емес, халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру. Біз инфрақұрылымды жақсарту, мамандарды оқыту және барлық деңгейдегі спорттық бастамаларды қолдау бойынша жұмыс істеуіміз керек. Бұл бізге ұлт денсаулығын нығайтып қана қоймай, халықаралық аренадағы спорттық жетістіктер деңгейін арттыруға көмектеседі», - деді әкім.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/949795
Балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматы облысының әкімімен кездесіп, жаңа ғимаратты аралайды 02.03.2025
Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаев қаласына барып, жаңа ғимараттың құрылысымен танысады. Бұл туралы Алматы облысының білім басқармасы хабарлады.2 наурызда балалар үйіне Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева барып, мекеме ұжымы және тәрбиеленушілерімен кездесті. Кездесу барысында қызметкерлер қоныс аудару және жұмыс орындарын сақтау мәселелерін көтерді.3 наурызда балалар жаңа мекемені қарап, ондағы тұрмыс жағдайымен танысып облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездеседі. Жаңа ғимаратты көретін тәрбиеленушілер қатарында Кирилл Капранов, Алексей Некрасов және Денис Узлов бар.“Балалар үйі мен оның тәрбиеленушілеріне қатысты барлық мәселелер біздің бақылауымызда. Жаңа ғимаратты қажетті жабдықтармен, көлікпен және мектеп құралдарымен қамтамасыз ету ғана емес, балалардың қауіпсіздігін сақтай отырып, қолайлы жағдай жасау да маңызды”, — деп атап өтті Салтанат Беспаева.Сондай-ақ, басқарма әлеуметтік желілерде тараған жер учаскесінің аффилиирленген тұлғаларға сатылуы туралы қауесеттерді жоққа шығарды.Жаңа кешен 240 орынға есептелген және аумағы 4000 шаршы метрды құрайды. Құрылыс 1963 жылы салынған ескі ғимараттың апатты жағдайына байланысты жүргізілуде. Жаңа мекеме құрамында кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы да жұмыс істейді. Ғимарат 900 орындық мектептің жанында орналасады. Балалардың қатынауы үшін 14 орындық автобус бөлінді. Алматыға дейінгі қашықтық – 65 км.Бұдан бөлек, тәрбиеленушілер 21 наурызда Қонаев қаласында өтетін Наурыз мейрамына шақырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/948954
Астанада оқушылар ұстаздарына ерекше жолмен алғыс білдірді 28.02.2025
Елордадағы «Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде Алғыс айту күніне орай 250-ге жуық оқушы ұстаздарына ерекше алғыс білдірді, деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.Мектеп қабырғасында түсірілген әсерлі видеожазбада бастауыш сынып оқушылары музыка пәнінің мұғалімі Талғат Желдібаевтің «Алғыс айту» әнін шырқады.«Бүгін мектебімізде Алғыс айту күніне орай оқушыларымыз ұстаздарын қарсы алып, шынайы ризашылықтарын білдірді. Бізге бейбіт өмір, тұрақтылық пен болашаққа нық қадам басу мүмкіндігін берген қасиетті жерімізге мың алғыс»,- деді мектеп директоры. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/947967
Алматы облысының әкімі Қырғыз Республикасының Бас консулымен кездесті 27.02.2025
Қонаев қаласында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қырғыз Республикасының Алматыдағы Бас консулы Жеңішбек Асанқұловпен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, туризм және кәсіпкерлік саласындағы жоспарларды талқылады. Кездесуде екі елдің іскерлік қоғамдастығын бірлескен жобаларға белсенді тарту арқылы серіктестікті дамытуға өзара мүдделілік білдірілді. Қазақстан мен Қырғызстан 33 жыл бойы достық және ынтымақтастық дәстүрлеріне негізделген тату көршілік қарым-қатынасты сақтап келеді. Осы уақыт ішінде экономика, логистика, мәдениет және білім беру сияқты түрлі салаларды қамтитын 150-ден астам келісімді қамтитын берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. • Екі мемлекет үкіметаралық, парламентаралық және өңіраралық деңгейлерде белсенді ынтымақтастық орнатып келеді. Тек соңғы жылдың ішінде ғана ел басшылары әртүрлі іс-шаралар аясында алтыдан астам кездесу өткізді, – деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев. – Біз бұл байланысты одан әрі нығайтып, жаңа жобаларды іске қосып, серіктестік деңгейін көтеруіміз керек. Кездесуде экономикалық өзара іс-қимыл, логистика және бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қырғызстан – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі, ал 2024 жылы Алматы облысы мен көршілес республика арасындағы тауар айналымы 12%-ға өсіп, 150 млн АҚШ долларын құрады. Өңірде қырғыз капиталының қатысуымен 31 кәсіпорын және 8 бірлескен компания жұмыс істейді. Сондай-ақ қырғызстандық ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін көтерме тарату орталығын құру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл логистиканы жақсартып, көлік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. • Біздің басты міндетіміз – екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыру. Біз тауар айналымының өсуіне, бірлескен кәсіпорындар құруға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз. Кәсіпкерлік қызметті кеңейту үшін бизнес-форумдарды ұйымдастыру маңызды, – деп атап өтті Жеңішбек Асанқұлов. Сондай-ақ тараптар туризм әлеуетін дамыту және өңіраралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Алматы және Ыстықкөл облыстарындағы танымал маршруттарды біріктіретін бірыңғай тау-туристік кластерін құру мүмкіндігі қарастырылды. Бұл көбірек турист тартуға және туризм индустриясының инфрақұрылымын нығайтуға мүмкіндік береді. Тараптар мәдени ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті, оның ішінде академиялық алмасу бағдарламаларын кеңейту, өнер саласындағы серіктестік және бірлескен мәдени іс-шаралар ұйымдастыру мәселелері қаралды. Кездесу соңында қатысушылар сындарлы диалог үшін алғыстарын білдіріп, одан әрі ынтымақтастық екіжақты қатынастарды нығайтуға және жаңа стратегиялық бастамаларды жүзеге асыруға ықпал ететінін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/946893
Педагогикалық шеберлік байқауының облыстық кезеңінде үздік педагог анықталды 27.02.2025
Щучинск қаласының жоғары колледжі аланында «Білім беру» саласы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында облыстық кәсіптік шеберлік конкурсы өтті.Іс-шара педагогикалық мамандықтар мен жалпы білім беретін пәндер оқытушысы мамандығының мәртебесін арттыруға, педагогикалық тәжірибемен бөлісуге және танымал етуге ықпал етеді.Конкурсқа 16 колледжден жалпы білім беретін және арнайы пәндердің 22 оқытушысы қатысты.Жарыс барысында педагогтар жоғары теориялық білім, кәсіби шеберлік және заманауи мультимедиялық технологияларды оқыту тәжірибесінде шебер қолдануды көрсетті.Байқау соңында келесі бағыттар бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды: Педагогикалық мамандықтар бойынша:1 орын- Әлия Заманбекова, Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі;2-орын- Наталья Короткова, Щучинск қаласының, жоғары педагогикалық колледжі;3-орын- Гүлзат Жұманбаева, Жоғары қазақ гуманитарлық-техникалық колледжі.Жалпы білім беретін пәндер бойынша:1 орын - Арайлым Басымова, Щучинск қаласының, жоғары педагогикалық колледжі;2 орын - Қарлығаш Қалиева, Көкшетау қаласының, Жоғары техникалық колледжі; Сарша Жанар, Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі.;3 орын - Гүлнара Жексенбаева, Ш. Уәлиханов атындағы университетін жанындағы көпсалалы колледж.Сонымен қатар, «Кәсіпкерлік үшін» номинациясы бойынша білім басқармасының дипломдарымен Анастасия Семерная, Есіл қаласы. агротехникалық колледжі; Лилия Домбровская, Ветеринария және биотехнология жоғары колледжі; Светлана Злочная, Щучинск қаласының,Жоғары техникалық колледжі; Айжан Қабдешова, Ш. Уәлиханов атындағы университетін жанындағы көпсалалы колледж марапатталды.Байқаудың барлық қатысушылары сертификаттармен марапатталды. Облыстық турдың жеңімпаздары конкурстың республикалық кезеңінде Ақмола облысын таныстырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/946694
ҚР АШМ инвестициялық субсидиялауға қолжетімділікті кеңейтуде 27.02.2025
Ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап фермерлер үшін қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін инвестициялық субсидиялау қағидаларына өзгерістер қолданысқа енгізіледі. Импорттық ауылшаруашылық техникасын 2024 жылдың 25 мамырына дейін (қоса алғанда) сатып алған фермерлер үшін субсидиялау қайта басталады. Осы бағыт шеңберінде фермерлер астық және бұршақ дақылдарын себуге арналған сепкіштерді, егіс кешендерін, соқаларды, тырмаларды, қопсытқыштарды, тіркемелі және аспалы орақтарды, пресс-жинағыштар мен шөп шапқыштарды қоса алғанда, агрегаттардың қажетті тізбесін сатып алуға жұмсалған шығындардың 15% өтей алады. Егін шығынын азайту үшін зиянкестерге қарсы дақылдарды өңдеу үшін пайдаланылатын жылжымалы астық кептіргіштер мен дрондарды, сондай-ақ аспалы және тіркемелі желдеткіш бүріккіштерді субсидиялау түрінде қолдау қарастырылған. Ақбөкендердің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді таптап кету жағдайларын болдырмау мақсатында осы мәселе өзекті болып табылатын облыс әкімдіктерінің жергілікті бюджет қаражаты есебінен қоршауларды (топсалы тор және бағаналар) инвестициялық субсидиялау көзделген. Сенім білдірілген өкілдер (агенттер) арқылы қаржыландыруды алатын АӨК субъектілері үшін субсидиялауды таратуға қатысты түзетулер қабылданды. Қазіргі уақытта мұндай бағдарламалар ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда микрокредит беру қағидалары ("ауыл аманаты" бағдарламасы) және АӨК саласындағы жобаларға кредит беру қағидалары (СҚО тәжірибесін тираждау) шеңберінде іске асырылуда. Қаржы лизингі шеңберінде сатып алынған техника, машиналар мен жабдықтар бойынша субсидиялауға өтінімдер беру кезінде субсидиялауды оңтайландыру үшін шот-фактураны ұсыну жөніндегі талап алынып тасталды. Мемлекет басшысының тапсырмасы және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының ұсынысы бойынша өңделген өнім үлесін ұлғайту шеңберінде құрғақ сүт және/немесе сүт сарысуын өндіруге арналған жабдықтар сатып алу енгізілді. Қант зауыттарын құру және кеңейту кезіндегі шығындарды өтеу үлесі 25% - дан 40% - ға дейін ұлғайды. Отандық құс шаруашылығын ұлғайту жөніндегі міндеттерді іске асыру мақсатында жұмыртқа және ет бағытындағы құс шаруашылығында асыл тұқымды репродукторды құру және кеңейту кезінде шығындарды өтеу үлесі 25% - дан 40% - ға дейін ұлғайтылды. Бұл жұмыртқа құс фабрикаларын соңғы үлгідегі тәуліктік тауықтармен қамтамасыз ету мәселесін шешуге мүмкіндік береді. 40% өтем үлесімен тауық жұмыртқасын қайта өңдеу зауытын салу мен кеңейтуді субсидиялау жөніндегі бағыт енгізілді. Бұл өзгерістер фермерлер мен аграрлық кәсіпорындарға, әсіресе жабдықтар мен басқа да өндірістік ресурстарға бағаның өсуі жағдайында қаржылық жүктемені азайтуға, ауыл шаруашылығы өндірісінің өсуі мен жаңғыртылуын ынталандыруға, сондай-ақ оның ішкі және халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/947089
Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы тағайындалды 26.02.2025
Алматы облысы әкімінің өкімімен Айбол Тиналович Кулбаев 2025 жылғы 26 ақпаннан бастап Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.Айбол Тиналович 1986 жылы туылған, білімі жоғары, 2008 жылы Қазақ спорт және туризм академиясында «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бакалавры, 2010 жылы «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша магистрі, 2015 жылы «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша докторы дәрежелерін алған. 2018 жылы Ресей Халықаралық Олимпиадалық университетінде «Спорттағы менеджмент пен маркетинг» мамандығы бойынша қосымша кәсіби білім беру бағдарламасын аяқтаған.Еңбек жолын 2009 жылы Алматы технологиялық университетінің технология-экономикалық колледжінің оқытушысы болып бастаған.Әр жылдары Қазақ спорт және туризм академиясының аға оқытушысы, ғылым, халықаралық байланыс және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры, бөлім жетекшісі, ғылым және стратегиялық даму жөніндегі проректоры, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры лауазымдарында қызмет атқарған.2024 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қ.Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің директоры лауазымында қызмет атқаруда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/946016
Үкімет резервінен шаруаларды қолдауға 116 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді 25.02.2025
Үкімет резервінен отандық шаруаларды қолдау үшін 116 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. Құжат 2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының көктемгі егіс пен жиын-терім жұмыстарына кемінде 700 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыруды қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмасын орындау шеңберінде қабылданды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолжетімді несие арқылы қолдау және шаруалардың қаржылық жағдайын тұрақтандыру мақсатында қаулыға сәйкес Үкімет резервінен шамамен 116 млрд 772 млн теңге бөлу қарастырылған. Қаражатты 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын сапалы жүргізу үшін, сондай-ақ отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін АӨК субъектілерін қаржыландыруға бағыттау жоспарланған. Бұл әрі қарай елде өндірілген және құрастырылған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды қаржыландыруға, кейін оны лизингке беруге, сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан несие шарттарын кепілдендіру кезінде комиссияны арзандату үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау арқылы жүзеге асырылады. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының 2024 жылғы 7 ақпанда өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарына қаржыландыру көлемін арттыру мақсатында алғашқы 100 млрд теңгені 2024 жылдың желтоқсанында бөлген болатын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/945329
Шалқар мұражайында он үш мыңға жуық экспонат бар 25.02.2025
Облыс әкімі Шалқар ауданының тарихи-өлкетану мұражайына барды.1955 жылы салынған ғимаратта орналасқан мұражай құрылғаннан бері айтарлықтай кеңейді. Егер алғашқы жылдары мұнда тек 500 экспонат болса, бүгінде олардың саны 12 773 құрайды. Музейде 1870 жылы Шалқар қаласы құрылғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі өлке тарихын бейнелейтін жәдігерлер ұсынылған.2007 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, экспозициялар жаңартылып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық мәдениет пен дәстүрлерге арналған сегізінші зал ашылды.Әкім музей экспозицияларымен, сирек кездесетін тарихи көне заттар, этнографиялық материалдар және мұрағаттық құжаттармен танысты. Асхат Шахаров мұражай директоры Нағима Тілембаева және мекеме қызметкерлерімен әңгімелесіп, тарихи-мәдени мұраны сақтау және мұражайды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/943876
Рамиль Камалов Төтенше жағдайлар вице-министрі болып тағайындалды 25.02.2025
ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 21 ақпандағы қаулысымен бұрын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы болған Камалов Рамиль Фаткулович Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі болып тағайындалды. 1976 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Білімі арнайы жоғары. Азаматтық қорғау органдарында 1993 жылғы қыркүйектен бастап қызмет атқаруда. Мемлекеттік өрт қадағалау инспекторынан Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасына дейінгі лауазымдарда қызмет атқарды. Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментін басқарды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/943632
Қазақстандағы авиациялық туризм: Ұйғыр ауданындағы жаңа ұшу орталығы 25.02.2025
Қазақстандағы авиациялық туризм жаңа деңгейге көтерілуде. 2009 жылы құрылған Авиациялық туризм федерациясы шағын авиацияны дамытып, көкте қалықтауды армандайтындардың барлығына мүмкіндіктер ашуда. Енді ұйым Шонжы ауылында ауқымды жобаны жүзеге асырып жатыр – жеңіл моторлы ұшақтарға арналған аэродром, ангарлар, жанармай бекеті және қажетті инфрақұрылымы бар заманауи авиациялық алаң құрылмақ. Жоба Ұйғыр ауданы әкімдігінің қолдауына ие болып, әкімдік жер телімін бөлу мен құжаттарды рәсімдеуге көмектесуде.Ал федерация өз кезегінде жобаға атсалысқысы келетін қатысушыларды тартып, авиациялық туризмнің жаңа орталығын құруға күш салуда. Болашақ авиациялық орталықтың орны кездейсоқ таңдалмаған. Шонжы ерекше табиғи жағдайларымен ерекшеленеді: кең ашық кеңістік, ұшып-қонуға қолайлы жер бедері, ауа райының қолайлылығы, яғни желдің әлсіздігі, бұл өз кезегінде ұшулардың қауіпсіздігін арттырады. Сондай-ақ әуеден қарағанда ғажайып табиғи көріністер ашылып, сирек кездесетін флора мен фаунаны, Қызыл кітапқа енген жануарларды көруге мүмкіндік бар.Бұл аймақ авиациялық саяхат әуесқойлары үшін ең тартымды орындардың біріне айналуы мүмкін. Федерация тек аэродром салумен шектелмейді – мұнда авиациялық туризмнің үш бағыты бірден дамытылады: әуе шарлары, парапланеризм және мотодельтапландар. Басты бағыттардың бірі – әуе шарларымен ұшу. Федерацияның тең құрылтайшысы Мирослав Малыхин 2011 жылдан бері әуеде қалықтаумен айналысып келеді. Ол алғашында парапланмен ұшып, Шымбұлақта туристік ұшулар ұйымдастырып, Алматы мен Өзбекстандағы фестивальдерге қатысқан. Уақыт өте келе Қазақстанда әуе шарларын дамыту қажеттігін түсініп, федерациямен бірге бұған ең қолайлы орынды іздеуге кірісті. Оған Каппадокия тәрізді ұзақ уақыт желсіз болатын аймақ қажет болды. Ұзақ іздеуден кейін федерация екі тау арасындағы ерекше жерді тапты, мұнда жылдың көп бөлігінде ауа-райы тұрақты, жел жоқтың қасы. 2025 жылдың қараша айынан бастап бұл жерде аэрологиялық зерттеулер мен сынақтық ұшулар жүргізілуде. Қазіргі таңда ұшулар тек арқанға байланған күйде жүзеге асуда, бірақ барлық ресми рұқсаттар алынған соң, әуе шарлары 1 шақырым және одан да жоғары биіктікке еркін көтерілетін болады. Екінші бағыт – парапланеризм.Шонжы маңында табиғи биіктіктер болмағанымен, федерация бұл мәселені шешудің жолын тапты – парапландарды жоғары көтеру үшін арнайы лебедка орнатылады. Үшінші бағыт – мотодельтапландар. Федерация бұл әуе көлігін дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Қонақтар тек әуеде ұшып қана қоймай, өздерінің әсерлі сәттерін GoPro камерасымен жазып, естелік ретінде сақтай алады. Шонжыдағы аэродром құрылысы авиациялық туризмді дамытудағы маңызды қадам болмақ. Әкімдіктің қолдауымен федерация жер телімін алып, оны абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта жеңіл моторлы ұшақтарға арналған ұшу-қону жолағын салу, ангарлар мен техникалық қызмет көрсету аймақтарын жабдықтау, сондай-ақ ұшқыштар мен туристерге ыңғайлы инфрақұрылым жасау жоспарлануда. Коммерциялық ұшулар басталғаннан кейін барлық табыс жобаны одан әрі дамытуға жұмсалады.Авиациялық туризм федерациясы бұл жобаның Қазақстандағы шағын авиацияны дамытуға серпін беретініне сенімді. Шонжы әуе шытырман оқиғаларының орталығына айналып, адамдарға биіктен әлемді тамашалауға, еркіндікті сезінуге және ұмытылмас әсер алуға мүмкіндік береді. Енді аспан баршаға ашық - ол бұрынғыдан да жақын!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/944498
Облыс әкімі аудандарға жұмыс сапарын Абай ауданынан бастады 24.02.2025
Абай облысының әкімі Берік Уәли аудандарға жұмыс сапарын Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлылар дүниеге әкелген қастерлі мекен Абай ауданынан бастады. Сапар барысында аймақ басшысы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына дайындық мәселесін пысықтап, аудандағы бірнеше әлеуметтік-мәдени нысанда болды.Аймақ басшысы әуелі Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесіне барып, ұлылар рухына тәу етті. Мемориалдық кешенді, Абайдың музей-үйі мен қызмет көрсету орталығын аралады. Мерейтой өтетін Қарауыл төбеге, Абай саябағына, аудандық Мәдениет үйіне барып, іс-шаралар жоспарымен, жаңа жобалармен танысты. Облыс әкімі аудандағы барлық мәселелер туралы сұрап-білді.Аудан әкімі Мейіржан Смағұлов Жидебайды интернетпен қамту үшін антенналық матчты құрылғы орнатуға көмек көрсетуді сұрады. Оның айтуынша, соңғы жылдары Жидебайға келетін туристер саны көбейгенімен оларға қызмет көрсетететін орын тапшы. Мемориалдық кешен аумағын тазалайтын техникалар жетіспейді, бұған жауапты қызметкерлердің жалақысы мардымсыз.Аудан әкімі бұдан бөлек Ақшоқыдағы Құнанбай әулеті жерленген қорым мен сондағы Құнанбай музейіне апаратын 21 шақырым жолға асфалть төсеуге жәрдемдесуді өтінді. Бұған сұраныс та бар. Өйткені, қасиетті мекенге келетін туристер қатары күннен күнге көбейіп келеді. Облыс басшысы Жидебайдың инфрақұрылымын нығайтуға, ауданда туризмді дамытуға байланысты жуық арада кешенді жоспар әзірлеп, ұсынуды тапсырды.«Аудандарға алғашқы сапарымды ұлылар туған топырақтан бастауым бекер емес. Биыл – Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдық құттықтауында: «Ұлы Абайдың мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек» деген болатын. Үкімет бұл бағытта көптеген жұмыстарды қолға алып жатыр. Ойшыл есімін иеленген облыс болғандықтан бізге артылған жауапкершілік жүгі салмақты. Мерейтойға дайындықты қазірден бастап, жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Тәрбиелік мәні зор, тағылымы мол шараларға басымдық беретін боламыз», — деді аймақ басшысы.Облыс әкімі Ақшоқыдағы Құнанбай қорымына да барып, зиярат жасап, Құнанбай музейінің жұмысымен танысты. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов дүниеге келген Бөріліге ат басын тіреп, сондағы музейді көрді.Аймақ басшысы сапар барысында Қарауыл ауылында қайта жаңғыртылып жатқан әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен де танысты. Екі қабатты ғимаратты ауданның тумасы Сейфолла Рахымбаев «Ауылына қарап – азаматын таны» жобасы аясында мемлекетке сыйға тартыпты. Нысанды жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Мұнда аудан тұрғындары оңалту шараларын алатын болады. Облыс әкімі құрылысты уақытында аяқтап, ғимараттың маңын абаттандыруды тапсырды.«Бүгін Абай ауданының тарихи-мәдени нысандарын аралап, өңірдің барлық өзекті мәселелерімен таныстым. Қазіргі таңда облыстық бюджетті қайта қарап жатырмыз. Ауданға барынша қолдау білдіреміз. Қала, аудан әкімдері тек бюджет қаржысына иек артпай инвестиция тартуға көңіл бөлуі керек. Бұған Президент те, Үкімет те ерекше мән беріп отыр. Сондықтан басқа аудандар да Сейфолла Рахымбаев секілді туған жеріне жанашыр азаматтармен бірлесе жұмыс істеп, өскен-өнген өңірін көркейтуге жұмылдыруы қажет. Бұл – барлығымызға ортақ міндет», — деді облыс әкімі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/943851
Аманғали Бердалин Қызылорда облысының АӨК салаларының даму үрдісін тексерді 24.02.2025
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болды.Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесуде өңірдегі АӨК салаларын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.Қызылордада халықпен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу өтті, онда Аманғали Бердалин ауыл шаруашылығын дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелеуге 700 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, қаржыландыру 2024 жылдың қараша айында басталды. Жеңілдетілген лизингке бөлінетін 200 млрд теңге 5,4 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мүмкіндік береді.Әкімдіктердің алдын ала деректері бойынша Қазақстан бойынша жалпы егіс алқабы 23,7 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 369,6 мың гектарға артық."Айналым қаражатын сатып алуға жылдық 5%-бен 48 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзделген. Бордақылау алаңдары мен құс фабрикаларын 50 млрд теңгеге қаржыландыру жоспарлануда. Жеңілдетілген несиелерді тиімді пайдалану үшін біз фермерлерді субсидиялаудан несие берушілерді, техника өндіретін зауыттарды, тыңайтқыштарды және суармалы су жеткізушілерді субсидиялауға көштік. Бұл шаралар субсидиялаудың ашықтығын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Субсидиялардың тиімділігін бағалау үшін өндірілетін өнім көлемін ұлғайту бойынша қарсы міндеттемелер енгізілуде",-деді вице-министр.Аманғали Бердалин сондай-ақ шаруа және балық өсіру шаруашылықтарының жұмысымен танысты, ветеринария саласындағы мамандармен сою пункттерін ветеринариялық-санитариялық сараптаудың цифрлық платформасын талқылады, бірқатар тапсырмалар берді.Сондай - ақ, өңірде бюджет қаражаты есебінен де, әлеуметтік жауапты бизнес қаражаты есебінен де салынып жатқан ветеринариялық пункттер құрылысының барысына оң баға берді.Жергілікті атқарушы органдар ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын жоғары қарқынмен жақсартуда, өңірде көлік құралдарының 75% жаңартылды.Аманғали Бердалин Жалағаш, Қазалы және Арал аудандарының ветеринариялық пункттерінің жұмысымен танысты. Бордақылау алаңдарын, балық өсіру шаруашылықтары мен балық өңдеу кәсіпорындарын салу жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.Мәселен, 2023 жылдан бастап "Жұмабай" ШҚ тұқы балық түрлерін өсіру үшін сумен жабдықтаудың тұйық жүйесін енгізуде. Іске қосылғаннан кейін ішкі нарыққа жылына 200 тоннадан астам сазан мен африкалық сом жеткізіледі.Ағымдағы жылы қуаттылығы 50 тонна тұқы балық түрлерін құрайтын "Бақыт" тоған шаруашылығы пайдалануға беріледі. 2024 жылдың маусымында тоғандарға 4 миллион дана тұқы шабақтары шығарылды, ал қыстайтын тоғандарда қазіргі уақытта орташа салмағы 15-100 грамм болатын 100 мың дана шабақ бар.Терең өңдеу технологияларын "АРАЛ SEA FOOD" ЖШС балық өңдеу зауытында енгізуде. Мұнда қуаттылығы жылына 4 мың тонна балық филесін өндіру жолға қойылады. Келесі қадам-балық қалдықтарын өңдеу және балық ұны мен балық майын өндіру. Өнімдер Қазақстанда және ТМД елдерінде сатылатын болады.Вице-министр сондай-ақ Қамыстыбас балық питомнигіне барды, онда 1966 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тұқы балық түрлерінің шабақтарын жасанды өсіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ауданы 263 га балық өсіретін тоғандарда жыл сайын 15 млн шабақ өсіріледі, олар Кіші Арал теңізіне, Сырдария өзеніне және Қамыстыбас көліне шығарылады.Балық питомнигінің қызметкерлерімен кездесу қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органмен шешім жолдарын әзірлейтін ,балық питомнигін жаңғыртумен,техниканы жарақтандырумен және кәсіпорынның басқа да мәселелерін шешумен айналысатын жұмыс комиссиясын құру туралы шешім қабылданды.Сонымен қатар, Аманғали Бердалин түйе шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтармен, "Qazaq Camel"ЖШС құрғақ түйе сүтін өндіру зауытымен танысты.Сапар қорытындысы бойынша вице-министр инфрақұрылымды жақсарту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/943873
Футбол жанкүйерлері Астанадағы ойында үлгі көрсетіп, өзгелерді тәнті етті 24.02.2025
«Астана Аренада» өткен «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы футбол матчы аяқталғаннан кейін командалардың жанкүйерлері стадион трибуналарын қоқыстан тазартып, өзгелерге үлгі көрсетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Бүгін «Астана Аренада» Қазақстан Суперкубогы аясында «Қайрат» пен «Ақтөбе» командалары арасында кездесу өтті. Кездесу 2:0 есебімен «Қайраттың» жеңісімен аяқталды.Ойыннан кейін елордалық жанкүйерлер стадион трибунасында қалған қоқысты шығарып, тағы да үлгі көрсетті.«Матч та, осы заманауи арена да бізге ұмытылмас эмоция сыйлады, олар біздің жадымызда өшпестей сақталады. Футбол командалары мен стадион қызметкерлеріне алғыс ретінде трибунаны тазарту шарасына қатысуды қажет деп санадым, осылайша құрметімді көрсеттім. Менің ойымша, бұл жаңа нормаға айналуы керек, өйткені матчтан кейінгі таза трибуна – қоғам дамуының жоғары деңгейінің белгісі», - дейді жанкүйерлердің бірі.Футбол матчын 30 мыңға жуық көрермен тамашалады. Ал елордалық жанкүйерлердің мұндай бастамалары дәстүрге айналып келеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/943840
Астанада бір түнде кальян ұсынған 5 тұлғаға 300 мың теңге көлемінде айыппұл салынды 24.02.2025
Елорданың Байқоңыр ауданында кальян барына ауқымды рейд жүргізілді, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.Бір түнгі аралау барысында 5 тұлғаға 300 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.Байқоңыр ауданында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 441-бабына сәйкес қоғамдық тамақтану орындарында темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянды тұтыну фактілерінің алдын алу және жолын кесу бойынша рейдтік шаралар жалғасуда.Жыл басынан бері Байқоңыр ауданында қоғамдық тамақтану орындарында темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянды тұтыну бойынша барлығы 54 факті анықталған.Рейдтік іс-шаралар жоспарын әзірлеу кезінде құқық қорғау органдары қала тұрғындарының шағымдарын ескеріп, аталған аумақтарда құқық бұзушылықтарға талдау жүргізгені атап өтілді. Полиция мұндай рейдтер демалыс және мереке күндері күшейе отырып, тұрақты негізде жүргізілетінін атап өтті.Еске салайық, қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салуды енгізу туралы қаулы 2013 жылдың 14 наурызында күшіне енген болатын. Тиісті талап бұзылса, кальян шегетіндерге 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қайталап бұзғаны үшін – 20 АЕК. Ал мекеме иелеріне 20-дан 60 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/943841