Саясат
Мемлекет басшысы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясына барды 30.06.2026
Алматы облысы, Талғар ауданыПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі бірегей спорт жобасы – «Атлетико де Мадрид Қазақстан» халықаралық деңгейдегі футбол академиясының қызметімен танысты.Мемлекет басшысы академияның 180 балаға арналған жатақханасын аралап көрді. Қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген 116 бала жаттығады. Академия ойыншыларын испандық бапкерлер іріктеп, оған Қазақстанның барлық өңірінен 4 мыңнан аса бала қатысты. Орталықта жас футболшылардың толыққанды оқу үдерісіне, жаттығулары мен жеке даярлығына барлық жағдай жасалған. Қасым-Жомарт Тоқаевқа академияны дамыту және спорттық инфрақұрылымды кеңейту жоспары көрсетілді. Осы орайда жасанды көгалы бар екі ашық футбол алаңын, 500 орындық жабық манеж және әкімшілік-тұрмыстық кешеннің жаңа ғимаратын салу көзделген.Президентке академия орнын таңдауда балаларды шыңдай түсетін табиғат факторлары ескерілгені айтылды. Алматы облысының Талғар ауданындағы таудың таза ауасы мен жағымды климат бала ағзасының тез қалпына келуіне септігін тигізеді. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жабындысы FIFA талаптарына сай келетін футбол алаңын көрді, сондай-ақ допты игеру техникасы мен испан әдістемесі бойынша командалық іс-қимыл дағдыларын пысықтауға кіріскен жас футболшылардың жаттығуын тамашалады.Мемлекет басшысы академия өрендерімен жылы рәуіште әңгімелесті. Кездесуден естелік ретінде футбол добына қолтаңба қалдырды.Іс-шараға Испанияның Қазақстандағы елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтес, «Атлетико Мадрид» футбол клубы директорлар кеңесінің мүшесі Давид Вилья, аталған клубтың академия істері және халықаралық даму жөніндегі директорының орынбасары Мария Тереса Кириви қатысты. www.akorda.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1233033?lang=ru
АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА БЖЗҚ зейнетақы төлемдерін алуға уақытылы өтініш беру қажеттілігін еске салады 30.06.2026
БЖЗҚ салымшылардың (төлем алушылардың), сондай-ақ БЖЗҚ-да жинақтары бар қайтысболған адамдар мұрагерлерінің зейнетақы төлемдерін алуға уақтылы өтініш беруі қажеттілігітуралы тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Жыл сайын БЖЗҚ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірігіп БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтары бар, бірақ олар бойынша зейнетақы төлемін алу үшін БЖЗҚ-ға жүгінбеген зейнет жасына толған тұлғалар бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде аталған адамдарға бюджет қаражаты есебінен тағайындалған жасына байланысты және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің бар-жоқтығына салыстырып тексеру жұмыстарын жүргізеді. Бұл шара аталған азаматтардың халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде бюджет қаражаты есебінен тағайындалған жасына байланысты, еңбек өтілі үшін берілетін зейнетақы төлемдерінің және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің бар-жоғын анықтау үшін жасалады. Биылғы наурыз айынан бастап зейнеткерлік жасқа жеткен, БЖЗҚ-да ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен жинақтары бар, соның ішінде 50 жасқа толуына немесе мүгедектігіне байланысты оларды алуға БЖЗҚ-ға өтініш жасамаған тұлғаларға ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін өтінішсіз (проактивті) тағайындау тәртібі енгізілді. Бұл тәртіп те «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен жыл сайын осындай салыстырып тексеруді көздейді. Жыл сайынғы салыстырып тексеру нәтижелері бойынша БЖЗҚ Мемлекеттік корпорация арқылы алушыларға зейнетақы төлемдерін проактивті форматта жүзеге асырады. Яғни, мемлекеттік бюджеттен зейнетақы алатын зейнеткерлердің БЖЗҚ-да МЗЖ, МКЗЖ және ЕЗЖ есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары болса, олар БЖЗҚ-дан да төлемдерді автоматты түрде ала бастайды. Статистика 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен 279 041 адамның МЗЖ-ны есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоттарындағы (ЖЗШ) талап етілмеген зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы шамамен 45 млрд теңгені құрайды. БЖЗҚ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алған мәліметтерге сәйкес, олардың ішінде:- 155 217 адам қайтыс болған, олардың зейнетақы жинақтарын мұрагерлері талап ете алады;- 61 459 адам заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға (ТТЖ) кетуді ресімдеген;- 62 365 адам жасына байланысты зейнетақысын ресімдеу үшін Мемлекеттік корпорацияға (тұрғылықты жері бойынша ХҚКО) әлі жүгінбеген. Зейнетақы төлемдерін қалай алуға болады? Еске сала кетейік, зейнетақы жинақтары БЖЗҚ-дағы салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ-сында есепке алынады, инвестициялануын жалғастыра береді және оларды алушылар немесе олардың мұрагерлері (алушы қайтыс болған жағдайда) талап еткенге дейін шотта сақталады. Жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткенде Жасына байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін тағайындау, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгінуі қажет. Бұл ретте егер алушының БЖЗҚ-да ЕЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары болып, бірақ оларды алуға бұрын (50 жасқа толуына немесе мүгедектігіне байланысты) өтініш бермеген болса, оған БЖЗҚ-дан ЕЗЖ есебінен де зейнетақы төлемдері бірге тағайындалады. Тұрақты тұруға (ТТЖ) шетелге кеткенде Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ТТЖ-ға кетуіне байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын пайдалана алады. Жинағы бар адам қайтыс болған жағдайда БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасы мүшелеріне БЖЗҚ қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтарының есебінен тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген 94 еселенген айлық есептік көрсеткіш (АЕК) шегінде, бірақ қайтыс болған адамның ЖЗШ-сында бар қаражаттан аспайтын мөлшерде жерлеуге арналған біржолғы төлемді жүзеге асырады. Сондай-ақ, зейнетақы және нысаналы жинақтар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Жинағы бар адам қайтыс болғаннан кейін 6 ай ішінде оның мұрагерлері қайтыс болған адамның жинақтары түріндегі мұрагерлік мүлікті рәсімдеу және мұраға құқық туралы куәлікті алу үшін нотариусқа жүгінуі тиіс. Егер өтініш беру мерзімін өткізіп алса, мұраға құқықты қалпына келтіру үшін сот органдарына жүгіну қажет.Зейнетақы төлемдерінің түріне және өтініш беру тәсіліне қарай қажетті құжаттардың тізімі enpf.kz сайтының «Қызметтер – Зейнетақы төлемдері» бөлімінде орналастырылған.БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1241780?lang=ru
Атырауда «Naryn Fest» экстрим фестивалін өткізу жоспарлануда 30.06.2026
Бұл — өңірдің туристік әлеуетін арттыруға және туристер ағынын көбейтуге бағытталған ауқымды іс-шаралардың бірі. Қазір Атырау облысында туризм саласын дамыту жұмыстары қарқын алып, өңірдің табиғи және мәдени нысандарын насихаттауға басымдық берілуде.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының Туризмді дамыту бөлімінің басшысы Алима Рамазанова мен «VisitAtyrau» туристік ақпараттық орталығының директоры Қайсар Махсутов мәлімдеді.Қазір облыста 272 туристік нысан жұмыс істейді. Олардың қатарында қонақ үйлер, туроператорлар, жол бойындағы сервис нысандары мен этноауылдар бар.Биыл «VisitAtyrau» туристік ақпараттық орталығы «KITF Almaty» халықаралық көрмесіне қатысып, Атыраудың туристік мүмкіндіктерін таныстырды. Сонымен қатар Ақкерегешың – Иманқара бағыты бойынша ұйымдастырылған экспедицияға 130-дан астам турист қатысқан.Бұдан бөлек, өңірде агротуризмді дамыту мақсатында кәсіпкерлерге арналған семинарлар өткізіліп, ауыл туризмін дамытуға бағытталған жобалар қолға алынған. Ал «Саяхат дәмі бар кофе» жобасы аясында кофеханаларда облыстың көрікті жерлері бейнеленген QR-коды бар арнайы стақандар ұсынылуда.Былтыр өңірге 187 мыңнан астам турист келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 19,6 пайызға көп. Оның 166 мыңы – ішкі туристер, ал 21 мыңы – шетелдік қонақтар. Сонымен қатар биылғы алғашқы төрт айда туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 15,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге артқан.Брифинг барысында жазғы туристік маусымға дайындық мәселесі де айтылды. Биыл Атырау қаласында жеті жағажай ашу жоспарланған. Олардың қатарында «Балықшы», «Геолог», «Жилгородок» аумақтары және ауылдық округтердегі демалыс орындары бар. Қазір жағажайларда абаттандыру, жарықтандыру, санитарлық және қауіпсіздік инфрақұрылымын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Нысандарды 1 шілдеге дейін іске қосу көзделген.Сондай-ақ өңірдегі туристік орындарға апаратын жолдарды жақсарту жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Ақмешіт қорымы мен Ақкерегешыңның борлы тауына баратын жолдар жөнделуде. Құрманғазы ауданындағы лотос алқабында туристерге қолайлы жағдай жасау үшін қарау алаңдары мен автотұрақтар салынған.Спикерлердің айтуынша, алдағы уақытта өңірде «Naryn Fest» экстрим фестивалі, «Lotus Fest 2026» және «Tour de Saraishyq» халықаралық велошеруі секілді ауқымды туристік жобаларды өткізу жоспарланып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1233609?lang=ru
Алматы облысында дәрігерлер босандыру кезінде алты ісікті алып тастап, әйелдің жатырын сақтап қалды 30.06.2026
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында жатырдың көптік миомасы диагнозы қойылған 35 жастағы әйелге күрделі операция сәтті жасалды. Жоспарлы кесарь тілігі кезінде дәрігерлер нәрестені аман-есен босандырып, бір мезетте жатырдағы алты миома түйінін алып тастады. Күрделі хирургиялық араласу барысында дәрігерлер жатырды сақтап қалды.Облыс тұрғынында жатыр миомасы жүктіліктің ерте кезеңінде анықталған. Соған қарамастан дәрігерлердің тұрақты бақылауының арқасында әйел жүктілікті 37 аптаға дейін сәтті көтеріп шыққан.Жүктілік мерзімі толық жеткеннен кейін мамандар жоспарлы түрде операциялық жолмен босандыру туралы шешім қабылдады. Алдымен дені сау сәби дүниеге келіп, одан кейін миомэктомия жасалды.Операция барысында көлемі 4-тен 10 сантиметрге дейін жететін алты миома түйіні алынды. Оған үш акушер-гинеколог қатысты.Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Гүлжаһан Жұмадуллаеваның айтуынша, жатыр миомасы әйелдің ана атану мүмкіндігін шектемейді, алайда мұндай жағдайда мамандардың тұрақты бақылауы қажет.«Әрбір жағдай жеке қарастырылады. Сондықтан әйелдер гинекологтың тұрақты бақылауында болып, уақытылы тексерулерден өтіп, жүктілікті жоспарлау мәселесін дәрігермен алдын ала талқылағаны жөн. Ерте диагностика мен дұрыс таңдалған емдеу тактикасы репродуктивтік денсаулықты сақтап, ана атануға мүмкіндік береді», – деді Гүлжаһан Жұмадуллаева.Медициналық көмек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілді. Дәрігерлердің айтуынша, заманауи емдеу әдістері мен мамандардың үйлесімді жұмысы күрделі клиникалық жағдайларда да оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1233911?lang=ru
Атырау облысында 1500 орындық «Атырау Арена» спорт кешенінің құрылысы басталды 30.06.2026
Атырау облысында 1500 көрерменге арналған көпфункционалды «Атырау Арена» спорт кешенінің құрылысы бастау алды. Халықаралық талаптарға сай салынатын жаңа нысан “Нұрсая” шағынауданында 4,6 гектар аумақта бой көтермек.Іргетасқа уақыт капсуласын салу рәсіміне Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшылығы, спорт ардагерлері мен спортшылар қатысты.Облыс әкімі жаңа спорт нысаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту және заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында салынып жатқанын атап өтті.– Бүгінде облыста тұрғындарды спорттық инфрақұрылыммен қамту деңгейі 71 пайызды құрайды. Өңірде спортты дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Былтыр сегіз спорт кешені пайдалануға берілсе, биыл тағы 22 нысанды ашу жоспарланған. Олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. «Атырау Аренада» 20 олимпиадалық спорт түрімен айналысуға мүмкіндік туады. Бұл кешен болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін маңызды орталыққа айналады деп сенемін, – деді Серік Шәпкенов.Кешен EPC келісімшарты негізінде салынады. Мердігер «Әлем құрылыс» ЖШС жобалаудан пайдалануға берілгенге дейінгі толық жұмыс цикліне жауапты. Жобада әр спорт түрі бойынша халықаралық стандарттарға сай жабдықталған заманауи жаттығу залдары қарастырылған. Нысан пайдалануға берілгесін екі мыңға жуық бала мен жасөспірім тұрақты түрде спортпен шұғылдана алады.Жоба жетекшісі Нұрсұлтан Жыланбастың айтуынша, құрылысқа 400-ге жуық жұмысшы мен 20 техника жұмылдырылады.– Құрылысты 2027 жылғы қарашада аяқтау көзделген. Кешенде футбол, волейбол, баскетбол, жүзу, үстел теннисі, садақ ату, бокс, таэквондо, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі, әйелдер күресі, семсерлесу, триатлон және өзге де спорт түрлері бойынша бөлімдер жұмыс істейді. Сонымен қатар жасанды өрмелеу қабырғасы салынады, бұл елімізде санаулы кешенде ғана бар. Бұдан бөлек, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін 5000 шаршы метрлік әмбебап спорт залы болады, – деді Нұрсұлтан Жыланбас.Кешен базасында оқу-жаттығу жиындары, республикалық және халықаралық жарыстар, сондай-ақ бұқаралық спорттық және мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған. Барлық санаттағы тұрғындарға қолжетімді болатын жаңа нысан Атырау облысындағы ең ірі спорт орталықтарының біріне айналмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1234296?lang=ru
Атырау облысында өндірістік жарақаттану деңгейі 20 пайызға төмендеді 30.06.2026
Атырауда облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен жиын өтіп, онда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірістік қауіпсіздік мәселелері қаралды.Басқосуға әкім орынбасарлары, басқарма басшылары мен мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілдері қатысты.Жиын барысында өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Өңір басшысы еңбеккерлердің қауіпсіздігі әрбір жұмыс берушінің басты міндеттерінің бірі болуы тиіс екенін атап өтті.Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтің мәліметінше, өңірде 2026 жылғы алғашқы төрт айда өндірісте 24 жазатайым оқиға тіркелген. Бұл былтырғыдан 20 пайызға аз.Жазатайым оқиғалардан 25 қызметкер зардап шеккен. Ал негізгі себептер ретінде жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеуі мен қызметкерлердің қауіпсіздік талаптарын сақтамауы атап көрсетілді. Әр жағдай бойынша арнайы комиссиялар құрылып, тиісті тексеру жұмыстары жүргізілген.Жыл басынан бері еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бұзған 33 кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы көлемі 15,9 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.Жиын соңында Серік Шәпкенов өңір кәсіпорындарында еңбек және өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1234297?lang=ru
Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары тағайындалды 30.06.2026
Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымына Нұрлыбек Даралиев тағайындалды.Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы жаңа қызметкерді ұжыммен таныстырып, алдағы жұмысына табыс тіледі.Нұрлыбек Даралиев 1990 жылы 15 тамызда Атырау қаласында туған. Екі жоғары білімі бар: 2011 жылы Атырау мұнай және газ институтын «Пайдалы қазбалар кен орындарының геологиясы және барлау» мамандығы бойынша, 2017 жылы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітірген.Еңбек жолын 2013 жылы жеке секторда бастап, кейін спорт және білім салаларында Атырау облысының мемлекеттік мекемелерінде қызмет атқарды.Нұрлыбек Даралиев — VIII шақырылымдағы облыстық мәслихаттың депутаты. 2023 жылдың сәуірінен 2026 жылдың мамырына дейін Атырау облыстық мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жетекшілік етті. Сонымен қатар Атырау облысы Полиция департаменті жанындағы нашақорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары міндетін атқарды.Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Атырау облысының спорт басқармасында түрлі лауазымда еңбек етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1234298?lang=ru
Атырауда Мемлекеттік рәміздер күні салтанатты түрде аталып өтті 30.06.2026
4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күні. Бұл мереке ел егемендігін айқындайтын басты нышандар – Ту, Елтаңба және Әнұранның мән-маңызын дәріптейді.Осы орайда Атырау қаласындағы Мемлекеттік рәміздер алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер, жастар мен қала тұрғындары қатысты.Мерекелік жиынға жиналған жұртшылық Әнұранды бірге шырқады.Өңір басшысы Серік Шәпкенов мемлекеттік рәміздердің елдік рухты нығайтудағы және отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырудағы ерекше рөлін атап өтті.– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев рәміздердің халқымызды ортақ мақсаттарға жұмылдырып, ұлттық рухты асқақтатудағы рөлін әрдайым айрықша атап айтып келеді. Рәміздерді құрметтеу – Отанға деген құрметтің белгісі. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін мемлекеттік нышандарымызды қастерлей білсе, елге деген шынайы сүйіспеншіліктің бір көрінісі сол болмақ. Көк Туымыз әрдайым биікте желбіреп, Әнұранымыз жас ұрпақты жігерлендіре берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деді облыс әкімі.Мерекелік іс-шара өңірдің шығармашылық ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламамен қорытындыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1234300?lang=ru
Алматы облысында Мемлекеттік рәміздер ұлықталды 30.06.2026
Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Алматы облысында патриоттық рух пен сүйіспеншілік сезімін оятатын мазмұнды шаралар легі толастаған жоқ. Солардың бірі Қонаев қаласындағы орталық алаңда өтті. Шара барысында арнайы тікұшақ Көк Туымызды көк аспанда қалықтатып, жиналған қауымның рухын оятты. Әнұранымыз әуелете шырқалып, Елтаңбаның тәуелсіздігіміздің символы ретіндегі мән-маңызы насихатталды. Мемлекеттік қызметкерлер ант қабылдап, облыстың даму жолында аянбай еңбек еткен жандар марапатталды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Салтанатты жиында Мемлекеттік Тудың әуеде қалықтаған әсерлі сәті ерекше есте қалды. Қонаев аспанында желбіреген Көк байрағымыз тәуелсіз елдің асқақ болмысын, береке-бірлігі мен жарқын болашаққа деген сенімін айқын көрсетті. Жиналған қауымның бойында мақтаныш сезімін оятып, Мемлекеттік рәміздерге деген құрметін одан әрі арттыра түсті.Шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.«1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы ресми түрде бекітіліп, шежіреміздің жаңа парағы ашылды. Шәкен Ниязбековтің айбынды Көк Туы мен Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың бірегей Елтаңбасы, кейіннен Шәмші Қалдаяқовтың әуезді әнімен толыққан Әнұранымыз ұлттық болмысымыз бен азаттық рухымыздың мәңгілік символына айналды.Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары, мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді», – деп рәміздердің маңыздылығына ерекше тоқталған болатын.Биылғы мерекенің біз үшін маңызы тіптен ерекше, себебі еліміз жалпыхалықтық референдумда қабылдаған Жаңа Конституцияның қағидаттарына сүйене отырып, дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Жаңарған Ата Заңымыз – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекетіміздің егемендігі мен тұтастығының басты кепілі. Осыған орай, «Рәміздер рухы – Конституция күші» жалпыұлттық патриоттық акциясы аясында қоғамда ұлттық рух бекемделіп, Ата Заң мен рәміздерге деген құрмет мәдениеті жаңа деңгейге көтерілуде.Мемлекеттік рәміздерімізде бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін құдыретті күш бар. Тәуелсіздігіміздің алтын күмбезі саналатын нышандарымыздың мәртебесі арта берсін», – деді аймақ басшысы.Сондай-ақ өңір дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматты Мемлекеттік наградамен марапаттады. Солардың бірі – 40 жылға жуық уақыт бойы білім саласында еңбек еткен, Қарасай ауданы Шалқар орта мектебінің директоры Бану Аманова. «Бүгінгі Мемлекеттік рәміздер күнінде «Құрмет» орденімен марапатталу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл менің ғана емес, білім саласына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан барлық әріптестерімнің, барлық ұстаздардың еңбегі деп бағалаймын. Осы қажырлы еңбегімізді елеп-ескеріп жатқан Президентімізге, облыс әкімдігіне, облыстық білім басқармасына алғысым шексіз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын. Көк Туымыз, Әнұранымыз бен Елтаңбамыз Отанымызбен бірге мәңгі жасасын. Еліміздің даңқы асқақтай берсін», – деді марапат иесі.Шара барысында мемлекеттік қызметтің түрлі бағытында еңбек жолын бастаған мамандар елге адал қызмет етіп, Конституция заңдарын берік сақтауға салтанатты түрде ант берді. Осылайша, егемендік айшығы болған Мемлекеттік рәміздер күні Алматы облысында мәні терең, көңілге рухани серпіліс сыйлайтын мазмұнды шаралармен жоғары деңгейде аталып өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1234335?lang=ru
Алматы облысында жаздағы ең ірі әуе фестивалі өтеді 30.06.2026
6 - 7 маусым күндері Алматы облысының Қаскелең қаласында халықаралық Qazaqstan International Balloon Festival әуе шарлары фестивалі өтеді. Фестиваль барысында 30-дан астам әуе шары бір мезетте көкке көтеріліп, аэростаттармен ұшу мүмкіндігі туады. Ұзындығы 15 метрге дейін жететін алып әуе батпырауықтарының шоуы, фудкорттар, кемпинг пен бүкіл отбасыға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалары қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.Іс-шараның ең әсерлі сәті әуе шарларының бір мезетте аспанға көтерілуі болмақ. Қонақтар аэростатпен ұшып, Іле Алатауының бөктері мен Қаскелеңнің көркем табиғатын құс көзінен тамашалай алады. Кешкі бағдарлама да мазмұнды болмақ. 6 маусым күні сахна төрінде DJ King Macarella өнер көрсетсе, 7 маусымда аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің концерті мен танымал қазақстандық әнші Мирас Жүгінісовтің ән кеші өтеді.Балаларға арналған аймақта шеберлік сабақтары, батуттар және анимациялық бағдарламалар өткізіледі.Ұйымдастырушылар ғашық жандарға да ерекше мүмкіндік қарастырып отыр. Әуе шарымен ұшу кезінде сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасауға болады.Билет құны 5 мың теңгеден басталады. 5 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін. Қонақтарға қолайлы болу үшін Алматы қаласынан трансфер, автотұрақ және шатырлы лагерь ұйымдастырылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1234417?lang=ru
Атырауда өңірдегі үздік оқушылар мен ұстаздар марапатталды 30.06.2026
Атырауда халықаралық және республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен шығармашылық байқауларда топ жарған оқушыларды ұлықтауға арналған «Дарынды ұрпақ – ел болашағы» атты салтанатты іс-шара өтті.Жиынға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысып, білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздарға мемлекеттік наградалар табыстады. Ал озат оқушылар облыс әкімінің Алғыс хатын алды.Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Индер ауданының еңбек ардагері Гауһар Серікбаева мен Аққыстау орта мектебінің математика пәні мұғалімі Гүлнәр Төлеуғалиева «Құрмет» орденімен марапатталды.Гауһар Серікбаева еңбек жолын 1982 жылы Есбол орта мектебінде бастап, 2005 жылдан бері «Көктем» орта мектебінде математика пәнінен сабақ берді.Ал Гүлнәр Төлеуғалиева білім беру саласында 38 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Оның шәкірттері аудандық, облыстық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар байқауларында бірнеше мәрте жеңімпаз атанған.«Ерен еңбегі үшін» медалі Құрманғазы ауданындағы Б.Бегалиев атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Сания Қуанышәлиеваға, Қ.Кайсенов атындағы мектептің тарих пәні мұғалімі Зибира Ордабаеваға, Жылыой ауданындағы М.Сатыбалдиев атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлнәр Сибағатоваға және еңбек ардагері Светлана Сұлтановаға табысталды.Сания Қуанышәлиева педагогикалық қызметін 1990 жылы бастаған. Зибира Ордабаева 35 жылдан астам уақытын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнап, оларға білім берумен қатар еңбекқорлық пен адамгершілік құндылықтарды дәріптеп келеді.Гүлнәр Сибағатова – 38 жылдық еңбек өтілі бар педагог-зерттеуші. Ал Светлана Сұлтанова еңбек жолын 1981 жылы балабақша тәрбиешісі ретінде бастап, кейін облыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берді. Әр жылдары директордың орынбасары, мектеп директоры қызметін атқарып, жоғары санатты ұстаз ретінде танылды.Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі білімнің ел болашағын айқындайтын басты құндылық екенін атап өтті.– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білімді, бастамашыл әрі бәсекеге қабілетті жас ұрпақ елдің жарқын болашағының негізі екенін жиі айтады. Өлкеміздің озат шәкірттері өз жетістігімен өңіріміздің мерейін асқақтатып, елімізді әлемге танытып жүр. Облыс әкімдігі білімді оқушыларды қолдауға қай кезде де дайын. Биыл дарынды оқушыларға арналған 200 орындық «Жас Дарын» оқу-жаттығу лагері салынып жатыр. Нысан келер жылы пайдалануға беріледі. Онда үздіктеріміз жазғы демалыста тынығып қана қоймай, жыл он екі ай бойы олимпиадалар мен шығармашылық байқауларға дайындалады. Бізді өздеріңіз секілді білім-ғылымға құштар ұрпақтың талпынысы ерекше қуантады. Асқақ армандарыңыздың орындалуына тілектеспін және еліміздің дамуына зор үлес қосатындарыңызға сенімдімін, – деді Серік Шәпкенов.Қазіргі таңда облыста 154 мыңға жуық оқушы білім алады. Олардың 5 мыңнан астамы түрлі зияткерлік сайыстарға белсенді қатысып жүр. Биыл 167 оқушы халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында жеңіске жеткен.Солардың бірі – «Білім-Инновация» лицейінің оқушысы Әбілмансұр Құрмет. Ол Еуразия олимпиадасында информатика пәнінен команда құрамында алтын медаль иеленді.– Олимпиадаға екі ай бойы үзбей дайындалдық. Күн сайын бес сағатқа дейін онлайн кездесулер өткізіп, күрделі тапсырмаларды орындалық. Менің міндетім бағдарламалық код жазу болды. Бұл олимпиаданың тапсырмаларын Мәскеу физика-техникалық институтының мамандары әзірлейді, күрделі сайыстың бірі, – деді Әбілмансұр Құрмет.Атыраулық шәкірттер республикалық пән олимпиадаларында да жоғары нәтиже көрсетті. 7-8 сынып оқушылары жалпыкомандалық есепте бас жүлде иеленіп, 4 алтын, 8 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды. Ал 9-11 сынып оқушыларының қоржынында 10 алтын, 9 күміс және 15 қола медаль бар.Марапаттау рәсімі мерекелік концертпен қорытындыланып, онда дарынды балалар өнер көрсетті. Сондай-ақ Gassyr мен Сырым Исабаевтар кешке арнайы шақырылып, өз әндерін тарту етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1234736?lang=ru
Атырау облысы әкімдігінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері талқыланды 30.06.2026
Атырау облысы әкімдігінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті. Жиынға облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ербол Жұмабай төрағалық етті.Кеңеске облыстық басқармалардың, қала және аудан әкімдіктерінің заңгерлері қатысты. Сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы Августина Мұратова мен облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Фарида Ахметова болды.Жиында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу тәртібі мен әдістемелік ұсынымдар түсіндірілді. Қатысушыларға «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» №4 үлгілік базалық бағыты аясындағы жоспардың орындалуы, сондай-ақ мәліметтерді «Битрикс» ақпараттық жүйесіне уақытылы енгізу тәртібі таныстырылды.Кеңес қорытындысында жауапты мемлекеттік органдарға талдау жұмыстарын сапалы жүргізу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды жүзеге асыру кезінде формализмге жол бермеу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1234893?lang=ru
«Qamqor sos»: Қазақстандағы алғашқы цифрлық жедел медициналық көмек пункті Алматы облысында іске қосылды 30.06.2026
Қазақстанда баламасы жоқ алғашқы «qamqor SOS» цифрлық модульдік жедел медициналық көмек пункті Қонаев қаласында іске қосылды. Нысан халық көп шоғырланатын Қапшағай жағажайы аумағында орналасқан және тұрғындар мен туристерге шұғыл жағдайда алғашқы медициналық көмекті жедел алуға мүмкіндік береді. Сырқаттанған немесе зардап шеккен азамат модульдік пунктке келіп, арнайы SOS батырмасы арқылы жедел медициналық жәрдем станциясының диспетчерімен бірден байланыса алады. Медицина қызметкері қашықтан модульді ашып, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін алғашқы көмек көрсету бойынша нұсқаулық береді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Көлемі 2×2,5 метр болатын модуль тәулік бойы жұмыс істейді және төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге арналған. Оның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті дәрі-дәрмектер мен заманауи жабдықтар орналастырылған. Атап айтқанда, дефибриллятор, жараларды алғашқы хирургиялық өңдеуге арналған стерильді бикс, жедел коронарлық синдром кезінде қолданылатын медициналық жинақ, брезент көрпе және тот баспайтын болаттан жасалған кушетка бар.Пункт үздіксіз интернетпен, 360 градус сыртқы бейнебақылау камерасымен, SOS дабыл жүйесімен, қашықтан басқарылатын телемедицина кешенімен, ақпараттық дисплеймен және ішкі бейнекамералармен жабдықталған. Диспетчер бейне және аудиобайланыс арқылы науқастың жағдайын бағалап, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін алғашқы көмек көрсету бойынша нұсқаулар береді. Сондай-ақ пункттегі медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді пайдалану тәртібін түсіндіреді.Модульдің сыртқы қаптамасы жоғары беріктігімен ерекшеленетін HPL-панельдер мен тот баспайтын болаттан жасалған. Бұл оның әртүрлі климаттық жағдайларға төзімділігін және ұзақ мерзім қызмет етуін қамтамасыз етеді. Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, жоба өңірдегі шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.«Бір модульдік пункт тәулігіне шамамен 50 адамға дейін алғашқы медициналық көмек пен кеңес беру қызметін көрсете алады. Қажет болған жағдайда бұл көрсеткіш жоғары болуы мүмкін. Біз тұрғындарға шұғыл медициналық көмекті қолжетімді етіп қана қоймай, цифрлық технологияларды енгізу арқылы қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеріп отырмыз. Айта кетерлігі – мұндай форматтағы модульдік жедел медициналық көмек пункттері Қазақстанда алғаш рет іске қосылып отыр», – деді Ержан Сүлейменов.Жоба аясында жыл соңына дейін Алматы облысының туристік және рекреациялық аймақтарында барлығы 11 цифрлық модульдік жедел медициналық көмек пунктін орнату жоспарланған. Олар Қонаев қаласы мен Қапшағай жағалауында, «Түрген» тау шаңғысы курортында, «Oi-Qaragai Lesnaya Skazka» Mountain Resort-та, «Ақбұлақ» халықаралық туристік орталығында, «Хан Тәңірі» халықаралық альпинистік лагерінде, «Арасан» шипажай-курорттық аймағында, сондай-ақ «Шарын», «Іле-Алатауы», «Көлсай көлдері» және «Алтын-Емел» ұлттық парктері мен «Таңбалы» мемлекеттік қорық-мұражайы аумағында орналастырылады. Әрбір пункт белгілі бір туристік нысанға бекітіліп, сол аумақтағы тұрғындар мен келушілерге тұрақты қызмет көрсетеді.«Туристік орындарда демалып жүрген азамат оқыстан ауыр жарақат алса, немесе қан қысымы көтерілу, күн өту, үсік шалу сияқты жағдайларға тап болса, осындай медициналық модульге кіріп, медициналық қызметкердің көмегіне онлайн жүгіне алады. Жоба төтенше жағдай туралы жедел хабар беруге, медицина мамандарымен дереу байланыс орнатуға және жедел жәрдем келгенге дейін қажетті көмекті ұйымдастыруға да мүмкіндік береді», – деді Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов.Жобаны Алматы облысының әкімдігі, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы және Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы бірлесіп жүзеге асыруда. Жоба халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, туристік аймақтардағы төтенше жағдайларда әрекет ету уақытын қысқартуға және өңірдің денсаулық сақтау саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1235369?lang=ru
Көлік министрі Қонаевтағы теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстарымен танысты 30.06.2026
Алматы облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен бірге Қонаев қаласындағы теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстарын көрді.Вокзал аумағындағы құрылыстың қарқынды жүріп, бүгінде аяқталуға таяған. Ғимараттың негізгі келбеті қалыптасып, ішкі әрлеу мен инженерлік жүйелерді іске қосу жұмыстары атқарылуда. Құрылыс алаңында мердігер ұйымдардың мамандары белгіленген мерзімге үлгеру үшін жұмысты жүйелі жалғастыруда.Нысан басында өткен көшпелі кеңесте облыс әкімдігі, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ және жауапты мекемелердің өкілдері жобаның орындалу барысы жөнінде есеп берді.Мамандардың айтуынша, бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарының 93 пайызы аяқталған. Қазіргі таңда сыртқы электр және газ желілерін қосу, сондай-ақ ғимаратты жиһазбен және заманауи кеңсе техникасымен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.Вокзал ғимаратының қабырғалары толық тұрғызылып, шатыр жабылған. Су құбыры, кәріз, жылыту және желдету жүйелері орнатылған. Жолаушылар платформасының құрылысы да толық аяқталған.Жалпы аумағы 503,8 шаршы метр болатын нысанды биылғы маусым айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.Жиын барысында облыстағы өзге де теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары сараланды. Қазыбек бек (Ұзынағаш) және Шамалған вокзалдарының дайындығы 99 пайызға, Жетісу вокзалындағы жұмыстардың орындалуы 92 пайызға жеткен.Көлік министрі құрылыс қарқынын оң бағалап, жауапты мекемелерге барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтап, нысандарды уақытылы пайдалануға беруді тапсырды. Оның айтуынша, жаңғыртылған вокзалдар жолаушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс.Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде 124 теміржол вокзалын жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама аясында вокзалдар заманауи инженерлік жүйелермен жабдықталып, күту залдары жаңартылып, сервистік қызмет көрсету сапасы жақсартылуда. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қатынауына қажетті жағдайлар қарастырылған.Мұндай жобалар еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.Қонаевтағы вокзалдың жаңаруы да – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1235437?lang=ru
Эколог сағаты: тәжірибе мен игі бастамалар алаңы 30.06.2026
Бүгін Атырау облысы бойынша Экология департаментінде 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні және Экологтар күніне орай «Эколог сағаты» атты танымдық-тәжірибелік шара өтті.Іс-шараға өңірдің экобелсенділері, тәуелсіз экологтары, жас мамандар мен студенттер қатысып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешудің тиімді жолдарын талқылады.Жиын барысында өңірге белгілі экологиялық жоба авторлары мен тәуелсіз экологтар Күләш Амандықова, Сұлтан Ахмет, Дмитрий Ургачев және Жансая Нәкімжанова сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті.Баяндамашылар қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау мәдениетін қалыптастыру, еріктілер қозғалысын дамыту, экологиялық жобаларды әзірлеу мен жүзеге асыру, табиғатқа жанашырлық таныту, сондай-ақ күнделікті өмірдегі қарапайым экологиялық әдеттердің маңызы туралы мазмұнды баяндамалар жасады.Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау бағытындағы табысты жобалармен танысып, экологиялық бастамаларды жүзеге асырудағы тәжірибелер мен тың идеялар жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар, табиғатты сақтау әрбір азаматтың жауапкершілігі екені және үлкен өзгерістердің шағын қадамдардан басталатыны ерекше атап өтілді.Экология сағатының басты мақсаты – жас сала мамандары мен студенттерге экобелсенділер мен тәуелсіз экологтардың тәжірибесін насихаттау, олардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы бастамаларға қызығушылығын ояту және табиғатқа деген жауапкершілік көзқарасын қалыптастыру.«Эколог сағаты» қатысушылар үшін пайдалы ақпарат пен жаңа идеялар алаңына айналып, қоршаған ортаны қорғау ісіндегі өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.#ӨзіңненБаста #ТазаҚазақстан #Экологкүні #ДеньэкологаАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1235720?lang=ru
Махамбет аудандық ауруханасы жаңа жабдықтармен толықты 30.06.2026
Атырау облысында медициналық мекемелерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыт әлеуметтік жауапкершілік аясындағы жобаларда да басымдыққа ие.Осы бағдарлама аясында Махамбет аудандық ауруханасына Теңізшевройл компаниясы жалпы құны 660 миллион теңге тұратын заманауи медициналық жабдықтар алып берді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.Қайырымдылық көмектің нәтижесінде ауданда алғаш рет компьютерлік томография жүйесі іске қосылған.-Құрылғы 24 сәуірден бастап пайдалануға берілді. Содан бері 160 науқас тексеруден өтіп, олардың арасынан бір онкологиялық ауру дерегі анықталды. КТ аппаратының орнатылуы тұрғындар үшін үлкен қуаныш болды. Әсіресе науқастардың диагнозын уақытылы әрі ерте анықтауға мүмкіндік беріп отыр, – деді аурухана дәрігері Айжан Романова.Бұдан бөлек, мекемеге науқас жағдайын бақылау аппараты, тіс емдеуге арналған рентген құрылғысы, операциялық шамдар, стоматологиялық қондырғы, ультрадыбыстық тексеру аппараты, көзді тексеру аппараты және өзге де медициналық техникалар берілген.Жаңа медициналық құрылғылар салтанатты түрде табысталды. Іс-шара барысында аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев демеуші компанияға алғыс айтып, бұл бастама тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қолдау екенін атап өтті.Айта кетейік, соңғы алты айда Теңізшевройл компаниясы Атырау облысындағы 14 медициналық ұйымға жалпы құны 4 миллиард теңгені құрайтын медициналық құрал-жабдық тарту еткен.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1235926?lang=ru
Алматы облысында ауыл шаруашылығы форумы өтті 30.06.2026
Алматы облысының Райымбек ауданында алғаш рет ауыл шаруашылығы форумы өтті. Шара ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылды. Онда тыңайтқыштар, дрондар және өсімдік шаруашылығына арналған заманауи технологиялар көрмесі ұсынылды. Жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін таныстырып, шаруашылықтар ғылыми зерттеу институттарымен меморандумға қол қойды. Форумға шаруа қожалықтарының өкілдері, сала мамандары, ғалымдар мен аудан тұрғындары қатысты. Іс-шара ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыруға, кәсіпкерлер мен ғалымдар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. Райымбек ауданының тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Табиғат жағдайы, жердің құнарлылығы бұл бағытты дамытуға толық мүмкіндік береді. Форумда түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер өз жұмыстарын таныстырды. Олар ет, сүт, бал, балық өнімдерін өңдеп, халыққа ұсынып отыр. Солардың бірі – «Әшірақын Диас» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі. Кәсіпорын 2025 жылдан бері жұмыс істейді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 27 млн теңге несие алып, осы қаражатқа қора-жай салып, 3000 бас тауық сатып алған. Қазіргі таңда Райымбек, Кеген аудандарын экологиялық таза тауық етімен, сапасы жоғары жұмыртқамен қамтамасыз етуде. Ал «Райымбек омарташылары» өндірістік кооперативі табиғи, қантсыз бал өнімін өндірумен айналысады. Қазіргі таңда онда 100-ден астам омарта бар. Балдан бөлек емдік қасиеті бар 15 түрлі өнім алынады. Болашақта омарта санын 500-ге дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Кооператив басшысының айтуынша, бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, пайдалы әрі таза өнім көлемін арттыруға септігін тигізеді.Форум барысында ауыл шаруашылығы зерттеу институттары бұл саладағы топырақ деградациясы, мал ауруы және өзге де қауіп-қатерлердің алдын алуға бағытталған жобалары жайлы баяндады. Шаруалар институттармен келісімге келіп, бірігіп жұмыс істеуге уағдаласты. Сондай-ақ кәсіпкерлерге лизингке ауыл шаруашылығы техникалары берілді.Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаевтың айтуынша, бүгінде бұл саланы дамытуға бағытталған тың бастамалар қолға алынған. Атап айтқанда, «Altyn DAN» ЖШС Орта Азиядағы танымал «PepsiCo Central Asia» компаниясы және «Magnum» сауда желісімен ірі жобаларды іске асыруда. Бүгінгі таңда ауданда 2500 гектардан астам жерде су үнемдеу қондырғылары пайдаланылуда. Биыл тағы 1800 гектар аумаққа заманауи технологиялар орнатылмақ.Ирригация саласында 6 су қоймасы, 8 магистральдық канал мен 13 ішкі шаруашылық каналын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл ауданның ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыруға, экспорт әлеуетін арттыруға және су ресурстарын ұтымды пайдалануға жол ашады.Қазіргі таңда ауданда 66 мың ірі қара, 267 мың қой мен ешкі, 42 мың бас жылқы бар. 2316 шаруа қожалығы тіркеліп, жұмыс атқаруда.«Райымбек ауданында ірі қара малын асылдандыру және мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда ірі қара мал тұқымын асылдандырумен 12 шаруа қожалық, ал асыл тұқымды ұсақ мүйізді мал өсірумен 6 шаруа қожалық айналысуда. Онда «Ангус», «Герефорд», «Қазақтың ақ бас сиыры», «Қалмақ» тұқымды ірі қара, сондай-ақ «Архар меринос» және «Иль-де-Франс» тұқымды қойлары өсірілуде. Осы бағыттағы жұмысты жүйелеу мақсатында биыл аудан әкімдігі мен Қазақ ұлттық аграрлық университеті арасында мал тұқымын асылдандыру жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бұл келісімнің нәтижесінде университет ғалымдары шаруашылықтарда мал тұқымын жақсарту ісіне ғылыми жетекшілік жасап, әдістемелік қолдау көрсететін болады», – деді Дастан Сұлтанмұратұлы. Сондай-ақ шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасына да тоқталып өтті. Айтуынша, соңғы жылдары ауданда 200-ге жуық трактор, 100-ден аса агрегат алынып, жаңарту көрсеткіші 60%-дан асқан. Алдағы уақытта мал бордақылау алаңдарын құру, егін және мал шаруашылығын жаңғырту жұмыстарын жандандыру жоспарланған.Форум ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етті. Сондай-ақ шаруалардың тәжірибе алмасуына, жаңа жобалармен танысуына жағдай жасады. Сондықтан бұл форум алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1236313?lang=ru
Парламент депутаттары Атырау облысының тұрғындарымен Каспий теңізі мен Жайық өзенінің экологиялық мәселелерін талқылады 30.06.2026
Бүгін Атырауда Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасында Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның XII отырысы өтті. Жиында қатысушылар Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу аясында Каспий теңізі мен Жайық өзенінің су экожүйелерін орнықты басқару мәселелерін талқылады. Сондай-ақ сенаторлар өңір жұртшылығымен және бірқатар әлеуметтік, өндірістік нысандардың еңбек ұжымдарымен кездесті.Комиссия отырысында өңірдегі су бассейндерінің экологиялық ахуалына қатысты өзекті мәселелер қозғалды. Сенат Төрағасы ластану деңгейінің артуы, балық қорының азаюы және өңірдің экожүйесіне антропогендік әсердің күшеюі ерекше назар аударуды қажет ететінін атап өтті.- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі әлдеқашан өңірлік шеңберден шығып, жаһандық сипат алғанын әрдайым айтып келеді. Осы сын-қатерді еңсеру үшін Қазақстан Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуге бастамашы болды. Мемлекет басшысы су мәселері бойынша халықаралық күн тәртібін ілгерілету мақсатымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында Астанада Су проблемаларын талдау орталығын құруды да ұсынды. Сондай-ақ БҰҰ-ның мамандандырылған агенттігі ретінде Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Жайық өзеніне қатысты мәселе де аса өзекті. Бұл түйткілдерді бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Оларды шешу үшін ведомствоаралық үйлестіру, ғылыми негізделген шешімдер, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың, сарапшылар қауымдастығының, экологиялық қоғамдық ұйымдардың және халықаралық серіктестердің белсенді атсалысуы қажет, – деді Мәулен Әшімбаев.Кездесуде Каспий теңізіне қатысты мәселеде жүйелі тәсілдің жеткіліксіз екені де айтылды. Жайық өзенінің атырауы мен Маңғыстау облысының жағалауы маңында теңіз 30-35 шақырымға дейін шегініп, соның салдарынан топырақтың тұздануы, экожүйелердің тозуы және балықтардың уылдырық шашу орындарының қысқаруы байқалып отыр. Құрамында улы шөгінділері бар шаңды дауылдардың туындау қаупі артып отырғанына да мән берілді. Парламенттік комиссияның Төрағасы Каспий теңізі мен Жайық өзенін сақтау мәселесі ұзақмерзімді экологиялық қауіпсіздіктің, азаматтардың өмір сүру сапасының және бүкіл Каспий маңы өңірінің орнықты дамуының кепілі екенін тілге тиек етіп, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында мемлекет, ғылым, азаматтық қоғам, бизнес және халықаралық серіктестердің алдағы бірлескен жұмысының негізгі бағыттарын айқындап берді.Парламенттік комиссияның отырысына Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы, Экология және табиғи ресурстар, Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері қатысты.Іс-шарада БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, су ресурстарын басқару және климаттың өзгеру мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшы, Орталық Азия су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі жөніндегі платформаның үйлестірушісі Болат Есекин, өңір әкімдіктерінің басшылығы, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері баяндама жасады.Мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар алдағы бірлескен жұмысты ұйымдастыруға қатысты ұсыныстар мен бастамаларын ортаға салды. Сенат Төрағасы олардың іске асырылу барысы қоғамның және барлық мүдделі тараптың бақылауында болатынын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1236361?lang=ru
Мәулен Әшімбаев Атырау жастарымен кездесті 30.06.2026
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Атырау өңіріне жұмыс сапары аясында жастармен кездесті. Жиында Сенат Спикері жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарына тоқталып, оны мемлекетті дамытудың және саяси жүйені жан-жақты жаңғыртудың ұзақмерзімді бағытын айқындайтын стратегиялық құжат деп атады. Сенат Төрағасы елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды жаңғыртулардың қазіргі сын-қатерлерге жедел жауап бере алатын икемді мемлекеттік жүйе қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар ол жаңа Ата Заңның табысты іске асырылуы жастардың белсенділігіне, біліміне және жауапкершілігіне де байланысты екеніне тоқталды.- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 15 наурызда республикалық референдум өтті. Нәтижесінде халық Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Жаңа Ата Заң биылғы 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді. Шын мәнінде, бұл – нағыз Халық Конституциясы. Ол Тәуелсіздік, Мемлекеттілік және азаматтардың құқықтары мен мүдделері ең жоғары құндылық саналатын Әділетті Қазақстан құрудың жаңа кезеңіне жол ашты. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар мен жаңартылған институционалдық ортаның барлығы өскелең ұрпақтың игілігі үшін жасалып отыр. Жаңа Конституция жастарға зор мүмкіндіктер береді әрі үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан жас буын осы реформалардың тарихи маңызын терең түсініп, оны жүзеге асыруға белсенді қатысуы қажет, – деді Сенат Төрағасы.Мәулен Әшімбаев Әділетті Қазақстан құруда жастардың белсенді рөлі ерекше мәнге ие екенін айтып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларына және ұлттың жаңа келбетін қалыптастыратын құндылықтарға назар аударды. Оның айтуынша, бұл бағыттағы басты бағдар – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайдың «Толық адам» іліміне негізделген «Адал азамат» тұжырымдамасы. Аталған тұжырымдамада еңбекқорлық, адалдық, кәсіби біліктілік, үздіксіз білім алу және отаншылдық әр азамат үшін басты құндылықтар ретінде айқындалған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1236369?lang=ru
Алматы облысында алғаш рет кендір дақылы егілді 30.06.2026
Алматы облысының Райымбек ауданында өңірде алғаш рет кендір (лен) дақылын өсіру ісі қолға алынды. Жобаны жергілікті шаруалар Қытай инвесторларымен бірлесіп іске асыруда. Былтыр жер жырту жұмыстары жүргізілсе, биылғы көктемде 250 гектар аумаққа аталған дақылдың тұқымы егілді. Егер жақсы өнім берсе, жер аумағын 3000 гектарға дейін кеңейтіп, терең өңдейтін зауыт салу жоспарлануда, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев егістік алқабына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. «Кендір көбіне еліміздің солтүстік өңірлерінде егіледі. Ал Алматы облысында бірінші рет тәжірибеден өтуде. Бұл – өте жақсы бастама. Себебі тұқым ауданның табиғи ерекшелігіне бейім екенін байқап отырмыз. Күзде жақсы өнім алынады деген ойдамыз. Оның үстіне алқапта заманауи технологиялар жұмыс істеп тұр. Бұл тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта ауқымы бірнеше есе көбеюі мүмкін. Жобаға жалпы құны 4 млрд теңге инвестиция салынады. Ал әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетін болады», – деді аймақ басшысы.Мамандардың айтуынша, кендір – экологиялық таза, қайта өңдеуге бейім, адам денсаулығына пайдалы табиғи өнім. Оның тұқымынан май, косметикалық өнімдер мен мал азығы алынады. Ал сабағынан киім-кешек, тоқыма бұйымдары, қап және орау материалдары дайындалады. Егер жоба толық іске қосылса, бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде алқапта 10 адам еңбек етуде. Сондай-ақ бастама урбанизацияны азайтып, халықтың туған жерінде тұрақтап қалуына септігін тигізеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1236620?lang=ru