Enbekshi QazaQ

Саясат

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған салтанатты қабылдауға қатысты 13.07.2026
Заманауи өнер музейінде Америка Құрама Штаттарының тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған салтанатты қабылдау өтті. Іс-шараға Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Джули Стаффт және АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Мишель Еркін қатысты.Салтанатты рәсім Қазақстан мен АҚШ мемлекеттік әнұрандарының орындалуымен басталды. Қонақтарды АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Мишель Еркін мен АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Джули Стаффт құттықтады.Алматы әкімі Дархан Сатыбалды құттықтау сөзінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың маңызын атап, АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін таныған алғашқы мемлекеттердің бірі екенін айтты.«Биыл Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 35 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде екі елдің өзара байланысы берік әрі сенімді кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді», – деді Дархан Сатыбалды.Шаһар басшысы жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалогтың арқасында екіжақты ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Алматының Қазақстан мен Орталық Азияға шығатын америкалық бизнес үшін табиғи қақпа ретіндегі рөліне ерекше тоқталды.Қазіргі уақытта Алматыда америкалық капитал бар 400-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы мен АҚШ арасындағы сыртқы сауда айналымы 1 млрд АҚШ долларынан асты.Дархан Сатыбалды Алматыда АҚШ Бас консулдығының жаңа кешенін салу жобасының маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба қаланың өңірлік дипломатиялық, іскерлік, гуманитарлық және қаржы орталығы ретіндегі рөлін күшейтеді.Әңгіме арасында туристік және көлік байланысын дамытуға да мән берілді. 2025 жылы Алматыға АҚШ-тан 24 мыңнан астам турист келген. Ал 2027 жылға жоспарланған «Алматы – Нью-Йорк» тікелей әуе рейсінің іске қосылуы екіжақты байланыстың дамуына жаңа серпін бермек.Ресми бөлімнің шарықтау шегі ретінде іс-шараның «Let freedom ring» («Азаттық үні асқақтай берсін») тақырыбы аясында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, АҚШ Елшісі Джули Стаффт және Бас консул Мишель Еркин символикалық қоңырау соқты.Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылдың қаңтарында орнатылды. Бүгінде екі ел өзара құрметке, ортақ мүддеге және болашаққа деген сенімге негізделген кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамытып келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1250894?lang=ru
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына байқау жарияланды 13.07.2026
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы ғылым, шығармашылық және қоғамдық қызмет салаларында жемісті еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ спортта жоғары нәтижелер көрсеткен дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында тағайындалады.Байқау «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» атты 10 номинация бойынша өтеді.Мемлекеттік сыйлыққа халықаралық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары, спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ аталған салалар мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен Қазақстан Республикасының 35 жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады.«Дарын» жастар сыйлығын алуға кандидатураларды орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер және Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген басқа да заңды тұлғалар іріктейді. Үміткерлер мынадай құжаттарды қағаз және электронды түрде жіберуі қажет:1) кандидаттың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;2) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алуға арналған тіркеу өтінімі;3) өтінішхат пен сыйлық алуға ізденушінің жетістіктері туралы анықтама;4) марапаттау дипломдарының, грамоталардың, алғыс хаттардың көшірмелері (болған жағдайда);5) кандидаттың немесе кандидат туралы мақалалардың, жарияланымдардың көшірмелері (болған жағдайда);6) банктік шоттың болуы туралы анықтаманың көшірмесі;7) кандидаттың жетістіктерін растайтын материалдар (болған жағдайда).Жеңімпаздарға «Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі. Мемлекеттік сыйлық иегерлері дипломмен, төсбелгімен, сондай-ақ қаржылай сыйлықпен марапатталады.«Дарын» жастар сыйлығы 1992 жылы тағайындалған. Әр жылдары аталған сыйлықты түрлі саладағы 380-дан астам азамат иеленген болатын.Конкурсқа қатысуға құжат 2026 жылғы 17 маусымнан 17 қыркүйек аралығында (қоса алғанда) қабылданады. Құжаттың қағаз нұсқасын мына мекенжай бойынша тапсыру қажет: Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы 8, «Министрліктер үйі» ғимаратының 14-кіреберісі. Электронды нұсқа daryn2026kz@gmail.com поштасы арқылы қабылданады.Анықтама телефондары: 8 (7172) 74-05-25, 8 (7172) 74-18-43, (жұмыс күндері, сағ. 9:00-ден 18:30-ға дейін). «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының қағидасыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1250698?lang=ru
Алматыда Балалардың құқығын қорғау басқармасына басшы тағайындалды 12.07.2026
Алматы қаласы әкімінің өкімімен Жанат Айтбаева қалалық Балалардың құқығын қорғау басқармасының басшысы болып тағайындалды.Жанат Айтбаева 1968 жылы 23 ақпанда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.Жоғары педагогикалық және экономикалық білімі бар. Педагогика ғылымдарының кандидаты, экономика және бизнес магистрі.Білім беру және мемлекеттік басқару саласындағы жалпы еңбек өтілі 35 жылдан асады. Еңбек жолын мұғалім болып бастап, әр жылдары білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарған.Шығыс Қазақстан өңірлік «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығын, Өскемен қалалық білім бөлімін басқарған. Сондай-ақ, Astana IT University проректоры, «Алматы дарыны» КМҚК директоры және Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.2025 жылы қыркүйектен бері Алматы қаласы әкімдігі аппаратының идеологиялық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы қызметінде болды.Білім беруді басқару және педагогикалық көшбасшылық мәселесіне арналған оқулықтар, оқу құралдары мен ғылыми монографиялардың авторы әрі тең авторы.«Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалімен, сондай-ақ салалық марапаттармен және Құрмет грамоталарымен наградталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1249430?lang=ru
Алматы облысында өткен «Қымызмұрындық – 2026» фестиваліне 35 мыңға жуық қонақ келді 12.07.2026
Алматы облысында халықтың ұлттық рухын оятып, дархан даланы думанға бөлеген «Қымызмұрындық – 2026» фестивалі өз мәресіне жетті. Биыл бұл мерекеге еліміздің түкпір-түкпірі мен алыс-жақын шет елдерден 35 мыңға жуық қонақ келді. Фестивальде ұлттық спорт түрлерінен түрлі сайыстар өтіп, мереке қорытындысында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар марапатталды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Мереке барысында Мыңжылқының төсін дүбірлеткен мың жылқының көрінісі жиналған көпшіліктің назарын өзіне ерекше аударды. Жер тарпыған жылқылар дүбірін естігенде, елең етпеген ел қалмады. Дүйім жұрттың жігер, намысын жанып өткен бәйгенің де орны ерекше болды. Биыл бұл жарыста екі жүзге жуық таңдаулы шабандоз бақ сынады. Жарыс бағдарламасы үш кезеңнен тұрды. Ең жас қатысушылар тоғыз шақырымдық құнан бәйгеде сынға түсті. Тәжірибелі жүйріктер жиырма шақырымға созылған топ бәйгеде бақ сынады. Сондай-ақ 32 шақырымдық аламан бәйгеде шабандоздар нағыз шеберлік пен төзімділіктің үлгісін көрсетті.Жүлде қоры да қомақты болды. Аламан бәйгенің жеңімпазы Jetour X70 FL Prestige автокөлігінің иегері атанды. Екінші орынға – 2,5 миллион теңге, үшінші орынға 1 миллион теңге берілді.«Түйе палуан» жарысы да жанкүйерлер назарындағы басты бәсекелердің біріне айналды. Білекті балуандар күш сынасқан сайыстың жеңімпаздары да жүлделі сыйлықтардан қалыс қалған жоқ.«Қошқар көтеру» жарысын да көпшілік қызыға тамашалады. Сырттай қарағанда қарапайым көрінгенімен, бұл сайыс зор күш-қуатты, төзімділікті, қолдың қарымын және дұрыс әдіс-тәсілді талап етеді. Дәстүр бойынша қошқарды ең көп көтерген спортшы оны өз жүлдесі ретінде алды.«Алыптар сайысында» қатысушылар найза лақтыру, темір шыбық ию, ауыр тасты көтеріп жүру, 100 келі бөренемен жаттығу жасау және 500 келі арбаны сүйреу секілді қиын акробатикалық тәсілдерді көрсетті. Сайыс жеңімпазы 1,5 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдені иеленсе, өзге жүлдегерлерге де қомақты ақшалай сыйақылар табысталды.Негізгі жарыстардан бөлек фестивальде қол күресі, арқан тарту, тоғызқұмалақ, шахмат, қой қырқу және көшпелі өмірдің ажырамас бөлігіне айналған өзге де ұлттық сайыстар өткізілді.Қарқара жайлауында ұйымдастырылған бұл мереке ұлттық спорттың мерейін үстем етіп, қазақ халқының рухани құндылықтарын дәріптеген маңызды мәдени шара ретінде есте қалды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1249126?lang=ru
Тазалық пен тәртіп: Қарқара жайлауында «Таза Қазақстан» акциясы ұйымдастырылды 12.07.2026
Алматы облысында өткен «Қымызмұрындық – 2026» этнофестивалі мәресіне жетіп, шарадан кейін «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Қарқара жайлауында тазарту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы күндері де бұл жұмыстар жалғасатын болады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Коммуналдық қызмет мамандары мен еріктілер қоқыстарды жедел жинап, алаңды ретке келтіруде. Соның нәтижесінде аумақтың тазалығы сақталып, қоршаған ортаны қорғау талаптары қамтамасыз етілді. Тұрмыстық қалдықтар мен пластик бөтелкелер арнайы техникамен шығарылып жатыр.Бұл ауқымды мәдени жобаларды табиғатқа жанашырлықпен қарап, экологиялық жауапкершілікті сақтаумен ұштастыруға болатынын көрсетті. Осылайша, «Қымызмұрындық – 2026» фестивалі көпшілікке жарқын әсер мен ұмытылмас естеліктер ғана сыйлап қойған жоқ. Сонымен қатар ұлттық мұраны құрметтеу табиғатқа қамқорлықтан басталатынын айқын көрсетті. «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығына көпшіліктің тағы бір мәрте көзін жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1249128?lang=ru
«Қымызмұрындық – 2026»: Қарқарада ұлттық рухты ұлықтаған ұлы думан өтті 12.07.2026
Алматы облысында «Қымызмұрындық – 2026» мәдени-көпшілік және спорттық шарасы өтті. Салтанатты шарада ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Ал Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев дүбірлі думанның маңызына тоқталып, қонақтарға ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ меймандар «Қымызмұрындық» аясында ұйымдастырылған көрмені аралап көріп, ұлттық ойыннан сынға түскен спортшылардың өнерін тамашалады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Мәлік Нұржанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемін жеткізе отырып, Президентіміздің ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ата дәстүрімізді дәріптеуге арналған осындай тағылымды іс-шараларға ерекше мән беретінін айтты. Сонымен қатар Кеген ауданында өтіп жатқан «Қымызмұрындық» мерекесі ұрпақтар сабақтастығын нығайта түсетініне сенім білдірді.«Қазақ даласындағы әр салт-дәстүрдің өзіндік тәрбиелік мән-маңызы, ұлттың ерекшелігін айқындап тұратын өзіндік биік бағасы бар. Аманат болып жеткен осы құндылықтарды сақтап, оларды заман талабына сай жаңғыртып, насихаттау – Президентіміз айтқандай – баршамызға ортақ міндет.Бүгінде біз бабалар аманатына адал бола отырып, ұлттық мұрамызды заман талабына сай дамытып келеміз. Қымыз өндірісінде жаңа технологиялар енгізіліп, өнімді сақтау, өңдеу және нарыққа шығару мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Бұл – дәстүр мен жаңашылдықтың өзара сабақтастығының нақты көрінісі. Хантәңірінің көрікті етегі, Қарқараның тамашасы мен Мыңжылқының сұлу келбеті кімді де болса тамсандырмай қоймайтыны анық. Қымызмұрындық сияқты тағылымы мол мерекелер халқымыздың рухын асқақтатып, елдік сананы нығайтып, Қазақстанның мәдени келбетін әлемге таныта береді деп сенемін», – деді Мәлік Нұржанұлы.Аймақ басшысы өз сөзінде халықтың қолдауымен қолға алынған игі бастамалардың ғұмыры қашанда ұзақ болатынын айтты.«Кеген ауданының ғана емес, тұтас Алматы облысының рухани-мəдени келбетін айшықтайтын, өңірдің туристік тартымдылығына оң əсер ететін Қымызмұрындық фестивалі биыл республикалық маңызы бар мəдени іс-шаралар күнтізбесіне енді.Қарқара – қазақ тарихындағы қастерлі мекендердің бірі. Осындай қасиетті өлкеде Қымызмұрындықтың дəстүрге айналуы да заңдылық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық тарихты жаңаша зерделеуге ерекше мəн беріп келеді. Жақында өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі» атты халықаралық симпозиумда Президентіміз: «Біз – мемлекет ісінде «Мəңгілік Ел» идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз», – деп атап өтті.Расында, заң мен тəртіпке негізделген басқару мəдениеті, əділдік пен жауапкершілік қағидалары бүгінгі Тəуелсіз Қазақстанның құндылықтарымен сабақтасып, жаңа Конституциямызда өзінің заманауи жалғасын тауып отыр», – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ Алматы облысы бүгінде табиғи байлығы мен тарихи мұрасын ұштастыра отырып, туризмді дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқанын жеткізді. Аймақ басшысының айтуынша, өткен жылы өңірімізге 2,5 миллионнан астам турист келген. Бұл Алматы облысының табиғи əлеуеті мен тарихи-мəдени мұрасына деген қызығушылықтың тұрақты артып келе жатқанын көрсетеді. Көлсай мен Қайыңды көлдері, Шарын шатқалы, Хантəңірі баурайы, Қарқара жайлауы – Алматы облысының ғана емес, Қазақстанның халықаралық деңгейде танылған туристік орындарына айналған.«Біздің мақсат – туристер санын көбейту ғана емес, олардың туған жеріміздің табиғатын, тарихын жəне мəдениетін терең танып қайтуына жағдай жасау. Сондықтан біз экотуризмді дамытуға ерекше басымдық беріп келеміз. Табиғатты сақтау мен туризмді дамыту – бір-бірімен ұштасқан егіз ұғым. Бұл бағыт Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасымен толық үндеседі», – деді Марат Елеусізұлы.Айта кетейік, «Қымызмұрындық» мерекесі Қарқара жайлауында биыл 5-рет өтті және қазақтың көреген абызы Əлмерек Жаншықұлының 368 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осыған орай абыз баба рухына Құран бағышталып, ас берілді. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінен республикалық жарыстар ұйымдастырылып, спортшылардың шымырлығы мен төзімділігі сынға түсті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1249118?lang=ru
Алматы облысының орталығында кардиологиялық орталық ашылды 12.07.2026
Қонаев қаласында сәулеті келіскен, шаһардың көркіне көрік қосқан жаңа кардиологиялық орталық пайдалануға беріліп, өңір жұртшылығын зор қуанышқа кенелтті. Жаңа нысан – өңірдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту, салу және кадрлық әлеуетті күшейту бағытындағы жұмыстың нақты нәтижесі. Жобаға 3 млрд теңге инвестиция тартылған. Ең бастысы, мұнда 200 медицина қызметкері үшін жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов қатысып, тұрғындарды құттықтады.«Өңірлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту мен жоғары технологиялық орталықтар желісін дамыту – мемлекеттің басым бағытының бірі. Бүгін облыс орталығындағы ел игілігіне берілгелі тұрған кардиологиялық орталық – денсаулық сақтау жүйесі үшін ерекше маңызы бар нысан. Сонымен бірге халықтың өмір сапасын арттыруға және жүрек-қан тамыр ауруларымен күресті күшейтуге бағытталған нық қадам. Жүрек-қан тамыр жүйесінің дерті бүгінде елімізде ғана емес, бүкіл әлемде ең өзекті медициналық мәселенің бірі болып отыр. Сондықтан мұндай жоғары технологиялы нысанның іске қосылуы – уақыт талабына сай қабылданған маңызды шешім. Мұнда диагностикадан бастап күрделі хирургиялық операцияларға дейін толық циклді медициналық көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Атап айтқанда, қан айналым жүйесі ауруын диагностикалау, емдеу қызметі көрсетіледі. Сонымен бірге жүрек пен қан тамырлары сырқатын да стационарлық деңгейде емдеу толықтай іске асырылады. Бұл облыс тұрғындарының басқа өңірлерге немесе шетелге бармай-ақ, сапалы медициналық көмекті дер кезінде алуына жағдай жасайды», – деген шаһар басшысы жобаның мерзімінде әрі сапалы жүзеге асуына атсалысқан инвесторларға, құрылысшыларға және барлық медицина қызметкерлеріне шынайы алғыс білдірді.Жобаның инвесторы Бекарыс Жали жаңа нысан мемлекеттік қолдаудың, жеке инвестицияның және ортақ еңбектің нәтижесінде іске асып отырғанын атап өтті. Бұл орталықтың ашылу мақсаты өңір тұрғындарына заманауи, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек ұсыну екенін айтқан инвестор осы жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен облыс пен қала басшылығына және құрылысшыларға жүрекжарды алғысын жеткізді. Сондай-ақ кардиологиялық орталықтың кілтін оның бас дәрігері Асқар Рахматалиевке салтанатты түрде тапсырды.Жаңа ғимараттың лентасы қиылғаннан кейін бас дәрігер қонақтарға орталықтың барлық бөлмелерін аралатып, нысандағы көрсетілетін қызмет түрлерімен таныстырды.Бұл – жай ғана жаңа медициналық нысан емес, мыңдаған тұрғынның денсаулығын сақтауға, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға және заманауи медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған маңызды орталық. Жаңа кардиологиялық орталық облыс жұртшылығына қызмет етіп, әрбір тұрғынның денсаулығын нығайтуға, өмір сапасын жақсартуға және талай жанның өмірін сақтап қалуға өз үлесін қосатыны сөзсіз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1248635?lang=ru
Алматыда Тәжікстан өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді 11.07.2026
27-28 маусым күндері Алматының Алатау ауданында Тәжікстан Республикасының Хатлон облысы тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді.Сауда қатарлары Нұркент шағынауданындағы «Almaty Arena» көпфункционалды кешенінің алдындағы алаңда орналастырылады.40 фермер өнімін ұсынады. Олар Алматыға 500 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері мен қолөнер бұйымдарын алып келеді.Қала тұрғындары мен қонақтарына маусымдық жеміс-жидектер мен көкөністердің, табиғи кептірілген жемістердің, шығыс тәттілерінің және басқа да өнімдердің түр-түрі тікелей өндірушілерден ұсынылады.Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңке Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуға, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға және тұтынушыларды сапалы өніммен қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге бағытталған.Жәрмеңкенің жұмыс уақыты: 10:00-ден 18:00-ге дейін. Кіру тегін.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1247171?lang=ru
Кітап оқитын ұлт: Алматы облысындағы оқырман санын 100 мыңға жеткізу жоспарлануда 11.07.2026
Алматы облысы мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында іске асырылуда. Жоба бойынша өңірдегі кітапханалар, мәдениет және білім беру ұйымдары арқылы бірлескен жобалар мен іс-шараларды ұйымдастыру, жастардың интеллектуалдық және рухани дамуына ықпал ететін бастамаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры былтыр шілде айында құрылып, жұмысын бастаған. Өткен жылы Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында алғашқы ағартушылық жобаларын жүзеге асырды. Нәтижесінде 190 мыңға жуық адам кітап оқу дағдысын қалыптастырған. Биыл олардың санын 1,5-2 млн-ға арттыру көзделуде. Ал Алматы облысында 100 мыңнан аса адамды қамту жоспарланған.Шараға қатысқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениеті мен кітапхана ісін дамыту мәселесіне ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде облыста 145 кітапхана жұмыс істейді. Олар 71 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетуде. Жалпы кітап қоры 2,7 млн-нан асады. Кітапханалар жанында коворкинг орталықтары, клубтар мен үйірмелер жұмыс істеп, жастардың шығармашылық және зияткерлік дамуына жағдай жасалуда.«Биыл Ұйғыр аудандық кітапханасы, Қарасай ауданындағы Жандосов ауылдық кітапханасы және Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылдық кітапханасы жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта тағы екі кітапхананы жаңарту жоспарланған.2023 жылдан бастап барлық аудандық кітапханалар САБ ИРБИС-64+ бағдарламасына көшірілді. Бүгінгі таңда электрондық каталогқа және электрондық кітапхана қорына 1,9 млн-нан астам библиографиялық жазба енгізілді. Сондай-ақ KazNEB платформасына 1 943 кітаптың цифрлық нұсқасы жолданды. Облыс бойынша қоғамдық орындарға 786 KazNEB QR-коды орналастырылып, 82 мыңнан астам электрондық кітапты пайдалану мүмкіндігі жасалды», – деді Марат Елеусізұлы.Жиын барысында аталған қоғамдық қордың төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков жобаның мақсаты мен атқарылған жұмыстары жайлы баяндады.«Кітапхана кітап сақтайтын орын емес, бұл – адамдар білім алып, таным-түсінігін тереңдететін рухани орда. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан жоба аясында кітапханаларға оқырмандарды тарту және кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Біздің басты мақсаттарымыздың бірі – кітапханаларды оқырманға толтыру. Жұмыс барысында халықтың кітап оқуға ықыласы жоғары екенін байқадық. Әуелде әр аймақтан 25-30 мың адам қатысады деп ойлағанбыз. Бірақ нәтиже біз ойлағаннан да жақсы болды. Жобаға 190 мыңға жуық адам қатысса, оның 104 мыңнан астамы ұсынылған 15 кітапты толық оқып бітірген. Бұл тест нәтижесінде белгілі болды.Біз 7 бағыт бойынша жұмыс істейміз. Соған сәйкес мектеп оқушыларын, колледж бен университет студенттерін, сондай-ақ педагогтерді, жеке әулеттерді, мемлекеттік қызметшілер мен спортшыларды кітап оқуға баулимыз. Мәселен, мектеп оқушылары жас ерекшеліктеріне қарай 5 топқа бөлінген. Әр топқа оқуы тиіс 15 кітаптан ұсынылған. Дәл осылай орыс сыныптарына да бөлек тізім жасалған. Оның ішінде бесеуі қазақстандық авторлардың шығармалары, бесеуі Батыс, ал қалған бесеуі Шығыс авторларының кітаптары. Бұл сыни ойлауды қалыптастыруда өте маңызды. Яғни мектеп оқушыларына арналған бағыттың өзінде ғана 150 кітаптың тізімі бекітілген», – дейді Бақытжан Тұрлыбеков.Шара қорытындысында екі жақты меморандумға қол қойылып, қос тарап бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Осыған орай Марат Елеусізұлы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама, ішкі саясат, білім және жастар саясаты басқармаларына арнайы міндеттер жүктеді. Өңірде кітап оқу мәдениетін дамыту, халықтың, әсіресе балалар мен жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқырман қауымдастығын қалыптастыру және бірлескен мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыруда қарқынды жұмыс істеу керегін баса айтты.Қоғамдағы кеселдің көбі рухани тоқыраудан болады. Ал адамды кемелдік пен терең пайымға жетелейтін басты құрал – кітап. Сондықтан аталған бастама шығарма оқумен ғана шектелмейді. Бұл қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететін маңызды жоба болмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1246946?lang=ru
Алматы облысында мемлекеттік қызметшілер құрметке бөленді 11.07.2026
Алматы облысында Мемлекеттік қызметшілер күніне орай өңірдің түкпір-түрпірінде ауқымды шаралар өтті. Сала мамандарының елдің өркендеуіне қосқан елеулі үлесіне лайықты баға берілді. Негізгі шара Қонаев қаласындағы Бердібек Соқпақбаев саябағында ұйымдастырылды. Онда халықтың әл-ауқатын жақсартуға, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыруға атсалысып жүрген үздік қызметкерлер марапатталды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтады. Бұл сала ел тұрақтылығы мен дамуының негізгі тіректерінің бірі екенін айтып, қоғам өміріндегі айрықша маңызына тоқталды. Сондай-ақ мемлекетіміздің басқару мәдениеті бүгінгі тәуелсіз еліміз тікелей мирасқоры болып саналатын Алтын Орданың мемлекеттік жүйесі және әкімшілік құрылымымен сабақтасып жатқанын жеткізді.«Мемлекеттік қызметшінің ең үлкен марапаты – жоғары шен немесе лауазым емес, ол – халықтың алғысы мен шынайы сенімі. Әрбір қабылдаған шешімдеріңіздің, әрбір жазған ресми хаттарыңыздың артында қарапайым адамдардың тағдыры, мемлекетіміздің беделі тұрғанын ешқашан ұмытпаңыздар. Сіздердің адалдықтарыңыз бен кәсібиліктеріңіз – қуатты Қазақстанның іргетасы. Ел игілігі жолындағы қажырлы да жауапты қызметтеріңіз үшін баршаңызға айрықша алғысымды білдіремін», – деді Марат Елеусізұлы.Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде облыста мемлекеттік қызмет саласында 4 мыңнан астам азамат еңбек етеді. Олардың 2,5 мыңға жуығы жергілікті атқарушы органдарда тұрғындармен тікелей жұмыс жүргізуде. Қызметкерлердің 52 пайызы әйелдер болса, 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 40 пайызды құрайды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте түрлі этнос өкілдері бірлесе еңбек етіп, қоғамдық келісім мен бірліктің үлгісін көрсетуде.Мамандардың кәсіби деңгейі де жыл сайын артып келеді. Облыстың мемлекеттік қызмет жүйесінде магистратура мен докторантура тәмамдаған 182 маман, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 11 түлегі және халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен білім алған 7 түлек қызмет етуде.Өңірде мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдау шаралары да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Соның ішінде «Алатау жастары» бағдарламасы аясында жеңілдетілген ипотека беру, басқа өңірлерден келген мамандарға тұрғын үй төлемдерін қарастыру секілді бастамалар қолға алынған.Салтанатты рәсімде жауапкершілік пен кәсібиліктің үлгісін көрсеткен жандар «Үздік мемлекеттік қызметші», «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгілерімен, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Солардың бірі – 20 жылдан астам уақыт осы салада қызмет еткен, облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы Гүлнар Жорабаева.«Алматы облысы екіге бөлінгеннен кейін Қонаевқа алғашқылардың бірі болып келіп, қызметімізге кірістік. Содан бері өңірдің қайта аяққа тұрып, дамуына үлесімізді қосып келеміз. Бүгінгі марапат менің еңбегіме берілген лайықты баға деп есептеймін. Біз, мемлекеттік қызметшілер, халыққа барынша қолайлы жағдай жасауға атсалысып, Президент саясатын жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді арнаудамыз. Осы орайда барлық әріптестерімді кәсіби мерекемізбен құттықтаймын. Бүгінгі төсбелгіні иеленгеніме өте қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісінің орны бөлек. Меніңше, әрбір мемлекеттік қызметші осындай марапатқа ие болуды армандайды. Бұл адамды жігерлендіріп, кәсіби тұрғыда өсуіне ынталандырады. Еңбегімді бағалап, сенім білдірген басшылыққа ризашылығымды білдіремін. Бүгінде облыстың күн санап көркейіп келе жатқанына баршамыз куә болып отырмыз. Соңғы жылдары өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Облыстың өркендеу жолында өнімді еңбек етіп жүргенімді мақтан тұтамын», – деді марапат иесі.Мерекелік жиында өнерпаздар театрландырылған қойылым көрсетіп, айтулы күннің мән-мазмұнын терең ұғындыра түсті. Мемлекеттік қызметшілердің мерейін асырған шара сахна жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1246447?lang=ru
Алматылық семсерлесушілер Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды 11.07.2026
Үндістанның Нью-Дели қаласында семсерлесуден Азия чемпионаты жалғасуда. Аталған жарыста Қазақстанның ерлер құрамасы командалық сайыста қола медаль жеңіп алды.Ұлттық құраманың сәтті өнер көрсетуіне алматылық спортшылар Жанат Нәбиев пен Нұрмұхаммед Жайлыбай зор үлес қосты. Олар Қазақстан құрамасы сапында Артем Саркисян және Назарбай Саттарханмен бірге сынға түсті.Жарыс кезінде қазақстандықтар Иран құрамасын 45:33, Өзбекстан құрамасын 45:43 есебімен жеңіп, құрлық біріншілігінің жартылай финалына шықты. Финал жолдамасы үшін өткен кездесуде олар турнир фавориттерінің бірі Оңтүстік Корея құрамасына 34:45 есебімен жол берді.Үшінші орын үшін өткен тартысты бәсекеде қазақстандық спортшылар жоғары шеберлік пен табандылық танытып, Қытай құрамасын 45:44 есебімен ұтты. Осылайша олар Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленді.Семсерлесуден Азия чемпионаты 24 маусымда аяқталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1246346?lang=ru
Миллиондаған көрермен Алматыны Travel XP эфирінен көреді 11.07.2026
Travel XP халықаралық телеарнасы Instagram желісінде Қазақстанға арналған жаңа шығарылымның тизерін жариялады. Бағдарламада Алматы саяхаттың басты бағыты ретінде таңдалған. Жаңа шығарылым 2026 жылдың маусым айының соңында әлемнің 110-нан астам елінде көрсетіледі.Түсірілім жұмыстары барысында Travel XP шығармашылық тобы Алматыға арнайы келіп, мегаполистің ең танымал туристік орындарын таспаға түсірді. Бағдарламада Көктөбе, Көк базар, Арбат, 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы, Республика сарайы және шаһардың өзге де көрікті нысандары қамтылған. Түсірілімді ұйымдастыруға Almaty Tourism Bureau қолдау көрсетті.Алдағы шығарылым халықаралық аудиторияны Қазақстанның ең ірі қаласының табиғатымен, бай мәдениетімен, гастрономиялық ерекшеліктерімен және заманауи тыныс-тіршілігімен таныстырады.Әлемдегі жетекші туристік телеарналардың бірінде Алматы туралы бағдарламаның көрсетілуі қаланың туристік әлеуетін ілгерілетудің тиімді тетігіне айналмақ. Бұл жоба миллиондаған көрерменге Алматының көркем тау табиғаты, қарқынды қала мәдениетін және сан алуан демалыс мүмкіндіктері туралы кеңінен мағлұмат береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1246349?lang=ru
Алматы хайуанаттар бағында ақбөкендер лақтады 11.07.2026
Алматы хайуанаттар бағында Стелла мен Айна есімді ақбөкендер лақтады. Бұл туралы қалалық Мәдениет басқармасының өкілдері айтты.Ақбөкен (Saiga tatarica) – мұз дәуірінен бері жер бетінде сақталып келе жатқан жануарлар дүниесінің ең көне өкілдерінің бірі. Қазіргі таңда бұл сирек түр ерекше қорғауға алынып, табиғатты сақтау тұрғысынан маңызды мәртебеге ие.Мамандардың айтуынша, жаңа туған лақтардың жағдайы жақсы. Олар өсіп-жетіліп, аналарынан бір елі ажыраған емес. Әзірге төлдер ана сүтімен қоректенуде, ал уақыт өте келе табиғи өсімдік тектес азыққа біртіндеп бейімделеді.Алматы хайуанаттар бағы ақбөкендерді қолда өсіріп, тұрақты түрде төл алып отырған санаулы зоологиялық мекемелердің бірі. Мамандар мұны сирек кездесетін жануар түрін сақтауға және биологиялық алуандықты қорғауға бағытталған жұмыстың маңызды нәтижесі ретінде бағалайды.Қазір лақтардың жасы шамамен бір айға таяған. Олар ветеринар мамандардың тұрақты бақылауында болып, жасына сай дамып келеді.Бүгінде хайуанаттар бағына келушілер ақбөкеннің сүйкімді лақтарын көріп, қазақ даласының ең сирек жануарларының бірін тамашалай алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1246343?lang=ru
Урбанистикадан жасанды интеллектке дейін: Алматыдағы «Талдау мектебі» жұмысын қорытындылады 11.07.2026
Алматыда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қолдауымен және Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Талдау мектебі. Алматы» білім беру жобасы қорытындыланды.Жоба бес жылдан бері табысты жүзеге асырылып келе жатқан «Талдау мектебі» бастамасының өңірлік жалғасы ретінде қолға алынды. Оның мақсаты – сараптамалық ойлау мәдениетін дамыту, сарапшылар қауымдастығын қалыптастыру және Алматы қаласының өзекті мәселелеріне қатысты тиімді шешімдер әзірлеу.Жобаға қызығушылықтың жоғары болғанын іріктеу нәтижелері көрсетті. Өтінім қабылдау кезеңінде 218 өтінім түсіп, олардың ішінен 65 қатысушы бағдарламаға қабылданды. Қатысушылар қатарында ғылыми қауымдастық, жоғары оқу орындары, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор, халықаралық ұйымдар, сараптамалық орталықтар, ІТ индустриясы, бизнес және азаматтық сектор өкілдері болды.Білім беру бағдарламасы Narxoz Business School базасында өтті. Алты апта бойы қатысушылар стратегиялық жоспарлау, деректерді талдау, мемлекеттік басқару, урбанистика, цифрлық трансформация, жасанды интеллект, экология, туризм және креативті экономика бағыттары бойынша білімін жетілдірді.Бағдарлама аясында аналитикалық құралдарды тәжірибеде қолдануға және Алматының тұрақты дамуына бағытталған шешімдерді әзірлеуге басымдық берілді.Жобаның спикерлері қатарында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Әсел Жанасова, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун, Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов, Freedom Telecom компаниясының бас директоры Қайрат Ахметов, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов, халықаралық inDrive сервисінің негізін қалаушы Арсен Томский, сондай-ақ отандық және шетелдік жетекші сарапшылар болды.Оқу барысында қатысушылар жеті бағыт бойынша жұмыс істеді: «Мегаполисті ақылды басқару», «Креативті экономика және мәдени стратегия», «Туризм және халықаралық ілгерілету», «Урбанистика және кеңістіктік даму», «Экология және тұрақты қалалық орта», «Цифрлық экономика және инновациялық экожүйелер», сондай-ақ «Тұрақты даму және әріптестік».Бағдарлама қорытындысы бойынша командалар Алматыны дамытудың негізгі бағыттарына қатысты талдамалық жоба мен практикалық ұсыным әзірледі. Соңғы кезеңде қатысушылар «DATA-DRIVEN CITY іс жүзінде» тұжырымдамасы аясында деректі талдау мен заманауи қалалық басқару тәсілдеріне негізделген жоба қорғады.Жобаның жабылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов сөз сөйледі. Жобаларды қорғаудан кейін түлектерге сертификат табыстаудың салтанатты рәсімі өтті.Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Талдау мектебі. Алматы» қаланың тұрақты дамуына бағытталған практикалық шешімдер әзірлей алатын, заманауи аналитикалық тәсілдерді қолданатын және деректер мен сараптамалық білімге негізделген Алматының ұзақ мерзімді даму стратегиясын қалыптастыруға үлес қоса алатын жаңа буын мамандарын даярлайтын тиімді алаңға айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1246330?lang=ru
Алматыда спорттық резервті ғылыми қолдау бағдарламасы басталды 11.07.2026
Алматы қаласының Спорт басқармасы спорттық резерв спортшыларын функционалдық диагностикадан өткізу және ғылыми-медициналық қолдау жүйесін енгізу бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруды бастады.Бүгінде спортшыны даярлау тек жаттығу мен жарысқа қатысумен шектелмейді. Спортшы ағзасының жүктемені қалай қабылдайтынын, қалпына келу деңгейін және шамадан тыс шаршау мен жарақат алу қаупінің бар-жоғын анықтау да аса маңызды. Сондықтан спорт ғылымының заманауи жетістіктері әлемдік тәжірибеде спортшыларды даярлаудың ажырамас бөлігіне айналып отыр.Бағдарлама аясында спортшылар спорттық медицина мен функционалдық диагностиканың озық әдістерін пайдалана отырып, кешенді тексеруден өтеді. Зерттеу барысында мамандар жүрек-қантамыр жүйесінің қызметін, тыныс алу жүйесінің жай-күйін, төзімділік деңгейін және ағзаның физикалық жүктемеден кейінгі қалпына келу қабілетін бағалайды. Ол үшін InBody аппараты арқылы дене құрамын талдау, электроэнцефалография (ЭЭГ), сондай-ақ нақты уақыт режимінде сымсыз электрокардиографиялық бақылаумен жүргізілетін эргоспирометриялық тестілеу сияқты заманауи диагностикалық технологиялар қолданылады.Жоба Trinity Corp спорттық медицина және диагностика орталығының базасында жүзеге асырылуда. Қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде алматылық спортшылар кешенді медициналық тексеруден арнайы шарттар негізінде өту мүмкіндігіне ие болды. Диагностика спортшылардың функционалдық мүмкіндіктерін объективті бағалауға арналған арнайы жабдықтардың көмегімен жүргізіледі.Бағдарламаның алғашқы қатысушылары спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері болды. Қазіргі уақытта 133 жас спортшы тереңдетілген диагностикалық тексеруден өтуде. Жыл соңына дейін жоба аясында республикалық және халықаралық жарыстарға қатысатын Алматының спорттық резервіндегі 200-ден астам спортшы тексеруден өтеді.Спорттық медицина дәрігерінің айтуынша, мұндай диагностиканың басты артықшылығы спортшының қазіргі физикалық дайындығын бағалаумен ғана шектелмейді.«Заманауи спорттық диагностика ағзаның шамадан тыс шаршаудың, қалпына келудің жеткіліксіздігін және спорттық нәтижелердің төмендеуіне не жарақатқа әкелуі мүмкін қауіп-қатерлерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Алынған мәліметтер жаттықтырушылар мен мамандарға жаттығу үдерісін неғұрлым тиімді жоспарлап, жүктемені әр спортшының ерекшелігіне сай реттеуге және оның жағдайын даярлықтың барлық кезеңінде бақылауда ұстауға көмектеседі», – дейді маман.Жоба аяқталғаннан кейін оның нәтижелеріне жан-жақты талдау жүргізіліп, Алматы қаласының спорттық резерв спортшыларын ғылыми қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру бағыттары қарастырылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1246335?lang=ru
Алматы облысында «Қымызмұрындық» мерекесі өтеді 11.07.2026
Көпшілік асыға күтетін «Қымызмұрындық – 2026» мерекесі 27 маусым күні Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында өтеді. Аталмыш шара абыз баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығымен қатар ұйымдастырылмақ. Мерекеге елімізден, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Қытай, Түркменстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан Республикасы және өзге мемлекеттерден 35 мыңға жуық қонақ келеді деп жоспарланып отыр.Қымызмұрындық – қазақ халқының атадан балаға мұра болып келе жатқан игі дәстүрлерінің бірі. Бұл – қонақжайлылықты, жомарттықты, ынтымақ пен бірлікті дәріптейтін мереке. Аталмыш шараның туризмді дамытуға да ықпалы мол болмақ.Қарқара жайлауында бұл мереке бұған дейін төрт рет ұйымдастырылған. Өткен жылы шараға 8 мыңнан астам адам қатысып, 40 киіз үй тігілген. Сондай-ақ 250-ге жуық шағын бизнес өкілдері тартылған болатын. Ал биыл 80-нен астам киіз үй тігіліп, келушілер саны бірнеше есеге артады деп күтілуде.«Қамызмұрындық – 2026» мәдени-көпшілік және спорттық іс-шарасы аясында ұлттық дәстүрлер мен ойындар паш етіліп, қолөнер көрмесі ұйымдастырылады. Атап айтқанда, ат бәйгесі, қазақ күресі, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, қой көтеру сынды сайыстар өтеді. Сонымен бірге «Топжарған» этно-өнер орталығының шоу бағдарламасы, «Толағай» өнер орталығының қойылымдары, облыс өнерпаздары мен танымал эстрада жұлдыздарының концерті көпшілік назарына ұсынылады. Жастар үшін алтыбақан, арқан тартыс, қол күрес және ұлттық ойындар ұйымдастырылса, балаларға арналған арнайы аймақта аттракциондар, қуыршақ театры, қолөнер, сурет салу, шахмат және тоғызқұмалақ жарыстары өткізіледі.Қазіргі таңда Қарқара жайлауында дайындық қарқынды түрде жүргізілуде. Ұйымдастырушылар бәйге алаңын ретке келтіріп, көрермендерге арналған орындарды әзірлеген. Қонақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында барлық ұйымдастыру шаралары жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1246247?lang=ru
Алматыда Саин көшесінде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ іске қосылады 11.07.2026
20 маусымнан бастап Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі бөлігінде пилоттық режимде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ жұмыс істей бастайды. Бұл туралы Алматы қаласының Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының өкілдері айтты.Жобаны іске қосу аясында жол қызметтері арнайы сары түсті жолақтарды сызу және тиісті жол белгілерін орнату жұмысын бастап кетті. Барлық жұмысты 19 маусымға дейін аяқтау жоспарланып отыр.Басқарма өкілдерінің мәліметінше, арнайы жолақты енгізудің мақсаты – қоғамдық көлік қозғалысының тиімділігін арттыру, жол қозғалысын реттеу және қаланың ең қарқынды көлік дәліздерінің бірінде қауіпсіздікті күшейту.Жаңа қозғалыс схемасы автобустардың тұрақты әрі болжамды қозғалысын қамтамасыз етуге, жалпы көлік ағынындағы кідірісті азайтуға және маршруттардың қозғалыс кестесінің сақталуын жақсартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.Пилоттық режим қабылданған шаралардың тиімділігін бағалауға және жол қозғалысына қатысушылардың өзгеріске кезең-кезеңімен бейімделуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты жүргізушілерден жол белгілері мен жол таңбаларына мұқият назар аударып, бағытын алдын ала жоспарлау сұралады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1245759?lang=ru
Осы жазда қайда баруға болады: Алматы облысының іс-шаралар күнтізбесі 10.07.2026
Осы жазда Алматы облысы еліміздегі ірі мәдени, спорттық және ойын-сауық шаралары өтетін басты алаңдардың біріне** айналады. Үш ай бойы өңірде халықаралық фестивальдер, спорттық турнирлер, этномәдени мерекелер, танымал өнерпаздардың концерттері және ауқымды open-air жобалар ұйымдастырылады.Іс-шаралардың басым бөлігі облыстың танымал туристік орындарында — Қапшағай су қоймасының жағалауында, таулы аймақтарда және өңірдің өзге де көрікті жерлерінде өтеді. Бұл қонақтарға жарқын шараларға қатысумен қатар саяхат жасап, өлкенің табиғи және мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік береді. МАУСЫМ27 маусым – Қымызмұрындық-2026 және Абыз-Баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығы27 маусым күні Кеген ауданында Алматы облысындағы ең ірі этномәдени мерекелердің бірі – Қымызмұрындық-2026 өтеді. Іс-шара Абыз-Баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналады.Бағдарламада «Бие байлау» дәстүрлі рәсімі, Қарқара жәрмеңкесі, қолөнер шеберлері мен суретшілер көрмесі, шеберлік сағаттары, қымыздан дәм тату және ұлттық ойындар ұйымдастырылады.Қонақтар ұлттық ат спорты түрлерінен «Қыз қуу», «Теңге ілу», аламан бәйге, топ бәйге және құнан бәйге жарыстарын тамашалай алады. Мереке «МузАРТ», «Меломен», «Алашұлы» топтары мен әнші Диана Исмаилдың қатысуымен өтетін гала-концертпен аяқталады.📍 Қарқара жайлауы, Кеген ауданы🕙 Басталуы: 10:00🎟 Кіру: тегін 27 маусым – SATISFACTION Festival27 маусым күні Алматы облысындағы «Тортуга» демалыс аймағында Орталық Азиядағы ең ірі open-air музыкалық фестивальдердің бірі — SATISFACTION Festival өтеді.Бір сахнада Fedde Le Grand, Matisse & Sadko, Sam Martin, Burak Yeter, Dannic, Aura Dione және Akcent сияқты әлемдік жұлдыздар өнер көрсетеді.Концерттік бағдарламамен қатар қонақтарды арт-кеңістіктер, гастрономиялық аймақтар, жағажай демалысы, chill-out алаңдары және ашық аспан астындағы ауқымды шоу күтеді.📍 «Тортуга», Первомай тоғандары, Іле ауданы🕐 Басталуы: 13:00🎟 Билет бағасы: 25 000 теңгеден бастап 27 маусым – OCTAGON 8827 маусым күні Қонаев қаласында OCTAGON 88 халықаралық аралас жекпе-жек турнирі өтеді.Турнир аясында Қазақстан мен шетелдің үздік спортшылары октагонға шығып, көрермендер тартысты жекпе-жектер мен әсерлі шоу-бағдарламаны тамашалайды. Кештің арнайы қонағы — танымал орындаушы Andro.📍 ASP Arena, Қонаев қаласы🕗 Басталуы: 20:00🎟 Билет бағасы: 10 000 теңгеден бастап ШІЛДЕ 4 шілде – Oceanman Kazakhstan 20264 шілде күні Қонаев қаласындағы Қапшағай су қоймасының жағалауында Oceanman Kazakhstan 2026 халықаралық ашық суда жүзу турнирі өтеді.Дәстүрлі түрде жарысқа түрлі елдерден кәсіби спортшылар мен жүзу әуесқойлары қатысып, жағалауды үлкен спорт мерекесінің алаңына айналдырады.📍 Қапшағай су қоймасының жағалауы, Қонаев қаласы🎟 Көрермендер үшін кіру тегін🎟 Қатысушылар үшін тіркелу OCEANMAN және RockTheSport ресми сайттарында 4–5 шілде – OYU FEST4–5 шілде күндері «Первомай тоғандары» аумағында OYU Fest 2026 мерейтойлық фестивалі өтеді.Екі күн бойы қонақтарды танымал әртістердің жанды орындаулары, арт-кеңістіктер, фудкорттар, көше маркеттері, шеберлік сабақтары және интерактивті алаңдар күтеді.4 шілдеде Berkut & Aisha, Sadraddin, Alpha, Kunzharyq, AYAU, M’Dee, Rusha, Yenlik, ARO және Almas өнер көрсетеді.5 шілденің хедлайнері — Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева. Сонымен қатар Dequine, Rin’Go тобы, Orynkhan, Ken Dala, Zere, Dudeontheguitar, Samrattama және abdr сахнаға шығады.📍 «Первомай тоғандары», Іле ауданы🎟 Билеттер: фестивальдің ресми ресурстарында және Ticketon платформасында 10 шілде – Райымбек ауданының 90 жылдығы10 шілде күні Нарынқол ауылында Райымбек ауданының 90 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өтеді.Мерекенің басты оқиғасы Еркеш Хасен, Әбдіжаппар Әлқожа, Нұрсұлтан Нұрбердиев және BAYANSULU қатысатын үлкен концерт болады.📍 Нарынқол ауылы, Орталық алаң🕔 Басталуы: 17:00🎟 Кіру: тегін 10–12 шілде – Nomad Spirit Fest 2026Көшпенділер мәдениеті, этникалық музыка және белсенді демалыс фестивалі.Қонақтарды этноауыл, қолөнер жәрмеңкелері, гастрономиялық алаңдар және мазмұнды ойын-сауық бағдарламасы күтеді.📍 Көшпенділер қаласы, Қонаев қаласы🎟 Билет бағасы: 10 000 теңгеден бастап 11 шілде – «Хан Тәңірі қазынасы» фестивалі11 шілде күні көркем Шалкөде жайлауында Райымбек ауданының 90 жылдығына арналған басты мерекелік іс-шара – «Хан Тәңірі қазынасы» фестивалі өтеді.Бағдарламада бәйге, аударыспақ, түйе палуан сайыстары, суретшілер мен халық шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылады.Мерекелік концертте Диана Исмаил, Ғазизхан Шекербек, Nurbullin және Мөлдір Әуелбекова өнер көрсетеді.📍 Шалкөде жайлауы, Райымбек ауданы🕙 Басталуы: 10:00🎟 Кіру: тегін 16–18 шілде – Central Asia Drift Show16–18 шілде аралығында Қонаев қаласындағы ASP Arena аумағында Central Asia Drift Show халықаралық сериясының үшінші кезеңі өтеді.Жарысқа Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің үздік пилоттары қатысып, жеке және жұптық сайыстарда автокөлікті басқару шеберліктерін көрсетеді.Спорттық бағдарламадан бөлек, қонақтарды автокөлік көрмесі, дрифт-такси, автограф-сессиялар және түрлі ойын-сауық шаралары күтеді.📍 ASP Arena, Қонаев қаласы🕛 Басталуы: 12:00🎟 Билет бағасы: 10 000 теңгеден бастап 24–26 шілде – Drive Forum Great Orda 202624–26 шілде аралығында Қонаев қаласында Drive Forum Great Orda 2026 ірі автомобиль форумы өтеді.Форум автокөлік әуесқойларын, саяхатшыларды және туризм саласының өкілдерін біріктіреді. Бағдарлама аясында автокөлік көрмесі, туристік маршруттардың таныстырылымы, саяхатшылар мен сарапшылармен кездесулер, сондай-ақ түрлі ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады.Форум тәжірибе алмасуға, автосаяхаттарға арналған жаңа бағыттармен танысуға және ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік береді.📍 Арна шағын ауданы, Қонаев қаласы🎟 Ересектер билеті: 27 000 теңгеден бастап🎟 Балалар билеті: 8 000 теңгеден бастап 25 шілде – TOYLA Music Festival25 шілде күні Первомай тоғандары аумағында TOYLA Music Festival 2026 өтеді.Бұл – жыл сайын мыңдаған көрермен мен заманауи музыканың жанкүйерлерін жинайтын Қазақстандағы ең ірі тәуелсіз open-air музыкалық фестивальдердің бірі.Биыл фестиваль сахнасында Ұлыбританияның Hurts тобы, Ресейдің «Аигел» тобы, канадалық әнші Alice Glass, сондай-ақ қазақстандық орындаушылар Dudeontheguitar, DJ AKI және Meow Dammit өнер көрсетеді.Қонақтарды арт-кеңістіктер, гастрономиялық аймақтар, фестивальдік маркет және ашық аспан астындағы мазмұнды ойын-сауық бағдарламасы күтеді.📍 Первомай тоғандары, Іле ауданы🕒 Уақыты: 15:00–23:00🎟 Билет бағасы: 21 000 теңгеден бастап ТАМЫЗ 15 тамыз – SUAQ аудиоэкспедициясы15 тамыз күні Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында SUAQ аудиоэкспедициясы өтеді.Бұл музыка, заманауи өнер мен табиғи ландшафттарды біріктіретін ерекше мәдени жоба.Қатысушылар Қазақстанның ең танымал табиғи орындарының бірін дыбыс, атмосфера және көркем бейнелер арқылы жаңаша танып-білу мүмкіндігіне ие болады.Жоба аудиоспектакль, экскурсия және иммерсивті өнер элементтерін біріктіріп, табиғат пен мәдени кеңістікпен өзара әрекеттесудің ерекше тәжірибесін ұсынады.📍 Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі🎟 Билет бағасы: 10 000 теңгеден бастап⸻ 16 тамыз – «Байсерке аспаны – 2026» әуе шоуы16 тамыз күні Талғар ауданындағы Байсерке әуеайлағында «Байсерке аспаны – 2026» әуе шоуы өтеді.Бұл өңірдегі ең ірі авиациялық іс-шаралардың бірі саналады.Бағдарламада авиациялық техниканың көрсетілім ұшулары, жоғары пилотаж элементтері, парашютпен секірулер, күмбезді акробатика, авиамодельдер шоуы, ұшақтар мен тікұшақтардың статикалық көрмесі, сондай-ақ ашық аспан астындағы авиация мұражайы ұсынылады.Қонақтар үшін концерттік бағдарлама, балалар аймақтары, шеберлік сабақтары, интерактивті алаңдар, фотозоналар және фудкорттар ұйымдастырылады.📍 Байсерке әуеайлағы, Талғар ауданы🕙 Басталуы: 10:00✈️ Ашық аспан астындағы авиациялық шоу және отбасылық фестиваль🎟 Билет бағасы: 8 000 теңгеден бастап⸻ 21–23 тамыз – Park Live Kazakhstan 202621–23 тамыз аралығында Первомай тоғандары аумағында Park Live Almaty 2026 халықаралық музыкалық фестивалі өтеді.Жыл сайын бұл шара Қазақстаннан және шетелден келген ондаған мың көрерменді жинайды.Үш күн бойы сахнада АҚШ, Ұлыбритания және Үндістаннан келген рок, альтернативті музыка, панк-рок, хип-хоп, метал және электронды музыка бағытындағы әртістер өнер көрсетеді.Фестивальдің хедлайнерлері — америкалық рок-музыкант Jack White, британдық виртуалды жоба Gorillaz және АҚШ-тың аңызға айналған панк-рок тобы The Offspring.Сонымен қатар бағдарламада The Kills дуэті, CeeLo Green, De La Soul, үнділік Bloodywood металл тобы және америкалық Glassjaw пост-хардкор тобының өнер көрсетуі жоспарланған.Фестиваль дәстүрлі түрде өңірдегі ең ірі музыкалық оқиғалардың бірі болып саналады және Орталық Азияның түкпір-түкпірінен заманауи музыка жанкүйерлерін жинайды.📍 «Первомай тоғандары», Іле ауданы🎟 Билеттер: фестивальдің ресми сайтында және Ticketon платформасында⸻ 28–30 тамыз – Family Rock Festival 202628–30 тамыз аралығында Қонаев қаласындағы ASP Arena аумағында Family Rock Festival 2026 өтеді.Бұл жаз маусымындағы ең ірі музыкалық фестивальдердің бірі.Үш күн бойы сахнада «Комната Культуры» және Женя Трофимов, КняZz, Нейромонах Феофан, «Танцы Минус», «Мураками» және The Hatters топтары өнер көрсетеді.Концерттік бағдарламадан бөлек, қонақтарды демалыс аймақтары, гастрономиялық алаңдар және ашық аспан астындағы ерекше фестиваль атмосферасы күтеді.Фестиваль Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен және шетелден келетін жанды музыка сүйер қауымды жинайды деп күтілуде.📍 ASP Arena, Қонаев қаласы🎟 Үш күндік билет бағасы: 56 000 теңге  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1245248?lang=ru
Алматы облысында жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды 06.07.2026
Алматы облысының Талғар ауданында №15 өрт сөндіру бөлімі пайдалануға берілді. Нұра ауылында бой көтерген жаңа нысан жақын маңдағы 10 мыңнан астам халыққа қызмет етеді. Өрт сөндіру бөлімі – автоцистерна, автосаты және жедел-құтқару автокөлігі сияқты арнайы техникалармен жабдықталған – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Салтанатты рәсімге ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал лейтенант Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, құтқарушылар мен аудан тұрғындары қатысты.Шыңғыс Сайранұлы өз сөзінде өрт сөндіру бөлімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында салынғанын айтып, оны жүзеге асырған облыс әкімдігіне ризашылығын білдірді.«Нұра ауылында бұрын өрт сөндіру бөлімі болмаған. Төтенше жағдай кезінде тұрғындар Талғар мен Іле ауданындағы өрт сөндіру қызметіне жүгінетін. Бүгінде Алматы облысында мұндай жаңа нысандардың жиі ашылып жатқанының куәсі болып жүрміз. Бұл – қарқынды жұмыстың нақты нәтижесі. Мемлекет басшысының қолдауымен еліміздің әр аймағында, оның ішінде Алматы облысында да жаңа бөлімдер бой көтеріп, жаңа техникалар, өрт сөндірушілерге арналған киімдер сатып алынып жатыр. Алдағы уақытта мұның бәрі халық игіліне қызмет ететін болады», – деді генерал лейтенант.Марат Елеусізұлы да тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құтттықтап, Нұра ауылында атқарылған айтулы шаралар туралы баяндады.«Соңғы уақытта Нұра ауылы жақсы өзгерістердің жаршысы болып жүр. Жақында ғана жаңа көпір мен медициналық нысан пайдалануға берілді. Алдағы қыркүйек айында жаңа мектеп есігін айқара ашады. Енді тек газ мәселесі өзекті болып тұр. Бұл да жақын арада шешімін табады. Ал қолданысқа берілген бұл өрт сөндіру бөлімі төтенше жағдай кезінде Нұра ауылы мен оның айналасындағы 4 елдімекен тұрғындарына жедел көмек көрсетеді. Құтқарушыларға жағдай жасау – ел Президентінің тікелей тапсырмасы. Сондықтан қызметкерлердің жай-күйі мен халықтық қауіпсіздігі әрқашан біздің бақылауымызда», – деген аймақ басшысы төтеншеліктердің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.Өрт сөндіру бөлімінің лентасы қиылғаннан кейін қонақтар нысанды аралап көрді. Замануи депо жаңа технологиялармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда диспетчерлік пункт, оқу сыныптары мен спорт аймағы қарастырылған. Қызметкерлердің демалыс, киім ауыстыру және дайындық бөлмелері бар. Олардың жұмыс істеуі мен кәсіби даярлығына барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда 20-ға жуық қызметкер еңбек етеді.Нұра маңындағы Дулат ауылының тұрғыны Жанар Иманқұлова осы салтанатты рәсімге арнайы келгенін айтты.«Өрт сөндіру бөлімінің ашылуын асыға күттік. Себебі өрт тұтанған кезде құтқарушыларды ұзақ күтіп қалатынбыз. Халықтың талап-тілегін ескеріп, осындай жаңа нысан салып берген жандарға алғысым шексіз. Алдағы уақытта халыққа мінсіз қызмет етеді деп сенеміз», – деді тұрғын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1244773?lang=ru
Алматы облысында жеміс-жидек пен көкөністі өңдейтін зауыт ашылды 06.07.2026
Алматы облысында жеміс-жидек пен көкөністі қайта өңдейтін «Qazaq Global Food JV» зауыты іске қосылды. Мұндай кәсіпорынның елімізде өзге баламасы жоқ. Еңбекшіқазақ ауданының Тескенсу ауылында салынған жобаға 9,5 млрд теңге инвестиция салынды. Агроөнеркәсіп кешенінде жылына 70 мың тонна өнім өңделеді. Бүгін өндірістің бірінші зауыты пайдалануға беріліп, екіншісінің іргетасы қаланды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Жобаны «Alpecon Group» ЖШС іске асыруда. Алғашқы кезеңінде өңделген 70 мың тонна өнімнен 13 мың тонна жеміс-жидек пен көкөніс шырынының концентраты, пюре мен паста әзірленеді. Мұның бәрі толығымен Түркия еліне экспортқа шығарылады. Ал екінші кезеңде алма қалдығынан пектин дайындалмақ. Бұл көрші елдерде әлі қолға алынбаған. Тек Германия, Қытай, АҚШ сияқты мемлекеттерде жақсы дамыған. Жоспар бойынша 1000 тонна пектин және 3000 тонна алма талшығы дайындалып, Корея мен Жапония елдеріне жіберіледі. Жобаның басты серіктесі Түркияның бұл саладағы жетекші компаниясы – «Göknur Gıda». Ал «Байтерек» ҰИХ еншілес ұйымдары, Қазақстанның Даму Банкі мен «Даму» қоры қаржылық қолдау көрсетті.Ауқымды жобаның салтанатты ашылуына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, жаңа зауыттың іске қосылуымен құттықтады.«Өңіріміз әлемдегі алма ағаштарының түпкі отаны екені баршаға белгілі. Ғасырлар бойы бұл аймақ жеміс-жидек өсірудің басты орталығы болып келді. Бүгін осы үрдіс жаңа сатыға көтеріліп, өндірістік экожүйе тағы бір игі жобамен толығып отыр. Кәсіпорынның іске қосылуы жергілікті шаруалар үшін тұрақты нарық алаңын қалыптастырып, шетелдік тұтынушыларға дайын өнім жеткізетін экспорт тізбегін құруға мүмкіндік береді. Бұл – елімізді шикізатқа тәуелділіктен арылтып, дайын өнім шығаруға бағытталған индустриялық саясаттың нақты жемісі. 30 гектар аумақты алып жатқан өндіріс кешенінің техникалық мүмкіндіктері өте жоғары. Маңыздысы сол, бұл жобаның халыққа әкелетін әлеуметтік пайдасы орасан зор. Жаңа зауыттың іске қосылуы арқылы өңірде 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Болашақта олардың саны бірнеше есе артады», – деген аймақ басшысы осынау игі іске үлес қосқан барша маманға, инженерлер мен құрылысшыларға, инвесторларға және серіктестерге алғыс айтты.«Alpecon Group» ЖШС-ның бас директоры Самат Балабеков кәсіпорынның ашылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканың шикізаттық емес секторын дамыту, экспорт әлеуетін арттыру бойынша берген стратегиялық тапсырмасына сәйкес келетінін атап өтті.«Басты мақсатымыз – 2028 жылға қарай шикізат өндірісін, цифрлық технологияларды, маман даярлауды, ғылыми зерттеулер мен экспортты біріктіретін алғашқы толық циклді агроөнеркәсіп кластерін қалыптастыру.Бүкіл экожүйені құрған кезде Жетісу өңірінен Түркістан облысына дейін қабылдау пункттері болады. Оған 10 000-ға дейін фермер мен 500 мыңға жуық ауыл шаруашылығы саласының қызметкері тартылады. Бірлескен жұмыстың арқасында еліміздің экономикалық дамуына елеулі үлес қосатынымызға сенімдімін», – деді Самат Жұмабайұлы.Шара барысында жаңа нысанның лентасы қиылып, тұрғындар мен қонақтар зауыттың өндіріс цехтарын аралап көріп, технологиялық қуатымен танысты.Аймақ басшысы Марат Елеусізұлы компания басшылығымен және жоба серіктестерімен бірге екінші зауыттың іргетасына уақыт капсуласын салды. Болашақта жеміс сақтау қоймаларынан бастап, цифрлық басқару платформасы мен маман даярлау академиясы бар толық циклді агроөнеркәсіп кластері бой көтереді.Бұл жоба тек Алматы облысының ғана емес, еліміздің өңдеу өнеркәсібін ілгерілетуге, экспорт әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік береді. Ең бастысы, халықтың әл-ауқатының жақсаруына ықпал етіп, ел игілігіне қызмет етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1244415?lang=ru