Enbekshi QazaQ

Саясат

70 жедел жәрдем көлігі табысталды 05.07.2026
Алматы облысында медицина қызметкерлері күні мерекеленді. Іле ауданында өткен салтанатты іс-шарада облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аймақтағы медициналық мекемелерге 70 санитарлық жедел жәрдем көлігін табыстап, өңірдің денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан мамандарды марапаттады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Алматы облысында денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өткен жылы жалпы құны 8,3 млрд теңгені құрайтын 38 медициналық нысан пайдалануға берілген. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункт және 11 медициналық пункт бар. Сонымен қоса медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 347 бірлік заманауи медициналық техника сатып алынған. Соның нәтижесінде өңірдегі медициналық ұйымдардың жабдықталуы 93 пайызға жеткен.«Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесінде өңірдің денсаулық сақтау саласы нақты нәтижелерге қол жеткізді. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 2022 жылғы 73 жастан 75 жасқа дейін ұлғайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша нәресте шетінеуі 25,5%-ке төмендеді. Бұл көрсеткіштердің барлығы өздеріңіздің кәсіби шеберліктеріңіз бен адал еңбектеріңіздің нәтижесі. Сіздерге халық денсаулығын сақтау жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.Атаулы күн аясында денсаулық сақтау саласының үздік мамандарына құрмет көрсетілді. Айталық, Балқаш аудандық орталық ауруханасының неонатолог дәрігері Қарылғаш Тәжібаева мен Ұйғыр аудандық орталық ауруханасының педиатр дәрігері Зорям Юсуповаға «Құрмет» ордені табысталды. Сонымен қоса, елеулі еңбек еткен емдеу қызметкерлері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілеріне, ҚР Денсаулық сақтау министрі мен облыс әкімінің Құрмет грамоталарына ие болды. Жиын барысында «Үздік стационар дәрігері», «Үздік ауыл дәрігері», «Үздік денсаулық сақтау менеджері», «Үздік жедел медициналық көмек дәрігері» сынды 12 номинация бойынша осы жылдың ең үздік медицина қызметкерлері марапатталды. Осылайша, «Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» деп бағаланды. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.Жедел-жәрдем стансасына берілген сі жаңа көліктер лизинг шартымен сатып алынған. Оның отызы “С” санатындағы реанимобиль, ал қырық көлік “В”санатына жатады. Барлығы заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және шұғыл көмек көрсетуге бейімделген. Осылайша, биыл Алматы облысының жедел медициналық жәрдем қызметі үшін сатып алынған 90 санитариялық автокөліктің барлығы пайдалануға берілді. Оның 20-сы жыл басында медициналық ұйымдарға тапсырылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1243559?lang=ru
Алматы облысында өрік фестивалі өтті 05.07.2026
Алматы облысының Ұйғыр ауданында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын өрік фестивалі өтті. Шараға бағбандар, омарташылар, ғалымдар мен өңдеу өнеркәсібінің өкілдері, аудан тұрғындары қатысты. Фестивальде өріктің түрлі сорты мен одан жасалған өнімдер халыққа ұсынылды. Омарта шаруашылығы өнімдері, қолөнершілер бұйымдары мен тарихи жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Фестиваль аясында «Өрік бақтары – өңір байлығы, халық берекесі» тақырыбындағы ғылыми конференция өткізіліп, ғалымдар бақ шаруашылығын дамыту, сапасын арттыру және саланың болашағы жөнінде пікір алмасты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Шонжы ауылдық округіндегі орталық стадионда өткен шара өңірдің аграрлық әлеуетін насихаттауға, өрік шаруашылығын дамытуға және ауданның туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Фестивальге Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы қатысып, аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің құттықтау хатын оқып берді.«Алматы облысында ауыл шаруашылығына қолайлы аймақтардың бірі Ұйғыр ауданы екені баршамызға мәлім. Дәнді-дақылдарды өндіруде үнемі алдыңғы қатардан көрінеді. Осы шара арқылы еларалық экономикалық қарым-қатынас артып, өңіріміздегі табиғи өнімдер кеңінен насихатталып, туризм саласы да дамып келеді. Бүгінгі күннің өзінде бірнеше өндіріс орындары өрікті шет мемлекеттерге экспорттауда. Болашақта сауда нарығы одан әрі дамитынына сенім мол. Өрік сапасын арттыру жолында ғылыми конференцияның ұйымдастырылуы – болашақ үшін маңызы зор қадам», – делінген хатта.Қазіргі таңда өңір еліміздегі өрік өндірісі бойынша көш бастап тұр. Республика көлемінде жиналған 39 мың тонна өнімнің 70%-ға жуығы, яғни 27 мың тоннасы облыс шаруашылықтарына тиесілі. Өңірдегі жеміс бақтарының көлемі 10 мың гектарға жуық, оның 46%-ы – өрік алқаптары. Ал Ұйғыр ауданында 3200 гектарға жуық жерде өрік ағашы өсіріледі. Бақ баптаумен 542 шаруақожалық айналысады. Бүгінде 1098 гектар аумақтан 10431 тонна өнім жиналған. Орташа өнімділігі – 95 ц/га. Оның 7800-ден астам тоннасы ішкі нарыққа бағытталса, 2600 тоннасы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанға экспортталды. Ауданда «Никитинский», «Краснощекий», «Королевский», «Уйгурский» және «Шалах» сорттары басымдыққа ие. Алдағы уақытта таулы аймақтағы кештеу пісетін өрік түрлерін жинау басталады.Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізованың айтуынша, өрік бүгінде ауданның бренді ретінде тіркелген. Фестиваль арқылы бақ шаруашылығымен айналысатын азаматтарға өнімді өткізуге, өңдеуге жол ашылады. Өрік өсіруді қолға алған бағбанның бірі, «Илтыз» шаруақожалығының басшысы – Армидин Таиров. «Біз ауданда түрлі дақылдарды егіп көрдік. Бірақ ең қолайлысы өрік болып шықты. 1998 жылы бағбандар қауымдастығын құрып, осы іске кірісіп кеттік. Кейін тәлімбақ ашып, көшетті өзіміз өсіруге кірістік. Қазіргі таңда бұл көшеттерді облыстың өзге де аудандарына жібереміз. Қарадалада өсірілген ағаштар 10 жылда 9 рет өнім береді. Бұл өзге аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда көп», – дейді ол.Шарада өз өнімін ұсынған Үлкен Ақсу ауылдық округінің тұрғыны Хасият Гожалимова фестивальге екінші рет қатысып тұрғанын айтып, игі бастама ауданның гүлденіп, көркеюіне зор ықпал ететінін әрі өнімдерін насихаттауға септігін тигізетінін жеткізді.Өріктің жақсы өнім беруі бал арасына тікелей байланысты екені белгілі. Омарта шаруашылығын кәсіп еткен Ұйғыр ауданының тұрғыны Таңатар Әбдікерім фестивальде өз өнімін халыққа таныстырды. «Бұл іспен айналысып келе жатқаныма 10 жылдай уақыт болды. Қазіргі таңда шаруашылығымызда 40 омарта ұясы бар. Одан жылына 4 тоннадан астам бал алынады. Ең бастысы, біз экобағытты ұстанамыз. Яғни араларды химиялық заттармен дәрілемейміз және химиялық материалдарды, бояуларды қолданбаймыз. Біз үшін сапа басты назарда. Ара болған жерде өрік ағашы да жақсы тозаңданады. Бір күнде бір ара 5 мыңнан 10 мыңға дейін өрікке қонады. Сондықтан бағбандар мен омарташылар бірігіп жұмыс істеуі керек. Ал мұндай фестивальдер мен ғылыми конференциялар арқылы тың бастамаларды қолға алуға мүмкіндік туады», – деді омарташы.Фестиваль аясында өткізілген конференцияда ғалымдар өнімнің көлемі мен сапасын арттыруға бағытталған өз зерттеулерімен бөлісті. Ал бағбандар толғандырған сауалдарын қойып, оларға тұщымды жауап алды. Алдағы уақытта бақ шаруашылығын зерттеумен айналысатын институттармен меморандумға отыру көзделуде. Бұл ғылым мен тәжірибені ұштастыруға зор мүмкіндік береді. Конференцияда сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, кәсіпкерлік пен бау-бақша шаруашылығын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.Фестиваль эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен қорытындаланды.Өрік фестивалі мен ғылыми конференция жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын табады. Алдағы уақытта ауданда жеміс-жидекті сақтайтын заманауи қоймалар мен өңдеу кәсіпорындарының инфрақұрылымын жетілдіру жоспарлануда. Сондай-ақ биылдан бастап халықаралық стандарттарға сай, Түркия елінен әкелінген өнімділігі жоғары сорттарды жерсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1243029?lang=ru
Таиландтан келетін туристер саны артты 02.07.2026
Алматы облысы мен Таиланд Корольдігі арасындағы ынтымақтастық нығаяды. Бүгін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Таиланд Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Пияпин Нийомреркспен кездесу өткізді. Жиын барысында туризм, өңдеу өнеркәсібі, тамақ өндірісі, цифрлық технологиялар және құрылыс саласындағы байланысты арттыру барысы талқыланды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. Биыл Қазақстан мен Таиланд арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 34 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде екіжақты байланыс барлық негізгі бағыттар бойынша тұрақты дамып, нығая түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Таиланд Королі Маха Вачиралонгкорнды Ұлттық мерекесімен құттықтаса, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Таиландқа ресми сапармен барды. Бұл әріптестікті одан әрі дамытуға қос тараптың да қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Ал өткен жылдың қаңтар айында Пхукет қаласында Қазақстан Республикасы Консулдығы ашылды. Алматы облысы да Таиланд Корольдігімен іскерлік байланысты ілгерілетіп келеді. Мәселен, биыл мамыр айында өңір делегациясы Таиланд Корольдігіне барып, THAIFEX – Anuga Asia 2026 халықаралық көрмесіне қатысты. Сапар нәтижесінде Алматы облыстық Туризм басқармасы Таиландтың бірқатар туристік қауымдастығымен меморандумдарға қол қойды. Туризмнен бөлек, сауда және инвестиция салаларында да ынтымақтастықты кеңейтуге зор мүмкіндік бар. Себебі 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы мен Таиланд арасындағы тауар айналымы 15 млн АҚШ долларын құраған. Марат Елеусізұлы өз сөзінде Алматы облысы Таиланд инвестицияларын агроөнеркәсіптік кешенге, тамақ өнеркәсібіне, логистикаға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, қонақ үй бизнесіне және қызмет көрсету саласына тартуға мүдделі екенін айтты. «Алматы облысы – Қазақстандағы ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Облыс экономикасы тұрақты оң өсім көрсетіп отыр. 2023 жылдың қорытындысына сәйкес, өңірлік өнім көлемі бойынша елімізде 10-нан 5-орынға көтерілді. Туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бірегей табиғи ландшафттар, ұлттық саябақтар мен бай тарихи-мәдени мұраның арқасында Алматы облысы Орта Азиядағы ең тартымды туристік бағыттардың біріне айналды. Былтыр облысымызға 147 мыңнан астам шетелдік турист келді. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткішінен 13 пайызға жоғары. Шетелдік қонақтар саны бойынша Алматы облысы елдің барлық аймақтары арасында үшінші орынды иеленеді.Өңірімізге Таиланд азаматтарының қызығушылығының артып келе жатқаны қуантады. Егер 2025 жылы Алматы облысына Таиланд Корольдігінен 45 турист келген болса, 2026 жылдың алғашқы бес айының өзінде олардың саны 414 адамға жетті. Бұл үдерісте көлік қатынасының дамуы мен визасыз режимнің енгізілуі маңызды рөл атқарады. Бүгінде Қазақстан мен Таиланд арасында аптасына 23 тұрақты әуе рейсі ұшады», – деді аймақ басшысы. Кездесу барысында Пияпин Нийомреркс өңірдің экономикалық, өндірістік және туристік әлеуетін жоғары бағалап, алдағы уақытта Таиланд Премьер-министрінің орынбасары әрі Сыртқы істер министрінің Қазақстанға келетіні туралы хабарлады. Айтуынша, бұл сапар Қазақстан Сыртқы істер министрінің шақыруымен Алматы қаласында болады.«Алматы облысының көрікті келбеті ерекше әсер қалдырды. Осында атқарылып жатқан ауқымды істерді өз көзіммен көру мен үшін үлкен мәртебе. Әсіресе Қонаев және Алатау қалаларының даму жоспары қайран қалдырады. Болашақта екі тараптың арасында тығыз әріптестік қатынас орнайды деп сенемін. Жақын күндері Алматыда «Қазақстан – Таиланд» бизнес форумы өтеді. Оған Таиландтың жетекші 12 компаниясының 30-дан астам өкілі қатысады. Сондай-ақ форумда B2B кездесулері өткізіліп, екі тарап нақты міндеттері мен болашақта бірлесіп атқаратын жобаларын талқылайды. Бұл шаралар екі ел арасындағы серіктестікті одан әрі дамытуға жол ашатыны сөзсіз», – деді Пияпин Нийомреркс.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1239448?lang=ru
Алматы облысы мен Қытайдың Цзянсу провинциясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды 01.07.2026
Алматы облысына алғаш рет Қытайдың Цзянсу провинциясы партия комитетінің хатшысы Синь Чансин бастаған делегация келді. Цзянсу – көрші елдегі экономикасы қарқынды дамыған, құрылыс, білім беру, туризм салалары бойынша ірі жобаларды жүзеге асырып, озық технологияларды енгізу бойынша алдыңғы орынға ие провинция. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытай делегациясымен кездесу өткізіп, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады. Жүздесу барысында тараптар өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды құжатқа қол қойды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Марат Елеусізұлы өз сөзінде Қазақстан мен Қытай арасындағы 34 жылдық дипломатиялық қатынас өзара сенімге, тату көршілік және стратегиялық әріптестікке негізделгенін атап өтті. «Екі ел арасында сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени және гуманитарлық салаларда ауқымды бірлескен бастамалар іске асырылуда. Ал елдің шығысында орналасқан Алматы облысы Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстың маңызды көпірі саналады. Өңір мен ҚХР арасындағы тауар айналымы соңғы жылдары 1 млрд АҚШ долларынан асып, тұрақты өсім көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта Алматы облысы аумағында Қытай және бірлескен капиталдың қатысуымен 287 кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы 4 жыл ішінде менің тікелей басшылығыммен Қытай Халық Республикасының 16 өңірінде 7 жұмыс сапары ұйымдастырылып, оған өңірдегі 75-тен астам бизнес өкілі қатысты.Алматы облысы мен Цзянсу провинциясы арасындағы ынтымақтастық жүйелі түрде дамып, мазмұны да тереңдеп келеді. Цзянсу – Қытайдың экономика және инновация саласындағы жетекші өңірлерінің бірі. Сондықтан біз өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, логистика, инвестиция, жоғары технология салалары мен «жасыл» экономика бағытында ұзақмерзімді, тиімділігі жоғары жобаларды дамытуға ниеттіміз», – деген аймақ басшысы түрлі бағыттардағы бірлескен жұмыстарға тоқталды.Айтуынша, қазіргі таңда өңірде жалпы қаражаты 6,2 трлн теңге болатын, 216 инвестициялық жоба мониторингте тұр. Ал Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 3,1 трлн теңгені құрайтын 45 инвестициялық жоба бар. Бұл бастамалардың нәтижесінде 16 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Жыл басынан бері Қытайдан келген инвесторлармен 90 кездесу өткізілген. Бұл жалпы инвестициялық кездесулердің – 46,9%-ы.Бүгінде Қытай тарапы облыс жастары үшін гранттар ұсынып отыр. Қытайдың провинцияларында өңірден шыққан 56 талапкер тегін оқып жатыр. Олар бакалавриат, магистратура және орта кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша білім алуда.Екі ел азаматтары үшін енгізілген визасыз режим туризм саласының белсенді дамуына ықпал етті. 2025 жылы Алматы облысына 147 000-нан астам шетелдік турист келді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 13,19%-ға артық. Оның ең үлкен бөлігін Қытай азаматтары құрайды. Биыл Шанхай қаласында облыс әкімдігінің Сервис орталығы ашылды. Бұл – өңірдің туристік әлеуетін ілгерілетуге бағытталған ресми өкілдік. Алматы облысы халықаралық туристік алаңдарда, оның ішінде ITB China және ITB Asia көрмелеріне қатысып, сондай-ақ қытайлық туроператорлармен, әуе компанияларымен, медиа өкілдерімен белсенді жұмыс істеуде.Жиын барысында Синь Чансин провинцияның өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру, технология және табиғи энергия көзін игеру бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстарын таныстырды.«Цзянсу провинциясында 83 миллионнан астам халық тұрады. Экономикалық көрсеткіші бойынша Қытайда 2-орында. Нақтырақ айтсақ, өңірлік өнім көлемі 2 трлн АҚШ долларынан асады. Қазақстан Қытайдың Орталық Азиядағы ең ірі серіктестерінің бірі әрі логистикалық әлеуеті халықаралық жүк тасымалында маңызды рөл атқарады. Біздің мақсатымыз – өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, өзара тиімді байланыс орнату. Қол қойылған меморандум екі тарап арасындағы қарым-қатынасты тереңдетуге негіз болады деп сенемін», – деді мәртебелі мейман.Осылайша, Алматы облысы мен Цзянсу провинциясы арасындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге қадам басты. Сапар барысында қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін мазмұнды көрме ұйымдастырылды. Қонақтар назарына облыс аумағынан табылған Алтын адам мен өзге де құнды археологиялық жәдігерлер ұсынылып, олардың тарихи құндылығы мен ғылыми маңызы жан-жақты баяндалды. Өңірдің алдағы уақытта жүзеге асырылатын ірі жобалары таныстырылып, бірлескен бастамаларды дамыту мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1238642?lang=ru
Астана қаласында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті өкілдері мен Корея Республикасының Зияткерлік меншік министрлігі делегациясының екіжақты кездесуі өтті 01.07.2026
Анықтама үшін: Корея Республикасының Зияткерлік меншік министрлігі зияткерлік меншік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға жауапты мемлекеттік орган болып табылады. Ведомство зияткерлік меншік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады, зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың заманауи тетіктерін әзірлеуге және енгізуге қатысады, сондай-ақ инновациялық қызметті дамытуға және зияткерлік еңбек нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдеседі.Кездесуге корей тарапынан Корея Республикасының Зияткерлік меншік министрлігінің Зияткерлік меншік дауларын шешу бюросының Тауар белгілері жөніндегі дауларды шешу бөлімінің директоры Чон Ильнам мырза, сондай-ақ аталған бөлімшенің директор орынбасары Ким Джэён мырза қатысты.Кездесу барысында тараптар зияткерлік меншік саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, оның ішінде институционалдық өзара іс-қимылды дамыту, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және сақтау саласында тәжірибе алмасу, сондай-ақ алдағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.Кездесуге қатысушылар ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтіп, мамандардың біліктілігін арттыруға және зияткерлік меншік саласындағы үздік тәжірибелермен алмасуға бағытталған семинарлар, оқыту бағдарламалары мен сараптамалық консультациялар сияқты бірлескен іс-шаралардың нәтижелеріне оң баға берді.Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Корея Республикасының Зияткерлік меншік министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюға дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар бірлескен іс-шараларды өткізу, сараптамалық тәжірибе алмасу, кадрлық әлеуетті дамыту және зияткерлік меншік құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруді қоса алғанда, болашақ ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады.Сондай-ақ зияткерлік меншік саласындағы серіктестік қатынастарды нығайтуға және екі ел арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған жаңа бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары қарастырылды.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады және алдағы Меморандумға қол қою екіжақты байланыстарды нығайтуда әрі зияткерлік меншік саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыру үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастыруда маңызды қадам болатынына сенім білдірді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/1237836?lang=ru
Астанада «Антиконтрафакт – 2026» XIV Халықаралық форумы өтті 30.06.2026
Астанада Еуразиялық экономикалық форум аясында Еуразиялық экономикалық комиссияның қолдауымен ҚР Әділет министрлігі ұйымдастырған «Антиконтрафакт – 2026» XIV Халықаралық форумы өтті.Форум контрафактілік өнімнің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, цифрлық бақылау тетіктерін дамыту және адал бәсекелестікті нығайту мәселелеріне арналды.Іс-шараға ҚР Президентінің Құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев, ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, ЕЭК Алқа мүшесі (министрі) Бақыт Сұлтанов, Еуразиялық патенттік ұйымның президенті Григорий Ивлиев қатысты.Пленарлық отырыста цифрлық экономика мен трансшекаралық электрондық сауданың дамуы жағдайында контрафактіге қарсы күрестің өзектілігі атап өтілді. Халықаралық деректерге сәйкес, әлемдік контрафактілік өнім айналымы шамамен 467 млрд АҚШ долларын құрайды, ал ЕАЭО елдерінде 2024 жылы 6,6 млн-нан астам контрафактілік өнім анықталған.Ерлан Сәрсембаев зияткерлік меншіктің инновациялар мен цифрлық технологияларды дамытудың стратегиялық ресурсына айналғанын және Конституцияның жаңа редакциясында оның заңмен қорғалатыны алғаш рет бекітілгенін атап өтті.Форум аясында зияткерлік меншікті цифрландыру, тауарларды таңбалау, интернет-саудадағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау, жасанды интеллектті қолдану мәселелеріне арналған 10 тақырыптық сессия өтті. Форумға 1000-нан астам қатысушы тіркелді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/1229553?lang=ru
Марат Сұлтанғазиев Қонаевтағы құрылыс алаңдарын аралады 30.06.2026
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында алты бірдей стратегиялық маңызы бар әкімшілік ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандар қаланы заманауи әкімшілік орталық ретінде танытып, шаһардың жаңа келбетін қалыптастыруға серпін бермек. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс қайнап жатқан алаңдарға арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Аймақ басшысы ең алдымен сапаға ерекше назар аударып, нысандарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Үкімет қаулысына сәйкес қазір Қонаев қаласында Облыстық сот, Полиция департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ведомстволық органдарға арналған әкімшілік ғимараттар мен Департаменттер үйі салынып жатыр. Барлығы дерлік «Алматы – Өскемен» тасжолының бойында орналасқан. Сондай-ақ облыстық мұрағат пен Алматы облысы әкімі аппаратының автокөлік кешені және қалалық №6, № 7 жағажайларда курорттық-ойын-сауық нысандары бой көтеруде.​Мердігерлермен жүздескен Марат Елеусізұлы жұмысшылар мен техника санын көбейтіп, сапалы әрі өнімді жұмыс істеу керегін айтты. Келісім бойынша мердігерлер құрылысты өз қаражаты есебінен бастайды, соған сәйкес кейін аванстық төлемдер жасалады. Бүгінде аталған нысандарда жер асты жұмыстары жүргізіліп, іргетасы қалануда. Мәселен, Полиция департаменті салынатын алаңда ескі ғимараттар бұзылып, құрылыс қалдықтары шығарылып жатыр. Ғимараттың ауданы 22 мың шаршы метрден асады. Нысан үш-алты қабатқа дейінгі әртүрлі биіктіктегі сегіз блоктан тұрады. Онда инженерлік-техникалық қызметкерлер еңбек етіп, гидробалғамен жабдықталған және тиеу жұмыстарына арналған экскаватор мен самосвалдар жұмыс істеп тұр.Арнайы мемлекеттік органдарға арналған әкімшілік ғимараттың жалпы ауданы 12 168 шаршы метрді құрайды. Ғимарат 5 қабаттан және жертөледен тұрады. Құрылыс алаңында 25 жұмысшы мен алты техника жұмылдырылған.Ведомстволық бағынысты ұйымдарға арналған әкімшілік ғимарат 4 және 6 қабатты екі блоктан тұрады. Қазіргі таңда қазаншұңқыр қазу жұмыстарына 10-нан астам адам мен 7 бірлік техника тартылған.Департаменттер үйі күрделі көпункционалды 4 блокқа бөлінген. Жоба бойынша ғимаратта қызметтік бөлмелер, мәжіліс залдары, асхана, медпункт, архив және техникалық үй-жайлар орналасады. Нысанда 6 инженерлік-техникалық қызметкер мен 13 монолитші жұмыс істеуде. Қазіргі таңда іргетасын қалау үшін дайындық қызу жүріп жатыр.Ал облыстық Мұрағат ғимаратында гидрооқшаулау, іргетасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ғимараттың ауданы – 8,4 мың м². Болашақта мұнда 300-ден астам маман жұмыс істейді. 2 000 000-нан астам құнды құжаттарды сақтауға болады. Соған сәйкес ғимаратта өртке төзімді материалдар қолданылуда.Марат Елеусізұлы сондай-ақ Алматы облысы әкімі аппаратының автокөлік кешені мен Қапшағай су қоймасы жағасындағы халықаралық деңгейдегі курорттық-ойын-сауық нысандарының жай-күйімен де танысты. Автотұраққа 100-ге жуық көлік сияды. Аумағы шамамен үш гектар болатын бұл нысанда мемлекеттік мекемелердің көліктеріне қызмет көрсететін әкімшілік және техникалық бөлмелер болады. Ал аталған жағалауларда қонақүй, аттракциондар саябағы, аквапарк, ойын алаңы, SPA салынады. Ол үшін 24 млрд теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде 350 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.Облыс әкімі бұл ғимараттар тарихи маңызы зор әрі қаланың көркін кіргізетін маңызды жобалар екенін ерекше атап өтті. «Жаңа облыс орталығында заман талабына сай, сапалы әрі көздің жауын алатын әдемі ғимараттар бой көтеруі тиіс. Үкімет қаулысымен бекітілген кешенді даму жоспарына сәйкес, сенімді мердігер ретінде сіздерді таңдадық. Егер жұмыс баяулайтын болса не талаптарға сай келмесе, мердігерді ауыстыруға тура келеді. Сондықтан жұмысқа үлкен жауапкершілікпен кірісу керек», – деді облыс әкімі. Жоспар бойынша аталған нысандардың құрылысы келесі жылы аяқталып, пайдалануға беріледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1229558?lang=ru
Атырауда «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң мен кадрлық үдерістерді цифрландыру мәселелері талқыланды 30.06.2026
Атырау облысында «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңды түсіндіруге, сондай-ақ кадр саясатын жетілдіру мен қызметтік әдеп талаптарын сақтау мәселелеріне арналған кеңес өтті.Жиынға облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев және басқарма жетекшілері қатысты.Кеңесте Агенттіктің облыстық департаменті басшысының орынбасары Айнұр Еңсегенова баяндама жасады. Ол мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыруға, мансаптық өсудің аралас үлгісін енгізуге, HR-үдерістерді цифрландыруға және мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған жаңа заңның негізгі нормаларына тоқталды.Оның айтуынша, заңда мемлекеттік қызметке іріктеуді «E-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі арқылы цифрлық форматта жүргізу тәртібі бекітілген.– Конкурстық іріктеу толықтай онлайн форматта eqyzmet.gov.kz порталы арқылы өтеді. Бұл рәсімдерді жеңілдетуге, мерзімді қысқартуға және кадрлық үдерістердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бір лауазым бойынша көлденең мансаптық өсу тетігі қарастырылған. «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілеріне лауазымдық деңгей белгіленбек, ол жалақы мөлшеріне әсер етеді – деді А.Еңсегенова.Кеңес барысында қызметтік әдеп нормаларын сақтау, сыбайлас жемқорлық пен бюрократияға жол бермеу, әлеуметтік желілердегі мінез-құлық қағидалары, кибербуллингке және құмар ойындарға қатысуға тыйым салу мәселелеріне де ерекше назар аударылды.Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев жаңа заңның қабылдануы мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігіне қойылатын талаптарды күшейте түсетінін атап өтті.– Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл құжат мемлекеттік қызмет жүйесінің ашықтығын арттыруға, қызметшілердің жауапкершілігін күшейтуге және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған. Әр мемлекеттік қызметші мұны жете түсініп, күнделікті қызметте тиімді қолдануы тиіс, – деді ол.Жиын әрі қарай “сұрақ-жауап” форматына ауысып, мемлекеттік қызметшілер өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1229809?lang=ru
Атырауда 460-қа жуық кәсіпкерлік жобаға қолдау көрсетілді 30.06.2026
Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Атырау өңірлік филиалының директоры Берік Қадыров Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.Оның сөзінше, өңірде кәсіпкерлерге субсидиялау, кепілдік беру және жеңілдетілген несие беру бағыттары бойынша қолдау көрсетіліп келеді.- 2010 жылдан бері аймақта 11 700 жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Жалпы қолдау көлемі 622 млрд теңгені құрайды. Қазір кәсіпкерлер үшін «Іскер Аймақ» және «Өрлеу» бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр, – деді Б.Қадыров.Брифинг барысында «Іскер Аймақ» бағдарламасы арқылы өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпкерлерге 200 млн теңгеге дейін қаржылай көмек көрсетілетіні айтылды. Ал «Өрлеу» бағдарламасы аясында өңдеу өнеркәсібі, туризм, IT және креативті индустрия бағыттарына 7 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген несие берілмек.Сонымен қатар кәсіпкерлерге арналған мобильді фронт-офистер іске қосылып, шалғай аудандардағы кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беріледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1229816?lang=ru
Аймақ басшысы Серік Шәпкенов тұрғындарды қабылдады 30.06.2026
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.Кезек тәртібімен қабылдауға келген тұрғындар денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, тұрғын үйге кезекке тұру және баспанамен қамту, жер телімін алу, ауылдардағы көлік қатынасына қатысты мәселелерді көтерді.Құрманғазы ауданының тұрғыны өзіне қызметтік тұрғын үй беруді сұрады. Оның айтуынша, аудан ауылдарының бірінде жұмыс істейді және күн сайын жұмыс орнына қатынау қиындық туғызады.Қабылдауда ерекше қажеттілігі бар азаматтарды тасымалдау мәселесіне де назар аударылды. Тұрғындардың бірі І топ мүгедектігі бар адамдарға Атырау қаласында электронды билет алу мүмкіндігі қарастырылғанымен, аудандарда мұндай жүйе жоқ екенін айтты. Өңір басшысы елді мекендер арасында кедергісіз қатынауды қамтамасыз ету үшін бірыңғай база мен ыңғайлы жүйе қалыптастыру қажет екенін атап өтті.Қабылдауға келгендер қатарында Ауған соғысының 71 жастағы ардагері де бар. Ол 2025 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтып, пәтер алуға көмектесуді сұрады.Аймақ басшысы Отбасы банк арқылы тұрғын үй беру заңнамаға сәйкес кезек тәртібімен жүретінін түсіндіріп, банк өкілдеріне баспана алу тетіктері мен қолданыстағы бағдарламаларды жан-жақты түсіндіруді тапсырды.Серік Шәпкенов мұң-мұқтажын айта келген әр азаматты мұқият тыңдап, жауапты мемлекеттік органдарға әр өтініш бойынша заң аясында тиісті шара қабылдауды тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1229921?lang=ru
Алматы облысының жағажайлары шомылу маусымына дайын 30.06.2026
1 маусым күні Алматы облысында шомылу маусымы ашылады. Жауапты органдар рұқсат етілген арнайы орындарды бекітті. Онда қажетті қауіпсіздік шаралары толығымен қамтамасыз етілген. Яғни су түбі зерттеліп, тазартылған, қоршаулар мен ескерту белгілері орнатылған, құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылған. Қауіпсіздік және санитарлық талаптар сақталған осындай жағажайларда ғана шомылуға рұқсат етіледі, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Әсіресе Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайларды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, №5 жағажай өткен жылы толық абаттандырылып, пайдалануға берілді. Аумағында футбол, волейбол және балалар ойын алаңдары, воркаут-аймақтар, фудкорттар, пирс, душ кабиналары, киім ауыстыратын орындар мен автотұрақ қарастырылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құтқару бекеттері, медициналық пункт, SOS батырмаларымен жабдықталған бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Ал №6 және №7 коммуналдық жағажайларда абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр.Капшағай су қоймасы жағалауында орналасқан жекеменшік демалыс аймақтары мен ойын-сауық кешендері де тұрғындар мен туристерге қызмет етеді. Олардың қатарында «Delmare», «На море», «Home Club», «Comfort» және өзге де демалыс орындары бар.Сонымен қатар Іле ауданында орналасқан «Первомайские пруды», Талғар ауданындағы «Park Resort Восемь озер» кешендерінде де қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасалған.Айта кетейік, рұқсат етілмеген жерлерде, ағысы қатты аймақтарда, сондай-ақ шағын кемелерге жақын маңда шомылуға қатаң тыйым салынады. Себебі бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар департаменті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шомылу маусымына дайындық бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Прокуратура, полиция және көлік инспекциясының қатысуымен, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, жүйелі түрде рейдтер өткізілуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1230289?lang=ru
Қазақстан Республикасының Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Еуразиялық патенттік ведомствоның Президенті Григорий Ивлиевпен кездесті 30.06.2026
Кездесу барысында тараптар өнеркәсіптік меншік саласындағы еуразиялық ынтымақтастықты дамытудың, патенттік рәсімдерді цифрландырудың және патенттік ведомстволар қызметіне заманауи технологияларды енгізудің өзекті мәселелерін талқылады.Қазақстан Республикасының Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды конституциялық реформаны атап өтті, оның аясында зияткерлік меншік мәселелері алғаш рет конституциялық деңгейде маңызды құқықтық құндылық ретінде бекітілді. Аталған өзгерістер ұлттық зияткерлік меншік жүйесін одан әрі жетілдіру және инновациялық экономиканы дамыту үшін қосымша негіз қалыптастыратыны атап өтілді.Ведомстволар арасындағы электрондық өзара іс-қимылды дамытуға, патенттік сараптамада жасанды интеллект технологияларын қолдануға, сондай-ақ өтініш берушілерді қолдау тетіктерін жетілдіруге және сараптама қызметінің сапасын арттыруға ерекше назар аударылды.Қазақстандық тарап цифрлық сервистерді дамытуды, заңнаманы жетілдіруді және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды қоса алғанда, ұлттық зияткерлік меншік жүйесін жаңғырту жөніндегі дәйекті жұмысты атап өтті. Зияткерлік меншікті қорғау заманауи инновациялық экономика мен орнықты технологиялық дамуды қалыптастырудың маңызды элементі ретінде қарастырылатыны атап өтілді. Тараптар сондай-ақ патенттеу саласындағы еуразиялық тетіктерді одан әрі жетілдіру, ұлттық ведомстволар арасындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ цифрландыру және мамандарды кәсіптік оқыту саласындағы бірлескен бағдарламаларды дайындау мәселелері бойынша пікір алмасты. Кездесу қорытындысы бойынша практикалық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға және еуразиялық кеңістік шеңберінде бірлескен бастамаларды іске асыруға өзара мүдделілік расталды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/1230787?lang=ru
Алматы облысында «Достық үйінің» іргетасы қаланды 30.06.2026
Бүгін Қонаев қаласында Алматы облыстық «Достық үйі» ғимаратының құрылысы басталды. Өңірдегі қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған маңызды жобаны жергілікті ірі кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен жүзеге асыруда. Шара барысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен бірге ғимараттың іргетасына уақыт капсуласын салды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Салтанатты рәсімге облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері мен кәсіпкерлер, этномәдени бірлестіктердің, ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері, Қоғамдық келісім және даму орталығының қызметкерлері қатысты. Қазіргі таңда өңірде 105 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Облыста тіркелген 34 этномәдени бірлестік пен қоғамдық ұйым түрлі әлеуметтік жобаны қолға алып, өзара татулық пен сенімді арттыруға қызмет етуде. Сондықтан бұл «Достық үйі» аталған құрылымдардың басын біріктіретін қара шаңыраққа айналмақ. Мұнда олардың нәтижелі жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалып, жастар бастамаларын қолдауға, пікір алмасуға, мәдени және қоғамдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін заманауи орта қалыптасады.Аймақ басшысы өз сөзінде «Достық үйі» құрылысының басталуы облыс үшін тарихи маңызы зор, айтулы оқиға екенін атап өтті.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылы өткен ХХХІV сессиясында көпэтносты Алматы облысында «Достық үйін» салу қажеттігі жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бүгін сол маңызды тапсырманың жүзеге асуына куә болып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, мемлекет тарапынан облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына әрдайым айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Соның нәтижесінде өңірімізде кәсіпкерлік пен өндірістің өркендеуіне мол мүмкіндіктер ашылды. Атап айтқанда, 2022–2025 жылдар аралығында Алматы облысына 3,7 трлн теңге инвестиция тартылды. Жалпы құны 930,3 млрд теңге болатын 120 жоба пайдалануға беріліп, оның аясында 14 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өңір экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосқан кәсіпкерлеріміз бүгін «Достық үйін» өз қаражаттары есебінен салуға қолдау білдіру арқылы ел алдындағы азаматтық жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетіп отыр. Бұл шаңырақ ел бірлігі мен татулықтың ордасына айналады деп сенемін», – деді Марат Елеусізұлы.«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы бойынша төрағасы Вера Плетнева жаңа ғимарат жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді. «Бүгін бәріміз тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Қазіргі таңда Қазақстан 100-ден астам этнос өкілін бір шаңырақ астына біріктіріп, шынайы достықтың жаршысы болып отыр. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтылмаған. Біздің басты мақсатымыз – татулықты ту етіп, еліміздің дамуына үлес қосу. Ал Алматы облысында «Достық үйінің» бой көтеруі біздің жұмысымызға серпін беріп, жаңа белестерді бағындыруға септігін тигізеді. Әсіресе Ассамблея жастарына үлкен үміт пен жігер сыйлайды», – деген ол облыс әкімдігі мен жобаға ұйытқы болған кәсіпкерлерге алғыс айтты.Нысан 2 қабатты, 1 блоктан тұрады. Жоба бойынша этно-мәдени орталықтар мен бірлестіктер кабинеттері, 56 орынды конференц-зал, 300 орынды мәжіліс залы салынады. Сондай-ақ ғимарат алдына биіктігі 92 метр болатын Ту тұғыр орнатылады. Нысан құрылысы үш ай бойы жүргізіліп, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1231057?lang=ru
Атырау облысында 12 мәдени нысанның құрылысы жүріп жатыр 30.06.2026
Жаңа мәдениет үйлері Құрманғазы ауданындағы Көптоғай, Бірлік, Азғыр, Қызылқоға ауданындағы Қарабау, Миялы, Жангелдин, Мұқыр, Жылыой ауданындағы Жаңа Қаратон, Ақкиізтоғай, Қосшағыл және Исатай ауданындағы Нарын ауылдарында салынып жатыр, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.Соңғы жылдары өңірде мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2023 жылдан бері облыста 14 жаңа мәдениет нысаны пайдалануға беріліп, 54 мекеме күрделі және орташа жөндеуден өтті.Өңірдегі ірі жобалардың қатарында Атырау қаласында бой көтеріп жатқан 1200 орындық концерт залы мен жаңа тарихи музей ғимараты бар. Сондай-ақ бұрынғы «Неке сарайы» ғимараты қайта жаңғыртылып, Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің иелігіне беріледі.Қазір облыста 242 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Салада 3 мыңнан астам маман еңбек етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1231143?lang=ru
Алматы облысының жедел жәрдем автопаркі 90 жаңа көлікпен толықты 30.06.2026
Алматы облысында жедел медициналық жәрдем қызметінің автопаркі ауқымды жаңартудан өтуде. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында өңірдің жедел медициналық жәрдем станциясына 70 жаңа санитариялық автокөліктің кілті табысталады. Қазіргі уақытта автокөліктердің құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.Жаңа техникалар 2025 жылы лизинг шарты негізінде сатып алынған. Оның ішінде 30-ы «С» класындағы реанимобиль, ал 40-ы «В» класындағы санитариялық автокөлік. Барлығы заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және шұғыл көмек көрсетуге бейімделген.Осылайша, биыл Алматы облысының жедел медициналық жәрдем қызметі үшін сатып алынған 90 санитариялық автокөліктің барлығы пайдалануға беріледі. Оның 20-сы жыл басында медициналық ұйымдарға тапсырылса, қалған 70 көлік жақын күндері қызметке кіріседі.Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, автопаркті жаңарту тұрғындарға көрсетілетін жедел медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.«Жедел медициналық жәрдем қызметінің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Жаңа санитариялық автокөліктер шалғай елді мекендерге дер кезінде жетуге, шақыртуларға жедел әрекет етуге және медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл — тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан маңызды жұмыс», — деді Ержан Сүлейменов.Жедел жәрдем қызметінің автопаркін жаңартуға бизнес өкілдері де қолдау көрсетіп келеді. Өткен жылы әлеуметтік жауапкершілік аясында «Mareven Food» ЖШС жедел медициналық жәрдем қызметіне гуманитарлық көмек ретінде «В» класындағы 10 Foton маркалы санитариялық автокөлікті табыстаған болатын.Қазіргі таңда Алматы облысында жедел медициналық көмекті 1 станция, 12 қосалқы станция, ауылдық елді мекендердегі 66 дислокациялық пункт және 1 санитариялық авиация бөлімшесі көрсетеді. Өңірде 147 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Оның ішінде 20 дәрігерлік және 127 фельдшерлік бригада бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1231456?lang=ru
Атырауда «Алмалы» заманауи оңалту орталығы ашылды 30.06.2026
Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған заманауи «Алмалы» оңалту орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Әлеуметтік маңызы зор нысан Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысындағы тапсырмасы негізінде пайдалануға берілді.Іс-шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, мемлекеттік органдар өкілдері, ардагерлер мен өңір тұрғындары қатысты.Жалпы аумағы 22 мың шаршы метрді құрайтын үш қабатты орталықтың құрылысы 2023 жылы басталған. Бір мезетте 150 адамды қабылдай алатын мекеме балалар мен ересектерге кешенді оңалту қызметін көрсетеді. Жаңа орталықтың ашылуы нәтижесінде өңірде көрсетілетін қызмет көлемі едәуір артпақ. Бұған дейін жыл сайын шамамен 1100 ерекше қажеттілігі бар азамат оңалту көмегін алса, енді олардың саны 2300 адамға дейін көбейеді.Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.– Бұл орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Осындай маңызды әлеуметтік нысанның іске қосылуы – облысымыз үшін үлкен қуаныш. Бұл – әр адамға тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Жобаның жүзеге асуына үлес қосқан барша азаматқа алғыс айтамын. Ұжымға табысты еңбек, ал орталық көмегіне жүгінушілерге мықты денсаулық пен тезірек сауығып кетуді тілеймін, – деді Серік Шәпкенов.Орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған, балалар церебралды сал ауруына шалдыққан, Даун синдромы мен аутизм спектріндегі ауытқулары бар 3 пен 18 жас аралығындағы балаларға кешенді оңалту қызметі көрсетіледі. Мұнда АВА-терапия кабинеттері, механотерапия залдары, сенсорлық интеграция бөлмелері, сондай-ақ еңбек және арт-терапия шеберханалары бар.Ересектерге, оның ішінде І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға да қолайлы жағдай жасалған. Орталықта физиотерапия кабинеттері, заманауи құрылғылармен жабдықталған емдік дене шынықтыру залы, бассейн және су емдеу кешені жұмыс істейді.«Алмалы» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту орталығының директоры Анар Қаюпованың айтуынша, қызметі алты негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылған. Олар – әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік-еңбек және мәдени оңалту жұмыстары.– Орталық кешенді оңалтуға арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Әрбір қызмет алушыға жеке оңалту және әлеуметтік бейімдеу бағдарламасы әзірленеді. Дәрігерлер, мейіргерлер, психологтар, логопедтер, дефектологтар және басқа да мамандарды қоса алғанда, 189 қызметкер еңбек етеді, – деді Анар Қаюпова.Қазіргі таңда Атырау облысында 27 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. «Алмалы» орталығының ашылуы — әлеуметтік саладағы елеулі жаңалық және ерекше қажеттілігі бар жандарға жайлы орта құру бағытындағы кезекті бір маңызды қадам.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1231802?lang=ru
Атырауда алғаш рет таңдай жырығы бар балаға күрделі пластикалық ота жасалды 30.06.2026
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Атырау облыстық балалар ауруханасына Алматы қаласындағы Medical Park орталығынан жоғары санатты бет-жақ хирургі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмағанов арнайы шақырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.Маманның қатысуымен өңір дәрігерлеріне арналған шеберлік сабағы ұйымдастырылып, туа біткен бет-жақ ақаулары бар балаларға күрделі операциялар жасау тәсілдері көрсетілді.Алғашқы операция бүгін 1 жас 9 айлық балаға жасалды. Дәрігерлер ота сәтті өткенін айтып, мұндай тәжірибе алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.-Қазір облыста бет-жақ сүйектерінде түрлі ауытқуы бар 300-ге жуық бала есепте тұр. Соның ішінде таңдай жырығы диагнозы қойылған балаларға дер кезінде ота жасау олардың дұрыс тамақтануы мен сөйлеу қабілетінің қалыптасуына оң әсер етеді.28-30 мамыр аралығында өтетін шеберлік сабағы аясында жалпы саны 12 операция жасау жоспарланған. Күніне төрт ота жасалады. Сонымен қатар, 28-29 мамыр күндері профессор Серік Нұрмағанов пациенттерді қабылдап, кеңес береді, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.Айта кетейік, бұл бастама Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында былтыр басталып, дәстүрлі жобаға айналуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1231859?lang=ru
Алматы облысында құны 22 млрд теңгеден асатын жаңа экопарктер салынады 30.06.2026
Алматы облысында экологиялық туризмді дамыту және жасыл аймақтардың көлемін ұлғайту бағытында бірнеше ірі экопарк жобасы жүзеге асырылуда. Жаңа нысандарға тартылатын инвестиция көлемі 22 млрд теңгеден асады.Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы көлемі 69 мың гектардан асатын 20-дан астам экопарк жұмыс істейді. Алдағы жылдары олардың қатары жаңа демалыс және рекреациялық аймақтармен толықпақ.Ірі жобалардың бірі – аумағы 10 гектар болатын «Барыс» экопаркі. Жобаның құны шамамен 1,5 млрд теңгені құрайды. Болашақта парк аумағында 7 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған.Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен тағы екі ірі жоба іске асырылуда. Аумағы 5,5 гектар болатын «Tal Resort» экопаркінің құны шамамен 5 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары екі кезеңмен жүргізіледі. Жобаның бірінші кезеңін 2026 жылдың соңында аяқтау, ал нысанды толық пайдалануға беруді 2027 жылға жоспарланған.Сондай-ақ құны 5 млрд теңге болатын «Aykan Resort» экопаркінің құрылысы да жүргізілуде. Жобаның жалпы аумағы 8,5 гектарды құрайды. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру көзделген.Бұдан бөлек, 2027–2028 жылдары облыста тағы екі жоба жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «Көшпенділер» экопаркіне шамамен 700 млн теңге, ал «Орталық саябақ» жобасына шамамен 10 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.Алматы облысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының мәліметінше, аталған жобалар өңірдің туристік әлеуетін арттырып, жасыл аймақтарды кеңейтуге және халық үшін қолайлы демалыс инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1231982?lang=ru
Мемлекет басшысы Алатау қаласының даму барысымен танысты 30.06.2026
Алматы облысы, Қонаев қаласыПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары Алатау қаласын дамыту жоспарымен танысудан басталды.Қазір аумағы 88 мың гектарды құрайтын қала 4 арнаулы бөлікке бөлінген. Шаһар 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дами береді. Сонымен қатар қаланы өркендетуде басымдыққа ие аумақтар мен табыс көздері айқындалып жатыр. Магистральды инфрақұрылымды жандандырудың жол картасы жүзеге асырылуда. Басқарудың жаңа моделін қалыптастыратын Конституциялық заң қабылданды.Бүгінде Gate City тұрғын ауданында қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұнда бір «Жайлы мектеп» бой көтерді. Қалада «Маревен Фуд», «КНАУФ», Fruit Art, Dolce Pharm және Алматы желдеткіш зауыты секілді үлкен кәсіпорындар жұмыс істейді.Бұдан бөлек, жалпы сомасы 2 триллион теңгеден асатын 53 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды. Атап айтқанда, PepsiCo компаниясы Орталық Азиядағы картоп өңдейтін ең ірі зауыт салынып жатыр. Mars Petcare компаниясы үй жануарларына арналған азық өндіретін заманауи әрі бірегей жобаны қолға алды. KHAN TENGRI BIOPHARMA компаниясы дәрі-дәрмек мен медициналық қондырғылар шығарумен айналысады. «Исткомтранс» және G-Trans компаниялары логистикалық кластер құруда.Мемлекет басшысына Iconic Complex жобасы таныстырылды. Бұл – Алатаудағы көпфункциональды озық кешендердің бірі. Қаладағы негізгі нысандар Gate District ауданында бой көтермек. www.akorda.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1232514?lang=ru
Мемлекет басшысы GREEN ЕСО жылыжай кешенімен танысты 30.06.2026
Алматы облысы, Талғар ауданыПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев таза әрі пайдалы жапырақты көкөніс түрлерін өсіретін GREEN ЕСО заманауи жылыжай кешенінің қызметімен, сондай-ақ Қазақстан нарығындағы өндіріске қолданылатын технологиялармен танысты. Шаруашылықтағы барлық үдеріс химиялық өңдеусіз, тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолданбай іске асырылады. Бүгінде 160 адам еңбек ететін кәсіпорынның өнімдері Қазақстанның 10 қаласына жеткізіледі.Президент «Лукоморье» тұқымбағы – бақ орталығын аралап көрді. Бұл – автоматтандырылған жұмыс арқылы жылына 1,5 миллион түпке дейін ағаш, сәндік бұталар мен гүлдер өсіруге қауқарлы еліміздегі ірі орталық. Оның өнімдері қалаларымыздың барлығында сұранысқа ие, сонымен қатар Өзбекстан мен Қырғызстанға экспортталады.Мемлекет басшысына Turanga сәндік өсімдіктер тұқымбағын ұйымдастыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды. Онда 130 мыңға жуық ағаш және 3,5 миллион түп бұта өсіру жоспарланып отыр.  www.akorda.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1233029?lang=ru