Мәдениет
«Қазақфильм» Канндағы MIPCOM 2025 халықаралық телевизиялық нарығына қатысты 28.10.2025
Ш. Айманов атындағы «Қазахфильм» ұлттық киностудиясы биыл Францияның Канн қаласында өткен MIPCOM 2025 халықаралық телевизиялық нарығына қатысты. Іс-шара Фестивальдер мен конгрестеи сарайында (Palais des Festivals et des Congrès) және іргелес аумақтарда өтті.Киностудия павильонында «Қазахфильмнің» барлық фильмдері мен «Алтын қорындағы» үздік туындылар, сондай-ақ «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» тарапынан қаржыландырылған заманауи фильмдер ұсынылды. Көрермендер мен халықаралық серіктестер назарына көркем, деректі және анимациялық фильмдердің кең топтамасы таныстырылды.Киностудия өкілдері қазақстандық кино және тележобаларды шетелдік дистрибьюторлар мен серіктестерге таныстырып, халықаралық ынтымақтастық орнату бағытында бірқатар келіссөздер жүргізді. Бұл қадам - отандық контенттің әлемдік нарықтағы көрінісін кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан маңызды бастама болды.MIPCOM – теледидар, стриминг және цифрлық контент индустриясына арналған әлемдегі ең ірі кәсіби алаңдардың бірі. Биылғы іс-шараға 107 елден 10 600-ден астам қатысушы келді. Нарық көшбасшылары қатарында Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Германия, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Канада, Испания және Италия бар.Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл Каннға 3 мыңға жуық контент сатып алушы келіп, жаңа серіктестермен кездесіп, бірқатар бірлескен жобаларды талқылады. Нарық аясында 350-ден астам компания өз өнімдерін ұсынды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1094605?lang=kk
Қазақстан делегациясы Түркі әлемінің II Жастар форумына қатысты 28.10.2025
Бішкек қаласында ТҮРКСОЙ халықаралық түркі мәдениеті ұйымының ұйымдастыруымен өткен Түркі әлемінің II Жастар форумы өтті. Форумға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия елдерінің жастары мен түрлі түркі ұйымдарының өкілдері қатысты.Ашылу рәсіміне дипломаттар, ғалымдар, мемлекеттік мекемелердің өкілдері және жастар делегациялары жиналды.Форум «Болашақ – сенсің» деген үндеумен өтті. Жиын барысында панельдік сессиялар, шеберлік сабақтары және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.Форум аясында алғаш рет ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің симуляциялық сессиясы өтті. Қатысушылар өз елдерінің атынан сөз сөйлеп, өзекті мәдени мәселелерді талқылап, дипломатия мен шешім қабылдаудың негізін меңгерді.Форумның басты мақсаты – жас өкілдер бірлік, ынтымақ және ортақ мәдени болмыс идеясын дәріптеп, түркі дүниесі жастары арасындағы өзара байланыстарды нығайтуға ықпал ету. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1094442?lang=kk
Қазақ ұлттық хореография академиясының студенті IX Бейжің балет байқауында жеңімпаз атанды 27.10.2025
21–27 қазан аралығында Қытайда Би білімінің дүниежүзілік альянсы (World Dance Education Alliance) аясында IX Бейжің балет байқауы және Бейжің би академиясының форумы өтті.Байқауда Қазақстанның намысын Қазақ ұлттық хореография академиясының студенті Әбілмансұр Сырманов қорғады. Финалда ол А. Аданның «Жизель» балетіндегі Альберттің вариациясын және заманауи би нөмірін орындап, алтын медаль иегері атанды.Байқау қазылар алқасының құрамында әлемге әйгілі балет өнерінің майталмандары – Нина Ананиашвили, Владимир Малахов, Син Лили, Эрик Гильере және басқалары болды. Ал байқаудың кеңесшісі ретінде Сяо Сухуа, Джао Рухенг, Фэн Инг және өзге де танымал тұлғалар шақырылды.Академияның көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова бұл жеңіс Қазақстанның әлемдік балет сахнасындағы беделін арттыра түсетін маңызды жетістік екенін атап өтті.Биылғы байқауға 10 елден келген 57 орындаушы қатысып, әлемнің жетекші балет мектептерін таныстырды.Студенттердің Қытайға сапары Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің, CNPC және PetroKazakhstan компанияларының қолдауымен, сондай-ақ Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің ықпалдастығымен ұйымдастырылды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1093712?lang=kk
СҚО-да еліміздегі алғашқы аудандық креативті IT-орталық ашылды 27.10.2025
Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданы, Сергеевка қаласында Қазақстандағы алғашқы аудандық креативті Esil.AI атты IT-орталық ашылды. Бастама аймақтық Qyzyljar Creative Center хабының бірыңғай желісінің аясында жұмыс істейді.Орталықтың мақсаты – ауыл тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыру, IT-кәсіпкерлікті дамыту және жаңаша ойлауды қалыптастыру.Esil.AI орталығы – ауыл халқын креативті экономикаға тартуға, технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған Digital Keruen өңірлік жобасының бір бөлігі.IT-орталық аудандық кітапхана ғимаратында орналасқан және жалпы ауданы 134 шаршы метр болатын екі қабатты қамтиды. Кеңістік ноутбуктармен, интерактивті панельмен, оқу дронымен, 3D-принтермен және курстар, хакатондар мен тәжірибелік сабақтар өткізуге арналған жабдықтармен жасақталған.Esil.AI орталығында қазірдің өзінде жасанды интеллект (AI), цифрлық сауаттылық, негізгі компьютерлік дағдылар, дизайн және креативті мамандықтар бойынша курстар басталды.Оқыту кезең-кезеңмен, базалық деңгейден бастап, жоғары деңгейге дейін жүргізіледі. Болашақта онлайн-курстар мен көшпелі шеберлік сабақтарын іске қосу жоспарланған. Жобаға ауыл тұрғындарының барлығы қатыса алады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1093706?lang=kk
Мерекелік «Мәңгі ел» концерті: «Қарлығаш» және «Құрбылар» хореографиялық қойылымының тұсаукесері өтті 26.10.2025
«Астана Балет» театры сахнасында, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Республика күніне арналған мерекелік «Мәңгі ел» концерті өтті. Концерт бағдарламасы ұлттық музыка мен би өнерінің үздік туындыларын бір арнаға тоғыстырды.Кеште «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасына енген «Қарлығаш» және «Құрбылар» хореографиялық миниатюраларының премьерасы өтті. Бұл туындылар алғаш рет көрермен назарына «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен ұсынылды.«Қарлығаш» хореографиялық миниатюрасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти Қазақ КСР-нің халық әртісі Ахмет Жұбановтың музыкасына қойды. Ал сахналық костюмдерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Жұмағалиев әзірлеген.Сол сияқты, Айгүл Тәти қойған «Құрбылар» хореографиялық композициясы композитор Ілияс Ходжабековтің музыкасына қойылды. Костюмдердің авторы – Мүсілім Жұмағалиев. Қойылымда жастық шақтың еркін рухы мен албырт көңілі сипатталып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1093578?lang=kk
Қымбатты отандастар! 25.10.2025
Сіздерді 25 қазан – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!Республика күні – халқымыздың бірлігін нығайтып, ынтымағын жарастырған, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап, еліміздің өркендеуін айқындайтын ұлттық мереке.Бұл мереке күні ел тарихындағы маңызды саяси құжат – Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Ол еліміздің тәуелсіздігіне жол ашты. Зайырлы мемлекет ретінде құқықтық өзгерістерге жаңа серпін берді. Республикамыздың қаржы-экономикалық, саяси-әлеуметтік дамуына оң әсер етті.Ұлттық мереке отандастарымыздың ауызбіршілігін нығайтуға, қоғамдық келісімді сақтауға негіз болып келеді.Осы орайда, Республика күнімен құттықтай отырып еліміздің әрбір азаматына бейбіт өмір, бақытты болашақ, береке-бірлік пен мол табыс тілеймін!Дәулетіміз тұрақты, халқымыз ынтымақты болсын!Егемен еліміз өркендей берсін!Құрметпен, ҚР Қаржы министрі Мәди ТАКИЕВАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1093347?lang=kk
Алматыда «Япурай» гала-хор спектаклінің премьерасы өтті 24.10.2025
Республика күні қарсаңында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында «Япурай» атты гала-хор спектаклінің тұсаукесері өтті.Кеш барысында «Япурай», «Маусымжан», «Самал тау», «Балапан қаз», «Ақ сиса», «Сәулем-ай», «Қарлығаш», «Аққу», «Ләйлім шырақ» сынды халық сүйіп тыңдайтын шығармалар хорға лайықталған заманауи өңдеумен орындалды. Музыкалық қойылым көркем сценографиямен және мультимедиалық проекциялармен үйлесім тапты. Спектакльде Абай, Шәкәрім, әл-Фараби мен Махмұд Қашғари секілді ойшылдардың нақыл сөздері оқылып, терең тақырыптар қозғалдыҚойылымға театр хоры, симфониялық оркестрі мен балет труппасы, сондай-ақ «Престиж» жекеменшік мектебінің «Қоңырау» балалар хоры және «Мұрагер» фольклорлық ансамблі қатысты.«Япурай» гала-спектаклі ұлттық музыкалық мұра мен заманауи сахналық шешімдерді үйлестіре отырып, халқымыздың бай мәдениетіне деген құрметтің жарқын үлгісін көрсетті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1093184?lang=kk
Семейде Абай музей-қорығының 85 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті 24.10.2025
Семейде «Заманауи музейтану: цифрландыру, қолжетімділік және тұрақты даму» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шара Абайдың «Жидебай–Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының 85 жылдық мерейтойына арналды.Осы орайда Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева музей ұжымына арнап құттықтау хат жолдады. Министр хатында музей-қорық – Абай Құнанбайұлының мәңгілік мұрасын зерделеп, ұлы ойшылдың даналық ілімін ұрпақ санасына сіңіруге өлшеусіз үлес қосып отырған іргелі мәдени орталықтардың бірі әрі бірегейі екенін атап өтті.Конференция жұмысына музей ісі мен мәдени мұра саласындағы жетекші мамандар, ғалымдар, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ шетелден әріптестер қатысты. Қатысушылар музей ісінің заманауи талаптары мен негізгі бағыттарын талқылап, цифрлық технологияларды енгізу, қорларды сақтау мен жүйелеу, экспозициялық қызмет, музейлік педагогика және музей негізіндегі креативті индустрияны дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлді.Пленарлық отырыста заманауи музейтанудың теориялық және практикалық қырларын қамтитын мазмұнды баяндамалар ұсынылды.Халықаралық конференция музейлер мен ғылыми және білім беру мекемелері арасындағы кәсіби әріптестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және мазмұнды пікір алмасуға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1093004?lang=kk
Шетелдік мамандар Қазақстандағы археологиялық ғылымның даму бағытын талқылады 24.10.2025
Есік мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Археология саласындағы халықаралық зерттеулер: тәжірибе, нәтижелері мен басым бағыттары» тақырыбында «Есік оқулары» VI Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.Халықаралық конференцияға Қазақстан, Қытай, Ұлыбритания, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия және Әзербайжаннан келген археологтар мен музей ісінің мамандары қатысты.Конференция бірқатар маңызды тарихи оқиғалармен тұспа-тұс келді. Атап айтсақ, биыл Алтын адамның табылғанына 55 жыл, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің құрылғанына 15 жыл, сондай-ақ көрнекті археолог-ғалым Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың туғанына 90 жыл толып отыр.Іс-шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов елімізде тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын және бұл бағытта мұндай ғылыми іс-шаралардың маңызы зор екенін атап өтті.Музей-қорық ашылған күннен бастап музей қызметін көрсетіп қана қоймай, ғылыми-зерттеу орталығы ретінде де белсенді жұмыстар атқаруда. 2017 жылдан бері Шэньси провинциясының Археология институтымен (ҚХР) тығыз әріптестік байланыс орнатылды, нәтижесінде бірқатар бірлескен ғылыми жоба жүзеге асырылды. Атап айтсақ, Қытайдың Солтүстік-Батыс университетінің Жібек жолы археологиясын зерттеу орталығының Қазақстандағы филиалы жұмыс істеп тұр.Пленарлық отырыстар мен секциялық сессиялар барысында Қазақстандағы археологиялық ескерткіштерді сақтау мен тиімді пайдалану, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау әдістері, пәнаралық зерттеулер мен музей ісіндегі заманауи міндеттер кеңінен талқыланды. Сондай-ақ конференцияда археология ғылымының дамуына зор үлес қосқан Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың ғылыми жолы да сөз етілді.Бағдарлама аясында «Рахат археологиялық кешені» атты монография мен «Есік» мемлекеттік музей-қорығы жөніндегі алғашқы қытай тіліндегі нұсқаулықтың тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Талғар (Талхиз) ортағасырлық қалашығының аумағында «Талхиз қазыналары» көшпелі көрмесі ұйымдастырылды.Конференция қорытындысы бойынша тарихи-мәдени мұраны қорғау мен тиімді пайдалану, археологиялық зерттеулердің теориялық және қолданбалы аспектілерін дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағыттарында қабылданған Резолюция жарияланды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1092709?lang=kk
ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстан қолжазбатанушылар қауымдастығының ІІІ отырысы өтті 23.10.2025
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында Қазақстан қолжазбатанушылар қауымдастығының ІІІ отырысы өтті. Жиынға шығыстанушы ғалымдар, сала мамандары, кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар қатысты.Кездесу барысында шетел архивтерінде сақталған қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты сирек қолжазбалар мәселелері талқыланды.Сонымен қатар журналист, жазушы Тынышбек Дайрабай Ұлттық кітапхана қорына филология ғылымдарының докторы Алма Қыраубаеваның «Қисса Дандан» қолжазбасын, фольклортанушы Мардан Байділдаевтың еңбектерін және өзінің жеке мұрағатынан материалдар топтамасын ресми түрде табыстады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1092160?lang=kk
Елордада салалық волонтерлікті дамытуға арналған әдістемелік құралдар таныстырылды 23.10.2025
Астанада мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдерінің салалық волонтерлікті дамытуға арналған кездесуі өтті. Жиын барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық волонтерлік желімен бірлесіп, мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы стратегиялық серіктестік аясында әзірленген әдістемелік құралдарды таныстырды.Іс-шараға волонтерлікті дамытуға жауапты салалық ведомствалар қатысты. Олардың қатарында Ішкі істер министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері бар.Қатысушылар мемлекет пен волонтерлік ұйымдар арасындағы өзара тиімді ыртымақтастықты талқылап, тәжірибе алмасты және салалық волонтерлікті ұлттық деңгейде енгізу бойынша практикалық ұсыныстар берді.Әдістемелік құралдарда нұсқаулықтар мен үздік тәжірибелер жинақталған. Аталмыш басылым түрлі секторлардағы волонтерлік қозғалысты жүйелі дамытуға бағытталған. Бұл – мемлекеттік органдарға волонтерлермен ашық әрі нәтижелі байланыс орнатуға арналған көмекші кұрал.Салалық гранттар жобасы аясында төтенше жағдайлар, экология, медицина, әлеуметтік қорғау, мәдениет және зооволонтерлік салалары бойынша 60 шағын грант бөлінді. Салалық волонтерлік мемлекет пен қоғам арасындағы серіктестікті нығайтып, әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге ықпал етеді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1092159?lang=kk
Республика күніне орай елімізде «Жанашыр жүрек» акциясы өтуде 23.10.2025
Республика күні қарсаңында 16–25 қазан аралығында еліміздің барлық өңірлерінде «Жанашыр жүрек» атты ауқымды акция өтіп жатыр. Игі бастама азаматтық белсенділікті дамытуға, көмекке мұқтаж жандарды қолдауға, мейірімділік пен көмек көрсету мәдениетін нығайтуға бағытталған.Алматы қаласында бастама аясында 20-дан астам қайырымдылық іс-шара жүзеге асты. Соның бірі – «Qamqor bol» акциясы. Волонтерлер баспанасы жоқ адамдарға ыстық тағам мен сусын таратты. Ұйымдастырушылар қарттар үйінде шығармашылық кеш өткізіп, қарияларға ерекше көңіл-күй сыйлады.Жетісу облысында волонтерлер түрлі қайырымдылық іс-шараларға қатысып, ардагерлерге қамқорлық жасап, тұрмыстық және әлеуметтік көмек көрсетті.Қарағанды облысында волонтерлер «Луч» нейрореабилитация орталығына, ауыр науқастарға арналған клиникаға және облыстық балалар психиатриялық орталығына барып, мәдени және тәрбиелік мәні бар бағдарламалр ұсынды.«Жанашыр жүрек» акциясына волонтерлік ұйымдар, жастар бірлестіктері мен белсенді азаматтар белсенді қатысып, атсалысуда. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1091978?lang=kk
ҚР ҚМ МКК Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы тағайындалды 22.10.2025
ҚР Қаржы министрлігінің аппарат басшысы Эрнар Ержанов Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің ұжымына жаңадан тағайындалған басшыны Серік Манзоровты таныстырды. Серік Бағдатұлы 2004 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2006 жылы West Coast университетін (Ұлыбритания) «Іскерлік менеджмент» мамандығы бойынша, 2009 жылы Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «Қаржы» мамандығы бойынша, 2010 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша және 2019 жылы Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтын «Құрылыс» мамандығы бойынша тәмамдап шыққан.Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласы Алмалы және Бостандық аудандарының әкімдіктерінде қызметке тұрып бастаған. Салық және мемлекеттік органдар құрылымында түрлі позицияларда жұмыс істеп, оның ішінде МКК Халықаралық ынтымақтастық басқармасы басшысының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының кеңесшісі және Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1090767?lang=kk
Су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде 21.10.2025
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты серіктестігінің егіс алқабына барды.Аймақ басшысына институттың ғылыми-зерттеу және өндірістік қызметі, күріш шаруашылығында қолданылатын агротехнологиялар мен су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар таныстырылды.Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты 2015 жылдан бері Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы құрамындағы еншілес ұйым ретінде жұмыс істейді. Күріштің бірегей, элиталық, бірінші репродукциялы тұқымын өндіру және өткізумен айналысады.Қазір мекемеде 118 адам еңбек етеді, 20 ғылыми қызметкер бар. Ғылыми құрамда 5 ғылым докторы, 2 ғылым кандидаты, 1 PhD докторы және 8 магистр қызмет атқарады. Сонымен қатар, 8 жас ғалым ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.Институттың ауыл шаруашылығы жер көлемі 4 984,4 гектар, егістік 1 493,2 гектар, жайылым 1 741,3 гектар, шабындық 780 гектар, өзге жері 969,9 гектар, 28 техникасы бар. Биыл 500 гектарға күріш егіп, күтіп-баптайды. Бүгінде 310 гектары егілді, оның 290 гектары суға бастырылды.Облыс әкімі жауапты сала басшыларына су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді, ғылыми жаңашылдықтарды өндірісте тиімді пайдалануды және жұмысты сапалы әрі мерзімінде орындауды тапсырды.Айта кету керек, биыл облыста жалпы 185,8 мың гектарға, дәнді дақылдар 89,7 мың гектарға, майлы дақылдар 6,1 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 73,2 мың гектарға, ал картоп, көкөніс және бақша дақылдары 16,8 мың гектарға егіледі.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда күріш көлемі 10,9 мың гектарға қысқартылып, 70 мың гектарға себу жоспарланған.Көктемгі егіс науқанына 19,7 мың тонна күріш тұқымы, сонымен қатар, 1 570,9 тонна өзге дәнді дақылдар, 126,6 тонна майлы және 301,6 тонна малазықтық дақылдар тұқымы әзірленген.Бүгінде күріш тұқымының 11,4 мың тоннасы, яғни 58,1 пайызы себу дәрежесіне жеткізілген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1231270?lang=ru
Әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары талқыланды 15.10.2025
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде еліміздің қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары, Үкімет қаулылары қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелерге орай бағыт-бағдар белгіленіп, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.«Бюджетті толық әрі уақытылы игеруіміз, өңірімізге қатысты нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштердің өсімін қамтамасыз етуіміз керек. Жұмыс тиісті деңгейде орындалмаған жағдайда бірінші басшылардың жауапкершілігі қаралатынын қатаң ескертемін.Қазіргі өзекті мәселенің бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру. Бағаны күнделікті қатаң бақылауда ұстаңыздар. Өнімдерді тиімді өткізу үшін әлеуметтік дүкендер қызметін жетілдіруге қатысты нақты ұсыныс беріңіздер.Одан бөлек, «Байқоңыр» ӘКК АҚ өңірлік тұрақтандыру қорына арзан бағамен өнімдер сатып алуда. Қала, аудан әкімдіктері, кестеге сәйкес әр айға бөлінген өнімді жеткізіп, тұрғындарға белгіленген бағамен сатуды ұйымдастырыңыздар», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.Аймақ басшысы алдағы күндері қоғамдық-саяси маңызы бар шаралар өтетінін атап өтті. Осыған орай, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Адам көп шоғырланатын орындарда кезекшілік ұйымдастырып, қауіпсіздік шараларын күшейту керек.Сонымен қатар, коммуналдық қызметтер үздіксіз жұмыс істеуі тиіс. Әсіресе, газ, су, электр желілері жұмысының тұрақтылығын, көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылудың толық берілуін бақылауда ұстау қажет.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1086321?lang=kk
Әріптестері Шаймерден Есенкелдиевті басқа қызметке ауысуына орай құрметпен шығарып салды 15.10.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай актив отырысы өтіп, оған құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері қатысты.Нұрлыбек Машбекұлы Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы болған Шаймерден Есенкелдиевті басқа қызметке ауысуына байланысты құрметпен шығарып салды. Ол ротация тәртібімен Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы лауазымына тағайындалды.«Бүгін Өздеріңізбен бірге әріптесіміз Шаймерден Тәжіқұлұлы Есенкелдиевті басқа қызметке ауысуына байланысты шығарып салу үшін арнайы жиналдық. Әріптесіміз еңбек жолын қарапайым полиция қызметкерінен бастап, жоғары басшылық лауазымға дейін сатылап өскен азаматтардың бірі. Өңірімізде алты жыл нәтижелі жұмыс жасап, департамент жоғары жетістіктерге қол жеткізді.Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қылмыстық атқару жүйесін барынша жетілдіру қажет. Негізгі мақсат – сотталған адамды қоғамнан алшақтату емес. Тиісті тәрбие жұмысын жүргізу өте маңызды. Олардың бойына заң мен тәртіп құндылығын сіңіретін және қалыпты өмірге оралуына ықпал ететін озық тәсілдерді енгізу керек», – деген болатын.Аймағымызда атқарылған жүйелі жұмыстардың арқасында соңғы жылдары жазасын өтеушілерді еңбекке тарту үлесі 68 пайызға өсті. №60 мекемеде 18 өндірістік цех іске қосылып, 400-ден астам бас бостандығынан айырылған азамат жұмыспен қамтылып, қайта әлеуметтендірілді.Қылмыстық-атқару жүйесі инфрақұрылымын жақсарту бағытында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ауқымды жұмыс атқарылды. № 60 мекемеге 91 млн. теңгеге 97 электрондық есік орнатылып, № 68 мекеменің емхана ғимаратына 171 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Пробация қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 39 млн. теңгеге серверлік жүйе орнатылып, 34 млн.теңгеге 176 смарт-білезік алынды. Бұл шаралар қайта қылмысқа бару деректерін 28 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік берді», –деді облыс әкімі.Басқосуда Шаймерден Тәжіқұлұлына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі мен облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.Облыс прокуроры Ризабек Ожаров құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1085778?lang=kk
Қызылордада Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылының екінші кезеңі аяқталып, пайдалануға берілді 15.10.2025
Қала күні қарсаңында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылының екінші кезеңі аяқталып, Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін жаңадан салынған автомобиль жолының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған ҚР Парламент сенатының депутаттары,зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары, қала тұрғындары қатысты.Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жол инфрақұрылымын дамытуда атқарылған жұмыстарды атап өтіп, жиналған қауымды жаңа жолдың ашылуымен құттықтады.«Қызылорда - мегаполис болмағанымен, қарқынды қалалық инфрақұрылым мен өмір сүру сапасын арттыру, экономиканы әртараптандыру бағытында нақты қадам жасаған қала. Халық саны жыл сайын өсуде, аймақ тұрғындарының шамамен 50%-ға жуығы облыс орталығында тұрады. Біз жұртшылықтың жайлы өмір сүруіне бағытталған, қауіпсіз, таза, қолжетімді әрі зияткер қала құру бағытында нақты қадамдар жасадық.Облыс орталығының негізгі көшелері –Шиелі ауданынан кіреберіс жол, Яссауи, Жаппасбай батыр магистральді көшелері төрт жолақты болып кеңейтілді. Бүгін міне, Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылының екінші кезеңі аяқталып, ел игілігіне табысталуда.Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалынан бастап Гагарин көпіріне дейінгі 27,3 шақырым жол төрт жолақты болып салынды.Жол бойындағы Сыздық, Жаңадария, Шіркейлі каналдары үстіндегі 3 көпір қайта жаңғыртудан өтіп, төрт жолақты болып кеңейтілді.Бұл мақсатқа бюджеттен 23 млрд. 962 млн. теңге бөлінді.Жолдарды дамыту қалада өмір сүруді әлдеқайда ыңғайлы әрі қауіпсіз етіп, көліктердің кедергісіз қозғалысына оң септігін тигізеді.Құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде жүргізген «УАД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қызылордалықтардың атынан шынайы алғысымды білдіремін.Әрдайым бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты болсын! Жаңа жол берекенің бастауына айналсын! Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!»,- деді Нұрлыбек Машбекұлы.Рәсімде жаңа жолды сапалы етіп салуға үлес қосқан мердігер мекеме қызметкерлері Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев ақ батасын берді.Тәуелсіздік даңғылының ашылу рәсімінде авто және велошеру ұйымдастырылды. Шеруде кейінгі жылдары заманауи техникамен қамтамасыз етілген салалардың көліктері көрсетілді. Атап айтқанда, соңғы үш жылда облыстың медицина ұйымдары мен жедел жәрдем станцияларына 270 жаңа санитарлық көлік, білім саласына 30 оқушы автобусы, қоғамдық көлік паркіне 300 жаңа автобус және 100 экотакси, төтенше жағдайлар қызметіне 31 өрт сөндіру техникасы, коммуналдық кәсіпорындарға 169 арнайы техника, ветеринария саласына 98 көлік берілген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1085167?lang=kk
«Таза Қазақстан»: Облыс әкімі жаңарған саябаққа тал егу шарасына қатысты 15.10.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қайта жаңғыртудан өткен Қорқыт ата саябағында өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы тал егу шарасына қатысты. Оған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары және қала тұрғындары келді.«Қорқыт ата» кітабының 1300 жылдығына арнап орнатылған ескерткіш маңындағы саябақ 2002 жылы ашылған. Бүгінде толық жаңарып, тұрғындардың демалысына, серуендеуіне, балалардың ойнауына қолайлы орынға айналды.Абаттандыру жұмыстары 38 828 шаршы метр аумақты қамтыды. Оның 1 826 шаршы метрі – құрылыс алаңы, 13 430 шаршы метріне брусчатка төселген, ал 23 572 шаршы метрі көгалдандырылған.Саябақ аумағында заманауи субұрқақтар, спорт және балалар ойын алаңдары, серуен жолдары мен жарықшамдар орнатылған. Сондай-ақ келушілердің жайлы демалысы үшін орындықтар, шағын сәулеттік нысандар қойылып, көгалдандыру және суару жүйесі жүргізілген.«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өңірдің барлық елді мекенінде жаппай сенбіліктер мен тал егу шаралары ұйымдастырылды.Шара барысында облыс аумағындағы скверлер мен аллеялар, парктер мен көшелер, теміржол бойы, су айдындары және республикалық, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойы тазартылды.Жалпы экологиялық акцияға 20 мыңға жуық адам қатысып, зиялы қауым, еріктілер, экобелсенділер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, кәсіпорындар мен мекеме қызметкерлері белсенділік танытты. Нәтижесінде облыс аумағына 13 мың түп тал егілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1085204?lang=kk
Агроэкономика және аграрлық ғылымды дамыту мәселелері талқыланды 15.10.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі бағыттардың бірі агроэкономика және аграрлық ғылымды дамыту мәселелері талқыланған жиын өтті. Оған мәслихат депутаттары, басқармалар мен аумақтық департамент басшылары, ғалымдар, шаруашылық құрылымдарының өкілдері, онлайн байланыс арқылы Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдері қатысты.Облыс әкімі сала басшыларына Жолдаудан туындайтын міндеттерді сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.«Президентіміз Жолдауында: «Қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес» деген болатын. Әсіресе, аграрлық саланы цифрландыруға, ауыл шаруашылығы ғылымын жетілдіруге негізгі басымдық беруді ерекше атап өтіп, бес міндетті айқындады. Бірінші кезекте ауыл шаруашылығы саласына жаңа тәсілдерді, заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді, жасанды интеллектіні енгізу, екінші, өнімділік пен қайта өңдеуді арттыру, үшінші, технологиялық жаңғырту, төртінші, ғылым мен зерттеуді дамыту, бесінші, қаржылай қолдау көрсету.Аграрлық салаға цифрлық технологияларды кеңінен қолдану, терең өңдеу бағытындағы жұмыс баса мән беруді қажет етеді. Ғылымды дамытып, цифрлық технологияларды қолданудың тиімділігін шаруашылық құрылымдарына түсіндіру керек.Саланы жетілдіруге арналған ғылыми жобаларды қолдап, оларды іске асыруды сүйемелдеп, цифрландырудағы тың бастамаларды өндіріске енгізуді қарастырыңыздар. Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институты білім беру орталығының жұмысын жандандыру, ғылыммен айналысатын білікті мамандар даярлау өте маңызды. Оқу орындарын бітірген түлектерді жұмысқа тарту керек.Президентіміздің сенімін ақтау – баршамыздың ортақ парызымыз. Сондықтан осы бағытта атқаратын жұмыстарымыз жүйелі, нәтижелі болсын.Бүгінгі берілген барлық тапсырманың орындалуы тұрақты бақылауымызда болады. Жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен бірлесе атқаруға шақырамын», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.Мемлекет тарапынан жыл сайын бөлінген қаржының арқасында өткен 8 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығында 66 млрд. 900 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,5 пайыз, тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 16 пайыз артқан.Жиында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев күріш көлемін кезең-кезеңімен оңтайландырып, суды аз қажет ететін дақылдарды жерсіндіру туралы хабарлама жасады.Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының директоры, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев аграрлық ғылымды жедел өркендету арқылы агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндіктеріне тоқталды. «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов цифрландыру тәсілдері арқылы өндіріс тиімділігін арттыру, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова білікті кадр дайындап, озық ғылыми жобаларды өндіріске енгізу, сала ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов су тапшылығы жағдайында қолданылған тәжірибелер жайында пікір білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1084948?lang=kk
Көшпелі отырыста жаңартылған заңнама талаптары талқыланды 15.10.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің көшпелі отырысы өтіп, онда жаңартылған заңнама талаптарына сәйкес бюджет процесін іске асыру мәселелері талқыланды.Отырысқа Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов, Ұлттық экономика министрлігі бюджет саясаты департаментінің директоры Гульором Муллабаева, Қаржы министрлігі бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Сейілхан Исмағұлов қатысты.Аймақ басшысы Президент тапсырмасында нақтыланған бюджет қаражатын ұтымды жоспарлау мен тиімді игеру міндетін атап өтті.«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы бюджет қаржысын тиімді жоспарлау, мақсатқа сай бөлу мен игеру жөнінде міндеттер жүктегені белгілі. Облыс бюджетінен әлеуметтік салаға 2023-2025 жылдары бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына жүргізілген зерделеу, бақылау шараларының нәтижесінде 100 млрд. теңгеге жуық қаржы үнемделді. Оның ішінде білім саласынан 58 млрд. 600 млн. теңге, «Арт спорт» бағдарламасынан 13 млрд. 100 млн. теңге, әлеуметтік қорғау саласынан 8 млрд. 200 млн. теңге үнемделіп, бюджет қазынасында қалды.Жаңадан жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларға құжаттама әзірлеуге демеушілер есебінен 7 млрд. теңге бөлінді. Барлық 7 ауданда «Руханият орталықтарын» салып, бұған дейін әр жерде орналасқан мекемелерді бір орталыққа біріктірдік. Бұл ғимараттарды ұстап тұру шығындарын қысқартуға жол ашты. Мектептерге қосымша ғимараттар салу арқылы үш ауысымдық оқу мәселесін түбегейлі шешіп, жаңа мектеп салуға қажеттіліктің алдын алдық. Осылайша, бюджетке түсетін салмақ азайтылып, 13 млрд. 100 млн. теңге оңтайландырылды», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.Мамандардың айтуынша, жаңа үшжылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттер Үкіметтің алдына қойылған негізгі міндеттерді шешуге, оның ішінде өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейтуге, халық үшін әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін теңестіруге, сондай-ақ өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық теңсіздіктерді азайтуға ықпал етеді.Жиынға қатысушылар бюджет процесін іске асыру барысында туындайтын өзекті мәселелерді, сондай-ақ елімізде қолданыстағы трансферттік тетіктерді талқылап, туындаған сұрақтарға жауап алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1084984?lang=kk