Қоғам
Жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі 1 қазанда аяқталады 27.08.2026
Ақмола облысы бойынша Департаменті 2026 жылғы 1 қазанда 2025 жыл үшін жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталатынын еске салады.Салық сомасын қалай білуге және төлеуге болады?Мүлік салығын төлеу жылжымайтын мүлік нысанының орналасқан жері бойынша жүзеге асырылады.Мүлік салығының сомасын «e-salyq Azamat» мобильді қосымшасындағы «ЖТ және ЖК алдағы төлемдер сервисінде», «Halyk Bank», «Kaspi Bank» және басқа да банктердің қосымшалары арқылы деректемелер бойынша білуге әрі бір мезгілде төлем жасауға болады.Сонымен қатар мүлік салығының сомасын ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің portal.kgd.gov.kz порталындағы «Сервистер» бөліміндегі «ЖТ алдағы төлемдері мен берешегі» қосымша бетінде, SalyqBot сілтемесі бойынша Telegram арнасындағы Чат-бот арқылы және 1414 бірыңғай Контакт-орталығына хабарласып білуге болады.Банктер мен банкоматтар арқылы төлеуге арналған деректемелер:- БСК (Бюджеттік сыныптау коды) – 104102- ТТК (Төлем тағайындау коды) – 911 (өсімпұл төлеу кезінде – 912)Төлем мерзімін өткізіп алудың салдары қандай?2 қазаннан бастап салықты мерзімінде төлемеген азаматтарға қатысты келесі шаралар қолданылады:Банктік қызметтерді шектеу: борышкерлер банк есепшотын аша алмайды, ақша аудара алмайды немесе кредит рәсімдей алмайды.Өсімпұл есептеу: мерзімі өткен әрбір күн үшін ҚР Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру ресми ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі.Мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары:- 1 АЕК-тен асатын борыш кезінде хабарлама тапсырылған күннен бастап 30 жұмыс күні өткен соң салықтық бұйрық шығарылады;- егер борыш 5 жұмыс күні ішінде өтелмесе, бұйрық жеке сот орындаушыларына (ЖСО) беріледі;- ЖСО қатаң санкцияларды қолданады: банк есепшоттары мен мүлікті бұғаттау, сондай-ақ Қазақстан шегінен тыс жерлерге шығуға тыйым салу. Қосымша борышкерден ЖСО қызметіне ақы төлеу үшін борыш сомасының 25%-ына дейін ұсталады.Құрметті салық төлеушілер, сіздерді төлемді кейінге қалдырмай, мүлік салығын уақытылы төлеуге шақырамыз!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-akmola/press/news/details/1291959?lang=ru
Зейнетақы аннуитеті. Төлемдерге ЖТС қалай салынады 27.08.2026
Құрметті салық төлеушілер!Зейнетақы аннуитеті – азаматқа шартта көзделген төлемдер жүзеге асырылатын сақтандыру компаниясымен жасалған шарт. Бұл ретте мұндай төлемдердің сипаты әртүрлі болуы мүмкін, сондықтан оларға салық салу тәртібі де өзгеше болуы мүмкін.Егер әңгіме тікелей сақтандыру төлемі туралы болса, Салық кодексінде көзделген салық салудың арнайы тәртібі қолданылады. Атап айтқанда, 435 және 439-баптарда жеке табыс салығы (ЖТС) ұсталатын табысты айқындау қағидалары белгіленген.Сонымен қатар шартта сақтандыру компаниясының пайдасы есебінен қосымша төлем көзделуі мүмкін. Шартта мұндай төлем «сақтандыру дивидендтері» деп аталуы мүмкін.Салық кодексінің 439-бабының 5-тармағына сәйкес көрсетілген табыс төлем көзінен жеке табыс салығын ұстай отырып салық салуға жатады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-sko/press/news/details/1280859?lang=ru
ҚӨС АШТӨ. Белек есеп және есепке жатқызу 27.08.2026
СХТП және ҚӨС: бір қызмет түрі бойынша асып кету сомасын екіншісінің есебіне жатқызуға бола ма?Қысқаша жауап: автоматты түрде жатқызылмайды.Егер ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі бір мезгілде ауыл шаруашылығы қызметін де, өзге де қызмет түрлерін де жүзеге асырса, ол ҚӨС бойынша бөлек есеп жүргізуге міндетті (ҚР СК 490-бабы).Маңызды жайттар:Бөлек есеп ҚӨС бойынша қосымша есепке жатқызуды дұрыс есептеу үшін қажет;ҚӨС-тың қорытынды сомасы ҚР СК 502-бабына сәйкес салық кезеңінің қорытындысы бойынша анықталады;Бир БТК (Бюджеттік сыныптама коды) бойынша оң сальдоның болуы бұл сома екінші қызмет түрі бойынша ҚӨС есебіне автоматты түрде жатқызылады дегенді білдірмейді.Есепке жазу, төлеу, есепке жатқызу және сальдоны қалыптастыру бойынша операцияларды шағылыстыру тәртібі ҚР СК 118-бабымен және Дербес шотты жүргізу қағидаларымен (ҚР ҚМ № 637 бұйрығы) реттеледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-sko/press/news/details/1280853?lang=ru
Жетісу облысы бойынша МКД басшысының орынбасары Н.Ә. Баймүлдинов «Қорғас» ШЫХО аумағында өткен халықаралық кездесуге қатысты 27.08.2026
2026 жылғы 26 тамызда Жетісу облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары Н. Баймүлдинов «Қорғас» Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының аумағында өткен жұмыс кездесуіне қатысты. Іс-шараға Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының құзыретті және мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты. Тараптар зияткерлік меншік құқықтары мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау, контрафактілік өнімдердің айналымына жол бермеу, сондай-ақ жедел ақпарат алмасу мен бірлесіп әрекет етудің практикалық тетіктерін айқындау саласындағы өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелерін талқылады. Мемлекеттік кірістер органдарының мұндай диалогтық алаңдарға қатысуы кедендік бақылауды нығайтуға, заңды бизнесті қорғауға және халықаралық сауда үшін ашық жағдай жасауға ықпал етеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhetysu/press/news/details/1280792?lang=ru
Жаңа Бюджет кодексінен цифрлық экономикаға дейін: Президенттің тапсырмалары бойынша Үкімет жұмысының негізгі нәтижелері 27.08.2026
Мемлекет басшысының 2024 және 2025 жылдардағы Жолдауларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет мемлекеттік қаржы, инфрақұрылым, инвестициялар, цифрландыру және әлеуметтік саясат саласындағы шаралар кешенін жүзеге асыруда. Негізгі міндеттер жалпыұлттық іс-шаралар жоспарларында бекітілген.2024-2025 жылдарға арналған жалпыұлттық жоспарларда 180 іс-шара көзделген. Олардың кейбіреулері толығымен аяқталды, қалғандары қарқынды жүзеге асуда және қатаң белгіленген мерзімде орындалады. Бұл жұмыстардың іс жүзіндегі әсері әр түрлі салаларда байқалып отыр. Мәселен, 2025 жылы 6,6 мың км инженерлік желі жөнделді, сегіз коммуналдық кәсіпорын «қызыл аймақтан» шығарылды. Сонымен бірге цифрлық экономика, жасанды интеллект және инвестициялық саясат үшін жаңа нормативтік база қалыптастырылды.Әкімшілік жүктемені азайтып, тиімділікті арттыруАқша-несие және фискалдық саясат арасындағы теңгерімсіздіктерді жою үшін 2025-2027 жылдарға арналған мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету және макроэкономикалық саясаттың теңгерімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына өзгерістер енгізілді. Құжат макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасымен үндестірілді.Қойылған міндеттердің едәуір бөлігі фискалдық жаңғыртудың бірыңғай векторын қалыптастырған жаңа Салық және Бюджет кодекстері шеңберінде дамыды.2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі қолданысқа енді. Онда салық есептілігін 30%-ға қысқарту, салықтар санын 20%-ға азайту қарастырылған. Жеңілдіктер жүйесі қайта қаралып, сараланған мөлшерлемелер енгізілді. Яғни, бизнес үшін әкімшілендіру оңайлады, сонымен бірге салық жүйесі инвестицияларды ынталандыруға және «байлыққа салынатын салықты» арттыруға бағытталған.Салықты әкімшілендіру, сондай-ақ цифрлық модельге ауысуда. Smart Data Finance жүйесі мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері негізінде салық міндеттемелерін автоматты түрде есептейді және салық төлеушінің цифрлық деректерін қалыптастырады. Бұл жүйе өнеркәсіптік деңгейде пайдалануға берілді, оның ақпараттық базасы мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен интеграцияланған.Өз кезегінде, жаңа Бюджет кодексінде жоспарлау сапасы мен мемлекеттік шығындардың тиімділігіне баса назар аударылған. Салалардың бюджеттің кіріс бөлігіне қалай әсер ететініне талдау жүргізіле бастады, бұл мемлекеттік инвестициялық жобаларға басымдық беруге және қаржыны экономикалық тиімділігі жоғары бастамаларға бағыттауға мүмкіндік береді.Бұдан басқа, парафискалдық төлемдердің жеке мониторингі және өңірлердегі кассалық алшақтық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік беретін бюджеттік өтімділікті басқарудың жаңа тетіктері енгізілді. Банктер мен квазимемлекеттік секторға арналған жаңа ережелер Реформалардың жеке бір блогы қаржы нарығын дамыту және мемлекеттік активтерді басқарудың тиімділігін арттырумен байланысты.Экономикалық белсенділікті ынталандыру және қаржы технологияларын дамыту жөніндегі міндеттерді ескере отырып, банк қызметін реттеу мақсатында «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңға қол қойылды, сондай-ақ қаржы нарығы, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша заңнамаға ілеспе өзгерістер енгізілді.Сонымен қатар, жаңа Бюджет кодексі квазимемлекеттік сектордың қаржысын бақылауды күшейтті. Холдингтер үшін сыртқы қарыз алу лимиттері және дивидендтік төлемдер қағидалары белгіленген, ал олардың даму жоспарларын Парламент республикалық бюджетпен бір мезгілде қарайды.«Самұрық-Қазына» және «Бәйтерек» холдингтеріне Ұлттық даму жоспары мен Инвестициялық саясат тұжырымдамасына сәйкес елімізді инвестициялармен қамтамасыз ету міндеті қойылды.«Бәйтерек» даму институтынан толыққанды инвестициялық холдингке айналды. Оның өкілеттіктері ірі инфрақұрылымдық, индустриялық және экспорттық жобаларды қаржыландыру және сүйемелдеу бағыттарында кеңейтілуде.Энергетика мен коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға – 13 трлн теңгеМемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асырудың іс жүзіндегі анағұрлым ауқымды нәтижелерінің бірі энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртудың жаңа моделін қалыптастыру болды.Үкімет 2024 жылдың желтоқсанында қабылдаған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы кең ауқымдағы жөндеу науқаны мен инфрақұрылымды жаңарту үшін бастау берді.Жоба 200-ден астам инфрақұрылымдық кәсіпорынды қамтиды. 2025-2029 жылдарға 13 трлн теңге инвестиция қарастырылған, оның 6,8 трлн теңгесі коммуналдық секторға, 6,2 трлн теңгесі энергетикаға бағытталады.Негізгі міндет – желілердің тозуын 40%-ға дейін төмендету және апаттар санын 20%-ға қысқарту.2025 жылы жаңғыртуға 547 млрд теңге бағытталды. 6,6 мың шақырым инженерлік желі жөнделді, сегіз коммуналдық кәсіпорын «қызыл аймақтан» шығарылды.2026 жылы қаржыландыру екі есеге, яғни 1,1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Соның аясында 12 мың шақырым желіні жаңартып, тағы сегіз кәсіпорынды тозу аймағынан шығару жоспарлануда. Сонымен бір мезгілде, Smart Turmys коммуналдық инфрақұрылымды бақылаудың бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылады.Осылайша, коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жөніндегі тапсырма жекелеген жөндеу іс-шараларының кешенінен біртіндеп көпжылдық жүйелі жаңғырту бағдарламасына ауысуда.Цифрлық инфрақұрылым экономиканың негізгі бөлігіне айналудаМемлекет басшысының тапсырмаларын орындау телекоммуникациялық инфрақұрылымды, деректерді өңдеу орталықтарын және киберқауіпсіздік жүйесін дамытуды да қамтиды.2026 жылғы маусымда телекоммуникациялар мен деректерді өңдеу орталықтарына қатысты заңнама жаңартылды. Жаңа нормалар байланыс инфрақұрылымын кеңейтуге, деректерді өңдеу орталықтарының (ДӨО) дамуын ынталандыруға және жаңа телекоммуникациялық технологияларды енгізуге құқықтық жағдай жасауға мүмкіндік береді.Сонымен қатар цифрлық инфрақұрылымның қорғалу деңгейі күшейтілуде. 2025 жылғы 17 қарашада Мемлекет басшысы жасанды интеллект және цифрландыру мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды.Дербес деректер туралы заңнама нормалары жаңартылып, оларды өңдеуге берілетін келісімнің қолданылу мерзімі мен оны қайтарып алу тәртібі реттелді.Сонымен қатар «Ақпараттандыру туралы» заң «Киберқауіпсіздік туралы» заң болып қайта өзгертілді. Онда цифрлық инфрақұрылымды қорғауға қойылатын бірыңғай талаптар бекітілді, қорғау аудиті институты енгізілді, базалық тұжырымдамалық аппарат қалыптастырылды, мемлекеттік органдардың өкілеттіктері аражігін ажыратты және артықшылықты құқықтары бар пайдаланушылардың іс-әрекеттерін міндетті журналдау белгіленді.Адами капитал: мамандықтар, білім беру және денсаулыққа басымдық Жолдауды жүзеге асырудың маңызды бөлігі адами капиталды дамытуға байланысты.Білім беру саласында 2023–2029 жылдарға арналған мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту тұжырымдамасы жаңартылды. Жан басына шаққандағы қаржыландырудың сараланған моделін енгізу, жұмысшы мамандықтардың және жастардың кәсіби дағдыларының беделін арттыру, WorldSkills стандарттарын енгізу, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жоғары біліммен сабақтастыру және білім беру-өндірістік кластерлерді дамыту көзделген.Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау жөніндегі бастамасын жүзеге асыру жеке бағыт ретінде қолға алынды. Бекітілген жоспар аясында жұмыс берушілерді кадрлар даярлау үдерісіне тарту, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және мамандардың әлеуметтік кепілдіктерін күшейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.Ғылыми кадрларды қолдау тетіктерін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Ғылыми тағылымдамадан өтуге үміткерлерді іріктеу және тағылымдамадан өту қағидаларына конкурстық іріктеуді жетілдіруді, зерттеулердің басым бағыттарының тізбесін қалыптастыруды және тағылымдамадан өтуге болатын жетекші шетелдік ұйымдардың тізбесін кеңейтуді көздейтін өзгерістер енгізілді.Денсаулық сақтау әлеуметтік жаңғыртудың маңызды бағыты болып қала береді.2025 жылғы 14 шілдеде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша заңға қол қойылды. Бұл заң 2027 жылға қарай қаржыландырудың негізінен сақтандыру моделіне көшуге негіз қалады. Бұл ретте әлеуметтік осал санаттарды жергілікті бюджеттер есебінен қолдау тетіктері көзделіп, төлемдерде үзіліс болған жағдайда алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтау, жарналар базасын кеңейту және мемлекеттік бақылауды күшейту қарастырылған.Әлеуметтік саясаттың тағы бір практикалық құралы – eGov Mobile мобильді қосымшасында іске қосылған «Әлеуметтік әмиян». Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік көмектің атаулылығы мен ашықтығын арттыру, қолдау шараларын ұсыну үдерісін автоматтандыру және бюрократиялық кедергілерді азайту.Қауіпсіздік – әрекет етуден алдын алуға дейін.Мемлекет басшысының тапсырмаларының жеке бір бөлігі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.2025 жылғы 30 желтоқсанда қол қойылған «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» заң алдын алу жұмыстарының жаңа моделіне негіз қалады. Жүйе тәуекелдерді ерте анықтауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға уақтылы шара қабылдауға қайта бағдарланды.Жалпы, жеке және арнайы профилактикалық шаралар кешені қарастырылған. Сонымен қатар қоғамдық көмекшілердің құқықтары мен міндеттері кеңейтіліп, мемлекеттік органдардың өкілеттіктері аражіктелді және ведомствоаралық үйлестіру тетіктері құрылды.Мұндай тәсіл мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірін көрсетеді – туындаған мәселелерге ғана әрекет етпей, олардың алдын алу тетіктерін де қалыптастыру.Цифрлық трансформация экономикасына көшуЕгер 2024 жылғы Жолдауды жүзеге асыру негізінен экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталса, 2025 жылғы Жолдау келесі кезеңге – мемлекетті және экономиканы цифрлық трансформациялауға, сондай-ақ жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстанның дамуына бағыт-бағдар береді.ЖНҚ-2025 аясында цифрландыруды, инвестицияларды, нақты секторды, әлеуметтік саланы және мемлекеттік басқаруды қамтитын жаңартылған нормативтік-құқықтық және институционалдық база қалыптастырылды.Цифрлық кодекс және экономикадағы жаңа ережелерҚазақстан платформалық экономика, үлкен деректер және ЖИ үшін бірыңғай қағидалар қалыптастырды. Бұл модельдің құқықтық негізі қаңтар айында қабылданған Цифрлық кодексте бекітілді.Құжат цифрлық ортаның бірыңғай құқықтық негізін қалыптастырып, мемлекеттік басқару мен экономиканы цифрлық трансформациялау, платформалық экономика, үлкен деректерді пайдалану және жасанды интеллектінің технологияларын қолдану мәселелерін реттейді. Сонымен қатар азаматтардың цифрлық құқықтары мен жасанды интеллектіні қауіпсіз дамыту қағидаттарын бекітеді.Іс жүзінде бұл жерде жекелеген процестерді цифрландырудан цифрлық экономикаға арналған бірыңғай нормативтік орта қалыптастыруға көшу туралы сөз болып отыр.Инвестициялар: капитал тартудан жобалардың сапасына дейінИнвестициялық саясаттың жаңа кезеңі инвестиция көлемін арттырумен ғана шектелмей, олардың құрылымын қосылған құны жоғары өндірістердің пайдасына өзгертуді көздейді.Бұл міндет Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясатының тұжырымдамасында бекітілген.Сыртқы инвестициялық бағытты күшейту үшін «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның шетелдегі желісі кеңейтіліп, «Бәйтерек» холдингі жанынан Инвестициялық кеңес құрылды, сондай-ақ «бір терезе» қағидаты бойынша Kazakhstan Investment House бірыңғай орталығы іске қосылды.Осылайша, инвестициялық саясат капиталды жай ғана тартудан инвесторды алғашқы өтініштен бастап жобаны жүзеге асыруға дейін толық сүйемелдейтін жүйе қалыптастыруға біртіндеп ауысуда.Экономикадағы мемлекеттің үлесі: тиімділік пен ашықтықты арттыруРеформалардың тағы бір маңызды бағыты – мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыру.Реформаның келесі кезеңі «Мемлекеттік мүлік туралы» жаңа заң болуы тиіс. Оның жобасы мемлекеттің экономикаға қатысу негіздерін нақты айқындауды, мемлекеттік компаниялар үшін KPI белгілеуді және ұйымдарды иелену мақсаттарына қарай жіктеуді көздейді.Сонымен қатар жер қойнауын пайдалану саласы да реформалануда. 2025 жылғы 30 желтоқсанда қабылданған заң «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістер геологиялық барлау мен ресурстарды игеру процестерінің ашықтығын арттыруға және оларды цифрлық трансформациялауға бағытталған.Аграрлық ғылымнан – АӨК өнімділігін арттыруғаЦифрлық трансформация агроөнеркәсіптік кешенді де қамтиды.Аграрлық ғылым жүйесін жаңғыртуға, оның тиімділігін арттыруға, цифрлық технологияларды енгізуге, сондай-ақ ғылымның, білім мен өндірістің өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталған аграрлық ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі жол картасы бекітілді.Іс-шараларды жүзеге асыру есебінен цифрлық технологиялар негізінде агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын, өнімділікті арттыруды және ғылыми әзірлемелерді практикаға енгізуді қамтамасыз ететін инновациялық-бағдарланған агроғылым жүйесі құрылады. Ол үшін мемлекет ғылыми зерттеулерді үздіксіз қаржыландыруды, ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуды, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргізу және олардың нәтижелерін енгізу үшін қажетті жағдайлар жасауды қамтамасыз ететін болады.Техникалық тапсырмаларды қалыптастыру кезінде ғылыми әзірлемелердің тиімділігін арттыру мақсатында бизнестің нақты қажеттіліктеріне басты назар аударылады. Осылайша, ғылыми қызметті практикалық міндеттерді шешуге және ғылыми зерттеулер нәтижелеріне сұранысты қамтамасыз етуге қайта бағдарлау жүзеге асырылады. Нәтижесінде АӨК-де ғылыми әзірлемелерді енгізу үлесі 40%-ға дейін жеткізілетін болады.Заманауи құрылыс және қалаларды дамытуҚалаларды дамытудың инфрақұрылымдық бағыты 2026 жылғы 9 қаңтарда Мемлекет басшысы қол қойған Құрылыс кодексі қабылданғаннан кейін жаңа нормативтік негізге ие болды.Құжат қала құрылысы саласын реттеуді жүйелі жаңғыртудың бір бөлігіне айналып, қалалық инфрақұрылым мен құрылыс саласын дамытуға неғұрлым заманауи тәсілдерді қамтамасыз етуге тиіс.Кодекстің мақсаты – адамдар мен нысандардың қауіпсіздігін сақтау, рәсімдерді оңайлату және цифрландыру, сапа мен жауапкершілікті арттыру, бірыңғай ойын ережелері, инфрақұрылым мен жайлы ортаны дамыту.Жалпыұлттық жоспарларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Үкімет Мемлекет басшысының Жолдауларында айқындалған негізгі бағыттар бойынша бірқатар шараларды жүзеге асырды. Бұл ретте тұрақты экономикалық өсімге, технологиялық жаңаруға, инфрақұрылымды дамытуға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған шешімдерді іс жүзіне асыру басты назарда қалып отыр.https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1280768?lang=kkАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-ekonomika-zhosparlau/press/news/details/1281130?lang=ru
Ұлағатты ұстаздың 75 жылдық мерейтойына құрмет 27.08.2026
Ұстаз еңбегі – ұрпақ жадында қалатын тағылым. Сондықтан бүгін аудан әкімінің тапсырмасымен саналы ғұмырын білім саласына арнап, талай шәкірттің өмір жолына бағыт-бағдар берген ардагер ұстаз Дәмелі Жалғасбаеваның 75 жас мерейтойына орай арнайы қабылдау өтті.Мерейтой иесін аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев қабылдап, аудан әкімі Жандос Еркінбектің ақжарма тілегін жеткізді.Қабылдау барысында:«Адам ғұмырының қадірі – артында қалдырған ізінде. Сіздің саналы ғұмырыңыз білім саласының дамуына және елге қызмет етуге арналды. Ұстаз деген ұлы мамандықты абыроймен атқарып, талай шәкірттің білім жолында өз бағытын табуына үлес қостыңыз. Ауданымызда Сіздің есіміңіз білікті ұстаз, іскер басшы, кейінгі буынға бағыт-бағдар берген тағылымды жан ретінде жоғары құрметпен аталады», – деді Диас Асылбекұлы.Қабылдауда Дәмелі Қожахметқызының ел алдындағы елеулі еңбегі лайықты бағаланып, аудан әкімінің арнайы «Құттықтауы» табысталып, дәстүрге сай құрмет көрсетілді.Мерейтойлық кездесуде аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Күлжауһар Раева, білім саласының ардагері Роза Тынымбаева сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ізгі лебіздерін білдірді.75 жас – ғибратты ғұмыр мен толымды еңбектің мерейлі белесі. Бүгінде ұстаздық жолдағы еселі еңбек, шәкіртке берген білім мен тәрбие – жылдар өтсе де өзінің мәнін жоғалтпайтын асыл мұра. Осындай ұлы есімді абыроймен алып жүрген Дәмелі Қожахметқызы да кездесуде қуанышын жеткізіп, көрсетілген құрметке өз алғысын жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1280772?lang=ru
Оралда Ұлттық ұлан әскери қызметшісі өрт кезінде екі баланы құтқарды 27.08.2026
Оқиға кешкі уақытта, шамамен сағат 21:00-де қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болды.Осы уақытта ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5517 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Армат Абылғалиев үйінде болған. Кіреберістен көмек сұраған дауыстарды ести сала, ол дереу пәтерінен сыртқа шықты.Баспалдақ алаңында әскери қызметші қатты қорқып тұрған баланы кездестірді. Бала бесінші қабаттағы пәтерлердің бірінде өрт шығып, ішінде екі інісі қалып қойғанын айтты.Уақыт жоғалтпай, ұландық бесінші қабатқа көтерілді. Қалың түтінге қарамастан, ол пәтерге кіріп, іште қалған балаларды тауып, оларды қауіпсіз жерге алып шықты.Балаларды құтқарғаннан кейін әскери қызметші болған оқиға туралы Төтенше жағдайлар департаментіне хабарлап, көршілерден көмек сұрады. Өрт сөндірушілер келгенге дейін тұрғындар оттың одан әрі таралуына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдады. Оқиға орнына жеткен ТЖД қызметкерлері өрт ошағын ауыздықтады.Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің жедел әрі батыл әрекетінің арқасында екі бала ажалдан аман қалды. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1280753?lang=ru
Ұландық офицерлер құрамы Түркияның әскери ЖОО бітірген алты жас маманмен толықты 27.08.2026
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының офицерлер құрамы Түркия Республикасының Жандармерия және жағалау күзеті Академиясын тәмамдаған алты жас офицермен толықты. Оқу орнын сәтті аяқтаған олар елордадағы 5573 әскери бөліміне қызметке тағайындалып, шетелде алған білімдері мен кәсіби дағдыларын ел игілігіне пайдаланатын болады.Түлектердің қатарында Академияны үздік аяқтаған аға лейтенант Аслан Князбаев та бар. Салтанатты рәсімде оған үздік дипломды Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның өзі табыстады.Түлектердің Қазақстанға оралуына байланысты Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында олармен кездесу өтті. Бас қолбасшының орынбасары генерал-майор Бекайдар Қазкеев офицерлерді оқуын сәтті аяқтауымен құттықтап, жас командирлерге қызметте табыс, табандылық пен шешім қабылдауда сенімділік тіледі.5573 әскери бөлімінде тағылымдамадан өткеннен кейін жас офицерлер взвод командирлері қызметіне кіріседі. Оларға елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау жүктеледі.Қазақстандық әскери қызметшілерді Түркияның әскери оқу орындарында даярлау екіжақты ынтымақтастық аясында жүзеге асырылады. 2014 жылдан бастап Ұлттық ұланның курсанттары Түркияның Құрлық әскерлері институтында, ал 2017 жылдан бері Жандармерия және жағалау күзеті Академиясында білім алуға мүмкіндіктері бар.Ынтымақтастық жылдарында Түркияның әскери оқу орындарын Ұлттық ұланның 56 офицері тәмамдады. Олар оқу барысында алған білімдері мен практикалық тәжірибелерін қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде тиімді пайдаланып, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып келеді. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1280749?lang=ru
Қазақстан мен Оман саяси диалогты нығайтуда 27.08.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиевтің Оман Сұлтанатына жұмыс сапары өтті.Сапар аясында А. Исағалиев Оман Сұлтанатының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Халифа әл-Харисимен кездесті. Тараптар қазақ-оман қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін, сондай-ақ көпжақты ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды талқылады.Жоғары және жоғары деңгейдегі байланыстарды одан әрі жандандыру және сапарларды ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар сондай-ақ Қазақстан мен Оманның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың екінші раундын Астанада өткізу мерзімдерін келісті.Кездесу барысында әл-Хариси Қазақстанды ел тарихындағы бір палаталы Құрылтайға алғашқы сайлаудың сәтті өтуімен жылы құттықтады. Жаңа Парламент Қазақстандағы саяси реформаларды ілгерілетуге, жүргізіліп жатқан өзгерістерді тиімді заңнамалық сүйемелдеуге және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елдің одан әрі орнықты дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдірілді.Жұмыс сапары аясында А. Исағалиев Оманның Инвестициялар агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Мулхам әл-Джарфпен де кездесті.Тараптар инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, оның ішінде бірлескен жобаларды іске асыру және Қазақстан мен Оманның іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.Көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде Қазақстан өнімдерінің Парсы шығанағы және Үнді мұхиты елдерінің нарықтарына шығуын кеңейту үшін Оманның порт инфрақұрылымын пайдалану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар саяси диалогты одан әрі нығайтуға және Қазақстан мен Оман арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екендерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1281033?lang=ru
Қазақстанның Тұрақты өкілі ИЫҰ СІМК 23-ші Төтенше сессиясы алдындағы дайындық отырысына қатысты 27.08.2026
Жидда, 2026 жылғы 26 тамыз – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі, Қазақстан Республикасының Ислам Ынтымақтастық Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Мадияр Меңілбеков ИЫҰ Бас хатшылығының штаб-пәтерінде өткен Аға лауазымды тұлғалардың отырысына қатысты. Іс-шара ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 23-ші Төтенше сессиясына дайындық шеңберінде ұйымдастырылды.Талқылаудың басты тақырыбы күн тәртібінің тұрақты тармағы – Палестина мен Әл-Құдс Әш-Шарифтегі жағдай бойынша қарарлар жобаларын қарастыру болды. Жұмыс барысында дипломаттар халықаралық қолдау, жағдайды тұрақтандыру және халықаралық құқық нормалары мен БҰҰ шешімдері негізінде палестиналық халықтың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударды.Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар алдағы министрлік сессиясының есеп жобасы мен жұмыс бағдарламасын келісті. ИЫҰ СІМК отырысының күн тәртібіне Палестина бойынша негізгі мәселеден бөлек ИЫҰ Бас хатшысын сайлау туралы тармақ та енгізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-riyadh/press/news/details/1280722?lang=ru
Сербияда гендерлік теңдікті қолдаудың қазақстандық моделі және әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шаралары талқыланды 26.08.2026
Белград, 2026 жылғы 26 тамыз – Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Болат Иманбаев Сербияның Гендерлік теңдік жөніндегі министрі Тамара Мацурамен кездесу өткізді.Кездесу барысында Қазақстан дипломаты серб тарапын елімізде жуырда өткен Құрылтай сайлауы, сондай-ақ, жүзеге асырылып жатқан ауқымды конституциялық және саяси реформалар туралы хабардар етті.Т.Мацура әйелдерді жан-жақты қолдауға және отбасы институтын нығайтуға бағытталған Қазақстанның мемлекеттік саясатын жоғары бағалап, өз кезегінде әйелдердің экономикалық және саяси құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту саласындағы Сербия тәжірибесімен таныстырды.Тараптар әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласында тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтіп, осы бағыттағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға мүдделі екендіктерін білдірді.Сербия министрі Қазақстан тарапына 2026 жылғы 7 қазанда Белград қаласында өтетін Belgrade Women’s Conference: Rise 2026 халықаралық әйелдер конференциясына қатысуға шақыру табыстады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-belgrad/press/news/details/1280714?lang=ru
Қазақстан мен OTP Bank өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтудің жаңа мүмкіндіктерін талқылады 26.08.2026
Будапешт, 2026 жылғы 26 тамыз – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі А.Бақытбекқызы OTP Bank Бас директорының орынбасары, Коммерциялық банкинг дивизионының басшысы Л.Вольфпен кездесу өткізді.Кездесу барысында тараптар OTP Bank-тің Қазақстанның банк секторына деген қызығушылығына байланысты өзекті мәселелерді және Қазақстан мен Мажарстан арасындағы банктік-қаржылық ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ OTP Bank-тің Қазақстан нарығындағы қатысуын кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.Елші Қазақстан тарапының жетекші мажар қаржы институттарын Қазақстанның экономикалық дамуының басым бағыттарын іске асыруға тартуға мүдделі екенін атап өтті. Шетелдік банктердің қызметі үшін қолайлы жағдайлар жасауға, қаржылық өзара іс-қимылды кеңейтуге және екі ел арасындағы инвестициялық жобаларды қолдауға ерекше назар аударылды.А.Бақытбекқызы Қазақстанның Мажарстан Орталық Еуропадағы маңызды қаржы-экономикалық серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын және мажар бизнес-қоғамдастығымен практикалық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға және Қазақстан мен OTP Bank арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жәрдемдесуге дайын екендерін растады.OTP Bank - Мажарстандағы ең ірі әмбебап банк тобы және Орталық және Шығыс Еуропадағы жетекші қаржы институттарының бірі. Банк өңір және Орталық Азия елдерінің нарықтарында жұмыс істеп, жеке және корпоративтік клиенттерге қаржылық қызметтердің кең ауқымын ұсынады. OTP Bank коммерциялық және бөлшек банкинг салаларында мықты ұстанымға ие, кәсіпкерлік пен инвестициялық жобаларды қолдайды, сондай-ақ өзінің халықаралық қатысу аясын дәйекті түрде кеңейтіп келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1280701?lang=ru
Федералдық округ үкіметі Елшіліктің қызметіне жоғары баға берді 26.08.2026
Бразилиа, 2026 жылғы 26 тамыз – Бразилия астанасының Федералдық округі үкіметінде Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіповтің Федералдық округ вице-губернаторы, халықаралық мәселелері жөніндегі хатшы Пако Бриттомен кездесуі өтті.Қазақстан Елшісі кездесу барысында сұхбаттасын елде жүргізіліп жатқан мемлекеттік басқару саласындағы реформалармен, сондай-ақ бір палаталы Құрылтайға өткен парламенттік сайлаудың қорытындылары аясында Қазақстанның саяси жүйесінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістермен таныстырды.Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастық мәселелері, атап айтқанда, екі мемлекеттің астаналары арасындағы ықпалдастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Бразилия тарапы кездесу барысында Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігінің белсенді және бастамашыл дипломатиялық қызметіне жоғары баға берді. Атап айтқанда, Хатшы Пако Бритто Елшіліктің тиімді қызметін және екіжақты қарым-қатынастарды нығайту мен кеңейтуге, сондай-ақ Федералдық округ қауымдастығын дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.Кездесу соңында Федералдық округ губернаторы Селина Леон ханымның атынан Елші Болат Нүсіповке елордадағы белсенді дипломатиялық қызметі және Федералдық округпен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Алғыс сертификаты салтанатты түрде табысталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/1280702?lang=ru
Сауда базарларын жаңғырту талаптарын орындамаған субъектілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды 26.08.2026
Қонаев қаласындағы «Алға» сауда базарында жаңғырту жұмыстарының басталмауына байланысты Қонаев қаласы әкімдігінің ресми хаты негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді.Тексеру нәтижесінде жергілікті Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тарапынан сауда базарындағы 7 сауда субъектісінен заң бұзушылықтар анықтады. Аталған субъектілерге анықталған заң бұзушылықтарды 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін жою туралы нұсқамалар берілген.Қабылданған әкімшілік шаралармен келіспеген «Market Giant» ЖШС Қонаев қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотына шағымданды. Бір айға созылған сот процесінің қорытындысы бойынша серіктестіктің талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылып, Департаменттің қаулысы өз күшінде қалды.Сонымен қатар, заңнамаға сәйкес серіктестіктің сот шешіміне апелляциялық тәртіппен шағымдану құқығы бар.Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, Алматы облысында 60 сауда базары тіркелген. Қазіргі уақытта олардың 9-ында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, республика бойынша 588 сауда базары тіркелген. Оның ішінде 366-сы әмбебап сауда базары.Қазіргі уақытта 189 сауда базары жаңғыртудан өтті, тағы 67 нысандағы жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қалған 110 сауда базары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келеді.Сауда базарларын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. 2021 жылға дейін 84 базар, 2021 жылы 4, 2022 жылы 33, 2023 жылы 19, 2024 жылы 16, 2025 жылы 33 сауда базары жаңғыртылды.Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бекіткен Жол картасына сәйкес, 2025 жылы 100 сауда базарын жаңғырту жоспарланған болатын.Алайда жекелеген нысандарда құрылыс және ұйымдастыру жұмыстарының аяқталмауына байланысты жобаларды іске асыру мерзімдері қайта қаралды. Базарларын жаңғыртуды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау белгіленді.Осыған байланысты өңірлерде жаңартылған Жол карталары бекітіліп, жергілікті атқарушы органдар мен бейінді мемлекеттік органдар тарапынан жобалардың іске асырылу барысына бақылау күшейтілді.Бүгінде 33 сауда базарында жаңғырту жұмыстары толық аяқталды, тағы 58 нысанда жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Барлық жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.Сауда базарларын жаңғырту сауда инфрақұрылымын жаңартуға, заманауи сауда стандарттарын енгізуге, санитариялық және өрт қауіпсіздігі талаптарын арттыруға, қолма-қол ақшасыз төлемдерді кеңейтуге, сондай-ақ кәсіпкерлер мен тұтынушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1280681?lang=ru
Атырау облысында қауіпті электр-тұрмыстық аспаптарды сату фактісі анықталды 26.08.2026
Атырау облысы бойынша Техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің қызметкерлері электр техникасын сату кезінде заң бұзушылықтарды анықтады.Атырау қаласы тұрғынының өтініші шеңберінде қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін аяқ пен арқаға арналған электр массажерлерін сатып алу фактісі бойынша «AMANAT GROUP» жеке кәсіпкерінің сатушысына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді.Тексеру іс-шараларының нәтижесінде техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді сату фактісі анықталды. Атап айтқанда, өнімде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі таңбалау және пайдалану құжаттары болмаған, сондай-ақ өнімнің ТР ТС 004/2011 «Төмен вольтты жабдықтың қауіпсіздігі туралы» және ТР ТС 020/2011 «Техникалық құралдардың электромагниттік үйлесімділігі» техникалық регламенттеріне сәйкестігін растайтын құжаттар болмаған.Анықталған бұзушылықтар бойынша құқық бұзушы 843 375 теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Сонымен қатар, құқық бұзушыға талаптарға сәйкес келмейтін өнімді сатуға тыйым салу туралы нұсқама берілді.Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының «Техникалық реттеу туралы» Заңының 35-бабына сәйкес, техникалық регламенттер қолданысқа енгізілген өнімнің нарықта айналымда болуының қажетті шарты оның техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігі және осы сәйкестіктің белгіленген тәртіппен расталуы болып табылады.Сәйкестікті бағалаудан өтпеген, техникалық регламенттер қолданысқа енгізілген өнімді айналымға шығаруға, сондай-ақ сәйкестікті бағалау туралы құжаттарсыз немесе Техникалық реттеу тізілімінде не Еуразиялық экономикалық одақтың берілген немесе қабылданған сәйкестікті бағалау құжаттарының бірыңғай тізілімдерінде осындай құжаттардың бар екендігі туралы мәліметтер болмаған жағдайда өнімді айналымға шығаруға тыйым салынады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1280682?lang=ru
Тегеранда Абай Құнанбайұлының рухани мұрасы талқыланды 26.08.2026
Тегеран қаласындағы Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) Мәдениет институтында ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен рухани мұрасын дәріптеуге арналған «Abai’s Legacy – World Pride of Kazakhstan» атты халықаралық семинар өтті.Іс-шараға Тегеранда аккредиттелген шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың басшылары, абайтанушы ғалымдар, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.Семинардың ашылуында ЭЫҰ Мәдениет институтының президенті Мұхаммад Хасан Абай шығармашылығына жоғары баға беріп, оның рухани мұрасы ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ортақ игілігі екенін атап өтті.Қазақстанның Ирандағы Елшісі Онталап Оналбаев «Ұлы Абай туралы» тақырыбында баяндама жасап, Абайдың көрнекті ойшыл, ақын, ағартушы және жаңа қазақ ұлттық әдебиетінің негізін қалаушы ретіндегі рөліне тоқталды.Өз сөзінде Елші Абайдың білім, еңбек, адалдық, халық бірлігі және әділетті қоғам құру туралы идеяларының ерекше маңызын атап өтіп, олардың қазіргі заманда да өзектілігін жоғалтпағанын айтты.Абай мұрасының халықаралық маңызына да ерекше назар аударылды. Ақынның шығармалары көптеген тілдерге, соның ішінде парсы тіліне аударылғаны, ал шығыс әдебиеті оның шығармашылығының маңызды қайнар көздерінің бірі болғаны атап өтілді. Қазақстан Абайды жалпыадамзаттық ауқымдағы тұлға ретінде әлем жұртшылығына лайықты таныту бағытындағы жұмысын жалғастыруда.Семинар аясында қазақстандық, қырғызстандық, ирандық және өзбекстандық ғалымдар Абайдың шығармашылығы мен мұрасының түрлі қырларына арналған баяндамалар жасады. Сондай-ақ қатысушылар назарына оның бай рухани мұрасы туралы бейнесюжет ұсынылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1280678?lang=ru
Бішкекте Қазақстан Елшісінің Сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті 26.08.2026
Қазақстан Республикасының Елшісі Абылқайыр Сқақов Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа Сенім грамоталарын тапсырды.Грамоталарды тапсыру рәсімінен кейін өткен кездесуде Президент С. Жапаров Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы лебізін жеткізіп, А. Сқақовты тағайындалуымен құттықтап, дипломатиялық миссиясында табыс тіледі.А. Сқақов дәстүрлі достық, тату көршілік және одақтастық байланыстарға негізделген қазақ-қырғыз қатынастарының жоғары деңгейін атап өтіп, бұл ретте екі ел мемлекет басшыларының тығыз әрі сенімді өзара іс-қимылының маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Мемлекет басшыларының тұрақты байланыстары мен жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар стратегиялық әріптестікті дамытуға қосымша серпін беріп отырғаны атап өтілді.Тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, саяси диалогтың ілгерілеу сипатын атап өтті. Сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтудің перспективалы бағыттары жөнінде пікір алмасты.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақ-қырғыз екіжақты қатынастарын одан әрі нығайтуға және қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті түрде іске асыруға мүдделіліктерін растады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1280662?lang=ru
Астана - Любляна стратегиялық әріптестігінің жаңа көкжиектері 26.08.2026
Любляна, 2026 жылғы 26 тамыз – Қазақстанның Словениядағы Елшісі А.Әбибуллаев Словения Республикасының Сыртқы және еуропалық істер министрі Тоне Кайзермен кездесу барысында екіжақты саяси, сауда‑экономикалық, энергетикалық және парламенттік ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптарды талқылады.Елші 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияның негізгі жаңалықтары және 23 тамызда өткен Қазақстандағы парламенттік сайлаудың қорытындылары туралы жан‑жақты ақпарат беріп, жаңа Құрылтай мен Словения Ұлттық жиналысы арасындағы парламенттік ынтымақтастықты жолға қоюдың және парламенттік достық тобының құрылуының маңыздылығы жөнінде қағидатты өзара түсіністікке қол жеткізілді.Словенияның сыртқысаяси ведомствасының басшысы Қазақстанды Словенияның Орталық Азиядағы аса маңызды әріптесі ретінде қарастыратынын, әрі Словения жаңа Үкіметі Қазақстанмен сауда‑экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға бұрынғыдан да көбірек көңіл бөлетінін басып айтты. Дипломатиялық қатынастардың 35-жылдығы аясында жақын болашақты Астанада Словенияның толыққанды Елшілігін ашу мәселесі басты назарда болды. Бұл қадам Қазақстанның Люблянадағы Елшілігінің ашылуынан кейін біздің достас елдер арасындағы жан‑жақты саяси‑экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту рухына сай келетін қисынды әрі өзара толықтыратын маңызды саяси шешім болмақ.Тараптар өзара тауар айналымының оң динамикасын (2025 жылы 220 млн АҚШ долларынан астам) қанағаттанушылықпен атап өтті. Министр Словенияның проактивті сыртқы экономикалық дипломатиясы шеңберінде экономикалық және инвестициялық байланыстарды ілгерілетуге бағытталған барлық құралдардың белсендірілуі күтілетінін және сауда‑экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан‑Словения ҮАК‑тың кезекті отырысын Люблянада өткізу жоспарланып отырғанын айтты. Фармацевтика және жоғары технологиялар саласындағы өзара іс‑қимылдың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Осыған байланысты Словенияның ресми делегациясы мен жетекші словен IT‑компаниялары 1-3 қазан күндері Астанада өтетін халықаралық цифрлық форум AI & Digital Bridge Forum іс‑шарасына қатысуға шақырылды.Дипломаттар қыркүйек айындағы БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында өтетін сыртқы істер министрлерінің алдағы кездесуі, халықаралық су ұйымын құру жөніндегі Қазақстанның бастамасын Словения арқылы ықтимал қолдануы әрі КҚК төңірегіндегі ағымдағы ахуал бойынша егжей‑тегжейлі пікір алмасты. Словенияның Сыртқы және еуропалық істер министрі ЕО үшін Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан іргелі маңыздылығын атап өтіп, ЕО Сыртқы істер кеңесі шеңберінде диалогты қолдауға дайын екенін жеткізді.Кездесу соңында тараптар халықаралық құқық қағидаттарына берік ұстанымдарын растады, халықаралық құрылымдардағы өзара бастамалар мен қолдауларды талқылады және екіжақты қатынастардың бүкіл спектрі бойынша тығыз жұмыс үйлестіруді жалғастыруға уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ljubljana/press/news/details/1280595?lang=ru
«Абай ілімі-рухани қазына» атты облыстық Абай оқулары байқауы 26.08.2026
25 тамыз күні қазақ халқының ұлы ақыны, кемеңгер ойшыл, ағартушы, ұлттық руханиятымыздың биік тұлғасы Абай Құнанбайұлының мол мұрасын дәріптеу, оның тағылымды шығармаларын жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Абай ілімі – рухани қазына» атты облыстық Абай оқулары өтті. Абай шығармашылығы — ұлттың рухани қазынасы. Ақынның терең ойлы қара сөздері мен көркем өрнекті өлеңдері жас ұрпақты білімге, еңбекке, адамгершілікке үндеп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге, туған елін, ана тілін, әдебиеті мен мәдениетін құрметтеуге тәрбиелейді. Облыстық байқауға 13-15 жас аралығындағы мектеп оқушыларынан 12 үміткер қатысып, үш кезең бойынша өзара бақ сынасты. Байқау барысында қатысушылардың Абай мұрасын меңгеру деңгейі, шығармаларды жатқа білуі, олардың мазмұнын терең түсінуі, көркем әрі мәнерлеп оқу шеберлігі, тіл мәдениеті мен ой ұшқырлығы сараланды. Байқауға қазылық еткендер қатарында философия ғылымдарының докторы, абайтанушы Досым Қайырбекұлы Омаров, «Білім» гуманитарлық-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Риза Набигажиновна Кабазова, журналист, «Жетісу» радиосының редакторы Аршын Айдынбекұлы, сондай-ақ Жетісу облысының С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының «Ақпараттық-библиографиялық» бөлімінің меңгерушісі Шолпан Маратқызы Сүлейменова болды. Абай мұрасын жатқа айтқан жас талапкерлер Байқаудың алғашқы кезеңі «Абайдың қара сөздері» тақырыбына арналды. Бұл кезеңде қатысушылар ұлы ақынның 45 қара сөзін жатқа орындап, оның философиялық ой-толғамдарын көркемдік шеберлікпен жеткізуге тырысты. Қазылар алқасы оқушылардың қара сөздерді жатқа білу деңгейіне, мазмұнын түсінуіне, мәнерлеп оқу шеберлігіне және авторлық ойды тыңдарманға әсерлі жеткізу қабілетіне баға берді. Екінші кезеңде жас өрендер ұйымдастыру комитеті алдын ала бекіткен тізім бойынша 30 өлеңді жатқа мәнерлеп оқыды. Бұл кезеңде шығармаларды дұрыс әрі нақышына келтіріп орындауымен қатар, олардың мазмұнын терең түсінуі, ақынның көркемдік ойлау жүйесін сезінуі және тіл тазалығы басты назарға алынды. Әрбір қатысушы Абай жырларының мазмұнын ғана емес, ақынның ішкі рухын, сырлы сезімін, азаматтық үнін тыңдарманға жеткізуге ұмтылды. Жас оқырмандардың сахнадағы өнері олардың Абай шығармашылығына деген қызығушылығы мен дайындығының жоғары деңгейін көрсетті. Алғашқы екі кезеңнің қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар байқаудың шешуші ІІІ кезеңі – «Абай шығармашылығына арналған сұрақ-жауап» кезеңіне жолдама алды. Финалдық кезеңде қатысушылардың Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы, қара сөздері, өлеңдері, әндері және жалпы әдеби мұрасы туралы білімдері сыналды. Сұрақтарға жауап беру барысында жас талапкерлер өздерінің ізденісін, білім деңгейін, ойлау қабілетін және Абай мұрасын жан-жақты меңгергенін көрсетті. Байқау қатысушылар үшін білімдерін саралап, өз мүмкіндіктерін сынауға ғана емес, ұлы ақынның шығармашылығына деген қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік берген тағылымды алаңға айналды. Жеңімпаздар анықталды Үш кезеңнің қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:І орын — Талғатұлы Әділет, Алакөл ауданы;ІІ орын — Абдуалиева Аяна, «Мизам мектебі»;ІІІ орын — Алмасқызы Жанбота, Талдықорған қаласы. Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар барлық қатысушылар мен олардың жетекшілеріне алғыс хаттар табысталды. Жас талапкерлердің шығармашылық қабілеті мен өнері жоғары бағаланды. Ұлы Абайдың рухани мұрасы — ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын мәңгілік аманат. Оның шығармалары адамды білімге, еңбекке, ізгілікке, әділетке және рухани кемелдікке жетелейді. Сондықтан Абай мұрасын дәріптеу, насихаттау және жас буынның санасына сіңіру — баршамызға ортақ міндет. «Абай ілімі – рухани қазына» атты облыстық Абай оқулары жас ұрпақты ұлы ақынның өнегелі өмірі мен өшпес шығармашылығына жақындатып, ұлттық рух пен адамгершілік құндылықтарды дәріптеген тағылымы мол мәдени-танымдық шара болды. Осындай байқаулардың өскелең ұрпақтың әдебиетке, ана тіліне және ұлттық руханиятқа деген сүйіспеншілігін арттырудағы маңызы зор.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1280585?lang=ru
Ауыз су уақытша тоқтатылады 26.08.2026
Жоспарлы түрде су құбыры желілеріндегі Д-200 мм ысырмасын ауыстыру жұмыстарына байланысты (Қайырбеков көшесі, 371 мекенжайы бойынша) 2026 жылғы 28 тамызда сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін төменде көрсетілген мекенжайларда ауыз су беру уақытша тоқтатылады:Тұрғын үйлер (36 үй): * Қайырбеков көшесі: 336, 340, 340/1, 342, 369, 369/1, 371, 375, 375/1, 381, 383, 385, 385/1, 387, 387/1, 389, 393, 395 * Текстильщиков көшесі: 3, 3а, 3/51, 9а, 15, 17, 19 * 4-шағынаудан: 1, 2, 2б, 4, 4/а, 6/1 * Киевская көшесі: 18, 18а * Свободы көшесі: 98аӘлеуметтік және коммерциялық нысандар (7 нысан): * «Дәріхана»: Қайырбеков көшесі, 383/2 * «Солнечный» супермаркеті: Қайырбеков көшесі, 379 * «Олимп +»: Қайырбеков көшесі, 379а * №12 балабақша: Қайырбеков көшесі, 391 * №6 балабақша: 4-шағынаудан, 4/2 * Студенттер сарайы: Текстильщиков көшесі, 9 * «Затобольская ТЭК» КМК: Тобыл қаласыТұрғындар мен мекеме басшыларынан жөндеу жұмыстары жүргізілетін кезеңге алдын ала қажетті су қорын дайындап алуды сұраймыз. «Қостанай-Су» КМК келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kalasy-akimat/press/news/details/1280578?lang=ru