Enbekshi QazaQ

Спорт

Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы жарыс: Нариман Құрбанов Түркияда топ жарды 15.04.2025
Спорттық гимнастикадан Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан әлем кубогының үшінші кезеңінде қоржынымызға екі бірдей жүлде түсті.Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов  өзінің бірінші ресми жарысында-ақ тұтқалы ат снаряды жаттығуында чемпион атанды.Тұтқалы ат снаряды. Ерлер🥇Нариман Құрбанов🥈Зейнолла Ыдырысов🥉Ахмад Әбу әл-Сауд (Иордания) - Әлем чемпионатының екі мәрте жүлдегеріЖарыс ертең мәресіне жетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/962239?lang=kk
⚜️Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады 15.04.2025
➤ Қасым-Жомарт Тоқаев «Expo» көрме орталығындағы этноауылда Наурыз мерекесін жұртшылықпен бірге қарсы алды.➤ Президент мерекелік іс-шараға жиналған көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.– Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Бұл – біздің ата дәстүріміз. Шуақты көктем мерекесінде бүкіл дүние қайта жаңғырады. Күн мен түн теңеледі. Қазақ елі әз-Наурызды көне заманнан бері тойлап келеді. Наурыз – ең алдымен, игілікті істердің мерекесі. Осы күндері әр үйде ақ дастархан жайылады. Ел-жұрт бір-бірімен қауышып, ақ тілегін айтады. Мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсетеді. Ұлыстың ұлы күні биыл да қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміз үшін мұның мән-маңызы зор. Себебі біздің дініміз бен дәстүріміз – егіз. Қос қазынамыз халқымыздың бірегей болмысын айшықтай түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.t.me/aqorda_resmiАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/962183?lang=kk
Анастасия Городко - Швейцариядағы әлем чемпионатының қола жүлдегері 15.04.2025
Фристайл-могулдан Ұлттық құрама спортшысы Анастасия  Городко Санкт-Мориц қаласында (Швейцария) өтіп жатқан фристайлдан әлем чемпионатында үздік үштікті түйіндеді.Отандасымыз Анастасия (22.00 ұпай) параллель-могул сайысындағы кіші финалда АҚШ спортшысынан басым түсіп, қолаға қол жеткізді.Фото: www.olympic.kz Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/962171?lang=kk
Қазақстан мен Индонезия туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықтың даму болашағын талқылады 15.04.2025
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада Индонезия Республикасының Қазақстан Республикасындағы және Тәжікстан Республикасындағы Елшісі Мохамад Фаджрул Рахман мырзамен кездесті. Кездесу барысында тараптар туризм және спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.Министр екі ел арасындағы қазіргі әріптестік деңгейін жоғары бағалайтынын және оны одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Бірлескен жобалар мен іс-шаралар Қазақстан мен Индонезия арасындағы мәдени және экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ербол Мырзабосынов Индонезияның тәжірибесі мен біліміне ерекше назар аударып, оның спорт пен туризм саласындағы жетістіктері Қазақстан үшін үлгі болатынын айтты.«Былтыр индонезиялық спортшылар Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, қазақ күресі секілді қазақтың ұлттық спорт түрлерінде бақ сынады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның ұлттық спорт түрлерін халықаралық деңгейде насихаттау және танымал ету үшін жақсы мүмкіндік туғызды. Бадминтон спорты Қазақстанда жылдан жылға танымал болып келеді. Осы тұрғыда Индонезияның тәжірибесі біздің спортшыларға жоғары деңгейдегі нәтижелерге жетуге ықпал етері сөзсіз», – деді Ербол Мырзабосынов.Өз кезегінде Мохамад Фаджрул Рахман жыл сайын Индонезия азаматтары Умраға баратынын айтып, зияратшылар үшін Қазақстан, әсіресе Түркістан бағыты арқылы транзиттік рейстерді қарастыру мүмкіндігін ұсынды. Бұл бағыт тек ыңғайлы әуе байланысын қамтамасыз етіп қана қоймай, жыл сайын индонезиялық туристке Түркістанның тарихи және рухани орындарымен танысуға мүмкіндік береді.Кейінгі жылдары индонезиялық туристердің Қазақстанға деген қызығушылығы артып келеді. Екі ел арасында тікелей рейстердің ашылуы – туристік ағымның айтарлықтай өсуіне әсер ететіндігі сөзсіз.Кездесу соңында тараптар туристердің саяхатын жеңілдету және өзара туризмді дамыту мақсатында екі елдің авиациялық органдарымен әуе қатынасын талқылауға уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/961989?lang=kk
Ақтау әуежайы «Ақтау теңіз порты» АЭА құрамына енді 15.04.2025
ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 14 наурыздағы қаулысымен еліміздің кейбір арнайы экономикалық аймақтардың қызметіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл заңнамалыққа сәйкес Ақтау әуежайы «Ақтау теңіз порты» АЭА құрамына енді.Жаңа ережеде арнайы экономикалық аймақ Маңғыстау облысының аумағында, атап айтқанда, Ақтау қаласы, Мұнайлы, Қарақия және Түпқараған аудандарының аумағында орналасқан.Бұл АЭА өңірдің жедел дамуын қамтамасыз ету, республиканың экономикасын әлемдік шаруашылық байланыстар жүйесіне енуін жеделдету, жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістерді құру, жаңа өнім түрлерін шығару, инвестиция тарту, нарықтық қатынастардың құқықтық нормаларын жетілдіру, басқарудың заманауи әдістерін және шаруашылық жүргізу әдістерін енгізу, мультимодальды хабтарды, көлік пен логистиканы дамыту, өңірдің туристік әлеуетін арттыру, қазақстандық және шетелдік туристердің қажеттіліктерін қанағаттандыратын жоғары тиімді, бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылымды құру, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында құрылды.2027 жылдың соңына дейін әуежайды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Жобаның бірінші кезеңінде ұшу-қону жолағы мен перрон күрделі жөндеуден өтіп, қолданыстағы терминал жаңғыртылады және жаңа VIP-терминал салынады. Ал екінші кезеңде екінші ұшу-қону жолағы мен кеден қоймаларымен жабдықталған жаңа логистикалық орталық – мультимодальды транзиттік хаб іске қосылады.Жоба аясында 720 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, жолаушылар ағыны жылына 2,5 миллион адамға дейін артады. Әуежай арқылы тасымалданатын жүк көлемі қазіргі 3 000 тоннадан 100 000 тоннаға дейін ұлғаяды. Экономикалық тұрғыдан алғанда, Маңғыстау облысының ішкі өңірлік өнімі 12 пайызға өсіп, жалпы көлемі 3 триллион теңгеге дейін жетеді деп күтілуде.Жоба толық жүзеге асқаннан кейін Ақтау халықаралық әуежайы арқылы келетін ішкі және халықаралық туристер саны жылына 600 мың адамға дейін жетеді деп жоспарланып отыр.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/961504?lang=kk
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы тапсырмаларын орындау мәселелері талқыланды 15.04.2025
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен министрліктің кеңейтілген аппараттық кеңесі өтті. Кеңеске министрлік өкілдері, өңірлік спорт басқармаларының басшылары, ведомстволық ұйымдардың басшылары және кейбір өңір әкімдерінің орынбасарлары қатысты.Кеңесте туризм мәселелері, оның ішінде шетелдік азаматтарға арналған ойын аймақтарын ашу жоспары қаралды. Тек шетелдік туристерге арналатын ойын аймақтарын ашу өңірдің туристік инфрақұрылымын жақсартуға, жаңа туристер ағынын арттыруға және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Кеңес барысында Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмаларының орындалу барысы пысықталды. Әсіресе, футбол стадиондарын жөндеу және аталған спорт түрін дамыту мәселесі көтерілді. Футбол – бұқаралық және әлеуметтік маңызы зор спорт түрі. Балалар мен жастарды футболға тарту арқылы құмар ойындар мен нашақорлыққа байланысты мәселелердің алдын алуға болады.Сондай-ақ жастар арасында деструктивті діни ағымдардың ықпалының артып келе жатқаны айтылды. Бұл үрдіс спорт саласында да байқалуда. Сондықтан, теріс ағымдар мен идеологиялардың таралуына жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылдау қажет. Әсіресе, спорт саласында тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қандай да бір радикалды идеялардың таралуына тосқауыл қою маңызды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/961382?lang=kk
«Бизнес симуляция SimulTrain» жобалық басқару бойынша тренинг қорытындысы бойынша пресс-релиз 15.04.2025
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қазақстан Республикасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (бұдан әрі - БҰҰДБ) бірлескен жобасы шеңберінде 2025 жылғы 15 наурызда «SimulTrain» симуляциялық ойыны негізінде жобалық басқару бойынша тренинг өткізілді.«SimulTrain» интерактивті компьютерлік ойыны қауіпсіз және динамикалық ортадағы нақты жағдайларды модельдеу арқылы жобалар мен бағдарламаларды басқару бойынша оқытудың инновациялық әдісі болып табылады. Модельдеу барысында қатысушылар уақыт, ресурстар және қаржы бойынша шешімдер қабылдады және жобалар мен бағдарламаларды басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал ететін жоспарлау, тәуекелдерді басқару, ресурстарды тиімді бөлу және коммуникация дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін шешімдерінің салдарын бағалай алды.Іс-шараға қатысушыларға Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Бірінші вице-министрі Қ А. Төлеушин және БҰҰДБ Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары          С.Ф. Ходжиматов құттықтау сөз сөйледі.Тренингке 45-ке жуық адам, оның ішінде саяси мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ Президент Әкімшілігінің, Үкімет Аппаратының, орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің қызметкерлері қатысты.Анықтамалық:«SimulTrain» симуляциялық ойынының серіктестері IPMA (International project management association), KPMA (Kazakhstan project management association), IPM2 (International project management masters) сияқты ұйымдар болып табылады.   Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/960598?lang=kk
Ұлттық киімнен рекорд орнатуға қатысушыларға автобустар тегін болмақ 15.04.2025
Ұлыстың ұлы күні — 22 наурызда Ақтауда өтетін «Best Fest Nauryz» ұлттық киім фестиваліне қатысушыларға автобустар тегін болмақ.Ұлттық киім фестивалін ұйымдастырушы Әсемгүл Адамбайдың айтуынша, фестиваль 22 наурыз күні сағат 9:00-де басталып, 12:00-ге дейін өтеді.Сондай-ақ қолында браслет белгісі бар барлық фестиваль қатысушысына қала, облыс аумағында қоғамдық автобустар тегін болмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/960515?lang=kk
Құрметті Шығыс Қазақстан облысының жұмыс берушілері, жеке кәсіпкерлерлік субъектілерінің басшылары! Сіздерді «Еңбек Жолы» конкурсына қатысуға шақырамыз! 15.04.2025
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылы «Еңбек жолы» республикалық конкурсы туралы конкурс өтетені туралы жариялайды. «Еңбек жолы» конкурсы келесі номинациялар бойынша өткізіледі: «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас маманы», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері».Конкурс туралы толық ақпаратты мына жерден алуға болады:- ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы, Өскемен қ., Киевская көшесі 1, g.kabayeva@akimvko.gov.kz электрондық мекен жайы, 8/7232/205120 телефоны. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/957258
Опера сахнасының жұлдыздары Дж. Россинидің «Шағын салтанатты мессасын» шырқайды 14.04.2025
Кештің басты кейіпкерлері – «Астана Опера» Хоры мен Симфониялық оркестрі, дирижерлық тізгінде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.Мессадағы таңдандырарлық опера әуендері мен таңдаулы хор нөмерлерінің үйлесуі, елордалық көрермендітәнті етері сөзсіз.Туындының тұсаукесерінен кейін Джакомо Мейербер Россиниге: «Құдай сізге осындай жауһар туындының бірнешеуін жазу үшін, жүз жасауды бұйырсын және маған да сіздің мәңгі өлмес асқақ туындыларыңызды тамашалау үшін, дәл сонша жасқа жетуімді нәсіп етсін!»деп сүйсіне жазған хатын жолдағаны белгілі.«Шағын салтанатты месса» - Еуропаның ең атақты әрі табысты опера композиторларының бірі, 40 астам операның авторы Джоаккино Россинидің шығармаларының ішіндегі шоқтығы биік туынды. Оны композитор опера жолындағы қызметін аяқтағаннан кейін жазған. «Шағын салтанатты месса» – кемеңгердің оқиғаға толы өмірі мен шығармашылығының қорытындысы.«Шағын салтанатты месса» туындысының атауы оның көлеміне емес, бастапқыдағы сүйемелдеуші тақуалық құрамына – фортепиано мен органға, дәлірек айтқанда гармониумға (дыбысы фисгормонияға жақын аспап) байланысты аталған. Мұндай сүйемелдеу автор тарапынан өте дұрыс таңдалған, өйткені оркестр Россини стилінің  жасыра алмайтын опералық табиғатын айтарлықтай айқындай түспек. Шығарма оркестрдің орындауында алғаш рет композитор дүниеден озған кезде ұсынылды. «Астана Опера» тыңдарманы оны осы нұсқада ташамалайды. «Шағын салтанатты месса» – ерекше жарқын,мөлдір туынды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/30094?lang=kk
«Астана Операдағы» жаңа дебют 14.04.2025
Аризона штаты университетінің (АҚШ) «Опералық ән айту» мамандығы бойынша магистранты, «Метрополитен-опера» байқауының (2006, АҚШ) өңірлік кезеңінің жеңімпазы Евгений Чайников театр репертуарын белсенді түрде игеріп келеді. «Астана Опера» театрындағы Евгений Чайниковтың сомдап үлгерген образдарының ішінде А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Жиренше рөлі, Дж.Пуччинидің «Тоска» операсынан Скарпиа, Дж.Вердидің «Аида» операсынан Амонасро партиялары көпшіліктің әлі есінде. Американдық консул Шарплес – оның репертуарындағы жаңа кейіпкер.- Аталған партиямен жас кезімнен бастап жұмыс істедім, оны орындауды бұрыннан армандайтынмын. Алайда, менің кейіпкерімді сезініп, түсіну үшін іштей кемелдену керек еді. Есейген сайын «Мадам Баттерфляй» операсын басқаша түсіне бастадым, бұл жан тебірентер оқиға. Шарплесті бәрінен бұрын адамгершілігі мол, қамқор әке ретінде көремін: ол Пинкертонға махаббатпен ойнауға болмайтынын, өйткені жас Баттерфляй оның сөзіне сеніп, шын мәнінде ғашық болып қалуы мүмкін екенін ескертеді, соңында айтқаны дәл келеді. Шарплеске бас кейіпкермен бірге уайымдап, мұның бәрін сырттай бақылауға тура келеді. Мен қазір вокал жағынан ғана емес, образды ашу бойынша да жұмыс жасап жатырмын: көптеген әлемдік деңгейдегі қойылымдарды көріп шықтым, шындыққа жанаспайтындай болып көрінбес үшін, ең ұтымды тұстарын табуға тырысудамын, - дейді Евгений Чайников.Бір қызығы, шамамен бір жыл бұрын тұсауы кесілген бұл операда Евгений Чайниковтың ұлы – Никита Чайников Баттерфляйдың ұлының рөлін ойнайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/29533?lang=kk
Аншлаг және тағы да аншлаг 14.04.2025
Қазіргі уақытта «Астана Опера» балеттік труппасыаты аңызға айналған петерборлық театрдың жаңа сахнасында репетициясын жүргізуде, ал Мариинский театрының Симфониялық оркестріқазақстандық әріптестері: спектакльдің қоюшы дирижері АрманОразғалиев, «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің солисті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, флейта тобының концертмейстері АлексейКосырев, арфашы Любовь Ткаченко және соқпалы аспаптар тобының үш музыкантымен бірге партитурамен жұмысты бұдан бұрын бастаған.- Дүние жүзіндегі ең атақты опералық театрлардың бірінің сахнасында өнер көрсету, біз үшін үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Қос ұжым арасында жемісті ынтымақтастық жалғасын тапқанына бірнеше жыл болды. Петерборлық көрерменнің гастрольдік спектаклімізге қызығушылық танытқаны, сөзсіз, бізді қуантпай қоймайды.Үлкен табыспен өнер көрсетеміз деп үміттенеміз, - деді «Астана Опера» театрының директорыҒалым Ахмедьяров.Мариинский театрында Квазимодо партиясын көптеген халықаралық байқаулардың Бас жүлде иегері Бақтияр Адамжан жәнеҚазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Сейітпеков орындайтынын еске салайық. Эсмеральда рөлінде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева және Мәдина Баспаева. Феб – халықаралық байқаулардың лауреаттары Олжас Тарланов пен Арман Оразов. Клод Фролло – халықаралық байқаулардың лауреаттары Ғазиз Рысқұлов, Серік Нақыспеков. «Астана Опера» балеттік труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова.Виктор Гюгоның аттас романы бойынша 1965 жылы қойылған француздық хореография жауһары, күні бүгін де өзектілігін сақтаған, бұл аталған қойылымға көрерменнің қызығушылығы шексіз екенін дәлелдейді. Оны жарыққа шығарғандардың –«Оскар» сыйлығының үш бірдей иегері, композитор-авангардшы Морис Жарр, XX ғ. атақты балет классигі Ролан Пети, барлық заманның үздік кутюрьелерінің бірі Ив Сен-Лоран және белгілі театрлық суретші Рене Аллио– нәзік те мінсізталғамы, сарқылмасқиялы мен жаңашылдыққа әуестігі дүниеге нағыз ғажайыптың –неоклассиканың нағыз «маржанының» келуіне негіз болды.«Астана Опера» сахнасында «Париж Құдай Анасының соборы» спектакліне көрермен де, қатал сыншылар да бірдей тәнті болды. Қойылым театр тепертуарында ерекше орынға ие. Өнертанушы Лира Бекболатова балетке деген таңданысын Esquire басылымында былай білдірді: ««Париж Құдай Анасының соборы» балеті «Астана Опера» театрының ең ерекше тұсаукесері екенін әсірелеместен атап өтуге болады». Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/29390?lang=kk
Алматы «Астана Операны» қошеметпен қарсы алды 14.04.2025
- «Астана Опера» гастроліне көрсеткен қолдауы үшін мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына алғысымды білдіремін. Мәдени алмасудың арқасында біз орындаушылар ретінде өсудеміз, өнерімізді түрлі қала мен елдегі көрерменге сыйлау мүмкіндігіне иеміз, біз үшін бұл аса маңызды. Бүгінгі спектакль үлкен жетістікпен өтті, біз, әртістер, алматылық тыңдарманның жылы шырайын, ықылас-шаттығын, көрермендер аудиториясын сезіне білдік, асқақ өнерге деген махаббаттары үшін мың да бір рахмет, - деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы.Осы кеште жетекші партияларды елордалық театрдың әртістері ұсынды. Басты партияны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин вокалдық әрі актерлік тұрғыдан тамаша орындап шықса, Айдар рөлінде халықаралық байқаулардың лауреаты Мейір Байнеш керемет өнер көрсете білді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, опера примасы Майра Мұхамедқызы Ажар бейнесінде ғажайып актерлік жұмысын көрсетті, даусы жұмсақ, нәзік әрі жарқын естілді. Қарлығаш партиясын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты Татьяна Вицинская орындады. Көкпай рөлінде – дарынды Талғат Ғалеев. Әзім – Бейімбет Таңарықов, Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян Сырттан бейнесін сомдаса, Евгений Чайников Жиренше кейпінде болды. Нарымбет – Рамзат Балакишиев, Мес – Хайдар Мұстапин.-   Өте қызықты қойылым болды. Сәнді-сәулетті декорациялар мен киімдері, халық ән-билерінің әуезді байлығы бар ұлттық операның классикалық үлгісі. М.Әуезов, А.Жұбанов және Л.Хамиди сынды есімдер операны мәңгі әрі ұлы етеді. Бүгін барлық әртістер жақсы деңгейде болды, оркестр мен хор керемет дыбысталды! Бір ғана айтарым: «Браво, «Астана Опера»», - деп әсерімен бөлісті Дулат Омаров есімді көрермен.«Абай» қойылымына көрнекті мәдениет, саясат және қоғам қайраткерлері жоғары бағасын берді. Олардың қатарында – Әлібек Дінішев, Асанәлі Әшімов және, Есмұхан Обаев т.б. бар. Үзіліс кезінде олар дирижердің асқан шеберлігін, оның тұлғасының ауқымдылығын атап өтті, вокалистердің сапалы жұмысы жайлы сөз етті.- Операның жаңа оқылымы, керемет декорациялары мен киімдері маған ерекше əсер етті. «Абай» операсының соңы өз еліңмен, тарихыңмен, əдебиетіңмен, халқыңмен мақтан еткізеді, - деп бөлісті қойылым соңынан танымал қазақстандық опера əншісі Əлібек Дінішев.  - Гастроль керемет «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатыр, ол барша әлемге ел мәдениетінің жоғары деңгейін көрсетуге мүмкіндік береді. Осы сапарымызға өте қуаныштымын, себебі театрларымыз шығармашылық диалог жасап, достығымызды нығайтуда. Бүгін біз Қазақстанның Оңтүстік астанасында, опера өнеріміздің қара шаңырағы – Абай атындағы МАОБТ сахнасында өнер көрсеттік. 1944 жылы бұл жерде «Абай» операсының тұсауы кесілген еді. Осы қойылымды орындау – труппамыз үшін жауапты емтихан. Алматылық көрермен көзі ашық, оқыған, мәдениетті, және бүгін соғылған ду қол шапалақтар, ыстық лебіздер біз үшін үлкен марапат әрі еңбегімізге берілген жоғары баға болды, - деді маэстро Алан Бөрібаев.«Астана Операның» бас дирижері «Абай» спектаклі бойынша бұл оның алғашқы жұмысы еместігін және осы операның халықаралық маңызын атап өтті.- 2013 жылы Германияда «Абай» операсының жаңа қойылымын жүзеге асырдым, ол орасан зор жетістікке ие болды, оның үстіне сол жылы композиторлар Р.Вагнер мен Дж.Вердидің 200 жылдығы болатын, олардың туындыларынсыз әлемнің бірде-бір театрын елестетуге болмайды. Үш қойылым «Жыл қойылымы» атағына номинацияланды, олар – Р.Вагнердің «Запрет любви, или Послушница из Палермо», Дж.Вердидің «Бал-маскарад» және А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» қойылымы болатын, және Р.Вагнер мен Дж.Вердидің мерейтойлық жылында «Абай» операсы жыл қойылымы деп танылды! Туынды өз көрерменінің жүрегін жаулауда. 2014 жылы Абай атындағы МАОБТ-мен бірге бұл операны Францияда орындадық, олар да таң қалдырарлық жетістікпен қабыл алды. Мен әрдайым қазақ өнерін насихаттап жүремін, оркестрмен өнер көрсеткен кезде, бағдарламаға қазақ симфониялық музыкасын қосуға тырысамын. «Абай» операсының үшінші пердесіндегі билер – Үйлену тойының сюитасын BBC Radio 3 (Лондон) радиосына жаздым. Соңғы рет «Абай» қойылымындағы билерді Жапонияда орындадым және жетекші жапон басылымдарының бірі - «Ёмиури симбун» біздің музыкамыз жайлы сүйсіне мадақтап, пікір білдірді. Бұл операны ести сала, жұрт маған келіп: «Нотасын беріңізші! Осы опера туралы көбірек қалай білуге болады? Абай деген кім?... деп сұрайды. «Абай» операсы кілт тәрізді түрлі халықтардың жүрегіне жол тауып, ашады! – деп қосты Алан Бөрібаев.- Бұрын, қазақ опералары, ең алдымен, өзімізге қызықты деп ойлайтынмын, себебі өзімізді тану аса маңызды, бірақ, бұл операның музыкасы әмбебап, ол жер-жаһанда бірдей шаттықпен қабылданады. «Абай» операсы өнеріміздің бетке ұстарына айналды. Оны әрқашанда да орындаймыз және оған әрдайым жүрегіміз ерекше тулайтын болады. «Абай» - біз үшін қасиетті тақырып, - деп сөзін қорытындылады маэстро.Қоюшы режиссер - Джанкарло дель Монако, сценограф – қазіргі заманның атақты суретші сценографы Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино, виртуалдық декорацияларды жасаған – Серджио Металли, жарық бойынша суретші – Виничо Кели. «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.Еске салар болсақ, ертең, 11 ақпан күні «Абай» қойылымының екінші көрсетілімі өтеді, Қарлығаш рөлінде болашағы жарқын жас әнші, керемет меццо-сопрано дауыс иегері, халықаралық байқаулардың лауреаты Малика Минизини дебют жасайды. Сонымен қатар баритон Ержан Саипов та алғаш рет Көкпай партиясын әзірлеп жатыр. 14 ақпан күні сағат 19.00-де ХХ ғасырдың атақты хореографы Кеннет Макмилланның «Манон» балеті орын алады. Ал 17-18 ақпан күндері сағат 18.00-де өтетін Морис Жаррдың «Париж Құдай анасының соборы» балет спектаклімен гастрольдік сапар өз мәресіне жетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/29230?lang=kk
Малика Минизини: «Өнер ордасы – Абай атындағы МАОБТ сахнасында дебют жасау – біздер үшін үлкен мәртебе» 14.04.2025
- Ұлттық операда өнер көрсету – әрдайым жауапты іс, себебі сен Қазақстанның мәдени өнерінің айтулы жетістіктерінің бірін лайықты ұсынып, композиторлар А.Жұбанов пен Л.Хамиди жасаған жауһар туындысын дұрыс интерпретациялауың қажет. Қарлығаш партиясы бойынша ұзақ жұмыс жасадым, бұл маңызды әрі актерлік тұрғыдан өте күрделі рөл. Менің кейіпкерім – әзіл-қалжыңды керемет түсіне білетін, ақылына көркі сай, кішіпейіл, нәзік. Қарлығаштың алғаш рет сахнада пайда болуы шаттық пен қуанышқа толы көңіл-күй қалыптастыруы қажет. Көкпай екеуміз қойылымға жаңа мерекелік леп әкелеміз, себебі Абай бізге беташар өткізіп, тойға дайындықты бастау бойынша тапсырма береді. Маэстро Алан Бөрібаевқа бізге артқан сенімі мен көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіргім келеді. Осы операны бірнеше рет орындаған әріптестерімізбен жұмыс жасау өте ыңғайлы болды, олар Ержан Саипов екеумізге құнды кеңестерін берді. Осы дебют гастроль аясында өнер ордасы – Абай атындағы МАОБТ сахнасында орын алғаны біз үшін аса маңызды, үлкен мәртебе, - деді өнер көрсетуінен кейін «Астана Опера» солисі Малика Минизини.Опералық жауһар туынды кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің либретто желісімен жасалған. Хикаяның негізінде – ұлы қазақ ақыны, ағартушы әрі философ Абай Құнанбаев (1845-1904) өмірінің драмалық оқиғалары жатыр.- Жолдасымыз екеуміз Абай атындағы МАОБТ-ның тұрақты көрермендеріміз. Бұл операны алматылық труппаның орындауында жиі естіп тұрамыз, бірақ бүгінгі спектакльдің есімізде ұзаққа сақталары айқын. Осы қойылымды ұлттық классика мәнінің шыңы деп атауға болады. Бір ғажабы, опера бастапқы авторлық нұсқаны сақтап қалған. Сахна төрінде керемет сәнді кітапхана айқара ашылған кезде көрермен қауымның шаттығы естіліп, зал ерекше таңданды! Әрине, біз жас вокалистерді бағаладық, бүгін орындаушылардың мықты құрамы өнер көрсетті. Олар өз партияларын нық сеніммен орындады, әртістердің дайындығы тамаша, - деп атап өтті Азамат пен Динара Саликовтар.Еске салар болсақ, бүгін басты партияларды орындағандар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер Жанат Шыбықбаев, Айдар рөлінде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов, Ажар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова. Қарлығаш – халықаралық байқаулардың лауреаты Малика Минизини. Көкпай – Ержан Саипов, Сырттан – көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Болат Есімханов және т.б.Қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев, «Астана Опера» бас хормейстері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, қоюшы режиссер – Джанкарло Дель Монако (Италия).«Астана Операның» Алматыдағы гастролі 10-18 ақпан күндері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» («Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру») бағдарламасы аясындағы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» халықаралық жобасы бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/29225?lang=kk
Айзада Капонованың Қыз Жібек партиясындағы дебюті 14.04.2025
- Қыз Жібек секілді мен де Ақжайық өңірінің тумасымын. Ұлттық опералардың ішіндегі маған ең жақыны осы. Сол өлкеде туып-өскендіктен, мен жергілікті салт-дәстүрлерді жақсы білемін. Бұл музыка біздің қанымызға сіңген, кішкентай кезімізден бастап бәрімізге де таныс. Үш жасымда-ақ қолыма орамал алып, «Қыз Жібек» операсына енген әндерді шырқайтын едім. Ауданымызда «Қыз Жібек» операсы қойылған кезде, әкем жастық шағында әрдайым Төлеген рөлінде өнер көрсететін. Студент бола тұра, осынау ұлы эпостың екі нұсқасын оқыған едім, ал Қыз Жібек бейнесінде алғаш рет сахнаға төртінші курста шықтым. Бүгінде Жібек партиясын әртістік тұрғыдан ғана емес, вокалдық жағынан да жаңаша орындайтын боламын: осы рөлді соңғы орындау сәтімнен бастап менің дүниетанымым, көзқарасым өзгерді, ойымда жаңа реңктер пайда болды, - деді Айзада Капонова.Орындаушының алдында атқарар көп міндет бар, бейнені жеткізу аса маңызды. Қыз Жібек – сұлулықтың нышаны. Ол ақылдылық, батылдық және мінездің қайраты сынды қасиеттерге ие болған, ат құлағында ойнаған. Осы партиядағы ең күрделісі – опера соңында қаза тапқан сүйіктісін Жібектің жоқтауы. Өзіннің ішкі-жан дүниеңді қадағалай отырып, көрерменге сезіміңді жеткізе білуің қажет.Айзада Капонова «Вокалдық өнер» мамандығы бойынша Қазақ ұлттық музыка академиясын тамамдады (профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қ.Н.Омарбаевтың сыныбы). Әншінің шеберлігі көптеген халықаралық байқаулардағы жеңісімен атап өтілді, ол – «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестиваль-байқауының ІІ сыйлық лауреаты (Астана қ.); Халықаралық вокалистер байқауының І сыйлық лауреаты (Алматы қ.); Н.Тілендиев атындағы Халықаралық фестиваль-байқауының Бас жүлде иегері (Астана қ.). Солистің репертуарында опера спектакльдеріндегі басты партиялар, атап айтқанда – М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан Сара, Алтынай, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан Ажар, Б.Қыдырбектің «Қалқаман-Мамыр» операсынан Мамыр, Дж.Вердидің «Травиата» операсынан Виолетта, «Риголетто» операсынан Джильда, Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілері» операсынан Олимпия, В.А.Моцарттың «Сиқырлы флейта» операсынан Түн патшайымы, Г.Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур» операсынан Лючия рөлдері бар.Қазақтың алғашқы «Қыз Жібек» операсы 83 жыл бұрын атақты драматург әрі жазушы Ғабит Мүсірепов либреттосының желісі бойынша жасалған еді. Спектакльдің негізіне Жібек пен Төлегеннің қайғылы махаббаты жайлы аттас лиро-эпостық жыры арқау болды. Композитор Евгений Брусиловский партитурада қазақ халық әндерін, күйлерін және Ыбырай, Мұхит, Жаяу Мұса, Тәттімбет сынды халық сазгерлерінің туындыларын пайдаланды. Осындай шығармалардың ең маңыздысы Қыз Жібек ариясы болды, ол шын мәнісінде Ыбырай ақынның «Гәкку» әні болып табылады.Атап өтер болсақ, Жібек партиясын сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай да әзірлеп жатыр. Төлеген рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Шотабаев, Жан Тапин, Бекежан – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин, Талғат Ғалеев өнер көрсетеді. Шеге – Бейімбет Таңарықов, Рамзат Балакишиев, Базарбай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Болат Есімханов, Қамқа – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Гүлжанат Сапақова, Қарлығаш – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова, Мәдина Исламова, Батсайы – Малика Минизини, Дүрия – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, Елена Ганжа.«Астана Опера» Симфониялық оркестрі, хоры және балалар хоры, дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Қоюшы режиссер – Беларусь Үлкен театрының бас режиссері Михаил Панджавидзе, кеңесші – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия докторы (PhD) Асхат Маемиров, қоюшы суретшілер – Софья Тасмағамбетова және Павел Драгунов, қоюшы балетмейстер – Мукарам Авахри, балалар студиясының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.Спектакльдердің басталуы сағат 18.00-де.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/28846?lang=kk
ХХІ ғасыр үлгісіндегі «Біржан – Сара» 14.04.2025
Қ.Жұмалиевтің либреттосына жазылған М.Төлебаевтың лирикалық-драмалық операсы алғаш рет 1946 жылдың 7 қарашасында Абай атындағы Қазақ опера және балет театрында ұсынылған еді. 72 жыл ішінде «Біржан – Сара» операсы халықаралық атаққа ие болды: 1958 жылдың 6 желтоқсанында Мәскеудегі қазақ өнерінің он күндігінде көрсетілді. Берлин мен Дрезденде үлкен жетістікке ие болды (1986). Кейін либретто түрік тіліне аударылды да, спектакль 2013 жылы Самсунде, сондай-ақ 2014 жылы Ыстамбұл, Бурса, Эскишехир мен Анкарада өтті. Сол жылы «Астана Опера» театрының труппасы бұл операны Ресейдегі Мариин театрында орындады.«Біржан – Сара» қазақ опера өнерінің төлтума мұрасы. Елордалық театр ұлттық классиканың осынау жауһар туындысына жаңа тыныс, жаңа дем беріп, жандандыруға бел буды. Соңғы заманауи театралдық технологиялардың арқасында, опера сахнаның техникалық мүмкіндіктеріне бейімделіп, қойылым тобының бүгінгі таңдағы бірегей шешімдері іске асырылады.Қойылым тобының құрамықоюшы режиссер: – PhD докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Маемиров және кеңесші режиссер – Беларусь Үлкен театрының бас режиссері, Г.Тукай атындағы Татарстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты М.Панджавидзе, қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Мұхитдинов, балетмейстерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Т.Нұрқалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Тәти. Қоюшы режиссердің ассистенттері – Е.Нұрсұлтан, Е.Тойкенов. Қоюшы суретшілер мен сценографтар – С.Тасмағамбетова мен П.Драгунов. Музыкалық редактор – Т.Жармұқамет. Жарық бойынша суретші – Я.Пантани. Проекциялар бойынша дизайнер – С.Металли. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Дәуітов.Жаңа режиссерлік нұсқа бұрынғыларынан көлемінің ауқымдылығымен өзгешеленеді. Демек, барлық сахна кеңейтіледі деген сөз. Көрермен назарына жәрмеңке серуенінің барлық түрлі атрибуттары ұсынылады деп күтілуде, ал шын мәніндегі тыныс-тіршілікті жеткізу үшін спектакльге жануарлар қатысатын болады.Бұдан өзге, спектакльдің тұжырымдамасы барлық кейіпкер бейнелерін біржақты баяндаудың жоқтығымен ерекшеленеді. Бұл дүниеде орын алмаған Біржан мен Сараның махаббаты жайлы оқиға көрерменге ұсынылады. Дәстүр бойынша, опера басты қаһарманның қазасымен аяқталады, дегенмен қоюшылар үміт отын жағып, құрбандыққа шалынған махаббаттың бекер еместігін көрерменге жеткізуді қалайды. Біржан мен Сараның хикаясы мыңдаған ұрпақтың бірігуіне мүмкіндік беріп, ерекше іс-қимылға қозғау салатын махаббаттың ұлы құдіреті туралы естелікпен халық жадында мәңгі қалады.Мүмкін еместің бәрі де іске астыЭскиздерге қарап, декорациялардың осыншама кереметін іс жүзінде жасап шығу мүмкін еместей көрінеді. Спектакльде алғаш рет таңғаларлық технологиялар қолданылды: адам сенгісіз, бірақ сахнада бірнеше тонна су пайдаланылатын болады. Қазақ жерінің сұлу табиғаты қатты декорацияларда да, сонымен қатар 3D проекцияларда да көрініс табады, бұл спектакльдің кинематографиялық әдіспен жасалғанын бір атап өткен жөн.Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов 2017 жылдың күзінде-ақ эскиздер бойынша жұмысты бастап кеткен еді. Суретшілердің айтуынша, ұлттық қойылымды қолға алу оңай болмаған. Сценографтардың қателікке жол беруіне құқығы жоқ, олар ұлттық стилистиканы бұзбай, оған жаңалықты енгізіп, көрерменнің таңданысын тудыруы қажет.- Әрқайсысы 48 әртістен тұратын үш балет көрінісіне арналған киімдерді жасау бойынша қыруар жұмыс атқарылды. Хор әртістеріне арналған киімдер бай әрі керемет жарқын жасалды. Сондықтан алдымызда басты міндет болды – бас кейіпкерлердің бейнелерін одан әрі қанық, әсерлі, көркем ету. Біржанның бекзат киімі оның мәртебесі мен жасын көрсетуде. Сараның той көйлегі өте нәзік жасалды. Қамзолы ұлттық нақышта тігіліп, алтын түсті металл әшекейлермен көмкерілген. Қалыңдықтың өзі асыл тастай болғанын қаладық. Маталардың фактурасы жаңа технологиялық мүмкіндіктердің есебімен таңдалған, заманауи материалдар өте сапалы және олардың түс гаммасы сан алуан, - деді Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов.Бутафорияны жасау үшін жарты жылға жуық уақыт жұмсалды. Шеберлер жаңартылған технологиялар бойынша жұмыс жасады. Орындықтар, шкаф, сандықтар салынған өрнектермен емес, фрезер станогы арқылы жасалып, оюлары кесілген бедерлі айшықтармен әшекейленген. Бұдан бөлек, металл бойынша, сонымен қатар он шақты құмыра жасау бойынша күрделі қыш жұмыстары атқарылды. Осынау спектакльде бедер салу көп қолданылады: барлық белбеу, белдік, қайыстар күрделі өрнекпен безендірілген, әрбір бөлшекті жасауда бутафорлар 3 сағаттан астам қажырлы еңбек етеді. Ал осындай белдіктердің саны жүзден асады. Найзалар мен жебелер – осыларды да бутафорлардың ерлер тобы жасауда. Таза ағаштан жасалған еден үсті сағаты ерекше назарда. Ұсақ бөлшектерін қолмен жасау үшін шеберлерге ұсталық икемдері қажет болды. Патефон да айрықша көзге түсуде, ойнамаса да ол өте шынайы көрінеді, оның міндеті – сол дәуірдің бейнесін жеткізу.Жоғары мәнге ие майталмандықӘртістердің әртүрлі көріністерде тұрмыстық заттарды пайдалана отырып, бейнеге бой үйретуі үшін бутафория дайындық залдарына жөнелтілді.Біржанның рөлін кез келген әнші алып шыға алмайды, ол соншалықты күрделі, ауқымды, барлық күшті жұмылдыруды талап етеді. Оны көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Мейір Байнеш пен Бейімбет Таңарықов дайындауда. Ерекше дарынды әнші Мейір Байнеш бұл партияны «Астана Опера» сахнасында бірнеше рет тамаша орындаған. Бейімбет Таңарықов шығармашылық мансабы жолында Біржанның рөлінде өнер көрсетіп келеді. Солист ым-ишараны сәтті қолданып, әр сөзге мән береді. Вокалистің партияға дайындығын алмазды өңдеп, гауһар тасқа айналдыру үдерісімен салыстыруға болады. Солист әдемі тембр мен таңғаларлық әртістік шеберлікке ие.Сараның рөлі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, опера сахнасының примадоннасы Майра Мұхамедқызы үшін дебют болмақ. Тамаша сопрано, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай бұл операда қызғаншақ Алтынайдың партиясын орындаған еді, ол да Сараның бейнесін алғаш рет сомдайтын болады.- Менің армандарым орындалады, бұрыннан осы рөлде өнер көрсеткім келген, бірақ бұл үшін өзімді әлі пісіп-жетілген жоқпын деп есептейтінмін, өйткені аталған бейнені сомдау үшін жеткілікті тәжірибе қажет екендігін түсінетінмін. Сара өр мінезді батыл қыз. Вокалдық тұрғыдан бұл классикалық орындаушылықты талап ететін күрделі партия. Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсын Дж.Пуччинидің үлкен динамикаға толы операларымен салыстырамын. Әрбір сөз түсінікті болуы үшін, итальяндық мәнерде орындап шығуға тырысамын, - деді Майра Мұхамедқызы.Қоюшы дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов кез келген сахналық музыкалық спектакль өміршеңдігін сақтап, қажеттілігін жоймауы үшін уақыт талабына толыққанды түрде сай болуы тиіс екендігін атап өтті.- Бір жылдан астам уақыт бұрын қойылған «Абай» және «Қыз Жібек» опералары әлі күнге дейін аншлагпен өтуде. Алайда, «Біржан – Сара» операсы үшін жаңа сахналық шешім қабылдайтын мерзім жетті. Композитор Мұқан Төлебаевтың музыкасы табиғатынан өте жарқын, әсем әрі әуезді, оның кәсіби түрде вокалмен айналысқаны белгілі. Композитор «Біржан – Сара» операсында халық ақынының музыкалық дәйексөздерін пайдаланған, «Айтпай» әні бас қаһарман бейнесінің экспозициясы болып табылады, - деп бөлісті Абзал Мұхитдинов. Сонымен қатар, маэстро «Астана Операның» репертуарында жоғары әлемдік деңгейде қойылған қазақ опера өнерінің үш бірдей жауһары бар екендігін, бүгінгі таңда қазақ операсы гүлдену кезеңін өткеріп, тыңдармандардың сұранысына ие болып отырғандығын ерекше атап өтті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/28726?lang=kk
Вокал өнеріне деген сүйіспеншілік 14.04.2025
XIX ғасырдың вокалдық лирикасындағы жеке жан толқынысы мен көңіл-күй әлемін тыңдармандарға тамаша өнерпаз әртістер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жәмилә Жарқымбаева (сопрано) және Жан Тапин (тенор), халықаралық байқаулардың лауреаттары Татьяна Вицинская (меццо-сопрано), Азат Мәлік (баритон) ашады. Көрермендер сондай-ақ дарынды виолончельші, халықаралық байқаулардың лауреаты Асқар Мұқановтың өнерін бағалай алады. Фортепиано партиясында – халықаралық байқаулардың лауреаты Раушан Бескемпірова.Мазмұнды концерттік бағдарламада Михаил Глинканың, Петр Чайковскийдің, Николай Римский-Корсаковтың, Сергей Рахманиновтың опералық және камералық-вокалдық шығармашылығы ұсынылатын болады. Осындай ұлы композиторлардың көптеген туындылары бүгінгі күнге дейін әртүрлі елдердің көрермендері арасында үлкен сұранысқа ие болып, өзінің құндылығымен тыңдармандар мен музыканттарды таңдандырып келеді.Барлығымыздың сүйікті романстарымыз – М.Глинканың «Сомнение», «В крови горит огонь желанья», «Адель» П. Чайковскийдің «Скажи, о чем в тени ветвей», «Средь шумного бала», «Примирение», Н. Римский-Корсаковтың «Нимфа» және тағы басқа көптеген туындылар шырқалады. Атақты опералардан үзінділер де орындалатын болады, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Ленскийдің ариясы, Н.Римский-Корсаковтың «Патша қалыңдығы» операсынан Марфаның ариясы, «Садко» операсынан үндістандық қонақтың жыры, «Мамыр түні» операсынан Левконың ариясы және т.б.Елорда тұрғындары мен қонақтарына ұсынылған шығармалар шынайылығымен, тереңдігімен, көркемдігімен, эстетикалық әсерлілігімен ерекшеленеді. Солистер осы кеште Камералық зал сахнасына ерекше сезіммен шығатынын атап өтті. Олардың міндеті– көрермендерге автордың түпкі ойына сәйкес туындының бар қыр-сырын жеткізу, әрбір шығарманың өзгешелігін, шағын бөлшегін немесе музыкалық екпінін барынша дәл беру.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/28357?lang=kk
«Астана Опера» атақты «Богема» операсын Қарағандыда ұсынады 14.04.2025
- Егер бес үздік итальяндық опера тізімін құрастыратын болсақ, онда Дж.Пуччинидің «Богема» операсы сөзсіз соның қатарына кірер еді, сондықтан гастрольге атақты композитор Дж.Пуччинидің танымал шығармасын таңдауды шештік. Дж.Пуччини өз уақытындағы қарапайым адамдардың шынайы өмірі туралы әңгімелейді және бір ғасырдан астам уақыт бойы осы опера әлемдік репертуардағы үздік туындылардың бірі болып қалуда. Театр труппасы спектакльге бар күш-жігерін салып дайындалуда, біз Қарағандылық көрермендерге нағыз мереке сыйламақшымыз. Сонымен қатар, 27 мамырда қарағандылық әріптестерімізді өз гастролімен күтетінімізді айта кеткім келеді. Олар «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында «Қарағандыдан жалынды сәлем» концертін ұсынады, мұнда ХХ ғасыр композиторларының жарқын симфониялық жауһар туындылары шырқалады, - деп атап өтті «Астана Опера» МОБТ директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.Мими партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Рудольф – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов, Марсель – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев, Коллен – Шыңғыс Расылхан, Шонар - Евгений Чайников, Мюзетта– Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова, Альциндор - Болат Есімханов, Бенуа – Талғат Ғалеев, Парпиньоль –Бейімбет Таңарықов, Сержант – Нұрлыбек Қоспармақов орындайды.«Богема» –таңқаларлық нәзік сезімталдығымен ерекшеленетін итальяндық опера. Оның оқиғалар желісі Париждің Латын кварталында Рождество қарсаңында өрбиді. Опера кейіпкерлерінің бәрі жастар. Бұлар кедей зиялы қауым, париждегі мансарда тұрғындары: ақын Рудольф, суретші Марсель, музыкант Шонар және философ Коллен. Өмірлерінің серігіне айналған мұқтаждыққа қарамастан, олар көңілдерін түсірмей, қиындықтарды әзілмен қарсы алады. Күнделікті өмірлері қуаныш пен поэзияға, достық пен махаббатқа толы.Еске салар болсақ, «Астана Опера» театрының Қарағандыдағы алғашқы гастролі 2017 жылдың 20-21 сәуірде өткен еді, сол кезде қарағандылық көрермендерге К.Орфтың әйгілі туындысы – «Кармина Бурана» кантатасы және Гала-концерт ұсынылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/27791?lang=kk
Эцио Фриджерионы Қазақстанмен мызғымас достық байланыстырады 14.04.2025
Айтулы сценографтың есімі барша әлемге әйгілі. Эцио Фриджерионың өнерге қосқан үлесі ұшан-теңіз. Заманауи хореографияның дамуындағы елеулі оқиға – оның музыкалық театр саласындағы жұмыстары. Фриджерионың Джорджо Стрелермен бірге жүзеге асырған Дж.Вердидің «Симон Бокканегра» (1971 ж.) және «Фальстаф» (1980 ж.), Р.Вагнердің «Лоэнгрин» (1981 ж.), В.А.Моцарттың «Фигароның үйлену тойы» (1973 ж.) және т.б. опера қойылымдары әлемдік танымалдылыққа ие болып, ХХ ғасырдағы опера театрының классикасына айналды.Ол «Астана Опера» театры сахнасындағы көптеген атақты балет және опера спектакльдерінің сценографиясын жасады. Өзінің жұбайы – «Оскар» сыйлығының иегері, костюмдер бойынша суретші Франка Скуарчапиномен бірге қазақстандық музыкалық театрдың дамуына елеулі үлес қосты. Елордалық театрдағы қойылымдарға жасаған бірегей жұмыстарының қатарында – А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай», Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй», Ж.Бизенің «Кармен», С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта», П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару», «Аққу көлі», Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы», М.Петипаның «Баядерка», Л.Минкустың «Дон Кихот» туындылары бар.- Сіздің «Астана Опера» театрына арнап жасаған спектакльдеріңіз – қазақстандық өнеріміздің маңдай алды туындылары. Олар опера және балет жауһарларының әлемдік қазынасына енері сөзсіз. Одан әрі жемісті серіктестікке сенім білдіре отырып, сізге ұзақ өмір, зор денсаулық тілейміз, - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.Өз кезегінде, Эцио Фриджерио еліміздің басшылығына, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына, «Астана Опера» театрының дирекциясына осынау жоғары марапат үшін алғысын білдіріп, «Достық» орденімен марапатталған тұңғыш итальяндық атануы ол үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті. Сценограф Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстандағы мәдениетті қолдаудағы маңызын ерекше баса айтты. Қоюшы сценографтың сөзінше, соңғы жылдары Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени көпір нығайып, одан сайын берік бола түскен.Еске салар болсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Эцио Фриджерио халықтар арасындағы бeйбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға ciңipгeн ерен еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған еді. Достық ордені – Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаты. Онымен қоғамдағы өзара келісімді сақтау жөніндегі жемісті жұмысы, бeйбiтшiлiктi нығайтуға cіңірген еңбегі үшін марапатталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/27770?lang=kk
Жазбен бірге келген балалар мерекесі! 14.04.2025
- Шамамен екі ай бойы осы концертке дайындық жүргізіліп келді. Жаңа бағдарламаға әртүрлі нөмірлерді, соның ішінде Ж.Бизенің «Кармен» операсынан марш, «Япырай» қазақ халық әні, сонымен қатар жақын арада Үлкен зал сахнасында тұсауы кесілетін Дж.Пуччинидің «Турандот» операсынан үзінді енгіздік. V театр маусымының репертуарын да ішінара көрсететін боламыз. Студиямыздың ашылған сәтінен бастан күні бүгінге дейін шығармашылықпен айналысатын балалар, сондай-ақ соңғы екі-үш жылда келіп қосылған балалар да бар. «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетіп, тәлім алып жатқан Балалар студиясының тәрбиеленушілері осы бес жыл ішінде ұжымның қарқынын арттыруда. Балаларда асқақ өнерге деген ұмтылыс бар, көпшілігі алдағы уақыттағы қызметтерін театрмен байланыстырып, өздері үшін осылай шешім қабылдап қойған,- деді хор студиясының жетекшісі Алтынғаным Ахметова.Бұл концертте бірнеше ұл бала алғаш рет жеке нөмірлермен өнер көрсететін болады. Кіші топтағы ұлдар итальян әншісі Робертино Лореттидің репертуарынан танымал Santa Lucia, O sole mio, Funiculi funikula және тағы басқа туындыларды орындайды. Жасы үлкен топтағы қыздар күрделі бағдарлама даярлаған, олар көп дауыспен шырқалатын шығармаларды ұсынады. Балет студиясының жас әртістері кең ауқымды бағдарлама әзірлеген. «Шолпы» қазақ халық биі, Й.Байердің «Қуыршақтар перісі» балетінен вариация, Л.Минкустың «Баядерка» балетінен полька, Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінен Китридің вариациясы және өзге де нөмірлер кештің көркін қыздыра түспек.«Астана Опера» Балалар студиясының мақсаты – балалардың  өз шығармашылық әлеуетін ашып, дарынын дамыта алуы.- Алғашқы мерейтойда жас әртістер үлкен жетістіктерге қол жеткізді: қазіргі таңда студия тәрбиеленушілері Қазақстанның, алыс-жақын шетелдердің жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Жас әншілер мен бишілер ересек әртістермен бірге концертттік бағдарламаларға, спектакльдерге қатысып, тіпті гастрольдік сапарларға да шығады. Студияда өнерге деген қызығушылығы мол, сахналық дарыны мен музыкалық қабілеті бар балалар білім алуда. Студияның ең жас қатысушысылары бүгінде 7 жаста. Балалардың тұлға ретінде қалыптасуына көмек беру біз үшін өте маңызды. Егер бала саналы өмірінде әртіс немесе музыкант мамандығын таңдайтын болса, ол үлкен табыстарға жетеді, ал егер бұл жолға түспесе, онда олар басқа салаларда жетістіктерге ие болары сөзсіз, себебі балалық шағында қалыптаса бастаған актерлік шеберліктің арқасында ол өзін ерікті әрі еркін сезіне алады. Осының бәрі оған есейген шағында биік шыңдарды бағындырып, талай асуларды алуына көмектеседі, - деп түсінік берді «Астана Опера» театрының режиссері Наталья Кагадий.Көрермендер Дж.Пуччинидің «Богема», «Тоска», Ж.Бизенің «Кармен», сондай-ақ Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операларынан хор студиясының тәрбиеленушілерін көре алады, ал балет студиясының жеткіншектері «Дон Кихот» қойылымында аты аңызға айналған миландық Ла Скала театры әртістерімен, сонымен қатар Мариин театрының гастролі аясында Рихард Вагнердің «Рейн алтыны» операсында майталмандармен бірге сахнада өнер көрсетті. Хор және балет студиясының тәрбиеленушілері симфониялық оркестрмен, сонымен бірге ересек әртістермен бірге тұңғыш рет «Пер Гюнттің саяхаты» атты бірегей жобасына қатысқан.  Хор студиясының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова, балет жетекшісі – Әмина Әлиева. «Астана Опера» театрының режиссері, балалар театралдық студиясының актерлік шеберлік сабақтарының оқытушысы – Наталья Кагадий.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/27754?lang=kk